Latin Common Turkic

Жұмбақ жер - 06

Total number of words is 4008
Total number of unique words is 2291
32.1 of words are in the 2000 most common words
46.6 of words are in the 5000 most common words
54.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
–Сонда нендей аң бұл, сіз білмейсіз бе, Матвей Иванович?
–Менің ойымша, бұл ежелгі бұғы, – деп жауап берді аңды əрі-бері қараған
Горюнов. – Се rvus euryce ros, мамонттың тұрғыласы.
–Бірақ онша ірі емес, жасырағы шығар, – деп сөз қосты Ордин.
–Жоқ, бұл қарт бұғы, мүйізінің түбіндегі сырғасына қарағанда он бес жаста
болар, – деді Горохов.
–Зады, азып бара жатқан тұқым болды ғой, – деп топшылады Костяков.
–Жəне де сирек тұқым, тасқа айналған басқа тірі жануарларды көп көрдік,
ал мынау алғаш ұшырасып тұр.
–Демек, мұның тұрқын өлшеп, бас сүйегі мен мүйізін ала жүру керек, – деді
Горюнов.
–Мүйізі тым ауыр əрі сақтауы қиын, көктемгі ғой жарықтық, жұп-жұмсақ,
қаны шығып тұр, – деп Костяков шындығын айтты.
–Қап! Бірақ, əйтеуір суреті болады. Жаңа иттермеи арпалысып жүргенде
түсіріп алғанмын, – деді Ордин.
Уақыт өткізбей бұғы денесін өлшеп алып, етімен иттерді азықтандырды да,
мүйізін шауып тастап, басын базада зерттеу үшін өздерімен ала жүрді.
–Кешкі асқа миы мен тілін алайық. Бұдан тəтті тағам табылмайды, – деп
тамсанды Горохов етік жамау ұшін бұғының жонынан таспа тіліп алып
жатып.
Алаңқайдан əрі бара-бара сиреп аласара беретін орман танабы тағы да
басталып, таулардың тік жарына шейін созылып жатты. Соңғы орманның
айналасы қалың мүк. Мүктің бауырдай жасылы мен бұғы жейтін ақшылы
ойпаң жерге жастықтай жайыла төселіп, құлама жардан домалаған тастарлы
көрсетпей жауып жатыр.
–Бұғыға жайлы-ақ жер екен! Шіркін, жазда осында айдап əкеп тастаса ғой,
– деп күрсінді Горохов.
–Санников жерінде саз бен көлдің көптігіне қарамай шыбын-шіркей жоқ
екенін аңдадыңдар ма? – деп сауал қойды Горюнов.
–Иə, айтқандай, не сəйгел, не бөгелек, не шіркей жоқ, тіпті масаның өзі аз, –
деп құптады Ордин.
–Бір сөзбен айтқанда, жұмақ! Жаз шыбын-шіркейі өмірден түңілдіретін
біздің елден мүлдем бөлек, – деп қостады Горохов.
–Таяуда ғана сағым мен сайтан туралы не айтқаныңыз есіңізде ме, Никита.
– деп күлді Горюнов.
–Бəлкім, біздің көріп келе жатқанымыздың бəрі алдамшы елес шығар? – деп
сұрады Костяков.
Горохов ұяла жымиып, басын шайқады. Рас, екі күн бойы көргенінің бəрі
ғаламат, бірақ елеске еш ұқсамайды.
–Казачьеге аман-есен оралайық, мұның елес екенін, елес емес екенін сонда
айтармын, – деп əккі якут жол тауып жалтарып кетті.
Мүкті алқапта жайылып жүрген бірнеше солтүстік бұғысын көрді бұлар,
кісіні көре сала олар да жалт беріп, бұта арасына сіңіп жоқ болды.
Тік жардың тура етегіне тақағанда олар төбеден құлап тұрып қалған жартас
тасасында көзге бұрын түспеген таутекелерге тап болды. Олар жар жағалап
зырлай жөнелді де, сонан соң көз ілеспес шапшаңдықпен жақпарды
жиектеп, тастар ұшыраспай қалған тұста жеп-жеңіл қарғып кетіп, жүз
метрдей биіктікке барып текше-тасқа сіңіп ғайып болды.
Қынаның қызыл-күрең бояуы мен таңбасы түскен қап-қара қабырғасы
түксиіп сатылап биіктей беретін жар-құз осынау тамаша аңғарды тұтас
көмкеріп тастаған базальттан тұрады. Оның етегінде өсімдік атаулы жоқ,
қынасы жалбырап бейберекет шашылған құз сынықтары, əредік
арасындағы шұңқырлардан қар жалтырайды. Төбеден тиіп тұрған жартас
жиһангездердің назарын айрықша аударды. Ол тас сынықтарынан ада
бірнеше шаршы метрлік алаңды жауын-шашыннан қорғап тұрады екен.
Алаңды бірақ таутекелер тұяғы шиырлап, топырағын шығарып тастапты.
Оның түкпірінде табиғи үйшік бар сияқты, онан Гороховтың өткір жанары
түтін табын бірден шалды.
–Ой, мынада адамдар болған! – деп ол дауыстап жіберді.
–Таутекелерді бағып жүрген бе екен? – деп мыр ете түсті Костяков.
