Latin Common Turkic

Жұмбақ жер - 09

Total number of words is 4075
Total number of unique words is 2237
34.5 of words are in the 2000 most common words
49.3 of words are in the 5000 most common words
57.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
–Міне, бұл табылған ақыл! – деп күлді Костяков. – Бұлай өзін менсінбейтін
қызды да қолға түсіреді ғой.
–Бұл жолы өзі де солай болды ма деймін, – деді Ордин.
–Қараңдаршы, ол алдындағы қыздай көз ғып қарсыласпайды, бірақ
қуанбайды да.
Қалғандардың əзіл-қалжыңына жауап қатпай, иіні түсіп қыз жауынгердің
соңынан еріп барады.
–Өзіңнен көр, ашық ауыз болмау керек еді, – деді Горохов.
Үшінші жауынгер саптың алдындағы қыздардың бірін тандады. Онысы
тіпті жүйрік екен, алғаш қарасын көрсетпей кетті де, айналымның ақырына
келгенде сүрініп кетіп, көптің көзінің сұғына орай көк шөпке серең ете
қалды, орнынан енді атып тұрайын дегенде бұрымы жігіттің уысына түсті.
Ол оны мардамсып жетелей жөнелді, Шамасы, қыз қасақана құлаған, бұл да
келісімнің бір түрі болса керек.
Төртінші жауынгер қыздардың қасынан үш рет өтті, ешкімді қаламай,
көсемнің алдына кеп басын иді.
–Сенің үйленгің келмей ме? – деп сұрады таңданған Амнундак.
–Жоқ, ұлы көсем! Бірақ біздің көрші мекенде бір жас жесір бар, маған сол
ұнайды, əйелдікке соны берсеңіз екен. Ол да қосылуға разы.
Жесірдің рубасысы жігіт сөзін растады да, Амнундак келісім берді.
Бесінші жауынгерге екі рет жүгіруге тура келді, себебі алғаш таңдаған қызы
ұстатпай кетті, екіншісі бірден маған көз салмаған жазығың үшін деп, оны
əбден əурелеп, шеңберді толық айналып, тек ақтық қадамда ғана
қалжыраған болып тоқтай қалды. Алтыншы жігіт бесіншіге ұстатпай кеткен
қызды таңдап еді, ол жарты шеңберге жетпей-ақ қолға түсті. Қасынан өтіп
бара жатқанда қыздар оған қалжыңдап: «Ей, желаяқ, қалайша шапшаң
қалжырай қалдың!»деп айғайлады. Осылай əр-алуан амалмен таңдау
жалғаса берді, қыздар қатары сирей түсті. Сан сағатқа созылған бұл ойын
көрермендерін де, қатысушыларын да жалықтырған жоқ. Қыздар аяғынан
тік тұрғанына көп болса да, оңайлықпен беріспеді, жүгіргенде желдей есті.
Кейбір жауынгерлерге екі рет, тіпті біреуіне үш рет жүгіруге тура келді.
Соңына қарай қыздар санаулы ғана қалып, таңдау тездеді.
Үш жауынгерден қашып құтылған ең ақырғы қыз, жұртты аң-таң етіп,
соңғы жігітке де ұстатпай кетті. Шақыртумен келген оған көсем:
–Күйеуді қаламайтының не сенің? – деп сынай қарады.
–Тайпаны жаңа жауынгерлермен толықтыру үшін əр қыз жар болуы керек.
Сен болсаң табаны күректей төртеуінің меселін шақтың. Бұны не деп
білмек керек?
–Жақсы жауынгерлер қараған жоқ, жаманын мен қаламаймын, – деп қыз
өзін тəкаппар ұстап жауап берді.
–Сонда қалай, келесі көктемді күтпексің бе?
–Мен мына ақ адамға жар болсам деп едім, – деп ойламаған жерден бір-ақ
қойды тəкаппар қыз таң-тамаша болған Ординді нұсқап.
–Таңдауын алды ғой ол, – деп жақтырмай қалды Амнундак.
–Бұл ұлы көсем, екі əйел алуына болады, – деп қыз да қаймығар емес. –
Мен мұны сенің сөзің қамшы боп қалаған едім, бұл басқаны тандады.
Ендеше, мен екінші əйелі болайын. Қыздың табандылығы мен
тəкаппарлығы ұнап кетті де, Ордин ынғайсызданса да разылығын берді. Қыз
киіміне жүгіріп барып кеп, оның қасына қатар отырды.
Жас жұбайлар сап түзеп барабан даңғырымен шеру тартып Амнундак пен
рубасылардың алдынан өтті; күйеуге шыққанының белгісі етіп қыздар осы
екі ортада төрт бұрымын екеу етіп қайта өріп ала қойған. Олар өткенде
қалыңдықсыз қалған жалғыз жауынгер жұрттың арасына кіріп жоқ болды,
ол жазғанға жарды тағы да жыл он екі ай күту керек.
Жиһангездердің нажағайы мен жасынын онкилондарға көрсететін де кез
келді. Тəуір нысана табылмаған соң жылқы терісін əкеп тағы ілді.
