Latin Common Turkic

Оба - 04

Total number of words is 3849
Total number of unique words is 2285
33.2 of words are in the 2000 most common words
45.7 of words are in the 5000 most common words
53.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
оқыған күні ертеңгілік, - мынау егеуқұйрық оқиғасы көптеген басқа адамдар сияқты
оны да дұрыс жолдан жаңылыстырып жіберген болар. Бәлкім ол жалпы жұқпалы
кеселден қорқатын шығар.— Қорқа қоймас, - деп үн қатты Гран, - егер, дәрігер, менің
пікірімді білгіңіз келсе...
Терезенің түбінен құлақты жарардай гүрілдеп егеуқұйрықтарды қыратын
қызмет машинасы өтті. Үндемей отырған Риэ машина гүрілі ұзаған соң Граннан
Коттар туралы пікірі қандай екенін абдыраңқырап сұрады.
— Бұл кісінің арын азаптайтын бірдеңе бар, - деп қалды Гран.
Дәрігер иығын қиқаң еткізді. Анада "бұның ісі онсыз да жетеді" деп полиция
комиссары дұрыс айтқан.
Кешқұрым Риэ Кастельмен әңгімелесті. Ауруға қарсы егетін дәрі, яғни сыворотка
әлі келмепті.
― Ал соның өзі көмектесе ала ма? - деп сұрады Риэ. - Үйренбеген бацилла ғой.
— Білгіңіз келсе, менің пікірім басқаша, - деп қарсылық білдірді Кастель. - Анау
мақұлықтарыңның түрі қашанда әдеттен тыс сұмпайы ғой. Ал шынтуайттап
келгенде, бәрі бір сөз.
— Дәлірек айтқанда, бұл сіздің топшылауыңыз. Ал шын мәнінде біз жарытып
ештеңе біліп жатқан жоқпыз.
― Түсінікті, топшылау ғана. Бірақ басқалар да топшылап отырған жоқ па.
Күн ұзақ дәрігер ептеп басы айналғанын сезіп жүрді. Оба туралы ойласа-ақ
болды, басы айналады. Ақыр аяғында ол үрейленетінін мойындауға мәжбүр болды.
Аузы мұрнынан шыға лық толған дәмханаға екі рет кірді. Коттар сияқты ол да адам
ілтипатын, жылы қабақты қажетсінді. Риэ бұны әбестік деп санады да, сондықтан
бүгін делдалға кіріп шығамын деген уәдесін есіне алды.
Кешкісін дәрігер Коттарға кіргенде, ол ас үйде үстелдің жанында тұр екен. Үстел
үстінде беті ашылып детективті роман жатыр. Қас қарая бастаған кез ғой, оқуға
қараңғы. Ең дұрысы, осының сол ғана алдында Коттар үстел басында отырып осы
ымырт жайында ойлаған еді. Риэ оның саулығын сұрап, көңілін білді. Коттар отыра
беріп, "тәуір" деп бұрқ етті де, ешкім мазаламаса тіпті жақсы болар еді деді. Риэ адам
өмірбақи жалғыз қала алмайды деп ескертті.
— Жә, жоқ, ол жайында айтып тұрғаным жоқ. Мен кісіге көбірек жамандық
жасаумен айналысатындар туралы айтып тұрмын.
Риэ үндей алмай қалды.
― Есіңізде болсын, мен өзім туралы айтып тұрған жоқпын. Міне, мына романды
оқыдым. Бірде ай-шай жоқ, бір сормаңдайды ұстап әкетеді. Бақса оны торып жүреді
екен, ал бұл оны білмейді. Ол туралы талай бюроларда сөз қозғап, есімін кәртішкеге
де кіргізіп қояды. Олай болса, сіздіңше, осы әділдік пе. Демек, жұртқа адаммен ойына
келгенін істей беруге болады екен ғой?!
— Бұл енді жағдайға байланысты, - деді Риэ. - Бір есептен сіздің айтқаныңыз
дұрыс, ойына келгенін жасауға болмайды. Ал бұл бөгде, екінші кезектегі мәселе.
Мәңгі қамалып отыруға болмайды. Жиі-жиі шығып тұру керек. Коттар шынымен
шамданып күн сайын көшеге шығып тұратынын, күмәнданса осы қотанда оны
куәландыратын кісілер табылатынын айтты. Оның тіпті бұл қотаннан басқа жерде
де таныстары бар.
― Риго мырзаны, архитекторды білетін боларсыздар. Біз онымен доспыз.
Бөлмеде қараңғылық бірте-бірте қоюлана бастады. Шеткі көше жанданып,
төменнен шыққан қатты дауыс жарқ етіп жанған шамды қошеметтегендей болды.
Риэ балконға шықты, Коттар да соңынан ілесті. Шеткі қотандардың бәрінен,
қаламыздың күнде кешкі әдетінше, самал жел үн-сыбысты, қуырылған еттің иісін
айдап, еркіндіктің қуанышты да қошеметті самбыры - жастардың шуына толы
көшені арнасынан асырып жіберді. Осыдан сәл ғана бұрын Риэ мынау сүйкімді кешкі
шақты - іңір қараңғылығын, бұл арадан көзге шалынбайтын кемелердің қырылдақ
айқайын жақсы көруші еді. Теңізден көшені қақ жарып келе жатқан дабыра-шуды да
ұнататын. Ал бүгін ол барлығын бес саусағындай біліп отырғанда бірдеңе мүжіп
жаны жай таппай қойды.
