Latin Common Turkic

Оба - 10

Total number of words is 3779
Total number of unique words is 2314
29.8 of words are in the 2000 most common words
43.5 of words are in the 5000 most common words
50.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
тұлдыр жоқ, сондықтан ол жын ұрғандай ұйтқып қала қабырғасын әп-сәтте көктеп
өтіп, білгенін істеп жүре береді. Оранға биыл бір тамшы жаңбыр жауған жоқ,
бірнеше ай қуаңшылықтан кейін ол жел тұрса көз аштырмайтын шаң-тозаңға
көміліп, тіпті сұрғылт тартып кетті. Жел шаң бұлтын аспанға көтеріп, қағаз
қиқымдары жүруі күннен-күнге азайып бара жатқан адамдардың аяғына оралады.
Үйінен жоқшылық қуып шығарған сол аздардың басы жерге жеткенше бүгіліп,
аузын қол орамалмен немесе алақанымен басып көшеде әрең жүреді. Өмірінің
қалған күнін ұзартуға тырысып, енді халық көшеде көп топырламайды, бірен-саран
кешкісін ғана шығады. Жұрт көбінесе үйіне не дәмханаға асығады. Ымырт ерте
үйірілетін болғандықтан, қала мүлдем қаңырап бос қалғандай көрінеді. Тек қабырға
бойлай тынымсыз ұлыған жел ғана тыныштық шырышын бұзады. Бұл арадан
көрінбейтін мазасыз теңізден тұз бен балдыр иісі еседі. Теңіздің иісіне толы, шаңнан
үсті-басы бозарып, гуілдеген желден қабырғалары сықырлап шайқатылған біздің
қаңыраған қала құдайдың қарғысына ұшыраған арал сияқты ыңырана
ыңқылдайды.
Бұған дейін оба орталықта емес, халқы көп қолайлы тұрмыстық жағдай
жасалмаған шеткі аудандарда адамдарды баудай түсіріп, көбірек қырып жатты.
Алайда ол кенеттен бір-ақ қарғып, іскер қотандарға жетті де, сонда орнығып алды.
Тұрғындар ауру тұқымын жел таратады деп жүрді. "Барлық қартты араластырып
жіберді" деп шағынар еді дәйім мейманхана директоры. Айт, айтпа не керек,
өздеріне кезек келгенін орталық қотандағылар да түсінді, өйткені енді түн баласы
"жедел жәрдем" машиналарының терезе түбінен обаның селқос та шерлі шақыруын
паш ететін гуілі жиі естілетін болды.
Бәз біреулер қаланың орталығындағы оба жайлаған бірнеше ауданды қоршап,
бөліп тастап, олардан тек жұмыс бабымен жүретін адамдарды ғана шығарып,
кіргізуге ғана рұқсат беріп, билігін асыра пайдаланып жатты. Осы қоршауға түсіп
қалғандардың кейбіреуі бұл шараны өздеріне қарсы жеке басқа жасалған қиянат деп
ұғып, сәл еркіндеу басқа қотандықтардың тұрғындарын азат адамдар деп санады.
Ал әлгі азат адамдар мынау қиын-қыстау сәтте халі өздерінен де мүшкілдер барын
байқап көңілін демдеді. "Олар бізден де берік құлыпта отыр" деген сөздерден
бәрімізге ортақ жалғыз ғана үміт оты жылтырайтын.
Шамамен, осы кезде әсіресе Оранның батыс қақпасы жақтағы думанды
қотандарда бірінен кейін бірі өрт басталды. Тергеу бұның дені карантиннен
келгенін, жақындарынан айырылып, басы қайда қалғанын білмеген адамдардың
қолынан келгенін, олар оба отқа жанып өлетіндей-ақ өз үйлерін өртегенін
анықтады. Қала билік орындарының бұйрығымен жүргізіліп жатқан дезинфекция
аурудың жұғуына ешқандай жол бермейтінін сан-сапалақ, бірақ пайдасыз
түсіндірулерден кейін жазықсыздан жазықсыз үй өртеушілерге шұғыл шаралар
қолдануға тура келді. Бұл бейморальдарды торға түсу қаупі қорқытқан жоқ,
шошындырғаны - түрмеге қамалу деген өлім жазасына кесілумен бара-барлығы еді,
қалалық абақтыдағы өлім-жітім құлақ естімеген көрсеткішке жеткен-ді. Сөз жоқ, бұл
сенімнің баз бір негізі де бар. Әбден түсінікті себептерге байланысты оба дағдыға
немесе қажеттілікке байланысты жұрттың топтасқан жерінде, яғни солдаттардың,
сопылардың және тұтқындардың ортасында өршіп кетті. Обаның өз тұрғысынан,
оның байсалды көзқарасы тұрғысынан түрме бастығынан бастап соңғы тұтқынға
дейінгінің бәрі бірдей өлімге басы байланған, бәлкім бұл ұзақ жылдардан бері
қамауда бәріне бірдей әділдік орнағанының белгісі болар.
