Latin Common Turkic

Робинзон Крузо - 03

Total number of words is 4170
Total number of unique words is 2177
31.7 of words are in the 2000 most common words
46.4 of words are in the 5000 most common words
53.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Капитан тек сөз жүзінде ғана кеңпейіл адам емес екен, іс жүзінде де айтқанын бұлжытпай орындады. Менің бар мүлкімді, ең ақыр аяғы үш құмырама дейін тізімге жазып, өзінің қарауына алды, біреудің мүлкіне қол сұғушы болмаңдар деп теңізшілерге әбден тапсырды, жасаған тізімін менің қолыма берді де: “Барған жерде осы тізім бойынша түгендеп ал”, – деді. Капитан қайығымның жақсы екенін көріп: “Егер, сатсаңыз алайын, бағасына не сұрайсыз?”, – деді. “Сіз маған көп жақсылық көрсеттіңіз, сондықтан қайыққа баға қоймаймын, бергеніңізді аламын”, – дедім. “Олай дейтін болсаң, қайықтың бәсі сексен пиастр болсын, бірақ Бразилияға барған соң менің бергенімнен артық төлеушілер табылса, мен де соны берейін”, – деді. “Келістік, солай болсын”, – дедім. Ксуриді алтынға айырбаста деді. “Менің алтын алғым келеді, баланы сізге аманаттаудан да қорықпаймын, бірақ қиын-қыстау кезде қасымда болған адамның бостандығын алтынға қалайша айырбастаймын?” – деп қиналдым. Капитан менің халімді түсінді, бірақ маған ұсынысымнан бас тартпа деді, егер бала христиан дінін қабылдаса, он жылдан кейін басына бостандық беремін деді. Бұл ойыңыз дұрыс екен дедім. Ксуридің өзі де капитанның қасында қалғысы келетінін айтты, мен де ризашылықта екенімді білдірдім. Бразилияға дейін сапарымыз оң болды, жиырма екі күн дегенде Тодос лос Сантосқа, яғни Күллі Әулиелер қойнауына келіп кірдік. Сонымен, мен адам баласы ғана ұшырайтын азаптан құтылып, енді не істеу керек екенін ойластырдым. Португал кемесі капитанының кеңпейілділігін, маған көрсеткен жақсылығын мәңгі ұмытпаспын. Алып келгені үшін тиын-тебен де алған жоқ. Бар дүниемді – арыстан терісін, жәшік шарапты, екі мылтықты, тағы да басқа өзімнің сатқым келген нәрселерді алды. Турасын айтсам, осылардың бәрінен екі жүз жиырма
сомдай алтын ақша құрастырып, Бразилияға келіп жеттім.
Капитан мені бір танысының үйіне ертіп келді, ол да өзі секілді мейірімді, адал жан болып шықты. Қант плантациясы мен қант зауытының қожасы екен. Мен оның үйінде ұзақ уақыт тұрдым, сондықтан барлық өндірістерді араладым және қант плантациясымен таныстым. Қант өндірісі адамның тұрмысына қолайлы, онымен айналысқан адамның тез байитынына көзім жетті. Мен де осы жерден тұрақ тауып, осы іспен айналысамын деп шештім. Лондондағы қаражаттарымды алдырып, оны қандай да бір іске жұмсау туралы ойладым. Бұл жерге бас сұғып алған соң, болашақ плантация мен усадьба салу үшін қолымдағы бар ақшаға өңделмеген жер сатып алу туралы жоспар құра бастадым.
Менің лиссабондық ағылшын, тегі Уэлз деген бір португал көршім болған. Оның да жағдайы тура менікіндей еді. Оны көрші дейтінім, оның плантациясы менің плантацияммен шектесіп жатыр, екеуміздің қарым-қатынасымыз өте жақсы; екеуміздің айналымдағы ақшамыз да онша көп емес еді; бастапқы екі жылда екеуміз де плантация түсімінен тек ішіп-жегенімізді ғана ақтар халде болдық. Бірақ жеріміз өңделген сайын біз байи түстік, үшінші жылы бөлек бір жерге темекі ектік, енді бір жерді алдағы жылға қант өсіруге дайындап қойдық, бірақ екеумізде де жұмыс күші жетіспеді, Ксуриді бекерге тастап кеткенімді сонда ғана түсіндім.
Бірақ амал нешік! Ешқашан да ақылдылықпен көзге түскен жерім жоқ еді, сондықтан бұл жолы да мүлт кеткеніме таңқаларлық ештеңе жоқ деп ойлаймын. Енді маған бастаған ісімді тура осы жолмен жалғастыра беруден басқа ештеңе де қалмап еді. Бұл мен армандағаннан мүлде басқаша өмір еді: әлемді шарлаймын деп қиялдап, әке-шешемді тыңдамай, туған жерімнен безіп жүріп, табиғатыма жанаспайтын осындай іске мойын бұрғаныма өзім де таңқалдым. Оны айтасыз, кезінде әкем маған насихат қып айтқан қарапайым тіршіліктің ең жоғарғы сатысы алтын ортаға мен өз бетіммен жетіп едім, сонда деймін-ау, егер іздегенім осы болса, оған мен ел-жұрттан безіп, жарық әлемді кезбей-ақ туған үй, қара орман отанымда жүріп-ақ жетуші едім ғой деп те ойлаймын. Мен туралы аз-кем болса да білетін жер шарының бір бөлігін ешқандай хабардың да дерегі жетпейтін, туған жерімнен бес мың миль қашықтықта орналасқан осынау жатжерліктер мен тағылардың жабайы еліне тығылмай, достарымның арасында күліп-ойнап жүріп-ақ қазіргі жетістігіме Англияда тұрып та қол жеткізуіме болушы еді ғой деймін жиі-жиі өзіме-өзім.
