Latin Common Turkic

Оба - 02

Total number of words is 3928
Total number of unique words is 2228
33.4 of words are in the 2000 most common words
47.3 of words are in the 5000 most common words
55.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
― Жалпы, өз басым, оның ешкімін білмеймін, бірақ өзім сырттай бақылап
жүрейін, - деп басын шайқады ол. - Анығын айтсам, оны өзім де онша жақсы
білмеймін. Дегенмен бір-бірімізге көмектесуіміз керек қой.
Дәлізден өтіп бара жатып Риэ бұрышқа кілт бұрыла қарап, Горннан
егеуқұйрықтар бұл қотанда тегіс жойылып бітті ме деп сұрады. Шенеунік бүл
жайында мандытып ештеңе айта алмады. Рас, егеуқұйрықтардың қаптап кеткені
туралы біреулер айтқан, бірақ бұл көршілердің өсек-аяңына әсте мән бермейді.
― Менің өз шаруам өзімде, - деді ол
Риэ асығыс қоштасып оның қолын қысты. Әйеліне хат жазуы керек, оның
алдында күзетшіге кіріп шығып көңілін білу тағы тұр.
Кешке шығатын газеттерді таратушылар кеміргіштер шабуылының жолы
қырқылды деп айқайлап жар салып жүр. Алайда ол күзетшінің тар бөлмесінің
табалдырығын аттай бере қарияның кереуеттен салбырай түсіп, ішін ұстап, жуынды
шелекке басын қойып қызыл, қышқыл запыран құсып жатқанын көрді. Қатты
лоқсып зорланып құсудан діңкесі құрыған ол әрең демалып, кереуетіне қайта
жатты. Ыстығы көтеріліп 39,5 градусқа барыпты, тамақ безі мен буындары
бағанағыдан да күштірек ісіп, бүйірінде екі қара дақ пайда болыпты. Енді ол бүкіл
іші-бауыры сыздап алып кетіп бара жатқанына шағынды.
―Күйдіріп барады, оһ, қалай қатты күйдіреді оңбаған! - деп кіжініп қояды.
Әдеттен тыс қоңыр түсті ерні әрең қимылдап бірдеңелерді міңгірлеген болады
ол Әлсін-әлі тыпыршып дәрігерге шаян көзін аударады. Тым төзгісіз бас ауруынан
көзіне жас құйылады. Әйелі тас болып үндемей тұрған Риэға жаутаңдайды.
—Дәрігер, бұған мұнша не боп қалды? - деп сұрады.
―Бәрі де болуы мүмкін. Әзір нақты ештеңе айтуға болмайды. Кешке дейін
тамақтан тартына тұрыңыздар. Іш жүргізетін дәрі беру керек. Сұйықты көбірек
ішсін.
Айтса айтқандай, күзетшіні ұдайы шөл қысып азапқа салып жатыр еді.
Үйіне оралған соң Риэ өзінің әріптесі, қаладағы ең беделді дәрігерлердің бірі
Ришарға телефон шалды.
— Жоқ, соңғы кезде әдеттен тыс айрықша жағдайды мен байқамадым, - деді
Ришар.
― Ыстығы тым көтеріліп, сандырақтауға дейін барған жағдай да кездескен жоқ
па?
— Аһ, иә, без жүйелері қатты қабынған бірер жағдай кездесті-ау деймін.
― Мөлшерден тым жоғары ма қабынуы?
— А-ал, мөлшер, білесіз ғой... - деп күмілжіді Ришар.
Қалай десең олай де, кешке қарай күзетшінің ыстығы
40 градусқа көтеріліп, ол сандырақтап, қайдағы бір егеуқұйрықтарды айтып,
шағына бастады. Риэ оның ісігін өлетіндерге ем қолдануға бел буды. Терпентиннің
күйдіргенін сезген аурудың "Ой, оңбағандар!" деп жан дауысы шықты.
Без жүйелері бұрынғысынан да күшті ісініп, сипағанда ағаштай қап-қатты болып
көрінді. Ауру әйелінің мүлдем есі шықты.
― Қасынан кетпеңіз, - деп кеңес берді дәрігер. - Қажет боп қалсам, мені
шақырыңыз.
Келесі күні, отызыншы сәуірде, дымқыл көгілжім аспаннан кәдімгі көктемдегідей
жылы жел есті. Ол шалғай жатқан қала шетінен гүлдердің жұпар иісін алып келді.
Таңғы шу әдеттегіден айқынырақ, көңілдірек естілді. Ауыртпалығы бір апта бойы
еңсені езген уайымның бұлдыр сағымын серпіп тастаған шағын қаламыз үшін бұл
күн нағыз көктемнің туған күні болды. Келіншегінен көңілді хат алған Риэнің өзі де
төмендегі күзетшіге жаны желпініп, серпіліп түсті. Шынында да, таңға қарай
шалдың ыстығы 38 градусқа түсіпті. Ауру басын жастықтан көтермей әлсіз жымиды.
—Жағдайы түзеліп, тәуірленіп келе ме, дәрігер? - деп сұрады оның жұбайы.
― Әлі де аз-кем күте тұралық.
