Latin Common Turkic

Жұмбақ жер - 08

Total number of words is 4033
Total number of unique words is 2202
33.9 of words are in the 2000 most common words
47.7 of words are in the 5000 most common words
55.8 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
кірісті. Никифоров иттеріне көп ет жинап, аю терісін жаңа жайына төсеу
үшін жиһангезден алып кетпек болды. Сондықтан олар артынан іле барамыз
деп онкилондарды үгіттеп, мұны тура көсемнің үйіне жеткізуді өтінді.
Ондағысы жасауылдардан бір күн бөлек жүріп, вампулар мекенін барлау
еді. Оларды Амнундак ұсынғандай, соғыс жағдайында емес, жай бір көруге
құмартты.
ВАМПУЛАРМЕН ТҰҢҒЫШ ТАНЫСТЫҚ
Аюдың басын еттен арылтып, қоймаға жасыруға тиіс Никифоровты жалғыз
қалдырып, жиһангездер ойпатты жиектей отырып терістік-шығысқа бет
алды. Алғашқы сапардан таныс жерлерді көктей өтіп, түске тармаса олар бір
ашық алаңға шықты. Оның дымқыл топырағынан көлге таяу тұста өгіз бен
жылқы тұяғына қоса жалаңаяқ адам ізін тапты. Бұл онкилон ізі емес, себебі
олар аяқкиімсіз жүрмейді. Жəне мынау табанның таңбасы тым үлкен,
башпайлары əдеттегіден əлдеқайда ұзын, бірінші жəне екінші
башпайларының арасы едəуір алшақ.
Терістік-шығысқа қарай кеткен ізге иттерді салып жиһангездер тағы да екі
алаңқайдан асып, үшіншісіне жақындағанда шуылдаған дауыстар есітті.
Иттерді қарғысынан жетелеп, орман бауырына абайлай жетіп жазыққа көз
тастап еді: вампулар жүр. Сегіз адам шөпте жатқан бір қараны айналып
билеп жүр, онысы соғып алған ірі хайуан болса керек. Вампулар түгел тыр
жалаңаш, денесі қоңырлау, түкті. Жалбыраған шашы иығына түсіп, бетаузын келте сақал-мұрт басқан. Бір қолына қысқа найза ұстап, бір қолында
– шоқпары, бір орнында секіріп, аяғын алға, артқа сілтеп, қолын сермеп
билеп жүр. Би ырғағымен «Ой-го-го!», «Ай-ду-ду!» деп бірер сөзді əлсінəлсін қайталап, айғайлай береді.
Би он минутқа созылды, сосын вампулар олжасын айнала қоршап, терісін
сыпыра бастады. Қызығы, енді келді: əрқайсысы қаны сорғалаған жылы
еттен кесіп-кесіп алып қарбыта асай бастады. Қарны тойғасын ғана олар
олжасының қолын қол, жілігін жілік етіп, қара кесек тұсын кесіп алып
теріге орап, жетеуі алаңқайды басып, шығысқа қарай жөнелді, сегізіншісі
қалған етті күзетіп орнында қалды, төбесінде екі бүркіт оған қайта-қайта
шүйіліп қалықтап жүр. Жүресінен отырып ап етке құныға түскен күзетші
төрт кісі мен екі иттің ту сыртынан білдіртпей жетіп келгенін байқамай
қалды. Крот ыр-р ете қалғанда ғана жалт қарады. Əуелі ол тұра-ақ
зытпақшы еді, бұрын көрмеген, онкилондарға еш ұқсастығы жоқ адамдарға
аңтарылып, олардың кезене ұстаған жылтыр таяқтарына, қасына ерген
қасқыр сияқта екі мақұлығына қарап, пышағын түсіріп алып, қолында бір
кесек еті, қорыққанынан қалшылдап отырды да қойды.
Тереңге орналасқан кішкентай шүңірек көзі оның аласа маңдайын екі
доғаға ұсатып көрсетеді, аңқиған аузынан аппақ тісі ақсиып, кесек азулары
байқалады, қысқа иегі жүзіне тағылық таңбасын тепкізіп тұр. Ұзынша ақ
таяқша өткізілген танауы делдиіп, мұрны жапырайып жатыр, құлағы ұпұзын, сүйектен дөңгелетіп жасаған сырғасымағы оны созып иығына түсіріп
тұр. Мойнында аю мен қабан тісінен тізілген алқасы бар.
Вампу мен жиһангездер бірнеше минут бойы үн-түнсіз бір-біріне карасты
да қалды.
Кенет тағы адам атып тұрып, жартылай бұзылған өгіз етін бір-ақ аттап,
дұшпан жоқ жақпен кеудесін алға төсеп ата жөнелді.
–Қап, айырылып қалдық-ау! – деп өкінді Костяков. – Ұстап алып қолын
байлап бірге ала кету керек еді.
–Оңайлықпен байлата қойса! – деп күлді Горюнов. – Бұлшық еті мен тісі
қандай екенін көрдіңіз бе? Біздің оған төртеулеп əліміз жетпейтіні хақ. Ол
біреуіміздің желкемізді үзіп, не кеңірдегімізді орып кетер еді.
–Ұстаған күнде де оны қайда апарамыз? – деп сұрады Ордин.
–Тұтқында ұстап байқап, тілін түсінуге тырысар едік, мінез-құлқын зерттер
едік. Көне тас дəуір адамының тілі мен мінез-құлқын зерттегеннен қызық не
бар. Əне, қаруы қалыпты, қараңыздаршы.