Міне, мен Бразилияда жатып өз тағдырым туралы осындай қамырықты ойларға берілуші едім. Менде көрші плантатордан басқа бұл жерде тіл қатысатын да адам жоқ, барлық істі өз қолыммен жасауға тура келді. Айналамда тірі жан жоқ, бейне бір елсіз-күнсіз аралда өмір сүріп жатқандаймын деп, сөйлесетін тірі жанның жоқтығына шағымданатынмын. Бірақ кейін шын мәнінде жан баласы жоқ аралға тастағанда тағдыр мені қалай әділ жазалады десеңізші! Сондықтан да біздің бәрімізге бір сәт бүгінгі тіршілігімізді бұдан да жаман күндермен салыстыра қарау қалай пайдалы болар еді деп ойлаймын, өйткені тағдыр әпсәтте бәрін айырбастап, бұрынғы өмірімізде қандай бақытты болғанымызды көзімізге көрсетіп қоюы да мүмкін ғой! Иә, қайталап айтамын, осы өмірімді елсіз аралмен салыстырып тағдырға нәумез боп жүргенде, шын мәнінде елсіз аралға тастап тағдыр мені әділ жазалады; ал өйтпей, бастаған ісімді жалғастыра бергенде мен шынында да мүмкін бақыт пен байлыққа жетер едім…
Мені апаттан құтқарған капитан еліне қайтқанға дейін менің қант плантациясы туралы жобамның бағыты белгілі болды (қайта жүк тиеп алғанша, оның кемесі Бразилияда үш айдай тұрды). Лондонда жинақталған ақшам бар екені туралы оған айтқанымда, ол маған шын ықыласымен достық кеңес берді: “Ағылшын мырза (ол мені әр уақытта осылай деп атайтын), маған сенім қағаз жазып бер де, ақшаңды аманаттаған кісіңе хат жаз, ақшаға өтімді тауар алып, мен айтқан мекенжайға, Лиссабонға жіберсін, егер құдай сәтін салып аман-сау келер болсам, өз қолыңа түгелімен тапсырамын. Адамның өмірінде аяқасты әр түрлі жағдай бола береді екен, сондықтан ақшаңды түгелдей алдыртпа, жүз фунт стерлинг яки ақшаңның жартысын ғана алдырарсың. Бастапқыда тәуекел ету керек. Егер ақша айналыммен келсе, онда қалған ақшаны да айналымға жіберу керек, ал егер ақша орта жолдан жоғалып кетсе, әйтеуір өзіңде аз болса да қаражат қалар еді”, – деді. Орынды, достық кеңес, маған тек мақұлдауға тура келді.
Сондықтан көп ойланбай сенімхатты қолына ұстаттым, ақшамды аманаттап кеткен ағылшын капитанының әйеліне хат жаздым.
Хатта бастан кешкен оқиғаларымды, қалай тұтқынға түскенімді, қалай қашқанымды, теңізде португал кемесі кезігіп, аман қалғанымды және капитанның көрсеткен жақсылығын, түрлі басымнан кешкен оқиғаларымды түгел баяндадым. Хаттың соңында бүгінгі жайымды, қандай іспен шұғылданып жатқанымды және өзіме қажетті деген тауарларды жіберу туралы айттым. Капитан Лиссабонға келісімен ағылшын көпестері арқылы Лондонда тұратын бір көпеске хат жазып, тауар туралы тапсырыс беріп, менің бастан кешкен оқиғаларымды бастан-аяқ баяндаған. Лондон көпесі екі хатты да кешіктірмей капитанның әйеліне берген, капитанның әйелі ұсыныстарымды орындап, маған көрсеткен жақсылығы үшін португал капитанына сыйлық ретінде біраз ақша жолдапты.
Лондон көпесі менің жүз фунтыма ағылшын тауарларын сатып алып, Лиссабонға жіберген, ал португал капитаны бұл заттардың бәрін түгел менің қолыма тапсырды. Капитан мен айтпасам да әлгі тауарлармен бірге жер өңдейтін біраз құрал-сайман және үй-ішіне керекті заттар әкелді. Бұлар плантация жұмысына өте қажетті заттар еді, бәрі де пайдама жарады. Менің тауарларым келіп жеткенде қуанғаным сондай, алдағы күндеріме ақ жол ашылды деп ойладым. Қамқоршы капитаным бір қызметкерді алты жылға жалдамалы жұмыскер есебінде алып келді. Бұл мақсатқа ол менің танысым, капитанның жесірі берген бес фунт стерлинг жұмсаған. Мен көрсеткен сыйдың бірін де қабыл алмаған соң, ең болмаса өзімнің шаруашылығымның жемісі ретінде бір қапшық темекі алыңыз деп өтіндім.