Алайда түске қарай ыстығы бірден 40 градусқа жетіп, ауру дамылсыз
сандырақтап, құсуын жиілетті. Мойын бездері қол тигізбей ауырып, күзетші өз
денесінен аулақ ұстағысы келгендей басын сілки берді. Әйелі төсектің аяқ жағына
жайғасып, көрпенің сыртынан аурудың аяғын ұстап, дәрігерге үнсіз қарап қояды.
Мәселе былай, - деді Риэ. - Бұны бөлек жатқызып, арнаулы емдеу курсын жүргізу
керек. Мен госпитальға телефон соғайын, сосын "жедел жәрдем" көлігімен сонда
апарып саламыз.
Екі сағаттай уақыт өткенде дәрігер мен аурудың әйелі "жедел жәрдем"
машинасында шалға үңіліп отырды. Ұшық шығып дүрдиіп ісіп кеткен еріндерінен
"Егеуқұйрық! Егеуқұйрықтар!" деген сөздер үздік-создық шықты. Жүзі жасыл
тартып, ерні балауызға ұқсап, қабағы қорғасынмен қаптағандай сұрланып, екі
иінінен үзік-үзік әрең дем алып, ісінген бездері керіп тастағандай серіппелі төсектің
бұрышына ығысып, ол аударылып астына түскісі келгендей тыпыршыды. Көзге
көрінбейтін бір зіл батпанның астында тұншығып жер қойнына талып жеткен
бәзбір үнді естігендей оны тынымсыз шақырып қырылдап жатыр. Әйелі жылап
отыр.
—Демек, енді үміт жоқ қой, дәрігер?
― Ол өтіп те кетті, - деді Риэ ізінше аурудың демі үзілгенін көріп.
Былайша айтқанда, күзетшінің ажалы аранын ашқан қатердің алғашқы кезеңіне
нүкте қойып, бұдан да қиын күндердің басталатынынан белгі бергендей болып,
алғашқы таңданыс бірте-бірте үрейге ұласты. Бұрын біздің қалашық тапайдың тал
түсінде егеуқұйрықтар қырылып, күзетшілер күмәнды бір сырқаттан қаза табатын
орын болады деген ой азаматтарымыздың қаперіне кіріп шықпаушы еді, оған енді
көздері жетті. Осы көзқарас тұрғысынан біз адасып келген екенбіз. Сондықтан дүние
туралы түсінігімізді дереу қайта қарауға тура келді. Егер, мәселе осымен шектелсе,
дағды бел алып кетер еді. Алайда күзетшілер мен кедейлер ғана емес, біздің
көбімізге бірінші соқпақты мсье Мишель салған жаққа аттануға тура келді. Міне, сол
уақыттан бастап, қорқыныш шаң беріп, оған уайым-қайғы қосылды.
Одан арғы оқиғаларды бастан-аяқ баяндауға кіріспей тұрып, әңгімені осы
кезеңге қатысты басқа бір куәгердің ой-тұжырымын алға тартқысы келеді. Оқырман
осы баяндаудың бас жағынан таныс Жан Тарру төтенше оқиғалардан бірнеше апта
бұрын Оранға табан тіреп, қала орталығындағы ең үлкен мейманханалардың бірінде
тұрып жатқан-ды. Жүріп-тұруына қарағанда, ол кедей емес, өз табысына тәп-тәуір
өмір сүре алатын адам. Қала оған бірте-бірте үйренгенімен, оның қайдан келгенін,
неге мұнда тұратынын білген пенде жоқ. Оны қоғамдық орындардың бәрінде қарсы
алады. Көктемнің алғашқы күндерінен-ақ оны жағажайдан жиі көруге болатын еді.
Ол суға сүңгіп, жүзіп керемет рақаттанатын. Миығынан күлкі кетпейтін ақжарқын
жігіт жан-тәнімен қызық-думанға берілгенімен де, ешқашан олардың құлы болған
емес... Шынында оның бір дағдысы -қаламызда баршылық испан бишілері мен
музыканттарына ынтыға баруы.
Қалай дегенмен де оның қойын дәптері осынау қиын кезеңнің оқиғаларынан да
хабардар етеді. Алайда, шынтуайтын айтқанда, біз бұдан өзгеше бір хабарларға тап
боламыз. Шамасы, автор біле тұра бәрі үшін кешірім өтінуді алдына мақсат етіп
қойған тәрізді. Бір қарағанда, Тарру бүкіл жұртты, күллі затты дүрбінің екінші
жағымен қарап көргісі келген секілденеді. Жаппай дүрбелеңнің ортасында ол шын
мәнінде жалпы жоқ тарихтың шежірешісі болуға талпынғандай. Әрине, ондай
шәлкес пікір үшін өкініш білдіріп, жанының қасаңдығына ренжуге болады.
Дегенмен, оның жазбалары сол кезеңнің деректерін өзіндік мәні бар көптеген
қосалқы мағлұматпен толықтыра алатыны күмәнсыз. Олардың өзіндік сарыны
қарекеттен қолы тимей жүрген кейіпкер туралы атүсті пікір айтуға жол бермейді.
