Latin Common Turkic

Сүйкімді дос - 04

Total number of words is 4168
Total number of unique words is 2101
35.5 of words are in the 2000 most common words
49.4 of words are in the 5000 most common words
56.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
жолына екі су қосымша аласың, - жеті! Одан басқа саралқаның тапсырмасы
бойынша əр түрлі мақала жазасың, - оның да əр жолына екі су аласың, сегіз.
Содан кейін ол біржола ойынға беріліп, асықпай санай бастады:
— Тоғыз, он, он бір, он екі, он үш...
Журналшы он төртіншіде тигізе алмады.
— Тағы он үш, сайтан алғыр! - деді күңкілдеп. - Қарғыс атқан сан! Ылғи
маған бақытсыздық əкеледі. Бəлкім, он үшінде өлетін де шығармын.
Жұмысын бітірген бір қызметкер шкаптан өз билбөкесін шығарды: оның
жасы отыз бесте еді, алайда бойының аласалығы оны бала ұқсатып
көрсетеді. Сонан соң тағы бірнеше журналшы келіп кірді де, олардың
əрқайсысы бір-бір ойыншықтан алды. Енді олар алтау боп ойнай бастады:
қабырғаға арқаларын беріп қатар-қатар тұрды да, біркелкі қимылмен
қызыл, сары немесе қара шарды ағаштың түр-түсіне қарай лақтыра
бастады. Қыза-қыза кеп ойын жарысқа айнала бастаған кезде екі қызметкер
жұмыстарын тоқтата сап, өздерінің төреші болғысы келетіндіктерін
білдірді.
Форестье басқалардан он бір ұпай артық тигізді. Балаға ұқсас адам
ұтылып қалды, сонан соң шабарманға телефон соқты да, ол келген кезде:
— Тоғыз саптыаяқ сыра, - деді.
Салқын сусынды күтіп отырып, олар ойынға тағы да кірісіп кетті.
Дюруа өзінің жаңа əріптестерімен бірге сыра ішіп отырып:
— Мен не істеуім керек? - деп сұрады Форестьеден.
— Бүгін сен боссың, - деді ол - Егер кеткің келсе, кете бер.
— Ал біздің... біздің мақаламыз бүгін кешке кете ме?
— Əрине, корректурасын өзім түзетем, əуре болмай-ақ қой. Ертеңге
дейін жалғасын жазып, бүгінгідей үште кел
Дюруа сондағы адамдардың бəрімен қол алысып қоштасты, бірақ
олардың аттарын да білген жоқ, сонан соң қуанышы қойнына сыймай
бақытты күйде сəнді баспалдақпен төменге қарай түсті.
IV
Жорж Дюруа жаман ұйықтады: тасқа басылған мақаласын көргенше
оның шыдамы таусылды. Ол таңсəріден тұрып, газет таратушылар
киоскіден-киоскіге жүгіре бастайтын кезден əлдеқайда бұрын көшеге
шығып алды.
Өзі тұратын оралымға қарағанда сол арада "Француз өмірі" бұрынырақ
пайда болар деген оймен ол Сен-Лазер вокзалына қарай бет алды. Əлі тым
ерте еді, сондықтан вокзалға жеткен соң, ол тротуармен əрі-бері жүре
тұрды.
Ол сатушының қалай келіп, өзінің əйнектелген күркесін ашқанын көріп
тұрды, сонан соң газеттердің екі бүктелген бумасын басына көтеріп бір
адам келді. Дюруа соған қарай жүгірді, бірақ олар "Фигаро", "Жиль Блаз",
"Голуа", "Тəулік жаңалықтары" екен, ал "Француз өмірі" жоқ болып
шықты.
Дюруаның мазасы кетті. "Африкалық атқыштың естеліктері" ертеңге
қалдырылған шығар, бəлкім? Ал кенет соңғы минутте Вальтер қария
мақаланы жібермей қойса ше?
Дюруа үй жағына қайта оралып қараса, газеттер сатылып жатыр екен, ол
тіпті қашан əкелгенін де байқамай қалыпты. Киоскіге жетіп кеп үш су
ақшаны лақтыра салды, газетті ала сап бірінші бетін ашып, тақырыптарына
көз жүгіртті. ұқсайтын ештеңе көрінбейді! Оның жүрегі атқақтап кетті. Ол
қатты толқып келесі бетті ашып қарады да, бір бағанның аяқ жағынан
"Жорж Дюруа" дегенді оқыды. Басыпты! Қандай бақыт!
Қалпағын шекесіне киіп, қолында газет, ол ештеме ойламай жүріп келе
жатты, алғаш кездескен кез келген адамды тоқтатып алып: "Мына газетті
сатып алыңыз, мына газетті сатып алыңыз. Онда менің мақалам бар!" дегісі келді. Кешкісін бульварларда айқайлайтындар құсап ол да: "Француз
өмірін" оқыңыздар, Жорж Дюруаның "Африкалық атқыштың естеліктерін"
оқыңыздар!" - деп айқайлауға əзір еді. Кенет оның өз мақаласын оқығысы
келді, онда да бір қоғамдық орында, кафеде, бəрінің көз алдында болатын
жерде. Қала ішінде оған ұзақ қыдыруға тура келді. Ақыры ол адам көп
жиналатын шарап сақтайтын жер сияқты бірдемені тапты, үстелге жақын
отырды да, ром бұйырды, - ол уақыт дегенді мүлде ұмытты, сондықтан
абсент ішімдігін əкел деп талап етуіне де болатын еді.