Менің тауарларымның дені – ағылшын матасынан істелген кенеп, байкі, мәуіті, шұға сықылды қымбат тауарлар. Мұндай заттар осы елде өтімді тауарлар, бұларды бірін қалдырмай сатып, мол пайда көрдім, содан кейін қаражатым бұрынғысынан төрт есе көбейді. Белсенділігімнің нәтижесінде плантация жұмыстарында көршіммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары табысқа жеттім, Лиссабоннан капитан ертіп келген еуропалық қызметшіден басқа бір зәңгі құл жалдау ендігі ойым еді.
Қолыңдағы бар ақшаны орайлы істің ыңғайына қарай жұмсамасаң, тауқыметін тартасың. Мен де осыны басымнан өткердім. Келесі жылы мен плантациямнан мол өнім алып, өзім күткен нәтижеден артық елу қапшық темекі өніміне ие болдым. Осы елу қапшық, яғни салмағы бойынша жүз фунттан артық өнімді кептіріп, Лиссабоннан келетін кемеге тиеу үшін әзірлеп қойдым. Жұмысым көбейді, байыған сайын көз алдыма небір түрлі жоспарлар мен жобалардың қисыны келді, менің ойымдағы ақшамен бұл істі жүзеге асыру мүмкін емес, қысқасын айтқанда, бұл мен түгіл, іскер деген адамның өзін тығырыққа тірер еді.
Мен өзім қалаған өмір жолымен жүргенде, тып-тыныш, қара басымды ғана күйттеп, әкем айтқан орташа тұрмыста шалқып өмір сүрген болар едім. Бірақ тағдырдың маған дайындаған сыбағасы басқалай екен: бақытсыздығым үшін әдеттегідей өзім кінәлі болып шықтым. Өз кінәмді арттырып, тағдырымды күрделендіре түсейін дегендей, беймәлім болашағым туралы толғанатын менде бос уақыт та болған жоқ. Менің албырттықпен ұшыраған сәтсіздіктерімнің бәрі – әлемді шарлап кеземін деген құштарлығымнан болды, бір кездегі алдымнан күліп шыққан жарқын болашағым мен шат өмірімнің жалғасын тауып, қайырымды құдайдың берген сол қарапайым тұрмыс игілігіне қанағат тұтуым керек еді.
Бір кезде туған үйіме сыймай қашып шыққаным секілді, мен енді бүгінгі күніме де қанағаттанбадым. Мүмкін, менің жақсы тұрмысқа жетемін деген үміттен немесе дәулетті тұрмыстан бас тартқаным, бүгінгі жағдайыммен санаспай, тез байып кеткім келгендігімнен болар.
Мен өз-өзімді қиындықтың тұзағына түсірдім, аман-сау қаларың екіталай мұндай жан жүдетер қиындыққа бірде-бір адам ұшырап көрмеген болар.
Басымнан кешкендерімді егжей-тегжей сіздерге баяндап берейін. Бразилияда төрт жыл тұрып, тұрмысым түзеліп, жергілікті халықтың тілін үйреніп алғаным өз алдына, мен көршілес плантаторлармен және бізге жақын қала Сан-Сальвадордан келген көпестермен де танысып алдым. Олармен жолыққан сайын баяғы Гвинеяға екі рет барған сапарым туралы, зәңгілерді алтын мен пілдің сүйегі түгіл, алқа, пышақ, қайшы, балта, шыны сияқты түкке тұрмайтын нәрселерге айырбастап, Бразилияға әкеліп, қара жұмысқа салуға болатыны туралы әңгімелеп беруші едім.
Олар менің әңгімемді ықылас қоя тыңдайтын, әсіресе зәңгілерді сатып алуға болады дегенді әңгімелегенімде ерекше зейін қоятын. Бірақ ол кезде зәңгілерді сатып алуға шек қойылатын, оларды сатып алу үшін испан немесе португал корольдерінен рұқсат керек еді, сондықтан құлдар кез келген жерден табыла бермейтін, құны да қымбат болатын.
Күндердің күнінде топ адам бас қостық, жоғарыда айтылған мәселе төңірегінде менің таныс плантаторларым мен көпестер қызу әңгімеге көшті. Кешегі әңгімеден кейін ойланған үшеуі ертеңіне маған құпия ұсыныспен келгендерін айтты. Содан кейін айтылған сөз осы арада қалсын деді де, әрі қарай өздерінің мен сияқты плантацияға иелік ететіндерін, оларға да құл, жұмысшы күші керек екенін тілге тиек етті. Сол себепті Гвинеядан зәңгілер сатып алуға аттану үшін кеме дайындайтындарын айтты. Құлдарды сатып алу қиындық туғызады және оларды Бразилияға алып келген соң ашық сатуға тыйым болғандықтан, олар тек бір рет қана сол мақсатпен жол жүріп, құлдарды жасырын тиеп әкеліп, содан соң ғана әрқайсысы өз плантацияларына бөліп алғылары келеді екен. Мен бұл сапарда кеме приказчигі қызметін атқарамын ба, Гвинеяда зәңгілерді сатып алу жауапкершілігінде боламын ба, – мәселе соған тірелді. Құл сатып алуға қарабақырың да кетпейді, бізбен бірдей бөлісесің деді олар.