Жан Таррудың алғашқы жазбалары оның Оранға келген мерзіміне қатысты. Әу
бастан-ақ автордың мынадай ұсқынсыз қалаға тап болғанына есі шыға қуанғаны
сезіледі. Одан біз мэрияның алдын көркейтіп тұрған екі қола арыстанның
сипаттамасын толық табамыз. Жасыл желектің жоқтығы, ғимараттардың
ұсқынсыздығы, қаланың қалай болса солай жобаланғаны туралы жанашырлық
ескертпелер де бар. Бүл ескертпелерді Тарру трамвайлар мен көшелерде естіген
әңгімелермен кезектестіріп отырады. Және автор кез келген түсініктемеден іргесін
аулақ салады. Оған Кан туралы әңгіме ғана жатпайды, оның өзі де кейін қосылса
керек.
— Сен Канды білуші ме едің? - деп сұрады бірінші.
― Қай Канды? Қара мұрты бар ұзынды ма?
— Соның өзін. Ол жол бақылаушы болып та істеген.
― Әрине, білемін.
— Ендеше сол қайтыс болыпты.
— Ә, қашан?
― Әлгі, анау егеуқұйрық оқиғасынан кейін.
— Қарай гөр! Оған не болып қалыпты?
― Білмеймін, безгек болған дейді. Жалпы оның денсаулығы нашар болатын
Жарасы жарылып қолтығының астынан ағып жүретін. Зады, сол ақыры алып
тынған ғой.
— Ал өңіне қарағанда, жұрттың бәрінен еш айырмасы жоқ сияқты еді.
― Жоқ, оның көкірегі нашар болатын, соған қарамай үрмелі аспаптар оркестрде
ойнайтын да. Ал біле білсең корнет-а-пистонда үрлеп ойнау зиянды.
— Әрине, - деп тұжырымды екінші. - Денсаулығы нашар кісіге корнетте
ысқырудың еш қажеті жоқ.
Осы жайттарды таразылап екшей келіп Тарру Канның өз мүддесіне нұқсан
келтіре отырып неліктен үрмелі оркестрге кіргені туралы толғанып, жексенбілік
салтанаттарға қатысудың күмәнды ләззаты үшін өз өмірін қатерге тігуіне не себеп
болғанын ойлап, бас қатырады.
Одан әрі Тарру өз терезесінің тура қарсы алдындағы балконда құдайдың құтты
күні дерлік қайталанатын бір көріністің жағымды эсер еткенін атап көрсетеді. Оның
бөлмесі қабырғалардан қиылып түскен көлеңкеде мысықтар жайбарақат қалғып
жататын шолақ көшеге қарайтын. Күн сайын түскі астан кейін аптаптан титықтаған
қала жартылай ұйқыға енген шақта Тарру терезесінің қарсы алдындағы балконға
бір шал шығады. Ақ шашын мұқият тараған, үстінде әскери үлгіде тігілген костюмі
бар, өзін солдатша қатал әрі тік ұстайтын шал "кис-кис" деп еркелете дауыстап,
мысықтарды шақырады. Мысықтар орнынан қозғалмай жатып оған ұйқыдан
ағарып кеткен көздерін көтереді. Сол сәт қария қолындағы бір парақ қағазды
ұсақтап жыртып, төменге себелейді. Ал мысықтар болса, қалбалақтаған көбелектер
ғой деп қызығып, іргеге жүгіріп кеп батылсыздау көтеріліп аяқтарын созады. Сонда
шал құшырлана шырт еткізіп мысықтарға қарай түкіреді. Зәуде бір түкірігі оларға
тиетін болса, қарқылдап кеп күледі.
Ақыр соңында біздің Тарруды тегі қаланың саудалы бейнесі әбден баурап алса
керек -өйткені бұндағы тіршіліктің өзі, тіпті бар рақат, сауда-саттықтың қажетіне
бағындырылған ғой. Осынау ерекшелік (дәл осындай мәтінді біз оның
жазбаларынан табамыз) автордың қошеметіне ие болып, мадақ жазбаларының бірі
тіпті мынандай сөздермен аяқталады: "Міне, қандай керемет!" Тек осы
жазбаларында ғана жеке көңіл күйі шаң береді. Әйтпесе бұл естеліктердің мәні мен
маңызын толық бағалай қою қиын. Мейманхана кассирінің өлген егеуқұйрықты
көріп, шоттан қате жібергені туралы оқиғаны сипаттай келіп Тарру әдеттегіден
айқындығы сәл пәстеу қаріптермен мынаны қосады: "Сұрақ: уақытты зая
жібермеуге қалай қол жеткізуге болады? Жауап: уақытты ұзына бойында сезіне білу
керек. Амалдары: тіс дәрігерінің қабылдауындағы күнді қатты орындықта өткізу;
жексенбіде түскі астан кейін балконда отыру; өзіңе түсініксіз тілде баяндамалар
тыңдау; ең ұзақ, ең қолайсыз теміржол сапарын таңдау, әлбетте пойыздарда
түрегеп; театр кассалары алдындағы кезектерде сандалтылып, ешбір спектакльге
билет алмау, т.т.с.с". Ал ой-пікірмен жазу мәнерінің осыншалық жүйткуінен кейін
қойын дәптерінде қала трамвайларының, вагон түрлерінің толық сипаттамалары
жосылып, олардың өңсіз қоңыр түске боялып, ылғи кір-қожалақ болып көрінетіні
аталып: "Бұл назар аудартады!" деген ой-түйінмен аяқталады, одан басқа ештеңе
айтып мандытпайды.
