Latin Common Turkic

Жергілікті Дəрігер - 08

Total number of words is 4029
Total number of unique words is 2253
36.2 of words are in the 2000 most common words
50.4 of words are in the 5000 most common words
58.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
ержете келе, əкесінің капиталы есебінде саналады. Ал мына кедей баласын
шын жақсы көреді екен. "Менің қасіретім басылатын емес" дегені бар еді,
оны бір күні шабындық басында көргенімде,– шалғысына сүйене қалшиып
тұрып қалды да, бір қолындағы қайрағымен орағын қайрауды да ұмытып,
ойға беріліп кетіп. Содан былай қарай ұлын аузына алған емес, ылғи іштен
тынып жүреді.
Осындай əңгіме үстінде Бенаси мен оның мейманы тері илеу
зауытының қасында жапырайған бір үйге таянып келген. Сəмбі талдың
түбінде жасы қырықтар шамасындағы кісі нанға сарымсақ жағып жеп тұр
екен.
– Ал, қалай, Ганье, қызыңның жағдайы?
– Білмеймін, тақсыр, - деді ол тұнжырап, өзіңіз көрерсіз; - əйтеуір,
əйелім қасынан кетпейді. Сіз бар ықыласыңызды салып жүрсіз, бірақ үйіме
бір кіріп алған осы өлім менің барымды алып тына ма деп қорқамын.
– Өлім ешкімнің үйіне де көп аялдамайды, ондай уақыт жоқ онда.
Үнжұрғанды түсірме.
Бенаси соған еріп, үйге кіріп кеткен. Жарты сағат шамасында қыздың
шешесін ертіп,
сыртқа шықты, сөйлеп келеді:
– Қауіптенбеңіз, менің айтқандарымды орындаңыз, қазір төніп тұрған
қауіп жоқ... Егер сіз зеріккен болсаңыз, деп ол енді офицерге бұрылды, өзі
атына ырғып мініп, мен сізді селенге баратын жолға салып жіберейін, үйге
қайта беріңіз.
– Жоқ, құдай ақы, мен еш те зеріккен жоқпын.
– Көретініміздің бəрі осы тəрізді өңкей лашықтар, деревнядағы
үйлердің бір-бірінен айырмасы болмайды.
– Кеттік, - деді офицер.
Олар осы бетпен бірнеше сағат бойы кантонды бір шетінен бір шетіне
дейін аралап шықты да, кешке таман селенге қарай бұрылды.
– Мен енді ана бір жерге соға кетуім керек, деп доктор офицерге
шоғырланып тұрған бір топ биік шегіршін ағаштарын нұсқады. Сол
ағаштарға кемінде бір екі жүз жыл болған шығар,деп қойды тағы да. Сол
жерде бір əйел тұрады, кеше біз түстік ішіп отырғанда бір жігіт келіп айтып
еді ғой: өңі құп-қу болып кетті, - деп.
– Қауіпті бір нəрсе ме екен?
– Жоқ-ə, - деді Бенаси, жүкті əйелдерде бола береді. Күні жақындап
қалған. Сол кезде кейбір əйелдердің буыны тартылып қалады. Бірақ абай
болып, қарап тұру керек: бір келеңсіз жағдай болып қала ма деп, баланы
мен өзім қабылдап алуым керек. Айтқандай, сіз қазір біздегі ең жаңа
өнеркəсіп орның көресіз ол қыш зауыты. Жолы да тамаша, қаласаңыз,
аттарды біраз шаптырып алайық.
– Сіздің атыңыз бізге ере алмай қалар-ау, - деді де, – Женеста астындағы
атына: "Қарышта, Нептун!" - деп белгі берген.
Көзді ашып жұмғанша Женеста жүз қадамдай ілгері кетіп қалды да,
бұрқыраған шаңның арасында көзден ғайып болды, бірақ, оның аты
қаншама қарыштап шапқанменен, доктордың атының үнемі қатар келе
жатқаның сезіп еді. Мінекей, Бенаси атына бір нəрсе деп тіл қатып еді, ол
дереу офицерді басып озып, қара үзіп кетті, ал офицер оны тек қыш
зауытына барған жерде ғана қуып жетсе, доктор түк көрмегендей, атын
тоқыма қоршауға байлап жатқанды.
– Тəйірі алсын! - деп таңдана қасына келген Женеста аттың ең болмаса
бүйірін соғып, тершімегенін көріп, таңғалды. - Жылқы деп міне осыны айт!
Қай тұқымнан өзі?
– Бəсе, солай болар! доктор осыны айтты да, күліп жіберді. Сіз бір
тепіріш деп ойлап па едіңіз?.. Мен тұлпарымның тарихын айта бастасам,
тым ұзаққа кетер; Рустанның тап-таза бербері тұқымдас екенін, оның
Атластан келгенін айтсам да жетер сізге. Берберінің жылқылары араб
тұқымдарынан бір де кем түспейді. Рустан тауға атылып шыққанда, бір
бусанбайды ғой, ал енді жарқабақтан жүргенде сүріну дегенді білмейді
жануар. Мен мұны сыйға алып едім, ал шының айтсам, ондық еңбегім де
сіңген. Қызын ажалдан арашалап алып қалғаным үшін, əкесінің маған
тарту еткені осы болатын. Ол қыз Еуропадағы ең бай атанып жүрген кісінің
мұрагері еді: мен оған Савойяда саяхатта жүрген кезінде тап болдым. Ол
қызды қалай емдеп, тəуір қылғанымды айтсам, мені бір суайт екен деп
қаларсыз... Əне, естіп тұрсыз ба, жол жақтан қоныраудың сылдыры мен
доңғалақтың салдырын. Виньоның нақ өзі емес пе екен желдіртіп келе
жатқан, сол болса, анықтап қарағайсыз.