Егер бұл ұсыныс жекеменшік плантациясы жоқ біреуге айтылса, қызығарлық нәрсе деуге болар еді. Бірақ жеке плантацияға иелік ететін мен үшін бұл ұсыныс қолайлы емес-ті: бастаған ісім үш-төрт жыл жалғасын тапса, оның үстіне Англиядағы алашақ ақшаға ие болсам, оған үстеме аз ғана қаражат қосылса, онда мендегі қаражат төрт-бес мың фунт стерлингке жетіп және әрі қарай да өсімін табар еді; сондықтан алдағы сапар туралы ойлау мен секілді адам үшін ағаттық болары айдан анық болатын.
Адам баласы бүкіл ғұмырында кешуге тиісті қиыншылық тақсыреті әу бастан менің маңдайыма жазылып қойғандай. Әкемнің айтқанына көнбей, өз үйімнен қашқанда мәнсіз нәрселерге қалай үйірсек болсам, бұл жолы да осы ұсынысқа дәл солай қарсы келе алмадым. Мен плантаторларға “Гвинеяға қуана барамын, бірақ мен келгенше плантацияма көз болсаңдар, егер мен оралмай қалсам, менің қазіргі айтқан өтінішім бойынша иелік етсеңдер” деп жауап бердім. Олар маған бірауыздан уәде берді, жазбаша келісімшарт жасалды, мен де өз тарапымнан егер қаза болып кетсем, плантация мен мүлкім қысылғанда қол ұшын берген португал капитанына тапсырылсын, бірақ менің мүлкімнің тең жартысы ғана бөліп беріліп, қалғаны Англияға жөнелтілсін деген ескертпесі бар өсиет қағаз жаздым.
Қысқасы, мүлкім мен плантациямның сақталуы үшін сөз жүзіндегі барлық мүмкіндікті қарастырдым. Өз пайдам үшін ақылға салып, алды-артымды ойласам, нені істеуім және істемеуім керек екенін білсем, өзім бастаған істі нәтижесіз қалдырмаған болар едім, көп қиындықты басымнан өткере тұрып, теңізге қайта түспеген болар едім.
Бірақ мені үнемі бір тосын күш еліктірді де тұрды, сондықтан ақылдың емес, қиялдың жетегіне ере беріппін. Міне, кеме де дайын болды, керекті тауарлар тиелді және осының бәрі де сапар шегушілердің өзара ризашылығымен болды. 1659 жылы қыркүйек айының бірі күні, жайсыз уақытта келіп кемеге міндім. Сегіз жыл бұрын ата-анамнан қашып Гулльге келген күндей – ата-анама қарсы келіп, өз тағдырымды өзім ақымақтықпен шешкен күндей, – бұл да мен үшін сәтсіз күн болды.
Біздің кеме жүз жиырма тонна шамасында жүк көтеруге арналған. Кемеде капитанды, мені және юнганы есептемегенде, алты зеңбірек пен экипаждың он төрт адамы болатын. Өзімізбен бірге ауыр жүк болған жоқ, көбінесе зәңгілермен айырбас жасау үшін қайшы, пышақ, балта, айна, шыны, алқа басқа да ұсақ, арзан заттар тиеп алдық.
Қыркүйектің бірі күні кемеге міндім деп айтып едім, дәл сол күні жүріп те кеттік. Солтүстік ендіктің 10 немесе 12 градусына жеткен кезде Африка құрлығына қарай бұрылу үшін, әуелі Бразилияны жағалап, солтүстікке қарай жол тарттық, өйткені ол кезде кемелердің жүрер жолы да осы бағытта болатын. Әулие Августин мүйісіне жеткенше, күннің ыстығы болмаса, ауа райы өте қолайлы болды. Әулие Августин мүйісіне жеткен соң жағаны тастап, ашық теңізге қарай бұрылдық. Көп уақыт өтпей-ақ құрлықтан ұзап кеттік. Келе жатқан бағытымыз Фернандо де Норонха аралы, яғни оңтүстік пен шығыстың аралығы. Фернандо аралы оң жағымызда қалды. Он екі күн жүргеннен кейін экватордан өтіп 7°22, солтүстік ендікке шықтық, осы арада сұрапыл дауыл соқты. Бұл дауыл емес, құйын еді, артымыздан да, алдымыздан да айнала соғып, әбден естен тандырды. Жел әуелі солтүстік пен шығыстан, мұнан кейін оңтүстік пен шығыстан соқты, бағыттап жүруге ерік бермеді, он екі күн бойы желге қарсы жүре алмадық. Осы он екі күн бойы сағат сайын, минөт сайын ажал келді деп ойладым, бірақ біздің арамызда тірі қаламын деген ой бір адамда да болған жоқ. Біздің қорқынышымыз дауыл ғана болған жоқ: бір теңізші безгектен, екі теңізші палубаны су шайып теңізге кетіп өлді. Он екі күн дегенде дауыл бәсеңдеп, капитан тұрған жерімізді байқастай бастады, солтүстік ендіктен 12 градус шамасында тұр екенбіз, бірақ бізді Әулие Августин мүйісінен батысқа қарай
22 градус ықтырып алып кеткенін білдік. Тұрған жеріміз Бразилияның солтүстік жағалауынан қашық емес және сол өлкелерге белгілі Ориноко өзеніне таяумыз. “Енді қай бағытқа жол тартамыз?”– деп капитан менен кеңес сұрады. Кемеге су кіре бастады, алыс жол жүруге келмейді, енді кейін қарай, Бразилия жағалауына жылжығанымыз жөн болар дегенді айтты. Бұл пікірді мен қолдамадым. Америка жағалауларының картасын қарағаннан кейін былай деп шештім: Кариб аралына жеткенше алдымызда ел жоқ екен, олай болса көмек күтер де жер жоқ, сондықтан бағытты Барбадосқа қарай бұру керек, біздің есебімізше ол жерге екі жетіде жетуге болады. Мексика шығанағының ағысына түспес үшін тура жолдан бағытты аз ғана бұру керек. Африка жағалауына қарай жүзу туралы сөз қозғап та керек емес, өйткені аялдап, кемені
жөндеп, құрамды жасақтап алмай болмайды.