— Бәлкім, жарықты жағармыз? - деді Коттар.
Электр жарығы жарқ ете қап, Коттар көзін жыпылықтатып дәрігерге қарады.
― Айтыңызшы, дәрігер, егер мен ауырып қалсам, ауруханаңызға алар ма едіңіз?
— Неге алмаймын...
Осы арада Коттар клиникада немесе ауруханада емделіп жатқан адамды
тұтқындайтын жағдай бола ма деп сұрады тағы да. Кей жағдайда ондай да болады,
бірақ аурудың хал-ахуалы ескеріледі, деп жауап берді Риэ.
― Сізге сенемін, - деді Коттар.
Сосын ол дәрігер өз машинасымен қаланың орталығына дейін жеткізіп салмас па
екен деп өтінді.
Орталықта көшедегі тобыр онша қалың да емес, жарық жаңа сиреген сияқты.
Бірақ үйлердің кірер аузында балалар әлі шулап жүр. Коттардың өтініші бойынша
Риэ машинасын балалар топырлап жүрген тұсқа тоқтатты. Олар алақайлап сынып
ойнап жүр екен. Шашын әсем қырықтырып жылтырата тараған, бірақ сатпақ-сатпақ
біреуі жасқантардай мөлдір көзін Риэге қадап қапты. Риэ жерге қарады. Коттар
машинадан шығып, табанжолдың жиегінде тұрып дәрігердің қолын қысты. Ол
қырылдақ булығыңқы үнмен сөйледі. Әңгімелесіп тұрып және жан-жағына
жалтақтай берді.
— Мына жұрт індет деп шуласып жүр, онысы шын ба, дәрігер?
― Жұрт жоқ-барды қашанда шатпақтай береді, онысы түсінікті де, - деп жауап
қатты дәрігер.
— Сіздікі жөн. Ең көп болса оншақты-жиырма шақты кісі өлер, ондай шығын
болмай тұрушы ма еді! Жоқ, бізге керегі бұл емес.
Мотор тұншыға гүрілдеді. Риэ алақанын шапшаңдыққа салар тұтқада ұстап
отырған. Ал екі көзі бағанағы қадала қараған балада, ол да қалпын бұзбай сол
баяғыша маңғазданып қаздиып тұр.
― Ал, сіздіңше, бізге керегі не? - деді дәрігер жауап қайтарудың орнына сұрақ
қойып.
Коттар кенет машинаның есігінен ұстай алып, кетер алдында ызалы үнмен айқай
салды, даусы көз жасымен дірілдей шықты.
— Зілзала, керегі, міне, сол! Жер және қаттырақ сілкінсе. Алайда ертеңіне
ешқандай зілзала болған жоқ. Риэ бар күнін қаланы аралаумен, емделушілердің
туысқандарымен әңгімелесу, емделушілердің өзімен дауласу сияқты шым-шытырық
қарекетпен өткізді. Оған дәрігердің кәсібі бұған дейін дәл осындай қиын көрінген
емес. Күні осы уақытқа дейін оған басы бүтін сеніп, жұмысын аурулардың өзі
жеңілдетіп келген екен. Енді ол дәрігерлік тәжірибесінде тұңғыш рет
емделушілердің тылсым тұйықтығына тап болып отыр: өз сырқатының тереңіне
тұншығып олар бұған біртүрлі сенімсіздікпен қарайтын болды. Ол дағдыланып
үлгермеген күрес басталды. Сағат ондар шамасында мәшине келіп, демікпе шалдың
үйінің алдына тоқтағанда ол орындықтан әрең тұрды. Бұны кеп қарауды Риэ әдейі
соңына қалдырған-ды. Қараңғы көшеге, жұлдыздары бірде жанып, бірде сөніп
тұрған күңгірт аспанға қарап ол кідіре берді. Демікпе шал оны төсегінде күтіп отыр
екен. Демалысы жеңілдепті, әдетінше бұршақтарды бір кастрөлден екіншісіне
ауыстырып салумен әуре. Дәрігерге ол тіпті көңілдене қарады.
― Демек, дәрігер, тырысқақ ауруы басталды ғой?
— Оны қайдан алдыңыз?
― Газеттен оқыдым, радиодан да хабарландырып жатыр.
— Жоқ, бұл тырысқақ емес.
― Біздің білгіштер тағы да бәрін дабырайтқан екен ғой, - өрекпи үн қатты қария.
— Ал сіз оларға сенбеңіз, - деп ақыл берді Риэ.
Ауруды қарап болып ол енді жұтаң жиһаздалған асүйдің ортасында отыр. Оны
енді үрей билей бастады. Қаланың осы шетінде ертең-ақ шабындағы ісіктен көз
айырмайтын ондаған аурулар күтетінін ол біледі. Екі-үш без ісігін тілгеннің өзінде
нәтижесі ойдағыдай болмай шықты. Ал аурулардың көпшілігі үшін үміт дүниесі
аурухана ғана. Ал ол дәрігер ретінде кедейдің ұғымындағы аурухананың не екенін
біледі. "Олардың оған тәжірибе жасауын қаламаймын", - деп мәлімдегені бар бір
аурудың әйелі. Оған ешқандай тәжірибе жасамайды олар, ол өледі де бәрі бітеді.
