Latin Common Turkic

Робинзон Крузо - 14

Total number of words is 4223
Total number of unique words is 2171
34.3 of words are in the 2000 most common words
48.3 of words are in the 5000 most common words
55.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Мушкетті оқтап, атуға дайын қалпында ұстап тұрдым, мушкетім мен тапаншамды испандыққа беріп қойғандықтан, тағы қауіп болса қажет болар деп оқты үнемдеуге тырыстым. Біздің оқтаулы төрт мылтығымыз біз алғашқы оқ жаудырған жердегі теректің түбінде қалды; сондықтан Жұманы шақырып алып, оларды жедел алып кел дедім. Ол құстай ұшып барып келді. Мен мушкетімді оған беріп, серіктестеріме қажеттілік туса берейін деп қалған мылтықтарды оқтай бастадым. Мен мылтықты оқтап үлгергенімше бір жабайы мен испандықтың арасында қырғын шайқас болды. Жабайы оған үлкен ағаш қылышымен тарпа бас салды, мен дер кезінде көмек қолын созып үлгірмегенде испандық тура осындай қылышпен өлтірілуге тиіс болатын. Менің испаным ержүрек екен, мен оны тіпті де ондай екен деп ойламаған ем; әлінің жоқтығына қарамай арыстандай алысты, қылышымен қарсыласының басынан екі рет жойқын соққы берді, бірақ жабайы да мықты, бойы ұзын екен, беріспей екеуі қоян-қолтық ұстаса кетті; ол испандықты алып жықты (испандық қатты қалжыраған) да қылышын жұлып алды; испандық қылышты өз еркімен бере қойып, беліндегі тапаншасын алып, жабайыны жайратып салды. Осының бәрі бір демде, менің көз алдымда, мен жәрдемге жүгіріп жеткенше болып еді.
Осы аралықта өзімен-өзі қалған Жұма қолындағы жалғыз балтасымен қашқан жабайылардың артынан қуып жүрді; ол қолындағысымен біз алғашқы атқанда жарақат алған үш жабайыны жайратып салды; ол басқаларының да сазайын берді. Испандық та бір сәтін зая жібермеді. Менің қолымдағы мылтықты алып қалған екі жабайының артынан жүгіріп жүріп, екеуін де жарақаттады, оның қуып жетерлік әлі де жоқ еді, ана екеуі орманға кіріп кетіп, із жасырды. Жұма олардың артынан кетті. Біреуін өлтірді, екіншісі желаяқ екен, жеткізбей кетті. Жарақаттанған жабайы сол бойы суға күмп беріп, қайыққа мініп қашып бара жатқан үш жерлесіне жүзіп жетті. Бұл төртеуі (жарақат алғаны өлі ме, тірі ме, белгісіз) жиырма бір жабайыдан сау қалғандары. Тура есебі былай:
3 – ағаштың тасасында тұрып алғаш атқанда өлді. 2 – келесі екі рет атқанда.
2 – Жұманың қайықта өлтіргені.
2 – алдында жарақаттанып, соңынан оның өзінің өлтірілгендері.
1 –Жұманың орманда өлтіргені. 3 – испандықтың өлтіргені.
4 – әр жерден табылған өліктер (Жұманың қуып жүріп өлтіргендері немесе жарақаттан өлгендер).
4 – қайықпен қашып құтылғандар (біреуі жарақаттанды, ендігі өліп қалмаса).
Барлығы: 21.
Қашқан үшеуі алды-артына қарамай, бар екпіндерімен қайықты есе берді. Жұма арттарынан қуалай екі-үш рет атып еді, тимеген шығар деймін. Ол маған қайыққа мініп соңдарынан қуайық деді. Олардың қашып бара жатқандарынан үрейлендім; олар өздерінің жерлестеріне аралдағы оқиға туралы айтып берсе, олар қайыққа екі жүз, үш жүз болып тиеліп келіп, қырып кете ме деп қорықтым. Арты не болады деп ойладым да Жұманың айтқанымен келісіп, жүгіріп теңізде қалқып тұрған қайыққа секіріп мініп, Жұманы шақырдым. Қайыққа секіріп мінгенімде таңғалғанымды көрсеңіз ғой, испандық сияқты аяқ-қолы байланған, құрбандыққа алып келген тағы бір адам жатыр. Шалажансар, қорыққанынан айналасында не болып жатқанын да ұғына алатын халде емес; жабайылар оны да қатты матап тастапты: қол-аяғы байланып ұзақ жатып қалса керек, қайықтың арт жағынан зорға көрінеді, тынысын әрең алып жатыр.
Маталған қол-аяғындағы арқанды кесіп, тұруына жәрдемдесейін деп едім, бірақ ол аяғынан тұра алмады, сөз айтар шамасы да жоқ, тек жалынышты үнмен ыңқылдай береді; бейшара оны өлтіруге апара жатыр деп ойлаған болуы керек. Жұма біздің жанымызға келгенде бұл адамның азат екенін түсіндірші дедім де, мынадан кішкене жұтқыз деп оған бір бөтелке ром бердім. Қуанышты хабардың әрі ромның қызуының да әсері болуы керек, байғұстың бетіне қан жүгіріп, ол қайықта біраз отырды. Әлгінің даусын естіп, жүзін көргендегі Жұманың қуанғанын көрсеңіз. Ол бас салып оны құшақтай алсын: біресе күліп, біресе жылады; сосын оны айналып секіре бастады, біресе басын, біресе бетін тырналап, бір сөзбен айтқанда, есуас адам сияқты күйге түсті. Сол кезде түсіне алмасам да артынан білдім, ол оның туған әкесі екен.
