Latin Common Turkic

Оба - 16

Total number of words is 4012
Total number of unique words is 2159
34.8 of words are in the 2000 most common words
49.5 of words are in the 5000 most common words
57.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
жұмысқа қайта кіріскен Гран туралы, дәрігер Риэнің анасы жайындағы ойлар жүр.
Таррудың анамен әңгімесі бақайшақтап бүге-шігесіне дейін тізіліпті, бір
шаңырақтың астында бірге тұрған адам үшін бұл сөзсіз қажет те: кейуананың жүрістұрысы, 
жымиысы, оба туралы ескертпелері - бәрі-бәрі бар. Әсіресе Тарру оның
таңқаларлық байсалдылығын, кішіпейілділігі мен көзге түспеуге тырысатынын
ойын тек қана қарапайым сөздермен бере білетінін, тыныш көшеге қарайтын
терезеге құмарлығын, соның түбінде екі қолын тізесіне қойып отыратынын, іңір
қараңғылығы бөлмені басқанша сырттан көз алмайтынын, өзі қара көлеңкеге
айналып, қараңғылық жұтып қойғанша тырп етпейтінін, пәтерде жеңіл
қозғалатынын, жан-жүрегін жарқырата жайып салатын мейірбандығын, әрбір
қимылын, әрбір сөзін атап көрсетеді. Таррудың өзі үшін айрықша ештеңе
жасалмағанымен, ол қарт ана барлығын оймен аңдап, ақылмен түсінеді, көлеңкеде
үндемей отырып-ақ кез келген жарықпен тең түсе алады, тіпті ол мейлі обаның
жарығы болсын деп жазады. Айтқандай, осы арада Таррудың жазуы әлсіреп
қалғандай бір түрлі қызық, оғаш көрінеді. Бұдан кейінгі жолдарды ажыратудың өзі
қиын, әлгі әлсірегенінің бір дәлелі жазбаның соңғы сөзі, сонымен бірге өзінің бірінші
айтқаны болып шығады: "Менің де анам дәл осындай болған, оның еркімен көзге
түспеу қабілетін жақсы көретін едім, бәрінен бұрын онымен бірге болғысы келетінін
айтсайшы! Міне, сегіз жыл өтті, алайда, ол өлді деп айтуға тіпті де батылым
бармайды. Жай ғана аздап именшіктеніп, енді бұрылып қарағанымша жоқ боп
шықты".
Ал енді Коттарға оралайық. Індет азанға айналғаннан бері Коттар әр алуан
сылтауларды ойлап тауып, Риэге келуін жиілетіп жіберді. Шын мәнінде, ол
дәрігерден індеттің одан әрі өршуі жөніндегі болжамдарды білуге ғана келеді.
"Демек, сіз әй жоқ, шәй жоқ, індет өз бетімен тоқтай қалады деп топшылайсыз ғой?"
Бұл орайда ол сары уайымға салынуға бейім, әйтеуір өзін қайткенмен солай
көрсетуге тырысады. Алайда оның беймазалығы іштей бұл жөнінде сенімі аздығын
дәлелдейтін. Қаңтардың ортасынан бастап оның сауалдарына Риэ үміт ұшқыны бар
көтеріңкі үнмен жауап беретін болды. Дәрігердің әр жолғы жауабы Коттарды қуанту
былай тұрсын, ренжітіп, кейде уайымға батырды, кейде өкінішке қалдырды. Сосын
Риэ оған жағымды нышандар мен жақсы мәліметтерге қарамастан, "алақайлап"
айқай салуға әлі ерте дейтін болды.
— Басқа сөзбен айтқанда, ештеңе белгісіз ғой,-дейді Коттар көңілі орнына
түскендей, -демек, бүгін болмаса да, бәрі қайта басталады ғой.
—Дәл солай, бірақ сол сияқты індет мұнан да шапшаң азаюы мүмкін.
Баршаны әрі әр адамды қобалжытып қойған бұл сенімсіздік Коттарға жұбаныш
әкелді, сондықтан Тарру отырған жерде көрші саудагерлермен әңгіме-дүкен құрып,
дәрігер Риэнің пікірін таратуға тырысады. Сірә, бұл айырықша қиындық
туғызбайтын сияқты. Алғашқы жеңіс хабарынан бұрқ ете қалған қуаныш ізінше
күдікке ұласып, префектураның мәлімдемесінен гөрі тұрақтырақ болып, жұртты
қайта абыржытты. Қаланы қобалжытқан көрініс Коттарды сабасына түсірді.
- Ерте ме, кеш пе, - бәрібір, қаланы ашық деп жариялайды, - деп нығарлай түсті
Тарруға ол - Міне, сонда менен бөрінің жалт бергенін көресіз.
Айтулы жиырма бесінші қаңтарға дейін-ақ орандағылардың бәрі Коттардың
құбылмалы мінезіне назар аударған. Бүкіл қотанға күллі көршілеріне жағу үшін
қаншама төзімін тауысты ол, бірақ онысынан ештеңе шықпайтынын білді ме,
бірнеше күн бәрінен қол үзіп, үйінде қасарып отырды да алды. Ел-жұрттан безіп,
өзінің кісікиік оңашалығына қайта оралды деген әсер қалдырды сырт көзге. Оны
мейрамханаларда, театрларда, тіпті сүйікті дәмханаларында көрген тірі пенде жоқ.