— Гарсон, маған "Француз өмірін" əкеліп берші! - деп айқайлады ол.
Ақ алжапқышы бар гарсон жетіп келді:
— Бізде ондай газет жоқ, мырза, біз "Үндеу", "Ғасыр", "Шамшырақ"
жəне "Француз парақшасы" газеттерін аламыз.
Дюруа кейіді.
— Сендерді де мекеме дейді-ау! - деді ол ызаланып. - Онда маған
"Француз өмірін" сатып əкеп беріңіз.
Гарсон жүгіріп барып газетті алып келді. Көршілердің көңілін өзіне
аудару үшін жəне онда қандай қызықты нəрсе жазылғанын білуге
құмарттыру үшін, өз мақаласын оқып отырып, Дюруа анда-санда:
— Өте жақсы! Өте жақсы! - деп дауыстап отырды.
Кетіп бара жатып ол газетті үстелдің үстіне қалдырып кетті. Соны
байқап, қожайын айқай салды:
— Мырза, мырза, газетіңізді ұмытып барасыз!
— Сізде қала берсін, мен оқып біттім, - деп жауап қайтарды Дюруа. Оның ішінде аса қызықты бір мақала бар екен дегенмен.
Дəл қандай мақала екенін ол анықтап айтқан жоқ, алайда шығып бара
жатып оның үстеліндегі "Француз өмірін" біреудің барып алып жатқанын
байқап қалды.
"Енді немен айналыссам екен?" - деп ойлады Дюруа, сөйтті де, өзінің
бұрынғы кеңсесіне барып бір айлық жалақысын алып, сонан соң
кететіндігін айтпақ боп шешті. Бастық пен қызметкерлердің бет-жүздерінің
қалай өзгеріп сала беретінін көз алдына елестетіп, ол сүйсінгеннен дірілдеп
кетті. Əсіресе оны бастықты аңқитатын болдым деген ой қуантты.
Ол асықпай аяңдады, касса онда ашылады, тоғыз жарымда барудың еш
қисыны жоқ-ты.
Кеңсе дəу күңгірт бөлмеге орналасқан, - қыста онда күні бойы газ
жанып тұрады. Оның терезелері тар аула жаққа қарайды жəне басқа
кеңселердің терезелеріне барып тақасады. Сол бір бөлмеге сегіз қызметкер
сыйып отырады, ал бұрышта, қалқаның ар жағында бастықтың көмекшісі
отырады.
Дюруа алдымен кассашының жəшігінде сақтаулы сары конвертке
салынған өзінің жүз он сегіз франк жиырма бес сантимін алды, сонан соң
жеңімпаз адамның тұрқымен өзі талай күнін өткізген үлкен кеңсеге келіп
кірді.
Қалқаның ар жағынан бастықтың көмекшісі Потель мырза оған айқай
салды:
— Бұл сіз бе, Дюруа мырза? Бастық сіз жайында бірнеше мəрте сұрады.
Сіз білесіз бе, ол дəрігердің куəлендіруінсіз екі күн қатарынан ауруға
рұқсат етпейді.
Дюруа əсері күштірек болу үшін, бөлменің қақ ортасына келіп тоқтады.
— Мен, шынымды айтсам, оның рұқсатына түкірмеймін де! - деді
барлығына естірте.
Шенеуніктер қатты да қалды, қалқаның ар жағынан Потель мырзаның
үрейлі ұсқыны жылт етті. Оның ревматизмі бар-ды, өзінің қалқа қорабында
ол өкпек желден сақтанатын. Ал қол астындағыларды бақылап отыру үшін,
ол оны екі жерінен тесіп қойған-ды.
Шыбынның ұшқаны да естіліп тұрды.
— Не дедіңіз? - деді ақырында дүдəмал дауыспен бастықтың көмекшісі.
- Мен, шынында, түкірмеймін дедім. Мен тек кететінімді хабарлауға
ғана келдім. Мен "Француз өмірінің" саралқасына қызметкер болып
орналастым, айына, əр жазған жолына алатынымды есептемегенде, бес жүз
франк алам. Бүгінгі нөмірінде менің мақалам басылып та үлгірді.
Ол рақат лəззатын соза түскісі келген, бірақ шыдамады, бірден лақ
еткізіп айта салды.
Дегенмен əсер етуі сұмдық болды. Бəрі отырған орындарында қатты да
қалды.
— Мен қазір Пертюи мырзаға соны айтам да, сонан соң сіздермен
қоштасуға кіріп шығам, - дегенді қосып қойды Дюруа.
Бастыққа кіріп үлгірмей жатып, ол бұған айқайлай жөнелді:
— А, келуге қолыңыз тиген екен ғой? Сіз білесіз бе, мен ешқашан...
— Тамақ жыртудың түк те қажеті жоқ, - деп, бастығының сөзін
қоластындағы адам бөліп жіберді.
Жуантық, қораздың айдары құсаған қып-қызыл Пертюи мырза
таңғалғанынан шашалып қалды.
— Сіздің дүкеншеңіз мені жалықтырып бітті, - деді Дюруа сөзін
жалғастырып. - Мен бүгін бірінші рет журналшылық жолына түстім, маған
тамаша жақсы орын берді. Кететінімді айтуға рұқсат етіңіз.
Соны айтты да шығып кетті. Ол кегін қайтарды.
Уəдесі бойынша ол кеңсеге қайта оралып, бұрынғы əріптестерінің
қолын алып шықты, бірақ олардың бірде-бірі, өз басын бəлеге шатып
алудан қорқып, оған бір ауыз сөз де айта алған жоқ, - толық жабылмаған
есіктен оның бастықпен қалай сөйлескенінің бəрі естіліп тұрған-ды.
