Latin Common Turkic

Əй, дүние-ай! - 18

Total number of words is 2955
Total number of unique words is 1688
37.8 of words are in the 2000 most common words
50.9 of words are in the 5000 most common words
58.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Ертесі Нұрбек үйге тым кеш келді. Əжесі мен əйелі əлдене күткендей
бетіне бірдей қарады.
– Пленум өткенін естіген шығарсыңдар? Қонаев қызметінен кетіп,
орнына орыс болды, – деді естігілерің келгені осы ма дегендей тез-тез
айтып.
– Естідік, – деді əйелі ол да оған онша мəн бермегенсіп.
– Е, орыс болмай жүр ме еді, талай орыс басқарды ғой Қазақстанды, –
деп, Шəйі де оған таңданатын түк жоқ екенін еске салғандай болды.
– Бұрын қазақты оқымаған, өзін өзі əлі басқара алмайды деді. Сəбет
өкіметі орнағалы жетпіс жылға жуықтады, əлі надан, əлі өзіміз басқара
алмаймыз ба, əже?
– Қой, балам, өйтіп айтпа! Біреу естісе, басың бəлеге қалар. Одан да
шəйіңді іш.
Ол əңгіме одан ары өрбімеді. Немересі аман-есен келгенін көрген соң,
көңілі орнығып, Шəйі өз бөлмесіне қарай кетті.
Шəйі діндар да, ырымшыл да емес. Алайда қыс ішінде күннің
күркірегенінен секем алды, содан болар, əлденені күткендей, əлденеге
алаңдағандай беймаза күйде жүрді. Білгісі, естігісі келіп, жұрт бас қосқан
жерге əдейі жақындайтын болды. Ақыры естіді. Алматыда жастар мен
студенттер өкіметке қарсы шығыпты. Өкіметке! Адам миына сыймайтын
сөз. Жақсысынан айырылған, көресінін көрген қазақтар мен қасірет
шеккендер болса бір сəрі, неге жастар көтеріліс жасайды? Оларға не жоқ?
Не біледі олар? Əлдебіреулер айдап салған болар, сірə?!
Ойбай-ай, Кəусені қайда екен? Ол да студентпе еді, немене еді? Жас
неме арандап қалмаса жарар еді!
Үйге кіре сап Шəйі Нұрбекке телефон соқты:
– Кəусенмен хабарластыңдар ма? Хал-жағдайы қалай екен?
– Алматымен сөйлесе алмай отырмын, əже. Қорықпаңыз, ол əлі жас
қой.
– Жас болған соң ғой қауіптеніп отырғаным.
***
Жиырма екінші желтоқсан болатын. Түннің ең ұзағы, күннің ең
қысқасы. Сталиннің туған күні. Бұл күнді бұрын мейрам санайтын,
адамзаттың ең ақылдысы туған күн деп бағалайтын. Сөйтсе, ең қатыгез
басшының дүниеге келген күні екен. Тарих өтіріктің бетін əлі аршып
жатыр. Оның жасаған жақсылығы мен жауыздығын таразылап, орныққан
тəртіпті ары-бері ырғап жатқандар бар.
Дала алагеуім тартқан кезде есік алдына екі мəшине іркес-тіркес келіп
тоқтады. Үйде Шəйі мен Нұрбектің кенже қызы ғана отырған. Таныс біреу
ме деп, Шəйі терезеден қарады. Көк пəлте киген ұзын бойлы екі жігіт
қақпадан өздері кіріп, мəшинеге жолды өздері ашты.
Шəйі таңғалды. Дəл бұлайша еркінситін ешкім жоқ секілді еді. Иығына
шапанын іле сап далаға шықты. Сол сəт қақпадан Нұрбек пен келіні де
көрінді.
– Апа, сіз үйде отыра беріңіз! – деді келген екі жігіттің бірі өктем
дауыспен.
Арқасынан итере құшақтап үйге кіргізіп жіберді. Сол сəт:
– Құлыным-ай! – деген келінінің даусы миына істікше қадалды. Шəйі
жалт бұрылып, жігіттің қолын қағып жіберді. Құшағын жая қара мəшинеге
қарай ұмтылды.