Досымныің бойындағы мұншама перзенттік махаббатты көргенде буын-буыным босап, соншалықты елжіреп кеткенімді сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес. Дөрекі жабайының ажал тырнағынан құтқарылған сүйікті әкесін көрген кездегі қуанышына көзге жас алмай қараудың өзі қиын еді. Бірақ солай бола тұрса да, сол сәттегі оның қуанғаны мен шын махаббатын айқындайтын оғаш қимылдарын көріп күлмей де қала алмас едіңіз. Ол қайыққа жүз мініп, жүз түсті; біресе әкесінің алдына тізерлеп отырып, баласын алдына алған ана құсап, оның басын өзінің кеудесіне апарады, біресе оның күс болып кеткен қол-аяғын сипайды. Әкесінің қол-аяғын роммен уқалауға кеңес бердім, ром оның бойына қуат кіргізгендей болды.
Қашқан жабайылар туралы енді ойлап қобалжудың да реті жоқ еді, олар көзден таса болғалы қашан, енді оларды қуып жетеміз деген ойдың өзі жайына қалды. Осылайша ойға алған қуғын жүзеге аспай қалды, және біздің бақытымызға орай деп те айтуға болады, өйткені екі сағат өтісімен-ақ, яғни біз ол кезде жолымыздың ширегін де жүріп өтпес едік, сұрапыл жел тұрып, түні бойы кәріне мініп бір тыншыған жоқ. Жел солтүстік-батыстан тұрып, тура қашқындардың маңдай алдынан соқты, сондықтан да олар бұдан есіп шыға алмады және енді туған жерлерін де көруден күдерін үзген шығар.
Енді Жұмаға қайта оралайық. Ол әкесінің қасынан айналсоқтап шықпай қойды, олардың арасына килігуге менің де дәтім жетпеді. Сағынышын әбден басып алсын деп, оны қасыма енді ғана шақырдым. Ол қуанышы қойнына сыймай бақытты, риза көңілмен жаныма жүгіріп келді. Әкеңе нан бердің бе деп сұрадым. Ол басын шайқады. “Нан жоқ, ит бәрін өзі жеп қойды” деп ол өзін көрсетті. Мен дорбамдағы азық-түліктерді алып – кішкене нан, екі ме, үш пе жүзім шашағын әкеңе бер деп қолына ұстаттым. Өзің де ромнан жұтып әлденіп ал деп қолына ұстатып едім, ол әкесіне ала жүгірді. Қайыққа жеткені сол еді, менің Жұмам басын ішіне қарай бүгіп алып, артынан тап бір шайтан қуып келе жатқандай, алды-артына қарамай бір жаққа жүгіре жөнелгенін көрдім. Бір айта кететіні – бұл жігіт өте желаяқ еді, мен есімді жиып та үлгіргенше, ол көзден ғайып болды. Мен оған тоқта деп айғайлаған болдым, – бірақ қайда, – шаңын ғана көрсетті. Бір қарасам, ол ширек сағаттан соң қайта оралып келеді екен, бірақ бұрынғыдай емес, қарқыны басылған.
Ол жақындағанда қолында бір нәрсе бар екенін көрдім. Қолындағы әкесіне тұщы су құйып әкеле жатқан құмыра екен. Сол үшін ол үйге, өзіміздің қорғанға жүгіріп барып келіпті, тағы дөңгелек наннан да екеу алыпты. Мен қатты шөлдеп тұрғандықтан ол маған судан бір-екі жұтым ішкізді де, нанды маған беріп, суды әкесіне ала жөнелді. Ром емес, су ішкеннен кейін байғұс шалдың өңі кірді; енді болмаса ол шөлден өлгелі отыр екен. Әкесі ішіп болған соң, Жұмадан су қалды ма деп сұрадым. Ол иә деді, енді суға оның әкесінен кем емес зәру болып отырған испандық ішсін дедім. Мен оған Жұма әкелген нанның біреуін ұстаттым. Байғұс испандық тіпті әлсіреп қалыпты, қозғалар шамасы жоқ, ағаш түбінде көлеңкеде жатыр. Жаналғыштары аяқ-қолын қатты қысып байлап тастаған болуы керек, қол-аяғы күп болып ісіп кетіпті. Ол су ішіп шөлін басып, жаңадан пісірілген нанды жеп болған соң, мен оған жақын келіп бір шашақ жүзім бердім. Ол басын көтеріп, жасаураған жанарымен маған қарады, жанарынан саған шексіз ризамын деп тұрғанын түсіндім; жаңа ғана жанжалда ержүректік танытқанына қарамастан, оның әлсірегені сондай, ол қалай тырысса да аяғынан тұра алмады: күп боп ісіп кеткен аяқтары бұған еш мүмкіндік бермеді. Мен оған өзіңді тектен текке қинай берме деп кеңес бердім және Жұмаға өз әкесіне істегендей оның аяғын роммен уқала деп бұйырдым.
