Latin Common Turkic

Жергілікті Дəрігер - 06

Total number of words is 3928
Total number of unique words is 2266
33.2 of words are in the 2000 most common words
47.8 of words are in the 5000 most common words
55.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
көктей: бойлары, жүрген жүрістері, бет əлпеттері, салт-дəстүрлері, істейтін
кəсіптері; мен мұндай шұғыл айырмашылықты басқа еш жерден көрген
емеспін. Осы жағдай жергілікті өкімет орындарына өлкеде жан-жақты
зерттеу жүргізіп, соның нəтижесіне қарап заңдар қабылдау жөнінде ой
салуға тиіс еді ғой. Ə, аттар дайын болған екен, жүрейік!
Салт атты екеу көп ұзамай поселкенің Гранд-Шартрез аталатын тау
жоталарына қарай беттеген шетіндегі бір үйге тақап келді. Сыртқы түріне
қарағанда, ауқатты адамдардың мекені секілді үйдің ауласында, бұлар екі
орындықтың үстіне екі жақ басынан қойылған табытты көрді: үстін қара
шұғамен айқара жауып, қасына торт шырағдан қойыпты, қасында бір
жайдақ орындық, оның үстінде мыс табақшаға құйылған шипалы су,
қасында бүк ағашының жапырағы. Аулаға кірген əрбір адам мəйіттің
қасына келіп тізе бүгеді де, "Отче наш" əуенің айтып келіп, табытқа
шипалы судан бүркеді. Жаңағы қара жамылғының үстіне аулада қақпаның
қасына отырғызылған гүлзардан жасминнің жас талдары қойылыпты;
қақпаның жоғарғы жақтауына дейін өрмелеп жүзімнің сабақтары өсіп тұр.
Бір қыз үйдің алдын сыпырып жүр; түріне қарағанда, қандай қайғылы
оқиға болса да, соған рəсімді ишарат білдіруге көнген адамның қалпы
байқалады. Марқұмның үлкен ұлы, жиырма екі жастар шамасындағы жігіт,
қақпаның ашасына сүйеніп, қимылсыз қалшынып тұр. Екі көзінде
мөлтілдеген жас, бірақ сорғалап аққаны білінбейді, сірə, сырт көзге
байқатпай сүртіп тұратын сияқты.
Осы көріністі сырттан бақылап тұрған Бенаси мен Женеста аттарын
жатаған тас қоршаудың алдында өсіп тұрған теректерге байлап, аулаға
кірген кезде, ұраның қақпағы ашылды да, астынан үйдің бəйбішесі
көтерілді, оның артынан қолында сүт құйған құмырасы бар тағы бір əйел
шықты.
– Берік болыңыз, байғұс Пельтье, - деді жаңағы əйел. - Ей, құдай-ай,
қайдан оңай болсын қырық жыл бойы отасқан қосағынан айырылу.
Сол кезде жесірдің көзі шыланды.
– Сіз əлгі қырық суды төледіңіз бе? - деді бəйбіше сəл үнсіздіктен кейін,
алақаның жайып.
– Қарай көріңіз, мен ұмытып барады екем ғой, - деп қасындағы əйел
оның қолына ұсақ ақшаны ұстатты. - Қайғыра бермеңіз, көрші. Ə, міне,
Бенаси мырза да келді.
– Қалайсыз, бəйбіше, бойыңыз сергінкіреді ме? - деді доктор.
– Басқа не амал бар, қымбатты Бенаси мырза, - деді бəйбіше көзіне жас
алып, - төзбегенде қайтейік. Əйтеуір, дəтке қуат, байғұс күйеуім азаптан ада
болды. Біраз бейнетті тартты ғой! Жоғары шығыңыздар, мырзалар. Жак,
мына мырзаларға орындық əкелсеңші. Қималдасайшы! Əкеңді бəрібір
тірілтіп ала алмайсың, ол жерде қаншама қадалып тұрсаң да. Енді сен екі
адамның жұмысын істейтін боласың.
– Сабыр етіңіз, бəйбіше, балаңызды əурелемеңіз, біз отырмаймыз.
Балаңыз енді сізге қарайласады ғой, əкесінің орның жоқтатпас.
– Бар, киінші, Жақ! - деді əйел. – Қазір мұны алып кетуге келеді.
– Ал, қош болыңыз, бəйбіше, - деді Бенаси.
– Сіздерге құлдық, жақсы мырзалар.
– Көрдіңіз бе, - деді доктор шыққаннан кейін, – бұл жерде өлім деген
күні бұрын белгілі болған оқиға секілді қабылданады, ол күнделікті өмірдің
ағымын бұзбайды, тіпті қаралы дəстүр де сақталмайды. Оған деревняда
ешкім шығынданып жатпайды: біреу жоқтықтан, біреу тартыншақтықтан.