Қала өкіметі жалпыға ортақ осы теңестіруге баз бір иерархиялық айырмашылық
енгізбек болып, обадан опат болған, қарауылдарды қызметін міндетін орындау
барысында қаза тапты деп марапаттамақ ниет білдіргені бекер-ақ болды. Себебі
қала қоршау жағдайында деп жарияланып, белгілі көзқарас тұрғысынан қарауылдар
күзетке шақырылып, өлгеннен кейін марапатталып жатыр екен деген пікір туады
ғой. Ал тұтқындар бұндай жағдаймен тіл таппай келіссе, әскери билік, керісінше, іске
басқаша қарап, бұл шара орандықтардың ақыл-ойын уайым-қайғымен шатастырады
деп ойлады да, бұйрығын жариялап жіберді және жариялауы негізсіз де емес. Әскер
басыларының өтінішін құрметтеп, бәрінен дұрысы - қарауылдарды індетке қарсы
күресте қаза тапқаны үшін марапаттау деп шешкен-ді. Алайда болар іс болды обадан алғаш 
қаза тапқан қарауылдардың медалін қалай, қайтып аларсың, оның
үстіне әскери билік өз көзқарасын жөн деп көнбейді. Екінші жағынан індетке қарсы
күрес үшін медалінің елеулі кемшілігі бар: ол әскери награда бергендей есте
қаларлық әсер туғызбайды, өйткені індет жылы оған қарсы күрес үшін медаль алу
әдеттегі құбылыс. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де наразы болды.
Оның үстіне түрме басшылығы діни билік орындағандай қимыл жасай алмайды,
ал әскерилер туралы тіпті сөз де жоқ. Қаладағы екі монастырьдың екеуінің де
сопылары тақуа отбасыларына бөліп таратылып жіберді. Сол сияқты
казармадағылардан алғашқы мүмкіндік туғанда-ақ шағын қосынмен солдаттарды
шығарып, оларды мектептер мен басқа да қоғамдық ғимараттардың күзетіне бөліп
берді. Сөйтіп қала тұрғындарын топтастыруға тиіс сияқты көрінетін індет, қоршау
жағдайындағыдай емес, дәстүрлі қауымдастықты ыдыратып, жұртты қайтадан
жалғыздыққа душар етті. Бұның бәрі алашапқын әбігер әкелді.
Осы жағдайдың бәрі және адуын жел кейбір көңілдегі өрт жалынын үрлеп
өршітіп жіберді десек қателеспейміз. Түнде қала қақпасына тағы да бірнеше дүркін
шабуыл жасалды, бұл жолғы шабуыл жасаушылар қаруланған болып шықты. Екі
жақтан да мылтық атылып, бірнеше адам жараланды, бірнеше адам бостандыққа
сытылып шықты. Алайда қарауыл күзеті күшейтіліп, қашып шығуға
әрекеттенгендердің жолы кесілді. Бірақ қалада бүлік дауылы дүрілдеп жүре беруіне
осының өзі жетіп болды, буырқанған көріністер басталды дейсің. Жұрт бірінен-бірі
ұрлап, санитарлық тұрғыдан өртенген және жабылған үйлерді тонауға лап қойды.
Ашығын айтқанда, бұның алдын ала жобаланған пиғылмен жасалып жатқаны
ақылға қонбайды. Көбінесе құрметке толық лайық деп жүрген кісілер келеңсіз
қылықтарға барып, табанда оларға еліктеушілер көбейіп кеткені жаман болды.
Қайғыдан тірі өліп тұрған үй иесінің көзінше жанып жатқан үйге қойып кетіп,
бірдеңелер арқалап шыққан жанкешті өлермендер де табылды. Үй иесінің
дәрменсіздігі мен немқұрайдылығын пайдаланған қызықтаушылардың біразы әлгі
жанкештілерге еліктеп, өртке қойып кетіп, олар да қолына іліккенін алып шығып,
жан-жаққа қашып жатты, өрттің жарқылынан әр-әр жерде мамықтақ немесе
орындық арқалап бүкшеңдеп бара жатқан дүниеқоңыздар көзге шалынып қалды,
кейбіреулерінің иығында киім-кешек оралған түйіншектер бар. Осындай оқшау
қылықтар үшін қала өкіметі оба жағдайын қоршау жағдайына теңестіріп, соған
сәйкес шаралар қолдануға мәжбүр болды. Екі тонаушы атылды, алайда бұл жазаның
жұртқа қаншалық әсер еткені беймәлім, өйткені қаладағы қисапсыз қазаның
арасында бұл екі жаза теңіздегі тамшы сияқты емес пе. Шынын айтқанда, осы
іспеттес көріністер қайталана бастады, билік орындары болса, ештеңе көріпбілмегендей 
кейіп танытты. Зайыры, әсер еткен жалғыз шара қалада комендант
сағатын енгізу ғана болса керек. Сағат он бірден кейін қараңғылық құшағына
көмілген қаламыз тас боп қатып қалғандай әсер туғызды.