Онкилондарды айран-асыр етіп атқыштар нысанадан екі жүз қадам тұрды,
бұл садақ тартушылардан төрт есе артық деген сөз. Екі бүйірден жарты
шеңбер жасай орналасқан онкилондар жатжерліктердің жылтыр таяққа не
істеп, не қойғанын, содан соң жағына қалай төсегенін қалт жібермей қарап
тұрды. Гүрс еткен үн, бұрқ еткен түтін бəрін бір селк еткізді. Сонан соң
топырлап, бірін-бірі басып озып бəрі нысанаға қарай тұра жүгірді де, барып
бірден оқтан түскен шұрық тесіктерге саусағын тықты. Көпшілігі таңырқап,
теріні тесіп өткен оқты іздеп, алаңқайға жүгірді. Өз бас киімін аспанға
лақтырып, ұшып бара жатқанда оқ тигізген Горюновқа бəрі ауыз ашып көз
жұмды. Осы кезде Ордин көзі түстік жақта орман үстінен терістікке ұшып
бара жатқан қаздарды шалды. Ол жалма-жан патронын жаңартып,
онкилондар нажағайыңды тағы неге көздеп тұрсың деп сұрағанша болған
жоқ, аспанға қаратып гүрс еткізді – ортасына бір қаз сол замат топ еткенде
көрермендер қиқу салып, не істерге білмей қалды. Ақыр аяғында Амнундак
бұғыны алып кел деп əмір берді. Ортаға алып келіп қоя берген бұғы орманға
қарай жалт беріп еді, жиырма қадам жібермей Гороховтың оғы жалпасынан
түсірді.
Жатжерліктердің кұдірет-күшін байқау осымен аяқталды. Ақ адамдарға
жақындығын мақтан тұтып, өздерін өр ұстаған сүйіктілерін ертіп, олар
күллі тайпанын қошеметімен Амнундак үйіне бет алды. Алаңқайдың əр
тұсында от лаулап, кешкі ас қамдана басталған. Ас күткен ерлер мен қыздар
от айналып билеп жүр.
Кешкі астан кейін көсем жиһангездердің жаңа үйіне көшуін өтінді.
–Енді бəріңнің де жарың бар, өзіміз əрең сыйысып отырған біздің
жертөледен жаңа үй кең де жайлы болар.
Келіншектер от жағып, ас əзірлегелі алдымен жүгіріп кетті. Қасында көсем
бар жиһангездер, күзетші қойып, өздері ру-ру болып жерге төсеген
терілерге қисая бастаған онкилондарға қарап, алаңқайда аз аялдап қалды.
Əудемнен соң Амнундак меймандарын есікке дейін əкеп салды.
Жертөлеге кіріп ортада алаулап жанып жатқан үлкен отты көрді. Оның
жарығы қабырғаға жайылған қарағайдың қарамай иісі аңқып тұрған жаңа
үйдің төрт бұрышына түгел түсіп тұр. От басында үйде киер лыпасы –
белдемшелерін ғана байлап бес қыз отыр. Қызу əңгімесін қалаулылары
келгенде кілт үзіп, олар оттан кері ысырылып отырды. Жертөле кісі тұратын
қалыпқа кəміл келіп қапты: ашаға сүт толы торсық, құман мен қазан ілінген,
таяқтың басында жол күрішкесі мен ағаш аяқтар тұр, жерде сорпа пісіретін
екі ағаш ыдыс пен ет шыжғыратын істіктер, отқа қыздырар тастар жатыр
үйіліп. Үйдің үш жақ жақтауының астына қарағай бұтасы тасталып, үстіне
бұғы терісі төселген. Кірер ауызға тамызық отын үйіліп, су құйылған ыдыс
тұр.
Кісі аузы-мұрнынан шығып, əбден ыс болған Амнундактың жертөлесінен
кейін мынау кең де таза үйде еркін тыныстаған жиһангездер от басында
отыра тұрып, темекі тартқысы келді. От басына жайғасып олар қыздарды
шақырып, қатар отырғызды. Үйреніп үлгерген азын-аулақ сөздері еркін
əңгімелесіп кетуге мүмкіндік бермей, олардың ымдасып, қолын шошайтып
түсінісуіне тура келді. Ең алдымен олар сүйіктілерінің атын біліп алды:
Горюновтікі – Мату, Костяковтікі – Папу, Гороховтікі – Раку, ал Ординнің
біріншісі Анну, екіншісі жəне Анну болып шықты.
–Мəссаған керек болса! – деді ыңғайсызданып қалған Ордин. – Екі қызды
бірдей қосақтап, екеуінің де есімін бірдей ғып беруін көрмейсің бе бұ
құдайдың. Екеуі қатар қарамауы үшін бұларды қалай атасам екен, ə?
–Анну – бірінші, Анну – екінші деп ата! – деп ақыл қосты Горохов.
–Бұларша ол қалай болады?
–Аннуэннен жəне Анну-нгирэк, – деп жауап берді Горохов.
Екі Анну да келісім белгісі етіп басын изеді.
–Мұның тым ұзақ, қысқартыңқырауға болмай ма? Мен мынаны Аннуэн деп
атаймын, – деп Ордин бірншісін көрсетіп еді, ол басын иді.
–Ал сен – Аннуир! – деп екіншісінің білегінен ұстағанда ол да келісім
білдірді.
–Сіз бұларды жай ғана бірінші, екінші деп атасаңыз да болады, түсінеді ғой
бұлар, – деді Горюнов.
–Жоқ, неге? Анну деген əдемі есім, ал əлгі нгирэк дегеніңді сүрінбей,
мүдірмей айту мүмкін емес.
Горохов осы сөзді аударғанда Ординнің есімдерін əсем деп танығанына
қыздар сүйсініп қалды. Олар орыс сөзіне құмарта құлақ түріп, кейбірін
түсінген де сыңай аңғартады.