Жақсы шаралар жетіспейтіні көрінеу көзге ұрып тұр. Ал "арнайы жабдықталған
палатаның" не екенін, өзге-өзге, Риэ өте жақсы біледі: екі корпусты жұқпалы емес
аурулардан тазартады, терезелерін торлайды, сосын айналасына санитарлық
тосқауыл қояды. Егер індет өз-өзінен өшпесе, бұл тектес әкімшілік шарамен оны
аластауға болмайды.
Әйткенмен кешкі ресми хабарлар әлі де үміт-сенімге толы болды. Ертеңгілік
Құжхабар агенттігі префектураның өкімін тұрғындар асқан ықыласпен қарсы алды
деп жариялады және аурудың отыз оқиғасы туралы хабарланды. Кастель Риэге
телефон шалды:
― Корпустарда қанша төсек бар?
— Сексен.
― Ал қалада отыздан астам ауру бар деп ұғыңыз.
— Иә, көпшілігі қорқып қалған, ал басқаларына келсек, ауырғандар әлдеқайда
көп, тек хабарлап үлгермей жатыр.
― Өлгендерді жерлеу бақылана ма өзі?
— Жоқ. Мен Ришарға телефон соғып, құр даурықпамен уақыт оздырғанша аса
қатаң шаралар қабылдау керек, сөйтіп індетке қарсы нағыз тосқауыл қою шарт,
өйтпесек жалпы ештеңе істемей қол қусырып отырған жақсы, - дедім.
― Иә, одан әрі?
— Оның тиісті өкілдігі жоқ. Ал, меніңше, ауру өрши түседі.
Айтқаны айдай келмесін бе, үш күннен кейін екі корпустың екеуі де ауруларға
лық толды. Ришардың мәліметіне қарағанда, мектепті жауып, онда қосалқы лазарет
ашпақ көрінеді. Риэ қарсы егер дәріні күте жүріп, шап ісіктерін жаруын тоқтатқан
жоқ. Кастель жалғанның жарығына күллі ескі кітаптарын шығарып, кітапханада
сағаттап отырды.
― Егеуқұйрықтар обадан, болмаса соған ұқсас бір аурудан қырылды, - деген
қорытындыға келді ол - Олар бүргелерді, ондаған мың бүргелерді таратып
қырылды, оған қарсы дер кезінде шара қолданбаса, індетті геометриялық
прогрессиямен таратады.Риэ үндеген жоқ.
Зайыры, бұл күндері ауа райы түзелсе керек. Күн соңғы нөсерден кейін тұрған
қақ суын жұтып қойды. Барлығы тыныштыққа ұйыған сынды - таңғажайып көгілдір
аспан, одан құйылған жалқын нұр, лыпып келе жатқан ыстықтың арасынан естілген
ұшақ гүрілі - бәрі соның айғағындай. Бұл екі арада, әсіресе соңғы төрт күнде ауру
қарыштай қарғып, алғаш он алты, сосын жиырма төрт, жиырма сегіз, отыз адамның
өмірін қырқып түсті. Төртінші күні балабақшада қосымша лазарет ашылғаны
жарияланды.
Риэ префектің өзіне телефон соқты.
— Қабылданған шаралар жеткіліксіз.
― Маған ақпар беріп еді, шын мәнінде де жағдай алаңдатарлық екен,- деді
префект.
— Жағдай алаңдатарлықтан да бетер, оған еш күмән болуға тиіс емес.
― Генерал-губернатордың бұйрығын алдыртайын.
Риэ сол арада Кастельге телефон шалды.
— Бұйрық дейді! Бұл жерде бұйрықтың қажеті жоқ, ой-толғам керек.
― Сыворотка хақында не хабар бар.
— Келесі аптада келеді.
Дәрігер Ришар арқылы префектура Риэнің баяндама жасақтауын өтінді, оны отар
астанасына жіберіп, нұсқау алдырмақшы. Риэ баяндамада деректі сандарды тізіп,
аурудың клиникалық сипаттамасын қоса жазды. Сол күні қырыққа жуық өлім
тіркелді. Префект сол күннен бастап, нар тәуекелге басып қатаңырақ шаралар
қолдануға бел буды. Бұрынғыша аурудың барлық көрінісі туралы хабарлап отыру
қалалықтарға міндеттелді де, ауырғандар міндетті түрде оқшаулауға жатты. Ауру
шыққан үйді тазалап, дереу дезинфекциялау жүктелді, аурумен аралас-құралас
болған кісілер карантиннен өтуге тиіс болды. Префектураның айрықша нұсқауымен
өлгендерді жерлеумен қала өкіметі айналысады. Енді бір күннен кейін ұшақпен
сыворотка да келді. Ауырғандарды емдеуге ол жетіп жатыр. Ал індет таралатындай
болса, оның жетпейтіні айқын. Дәрігер Риэнің телеграфпен жіберген сауалына ол
дәрінің қоры бітіп қалды, жаңасын әзірлеуге кірісті деген жауап келді.