Әйткенмен де ол індетке дейінгі бір сарынды, елеусіз бұрынғы тірлігіне оралған
жоқ. Үйден қия басып шықпай, астың өзін көрші шағын мейрамханадан алып ішіп
жүрді. Тек кешкілік қана көшелерде безектеп, қажет бірдеңелерін сатып алып,
дүкендерден атыла шығып, бос көшелерге жалт бұрылды. Тарру оның осындай
жалғыз жүгіріп жүргенінде кездесіп қалып аузынан бір сөз ала алмады, қойған
сұраққа әлденелерді міңгірлеп тайып тұрды. Сосын ешқандай себепсіз кенет
Коттардың өз-өзінен көпшіл болып қалып, оба туралы ұзақ-сонар әңгіме көйітіп,
басқалардың бұл жайындағы пікірін біліп, көшеде ағылған топқа арқа-жарқа
араласты да кетті.
Префектураның декларациясы жарияланған күні Коттар көкжиектен жойылып,
ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Екі күн өткен соң Тарру оны көшеде жалғыз қаңғырып
жүрген жерінен ұшыратты. Коттар одан қаланың шетіне дейін шығарып сал деп
өтінді. Ұзақты күн жұмыстан кейін қатты шаршағанын сезген Тарру жә, бәрекелді
дей қоймады. Алайда Коттар табандап тұрып алды. Әдеттен тыс өрекпіген түрі бар,
қолын қайта-қайта сермеп, екпіндей, еліре сөйлейді. Префектураның хабары індет
шын мәнінде аяқталды дегенді білдіре ме өзі деп сұрады әудемнен соң. Әрине,
Таррудың ойынша, әкімшілік мәлімдемелермен апаттың жолын кесе алмайсың,
бірақ әлдеқалай тағы бірдеңесі шығып кетпесе, індет басылып келеді деп болжауға
негіз бар.
― Дұрыс, - деп растады Коттар, - бірақ бірдеңе шыға келмесе. Ал ойламаған жерде
бірдеңе қашан да болады. Тарру қарсы дау айтып, жалпы префектураның
көрінбейтінді көре білгенін, қаланы ашық деп жариялай отырып, сауықтыру
шараларына екі апта мерзім бергенін түсіндірді.
— Және жақсы жасаған, - деп мақұлдады, түнере түсіп өрекпіген Коттар. Өйткені, 
оқиғаның барысына қарағанда, мынау декларацияны да бекер жариялаған.
Тарру да бекер болған деп келісті, бірақ, оның пікірінше, қала таяу уақытта
ашылады, бәріміз де қалыпты өмірге қайта ораламыз деп ойлаған әлдеқайда игі, әрі
жақсы.
― Айталық, - деп оның сөзін бөлді Коттар, - айталық, "қалыпты өмірге ораламыз"
деген сөздің астарында не бар өзі, онымен не айтқымыз келеді?
― Ал, бері қойғанда, жаңа фильмдер көрсетіле бастайды, - деп жымиды Тарру.
Бірақ Коттар жымиған жоқ. Бұл оба қалада ештеңені де өзгерткен жоқ, түк те
болмағандай ертең бәрі бұрынғыша жүре береді дегенді білдіре ме - оның түсінгісі
келетіні осы. Таррудың ойынша, оба қаланы өзгертті, сөйте тұрып өзгерткен жоқ,
азаматтарымыздың ең күшті тілегі - өздерін ештеңе болмағандай ұстау, екінші
жағынан барлық ерік-күшіңді уысында ұстасаң да, бәрін ұмыту мүмкін емес - оба
адамдардың жүрегінде ізін сөзсіз қалдырады. Тоғышар досы адамдардың жүрегі өзін
титтей де тебірентпейтінін кесіп айтып, жүрек атаулыға түкіргенім бар деді. Оның
білгісі келетіні басқару жүйесінде қайта құру болар ма, әлде мекемелер
бұрынғысынша жұмыс істей бере ме, - міне, соған көз жеткізбек. Өзіне бұл жағы
беймәлім екенін Таррудың мойындауына тура келді. Алайда індетке орай қожырап
кеткен мекемелердің бірден толық қарқынмен жұмыс істеп кете қоюы қиын болар.
Сондай-ақ олардың алдында қыруар жаңа мәселелер туындап, мұның өзі тым
құрығанда бұрынғы кеңселердің қайта құрылуын талап етер деп ойлауға болады.
— Мүмкін, онда барлығының бәрін де қайта бастауына тура келеді, - деді Коттар.
Олар аяңдап Коттардың үйіне де келіп қалды. Коттар өрекпіп лепіре сөйлеп
келеді. Оның өзіне қала өткеннің бәрін қидай сыпырып өшіріп тастап, бар өмірін
жаңадан бастайтын болып елестейді.
― Олай болса, ақыр соңында біздің ісіміз де жөнге келетін шығар, - деді Тарру. 
Белгілі мағынада жаңа өмір басталады ғой.
Олар кірер ауызда қоштасты.
— Сіздің айтқаныңыз дұрыс, - деді Коттар енді толғанысын жасыра алмай. 