«Бірер аптадан кейін ұдайы сұқбаттасу барысында бірін-бірі толық
түсінісетініне» əсіресе, орыстар жағы сенімді.
Əңгімелесе отырып олар жатар орындарын да бөлісті. Кірер ауызға қарамақарсы төргі қабырғаны жерге аласа қазық қағып екі бөлді де, ерлер
орналасты. Оң жақ, сол жақ бүйірге шымылдық орнына тері ұстап
əйелдерді жатқызды. Иелерінен екі елі қалмайтын Крот пен Белуха кірер
ауызға жайғасты. Келіншектер отқа отын əкеп салып, орын-орындарына
барып жатты.
Жертөле іші жым-жырт.

ВАМПУЛАРМЕН ШАЙҚАС
Онкилондардың айғай-шуынан жиһангездер алақарақта шошып оянды.
Абыржыған Аннуир ауызға келіп, мойнын сыртқа созды да, жайсыз хабар
естіп еңіреп қоя берді.
–Түнде вампулар біздің тұқымның тұрағын шауыпты.
Көсем оларға қарсы жорық жариялады.
–Жарайды, басқа лаж жоқ, жолдастар! Киіну керек, жорық бізсіз болмайды,
– деді Горюнов киім-кешегін ұстап тұрып.
–Некелесе салып, соғысқа аттанған қызық екен!.. – деп күлді Костяков. –
Кигіз, Папу, сауыт пен дулығаны, əпер маған қалқан мен алмас қылыш, жас
батыр майдан кіріп, салмақшы ұрыс.
Əрине, осынау ексім жырдан ештеңе түсінбеген ол ұйқысын еркін аша
алмай, жазмыш жарына тек жыпылықтап қарай берді. Оның күліп тұрғанын
көріп, өзі күліп, орыс сөздерін бұзып былай деп сұрады:
–Огне жигать, кушай варить?
–Дұп-дұрыс айтасың! – деп күліп жіберді көрпеден басын қылтитқан
Ордин. – Ол жорық алдында жақсылап тұрып тамақтанып алу керек екенін
тамаша түсініп тұр… Аннуэн, Аннуир! От жақ, ет ас, сүт пісір!
Аннуир бетін қолымен басып табалдырықта жылап отыр еді. Ординнің
дауысын естіп əуелі абдыраңқырап қалды да, ізінше-ақ бəріне түсініп, түнде
сөнген оттың қоламтасын қопарып қызыл шоқ іздей бастады, қалған
келіншектер де төсегінен тұрып, белдемшелерін байлай сап от тұтатуға
көмектесті.
Амнундак келгенде жиһангездер жуынып болып, от алаулап, істікте ет пісіп
тұр еді. Амандасқан соң от басына келіп отырған ол сөз бастады:
–Ақ адамдар, біздің жұртқа алғашқы бақытсыздық тап келді. Бүгін түнде
вампулар біздің ең алыс мекенімізге басып кіріп, шалдар мен
бақташыларды өлтіріп, балаларды байлап, бұғыларды айдап алып кетіпті.
Бұл сөзді естіп Аннуир өксіп-өксіп жылады. Вампулар оның төркінін
шауып, ата-анасын өлтіріп, інілері мен сіңлілерін алып кеткен.
–Осынша шапшаң бұл хабарды кім жеткізді? – деп сұрады Горюнов.
–Əскери барабан жеткізді. Бақташылардың бірі аман қалып, бізге хабар
берді. Мен вампуларға жорық жарияладым. Күллі жауынгер қазір осы арада,
біз вампуларды аяусыз жазаламақпыз. Дұшпанымызды жазаласуға нажағай
мен жасын иелерінің бірге баруын жауынгерлер қиылып сұрайды.
–Əрине, біз бəріміз бірге барамыз! – деп келісімін шапшаң берді Горюнов. –
Тек тездетіп ауқат жасайық.
Орнынан қуана көтеріліп Амнундак:
–Ақ адамдар келісті деп қазір-ақ хабарлайын жауынгерлерге! – деді. – Олар
қуанатын болды.
Бірер минутта бұл хабар онкилондарға жетіп, алаңқайды қуаныштың айғай-
қиқуы жаңғырықтырды. Əйелдер де аса разы болған тəрізді.
Аннуир жылауын қойып көзін қолымен сүртіп тұрып Ординге:
–Жорыққа мен сенімен бірге барамын, – деді.
Ет шыжғырылып жатқанда жиһангездер мылтықтарын тазалап,
оқшантайларын толтырып, жолдың керек-жарағын қоржынға тығып
əлектенді – себебі жорық бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Келіншектер
күйеулерінің қам-қарекетіне қарап аңырған да қалған, соның қырсығынан
бірер іскектегі етін күйдіріп алып Раку табан аузында Гороховтан сөгіс
есітті. Ас ішіліп, артық ет пен шелпек қоржынға салынып, жиһангездер
сайланып жертөледен шықты. Ойпат үстін ұдайы торлап тұратын соқыр
тұман оларды да құшағына алды. Тұманнан от жарығы да, əрлі-берлі
жүрген адамдардың сүлбесі де көмескі көрінеді. Басқа түскен пəлені
бастан-аяқ хабарлап, алыстан қатты соғылған барабан даусы келеді.
