Latin Common Turkic

Жұмбақ жер - 02

Total number of words is 4087
Total number of unique words is 2295
30.8 of words are in the 2000 most common words
43.1 of words are in the 5000 most common words
50.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Якут облысына əкімшілік жолымен жер аударылған. Менің жолдастарым –
Семен Петрович Ордин мен Павел Николаевич Костяков, олар да бұрынғы
студенттер, біріншісі – университеттен, екіншісі – технолог. Біз бəріміз
студенттер бүлігіне қатысқанымыз үшін 1899 жылы бес жылға жер
аударылғанбыз.
–Қатерлі қылмыскер сияқты ит арқасы қиянға айдағандай не жазып
едіңдер?
–Біз басқосулар ұйымдастырғанбыз, бүлікбасылар қатарына қосып жүргені
содан. Солдатқа да бермек болды, –есіңізде ме, осындай жарлық болған –
бірақ біз онан бас тарттық. Сол үшін бізді ақ аюларға айдады.
–Кесікті күндерің əлі ұзақ па?
–Менің мерзімім бітіп, полиция бақылауымен туған жерім Вологда
губерниясында тұруға рұқсат берген. Əрине, астанаға рұқсатсыз келіп
жүрміз. Жолдастарым бір жылдан соң босайды.
–Байқап отырмын, сізге Якут облысына баруға губернатордың рұқсатын
алуым керек екен.
–Əрине, бұған қарсылық білдіре қоймас.
ЖОЛСАПАР
Ақша мен құжаттарын түгендеп алып бір айдан кейін Горюнов шығысқа
жол тартты, ғылыми барлау құралдарымен жəне басқа жарақтарын өзімен
бірге ала жүрді, олардың ішінде су жаңа үш мықты нарта мен бір үлкен
байдарка бар. Байдарка бөлек-бөлек болғанымен, жарты сағаттың ішінде
құрастырып, жүзіп жүре берерлік. Оған төрт адам, үш нарта жүгімен жəне
он ит еркін сияды, ал бұл дегенің – экспедиция мүшелерінің екі жағдайда да
теңізден өтуіне мүмкіндік беретін дүние.
Иркутскіден Качуг арқылы Ленаны бойлай төмен құлдилайтын ат-шана
жолы, кəдімгі əкімшілік жер аударылғандар өлкесінің жадау астанасы –
Якутскіге шейін шеті де, шегі де жоқ оппа қарды қақ тіліп, мұз құрсанған
өзендерінің жақпар тасты жарқабақтарының астынан өтетін келеңсіз де
көңілсіз ұзақ жол басталды. Одан əрі жол Алдан өзенінің сағасымен,
Верхоян жотасының түксиген шың-құздарының арасымен кетті. Сонан соң
жол өлкенің бір пұшпағында, сағасына шатырына шейін қарға көмілген
Казачье селосы орнаған Яна өзенінің кең арнасы мен кемер-қырқаларын
басып тартады. Якутскіден əрі күннің көзі тіпті көрінген жоқ, қырқалардан
асқан соң қысқы поляр түні басталды, боран болмаған тынық күні жолды
тек жұлдыз жарығымен, ай сəулесімен, терістік шапағымен ғана
ажыратасың.
Ақпанның аяғында артынып-тартынып Горюнов Казачьеге келді. Онда
экспедицияға не қажеттін бəрін қамдап, отыз ит тауып, оларға қақтаған
балық (юкола), адамдар үшін азық-түлік, киім-кешек, шаңғы əзірлеп
жолдастары да күтініп отыр еді. Екі кəнігі кəсіпкер – барон Толльмен бірге
хабар-ошарсыз кеткен серігінің інісі якут Никита Горохов пен казак
Капитон Абрамович Никифоров те экспедицияға қатысуға келісті.
Новосибирь аралдарына екеуі де əлденеше мəрте болып, соңғы рет Толльді
іздеп бүкіл жағалауды шарлап шыққан. Санников жерінің бар екеніне
екеуінің де сенімі кəміл жəне ашық күндері Қазандық аралындағы биіктен
оны көргендерін айтып иландыратын. Осынау жұмбақ жер оларды біздің үш
жолдастан кем желіктірген жоқ, сол аралды алғашқы болып ашу арманы
қуаныштарын қойнына сиғызбады. Казачье селосы Яна өзенінің атырау
басынан жоғарырақ оң жағада біртегіс төбешікке, терістік ендіктің 71
градусы мен орманды алқаптың теріскей бетіне орналасқан. Шатырларына
шейін қар көміп кеткен бірнеше казак тамдары мен көпес үйлері, бірнеше
якут жаппалары мен шағын шіркеу адырды бойлай бейберекет созылып
жатыр. Жеркепелердің мұржасынан өрілген түтін мен тандыр жаққан жаппа
түндігінен ұшқан ұшқын, қар басқан қоңырау мұнарасы ғана өзінің күйкі
көлеміне қарамай, Приянск өлкесінің бүкіл терістігі үшін аса мəнді – адам
тұрағы барын аңғартады. Терістікті шығыс пен батысты түгелдей тундра
алып жатыр, қыс қайда көз тастасаң да – аппақ айдын, мидай жазықта емінеркін ұйтқыған жел, бұрқыраған боран шиырлап тастаған касат қардан
тұрған қалың күртік. Түстіктен көз ұшында тырбиған селдір тоғай
қарауытады да, ашық күндері Янаның сағасын басқа дүниеден бөліп
тастағандай Кулар қырқасының шыңдары шеңберленіп көз алдына тұра
қалады.