Айлы аспан астында ол өзінің ақшыл қабырғалары мен түзу көшелерін көрмеге
қойғандай көзге ұрады, бірақ онда ағаштың бірде-бір қара көлеңкесі көрінбейді,
бірде-бір адамның аяқ дүсірі немесе бірде-бір иттің үргені естілмейді. Тымырайған
үнсіз үлкен қала мұндай түндерде кесек те жансыз текшелердің жиынтығы сияқты
көрінеді, солардың арасында адам баласының баяғыда ұмыт болған
жарылқаушылары мен қалаға қуып тығылған қазіргі әлем ұлыларының статуялары
көзге ұрады. Тас пен темірдегі олардың бұрмаланған бейнесі мен бет-жүзі ғана
кезінде олардың да адам болғанын айғақтап тұрғандай. Орта қолды бұл әулиелер
тамыздың бояуы қалың аспаны астында тірі пенде жоқ қаңыраған қиылыстарда бой
көрсетіп, тобымызбен тап болған меңіреу қимылсыздықтың бұлжымас бейнесіндей
болып елестейді. Оның соңғы бейнесі, оба мен қапастан және тастан тұратын мазар
бейнесі ақыры жанды адам үнін тұншықтырып тынған.
Ал қара түнек қапас бар жүректі тұмшалап тастаған, сондықтан қолданылып
жүрген жерлеу рәсіміне қатысты аңыз бен ақиқаттың азаматтарымызды айрықша
сергіте қоюы неғайбіл Өйткені қаласаң да, қаламасаң да жерлеу жөнінде айтуың
керек, ол үшін әңгімеші алдын ала кешірім өтінеді. Ол барынша заңды кінәны тіл
қатпай қабылдауға әзір, бірақ оның жалғыз-ақ ақталары мынау - осы кезеңнің
бәрінде жерлеу деген болып тұрды ғой, біздің барлық азаматтар сияқты оларға
әңгімешінің де қатысуына тура келді. Былайша айтқанда, ол жалпы мұндай
рәсімдердің әуесқойы емес, одан да тірілердің ортасын артық санап, жағажайды,
теңізге түсуді жақсы көреді. Бірақ теңізге түсуге тыйым салынды, тірілер қауымын
өлілер қауымы ығыстырып шығара ма деп қауіп ойлады. Ақиқат осындай. Әлбетте,
оны көрмеуге тырысуға болар еді, көзді тарс жұмып, елемей аттап өтсе де ештеңе
емес, бірақ ақиқат дегеннің ғаламат күші бар, ол қашанда салтанат құрып шыға
келеді. Ал айтыңыздаршы, сол күні өзіңіз жақсы көретін адамды жер қойнауына
тапсыру керек болғанда, жерлеуді қалайша елемей кете аласыз.
Міне, енді біздің жерлеу рәсімімізге тән сипат, ең алдымен, шапшаңдық. Әдетғүрыптың 
барлығы оңайланды, аза тұту рәсімі әзір тоқтатылды. Аурулар
жақындарының көз алдында үйде өлмейді, дәстүрлі түрде шілдехана күзетуге
тыйым салынды, сондықтан айталық, кешке өлсе түнде жалғыз жатады, ал күндіз
өлсе, сол күні жерлеуге тырысады. Отбасын хабардар ететіні түсінікті, бірақ көп
жағдайда туған-туысқандар қалада еркін жүріп-тұра алмайды, өйткені аурумен
тікелей байланыста болса карантинде ұсталады. Егер марқұм туысқандарынан
бөлек тұрса, олар белгіленген уақытта, яғни мәйіт аруланып табытқа салынып,
зиратқа алып жүрер кезде келеді.
Айталық, мұндай рәсім дәрігер Риэ басқаратын қосымша лазаретте өтсін.
Мектепке кіретін жер бас ғимараттың сыртында, дәлізге шығатын қосалқы үлкен
бөлмеде табыттар сақтаулы. Дәлізден отбасы жабылып шегеленіп қойған табытты
тапсын. Сол замат ғұрыптың негізгі бөлігіне көшіп, басқаша айтқанда, отағасына қол
қою үшін қажетті қағаздарды береді. Сосын табытты жабық автомобильге салады,
кейде ол кәдімгі фургон, кейде жедел жәрдем машинасы болуы мүмкін.
Туысқандары ол кезде әзір таратылмаған таксилерге отырып, қаралы шеру шеткі
көшелермен молаға қарай жөнейді. Қала қақпасында шеруді жандармдар тоқтатып,
ресми рұқсат қағазға мөрін басады, онсыз қазір ақтық тыныс орнына жол жоқ, содан
кейін ғана машиналар өткізіліп, біздің ағайындар айтып жүргендей, шаршы алаңға
тоқтайды да, қатар-қатар тізілген орлардың бірінің аузына жүгін түсіреді. Мүрдені
қарсы алуға поп шығады, өйткені шіркеуде жаназа шығару тоқтатылған. Дұға
оқылып жатқанда мәшинеден табыт түсіріліп, жіппен буылып, сырғыта отырып
орға түсіріледі, поп қасиетті құтысын бұлғап тұрғанда алғаш тасталған топырақтар
табыттың бет тақтайына тарсылдап тиіп жатады. Дезинфекциядан өту керек
болғандықтан фургон бірден кетіп қалады; күрекпен лақтырылған топырақтардың
тарсылы күшейген кезде туысқандар таксиге отыра бастайды.