Мен мейірімді жігіттің өзі отырғызып кеткен жерде әкесі отыр ма екен деп сәт сайын көз қиығымен қарай бергенін байқадым. Кенет, қайырылып қарағанда ол шалдың жоғалып кеткенін көрді: ол сөзге келместен табандары жалтылдап қайыққа қарай орнынан ата жөнелді. Бірақ жүгіріп барды да, әкесінің жай ғана тынығу үшін қисайып жатқанын көріп, бірден бізге қайтып келді. Мен испандыққа біздің үйге барамыз, сенің қайыққа жетуіңе менің құлым көмектеседі, содан кейін сені емдеудің бір амалын табармыз дедім. Бойында қуаты тасыған Жұма оны бұйым құрлы да көрген жоқ, көп ойланып-толғанып жатпастан арқасына салып алды да қайыққа алып келді. Әуелі қайықтың ернеуіне, сосын еппен көтеріп әкесінің қасына отырғызды. Содан соң жағаға шығып, суға қарай итеріп, қайыққа өзі секіріп мініп, ескегін қолына алды. Мен жаяу қайттым. Жұманың қайратты қолдары қойсын ба, қатты желдің күшіне де қарамай, ескегін тез-тез есіп жағаны бойлай үйге әп сәтте жетті, жаяу келе жатқан мен тіпті ілесе де алмай қалдым. Екі міскінді біздің айлағымызға сәтті жеткізген соң, оларды сол жерде қалдырып, өзі екінші қайыққа жүгіріп кетті. Орта жолда мені кездестірген ол, бұны маған жүгіріп бара жатып түсіндірде де, ары қарай ағыза жөнелді. Бұл жігіттің шапшаңдығына көз ілеспейді, жарыстырса тіпті жылқы да қуып жете алмас еді. Менің қайыққа жете бергенім сол еді, ол екіншісін де алып келді. Жағаға келе салып, ол қозғалуға да дәрмені жоқ екеуіне қайықтан шығуға жәрдем етті. Байғұс Жұма екеуінің ортасында не істерін білмей есі шықты.
Мен қарап тұрдым да, Жұмаға тығырықтан шығудың жолын айттым, әзірше екеуін де ыңғайларына қарай отырғызып, жиекте қалдыра тұр дедім. Тездетіп зембіл жасадым да, оған екеуін отырғызып қорғанның алдына дейін алып келдік. Енді ары қарай не істерімізді білмей, тағы да тығырыққа тірелдік. Ересек екі адамды қоршаудың үстімен көтеріп өткізу мүмкін емес-тін, ал осы үшін қоршауды бұзуға ниетім де жоқ еді. Маған тағы да өнерпаздық қабілетімді іске қосу керек болды, – мұның да жолын таптық. Жұма екеуміз жұмысқа қызу кірісіп кеттік: екі сағаттан кейін бау мен қоршаудың ортасында төбесін жаңбыр мен күннен қорғау үшін бұталармен қалың етіп көмкерген, әдемі желкен сияқты шатыр пайда болды. Шатырдың екеуіне әдемі қылып төсек дайындадық; күріштің жұмсақ сабанынан астына төсейтін және үстеріне жамылатын төсеніш жасадық.
Менің аралым елге толды, қарамағымда енді адамдарым бар. Мен өзімді патшамын деп ойласам болды, өз-өзімнен күлімсірейтін болдым. Біріншіден, бүкіл арал менің меншігіме айналды, сондықтан мен өзімді құдайдай сезіндім. Екіншіден, менің халқым менің қол астымда: қандай үкім шығарып, не шешім қабылдасам да өз құзыретім өзімде. Менің қарамағымдағылар маған өз өмірлерімен қарыз еді, олардың әрқайсысы, егер қалайтын болсам, мен үшін жандарын да ойланбастан қиюға дайын болатын. Үшеуінің үш дін өкілі болғаны да дұрыс болды, Жұма – христиан, әкесі – адам етін жейтін – мәжуси, испандық – католик. Мен ұждан бостандығына жол бердім, бұлар қай дінді ұстанса да өз еріктерінде.
Қонақтарды жайғастырып болған соң, енді бұларды тамақтандыру қамына кірісу керек болды. Мен Жұманы ормандағы ауладан бір туша алып келуге жұмсадым. Оны бауыздап, етін ұсақтап турап сорпа, қалғанынан қуырдақ дайындадық. Түскілік қамына Жұма кірісті. Сорпаға күріш, арпа салып, өте дәмді етіп дайындады. Қорғанның сырт жағында, бау ішінде ауқаттандық (қорғанымның ішінде от жақпайтын едім), сондықтан мәзіріміз жаңа шатырда өтті. Мен қонақтарыммен бірге тамақтандым, оларға әр түрлі әңгіме айтып көңілдерін жадыратып, қуаныш сыйлағым келді. Жұма әкесімен сөйлескенімде ғана емес, испандықпен сөйлескенімде де тілмаштық қызмет атқарды, өйткені испандық жабайылардың тілін білетін болып шықты.
