Latin Common Turkic

Жергілікті Дəрігер - 03

Total number of words is 3990
Total number of unique words is 2179
34.1 of words are in the 2000 most common words
48.0 of words are in the 5000 most common words
55.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
науқастардан мақтау да, алғыс та талап етпеймін. Сіздің маған төлейтін
ақшаңыз осы жердегі кедейлерге қажетті дəрі-дəрмек алу үшін
Гренобльдегі дəріхана иелеріне кетеді.
Қатқыл үнмен, ешбір өкінішсіз айтылған осы сөздерді естіген адам, дəл
Женеста сияқты: "Мінеки, адам деп осыны айт!" - деп ойлаған болар еді.
– Сонымен, демек, тақсыр, - офицер де өзіне тəн бірбеткейлікпен
нығыздап сөйледі, -күніне он франкіден төлейтін боламын, ал сіз оны
өзіңіздің қалауыңызбен жұмсай беріңіз. Сөйтіп, мəселе шешілді, ал
қалғаның тағы да келісе жатармыз, - осыны айтқаннан кейін ол доктордың
қолын алып, ерекше бір жүрек сезімімен қысып қойды. - Мен мұндағы
өзіме көрсетілетін барлық күтім үшін күніне он ғана франк ұсынып
отырсам да, бəрібір менің құнсыз біреу емес екенімді өзіңіз көре жатарсыз.
Бенаси өзін ізгі жанды мейірбан етіп көрсетуге əсте де тырыспаған осы
сөз сайыстан кейін беймəлім науқас дəрігердің үйіне кіріп келсе, үйдің
барлық ұсқыны ауланың салдама қақпасы мен үй иесінің үстіндегі киімге
ұқсап-ақ тұр екен. Тіршілікке ең қажетті заттардан басқаның бəріне
Бенасидің селқос қарайтыны тіпті болмашы нəрселерден де көрініп тұр. Ол
Женестаны ас үй арқылы ертіп жүрді бұл асханаға қарай өтетін ең төте жол
еді. Егер де іші кəдімгі көшедегі дəмханалардағыдай қара-қожалақ ас үйді
ыдыс-аяқтың мол жиынтығы көркейтіп тұрған болса, бұл кюренің бұрынғы
қызметкері Жакотаның ұқыптылығының арқасы еді; доктордың үйіндегі ең
мықты билікші əдетте "біз" деп сөйлейтін осы əйел болатын. Егерде
каминнің үстінде мұнтаздай тап-таза болып жылытқыш аспап тұратын
болса, оның себебі, əрине, Жакотаның қыстыгүні жылы жерде жатуды
жақсы көретіндігінен еді; ол сонымен бірге, осы аспаппен, өзінің
айтуынша, еш нəрсені ойламайтын отағасының төсегін де жылытып
қоятын; Бенаси оны өзгеге кереметтей сөлекет кемшілік болып көрінетін
нақ осындай қасиеттері үшін жалдап алған болатын.
Жакота бүкіл үйді билегісі келді, ал докторға керегі де оның барлық
шаруашылығын басқаратын дəл осындай адам еді. Не нəрсені де өзінің
қалауымен сатып алатын да, сататын да, жинайтын да, айырбастайтып да,
орналастыратын да, орның ауыстыратын да, буып-түйетін де, сонсоң
қайтадан шешетін де Жакотаның бір өзі; үй қожасы оған бірде-бір рет
ескерту жасаған емес; сондықтан үйді, атқораны, жалшыны, ас үйді, бақты
жəне үй қожасының өзін-өз білдігімен басқарады. Төсек-орынды ауыстыра
ма, кір жуа ма, азық-түлік алдыра ма бəрін өз қалауымен істейді. Шошқа
сатып алып, оны сойғызатын да, бағбанға ұрсатын да, сəскелік пен түстікке
не беруді шешетін де өзі; ұрадан үйдің төбесіне дейін, сонсоң төбеден ұраға
қарай жүгіреді де жүреді, ойына келген қандай тəртіпті орнатса да, ешкім
ешқандай қарсылық көрсетпейді. Бенаси оған тек екі түрлі ғана шарт
қойған: түскі тамақ сағат алтыда дайын болсын жəне айлық шығын пəлен
сомадан аспасын. Жұрттың бəрі өзіне бағынып тұратын əйел үнемі əндетіп
өлең айтып жүреді ғой Жакота да солай: басқыштан сатылап жүгіріп
жүргенде, біресе бұлбұлдай сайрайды, біресе сақылдап күледі, біресе
өлеңді ақырын ыңылдап айтады, біресе шырқап салады, сонсоңқайтадан
ыңылдайды. Бой-басы өте таза жүреді, сондықтан, үйді де таза ұстайды.
"Менің талғамымның осындай болғаны қандай жақсы, əйтпесе Бенаси
мырзаның жағдайы мүшкіл болар еді, - деп қояды өзі, -бұл байғұстын күй
таңдамайтындығы ғой, құрдың еті деп капуста берсең, соны байқамайды,
жей береді; мен болмасам, Бенаси мырза апта бойы көйлегін ауыстырмай
киіп жүрер еді". Жакота кір жууға бір қажымайды, жарқыратып жиһаз
тазалауды оның туа біткен мамандығы дерсін; тазалықты ол жаныңдай
жақсы көреді, - кəдімгі шіркеудегідей, мінсіз, жарқыраған, адамның жаның
жадырататын тазалықты. Лac атаулымен арпалыса алысады, бір тыным
алмастан, көрінген жердің тозаныңқағады, кір жуады, кір өтектейді.