Содан кейін батысқа, солтүстік пен батыстың аралығына қарай бұрылдық. Себебі ағылшындарға қарайтын аралдардың біріне жетіп көмек сұрамақпыз. Бірақ тағдырдың қалауы басқаша болды. Солтүстік ендіктің 12°18, таман жақындағанда тағы да сұрапыл дауылға тап болдық. Бұл да сол бастапқы дауылдай батысқа қарай ығыстырып алып кетті, бет алған бағытымыз қиян шетте қалды, сауда жолынан алыстап кеттік, енді дауылдан аман қалсақ та, елге ораламыз деген үмітіміз үзілді, өйткені бұл жерде жабайыларға жем боламыз деп ойладық.
Күндердің бірінде таңертең дауылдың беті әлі қайтпаған алапатты шақта бір теңізші:“Жер!”– деп айқайлады, каютадан атып шығып үлгергенімізше болмады, кеме қайырлап қалды. Кеменің кенет тоқтағандығынан палубаны су басты, біз енді өлім аузындамыз деп, шашыранды су мен көпіршіктерден қашып, жалма-жан кеменің астыңғы жабылатын қабатына тығылдық. Мұндайды басынан кешірмеген адамға біздің халімізді түсінудің өзі ауырлау. Қайда тұрғанымызды, қай жерге жеткенімізді, бұл жердің арал екенін я елсіз мекен екенін аңғара алмадық. Дауыл бәсеңдесе де, құдіреттің күшімен жел басылмаса, кеме қирамай аман тұрады деген үміт бізде болған жоқ. Әрбір сәт сайын өлім күтіп, бірімізге біріміз жалтақтаумен болдық. Жалғыз-ақ жұбанышымыз – кеме бүтін және капитанның “Байқайсыңдар ма, жел бәсеңдейін деді” деген сөзі. Жел бәсеңдегенімен, одан қайыр жоқ, кеме қайырлап құмға батты, оны қозғалтуға күш керек, ондай күш бізде жоқ, енді қалғаны – бас қамы, қайтсек те ажалдан аман қалу. Екі қайығымыз бар еді, біреуі кеменің құйрық жағында ілулі тұратын, дауыл кезінде оны толқын сүйреп теңізге алып кеткен. Екінші қайығымыз орнында, бірақ оны суға қалай түсірмекпіз? Міне, мәселе осында болды. Көп ойлануға уақыт та жоқ, себебі кеменің қирауы мүмкін және
кейбіреулер кеме қирауға жақын тұр дегенді айтты.
Бейберекет аласапыран ойды бастан кешіп тұрғанымызда, капитанның көмекшісі келді де, басқалардың көмегімен қайықты жылжытып суға түсірді; он бір адамбыз, бәріміз де жабыла қайыққа міндік, тағдырымызды бір құдайға аманаттап, тулаған толқынның қойнында қалдық: жел бәсеңдегенімен, жиекке оқтын-оқтын биік және үрейлі толқындар соғып жатты, голландтықтардың “жабайы теңіз” деп атауы тегін емес екен. Жағдай нашарлады, қайықтың мұндай толқынға төтеп бере алмайтынына, өзіміздің суға кететінімізге көзіміз жетті. Желкен көтеруге тағы болмады, себебі көтеретін желкен де жоқ, болған күннің өзінде де одан келер бізге енді еш пайда жоқ еді. Өлім жазасына кесілген адамдай жанұшыра қайықты жиекке қарай жанталаса есіп келеміз. Жиекке жақындағанда тулап соққан толқынның қайықтың күл-талқанын
шығаратынын бәріміз де сезіп келеміз.
Алдымыздағы шыға беріс жағаның батпақ немесе құмдақ екенін, тік жар немесе тегіс екенін білгеніміз жоқ. Қандайда болса бір кішкене шығанаққа немесе бір өзеннің сағасына жетсек, жел басылса, жарды ықтап жағаға жетер едік деп сендік, бірақ көрінген жер бұлардың біреуіне де ұқсамайды, неғұрлым жағаға жақындаған сайын, соғұрлым үрейлі көрінді, қорқыныштылығы теңіз қойнынан да бетер болды.