Сəлден кейін төрт сəйгүлікті қатарлап жеккен күйме көрінді; əбзелсайманы да нағыз Бридің бай фермерлеріндегідей екен. Шұғадан шашақ,
жез қонырау, былғары əбзел бəрі де əсем, бəрі де байлық пен барлықтың
белгісі. Сыртын көкпен сырлаған кең күйменің ішінде екі беті дөңгеленіп
күнқақты болған маңғаз жігіт отыр; шыбыртқысын күзетшінің
мылтығындай алдына кезене ұстап, əлде бір əуенді ысқыртып қояды.
– Жоқ, бұл өзі емес, делбешісі екен, - деді Бенаси. Қараңызшы, кісінің
жетіскендігі айтпай-ақ көрініп тұр, тіпті ат-тұрманының өзінен де! Саудасаттығының өрге басқандығынан ғой бəрі де; мұндайды түкпірдегі
деревнядан некен-саяқ көресің.
– Иə, иə, үлде мен бүлдеге бөленген екен, - деп қойды офицерде.
– Ендеше, Виньода мұндай ат-арба бір емес, екеу. Іс орайымен жүргенде
мінетін жорғасы тағы бар; саудасының шалқып тұрғаны ғой; ал енді
осыдан торт жыл бұрын дымы жоқ еді. Жоқ, қателесіппін, бары
мойнындағы қарыздары ғана болатын... Жүріңіз, барайық. Бенаси
делбешіні дауыстап шақырып алды: — Айтшы, жігітім, Виньо ханым
үйінде ме екен?
– Бақша жақта жүр, мырза, жаңа ғана шартақтың ар жағынан көргенмін.
Барып айтайын, сіз келді деп.
Женеста Бенасидің соңынан еріп, айналасын шартақпен қоршап
тастаған үлкен тəлімге қарай өтті. Бір жақбұрышта үлкен төбе қылып үйген
түрлі-түсті саз балшық түрлі түсті қыш, кафельдік тақта өндірісіне қажетті
шикізат; енді бір бүйірде тау боп үйілген буда-буда тобылғы мен отындық
ағаш; одан əрегіректе, тоқыма қоршаудың ар жағындағы алаңда
жұмысшылар ақ кірішті үгітіп, кірпіш құятын лайды былғастырып жатыр;
ауланың кірер есігіне қарама-қарсы, зəулім шегіршін ағаштарының түбінде,
дөңгелек жəне төрт бұрышты қыш жасап шығаратын шағын зауыт тұр, ал
ана көгалдың ар жағында, айналасына ағаш отырғызып тастаған алаңқайда
қыш кептіретін жаппаның төбесі, одан əріде өнеші сорайған пеш пен оның
үңірейген оттығы, қасында жайрап жатқан ұзын сапты күректер көрінеді.
Енді бір бүйірде көзге қораштау үй тұр қожайынның тұрғын жайы,
соған жапсарластыра салған сарайлар, ат, сиыр, астық қоралары. Үй
құстары мен шошқаларға қайда барса да мол өріс, кең жайлау. Барлық үйжайлар мен қора-көпсыларда жайнаған тазалық, қайда қарасаң да шаруақор
қожайынның тыңғылықты ісінің іздері.
– Виньодан бұрын, - деп жалғастырды əңгімесін Бенаси, – бұл жерде
тұрған бір болымсыз, жалқау адам еді, өзі ішуді тəуір көретін. Бір кезде
батырақ болған, ал кейін зауытты өзі жалға алған соң, бар білгені - төпелеп
пешті жаға беру де, жалақысын төлеп тұру ғана болды; ешқандай іскерлік
қабілеті де, сауда-саттығы да жоқ еді. Айталық, ешкім одан бұйым сұрап
келмесе, өнімі босқа жатып бүлінетін, іске жарамай қалатын. Ақыры,
аштан өлуге айналды. Сөйтіп тұрып əйеліне күн көрсетпеді; мəжүн қылып
жіберді; өздері кəдімгі қайыршылық күйге түсті. Ол адамның жалқаулығы
мен иіс алмас топастығынан мен өзім де əбден безіреп болғанмын; зауытқа
қараудың өзі мен үшін азапқа айналғаны сондай, тіпті маңайынан
жүрмейтін болдым. Ерлі-зайыптылар қартайған; бір күні шалдың аяқ-қолы
сал болып қалыпты; мен оны дереу Гренобльдағы мүгедектер үйіне апарып
орналастырдым.