Иə, село халқы қара жамылмайды. Өлікті аза түту деген жай ғана салт емес,
шығарылған заң емес, олардан жоғары тұрған нəрсе ғой, ол əрілеп
келгенде, барлық заңдардан биік рəсім, оның арғы негізінде адамгершілік
жатады. Ал бірақ, біз Жанвье мырзамен екеуміз қоғамдық тəртіпті сақтау
үшін салт-дəстүрден аттамау керек деп қаншама күш салсақ та, шаруаларға
осыны ұғындыра алмай-ақ қойдық. Бұлар тегінде жаман да адамдар емес,
бірақ ескі ұғымдардан енді ғана арылған, жаңа қарым-қатынастарды əлі
ұғынып үлгірмеген; олар əзірше қатаң тəртіп пен қараша тұрмыстың
молшылығына жеткізетін ұғымдарға ғана жақындап келді, ал енді менің
бұл ісімді жалғастыратын кісі болса, бұлар қоғамдық негіздерге тірек
болатын ұстанымдарға кейінірек көтерілетін болады.
Шыныңда да, адал ниетті жай қарапайым адам болу жеткіліксіз, оны əлі
көрсете білу керек; қоғам тек салт-сана ұғымдарымен ғана өмір сүре
алмайды: тіршілік ету үшін сол ұғымдарға сəйкес іс-əрекет жасау керек.
Селендік қауымдардың көпшілігінде отағасысы өлген жүздеген
отбасылардың ішінде сол марқұмды ұзақ уақыт еске алып жүрерліктей
ерекше сана-сезімі бар санаулы адамдар ғана болады, қалғандары арада
жыл өтпей жатып мүлде ұмытып кетеді. Осындай ұмытшақтықтың аты
моральдық жарақат десем, сіз келісесіз бе? Дін халықтың жаны, дін оның
сезімін білдіреді, соларға асқақтық дарытады, өздерін мақсаткер етеді;
бірақ құдіретті құдай болмаса дін де болмайды, демек, адам қолымен
жасалған заңдарда ешқандай қауқар болмайды. Ұждан деген тек құдайға
ғана тиісті, ал пенде əлеуметтік заңға бағынады; егер біз қайғы-қасіреттің
дəстүрлі рəсімдерін жойып жіберсек, ес-ақылы толыспаған балалар мен
үлгі-өнегеге мұқтаж адамдардың барлығына заңдарға мойынсұну
қажеттігін үйретпесек, сонымен бірге қаһарымен қаймықтырып, мейірімен
жібітіп отыратын, жалған дүниенің игілігін өзі беріп, өзі қайтып алатын
ұлы күшке табыну қажеттігін ұғындырмасақ, біз құдайсыздыққа қарай бір
қадам жақындай түспес пе едік?! Ағынан жарылсам, мен сондай күлкілі
ұждансыздық күндерін бастан өткіздім де, діни рəсімдердің, үй ішілік
қуаныштың, дəстүрлер мен мерекелердің қадірін тек осы жерге келгенде
ғана түсіндім. Отбасы ғасырлар бойы адам қоғамының негізі болып қала
береді. Өкімет пен заңды құрметтеудің ең бастапқы сабақтары адамға
отбасында беріледі; нақ сонда ол бағыныштылыққа үйренуге тиіс.
Отбасылық рух пен ата-ананың билігі біздің жаңаша заң шығарушылық
жүйеміздегі əлі де аз назар аударылып келе жатқан екі тұп қазығымыз
болып табылады. Отбасы, қоғам, департамент біздің бүкіл еліміздің
болмысы осы үшеуінде тұрған жоқ па?! Сондықтан заңдар осы үш айыр
тірекке негізделуі керек.
Менің ойымша, жұбайлардың некелесуіне, баланың тууына, кісінің
өліміне байланысты əдет-ғұрыптарды ерекше салтанатты рəсімдермен атап
өту керек. Католик дініне ерекше құдірет беріп, оны күнделікті тұрмысқа
енгізген нəрсе сыртқы жарқылдақтық; осы қасиеті оны өмірдің барлық
маңызды мезеттерінде жолға салып, ылғи да оған салтанатты сипат беріп
отырды; егер священник өз құзырының биігіне көтеріліп, жаңа əдетғұрыптарға христиан мораліне лайық асқақтық дарыта алса, жаңағы
салтанатты сипат одан сайын əсерлене, одан сайын ұлықтана түспек.
Бұрын мен ойлаушы едім: католик діні деген алуан түрлі соқыр
сенімдер мен ырым-жырымға негізделген жылпостық ойыны ғой деп, ол
ағарту заманы келгенде құриды ғой деп; ал мұнда келгеннен кейін мен
оның саяси қажеттілігі мен адамгершілік пайдасын мойындадым; бұл
жерде мен сол сөздің шын мағынасында қаншалықты құдіретті екенін
түсіндім. Дін деген сөз "байланыс" деген ұғымды білдіреді, сондықтан,
əлбетте, шіркеу рəсімдері, немесе, басқаша айтқанда, діннің сыртқы
көріністері əр түрлі қоғамдық жіктерді талай ғасырларға топтастыра
алатын бірден-бір күш болып табылады. Ақыр-аяғыңда, мен бұл жерге
келгеннен кейін діннің адам жанының жарасына мың да бір айықтырғыш
дару екенін сезіндім; енді онымен тайталасуды қойып, оның оңтүстік
халықтарының қызу қанды мінезімен тамаша үйлесім табатының көзбен
көрдім.