Сөйтіп, барлығы да мейлінше шапшаң, ешбір қауіп-қатерсіз өте шығады. Әлбетте,
індеттің алғашқы кезеңінде мұндай шапшаңдыққа шын жан сезімімен туысқандары
ренжіп те жүрді. Бірақ оба кезінде ондай түсінік есепке алынбайды, істің пайдасы
үшін барлығы құрбан етіледі. Айтқандай, басында бұндай тәжірибеден
тұрғындардың зардап шеккені анық, себебі жақсы жерлеуге деген арман-тілек
қашаннан да қастерлі әрі кең тараған, сондықтан о ғып-бұ ғып көме салуға ешкімнің
де көнгісі келмейді. Алайда қиындық бәріне көндірді, бәрін де жеңдірді. Ол ол ма,
азық-түлік жағынан қиындық туып, тұрғындарды басқа қам-қарекет алаңдатты.
Бізді кезекте сағаттап тұрудың өзі-ақ жеп қойды. Тамақ табу үшін орындауға тура
келетін әр алуан салт, қам-қарекет адамдардың айналасында жұрт қалай өліп
жатқанын, сағаты соқса ертең өзі қалай өлетінін ойлануға да уақыт қалдырған жоқ.
Сөйтіп, өз алдына бір зауал саналатын материалдық қиындық, қызық қылғанда,
игілікке айналды. Қазірдің өзінде көріп отырғанымыздай, індет мұншалық кең
тарамаса, барлығы да жақсы болар еді ғой.
Табыт азайып, кебінге керек мата таптырмай, зиратта жер жетпей жатты. Бәрінің
де бір амалын табу керек болды. Ең оңайы және ең пайдалысы - бірнеше жерлеу
рәсімдерін біріктіру деп табылды, мұндай қажеттілік туған соң лазарет пен мола
арасындағы көлік қатынасын жиілету шарт. Бұл кезде дәрігер Риэнің
басқаруындағы лазареттің қарауында небары бес-ақ табыт қалған еді. Олардың бәрі
толған соң машинаға тиеді. Қабір басында табыттарды босатып, тот басқан темір
түстес мәйіттерді зембілге салып, арнайы жабдықталған сарайға қойды. Сонан соң
табыттарды дезинфекциялайтын ерітіндімен шайып, лазаретке қайтып апарды, бұл
қарекет қанша қажет болса, сонша қайталанды. Бұл істің үлгілі жолға қойылғаны
сондай, префект бірнеше мәрте қанағат сезімін білдірді. Ол тіпті Риэге обаға
арналған ескілікті жылнамаларда қарапайым арбаларға мәйіттерді артып алып
молаға апара жатқан негрлердің суретін көргенін, оған қарағанда жерлеуді біздегі
ұйымдастыру әлдеқайда жетілдірілгенін айтады.
- Рас, жерлеудің бәрі сондай, - деп келісті Риэ. - Бізде тек оған қоса кәртішкелер
толтыру керек болады. Әйтпесе ілгерілеушіліктің бары анық.
Бұл саладағы жетістіктердің бәріне қарамастан префектураның жерлеу кезінде
туысқандарының қатысуына тыйым салуына тура келді, өйткені уақыт өте келе
жерлеу ғұрпы недәуір ұсқынсыз тарта бастады. Туысқандарға зират қақпасына
дейін ғана келуге рұқсат етілді, оның өзі де ресми емес. Бүл өзгеріс жерлеу рәсімінің
қорытынды бөліміне қатысты жасалды. Зираттың шет жағындағы ұйысқан бұға
өскен бос жерден үлкен екі ор қазылды. Бір ор - ерлерге, екіншісі әйелдерге арналды.
Бүл мәселе әкімшілік алғаш әдеп салтын сақтап, сосын біраз кейінірек қалыптасқан
жағдайға байланысты сыпайылықты тастап, өлгендерді еркек, әйеліне қарамай
топтап бір жерге көме бастады. Бір жақсысы -бұл ақырзамандық ағаттық
ауыртпалықтың аяғына ғана тап келді. Оған дейін бөлек бөлек қабір қазып
жерлегендеріне префектура әжептәуір мәз боп мақтанып жүретін. Әрбір ордың
түбінде қалың ғып құйылған сөндірілген әк бұрқ-бұрқ етіп жататын. Олардың
шетінде сондай әктердің үйіндісі жататын, олар ауаның әсерінен бұрқылдап,
көпіршіп тұрады. Көлік қатынасы аяқталған кезде сарайдан зембілдерді шығарып,
оларды бір-біріне жанастыра тізіп сәл бүріскен жалаңаш денелерді орға тастап,
үстінен жаңадан әк құйып, оны топырақпен жауып, келесі көмілгендерге орын
қалдырып отырады. Келесі күні туысқандарын шақыртып, тіркеу кітапшаларына
қол қойғызып алады, мұның өзі, айталық, итке дейін бақылап отыратын адамдар
арасындағы айырмашылықты айғақтағандай еді.