Ауладағы қақпаның қаусап тұрғаны жаныңа батып, тыныштық бермейді.
Он жыл бойы əр айдың басында Бенаси мырзадан жалынып-жалбарынып
жаңа қақпа жасатамын, үйдің қабырғаларын боятамын, бəрін де
"абаттандырамын" деген уəдесін қоймай жүріп алушы еді; сол сөзін осы
күнге дейін орындаған жоқ. Сондықтан үй қожасының бейқамдығына
ренішін ылғи да мақтау сөзімен аяқтай келіп, үнемі бір түйінмен
аяқтайтын:
– Ақымақ деп айта алмайсың, ол біздің өлкеде кереметтей істер
тыңдырды. Сөйте тұрып, кейде ақымақ та болады; ақымақтығы сондай,
кейде тіпті жас баладай бəрін де алақаныңа салып беруге тура келеді!
Жакота бұл үйді дəл өз үйіндей жақсы көреді; айтары жоқ, жиырма екі
жыл тұрғанда, мұндай алданышқа хақысы да бар еді. Бенаси осында келген
бетте, қайтыс болған кюренің үйі сатылады дегенді естиді де, соның бəрін:
үйін, жерін, жиһазын, ыдыс-аяғын, шарабын, тауықтарын, ескіден келе
жатқан мүсінді қабырға сағатын, аты мен қызметкер əйелін қоса түгелімен
сатып алады.
Аспазшы атаулының үлгілі өкілі Жакотаның шиедей доп-дөңгелек
қызыл мөрлері бар қара сисадан тіккен көйлегі тып-тығыз толық денесін
тырсита керіп, бар мүшесін бедерлеп көрсеткенде, осы қазір-ақ тырс етіп
жарылып кетердей əсер қалдырады. Басындағы айналасын бүрмелеген
аппақ қардай дөңгелек шепшігі бұғағы салбыраған сүренсіз бет-ажарын
одан сайын бозартып көрсетеді. Қимылы ширақ аласа бойлы жуан əйел
быртиған етті саусақтарының қимылына көз ілестірмей жұмыс істеп тұрып,
қатты дауыстап сөйлегенде, аузына тыным болмайды. Егер ол бір ғана сəт
үнсіз қалып, алжапқышының етек жағын үшкүлдеп бүктей бастаса, үй
қожасы мен қызметкердің біреуін ұзақ уақыт қазбалайды екен дей бер.
Жакота, əрине, корольдіктегі ең бақытты аспазшы болды. Оның басындағы
бақытты бұл дүниенің бар жақсылығымен қоса толықтай түссек, оның
данқойлығын былай деп толық қанағаттандырған болар едік: бүкіл елді
мекен оны мэр менен егінжай күзетшісінің екі ортасындағы бір аралық
билік деп таниды.
Ac үйден үй иесі ешкімді кездестіре алмады.
– Бұлар қайда жоғалып кеткен? - деді ол - Сізді бұл жерге алып келгенім
үшін ғапу етіңіз, - деп енді Женестаға қарай бұрылды. Үлкен есікке бақтан
кіреді, ал мен қонақтарды бұлай қабылдап көрген жоқ едім, бірақ... Жакота!
Мынадай лепті айқайға үй жақтан əйел даусы үн қатты. Сол екі арада
Жакотаның өзі шабуылға шығып, Бенасиді шақырды да, бұл дереу солай
қарай жөнелді.
– Əдемі-ақсыз, тақсыр! Бұл сізге ұқсайды! Түстікке қонақтарды
топырлатып шақырасыз, бірақ маған ескертпейсіз; "Жакота" деп бір
айқайласам болды, бəрі де дап-дайын бола қалады деп ойлайсыз ғой! Мына
мырзаңызды ас үйде қабылдамақ па едіңіз? Залды ашып, отты тамызып
жіберуге болмады ма? Николь сол жақта, ол бəрін тындырар еді. Ал енді
барыңыз да, қонақпен бірге бақта серуендей тұрыңыздар. Соның көңілін
аулаңыз; əдемі бақ дегеннен түйсігі бар адам болса, марқұм кюре
мырзаның граб аллеясына апарып көрсетіңіз, сөйткенше болмай, мен де
бəрін əзір етермін түстікті де, дастарқанды да, залды да.
– Өте жақсы! Айтпақшы, Жакота, Бенаси сөзін əрі қарай жалғастырды,
мына мырза біздің үйде тұра тұрады. Гравье мырзаның бөлмесіне кіріп
шығуды ұмытпа. Төсек-орның жаңғырт жəне сонсоң...
– Сіз енді төсек-орынмен айналыспақ па едіңіз, ə? - деп Жакота сөзді
іліп əкетті. – Оның қоналқаға не керек екенін мен білетін шығармын. Ал
өзіңіз жыл бойы Гравье мырзаның бөлмесіне бір рет те бас сұққан жоқсыз
ғой. Оны қараудың түк қажеті жоқ, бəрі тап-таза, айнадай жарқырап тұр.