Барлығын нөлден бастау деген - керемет нәрсе.
Түкпір жақтан ойда жоқта екі көлеңке пайда болды. Тарру Коттардың мына
кішкентай құстарға мұнда не жоқ деп сыбырлай сұраған даусын әрең айырды. Ал
сәндене киінген шенеуніктерге ұқсаған құстары одан: Шынында да, Коттар,
сенбісің? - деп сұрады; ол сайтан алсын деп бұрқ етіп жалт бұрылды да,
қараңғылыққа сүңгіп, келгендер мен Тарру ауыз ашып үлгергенше көзден ғайып
болды. Алғашқы таңғалу тарап, Тарру бейтаныстардан не керек екенін сұрады. Олар
сыпайы да ұстамды жауап қатып, анықтайтын бір жайттар барын айтып, Коттар
кеткен жаққа тартты.
Үйіне келе сала, Тарру осы көріністі қағазға түсірді де, шаршағанына шағынды
(оны қолтаңбасы да айқындап тұр). Оған алда атқарар әлі көп іс барын қосты, бірақ
бұл сылтау емес, қашанда әзір болу керек дей келіп, өзіне-өзі соған шынында да
дайынсың ба деген сұрақ қояды. Өзіне-өзі жауап беріп, сонымен күнделікті жазу
аяқталады. Түнде ме, күндіз бе - әйтеуір тәулік ішінде әрбір адамның қорқақты
тойлайтын сәті болады, өз басым осы сәттен қорқамын,- деп бітіреді Тарру.
Қала ашылардан бірнеше күн бұрын дәрігер Риэ үшінші тәулік дегенде үйіне түс
әлетінде оралды, жол-жөнекей оз атына көптен күткен жеделхаты келді ме екен деп
ойлады. Қазір де обаның өршіген кезіндегідей титықтағанша жұмыс істегенмен,
түпкілікті құтылудың жақындығы шаршағанын білдірмейді. Ол енді алдан күтері
барлығы үшін қуанады да үміттенеді. Өз ерік-жігеріңді ұдайы уыста қысып ұстай
беруге болмайды, ұдайы шиыршық атып сіресіп жүруге және болмайды, күрес үшін
жинаған бар күшіңді ақыр аяғында бір сілтеп әлсіретіп алсаң, ол қайдағы бақыт.
Егер күткен жеделхаты жағдайлы болса, Риэ барлығын да басынан бастай алады.
Мейлі бәрі де барлығын басынан бастасыншы деп ойлайды ол
Риэ күзетші бөлмесінің жанынан өтті. Терезе түбінде отырған жаңа қақпашы
оған жымиып қойды. Баспалдақпен көтеріліп бара жатып Риэ кенет оның жүзін
есіне түсірді, қарны тоя ас ішпеуден әрі шаршағандықтан боп-боз еді.
Иә, мынау шексіздіктің шаруасы біткен соң, ол аз да болса сәтін салса, барлығын
басынан бастайды. Осы оймен ол есік ашып еді, қарсы алдынан анасы шығып, мсье
Таррудың сырқаттанып қалғанын хабарлады. Ыстығы тым күшейіп, басы ауыратын
көрінеді. Рас, таңертең ол орнынан тұрған, бірақ үйден шықпай, қайта жатып қалған.
Мадам Риэ мазасызданып жүр.
― Бәлкім, әлі елеулі ештеңе жоқ шығар, - деді Риэ. Тарру төсекте ұзыннан көсіліп
жатыр, қазандай салмақты басы жастыққа көміліп, көрпенің астынан қуатты кеудесі
айқындала түскен. Ыстығы күрт көтеріліп, басы қатты ауырып шыдатпай жатыр. Ол
Риэге нышандары әлі онша айқын емес, бірақ оба да болуы ықтимал деді.
— Жоқ, түбегейлі байлам жасауға әлі ерте, - деп Риэ ауруды қарай бастады.
Тарруды шөл қысып жатыр. Долізге шыға бере, дәрігер мүмкін, обаның басы
болар деді анасына.
― Жоқ, - деп шошып кетті ол, - бұл ақылға сыймайды, әсіресе қазір!
— Оны өзімізге қалдырайықшы, Бернар, - деді ана табан аузында.
Риэ ойланып қалды.
― Олай жасауға қақым жоқ, - деді ол - Ал қала бүгін болмаса да, ертең ашық деп
жарияланады. Егер сен болмасаң, тәуекелді өз мойныма алар ем.
— Бернар, - деді ана жалынышты үнмен, - екеумізді де осында қалдыршы.
Әлгінде ғана маған вакцина сепкенін білесің ғой.
Дәрігер вакцинаны Тарруға да сепкенін, бірақ ол жұмыс, жұмыс деп жүріп соңғы
егуді өткізіп алғанын, қажетті сақтық шараларын қабылдауды ұмытып кеткенін
айтты.
Риэ өзінің кабинетіне өтті. Ол қайтадан жатынжайға кіргенде, Тарру дәрігердің
сыворотка құйылған үлкен ампуланы әкеле жатқанын бірден байқады.
― Оһо, демек, өзі болды ғой, - деді ол
— Жоқ, жай ғана сақтық шарасы ғой.