Осы қарекет-қимылдың бәріне кісі керек, күн асқан сайын солар жетпей қала ма
деген қауіп күшейе түседі. Алғаш кәсібилерден құралған, кейін сырттан алынған
санитарлар мен қабіршілердің көпшілігі обадан опат болды. Қалай сақтанып, қандай
амал жасаса да жұқпалы ауру өз дегенін істеді. Жақсылап ойлансақ, ең ғажабы індет 
етек алған кездің бәрінде де ынталылардың табылғаны. Сын сағат аурудың
деңгейі ең биікке көтерілерден сәл бұрын туды, сондықтан Риэнің алдын ала дабыл
көтеруі өте орынды болды. Білікті қызмет былай тұрсын, қара жұмысқа да адам
қолы жетіспеді. Алайда оба қаланы әбден жайлап, билеп-төстеп алғанда, оның
шетіндігінің өзі пайдаға шешілді. Індетке байланысты Оранның бүкіл экономикалық
өмірі сансырап, мұның өзі жұмыссыздар санын өсіріп жіберді. Олармен
мамандардың орнын толтыруға болмағанымен, қара жұмысқа қатып кетті.
Шынында да, дәл осы күндері қайыршылық үрейден де күшті болып шықты, өйткені
еңбекақы қауіпке бел байлауына қарай төленді. Санитарлық қызметтің жұмыс күтіп
жүргендер жазылатын өз тізімі болды, бос орын болса-ақ тізімде бірінші
тұрғандарға телефон соғылып, тірі болса ол табан аузында жетіп келіп отырды.
Сондықтан қосалқы жұмыстарға тұтқындарды жегуге ұзақ уақыт бел байлай
алмаған префектура шетін шаралар қолданудан құтылды. Жұмыссыздар барында
күте тұруға болады деп санады ол.Жаман болсын, жақсы болсын тамыздың аяғына
дейін біздің азаматтар өздерінің мәңгі тұрағына айтарлықтай болмағанмен де,
үлгілі тәртіппен жөнеліп, билік орындары өз борыштарын орындадық деп көңілін
демдеді. Алайда, сәл ілгері озып, жерлеуді басқаратын қызметтің перде сыртында
тағы қандай шаралар қолдануға мәжбүр болғанын айта кеткен абзал Тамыздан
бастап індеттің сол тұстағы шарықтауына орай құрбандардың саны шағын
зиратымыздың мүмкіндігінен недәуір асып кетті.
Қоршаудың бір бөлегін алып тастап, төңірегіндегі біраз жерді өлгендердің
билігіне бергенмен де, тез арада басқа мүмкіндіктер іздестіруге тура келді. Бастапқы
бетте жерлеуді түнде ұйымдастыру шешілді, мұның өзі қызметшілерді басы артық
шегіндіктен арылтып, машиналарға мәйіттерді толғанша тиеуге мүмкіндік берді.
Комендант сағаты енгізілгеннен кейін тыйым салынғанына қарамастан,
шаруасымен кешігіп қалған (немесе қызмет бабымен түнде жүруге мәжбүр болған)
бәз біреулер ақ түспен сырланған ұзын машиналардың қатты гүрілі қараңғы
көшелерді жаңғырықтырып, бар пәрменімен жүйткіп бара жатқанының куәсі болды.
Сосын мәйіттер асығыс-үсігіс орға тасталды. Олар бірінің үстіне бірі былш ете түсіп,
бет-аузы еріген әкке көміліп жер жарықтық осынау атсыз-атаусыздардың бәрін
жасырып, енді әдейі терең қазылатын орлар жұтып жатты.
Араға біраз уақыт салып, дегенмен, жаңа жолдар іздеп, жаңа шептерге шығуға
тура келді. Префектураның бұйрығымен ескі қабірлер қозғалып, қазып алынған
мүрделер пешке жағылды. Ұзамай обадан өлгендердің мәйіті өртеле бастады. Бұл
мақсат үшін қаланың шығыс бөлігіндегі, қақпаның сыртында тұрған қоқыс өртейтін
пеш қайта жабдықталды. Күзеттерді әрірек әкетті, ал мэрияның бір қызметшісі
әкімшілік жұмысын жеңілдетер ұсыныс жасады, оның ақылымен өлік тасуға бұрыш
тау жолымен теңіздің үстімен жүретін теңізге баратын, қазір тоқтап тұрған трамвай
пайдаланылатын болды. Ол үшін тіркеме мен мотор вагонындағы орындықтар алып
тасталып, трамвайлар бұл желідегі ақырғы аялдама - қоқыс өртейтін стансаға дейін
жіберілді.
