Latin Common Turkic

Оба - 03

Total number of words is 3959
Total number of unique words is 2234
33.0 of words are in the 2000 most common words
46.9 of words are in the 5000 most common words
53.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
жөнінен гуманист болып, құдайдың қаһарына сенді. Табиғи апат адам ойының
өлшеміне сыймайды, сондықтан да ол бақытсыздық болып саналады, ол өтер де
кетер үрейлі түс сияқты ғайыптан пайда болады. Бірақ түс таусылмайды, бір үрейлі
түстен кейін екіншісін көріп жүріп адамның өзі таусылады. Ең алдымен, гуманист
аталатын ақкөшек аңқаулар кетеді, өйткені олар сақтық шараларын елемейді. Бұл
ретте де біздің ағайындар басқа жұрттан артық кінәлы болған жоқ, тек қарадан
қарап жүріп қарапайымдықты ұмытып, өздері үшін бәрі мүмкін деп топшылап,
табиғи апаттың боларына сенбеді. Бұрынғысынша шаруасын шаруалап, саяхаттарға
әзірленіп, төл пікірлерін шыңдап жатты. Бір деммен болашақты жоққа шығарып,
сапарларды ысырып, дау-дамайды тыйып тастайтын обаға қалай сенсін?! Олар
өздерін азат, еркін санады, ал апат бар жерде ешкім ешқашан азат бола алмайды.
Тіпті дәрігер Риэнің өзі досы Кастельге қаланың әр бөлегінде оншақты ауру
обадан опат болғанның өзінде де оған қатер шындық болып сезілмегенін
мойындаған жоқ па!
Егер дәрігер болсаң, сенде қайғы-қасірет туралы белгілі бір ұғым қалыптасады
да, сол сенің қиялыңды қамшылайды. Терезеден ешбір өзгермеген өз қаласына
қарап тұрып дәрігердің қауіп-қатер аталатын келешекке жеңіл жиіркенішпен қарай
қоюы неғайбіл Ол мынау ауру туралы мәліметтердің бәрін ойша бір арнаға саюға
тырысты. Жадына іркес-тіркес сандар қалқып шығып, ол іштей тарихқа шамамен
отыз шақты үлкен обаның белгілі екенін, олардың миллион адамның өмірін үзгенін
қайталап тұрды. Ал жүз миллион өлі жан деген не? Соғысты кеше жүріп, бір өлі
жанның не екенін әрең елестетесің. Өлген адам оны өлі күйінде көрінгендіктен ғана
көз алдыңда мәнге ие боп салмақ алып кетсе, онда адамзат тарихының он бойында
шашырап жатқан жүз миллион мәйіт, шынтуайттап келгенде, қиялыңды көлегейлеп
тұрған түтін ғана. Дәрігер, Прокопийдің дәлдеуінше, Константинопольдегі оба күн
сайын он мың адамның өмірін қиғанын еске алды. Он мың өлі жан бұл ірі
кинотеатрдың көрермендерінен, былайынша, бес есе көп. Былай да жасауға болатын
еді. Бес кинотеатрдан шыққан адамды шыққан бетінде қалалық алаңға алып кеп,
бәрін бірден өлтірсе, сол сұрықсыз тобырдан таныс жүздерді ажыратуға боларболмасын 
айқын елестете алар ма едің. Бірақ бұл жүзеге аспас далбаса жоба, он мың
адамның түр-түсін кім танымақ! Оның үстіне Прокопий сияқты кісілердің санай
білмегені белгілі. Жетпіс жыл бұрын Кантонда апат адамдарға аумай тұрып
алдымен қырық мың егеуқұйрық сеспей қатты. Сондай-ақ 1871 жылы да
егеуқұйрықтарды санаудың мүмкіндігі болмады.
Үйіліп жатқан жерінен жуық мәнінде санаған болды, әрине, қате кеткені сөзсіз.
Айтқандай-ақ, бір егеуқұйрықтың ұзындығы отыз сантиметр болса, бір қатарға
тізген жүз қырық мың өлі егеуқұйрық қанша жерге созылатынын есептей беріңіз...
Алайда дәрігердің шыдамы сыр берді. Ол өзіне өзі ерікті көбірек беріп жіберіпті,
бұлай етуге әсте болмайтын еді. Бірнеше өлім бүл әлі індет емес, бірақ қажетті
шаралар қолдануға жетіп жатыр. Белгілі жайларды, мәселен, меңзеңдік, селқостық,
көздің қызаруы, ерінге ұшық шығу, бас ауруы, шап безінің шошынуы, өлердей
шөлдеу, сандырақтау, дененің теңбілденуі, іштің бұрауы сияқты көрнеу мәлім
нышандарды назарда ұстау керек еді, ақыр соңында... Ал ақыр соңында дәрігер Риэ
оқулықта ауру нышандарын тізумен тәмамдалатын сөз тіркесін ойша есіне алды:
"Тамыр жіптей жіңішкеріп, ең бір елеусіз қозғалыстың соңы өлімге әкеп соғады". Иә,
айтты-айтпады, бәріміз де қыл үстінде тұрмыз. Жұрттың төрттен үші әлгіндей
болмашы қимыл жасаса мұрттай ұшқалы тұр.