Барлығы үйшіктің маңына үймелей қалды, оның түкпірінде бірнеше шала,
көмір, күл, күйген сүйек жаты Алаңды аралап жүріп шақпақ тастан тым
тұрпайы жасалған қаруларды кездестірді.
–Тас дəуірдің адамдары! – деді Ордин. – Қаруларының тұрпайылығына
қарағанда тіпті неолит емес, палеолит дəуірінің адамдары.
–Олар мұнда қашан тіршілік құрған? Бəлкім, мың жыл бұрын болар? – деп
іліп əкетті Костяков.
–Жоқ, оты жақындағы ғана сияқты. Бетіне құз сынықтары түспеген, тек
таутекелер тұяғынан ұшқан шаң ғана жапқан.
–Демек, Санников жерінің бір тұсынан тас дəуірінің адамдарын, кəдімгі кісі
жегіштерді кездестіреміз бе? – деп сұрады Костяков.
–Күйген сүйектер кісінікі сияқты, – деп мақұлдады Горохов.
–Осы сіздің онкилондарыңыз болып жүрмесе, игі ғой,
–деп Костяков кінəлағандай Горюновқа тесіле қарады.
–Онкилондардың Сібірден кеткеніне бірнеше жүз жил. Ол кезде терістіктің
халқы тас дəуірі адамдары емес-ті, темірді қолдана білетін.
–Иə, онда біздің ата-бабалар кен қазып, темірден пышақ, үзеңгі, сақина,
қармақ соға білетін, – деп оның сөзін Горохов беркіте түсті.
–Ал темірге қоса олар мүйізден, сүйектен, тастан жасалған бұйымдарды да
кең қолданған. Ол бұйымдарды жаңа мəдениеттен жырақ шалғайда жатқан,
ауыр темір заттар зордың күшімен там-тұмдап қана жететін тұз халқы ғана
жөндеп жасайды. Алайда мына бұйымдардың жасалуы жəне əрленуі
палеолит емес, неолит дəуіріндегілерімен ғана салыстырарлықтай, – деп
ежіктеді Горюнов.
–Яғни бұл от онкилондардікі емес қой.
–Əрине, онкилондардікі емес. Зайыры, бұл арада мамонттардың үңгір
аюларының, мұз басу дəуірінің соңындағы басқа да жануарлардың
замандасы, көне тас дəуір адамдары да сақталған секілді.
–Жануарларының сақталғанын көрдік емес пе, ендеше, адамдары да аман, –
деп қойды Ордин.
–Əлгі жабайыларға қарағанда мəдениеті жоғары онкилондар қырып
салмаса, ол адамдар сақталуы да ықтимал
–деді Горюнов.
–Отқа қарағанда, олар бертін болған немесе əлі бар, жалғыз-жарым болса да
кездесуі керек, – деген пікір білдірді Ордин.
–Тас дəуірдің тағы адамдарын көру қызықтың көкесі болар, – деп қостады
Костяков. – Олар, шамасы, аңғардың шетіндегі үңгірлерде тұруы керек,
сондықтан кісі жейтін жабайылармен кездесу қатерлі екенін Никифоровқа
ескертіп қою керек.
Шоқтың бауырына қайтып оралып, жиһангездер оны жағалай отырып
түстік-батысты бетке алып, кешқұрым өз базасына жақындады .
Ақ күртіктерге тақау қалғанда, төзімі таусылған Горохов көздеп тұрып
жақпар таста ыңғайлы тұрған бір таутекені басып салды.
Оған жауап ретінде база жақтан да мылтық атылып, Пеструханы ертіп
Никифоров оларға қарсы шықты. Иті құйрығын бұлғаңдатып, Крот пен
Белуханы иіскелеп, ауыз жаласты да қалды.
Никифоров осының алдында ғана бір өгіздің етін алып келіп, күндіз бір
таутекені атып түсіріп, отын əкеліп алған екен. Ол күртіктен өзіне қамба да
қазып, ішіне шатырын тігіп те үлгеріпті, оның аузына тақта-тақта мұз үйіп,
бір кісі əрең сиярлық қана жол қалдырыпты. Оны да түнде мұзбен бітеп,
Пеструханы серік етіп, өзін қауіп-қатерден ада сезінсе керек.
ОНКИЛОНДАРМЕН КЕЗДЕСУ
Ертеңіне тымық күн жиһангездерді түске дейін жіпсіз байлады, өйткені оған
дейін тұман бір сейілген жоқ, зайыры, Санников жері ауа райының, əсіресе
көктемгі ерекшелігі осы болса керек. Бұған таңданып та болмайды: қыруар
жылы көлдер мен жылғалар ауаға ылғалды көп береді. Ал айнала мұзарт
таулар мен қырлы алқаптар күн батқан соң ол ылғалды суытып, соқыр
тұманға айналдырады. Ойпат ауасының ылғалды екенін мүк пен қынаның
қалыңдығынан-ақ аңғаруға болады. Ағаштардың барлығының өн бойын
мүк басқан, ал жапырақтарынан шудаланып сұр қына салбырап тұрады.
Тауларының биіктігіне қарамай Санников жерінің Қазандық аралынан андасанда ғана көрінетінінің де себебі осы тұманның қырсығы болса керек.
Көктемде оны тұман құдайдың құтты күні торлап, кейін ол теңіз ашылғанда
жерді қалың мұнар болып орап тастайтынға ұқсайды.