Біз түстеніп отырғанда, тіпті оны кешкі тамақ деп те айтқаным дұрыс болар, Жұмаға қайықпен барып, ұрыс алаңында қалған мылтықтарды әкелуді бұйырдым. Ал келесі күні қапырық ыстықта иістеніп кетер деп қауіптеніп, жаман иістің ауаға таралуының алдын алып, өліктерді көміп кел деп жұмсадым. Содан соң қанды мерекеден қалған көп белгілерді көзден таса қылуын өтіндім; өліктерді көмбек түгілі, көму туралы ойлағанның өзінде тұла бойым түршігіп кетті. Жұма менің айтқандарымның барлығын бұлжытпай орындады; оның белсенділігінің арқасында, жабайылардың қанды қырғынының ізі де қалмапты: мен қанды қырғын болған жерге келгенде ә дегенде ол жерді танымай да қалдым; тек орманның жағалауға жақын, шет жағындағы ағаштың түбіне келгенде ғана қанды мерекенің тап осы жерде болғанына көзім жетті. Көп ұзамай мен өзімнің жаңадан болған бодандарыммен әңгімелесе бастадым. Алдымен төрт қашқын туралы не ойлайды екен, олар аралға өз тайпаластарымен қаптап келсе, біз төтеп бере алмай қалмаймыз ба деп Жұмадан әкесінен сұрауын өтіндім. Кәрі үндіс сол түнгі сұрапыл дауылдан олардың аман қалуы екіталай, бәрі де суға кеткен шығар деген сыңайда жауап берді; егер тіпті бір ғаламаттың күшімен аман қалғанның өзінде, оларды ағыс оңтүстік жағалауға, өздерімен жауласқан тайпаның жеріне қарай ығыстырып әкетеді, онда олар анық жауларының қолында өледі деді. Ал олар өз елдеріне аман-есен жете қалған жағдайда, қандай қадамға барулары мүмкін екенін шалдың өзі де білмейді екен; бірақ, оның ойынша, олардың біздің тосын шабуылымыздан, от ұшқындары мен мылтық даусынан зәрелері ұшқандары сондай, оз отандастарына жолдастары адам қолынан емес, күн күркіреп, жай түскеннен қаза болды, ал біз, Жұма екеуміз, қаруланған екі адам емес, оларды құрту үшін көктен түскен қаһарына мінген екі аруақ деп әңгімелеп жатқаны еш күмән тудырмайды деді. Ол бұл сөздерді олардың бір-біріне айтып жатқанын өз құлағымен естіген екен, өйткені олар ажалды пенденің аузынан жалын шашып, жайдың тілімен сөйлеп, тіпті қолын да сермеместен, тура осы жолғыдай алыстан өлтіре алатынына өлсе де сенбейді, тіпті бұны өздеріне елестете де алмайды деді. Шалдікі дұрыс болып шықты. Кейіннен менің білгенімдей, бұдан кейін бірде-бір рет жабайылар менің аралыма келуге талпыныс жасамағанына, менің аралыма табаны тигеніне куә болмадым. Сірә, біз өлдіге санап жүрген төрт қашқын отандарына аман-сау жетіп, болған оқиғаны айтып жерлестерінің зәрелерін ұшырған болулары керек, енді олардың басында бұл сиқырланған аралға аяқ басқан әрбір адам көктен түскен жай отымен өртеледі деген түсінік қалыптасуы да әбден мүмкін.
Бірақ мен ол кезде бұл туралы білгенім жоқ, сондықтан сәт сайын жабайылардың шабуылын күтіп үнемі үрейленіп жүрдім. Мен және менің шағын әскерім қашанда ұрысқа дайын болды: біз енді төртеуміз де жүз жабайы қаптаса да, қорықпай ашық майданда да соғысуға әзір едік.
Жабайылардың қарасы көрінбегесін, менің қорқынышым да аз-аздап сейіле бастады, құрлыққа аттансам деген ескі қиялым қайта қол бұлғады. Және Жұманың әкесінің: “Сізді жерлестеріміз өздерінің жарылқаушысы ретінде құшағын жайып қарсы алады” деген сөзі де қамшы болды.
Испандықпен арадағы салмақты бір әңгімеден кейін бұл жоспарды жүзеге асырудың қажеті бар ма, жоқ па деп күмәндана бастадым. Әңгіме барысында ұққаным, жабайылар қираған кемеден құтқарылған он жеті испандық мен португалдықты паналатса да, оларды жәбірлемесе де, бұл ақ адамдардың халі төмен екен, тіпті кейде ашығып қалатын күндері де болады екен. Олардың апатқа ұшыраған кемелері туралы сұрағанымда, менің қонағым бұл кеме Рио-де-Ла-Платыдан Гаваннаға келе жатқан испандық кеме, Гаваннаға бағалы аң терісі мен күмістерден тұратын жүктерін қалдырып, ол жерден қандай да бір еуропалық тауарлар тиеуге ниет еткендерін айтты. Ол тағы да апатқа ұшыраған португалдық кемеден бес матросты мінгізіп алғандарын, ал өздерінің экиажының бес адамы апат төнген бойда қазаға ұшырап, қалғандарының бірнеше күн ажалмен бетпе-бет келіп, ақыр соңында адам жегіштердің жағалауына тоқтауға мәжбүр болып, әр сәт сайын жабайыларға азық боламыз деген қорқынышпен өмір сүргені жайлы әңгімелеп берді. Олардың мылтықтары болғанымен күкірттері мен оқтары болмағандықтан қолдана алмаған: қайыққа өздерімен бірге алған оқ-дәрілері жолда бәрі дерлік су болған, ал қалған оқ-дәріні тамақ табу үшін аң аулаған кезінде-ақ бітірген. Мен одан, қалай ойласың, сендерді жабайылар елінде қандай тағдыр күтіп тұр және ол жерден құтыламын деп ешқашан талпынбадыңдар ма деп сұрадым. Ол: бұл жайында көп ақылдастық, бірақ бәрі де көзге жас алу және торығумен аяқталатын, өйткені бізде кеме де, оны жасайтын құрал-сайман да және ешқандай азық қорымыз жоқ еді деп жауап берді.