Амнундак қару-жарағын түгел асынып өз үйінің табалдырығында тұр еді,
ақ адамдарды көріп қолын сілтеп қалды. Жорықтың басталғанын əйгілеп
жəне оның хабарын көрші мекендерге жеткізіп, таяу тұрған барабандардың
бірі даңғырлап қоя берді. От басындағы адамдар асығып-үсігіп, ру-руымен
сапқа тұрып жатыр, алда жауынгерлер, артта жүк көтерген əйелдер мен өз
тұрақтарына қайтуға бет алған жасөспірімдер. Əрине, Амнундак
тұқымының əйелдері үйінде қалмақ, бірақ бəрі ерлері мен балаларын
аттандырғалы тік көтеріліп далаға шықты, бəлкім, бұл ет жақынымен ақтық
көрісуі де болар. Қоштасу тым қысқа болды. Əйелдер жылаған жоқ, тегі,
сүйіскен түрі болуы керек, ерлерінің мойнына асылып бетіне бетін тақасты.
Барабан даңғырымен Амнундак пен ақ адамдар бастаған жасақ жорыққа
жол тартты, ерткен екі иті вампулардың ізіне түскенде көп пайда келтіруі
тиіс. Жедел басып тұп-тура жиырма бес шақырым жердегі тоналған
мекенге тартты. Ормандар мен алаңқайлар алмасып, біртін-біртін
қоштасып, əйелдер саптан жырылып, өз мекендеріне бұрылды. Тұман
сейіліп, күн жарқырап, шыжи бастады.
Ойран-топаны шыққан мекенге жеткенде түске дейін əлі біраз уақыт барды.
Вампулар өртеп кеткен жертөленің іші жанып, шаңырағы ортасына түсіпті,
кей жерде шым астынан жалын тілі жылт ете қалады, күйген тері мен
жүннің иісі кеңсірік жарады. Алаңқайдың шөбі тапталып, кей тұсында қан
ұйып жатыр. Əр жерде алып кетуге ауырсынып, басын кесіп бауыздап
тастаған шал-кемпірлердің мəйіті. Шашылып жатқан сынық найза мен
жебе, жыртылған киім, қираған ыдыстың жұрнақтары.
Астан-кестені шыққан тұрағын көрген əйелдер зар еңіреп, алаңқайды
басына көтерді, бəрінің де өзегі өрт – бала-шағасы мен жақын-жұрты түгел
жау қолында. Жауынгерлер үн-түнсіз, алаңқайда олардың түнерген жүзінен,
от шашқан көзінен кек қайтарғанда еш мейірім жасамайтыны айқын білініп
тұрды. Амнундак аз-кем тынығып алуға ишарат білдірді. Аман қалған
басын таңып алған бақташы орманнан келіп шапқыншылық жайын бастан-
аяқ баяндады.
Еркек кіндіктің көбі тойға кетіп, қайрат көрсетер кісі аз қалғанын алдын ала
білсе керек, сірə, түн ортасына таман вампулар алаңқайды қоршап алып, аяқ
астынан бақташыларға тарпа бас салады да, екеуін сойылмен ұрып өлтіріп,
біреуін талдырып тастайды. Ол есін жиса, бəрі күл-талқан: жертөле өртеніп
жатыр, бұғыларды айдап кеткен, алаңқайда тек өліктер ғана қалған.
Таңертең бақташы тонаушылардың қай бағытқа кеткенін анықтап алыпты.
Оның аман қалған себебі бұтаның қасында тұр екен – қараңғы мен тұманда
вампулар оны таба алмапты.
Қазалы рудың əйелдерін күл болған жұртында қалдырып, қалың жасақ
тағылар мен бұғылардың ізіне түсіп, терістік-шығысқа қарай жөнеді. Иттер
алда жүгіріп отырды, мұның өзі ілгері қарай шапшаң жылжуға жағдай
жасады, ал тағылар торуыл құрса, есті мақұлықтар табан аузында-ақ тауып
берер еді. Оның үстіне жүк арқалаған əйелдер қалып, жауынгерлердің тез
жүруіне жағдай туған, сондықтан олар ауық-ауық жүгіріп алып та отырды.
Төңірек тып-тыныш: тек жұмсақ аяқкиімнің жеңіл дүрпілі мен жүрек
дүрсілі ғана естіледі. Алаңқайдың ашылар жақ бетінде тұрған дəу теректің
түбіне келіп, иттер жоғары қарап арс ете қалғанша олар осылай екі сағат
жеделдете жүрген еді.
–Ағаш басында торуыл тұр! – деп сыбырлаған Амнундак орман бойлап
алаңды қоршауға бұйрық берді.
Сол-ақ екен, Белуха каңқ ете қалды – бақса оған ағаш басынан атқан тас
тиіпті. Жиһангездер жапырақтың қозғалған тұсын шалып қап, басып
жіберіп еді, гүрс еткен үн алаңқайды жаңғырыктырып, онкилондар жебесі
терекке жауып кетті. Жауап ретінде ағаш басынан өкірген ащы дауыс
шықты да, бұтақтарды сындыра-мындыра екі қара дене жерге күрс етті.
–Ағаш басында бұлар екеу-ақ болғаны ма? – деп сұрады мылтығын оқтап
жатып Горюнов.
–Жоқ, олар торуылға бесеуден кем шықпайды, – деп жауап берді Амнундак.
– Қазір көресің.