Зауыттың иесі ешбір сөз айтпастан кəспорынды қайтып алуға келісті,
оның қандай күйде екеніне қараған жоқ. Мен соны жалға алып, кантонда
өнеркəсіпті дамытуға септігі тиетін адам іздедім. Сол кезде Гравье
мырзаның үй жинаушы қызметкер əйелінің күйеуі, құмырашыда шебер
болып істеп, болымсыз жалақысына үй ішін асырай алмай жүрген жігіт
менің ұсынысымды қабылдай кеткені. Өзінің көк тиын қаражаты жоқ бола
тұра, сол зауытты жалға алмақ болды; осы жерге келіп орналасты да,
əйелін, шешесі мен көрі енесін қыш жасауға үйретіп, өзіне кəдімгідей
жұмысшы қылып алыпты. Құдай ақы, олардың қандай жол тапқаның тіпті
білмеймін. Сірə, Виньо пешке жағатын отынды қарызға алған болар да, өзі
түн баласына дорбалап материал тасып, сонысын күндіз өңдеген болуы
керек қысқасы, құпия түрде жұмысты қыздырып жіберген, ал екі кемпіршешесі үстеріне қомыт киіп, зорығып жүріп жұмыс істеген. Сонымен,
Виньо пештен бірнеше қабат қыш шығарып үлгірген; алғашқы жылы тек
нанмен ғана күнелткен, бүкіл отбасы болып қызыл табан күйде еңбек
еткен, бірақ шыдаған. Виньоның ерлігін, төзімділігін, кісілігін көздерімен
көрген көп жұрт, ақырында, оған жанашырлық білдірген, оның жақсы
атағы елге жайылған.
Өзі де қажырлы жігіт екен: таңертең ертемен Гренобльге кетіп, кірпіші
мен қышын сатса, түс кезінде қайтып келіп, түнделете тағы да қалаға
кететін болған; бір жерде тұрақтап отыруды білмеген. Алғашқы жылдың
аяқ кезінде екі баланы өзіне қолқабыс етіп алған екен, сол кезде мен оған
ақшалай қарыз бердім.
Сонымен, не керек, тақсыр, отбасының жағдайы жылдан-жылға оңдала
берді. Екінші жылға аяқ басқанда екі кемпір енді кірпіш құймайтын, тас
уатпайтын болды да, бақты күтуге ауысты, киім жамап, тамақ пісірумен
айналысты; кешкісін отыра қалып жіп иіреді, күндіз орманға барып отын
əкеледі. Əйелінің сауаты бар, есеп-қисапты сол жүргізеді.
Виньо бір ат сатып алып, ел аралайды, дайын өнімге тапсырыс
жинайды. Мəнерлі тақташа, тамаша кафельдік шаршы жасауды үйренеді,
оларын базар бағасынан арзанға өткізеді. Үшінші жылы бір арба, тағы екі
ат сатып алады. Ол алғашқы ат-арбалы болған тұста, əйелі де нағыз
сəнқойлық дəрежеге жетеді. Табыстары бірден-бірге молайып,
шаруашылығы нығая түседі.
Виньоның барлық ісінде тəртіп бар, тазалық бар; үнемшілдік оның
шағын байлығының түп тұтқасы. Мінеки, ол қазір алты жұмысшыны
жалдап отыр, оларға жалақыны жақсылап төлейді; делбеші ұстайтын
болды, барлық ісіне кең өріс берді; қысқасы, өндірісін бірте-бірте ұлғайта
отырып, сауданы өрістетті, сөйтіп ауқатты тұрмысқа жетті. Өткен жылы
қыш зауытын сатып алды, келесі жылы үйін қайта салмақ. Отбасының
барлық адамдарының дені сау, киім киістері жақсы. Күйеуінің барлық қамқарекеті мен уайым-қайғысын бірге бөліскен əйелі бұрын жүдеу, тыриған
арық болса, қазір толысып, тіпті əдеміленіп, ажарланып кеткен. Екі кемпір
де көңілді; қутандап шаруа соңында жүреді, қолдары босай қалса сауда
жағына көмектеседі.
Жұмыс ақша келтірді, ақша үйге тыныштық пен денсаулық əкелді,
көңілге қуаныш дарытты. Мен үшін бұл шаруашылық өзім құрған
қауымның да, жас түлек сауда мемлекеттерінің де шын мəнісіндегі тірі
тарихы болып табылады. Бұрын шаң-тозаңның астында иесіз қалып, азыптозған зауыт қазір бар қуатымен жұмыс істеп тұр; іші толған адам,
қайнаған өмір, құрал-жабдығы мол, жақсы қаруланған. Мінеки, қыруар
ақшаға отын мен қажетті материалдар қоры жасалған маусымды жұмысқа
ең керегі осылар ғой: қыш деген зат жылдың белгілі бір уақыттында
маусымнан қыркүйекке дейін ғана дайындалатының өзіңіз білесіз. Осындай
қайнаған жұмысты көрудің өзі ғанибет емес пе. Қыш жасаудың біздегі
бірден-бір шебері барлық селендік құрылыстардың бəріне өз үлесін қосты.
Қашанда көңілі көтеріңкі, қашанда қимыл үстінде жүретін, қашанда
қарекетшіл осы жігітті халық "Жалықпас" атап кеткені де əдемі-ақ.