– Мына жоғары қарай өрлеген жолға түсейікші, - деді доктор өз сөзін
өзі бөліп, біз сонау қыраттың үстіне шықсақ болды, екі қанаттан тамаша
көрініс ашылады. Жерорта теңізінің деңгейінен үш мың кез биіктіктен біз
Савойя мен Дофинені, Лионне таулары мен Ронаны көреміз. Біз мүлде
басқа бір қауымға тап боламыз ол таулықтар қауымы; Гравье мырзаның
фермасына барғанда, мен сөзбен айтқан көріністі сіз көзбен көресіз, біздің
өміріміздің ең басты оқиғалары жайындағы менің көзқарасымды
растайтын табиғи салтанаттың толық көрінісі ашылады көз алдыңыздан.
Бұл қауымда қаза қатты қадірленеді. Кедейлер қарулы киім сатып алу үшін
садақа жинайды, оларға қайырым көрсетуден ешкім бас тартпайды. Жесір
қалған əйел өзінің қайғысын айтып, марқұмын жоқтаудан бір күнді құр
жібермейді; тіпті арада он жыл өтсе де, күні кешегі беті жабылмаған
өліктей аза тұтады.
Мұндағы салт-дəстүрлер баяғы патриархалдық замандағыдай, əке
билігінде шек жоқ, айтқан сөзі заң; үйінің қақ төрінде отырып алып,
тамақты жалғыз өзі оңаша ішеді, ал əйелі мен балалары соған даяшы болып
жүреді; маңайындағылардың бəрі онымен именіп сөйлеседі, алдына
келгенде бас киімдерін алып тұрады. Осылайша тəрбиеленген адамдар өте
намысшыл, өр мінезді келеді. Бұл дəстүр, менің ойымша, ізгі тəрбиенің
мəні болып табылады. Қауымның адамдары шетінен əділ, шаруақор жəне
еңбекшіл келетіні тегін емес.
Əулеттің отағасы əкесі жасы жетіп, жұмысқа жарамай қалғанда, малмүлкін балаларына еншілеп, тепе-тең бөліп береді, сонсоң оны балалары
асырайды. Өткен ғасырда тоқсанға келген бір қарт баба мал-мүлкін төрт
баласына еншілеп беріп, əрқайсысында үш айдан тұратын болыпты. Бірде
ол үлкен ұлының үйінен кіші ұлына кетіп бара жатқанда, бір көңілдесі
одан: "қалай, жағдайыңа ризасың ба?"– деп сұраса керек. "Риза болмағанда
ше, депті сонда жанағы қарт, олар мені өздерінің туған ұлыңдай күтеді".
Осы сөз, тақсыр, сол кезде өзінің полкымен бірге Гренобльде тұрған
офицер, өзі белгілі моралист Вовенарг деген кісіге соншалықты тамаша
көрініпті де, ол соны Париж салондарында талай рет қайталап айтса керек,
ақыры сол айтулы сөзді Шамфор дейтін жазушы іліп алыпты. Оны
айтасыз-ау! Бізде мұның əкесіндей сөздердің талайын естуге болады, əттең
соны еститін жазымпаздар кездесе бермейді.
– Богемия мен Венгрияда жүргенде менің моравиялық туысқандар мен
лоллардтарды10 көргенім бар. Олар да сіздің таулықтарға ұқсайды. Көне
мал халық, соғыстың ауыртпалығына төзімділігі жағынан оларды періште
дерсің.
– Тақсыр-ау, қарапайым адамдардың мінез-құлқы барлық елдерде
бірдей ғой, - деп доктор қостай сөйледі. – Ақиқаттың барлық жердегі
көрінісі бір тектес келеді. Шының айтқанда, деревнядағы өмір ақыл-ойдың
жолын кесіп отырады, бірақ оның есесіне пасықтықты тежеп, ізгілікке өріс
береді. Турасы солай, адамдардың бір жерге шоғырлануы неғұрлым аз
болса, қылмыс та, зұлымдық ойлар да солғұрлым сирек болады, сол
себептен заңның бұзылуы да бірен-саран ғана кездеседі. Ауаның тазалығы
салт-дəстүрдің бұзылмауына көп-көп əсер етеді.
Осы тұсқа келгенде екі жолаушы аттарынан түсіп, тастақ жол-мен жаяу
көтерілген де, бағана Бенаси айтқан қыраттың төбесіне шыққан-ды. Жанжақтарынан жықпыл-жықпыл жалаңаш жартастар анталап тұр, төбелерінде
бір тал өсімдік жоқ; жартастардың қарауытқан бастары айқыш-ұйқыш
жарықшанып кеткен, адам аяғы бара алмайтын құлама құз; қатар-қатар
шаншылған жартастардың ар жағында шұрайлы жерлер қырқаның етегінен
əрі қарай жолақтана ирелендеп, созылып кетеді екен, екі жүз арпандай ғана.
Оңтүстікке қарай, биік таулардың арасындағы кең алқаптан əріде
француздарға тиесі Морьена, Дофине, Савойя жартастары, ал олардан да
əнегіректе Лионне таулары мұнартып көрінеді. Женеста көктем күнінің
сəулесіне бөленген табиғат көріністерін тамашалап тұрғанда, кенеттен
сынсыған дауыстар естілді.