Дәрігер терезеден әлі көз алар емес. Әйнектің ар жағында көктемгі ашық аспан,
бер жағында бөлмеде әлі басылмаған жалғыз-ақ сөз: "Оба". Бұл сөзде ғылым
сабақтағысы келген мән-мағына ғана емес, сары-сұрқай қаламыздың еті үйренбеген
таңданарлық көріністердің шұбыртпалы шоғыры да жатыр еді. Бұл сәт қаламыз,
шынында да, ызы-шумен жаны кіріп өзін бақытты сезінгендей де, бірақ бақыт пен
қайғы қатар жүрмей ме. Осынау бейбіт, бәріне де енжар қарайтын тыныштық
қайғы-қасірет, бәле-құлағанның белгілі көріністерін баяғыда-ақ сызып тастағандай.
Олар арасында оба жайлап, құстары тастап кеткен Афины, үн-түнсіз өлгендерге
лықа толған қытай қалалары, қаны сорғалаған мәйіттерді орға лақтырып жатқан
Марсель каторгашылары, обаның адуын дауылына тосқауыл болуға тиіс ұлы
Вансаль қабырғасының құрылысы, жексұрын қайыршылары жол бермейтін Яффа,
Константинополь лазаретінің жер еденінде жалбырап жатқан шіріген, дымқыл
төсеніштер, қармақпен сүйрелген обаға шалдыққандар, Қаралы оба тұсында
бетперде киген дәрігерлердің карнавалы, Милан молаларындағы тірілерге
қойылған белгі, үрей баураған Лондондағы өліктерге арналған көліктері, адам
өксігімен күңіренген күндер мен түндер, тағы басқа жан түршігерлік көріністер бартын. 
Тіпті осылардың бәрін жинағанның өзінде бүгінгі күннің тыныштығына нұқсан
келтіре алмас еді. Терезенің ар жағынан көзге көрінбейтін трамвайдың тарсылы
естіліп, қатыгездік пен күйзелісті ысырып тастады. Шахмат тақтасы сынды күңгірт
ғимараттардың ар жағындағы теңіз ғана мынау ештеңеге елеңдемейтін әлемде
дамыл-тыныштықты білмейтін де бірдеңе бар екенін паш еткендей. Дәрігер Риэ
шығанаққа қарап тұрып Лукреций айтқан оттарды еске алды. "Аурудан шошынған
афиналықтар теңіз жағасына от жақты" деуші еді ғой ол Түнде оған өлген
адамдардың мәйітін апаратын, бірақ жағалау жетіспей, от басынан орын алу үшін
тірілер төбелесіп, бір-біріне шала ала жүгірді. Өзіне қымбат адамның мәйітін
тағдырдың тәлкегіне тастамас үшін олар қанды шайқасқа да әзір болатын...
Судың тыныш күңгірт айдынына таяу оттардың қызыл жалынын,
қараңғылықты айғыздаған шырақтар жарқылын, түнере төнген түнгі аспанға тік
шаншылған ащы түтіннің улы шудасын көз алдыңа келтіру қиынға түспейтін. Көз
алдыңа келгенде дір етпей және қалмайсың...
Алайда ойды жаншар осы көріністің бәрі ақыл болжамының алдында тас-талқан
болды. "Оба" деген сөз әбден дұрыс айтылған, ол ауызға алынған сәтте тағдыр
қамшысы ысқырып, екі құрбандықты бір сілтегеннен қағып түсті. Ал не тұрыс бар оны 
тоқтату әлі кеш емес. Ең бастысы - ұғынылғанның өзін айқын ұғып, тұлдырсыз
елестерді аулақ қуып, тиісті шаралар қолдану. Сонда ғана оба ауыздықталады; тегі
адам баласы обаны елестете алмайды, елестетсе де дұрыс ұғынбайды. Егер ол
тоқтаса, тоқтауы әбден мүмкін, бәрі орнына келеді. Келмеген жағдайда жұрт оба
деген не, онымен әуелі орайласар, сосын аластар амал бар ма екен - соны біледі.
Дәрігер терезені ашты, бөлмеге қаланың шуы лап қойды. Көрші шеберханадан
механикалық араның бір сарынды ызыңы жетті. Риэ дүр сілкінді. Иә, адам баласына
батылдық беретін осы күнделікті еңбек. Қалғанының бәрі қыл үстінде болмашы
қимылға тәуелді боп тұрады. Оған жармаса алмайсың. Ең бастысы - өз ісіңді
ойдағыдай етіп жақсы атқару.
Жозеф Гран келді деп баян еткенде дәрігер Риэ, міне, осылар жайында ойлап тұр
еді. Гран мэрияда шенеунік болып қызмет атқарса да, әр алуан шаруамен
шұғылданады, жеке орындаушы ретінде оған ара-тқра статистикалық кесте құрау
жүктелетіні де бар. Мәселен, қазір ол кісі өлімі туралы есеп алып жүр. Тыңғылықты
адам ретінде дәрігерге өз есебінің көшірмесін беріп тұрады.