Вампу найзасы мен шоқпарын шөпте қалдырып кетіпті. Найзасының
ұзындығы бір метрдей, сабы түп-түзу ақ қайың, сəл үңгіген ұшына өрескел
сомдалған ұзынша шақпақ тас қыстырып, түсіп қалмас үшін оны көн
қайыспен шандып бекітіп қойған. Шоқпары əлгіден жуыр ағаштың түп
жағы, сыпталған түбірінің жуандығы түйілген жұдырықтай.
Шоқпардың ұзындығы жетпіс сантиметрдей, əлеуетті қолда, əсіресе, қол
төбелеске таптырмайтын қаһарлы қару мұнымен кісінің басын күлпəрше
ғып, өгіз иə жылқыны талдырып түсіруге болады. Бұрынырақ кеткен
вампудан қалған басқа шоқпардың басына үшкір, қырлы шақпақ тас
байлаған, онысы ірі хайуанның басына тисе, тесіп өтетін түрі бар.
Өгіз өлімтігінің бір жақ қабырғасының еті тұтас сылынып, алдыңғы, артқы
аяқтары шауып алыныпты. Алайда жерде əлі де жарты еті мен басы жатыр.
Əлгі адамдар, сөз жоқ, өз олжасына қайта оралуға тиіс.
–Меніңше, олар мұнда оралмайды: қашқын көргенін айтып үрейлерін
ұшыруға тиіс, – деген болжам айтты Горюнов.
–Бəлкім, олар бізді көруге, болмаса аулап алуға əдейілеп оралар да, – деді
Костяков.
–Жасырынып күте тұрайық, сөйтіп олардың тұрағын көріп алайық, – деп
ұсыныс жасады Ордин.
–Егер олар бізді ізімізге түсіп тауып алса ше? Сірə, олар тəжірибелі ізші
болуы керек, – деді Горюнов.
–Із тастау үшін əуелі батысқа өтейік, содан орман ішімен айналып екінші
жақтан шығалық.
Осы ақылға көніп, ет пен қаруға тимей, жиһангездер алаңқайдың терістік
бетіне қайта жасырынды. Тегінде, тұрақтары онша алыс болмаса керек,
бақылаушылар алаңқайдың шығыс бетіндегі бұта қозғалып, арасынан
барлаушының дудар басын шалып қалды. Өлексеге екі бүркіт қонып, шоқып
жатыр, екеуі бөлек жатқан ішек-қарынмен отыр. Бұдан вампулар алаңқайда
еш адам жоғын бірден байқаса керек, бұта арасынан отыз шақты адам
қаптап шыға келді, арасында оншақты əйелдері де бар. Олар жүгіре басып
өлексеге келді. Бірінен кейін бірі жалп етіп ұшқан бүркіттер алаңқайды шыр
айналып, төбеде əлі қалықтап жүр.
Вампулар өлексені айналып, еттің мұрты бұзылмағанына, қару-жарақтың
орнынан қозғалмағанына қарап, қарадай үрей шақырған қашқынға күлісіп
жатқан сияқты. Шамасы, олар оған бірдеңе елестеген, онкилондар болса
етті тастап кетпек былай тұрсын, күзетшісінің де жоқтауын бір-ақ асырады
деп тұрса керек. Қашқын ақталып керемет адамдардың қай арада қалай
тұрғанын көрсетіп, иттің қандай екенін түсіндіріп, оның даусына салып үріп
те қойды. Сонан соң ғана бірнеше адам өлексенің төңірегін тінтіп,
жиһангездердің ізін тапса керек, сол кеткен жаққа беттеді. Қалған вампулар
етке айналып, қалың ми сүйегін сындырып, ішек-қарынды аршып алды.
Оны арқалап əйелдер кері тұрақтарына оралды да, еркектер із кесіп
кеткендердің соңынан жүгіріп, жолдасының зəресін ұшырған
бейтаныстарды қуып жетуге жанталасты. Алаңқайда өгіздің қабырғасы мен
омыртқасы ғана қаңқайып, бүркіттер шоқитын да ештеңе қалмады.
–Мұнысы жақсы болды! – деп қуанып кетті Костяков.
–Еркектері кетті, біз енді тұрақтарында қалған əйелдеріне қонаққа барамыз.
–Еркектері қайтып келіп сыбағамызды берсін деймісің?!
–деп мырс етті Горюнов.
–Бəрібір бізге енді алға жүруге болмайды: олар біздің онкилондар тұрағына
баратын жолымызбен тартып, олай барсақ, беттесіп қаламыз. Онан да
тұрақтарын көріп алып, түстіктен айналып кетейік.
Тағы адамдар тұрағындағы тұрмысты көру ниеті сақтықты жеңіп, сүрлеуге
түсіп, төртеуі де шығысқа қарай тартты. Жерге тамған қан ізі оларға əйелдер
жүрген жолын нұсқап тұр. Көп кешікпей алдан айғай мен күлкі естілді, олар
тасаланып келіп шағын алаңқайдың ортасынан тағылар тұрағын тапты.