– Жүріңіз, - деді оған Бенаси, - жоқтау басталды. Бұл өңірде жоқтау
өлікті жерлеу рəсімінің бір бөлігі болып саналады.
Осы кезде офицер жартасты төбенің батыс жақ баурайында кен аумақты
алып жатқан ферманы көрді; бірдейлеп дестеленген төрт бұрышты
шаруашылық жайлары. Гранит тастан қиылған күмбезді жарма қақпа тіпті
зəулімденіп көрінеді; ежелгі заманнан бері тұрғандай ор тұлғасын
айналасындағы жапырақтарын кеңге жайып, тұтаса қатар тізген жүз
жылдық ағаштар мен арқаның айналасын шудалаған қалын шалғын тіпті
аруақтандырып тұр. Ауланың арғы қойнауында еңселі тұрғын үй көрінеді,
оның айналасы да қаптаған ригалар, қой, ат қоралары, астық қоймалары,
сарайлар, солардың нақ ортасынан қазылған үлкенұрада шіріп жатқан қон.
Мұндайлықты бай фермаларда əдетте қаптаған халық қызу тірлікті
қайнатып жатса керек еді, ал мұнда өлі тыныштық. Мал қорасының
қақпағы жабық, мал өріске шықпаған, сол маңнан ыңылдаған, мөңіреген
дыбыстар естіледі. Астық қоймалары, ат қоралары тарс бекітулі, үйге қарай
апаратын жол тап-таза қылып сыпырылған. Əдетте бір-бірімен
сапырылысып, қарбаласып жататын тіршілік орныңда тылсым басқандай
тыныштық, мүлгіген таулардың жартастан құлаған көлеңкелеріне дейін
сұлық міне осының бəрі қосылғанда, адамның көңіліне бір түрлі ауыр мұң
ұялатқандай.
Еркек-əйелі бар он екі адам үйдің үлкен бөлмесіне кірер есіктің
алдында қатарласа тұрып алып, дауыстарын соза үн қосып: "Отағасы өлді!"
- деп зарлана күңіренген де, жүйкені құртатын талай кептерді көрген
Женестаның өзінің де еркінен тыс бойы тітіркеніп кеткен. Ол қақпадан
үйге жеткенше осы дауыс екі рет қайталады. Бұлар тыныштала бергенде,
үйдің ашық тұрған терезесінен дауыс қылып аңыраған əйел даусы
естілді.
– Мен біреудің қайғысына куə болып, көлденеңнен киліге алмаймын, деді Женеста Бенасиге қарай бұрылып.
– Жақындарынан айырылып, қазалы болған үйлерге мен ылғи да
барамын, - деп жауап қайырды доктор, - біреу-міреу қайғыдан ауырып
қалмады ма екен, кісінің марқұм болғаны анық па екен, мен соны білуім
керек. Тайсақтамай менің соңымнан еріңіз; оның үстіне бұл қаралы үлкен
жиын, халық көп болады, сондықтан сізді ешкім де байқамайды.
Женеста доктордың соңынан еріп жүре берген-ді; бірінші бөлмеде
шыныңда да туған-туыстары лық толы екен. Бұл екеуі сол қалың тобырдың
арасынан қысыла-қымтырыла, үлкен қонақ бөлмеден төсек бөлменің
есігіне қарай өтті; ал жанағы қонақ бөлме дегендері əрі ас үй, əрі бүкіл
отбасының жиналатын жері болса керек: дұрысын айтқанда, бұл анаумынау отбасы емес, тұтас бір əулеттің тоғысатын орны сияқты, ортадағы
үстелдің ұзындығына қарағанда, кем дегенде қырық шақты адам сыятын
түрі бар.
Бенаси кіріп келгенде, үстінде қара дүрсін көйлегі бар, шашын
тарқатып жіберіп, мəйіттің қолынан қолын алмай зарлап тұрған сымбатты
əйел кенет тына қалды. Үстіне ен сəнді киімдері кигізіліп, төсек үстінде
ұзыннан созылып жатқан өліктің денесі суыған. Бұл дүниенің шаруасынан
ада болып, өзге бір тыныштықта дамылдаған адамның реңі байқалады
жүзінен; бетінің екі жағынан көмкерген ақ шұлан бұйра шашынан əлде бір
асқақтық əсер білінгендей. Кереуеттің қасында қос жұбайдың балалары
мен туыстары тұр, екі жақтың адамдары өзара бірыңғайлана жіктеліп,
жарыла бөлінген: сол жақта əйелінің туыстары: он жақта марқұмның
туыстары. Еркектер мен əйелдер тізелерін бүгіп шоқынуда, бəрі дерлік
егіліп жылап тұр. Айнала жарқырап жанған шырағдан. Аймақтың
священнигі мен шіркеудің əншілері бөлменің орта тұсында, беті ашық
табыттың қасына орналасқан. Осынау үрім-бұтақты үлкен əулеттің отағасы
жəне қасындағы оны біржолата мəңгілікке жұтып жібергелі тұрған табыт
көрер көзге ауыр қазаның қайғылы көрінісін танытқандай.