Гранмен бірге оның көршісі Коттар да келді. Шенеунік табалдырықтан аттамай
жатып қағазын бұлғады.
— Есеп өсіп барады, дәрігер, - деп хабарлады ол - Соңғы қырық сегіз сағатта он
бір өлім.
Риэ Коттармен амандасып, оның көңіл күйін сұрады. Гран осында келуге
Коттардың өзі өтінгенін, дәрігерге алғыс айтып, әуреге салғаны үшін кешірім
сұрамақ екенін жеткізді. Риэ болса, тізімді алып алған еді.
― И-иә, - деді ол даусын созып, - бәлкім, ауруды нағыз өз атымен атайтын уақыт
болған да шығар. Осыған дейін созып келдік. Менімен еріп жүріңізші, зертханаға бас
сұғайық.
— Дұрыс, дұрыс, - деп қайталады Гран баспалдақпен төмен түсіп келе жатып. - Әр
затты өз атымен атау қажет. Ал мынау ауруды қалай ата дейсіз?
― Әзір оны атай алмаймын, әйткенмен одан сізге келіп-кетер ештеңе жоқ.
— Міне, көрдіңіз бе, - деп жымиды Гран. - Бұл онша оңай шаруа емес.
Олар Зеңбірек алаңына беттеді. Коттар тас болып үндемеді. Көшелерде
халықтың төбесі көріне бастады. Ымырт тез үйіріліп, түн қараңғылығына орын
беріп, заңғар аспанда алғашқы жұлдыздар жылтырады. Біздің өлкедегі іңір қашанда
осылай. Бірнеше секундтан кейін көше шамдары жарқ ете қалып, күллі аспанды қара
перде тұмшалап, дауыстар қаттырақ шықты.
— Кешіріңіз, мен трамваймен барамын, - деді Гран Зеңбірек алаңының
бұрышына жеткенде. - Кеш дегенің мен үшін қасиетті. Біз туған жерде "Бүгінгі істі
ешқашан ертеңге қалдырма..." деген сөз бар.
Риэ Монтелимар тумасы Гранның сөйлегенде келсін-келмесін жергілікті сөздерді
қыстырып қалуға құмарлығын бұрын да әлденеше байқаған. Ол және барлық жерде
бар "баурап алар ауа райы", "ертегідей жарық" деген сияқты сөз тіркестерін ұдайы
қосып отыруға тырысады.
― Дұрыс, - деді Коттар, - түстен кейін оны үйден сүйреп шығара алмайсың.
Риэ Граннан кешкілік мэрия үшін жұмыс істейсіз бе деп сұрады. Гран жоқ, өзім
үшін ғана істеймін деп жауап берді.
— Ә-ә, - деді даусын созып Риэ, әйтеуір бірдеңе айтып қалу үшін ғана сөйлеп, қалай, 
жұмысыңыз жақсы жүріп жатыр ма?
― Мен қызмет істегелі қанша жыл, демек жұмыс жүреді ғой... Әйткенмен, басқа
жағынан алып қарағанда, ауыз толтырып айтарлықтай табыс байқалмайды...
— Ал, шынтуайттап келгенде немен шұғылданасыз? - деп сұрады дәрігер кідіріп.
Гран әлде бірдеңелерді түсініксіздеу міңгірлеп, дөңгелек қалпағын арбиған
құлағын бастыра киді... Риэ әңгіме бәзбір жеке басылық өзін өзі жетілдіру жайында
екенін топшылады. Гран болса қоштасып, Марана бульварындағы фикус
ағаштарының саясында жорғалай басып жөнелді. Зертхана есігі аузында Коттар
дәрігерге тағы да бір кездесіп, ақыл сұрауға өте құмар екенін айтты. Қалтасында
жатқан кестені күйгелектене жетектеп Риэ оны бүрсігүні қабылдауына келуге
шақырды да, қателескенін табанда байқап, бүрсігүні олардың қотанында
болатынын, сонда кешке қарай өзі кіріп шығатынын айтты.
Коттардан ажырағаннан кейін Риэ өзінің бағанадан бері Гран жөнінде ғана ойлап
келе жатқанын елестетті. Әрине, қазіргідей емес, бұдан әлдеқайда қатерлі, тарихқа
енген алапат індеттің бірі дейік. Бірақ ол "оба да аяйтын адамдардың" тегінен
тәрізді. Осы арада Риэнің есіне әлдебір жерден оқығаны түсті. Кей болжамға
қарағанда, оба күйкі жанды кісілерді аяп, ең алдымен, алып тұлғалы, қуат-күші мол
адамдарды қағып түсіреді екен. Осы ойын өрбіте келіп ол қай жағынан алып
қарағанда да, Гран өзіндік кішкентай құпиясы бар кісі сияқтанып көрінді.