Арал түкпіріне екінші саяхат терістік-батыс бағытта басталды. Бұл бағытта
да ормандар ұлылы-кішілі алаңдармен алмасып отырды. Алаңқайлардың
көбінің ортасында көл бар, түстікке таяу жатқандары қамыс басып, қорысқа
айнала бастаған, алысырақ жатқандары əзір одан аман. Бу атқылау
көлдердің кейбірінен ғана кездесті, оның өзі де тым əлсіз. Тегі, бұл
төңіректе жанартаулар сөніп болса керек. Алаңқайларда егіздер мен
жылқылар там-тұм ұшырасты, адамнан запы көргенінен болар, олар аз
болғанымен аса сақ. Мүйізтұмсықтарды бір-ақ мəрте, оның өзінде алыстан
көрді. Оның есесіне қамысты мекендеген қабандар көп екен, бірін кешкі
асқа атып та алды.
Қоналқаға үлкен бір алаңқайдың шетіне тоқтап, қоржын мен мылтықтарды
шөпке тастап, отын кесіп əкелгелі бəрі орманға жөнелді. Кенет заттардың
жанында қалған екі ит жан даусы шыға шабаланып үрді-ай кеп. Жақынырақ
жүрген Горохов пен Ордин алаңқайға жүгіре шығып, қоржындарын
иіскелеп жатқан дəу аюды көрді, тегі, жас еттің иісі аранын ашып жіберсе
керек. Шабаланған иттер артқы аяғынан тістемек болып қанша
тырысқанымен аю қарар емес, ашу шақырып гүж-гүж етеді.
Не істеу керек, мылтықтар иттердің қорғаштағанына қарамай быт-шыты
шыққалы тұрған қоржындардың жанында жатыр. Қолында балтасы бар
Ордин Гороховқа сыбыр етті.
–Мен мұның ту сыртынан кеп балтамен соғайын, бұрыла бергенде
мылтықты ал да ат.
Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, аю бір қоржынды қақ айырып,
тұмсығын тығып та жіберді. Ордин атыла кеп бар пəрменімен сілтеп, аюдың
шүйде тұсына балтаны ұңғысына дейін кіргізіп жіберді де жалт берді. Ащы
дауыс алаңқайды басына көтерді, аю артқы аяғымен тік тұрды да сол сəт
тасасындағы Кротты жаншып тастай жаздап шалқасынан құлады. Аюдың
жұлын омыртқасы үзілген еді, ол ақыра өкіріп, алдыңғы аяғымен
далбасалап шөпте домалап жатыр. Иттер оның қимылсыз артқы аяғына
жармасты, Горохов үлкен бір оқты сол жақ бүйірінен қадалтты. Бірнеше
минуттан кейін бұрқыраған қаны шөпті жуып, алып дене қимылсыз жатты.
Бір-бір құшақ отын алып, Горюнов пен Костяков та жетті. Бəрі аюды
қоршап алып, оның орасан дəулігіне таңырқасты: ол өздеріне таныс кəдімгі
коңыр аюдан бір-жарым есе үлкен екен, азуының ұзындығы он
сантиметрден асады.
–Осы жолы оңай құтылған екенбіз! – деді Горюнов.
–Жарылған бір қоржын мен иттің жарақатынан зорырақ садақа беруге тура
келетін еді.
Шынында да, аю аласұрып жүріп аяғымен Белуханы бүйірден періп қалған
екен, қанталап шыға келіпті. Қазір ит жеңіл жараны өзі жалап, емдеп жатыр.
–Алда бұл бізге сабақ! Заттардың жанында мылтығын сайлап біреу қалуы
керек қой, – деді Ордин. –Алып жыртқыштың арқасына балта қадау сəті
ылғи түсе бермейді.
–Оның табанына бір түссең, тірі кете алмайсың! – деді Горохов аюдың
терісін сыпыруға кірісіп. Ордин аюдың тұрқын өлшеп, қас қарайып суретке
түсіре алмағанына өкінді.
Заттарды басқа жерге көшіруге тура келді, себебі аю етінен сүйкімсіз бір иіс
шығып отырғызбады. Бірақ ол иіс иттердің етке мелшектей тоюына еш
бөгет болған жоқ. Түн мазасыз өтті. Иттер қайта-қайта шəуілдеп тынған
жоқ, олардың неменеге абалағанын айыруға түн ортасына таман алаңқайды
тұмшалап тастаған соқыр тұман мүмкіндік бермеді. Жүз қадамдай жерде
қалған өлімтіктің тұсынан сылпылдаған жүріс, ырылдаған дыбыс,
күтірлеген сүйек үні келіп, бəзбір түнде жортар жыртқыштар мəре-сəре
болып жатты. Алагеуімде Горохов аюдың сүйегін ғана тауып, бұл жақындай
бергенде тура тартқан екі үлкен қасқырды көріпті.
Ол күні желдің əсерінен тұман ерте сейіліп, жиһангездер терістік-батыс
бағытындағы жолын əрі қарай жалғады. Қайтар жолда ала кетпек оймен аю
терісін Горохов баурайдағы екі ағаштың арасына керіп жайып кетті. Көлі
бар тағы да екі алаңқайдан өтті, екіншісіндегі тұнбадан түзілген ақ төбеден
бу көптен бері атылмаса керек, айналасын қына басып кетіпті. Үшінші
алаңқайға шыға бергенде қарсы жақтан адамдардың даусы естілді. Алайда
иттер абалай қоя беріп еді – дауыс бірден сап болды. Алаңқай арқылы
кішірек көлді айналып өтетін соқпақ жол жатыр, жағадағы дымқыл
топырақтан аяғында жұмсақ торбас бар адам ізін оңай айыруға болады.