– Беу, менің мархабатты мырза төрем, сені ең инабатты адамның білікпарасаты да құтқара алмады ғой, - деп зарлады жесір қалған əйел,
докторды мензеп, - ендеше бұл құдайдың бұйрығы ғой, сені қабырға менен
бұрын əкетіп бара жатқан. Иə, менің қолымды сүйіспеншілік сезіммен
қысатын ыстық алақаның суып барады! Мен өмірлік серігімнен
айырылдым, мына үй өзінің қамқоршы иесінен айырылды, сен біздің нағыз
жебеушіміз едің. Əттен! Сенің ақыл-парасатың мен артықша қадірқасиетіңе бүгін басында менімен бірге сені жоқтап отырған жандардың
бəрі тəнті еді, ал сенің жайдары да ұяң мінезіңді тек мен ғана білуші едім!
Жұбайым-ай, қосағым-ай, қайран, бүгін сенімен, мына сенімен мəңгіге
қоштасатын болдым-ау, біздің қарағаштай тірегіміз-ай, менің жайсаң
мырзам-ай! Сенің шарапатың мен махаббатың бəрімізге, маған да,
балаларыңа да ортақ еді, енді бəріміз де сол əкеден айырылдық!
Жесір қалған əйел күйеуінің жансыз денесін қаусыра құшақтап алып,
оның суық бетін көз жасымен жуып, жылы еріндерімен құшып сүйіп
жатқанда, қызметкерлерінің қосыла жамыраған дауыстары жаңа орнаған
тыныштықты қайтадан бұзды:
– Отағасы өлді!
– Иə, деп оларды əйел қостай жөнелді, өлді біздің қымбатты, сүйікті
əкеміз; сол еді ғой біздің жейтін нанымызды тауып беріп жүрген, біз үшін
егін егіп, астық жинап, мұңсыз етіп жүрген; сол еді ғой бізге жөн үйретіп,
өмірде адастырмай алып жүрген. Сені жоқтамағанда кімді жоқтайын, жан
жолдасым, көңіліме бір қаяу түсірмеген жанашырым; сен қашанда бізге
мейірбан, өмірде қайсар, төзімді жан едің; сені емдейміз деп жаныңды
қинаған кезімізде де, періштем-ау, сен қыңқ етпей, басалқы айтып ең:
"Жарайды, балапандарым, бұдан енді пайда жоқ", - деп бізді жұбатып ең;
ал соның алдында бірнеше күнбұрын ғана: "бəрі де жақсы, достарым!" деп
қуантып ең. Құдіреті күшті құдай, айналасы аз-ақ күннің ішінде үйіміз
қуаныштан айырылып, құлазып қалды; керер күніміз қаран болды;
дүниедегі ең артық, ең адал, ең қадірлі деп жүрген адамымыз көз жұмды;
енді саған қандай диқан тең келер, күн-түн демей тау аралап шаршасаң да,
үйге жайраңдап, жымия күліп келуші ең. Бəріміз сені жанымыздай жақсы
көруші ек! Сен аз күнге ғана жол жүріп кетсең, үйіміз құлазып, жүдеп
қалушы еді, сенсіз біз дұрыстап тамақ та ішпеуші едік. Енді қайтіп күн
көрерміз, сені қара жердің астына беріп қойып; ақ періштемізден көз
жазып, сені кермей жүруге, қалай ғана төзерміз? Көру жоқ енді ешқашан,
достар! Көру жоқ енді оны, бауырлар! Көру жоқ енді, балаларым менің!
Айырылды олар қамқор əкеден, бауыр бауырдан, дос достан айырылды; ал
мен соның бəрінен айырылдым, үйге иесінен айырылды!
Əйел еліктің қолын алып, екі тізесін бүкті де, бетіне бетін тақап келіп,
қолынан сүйді. Қызметкерлер үш дүркін қайталап дауыстады:
– Отағасы өлді!
Сол сəтте үлкен ұлы шешесінің қасына келіп:
– Анажан, Сен-Лораннан кісілер келді, оларға шарап құю керек еді, деді.
– Балам, - деп жауап қатқанда, жаңа дауыс қылып зарлап отырған
шешесі енді жайлап қана сабырлы əуенге көшкен, - кілттерді тауып, үйдің
ендігі иесі сенсің, оларға дəл əкең бардағыдай ықылас таныт, əке орны
ойсырап тұрмасын... Тағы бір қарап мауқымды басайыншы, - деп əйел
жоқтау сөзін қайтадан жалғастырды. - Əттең, дүние! Сен менің
жанасқанымды сезбейсің, енді оған сенің бойың жылынбайды! Ендігі бір
тілегім - сені ақтық сапар алдында жұбатып қалайын: кеудемде жаным
тұрғанда сен менің жүрегімдесін; сол жүрекке сен ылғи қуаныш сыйлаушы
едің, енді соны еске алып қана, көңілді жұбатармын; сенің жарқын бейнең
осы бөлмеде мəңгі сөнбей тұрады. Иə, жасаған мені өзі алып кеткенше, сен
осындасың. Құдай қосқан қосағым, есті осы сөзімді. Мына қасиетті
төсегіңді сол күйінде сақтауға ант етемін. Қашанда бұл төсекте бірге едік,
енді өгейсіп, салқын тартып, жалғыз қалды. Сен кеттің де, əйелдің басына
қонған бақыттың бəрі ұшты; үйдің иесі, жардың жұбайы, балалардың əкесі,
өмірлік серігім, сүйікті жарым, қысқасы, бəрі-бəрінен айырылдым.