Бұдан соң мен тағы да одан – егер мен оларға қашу жоспарын жүзеге асыру үшін менің аралыма жиналайық деген ұсыныс айтсам, олар келісер ме еді, қалай ойлайсың, деп сұрадым. Мен сатқындық пен опасыздыққа ұрынып, олардың қолдарына алданып түсіп қалам ба деп қорқатынымды оған жасырмай айттым. Өйткені рахмет айту адамға тән кісіліктердің қатарына кірмейді және адамдар өз іс-әрекеттерінде мойнына міндет қылып алған парыздарынан гөрі пайданы көбірек басшылыққа алады. Жаңа Испанияда олардың тұтқынына түскен бірде-бір ағылшынның әлі құтылғанын көргенім жоқ, сондықтан, дедім мен оған, олардың тұтқынына айналу үшін ғана адамдарды бәледен құтқарсам, оның өкініші естен кетер ме; дін адамдарының тырнағына ілініп, инквизицияның түрмелерімен таныс болғанша, мен жабайылардың жеп қойғанынң өзі жақсы. Мен тағы оған: егер осы жерге оның бүкіл жолдастары жиылса, осыншама қол жабылып кеткенде Бразилия аралдарына не осы жерден солтүстікте жатқан Испания иеліктеріне біз бәріміз де аман-сау жете алатын кеме жасап алатынымызға анық көзім жетеді дедім. “Әрине, егер олар менің жасаған жақсылығымды аяқ асты етіп, өзім берген мылтықты өзіме қарсы бұрса, өздерінің көптігіне сүйеніп, мені еркімнен айырып, тұтқын есебінде еліне апарса, сонда күнім не болмақшы, қазіргімнен де ауыр халге душар боламын ғой”, – дедім.
Испандық менің бұл сөзіме шынайы ақ жүрегімен жолдастарымның жағдайлары өте нашар, олар өздерінің үмітсіз екендіктерін өте жақсы біледі, сондықтан мен, олар өздеріне қолұшын берген адамға ешқашан арам ниетте болады деп ойламаймын да дед; егер қажет деп тапсаңыз, үндіс шалмен бірге барып сіздің ұсынысыңызды айтып, жауабын алып келейін деді. Егер олар менің шарттарыма келіссе, олардан маған өздерінің командирі немесе капитанына сөзсіз бағынатынына ант алып келемін дегенді де айтты; мен оларды маған деген адалдықтарына және мен нұсқаған христиан еліне баруға дайын екендіктеріне қасиетті тәбәріктермен және інжілмен ант ішуге мәжбүр етемін деді; ол олардан өз міндеткерліктері туралы қағазға өз қолдарымен қол қойғыздыртып отырып оны сізге алып келемін деді.
Егер мен өзім қуып жібермесем, тірі тұрғанда мені тастап кетпейтініне ол әуелі өзі ант бергісі келетінін, егер өз тайпаластары маған берген антын бұзса, ол менің жағымда болып, мен үшін қасық қаны қалғанша аяусыз күресетінін айтты. Ол өз жерлестерінің сөзге берік, адал, қайырымды екендерін, оның үстіне ішер киімі, жейтін тамағы жоқ, жабайылардың қарауында, – турасын айтқанда, егер мен оларды құтқарсам, –
олар мен үшін өмірін беруге дайын екеніне сендірді.
Испандықтың елдестері үшін сенімді сөйлеп отырғаны менің күдігімді сейілтті, мүмкіндік болса, оларды құтқару үшін алдын ала сөйлесуге шал мен испандықты жіберіп алмаққа бекіндім. Сапарға әбден дайын болғанда испандық бұл жоспарды іске асыру үшін асығыстық жасау керек емес дегенді ескертті. Ол сондай ақылға сыйымды әрі сондай оның шынайылығынан хабар беретін пікірлерін айтқанда, онымен келіспеу мүмкін болмағандықтан мен оның кеңесі бойынша жолдастарын құтқаруды кем дегенде жарты жылға шегер тұруды жөн көрдім. Мәселе мынада болатын.