–Мыналар ма, тас дəуір адамдары емес, – деді Горюнов.
–Тегі, олар əлі де жалаңаяқ жүрген шығар.
–Аяғына кигендері терістіктің тұрғылықты халқынікі сияқты болса, оларға
туыс боп шығады ғой, ендеше, олармен кездесуден тайқақтамау керек, – деп
нығарлай түсті ойын Ордин.
Қамысы қарсы алдағы алаңқайды көлегейлеп тұрған көлді айналып келесі
бетке шыққанда төбесі түтіндеген жап-жасыл адыр көзге түсті. Төбе
маңында адамдар жүр, біреуі биікке шығып, алаңқайды шолып тұр. Көл
сыртынан келе жатқан жиһангездерді көріп, ол қалғандарына хабарлады
оны, сөйткенше болған жоқ, отыз адамнан құрылған жасақ алқапты ала
тізіліп, бұларға қарсы жүрді. Жақындағанда барып байқады, бəрі де
қаруланған екен: əрқайсысы оң қолына ұзын найза ұстапты, сол қолында –
садақ, арқасында жебеге таққан қауырсын көрінеді.
Жиһангездерге жүз қадамдай қалғанда жасақ қалт тоқтап, зады, көсемі
болуы керек, жолмен келе жатқан біреуі қолын көтеріп, айғай салды.
–Анау не айтып тұр? Қай тілде сөйлейді өзі? – деп сұрады Горюнов
Гороховтан.
–Чукот тіліне ұқсас сияқты, – деп жауап берді Никита.
–Бейбіт адам болсаңдар, екі қолдарыңды да көтеріңдер деп бұйырады.
Жиһангездер қолын жоғары көтерді. Жасақ сол замат қайта қозғалып,
көсемінің белгісімен отыз қадамдай жақын келіп тағы да қалт тоқтады.
–Неткен адамсыңдар, біздің жерге қайдан жəне не үшін келдіңдер? – деп
сұрады көсемі.
–Оларға айт, біз түстік жақтан Үлкен жерден келген ақ адамдармыз де,
мұздардың ортасындағы мына кішкентай жерді көргелі келдік де, – деп
тапсырды Горюнов.
Горохов оның айтқанын аударды.
–Онда жақындаңдар, ақ адамдар, бірақ біліп қойыңдар, біздің бəріміз де
қаруланғанбыз əрі көппіз, – деді жасақ басшысы.
Əр қимылды қадағалап кадала қалған отыз жұп жанардың ұшында
жиһангездер көсемге жақындай берді. Горюнов алға шығып, оған қолын
ұсынды. Көсем оң қолын əуелі маңдайына қойып, содан жүрегіне апарып,
ақыр аяғында ғана мейманның қолын қысты. Осы ғадетін ол қалғандарға
қайталады. Сол-ақ екен, жасақ айнала шеңбер жасап, келгендерді алқақотан қоршап ала қойды; қолына қару ұстап иық тақаса тұрған жауынгерлер
біріне-бірі сыбырлап, жатжерліктердің киімі, етігі, қоржыны, беліне
қыстырған балтасы мен арқасына асынған жалтырақ таяғы туралы айтып
жатты.
Жауынгерлердің бəрі белуарына дейін жалаңаш, бұтында тері шалбар,
аяғында теріден жасалған жеңіл торбас. Беті, иығы, кеудесі толқын, шеңбер,
нүкте тəрізді таңбалардан көрінбейді. Əрқайсысының мойнында қасқыр
тістерінен тізген алқа бар, оның алдыңғы жағында ұп-ұзын аю азуы екіүштен тағы тұр. Жылтыр қара шаштары еңбегінің тұсына түйіліп, арасына
бірден, екі-үштен бүркіт қауырсыны қыстырылған. Денелері бұлтық-
бұлтық бұлшық ет, жүздері қараторы, аздап атжақты, көздері қап-қара, қыр
мұрынды бəрі. Үстіңгі екі күрек тісі қызылмен боялып, онысы күлгенде
кісіні өзгертіп жібереді екен, ауыз бейнебір екі дөңгелек тесік сияқты болып
кетеді. Тегі, бұл тайпа дұшпанына дес бермейтін Жаужүрек болса керек, тек
қарулары қарапайым: найзаларының ұшы жылтыртас, жебесінің басы
сүйектен, беліне қыстырған балтасымағының басы тас та, сабы ағаш.
Арқасында жебе салған қорамсақтан басқа дағарадай көн қалқан бар.
–Сіздің халықты, мынау жерді қалай атайды? – деп сұрады Горохов
Горюновтың тапсыруымен.
–Менің халқым – онкилондар. Мына жер де біздікі, бабаларымыз жаулап
алып берген. Менің атым Амнундак, онкилондардың көсемімін. Ал мына
сендерді жəне жерлеріңді қалай атайды?
Бұған, бұл секілді жəне бірсыпыра сауалына жауап алып, мұнда ақ адамдар
қандай себеппен, қай жолмен келгенін білгеннен кейін:
–Ит арқасы қияннан санаулы-ақ адам келген екенсіңдер, онкилондардың
қонағы болыңдар. Менің тұрағыма жүріңдер, –деді көсем.