– Отағасы өлді! - қызметкерлер тағы да дауыс қосып жария етті.
Осы дауысты өзгелер де қостап күңіренген кезде тұл əйел бөліне
қыстырған қайшысын алды да, бұрымынан ұзын бір уыс шашын қиып
алып, өліктің қолына қыстырды. Жұрттың бəрі тым-тырыс болды.
– Бұл қылығы енді қайтып күйеуге шықпаймын деген ниеттің белгісі, деді Бенаси. Туыстарының күтіп тұрғаны да осы болатын.
– Ал осыны, менің сүйікті əміршім! əйел даусы дірілдеп осы сөздерді
айтқанда, барлық жүректер түгел елжіреген еді. Адалдықтың осы белгісін
менің антым деп қабылда да, қабіріңде сақта. Біз енді мəңгі-бақи біргеміз,
мен сенің ұрпағыңды аялап өсіру үшін жаныңды жасартып өткен
балаларыңнан кетпеймін. Есті осы сөзімді, өмірімдегі жалғыз қымбатым,
асыл жарым! Сен марқұм болсаң да, менің əміршім болып қаласың, сенің
аруағыңды ардақтап, ырқына көніп өтемін!
Доктор Женестаны қолынан ұстап, өзіне қарай икемдеді де, олар сыртқа
қарай беттеді. Бірінші бөлмеде жұрт лық толы екен, таудағы көршілес
қауымнан дос кісілер келіпті; жұрттың бəрі үнсіз мүлгіп отыр; мына үйдің
қайғы-қасіреті баршаның көңілін билеп алған.
Бенаси мен офицер табалдырықтан аттай бергенде, əлдекімнің өлген
кісінің баласына берген сауалы құлаққа шалынды.
– Ол қашан жан тəсілім болды?
– Мен оның ақтық демі біткенін көре алғаным жоқ, - деп ағынан
жарылды жиырма бестер шамасындағы жігіт. - Ол мені шақырған екен,
бірақ мен алыста едім!
Сөйтті де, жігіт еңіреп қоя берді, сонсоң сөзін қайтара жалғастырды:
– Алдында ғана ол маған айтқан: "Ұлым, осы қазір селоға жөнелші,
салықты төлеу керек еді; менің жаназамды шығарып жатқанда уақыт өтіп
кетеді, ал біз бұрын олай уақытты өткізіп көргеміз жоқ ", - деді. Осыны
айтқанда, бойы аздап жеңілейген болды. Сонсоң мен кетіп қалдым. Ол мен
жоқта қайтыс болды, оған дейін ешқашан қасынан кетіп көрген жоқ едім.
– Отағасы өлді! - деген қызметкерлердің даусы естілді.
– Əттең! Ол өлді, бірақ оның соңғы көз жанары маған бұйырмады,
ақтық деміне де мен куə бола алмадым. Сонда салық жайын несіне ойлады
екен байғұс? Мейлі, бар ақша күйе берсін, үйден кетпеуім керек еді! Оның
соңғы рет бақылдық айтқан сөзіне барлық дүние-мал жетер ме? Жетпейді!
Алда, тəңірі-ай! Əкең ауырса, қасынан аттап шықпа. Əйтпесе жан өкініші
кетпейді ойыңнан.
– Бері қарашы, достым, - деді оған офицер, - мен ұрыс даласында
мыңдаған адамдардың қаза тапқаның көрдім, сонда ажал олардың бірдебіреуінің балалары келіп қоштассын деп күтіп тұрған емес; сабыр етіңіз,
жалғыз сіз емессіз!
– Бірақ, менің əкем, тақсыр-ау, ерекше еді ғой, - деп жігіт қарсы дау
айтты, - менің əкем сондай ізгі адам еді!
– Жоқтау, - деді Бенаси, доктор екеуі ферманың қызмет бөлімшелеріне
қарай кетіп бара жатқанда, - мəйітті табытқа салғанға дейін басылмайды, ал
жесір қалған əйелдің дауыс қылуы одан сайын өршіп, күңірене түсетін
болады. Шыныңда мұндайлық инабатты жұртшылық алдында осылай
ағынан жарыла сұңқылдап сөз айту абыройына тек күнəдан пəк əйелдер
ғана ие болады. Егер жесір əйел əлде бір жерден жаза басып кінəлі болса,
бұлай деп бір ауыз сөз айта алмас еді, əйтпеген күнде ол өзін-өзі
əшкерелеп, өзін-өзі жазалаған болар еді. Қазылар алдына өлі мен тірінің
осылай қатар келіп арыздасуы деген тамаша дəстүр емес пе? Əйелдің
қаралы киім киіп, қара жамылуы бір апта өткеннен кейін, тағы да жұрт
жиналған кезде болады. Оған дейін бір апта бойы туған-туыстар
марқұмның бала-шағасының қасында болады, солардың шаруасын
бірыңғайлауға көмектеседі, өздерін жұбатады. Осының өзі адамның ақылойына игі əсерін тигізеді, теріс істерден тежейді, өйткені жұрт жиналған
жерде əркім жұрттың ғайбат сөзіне ілігіп қалмайын деп абай болады.