Бұл екі ортада қала шетінің бәрінен базарларға көктем келіп түсті. Табан жолдың
ұзына бойына тізілген мыңдаған райхан себеттерде солды, қала үстінде гүлдің
жұпар иісі тұнып тұрды. Сырттай ештеңе де өзгермеген тәрізді. Бұрынғысындай
қауырт сағат кезінде трамвайлар аузы-мұрнынан шығады да, күндіз кір-кір болып
қаңырап бос жүреді. Тарру бұрынғысынша шалын қадағалап, шалы бұрынғыша
мысықтарға түкіреді. Баяғыдай Гран кешкілік үйіне өзінің жұмбақ еңбегіне асығады.
Коттар қаланы шарлап, тергеуші Отон мырза үйіндегі аңдарын жаттықтырады.
Демікпе шал әдетінше бұршақты бір кастрөлден екіншісіне ауыстырып салып әуре.
Көшелерде жұрт жан-жағына қызыға көз тастап маңғаз басып жүре беретін
журналист Рамберді кездестіреді. Кешкілік сол тобыр табанжолдарда ұйықтап,
кинотеатрлардың алдында иін тіресіп кезекте тұрады. Айтқандай, індет айылын
жинады, соңғы күндері оншақты ғана өлім болды. Содан соң өлім тағы да күрт
көбейіп кетті. Қайтадан отыз өлім тіркелген күні Бернар Риэ префект өзіне дербес
тапсырған ресми арызхатты қайталап оқыды. "Қорқыт дегенде, осылай қорқыт деп
пе едім" деп жазылған арызхат мынаны мәлімдепті: "Оба індеті туралы ресми
жариялансын. Қала жабық деп саналсын".


ЕКІНШІ БӨЛІМ

Сол сәттен бастап оба біздің ортақ ісімізге айналды деп батыл айтуға болады.
Бұған дейін ағайындарымыз шектен шыққан оқиғалардан туған үрей мен түйткілге
қарамастан бұрынғы орындарынан тырп етпей, өз шаруасымен шұғылданудан бір
танбаған. Әлбетте ол солай жалғасып жүре беруі де тиіс еді. Алайда қала қақпасы
таре жабылуы мұң екен, барлық тұрғындар, ішінде әңгімелеуші де бар, бірі қалмай
кенеттен торға түсіп қалғанын байқап, енді соған бейімделіп тірлік жасауға кірісті.
Ой жүгіртіп көріңізші, тіпті терең жан сезімінің өзі, сүйген пендеңмен айырылысу
алғашқы аптадан бастап-ақ күтпеген жерден баршаға ортақ бүкілхалықтық көңілкүйге айналып, 
үрей сезімімен астасып ұзақ мерзімді айдалудың ең басты
азаптаушысы боп шықты.
Шынында да, қаламыздың жабық деп жариялануының ең бір көзге түсер
салдарларының бірі - айырылысуға титтей де әзірлігі жоқ жан иелерінің аяқ
астынан бөліп жіберілуі. Осы таяуда ғана біздің вокзалдың перронында бір-бірімен
сүйісіп, қимай қоштасып, бірнеше күннен немесе бірер аптадан кейін қайта
қауышатындарына кәміл сеніп, әдеттегі сапарға бола күнделікті қам-қарекетті
ұмытпайық дегендей ақыл-кеңес алмасып шуылдасқан аналар мен балалар, ерлері
мен әйелдері, ашыналар ажырасудың енді мәңгілік екенін, қайтып бас құрап
қосылмасын алғаш білген жоқ. Өйткені, қала іс жүзінде префектің бұйрығы
жарияланбай тұрып бірнеше сағаттың ішінде жабылды, әрбір жеке жағдайды
ескеріп жатуға мұрша келмеді. Тіпті індеттің тұтқиылдан баса-көктеп кіруінің
алғашқы нәтижесі біздің азаматтардың жеке сезімнен айырылғандай жанталаса
қимылдауы деп айтуға да болады. Бұйрық күшіне кірген бастапқы сағаттарда
келушілердің тұтас тобыры префектураны кәдімгідей құрсаулап қоршап алды,
біреулері телефонмен, біреулері қызметкерлер арқылы себепті сылтауларын алға
тартып еді, олардың бірі де қаралған жоқ. Дәл біздің сол жағдайымызда "келісу",
"біреуге бола кешіру", "жақсылық жасау" сияқты сөздер өз мағынасын жойып, кез
келген ымырашылдықтың жолы қырқылғанын көп күндер өткен соң ғана ойға
алып, елеп-екшеп отырмыз.