Осыны айтты да ол бұрылып жолға түсіп жүре берді, жиһангездер соңынан
ерді, жауынгерлер екі жақтан қапталдай, артынан тізіліп келе жатыр. Олар
Гороховтан киім-кешек, қару-жарақ, мұз жолы, үлкен жердегі тұрмыс
туралы сұрай бастады. Сірə, олар үлкен жер жайында атадан балаға ауысып
жалғасып келе жатқан аңыздардан бірдеңе білсе керек. Горохов олардың
сауалына əрең жауап беріп үлгеріп келеді, оның үстіне чукотшаға
ұқсағанымен, онкилондар тілінің едəуір өзгешелігі бар, сондықтан бірінбірі олар кейде түсінбей де қалады.
Жаңағы жасыл төбе онкилондардың тұрағы – жалпақ жертөле болып
шықты. Көсем есік тəрізді тері ілінген кірер ауызға кеп тоқтады да, пердені
көтеріп, меймандарға ішке кір деп ымдады. Кірер ауыз аласа болғандықтан
бəрі де еңкейіп енді. Жертөленің орта тұсында от жанып, оның үстінде
шанышқы сияқты таяқта əлденеше кесек ет шыжғырылып жатыр. Орта
тұсқа арасы алты метр төрт бұрыштап қойылған төрт аша, олардың басы
жуан үргілермен матастыра байланған, жоғарырақ жіңішкерек
бөренелерден бұралған шатыр тұр. Шатырдың ортасынан төрт бұрыштап
қиылған тесік – əрі терезе, əрі түндік. Төбедегі төртбұрышқа тізілген
сырғауылдардың əрқайсысына бір басын жерге қадап сыптаған ұзын
бөренелер тірелген. Сөйтіп, жертөленің нобайы айнала бұрышталған крест
болды да шықты. Оның үш тармағы жатар орын, төртіншісі əр алуан мүлік
қоятын қойма жəне есік, төрткүлденген орта тұсы ас үй əрі қонақ бөлме.
Сырты тұтас қалың шыммен жабылып, қаулап шөп шығып кеткен. Баспана
жалпы жаман емес: кең де жылы, бірақ күңгірт.
Жертөлеге енген соң көсем меймандарын кірер ауызға қарама-қарсы
төрткүл жаққа алып келіп, аяғын астына басып аю терісіне алдымен өзі
отырды да, оңы мен солына оларды жайғастырды. Жауынгерлер оттың
айналасына отырысты. Көздері жертөленің күңгірттігіне үйренген кезде
жиһангездер көлегейлеп қойған бүйір бөлмелерден топырласып
меймандарға таңырқай қараған балалар мен əйелдерді көрді. Олар біртебірте отырған жауынгерлерге жақындай берді. Əйелдер тыр жалаңашқа
жақын, тек ұзындығы қарыс сүйемдей ғана күрең тəніне жақын қоңыр тері
ғана белін қынап, кіндігінен төмен жауып тұр. Жастарының белдемшелері
қызыл, сары жəне қара таспалармен кестеленіп, əшекейленген.
Белдемшеден басқа олардың кішкентай ақ, сұр, қызыл, жасыл тастардан
тізген алқалары бар, сондай білезіктер қары мен білегінде де жүр.
Апайтөсіне, жонарқасына, қарнына, қолына, аяғына жəне бетіне қиялдағы
гүлдер мен жапырақтарды толқын жолдармен, иір-иір өрнектермен салған
əр алуан таңбалар жалаңаштықты онша байқатпайды. Таңбасы екі аяққа
сақинадай оралып, жоғарылай келіп ирелеңдеп мықын мен кіндікке шығып
кеудеге жеткенде мойнын созып бір-біріне қарап қалт тұрып қалған екі
жыланды бейнелейтін көсемнің əйелі əсіресе айрықша назар аудартты.
Оның қолынан шыққан кішкене екі жылан білектерін орап барып
жауырынына тоқтаған. Оның тотыққан тəніндегі қаракөк жыландар үрейлі
əсер қалдырады.
Еркектеріне қарағанда əйелдерінің жүзі жылы, бет пішіні əсем, тіпті
кейбіреуі əдемі де, дене бітімі түп-түзу сүмбідей, артық ет жоқ, кілең бір
құлын мүшелілер.
Балалардың бəрі тұттай жалаңаш, екі жыныстың да жасөспірімдері
əйелдердікіндей белдемше тағып алған. Қыздарының белдемшелері кестелі.
Бұлардың шашы кішкентай-кішкентай бұрымға бөлініп өрілген, ал ер
балалардікі еңбегінің тұсына апарып түйілген. Əйелдердің шашы қос бұрым
боп өріліп, омырауына бос тасталады екен де, түрлі-түсті тастармен
безендіріледі екен, бойжеткендердің шашы төрт бұрым боп өріліп,
шекесіндегі екеуі кеудесіне, желкесіндегі екеуі арқасына қоя берілген.
Амнундак жылан таңбалы əйелге ым қағып еді, ол былғарымен тысталған
сандықтан шағын ағаш тостағандар алып шығып, оларды ашада ілулі
тұрған торсықтағы сүттен шүпілдете толтырып, бірінен кейін бірін көсемге
ұсынды, ол меймандарына таратты. Үй иесі ақырғысын өзіне қалдырып,
ерніне тигізе беріп, əсем бір қимылмен басқаларға іш деп ишарат жасады.