Сөйтіп, енді ана мырза біздің үйде тұрады екен ғой? - деді ол енді
жұмсарыңқырап.
– Иə.
– Қаншаға?
– Енді оны біле алмадым. Онда сенін не шаруаң бар?
– Қалайша шаруам болмайды, тақсыр? Бəрекелді, "онда сенін не шаруан
бар?" Мынау бір жаңалық екен.. Ал азық-түлік ше, ə?
Уақыт басқа болса, осы сияқты сөздердің тасқының үй иесінің басына
тоғытып, өзіне сенбейтінін қоса айтар еді, бұл жолы осымен тоқталды да,
Жакота енді соңына еріп, ас үйге барды. Жаңадан бір масыл келді деп
ойлап, енді Женестаны көргенше асығып келіп еді, соны көрген бойда-ақ
əйел жарамсақтанып тізесін бүге қалып, басынан аяғынан дейін қарап
шықты. Бұл сəтте офицердің өңі тұнжырап, өзі ойға батып тұрған,
сондықтан ажары суықтау еді. Қызметкер əйел мен үй иесінің əңгімесінен
ол Бенасидің өзі ынжықтау-ау деген ой түйіп, соған ренжіп тұрған; өйткені
ол доктордың осынау шағын өлкені миғұлалықтың пəлесінен құтқару
жөніндегі табандылығына таңғалып, ол жөнінде өзінде қалыптасқан
жоғары пікір енді төмендеп қалып тұр еді.
– Мынау бəдік маған ұнамайды! - деп Жакота өз бетінше күбір етті.
– Егер сіз шаршамаған болсаңыз, тақсыр, - деді доктор өзінің беймəлім
науқасына, - түскі тамаққа дейін бақта серуендей тұрайық.
– Əлбетте, - деді офицер.
Бұлар асханаға қарай өтті де, одан əрі баспалдақтың қасындағы
асхананы залдан бөліп тұрған ауыз үй арқылы баққа шықты. Ауыз үйдің
шынылаған үлкен есігінен əрі үйдің қарсы бетін көркейтіп тұрған биік тас
баспалдақ жəне бар екен. Аумағы бірдей төрт шаршыға бөлініп,
араларынан тартылған түп-түзу жіңішке жолдардың екі жағына шəмшит
ағаштары егілген бақтың арғы басында қызыл қайың тоғайы жайқалып тұр;
Бұрынғы иесінің қуанышы да сол болса керек. Офицер əр жерін шұрқ-шұрқ
етіп құрт тескен ұзынша орындыққа отыра кетті; айналасын жүзім
қозалары орап тастаған саялы орам-жайға, қатар тізіп отырғызылған жеміс
ағаштарына, бақша өсімдіктерінің қырқаларына көз де салған жоқ; мұның
барлығының жанашыр күтушісі марқұм кюренің дəстүрлеріне адал Жакота
болатын: өйткені Бенаси баққа мүлде селқос қарайтын көрінеді.
Офицер өрістеп келе жатқан қысыр əңгімені кілт тоқтатты да, докторға
сауал берді:
– Тақсыр, он жылдың ішінде мына аңғардың халқын қалайша үш есе
арттыра алдыңыз? Сіз келмей тұрғанда бұл жерде жеті жүз адам болған
екен, ал қазір, өзіңіз айтқандай, екі мыңнан асыпты.
– Бұл жайды бұған дейін менен ешкім сұраған жоқ еді, - деді доктор. Біздің иен қалған бұл түкпірді гүлдентейін деген мақсатты алдыма қойсам
да, қазіргі жұмысымның көптігінен бұл жайды ойластыра қоймаппын; өзім
қайыр сұраған монах секілді болып жүріп, былайша айтқанда "балтаның
сабынан бал тамызғандай" қылып, мен осыған қалай жеттім. Мен өзім
емдеп, жазып алған Гравье мырза, біздің жарылқаушымыз, менімен бірге
тау аралап, менің еңбегімнің жемісін көріп жүргенде, теория жағын
ойластырған емес.
Бір сəтке үнсіздік орнады, Бенаси қонағына назар аудармастан, терең
ойға кетті, ал офицер одан көз алмай, қадала қарап, соның сырын білгісі
келеді.
– Бұл қалай болды деп сұрайсыз ғой, қайырымды тақсыр? - деп доктор
əңгімесін жалғастырды. Өзінен-өзі болған іс; сонсоң біздің өзіміз қолдан
жасайтын қажеттіліктер мен оларды қанағаттандырудың арасындағы
əлеуметтік тартылыс заңы бойынша. Барлық істің түйіні осында.
Қажеттіктері жоқ халық кедейлікке душар. Мен осында ауысқанда селенде
жүз отыз шаруа қожалығы бар екен, ал аңғардағы жалпы саны екі жүз
қожалық шамасында. Жергілікті өкімет дегеніміздің құрамы сол жалпы
жұтаңдыққа сайма-сай: сауатсыз мэр, оның көмекшісі - қауымнан аулақ бір
жерде тұра тым жалгер, ал аралық сот жалақымен қалт-құлт күн көретін
кедей мұндар, ол азаматтың хал-ахуалының актілерін жүргізуді істің мəнжайын білмейтін хатшыға тапсырып қойыпты. Жетпіске келген екен,
орнына иіс алмас надан викарий келіпті. Өлкені басқаратын қоғамның
бетке шығарлары міне осылар. Мынадай тамаша табиғаттың аясында
тіршілік еткен халық белшесінен батпаққа батып отыр; күн көрістері
картоп пен сүт; маңайдағы көршілерге немесе Гренобльге шығарып
сататындары ірімшік қана, содан аздаған пайда табатын сияқты. Сəл
ауқаттылары, аздап қайрат көрсететіндері зығыр егеді екен, олар түгелдей
селеннің өз тұтынымына кетеді; кейде арпа немесе сұлы егетін болған; ал
бидай дегенді көз де көрмейді.