Бізге, ең ақыры, хат жазысуға да тыйым салынды. Бір жағынан қаламыздың
қалған елдермен қатынастың дағдылы құралдарымен байланысы шын мәнінде
болмады, екінші жағынан тағы бір бұйрық жазып-сызып байланыс жасаудың кез
келген түріне тыйым салды, себебі хат деген індет таратушы болуы ықтимал. Алған
атақ-дәрежесі барлардың кейбіреуі кордон солдаттары арқылы сәлемхат жіберіп те
байқаған. Бірақ бұл індеттің бастапқы кезеңі болатын, онда күзетшілер жалыныпжалпайғандарға 
жәрдем жасап та жүрді. Алайда біраз уақыттан кейін оларға
жағдайдың қиындығын түсіндірген соң өз көңілшектігінің қандай зардаптарға
соқтыратынын сезген күзетшілер жауапкершілікті өз мойнына алудан үзілді-кесілді
бас тартты. Бастапқыда қалааралық телефонмен сөйлесуге де рұқсат берілген, бірақ
телефон жүйесінің қуаты жетпей, сөйлесетін кабиналардың төңірегі топырлап
кеткен соң оған да тыйым салынды, содан соң кісі өлімі, бала тууы, үйлену тойы
сияқты "ерекше жағдайларда" жеңілдік жасалатын болды. Сөйтіп біздің жалғыз
жүретін де, жүгінетін де жеріміз телеграф болып қалды. Өзара туысқандық,
сүйіспеншілік және рухани арқаулармен жалғасып жатқан жандар бұрынғы
жақындығының белгісін қысқа қайырым телеграф мәтінінің арбиған әріптерімен
білдіруге мәжбүр болды. Жеделхат құрағандағы жаттанды сөздер де сарқылмай
тұрмайды екен -ұзамай бәрінің айтары: "Бәрі де жақсы. Ойлайтыным - өзің. Сүйемін"
деген үш-төрт сөзге сыйып кететін болды.
Алайда біздің біразымыз бүл қыспаққа көнген жоқпыз, қасақана жаза бердік,
күндіз-түні ойланып талай айла-амал таптық, сыртқы әлеммен қайтсек те байланыс
жасамақ әрекетіміз кейде түкке аспай жатты. Тіпті кейбір ойлап тапқан қулықсұмдығымыз 
жүзеге асқанмен, оның нәтижесін біз бәрібір білген жоқпыз, өйткені
жауабын ала алмадық. Сол себепті біз бірнеше апта бойы баяғы бір жазғанымызға
қайта оралып, сол мәліметтерді хабарлап, сол жауапты сұратып, бәрін бастан-аяқ
қайталадық та отырдық. Қайталай берген соң сөзден де қадір кетеді екен. Алғаш
жүрек қанымен жазған сөзіміз кейін мән-мағынадан жұрдай болды. Осынау өлі
сөздер арқылы еңбек етіп жатқан тірлігімізден бір белгі беру үшін хаттарды лезде
қайта көшіріп жазудан танбадық та талмадық. Сөйтіп, ақыр аяғында біз осынау
келіссөз де жеміссіз толғауларымыздан, таскерең қабырғалармен сырласқан зармұңымыздан 
телеграф ұрандарының шартты бейнесін артық көрдік.
Айтқандай, арада тағы бірнеше апта өтіп, қаладан тыс шығу енді ешкімнің
қолынан келмейтіні әбден айқын болғанда, бәз-біреу Ораннан індет басталмай
тұрып кеткен кісінің қайтып оралуына бола ма деп билік орындарына сұрау
салыпты. Бірнеше күн ойланып префектура ризалық білдіріп жауап қайтарыпты.
Қайта оралған адам қаладан ешбір жағдайда қайтып шыға алмайды, олардың
оралуына еркі бар да кетуіне еркі жоқ деп жауабын және нақтылай түскен. Тіпті
біздің ағайындардың бірен-сараны қалыптасқан жағдайға тым жеңіл қарап, түбін
ойламай жақындарымен кездесіп қалу үшін оларға мүмкіндікті пайдаланып
қалыңдар деп ақыл да берді. Бірақ обаның тұтқындары өз жақындарын қандай
қатерге байлап бергенін ұғынып, алыста жүрсе де аман болғанын артық көрді. Осы
сұмдық қырғынның қайнап тұрған кезінде адам сезімінің азапты өлім алдындағы
қатерден күшті болып шыққанының жалғыз ғана оқиғасына куә болдық.
Күткенімізге қарама-қайшы, бұлар әсте ғашықтар емес еді. Махаббат буына балқып
ең бір сұрапыл қайғы-мұңды да елең қылмай бір-біріне ынтығатын жастар да емес.
Олар ұзақ жылдар бойы некеде тұратын ерлі-зайыпты кәдімгі Кастельдер болып
шықты. Індеттен бірнеше күн бұрын Кастель ханым көрші қалаға кетіпті. Жалпы
олардың некесі өзгелерге жұбайлық бақыттың ешқашан үлгісі боп көрінген емес.
Әңгімелеушінің өзі де жұбайлардың ешқайсысы жұптасқан өміріне разы екенін,
бақыт құшқанын тап басып сеніммен айта алмайтынын баяндауға толық хақым бар
дейді. Бірақ мынау тұтқиылдан тап болып, төтеннен кездескен айырылысу олардың
бірінсіз бірі тұра алмайтынын бар қырынан айшықтай көрсетті.
Ойда жоқта айқындалған осынау ақиқаттың қасында обаңның өзі түкке тұрмай
қалды.
Әйткенмен де олардың оқиғасы өзгеше көпшілік үшін тегі бөлек түру індетпен
бірге аяқталуға тиіс еді. Біздің бәріміз үшін күллі өмірімізге алтын арқау болып
тартылған, өзімізге сондайлық таныс сезім (азаматтарымыздың құмарлығы онша
күрделі емес екенін бұрын да айтқанбыз) жаңа кескін-келбетін тапты.