Ақыр-аяғында, сол қаралы киім киілген күні өлікке дұға оқылып, ас
беріледі; туған-туыстары содан кейін ғана тарасады. Осының барлығына
зор мəн беріледі, өйткені үйдің отағасы қайтыс болып жатқанда оған келіп
бақылдаспаған адамның жаназасына ешкім келмеген де болар еді.
Осы тұста əлгі екі кісі ферманың қосалқы қызмет бөлімшелеріне тақап
келген еді, доктор
мал қораларының қалай жасалғаның көрсету үшін қораның есігін аша
берген.
– Байқаңызшы, капитан, біздегі қора-көпсылардың барлығы да дəл
осындай қылып бір үлгімен жасалған. Тамаша емес пе, расында да?.
Кең жайлау қора-жайды көргенде, Женеста таң-тамашаға қалды сиырлар мен бұқалар құйрықтарын қабырғаға беріп, бастарын бері қарата,
екі қатардан тізіліп тұр. Бір-бір малға арналған жеке қоршауларының ара-
арасы əжептəуір алшақ: ағаштан айқастырып жасалған торкөздерден
сояудай болып малдың мүйіздері, жылт-жылт еткен көздері көрінеді. Иесі
бір кіріп шыққанда-ақ бар малдың жай-күйін тегіс көретіндей. Жем-шөп
ерекше үлгімен жасалған жайма астау арқылы шөп қорадан тура оттыққа
əкеліп түсіріледі, ешқандай ысырап жоқ. Қораның жер еденіне төсеніш
төселген, əрбір тордың аралығы тазалап сыпырылған; ауасы желдеткішпен
тазартылып тұрады.
– Қыстыгүні, - деп əңгімелейді Бенаси Женестаны қораның ішімен
жайлап қыдыртып жүріп, жұрт мына алаңдарға отырмаққа жиналады да,
жұмысты бірігіп атқарысады. Жағалай үстелдер қойылады да, жұрттың
бəрі келіп тегін жылынады. Қой қоралар да дəл осындай үлгімен жасалған.
Сіз айтса сенбессіз, ал бірақ мал дегенің тəртіпке оңай көндігеді екен ғой:
олар өрістен қайтқанда талай рет байқағаным бар. Əрбір сиыр өзінің тұрақ
жайына қашан өтетін кезін айқын біледі де, түпкірдегі сиырлар өтіп
болғанша кезегін күтіп тұрады. Қараңызшы! Əрбір малдың мекен-жайында
орын жеткілікті сиырды емін-еркін саууға да, үстін тазартуға да мүмкіндік
бар; едені бір жағына қарай ойыстырып төселген; малдың қи-сарығы тез
ағып кетеді.
– Малдың қорасына қарап, басқа жайларды да аңғаруға боларлықтай, деді Женеста. Жарамсақсыз-ақ айтайын: сіздің еңбегіңіздің игілігі керемет
екен.
– Бұған қол жеткізу оңайлықпен болған жоқ, - дейді Бенаси оған жауап
қайырып, бірақ малдарына қарасаңызшы!
– Айтары жоқ, сіз бекер мақтамайсыз иесін, - деп офицер қостап жатыр.
– Ал енді, - деп жалғастырды сөзін доктор, – бұлар аттарына мініп,
қақпадан шыға бергенде, төтесінен тартып, жаңа көтерілген тың жердің
егінін көре кетейік, біздің қауымның Бос деген аңғарын11 айтып едім ғой
Сізге.
– Салт атты жолаушылар келістіріп бапталған егістік жерлермен бірер
сағаттай жүрген; Женеста докторды сол жерлердің тамаша өңделуімен
құттықтады; олар аттардың жүрісіне қарай бірде əңгімелесіп, бірде сөзді
доғарып келе жатып, тауды айналып өтті де, селенге келіп тірелетін
жерлерге қайтып оралды.
– Кеше, - деді Бенаси Женестаға қарай бұрылып, бұлар жіңішке сайдан
өтіп, кен аңғарға шыққан кезде, мен сізге Наполеон құлағаннан кейін
əскерден қайтып келген солдатты көрсетемін деп едім ғой. Байқауымша,
енді бірнеше қадам жер жүргеннен кейін, біз оны жолықтырамыз-ау
деймін, анау көлдің таудан аққан бұлақтармен ілесіп келген шайынды
балшығын тазартып жатқан сол кісінің өзі болса керек. Сіздің назарыңызды
аудара түсу үшін, оның өмірі жайлы айта кеткен теріс болмас. Фамилиясы
Гондрен. Мың да жеті жүз тоқсан екінші жылы, он сегіз жасында,
жігіттерді əскерге алып жатқанда, бұл зеңбірек бөлімшесіне жазылған.
Қарапайым солдат, Наполеонның Италия жорықтарына қатысады,
Мысырда да болады, Амьен бітімі жасалғаннан кейін Шығыстан қайтып
келеді; сонсоң Империя күндерінде ол гвардияшы понтоншылар полкына
ауыстырылады да, ұзақ уақыт Германияда болады. Ақыр-аяғыңда бейшара
жігітті Ресей соғысына жібереді.