Жауап орнына Тарру қолын созып, сабырмен тамшылата құйылған дәріні
қабылдады, оны өзі де ондаған ауруларға жасаған-ды.
― Кешкісін не болғанын көрейік, - деді Риэ Таррудың бетіне тура қарап.
— Ал оңашалау жағдайы қалай?
― Әзір бұл оба деген ешқандай сенім жоқ.
Тарру қинала жымиды:
— Жә, білсеңіз бар ғой, менің тәжірибемде сыворотканы құйып алып, ауруды
оңашаламау бірінші рет.
Риэ жалт бұрылды.
― Мамам екеуіміз сізді күтеміз. Сізге осында жақсы болады.
Тарру үндемей қалды, дәрігер ампулаларды жинап жатып, аурудың сөйлеуін
күтті, сонда оған бұрылып қарауына мүмкіндік туар еді. Үнсіздікке төзе алмай,
төсектің қасына ол қайта келді. Ауру Риэге тура қарады. Оның жүзінде
шаршағандықтың табы жатыр еді, бірақ сұр көзінде сабыр ұйыған. Риэ оған жымия
қарады:
— Ұйықтай алсаңыз ұйықтаңыз. Мен тез ораламын.
Табалдырықтан ол Таррудың шақырғанын естіді де қайтып келді. Бірақ Тарру
бірден сөйлеп кеткен жоқ, ернінен үзіліп түскелі тұрған сөздердің өзімен күресіп
жатқаны сияқты.
― Риэ, - деп ақыры сөзін бастады, - менен ештеңе жасырудың керегі жоқ, маған
соның қажет.
— Сізге уәде берем.
Таррудың толық бетін зорланған күлкі қисайтты. - Рахмет! Менің өлгім келмейді,
әлі күресіп бағам. Алайда іс насырға шапса, көрегенділігімді көрсетіп өлгім келеді.
Риэ кереуетке еңкейіп, аурудың иығын қысып:
― Жоқ, - деді. - Әулие болу үшін өмір сүру керек. Күресіңіз.
Кешкісін адуын нөсер мен бұршаққа орын босату үшін күндізгі қатты суық сәл
сынды. Ал іңірде аспан сәл тазарып, суық сүйектен өтердей күшейді. Риэ үйіне кешкі
астың алдында ғана оралды. Тіпті пальтосын де шешпей, бірден досы жатқан
жатынжайға кірді. Риэнің анасы қолына тоқыған затын ұстап төсектің қасында
отыр. Тарру таң атқаннан бері орнынан қозғалмаған тәрізді, тек безгектен ағарып
кеткен ерні ғана ол арпалысып жатқан күрестің күллі қызуын паш етіп тұр.
— Ал, енді қалай? - деп сұрады дәрігер.
Тарру қуатты иығын сәл қозғалтып:бұның түп ізіне түскен бәсең ырғақты
ысқырық естілгендей көрінді. Ол ымдап анасына барып ұйықта деді. Анасы басын
шайқап, көзі жалт ете қалды, сосын өрнегіне қайта үңілді. Риэ көтеріліп, ауруға
сусын беріп, орнына қайта отырды.
Тыныштықты пайдаланып әрлі-берлі өткендердің аяқ дүсірі терезеден естіліп
тұр. Өткен-кеткендердің дүсірі де алыстап барып тынды. Ұзақ уақыттан бері дәрігер
алғаш рет тыныштығын кешіккен бірді-екілі жаяудың дүсірі болмаса, жедел жәрдем
машинасының гүрілі бұзған түннің де бұрынғылардан айырмашылығы
болмайтынын түсінді. Сыртта -обаны сілкіп тастаған түн. Ысқаяқ суықтан, жарық
нұрдан, топты адамнан қашқан ауру қаланың қараңғы қойнауынан шыға келіп
мынау жылы жатынжайға кіріп ап, Таррудың сылбыр қозғалған денесімен ақтық
жекпе-жекке түскен тәрізді. Қала үстіндегі аспанды құдайдың қамшысы осқылаған
жоқ. Ол қамшы енді жатынжайдың ауыр ауасында ысқырып тұрған секілді. Оны
ұйқысыз ұзақ сағаттардың өн бойында Риэ ғана естігендей, бірақ оның қашан сап
болатынын, обаның түбегейлі жеңілісін қашан мойындайтынын күтуге тура келеді.
Күн шығар алдында Риэ анасына еңкейіп:
- Бар да дереу жат, әйтпесе сағат сегізде мені ауыстыра алмайсың. Тек жатарыңда
тамағыңды шаюды ұмытып кетіп жүрме, - деді.
Мадам Риэ мамықтақтан көтеріліп, өрмегін бүктеп буып, көптен көзін ашпай
жатқан Таррудың төсегіне таяды. Оның жазық маңдайына терден оратылып, шашы
жабысып қалыпты. Ауыр күрсініп, ауру көзін ашты. Тарру өзіне төніп тұрған
момақан жүзді көріп, безгектің үдере соққан толқыны арасынан күш жиып зорлана
жымиды. Алайда қабағы ізінше қайта жабылды. Жалғыз қалған Риэ анасы отырған
мамықтаққа ауысты. Көше тып-тыныш. Күн шығар алдындағы салқын бөлмені де
кеулеп кетті.