Нақсүйерлеріне имандай сенетін еркектер мен ашыналар кенет қызғанышқа да
бейім екенін байқады. Махаббат мәселесінде өзін жеңілтек санайтын еркектер кенет
тұрақтылыққа қол артты. Қатар тұрған шешесін бұрын елемейтін ұл енді ана
жүзіндегі әрбір әжімге ойша аяй әрі үрейлене қарайтын болды. Осы бір амалсыз
айырылысу, ең бір саңылауы жоқ айырылысу, болашақты көз алдына келтіре
алмайтын айырылысу бізді абдыратып, әлі де сондай жақын, бірақ енді сондай алыс
елес туралы еске алу қабілетінен айырып, естелікпен ғана күн кештіріп қойды. Шын
мәнінде біз екі бірдей азапқа түстік, бірі - өз азабымыз, екіншісі -қиялымыздағы
жанымызда жоқтардың, яғни балаңның, жарыңның немесе сүйгеніңнің азабы.
Айтпақшы, басқадай жағдай болса, біздің азаматтар қиындықтан қайткенмен де
шығар жол тауып, бұдан жігерлірек әрі ашық өмір салтын құрар еді. Алайда оба
оларды тырп еткізбей, қарекетсіздікке душар қып, есте қалған ескі күндерді ойлап,
шерлі қаланы шыр айналып қапалануға мәжбүр етті. Сол бір мақсатсыз сандалыста
бір басқан жерімізді мың басып, қаламыз шағын болғандықтан оның көшелерін
қайта-қайта шиырлап, сонау жақсы күндерде қазір жанымызда жоқ жандармен бірге
қыдырғанымызды еске алдық.
Сөйтіп, оба бір бастан біздің ағайындарға былқ еткізбес бұғауын салды. Сол
себепті әңгімелеушіміз сонда өзі көзбен көрген, жерлестерімен бірге бастан
кешірген жағдайларды баяндауға хақылымын деп санайды. Өйткені біздің
басымызға түскен жағдайдағы жан жадаулығын қуғындалушының көңіл күйімен
сипаттау уақытты ойланбастан кері бұрып, жүрісін жылдамдатуға асығу, ақыр
аяғында естеліктердің жебесіне іліну болып шығар еді. Егер біз бәз-бірде қиялға ерік
беріп, өзімізді қайта оралғандардың берер белгісіндей кірер ауыздағы есік
қоңырауы мен баспалдақтағы таныс аяқ дүрсілімен алдарқатсақ, егер сондай
сәттерде пойыздар жүрмейтінін ұмытып, кешкі экспресспен келетін жолаушы біздің
қотанға жететін уақытын шамалап үйінің алдынан бір-ақ шыққымыз келсе бұлардың бәрі 
ұзаққа бармайтын ойын болып шығар еді. Амал нешік, пойыз қайтып
жүрмейтінін айқын түсінген сәт те туды. Сонда ғана біздің бөлек тұруымыз ұзаққа
баратынын мойындап, қазір бүгінгі болмысқа бейімделу қажеттігін сезіндік.
Шынтуайттап келгенде, жағдайдың әдеттегі тұтқыны екенімізге көзіміз әбден
жеткен соң ендігі қалғаны өткенді ойлау ғана болды. Арамыздан бір батырсымақ
шығып болашақпен өмір сүруге талпынса, ол талабынан тез қайтып, қиялы
қанатынан қайырылып, өкінішпен жанын жаралап тынды. Қиялға ерік бергендердің
бәрі соның кебін киді.
Атап айтқанда, біздің азаматтардың барлығы ықтимал айырылысу мерзімін
адамдарға шағып есептеудің қалыптасып келе жатқан дағдысынан бас тартты.
Неліктен дейсіз ғой? Айталық, ең бір барып тұрған торықпалар бұл мерзімді жарты
жыл деп санасын, егер алдағы айлар уайымының дәмін алдын ала татса, егер олар
орасан күш-жігер жұмсаудың арқасында өзінің ерлігі мен өрлігін пешенесіне
жазылған сынақ деңгейіне дейін көтеріп, әйтеуір рухын жықпас үшін, әйтеуір көп
айға созылған қайғы-шердің биігінде болу үшін бар күшін салып бекісе, онда бәз-бір
досымен кездесуден не газет мақаласынан, сәл ғана, тіпті тұтқиылдан көңіл көзі
ашылып ширау оларды індет жыл да емес, одан артық та емес, тура жарты жылда
басылады деген пікірге әкеп тірейді.
Мұндайда олардың ерік-жігерінің, ерік күшінің, шыдам-төзімінің аяқ астынан
күйреуі өздері түскен ордан ешқашан шыға алмайды деген сөз. Сондықтан олар
ешбір жағдайда құтылу мерзімі туралы ойламауға, өз назарын болашаққа
аудармауға, көзін төмен салып салбырап жүрмеуге өздерін күшпен көндірді. Алайда
бұл игі ниет, жан азабын алдауға тырысу, қылышыңды қынында жасырып, айқастан
бас тарту тәрізді тым жұтаң сый-сияпат болатын. Егер олар барын салып түбегейлі
күйреуден құтылар болса, онда өздерін сүйікті жанымен қауышатын таяу көріністің
бір қауым сәтінен айырады.