Біздің өлкеде өнеркəсіппен айналысатын жалғыз адам мэр болатын;
қарауында ағаш кесіп, тақтай тілетін кəсіпшілігі бар, ағаш кесетін
аландарды сутегін сатып алады да, бөлшектеп ағаш саудасын жүргізеді.
Жол деген атымен жоқ, сондықтан кесілген бөренелерді жаздың күндері
итшілеп жермен сүйретеді, шынжырдың бір басына шотаяқ істік темір
бекітеді де, оны бөренеге қадайды, ал екінші басын аттың тертесіне
байлайды. Гренобльге бару үшін аттысы да, жаяуы да жоғары өрлеп, кең
сүрлеумен кетеді; ал төменгі аңғар бойынан ешкім аяқ аттап баса алмайды.
Осы арадан біздің кантонның шекарасына дейін баратын тамаша жолдың
орныңда, құдай біледі, сізді бізге алып келген сол жол ғой, иə, соның
орнында ол кезде ұзыннан ұзақ созылып жатқан күй батпақ болатын. Бірдебір саяси оқиға, бірде-бір төңкеріс əлеуметтік қозғалыстан қалыс жатқан
біздің бұл меңіреу түкпірге жетіп көрген емес. Бұл жерге жалғыз-ақ
Наполеонның есімі жеткен де, осы жерде туып өсіп, үйлеріне аман қайтқан
екі-үш қарт солдаттың ықыласы арқасында ол бұл өңірде əулиеге айналып
кеткен; олар император мен оның əскерлері жайында осындағы ашық
ауыздарға ертеден қара кешке дейін неше түрлі хикаяларды ертегідей
қылып айтады екен.
Айтпақшы, олардың осында қайтып оралуының өзі бұрын болмаған
оқиға. Мен келмей тұрғанда мұндағы əскерге алынған жастар елге қайтпай,
сол жақта қала берген. Бір ғана осы жайттың өзі-ақ бұл өлкенің
қайыршылығын ап-айқын жеткізсе керек.
Мінеки, тақсыр, кантонның орталығы мен көргенде дəл сондай халде
болатын; ал енді таудың арғы бетіндегі қауымдар да осыған қарайды, бірақ
ондағылар жерлерін жақсылап баптайды, тұрмыстары тəп-тəуір, тіпті
ауқатты деп айтуға да болғандай. Мұндағы мекен-жайларды айтып, сөз
шығын қылудың қажеті болмас: үй емес, кəдімгі мал қораның нақ өзі; адам
да, мал да бірге тұрады. Мен бірде Гранд-Шартрезге барып, қайтар жолда
осы араға соққаным бар. Жолаушы түсетін жер жоқ, Викарийдің өз үйіне
тоқтауға тура келді; ол сатуға деп əзірленген осы мекен-жайда уақытша
тұрады екен. Викарийден оны-мұныны ежіктеп сұрай отырып, өңірдің
мүшкіл халін анықтап білдім; бірақ бұл араның ауа райы, жер құнары,
табиғи байлықтары маған қатты ұнады.
Ол кезде, тақсыр, өткен күннің тақсіретінен тарығып, жаңа бір өмірге
аңсап жүрген жайым бар еді. Құдай оңдайын дегенде, адамға бір игілікті ой
жібермей ме, тіршіліктің талқысына бой ұрсын дегендей. Мен осы өлкені
түрлендірейін деп бекіндім, кəдімгі ұстаз адам баланы қалай тəрбиелеуші
еді, дəл солай. Сіз менің іждағаттығыма мадақ айтып əуре болмаңыз. Маған
керегінің өзі сол болатын. Мен үшін көңіл аулайтын ермек керек еді, қалған
өмірімді əлде бір қиын іске бағыштап, содан қанағат тапқым келген.
Табиғаты сондай бай бола тұра, адам пенденің парықсыздығынан
осындай күйзелісті күйге түскен бұл кантонда өзгеріс жасаймын деген адам
бүкіл өмірін сарп етуге тиіс еді; мені қызықтырған да нақ соның
қиындықтары болды. Кюренің үйін де, бостан босқа жатқан жерін де
арзанға сатып алу мүмкіндігіне көзім жеткеннен кейін, мен осындағы
жергілікті дəрігердің міндетін қуана-қуана қабыл еттім; ал ондай жұмысқа
жұрттың көбі құлықсыз болатыны белгілі. Мен осындағы кедейлерге
жанашыр болғым келді, бірақ олардан ешқандай алғыс дəме еткенім жоқ.