Бенаси сөзін аяқтап болған жоқ, əдемі киінген жас əйел, басында сəнді
қалпақ, аяғында ақ шұлық, белінде жібек алжапқыш, үстінде алқызыл
көйлек, кейбір қимылына қарағанда, бұрын үй күтуші болған тəрізді сол
келіп, бақ жақтағы қақпаны ашты да, өзінің аяғы ауыр күйіне қарамастан,
аяғын шапшаң басып, қонақтарға қарай беттегенде, бұлар да оған қарсы
жүрді.
Виньо ханым шыныңда да өте тартымды, толықша келген əйел екен;
ажары ептеп күнге күйген, ал бірақ табиғатында өзі аппақ екені байқалады.
Маңдайында аздаған əжімі бар сірə, бұрынғы қайыршылық тұрмыстың
зардабы болар; ал қазіргі ақжарқын ашық ажарынан мұңсыздық лебі есіп
тұр.
– Бенаси мырза, - деді ол назды үнмен, доктордың аялдап қалғаның
көріп, - маған бір құрмет көрсетіңізші, үйге кіріп дем алыңызшы.
– Тілегіңізге құлдық, - деп жауап қайырды бұл. - Жүріңіз, капитан.
– Ыстықтаған шығарсыздар, сүт ішесіздер ме, əлде шарап па? Күйеуім
шілдеханаға арнап шарап қорландырып қойған. Содан дəм татыңыз, Бенаси
мырза, сонсоң өзіңіз айтарсыз, жарай ма тойға, əлде жоқ па?
– Сіздің күйеуіңіз таптырмайтын адам ғой.
– Иə, тақсыр, - деді əйел артына бұрыла қарап, салмақты үнмен,
тағдырыма ризамын.
– Бізге еш нəрсенің керегі жоқ, Виньо ханым, мен сіздің халжайыңызды білуге ғапа келдім, ауырлап қалған жоқсыз ба?
– Жоқ, жоқ, - деді əйел. – Көрдіңіз бе, мен қарап отырмайын деп,
бақтағы қырқаны қопсытып жатырмын.
Осы сəтте əйелдің екі бірдей шешесі таянып келген Бенасиге
сəлемдесуге келіпті, ал делбеші жігіт сол манаты ауланың ортасында
тұрған күйі тұрып қалған еді, сол жерден докторды анық көріп тұр.
– Көрейін, кəне, қолыңызды əкеліңізші, - деді Бенаси Виньо ханымға.
Ол үнсіз, бар ойын ішіне тартып алып, зейін сала, ханымның тамыр
соғуын санай бастады. Ал ана екі əйел, кəдімгі селен əйелдерінің əдетімен,
қысылмай-қымтырылмай, офицерді көздерімен тінтіп қарай бастады.
– Бəрі де дұрыс келе жатыр, - деді доктор көңілдене дауыстап.
– Босанар күні жақын ба? - деп сұрады екі ана бірдей қосарланып.
– Осы аптаның ішінде анық болады. – Сонсоң, сəл үнсіздіктен кейін
қайта сұрады. -Немене, Виньо жол жүріп кетіп пе еді?
– Иə, тақсыр, - деп жауап қатты жас əйел, күйеуім менің шілдеханама
дейін барлық шаруаны бітіріп қояйын деп асығып жүр.
– Ал олай болса, достарым менің, гүлдене беріңіздер, байыңыздар,
балалы-шағалы болыңыздар.
Офицерді мынау шала-жансар үйдегі тазалық таң-тамаша қалдырып
еді. Бенаси соны байқап қалып, одан сайын қостай сөйледі.
– Шаруашылықты бұлай жүргізу тек Виньо ханымның ғана қолынан
келеді. Көрші əйелдердің біразы осы кісіден үйренсе екен деп тілер едім
мен.
Келіншек екі беті ду етіп, төмен қарап қалды, ал екі кемпір доктордың
мақтау сөзін естіп, төбелері көкке жеткендей болды. Үш əйел қатар түзеп,
аттардың тұрған жеріне дейін оны шығарып салды.
– Мінеки, деді Бенаси кемпірлерге қарап, сіздер енді бек бақытты
болдыңыздар. Əже болғыларыңыз келіп еді ғой сіздердің.
– Түу, айта көрмеңіз! - деп келіншек əңгімеге араласты. Менің өзімде де
дегбір жоқ! Екі шеше ұл немерені қалайды, күйеуім қыз болса екен дейді.
Солардың қайсысына жағайын.
– Ал, өзіңіз қайсысын қалайсыз? - деді Бенаси күліп.
– Маған керегі, тақсыр, бөпе болса болды.
– Көрдіңіз бе, аналық мейір пайда бола қалыпты, деді атының тізгінін
тарта бастаған доктор офицерге Бұрылып.
– Қош болыңыз, Бенаси мырза, - деп дауыстады келіншек, сіз келгенде
үйде болмағаным-ай деп өкінеді енді күйеуім.
– Ол Гранж-о-Бельге мың дана қыш жіберуді ұмытқан жоқ па екен?
– Əрине, жіберген. Сіз оны білесіз бе, бүкіл кантонның тапсырысы
болса да, ол қолын бір-ақ сілтеуге бар, бірақ сіздің тілегіңізді орындамай
қоймайды. Бірақ сізден ақша алуға батылы бара бермейді, ал мен айтамын
оған: сіздің ақшаңыздың қайыры мол болады, деймін; сол ып-ырас.