Қалтасына жалақысын салып Дюруа көшеге шықты. Өзіне бұрыннан
таныс əрі арзан мейрамханадан ертеңгі асын əрі тоя, əрі дəмдісінен ішіп,
"Француз өмірінің" тағы бір нөмірін сатып алып жəне оны үстелдің үстіне
тастап кетіп, ол бірнеше дүкенді аралап, түкке тұрғысыз бірдемелерді
сатып алды; ол ұсақ-түйектердің оған түк те қажеті жоқ-тын, ол тек оларды
үйге əкеліп тастаңыз деп бұйырып, "Жорж Дюруа" деп өз аты-жөнін
айтудан айрықша лəззат алған-ды. Жəне ол: "Француз өмірінің" қызметкері
дегенді қосып қойды.
Алайда көшені, үйдің нөмірін көрсете тұрып, ол:
— Заттарды есіккүзетке тастап кетіңіз! - дегенді ұмыта қойған жоқ.
Оның əлі уақыты бар еді, клиенттің көзінше қолма-қол өздерек
кəртішкесін жасап беретін жедел баспаханаға кіріп, аты-жөнінің астына
жаңа қызметін жаздырған жүз данасын жасатып алды.
Сонан соң саралқа жаққа қарай жүрді.
Форестье оны қоластында істейтін адамды қарсы алатын кейіпте менмен
қарсы алды.
— Ə, сен келдің бе? Өте жақсы. Менің саған беретін бірнеше тапсырмам
бар. Он минут күте тұр. Маған өз жұмысымды аяқтау қажет.
Ол өз хатын жазып бітіруге кірісті.
Үлкен үстелдің қарсы бетінде отырған боп-боз, болбыр, ісіңкі бет, бас
сүйегі аппақ боп кеткен жалтыр бас біреу көзінің кемістігінен қағазға
мұрнын тірердей болып бірдеме жазып жатты.
— Сен-Потен, сен сұхбат алуға қай уақытта барасың? - деп сұрады одан
Форестье.
— Төртте.
— Өзіңмен бірге Дюруаны, мына алдында тұрған жас жігітті ала кетіп,
өз кəсібіңнің құпияларын оған ашып берші.
— Орындалады.
— Алжир жайындағы мақаланың жалғасын əкелдің бе? - деп сұрады
Форестье досынан. - Бастамасы үлкен абыройға ие болды.
— Жоқ, - деді Дюруа қызара күңк етіп, - таңертеңгі тамақтан соң жазам
ба деп ем,.. бірақ жұмысым соншалық көп, тіпті, еш мүмкіндігім болмады...
Форестье көңілі толмай иығын қиқаң еткізді.
— Ұқыпсыздығыңмен сен өзіңнің мансабыңа кесір жасайсың. Вальтер
қария сенің материалыңа сеніп қалып еді. Мен оған ертең болады деп
айтайын. Егер сен ештеңе істемей-ақ ақша ала беруге болады деп санасаң,
онда қателесесің.
Аз үнсіздіктен кейін тағы бір сөз қосып қойды:
— Темірді қызу кезінде соғу керек, шайтан алғыр!
Сен-Потен орнынан тұрды.
— Мен дайынмын, - деді ол.
Форестье тапсырма бермес бұрын креслоның арқалығына шалқайып,
салтанатты дерлік бір түрге енді.
— Мəселе былай, - деп бастады ол Дюруаға қадала қарап. - Осыдан екі
күн бұрын бізге қытай генералы Ли Чэн-фу мен раджа Тапосахиб
Рамадерао Пали Парижге келді, -генерал "Континентальға", раджа
"Бристоль" қонақ үйіне тоқтады. Сендер солардан сұхбат алуларың керек.
Сол сəт ол Сен-Потенге бұрылып қарады:
— Мен саған көрсеткен басты нəрселерді ұмытпа. Генералдан да,
раджадан да Англияның Қиыр Шығысты шарлауы жайында, отарлау
əдістері туралы, олар орнатқан басқару бейнесі хақында не ойлайтындарын
сұра, олар Еуропа, атап айтқанда, Франция бұған араласады деп үміттене
ме екен.
Біраз үнсіздіктен кейін ешкімнің бетіне нақтылап қарамай-ақ өз ойын
айтып тастады:
— Біздің оқырманды қазір Үндістан мен Қытайдың қоғамдық пікірге
қозғау салып жатқан мəселелерге қалай қарайтыны қатты қызықтырады.
Дюруаға тағы қадала қарап тұрып былай деді:
— Сен-Потеннің қалай жұмыс істейтінін байқап көр, - ол жергілікті
хабарларды жазудың тамаша шебері, бес минуттің ішінде-ақ ол кімнің
болса да ішек-қарнын ақтарып тастайды.
Содан соң ол тағы да маңызды іс атқарып отырған кейіппен қаламсабын
қолына алды, -оның бұрынғы өзі полктасы, ал қазіргі қызметтесін белгілі
бір шеңберден шығармай, оған өзінің тиесілі орнын көрсетіп қойғысы
келгені анық-ты.
Табалдырықтан сыртқа аттап шыға салысымен-ақ Сен-Потен Дюруаға
күле былай деді:
— Əй, бəлсінгіш-ау! Тіпті біздің алдымызда мың құбылады. Бізді өзінің
оқырмандары сияқты көреді.