Боп-боз, ақ шөлмектей боп, шалқалап жатқан Кəусенді көзі шалды.
Астындағы жер опырылып кетті. Жете алмай етпетінен жығылды. Өзін
қара түнектің жұтып бара жатқанын Шəйі сезді. Соңғы білгені – сол.
***
Жəркенттің ауруханасында Шəйі ес-түссіз ұзақ жатты. Бір күні көзін
ашып, қасында отырған келінін көрді. О дүниеде ме, бұ дүниеде ме, өзінің
қай дүниеде жатқанын ажырата алмады.
– Апа! Апатай! – деген келінінің даусы бұ дүниеде жатқанын аңғартты.
Сөйлегісі келді, сөйлей алмады.Аузына біреу қорғасын құйып тастағандай.
Аша алмады. Бір кезде келіні ақ халатты екі дəрігерді ертіп келді. Біреуі
аузына əлденемен су тамызды. Аузы да, құлағы да қатар ашылып кетті.
Біреуі: «Көзін ашты! Аман қалды!» деп жатты.
Шəйі бірақ аман қалдым деп ойламады. Бұлдыраған, буалдыр тартқан
дүниеге қайта оралғысы келмеді. Қара түнек қайтадан өз түбіне тартып
əкетті. Еш жері ауырмайтын сияқты. Қайта оралмайтын басқа дүниеге өз
еркімен еніп бара жатты.
Шəйі ауруханада қырық жеті күн жатып шықты. Оң аяғы шалажансар,
оң қолы аузына зорға жетеді: жазылған түрі сол. «Бірте-бірте бəрі қалпына
келеді, емдейміз», – дейді дəрігерлер. Аяғы мен қолы ғана емес, Шəйіге
мыйы да шалажансар секілді, оны қалай емдейді?
Үйге шыққан күні көңілін сұрап Қали келді. Жағы суалып, жүрісі
кібіртіктеп, кəдімгідей қартайып қалыпты. Баяғы өжеттігінен еш нышан
жоқ. Əңгімесі де сұйық: бірді айтып отырып, бірге кете береді. Ештеңеге
сенбейді, ештеңені армандамайды. Тұйыққа қуып тыққан аң құсап бəрінен
үміт үзген.
– Алматыда оқитын ортаншы немеремді оқудан шығарып жіберіпті, –
деді мұңын шағып. – Желтоқсанның он сегізі күні алаңға барғанын
біреулер суретке түсіріп алыпты.
– Аман келгеніне шүкір де.
– Иə. Шүкір деп отырмыз. Өзің қалайсың енді.
– Мен де шүкір деп отырмын. Он алтыншы жылы өліп қалмағаныма
шүкір деп ем, онда əлі жаспын, көретін күнім бар деген болармын.
Асарымды асадым, жасарымды жасадым, енді неменеге шүкір деп
отырғанымды өзім де білмеймін.
– Е, қазір немере, шөберелер үшін шүкір дейміз де.
– Иə, шүкір деуге үйретті ғой. Өлтіріп жатса да, оқудан шығарып жатса
да, бəріне шүкір дейміз.
– Шүкір демеске басқа не амалымыз бар? «Қазақты қазақ басқарсын»
дегендері үшін ұрып-соғып, итпен қуып, өз күштері жетпей жатқандай,
Мəскеуден, Тəшкеннен, Фрунзеден, Новосібірден əскер шақыртыпты.
Өзіміздегілердің жаны ашиды, өзгелер аямасын дегені шығар?
– Он алтыншы жылы де сөйткен. Тəшкеннен, Алматыдан, Пішпектен
əскер шақыртқан. «Ол орыс – басқа орыс: патша заманының, бұл орыс –
басқа орыс: сəбет заманының» деуші едік, сөйтсек, жетпіс жыл бойы
алданып жүріппіз, бұл да сол орыс боп шықты ғой.
– Иə, сөйтті.
Қали кеткен соң да Шəйі өзінің осы ойынан арыла алмады. Он алты
жасар қызды аямаған өкімет кімді аяйды? Оқытушының ұрысқанына
өкпелеп, өзіасылып өліпті дегенге кім сенеді? Оқытушысы ұрысқан сайын
оқушысы асылып өле берсе, онда ол оқытушыны неге заң тергемейді?