– Cay болыңыздар, - деді Бенаси.
Үш əйел, бір делбеші, екі қызметкер қыш зауытына кіре берістегі
тоқыма шартақтың алдында Бенаси əбден ұзап кеткенше тапжылмай
қарады да тұрды; қымбат адамдары кетіп бара жатқанда кісілердің қимай
қарап тұратын əдеті ғой: дос көңілдердің осындай жақсы ғұрпы барлық
елдерде бірдей болатыны да сондықтан-ау.
Бенаси күннің көзіне қарап тұрды да, жол серігіне былай деді:
– Ымырт жабылуға дейін əлі екі сағат уақыт бар, егер қарныңыз қатты
ашып қалмаған болса, біз бір өте қылықты қызға соға кетейік; мен
ауруларды аралап шыққаннан кейін, түстікке дейінгі уақытымды əрдайым
соған бөлетін едім. Кантондағы жұрттың бəрі оны менің "сырласым" деп
атайды; бірақ біздің өлкеде қалыңдыққа лайықталған мұндай атақты жұрт
кекесінмен берген екен деп ойлап қалмаңыз. Менің байғұс қызға жасаған
қамқорлығым кейбіреулерде қызғаныш сезімін туғызғанмен, менің мінезім
туралы жұрттың бəрінде қалыптасқан пікір ешқандай қисық ойларға жол
бермейтіні түсінікті болса керек.
Қыздың жұмыс істемей-ақ жоқшылық көрмеуі үшін менің не себепті
оған рента беріп қойғанымды жұрттың түсіне бермейтіні рас, бірақ оның
ұстамдылығына жұрттың бəрі сенеді жəне де менің көңілімнің жақындығы
достық қамқорлықтың шекарасынан асып бара жатса, менің оған үйленіп
алатынымды жұрт тағы біледі.
Бірақ біздің кантонды былай қойғанда, - деп доктор сөзін жалғастыра
түсті де, миғынан күлгендей мезірет білдірді, бүкіл дүниеде мен үшін əйел
деген ұғым жоқ. Махаббатшыл адам, əсіресе өмір оған құлазыған иен дала
сияқты болып қалған кезде, қадірменді Блюто, бүкіл жан-тəнімен белгілі
бір нəрсеге немесе мақұлыққа байланып алады. Сондықтан, маған құлақ
салыңыз, итке немесе атқа құмартқан адамға түсініктірек көзбен
қарағаныңыз жөн болар! Менің күн шуақты отаным Лангедокта қойшының
жақсы көретін қошақаны оның өзіне қандай болса, тағдырдың бұйрығымен
маған бұйырған инабатты жандар арасында бұл дімқос қыз да мен үшін дəл
сондай: жанағы қойшы сол қошақаның қалай мəпелеп, аяласа, онымен дəл
адамша сөйлесіп, оны ен шұрайлы жерге жайса, оған ең арғысы ит те жəбір
жасамайтыны бар ғой.
Бенаси осы сөздерді түрегеліп тұрып, бір қолын аттың жалына салып
қойып сөйлеген; сонда ол дəл қазір ат үстіне ырғып мінгелі тұрғандай
көрінсе де, онша асықпаған, өйткені өзінің көкірегін кернеген нəзік сезім
өзге бір шұғыл қимылмен үйлеспейтіндей көрінген.
– Енді қайтеміз, - деді бір кезде кенеттен үн қатып, - кеттік соған! Мен
оған сізді өзім алып бара жатырмын, оған өзімнің қарындасымдай
қарайтыныма осының өзі-ақ дəлел емес пе, солай ғой?
Екеуі де атқа қонған кезде Женеста докторға мынадай сөз бастаған:
– Бұл қыздың жайын сұрастырып жату, бəлкім, менің тарапымнан
əбестік те болар. Бірақ оның өмірі, тегінде, қызықтығы жағынан сіздің
маған баяндап айтқан адамдарыңыздың өмірінен кем болмас.
– Тақсыр, - деді сонда Бенаси атының басын тежеңкіреп, менің оған
деген қатынасым, бəлкім, сізге түсініксіз болар. Оның тағдыры дəл
менікіндей; біздің талайымыз басқаша болса керек еді; менің оған деген
сезімім, оны көрген сайын менде болатын тебіреніс біздің тағдырымыздың
сол ұқсастығынан туындайды. Сіз ғой əскери қызметке кіріскенде, өзіңіздің
бейіміңізді ескердіңіз, əйтпесе өзіңіздің дəл қазіргі жасыңызда əскери
тəртіптің бұғауында жүрмеген болар едіңіз; демек, мəңгілік үміт пен
мəңгілік күдіктің адам жанын қалай-қалай қинайтының сіз түсіне
алмайсыз, өзіне жат ортада өмір сүруге мəжбүр болған адамның жаның
жеген қасіретті де сіз түсіне алмайсыз. Ұзақ соғыстан туындаған талай
сұмдықтарды көзбен көрген сізде сезімталдық деген жойылып біткен: ал
бірақ та сіз көктемнің дер шағында жапырағы сарғайып кеткен ағашты
көргенде, өзінің барынша толысып, еркін өсуі үшін жеткілікті түрде нəр
алатын топыраққа отырғызылмағандықтан, семіп-қатып, біржола солуға
айналған ағашты көргенде, сіздің жүрегіңіз де өкініштен сыздап кетпес пе
еді? Қор болған өсімдіктің шарасыз көнбістігі жиырма жасымда да менің
көзімді жасқа толтырушы еді, сондай көріністі қазір көрсем де мен теріс
айналып кетемін. Менің жастық шақтағы қасіретім жасамыс кездегі
қасіретімнің хабаршысы екен, мен сонда болашақтың қайғысын дəл бүгін
санадан тыс сезгендей болыппын; өзінің жазмыштағы таусыншақ күнінің
мезгілінен бұрын төніп келе жатқаның сезінген шарасыз ағаш секілді
сезініппін адамның да, ағаштың да бір дəрменсіздігі осында.