Ол бір бұйрық беріп еді, бірнеше жауынгер шоққа сүңгіп кетті. Ағаш басы
тып-тыныш. Қозғалып кетсе-ақ, өздерін дұшпанға ұстап берерін вампулар
сезсе керек. Сондықтан онкилондардың біразы ағаш басына жаудыртып
жатқан жебеге мəн бермей, ағаш тасасына, жуан бұтақтарға жабыса түсті.
Міне, осы ағашқа таяу бауырдан шырпы-шылан кұшақтап, онымен
найзадан бетін қорғаштап бірнеше онкилон шықты. Шырпыларын теректің
түбіне үйіп от қойды да, замат тайып берді. Қу шырпы лезде түтіндеп жана
бастады. Жоғарыда дұшпанының бар қимылын бақылап отырған вампулар
жапырақ арасынан өрт салушыларды байқамай қалыпты. Шырпыдан қою
түтін көтеріліп, жалын теректі жанай бастағанда ағаш басынан тағы да
өкірген дауыс естіліп, бірнеше найза отқа топ етіп түсе қалды. Онысына от
өрши түсіп, көзі ашылған шырпы сытырлай жанып, ағаш басындағылардың
жағдайы қыл үстінде қалды. Вампулар ағаштың ұшар басына көтеріліп еді,
сирек жапырақтың арасынан нысанаға бірден ілікті, тағы бір дүркін атылған
мылтық екеуін қағып түсті, біреуі жерге күрс етіп, екіншісі бұтаққа ілініп,
басымен төмен салбырады, бірер минутта оның тəніне оншақты жебе
қадалды. Соңғы вампу ағаштың екінші бетіне шығып, ұзын бұтақтың
ұшына дейін жорғалап барды да, төрт метр биіктен жерге секіріп түсіп қаша
жөнелді. Алаңқайда онкилондар оның алдын орап, жебемен қарсы алды да,
ол жиекке жетпей мұрттай ұшты.
Амнундак алғашқы қауым өгізінің мүйізінен жасалған тұрбадан ысқырып
беріп еді, алаңқайдың жан-жақ жиегінен жауынгерлер жүгіре шығып, көсем
мен ақ адамдардың жанындағы жасақ жеткен ағаштың түбіне жиналды.
Ағаш басынан құлаған үш тағыда жан жоқ, үшеуінде де оқтың жарақаты
бар, сонда да тіріліп кетеді деп сескенді ме, онкилондар бəріне де найза
бойлатты. Бəрі де жиһангездердің саяхатта көрген тағысынан айнымайды:
жүндес, бұлшық етті, кескіні хайуан тектес, шашы дудар-дудар, шамасы,
соғыс қимылына орай бетін қып-қызыл қынамен бояса керек, онысы
өздерін тіпті жексұрын көрсетіп тұр. Ешкім қалмады ма екен деп көз
жеткізу үшін бір онкилон ағаштың басына шығып, одан вампулар қалдырып
кеткен шоқпарлар мен найзаларды алып, жанып бітуге таяған отқа
лақтырды.
Алғашқы айқас онкилондар үшін еш шығынсыз жеңіспен бітті. Енді тікелей
шығысқа тартқан ізбен жасақ ілгері жылжыды, тағылардың тұрағы, тегі,
ойпаттың осы жақ шетінде болуы ықтимал. Торуыл қайтып кездескен жоқ,
сірə, алғашқысының өзі дұшпанның жақындағанын хабарлау үшін
қойылған бақылау күзеті болса керек, ит біліп қап, ол ойын да жүзеге асыра
алмады.
Жəне бірнеше шақырымды əп-сəттің арасында жүріп өтті. Аласа ормандар
жиек жақын қалғанының жаршысындай еді. Бұталы тоғай басталғанда,
жасақ сəл аялдап, тың тыңдады–алдан айғай-шу, тоқылдаған дыбыс шықты.
Арнайы жіберген барлаушылар бауырға дейін барып, осы сүрлеу тірелетін
үңгір тұрағы екен, аузына қойтастар қойып, бекініс жасап жатыр деп
хабарлады. Мəлімет алысымен, Амнундак онкилондарды үшке бөліп, біріне
Ординді бас қып, бұта-бұтаны паналап терістіктен келуді, Костяков
бастағанына түстіктен тиісуді тапсырды. Бұл жасақтардың екеуі де жарты
шақырым кері шегініп, ағашсыз танаптан тез жүгіріп өтіп, жар жағалай
отырып тағылар тұрағына екі бүйірден тиюі тиіс. Үшінші жасақ сол
сүрлеумен шоқтардың бауырына жетіп, бірден үш жақтан дүрсе қоя беру
үшін анау екеуінің тақалғанын күтіп жатты. Вампулар жұмысын жан салыпақ істеп жатыр: қақпақ тастарды қалап үңгірдің аузын қоршап болуға таяу,
торуылшыларына сеніп, қарауыл қоймай, олар дұшпанының жақындап
қалғанын да сезген жоқ. Шамасы, қорғанды таңертеңнен бері жасап жатса
керек, қабырғасы казір кеудеге кеп қапты. Жиырма шақты адам үйінді
арасынан тегіс тақта тастарды таңдап əперіп тұр да, қалғандары қалап
жатыр. Сол тас əперіп жүргендер кенет ағашсыз танаптан жүгіріп бара
жатқан онкилондарды көріп қалды. Жалма-жан жанұшыра айқайлап, олар
көтерген тасымен қорғанға жүгірді.
–Көзге көрініп тұрғанында ату керек оларды, – деді Горюнов. – Бұл оларды
абдыратып, кескілескен айқаста қарсылығын азайтады.