Бір қарағанда, Жозеф Гран - орнына лайық ұсақ қызметкер. Ұзын бойлы, сидаң
арық, костюмі қолпылдап жүретін кісі. Зайыры көбірек киіс береді деп қашанда бір
өлшем артық алатын болса керек. Астыңғы иегінде бірнеше тісі сақталыпты, ал
үстіңгі жағында біреу де қалмаған. Күлген кезде үстіңгі ерні мұрнының астына
сүңгіп кетіп, ауыз орнында үңірейіп қара жыра ғана қалады. Егер бұл кескіндемеге
семинаристің жүрісі, қабырға бойлап сырғанап отырып есіктен бір-ақ шығатын
ешкімде жоқ өнері, подвал мен темекі түтінінің ескі иісі және күйкі пенденің күллі
мінез-құлқы қосылса, мұндай адамды жазу үстелінің басында қалалық монша-кір
жуу мекемесі үшін тариф тексеріп немесе жас іс жүргізуші үшін баяндамаға кірқоқыс 
пен жуынды-шайынды шығарудың жаңа ақысына қатысты материалдар
әзірлеп беруден басқаға қимайсың. Тіпті асыра сілтеу табиғатында жоқ
бақылаушының өзі оның күшіне алпыс екі франк отыз сантим жалақы алып,
мэридің штаттан тыс қызметшісі ретінде қарапайым ғана, бірақ өте-мөте пайдалы
жұмыс атқару үшін жарық дүниеге келген жан екенін байқар еді.
Шынында дәл осындай анықтама, Гранның өз сөзіне қарағанда, оның жеке
ісіндегі "біліктілігі" деген бағанда тұр. Бұдан жиырма екі жыл бұрын қаржысы
жоқтықтан диплом ала алмай, оқудан шығып қалғанда осы қызметті қанағат тұтқан.
Сонда қызметке ала тұрып, оған аттестация да қыр астында емес екенін
ескерткендері бар. Қаламыздың әкімшілігі алдында туып қалар кейбір шетін
мәселелерде өз біліктілігін жуық арада көрсетпесе және қиын. Содан кейін оны, сөз
жоқ, іс жүргізушіге дейін өсетініне, оның өзі тәп-тәуір өмір сүруіне мүмкіндік
беретініне сендірді. Демек, оны мансапқорлық о бастан-ақ еліктірмегенін ол мұңая
отырып күле баяндайды. Әйткенмен оны алаңсыз да адал өмір сүру қатты
қызықтырғаны анық, ал ондай тұрмыс сүйікті ісіне адал ар-ұжданымен кірісуіне
жағдай жасайды емес пе. Осы қызметке ол ең бір ізгі ниетпен келіскен болса, онда ол
бәз-бір мұрат үшін еңбек етіп жүр деп айтуға болатын тәрізді.
Міне, осы сипаттама Риэ байқап көрген Гранымыздың төрт құбыласын түгел
ашып, айқын көрсетеді. Оның көптен ойластырып жүрген баянхатын жазуына,
жағдайға байланысты басқа да қадамдарға баруына бөгет болып жүрген - осы
қасиеттері. Оның өзі айтқанына сенсең, "құқық" деген сөзді қолдануға қабілетсізбін
деп сезінеді өзін, өйткені оған сенімі жоқ. Сондай-ақ "уәде" деген сөзден де қарадай
қорқады, оны ауызға алу өзіне қосымша міндет арқалап, кеуде қағу сияқты көрінеді,
ал ол қатардағы қызметте жүрген қарапайым адамға келіспейді. Екінші жағынан ол
"тілектестік", "қадірлестік", "өтініш айту" деген сөздерден ат-тонын ала қашады,
себебі олар кісілігіне нұқсан келтіретін көрінеді. Міне, сондықтан да ол дәл орнын
таппай шашы ағарғанша ең бір болмашы міндеттер атқарумен жүр. Айтқандай,
дәрігер Риэге өзі хабарлағанындай, материалдық тұрғыдан Гранның өмірі алаңсыз
сияқты. Әрине, ақшасының молдығынан емес, тұрмысын негізінен табысына
орайластыра білгендігінен. Сонысымен ол біздің мэріміз, Оранның ірі өнеркәсіп
алпауыты аузынан тастамайтын қанатты сөздің әділдігін растайды. Мэр сөйлегенде,
ақыр аяғында (көбіне осы "ақыр аяғында" дегенге барлық ой-толғамын
тоқайластырып, ерекше екпін түсіре айтатын), яғни ақыр аяғында біреудің аштан
өлгенін көрген емеспін деп жұлқынатын. Қалай дегенмен де, Жозеф Гран кешкен
тақуалық тұрмыс ақыр аяғында үйреніп алса, ешкімді де аштан өлтіріп, көштен
қалдырмайды, басқаға алаңдатпайды да. Ол осыған қолданар сөздің баламасын
іздеп әуре.
Турасын айталық, белгілі бір жағдайда оның өмірі өнеге болуға да лайық. Ол
біздің қалада, тіпті одан тыс жерлерде де сирек кездесетін өзінің игі сезіміне
өлердей берілген адамдар санатына жатады. Дәрігерге өзі жайында айтқан азғантай
мағлұматтың өзі-ақ оның мейірбандығы мен ізгі жандылығының куәсі, ал ол
жөнінде ашық айтуға екінің бірі бүгінде бата бермейді. Ол жиендері мен әпкесін
жақсы көретінін еш қысылмай-ақ айтты. Туғандарынан жалғыз ғана тірі жүрген
әпкесін көріп қайту үшін Францияға екі жылда бір барады екен. Жас шағында
айрылған ата-аналарын еске алу жанын әлі күнге ауыртатынын ол жасырған жоқ.