Айтпақшы, Таррудың қойын дәптерінде егеуқұйрықтар оқиғасы жөнінде
ескертпе бар, соны келтірейік."Бүгін қарсыда тұратын қарияның қабағы қарс
жабылып кеткен. Маңайда бір мысық жоқ. Көшелерде жүздеп қылжиып жатқан
егеуқұйрықтарды көріп жүрегі айныған олар желге ұшқандай шынында да ізімғайым. 
Меніңше, мысықтар өлген егеуқұйрықты жалпы жемейді. Айтқандай, менің
мысықтарым оның иісін иіскеп тұра қашқан-ды. Қалай дегенмен де, олар подвалда
жүруге тиіс, содан да шалымыздың көңілі пәс, қабағы қатыңқы. Шашын да
бұрынғыдай сылап тарамай, ұнжырғасы бірден түсіп кеткен. Көңілі келмейтіні
сезіліп-ақ тұр. Балконда аз тұрды да бөлмесіне кіріп кетті. Кетіп бара жатып
айдалаға бір түкірді.
Мейманханамыздағы түнгі күзетші, былайынша сенімге әбден лайық кісі,
егеуқұйрықтар шабуылынан сан алуан қасіретке толы жамандық күткенін айтты.
"Егеуқұйрық кемені тастап қашса, бір пәленің болары анық. Мен "кемеге келгенде
бүл күмән дұрыс та шығар, ал қалаға қатысты әлі дәлелденбеген күдік" деп қарсы
уәж айттым. Бірақ оны сендіре алмадым. Оның пікірінше, қазір бізге қандай қатер
төніп тұрғанын сұрадым. Ол өзі де білмейді, бірақ бәлені алдын ала болжап білу
мүмкін емес қой дейді. Алайда жер сілкініп зілзала болса, онда тұрған таңданарлық
ештеңе жоқ. Бүл да мүмкін деп оның болжамына келіскен едім, ондай болашақ оқиға
үрейіңізді ұшырмай ма деп сұрады.
― Мен үшін ең маңыздысы - іштей тыныштық сақтап, үрейге бой алдырмау, дедім мен.
Ал күзетші мені тамаша түсінді.
Қонақүйіміздің мейрамханасында есте қалар бір отбасын әлденеше рет
ұшыраттым. Әкесі биік, арық, крахмалданған тар жағасына өрме қара галстук таққан
кісі. Төбе тұсы жалтырап, құлағының үстінде екі шоқ ақ шаш жалбырап тұрады. Көзі
кішкентай, дөп-дөңгелек әрі өткір, мұрны нәзік, аузы әдеттен тыс үлкен, езуі
құлағына жетеді дейтіндей-ақ. Осының өзі оның тәрбиелі үкіге ұқсастығын
тереңдете түседі. Келген сайын ол мейрамхананың есігін ашып, босағаға жабыса
қалып, қара тышқан тәрізді кішкентай әйелін өткізіп, сосын өзі кіреді, сосын цирк
иттері сияқты ширатылған ұлы мен қызы келе жатады.
Әйелі жайғасып болғанша үстелдің қасында түрегеп тұрып, соңынан отырады,
содан соң екі күшігі орындыққа жармасып жатады. Әйелі мен балаларына ол "сіз"
деп сөйлейді. Өз сыңарын қағытып, сөзбен шымшып отырады, ал балаларына өктем
үнмен тіл қатады:
— Николь, бері қойғанда сізге қараудың өзі ыңғайсыз.
Қыз бала көз жасына ерік беруге сәл отыр. Ал ұлға керегінің өзі де осы.
Бүгін ертеңгілік ұлы бір орында байыз тауып отыра алмады, өйткені оған
егеуқұйрық оқиғасы маза бермей қойды. Ішіне сыймаған соң шыдамай әңгіме бастай
беріп еді, әкесі тыйып тастады:
― Ac үстінде егеуқұйрық жайында айтпас болар, Филипп. Сіздің "егеуқұйрық"
деген сөзді ауызға алуыңызға осыдан бастап мәңгі тыйым саламын.
― Әкеңіздің айтқаны өте дұрыс, - деп қостай жөнелді қара тышқан.
Екі күшігінің екеуі де паштет салынған тәрелкеге бас қойған, өзі болса басын
изеп, әйеліне алғыс сезімін білдірді, алайда бүл ишаратты әрқалай топшылауға
болатын еді.
Күллі қала қазір егеуқұйрық туралы гу-гу етеді, былайынша бүл еліктеуге
тұратын да өнеге. Тіпті бүл іске газеттердің өзі араласып кетті. Қалалық хабар бөлімі
әдетте әртүрлі материалдар құраумен отырушы еді, енді муниципалитетке қарсы
табанды науқан жүргізуге кірісті. "Қала басшылары көшелерде іріп-шіріп сасып
жатқан кеміргіштердің қандай қатер туғызатынын көз алдына елестете ме екен?"
дейді. Мейманхана директоры осы егеуқұйрықтардан өзге сөзге баспайтын болды.