Испандық бізде бір айға жуық тұрып біздің тұрмыс-тіршілігімізбен танысып та үлгеріп еді. Ол менің қалай жұмыс істейтінімді және құдайдың көмегімен күнделікті нанымды тауып жеп жүргенімді көрді. Мендегі күріш пен арпа қорының қаншалықты екенін де анық білді. Әрине, бұл азық менің бір басыма артығымен жетер еді, бірақ енді менің отбасым төрт адамға артқанның өзінде, бұл азықты аса үлкен сақтықпен жұмсау керек еді. Сондықтан да, бізге тағы да он төрт адам келіп қосылар болса, мүлдем тырығып қалар едік. Және біз кемені жасап бітірген кезде ұзақ жолға азық-түлік қорын қамдап та үлгеруіміз керек-тін. Осылардың бәрін таразылай келе менің испандығым қонақтарымызды әкелмес бұрын олардың азық-түлігін алдын ала дайындап алу керек деген ой айтты. Оның жоспарының мәні міне осында болатын. Сіздің келісіміңізбен, деді ол, біз үшеуіміз жаңадан жер жыртып, сіздің бергеніңізше бар тұқымды себеміз; сосын біз егін орағын күтеміз, түскен өнімнен жасалатын нан біздің осында келетін отандастарымыздың бәріне жетерліктей болуы керек деді; өйтпейінше, оларды оттан әкеліп, шоққа салғаннан не шығады, жоқшылық алауыздық туғызады деді. “Израиль ұлдарын есіңізге түсіріп көріңізші, олар әуелі Египеттің езгісінен құтылғанына қуаныпты, шөл далада азықтары таусылған соң, өздерін құтқарған Құдайға қарғыс айтыпты” деді ол сөз соңында.
Қонағымның көрегендікпен айтқан сөзіне қарсылық білдіргенім жоқ, шын жанашыр екеніне көзім жеткеніне қуандым. Тапжылмастан тыңдаған мен оның айтқан сөздерінің жаны бар деп шештім. Уақытты текке оздырмау үшін төртеуміз жер жыртуға кірісіп кеттік. Ісіміз өнімді жүріп жатты (ағаш күрекпен мұндай істің қаншалықты нәтиже берерін білмеймін), бір айдан соң тұқым себер кезде, жерді едәуір жыртып тастаған екенбіз, жиырма бушель арпа, он алты бушель күріш дәнін септік. Алты ай уақытқа жетерлік дәнді үнемдеп, қалғанын сеуіп тастадық. Себебі егінді толық жиып алу үшін алты ай уақыт кетеді.
Жабайылар қаптап келіп қалмаса деген ой болмаса, біз төрт адамға көбейген соң, жабайылардан үрейленуді де, қорқуды да қойдық. Енді біз аралды еш қорқынышсыз кезіп жүре беретін болдық. Біздің бәрімізде бір ғана үміт болды, ол – бұл жерден құтылу; құтыламыз деген үміт үшін әрқайсысымыз (ең құрығанда бұл сөзді өзім үшін айта аламын) барымызды салуға тырысып бақтық. Аралды кезіп жүргенде кеме жасауға қолайлы деген ағаштарды Жұма мен әкесіне кесіңдер деп, ал испандықты олардың жұмысын қадағалауға жұмсадым. Мен оларға жуан ағаштардан жонып жасаған тақтайларымды көрсеттім де, сендер де дәл осындай етіп жасаңдар, мұны жасау үшін біраз тер төгілді дедім. Бұлар еменнен жасалған, ұзындығы отыз фут, ені екі фут, қалыңдығы екіден төрт дюймге дейін баратын мықты тақтайлар еді. Бұл жұмысқа қаншалықты тер төгілгенін өздеріңіз шамалап көріңіз. Осы аралықта мен мал басын көбейту жұмыстарымен де айналыстым. Ешкілерімді көбейту мақсатымен күнде екі адам жабайы лақтарды ұстауға шығып жүрдік, Жұма күн сайын,
ал испандық екеуміз кезектесіп шығатын болдық.
Тасалау жерде жайылып жүрген лақты, ешкіні көрсек, енесін атып аламыз да, лақтарын үйірге қосып жібереміз. Осылайша бізде мал басы жиырмаға дейін жетті. Бұдан соң піскен жүзімді жинау жұмыстары да күтіп тұрды. Бізде олардың мол болғаны сондай, әуелі бәрін кептіріп алдық, егер біз жүзімнен шарап дайындайтын Аликант қаласында болсақ, онда алпыс шақты бөшкені толтырар едік деп ойлаймын. Жүзім наннан басқа күнделікті қолданатын асымызға айналды, біз оны сүйсініп жедік. Мен бұдан басқа денсаулыққа пайдалы, сіңімді, нәрлі тағамды білмеймін.
Осындай шаруаларға алаң болып жүргенде, егін жинайтын мезгілдің де келгенін байқамай қалдық. Егініміз аса бітік шықпағанымен, мол болды. Енді ойымызды жүзеге асыра бастадық. Себілген жиырма екі бушель тұқымнан екі жүз жиырма бушель арпа, соған жақын күріш алдық; бұл өніміміз біздің (келетін он алты адамды қосқанда) ішіп-жеуіміз былай тұрсын, тіпті Американың қай шетіне сапар шексек те жетерлік еді.