Олар бульварды бойлай жүрді.
— Бірдеме ішсек қайтеді? - деген ұсыныс айтты хабар жазушы.
— Қуана құп деймін. Қапырық қой!
Олар кафеге кіріп, салқын сусын сұрады. Сен-Потен осы арада шешіліп
сөйледі. Саралқадағы жағдайлар мен əлемдегі барлық нəрселер туралы ол
таңғаларлықтай білгіштік байқатты.
— Бастық па? Нағыз еврейдің өзі! Ал еврейлерді, білесің бе, қайта
тəрбиелеуге болмайды. Сондай халық!
Сен-Потен Вальтердің сараң қылықтарына қатысты бірнеше нақты
мысал келтіріп, Израиль балаларына тəн тиын есептегіш экономикасын,
арзан алу үшін арланбайтын ұсақ-түйек саудагерлігін, бүкіл пайдакүнемдік
қылығын суреттеп берді.
— Сонысына қарамай бəле өзі, бірде-бір адамға сенбейді, елдің бəрін
алдап соғады. Оның газеті ресмилеу, католиктік, либерал, республикалық,
орлеандық, ондай көп қатпарлы тəтті нан, ұсақ-түйектің дүкені оған тек
биржадағы əрекеттері мен басқа да мекемелер үшін қосымша құрал ретінде
ғана керек. Бұл жағынан ол қате жібермейді: көк тиыны да жоқ акционерлік
қоғамдардан миллиондап табады...
Сен-Потен Дюруаны "қымбатты достым" деп қойып, тоқтамай сөйледі.
— Дегенмен кессең қан шықпайтын сараңның аузынан кей-кейде
Бальзакқа ылайық сөздер де шығып қалады. Жақында мынандай бір жағдай
болды: мен, құм тергіш қарт Норбер жəне Дон-Кихоттың қазіргі түрі
Риваль - үшеуміз, түсіндіңіз бе, соның кабинетінде отырғамыз, бір кезде
біздің меңгерушіміз, бүкіл Парижге қолтығына қысқан сақтиан
партпелімен белгілі Монтлен кіріп келді. Вальтер оған шүйліге қарады да:
"Не жаңалық?" - деп сұрап еді, Монтлен жайбарақат қана: "Мен қазір ғана
қағаз үшін қарызымызды төлеп келдім - он алты мың франк", - деп жауап
берді. Бастық орнынан шошына ұшып түрегелді: "Не дедіңіз?" - "Прива
мырзаға төлеп келдім". - "Сіз ақылыңыздан ауысқан шығарсыз!" - Неге? "Неге... неге... неге..." Вальтер көзəйнегін алды, əйнектерін сүртті; иə
тапқыр, иə улы бірдеме айтар кездегі əдетімен томпиған ұрттарын тырсита
керіп қулана жымиды да, қарсы сөз айтқызбайтындай мысқылмен: "Неге?
Өйткені бұл істен біз төрт, бəлкім, бес мың франк түсім түсіретін едік", деді. Монтлен таңданып: "Қалайша, Вальтер мырза, есепшоттың бəрі
дұрыс болатын, мен бəрін тексергем, ал сіз қабылдағансыз..." Сол кезде
бастық, бұл жолы барынша салмақты үнмен былай деді: "Соншалық
ашықауыз болуға болмайды. Есіңізде болсын, Монтлен мырза, əуелі
қарызды қампитып жинап алу керек, сонан соң барып сүйіспеншілікпен
алыс-беріс жасау керек".
Сен-Потен басын шалқайтып, білгіш адамның кейпімен: - Ал қалай? Бұл
Бальзакша сөйлеу емес пе? - деді.
Дюруа Бальзакты оқымаса да, соншалықты сенімді үнмен қоштау айтты:
— Иə, солай, сайтан алғыр!
Вальтер ханымды хабар жинаушы семіз күркетауық деп атады, Норбер
де Варенді - жолы болмағыш қарт, Ривальді - Фервактың əлсіз көшірмесі
деді. Содан соң қайтадан Форестьеге оралды.
— Ол əншейін сəтті үйленді - бар-жоғы сол ғана.
— Ал, түптеп келгенде, оның əйелі кім өзі?
— О, ол сайтан ғой, қулығына құрық бойламайды! - деді Сен-Потен
алақанын уқалап. - Тышқанның айғырындай Водректің, граф де Водректің
ойнасы ғой, - оны күйеуге беріп, жасауын жасаған сол ғой...
Дюруа кенет қалтырап кетті, бойын əлдебір діріл биледі, алдында
отырған мылжыңды боқтап-боқтап, бетіне бір періп жібергісі келді. Бірақ
ол оны тек сұрақпен ғана бөгеді.
— Сен-Потен деген сіздің шын аты-жөніңіз бе?
— Жоқ, менің атым Тома, - деді ол аңғал адамға тəн кейіппен. - Мені
Сен-Потен2 деп атап кеткен саралқадағылар ғой.
— Қазір, шамасы, кеш болып кетті-ау деймін, - деді Дюруа сусынның
ақшасын төлеп жатып, - бізге əлі атақты екі адаммен жолығу керек қой.
Сен-Потен ішек-сілесі қатып күлді.
— Əлі ысылмаған адам екеніңіз бірден білініп тұр! Демек сіз мені
шынында да сіздер Англия туралы не ойлайсыздар деп сұрау үшін үнділік
пен қытайға барады деп ойлайсыз ба? "Француз өмірі" оқырмандарының
ойынан шығу үшін олардың қалай жауап беруі керек екенін мен олардан
əлдеқайда жақсы білемін. Мен өз өмірімде мұндай қытайлардан,
парсылардан, үнділерден, чилиліктерден, жапондардан бес жүз сұхбат
алдым. Менің ойымша, олардың бəрі де сол бірінің айтқанын бірі айтады.