– Сіздің мейірбандығыңызды көргенде, мен сізді дəл сондай қасіретті
көп көрген адам-ау деп ойлаған едім!
– Түсінесіз бе, тақсыр, доктор Женестаның жаңағы сөзіне жауап
берместен, өз сөзін жалғастыра берді. Бұл қыз туралы айту менің өзім
туралы айту деген сөз. Ол басқа топыраққа апарып отырғызылған өсімдік,
бірақ қасірет шегуге келгенде өсімдік емес, ол адам, сондықтан оның
жаның ешбір саңылауы жоқ қара түнектей қалын қасіретті ойлар бірінен
соң бірі келіп мүжиді де жатады. Бейшара қыз бейнет шегуде. Жаны тəнін
жеп, өлтіріп барады. Сондай ауыр азапқа жем болған əлсіз жанның
жағдайын көре тура, мен қалайша немқұрайды қалмақпын; біздің мына
өзімшіл дүниеде мен өзім қандай азап-бейнетті болса да қайыспай қарсы
аламын деп жүрген ер адам, мен екеш мен де, əрбір кеш сайын осындай
қасіреттің ауыртпалығынан ада-күде бас тартып кетер де едім, бірақ
құдайға деген сенімім сол қасіретімнің ащы зəрін жұмсартып, жүрегіме
тəтті бір үміттерді ұялатады. Егер біздің баршамыз да бір құдайдың
перзенті болмаған күнде де, ол қыз бəрібір менің қасіреті ортақ
қарындасым болып қалар еді.
Бенаси бұл əңгімені осы бағытта жалғастыра беруге қорыққан адамша
атын тебініп қалған; соның соңынан Женеста да шоқытып кетті.
Тақсыр, аттар cap желіске ауысып, қатарласа берген кезде, доктор
əңгімесін қайта жалғастырған, былайша айтқанда, өзге əйелдердің
барлығын табиғат қуаныш үшін жаратқанда, мұны назалану үшін жаратқан
тəрізді. Осындай міскін жандарды көргенде, басқаша да өмір болады
дегенге қалайша иланбайсың? Оған əсер етпейтін нəрсе жоқ: бұлтты,
жауын-шашынды күндерде ол "аспанмен бірге егіледі", бұл оның өз сөзі.
Құстармен бірге сайрайды, аспан ашылғанда ол да жайдары; ашық күнде
құлпырып кетеді; жұпар иістен кереметтей лəззат алады: бірде таңертеңгі
жаңбырдан кейін гүл күлтесі ашылып, жұпар иісі аңқып тұрған кезде,
жаңбырдың суына малынып, жалт-жұлт еткен лала гүлдің иісін құшырлана
жұтып, күні бойы рақаттанғаны бар; ол сондайда бейне бір табиғатпен
бірге оянып, өсімдік атаулымен бірге түрленетін тəрізді. Егер күн қапырық
болса, найзағай алдында ауаны электр тоғы кернеп тұрған шақта, ол өзіненөзі дімкəстəніп, мүлде мазасызданып кетеді: біресе жатып, біресе тұрып,
бір түрлі меңзең күйге түседі, ал не болғанын өзі де білмейді. Мен соның
жайын анықтап білмек болсам, ол айтады: сай-сүйегім сырқырап, бүкіл
денем езіліп барады, дейді. Мұндай кездерде ол мүлде самарқау, өзінің тірі
екенін денесінің ауырғаныңа қарап қана білетін сияқты; жүрегі, өз сөзімен
айтқанда, кеудесінен ытқып кетуге дайын тұратындай көрінеді. Байғұс
қыздың көз жасын төгіп отырған кезін талай көрдім: сөйтсем, ол таудың
күн батар кездегі көрінісін қызықтап отырады екен, шындардың ұшар
басында бұйраланған бұлт түйдектері жапырлап, батар күннің алтын
шапағына малынып тұрған кезін көріп, егіледі екен. "Балапан-ау, неге
жылап отырсың?" - деп сұраймын. "Тіпті білмеймін, тақсыр, - деп жауап
берер еді ол сонда, - осы жерде отырмын, ақымақ болып; жоғары қарасам
болды, қызығына көзім тоймай кетеді де, ақырында, өзімнің қайда
отырғанымды білмей қаламын". - "Ол жақтан не көрдің?" "Мен соны айта
алмаймын". Жауабы осы, ар жағында кеш бойы сұрасаң да, бір ауыз уəж
ала алмайсың. Біресе екі көзі мөлдіреп, саған қарағанда, жанарында
қасіретті ой тұрады, əлде бір нəрсені қадала ойлап, өзімен-өзі отырады.