Уақытша ма, əлде жазғысы ма, əйтеуір жалғыз теректің түбінен тұрақ
теуіпті. От жанып жатыр, айналасында əр жастағы əйелдер мен балалар
отыр. Əйелдерінің бойы ерлерінен едəуір аласа, бірақ олардан сымбаттырақ,
түгі де аз, əсіресе кеуде жағы жалаңаштау. Оның есесіне шашы ұзын, бірақ
қобырап жатыр, танауына өткізген таяқша мен астыңғы ерніне, құлағына
тағылған ақ дөңгелекшелер болмаса, жүзі жылырақ көрінгендей, қоңыр
мойнында алқа ағараңдайды. Киім дегеннен бірінде де тұлдыр жоқ.
Балаларының шашы да, түгі де аздау.
Етті таяқшаға шаншып, отқа сəл ғана ұстап, вампулар жеп жатыр. От
басына тақау үлкен тас жатыр, соған салып, үстінен екінші таспен ұрып,
əйелдер миды шағып, борпылдатып сора бастады. Айғай-сүрең салып, мəз
боп күліп, бəрі кəреге батып жатыр.
Əбден тойып алып əйелдер қалған етті бұтаққа іліп, екеуі теріні жерге
төсеп, шақпақ қырғышпен оның шөлі мен қан-жынын сыли бастады.
Басқалары от басына көсіліп, көңілі жайланып мызғуға кірісті. Балалар да
бірін-бірі қуалап асыр салып жүр: біреуі шөпке аунап, мəре-сəре болса,
біреуі маймылға ұқсап, ағашқа шығып, айғай салады.
–Ал біз шыға келсек қайтеді? – деп сұрады Костяков.
–Олар ғой қорқып, тым-тырақай қашады, біз тұрағын көріп, коллекцияға
қару-жарағын, үй заттарын аламыз.
–Олар қашпай, корғанысқа көшсе ше? Кексе əйелдердің өзі жиырма шақты,
əрқайсысының күші біздің кез келгенімізден артық, – деп қарсылық білдірді
Горюнов.
–Мылтықты аспанға атсақ, қорқып тұра қашары шəксіз. Бұлай да бір
тəжірибе жасап көру қызық көрінді де, жиһангездер қаруын кезеп бұта
арасынан шыға келіп, тұп-тура тағылар тұрағына бет алды, иттер төрт
тағандап ойнап жүрген балаларды аңның өзінше бір түрі ме деп абалай
қуды. Мұның əсері мықты болды. Əйелдер атып тұрып, от пен теректің
айналасына топырлады, алдында ғана қашқыннан есіткен ғажайып
адамдарға қарап, аузын ашып аңырды да қалды бəрі. Балалардың иттен
зəресі ұшып, қашып келіп əйелдердің артына тығылды. Алайда əйелдер есін
шапшаң жинап, найза мен шоқпарға жармасты. Біреуі ырылдаған екі иттің
ортасында құлап қалған баласына ұмтылды. Əйел найзамен шанышқанша
Горюнов иттерді шақырып алып
үлгерді.
–Көріп тұрсыңдар ғой, қашу бұлардың қаперінде жоқ, қайта бізге атқалы
найзаларын оңтайлап, көтеріп алды, – деп ескертті Ордин.
–Кешігіп қалмай, атуға тура келер. Егер біз кері бұрылсақ, қорықты деп
ойлап, артымыздан тап беруі мүмкін, – деді Костяков.
–Иə, ойынды бастауын бастаған екенбіз, енді ұтып шығу керек, – деді
Горюнов. – Екі оқты əйелдердің басынан асыра атып, екеуін сақтықта
ұстайық.
Костяков пен Ордин атып қалды, əсері адам айтқысыз болды: өздеріне
қаратқан жылтыр таяқтан жарқ етіп шыққан от пен түтінді көріп, гүрс еткен
дыбысты есіткен бойда əйелдер найзалары мен шоқпарларын тастай беріп,
тізерлеп жата кетті де, зар еңіреп жалбарынып, жалына қолын жайды,
балалар өкіріп қоя берді.
–Жарайды, мұны мен күткен жоқ ем! – деп дауыстап жіберді Костяков. –
Олар тұра қашып, біз қалағанымызды алатын шығармыз деп ойлағанмын.
–Енді оларға ептеп жақындап, құдай болып көрінуіміз ғана қалды, – деп
ұсыныс айтты Ордин.
–Қай құдай, олардың найзасы мен шоқпарын қымқыратын құдай ма? Одан
да алдымен мылтықты оқтап алалық.
Мылтықтарын оқтап алып, жиһангездер салмақпен басып тізерлеп жатқан
əйелдерге жақындады. Он-ақ қадам қалғанда, балалар дүрбелең туғызып,
үрейленіп орманға қарай тұра қашты. Бірінен соң бірі əйелдер де солардың
соңынан тартты. Орнында бетін жерге төсеп, тұла денесі дірілдеп, бір ғана
əйел қалды.
Жақындап келіп жиһангездер оған үңіле қарады. Оның арқасын қысқа сирек
түк басыпты, табаны мен алақанында ештеңе жоқ. Табанының терісі
қалыңдығы мен қаттылығы жөнінен мүйізге ұқсайды, үлкен башпайы
басқаларынан бөлек оқшау тұр, арқасына қарағанда балтыры мен білегінің
жүні қалың. Алдынан қарағанда түгі аз, беті мен кеудесі тіпті тап-таза, бірақ
сақал-мұрт болмаған соң кем иегі еркектерге қарағанда көзге көбірек ұрады,
оның есесіне көзінің үстіндегі доға білінер-білінбес. Алайда ат жағы,
шүңірек көзі, таяқша өткізілген жапырайған мұрны, дөңгелек ақ сүйекпен
дүрдите тартылған ерні сұлулықтың ауылын онан алыстатып тұр. Сабын,
тарақ дегенді ғұмыры білмей қобырай дудыраған шашының арасында шөп
сабағы ма, жапырақ па – əйтеуір жоқтан өзгенің бəрі жүр. Ал бұлшық еттері
əйелдің əлеуетті екенін аңғартып-ақ тұр.