Аузына одан өзге сөз түспейтінінің де реті бар, іргелі саналатын мейманхананың
лифтінен егеуқұйрықтың қалай табылғанына миы жетпей-ақ қойды. Оны сабасына
түсіргелі: "Бар жерде де егеуқұйрықтар өріп жүр ғой" дедім.
— Айттым ғой, - деп өрекпіді ол - Міне, енді солардың бірі біз болдық.
― Қалада қобалжу туғызған қайдағы бір безгектің алғашқы көрінісі туралы
маған айтып жүрген өзі. Оның да қызметші әйелдерінің бірі ауырып қалыпты.
— Ал аурудың жұқпалы емесі айқын, - деп дәлелдеуге асыққаны және бар.
Маған мұның бәрібір дегенмін.
― О, түсінікті, мсье де мен сияқты фаталист екен ғой.
— Олай дерлік ештеңе айтқан жоқ едім, жалпы мен тағдырға құлдық ұратын
фаталист емеспін. - Солай деп оған ашық айттым.
Сол күннен бастап Таррудың қойын дәптерінде көпшілікті қобалжытып үлгерген
тылсым безгек туралы мәліметтер мүмкін қадерінше толығырақ беріле бастайды.
Егеуқұйрықтар ғайып болғаннан кейін мысықтар қайтып оралып, нысаналы
түкірігін төзімділікпен жалғап жетілдіре түскен қария туралы жазбаларынан кейін
Тарру әдетте ақыры өлімге соқтыратын әлгі безгектің тағы да ондаған оқиғасын
келтіреді.
Таррудың бірнеше жолға сыйғызып сипаттаған Риэ дәрігердің бейнесі де
құжаттық тұрғыдан құнды. Бағасын әңгімешінің өзі бере алатын болған соң, бүл
кескіндеме дұрыс шықса керек.
"Сырт пішініне қарағанда, жасы отыздарда. Орта бойлы. Кең иықты. Көзі қара,
тіке қарайды, бет сүйегі шығыңқы. Мұрны кесек, бітімі дұрыс. Шашы қара, қысқарақ
етіп қиылған. Аузы айқын айшықталған, еріндері дүрдіңкі, ұдайы дерлік жымқыра
жұмып жүреді. Ептеп сицилиялық шаруаға ұқсайды - солар сияқты тотыққан, түгі
қара-көк. Оның үстіне қара киім киіп жүреді және онысы өзіне жарасады.
Жүрісі шапшаң. Көшеден өткенде қадамын бәсеңдетпейді. Өткен сайын қарсы
беттегі табан жолға ытқып шығады. Мәшинені сасқалақтап жүргізеді, қажет жағына
бұрылғанның өзінде бұрылыс шамын жағуды жиі ұмытады. Ұдайы қалпақсыз
жүреді. Жан-жақты хабардар адамның нышаны бар".
Тарру келтірген сандар ақиқатқа толық сай келеді. басқа-басқа, ал доктор Риэ
оны жақсы біледі. Күзетшінің мәйітін оңашалайтын орынға апарып салғаннан кейін
Риэ шап безінің ісігі жөнінде ақылдасқалы Ришарға телефон соқты.
― Өзім ештеңеге де түсінбеймін, - деп мойындады Ришар. - Менде де екі кісі өлді,
бірі екі тәуліктен кейін, екіншісі үшінші күні. Ал мен оған ертеңгілік кіріп
шыққанмын, жағдайы недәуір жақсарған сияқты көрінген.
— Мұндай жағдайлар кездессе, мені құлағдар етіп отырыңыздар, - деп өтінді Риэ.
Ол тағы басқа дәрігерлерге де телефон соқты. Жүргізген сауалнаманың
нәтижесінде соңғы бірнеше күннің ішінде осындай аурулардың шамамен он оқиғасы
байқалған. Олардың бәрі дерлік өлімге апарып соққан. Риэ Оран дәрігерлер
қоғамының хатшысы Ришарға қайта телефон шалып, жаңадан ауырғандардың дереу
оңашалануын талап етті.
― Менің қолымнан не келеді? - деді Ришар. - Бұл арада қаланың билік орындары
шара қолдануы керек. Бұл ауру жұқпалы дегенді сіз қайдан шығарып жүрсіз.
— Қайдан шығарушы едім! Әншейін нышандары тым алаңдатарлық.
Бұл мәселеде "білігім шамалы" деп мәлімдеді Ришар. Оның қолынан бар келетіні
-префектпен әңгімелесіп көру.
Келіссөздер жүріп жатқанда ауа райы бұзылды. Күзетші қайтыс болған күннің
ертеңіне аспанды қалың тұман торлады. Қалаға өткінші нөсер жауын құйып берді.
Бүл төтен нөсер нажағай алдындағы аптап ыстыққа ұласты. Тіпті теңіздің өзі
көгілдір күңгірт түсінен айырылып, сұрғылт аспанның астында күмістей, дәлірек
айтқанда, құрыштай жарқылдап көз қаймықтырды. Биылғы көктемдегі ылғалды
ыстықпен салыстырғанда жазғы аптап жылап көріскендей екен. Жатаған төбелерде
ұлуға ұқсап жатқан, тек теңізге ғана беті ашық қаланы мұңға толы тылсым
тымырсық басты. Алба-жұлба қабырғалардың ұбақ-шұбақ қатары арасына
қысылған жұрт жарнамаларын шаң басқан көшелерде, сатпақ сары трамвайларда
өздерін осынау түнерген аспанның тұтқыны сияқты сезінді. Жалғыз ғана Риэ
дәрігердің емделушісі бір шал мына күндері демікпесінен айықты.