Екі аптада дайындық тегіс аяқталды да, наурыздың ортасында күн бір сағат
болып ұзарғанда экспедиция жолға шықты. Саяхатшыларды үш нартасымен
Новосибирь аралдарына дейін каюрларымен (ит күтушілер) бес нарта
шығарып салды. Олар өздерімен бірге аралдардағы қоймаға қоюға жəне
жолда ауқаттануға деген адамдардың ас-суы мен иттердің азығын ала жүрді.
Терістік батысқа жол Яна атырабының бір қолтығынан шығып, ылғи
тасыған судың астында қала берген соң, тұрғындары тастап кеткен
Устьянскінің жұрты жанынан өтеді. Жолдың біртегіс болуы арқасында олар
екі күнде сағаға да жетті. Ақ жазық енді өзіндей аппақ, теп-тегіс теңіз
бетімен ұласты. Алайда онда ана жерден бір, мына жерден бір белес-белес
белдей бұлдырап аралдар, оң жақтан көз ұшында терістікке барып сүңгіген
құрлықтың мүйістері қарауытады. Бір түні болса да Яна өзені түстіктен
ағызып əкеп, теңіз теуіп тастаған ағашты жағып жағада қонып шығу үшін
олар бұғазды кесіп өтіп, жолды осы бағытқа бұрды.
Осылай олар Ярок аралын, жалғыз жаппалы Манико мүйісін, атшаптырым
Селях бұғазын, Туруктак, Ванька, Дарычан мүйістерінен асты. Дарычаннан
Чуркин мүйісіне дейін жағалауды бойлай келіп, онан Аббелях бұғазын кесіп
өтіп, құрлық кеп шумақталатын Киелі Тұмсық мүйісінің түстік бетін ала
Горохов қосына келіп аялдады.
Сағадан екі жүз шақырымдай осы жолға табаны күректей төрт күн кетті,
себебі олар иттерді ə дегеннен қалжыратып алмас үшін асықпай жүріп
отырды. Теңізбен жүргенде адым аштырмайтын іркіс-тіркіс мұз шоқылар
Лена өзенінің атырауы мен Киелі Тұмсықтың омырауына келіп сұғынған
үлкен бұғазда онша қалың да, ұзын да емес еді, сондықтан оны айналып
өтуге де болатын. Күн бұлыңғыр, бірақ тымық-тұғын.
Горохов қосы дегені – сусіңді сырғауылдан салынған не терезесі, не пеші
жоқ, от жанып тұрғанда ғана жылитын жалғыз ошағы бар екі қоржын там.
Оларда ара-тұра көктемде итбалық пен морж, күзде жабайы бұғы мен ақ аю
аулаған кəсіпкерлер тұрып кетеді.
Қосқа келген күні кешке таман аспан айыққан шақта үш жиһангез ашық
теңізді көзден көлегейлеп тұрған, құм кемері бағзы бір замандағы жанартау
жарылысынан балқып, қап-қара бағана болып құйылған Киелі Тұмсықтың
биік жарына қарай тартты. Бір сеңнен бір сеңге тырмысып, олар мүйістің
ұшар басына да шықты. Қарсы алда ақ қарды айқара жамылып көсіліп
жатқан шалқар теңіз, тек ана тұста бір, мына тұста бір қарға көміліп
қарауытқан мұз шоқылар.
Айдынның көкжиекпен астасқан тұсында, тұп-тура терістікте төрт шоқылы
жалпақ жота – Үлкен Ляховский аралы бұлдырап тұр, аппақ дүниедегі қара
ноқаттар құз-жартастарды аңғартқандай. Бұл – кəсіпкерлер жиі баратын
мамонт сүйегі мол Новосибирь аралдарының ең жақыны. Тура жүрсе, ол
алпыс-жетпіс шақырымдай ғана. Зерттеуші жиһангездеріміздің жолы соны
жанай өтеді.
Күн ұясына қонды. Мұз айдынынан ызғырық жел есіп, барлаушылар көз
байланбай қосқа жетіп алуға асықты, онда ошақта от лаулап, мосыда
бұрқылдап ас пісіп жатыр. Үстел кəдесіне жарап кеткен жол жəшіктерінің
үстінде тəрелкелер тізіліп қалған. Шағын жəшіктерді орындыққа ұқсатып,
қорқорын тісіне басқан Горохов пен Никифоров ошаққа итіне мініп, келсеақ асқа бас қойғалы жолдастарын күтіп отыр. Олар иттерді доғарып, төсекқаптарды жайып, басқа шаруаны бағана тындырған. Жапсарлас лашықтан
əзіл-қалжың, күлкі естіліп тұр, онда экспедицияны аралдарға шейін
шығарып салмақшы бес нарталы каюрлар жатыр.