Бейшара əйел ақыры тыншыды, бақса, оның бір аяғы мықты қайыспен
терең қағылған қазыққа тас қып байлап тасталған екен. Оның басқа
əйелдермен неліктен бірге қашпағанының себебі енді айқындалды. Зайыры,
ол бірдеңе үшін жазаланса керек.
Екі шоқпар, екі найза, май баттасып, қанмен күреңіткен дөрекілеу ағаш аяқ
пен қырғыш алып, оған əйелдің мойнындағы алқасын қосып ала кетуге
айналғанда, бəрін Горюнов кідіртті.
–Мынауымыз тұп-тура тонау болып шықты. Əйелдерді өлердей қорқытып,
аз ғана мүлкін сыпырып алып кеткеніміз жөн болар ма екен?
–Ой, бұл бас пайдасы емес, ғылым үшін ғой, – деп қарсыласты Костяков.
–Дегенмен жақсы емес. Орнына бірдеңе қалдырып кету керек.
Қоржындарын ақтарып, кішкентай айна, шыны моншақ, сынық бəкі мен
дəрінің темір қалбырын алып, оған екі бос гильзаны қосып, əлі де көзін
жұмып жатқан əйелдің қолының қасына тастады. Содан сон білдіртпей
басып орманның бауырына барып жасырынды да, бақылауға кірісті.
Біраз уақыт құлаққа ұрған танадай тыныш болып тұрды. Содан соң əлгі
əйел басын көтеріп, бейсауат адамдар кеткеніне, өзіне еш залал
келтірмегеніне көзі жетіп, айнала бір қарап алды да, екі саусағын аузына
салып, ұзақ ысқырды. Жауап ретінде орман жақтан да ысқырық естіліп,
ұзамай əйелдер жүгіріп бірінен соң бірі келе бастады. Олар жақындағанша
жаңағы əйел жерде жатқан, жалтырап көз тартатын заттарды көріп, бірақ
бас салуға қорқып, қолын соза беріп, күйдіріп кететіндей тартып алып, əуре
болды. Ақыры, жеңсігі жеңіп, заттарды кезек-кезек ұстап, аудара қарап,
иіскеп, таңдана шыңғырып жіберді. Жүгіріп жеткендер де оларды қолданқолға түсірмей, айғайласып, дауласып жатты. Алқасынан айырылған əйел
шыны моншақты мойнына
сала беремін дегенде, екі əйел кеп таласып тартты да, жібі үзіліп моншақтар
жерге домалап кетті. Бəрі үйме-жүйме болып, моншақты теріп, қолына
түскендері оны аузына тығып, əлек-шəлегі шықты.
–Біздің сыйлығымыз бəле боп жабысып, əйелдер өзара төбелеспесе
жарайды ғой, – деп күлді Горохов.
Алайда жиһангездер олардың дауы мен бөлісінің ақырын күткен жоқ,
вампуларға жолығып қалмас үшін түстік-шығысты бетке алып тартып
берді. Түнде бір алаңқайға қонуға тура келді де, Амнундактың қосына
ертеңіне түске таман жетті. Ол ертемен əр бағытқа жоқшылар жіберіп, ақ
адамдар адасып кетті ме екен, əлде уəдесін бұзып, тайып тұрды ма екен, –
деп қауіптеніп отыр еді. Меймандардың қолынан вампулардың найзасы мен
шоқпарын танып, олардың қайда болғанын білгенде, бейқамдықтары үшін
қатты кейіді. Онкилондар төртеуден-төртеу вампулардың жеріне аяқ басуға
ешқашан тəуекел етпес еді деп ескертті.
Жаңа жайын өздері жоқта сақадай-сай етіп қойса да жиһангездер ол күні
көсемнің жертөлесіне қонып шықты. Бастан-аяқ онкилондарша тұрмас
үшін олар осы жолы базадан шай-қант, киім-кешек, ыдыс-аяқ ала келіп,
дұрысырақ өмір сүруді ойлады.
ЖАР ТАҢДАУ ТОЙЫ
Келесі күні онкилондардың көктемнің кемел тууын, жыл құстарының
келуін, солтүстік бұғыларының бұзаулауын атап өтетін көктем тойы болуға
тиісті. Алаңқайға алакөбеден-ақ барлық мекеннен ағылып жауынгерлер
келе бастады, үйде тек кемпір-шал, бала-шаға мен бұғы күзеткен
бақташылар ғана қалды. Келгендер орман жиектей ру-руымен жайғасып, от
жақты, əйелдер ас қамдап, ерлер жарысқа қажет қаруларын сайлады. Бір
ошақтан бір ошаққа қыдырып, жаңалықтарын ортаға салысты.