― Күн күйдіріп тұр, - деді қария. - Көкірек үшін ең пайдалысы осындай ауа райы
екен.
Шынында да, күн күйдіріп, күйдіріп қана емес, безгектей безілдетіп өртеп тұр.
Бүкіл қала безгектей күйіп-жанып жатқан секілді. Коттардың өзіне-өзі қол салуын
тергеу ісіне қатысу үшін Федерб көшесіне аттанған сол күні дәрігер ) дәл сондай
әсерде болды. Алайда ол табан аузында өз ойын ерсі деп білді. Оны жүйкесінің
жұқарғанша, мойнына түскен ауыртпалықтың молдығына сайып, өзін-өзі қолға
алып, ақыл-ойын бір арнаға келтіру керек екен деп түйді.
Федерб көшесіне ол полиция комиссарынан бұрын жетті. Гран баспалдақта күтіп
тұр екен. Екеуі оның бөлмесіне кіріп тоса тұруға, алаңға шығар есікті ашық тастауға
келісті. Мэрия қызметкері жұпыны ғана жиһаздалған екі бөлмелі пәтерде тұрады
екен. Көзге түсетіні -екі-үш сөздік қойылған сырланбаған ағаш сөре мен
қабырғадағы грифель тақтасы. Одан жартылай өшірілген "гүлденген саяжолдар"
деген сөзді оқуға болады. Гранттың айтуынша, Коттар түнді тыныш өткізіпті. Ал
таңертең қайдағы бір бас ауруын айтып, бәзбір дәрменсіз адамдай көрініпті оған.
Гранның өзі де шаршаңқы көрінді, күйгелектеніп бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап,
үстел үстінде жатқан жазулы қағаздарға толы жуан папкасын қайта-қайта ашыпжабады.
Бөлмені кезе жүріп ол дәрігерге шын мәнінде Коттарды білмейтінін, бірақ
жинаған азын-аулақ байлығы барын сезетінін айтты. Жалпы Коттар қызық жан.
Көптен қатар тұрып жатыр, бірақ кездескенде тек бас изесіп қана амандасатын.
— Іс жүзінде мен онымен небәрі екі-ақ рет сөйлестім. Біраз күн бұрын баспалдақ
алаңында бор салынған қорапшаны түсіріп алдым. Ішінде қызыл және көк борлар
болатын. Тура сол кезде үйінен Коттар шығып борды жинауға жәрдемдесті. Түрлітүсті 
борлар не үшін керек деп сұрады және ол Гран оған жадымда латын тілін қайта
қалпына келтірмек едім деп жауап беріпті. Латын тілін ол лицейде оқыған екен,
қазір біраз ұмытыңқыраған көрінеді.
― Айтпақшы, латын тілін білу француз сөздерінің мағынасына терең бойлауға
көмектеседі деп сендірді мені, - деді дәрігерге қарата айтып.
Тақтаға ол бірнеше латын сөзін жазады. Ережеге сай септелетін және жіктелетін
сөздердің астын көк бормен жазып, ал өзгермейтіндерін қызыл бормен даралайды.
— Коттардың мені түсінген-түсінбегенін білмеймін, сырттай қарағанда, ынта
қойған сияқты. Өйткені қызыл бор сұрап алды. Әрине, онысына таңдандым, алайда
не болса о болсын... Ол бордың ойлаған жымысқы ойын жүзеге асыру үшін қажет
болғанын мен қайдан білейін.
Риэ екінші рет кездескенде әңгіме не жайында болды деп сұрады. Алайда сол сәт
хатшысын ертіп полиция комиссары келіп қалды да, алдымен Гранның куәлігін
тыңдауға тілек білдірді. Дәрігер Гран Коттар туралы айтқанда оны "ашынған адам"
дегенін ішке бүгіп қойды. Ол тіпті "қатерлі шешім" деген сөз де қолданды. Сөз өзіне
өзі қол жұмсаудың себебі туралы болып отыр, сондықтан Гран сөз іріктеуде
жауаптылық танытты. Ақыр аяғында ақылдаса отырып: "Ашыналық сипаттағы
ашыну" деген қисындама тапты. Комиссар Коттардың әрекетінде "оның шешімі"
дегенді алдын ала көріп-білуге болатын бірдеңе бар-жоғын білгісі келетінін айтты.
― Кеше ол есігімді қағып сіріңке сұрады, - деді Гран. - Мен оған бір қорабын
бердім. Ол мазалағаны үшін кешірім сұрады, бірақ көрші тұрған соң... Сосын сіріңкені
қазір әкеп беремін деп сендіре бастады. Жарайды, өзіңде қалсын дедім мен.
Комиссар Граннан Коттардың мінез-құлқында оғаш ештеңе байқалмап па еді деп
сұрады.