Тоғай мен вампулардың арасы төрт жүз қадамдай жер. Горюнов пен Горохов
атып қалды. Нажағай шатырлағанын естіп, дұшпанын көре алмай дал болып
тоқтай қалған вампулар жан-жағына жалтақтап, айқайласып
қорғандағылармен хабарласты. Кейбіреулері көтеріп келе жатқан тастарын
тастай беріп, тым-тырақай қашты: біреуі қорғанға, біреуі бұтаға жүгірді.
Қорған ішінен айуандай өкірген ащы дауыс шықты.
Бұтаға қарай жүгірген вампулар онкилондардың оғына ұшты: тірі
қалғандары бауырды жағалай қашып еді, онкилондар түп ізіне түсіп
аттатпады.
Қорған қабырғасынан ешкім көрінбей, алдын ала жіберген жасақтар екі
жақтан жақындап қалғанда Амнундак шабуылға белгі берді. Қашқан
тағыларды қуып кеткені болмаса, оның жасағы түгел тас үйіндісін басып
өтіп, қорғанға тұра ұмтылды. Қабырғаға қырық қадамдай қалғанда
вампулардың басы қылтиып, шабуылшыларға тас пен найза жауып кетті,
бірнеше онкилон құлап түсті, бірақ жақыннан екі дүркін атылған мылтық
үні вампулардың жан даусын шығарып, құтын қашырып, бас көтертпей
тастады. Осы кезде екі жақтағы жасақтар да жетіп, жар мен қабырға
арасындағы саңылаудан қорғанға кіріп, тура бағыттағы жауынгерлер секіріп
түсіп, қоян-қолтық айқас қызды да кетті. Ординнің алтыатары əлсін-əлі
зəресін ұшырып, вампулар қорғана алмады.
Бірнеше минуттың ішінде бəрі де бітті: өлгендер мен жараланғандар
атшаптырым алаңды жауып кетті: қабырғадан секіріп түсіп, қашып
құтылмақ болған ондаған вампу түп ізіне түскендердің оғына ұшты.
Қорғанушылардың қатарында ерлермен бірдей соғысқан əйелдер де қаза
тапты.
Жиһангездер үңгірді аралап, түкпірде ұйлығып бір жерге топырлаған
бірнеше кемпір мен отыз шақты баланы тапты, бəрі де қалш-қалш етіп, өкси
шыңғырды. Өздерінің қолды болған балаларын тауып алу үшін онкилондар
бұл тобырды далаға біртіндеп алып шықты. Өз балаларын тану онша
қиынға түспейді: себебі олар сəл ақшыл да, денесінде түк жоқтың қасы. Ал
вампу балалары ұстағанды тырнап, қолын тістеп пəле қылды. Қолды болған
балалар тобырдың ортасында екен, бəрінің бет-аузы көгеріп, қанталап
кеткен, «қонақжай» қожалары ұрғаны аздай, тістелеп тастапты. Қолды
болғаны он үш еді, содан жеті қыз бен екі ұл ғана табылды, төрт ер бала жоқ
болып шықты. Қанына қарайған онкилондар үңгірден алып шыққан
вампудың барлық ұл балаларын бауыздап тастады. Олар осынысын
кемпірлер мен қыздарға да жасамақ еді, жиһангездер Амнундактан
қырғынды енді доғаруын сұрады.
Үңгірдің бұрыш-бұрышын қарап жүріп олар бір қараңғы түкпірден қолаяғын байлап, үстіне тері үйіп тастаған əйелді тапты. Жарыққа алып
шыққанда байқады: бұл онкилон келіншегі екен, вампулар оны көктемнің
басында ұрлап əкетіпті, бейшара терілердің астында тұншығуға шақ
қалыпты, үсті-басы көгала қойдай, соққан таяқ пен қайыстың іздері
қанталап тұр. Өзіне-өзі келген соң ол күн құрғатпай қинап, ұрып-соққанын,
əсіресе, тəні бақадай жалаңаш деп күліп, əйелдердің қатты қорлағанын
айтты. Жаңағы əзірде шабуыл басталғанда кемпірлер қол-аяғын байлап,
терімен бастырып тастапты.
Сондай-ақ үңгірден вампулардың онкилондардан ұрланған қару-жарағы,
ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орны сияқты керек-жарағын тапты. Кемпірлер
мен қыздарды үңгірден қуып шығып, вампулардың айқас алаңында қалған
шоқпарлары мен найзаларын үйіп өртеп жіберді. Оған дейін барлаушылар
ұрланған бұғы табынын да тауып алды, вампулар баға білмейтін жəне бəрін
бірден сойып жеп тауыса алмайтын болған соң, жануарларды қайыспен
бұта-бұтаға байлап тастапты. Жеп үлгерді ме, əлде андап келе жатқанда
айырылды ма – вампулар əкеткен бұғыдан бірнешеуі жетпей шықты.
Онкилондар сазайын тартқан тағылар тұрағынан кешкісін ғана кетті.
Орнында ажалын өз ордасында тапқан вампулардың өлігі қалды, тұрағы
алынысымен жараланғандары да бауыздап тасталған-ды.