Олардың қотанында күн сайын сағат бесте қағылатын бір қоңыраудың айрықша
сүйкімді естілетінін де мойындап отыр. Алайда осы қарапайым сезімді жеткізерлік
сөзді іздеп ол керемет азапқа түседі. Сөйтіп, сөз іріктеу жөніндегі азапты еңбек ақыр
аяғында оның ең басты қам-қарекетіне айналып кеткен. "Шіркін-ай, өз ойымды
жеткізуді қашан үйренер екенмін, дәрігер!" деп ағынан ақтарылады және Риэмен
кездескен сайын осы сөзін қайталайды.
Сол кеште ұзап бара жатқан Гранның сыртынан қарап тұрып Риэ "шенеунік кітап
немесе сол сияқты бірдеңе жазып жүрген шығар, ойын жеткізер сөз іздеп
қиналатыны сонан болар деп" шешті. Жол бойы қашан зертханаға жеткенше ол осы
ойынан арыла алмады. Ол мұның оғаш екенін де білді, бірақ қалада оба орнығып,
апаттың көзіне айналды дегенге сенгісі келмеді. Шенеуніктері әлгіндей игі әуестікті
кие тұтатын қаланы ондай жамандыққа әсте қимайды. Анығырақ айтқанда,
әлгіндей әуестікті ол қандай орынға қоярын білмей, бұдан оба деген пәле біздің
азаматтар арасында тайраңдамасқа тиіс деген түйін жасады. Ертеңіне көпшілікке
орынсыз көрінген керемет табандылық танытып, дәрігер Риэ префектурадан
санитарлық комиссия шақыруға келісім алды.
― Айтып айтпай не керек, тұрғындар қобалжулы, - деді Ришар. - Ең жаманы өсекаяң 
мен өсіре айту болып түр. Префект жеке өзіме: "Қажет болса, қане, тезірек
қимылдайық, тек шу шықпасын", деді.
Айтқандай, ол осының бәрі жалған үрей екеніне сенімді.
Риэ өз машинасымен Кастельді префектураға дейін әкеліп салды.
— Департаментте дертке қарсы егетін дәрінің жоқ екені сізге мәлім бе? - деп
сұрады қария.
― Мәлім. Қоймаға телефон шалғанмын. Директоры аспаннан түскендей. Ондай
дәріні Парижден жаздырып алуға тура келеді.
— Әуре-сарсаң болмайтынына сендірсе екен тек.
― Мен телефон соғып та қойдым, - деді Риэ. Префект комиссия мүшелерін жылы
ұшырай қарсы алғанымен, күйгелектенуден ада емес-ті.
― Іске кірісейік, мырзалар, - деді ол. - Қалыптасқан жағдайдан қысқаша
қорытынды жасауыма бола ма?
Ришар бұны артық деп санады. Дәрігерлерге қаладағы жағдай онсыз да белгілі.
Бәрінен бұрын қандай шаралар қолдану керегін өзің анықтап алуың керек.
— Бәрінен бұрын, - деп Кастель қария Ришардың сөзін өрескел бұзды, - бәрінен
бұрын өзің бұл оба ма, жоқ па - соны анықтап алуың керек.
Дәрігерлердің бірі таңырқап таңдайын тақ еткізді. Қалғандары әрі-сәрі. Префект
болса орнынан ыршып тұрып, мынау оғаш хабар дәлізге шығып кетпеді ме екен деп
шошып есік жаққа қарады. Ришар үрейге бой алдырмау керек деп мәлімдеді, оның
пікірінше, қазіргі әңгіме безгек туралы ғана, рас, шап бездерінің шошуы асқынған
жағдай бар - қазіргі кезеңде бар айтарымыз осы ғана, ал алыпқашты болжам,
өмірдегі сияқты, ғылымда да қауіпті. Кастель қарт никотиннен сарғайып кеткен
мұртының сапарын тістелеп, жарқын жанарын Риэге аударды. Сосын мейірлі де,
пейілді көзқараспен қатысушыларды шолып өтіп, бұл міне, тұп-тура обаңның өзі. Ал
егер бұл жәйтті ресми мойындайтын болсақ, аса қатал шаралар қолдануға тура
келеді. Шын мәнінде бұл қадірлі әріптестерін үрейлендіретінін біледі, олай болса,
оларды мазасыздандырмау үшін оба емес дей салуына да болады емес пе. Бірақ істің
мүддесі бұған барғызбайды. Префект тыпыршып орындығында отыра алмай,
барлық жағдайда да бұл тұжырым дұрыс емес деп қызарақтады.
Маңыздысы - дұрыс не бұрыс деген емес, маңыздысы - мұның ойлануға мәжбүр
еткені.
Риэ үндемей отырғандықтан өз пікірін білдіруін өтінді.