Сондықтан мен өз мақаламда ең соңғы қонағымыздың айтқандарын сөзбесөз қайта көшіріп шығуым керек. Оның тек тақырыбын, атын, атақдəрежесін, жасын, нөкерлерінің құрамын өзгертуге тура келеді. Оларға өте
сақ болу керек, əйтпесе "Фигаро" ма, "Голуа" ма, біреуі өтірігіңді шығарып
қоюы мүмкін. "Бристоль" мен "Континентальдің" есіккүзеттерінен мен бес
минуттің ішінде соның бəрі жайында өте дəл мəлімет жинап алам. Біз
оларға дейін таяу барамыз жəне жол бойы бір-бір темекіден тартып
үлгіреміз. Ал саралқадан көлікпен жүргеніміз үшін деп бес франк талап
етеміз. Міне, қымбатты достым, ысылған адамдар осылай істейді.
— Мұндай жағдайда хабар жинаушы болып істеу пайдалы сияқты ғой? -
деп сұрады Дюруа.
— Иə, бірақ бəрінен де пайдалысы хроника, ол бүркемеленген жарнама
ғой, - деп, Сен-Потен жұмбақтау жауап қайтарды.
Екеуі тұрды да, бульварды бойлап Магдалина шіркеуі жаққа қарай
жүрді.
— Білесіз бе? - деді кенет Сен-Потен, - егер сіздің бір жұмыстарыңыз
болса, онда бара беріңіз, сізді бекер ұстамайын.
Оның қолын қысып, Дюуруа өз бетінше кетті.
Бүгін кешкісін жазып шығуға тиісті мақала оның мазасын ала берді, енді
жолда келе жатып соны ойластыра бастады. Ол бірер анекдотты есіне
түсіріп байқады, өзінің кейбір көргендері мен ойларын бір жүйеге түсіріп,
кейбір қорытындылар жасауға тырысты -сөйтіп келе жатып Елисей
даласының шетіне шығып кеткенін де байқамай қалды, жол бойы оған
анда-санда ғана қыдырған адамдар жолықты, себебі ыстық күндері Париж
көшелерінде адам болмайды.
Салтанат қақпасының қасындағы Этуаль алаңындағы шарапханадан
тамақтанған соң, ол бульвардың сырт айналма жолымен аяңдап үйіне
қайтты да, келген соң бірден жұмысқа отырды.
Алайда алдында жатқан үлкен ақ қағазды көргенде, оның барлық
жинақтап үлгергені түгел ұшып кеткен сияқтанды, миының өзі бу боп
кеткен тəрізденді. Ол тек естеліктің үзінділерін ғана есінде сақтап қалды,
есіне түсіруге қанша тырысса да, енді есіне түсе бергенде не көзді ашыпжұмғанша бəрі сусып жылт етіп жоқ болады да кетеді, оларды қалай жазу
керегін, не істеп, қалай бастауы қажет екенін ол, тегі, біле алмады.
Бір сағат бойы басы қатып, бірінші сөйлемнің сан түрлі нұсқаларымен
бес бетті толтырған соң, ол өзіне-өзі: "Мен əлі дағдыланғам жоқ. Тағы бір
рет сабақ алуға тура келеді", - деді. Форестье ханыммен оңашада, ұзаққа
созылған ықыласты, ішкіл жағдайларды қозғайтын, сондай бір əдемі əңгіме
үстінде бірлесе жұмыс істеймін-ау деген ойдан ғана оның бойын мазасыз
ынтықтырған діріл биледі. Егер мақала жазуға қайта отырсам, ойламаған
жерде қолым жүріп кете ме деп қорқып, Дюруа дереу жата қалуға асықты.
Форестье ханыммен кездесудің лəззатын алдын ала елестетіп жəне оны
əдейі соза түсіп, ол таңертең төсектен тұрмай ұзақ жатты.
Таныс есікке келіп, ол қоңыраудың түймесін басқан кезде сағат он бір
болған-ды.
— Форестье мырзаның қолы бос емес, - деп жауап берді малай.
Күйеуі үйінде болуы мүмкін дегенді Дюруа мүлде есіне алмапты.
Əйткенмен ол алған бетінен қайтпады.
— Мен оған өте тығыз шаруамен келіп тұрғанымды айтып барыңыз.
Бес минуттен кейін ол өзі жақында ғана таңғажайып ертеңгілікті
өткізген кабинетке кірді.
Кеше ғана Дюруа отырған креслода халат жамылған журналшы
туфлишең, кішкентай ағылшын тақиясын киіп бірдеме жазып отыр екен, ал
сол үйге киетін ақ көйлегімен жүрген Форестье ханым алды ашық пешке
сүйенген қалпы айтқанын жаздырып тұр екен.
Дюруа табалдырықтан-ақ тоқтап қалды.
— Кешірім өтінем, мен сіздерге кедергі жасадым ба?
Форестье оған ызалана қарады.
— Тағы немене? - деді бұрқылдап. - Тезірек айт, біздің уақытымыз жоқ.
— Ештеңе, кешір, - деді Дюруа қысыла міңгірлеп.
Форестье ашуланды.
— Тез енді, шайтан алғыр! Неменеге созбалайсың? Сен енді маған:
"Қайырлы таң" деп айту үшін ғана бұзып-жарып кіріп келмеген шығарсың?