Жаздың аяғында, күзгі нөсерлердің төпелейтін тұсында көгілдір түн қойнын
тілгілеп, тау жолымен жолаушысыз трамвайлар легі сылдырлап, шиқылдап теңіз
үстімен кетіп бара жатқанын күн сайын көруге болатын еді. Ақыр аяғында
тұрғындар бұның не екенін тіміскілеп білді. Күзет тобының текшеге жақындауға
тыйым салуына қарамастан кісілердің кейбір тобы толқын ұрып жатқан
жартастарды бойлап барып жанынан өткен трамвайдың тіркемесіне гүл шоқтарын
жиі лақтырып жүрді. Жазғы түндерде мүрделер мен гүлдер тиелген трамвай
вагондарының сылдыры бізге де жетіп жатты.
Бастапқы кезде жүрек айнытатын қою түтін қаланың шығыс қотандарын торлап
тұратын. Дәрігерлердің бірауыздан дәлелдеуіне қарағанда, бұл булану мың жерден
жағымсыз болса да ешқандай зиян келтірмейді. Алайда бұл қотандардың
тұрғындары оба аспаннан жауып жатқандай көріп, үйреніскен жерін тастап басқа
жаққа көшпек болды, сондықтан күрделі түтінтұтқыш жүйе жасауға тура келіп, жұрт
сол іске қосылғасын ғана басылды. Тек дауылды жел күндері ғана шығыстан ұратын
сасық иісті толқын енді біздің бәріміз де жаңа тәртіп жағдайында өмір сүретінімізді
және оба жалыны әр кеш сайын өз сыбағасын талап ететінін еске салады.
Шырқау шыңына шыққан обаның зарары мен салдары осындай. Алайда, бақытқа
орай, індет тұрақтады, демек қала көкелерінің қиялы, префектураның тапқырлығы,
яғни бұйрық шығаруға шеберлігі, тіпті пештердің өткізу қуаты сарқылуға жақын
деп ойлау ләзім. Риэ торығудан туған тағы бір жаңа жобалар ұсынылды деп естіді,
мәселен, біреу мәйіттерді теңізге тастау керек депті. Дәрігердің қиялы көк толқында
қайнаған қорқынышты көбікті оп-оңай көз алдына елестетті. Егер өлгендер саны
арта беретін болса, кез келген, тіпті ең мүлтіксіз ұйымның өзі дәрменсізденіп
қалатынын, жұрттың топ-тобымен қырылып, префектураның күллі айла-амалына
қарамастан мәйіттер көшелерде іріп-шіріп, қала бульварлары мен алаңдарда өлгелі
жатқандар әбден түсінікті өшпенділікпен және ессіз үмітпен тірілердің етегіне
жармасып жатқанын көретінін ол жақсы біледі.
Қалай болғанмен де, осынау айқындық пен абайлаушылық біздің азаматтардың
бойындағы қуғындалу мен бөлініп қалу түйсігін күшейте түсті. Осы тұрғыдан,
әңгімешінің өз хамсасын әсерлі беттермен жеткілікті безендіре алмағаны, мәселен,
сергек серпін берер қаһарман бейнесін сомдамағаны немесе ежелгі хикаяларда
кездесетіндей шығаннан шыққан оқиғалардың жоқтығы өкінішті-ақ, оны өзі де өте
жақсы түсінеді. Демек, бақытсыздық суретінен әсерсіз ештеңе жоқ, ең ұлы
ауыртпалықтың өзі бірсарынды, ұзаққа созылғандықтан толықтырып, қамықтырып
тастайды. Обаның үрейлі күндерін бастан кешіргендердің жадында олар қаһарлы да
қатерлі өрт бейнесінде емес, бәрінен бұрын барлығын астына басып алып, бір
орынды ұшы-қиырсыз таптау болып қалады.
Жоқ, обаның дәрігер Риэнің індет басталғаннан-ақ қыр соңынан қалмаған есте
қалар көріністермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бәрінен бұрын оба баз бір
әкімшілік тетік болды. Болғанда да аса сақ әрі мүлтіксіз барлық жағдайда қалтқысыз
қызмет істейтін тетік. Әңгімеші ақиқат алдында күнә жасап алудан жасқанып, ең
бастысы - өзіне өзі қарсы шығудан сескеніп, бірінші кезекті әділдікке ұмтылды.
Стилінің әсемдігі үшін, кейбір мазмұндау өрнегіндегі әнтек талаптар болмаса,
ештеңеден де тайынған жоқ. Тұп-тура әділдіктің өзі, қазір осы дәуірдің ең ұлы
азабы, баршаға ортақ ең терең уайым-қайғысы -айырылысу болса, обаның осы
сатысындағы жаңа сипатын барынша пәк ар-ожданмен суреттегісі келсе, онда бұл
қайғы-қасірет алғашқы арынынан айрылғанын жасырмауды бұйырар еді оған.