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды өкімет нашақорлар, маскүнемдер
мен бұзақылар деп хабарлады. Кəусені оның біріне де жатпайды. Ең
құрымаса адал жастың аруағын қорламаса қайтеді екен? Өйтіп өтірік
айтудың астарында басқа өтірік бұғып жатқаны беп-белгілі. «Басқа балашағаларыңның амандығын ойласаңдаршы!» – деп Нұрбек пен келінін
қорқытуда қандай құпия бар?
***
Өмірдің бəрі түсінікті болса, онда тіршіліктен мəн кетер ме еді, кім
біледі? Шəйі сексен тоғыздан асқан жазда Қали қатты ауырып жатыр екен
деген хабар келді. Оң аяғы мен оң қолын сүйреп көтеріп жүрген кемпір кісі
ол хабарға селк ете қоймас деп ойлаған Нұрбек қатты қателескен еді.
Естіген бойда орнынан сүйретіле тұрып: «Мені апарыңдар. Мен өліп, ол
қалса, қайыр еді. Құдайдың ісіне ылаж жоқ, қарағыммен бір тілдесіп
қалайын», – деді Шəйі.
– Қазір бармақсың ба? – деп Нұрбек өз көзіне өзі сенбей.
– Иə. Түске дейін барайын. Көңілді түстен кейін сұрамайды қазақ.
Қалидан қуат қашқан екен. Басын көтере алмай, кемсеңдеп көзіне жас
алды. Шəйі еңкейіп бетіне бетін тигізді. Қолын ұстап, уысына салып
алақанын ұзақ ысқылады. Менің қуатымнан қуат ал деген адамша көзін
жұмып, əлденені күбірлеп, көңілімен тілдесті. Қали Шəйінің үнсіз тілін
ұққан адамша қыр-қыр, сыр-сыр етіп əлденені айтты. Оны Шəйі түгіл,
Нұрбек те ести алмады.
– Құдай кəріні алса, алдымен мені алар еді, қарағым. Сен жылама, мен
жылайын. Мен сені тастап бара жатқам жоқ, мені сен тастап барасың. Он
алты жасымда əке-шешем, бауырларым тастап кетіп еді, ең соңында енді
міне, сен де тастап барасың. Соның бəрін бір өзің жоқтатпай келіп едің, сен
кетсең, қабырғам сөгіліп, қорғаным құлайды. Бірге туғанымнан бір кем
болған жоқсың. Мендей қатын қазақтың əр ауылында бар, сендей еркек ел
ішінде некен-саяқ. Бір-ақ нəрсеге көңілім тоқ: сенің немере-шөберелерің
менің немере-шөбелеріммен туыстарша араласып келеді. Қазақтың бірлігі
деген – сол. Екеуміздің еш кетпеген еңбегіміз де осы. Өзекті жанға бір өлім
– хақ. Қиналма. Қапаланба! Ез боп өмір сүрген жоқсың, аштықта да,
тоқтықта да, қиналғанда да, қарық болғанда да елден бөлектенген жоқсың.
Ұрпағың елдің бетіне именбей, еңкеймей қарайды. Уайымдама.
– Хош! – деді Қали кенет тілге келіп.
Соны айтты да, енді демалайын деген кісіше көзін жұмды.
– Қайран қарағым-ай!
Шəйі Қалидың алақанын қысып отырған қолын алды да, Қалидың екі
көзін алақанымен жапты. – Қарағымның бетін бүркеңдерші! Ақ мата əкел!
Шəйінің өлім үстінде де саспай сөйлегеніне бəрі таңғалды.
***
Кеңес өкіметі тарих-тарих дегенді жиі айтатын. «Жаңа тарихты жасап
жатырмыз», – дейтін. Ол бақытты елдің бақыты туралы тарих болатын.