Тостағандардағы бұғы сүті болып шықты, аздап ашуға айналған, бірақ аса
дəмді, көптен мұндайды көрмеген жиһангездер оларды басына бір-бір-ақ
көтерді. Тостағандарды тағы да толтырған əйел шанышқыдан шыжылдап
үйтіліп жатқан етті алды да сүйек пышақпен кесек-кесек етіп бөліп, ағаш
астауға салып көсемге берді, ол оны бір-бір кесектен қонақтарына таратты.
Олар ет жеп, оны сүтпен жылжытып отырғанда Амнундак жертөле
тұрғындарына арнап бірдеңе айтып еді, шапшаң сөйлеп кеткендіктен
Горохов ештеңе ұға алмай қалды. Горюнов
көсемнен əлгінде не айтқанын түсіндіруді өтінді. Горохов аударып
үлгеретіндей ақырын сөйлеп Амнундак мынаны айтты:
–Бұғының жайылымы үшін чукчалармен арада ұзаққа созылған соғыстан
əбден зықысы шыққан біздің халқымыз
–онкилондар көп жылдар бұрын сол бір содырлы адамдардан аулақ кетуге
бел байлапты. Əуелі мұз үстімен таяу аралдарға жетіп, жертөле қазып ап,
тыныш тұрмыс құра бастапты. Бірақ жазы да, қысы да көктемі де тұман
болып, жыл он екі ай тұманы ашылмайтын ол жер ұнамапты. Кісі шетінеп,
бұғы қырыла бастапты. Сөйтіп жүргенде құстардың көктемде əрі терістікке
қарай ұшып, күз күйлі қайтқанын жұрттың көзі шалады. Құстар ұшып
жатқан жерге өзіміз неге бармаймыз деп ойлайды олар. Бірде бел
байлағанында – теңіз жібермейді, екіншіде су шала қатып, мұзды боран
бұзып кетіп, қыруар халық, қаншама бұғы қарық болады. Қыстың нағыз
қақаған шағын күтіп, алдымен барлаушылар жібереді. Мұз мықтап қатады
да, тұтас козғалған бұлар осы жерді келіп табады. Ауыр жолдың азабынан
халық аз қалады – мұнда аман жеткені елу бола ма, болмай ма – ол жағын
мен білмеймін.
Ол тұстағы көсем ауру атаулының бəрінен емдеп жазатын ұлы бақсы
болыпты, осы жердің жолын халыққа сол көрсетіпті. Өлерінің алдында ол
бұл арада Үлкен жерден ақ адамдар келгенше алаңсыз-мұңсыз өмір
кешесіңдер депті. Ақ адамдардың қолында аспан əміршілеріндегідей
алыстан атып түсіретін нажағай мен жасын жүреді деп жəне ескертіпті.
Үлкен жерден келген алғашқы ақ адам – сендерді көргенде қарт бақсының
сол сөзін еске алған едік.
ҚҰРМАЛДЫҚ БЕРУ ЖƏНЕ
ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТУ
–Көсемге айтыңыз, – деді Никитаға Горюнов. – Біз ең бейбіт адамдармыз,
ешкімге де қияғымыз бен тұяғымыз тимейді. Бізді де мұнда терістікке
ұшқан құстар алып келді. Сол құстар жаздай жайлайтын жерді ғана көрсек
дейміз. Көре сала өз жерімізге қайта ораламыз.
Горохов бұл сөздерді аударып берді.
–Ал қолдарыңда алыстан жайрататын əлгі нажағай мен жасын бар ма? – деп
сұрады Амнундак.
Осы сауалды бергенде бəзбірдеңені алаңдай күтіп отырғандардың көзі
жатжерліктерге қадала қалды. Горохов Горюновқа аңтарыла қарап еді, ол
былай деді:
–Біздің қарулар қиядағыны қағып түсіретін нажағай мен жасын емей
немене? Ол жайында онкилондар бəрібір біледі. Бізді құдайдың өзі жіберген
деп біліп, қастық бірдеңе ойламасы үшін кезі келіп тұрғанда солай деп, тағы
бір абыройымызды асырып алайық.
–Иə, нажағай мен жасын бар бізде! – деді көсемге Горохов.
Топырлап тұрғандар елеңдесіп, күбір-сыбыр ете қалысты. Жиһангездерге
жақын отырғандар өз-өзінен ысырылып, шалқая берді.
–Аспанның өзі жібергеніне көзімізді жеткізу үшін нажағай мен
жасындарыңды көрсетіңдерші əуелі, – деді көсем. – Бірақ бір өтінерім –
онкилондарды өлтіре көрмеңдер.
–Жасын оты адамдарға тимес үшін тысқа шығайық, – деді Горюнов.
Көсем маңғаздана көтеріліп, есікке қарай беттеді, оған жиһангездер мен
оларды құрмет тұтып, өздерін жырағырақ ұстаған жергілікті жұрт ерді.
–Құрмалдыққа арнаған бұғыны ап келіңдер! – деп əмір берді Амнундак. –
Құдайы садақа үшін оны ақ адамдар атып түсірсін.