― Сөз сүзек сипаты бар безгек туралы болып отыр. Ауру шап безінің
шошынуымен, дамылсыз запыран құсумен астасып асқынып барады. Мен ісікті тіліп,
талдау жасатып едім, зертхана табылған микробты обанікі болу керек деген болжам
жасады. Алайда әділдік үшін айта кету керек, табылған микробтың оба микробының
классикалық сипаттамасынан белгілі ауытқулары бар.
— Дәл осы жағдай дәрігерлерді сақтандыруы керек, - деп атап көрсетті Ришар,
сондықтан талдаулар легінің қорытындысын күту керек, бір игіліктісі олар бірнеше
күн бойы жасалып жатыр.
— Микроб үш тәуліктің ішінде көк бауырды төрт есе ұлғайтуға қабілетті болса,
одан шажырқай бездері қабынып, іші ботқа тектес затқа толы апельсиннің көлеміне
жетсе, менімше, бұл арада екіұдайлыққа орын жоқ, - деп сәл кідірістен соң сөз
бастады Риэ. -Жұқпалы дерттің ошағы ұлғайған үстіне ұлғайып барады. Осыншалық
жайылған ауруды тоқтатпаса, екі айға да жеткізбей, жарты қаланы жусатып кетеді.
Демек, мәселе бұл ауруды оба я безгек атауда емес, атауында тұрған ештеңе жоқ,
мәселе оның жарым қаланы қырып кетуіне бөгет қоюда.
Ришар бұл пікірге қарсы шықты, түймедейді түйедей етудің қажеті жоқ, аурудың
жұқпалы екені әлі белгісіз, аурулардың жақындары мен туыстары аман жүр деді.
― Ал аурулар өліп жатыр ғой, - деп уәж айтты Риэ. - Әлбетте, дерттің жұғу қатері
шексіз шама емес. Әйтпесе ауру алапат шапшаңдықпен ұлғайып, күллі тұрғындарды
қас қаққанша баудай түсірер еді. Түймедейді түйедей етпеу керек деген дұрыс. Бірақ
тиісті шаралар да қабылдау қажет.
Ришар жарыссөзді қорытындылағысы келіп, жиналысқа қатысушыларға егер
індет өршуін өзі тоқтатпаса, онда таралуының жолын қырқуға болады, заңда
белгіленген алдын алу, сауықтыру шараларын қатаң жүргіземіз деді. Мұны жасау
үшін соз оба жайында болып отырғанын ресми мойындау керек. Ал оған әзір толық
сенім болмағандықтан ойлану керек, тағы да ойлану керек.
— Мәселе заңмен белгіленген шаралардың қатаң болу, болмауында емес, - деп
қарсылық білдірді Риэ. - Мәселе мынада - қаланың жартысын ажалдан құтқару үшін
қатал шараларға бару қажет пе, жоқ па? Қалғанының бәр-бәрі әкімшіліктің шаруасы.
Заңдарымызда мұндай мәселелерді шешу префектілерге жүктелгені тегін емес.
― Ол даусыз, - деп растады префект,- бірақ бұл үшін сөз оба індеті жайында деп
ресми мойындауларыңыз керек.
— Егер біз тіпті олай деп танымасақ та, қаланың қақ жартысын қырып кеткелі
тұр емес пе! - деді Риэ.
Тағы да сөзге шамданған Ришар араласты:
― Бар мәселе әріптесіміздің бұны оба деп сенуінде болып отыр. Бұл оның
аурудың белгі-нышандарын сипаттауынан да көрініп тұр.
Риэ бұл пікірге қарсы болып, аурудың белгі-нышанын емес, оз көзімен көріп
байқағанын баяндап бергенін айтты. Екі тәуліктің ішінде ол бездердің шодырайып
іскенін, денедегі теңбіл дақтарды, ыстықтың шамадан тыс көтеріліп кеткенін,
сандырақтауды, тіпті көз алдында жан тәсілім еткенді де көрді. Ал Ришар мырза
қатаң алдын алу шараларын қолданбай тұрып індеттің өз-өзінен тоқтайтынына бар
жауапкершілікпен сендіре ала ма?
Ришар күмілжіп Риэге қарады:
― Қолыңызды жүрегіңізге қойып айтыңызшы: сіз шынында да мұны оба деп
санайсыз ба?
— Сіз сұрақты дұрыс қоймай отырсыз. Мәселе мәтінінде емес, мәнінде,
мерзімінде.
― Демек, сіздің пікіріңізше, бұл оба ма, оба емес пе - бәрібір оба індеті
жағдайында көзделетін алдын алу шараларын қолдану керек дейсіз ғой, - деді
префект.
— Егер сізге менің пікірімді білу керек болса, солай жасау қажет деп есептеймін.
Дәрігерлер біраз ақылдасып, Ришар ақыр аяғында:
― Демек, бар жауапкершілікті мойнымызға алып, бұл ауру бейне оба деп қарекетқимыл 
жасауымыз керек қой, - деді.
Осы тұжырымды қатысушылардың бәрі қызу қолдады.
— Сіздің пікіріңіз қалай, қымбатты әріптес? - деп сұрады Ришар.
― Тұжырымның маған бәрібір,- деп жауап қатты Риэ. - Оңайлатып айтқанда,
қаланың қақ жартысына ажал төніп тұрмағандай қимылдауға хақымыз жоқ. Әйтпесе
олар, шынында да, қырылып қалады.