Бірақ қаншама тыраштанса да, қазақтың бұрынғы кездегі баршылығы мен
тоқшылығын Кеңес өкіметі қайта орната алмады. Сондықтан бұрынғы мен
қазіргіні салыстыра білетін санасы бардың бəрін халық жауы деп атты,
асты, қудалады. Əйтеуір, өйтіп-бүйтіп бұрынғының бəрін жоқ қылуға
тырысты.
Қазақтың өткен тарихы болмапты. Айтарлықтай заманы да, заманды
тудырған адамы да болмапты. Айтқызбады, жазғызбады. Өйткені оның
бұрынғысы бүгінгісінен əлдеқайда ілгері еді.
Қазір де жұрт тарих-тарих деп жатыр. Бұлар да бұрынғыны быт-шыт
қылмақ. Сонда тарих дегені не болды? Бажайлап қараса, өткеннің өтірігін
шығару, əшекерелеп айту – тарих. Шəйі сол өтіріктің біразын өзі де бастан
кешіпті. Өтіріктің бір аты саясат секілді.
Ə дегенде Кеңес өкіметі əр шаруаға жер бөліп берді. Мəңгі сенікі деп
сендірді. Тегін жер берген өкіметті кім жек көрсін? Бəрінің бүйрегі бұрды:
қалхоз құрам деп қазақтан малды сыпырып алды. Тамағы да, киімі де,
мəдениеті де мал болып отырған қазақ одан айырылған соң қара шыбындай
қырылды. «Мына жер-су қолхозға мəңгі беріледі» деп оған да сендірген.
Келе-келе қалхоздың көбі савхоз болып, мемлекеттің өз меншігіне айналып
кетті. «Қазақстан – өз тағдырын өзі шешетін мемлекет», – деп заң бекітті.
Ақырында ол да өтірік болып шықты. Қазақстанды енді қазаққа басқартпай
да қойды. Өтірікке сеніп келген жастар: «Неге бүйттің?» деп таңданып еді,
оларды жаппай жазалады. Енді елден сенім кетті. Сенім кеткен жерден
бəрі кетеді.
Наразы болған жастарды қырып-жойып, қаралы күнді басына орнатқан
өкіметті қандай адам қарғап-сілемейді? Жетпіс жыл бүркеніп келген
бетперде ақыры ашылды. «Бізбен теңесетін сен кім едің?» деп қазақты
кемсітіп тұрғаны, кемсітіп келгені ақыры əшкере болды.
Сталин патша заманын жамандап еді, Сталин заманын Хрущев
жамандады, енді оның өзін сан-саққа жүгіртіп, алдыңғы өтірікті соңғы
өтірік əшкерелеп жатыр. Сол Сталин, сол Хрущев: «Мен өлген соң болашақ
мен жайында не ойлайды?» дегенді тіршілігінде неге ойламады? Сен
өлгенмен өмір өлмейді ғой. Өлімді сен ұмытқанмен, өлім сені ұмыта ма?
Əлде олар о дүниенің бар екеніне сенбеді ме? Сенбей-ақ қойсын. Бірақ
болашақ ұрпақтың қарғысы мен назасы о дүниенің сұрағынан кем бе?
Болашақтан неге қорықпады? Əділдік дегенді ұран қылған өкімет неге
əділдікті аяққа таптады.
Қазір бəрі жариялылық деп құлшынып жүр. Табысы мен кемісін,
жетістігі мен түйінін мемлекеттің халықтан жасырмағаны, əрине, жақсы.
Бірақ өмір бойы алдап, жасырып келген басшылар қалайша күрт өзгере
салады деп сезіктенесің. Сенімсіздік сіңіп қалған санаңды ақыл-ойың
тазалай алмай əуре.
Сталиннің бір зəлімдігі: сендірді. Сенбегенді үрейлендірді. Бүгінгі сана
сол дəрежеге енді шегіне ме? Шегінсе, Желтоқсан көтерілісі болар ма еді?
Шегінсе, Қайрат, Лəззат, Ерболды батырымыз деп қазақ басына көтерер ме
еді? Адамның өзін ықтырса да, енді санасын ықтыра алмайды-ау, ешкім!