Онкилондарға жазылмыш бақытсыздықты жуықтатпас үшін бірге қалуға
келіскен, қолында нажағайы мен жасыны бар жатжерліктерді көру үшін
жауынгерлер топ-тобымен Амнундактың жертөлесіне кезек-кезек кіріпшығып жатты. Алғашқы күндердегідей емес, əңгіме енді еркінірек өрбитін
болды, себебі Горохов ұмыта бастаған чукча тілін есіне түсіріп, басқалары
да бірдеңе түсіне бастады. Жертөленің бұрынғы өз тұрғындары шығып кетті
де, көсемі бастаған бір ру тұтас келіп, үйдің екі бүйірі мен босағасына
жайғасты, алдыңғы қатарға ерлері малдасын құрып, артқы жағында
əйелдері түрегеп тұрды. Құрметті орында отырған Амнундакқа, бақсы мен
жатжерліктерте ру көсемі өзінше тарту-таралғы əкеліп, бұлғын мен түлкі
терісін, түрлі-түсті тастардан жасалған моншақ жəне тас балта ұсынды –
соның сыбағасына қыран-қауырсынын алып, өз шашына қыстырды. Жалпы,
рубасыларының жасын шашына қадаған осы қауырсынын санап білуге
болады екен. Олардың кейбіреуінің шашы бурыл тартқан, бірақ күш-қуаты
əлі нығыз сияқты, шашындағы жиырма-отыз қауырсынына қарап тұтас бір
желпуішті көз алдыңа келтіресің.
Жағалата сұрай отырып жиһангездер мұнда рубасылық атақ мұрагерлікпен
берілмейтінін білді: əр ру өз адамына батылдығы мен батырлығы, аң аулау
мен соғыстағы ақжолтайлығы үшін ғұмыр бойына немесе қартайып
тұғырдан түскенге дейін көсемдікті береді. Қартайып қайраты қайтқан
көсем биліктен өзі бас тартып, жаңа басшы сайлатады да, сол мекеннің
құрметті адамы болып қала береді. Көсем қазаға ұшыраған жағдайда жедел
жаңасы сайланады. Сол сияқты күллі онкилондардың көсемі деген атақ та
мұрагерлік бойынша берілмейді: оны рубасылары өз ортасынан сайлайды.
Айтқандай, бүл құрметті ғана атақ: басқа рубасылар сияқты бұл да өз
тұқымын басқарады, тек руларындағы арасы дау-дамайды ғана шешіп,
бірлесіп аң аулау, тағыларға шабуыл жасау шараларын белгілейді. Ал дау
дегеніңіз, ара-тұра бұғы жайылымы мен қыз алып қашу төңірегіндегі
болмаса, аса сирек.
Жертөледе бірге тұратын əрбір ру өзінше кішігірім коммуна, үй-орманы да,
мал-мүлкі де, жиған-тергені де түгел ортақ. Əйелдер асты бірге істеп, теріні
бірлесіп илейді, киімді бірігіп тігеді, жеміс-жидек, қозықұйрық теруге де
бас қосып шығады, ерлер де солай: табынды бірге бағып, күзетеді, қаружарақты қосылып жасайды, аң қағу, балық аулауға, тағылармен соғысқа
қатар аттанады, отын-суды бір жүріп əзірлейді.
Он тоғыз ру жатжерліктермен жүз көрісіп, жертөлесіне кіріп-шыққан соң
меймандарын Амнундак алаңқайға келгенде бақсы данғырасын қағып,
тойдың басталған белгісін берді. Əйелдер, қыздар, жеткіншектер жəне
жақын мекендердің азын-аулақ кəрі-құртаңы жертөленің екі жағына орман
барқынын жиектей отырды. Бір шетте ерлер ру-руымен жасақ құрып, сапқа
тұрып жатыр. Екінші белгі берілісімен жасақтар əскери би орындап бірінен
соң бірі көсемнің алдынан өте бастады, қолдарында найза, садақ, дулыға,
арқаларында жебе толы қорамсақ. Биінің түрі найзаны лақтырып қағып
алып, садақ тартып, секіре беру, барлық жасақтағы қимыл бірдей, сəнін
келтіріп тұрған сонысы ғана. Биіктігі екі метр, жуан теректің түбірінен
ойылып, мүйізтұмсықтың көнімен асты-үсті түгел қапталған, үстінде
бірнеше тесігі бар барабанды тоқпақпен соғады екен кеп, əскери əуенінің
түрі содан шыққан дүңгір. Бұндай барабан əр руда бар екенін соның
көмегімен жедел маңызды хабарлар телеграф сияқты тайпаға əп-сəтте
тарайтынын жиһангездер енді білді. Барабанның қатты күңгірт үні бірнеше
шақырым жерге жетеді.
Би кезінде жиһангездерге онкилондардың əскери күшін санап білуге
мүмкіндік туды, олар төрт жүз – төрт жүз елудің аралығында екен, əр руда
жиырма-отыздан жауынгер бар. Бақташылар мен кемпір-шал қатын-қалаш,
бала-шағаны қосқанда тайпада мың екі жүз – мың жарым адам болып
шығады, бұл Амнундактың бастапқы сөзі бойынша əр руда жиырма-отыз
жан бар деген сөзімен санағандағыдан əлдеқайда көп, бақса ол тек
жауынгерлерді ғана айтқан екен, қалғандарының санын тіпті білмесе керек.
Іле биден кейін найза лақтыру мен садақтан ату жөнінен жарыс басталды.