Дәрігер қалғып кетіп, алғашқы таңғы көліктің тарсылынан оянды. Дір ете қалып,
Тарруға қарап, шынымен мызғып кеткенін ұқты, ауру да ұйықтап жатыр екен.
Алысқа сүңгіп ағаш доңғалақтың тырсылы мен тағалы ат тұяғының тықылы
басылды. Сыртта әлі қараңғы. Дәрігер төсегінің қасына келгенде Тарру оған ештеңе
білдірмейтін, әлі ұйқының қойнауынан шықпаған жансыз көзін аударды.
― Ұйықтадыңыз ба? - деп сұрады Риэ.
— Иә.
― Тыныс жеңілдеді ме?
— Ептеп. Ал оның бәз бір маңызы бар ма?
Риэ жауабын бірден берген жоқ, әудемнен соң ғана сөз бастады.
― Жоқ, Тарру, маңызы жоқ. Мен сияқты өзіңіз де білесіз. Бұл таңғы сергу, бой
жазу ғой.
— Рахмет, - деді ол - Садағаң кетейін, алда да осылай жауабын дәл айтыңызшы.
Дәрігер төсектің аяқ жағына кеп отырды. Бір бүйіріне Таррудың ұзын
қозғалыссыз аяғы білінді, оның жаны бар адамның аяғы емесін сезді. Тарру
қаттырақ алқынды.
― Ыстық қайта көтерілді-ау деймін, солай ма, Риэ? - деп сұрады ол ентігуден
үзіліп-үзіліп шыққан үнмен.
— Иә, көтеріліпті, түс болсын, сонда айқындалады.
Тарру әл-қуатын жинағандай көзін жұмды. Жүзінен қалжырағаны, қажығаны
білініп түр. Ол тәнінің тереңінде бұлқына бастаған безгектің жаңа ұстамасын күткен
сыңайлы. Сосын қабағы керіліп, лайланған жанары ашылды. Тек сонда ғана ол
төсегіне еңкейіп төніп тұрған Риэні көріп жүзі жылып жүре берді.
― Су ішіңіз, - деді Риэ.
Тарру шөлін қандырып, қалжырап жастыққа құлай кетті.
— Бақсақ, бұның ұзақ екен ғой, - деп қалды ол
Риэ оның қолын ұстады, бірақ Тарру көзін аударып әкетіп, оны сезбеді. Кенет
Риэнің көзінше безгек іштегі бөгенді бұзып шыққандай бұлқынып, төске өрлеп,
басқа шауып, маңдайдан лыпып бір-ақ шықты. Тарру дәрігерге көз салғанда, ол
бозарып кеткен жүзінен бір үміт аңдатқысы келді. Тарру жымиғысы келді, бірақ
дірілдей тістенген жақ ақ көбік аққан ерінге күлкі жібермеді. Алайда оның сазарған
жүзінде ерліктің бар жарығымен көзі жарқ-жұрқ етеді.
Сағат жетіде мадам Риэ жатынжайға кірді. Дәрігер өз кабинетінен лазаретке
телефон шалып, өзін жұмыста біреу ауыстыра тұруын өтінді.
Сондай-ақ ол ауруларға бүгінгі кіріп шығуының бәрін кейінге қалдырып, осы
кабинеттегі диванға қисая тұрғысы келіп еді, шыдамай атып тұрып жатынжайға
оралды. Тарру бетін мадам Риэге бұрып, көз айырмастан орындықта алақанын екі
тізесіне жапсырып отырған бір уыс көлеңкеге қадалды. Оның қадала қарағаны
сондай, Риэ мадам баласын байқап, ақырын дегендей саусағын ерніне апарды, сосын
түрегеліп бас жақта жанып тұрған шамды сөндірді. Күндізгі жарық пердеден тез
өтіп, аурудың жүзі қараңғылықтан шыққанда қарт ана оның бұрынғыдай өзінен-өзі
көз алмай жатқанын байқады. Төсекке еңкейіп, жастығын түзеп, термен
бұйраланған шашын алақанымен сипағанда, ол тереңнен қырылдап шыққан дауыс
естіді. Бұл рахмет айтып, барлығы жақсы болды деп жатқан аурудың даусы еді.
Орнына ол қайта отырғанда Тарру көзін жұмды, оның қиналған жүзін күлкі
нұрландырып тұрғандай еді, ал ернін жымқырып алған.