***
Жаным темірден жаралса да, Кəусеннің қазасынан кейін көп ұзамайтын
шығармын деп, іштей Шəйі соған дайын еді. Бірақ бұдан бұрын Қали
аттанып кетті. «Жеңге дей алмаймын, сіз маған əпкесіз», – деген еді
айналайын. «Құдай өзі берген жанын өзі алар» дейді ғой қазақ, қашан алса
да қиналтпай апай-топай ала салса екен деп тілейді Шəйі. Тоқсанға келсемау деп ойлаған да емес, тілеген де емес. Ананы апырып, мынаны жапырып
тастайын деген тойымсыз жоспары да болған емес.
...Кешкі шайдан кейін көзін бір ашып, бір жұмып, əрнені бір ойлап
ұйықтаған адамша көк диванда қисая жатқан Шəйі Нұрбектің өз бөлмесіне
бір кіріп, бір шығып, бұл жаққа жалтақтай қарап, əлдене айтқысы келіп
жүргенін байқады. Бірақ «О не?» дей қоймады. Əншейін күйбең
тіршілігінің қамы шығар деп болжады. Алайда немересі ақыры шыдамады.
–Əже, ұйықтап жатырсыз ба, ойлап жатырсыз ба? – деді əзілдей күліп.
– Ойлап та жатырмын, ұйықтайын деп те жатырмын. Бірдеме айтайын
деп пе ең?
– Айтқанда қандай! Құдай бұйыртса, жақында тоқсанға келесіз. Бəріміз
жиылып соны атап өтсек пе деп едік.
– Əуре боп қайтесіңдер, қарағым. Ел басқарған көсем емеспін, сөз
бастаған шешен емеспін, көп кемпірдің бірімін. Бəрің осы үйге келіп, ет
асып, шай ішсеңдер, одан үлкен атап өту бола ма?
– Əже, сіздің тоқсанға келгеніңізді атап өтпесек, бізді əкеміздің,
Оралбек аға мен Тазабек атамыздың аруағы кеше ме?
– Əй, саған біреу сөз үйретіп қойған ба, немене? «Біз» деп отырғаның
кім ол?
– «Біз» деп отырғаным – бəріміз: Тазабек атамыздың ұрпақтары, Табай
атам мен Тəуірбек атамыз, Кенжеғара мен Қали ағаларымыздың,
қыздарыңыз Гүлдəн мен Гүлсəннің ұрпақтары – бəрі бұл үйіңізге қалай
сияды? Əлде оларды шақырмайсыз ба? Самсалы ағамен ақылдасып ем,
«Келем, жолдан Қоғалыға соғып, Кобзевтің немересін де ала келем», – деді.
Қали ағаның кенжесі: «Бар шығынын өзім көтерем, жасаймыз», – деп
жатыр. Оларға не бетімді айтам?
– Алды-артымды əбден орап алған екенсіңдер ғой. Өздерің біліңдер.
Қазақтың тойы – туысқандар мен сыйласқандардың, өлінің көзі мен
тірінің өзі бас қосатын жиын. Тəйкеннің көзін көрген Табай мен Жүзік, жар
дегенде жалғыз бауыры Сəмен, Жақсыбала мен Айгүн, Тəуірбек пен Айша
– бəрінің бүгін көзі мен өзі осында. Жарыса апалап, жарыса еркелеп өскен
Гүлдəн мен Гүлсəн күйеулерімен келіпті. Өзің қартайғанда қызыңның да
қартайып əже болғанын көру – ол да өмірдің өзгеше сыйы. Əбеннің екі ұлы
да еңгезердей, екеуі де балалы-шағалы. Аспайтын-саспайтын, асығыс
ешнəрсе айтпайтын ақылды балалар. Бұл оларға: «Сендерді көргеніме
бақыттымын», – деп еді, кішісі бұрылып: «Жоқ, апа, сізді көрген біз
бақыттымыз», – деді айналайын! Бақытты болсын!
***
Тойға келіскеніне Шəйі өкінбеді. Ұрпақтарының ықыласы жұмақтың
төріне шығарғандай əсер етті. Бəрін үйлестіріп жүрген Нұрбегі екеніне көзі
жетті: бəрі соның аузына қарайды, бəрі содан келіп сұрайды. Келіні де, көп
жасағыр, біресе асхана жаққа жүгіреді, біресе қонақтардың ішін аралап
кетеді.