— Маған бір-ақ нәрсе оғаш көрінді - ол оның менімен сөйлескісі кеп қайта-қайта
ыңғай танытқаны. Ал маған ештеңеге қарайламай жұмыс істеу керек болды.
Гран Риэге жалт қарап қибыжықтап:
― Өз жұмысым ғой, - деді.
Комиссар ауруды көрмек ниет білдіріп еді, Риэ бұл кездесуге Коттарды алдын ала
әзірлеп алғаны жөн болар деп шешті. Ол бөлмеге кіргенде Коттар сұр фланель
пижамамен төсегінде басын көтеріп есік жаққа қобалжи қарады.
— Полиция ма, ә?
― Иә, - деп жауап қатты Риэ, - бірақ қобалжудың қажеті жоқ. Жай ғана бірер сұрақ
береді де жайыңызға қалдырады.
Алайда Коттар қарсылық айтып, мұндай әуре-сарсаңның түк қажеті жоқ еді, ең
бастысы полицияның бетін көргім келмейді деді. Риэ шыдамсыз қылықты тыйған
жоқ.
— Мен де оны ұнатпаймын. Бірақ бұл істі мүмкін қадерінше тез тындыру керек,
сондықтан сұрақтарына тез әрі дәл жауап беріңіз.
Коттар үндемей қалды да, Риэ есікке беттеді. Алайда ауру оны шақырып алып,
қасына келгенде қолынан шап етіп ұстап:
— Дәрігер, айтыңызшы, ауруды немесе асылып өлгісі келген адамды олардың
алып кетпейтіні рас па? - деп сұрады.
Риэ бір сәт Коттарға қарай қап, сосын алып кету туралы сөз болуы мүмкін емес
екенін, өзі емделушісінің мүддесін қорғау үшін әдейі келгенін айтты. Шамасы, ауру
сабасына түсті деген тұста Риэ комиссарды шақырды.
Коттарға Гранның куәлігін оқып беріп, өз қылығының себеп-салдарын нақтылай
түсіне алар ма екен деп сұрады. Комиссарға қарамай "ашыналық сипаттағы ашыну"
деп өте жақсы айтылған екен деді. Коттар өз әрекетін тағы да қайталауға тырыспас
па екен деп сұрады. Ол енді ондай қадамға аттап баспайтынына сендіріп, тек өзін
жайына қалдыруды өтінді.
— Ескертіп қоюға мәулет етіңіз, - деді шамданып қалған комиссар, - дәл мына
жағдайда жұртты жайына қалдырмай мазасын алып жүрген мына сіздің тап өзіңіз.
Риэ оған аңдатпай қолын сілтеді де, комиссар сөзін кілт үзді.
― Жоқ-ау деймін, тек зер салып ойлаңыздаршы, - деп күрсінді баспалдақ алаңына
шыққан соң комиссар, - біздің қам-қарекетіміз бен әбігер-шуымыз мына безгек
деген бәлеге байланысты онсыз да кеңірдегімізден келеді...
Дәрігерден ол жағдай шынымен көңіл аударарлық па деп білгісі келіп еді, Риэ
нақтысын өзім де білмеймін деді.
— Бұл арада ең бастысы ауа райы болып тұр ғой, бар пәле сонда, - деп түйді
комиссар.
Әлбетте, бәріне кінәлы ауа райы еді. Күн барған сайын ысып, ұстаған затың
қолыңа жабысып қалатын сияқты. Риэ болса, ауруларды аралап, әрқайсысын
қараған сайын өзінің қиындықтан құтқарылатынына сенімі беки түсті. Кешкісін ол
қала шетінен бір-ақ шығып, демікпесі бар қарт емделушісінің көршісіне кірді. Кірсе,
ауру шабын басып сандырақтап, толассыз құсумен азаптанып жатыр екен. Қабынған
без жүйелері одан бетер ісіп, күзетшінікінен де асып кеткен. Бір сыздауық әбден
пісіп тырсиып, шіріген жемістей дәрігердің көзінше жарылып кетті. Үйіне
оралысымен Риэ департаменттің дәрі-дәрмек қоймасына телефон шалды. Оның
дәрігерлік ескертпе-естеліктерінде сол күні "Жауап теріс болып шықты" деген
жалғыз-ақ жазу бар. Ал оны сондай сырқатқа шалдыққан басқа ауруларға шақырып
жатты. Сыздауықтарды ашып көрудің қажет екені айқын болды. Қандауырмен
айқыш-ұйқыш екі тіліп жібергенде сары су аралас қанды ірің бұрқ ете қалады. Ауру
қансырап, керіп тастағандай сілейіп жатады. Қарнына, аяқтарына теңбіл-теңбіл дақ
түседі. Сыздауықтан қанды ірің сарқылғанда орны долырып қайта ісіп шыға келеді.
Көп жағдайда бұндай аурулар сұмдық иістеніп, сасып-бықсып өледі.