— Жоқ, əрине,.. - деді Дюруа қысылғанын жеңіп. - Білгің келсе, жағдай
былай, мен тағы мақаладан ештеңе шығара алмадым... ал сен... сен екеуің
өткенде сондай жақсы ниетте болдыңдар... сендерге сеніп... мен тағы
батылдық жасап келіп ем...
— Сен кісіні тура мазақ қыласың! - деді Форестье оның сөзін бөліп. Сен, байқаймын, мені сен үшін жұмыс істейді деп, ал өзіңді тек ай сайын
ақша ала берем деп ойлаған болуың керек, шамасы. Айтатыны жоқ,
ыңғайлы ойлап табылған!
Мысқылды сыпайылыққа ұқсас жұмбақ жымиыспен күлімсіреп,
Форестье ханым темекісін тартып үнсіз тұра берді.
— Кешірерсіздер... мен ойлап ем... мен сеніп ем,.. — деп, ашуланған
Дюруа былдырлап тұрды да, кенет нақпа-нақ сөйлеп қоя берді. - Сізден
мың мəрте кешірім сұраймын, ханым, жəне мен үшін кеше жазып берген
тамаша фельетоныңызға ыстық алғысымды білдірем.
Ол тағзым жасады да, Шарльге:
— Сағат үште саралқада болам, - деді.
Сөйтті де шығып кетті.
Үйіне қарай тез-тез басып келе жатып, ол өзіне-өзі: "Жарайды, қазір
өзім-ақ жазамын, көрерсің əлі", - деп міңгірледі.
Ыза шабыттандырған Дюруа өз бөлмесіне кірді де, дереу жұмысқа
кірісті.
Ол жайдақ романдардан пайдаланған ұсақ-түйектермен, таңғажайып
оқиғалармен, астарлы суреттеулермен толтырып, оқиғаларды Форестье
ханым белгілеген бағытта дамытып, мектеп оқушысының олақ тілі мен
унтер-офицердің жаргонын араластыра жазды. Бір сағатта мақаланы жазып
бітіп, өзіне-өзі риза болып, сол былық дүниесін саралқаға алып келді.
Ол арада оның бірінші жолыққан адамы Сен-Потен астыртын əрекет
жасаушылардың кейпімен оның қолын қатты қысып амандасты.
— Менің үнділікпен жəне қытаймен əңгімемді оқыдыңыз ба? - деп
сұрады. - Қызық, ə, солай емес пе? Оған бүкіл Париж риза. Ал мен оларды
бетпе-бет көрген де жоқпын ғой.
Дюруа əлі ештеме оқыған жоқ-ты; ол дереу газетті алды да, "Үндістан
мен Қытай" деген ұзыннан-ұзақ мақаланы қарай бастады, ал Сен-Потен
оған мақаланың қызықты жерлерін көрсетіп, түсіндіріп тұрды.
Жұмысбасты, жұмыстың қамын жеген кісіше қиналып Форестье келді.
— Сіз осындасыз ба? Өте жақсы болды. Сіздер екеулеріңіз де
қажетсіздер маған.
Сөйтті де, кешке дейін екеуінің дəл қандай саяси жағдайға қатысты
деректер тауып əкелулері керектігіне нұсқау берді.
Дюруа оған өзінің қолжазбасын берді.
— Мынау Алжир жағындағы мақаланың жалғасы.
— Өте жақсы, əкел, əкел, мен бастыққа көрсетейін.
Сонымен əңгімелері бітті.
Сен-Потен өзінің жаңа əріптесін ертіп кетті, екеуі дəлізге шыққан соң
одан:
— Сіз кассаға кіріп шықтыңыз ба? - деп сұрады.
— Жоқ. Не үшін?
— Неге болушы еді? Ақша алу үшін. Жалақыны, білесіз бе, ылғи бір ай
бұрын алып отыру керек. Қандай жағдайлар болып қалатынын кім біледі.
— Несі бар... Менің ешқандай қарсылығым жоқ.
— Мен сізді кассашымен таныстырып қояйын. Ол қарсы болмайды.
Мұнда жақсы төлейді.
Дюруа өзінің екі жүз франкын жəне оның үстіне кешегі мақаласы үшін
қосымша жиырма сегіз франк алды, сонда бұрынғы кеңседен алған
жалақысының қалдығымен қосқанда, оның ақшасы үш жүз қырық франк
болды.
Ол ешқашан мұнша ақшаны қолына ұстап көрмеген-тін, сондықтан
мұндай байлық оған, құдай біледі, талайға жететіндей көрінді.
Сен-Потен өзіне керек мəліметтерді басқалар ендігі біліп болған шығар
деген есеппен, өзінің сөзшеңдігі мен сұрай білетіндігінің арқасында өзіне
керектіні солардан-ақ біліп алғысы келіп, Дюруаға өзімен бірге бəсекелес
газеттердің саралқаларын аралап қайтуға ұсыныс жасады.
Кешкісін қолы босаған соң Дюруаның Фоли-Бержерге соққысы келді.
Сəтімен өтіп кетуді ойлап, тексерушіге:
— Мен Жорж Дюруамын, "Француз өмірінің" қызметкері, - деп
таныстырды өзін. -Өткенде мен Форестье мырзамен бірге келгем, ол маған
рұқсат қағаз алып берем деп уəде етіп еді. Сол ұмытып кетпеді ме екен деп
қорқам.