Сөйтіп, олар күллі тұтқындалушы мен күллі қуғындалушының ежелгі азабын
бастан кешірді, ал азап дегеніміздің өзі жады ешбір кәдеге аспай қалған кезде еске
алумен өмір сүру деген сөз. Олар еске ап ойлайтын өткеннің өзі қанша аңсаса да,
өкініштің кермек дәмін әкеледі. Олар ол өткенге кезінде, өкінішке орай, үлгере
алмағанның, бүгін күтіп отырғандарымен бірге жүріп сезіне алмағанның бәрін
тоқайластырғысы келеді. Тіпті олар барлық жағдайға, біршама тәуірінің өзіне де,
тұтқындардың бүгінгі өміріне де қазіргі көзі жоқтарды қосып отырмаса, тірлігі
қанағаттандырмайтын тәрізді. Бүгінгіні төзгісіз тықсырып, өткенге ала көзбен
жауыға қарап, келешегінен жұрдай болған біз адамзаттың әділ соты немесе
адамзаттың ашу-ызасы торкөзде қамап ұстап отырғандарға ұқсаспыз. Ұзын сөздің
қысқасы, адам төзгісіз созылған мынау демалыстан құтылудың жалғыз-ақ жолы қиялыңмен 
қамшылап пойыздарды болат жолмен күтіп алумен толтыру, сонда осы
күнге дейін тас болып тілсіз тұрған кірер есіктің қоңырауы да сылдырлай бастайды.
Ал бұны жер аудару деуге болса, онда біз көп жағдайда өз үйімізге жер
аударылдық. Әңгімелеуші жалпыға ортақ жалғыз-ақ жер аударуды білсе, оның
журналист Рамбер сияқты басқа да бірталай азаматтарды ұмытпағаны абзал болар.
Біздің қалған әлемнен бөлініп қалуымыздың барлық азабы обаның жоғарыдағыдай
саяхатшыларды аңдаусызда тұзаққа түсіріп, кіндік кесіп, кір жуған елінен, 
жақынжұрағатынан бөліп тастап, қосылуға мүмкіндік бермеуімен тереңдей түсті. Жер
аударылған біздің арамызда олар өздерін екі мәрте айдаудағы жандай сезінді.
Уақыттың үрдіс шабысы жұрттың бәрі сияқты олардың көңілінде де мұңлы үрей
туғызуына қоса, өздерін белгілі бір жерге байлап-маталғандай сезініп, қайда көз
салса да, обаның қаша қоршауы айырылып қалған отанынан бөліп тұрған тас
қабырғаға соғылды. Кез келген уақытта үнсіз ғана өз атамекенінің атқан таң, батқан
күніне табынғандай біздің шаңды көшелерімізде сендетіліп жүретіндер де, әрине,
солар. Жан жарасын және олар кез келген себеппен ушықтырады: қарлығаштардың
қалықтауы, шөпке қонған кешкі шық, табан жолда жылтыраған шұғыла дағы, бәрі-
бәрі көз алдында қолға ұстатпас елес болып, аржақтан келер күйінішті хабардай
көрінеді. Олар барша бақытсыздықтың мәңгілік емшісі сыртқы әлемге көз жұма
қарап, қиқарлықпен өзінің, тым шынайы кереметін аялап, бар пәрменімен таныс
бейнелерге жармасты, нысандары мүлдем ерек нұр құйылып тұрған жер, бірер төбе,
сүйікті ағаш, сүйкімді әйел жүзі болып ештеңемен айырбастауға келмейтін айрықша
ауан туғызды.
Ең соңында, әңгімеші зор негізбен айта алатын қуғындалушылардың ең бір
елеулі тарабы - ғашықтарға арнайы тоқталсақ, оларды опынуы басым басқа мұң
іштей мүжіді. Біздің қазіргі жағдайда олардың өз жан сезімін әділ де әбжіл көзбен
көруіне толық мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда олардың өз осалдығы көз алдынан
бар болмысымен көбіне тыржалаңаш өтеді. Себебі олар өз сүйгендерінің ісі мен
күнін көз алдына нақпа-нақ келтірудегі дәрменсіздігін төл кемшілігі есебіне
жатқызғысы келеді. Олар уақытты немен оздыруды білмей қайғырады, бұл
жайында бұрын ойланбағаны үшін өздерін өздері кінәлайды, сүйген жар үшін сүйген
жанының не істеп, не қойып жатқанын бүге-шігесіне дейін білу шексіз қуаныштың
қайнар көзі екенін қасақана білмегенсиді. Сөйтіп оларға өз махаббатының бастауы
көзіне қайта оралып, оның жетілмеген, жеріне жетпеген тұстарын біртіндеп зерттеу
әлдеқайда оңайға түседі. Әдеттегі уақыт болса, мойындасақ та, мойындамасақ та,
әйтеуір бір махаббат барын, оның шеті, шегі жоғын түсінер едік. Соған қарамастан
махаббатымыздың онша әкетіп бара жатпағанына, екінші деңгейден аспағанына да
келісе салар едік. Алайда адам жады кіді де кінәмшіл Темірдей берік бұлтартпас
қисынға сай, бізге сырттан келіп, бүкіл қаланы тарпа бас салған бақытсыздық
жазықсыздан жазықсыз жөнсіз азап әкеліп қана қойған жоқ, сонымен бірге жан
күйзелісіне қарсы шауып, өзімізді өзіміз іштей жеуге мәжбүр етті. Мұның өзі
індеттің ңазарды өзінен аударып, күллі қартты шатастырып жіберу тәсілі еді.