Ондайдағы терең ойға батқаны басқаларға да əсер етеді; басқаны қайдан
білейін, əйтеуір сондай сəттерде ол маған электрдің тоғы кернеген қара
бұлт сияқты болып көрінеді. Бір күні мен оған сұрақты жаудырдым келіп,
ашық əңгімеге шақырмақ болдым. Өзім қызып та кеттім. Ол қайтті дейсіз
ғой. Еңіреп жылап жіберді. Ал тегінде өте көңілді, ақ жарқын, күлегеш,
іскер, сөзге тапқыр, сөйлескенді тəуір көреді, кейде ойламаған жерден
тосын пікірлер айтады; бірақ белгілі бір нəрсемен беріліп шұғылдана
алмайды; дала жұмысына барған кезде бір гүлді көрсе, ұзақ уақыт соған
қадала қарап отырып қалады, судың сылдырап аққаныңа қарайды; мөлдір
тұма бұлақтардың түбіндегі əрқилы иірімдерді қызықтайды; үйінді ұсақ
тастарды, топырақты, құмды, су ішіндегі өсімдіктерді, жағадағы мүкті,
шайынды балшықты көзімен тіміскілеп, солардың сан алуан түр-түсін,
айшықты өрнектерін тамашалап отырады.
Мен осы өлкеге ауысқан тұста бейшара қыз ашығып жүр екен, қайыр
сұрауға намысы жібермейді, тіпті амалсыз болған кезде ғана кантонның
тұрғындарынан көмек сұрауға мəжбүр болса керек. Ара-кідік жігерін ұяты
жеңіп, бірнеше күн егіндікке жұмысқа шықса, тез ұйықтап, ауырып қалады
да, жұмыстан қайтып кетеді екен. Содан бірсыпыра уақыт өткенде əл
жиып, көрші фермаға барады, мал күтуге жалданады; тəп-тəуір істеп жүріп,
бір күні оны да тастап кетеді, себебін айтпайды.
Əрине, күндік жұмыс оның қолы емес еді, себебі бұл қызды тəуелсіздік
пен тұрақсыздықтың бейнесі десе болғандай. Бір кезде ол əр түрлі
саңырауқұлақ теріп, соларын Гренобльге апарып сататын болса керек.
Қалаға барғаннан кейін неше түрлі жылтырақ ойыншықтарға қызықпай ма:
аздаған тиын-тебен түсірсе, өзі содан байып кеттім деп ойлай ма екен, аш
жүргенін, ертеңгі күнін ұмытып, əр түрлі ленталар, ойыншықтар сатып ала
бастайды. Ал енді селендегі қыз-қырқындарға оның мойнындағы жез
айқыны, алтын жалатқан түймешегі, тағы басқа бірдеңелері ұнай қалса, бұл
соны бере салады екен де, өзі мəз-мейрам болады екен өйткені ылғи
жүрегінің ырқымен жүреді.
Осындай себептермен оны біреулер жақсы көреді, біреулер аяушылық
білдіреді, енді біреулер қарап жүріп өш болады. Бұл соның барлығына
назаланады: оның ішінде жалқаулығы да, ізгі жандылығы да, еркелігі де,
тəттіге үйірлігі де бар, оның үстіне қызыққа үйір қысқасы, нағыз əйелдің
өзі, əсершіл де əуесқой ондайда тіпті балаға ұқсап кетеді: біреудің жақсы
қылығын айтсаң, соған кереметтей елігіп, қызара бөртеді, көкірегі
лүпілдеп, қуанғанынан жылап жібереді; қарақшылар туралы əңгіме айтсаң
зəре құты қалмай, бозарып-сазарып қалады. Бүкіл дүние жүзінде дəл
мұндай риясыз мінезді, мұндай ашық жүректі іздесең таба алмассың;
адалдығы намыс қорлығымен шектес: сақтап қой деп жүз қаралы алтын
ақша беріңізші, өзі қайыр сұрап жүрсе де, оны адам білмейтін бір жерге
тығып қояды.
Осы сөздерді айтқанда Бенасидің даусы қалтырап кетті.
– Мен оны сынамақ болдым да, тақсыр, - деп жалғастырды ол сөзін, артынан соныма өкініп қалдым. Бір кісіні сынап көрмек болғанда, оның
соңына жансыздарша түсесің де, өзің ыңғайсызданасың, соған сенімсіздік
көрсеткендей боласың.