Мен шаруа адамдардың қыңыр мінезінен де қайыр күтпедім; адамға
жақсылық істеймін деп жүріп, қандай пəлеге ұшырауын мүмкін екенін де
ұмытқан емеспін. Мен айналамдағы адамдарды періште деп ойлағаным
жоқ, барымен базар етпек болдым; байғұс шаруалардан қайырым да болмас
жəне ертеңді-кеш қара жұмыстың соңында жүрген олардан пəлендей
қастық та келе қоймас; бірақ жуастан жуан шығады дегенді де есте
ұстадым. Ең бастысы, менің түсінгенім оларға қандай өзгеріс жасасаң да,
алдымен оның өздеріне пайдалы екеніне, тұрмыстарын жақсартуға септігі
тиетініне нақты көздерін жеткіз; сонда ғана оларды селт еткізе аласың.
Шаруа атаулының бəрі де Кəпірстан əулиенің балалары ғой, көзін шұқып
көрсетпесең, еш сөзге сенбейді.
– Сіз, бəлкім, менің алғашқы қадамдарыма күлерсіз, - деді доктор сəл
үнсіздіктен кейін. -Мен өзімнің қиын ісімді кəрзеңкенің шеберханасынан
бастадым. Бұл өңірдің кедейлері ірімшік салатын тоқыма себеттер мен
ұсақ-ұлаң саудаға қажетті кəрзеңкелерді Гренобльден сатып алатын. Мен
бір пысықша жігітті тауып алдым да, өзеннің жыл сайын толқын айдап
шығарып жататын құнарлы топырағы мол жағасынан көлемі əжептəуір
телімдік жер жалдап алуға көндірдім, өйткені ондай жерде қалың шілік
өсетіні белгілі. Сонсоң мұндағы тұрғындар жыл сайын қаншама кəрзеңке
сатып алатынын шамамен есептеп шығардым да, сонсоң Гренобльге
аттандым. Онда барып, қолынан кəрзеңке тоқу келетін бір тақыр кедейді
тауып алып, осында көшіріп əкелдім. Сонсоң оның алғашқы кездегі
тоқитын кəрзеңкелеріне керекті талшілік шабақтарының ақшасын өзім
төлеп тұрдым. Бұл жұмыстың пайдалы екеніне көзі жеткен басқа бір
кəсіпкер шығып, ол да əлгіндей шыбықпен қамтамасыз болғанға дейін
осылай істедім. Жəне жанағы шеберге жасаған кəрзенкелердің қаладағыдан
əрі арзан, əрі жақсы болатын болсын деп тапсырдым. Ол менің
айтқанымды түсінді. Сөйтіп, өз жерімізде талшілік пен кəрзеңке саудасы
пайда болды да, оның жемісінің нəпақалы екендігіне жұрттың көзі төрт
жылдан кейін ғана жетті. Өйткені жақсы кəрзеңке тоқу үшін оның шілігін
тек үш жылдан кейін ғана кесуге болатының, сірə, өзіңіз де білетін
шығарсыз.
Сөйтіп, істің алғашқы кезеңі сəтті болды, тоқушымызға керекті шикізат
молынан қамтамасыз етілді. Ұзамай, ол Сен-Лоран-де-Подағы бір
шаруаның қызына үйленді; оның жинастырған азын-аулақ ақшасы бар
екен. Соған олар əдемілеп үй салып алды; іші жарық, ауасы таза,
саңғыраған сарай болып шықты. Мен оған лайықты жер таңдап беріп, ішкі
құрылысының қандай болуына да ақыл-кеңесіммен көмектестім.
Міне, мен нақ сол кезде масайрадым, тақсыр. Өйткені мен селода
өнеркəсіптің алғашқы негізін салдым ғой; мен сол өндіріске не болатын
адамды жəне оның қарауында істейтін қол шеберлерін алып келдім ғой.
Менің бұл қуанышым сізге жай бір баланың ойыншығы сияқты көріне ме?
Шынымды айтсам, тақсыр, кəрзеңкенің шебері жаңа орамжайға орналасып
алған алғашқы күндері, мен оның шеберханасының тұсынан өтіп бара
жатқанда, əрдайым жүрегім лүп-лүп ететін еді.
Терезе қақпақтарын жасыл сырмен сырлап тастаған, есігінің алдында
ұзын отырғышы бар, айналасын жүзімнің қозалары қоршап тұрған,
ауласында бума-бума шіліктің шыбықтары жатқан, ал үйіне кірсең, үстіне
мүсінді денесіне жарасқан сəнді киім киіп, алдындағы екі шекесі
торсықтай, екі беті балбұл жанып, жайраң қаққан бөпесін емізіп отырған
жас əйелін, ал ауласында əзіл-қалжың араластыра, өлеңдетіп-əндетіп,
қолдары қолдарына ілеспей кəрзеңке тоқыған шебер жігіттерді, оны
бақылап, басқарып тұрған үй иесін көргенде жəне оның осы таяуда ғана
жоқшылықтың зарын тартып жүріп, енді қағанағы қарқ болып тұрғаның
ойлағанда, сізден жасырмайын, тақсыр, менің өзім де шыдай алмай, бір
сəтке сол кəрзеңке тоқитын шеберлердің бірі болып кеткендей,
шеберханаға кіріп барамын; олардың хал-жағдайларын сұрастырып,
əңгімелеріне араласып кетемін. Мұның өзі мен үшін үлкен бір ғанибет еді.