Ертеңіне күн шыға əрқайсысына сегіз-тоғыз ит жегілген сегіз нарталы
керуен құрлықпен қош айтысып, Киелі Тұмсықтың үшкір құздарын орай
өтіп, теңіз арқылы терістікке қарай шұбап жөней берді. Алақаншықтап қар
жүріп кеткенімен, біртегіс жерде иттердің жүрісі де өнік, шаңғышылар əрең
еріп отыр. Ал жолда сеңгір-сеңгір сеңдер басып қалған жерде қарға адым
жер мұң, нарталардың өтуіне еңіс іздеп, əрқайсысын жеке-жеке өткізуге
тура келді. Нарталарды біреуі артынан итеріп, біреуі бүйірінен сүйеп,
шаңғы таяғымен демеп, кісілер иттерге көмек беріп отырды. Сеңдердің
арасынан өтуге ыңғайлы жол табылмаған жағдайда олар беліндегі
балталарын іске қосады. 30-40 градус аязда əбден шыңылтырланып алған
мұз балта тисе-ақ шыныдай шытынап, шытырлай ұшады. Балта даусы
шыққан кезде күллі нартаның иттері аялдаманы пайдалануға уəделесіп
қойғандай, қарға бауырын төсеп жата-жата қалысады, бəзбір осыдан соң
ширек сағат жол азабын тартатындарын алдын ала сезгендей.
Осылайша бірде баяу, бірде шапшаң, жалпы сағатына жеті шақырым жүріп,
олар түс əлетінде аралдың жарты жолына да келді. Иттерін доғармай, өздері
шалып алғалы тоқтап, олар салқын ет, кепкен нан, ыстық шаймен түстік
жасады. Шай қайнату үшін олар от жағып əлектенген жоқ. Түсте тоқтаған
жерде от жағып, су қайнатып уақыт алдырмас үшін Горюнов астанадан
термос ала келгенді. Отқа қоймай-ақ ып-ыстық болып тұрған шайды мейірі
қана сораптап ішкен сайын каюрлар осынау ғажайып ыдысқа қайран
қалады. Отыз градус суықта сырты қол қарыған ыдыстың ішінен ауыз
күйдірерлік ыстық шайдың шығуы сиқырсыз мүмкін емес деп ойлайды
олар. Казачьеден шыққан күні түстік жасағалы алғаш тоқтағанда от тұтатуға
оңтайланған каюрларға Горюновтың қалжыңдап, шайды мен қарға да
қайнатып, сендерден бұрын ішемін дегені бар. Олар құманын отқа
қойғанда, бұл термосты алып ортан белінен қарға тығып, бес минуттан соң
айран-асыр болып отырған якуттарға ыстық шай құйып берген. Оның
құпиясын білетін Горохов пен Никифоров каюрлардың таң-тамаша
қалғанына қыран-топан күліп, ішек-сілесі қатқан.
Түскі астан соң олар бағанағы тəртіппен тағы да ілгері тартты. Арал
көкжиекті көзден тасалап, аппақ айдынның үстіне ұстай қойған шымылдық
сияқты тұтас бір денеге айналып, қарлы көрпеден жеке қарауытқан құздар
мен жаға жарының қошқыл таңбалары ғана көрінеді. Күн батар алдында
соңғы сең шоқыдан асқан иттер жер иісін сезгендей бар пəрменімен
зымырай жөнелді. Жерге табан тисе тыным да, тағам да болатынын жақсы
білетін олар жарқабақтың етегінде қарайған лашықты көргенде ұлып, жын
қаққандай жұла-жұла тартты.
Алайда жаға олардың аптығын əп-сəтте басты, теңіз қайта басталған
тұстағы күзгі дауыл сеңдерді ерсілі-қарсылы сапырып үйіп тастапты да,
олардың арасынаи нарталарды Кіші Қыстақ аталатынға дейін бір-бірлеп
апаруға тура келді, бұл үйшікті он тоғызыншы ғасырдың басында осы
аралды алғаш ыспаттап берген Геденштромның серігі жəне жолбасшысы
болған белгілі кəсіпкер Санников салғанды. Жүз жыл тұрса да мынау
суықтан үйшік көп жапа шекпеген тəрізді. Теңіз тұзын бойына тартып
тіреулердің сырты қарайып, кей тұсы бопалай бастағаны болмаса, іші тəптəуір. Аралға бара жатып я қайтар жолда талай кəсіпкер осы лашықта жан
шақырған сияқты, бəрі де тері ілгекпен ұсталған үйшік есігі мен төбесінің
түзу болуына көбірек көңіл бөлгенге ұқсайды, шатырға əредік-əредік
топырақ тасталып тұрған. Үйдің жанында сумен ағып келген ағаштар үюлі
жатыр, мұның өзі жаға бойлап зыр жүгіріп, қар астынан отын қазып алмауға
өте жақсы болған.
Ұзамай қыстақтың алдындағы алаңқайда от тұтатылып, оның қып-қызыл
жарығы екі жақтан да қапталдай созылып жатқан мұз қабырғаларға түсті.
МАМОНТТАР ҚОРЫМЫ
Үлкен Ляховский немесе Таяу арал геологиялық құрылымы жағынан
керемет. Оның төрт тайпақ, бірақ құзтасты шың, анығырақ айтқанда,
шыңдар сілемі түп-түгел гранит, ал қалған жері жұмсақ құм-қайраң.
Сондығынан да əлгі шыңдардан шапшып шығып жатқан сансыз бұлақтар
мен жылғалар жұмсақ қыртысты оңды-солды тілімдеп, шетене өспейтін
тақыр төбешіктерге бөлген де тастаған. Əудемге бармайтын қысқа жазда
беткейі мүк батпақты тундраны көз алдыңа келтіріп, терістікке қараған
ылдилар мен терең сайларында қар жатады.