Біздің ағайындар, әсіресе, бұл бақытсыздықтан бәрінен көп азап шеккендері, өз
жағдайына үйреніп, еті өліп кеткен жоқ па екен? Бұлай деп үзілді-кесілді пайымдау
әділетсіздік болар еді. Олар тән азабынан гөрі жан азабын көбірек тартып, ең
алдымен, ой-болжамдарының таяныш тірексіздігінен жапа шекті деген дәлірек
болар. Індеттің басында қиял шіркін қапияда көз жазып қап, уайым жегізген жақын
пендені айқын суреттеуші еді. Ал, олар сүйкімді жүзін, таныс күлкісін кейін ең бір
бақытты шағым деп білген күндерін есінде айқын сақтаса, енді сүйіктісінің сонау
алыс өлкеде дәл қазір не істеп, не қойып жатқанын анық елестете алмайды. Жалпы
осы кезеңде олардың жады жұмыс істейді де, ой-қиялы шабан тартады. Обаның
екінші сатысында жады да өшеді. Бұл олардың сүйікті жүзін ұмытқанынан емес, жоқ
бейненің өзі бұлдыр тартып, қайтып оны жүрек түкпірінен таба алмауынан туады.
Індеттің алғашқы апталарында олар өз махаббаты бар қыр-сырымен көлеңкеге
айналып кетті деп шағынса, кейін сол көлеңкенің өзі тексізденіп, жады болмашы
белгісіне дейін киедей көріп сақтап жүргендердің бәрі буалдыр тартып, бара-бара
ғайып болады. Демек, шексіз айрылысудың аяғына қарай олардың баяғы
жақындықты да, сүйікті пендесімен бір кезде қоян-қолтық жақын тұрып, кез келген
сәтте қолына қолын тигізетінін де елестетуге шамасы келмей қалады.
Егер іске осы тұрғыдан қараса, олар обаның күнделікті, сондығынан да пәрменді
тәртібіне кірігіп, әбден дағдыланып кетеді. Сол себепті ешқайсымызда да ұлы сезім
қалған жоқ. Оның орнына бәрі дерлік бір болбыр сүлесоқ сезімнің құшағында жүрді.
Бәрі де тезірек бітсе екен деп, көкірегі қарс айрылды ағайындарымыздың, өйткені
ауыртпалық кезінде ортақ қайғы-мұңның ақырын тілейтін ежелгі әдет, оның үстіне
олар бұл алапаттың аяқталуын шынымен-ақ тіледі. Алғашқы апталардың адуын
ашуының орнын меңіреу немқұрайдылық басты, оны әсте де бағыныштылықпен
шатастыруға болмайды, бірақ екеуі де уақытша амал екенінде дау жоқ.
Біздің азаматтар кезеңге бағынды, дәлірек айтқанда, бейімделді, өйткені басқа
лаж қалмады. Олардың сырттай қайғы мен уайым мұқалтқан кісілер екені белгілі,
бірақ бірінде де алғашқы күйзеліс жоқ. Алайда дәрігер Риэ ең басты қасірет осы
дейді, торығудың өзінен торығуға үйреніп кету жаман. Бұрын бөлек тұрғандар
ақыр-тақырына дейін бақытсыз болмайтын, олардың азап-қайғысының өзінде
жылт еткен үміт ұшқыны бар-тын, қазір ол да сөнді. Ал қазір оларды қайда
кездестірсең де, мейлі көше қиылысында не достарының үйінде болсын, сабырлы не
алаңдаулы қалпында да көздері сондай мұңлы көрінеді, соған қарап біздің қала басы
бүтін күту залына айналып кеткен бе деп қаласың. Шұғылданар шаруасы барлардың
өзі оны обаның ырғағында мұқият, бірақ жарқылдамай атқарады. Жұрттың бәрі
шетінен иіс алмас момын болып алды. Өмірінде алғаш айрылысқандар өзінің
жанында жоқ сыңары туралы таныстарымен ештеңе болмағандай тым жайбарақат
сөйлеседі және сөздері де жаттанды, бөлек тұруларын өлім-жітімнің санымен
бағалайтындары да қызық. Тіпті осы уақытқа дейін өзінің уайым-қайғысын ортақ
қасіретпен шатастырмауға жанталасып келгендердің өзі қазір теңгермешілікке
кетті. Жады мен үмітінен айырылғандар қазіргіге, бүгінгі күнге табандап тұрып
қалды. Шынын айтқанда, көз алдында барлығы да бүгінгі боп кетті. Оба бірін де
қалдырмай, бәрін махаббат пен достықтан айырды деуге болады. Өйткені махаббат
тамшыдай болса да болашақты талап етеді, ал біз үшін тек қазіргі сәт қана бар.
Бұның бәрі недәуір тұрпайыландырылғаны өз-өзінен түсінікті. Өйткені бөлек
тұрып мұңға батқандардың барлығы, әділдігін айтқанда, бұндай халге бір мезгілде
келген жоқ, олар жаңа жағдайға үйренісіп кеткенмен, ойламаған жерде ой оянуы,
күтпеген кезде қайта оралу, кездейсоқ айығу - сезімнің сонылығы мен осалдығын
қайта-қайта сілкінтіп, өткенді еске түсірді. Осы сәттер оларға қажет те болды, бүгінгі
күннің күйбеңінен қолы босағанда соларды көз алдына келтіріп, оба тоқтағандай-ақ
келер күндерге жоспар құрды. Сондай-ақ дерексіз қызғаныштың тұтқиыл шаншуы
да қажет болды, ол шамырқантып жақсылыққа ұмсынтты. Қайта түлеп жаңғырудың
осындай күтпеген кезеңін басқалар да бастан кешіріп, аптаның белгілі бір күндері
болса да томаға-тұйықтықты сыпырып тастап, әсіресе сенбі мен жексенбінің
кешінде баз бір отбасы салтына байланысты өткізілетін шараларды еске түсірді.