Талма түсте безгек шырқау шыңына жетті. Күркілдеген жөтел аурудың бүкіл
денесін селкілдетіп, қан құстыра бастады. Бездері ісіп-кебуін тоқтатып, бүкіл
буындарын бұрандамен бекітіп қойғандай бездері сипағанда тастай боп көрінді,
сондықтан Риэ ісікті жарып көрудің қажеті жоқ деп тапты. Жөтел қысып, безгек
ұстаған екі аралықта Тарру достарына көз тастады. Алайда ұзамай оның кірпігі жиіжиі жұмылып, 
аурудан қиналған жүзін әлгінде ғана нұрландырып тұрған сәуле
бірте-бірте сөнді. Оның тұла бойын ұстамалы дірілмен қалшылдатқан нажағай
жарқылы біртіндеп сиретіп, Тарруды баяулап буырқанған түпсіз тереңге тартып
бара жатты. Риэ қарсы алдындағы жастықта жатқан жүзден күлкі қайтып мәңгі
оралмайтын жансыз бетпердені ғана көрді. Өзіне сондай жақын кісінің әзір
бұзылмай жатқан сұлбасына тағдырдың сүңгісі қадалып, жан төзгісіз ауру өртеп,
қатерлі аспан құйыны домалатып, көз алдында обаның түпсіз тұңғиығына шым
батырды. Ал досы бұл апаттың бетін қайтара алмады. Риэ тағы да елсіз-күнсіз
жағалауда жүрегі жұлмаланып, апатқа қарсы қолданар түк қаруы жоқ құрқол,
жападан-жалғыз қала берді. Ақтық сәт туғанда дәрменсіздіктен Риэнің көзіне жас
тығылып, ол Таррудың кенет қабырғаға кілт бұрылып, жан тәнінің тереңінде басты
перне үзіліп кеткендей қатты бір ышқынып, жан тапсырғанын көрмей де қалды.
Келесі түн арпалысқан күрес емес, өлі тыныштық түні болды. Бүкіл әлемнен
бөлініп қалған мынау жатынжайда жерлеу рәсіміне әзірлеп аруланған жансыз мүрде
жатқан жерде тылсым тыныштық тұрды. Бұдан көп күндер бұрын қала қақпасына
шабуыл басталғанда террасалар үстінде ол осылай ұйып тұрған еді. Риэ осындай
тыныштықты алдында жазықсыз жұрт жаппай өліп жатқанда ойлаған-ды. Енді
қайда да сол қысқа ғана тыныс, сол салтанатты арақашықтық, қайда да сол айқастан
соңғы тыныштық, қайда да сол жеңіліс меңіреулігі. Алайда қазір досын тұмшалап
тұрған тыныштық обадан арылған көшелер мен күллі қаланың жым-жырттығына
ұласып, Риэ үшін бұл бейбітшіліктің өзін жазылмас азапқа айналдыратын соғыстағы
түбегейлі, бұлтартпас жеңіліс сияқты болды. Дәрігер ақыр соңында Таррудың
тыныштық тапқан-таппағанын білген жоқ, ал өзіне тыныштық мәңгі жоқ екенін
сезеді. Бұл да дәл ұлынан айырылған ана үшін, досынан айырылған жігіт үшін қажет
уақытша тыныштық тәрізді.
Анау сыртта - дәл кешегідей салқын түн, ал ап-ашық аспанда - жарқыраған сол
баяғы жаураған жұлдыздар. Қаракөлеңке жатынжайға терезеге жабысқан суық
жайлап еніп жатыр, одан поляр түндерінің түссіз тынысы сезіледі. Төсектің алдында
өзінің үйреншікті қалпымен мадам Риэ отыр, оң жағынан оған шамның жарығы
түсіп тұр. Қаракөлеңкеде жатынжайдың ортасында тұрған мамықтақта Риэ отыр. Ол
бір сәт әйелін есіне алып, ізінше ол ойын аулақ қуады.
Түнгі аязды тыныштықта өткен-кеткен біреулердің өкшесі табанжолға тық-тық
тиеді.
― Сен бәрін жасадың ба? - деп сұрады анасы.
— Иә, бәріне телефондап қойғанмын.
Қайтадан үнсіз тыныштық басталды. Ара-тұра мадам Риэ ұлына қарап қояды.
Оның көзқарасын шалып қалса баяу жымияды. Әдеттегі тәртіппен көшеде у-шу
бірін-бірі алмастырды. Әзір ресми рұқсат болмаса да, автомобильдер қалада ағылып
жүр. Олар көшелерді гүрілге толтырып, сосын жоқ боп кетеді де, қайта шығады.
Дабырлаған дауыстар, қуанышты үндер, ат тұяғының дүбірі, трамвайлардың
тарсылы түнгі ауаны жаңғырықтырып, түн қайтадан әдеттегі тынысына көшеді.
― Бернар!
— О не?
― Шаршаған жоқсың ба?
— Жоқ.
Ол анасының не ойлайтынын біледі, оның дәл осы сәтте өзін сүйетінін де біледі.
Сонымен бірге ол біреуді сүюдің онша дүние емесін де біледі, былайша алғанда,
махаббат дегенің өзіне түр-әлпет табатындай онша күшті бола алмайды. Бұлар да
анасы екеуі бірін-бірі қашанда үнсіз сүйіп өтеді. Күндердің бір күні ол да өледі
тағдыр жетіп, немесе бүл өледі, сөйтіп өмір бойы бірін-бірі қандайлық жақсы
көретінін жеткізер сөз таппай өтеді. Сол сияқты олар Таррумен де қоян-қолтық өмір
сүрді. Міне ол бүгін кешкісін дүние салды, ал достықтары жер үстінде шындап
көсегесі көгеріп жүре алмады. Тарру, өзі айтқандай, ойыннан ұтылды. Ал бүл, Риэ, не
ұтты? Жалғыз-ақ - обаны білді, оны есте ұстайды, достықты таныды, оны есте
ұстайды, жақсы көрудің не екенін түсінді, ендігі оның борышы - бәз бірде соны еске
алу. Адамның обамен не өмірмен ойнағандағы ұту қабілетінің бәрі - білім мен зерде
деген сөз. Бәлкім, Тарру "ойыннан ұту" деп дәл осыны айтқан шығар.