Кеме шөккен жерден төрт мильдей қашықтаған соң, бұл менің есебім бойынша, қашықтаған соң емес, жел айдап әкеткеннен кейін, биіктігі таудай толқын шыбын жандарыңды алайын дегендей артымыздан қуып жетіп қайыққа соғылды. “Құдай-ай” деуге шамамыз да келген жоқ, қайық төңкеріліп, бәріміз аударылып, бет-бетімізге шашылып, бір-бірімізден ажырап кеттік.
Суға батып бара жатқандағы қысылтаяң сәттегі халімді айтып жеткізу мүмкін емес. Негізі суда жақсы жүзуші едім, бірақ бірден жүзіп кетуге шамам келмей, тұншығып өліп кете жаздадым. Толқын сырғанатып отырып едәуір жер апарып жағаға жақындатып тастады, толқын тарағанша су бетіне шығуға мүмкіндік бермеді, қайта-қайта тұншықтырып, әлсіреп қалдым. Толқын басылған кезде өз-өзіме келгендей болдым. Жанталасқаным сондай, жиекке жақын қалғанымды көрдім де, асау толқын лықсып келіп қайта төбемнен құлағанша, жағаға жету үшін судың астымен балықша жүздім. Бірақ қашып құтыла алмадым, асау толқын қуып жетті, құтылмасыма көзім жеткен соң, демімді ішіме тартып, толқынның ығына қарай жүзе бердім. Менің қатты қорыққаным – арт жағымнан соққан толқын жағаға жақындатып әкелгенімен, екпінімен мені қайта теңізге лақтырмаса игі деп ойладым.
Соңымнан қуып жеткен толқын су түбіне батырып жіберіп, тағы да бірталай жерге алып келді. Демімді ішіме тартқан бойы құлаштап жүзе бердім. Әбден дымым құрыды, бір кезде жоғары көтерілгендей болдым; басым мен қолым су бетіне шықты, шыққаныммен ұзақ шыдар халім жоқ. Көзді ашып, жарық дүниені көрген соң бойыма қуат кірді. Толқын келіп тағы төбемнен басты, бірақ мен бұл жолы су астында ұзақ тұра алмадым. Жоғарылап барып төбемнен құлаған толқынның екпінімен аяғым жерге бір-ақ тиді. Су бетіне қайта шығып демімді алып, азырақ күш жиып жиекке қарай жүздім, қанша жанталассам да жағаға жете алмадым, толқынға тағы да екі рет көмілдім, екеуінде де ысырып ілгері апарды.
Соңғы толқын үлкен қауіп төндірді: лықсып келіп қатты соққанда едәуір жерге лақтырып жіберді, оның екпінімен ұшып барып жарға соғылдым. Өкпем қысылып, демімді ала алмай, есімнен танып, қимылдауға шамамды келтірмей есеңгіретіп тастады, егер толқын үстімнен тағы төнгенде, сөзсіз өлер едім. Есімді тез жиып, басымды көтердім де, толқын тарқағанша жарға жабысып тұрдым. Толқын кейін қарай тартылғанда ілгері қарай жүре бердім, енді жаға жақын қалды, тағы бір толқын келіп үстімнен басты, бірақ екпінімен теңізге қайта алып кете алмады. Шамалы жер жүргеннен кейін құрлыққа шықтым, қуанышым қойныма сыймады, жиектегі жартаспен жүре отырып жерге түсіп, шөптің үстіне құлай кеттім.
Бұл жерде маған қауіп-қатер жоқ, долы толқындар енді мені қуып жете алмайды деп ойладым.
Жерге табаным тиген бойда көкке қарап, амандығым үшін құдайға алғыс жаудырдым, дұға қылдым, мұнан аз ғана сәт бұрын тірі қалам деген ой да болмап еді. Менің ойымша, қабірден жарық дүниеге қайта шыққан адамның қуаныш сезімін жеткілікті түрде айқын жеткізе алатын сөз болмайды, менің тағы бір таң қалмайтын нәрсем, – өлім жазасына кесілген айыпкерді дар түбіне апарып асқалы тұрғанда кешірім беріп, еркіндік жариялағанда қасында міндетті түрде дәрігер болып, оның қанын жібереді, – иә, тағы қайталап айтамын, бұған еш таң қалуға болмайды, өйтпейінше кенеттен болған қуаныш рахым етілген жанды қатты толқынысқа ұшыратып, оның жүрегін тоқтатып тастайды екен.
Қатты қуану да қайғы секілді, адамды ақылынан адастырады.
Қолымды көкке жайып, теңізді жағалап жүрдім де қойдым, біресе секірдім, біресе отырдым, біресе тұрдым, неше түрлі қимылдар жасадым, бірақ сол кездегі
қуанышымды жеткізе алар сөз де жоқ еді. Аман-есендігіме шүкіршілік етумен болдым. Суға батып кеткен жолдастарым туралы ойладым, өзімнен басқа тірі жан қалған жоқ, олардың бірін де көрмедім, үш шляпа, бір фуражка, екі түрлі башмақтан басқа жағаға ешнәрсе қалқып шықпады.
Қайырлап қалған кемеміз бұлдырлап көз ұшында көрінеді, толқындар тулап анық көрсетпеді: “Құдайым-ай, сонау қиырдан жағалауға қалай жеткенмін” деп өзіме-өзім таңғалдым.