Өз әріптестерін шамдандырып Риэ кетіп қалды. Ұзамай май мен несеп иісі
аңқыған қала шетінде шабындағы шошыған безден жан даусы шыққан әйел ауру
мүжіген жүзін бұған аударды.
Кеңестен кейінгі келесі күні ауру тағы бір кішігірім секіріс жасады. Ол
жайындағы хабар тіпті газетке де шығып кетті. Хабар әзір залалсыз тұспал ғана.
Тағы да бір күн өткенде Риэ ақ қағазға жазылған хабарландыру оқыды, оны да
префектура асығыс-үсігіс елеусіздеу бір бұрышқа жапсыра салған. Одан билік
орындарының қалыптасқан жағдайдың алаңдатарлық екенін айқын түсінген
сыңайы байқалмайды, ұсынып отырған шаралары да мардымсыз. Осыдан келіп
билік басындағылар қоғамдық пікірді қобалжытпас үшін қандай құрбандыққа да
баруға әзір-ау деген әсер туады. Өкімнің кіріспе бөлімінде Оран коммунасында
кеселді безгектің бірнеше оқиғасы тіркелді, бірақ оның жұқпалылығы туралы айту
әлі ерте деп хабарланған. Аурудың алғашқы нышандары айтарлықтай үрей
туғызарлық емес, сондықтан тұрғындардың тыныштық сақтайтынына еш күмән
жоқ. Соған қарамастан префект саналылық танытып, бәз-бір ескерту шараларын
қабылдауға бел буды. Бүл шараларды тұрғындар толық түсініп, қалтқысыз
орындаған жағдайда індет үрейінің тамырына балта шабуға болады. Сондықтан да
префект өзіне сеніп тапсырылған халықтан оның дербес ынта-жігерін белсене
қолдайтын адал көмекшілер табатынына бір сәт те күмәнданған емес.
Одан әрі хабарландыруда шаралар тізімі келтірілген, олардың ішінде
кеміргіштерге қарсы ғылыми негізге қойылған күрес, егеуқұйрықтарды
суағарлардағы улы газдың көмегімен құрту, ауызсудың сапасына қырағы бақылау
қою көзделген. Азаматтарға тазалық сақтау тапсырылып, ең соңында бүрге
таратушы бүкіл орландықтардың қалалық диспансерлерге келіп көрінуі
міндеттелген. Аурудың туысқандары дәрігер анықтаған кез келген сырқат жөнінде
жедел хабарлап, ауруларды аурухананың арнаулы палаталарына оңаша жатқызуға
қарсылық көрсетпеуі керек. Палаталардың жабдықталуы ауруларды қысқа мерзімде
емдеп, толық жазып шығаруға жағдай жасайды. Қосымша тарауларда ауру жатқан
орындарды міндетті түрде дезинфекциялау, сондай-ақ тасымал құралдары жөнінде
айтылған. Басқалармен қоса билік орындары аурулардың туысқандарына
санитарлық бақылаудан өтуге кеңес берумен шектеліпті.
Дәрігер Риэ жарнама тақтадан кілт бұрылып өз үйіне беттеді: онда Жозеф Гран
күтіп отыр екен оны. Дәрігерді көре сала қолын сермеді ол
— Білем, білем, сан өсіп барады, - деді Риэ.
Осының қарсаңында қалада оншақты ауру қаза тапты. Гранға дәрігер мүмкін
кешке кездесетінін, өйткені Коттардың көңілін білуге баратынын айтты.
― Жақсы ниет, - деп қолдады Гран. - Сіздің келіп жүргеніңіздің оған пайдасы тиді,
кей мәселелердің өзі өзгеріп кетті.
— Қай жағынан?
― Әдепті болып келеді.
— Ал бұрын қалай еді?
Гран күмілжіп қалды. Бұрын әдепсіз еді деп тіке айта алмады - ол атау оған дәл
көрінбеді. Ол жалпы томаға тұйық, үндемес, турасын айтқанда жабайы қабан
сияқты. Коттардың күллі өмірі өз бөлмесінде отырумен, қоңыртөбел бір
мейрамханаға барумен және тылсым бір шаруалармен шектеледі. Ресми ол шарап
және ликер сату жөніндегі делдал болып есептеледі. Ара-тұра оған екі-үш адам келіп
кетіп тұрады, тегі аларман болуы керек. Кейде үй алдындағы киноға барады. Гран
тіпті оның гангстерлік фильмдерді артық көретінін де байқаған. Қай жағдайда
болсын делдал тұйық әрі күмәншіл Енді Гранның сөзіне қарағанда, бәрі де өзгерген.
― Дәл айта алмаймын-ау деп қорқамын, алайда менде мынандай әсер
қалыптасты, ол жұртпен татуласқысы, олардың ілтипатына ие болғысы келеді.
Менімен сөйлесетін болды, бірде тіпті серуендеп қайтайық деп өтінді, тілегін
қайтара алмадым. Айтқандай, ол мені қызықтыра бастады, өйткені оның өмірін
арашалап қалдым ғой.