Астын қулаған толқынның қырсығынан теңізге төнген жеке-жеке
жарқабаққа ұқсаған арал жағасы да əлгі жұмсақ құм-қайраңнан құрылған
жəне ол өзек пен бұлақ жылғаларынан бөлек-бөлек танаптар түзген. Атам
заманда қалыптасқан бұл қабат сірескен тон, тек жазда ғана болар-болмас
жібіген сыңай танытады. Жібіген жердің дені суға құлайды не толқын
шайып кетеді, соның салдарынан арал бірте-бірте мүжіліп шөгіп барады.
Тіпті судың шаюына сəл тосқауыл болып тұрған мынау мəңгі тоң болмаса,
арал баяғыда-ақ құрып кетіп, жалғыз гранит діңгегі қалар еді.
Жаңағы жұмсақ қабатта мамонт сүйегінен аяқ алып жүре алмайсың, тіпті
сол көне жануардың тұтас денесін де жиі ұшыратасың. Оның тұстастары
жүні ұзын мүйіз тұмсық, зеңгі бабаның түпкі атасы, канада бұғысы, жылқы
жəне басқа жануарлардың денесі мəңгі тоңның арқасында бүлінбей, жүнжұрқа, мүйізімен, ішек-қарынымен түп-түгел сақталған. Жазда тоң жібіген
шақта көп тұсты өзендер шайып, жеке сүйек-саяқ пен азу тістерді ағызып
сағаға, теңіз жағасына шығарып тастайды. Осылайша жаға жарынан да
толқын шайып, тоң жібіп шығып қалған көне жануарлардың өлі денесін
теңіз қағып алып, құм-қайраңның астына тағы да тығып жібереді. Кейде бұл
өлексені мың сан жыл тоң болып қатып жатқан еттен тайынбайтын
жыртқыш құстар мен азулы аңдар тік көтеріп жеп кетеді.
Үлкен Ляховский аралының осындай ерен құрылымы жылда көктемде
кəсіпкерлердің құлқынын құртады да тұрады; олар біртегіс теңіз жағасынан,
өзен алқабы мен өзен сағасынан өткен жылы тоңнан бөлініп жібіген жердің
бетіне шығып қалған мамонт сүйегін жинайды. Тоңда тамаша сақталған бұл
мамонт тістерінің бағасы қазіргі піл сүйегінен бір де кем емес. Оны
кəсіпкерлердің қолынан жергілікті жердегі, сырттан келген саудагерлер
сатып алып, Якутскінің жəрмеңкесіне апарады, одан о сүйектер əрі қарай
Сібірге, Россияға шығарылып, тарақ, запөнке, қобдиша, бильярд шары
сияқты əр алуан бұйымдар жасауға ұсталынады.
Қазып алынған жануарлар сүйегі кəсіпкер үшін пайдасыз, соған қарап
жануарлар əлеміне баға беретін ғылымға ғана қажет олар. Ара-тұра мұз еріп
жер бетіне шығып қалған жануарлар денесіне ғана ие кəсіпкерлердің басқа
да шаруасы жоқ, оны өлшемейді де, сипаттап жазбайды да, тіпті тағы қайда
не жатқанын да білмейді.
Горюнов пен оның екі жолдасы кəсіпкерлерге еріп мамонт тісін жинағалы
осы аралда бір рет болғаны бар, олар олжаның молдығына таңғалысты,
бірақ бірі де Казачьеде бұл құбылыстың құпиясын түсіндіре алмады,
өйткені қолында сүйенетіндей арнаулы əдебиеті болмады.
Астанада Горюнов осы жағын да ойлап, бұл жөніндегі əдебиеттермен де
танысып, бірен-саранын өзімен ала келгенді. Сондықтан жиһангездер жаға
жарларын жітірек барламақ болып, əрі кісілер мен иттерді тынықтырып
алмақ ойымен аралда бір қонуға келісті.
Келесі күні таңертең Гороховтың жол көрсетуімен үшеуі де теңіз жағасын
бойлап жүріп кетті. Күн көзі шыраланып теңіздің жазғы жойқын шаруасы
əлі бастала қоймаған кез, алайда шұғыласы жарға асылған еңкек күн біраз
істі тындырып та тастағандай. Жаға жарларының биіктігі жиырма-жиырма
бес метрдей, ұшар басына қатты бораннан соң үй шатырына тұратын қасат
қардай асылған күртік сіресіп сіреу болып қатып қалған. Қысқы жауыншашын, бораны жиі бұл араның мұз əдіптерінің кей тұсының ені төрт-алты
метр, ұзындығы жиырма-қырық метрге жақындап, қалыңдығы бір-екі
метрден асады. Осылардың астын қуалай жоғары жағы бірөткей мұздан,
кейде қатып қалған салынды – құм-қайраңнан тұратын жаға-жары
басталады. Жар астындағы мұз қалыңдығы əр түрлі тұтас бір дүние, бейне
арал түкпірін үңгіп бара жатқан мұз қабырға іспетті. Қабырғалардың араарасы жұқа балшық, ұсақ құм мен мұз қабаттары болып алмасады да
отырады. Жардың жоғарғы жағынан бəзбір сіреу мұз құлап түссе, салынды
мен мұздың сырты құмбалшық немесе шымтезекпен көмкерілгенін көруге
болады, ал омбы қардың астында жатқан тундраның үстіңгі қабаты да осы
жыныс.