Бірнеше онкилон жертөленің сыртына қарай жүгіріп кетіп, үп-үлкен,
солтүстіктікі сияқты ақ бұғыны алып келді, бір сұмдықты сезгендей жануар
өкіріп, төрттағандап жүрмей келеді. Гороховтың нұсқауымен ол жертөледен
екі жүз қадамдай жердегі қазыққа байланды. Жиһангездер мылтықтағы
жарқыншақ оқты əдеттегімен ауыстырып, бір дүркін атып еді – бұғы
мұрттай ұшты. Мылтық гүрс еткенде онкилондардың бəрі құдіретті
жатжерліктерге тағзым етіп, тізерлеп жата-жата кетті.
Амнундак орнынан көтеріліп, осында тұрғандардын бəрі еститіндей етіп,
дауыстай сөйледі:
–Ұлы бақсы айтатын аспан жаушылары сендер екеніне енді көзіміз жетті.
Сыйлы қонағымыз болыңдар, мына баспанамыз, азық-түлігіміз, киімкешегіміз, бұғыларымыз – неміз бар, соның бəрі сендердің қарамағыңда,
жұмсай беріңіздер бəрін де!
Бүгін кешке бақсымыз тəңірімен тілдесіп, аспан жаушыларын сыйлы қонақ
етіп қарсы алғанымызды айтып, онкилондарға мархамат етуін тілеп
табынатын болады.
Сөзін тəмамдап Амнундак қолын маңдайына қойып, жүрегіне апарып
меймандарға басын иді, барлық онкилон соны қайталады. Оған дейін
бұғының жансыз денесі əкелініп, көсемнің аяғының астына тасталды.
Жануардың бүйіріне төрт жерден қадалған оқ орнын көрсетіп, ол тағы да
сөйледі:
–Құрбан малына төрт жай оғының төртеуі де тиіпті. Ал əйелдер, мұның етін
енді кешкі тəуапқа қамдаңдар! Жауынгерлер бақсыны біздің тұраққа
шақырып келсін.
Жертөлеге қайта кірген соң сый-құрмет онан əрі жалғасты: бұғының сүр еті
мен сүтіне қоса су жаңғағының жемісінен жасалған ұннан пісірген шелпек
пен қуырған бидайық баданасын берді. Нан, шай, темекі дегендерді
онкилондар атымен білмейді екен, қоржыннан алып ұсынған кепкен нан
мен шақпақ қантты қолдан-қолға түсірмей иіскеп көріп, дəмін татып таңтамаша қалысты. Тамақтан кейін Горохов пен Ордин тартқан қорқор оларды
тіпті айран-асыр етті. Көршілерін түшкіртіп, жөтелтіп берекесін кетірген
түтінді ақ адамдардың шімірікпестен жұтуы онкилондарды біраз
үрейлендірді де. Олардың отқа ілген бақыр құманы тіпті керемет
таңырқатты; онкилондардың ыдыс-аяғы ағаш пен балшықтан жасалыпты,
суды қыздырылған таспен жылытып, етті соған пісіреді екен. Өздерінде де
аз болғандықтан жиһангездер қантсыз берген шайды татып көрген
онкилонның ешқайсысы да ұнатқан жоқ. Бір кесе шайды əрең тауысқан
Амнундак торсықты нұсқап, анадағы ас əлдеқайда дəмді екен деді.
Балталар мен аңшылық пышақтарын да олар қызыға қарады, сипап жүзін
байқап, жалтырап тұрғанына, онкилондардың тас балтасы мен сүйек
пышақтарындай емес, берік əрі дəл ұратынына таңданды. Амнундактың
ымымен əйелі сандықтан тұрпайылау жасалған бір темір пышақты алып
берді, түгел тот басқан бұл дүниені олар аса асыл мұра есебінде сақтағаны
байқалып тұр.
Оны меймандарына көрсетіп, көсем былай деді:
–Біздің бабаларда осындай пышақ, балта, найза мен жебенің ұшы болған,
бұларды өздері жасай білмей, якуттардан айырбасқа алса керек. Мұнда
келген соң ол бұйымдар бірте-бірте сынып, бүлініп пайдалануға жарамай,
ақыры онкилондар құралды қайтадан тас пен сүйектен жасауға кірісті.
Меймандардың аяғына басын салып жатқан Крот пен Белуха алғаш
онкилондарда үрей туғызды. Сосын Горохов бұларда ит неге жоқ деп сұрап
еді, Амнундак былай деп жауап берді:
–Біздің бабалардың чукчалармен қырқысы осы бір касқөй мақұлықтың
қырсығынан басталыпты. Бабаларымыз бұғы өсірген ғой, бұғыға шаба
берген соң ит ұстамаса керек. Теңіз жағасында тұрып бабаларымыз бұғы
өсірумен, морж, балық, итбалық аулаумен айналысқан, баспананы теңіз
ағызып əкелген ағаштан құрап салған. Өстіп өмір сүріп жатқанында
чукчалар келеді: оларда ит көп те, бұғы жоқ. Бізді олар балық аулайтын, аң
қағатын жерімізден тықсыра бастайды, итке балық жетпей қалса,
бұғымызды тартып əкетеді. Осыдан келіп соғыс басталады. Чукчалар көп те,
біз азбыз.
Əлсізге ықпақ керек, əрине. Осылай біз ол арадан кетіп, осында келдік.
–Осында қанша онкилон тұрады? – деп сұрады Горохов.