Қара түнек ойларымнан серпіліп, есендігіме мың мәрте шүкіршілік етіп, қай жерде тұрғанымды білмек ниетпен, енді қандай қадамға бару керек екенін ойлап, айналама қарадым. Қуанышым су сепкендей басылды: өлім аузынан аман қалсам да, енді мені одан да зор сұмдықтар мен қайғылы күндер ғана күтіп тұрғанын түсіндім. Үсті-басым су, киерге киім, ішерге бір жұтым су да жоқ. Аштан өлу я жыртқыш аңдарға жем болудан басқа жол жоқ сияқты. Құстарды атып қорек қылар, жабайы аңдардан қорғанар мылтық та жоқ. Менің қолымдағы бар құралдарым – пышақ, темекі, темекінің сауыты. Шарасыз халім есіме түскенде ақылдан адасқан адамдай теңізді жағалай жүгіре бердім. Бұл аралда жыртқыш аңдар көп болса, ымырт жабылып, іңір қараңғылығы түскенде не істемекпін, олар жемтігін түнде іздеуші еді ғой деп қорыққанымнан өзіме-өзім тіл қаттым.
Менің басыма жалғыз-ақ ой келді: көзіме түскен үлкен бір ағаш бар еді, түні бойы сол ағаштың басына шығып отыру, алда өмірім бар ма, жоқ па, таң атқан соң көремін, себебі бұл жерде тұрып әрі қарай өмір сүремін деп ойға алудың өзі қорқынышты. Су іздеп, аралды бойлап ширек мильдей жүрдім, онша көп ұзамай-ақ, менің бағыма қарай бір бұлақ тап болды. Суды әбден қанып ішіп, аштығымды басайын деп аузыма темекі салып, қайтып әлгі ағашқа келдім, өрмелеп басына шығып, көзім ілініп кетсе, құлап кетпеуім үшін ыңғайлы отырдым. Сонан соң сақтық үшін бір бұтақты кесіп алдым да, кесе-көлденең ұстап, орныма қайта жайғастым, шаршағаннан қатты ұйықтап кетіппін. Екінің бірі мұндай жерде мен сияқты ұйықтай алмас
еді, кәдімгідей тынығып, сергіп ояндым. Көзімді ашқанымда таң атып, тіршілік басталыпты. Күн ашылған, жел тынып, теңіз беті тыныштық тауыпты. Кеме орнынан жылжып, кеше толқын мені лақтырған құздың түбіне келіп жеткенін көргенде, көңілім қатты құлазып кетті, түнде су сырғытып жағаға жылжытқан сияқты. Ол мен түнеп шыққан ағаш түбінен тура бір мильдей жерде екен. Ендігі ниетім кемеге жүзіп барып, ішіндегі азық-түлік пен керекті заттарды алу еді. Ағаштан төмен түсе салып, жан-жағыма қарадым, ең әуелі көзіме түскені – екі мильдей жердегі кешегі өзіміз мінген қайық, оны да оң жаққа жылжытып тастапты. Қайыққа барсам қайтеді деп оңтайландым да кері қайттым, себебі екі ортада ені жарты мильдей су басқан терең өзек бар екен.
Тезірек кемеге жетіп, тіршілігімнің негізі – азық-түліктерді жеткізіп алайын деп ойладым.
Түс ауа теңіз бетіне тыныштық орнап, толқындар жағаны еркелей ұрып жатты, жаға тайыздап қалған, екі жүз қадамдай жерді жүзбей-ақ кешіп жүруге болады. Теңізге шықпай-ақ сәл кідіргенде бәріміз де дін аман болады екенбіз, жел бәсеңдегенше неге кідірмегенбіз, жағаға аман жететін мүмкіндік болған екен, бәріміз жағаға бүтін жетсек, мен тап осы халге ұшырап, адам баласынан қол үзіп, жалғыз қалмас едім деп қатты күйзелдім. Көзімнің жасын төктім, бірақ көңілдегі қайғыға көздің жасы көмекші болмайды ғой, қалай да кемеге жету қамына кірістім. Күн ыстық, киімдерімді шештім де суға түстім. Кемеге жүзіп жеткенімде тағы да қиындықтың тұзағына шырмалдым: кеменің үстіне қалай шығу керек? Себебі кеменің қайырлаған жері өте тайыз, кеме судан шығып биік тұр, сондықтан оған шығуға қол ілігерлік еш нәрсе таба алмадым. Жүзіп кемені екі рет айналдым, әуелгіде қалай көрмегенімді білмеймін, екіншіде тартылған арқанға көзім түсті, арқанның ұшы су астында, тек су бетіне екі-үш тұтамдай ғана шығып тұр, арқанның ұшын әрі-бері іздеп саусағыма іліктірдім де, өрмелеп кемеге шықтым. Кемеге су кіріп, трюм толуға жақындапты, бірақ төмпешіктің үстінде тұрған болуы керек, арт жағы көтеріліп, тұмсығы суға батып тұр, сондықтан арт жағындағы заттарға су тимеген. Артқы жағына орналас-тырылған заттардың бүтін екенін жеткен бойда-ақ білдім. Ең әуелі заттардың қандайы бүлініп, қандайының бүлінбегенін білгім келді. Азық-түліктердің бәрі де құрғақ, тіпті дымқылданбаған да, азық салған бөлікті аштым да қалтама нан салып алдым, уақытым зая кетпесін деп аузыма да жүре салып жеп жүрмін. Бас қосып отырыс жасайтын каютадан бір бөтелке ром тауып алып, қылқылдатып бірнеше рет жұттым, күш жиып іске кіріспесем болатын емес, әбден қалжыраған екенмін.