Жардың төменгі жағының басым бөлегін қыс бойы жағадан үріп тыққан
күртік жауып жатыр. Биіктігі сегіз-тоғыз метрге жететін осынау құлама
күртікпен жардың тура ернеуіне дейін барсаң, теңіз деңгейінен он екі – он
бес метрдей биіктікте тұрған аралдың құрылымына көзің əбден жетеді.
Жағаны барлау барысында жиһангездер жануарлар сүйегінің мұзда емес,
салынды қабатында жатқанын білді. Мұны аралда бұрын көп болған
Горохов та растады, ол тіпті салынды қабатынан бітеу өлі жануарлар да
тапқан.
Жаға бойлап он шақырымдай жүріп, жер құрылымы түгел біркелкі екеніне
көзі əбден жеткен жиһангездер түске қарай Кіші Қыстаққа қайтып, тапқан
сүйек-саяғын ала келді, оның ішінде мүйізтұмсықтың бас сүйегі мен
мамонттың тісі де бар. Жардың мұзды бөлегінен олар күн көзінің кей тұсты
үңги тесіп, сүңгілер тізе бастаған бүлдіру əрекетін де көріп қайтты.
Ас үстінде Горюнов жолдастарына Толльдің осы бір ғажайып аралдың
құрылымын, мұнда жойылып кеткен жануарлар өлігінің неліктен молдығын
қалай баяндағанын айтты. Оқымыстының ойынша, аралдың мұзы – алапат
мұз басу дəуіріне дейін болған үлкен бір мұзарттың қалдығы. Мұз дəуірінің
аяғына қарай азайған мұзарттың үстіңгі қабаты мүжіліп, еріп, аралдың
жоғары жағынан тұщы су қайнарлары құлауынан тілімденіп, жылғаларда
құм-қайраң түзілген. Салындылардан табылған өсімдік қалдықтарына
қарағанда, қазіргідей қына мен мүк, тырбиған гүлсымақ емес, аралдың
өсімдік дүниесі аса бай болған сияқты, бұрын бұл арада биіктігі төрт-алты
метрлік қызыл қайың шоғы, үйеңкі-тал мұзартқа жақын жатқанына
қарамай, əр алуан дақыл өссе керек. Шамасы, мұз дəуірінен кейінгі кезде
бұл жердің ауа райы жұмсақ болған тəрізді, өйткені мұндай өсімдіктер
құрлықта тек ендіктен бірнеше градус түстікке қарай ғана кездеседі. Өлі
мамонттардың тісінен, ұлтабарынан табылған азық қалдықтары əлгі
жануарлардың осы өсімдіктермен қоректенгеніне куə. Ал өлі жануарлардың
мұз бен салынды қабатында жатысының өзі олардың осы жерде өмір сүріп,
осы жерде өлгенін аңғартады.
Ал Үлкен Ляховский аралынын мұз дəуірден кейінгі кездің əр алуан
сүтқоректілерінің сүйікті орны болу себебі неде?
Мұны былайша болжауға болады: жер дамуының төртінші дəуірінің
басында Сібір құрлығы қазіргіден гөрі терістікке қарай сұғыныңқырап
жатқан да, Новосибирь аралдары сол құрлыққа кірген. Соңғы мұз басу
дəуірінің аяғында, Сібірде əлгі мамонттар, ұзын қылшықты
мүйізтұмсықтар, зəңгі бабаның түпкі аталарымен алғашқы қауымның
адамдары бар кезде, құрлықтың осы қиян шеті жіктеле жарылып, кейбір
тұсы төмен түсіп теңізге батып кеткен. Биігірек жерлері бірте-бірте мұздан
арылып, өсімдік өсе бастаған. Қазіргіден күн əлдеқайда жылы болғанын
жануарлар сүйегімен бірге табылған өсімдіктерден де көруге болады.
Əрине, қаптап келе жатқан топан судан жануарлар қыраң жерлерге қашып
шығып, аман қалғаны анық.. Сондай жердің бірі Новосибирь
архипелагының басқа аралдары сияқты осы Үлкен Ляховский аралы болса
керек. Аралдардың тап түстігіндегісі болған соң ба, оңтүстікке ауған
жануарлардың дені осыған жиналыпты. Алайда ол айдынды бұғаз арқылы
құрлықтан бөлініп қалып, аралға айналған да, жеткен жануарлар əлі кете
алмаған. Жануарлардың көп жиналғаны сондай, азығы жетпей, арал
олардың қырылғанда құлар қорымына айналған.
Онда қанша мамонт мекендегенін кəсіпкерлер ерте кезде алып келіп, Якут
жəрмеңкесіне салған мамонт тісінен де аңғаруға болады. Санаққа қарағанда,
олар жыл сайын мың–мың төрт жүз пұт, орташа – мың екі жүз пұт сүйек
əкеп тұрған. Ірі мамонттың екі азу тісі сексен килограмм, яғни бес пұт
тартады. Демек, жəрмеңкеге жыл сайын екі жүз қырық мамонттың тісі
əкелінген. Олардың дені Үлкен Ляховский аралынан алынған, себебі оны
жоғарыда суреттелгеніндей, теңіз толқыны шайып, мұз қабатында жатқан
мамонт тістерін жағаға шығарып тастап отырған. Кəсіпкерлер де оларды
көбіне осы арадан жинап алған, бұл мұз қабатын үңгіп, тоң қопарып
жатқаннан, əрине, əлдеқайда оңай.