Егеуқұйрық оқиғасын мейлі білгенше айбақтатып, айқайлатып жазған газеттер
қазір аузына су толтырып алғандай тырс етіп үндемейді. Ол түсінікті де:
егеуқұйрықтар көшеде қырылып еді, кісілер үйінде өліп жатыр. Ал газеттер болса
көшені ғана жазады. Алайда префектура мен муниципалитет ойланайын деді. Әрбір
дәрігер өз тәжірибесінде жұмбақ аурудың екі-үш оқиғасына тап болмағанша, ешкім
саусағын да қимылдатпаған. Біреуінің қарапайым ғана есеп жүргізуі мұң екен,
алынған нәтиже барлығын естен тандырды. Бірнеше күннің ішінде кісі өлімі үдеп
кетті де, осынау тылсым сырқатты ұшыратқандарға мәселе нағыз індет туралы
екені айқын болды. Дәл осы күндері қарт дәрігер Кастель өз әріптесі Риэге
әңгімелескелі кірді.
— Риэ, мұның не екенін білетін боларсыз деп ойлаймын, - деп бастады карт
дәрігер.
― Талдау нәтижелерін күткім келеді.
— Мен онсыз да білемін. Талдау дегенің маған қашанда қажет болмайтын.
Қытайда көп жыл жұмыс істедім, оған дейін жиырма жыл бұрын Парижде біраз
жағдайды өз көзіммен көріп бақыладым. Тек ол кезде бүл ауруды өз атымен атауға
батпағанбыз. Қоғамдық пікір дегеніміз қасиеттің қасиеттісі ғой, үрей туғызбау керек
болған. Оның үстіне бір дәрігердің: "Бұл миға кірмейді, батыста ол ауру толық
жойылғаны баршаға белгілі" дегені бар. Ол аурудан опат болғандардан басқаның
бәрі білуін білді. Сіз де бұны менен кем білмейсіз.
Риэ ойға батып үндемеді. Кабинет терезесінен жағалау жартастарының
шалғайдан шығанаққа кеп сұғынатын тас тармақтары көрініп тұр. Аспан көгілдір
болғанымен мұнарды жарып көмескі бір жарқыл білінеді, бұл күн кешкіріп келе
жатқанының нышаны.
― Иә, Кастель, дегенмен де сенгің келмейді, - деп қалды ол, - әйткенмен барлық
жағдайға қарағанда, бұл - оба. Кастель көтеріліп есікке қарай беттеді.
— Бізге не деп жауап беретінін өзіңіз де білесіз, - деді қарт дәрігер. - "Ауа райы
қалыпты елдерде ол бағзыда-ақ жойылған" дейді.
― Ал шын мәнінде "жойылған" дегеннің өзі не? - деп иығын қиқаң еткізді Риэ.
— Иә, жойылғанын елестетіп көріңіз. Және Парижде жиырма жылдай ғана бұрын
жойылғанын ұмытпаңыз...
― Жарайды, бізде де бәрі сондағыдай сәтті өтетініне сенейік. Әйткенмен сене
алмайсың, сене алмайсың.
"Оба" деген сөз ауызға алғаш рет алынды. Дәрігер Риэні өз кабинеті терезесінің
алдында қалдыра тұрып, оқырман алдындағы тебіреніс пен дәрігердің таңданысын
ақтау үшін өзімізге сәл шегініс жасауға мұрсат берейік. Ал дәрігердің таңданысы,
оның алғашқы әсері сәл-пәл өзгешелігін айтпағанда, біздің азаматтардың көпшілігі
бастан кешкендей болды. Табиғи апат шын мәнінде әдеттегі нәрсе ғой, бірақ соның
өзіне әрең сенесің, тіпті өз басыңа түскенде де иланғың келмейді. Әлемде әр кезде
оба болған, әр кезде соғыс болған. Алайда оба да, соғыс та жұртты әдеттегідей
тұтқиылдан басқан. Біздің барша ағайындар секілді дәрігер Риэні де оба ойламаған
жерден аңдаусызда бас салды, сондықтан оның толқып жалтақтауын түсінуге
тырысайық. Сондай-ақ оның дегбірсіздіктен үміттенуге ауысып неліктен
үндемегенін де ұғынуға ұмтылған ләзім. Әдетте соғыс бұрқ ете қалғанда жұрт: "Ал
бұл ұзаққа созылмасқа тиіс, созылуы қисынсыз" деп өзін өзі жұбатады. Асылы, соғыс
дегенің, шынында да, қисынсыз нәрсе, сондықтан да оның созылуына жол бермейді.
Жалпы қисынсыздықтың өзі ақымақтық қой, ал ол мейлінше берік келеді, ұдайы
қарақан басыңды ғана ойламасаң, оны аңғару қиын екен. Бұл тұрғыдан біздің
азаматтар өзін бүкіл жұрт сияқты ұстады - өздері туралы ғана ойлады, яғни бүл
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оба - 03
  • Parts
  • Оба - 01
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2250
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 02
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2228
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 03
    Total number of words is 3959
    Total number of unique words is 2234
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 04
    Total number of words is 3849
    Total number of unique words is 2285
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 05
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 06
    Total number of words is 3892
    Total number of unique words is 2357
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 07
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 08
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2098
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 09
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 10
    Total number of words is 3779
    Total number of unique words is 2314
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 11
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2253
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2189
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 13
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2252
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 14
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2244
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 15
    Total number of words is 3978
    Total number of unique words is 2285
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 16
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2159
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 17
    Total number of words is 2963
    Total number of unique words is 1787
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.