Найза лақтыру үшін алдымен биік екі қазыққа ұзын қайыс арқан керді. Оған
қырық қадам жерге келіп бір ру бір рудан кейін қатар түзеп, бүкіл
жауынгерлер арқаннан асыратындай етіп бір-бірден найза лақтырды. Үш
рубасыдан тұратын төрешілер алқасы межеден асқан, аспаған найзаларды
түгел санап шықты. Найзалары арқаннан ең көп асқан ру жеңімпаз деп
танылды. Садақтан ату жөніндегі жарысты бастар алдында найза ұшына
жабайы жылқының терісін ілді, жон арқадағы қара жолақ нысана болып
белгіленді. Əр ру нысанадан елу метр қатар түзіп, жауынгерлер бір-бір
оқтан шығарды. Қара жолаққа тиген жебе ғана есепке алынып, көп тигізген
ру жеңімпаз деп танылды. Оның құрметіне барабан гүрс-гүрс қағылып,
көрермендер айғайлап қошемет көрсетті.
Сонан кейін күрес басталды. Екі рудан кезектесіп бірдей адам бөліп,
қарама-қарсы сап құрды; одан екі-екі адамнан шығып белдеседі де, барабан
бес-он мəрте біркелкі қағылғанша бірінің жамбасын бірі жерге тигізеді.
Тағы да қай жығысы кем ру жеңімпаз саналады. Күрес біткеннен кейін
төрешілер алқасы жарыстың түр-түрі бойынша жеңіп шыққан рулардың
атын Амнундакқа хабарлады, сосын барлық рубасыларымен бірге жинаған
ұпайына қарай рулардың орнын анықтады. Осыдан соң рулар дөңгелене сап
құрып, ортасына Амнундак шықты да, əлгі орындарды жариялады.
Алдыңғы он орынға ие болған рулар айғай-қиқу салып мəз боп қалды да,
қалғандары ұялып жерге қарады. Көсем өз орнына оралғасын рулар əскери
биді қайта бастады, бұл жолы жеңгендері алға шығып, жеңілгендері артқа
ысырылды, ал көрермендер тек алдыңғыларға ғана қошемет көрсетті.
Жеңіліс тапқандар енді бір жылдаң соң ғана қарымта қайтара алады,
сондықтан бұл жарыс жауынгерлердің ұдайы жаттығып, денесін
шынықтыруын, əскери рухын биік ұстауын талап етеді.
Əйелдер ет қуырып, сорпа мен шелпек пісіріп қойған еді, онкилондар биден
кейін көлеңкеге отырып, асқа бас қойды. Рубасылар меймандармен бірге
Амнундактың жертөлесіне жиналды, олар ас үстінде де жарыстың
нəтижесін талқылап, жеңілгендер сəтсіздігінің себебін айтып, ақталып
жатты. Бəрі де түскі астан кейін жатжерліктердің нажағай мен жасынын
көрсетуін өтінді.
Екі сағаттан кейін жас жігіттерді жар таңдау жарысына шақырып, барабан
қайта дүмпілдеді. Бойдақ жауынгерлер əр руда екі-үштен ғана екен, енді
олар ру-ру болып емес, түгел қосылды жарысқа. Əуелі найза лақтыру
қайталанды, өз кезегімен əркім үш найзадан лақтырды: содан сон садақ
тарту басталды, əркім үш жебеден атты. Төрешілер тəртіпті бақылап,
тигізгендерді белгілеп тұрды, содан соң нəтижесіне қарай жеңімпаздар реті
айқындалды. Егер бір орынға екі, үш адам бірдей ілігетін болса, жеңімпаз
белдесіп ұстасу арқылы анықталды. Ақыр аяғында реті де айқындалды, сол
тəртіппен сапқа тізілгенде үміткерлер қырық жеті болып шықты.
Барабанның жаңа дабылымен көрермендер арасынан жасы жетіп, жар
таңдауға жарап қалған қыздар көтерілді. Үйдегідей үстіне не болса соны іле
салмай, əйелдерге ұқсап олар да тойға қызыл-жасыл жіңішке таспамен
кестеленген жеңіл тері шалбар мен кеудеше жəне торбас киіп келіпті.
Бұрымдарын гүлмен безеп, басына шеңбер-гүл киіп алыпты. Бірақ көрімге
келгенде олар киімін сыпырып тастап, жас жауынгерлерге өрнектаңбасының əсемдігін, сымбат-мүсінінің мінсіздігін көрсету үшін жалғыз
ғана белдемшемен шықты. Олар рубасылары отырған көсем үйінің
қарсысына келіп сап түзеді. Амнундак орнынан тұрып былай деді:
–Қыздар, бізге тəңірінің жаушысы болып қолында нажағай мен жасыны бар
ақ адамдар келгенін есіттіңдер ғой. Бабаларымыз айтып кеткен
бақытсыздықтан онкилондарды сақтау үшін олар бізбен бірге тұрмаққа
келісті. Ештеңеден мұқтаждық көрмесі үшін біз оларға баспана, азық-түлік
жəне жар-жолдас тауып беруіміз керек. Бұлар қалыңдықты сендердің
ортаңнан таңдайды. Қалауы қайсыңа түссе де, ризалық беріңдер. Мен
сөйлеп болдым.