Опат болған бесеуін, қатты жараланған алтауын көтеріп алып онкилондар
қайтар жолға түсті, жеңіл жаралылары өзі жүріп келеді, олардың арасында
жауырынына найза тиген Ордин де бар. Олар жасақтың орта тұсында келе
жатыр, аман қайтқан бұғылар, құтқарылған балалар, өз иесін тапқан
бұйымдар да солармен бірге. Сондықтан баяу жылжып, түнге қарай ғана
олар тоналған тұраққа келді. Аналар құтқарып алынған балаларымен қуана
қауышты. Ординнің қолын таңулы көріп, көзіне жас алған Аннуир оны
құшақтай кетті. Кеше ғана жар таңдап қосылған осы мекеннің бір қызына
опат болған күйеуін зембілге салып алып келді.
ОНКИЛОНДАР МОЛАСЫ
От айнала жайғасқан жауынгерлер бір-біріне жəне əйелдерге жорық пен
ұрыстан алған əсерлерін айтып, айқастың кейбір көріністерін көз алдына
келтіріп, аз ғана құрбандықпен тағылардың тұтас бір тұқымын құртуда
басты күш болған ақ адамдардың нажағайы мен жасынын мақтап жер-көкке
сыйғызбады. Онкилондардан шығын шынында да аз еді: бұлардың опат
болған бір жауынгерінің орнына он вампу өлтірілді жəне ұрланған малмүлкі түгел қайтарылды. Бұрынғы соғыстарда мұндайды көз де көрмеген:
бір онкилонның орнына екеу, ең көп болғанда үш жабайы жер құшатын.
Енді аузы күйген вампулар көпке дейін бұларға бата алмайды. Амнундак
пен жиһангездер, Аннуир жəне тұтқыннан құтқарып əкелген əйел бар – бəрі
бөлек оттың басында отыр. Аннуирға жорық жайын бақайшақтап Горохов
ауыз жабатын емес.
Тілін там-тұм түсініп қалған онкилон əйелден вампулардың тұрмысы
туралы бірдеңе білгісі келетінін сездірді Горюнов. Оның айтуынша,
тағылардың бір тұрағы өз алдына тұтас отбасы, сондықтан жеке еркектер
мен əйелдердің арасында берік байланыс жоқ. Барлық əйел барлық еркектің
еншісі, ал балалар бəріне ортақ. Кейде жігіт ұнатқан əйелімен орманға
қашып кетіп, бөлек тұратын көрінеді, ал қалғандары бұған көнбей, оқиға
ердің ажалымен, келіншектің үңгірге қайтарылуымен тынады. Ерлердің
өмірі аңшылықпен, шоқпар, найза, қырғыш жасап, ас ішіп, аяқ босатумен,
ал əйелдердің күні отын дайындап, тері сыдырып, қайыс тілумен өтеді – бас
ісіп, мұрын қанап жатқан жұмыс жоқ, от басында, күн көзінде көсіліп
ұйықтау бар бітіретіні. Етті əдетте қанын сорғалатып шикі жейді, кейде отқа
да ұстаған болады, ал аңшылық сəтті аяқталса, қызылға шеңбірік атқанша
тояды. Тақа ет табылмаса, күнұзақ аш жүреді немесе тамыр қазып,
қарасүйір жинап, ірі құрт, болмаса бақа ұстап қорек етеді. Оттың
айналасында қатар тізіліп, аяғын отқа беріп тақыр жерде не тері үстінде
ұйықтайды. Олжалы аңшылықтан, тоя ішкен тамақтан кейін сілесі қатқанша
от айнала билеп, кейде болмашы бірдеңе үшін төбелесіп тарасады. Тастың,
ағаштың, судың рухы деген бірдеңелерден зəресі қалмай қорқады да, түнде
өлтірсе де жалғыз шықпайды. Аю мен басында бесінші аяғы бар алып бір
хайуанға табынады. Тісі найзадай ол мақұлыққа əйелдер саңырауқұлақ
теріп, тамыр қазып беріп жүреді.
Кешкі астан кейін жауынгерлер ұйықтап, əйелдер əдет бойынша өлгендерді
жоқтап жылауға кірісті. Өлгендерді қолына найзасы мен садағын ұстатып,
тізесін қалқанымен жауып, оттың қасына қойған əйелдер бұрымын
тарқатып, алқасы мен білезіктерін алып тастап, бетін қолымен басып, опат
болған жауынгердің ерлігін мадақтап ұзақ сонар жоқтау айтты. Өлгендердің
басында жоқтау жыр айтып отырып, олар алға да, артқа да теңселіп егіледі.
Олардың жылауына салып Крот пен Белуха ұлып еді, есті мақұлықтар
адамның қайғысына ортақтасып жатыр-ау деп ойлады онкилон əйелдер.
Жиһангездер иттердің ұлуын қойғызып, мұңлы жыр əуенімен ұйқыға енді.
Келесі күн əдеттегісінше қалың тұманмен құндақтала туып, от жарығы
көмескі ғана жылтырады. Əйелдер таң атқанша жоқтау айтып, енді ас
камдауға кірісті. Қыруар жауынгерді тамақтандыру үшін оншақты бұғы
сойылыпты. Тұман айығып күн көтерілгенде шəкіртін ертіп бақсы да келді.
Өлгендерді зембілге салып бүкіл жасақ үн-түнсіз орманды басып, батысқа
қарай аяңдады, олардың айқаста опат болғандарды жерлеуге апара
жатқанын бар мекенге хабарлап, ауық-ауық дүңгірлеген барабан үні
шығарып салды. Қаралы шеруге əйелдер мен балалар ермей қалды.