–Күллі осындағы халқыңызды айтамын, – деп қолын бұлғап отырғандарды
нұсқады.
–Бұл тектес тұрақ бізде жиырма, – деп күлді Амнундак.
–Əрқайсысында бір ру, жиырма-отыз адамнан.
–Басқа қоныстар қайда?
–Əр жерде. Бұғыларға жайылым керек, сондықтан кісіге де, бұғыға да жер
тарылтып, бір араға сығылыса беруге болмайды ғой.
–Əр руда да сен секілді көсем бар ма?
–Жоқ, онкилондардың басты көсемі менмін! – деп мақтана айтты
Амнундак. – Менің тұқымым ең үлкені. Алайда əр мекеннің өз басшысы –
рубасы бар.
Шынында да, мына жертөленің тұрғындары əйелдер мен бала-шағаны
косқанда алпысқа жетіп жығылады екен. Басқа мекендерде жуық мəнінде
жиырма бестен адам тұрғанда Санников жерінде бес жүз отыз онкилон бар
екен деп, ойша санап шықты Горюнов.
Ас ішіп, əңгіме құрумен уақыт озып, күн де кешкірді. Күн ұясына қонар
алдында жертөле маңына бұғылар табынын айдап келіп саууға кірісті.
Жиһангездер қарап тұр, сауынға қыз-келіншектер түгел қатысты, ағаш
шелегін сүйреп ұрғашы бұғылардың бірінен соң бірін сауып жатыр, Тегі,
табында ең кемі екі жүз тұяқ бар. Табын түнде алаңқайда түнеп, ит-құстан
сақтанып, жауынгерлер кезек-кезек күзетіп шықты.
Ымырт үйірілген соң бəрі жертөлеге қайтып кірді. Бірнеше шақырым жерде
бөлек тұратын бақсы да келді. Бұл ұзын бойлы, тыриған арық, жағы суалған
шал екен, түксиген қабағының астынан өткір көзі тінте қарайды. Куннің
мамыражай жылылығына қарамай үстіне жүнін сыртына қаратқан ұзын тон
киіпті, жағасынан беліне дейін тағылғап қайыста жезден, темірден жасалған
нетүрлі сылдырмақтар саусылдап, əбден қажалып ақжем болған таяқша
салбырайды, сірə, барлығы да баяғыда құрлықтан бірге келіп, бір бақсыдан
бір бақсыға мирас болып қалып отырса керек. Қолында қызыл, қара
қайыстармен кестеленіп, темір сылдырмақ тағылған шағын даңғыра бар.
Түгі түсіп бітуге тақалған шошақ бөркі шашын басып, көрсетпей тұр.
Көсемге иіліп сəлем беріп, киімі оғаштау адамды көргенде, абалап қоя
берген иттер мен жатжерліктерге тінтіне қараған бақсы лаулап жанған
оттың басына барып оқшау отырды. Даңғырасын жерге қойып, бірдеңелерді
өзінше күбірлеп, саудыраған қу сүйек саусақтарын отқа қақтады. Берген
белгісі бойынша əйелдер тостағанмен сүт ұсынып еді, алғашқы ұрттамын
отқа бүркіп, бақсы оны ішіп алды.
От үстіндегі істікте кесек-кесек боп бөлінген бұғы еті үйтіліп жатты. Оның
қасындағы дөңгелек ағаш ыдыста отқа қыздырылған тастар əлсін-əлсін
салынып, бұғы сорпасы мен бидайық ботқасы пісіп тұр. Бір əйел екі таяқпен
қызған тасты сорпаға салып, сорпадағыны отқа алып қойып күнұзақ
сонымен əуре боп жүр.
Ұсақ туралған ет пісті-ау дегенде оттан алынып, сорпа құйылған аяққа
салынып, тəп-тəуір жасалған шанышқымен қоса көсем мен бақсыға жəне
меймандарға берілді. Сорпаның дəмін татып көріп жиһангездердің онда
атымен тұз жоқ екеніне көзі жетті. Сорпаға салғалы қоржындарынан тұз
алып еді, онкилондар тəтті бірдеңе ме деп оны да қолдан-қолға түсірмей
қағып əкетті. Татып көріп түкірініп, мынау ап-ащы нəрсемен ақ адамдардың
сорпаны бүлдіретініне таңырқасты. Сорпадан кейін үйткен ет пен су
жаңғағынан жасалған шелпек берілді, кешкі ас бір-бір тостаған сүтпен
тəмамдалды. Ыдыс-аяқ жиналғаннан кейін, жанып болған от басқа жерге
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жұмбақ жер - 07
  • Parts
  • Жұмбақ жер - 01
    Total number of words is 3932
    Total number of unique words is 2148
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 02
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2295
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 03
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2134
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2123
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 05
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2113
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 06
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2291
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 07
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2221
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 08
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2202
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 09
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2237
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 10
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2282
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 11
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2162
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 12
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2289
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 13
    Total number of words is 4043
    Total number of unique words is 2065
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 14
    Total number of words is 4003
    Total number of unique words is 2161
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 15
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2103
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 16
    Total number of words is 4127
    Total number of unique words is 2014
    37.1 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 17
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2101
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 18
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2188
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 19
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2376
    28.9 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    49.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 20
    Total number of words is 621
    Total number of unique words is 482
    41.4 of words are in the 2000 most common words
    53.4 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.