— Айтқандайын, мынау үй иесі әйел барып тұрған зымиян, - деп сөзін созды
Гран. - Осы ойымды Коттарға айтсам, ол қателесесіз, оның жақсы жақтары көп, тек
көре білу керек дейді.
Кейін Коттар Гранды екі-үш мәрте айтулы мейрамханалар мен дәмханаларға да
апарды. Ол былайынша олардың тұрақты қонағына айналып кетті. "Онда отыру
ғанибет, - дейтін болды ол. - Және жиналатын қауымы да сыпайы". Гран қызмет
көрсетушілердің бәрі Коттарға айрықша ілтипатпен қарайтынын байқады, бақса ол
шайлықты аямайды екен. Көрер көзге Коттар өзі аялаған даяшыларының риза боп
бас изеп жалпақтағанын жарататыны мен мұндалап тұр. Бәз-бірде аға даяшы оны
вестибюльге дейін шығарып сап, пальтосына дейін кигізіп еді, Коттар риза боп
Гранға:
― Тамаша жігіт, қажет жерінде куәлік те бере алады, - деп қалды.
— Қалай, ол неткен куәгерлік?..
Коттар күмілжіп қалды.
― Жай, әншейін... жақсы адам дегенім ғой.
Арагідік бұрынғысынша бұлқан-талқан болатыны да
бар. Таяуда дүкенші түс бермей қойып еді, әдеттегідей үйге оралған соң ызадан
жынданып кете жаздады.
— Мынау сұржыланды ма! Басқалармен ауыз жаласқан ғой тегі, — деп дүрілдеді.
― Басқа кімдермен тағы?
— Гран темекі дүңгіршегінде болған өте-мөте бір ерсі жағдайға өзі де қатысқан.
Коттар үй иесі әйелмен қызу әңгімелесіп түр еді, анау жақында бүкіл Алжирды
дүрліктірген бір тұтқындау туралы соз бастады кенет. Әңгіме жағажайда бір арабты
өлтірген сауда кеңсесінің жас қызметкері туралы өрбіді.
― Бұл жексұрындардың бәрін торкөздің арғы жағына апарып тықса ғой, адал
адамдар еркін тыныстар еді...
Әйел ойын аяқтап үлгермей, Коттар сыртта біреу шақырғандай дүңгіршектен
атып шығып, ай-шайға қарамай тұра тартты. Гран мен әйел таңданғаннан тілі
байланғандай тас боп тұрып қалды.
Кейінірек Гран Коттардың тағы бір өзгерістерін Риэге хабарлау қажет деп
санады. Ол әдетте либералдық көзқарасты берік ұстанатын. Мәселен, оның сүйікті
мәтелі "Қашанда үлкендер кішілерді жұтып қояды" болатын. Алайда ол біраз
уақыттан бері Оранның ең ізгі ойлы газетін сатып алатын болды, бәз-бір пиғылмен
және оны қоғамдық орындарда оқып отырады. Тағы бір мысал: осыдан бірнеше күн
бұрын, яғни сауыққаннан кейін ол Гранның поштаға бара жатқанын біліп,
қарындасына жүз франк аударуын өтінді - ай сайын осындай соманы аударып отыру
оның ежелгі әдеті. Алайда Гран кетіп бара жатқанда қайта шақырып ап:
— Одан да екі жүз франк жіберіңізші, таңданып, қуанып қалсын, - деді. - Кім
біледі, мен оны ұмытып кетті деп жүрген шығар. Ал іс жүзінде ол дегенде жаным
қалмайды.
Ақыр соңында Гран екеуінің арасында қызықты әңгіме өріс алды. Гранның кешкі
шаруасы ынтықтырып жүрген Коттар оны сұрақтың астына алып, оған жауап
қайтаруға тура келді.
― Демек, сіз кітап жазып жатырсыз ғой, - деді Коттар.
― Солай деуге келетін болса - иә, бірақ бұл, әлбетте өте қиын да күрделі.
— Oh, - деп дауыстап жіберді Коттар, - менің де жазумен айналысқым келетінін
айтсайшы!
Гран таңданысын жасыра алмады, ал Коттар қысыла күбірлеп, суреткерге бәрі де
жарасады деді.
― Неге олай деп ойлайсыз?
— Өйткені суреткерге басқалардан гөрі көбірек құқық берілген. Бұл әркімге-ақ
белгілі. Оның қолынан бәрі келеді.
― Әйтсе де онда не тұр?- деді Риэ. Гранға префектураның хабарландыруын алғаш
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оба - 04
  • Parts
  • Оба - 01
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2250
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 02
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2228
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 03
    Total number of words is 3959
    Total number of unique words is 2234
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 04
    Total number of words is 3849
    Total number of unique words is 2285
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 05
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 06
    Total number of words is 3892
    Total number of unique words is 2357
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 07
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 08
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2098
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 09
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 10
    Total number of words is 3779
    Total number of unique words is 2314
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 11
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2253
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2189
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 13
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2252
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 14
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2244
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 15
    Total number of words is 3978
    Total number of unique words is 2285
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 16
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2159
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 17
    Total number of words is 2963
    Total number of unique words is 1787
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.