Егінді жинап алған соң, бидайымызды салатын үлкен себеттер тоқуға кірістік. Испандық бұл істің хас шебері екен, ол маған неге қоршау шарбақ тоқып алмаймыз деп күңкілдеп жүрді, бірақ мен оған мұқтаж болғаным жоқ.
Келетін қонақтарымызға жетерлік азық-түлік қорын молайтқан соң, бар жабдықтарын дайындап, испандыққа оларды алып келу үшін аттануға келісім бердім. Мен оған ант қабылдаған кезде шалдың куә болуынсыз бірде-бір адамды алып келме дедім. Адам баласына ізгілік қана ойлаған, оны және оның елдестерін тұтқыннан құтқарып, одан кейін де құқықтарын қорғайтын, олардың қамын жейтін аралдағы адамға бағынышты екенін білсін дедім. Менің шарттарыммен келіскен әрқайсысы мұның бәрін қағазға жазып, қол қойсын дедім. Қонағым екеуміз жазбаша хаттың барысы жайлы сөйлесіп отырғанда, оның жолдастарынан не қалам, не қағаз, не сия табылмайтыны жөнінде ескермеппіз. Осы нұсқау бойынша испандық пен шал өздері келген қайықпен, турасын айтсам, менің аралыма өздерін құрбандық қыламыз деп алып келген қайықпен саяхатқа аттанды. Екеуіне де шығын қылмай, тек қауіп төнгенде ғана пайдаланыңдар
деп сегіз рет атуға жетерлік мушкет, оқ-дәрі бердім.
Мен оларды шын ықыласыммен, зор қуанышпен жолға дайындадым. Жиырма жеті жылдан артық уақыт ішінде бұл менің еркіндікке қол жеткіземін деген алғашқы талпынысым болатын. Мен өз елшілерімді көп күнге жетерлік, ал олардың елдестерін бір аптаға жетерлік азық-түлікпен қамтамасыз еттім. Міне, аттанар сәт те келіп жетті. Қайтар жолда олардың қайықтарын алыстан шырамыту үшін дабыл белгісін беріңдер деп, сәтті жол тілеп, сапарға аттандырдым. Менің болжамым бойынша олар қазан айының ай толған сәтінде, ауа сәл салқын тартқанда аттанды. Күннің, аптаның есебінен жаңылып қалған соң, менің жылдарды түзіп жүрген күнтізбем дұрыс па екен деп күмәндандым. Бірақ жыл
есебінен жаңылмағанымды содан соң білдім.
Саяхатшыларым келіп қалар-ау деп елеңдегеніме аптадан асты. Міне, осы уақытта менің өмірімде күтпеген тосын оқиға болды.
Тамылжыған күндердің бірінде таңғы ұйқы құшағында жатқанымда Жұма: “Қожам, Қожам! Олар келе жатыр”, деп айқайлады. Мен атып тұрып, тез-тез киініп алып, қоршаудан секіріп түстім. Қауіп боларын ойламастан бауға жүгіріп келдім (расын айтсам, бауым орманға айналған). Қайталап айтамын, қолыма қару да алмастан, қауіп болады деп еш ойламастан жүгіріп шығып, теңіз үстінде жағаға бес миль қалған жерден үшбұрышты желкенді қайық көргенімде таң қалғанымды көрсеңіз. Ол аралға бет түзеп, желдің ығымен тура тартып келеді, жақындап та қалған екен.
Бұл көрініске куә болған соң, Жұмаға бау ішіне жасырын дедім. Бұл біздің күткендеріміз емес, – жауымыз ба, жанашырымыз ба, – білмедік.
Көзімді анық жеткізу үшін үйден дүрбімді алып шықтым. Баспалдағымды қойып, әдеттегідей төбешіктің басына көтерілдім.
Төбешікке шығар-шықпастан кемені көрдім. Ол аралдың оңтүстік жағалауында, менің үйімнен сегіз мильдей жер шамасында зәкірін түсіріп тұр екен. Бірақ жағалаудан оған дейін бес мильдей жер. Кеме де ағылшындардікі, енді анық көріп тұрмын, қайық та солардікі.
Ағылшын кемесін көріп қалай қуанғаныма куә болсаңыздар – елдестеріммен табысамын деген ойдан кеудемдегі қуанышым тасыды, әр түрлі күдік те болды, бірақ бір тылсым күш мені оларға қарсы қойды. Мені ойға қалдырған нәрсе, ағылшын көпестерінің кемесі бұл араға қандай себеппен келгені: бұл арал кеме жүретін жолдан өте шалғай жатқан жер болатын. Мен бұл кемені жел айдап әкелмегенін де жақсы білемін, өйткені соңғы уақытта ешқандай дауыл көтерілген жоқ. Сонда кеме бұл маңайға қалай келген? Егер бұлар шын мәнінде ағылшындар болса, онда олар жақсы ниетпен келмеген шығар, қарақшылар мен азғындардың тұзағына түскенше, торуылдап жүре тұрайын деп ойладым.