Бұл сөзге қыздар қайран қалған жоқ, себебі мұндай хабар мекен-тұрақтарға
бұрын-ақ тараған. Төртеуіне жары болу бұйырып тұрған қыздар тойға келеақ, жатжерліктерге ынтыға қарап, көз айырмай қойған. Дегенмен кейбір
қыздардың жас жауынгерлер арасында сүйіп, көңіл қосқандары да болатын,
олар қонақтардың таңдауы түсе қоймас деп жұбатты өздерін. Сондықтан
Амнундактың сөзіне қыздар қатарынан бірауызды жауап қайтты:
–Таңдаса таңдасын, біз бəріміз де ризамыз!
–Мына аралдағы жағдайымыз аяқ астынан қиындайын деді-ау, – деп дал
болды Ордин. – Əйел алып онкилондарға байланып қалатын болдық. Не
істейміз?
–Меніңше, онкилондарды ренжітіп алмас үшін көңілін жықпай, достық
қарым-қатынасымызды үзбеуіміз керек, – деді Горюнов.
–Сонда шынымен-ақ таңдап қыз аламыз ба? – деп аңтарылды Костяков.
–Біз былай жасаймыз, – деді Горюнов. – Бұларға біздің елде үйленетін жігіт
пен күйеуге шығуға келіскен қыз бірімен-бірі жақын танысуы керек,
сондықтан олар жарты жылдай немесе бір жылдай бір түндікте бірге тұруы
керек, сол мерзімнің ішінде олар бір-бірін етене жақын біліп, ортақ өмірін
ұнатса, үйленуіне болады дейік.
–Тамаша! Міне, мынауыңыз табылған ақыл! – деп қуанып кетті Ордин. –
Осы ұсынысты енді көсемге айтып, біз өз еліміздің дəстүрі бойынша
таңдаймыз қалыңдықты дейік.
Жиһангездердің қалай шешкенін Горохов Амнундакқа жеткізді де, ол
келіскен сыңай танытып, оны сөзімен де білдірді:
–Ақ адамдар, мен сендердің қалауыңа келешекте жар боп ұнайтын
қыздарды тартамын.
Жиһангездер орнынан қымсына көтерілді, қысылмасқа да жөн жоқ: қарсы
алдында қылымсып, құлын мүшелі елу қыз қатар түзеп тұр, дені үріп ауызға
салғандай, таңдау да оңайға түсер емес. Амнундакка еріп, олар əуелі сапты
сүзіп шықты, сұлуларының алдына келгенде əрқайсысы-ақ бір-бір толқып
алды. Бірден таңдап үлгерген Горохов қана болды. Ол қу орта бойлы бір
қызды анадайдан көздеп тұр екен, жанына жетіп барып:
–Мен осыны қалаймын! – деп қолын созды.
Жүзін қолымен жауып сықылықтаған қыз саптан шығып, Гороховтың
қасына кеп тұрды. Таңдау бірінші түскен қыз сол болды да, құрметіне
барабан соғылды.
Қалғандары саптың шетіне шыққанымен ешқайсысын түстеп көрсетпеді.
Бұған қайран қалған Амнундак:
–Ақ адамдарға біреуі ғана ұнағандай біздің қыздар шетінен ұсқынсыз
болғаны ма? – деп сұрады.
–Жоқ, қайта қарап тұрғандай сұлулары тіпті көп, – деді Горюнов, –
сондықтан таңдау қиын соғып тұр. Оның үстіне біз таңдайтын қыз өз
қалауымен емес, сенің бұйрығыңмен разылық береді-ау деп қорқамыз. Бізде
ерлері алдымен жар етуге таңдаған қызының келісімін алады.
–Ə-ə, демек, сендерді алдымен қыздың таңдағанын қалайды екенсіңдер ғой.
Онда, жақсы! Таңдауға құлықтыларын қазір түгел шақырайын. Ал, қыздар,
мына ақ адамдар сендер шетінен сұлу деп таңдауға жүрексініп тұр. Олай
болса, ақ адамға жар болуды қалайтын қыздар алға шықсын.
Қыздар арасынан əзіл-күлкі естілді, кейбіреулері бірден алға шығуға
батпай, салмағын бір аяғынан екіншісіне ауыстырып тапыршып қалды.
–Ал не тұрыс! – деп дауыстады Амнундак. – Сонда ешқайсыңның да
қонақтарға косақ болғыларың келмегені ме? Ашуланып олар онда кетіп
қалуы кəдік. Өйтсе біздің жұрт бақытсыздыққа тап болады.
Осы сөз əсер етті де, қыздардың жартысынан астамы жайнаң қағып алға
шықты.
Сол қарбаласты пайдаланып жиһангездер қалағанын көрсетіп те үлгерді.
Горюнов пен Ордин жертөледе бірге тұрғаннан-ақ көзі түскен көсем
руының қыздарын таңдады, ал Костяков көзін ойнақшытып өзінен
айырмаған құлын мүшелі, қылықты қараторы қызды қалады.
–Бұл таңдау бітті, – деді дауыстап Амнундак. – Ендігі кезек онкилон
жауынгерлерінікі.
Қалаған қыздарын ертіп кейін ысырылған жиһангездермен бірге көсем де өз
орнына оралды. Қыздар киінуге рұқсат алып, əйелдердің құттықтау
қошеметінің қанатында өз руларына жүгіріп кетті де, ізінше қалап қосылған
жатжерліктермен қатар құрметті орынға отыру үшін қайтып келді.
Қыздардың қалғаны қатарын қайта түзді. Барабан қайта дүңгірледі.