Өзімнің де, өзгелердің ден қуанышым мен өзімнің ортақ қызығыма
айналдырдым. Өзіме мықтап сенген алғашқы адамның үйі менің
таянышым болды.
Өйткені бұл кедей өлкенің болашағы еді; өйткені кəрзеңке тоқушының
əйелі өзінің тұңғышы жөнінде қалай армандаса, менің бұл өлкенің
болашағы жөніндегі арманым да дəл сондай болатын. Менің алдымда
тұрған іс те көп еді, мен бұзып-жарып өтуге тиісті болған ескі ұғымдар да
көп еді. Мен қасарысқан қатты қарсылыққа тап болдым; оны өршітіп
жүрген бұрынғы сауатсыз мэр болатын; өйткені мен оның орныңа келдім
ғой, сонсоң оның беделі түсіп қалып еді ғой.
Сондықтан мен оны өзіме көмекші қылып алып, өзімнің пайдалы ісіме
бастас еткім келді. Иə, тақсыр, осынау топас, барып тұрған қырсық
адамның көзін өзгелерден бұрын ашпақшы болдым. Бұл жерде оның
атаққұмарлығы мен пайдакүнемдігі менің пайдама шықты. Жарты жыл
бойы тамақты бір дастарқанның үстінен ішіп жүрдік, сонда мен
кантондағы өмірді жақсарту жөніндегі өзімнің жоспарымды ашып айтып
бергенсін. Жұрттың көбі осынау ырықсыз достықты мен атқарған
міндеттің ең абыройсыз жағы деп те қараған болар, ал бірақ шындығында
бұл адам менің ең ұтымды қаруым болып алды!
Өзінің борышын ұмытып, одан бас тартқан адам онда ма, сірə! Мен
өлкедегі өмірді жақсартпақ болып жүріп, ондағы адамдардың жайын естен
шығарсам не болмақ едім?!
Сондықтан ең алдымен қатынас жолын салу керек болды. Елдің
ауқатын арттырудың ең тете жолы осы болатын. Егер біз қалалық кеңестен
рұқсат алып, Гренобльдің даңғылына дейін жақсы жол сала алатын болсақ,
бұдан ен əуелі менің көмекшім ұтатын еді; өйткені ол бұрын өзінің
əзірлеген бөренелерін жолсызбен тасығанда, үш есе қымбат ақы төлеп
келген болса, енді біздің тегіс жолмен оп-оңай тасымалдап, ағаштың неше
түрін өткізгенде, бұрынғыдай жылына алты жүз франк емес, одан əлде
қайда қомақты ақша түсірер еді; ал сөйте-сөйте бірсыпыра байлық жинап
алуға да болатын еді. Соны білгендіктен ол ақыры маған жақтас болып
шықты.
Бұрынғы мэр бүкіл қыс бойы қабақтарды аралап, тамыр-таныстарымен
бірге ішіп жүріп, жұртты үгіттеуге кірісті: жақсы қатынас жолы салынса,
бұл үлкен табыстың көзі болады, əркімнің-ақ Гренобльмен сауда-саттық
жасауына мүмкіндік туады деп əңгіме таратты. Муниципалитет кеңесі жол
салуға рұқсат бергеннен кейін, мен префектіден департамент қорынан
материал тасымалына қажетті жəрдем ақша бөлгіздірдім; себебі қауымның
өз ақшасы бұған жеткіліксіз еді; оның үстіне көлік табу да қиын болатын.
Сонсоң, ақыр-аяғында, өзімнің үстімнен өсек таратып, баяғы
байлардың салығын қайта енгізбек деп пəле жауып жүрген надандардың
пайдалы іске көздерін тезірек жеткізу үшін, мен бастық болған алғашқы
жылдың өзінде біреуге қатты, біреуге тəтті айтып жүріп, поселкенің барлық
тұрғындарын, əйел демей, жас демей, кəрі демей, түп-түгел жексенбі
күндері таудың басында жұмыс істеуге көндірдім: ол жердің топырағы
тамаша екен, сонда жаяу жүріп, осы күнгі біздің деревнядан Гренобльдің
тас жолына қарай шығатын жолдың он бойына белгі қағып шықтым.
Дес бергенде, керекті заттардың бəрі қолымызда еді. Жұмыс ұзаққа
созылды, бұл бастама менен көп төзімділікті талап етті. Біреулер заңды
білмегендіктен, еңбек қарызын өтеуден бас тартады; ал енді наннан
тарындық көріп жүргендер бір күн жұмыстан қалмайды. Сөйтіп жұрт, екі
льелік жол жұмысының үштен екі бөлігін атқарған кезде, тұрғындар бұл
шаруаның пайдалы екендігіне көздері əбден жетті де, жолдың қалған үштен
бірін өз ынталарымен атқарып шықты.
Қауымның болашақ байлығын ойлай жүріп, жол бойындағы жыраның
екі жағына қос қатар терек отырттым. Сол ағаштар қазірдің өзінде үлкен
байлық; оның үстіне, жайқалған ағаштардың арқасында бұл жолдың көркі
мемлекеттік даңғылдан кем болмай шықты: жолдың үсті əрдайым құрғақ,
сондықтан оның шығыны жылына екі жүз франкіге де жетпейді. Мен сізге
ол жолды көрсетемін əлі, сіз көре қоймаған шығарсыз: сірə, бұлай қарай
басқа жолмен төменіректе жатқан көрікті жолмен келген боларсыз; ол
жолды ертеректе аңғар бойында салынған оқшау үйлермен қатынасты
дұрыстау үшін тұрғындар осыдан үш жыл бұрын өздері салып алды.