– Əже, мына Нұржан деген балаңыз бір-екі əн сап берем дейді.
Тыңдаңыз! – деді асаба.
Жұқалау ғана талдырмаш жігіт лып-лып басып ортаға шықты.
– Сəн болмайды жайлауда мал болмаса,
Құлын асау болмай ма байламаса?
Қызы күң боп кетпей ме, ұлы құл боп,
Елдің қамын ерлері ойламаса?!
Əншінің сөзі Шəйіні елең еткізді: есті өлең айтатын бала болды!
– Қайран заман,
Асау құлын секілді байланбаған.
– Нұржан балам, көп жаса! – деді микрофонды асабадан сұрап алып. –
Ескі əндерді білетін бала көрінесің, Қапез деген əншіні естіп пе едің?
– Байғабылұлы ма?
– Иə, балам. Соның əндерін білесің бе?
– Білем. «Дүние-ай», «Қоштасуым».
– «Ауыр күн-ай» дегенін естіп пе ең?
– Соны айтып берейін бе?
– Сөйтші!
Осы бала шатастырып тұрған жоқ па, басқа бірдемені айтқалы тұр-ау
деп, Шəйі сеніңкіремеді.
– «Балалары айырылып анасынан, ой-хой,
Аналары айрылған баласынан...»
Жұрт жым-жырт тыңдады. Көбі, сірə, түсінбеді. Ашаршылықтың
қазаққа қалай келгенін айтсам ба екен деп бір ойлады. Оным қалай болады
деп тағы ойлады.
– Жастар! – деді сол сəтте əлдекім ортаға шығып. Самсалы екен.
– Бұл əнді шығарған Қапез Байғабылұлы деген кісіні тоқсанға келіп
отырған Шəйі əжелерің де, бұ кісі күйеуге шыққанда сегіз жаста болған
мына мен де көрдім. Голощекин дегеннің кербаққан басшылығымен отыз
екінші жылы малын түгел сыпырып алған қазақ ел аман, жұрт тыныштықта
жаппай аштан қырылдық. Біреу тышқанның інінен дəн іздеді, біреу
тышқанның өзін жеді. Баласын құшақтаған қалпы шеше өлді, шешесін еме
алмай бала өлді. Сол қасіретті əнге қосқан Қапез аталарың «халық жауы»
атанып итжеккенге айдалды. Сонда жүріп отыз тоғызыншы жылы ол да
өлді. Бүгін Нұржан баламыз алпыс жыл бұрынғы аштықты Қапездің əнімен
көз алдымызға əкелді. Қапездің аруағы қолдап жүрсін, балам!
Не болса соған қол соғатын желөкпелер де бұл жолы тырп етпеді.
***
1991-жыл – əлемдегі ең ірі мемлекеттің бірі Совет Одағының өміріне
адам ойламаған өзгерістер əкелді. Күшпен, айламен, алдаумен, саясатпен
тұтасып тұрған дене бірінен кейін бірі боршалана бастады. Желтоқсанның
қуғындалған құрбандары алаңға халық мүдесін ойлап шыққан ұлтжанды
ұл-қыздар екені еріксіз мойындала бастады.
Желтоқсанның он екісі күні түс кезінде Алматыдан жас тілші жігіт
келіп Шəйіден сұхбат алғысы келетінін айтты.
– Мен, шырағым, шынымды айтсам, ол күнді еске алғым келмейді.
Əурелеме! – деді Шəйі бірден кесіп айтып.
Шашы жалбыраған, қайта-қайта көзіне түсіп, оны ысыру үшін, қайтақайта басын сілкіп, əбден əлекке түскен қарасұр жігіт Шəйіге жалына
бастады.
– Апа, ақ қар, көк мұзда сізге жолығу үшін сонау Алматыдан əдейі
келдім. Он алты жасында халқының намысын қорғап құрбан болған
шөбереңіз жайлы бір жылы сөз айтсаңыз, қалай болады? Желтоқсан
көтерілісінің бес жылдығын Кəусен Нұрбекованың өмірі жайлы дерекпен
атап өтейік деп ұйғарған ек. Мен сізге дейін, апа, Кəусеннің
құрбыларымен, оқытушыларымен жолықтым. Бəрі қорқады. «Аты-жөнімді
жазбаңызшы!» – дейді. Өйткені бəрін қорқытып қойған. Ал сіз кімнен
қорқасыз?