Сөйтіп, бағзы заманда құрлықтың осы бір бөлегі өз пұшпағынан жырылып,
аралға айналған соңғы мұз дəуірінің ақырында бұл арада мың сан мамонт
босып жүріп бірте-бірте өліп біткен. Бірі жазда мұз ерігенде лай тасқынға
қарық болған, екіншісі азын-аулақ шөбіне алдаусырап, мибатпақка батып
кеткен, үшіншісі сары маса, сəйгел-бөгелектен қашып, жарылған мұздың
арасына құлап, кейін құм-қайраңның астында қалған. Мұз басқаннан кейін
тоң арасында осылай өлген жануарлардың ғана денесі сақталған. Ал жер
үстінде өлгендердің етін жыртқыш аңдар мен құстар жұлмалап, тек
саусылдаған сүйектерін ғана тастаған. Берік мамонт тістері болмаса, барабара басқа сүйектер бүлініп, күл боп біткен. Міне, бұл аралдың күллі
терістік жағалаудан кəсіпкерлерді қызықтырған мамонт сүйегінің басты
қоймасына айналу себебі содан.
–Ляховский аралындағы қазбалы мұздың шығу тегіне деген Толльдің
көзқарасын оқымыстылардың бəрі бірдей құптай бермейтінін ескере кеткен
абзал, – деді сөзінің соңына қарай Горюнов. – Мəселен, Толльмен бір
мезетте зерттеген Бунге бұл мұз бағзы мұзарттың қалдығы емес, кейін
пайда болды деген пікір сабақтайды. Мұндай мұздар су қата солтүстік
Сібірде күні осы уақытқа дейін түзіледі.
Күзгі аяздан жарылып, қыс қар толған мұз жарығынан көктемде тоң
топыраққа құйылған судың қатуынан пайда болады ол. Олай болса, бұл
мұздар мамонттар өмір сүрген дəуірден көп бері.
–Мұз бертінгі болса, жануарлар қалай оның арасында қалған? – деп сұрақ
қойды Костяков.
–Мəселенің өзі де жануарлар қаңқасының мұзда емес, тундра қыртысы мен
мұз қабатының арасында жатқанында болып тұр ғой. Толль осыны аңдап,
атап айтқан.
–Демек, олар қорыс-қопалы тундрада жайылып жүріп, ұшып өлген де!
Сонда тундра олардың тұсында мибатпақты болғаны ғой. Біз мұнда
əжептəуір ағаш, шүйгін шөп өскен деп естіп едік, – деп сөз қосты Ордин.
–Бунгенің пікіріне баксақ, солайы солай, – деп жауап берді Горюнов. – Бірақ
менің көбіне Толльдін болжамына ден қоятыным мынадан. Біз бүгін
жарқабақтардан тундра топырағының арасындағы қабаттардың мұздан
құрылмай, қайта мұз арасындағы жарықшақтарды топырақ толтырғанын
көрдік.
–Сібірдің солтүстігінің мұзданып бара жатқанына Ляховский аралынан
басқа дəлел бар ма? – деп сұрады Ордин.
–Мəселе оның бар екенінде болып тұр ғой. Толль мұз көшкіні кері шегінген
кезде қалған көне мореналарды, яғни балшық пен құм жентектелген
қойтастарды Таймыр түбегінен де, Анабар өзенінен де, Қазандық пен Жаңа
Сібір аралдарынан да тапқан. Миддендорф эррат қойтастарын, яғни мұз
əлдеқайдан домалатып əкеп Таймыр түбегінің ана жеріне бір, мына жеріне
бір тастаған қойтастарды көрген1.
–Қазбалы мұздың басқа да түзілу тəсілдері туралы менің бір оқығаным бар,
– деді Ордин. – Тундрадағы көлшіктер көбіне түбіне дейін қатады, егер ол
көктемде еруіне ерік
1 Тың деректерге қарағанда Сібірдің терістігі тегіс 60-62 градус Солтүстік
ендікке дейін күшті мұздануға ұшыраған.
бермейтін лай-топырақпен көмкерілсе, қазбалы мұзға айналады. Қырқа
баурайындағы тау-төбе күртік қарлар да құм-қайраң мен лай басса,
біртіндеп мұзға айналады жəне оның сыртқы қабаты кездейсоқ бұзылмаса,
ол міз бақпайды.
–Дұп-дұрыс! – деп қостады Горюнов. – Олардың түзілетін тағы бір тəсілін
айтайын. Бұлар – Сібір өзектерінің жағасында кейде қалыңдығы да, ені мен
көлденеңі де тұп-тұтас болып жататын тоң мұздар. Оларды да көктемде құм
мен лай басуы кəдік. Ондай қазбалы тоң мұздардан мамонтпен бір мезгілде
жасаған жануарлардың денесі шыққаны бар. Алайда қазбалы мұздар
мəселесінің көлеңкелі жақтары əлі көп екенін мойындау керек, олар өз
зерттеушілерін күтіп жатыр. Күні бүгінге дейін бұл мəселемен ешкім де
арнайы, жан-жақты шұғылданған жоқ.
–Маған мамонттар мен оның тұстастарының тіршілігі мен құрып кетуі
туралы мəселе де жеріне жеткізе баяндалмай, əлі де тереңірек зерттеуді
қажет етіп жатқандай көрінеді де тұрады, – деді Ордин. – Ал мысалға, олар
не үшін көшкінмен жүрген немесе өзендердегі тоң мұздарға неліктен
шыққан?