Болмаса әсіресе кешкілік меңдеп кететін сағыныш, өзін-өзі ұдайы ақтамаса да, жады
қайта оралар деген үмітке жетелейді. Католиктер өз ар-ожданы алдында арылып,
ғибадат қылатын кешкі мезгіл тұтқындағы мен қуғындағы пенделер үшін өте ауыр,
олардың бос кеңістіктен басқа табынары жоқ. Осылай олар бір сәтке дүр сілкініп,
сосын қайта қатыгездік шеңгеліне түсіп, обамен тұйықталады.
Ал бұл өзіндік атаулының бәрінен бас тарту екенін, шамасы, оқырман түсінген
болар. Індеттің алғашқы күндері олардың көңілі басқалар үшін еш мәні жоқ
болмашы нәрсені дық алса, өздері үшін сондай мәнді сол болмашылар жиынтығы
өмір тәжірибесін толықтырып отырса, ал енді, керісінше, оларды басқалар, ықылас
аударғандар ғана қызықтырып, ортақ идеялар шеңберінде шыр айналып, тіпті
махаббаттың өзі басқа қияпатқа ие болды. Осылардың өздерін обаның уысына
ұстатып қойғаны сондай, кейде тіпті сол сыйлаған түске сеніп: "шаптың безі
шошыса шошысын, тек бәрі бітсінші" деп бебеу қағатын болды. Ұйықтағанның
өзінде де оларға мынау ұзақ кезең іс жүзінде шегі, шеті жоқ түс сияқты болып
көрінді. Қаланы кілең шала оянған ұйқышылар мекендеген сияқты, олар тағдырдың
матасқан торынан сирек құтылып, тек түнде жазылып келе жатқан жарасының аузы
ашылып кеткенде ғана оянатын тәрізді. Ауырсына оянған олар нажағай
жарқылымен көзіне түскендей жаңғырған қайғы-мұңымен қоса өз махаббатын,
абыржыған жүзін көріп, ісінген ернін жалайды. Ал ертеңгілік бәрі ауыртпалыққа,
дәлірек айтқанда, ескілік әдетіне мойнын тосады.
Алайда оқырманның әлгі айырылысу шерменделері сырт көзге қалай көрінуші
еді деп сұрайтын шығар. Қалай көрінуші еді - кәдуілгідей, қажет десеңіз, жұрттың
бәрі сияқты көрінетін, түрі де барлығымызға ортақ жалпы пішін, күллі қала сияқты,
балалық аңқаулық пен әбігерлік жағдайында өмір сүрді. Салқынқанды болып
көрінемін деп сыншыл сезім сыңайынан айырылды бәрі. Мәселен, ақылды деген
адамдардың өзі айналасындағылардың дүрмегіне еріп, індеттің тез жойылуы
туралы ишаратты газеттер мен радиохабарлардан іздеп, баз бір журналистің есінеп
отырып жазғанына үміт артып, кейде тіпті қауіп ойлап отырғанын байқауға
болатын еді. Ал қалған қарекетінің бәрінде сырасын ішіп, ауруын күтіп, болмаса
қара тер болып статистикалық кестелер құрастырып, қала берді күйтабақ тыңдап
күн кешті, бір-бірінен сонысымен ғана дараланды. Басқаша айтқанда, басқаша
ештеңе қалаған жоқ. Оба оларды бағалай білушілік қабілетінен айырды. Мұның өзі
еш пенденің сатып алған киім-кешегі мен азық-түлігінің сапасына зер салмауынанақ көрінді. 
Барлығын талғамай қабылдайтын болды бәрі.
Бұл мәселені тәмамдау үшін айрылысу шерменделерінің ең қызық
артықшылығынан көз жазып қалғанын қосар едім. Олар махаббаттың өзімшілдігін,
содан туындайтын оның артықшылығын жоғалтып алды. Оның есесіне жағдай
айқын болды, бақытсыздықтың соқпаған ештеңесі қалмады. Біздің бәріміз де қала
қақпасында атылған мылтықтың гүрсілі астында, өміріміздің ырғағы мен
жерленуіміздің жайын айқындайтын штемпель тықылының астында, өрт-жалын
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оба - 11
  • Parts
  • Оба - 01
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2250
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 02
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2228
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 03
    Total number of words is 3959
    Total number of unique words is 2234
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 04
    Total number of words is 3849
    Total number of unique words is 2285
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 05
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 06
    Total number of words is 3892
    Total number of unique words is 2357
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 07
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 08
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2098
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 09
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 10
    Total number of words is 3779
    Total number of unique words is 2314
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 11
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2253
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2189
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 13
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2252
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 14
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2244
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 15
    Total number of words is 3978
    Total number of unique words is 2285
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 16
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2159
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 17
    Total number of words is 2963
    Total number of unique words is 1787
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.