Солай, тақсыр, əрегіректегі бес жыл бұрын сырттан келген адам мұндай
ұғымдарды қараңғы халық санасына ешбір күшпен сіңдіре алмайтын болса,
бергі үш жылда жұрттың есі кіріп, осылай істеді.
Енді əрі қарай тыңдаңыз. Менің кəрзеңкеші жігітімнің кəсібі кедейлер
қауымына жақсы үлгі болды. Жаңа жол поселкенің болашақта гүлденіп
кетуінің алғашқы негізі болғанымен, осы екі бастаманы əрі қарай дамыта
беру үшін, əлі де көкейтесті талай кəсіп түрлеріне қозғалыс беру керек еді.
Талшілік шыбықтарын өсіруші мен кəрзеңке тоқушыны барынша қолдай
отырып, жол құрылысын əрі қарай жүргізе отырып, мен өзімнің мақсатыма
қарай ілгері жылжи бердім.
Менде екі ат бар, ағаш саудасымен айналысып жүрген көмекінімнің үш
аты бар, соларды тағалату үшін Гренобльге бару керек; сондықтан мен мал
дəрігерлігінен хабары бар бір ұстаны азғырып, бізге көшіп кел, жұмыс
бастан асады деп сендірдім. Дəл сол күні əскер қызметінен босап, қиын
жағдайда қалған бір солдатты кездестірдім, алатыны жүз ғана франк
зейнетақы екен; əжептəуір сауаты бар, мэрияға əкеліп хатшы қылып
қойдым, əйел тауып берудің де реті келіп қалды; сөйтіп, оның іздеп жүрген
бақыты басына қонды да қойды. Міне, осы екі от басына, кəрзеңке тоқушы
мен деревнядан көшіп келген жиырма екі шаруа қожалығына үй керек
болды. Олардың үстіне тағы он екі отбасы қосылды: олар шеберлер,
өндірісшілер мен тұтынушылар, тас қалаушылар, балташылар, төбе
жабушылар, ағаш шеберлері, теміршілер, əйнекшілер еді; бəріне де көпке
дейін жететін жұмыс бар, өйткені олар өзгелерге үй салып беріп, енді
өздеріне мекен-жай салмақ. Оған қоса өздері ертіп келген жұмысшылар
жəне бар. Мен қызметке кіріскеннің келесі жылында біздің қауымдағы үй
саны жетпіске дейін көбейді.
Бір өндірісті құрсаң, ол екінші өндірісті талап етеді. Мен өлкемізді елді
мекенге айналдырып, бұрын кедейлердің ойына кіріп те шықпаған
қажеттікті тудырдым. Қажеттіктен өндіріс, өндірістен сауда туындады;
саудадан халықтың əл-ауқаты артты, ал ауқатты тұрмыстан пайдалы ойлар
туындады. Жұмыстағы шеберлерге дайын нан керек болды, сөйтіп, дүниеге
наубайшы келді. Халықтың бойындағы жалқаулық сияқты кеселді сілкіп
түсіріп едім, олар карекетшіл болып алды да, енді бір ғана зығырды керек
етумен қанағаттанбайтын болды; мен келгенде, жұрт зығырдың нанымен
ғана күнелтуші еді; мен оларды ең алдымен қара бидайға немесе аралас
дақылға қара бидай мен ақ бидайдың қоспасына көшірмек болдым; содан
күндердің бір күнінде ең кедей адамдардың да ақ борық бидай нанын жеп
отырғанын көрдім.
Менің ойымша, адамның ақыл-ойының дамуы түгелдей салауатты өмір
жағдайының жасалуына байланысты болмақ. Ауыл-аймақта қасапшы пайда
болса, ол адамдардың ауқаты артып, ақыл-ойы кемелдене бастағанының
жаршысы. Қолы қимылдағанның аузы қоса қимылдайды, аузы қимылдаса
ақыл-ойының кіргені.
Күндердің күнінде бидай егу де бір тұрақты қажеттікке айналар-ау
деген оймен мен осы жердің топырағын зерттегенмін. Сонда менің көзім
жеткені селенді ауыл шаруашылығын өркендетудің сара жолына бір салып
алсам, тұрғындар саны екі есе көбейеді де, жұмысқа өздері-ақ белсеніп
кіріседі деген сенім еді. Міне сол кезең енді келді.
Біздің қауымдағы біраз жер Гренобльдегі Гравье мырзаның иелігінде
болатын. Бірақ оған ешқандай пайда келтірмейтін. Сол жерлерге бидай
егуге болатын. Ол кісінің префектурада бөлімше бастығы екенін сіз білесіз.