Өзіме керекті заттарды және азық-түлікті жағаға жеткізу үшін ең алдымен маған қайық қажет еді. Жоқ нәрсені ойлап қол қусырып отыруға тағы болмайды, қысылған жерде адам баласы ақыл тапқыш келеді ғой, бас салып іске кірістім. Кемеде бірнеше бөрене, сырғауыл, тақтай, діңгек ағаштар бар еді. Міне, осыларды біріктіріп сал буғым келді. Бірнеше жеңіл бөренелерді таңдап алып, суға кетпестей етіп арқанмен байладым да, кеменің жиегінен төмен қарай сырғанаттым. Мұнан кейін кемеден түстім де, өзіме қарай тарттым, бөренелердің екі жақ басын бір-біріне қосып мықтап тұрып байластырдым да, қысқалау екі-үш тақтайды айқастырып үстіне салдым. Менің салмағымды көтерерліктей сал болды да шықты, бірақ ауыр жүк тиеуге келмейді. Кемедегі ағаш шеберінің қол арасын тауып алып, тағы бір діңгекті үшке бөліп кестім де, салдың енін ұлғайттым. Әбден қысылғанда кемеңгер болып шыға келдім, әрине, басқа жағдайда мұндай іс менің қолымнан келмеген болар еді. Адам төзгісіз ауыр еңбек еттім, қатты қиналдым.
Салым мығымдалды, едәуір жүк көтеретін шамасы байқалды. Ендігі мәселе – тиеген жүкті аударып алмай жағаға жеткізу, бірақ бұған да көп ойланғаным жоқ. Кемедегі бар тақтайды ыңғайлап салдың үстіне төседім: теңізшілерге арналған сандықтардың үшеуінің кілтін балталап бұздым, заттардан босаттым, сөйттім де жылжытып тақтайдың үстіне әкеліп салдым. Ең керекті дегендерін таңдап алып, сандықтың үшеуін де нығыздап тұрып толтырдым. Біреуіне күріш, нан, ірімшік, бес бөлек ешкінің сүрленген еті – азық-түліктерді және кемедегі құстарға жем үшін алынған дәннің қалғанын да салып алдым, ал құстарды әлдеқашан сойып жеп бітіргенбіз. Құстарға алған жеміміз бидай аралас арпа еді, бірақ бір жаманы, тышқан жеп қауыздап тастаған екен. Бірнеше жәшік шарап пен арақты салыма тасыдым, олар сандыққа сыймады, бірақ оларды сандыққа жасырудың қажеті де жоқ еді. Тінтіп жүріп кеме шеберінің бір жәшік құралдарын таптым, бұл мен үшін үлкен олжа еді, қазіргі жағдайымда бұл құралдарды кеме толы алтын берсе де айырбастамас едім. Жәшікті көтеріп алдым да, сол қалпы, ашып та қарамастан салға әкеліп тиедім, себебі онда қандай құралдардың бар екенін білетін едім.
Жеткілікті етіп мылтық пен оқ-дәрілер тиеп алуым керек. Каютадан әдемі екі мылтық, екі тапанша және екі қанжар тауып алдым, бір қапшық оқ-дәрі және бірнеше қаңылтыр сауытқа салынған дәрілерімен қоса оны да алдым. Кемеде үш бөшке мылтық дәрісінің барын білуші едім, бірақ оның қай жерде екенін таба алмадым. Ақыры іздеп жүріп үшеуін де таптым. Біреуі шамалы дымқылданайын депті, екеуі құп-құрғақ. Бұларды да тиеп алдым. Салым жүкке толды, енді жағаға жеткізу мәселесі күтіп тұр, ескегім не желкенім жоқ, аз-кем жел болса салымды аударып та кетуі мүмкін.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Робинзон Крузо - 04
  • Parts
  • Робинзон Крузо - 01
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2264
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 02
    Total number of words is 4115
    Total number of unique words is 2064
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 03
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2177
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 04
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2078
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 05
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2016
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 06
    Total number of words is 4002
    Total number of unique words is 2134
    30.2 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 07
    Total number of words is 4212
    Total number of unique words is 2131
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    43.6 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 08
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2073
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.2 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 09
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2182
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 10
    Total number of words is 4076
    Total number of unique words is 2097
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 11
    Total number of words is 3843
    Total number of unique words is 1995
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 12
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 1970
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 13
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2087
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 14
    Total number of words is 4223
    Total number of unique words is 2171
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 15
    Total number of words is 4122
    Total number of unique words is 2031
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 16
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2082
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 17
    Total number of words is 4085
    Total number of unique words is 2058
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 18
    Total number of words is 2075
    Total number of unique words is 1203
    41.1 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.