Екеулеп тізімді қарады. Оның аты-жөні онда жоқ болып шықты.
Əйткенмен тексеруші оған құрметпен қарап, өткізіп жіберді.
— Жарайды, мырза, өте беріңіз, - деді ол, - тек директордың өзіне жеке
жолығыңыз, сөз жоқ, ол сізге қарсы болмайды.
Жорж Дюруа кіре салысымен-ақ бірден өткенде осыннан бірге кеткен
əйел Рашельді көрді. Əйел мұның қасына келді.
— Сəлемет пе, мысығым. Қалай жүріп жатырсың?
— Өте жақсы, өзің ше?
— Мен де жаман емес. Білесің бе, осы аралықта мен сені екі дүркін
түсімде көрдім.
Дюруа оған көтеріліп қалды.
— Апырмай, ə! Оны қалай жоруға болады? - деді күлімсіреп.
— Ол деген сен маған ұнап қалдың деген сөз, ақымақ, сенің қолың
тигенде, біз оны тағы қайталай аламыз.
— Егер қаласаң, бүгін-ақ болсын.
— Қалағанда қандай.
— Жарайды, тек енді... - Дюруа бөгеліп қалды, ол əйелге айтқысы келген
сөзден өзі де ептеп ыңғайсызданды. - Мəселе былай, мен бүгін
ақшасызбын, клубта болып ем, түгім қалмай ұтылып шықтым.
Еркектердің саудагерлік қулығына əбден үйренген тəжірибелі
жезөкшенің түйсігімен өтірікті сезіп, əйел оның көзіне тура қарады.
— Суайт! Маған ондай қылық көрсеткенің жақсы емес. Дюруа
қысылғаннан күлімсіреді.
— Менде бар-жоғы он франк қана қалды, алам десең, соны ал. Əйел өз
нəпсісіне қызмет жасап жатқан жезөкшенің жомарттығымен сыбырлай
сөйледі:
— Бəрібір, сүйкімдім, мен тек сені қалаймын.
Емінген көз жанарын оның мұртынан ала алмай, сүйген адамның
нəзіктігімен Рашель оның қолына сүйенді.
— Алдымен анардың сөлін ішіп алайық, - деді ұсыныс жасап. - Сонан
соң кішкене қыдырайық. Мен сенімен театрға барғым келеді, жай əншейін,
менің қандай жігітім бар екенін бəріне көрсету үшін. Біз кешікпей менікіне
барамыз, мақұл ма?
Ол арадан ол кеш шықты. Əлі тым жарық болатын, сол сот оның есіне
"Француз өмірін" сатып алу керегі түсті. Қолы дірілдеп газеттің ортасын
ашты - оның мақаласы жоқ боп шықты. Ол аяқжолдың үстінде ұзақ тұрды,
əлі де мақаламды тауып алам ба деген үмітпен газет бағаналарын көзімен
ішіп-жеп қарады.
Оның жүрегін əлдебір белгісіз салмақ езгендей болды. Ол ұйқысыз
түннен шаршаған-ды, енді мына титықтатқан реніш араласып,
бақытсыздыққа ұшырағандай жабырқады.
Үйіне келген соң, ол шешінбестен төсекке құлай кетті де, ұйықтап
қалды.
Бірнеше сағаттан кейін ол саралқаға келіп, бірден шығарушының
кабинетіне өтті.
— Вальтер мырза, бүгінгі нөмірде менің Алжир туралы екінші
мақаламның басылмағаны мені қатты таңғалдырды.
Шығарушы басын көтеріп, салқын сөйледі:
— Мен өзіңіздің досыңыз Форестьеден қарап шығыңызшы деп сұрағам.
Ол оны қанағаттанғысыз деп тапты. Сізге оны өңдеуге тура келеді.
Дюруаның жыны келді, ол кабинеттен үнсіз шықты да, Форестьеге тап
берді:
— Менің мақаламды сен неге бүгін баспадың?
Креслоның арқалығына шалқая отырып, аяғын үстелде жатқан өз
қолжазбасының дəл үстіне қойды да, журналшы темекісін тартты. Бетаузын тыржитып, əр сөзін анықтай, жердің астынан шығып жатқандай
күңгірт дауыспен жайбарақат былай деді:
— Бастық оны сəтсіз деп тапты, өзіне өңдеуге қайтарып бер деп маған
тапсырды. Əне жатыр, алып кет.
Сөйтті де, пресс-папиенің астында жатқан қағаздарды саусағымен
көрсетті.
Дюруаның күйінгені сондай, не деп жауап қайтарарын білмеді. Ол өз
бұйымын алып қалтасына сұға салды, ал Форестье сол арада өз сөзін ары
жалғастырып жатты:
— Сен қазір осыннан тура префектураға барасын...
Ол тағы бірнеше баруға тиіс мекемелерді атады, олардан бүгін оған
қандай түрдегі деректер əкелуге тиіс екенін түсіндірді. Дюруа Форестьені
қалай бір шаншып алудың ретін таба алмай, ақыры шығып кетті.
Ертесі ол мақаласын тағы алып келді. Оны тағы қайтарып берді. Оны
үшінші рет өңдеп, тағы қайтарып алған соң барып ол өзінің асығыстық
жасағанын жəне оны бұл жолмен алып жүруге тек Форестьенің ғана
қабілетті екенін түсінді.
Ол енді "Африкалық атқыштың естеліктері" туралы айтпайтын болды,
болашақтағы игі мүдде үшін қажет болғандықтан, ол өзіне жуас əрі сақ
болуға, хабар жинаушы қызметін адал атқаруға өзіне-өзі сөз берген-ді.