Көңіл бөлерлік еш себебі болмаса да, қауіп боларын алдын ала сезсеңіздер, елемей алаңсыз жүре бермеңіздер дегім келеді. Алдын ала сезу қасиеті бәрімізге тән, ең аңғарымпаз деген адамның өзі бұл сөзімді жоққа шығармайды деп ойлаймын. Рухтардың өзара қарым-қатынасы болатынын дәлелдейтін жұмбақ әлемнің бар екеніне еш күдік келтіре алмаймыз. Біздің игілігіміз үшін тылсым күштердің әсерімен болатын ішкі үніміз қауіп боларынан хабар берсе (жоғары күш, я оған бағынушы күш – бәрібір), оған қалайша құлақ аспаймыз.
Менің басымнан өткен оқиға бұл ойымның дұрыстығын растайды. Егер мен сол кезде ішкі үнге құлақ түрмесем, онда сөзсіз ажал құшар едім, я бұрынғымнан да мүсәпір күйге түсер едім.
Жағаға жақындап қалған қайық тоқтауға қолайлы жер іздеп келеді. Бақытыма қарай, менің қайығым тұрған жерді көрмей, одан жарты мильдей жер алысырақ тоқтады. Бақытыма қарай деп айттым ғой, егер олар менің қайығым тұрған жерге аялдағанда, тура менің үйімнің алдынан шығып, өзімді қуып жіберіп, сабақты инеме дейін тартып алушы еді. Жиекке жеткен соң, қайықтарын орнықтырып, адамдары түсе бастады, мен бәрін анық көріп отырдым. Бұлардың көбі сөзсіз ағылшындар еді, бір-екеуін голландық па деп ем, бірақ олай емес екенін артынан білдім. Бас-аяғы он бір адам, аяқтары тұсауланған үшеуі тұтқын сияқты, жағаға түскен бес-алты адам оларды жұлқылап түсіре бастады. Тұтқындардың біреуі даусын шығарып, бірнәрселер айтып жалбарынып жатыр, сірә, қорыққаннан есі шығып кеткен болуы керек.
Қалған екеуі де қолдарын көкке көтеріп жалынды, бірақ негізінен олар сабырлық кейіп танытты.
Бұл көріністі қалай түсінерімді білмей аң-таң болдым. Бір кезде Жұма өзінің адам баласы ұғып болмайтын ағылшын тілінде: “О, қожам, қараңыз әне, жабайылар сияқты ақ адамдар да адам етін жейді екен”, деді айқайлап. “Сен олар аналарды жейді деген сөзді қайдан шығардың?” дедім. “Әрине, жейді”, деді ол сенімді дауыспен. “Жоқ-жоқ, сен қателесесің, мүмкін, оларды өлтірер, бірақ жемейді” дедім мен.
Сәт санап, тура көз алдымда өткелі тұрған қанды көріністен көз алмай қарадым да тұрдым. Құрбан болар адамның біреуінің басының үстінен қанжар ма, әлде шапашот па, бір нәрсенің жарқ ете түскенін көзім шалды. Барлық тамырларымдағы қаным суып кетті: бейшара қазір өлі күйде сылқ ете қалады деп ойладым. Осы сәтте жанымда испандық пен Жұманың әкесінің болмағанына қатты өкіндім. Қарақшылардың бірде-бірінің қолында қаруы жоқ екенін байқадым. Оларға жасырынып барып қақ маңдайдан бір-ақ атса қандай қатып кетер еді. Бірақ көп ұзамай менің ойым басқа бағытқа ауды. Үш тұтқынға ойына келгендерін істеген оңбағандар, аралды айнала жүгіріп кетті, төңіректі байқағылары келсе керек. Ал үш тұтқынға қалай қарай қашса да еркіндік тиген сияқты. Бірақ ол үшеуі тұнжырап, қажып қара жерде отыра берді.
Бұлардың бұл отырысы өзімнің аралға келгендегі алғашқы сәтімді еске салды. Мен де дәл осылай төңірегіме алақтап қараумен болып едім. Өзіме ажал жетті деп есептегенмін. Алғашқы түні басыма қандай ой келмеді десеңізші; аңдар жарып кетпесін деп ағаштың басына өрмелеп шығып, сол жерде түнедім. Апатты жағдайға ұшыраған мен құла түзде қалай тіршілік етер едім; менің алдағы өміріме жарық күн сыйлаған сол түні маған құдайдың қарасқанын білмеп едім. Тығырықтан шығар жол жоқ, үмітсізбіз деп ойлаған бейшаралар да дәл сол сәтте өздерінің жарылқаушысы бар екенін білген жоқ.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Робинзон Крузо - 15
  • Parts
  • Робинзон Крузо - 01
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2264
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 02
    Total number of words is 4115
    Total number of unique words is 2064
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 03
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2177
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 04
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2078
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 05
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2016
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 06
    Total number of words is 4002
    Total number of unique words is 2134
    30.2 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 07
    Total number of words is 4212
    Total number of unique words is 2131
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    43.6 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 08
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2073
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.2 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 09
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2182
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 10
    Total number of words is 4076
    Total number of unique words is 2097
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 11
    Total number of words is 3843
    Total number of unique words is 1995
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 12
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 1970
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 13
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2087
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 14
    Total number of words is 4223
    Total number of unique words is 2171
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 15
    Total number of words is 4122
    Total number of unique words is 2031
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 16
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2082
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 17
    Total number of words is 4085
    Total number of unique words is 2058
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 18
    Total number of words is 2075
    Total number of unique words is 1203
    41.1 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.