Тұрақтан он шақырым жүріп ойпаттың батыс жиегіндегі тас үйілген төбеде
тұрған онкилондардың басты моласына жетті. Əр мола үстіне тас үйілген
төмпешік сияқты, басына ұшын көкке қаратып найза шаншып қойған. Көне
төмпелер басылып, шанышқан найзалары қисайып, кейбіреулері құлап та
қалған. Ең ескілерінің басында еш белгі жоқ, тасын қына жауып қалған.
Мəйітті жерге қоя тұрьп, жауынгерлер қабір қазуға кірісті. Уақ тастарды екі
жағына лақтырып, тереңдігі метрге таяу ұзынша шұңқырлар əзір болған
соң, өлгендерді аяғын түстікке қаратып бөлек-бөлек соған салды. Қолын
жанына салып біріне садақ, екіншісіне жебе толы қорамсақ ұстатып,
найзаны басына жастап болды да, жаңағы сыртқа шығарылған таспен бетін
жасырып, топырақпен көміп тастады. Вампулардың үңгірінен жинап
алынған балалардың басы мен сүйегін бір қабірге сап көмді, бірақ басына
еш белгі қойған жоқ.
Жерлеу кезінде бақсы моланың ортасындағы бір шоқыға шығып ап,
даңғырасын қағып, даусын қаттырақ шығарып əлдене айтып тұрды.
Шамасы, жас қабірді жын-шайтан иектемей, мəңгілік болғандардың
мазасын алмай, аулақ жүрсін деп жалбарынса керек. Қабір қазыспаған
жауынгерлер моланы айнала қоршап, найзаларына сүйеніп үнсіз тұрды.
Қабірлер жабылып болған сон жауынгерлер бір кісідей қолын көкке көтеріп,
бетін сипады да өксік бір зар шығарды; бес жүз көмейден шыққан осы үн
жартасқа жаңғырығып, төңіректі тітіркентті. Осыны үш қайталады да,
жасақ жиекке шегініп, тынығуға жайғасты.
Жағдайды пайдаланып жиһангездер ойпаттың ернеуін жағалап көрді. Тұман
айыққан, сəскелік күн шақырайып қара құздарға шағылып тұр. Текшетекше тастармен сатылап көкке бойлаған найза шыңдардан бас айналады,
жақпар жарықтарынан қар ағарып, кей тұстан су атқылап тұр. Кейде сонау
қиядан мұз құлап, құлама жармен сырғып келе жатып уатылады да, жерге
былш ете қалады. Зеңгір аспанда іліп əкетер таутеке лағы мен бұғының
баласын шолып, екі қыран қалықтап жүр. Ауа да тұп-тұнық, тып-тымық,
осынау тау жыныстарының ортасындағы қызыл, жасыл, сары қына
жамылған төмпелер ақ басты қап-қара заңғар құздар мен жасыл орман
арасында бұлтсыз аспанның астында көңілді тіпті көтеріп те тастайтындай.
Жанындай сүйіп, əр пұшпағы үшін жаумен жағаласып, аясында еркелеп
еркін өскен осы бір жасыл алқап пен көк орманнан қап-қара құздың астына
енді өлілер. Осы ойдың өзі-ақ көз алдыңа: «Мəңгілік тыныш дүние мұнда»,
– деген сөздерді отпен жағып, алаулатып тұрғандай.
Жардың астыңғы жағынан молаға қарама-қарсы аузы дəу тастармен
қоршалған үңгірді көрді жиһангездер. Бұрын бұл үңгірде вампулардың
үлкен бір ордасы болғанын айтты Амнундак. Осы арада керемет айқас
болып, көп онкилон қаза табады. Тағылар тобырын тірі пенде қалдырмай,
түгел қырып, үңгірдің манындағы тастармен опат болған өз
жауынгерлерінің басын бекітеді. Оларды мұнда жерлеген, тірі қалған
онкилондар жаралыларын алып кетуге əрең жетеді. Содан бері вампулармен
шайқаста мерт болғандар тек осында əкеліп жерленеді.
–Көрдіндер ғой, ақ адамдар, – деп сөзін тамамдай тұрып Амнундак сансыз
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жұмбақ жер - 10
  • Parts
  • Жұмбақ жер - 01
    Total number of words is 3932
    Total number of unique words is 2148
    31.6 of words are in the 2000 most common words
    44.2 of words are in the 5000 most common words
    52.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 02
    Total number of words is 4087
    Total number of unique words is 2295
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 03
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2134
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    55.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 04
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2123
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 05
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2113
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 06
    Total number of words is 4008
    Total number of unique words is 2291
    32.1 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 07
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2221
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 08
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2202
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    47.7 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 09
    Total number of words is 4075
    Total number of unique words is 2237
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 10
    Total number of words is 4112
    Total number of unique words is 2282
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.6 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 11
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2162
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 12
    Total number of words is 4068
    Total number of unique words is 2289
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.1 of words are in the 5000 most common words
    55.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 13
    Total number of words is 4043
    Total number of unique words is 2065
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    57.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 14
    Total number of words is 4003
    Total number of unique words is 2161
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 15
    Total number of words is 4094
    Total number of unique words is 2103
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 16
    Total number of words is 4127
    Total number of unique words is 2014
    37.1 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 17
    Total number of words is 4180
    Total number of unique words is 2101
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 18
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2188
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 19
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2376
    28.9 of words are in the 2000 most common words
    41.0 of words are in the 5000 most common words
    49.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жұмбақ жер - 20
    Total number of words is 621
    Total number of unique words is 482
    41.4 of words are in the 2000 most common words
    53.4 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.