– Мен қазір, шырағым, өлімнен де қорықпаймын.
– Міне, осы сөзіңіз Кəусеннің əжесі деген атқа əбден ылайық, апа.
Кəусеннің көтеріліске қалай қатысқанын егжей-тегжейлі білетін заң
қызметкерімен жолықтым. «Кəусенді өлтірген – намыс», – деді о кісі. –
Орталықтан келген тергеушілер ол қызды əуелі зорлаған, сонан соң
қорқытып, қорлаған. Қорланған қыз жатақханасына жылап келгенде
алдынан жетекші оқытушы əйел шығып: «Сен оңбаған Қазақстанды мен
сақтап қалам деп жүрмісің? Мектебімізге жаманат келтірмей, неге жайыңа
жүрмейсің? Мен сені оқудан шығартам!» – деп шабаланған ғой. Ана жақта
орыс тергеуші қорлайды, мына жақта қазақ оқытушы ұрсады. Қазақтың
намысын қорғаған қыздың өзін ешкім қорғамайды. Соған шыдамаған
Кəусен: «Бұдан да өлгенім жақсы» деген ғой.
– Əй, шырағым, сен не айтып отырсың? Қорлағаны, зорлағаны не?
Кəусенді кім зорлапты?
Тілші жігіт тым көсіліп кеткенін енді байқады.
– О, құдай! – деді Шəйі шалқалай диванға құлап. – Менің зорланғаным
аз ба еді? Жетпіс жыл өтсе де орыстың баяғы пиғылы өзгермеген болды
ғой, онда. Мені зорлап-қорлаған орыстың жетпіс жылдан кейін шөберемді
де зорлап-қорлағаны ма!?Жетпіс жыл бойы өзгермеген нендей шемен
пиғыл?!
– Апа! Апа! Дəрігер шақырыңдар! – деп тілші жігіт жанұшыра айғай
салды.
***
Шəйі он бесінші желтоқсан күні таңертең көзін ашты. Бəрі оны осы
жолы қайта оянбайтын шығар деп ойлаған. Тіпті дəрігерлер де солай
ұйғарған. «Апаның жүрегі аттың жүрегіндей екен», – деді емдеуші дəрігері.
Кейуананың тірі қалғанына қуанғаннан гөрі жігіттің өңінде таңғалу басым
еді. Шəйінің көзін ашқанын көріп: «Апатайым-ай!» – деп, Нұрбектің
үйіндегі келіні жылап қуанды. «Нұрбек! Апам көзін ашты!» деді күйеуіне
қуана телефон шалып. «А-а?!» – деп, ол жұмысынан он минөтте жетіп
келді. «Аға, əзірше апаны мазаламаңызшы!» – деген дəрігердің тыйымына
қарамастан палатаға құйын айдағандай аптыға кірді.
– Əже! – деді төсегінің қасына тізерлей отыра қалып. – Əжетай! Бізді
тастап кетпеші!
– Іһһі-һі! – Қыр-қыр еткен үннің əжесінікі екенін Нұрбек əуелде
ұқпады. Бұл үн қайдан шықты дегендей аңырып əжесінің бетіне қарады.
Қырылдаған, ара-арасында естілер-естілмес сырылдап шыққан дауыс
қазақтың қаңсыған, ескірген, жұлым-жұлым тарихының тозығындай еді.
Сонау алыста жылтыраған жанары сөніп бара жатқан оттай дəрменсіз
мөлтеңдейді. Жүрегі су ете қалды: өмірдің жібі əне-міне үзіліп кетердей
еді.
– Əже, бірдеме деші!
– Іһһі-һі!
– Аға, болды енді, ауруды шаршатпаңыз!