Терезенің түбінен зуылдап тағы да автомобиль өтті де, орындықта мадам Риэ
қозғалды. Баласы оған қарап жымиды. Анасы түк те шаршағанын сезбейтінін айтып,
оған қоса:
― Саған тауға барып демалу керек еді, - деді.
— Әрине, мама, барамын.
Иә, онда ол тынығады. Тынықпайтын несі бар? Еске түсірудің тағы бір себебі
табылды. Ал бүл дегенің ойыннан ұтып шығуды білдіретін болса, онда білгеніңмен,
есте ұстағаныңмен ғана өмір сүру тым ауыр, алдыңда күтер үміт болмаса бәрі бос.
Зайыры, Тарру осылай өмір сүрсе керек, өзге-өзге, ол қиялсыз тірлік құрудың құр
бос әуре екенін білудей-ақ білді. Үмітсіз тыныштық болмайды. Адамды өлімге кесу
құқығына қарсы шыға отырып, Тарру тіпті құрбандығы жендет болса да, үкім
шығарудан бас тарту ешкімнің қолынан келмейтінін білді, сондықтан ол өзіне-өзі
қайшы келіп, іштей мүжіліп, үміт дегенді білмей өтті. Бәлкім ол сондықтан да
әулиелікті көксеп, адамдарға қызмет етуден жанына рақат таппақ болған шығар.
Шынтуайттап келгенде, мәнісі осылай ма - Риэ оны білмейді, білудің де маңызы
шамалы. Оның жанында Таррудың санаулы-ақ бейнесі сақталған - оның мұны
қалаған жерге тіл қатпай апаруға сақадай сайланып, екі қолын баранкаға артып
рульде отырғаны немесе алпамсадай дененің қимылсыз елім аузында жатқаны. Өмір
жылуы мен өлім бейнесі - міне, білім дегенің осы.
Міне, сондықтан да дәрігер Риэ таңертең зайыбының қайтыс болғанын
хабарлаған жеделхатты алып, жаманатты сабырмен қабылдады. Ол кабинетте
отырған еді. Анасы жүгіріп кіріп, жеделхатты ұстатты да, хат тасушыға шайлық
бергелі шығып кетті. Оралғанда баласы түрегеп тұр екен, қолында - ашылған
жеделхат. Баласына қадала қарап еді, ол порт үстіне көтеріліп келе жатқан ғажайып
сұлу таң қылаң берген терезеден көз алмады.
― Бернар, - деп дауыстап жіберді мадам Риэ.
Доктор абдырап жалт қарады.
— Иә, жеделхатыңда не? - деп сұрады ана.
― Иә, - деп күрсінді дәрігер. - Бір апта бұрын...Мадам Риэ де терезеге бұрылды.
Дәрігерде үн жоқ.
Сосын ол шешесіне жылаудың қажеті жоқ деді, өзі осыны күткенін, бірақ қалай
болғанмен де ауыр соққанын айтты. Осылай дей тұрып, ол өзінің қайғы-шерінде
кездейсоқтық жоқ екенін мойындады. Сол баяғы сарқылып сап болмайтын күйзеліс
бірнеше ай бойы және соңғы осы екі күнде жанын азапқа салудай-ақ салды.
Ақпанның тамаша таңында күн шыға қала қақпасы да ашылды-ау, әйтеуір, бұл
оқиғаны халық, газеттер, радио мен префектура өз хабарларында қуанышпен қарсы
алды. Сөйтіп, әңгімешіге қақпаның ашылуына орай туған шадыман шақтың
шежірешісі рөлінде ғана сөйлеуге тура келеді, бірақ оның өзі көпке ортақ қуанышқа
бастан-аяқ сүңгіп кетуге демалыс уақыты жетпей қалғандардың қатарына жатады.
Бір күн, бір түнге тұтас созылған мереке ұйымдастырылды. Сол сәттің өзінде-ақ
сапаржайда паровоздар екі иінінен демалып, шалғай теңіздерден келген кемелер
порттарға кіріп жатқан еді, өз кезегінде олар айырылысып қауыша алмай
зарыққандар үшін ұлы кездесу күнінің де куәсі болды.
Азаматтарымыздың көбінің жүрегін сыздатқан айырылысу сезімінің неменеге
айналғанын кез алдына келтіру қиын емес. Күн ұзақ қаламызға келген пойыздар
баяғыда біздің сапаржайлардан аттанғанындай аузы-мұрнынан шығып оралды.