–Бұл түсінікті емес пе: олар маса мен бөгелектен, басқа да шағатын
жəндіктерден бас сауғалаған, бəлкім, ол кезде əлгіндей шыбын-шіркейлер
тіпті көп болған шығар. Күні бүгін де солтүстік бұғылары жазда сүйтеді,
сəйгелден бас сауғалап ерімей қалған күртікке, тоң мұздарға, теңіз
жағасындағы мұзарттарға шығып кетеді, мүкке тойған олар жусап иə күйіс
қайырып сол салқын жерде сағаттап тұрады. Əрине, мамонт мəселесінде
мұнан басқа да түсінік керек ететін тұстар жетіп жатыр. Аталмыш
жануарлардың құрып кетуі ауа райының нашарлауынан деседі. Бірақ ауа
райы бірден нашарламаған, тұтас ғасырларға созылған сияқты, олай болса
құрып кетер алдында ол жануарлардың тұқымы азып, ұсақталуы керек еді.
Бұл жағы əлі қараңғы, сондықтан сүйектерді қайткенмен көп жинап, осы
мəселенің бетін ашу керек.
–Əлде осы мəселемен шұғылдансақ па екен? – деп қалды Костяков.
–Бір жылдан соң Россияға оралып, университетті бітіріп алайық, арғы
жағын көре жатармыз…
ЖАҢА СІБІР АРАЛДАРЫНЫҢ
АРАСЫНДА
Ертеңгісін елең-алаңда керуен қайта жолға шықты. Аралдың түстік
жағасын бойлап батысқа қарай бес шақырым жүріп, олар мұз жарларды
осының алдындағыдай тағы да барлауға мүмкіндік алды. Онан əрі теңізге
дейін көсіліп, аралдың төрт шыңының бірі – Кигилях құзды тауымен
көмкерілетін ұзыннан-ұзақ батыс түбек арқылы созылған асуға тап болды.
Таудың состиып тұрған себебі бұрын айнала белдеулеп жататын аралдың
бір бөлегі опырылып, ұзынша, тар қылта ғана қалған. Жолды отыз
шақырымдай қысқарту үшін қылта басталысымен-ақ онан асып түсу керек
еді.
Кигилях таулары өз атын аспанға тік шаншылған діңгек сияқты жел
мүжіген ғажайып шыңдарының көптігінен алған. Кəсіпкерлер бұл
діңгектерден қиялында адам мүсінін табады да, тауды киелі деп қастерлейді
(киги-адам, кигилях-адам сияқты).
Мəселен, олар Бунге балғамен шекіп, жартастан тау жынысын алып
көргенде, бұл батылдығы басына бір тиеді деп қатты наразылық білдірді.
Сондай-ақ олар мына шыңға шығуға болмайды, бейəдеп жолаушы
өркөкіректеніп шықса-ақ бітті, қою тұман орап алып, ол құздан құлап өледі
дейді. Шынында да, тұман бұл араны қас-қаққанша тұмшалай қояды,
сондықтан соқыр сенімділердің сандырағы аяқ астынан ақиқат болып
кетеді. Шыңға қалай əлектенсе де шыға алмаған Бунгенің серіктері тауға
бақыр мен күміс теңгелерден садақа тастап құтылған.
Қылтадан өткенде жиһангездердің тəуір-ақ терлеуіне тура келді: əуелі
нарталарды жағаның құлама жарына сұғынған терең сайдан сүйреп
шығарды, одан бірнеше шақырымнан кейін адырдың келесі бетіне тік
жардан тағы құлдилады.
Асудан асқан соң каюрлар Кигиляхқа бетін беріп, сəт сапар, табысты кəсіп
тілеп, тағзым етті. Түксиген шыңдары түнере түсіп, қарға бөгіп дөңкиіп
жатқан тау асудан жиырма шақырымдай қашық болғандықтан, каюрлар
садақаға тиын-тебен тастамай, бірер шөкім темекі шашумен ғана құтылды.
Қараңғы руластарына қарағанда көкірегінің саңылауы бар, саналы
Гороховтың өзі садақа беруге араласпағанмен:
–Қап, мына соқыр сенімділер қыруар темекіні рəсуа қылды-ау! – деп мырс
еткен Никифоровқа ала көзімен ата қарады.
Еңіске түскен соң олар аралдың терістік-батыс беткейін жағалай отырып
терістік-шығысқа бет алды, бұл беткей айналасы жүз шақырымға жуық,
сүйір басы солтүстікке бағытталып қисық сызылған үшбұрыш сияқты. Жол
оншалық ауыр болған жоқ, мұз шоқылар көбінесе жағамен жарыса
жатқандықтан, арадағы ашық айдынмен, аракідік ұшырасқан белестерді
басып жүре беруге жағдай туды. Каюрлар аспанға қарап қойып, иттерін
қыса айдады. Казачьеден шыққанда тып-тынық, ап-ашық ауа райы бұзыла
бастады: күн түтін түстес ұлпа бұлт шымылдығының ішінде буалдырланып
тұрды да, терістік-батыстан ауық-ауық ызғырық жел соқты. Қоналқаға
қолайсыз жерде боранға ілікпес үшін асығу керек болды. Жағалаудан
табылатын салынды ағашқа сеніп, отын да ала шықпаған еді. Қылтадан
жиырма шақырым жерде тар да құлама мұзарт тап болды. Оның бір жерінен
Горохов жиһангездерге көзге түсе бермейтін аңғарды көрсетті, бір кезде
əжептəуір айдынды Жекекөл осы арадан теңізге қотарылыпты. Түлеген
кезінде аралда жаз жайлап қалатын жабайы қаздардың сүйікті орны да осы
көл еді. Оған кəсіпкерлер де көп келіп, түлеп жүрген қаздарды1 жүздеп
таяқпен ұрып ала беретін. Көл құрып кеткен соң қаздар
1 Қаздар түлеген кезде қауырсының жүні түсіп, ұша алмайды.