– Біз тіпті туыс болып шықтық қой, - деп қалды Женеста, - мен де
қатынасқанмын ол жорықтарға. Сондай кереғар ауа райының кереметтеріне
төзу үшін темірдей мықты денсаулық керек қой. Құдай ақы, Мысыр,
Германия, Португалия жəне Ресей жерлерін шарлаған, сөйтіп келіп, əлі өз
аяғымен жүрген адамның өміріне Алла Тағаланың өзі кепілдік берген
шығар-ақ!
– Ендеше сондай ерді енді өз көзіңізбен көресіз, деп жалғастырды
əңгімесін Бенаси. Соғыста талқандалу дегеннің не екенін өзіңіз білесіз, оны
айтып жатпай-ақ қояйын. Біздің солдат кейін əскерлеріміз өткен Березина12
өзенінен көпір салған понтоншылардың ішіңде болған ғой, соның алғашқы
тіреулерін бекіту үшін ол белуардан суға түседі. Гондреннің айтуынша,
понтоншылардың қолбасшысы генерал Эбленің əскерлері ішінде бұл
жұмыстан бас тартпаған қырық екі ғана ер жүрек адам табылады.
Генералдың өзі де суға түсіп, жаңағыларды жігерлендіріп тұрады;
əрқайсысына мың франкілік зейнетақы алып беремін, Құрметті легион
орденін бергіземін деп көңілдендіреді. Березинаның суына алдымен түскен
жауынгердің бір аяғын сел жұлып кетеді де, іле-шала өзін де ағызып
əкетеді. Бұл əрекеттің немен біткенін естісеңіз, оның қандай азап-бейнеті
болғаның да біле берерсіз: Жаңағы қырық екі понтоншыдан жалғыз-ақ
Гондрен тірі қалған ғой. Отыз тоғызы Березинадан өткен кезде қаза болған
да, екеуі поляк лазаретінде жан тапсырған. Ал біздің солдат байғұс
Вильнодан мың сегіз жүз он төртінші жылы, Бурбондар қайтып орнағаннан
кейін ғана қашып шыға алған.
Гондрен көзінің жасын төкпей айта алмайтын генерал Эбле қайтыс
болады. Екі құлағы керең болып, өзі əбден қалжыраған сауатсыз көпірші
еш жерден не пайда, не қорғаныш таба алмайды. Ақыры, қайыршылап,
Парижге жетеді ол, соғыс министрлігіндегі кенселердің табалдырығын
тоздырады. Сондағы сұрайтыны баяғы уəделі мың франкілік зейнетақы
немесе Құрметті легионның ордені емес, тек қана запасқа жіберу; əскердегі
жиырма екі жыл қызметтен, қаншама екенін бір құдайдың өзі ғана білетін
талай жорықтардан кейін, бұған əбден хақысы бар емес пе, бірақ оған сол
жылдар ішіндегі жалақысынан да, жол шығындарынан да, зейнетақыдан да
түк тимейді: Солардың соңында бір жыл салпақтап жүріп түк шығара
алмай, тіпті бір кезде өзі ажалдан құтқарып қалған адамдардан да еш қайыр
көрмей, бəрінен түңілген де, өзінің тағдыр-талайына мойынсұнған; сөйтіп,
осы өңірге қайтып келген.
Қазір осы атаусыз қалған қаһарман арық қазып, əр туазына он судан
майда алады. Қайда күй-батпақ болса сонда жүреді, "сондай шаруаға
мердігерлік алғанмын" - дейді де, бірде-бір қара жұмысшы тəуекел
етпейтін бейнетке бұл барады. Батпақты құрғатады, суармалы алаптарға
арық тартады, сөйтіп күніне үш франк ақша табады. Құлағы керең болған
соң бет əлпетінде не ажар болсын, үнемі түнерген қалпы, өзі табиғатында
сөзуар болмаған адам, бірақ жан дүниесі бай!
Біз онымен жақсы дос-жармыз. Аустерлин соғысының жылдық
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жергілікті Дəрігер - 07
  • Parts
  • Жергілікті Дəрігер - 01
    Total number of words is 3853
    Total number of unique words is 2356
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 02
    Total number of words is 3903
    Total number of unique words is 2275
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 03
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2179
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 04
    Total number of words is 3852
    Total number of unique words is 2240
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 05
    Total number of words is 3996
    Total number of unique words is 2204
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 06
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2266
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 07
    Total number of words is 3976
    Total number of unique words is 2244
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 08
    Total number of words is 4029
    Total number of unique words is 2253
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 09
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2196
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 10
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2251
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 11
    Total number of words is 3815
    Total number of unique words is 2088
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 12
    Total number of words is 3946
    Total number of unique words is 2182
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 13
    Total number of words is 3950
    Total number of unique words is 2139
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 14
    Total number of words is 3803
    Total number of unique words is 2195
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    51.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 15
    Total number of words is 3876
    Total number of unique words is 2138
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 16
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2151
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 17
    Total number of words is 3998
    Total number of unique words is 2190
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 18
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2097
    39.0 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 19
    Total number of words is 1860
    Total number of unique words is 1159
    45.7 of words are in the 2000 most common words
    60.0 of words are in the 5000 most common words
    66.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.