Ол театр мен саясаттың, палата депутаттарының көріне бермейтін сырт
жағына, ал мемлекет қайраткерлерінің алдына өтіп кетіп, айрықша
тапсырмаларды орындайтын шенеуніктердің маңғаз бет-бейнелері мен
есіккүзеттердің көңілсіз, ұйқысы қанбаған жүздерін əбден зерттеді.
Ол міністірлермен, өтірікшілермен, генералдармен, тыңшылармен,
князьдармен, сутенерлермен, жезөкшелермен, елшілермен, епископтармен,
жеңгетайлармен,
белгілі
алаяқтармен,
қоғамдық
адамдармен,
арбакештермен, даяшылармен, шулерлермен қатынас жасап; солардың
иманжүзді, ал жан түкпірінде немқұрайды досы болып: үздіксіз, кез келген
күні мен кез келген сағатта, кейде анаусымен, кейде мынаусымен
жолығысып, олармен тек өзінің хабар жинаушылық мақсатымен ғана
шүйіркелесіп, олардың бəрін ол бір өлшеммен өлшеп, бəріне бірдей
қарады, бəріне де біркелкі баға берді. Ол өзін барлық шараптың түрін
бірінен кейін бірін байқап көрген, бірақ оның шатоморга түрін аржантейл
түрінен ажырата алмайтын адаммен салыстырды.
Аз уақыттың ішінде одан өз хабарларының дəлдігіне кепілдік бере
алатын, икемді, тапқыр, шапшаң, қызметкерлердің дəрежесін айыра білетін
Вальтер қарияның бағалауынша, газеттің нағыз қазынасына айналған
тамаша хабар жинаушы шықты.
Соған қарамастан ол бар-жоғы екі жүз франк жалақы жəне жазған əр
жолына он сантимнен алады, ал кафе мен мейрамханаларда бəрі қымбат
болғандықтан, ол ылғи да ақшасыз қалып, өзінің кедейлігіне зығырданы
қайнайды да жүреді.
"Қандай құпия бар мұнда?" - деп ойланады ол, кейбір өз əріптестерінің
қалтасы алтынға толы екенін көріп, кедей боп өмір сүрмеу үшін олар бұл
білмейтін қандай құпия əрекеттер жасайтынын түсіне алмай текке əуре
болды. Оны қызғаныш қинады, оған үнемі бір адамның ойына келмейтін
күдікті əдістер, əлдекімге көрсеткен қызметі, аткез3 тартудың айрықша түрі,
жалпыға белгілі түрі жəне рұқсат етілетін түрі елестейтін болды. Жоқ, ол
қайткенде де сол құпияны ашуы керек, сол үнсіз істелетін астыртын
əрекетке баруы керек, табысты мұнымен бөліскісі келмейтін жолдастарды
шынтағымен ысырып, өзіне жол ашуы керек.
Өтіп жатқан пойыздарға терезеден қарап тұрып, ол əлсін-əлсін кешкісін
қалай əрекет қылудың жоспарын ойластырады.
V
Екі ай өтті. Қыркүйек жақындап келеді, ал Дюруа армандаған
мансаптың бас айналдырар тездікпен жоғарылай бастауы əлі оған өте
алыста сияқтанды. Ол əлі белгісіздікте өмір өткізіп жатты, соған оның
намысы келді, алайда тіршіліктің рақатына жеткізетін жолды көре алмады.
Ол өзін беделсіз хабар жазушы мамандығына бітеулеп сылап, ешқайда
шығып кетпестей қылып қамап қойғандай сезінді. Оны бағалады, бірақ
оған менсінбей жоғарыдан қарады. Тіпті, оны күн сайын қызметін істетіп
отырған Форестьенің өзі де жақын адамдарша "сен" деп сөйлесуін
қоймағанмен, қазір оны түстенуге шақырмайтын болды.
Рас, Дюруа мақаласын тығып жіберудің сəтін құр жіберген емес. Өз
қаламын күнделікті хабар-ошарлармен ұштаған ол бұрын Алжир
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Сүйкімді дос - 05
  • Parts
  • Сүйкімді дос - 01
    Total number of words is 4187
    Total number of unique words is 2253
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 02
    Total number of words is 4146
    Total number of unique words is 2278
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 03
    Total number of words is 4199
    Total number of unique words is 2249
    35.9 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 04
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2101
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 05
    Total number of words is 4247
    Total number of unique words is 2212
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    61.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 06
    Total number of words is 4257
    Total number of unique words is 2136
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 07
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2172
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 08
    Total number of words is 4243
    Total number of unique words is 2291
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 09
    Total number of words is 4291
    Total number of unique words is 2153
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.6 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 10
    Total number of words is 4209
    Total number of unique words is 2149
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.7 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 11
    Total number of words is 4266
    Total number of unique words is 2134
    37.7 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 12
    Total number of words is 4155
    Total number of unique words is 2204
    34.2 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 13
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2280
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 14
    Total number of words is 4143
    Total number of unique words is 2189
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 15
    Total number of words is 4190
    Total number of unique words is 2177
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 16
    Total number of words is 4165
    Total number of unique words is 2187
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 17
    Total number of words is 4208
    Total number of unique words is 2028
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 18
    Total number of words is 4216
    Total number of unique words is 2252
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 19
    Total number of words is 4228
    Total number of unique words is 2120
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 20
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2142
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Сүйкімді дос - 21
    Total number of words is 3255
    Total number of unique words is 1938
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.