басқа жаққа ауып, кəсіпкерлер өздеріне де, иттеріне де нəпақа болып тұрған
олжасынан құрамай қапты.
Үлкен Қыстақ өзенінен асқан соң арал жағасы тегістеніп, қиырынан
орталық Хаптағай тауы көрініп тұратын тұсқа қарай біртіндеп биіктейді.
Осы өзеннің сағасынан бастап алыстан əрең көрінген Кіші Ляховский
аралының терістік пұшпағына шығу үшін бірте-бірте жағадан жырылып,
оңтүстікке қарай ойыса беру керек еді. Алайда каюрлар батыс көкжиекті
көзбен шалып алды да, жағаның тура өзін бойлай жүрген жөн деп, иттерін
бұрынғыдан да қыса айдады.
–Күн бұзылғанша бұлардың Ванька мүйісіне жетіп алғысы келді, – деп
түсіндірді олардың ойын каюрлармен бірер сөз қатысқан Горохов. –
Мүйістің арғы жағында бораннан қорғануға да, отындық ағаш табуға да
болады.
Түс ауа Адасқақ өзенінің сағасынан аса-ақ батыс желі жебей соғып, сеңгірсеңгір сеңдер басындағы ұлпа қарды ұйтқытып, алақұйындатып айналаны
шаңыттырып жіберді. Еңкейген күн осы алақұйынның арасынан зорға
сығалайды. Күн суытып кетті. Тегіс жерде иттер бар пəрменімен жүгіріп,
шаңғылы адамдар əрең ілесіп келеді, мұз шоқыларға тап болып, нарталарды
сүйреп шығару үшін қолмен жұмыс істегенде ғана сəл табан суытып алады.
Жел сəл саябырланып, көз көріне бастағанда алдан Ванька мүйісінің
қарауытқан тұлғасы шалынды. Тир өзенінің сағасынан асқан соң теңізге
дендей сұғынып мүйісті айнала берді олар. Бұл тұста батыс жақтан аспан
қорғасындай сұрланып алып, ұйтқып-ұйтқып кеткен жел жығып кете
жаздайды, қар көз аштырмай, өткір инесін бетке қадайды, иттер басын оңға
бұрып, тұмсығын жерге төсей жүгіреді.
Мүйісті əупіріммен орап өтіп еді, тыныс та кеңіп сала берді, тасада жел
онша ексімдей алған жоқ. Тас төбеде қар бұлтын іріккен аспан да сүттей
аппақ, төменде сол бұлттан үзілген бірер қар қапалағы ғана қалқиды.
Күн əлі ерте болғанымен, бұдан əрі жылжу жайын тіпті ойлаудың өзі артық,
мүйістен əрі ақтүтек боран қойнына сүңгимін десең де қия бастырмайды.
Мүйістен шығысқа таман көсілген терең бұғаз да ақтүтек арасында ғайып
болған. Мүйістің панасы өз төңірегіне ғана жетіп тұр. Бұл жерде қашаннан
да баспана жоқ, сондықтан жаз жардан құлап тоң болып қатқан
қыртыстылау жер тауып, құламаның етегіне шатыр тігуге тура келеді.
Каюрлар болса, өздеріне басқа орын сайлап алды, балтамен шауып, тік
жапсарлас күртік қардан үңгіп үйшік жасады олар. Горохов жиһангездерге
де солардан қалмай қардан күрке жасап алыңдар деп ақыл берді, себебі жел
терісыңғай шығып, мүйістің пана болмай қалуы мүмкін. Боран бір басталса,
тəулік бойы, тіпті екі күн соғуы да ғажап емес.
Балта тиісімен тақта-тақта болып түсіп жатқан қасат қардан апан қазу
қиындық келтірген жоқ. Жел бағыты өзгерсе қалқа болсын деп олар қар
тақтасын дестелеп, апан аузына үйді. Сосын жағалаудағы мұз шоқылар мен
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жұмбақ жер - 03
  • Parts
  • Жұмбақ жер - 01
    Total number of words is 3932
    Total number of unique words is 2148
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 02
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2295
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 03
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2134
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2123
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 05
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2113
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 06
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2291
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 07
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2221
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 08
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2202
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 09
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2237
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 10
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2282
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 11
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2162
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 12
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2289
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 13
    Total number of words is 4043
    Total number of unique words is 2065
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 14
    Total number of words is 4003
    Total number of unique words is 2161
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 15
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2103
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 16
    Total number of words is 4127
    Total number of unique words is 2014
    37.1 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 17
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2101
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 18
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2188
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 19
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2376
    28.9 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    49.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 20
    Total number of words is 621
    Total number of unique words is 482
    41.4 of words are in the 2000 most common words
    53.4 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.