Өзінін өлкесін жақсы көретін ол кісі, менің меселімді қайтармай, бұрын да
талай айтқанымды істеп жүрген-ді; енді мен оған мына жердің пайдасы
шаш-етектен келетінін дəлелдедім.Əр түрлі жиналыста, жұмыстың кірісшығысын есептеу сияқты əуре-сарсаңмен арада бірнеше күн өтті; мен
солардың барлық шығының өз мойныма алдым; сондықтан Гравье мырза,
тартпақтаған əйелінің қарсылығына қарамастан, біздің қауымнан
əрқайсысы жүз арпандық8 төрт ферма салуға келісім берді; тың жерді
жыртуға, тұқым, соқа-сайман, мал сатып алуға, жол салуға қажетті
қаржыны да күні бұрын беріп қоймақ болды. Мен де екі ферма салмақ
болдым; ондағы ойым бір есептен бос жатқан жерді өңдеттіру болса,
екіншіден, қазіргі заманның ауыл шаруашылығын жүргізудің пайдалы
əдістеріне халықтың көзін жеткізу болатын.
Бір жарым айдың ішінде біздегі халықтың саны үш жүз адамға артты.
Алты фермаға бірнеше үйлі жан көшіп бармақ болды, көлемді тың жер
телімдерін жырту, ол егістіктерді күтіп-баптау жұмыстары осының бəріне
жұмысшы қолы керек еді. Ат-арбалы адамдар, жер қазушылар, көмекші
шеберлер, күндік жалдамалылар жан-жақтан ағылып келе батсады.
Гренобль жолының бойымен ерсілі-қарсылы көлік қаптап кетті. Бүкіл
кантон қозғалысқа келді. Ағыл-тегіл боп төгіліп жатқан ақша жұрттың
араның ашты; бұрынғы сал бөксе салғырттар қимылдап, бүкіл поселке
ұйқыдан оянды.
Осы өңірдегі жарылқаушылардың бірі Гравье мырза жөніндегі əңгімені
екі сөзбен аяқтайын. Провинцияның шенеунік адамына тəн күдікшілдігі
бола тұра, менің уəдеме нанып, ол қырық мың франкіні күні бұрын қолыма
ұстата бергенде, ол ақшаның қайыр-қайтпасын білген жоқ еді. Қазір əрбір
ферманың өзі оған жалақыдан ғана жүз мың франк əкеліп тұрады;
фермерлердің жұмысты жақсылап жолға қойғаны сондай, олардың
əрқайсысында кем дегенде жүз арпаннан жер, үш қой, жиырма шақты
сиыр, жүз-жүзден өгіз, бес-бестен жылқы бар; əрбір ферма жиырма
адамнан батырақ жалдайды. Əрі қарай төрт жылдың ішінде фермалар əзір
болды. Егіндік жерлерімізден өте бітік өнім алынды тың жерден өзгеше
болуы мүмкін де емес еді, жергілікті тұрғындар таң-тамаша қалды. Ал мен
болсам, сол жылы қатты қауіптенгенмін.
Жаз жаңбырлы бола ма, əлде қуаңшылық бола ма, өз еңбегім еш болса
ештеңе емес, ал ел сенімі ақталмаса қайтпекпін? Біз егін орағына кірісіп
кеткенде, диірмен керек болып қалды. Көріп отырсыз, біз оны да тұрғызып
алдық, бір соның өзі ғана маған жылына бес жүз франкідей пайда келтіріп
тұр. Сондықтан шаруалар мені "беті он" кісі деп, маған əулиедей сенеді.
Жаңа құрылыстар, фермалар, диірмен, екпе ағаштар мен өсімдіктер,
жолдар осының бəрі мен азғырып алып келген шеберлерге жұмыс тауып
берді. Рас, алғашқы алпыс мың франкі ақшамыз əр түрлі құрылысқа
жұмсалып еді, жұрттың тұтыну ақысынан ол қаржы артығымен қайтты.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Жергілікті Дəрігер - 04
  • Parts
  • Жергілікті Дəрігер - 01
    Total number of words is 3853
    Total number of unique words is 2356
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    47.2 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 02
    Total number of words is 3903
    Total number of unique words is 2275
    33.9 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 03
    Total number of words is 3990
    Total number of unique words is 2179
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    48.0 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 04
    Total number of words is 3852
    Total number of unique words is 2240
    30.8 of words are in the 2000 most common words
    43.1 of words are in the 5000 most common words
    49.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 05
    Total number of words is 3996
    Total number of unique words is 2204
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 06
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2266
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 07
    Total number of words is 3976
    Total number of unique words is 2244
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    56.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 08
    Total number of words is 4029
    Total number of unique words is 2253
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 09
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2196
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 10
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2251
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 11
    Total number of words is 3815
    Total number of unique words is 2088
    32.9 of words are in the 2000 most common words
    46.1 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 12
    Total number of words is 3946
    Total number of unique words is 2182
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 13
    Total number of words is 3950
    Total number of unique words is 2139
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 14
    Total number of words is 3803
    Total number of unique words is 2195
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    51.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 15
    Total number of words is 3876
    Total number of unique words is 2138
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.7 of words are in the 5000 most common words
    53.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 16
    Total number of words is 3921
    Total number of unique words is 2151
    33.1 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 17
    Total number of words is 3998
    Total number of unique words is 2190
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 18
    Total number of words is 4009
    Total number of unique words is 2097
    39.0 of words are in the 2000 most common words
    53.5 of words are in the 5000 most common words
    60.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Жергілікті Дəрігер - 19
    Total number of words is 1860
    Total number of unique words is 1159
    45.7 of words are in the 2000 most common words
    60.0 of words are in the 5000 most common words
    66.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.