***
Анда-санда ыңыранғаны болмаса, Шəйі тыныш ұйықтады. Таңертең
көзін ашып, жанарын бұрып жан-жағына қарады. Келінінің қасында
отырғанын көріп, өңі жылып қоя берді. Басын сəл қозғалтып, қолын
жыбырлатып, бірдеме дегісі келді. Бірақ шамасы жетпеді. Көзін жұмып,
қабағын үсті-үстіне қақты. Келіні қолын ұстап, алақанымен қос қолдап
уқалады. Шəйінің көзінен жылт еткен жас көрінді. Сірə, мейірдің,
ризашылықтың жасы болар.
– Апа, бар күшіңізді жинаңызшы, берілмеңізші!
Енесі жымиғандай болды: жүзінен жылы бір толқын жүгіріп өткендей
көрінді. Аузын екі-үш тамсанып, ақырын жұтынды. Келіні ұшып түрегеп
медбикеден қайнақсу сұрады. Бір ыстақан су əкеліп, тамсанып жатқан
енесінің аузына екі-үш тамызды. Шəйі тілін қозғап, тағы екі-үш тамсанып,
суды жұтты.
– Ай... айнаһ... һі, – деді сырылдаған даусы.
«Айналайын!» деген ризашылығы болар деп болжады келіні.
Кешкісін Нұрбек келді. Оны көріп, Шəйінің көзі ерекше жайнап
кеткендей болды.
– Əже, қалайсыз? – деді құлағына еңкейіп.
– Жақ-ыс... – деді Шəйі тілін шайнаңқырап.
– А, құдай, апам тіл қатты! Апам тіл қатты! – деп қуанды келіні.
Темірөзек кемпірдің қайта тірілгеніне дəрігер қауымы да қатты қуанды,
əрі қатты таңғалды. Бұл кісінің жаны жай темір емес, шың темір екен десті.
Көзіне жас ала қуанған Нұрбек əжесін əбден қуантқысы келді.
– Əже, бүгіннен бастап біз тəуелсіз мемлекет болдық!
– А-а?
– Тəуелсіз, жеке ел болдық. Бүгін Қазақстанның тұңғыш Президенті
тəуелсіздігімізді жариялады.
– Уһ! – деді кейуана кəдімгі сау кісіше күрсініп. Тозығы жеткен
радионың үніндей қырыл-сырылды бəрі естіді:
– Құд-дай бар екен ғой!
Үстінен ауыр жүк түскен адамша Шəйі жайбарақат көзін жұмды.
– Ойбай! Апаның тамыры соқпай қалды, – деді Шəйінің білегін ұстап
отырған дəрігер жігіт.
Келінінің аңыраған жоқтауы естілді.
Тоқсан бір жыл бойы бір кеудеде бір-бірімен арпалысып келген қуаныш
пен қайғы сол кеудеде бір сəтте бірге тынышталды.
You have read 1 text from Kazakh literature.
  • Parts
  • Əй, дүние-ай! - 01
    Total number of words is 3923
    Total number of unique words is 2185
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 02
    Total number of words is 3950
    Total number of unique words is 2127
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    52.1 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 03
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2177
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 04
    Total number of words is 3929
    Total number of unique words is 2152
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 05
    Total number of words is 3957
    Total number of unique words is 2306
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 06
    Total number of words is 3971
    Total number of unique words is 2173
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.2 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 07
    Total number of words is 4007
    Total number of unique words is 2172
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 08
    Total number of words is 3925
    Total number of unique words is 2149
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    49.0 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 09
    Total number of words is 3977
    Total number of unique words is 2162
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 10
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 2061
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    50.5 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 11
    Total number of words is 4000
    Total number of unique words is 2080
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 12
    Total number of words is 3992
    Total number of unique words is 2106
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 13
    Total number of words is 3934
    Total number of unique words is 2137
    36.4 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    58.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 14
    Total number of words is 4006
    Total number of unique words is 2223
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 15
    Total number of words is 4014
    Total number of unique words is 2217
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 16
    Total number of words is 4028
    Total number of unique words is 2175
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    58.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 17
    Total number of words is 4025
    Total number of unique words is 2146
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.0 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Əй, дүние-ай! - 18
    Total number of words is 2955
    Total number of unique words is 1688
    37.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.