Жолаушылар осы күннің билетін екі апта бұрын алып қойып, қашан үшінші қоңырау
қағылғанша преферектура қаулысын кенет бұзып қоймады ма екен деп дірілдеумен
болды. Тіпті бізге келген саяхатшылардың өзі де күңгірт қорқыныштан арыла алған
жоқ, өйткені жақындарының тағдырына және басқалардың, тіпті қаланың өз
жағдайына қатысты білетіндері жуық мәнінде ғана болатын, қала олардың көз
алдында үрейлі бірдеңе болып көрінді. Ал оба болған уақыттың ұзына бойына
құштарлық деген өзегін өртемегендерге ғана тон сақтық еді. Өзегі өртенгендердің
бәрі расында да ұрымтал ойлардың ырқында болды. Олар үшін өзгергені біреу ғана:
бөлек тұрған айлардың өн бойында оқиғаның екі аяғын бір етікке тығып
шапшаңдатуды, уақытты шабандамас үшін қолмен жылжытуды тіледі, ал енді қарсы
алдынан қаламыз жарқ еткенде, пойыз тоқтай бастағанда-ақ уақыт өз жүрісін
баяулатып, тіпті тоқтап қалуын көкседі. Күңгірт, сонымен бірге күйдіргі сезім,
махаббат үшін жоғалған көп айлық тірлік тізгіндеген сезім қарымта қайтаруды
талап етіп, қуаныш сағатының күткендегідей емес, екі есе шабан жылжуын қалады.
Үйінде немесе перронда күткендер, Рамбер сияқтылар тағатсыздық пен
абыржушылықтан бірдей азап шекті. Айтқандай, журналистің әйелі келуге рұқсат
алғанын баяғыда ескертіп, хабарлап қойған-ды. Оба кезінде махаббат пен еркелік
шексіздікке айналып, енді Рамбер жан тебіренісімен әлгі нәзік сезім мен ол арналған
тірлік иесінің бетпе-бет келуін тағатсыздана күтеді.
Індеттің басында ол қандай болса, қазір де сондай болғысы келеді, онда басын
тауға да, тасқа да соғып, қаладан сытылып шығып қайткенмен сүйгеніне жетуге
жанталасты емес пе? Бірақ оның мүмкін емес екенін ол білді. Өзі де өзгерді, оба оның
бойына кісікиіктік қасиет дарытты, оны ол бар күшін салып басқа жоққа шығарғысы
келеді, жұрттан безу түйсігі бәз бір мылқау уайым сияқты жан түкпірінде әлі жүр.
Кейде ол, оба ес жиғызбай тым тез тоқтап қалған жоқ па деп те ойлап қояды. Бақыт
бар пәрменімен жақындап келеді, оқиға ағысы күткендегіден де асып кетті. Рамбер
барлығы оған бірден қайтарылатынын, қуаныш шын мәнісінде күйікке ұқсап,
ұзағынан сүйіндіре алмайтынын сезді.
Қалғандарының бәрі де осы жайды азды-көпті бастан кешірді, сондықтан бәрі
жайында айтқан дұрыс болар. Әне-міне жеке өмірлері қайта басталуға тиіс осы
жерде, яғни сапаржайдың перронында тұрып олар әзір өздерінің ортақтастығын
түйсініп, түсіністік көзқараспен, жымиыспен ғана алмасты. Алайда паровоздың
тұрбасынан атқылаған түтінді көргенде, тосырқаудың бойға сіңген сезімі құлақ
тұндырар алапат қуаныш нөсерінің астында кенет ізім-ғайым болды. Кейбіреулер
үшін осы перронда басталған айырылысу пойыз тоқтап, алақайлаған қолдар таныс
денеге тигенде-ақ аяқталды. Рамбер де дәл солай жүгіріп келіп, бетін кеудесіне
басқан жан иесін дұрыстап байқай алмады. Тек оны құшағына қысып, басын төсіне
басып, жүзін көрмей, таныс шашын сипап, көзден аққан жасына ие бола алмады,
мұның қазіргі бақыттың немесе жүректің түкпіріне жасырынған әлдебір күйзелістің
көз жасы екенін ажыратар да дәрмені жоқ. Сонда да көзін кіреукелеген жастың
иығына басын салып жабысып тұрған жанның ұзақ армандаған асылы, әлде
бейтаныс біреу екеуін ажыратуға бөгет болғанын сезді. Оның осы күмәні дұрыс
болған-болмағанын ол кейін түсінеді. Ал қазір перронда сапырылысқандардың бәрі
сияқты, оба келеді, кетеді, бірақ адам жүрегінде ештеңені өзгерте алмайды дегенге
сенгісі келді.
Бір-біріне жабысқан жұптар үйді-үйіне тарасты, дәл қазір олар ешкімді де,
ештеңені де көрер емес, бұрынғы азабын да ұмытып, бүгінгі пойызда бірге
келгендерін де ұмытып, перронда жақындарын таппай, көңілді көптен күпті еткен
күдіктерінің расқа шыққанын көріп, бірақ обаның аласталғанына мәз болып барады.
Әйткенмен жалғыз серігі жан күйігі болып, өздерін көзден бал-бұл ұшқандардың
рухына бағышталғандар үшін бәрі де шарықтау шегіне жетіп, көңілін қабартты.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оба - 17
  • Parts
  • Оба - 01
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2250
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 02
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2228
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 03
    Total number of words is 3959
    Total number of unique words is 2234
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 04
    Total number of words is 3849
    Total number of unique words is 2285
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 05
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 06
    Total number of words is 3892
    Total number of unique words is 2357
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 07
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 08
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2098
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 09
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 10
    Total number of words is 3779
    Total number of unique words is 2314
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 11
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2253
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2189
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 13
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2252
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 14
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2244
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 15
    Total number of words is 3978
    Total number of unique words is 2285
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 16
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2159
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 17
    Total number of words is 2963
    Total number of unique words is 1787
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.