Сонымен, әрқайсымыз күн өткен сайын сорайып жалғыз-жарым өмір сүруге
мәжбүр боп, аспанмен бетпе-бет қалдық. Бұл бір бүтіндей баршаға ортақ күтімсіздік
уақыт өте келе мінез-құлықты шыңдауы керек еді, бірақ олай болмай шықты,
жұрттың әбігері көбейіп кетті. Біздің ағайындардың көбісі құлдық қамыты астына
түсті, олар шелек пен жауын-шашынға тікелей тәуелді болды да қалды. Соларын
көрген бойда-ақ осылар ауладағы ауа райын елден бұрын біліп отыра ма деп алғаш
таңғалатынсың. Табанжолда күн шұғыласы ойнаса-ақ болды, екі езуі екі құлағына
жетіп, олар масайрап мәз боп қалады, ал жауынды күндері олардың да қабағын бұлт
басып қарс жабылып кетеді. Ал бірнеше апта бұрын олар мұндай осалдыққа, мұндай
есуас құлдыққа дес бермейтін, себебі онда байтақ әлемнің алдында жалғыз
болмайтын, бұрын бірге болған жан иесі ретінде өз болмысымен-ақ жауыншашынды 
серпіп тастайтын. Енді олар қай жағынан қарағанда да, аспан
қытымырлығының шеңгелінен шыға алмай, біз сияқты азапқа түсіп, біз сияқты
ойсыз -мәнсіз үмітке иек артады.
Ақыр аяғында, осынау шырқау шегіне жеткен жалғыздықта ешқайсымыз да
көршіміздің көмегіне арқа сүйеуді ойламай, барлық қам-қарекетпен бетпе-бет
жалғыз қалып, жеке қимылдауға мәжбүр болдық. Егер бәз-біреуіміз кездейсоқ
басқаға сенетін болсақ немесе өз көңіл күйіміз туралы жай ғана әңгімелесек, алатын
кез келген жауабымыз әдетте қорлау сияқты қабылданды. Бұл арада сұхбаттасы
екеуі мүлдем басқа мәселе жөнінде айтып отырғанын ол ғана аңғарады. Өйткені ол
бәз-бір мәселе жөнінде сарқылмас ойларының тереңінен, мұң-шерге толы жанының
түкпірінен сыр шертеді. Ал басқаларға ашпақ болған бейнесі күтуден көз еті
сарғайып, құмарлық отымен шарпылған. Екіншісі болса, керісінше, ойша көне көңіл
күйді күйттеп, әдеттегі жан күйзелісі, таптаурын уайымшылдық құшағында отыр.
Демек, жауап қандай болса да қарсы не ізгі ниетті -бәрібір нысанаға дөп тимейді,
сондықтан шын ықыласты әңгімеден бас тарту керек.
Болмаса үндемеуді азап көргендер ерікті-еріксіз әр алуан жаргонға жүгіріп,
жаттанды сөздікті, оқиға айдарымен берілетін қарапайым хабарлар сөздігін
пайдаланады да, әңгімесі газет репортажы іспетті боп шығады. Өйткені жүрек
түкпірінен шығатын тілді төңіректегілердің ешқайсысы игерген емес. Сондықтан
шынайы қайғы-шердің өзі бірте-бірте таптаурын сөз тіркестерімен сыртқа шығатын
болды. Тек осындаймен ғана оба тұтқындары күзетшінің аянышты күрсінісін естіп,
тыңдаушылардың ықыласын аударуға үміт артады.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Оба - 05
  • Parts
  • Оба - 01
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2250
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 02
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2228
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    47.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 03
    Total number of words is 3959
    Total number of unique words is 2234
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 04
    Total number of words is 3849
    Total number of unique words is 2285
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 05
    Total number of words is 3882
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    55.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 06
    Total number of words is 3892
    Total number of unique words is 2357
    31.3 of words are in the 2000 most common words
    46.8 of words are in the 5000 most common words
    55.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 07
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2217
    33.2 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 08
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2098
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    55.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 09
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2065
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.6 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 10
    Total number of words is 3779
    Total number of unique words is 2314
    29.8 of words are in the 2000 most common words
    43.5 of words are in the 5000 most common words
    50.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 11
    Total number of words is 3886
    Total number of unique words is 2253
    31.1 of words are in the 2000 most common words
    44.6 of words are in the 5000 most common words
    52.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 12
    Total number of words is 4001
    Total number of unique words is 2189
    34.0 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 13
    Total number of words is 3926
    Total number of unique words is 2252
    31.5 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    52.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 14
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2244
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    47.4 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 15
    Total number of words is 3978
    Total number of unique words is 2285
    32.7 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 16
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2159
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Оба - 17
    Total number of words is 2963
    Total number of unique words is 1787
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.