Қиғашырақ тұрған жас жауынгерлердің арасынан жарыста бірінші орын
алған біреуі шықты да, асықпай-саспай қыздар қатарын жағалай бастады.
Оны əзіл-күлкімен қарсы алып, тіпті əр қыз дерлік «Мені алшы, мені!» деп
жанықты, себебі жас жауынгерлердің маңдайалдысының жары болу арман
ғой, сондықтан бойжеткендер оны ашық айтудан жалтарған жоқ. Оларға
жігіт те əзілмен жауап беріп, əрқайсысына əр алуан сылтау тапты: «Сен тым
сұлусың» (сиықсызына), – деді біреуіне, «сен бүкірсің» (оқтай тіп-тікесіне),
– деді екіншісіне, келесісіне: «көзің қитар» деді, «тісің кетік» деді – не
керек, бəрін ыза ғып, көпті күлкіге батырды.
Сапты сүзіп келіп ол мен мұндаламай, жанарын төмен салып тұрған бір
қыздың қарсы алдына кеп иығынан қағып қалды да: «Сен маған ұнайсың!»
деді. Дір ете қалған қыз саптан атып шығып тұра жүгірді, алаңқайда оқтай
зулаған оның соңынан жігіт тартты.
–Мұнысы қалай? – деп Амнундакқа қарады Горюнов.
–Қалап алған келіншегі онан неге қашады? Əлде ол жігітті ұнатпай ма?
–Ғұрпымыз осындай. Қыз таңдаған жігіт қуып жетіп ұстап алса ғана оны
жар етеді.
–Жарыстың жаңа бір түрі де! – деді Ордин.
–Жоқ, бұл – дəстүр, – деп ежіктеді көсем, – жəне аса ақылды əдет: қыз
желең – жүгіру жеңіл, ал жігіт киімімен, қолында қаруы бар – қорбаңдап
жүгіру оңай емес. Қыз қаламаса, оны қуып жететіндер некен-саяқ. Таңдаған
жігіт ұнамаса, иə басқа сүйгені болса, қыз өлсе де жеткізбейді.
–Бəрінен бұрын мынасы тамаша екен! – деді Ордин жолдастарына, сосын
көсемге қарап:– Сонда қалай, қызды қуып жете алмаған жауынгер əйелсіз
қалуы керек пе? – деп сұрады.
–Жок, ол əйтеуір біреуін қуып жетіп ұстағанша таңдай береді.
— Қыз қанша уақыт қашқалақтауы керек, бір күн бе?
–Жоқ, əлгі əскери би шеңберімен бір ғана айналуы керек.
Əне, қараңдар, ол ұстап та алды!
Шынында да, жаңағы жауынгер ұстаған қызын бұрымынан жетелеп келеді
де, бикеш жұртқа көз ғып жігітті қолынан ұрған болады. Əйелдер мен
қалған қыздар мұны қалжыңдаса құттықтап жатыр. Көрім жерге келіп,
жауынгер мен қыз бір шетте қатар тұрды.
Барабан тағы да дүмпілдеді. Екінші жігіт те қыздарға тақалды.
Жеңімпаздардың екіншісі болғандықтан бірінші сияқты, бұған да
ынтығушылар көп еді. Алайда ол сапты сабырмен шолып бара жатып, лəммим деп үн қатқан жоқ. Саптың шетіне шықты да ол қыздардың
зығырданын қайнатып ыза ғып кері оралды.
–Ол қашанға дейін таңдай алады? – деп сұрады Костяков.
–Сапты үш қайтара сүзуіне болады, одан əрі жол жоқ, –деп жауап қатты
Амнундак. – Бұл жаужүрек батыл аңшы, қыздарды қасақана ыза қылғысы
келіп жүр. Қараңдаршы, қыздардың қалай ашу шақырғанын!
Расында да, жауынгер екінші жолы да ешқайсысын атаған жоқ. Қыздар ыза
боп, «мені ал!» деудің орнына, бет-аузын қисайтып оны келекелей бастады:
«Тайып тұрсаң да жарайды! Бар, вампуларға бар, сабалақ əйел ал! Түксіз қыз
саған ұнамас!» деп те салды. Келеке-күлкіге бір де мəн бермей, жауынгер
үшінші жолы да маңғаздана басып, үнсіз өтіп бара жатты да жалт бұрылып,
соңғы қыздардың бірінің жауырынына салып қалды. Қыз қапелімде
абдырап қап, атып шыққанымен, зымырап кете алмай жиырма қадамнан
соң-ақ жігіттің қолына түсті.
–Қуын қарай гөр! – деп басын шайқады Горохов. – Жүгіре алмасын деп
əдейі олардың дегбірін алды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жұмбақ жер - 09
  • Parts
  • Жұмбақ жер - 01
    Total number of words is 3932
    Total number of unique words is 2148
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 02
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2295
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 03
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2134
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2123
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 05
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2113
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 06
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2291
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 07
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2221
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 08
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2202
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 09
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2237
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 10
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2282
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 11
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2162
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 12
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2289
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 13
    Total number of words is 4043
    Total number of unique words is 2065
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 14
    Total number of words is 4003
    Total number of unique words is 2161
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 15
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2103
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 16
    Total number of words is 4127
    Total number of unique words is 2014
    37.1 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 17
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2101
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 18
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2188
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 19
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2376
    28.9 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    49.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 20
    Total number of words is 621
    Total number of unique words is 482
    41.4 of words are in the 2000 most common words
    53.4 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.