Осы араға келгенде доктор өзінің құпия ойларына берілгендей үнсіз
қалды, оның сөздері офицерді қандай ыңғайсыздыққа қалдырғаның өзі де
байқамады, ал офицер болса, сол қысылғаның сездіргісі келмегендей,
аттың тізгінімен əуреленіп қалған. Лезде Бенаси қайтадан сөйлеп кетті:
– Соған күйеу тауып бергім келеді; егер тапсам, бір фермамды
жасауына берер едім, тек əйтеуір бір тəуір жігіт кез келіп, соны бақытты
етсе болар еді, өйткені ол қыз бақыт үшін жаралған адам. Бейшара қыз
балаларын естен тана жақсы көрер еді, оның көкірегін кернеп тұрған
сезімдердің барлығы əйелдердің күллі сезімдерін бір жерге түйістіріп
тұрған бір-ақ сезімде тоғысар еді, ол аналық сезім ғой; бірақ əзірше оған
бірде-бір еркек ұнаған емес. Алайда ол өзі өлердей сезімтал жəне оны өзі
біледі, мен соны бірде байқап қалғанымда, ол өзінің жүйкесіне тиетін мінез
шетіндігін ашық мойындаған еді. Ол өзіне сəл ғана жанасып кеткенде селт
ете қалатын сирек əйелдердің қатарына жатады Бұл қауіпті мінез. Соған
орай оның ойшылдығы, əйелге біткен тəккаппарлығы үлкен құрметке
лайық. Ол қарлығаштай үркек. Ал енді бойға біткен дарындылығын
айтсаңыз, тақсыр! Ол дəулет үшін, махаббат үшін жаралған жан: шіркін,
қандай сенімді, қандай тұрақты серік болар еді кісіге... Қазір жасы жиырма
екіде ғана, бірақ тартқан азабының ауыртпалығынан бүгіліп, сөніп барады;
ол өзінің құбылмалы, əсершіл табиғатының тым құштар, тіпті, бəлкім,
жасқаншақ жанының құрбандығына айналып барады. Лып етпе, баянсыз
махаббат оны естен тандырар еді. Мен оның адамгершілік бітімін əбден
зерттеген адаммын, оның жүйке жүйесінің қандайлық күшті соқпасы
болатының, оған электрдің қуаты қандай əсер ететінің тікелей
байқағанмын.
Мен оның көңіл күйі мен ауа райының арасында сөзсіз байланыс бар
екенін де сезгенмін; ол тұрмақ, айдын жаңаруы да оған əсер етеді, міне
осының бəрін анықтай келдім де, мен оны ерекше қамқорлыққа алдым;
себебі осынау некен-саяқ қыздың кірпияз болмысын мен ғана түсініп,
дұрыс жолға салып отыра алады екенмін. Ол, жоғарыда айтып өттім ғой,
мен үшін үстін үлделеп қойған тоқты секілді. Енді оның өзін де көресіз,
мінеки оның тұратын үйі.
Жолаушылар бұта арасындағы құлама сүрлеумен аяңдап отырып, тау
бөктерінің үштен екісін жүріп өткен-ді. Жолдың бір бұрылысына келгенде
Женеста қыздың үйін көрді. Таудың ең жалпақ ернеуінде тұр. Көлбеулеп
созылған тамаша көгал, көлемі үш арпан шамасында болар, айналасына
ағаш егіліп, етегін тау бұлақтары шайып жатыр, құлама жар жақ бетіне
қоршау ретінде тұтас қырқа соғылыпты, онша биік те емес, аласа да емес,
бірақ жер бедерін келегейлеп жауып тастамаған.
Кірпіштен салынған жайпақ төбелі үйдің маңдайша жағы жаппа
сияқтанып ілгері қарай сұқтанып барып біткен екен, соның өзі үйге ерекше
сəн беріп тұр. Екі қабат құрылыстың есіктері мен терезе қақпақтары жасыл
сырмен сырланыпты. Үйдің басты есігі оңтүстікке шығады екен, сондағы
жалпы аумағы тіпті шағын көрінеді; шағындығы сондай, терезелері осы
оңтүстік жағында ғана; орам жайдың басты ерекшелігі мұңтаздай тап-таза
болып жайнап тұр.
Жаппаның астыңғы жағы неміс үлгісі бойынша тақтаймен шегенделіпті
де, ақ сырмен сырланыпты. Үйдің айналасына егілген акация ағаштары
гүлденіп тұр, олардан басқа тағы бір жұпар иісті ағаштар, алқызыл
итмұрын, шырмауық, солардың ортасында зəулім жаңғақ ағашы бой
көрсетеді, - басқаларын қырыққанда оған тимепті; олардан əретіректе,
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жергілікті Дəрігер - 09
  • Parts
  • Жергілікті Дəрігер - 01
    Total number of words is 3853
    Total number of unique words is 2356
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 02
    Total number of words is 3903
    Total number of unique words is 2275
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 03
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2179
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 04
    Total number of words is 3852
    Total number of unique words is 2240
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 05
    Total number of words is 3996
    Total number of unique words is 2204
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 06
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2266
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 07
    Total number of words is 3976
    Total number of unique words is 2244
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 08
    Total number of words is 4029
    Total number of unique words is 2253
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 09
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2196
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 10
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2251
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 11
    Total number of words is 3815
    Total number of unique words is 2088
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 12
    Total number of words is 3946
    Total number of unique words is 2182
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 13
    Total number of words is 3950
    Total number of unique words is 2139
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 14
    Total number of words is 3803
    Total number of unique words is 2195
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    51.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 15
    Total number of words is 3876
    Total number of unique words is 2138
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 16
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2151
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 17
    Total number of words is 3998
    Total number of unique words is 2190
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 18
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2097
    39.0 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 19
    Total number of words is 1860
    Total number of unique words is 1159
    45.7 of words are in the 2000 most common words
    60.0 of words are in the 5000 most common words
    66.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.