🕥 32-minute read
Робинзон Крузо - 12
Total number of words is 4126
Total number of unique words is 1970
36.2 of words are in the 2000 most common words
51.1 of words are in the 5000 most common words
58.9 of words are in the 8000 most common words
Жүгіріп келе жатқандарды менің қамалымнан, әңгіменің басында айтып өткен, мен кемеден салмен жүк тасығанда келіп тоқтаған кішігірім қойнау ғана бөліп жатты. Қашқын оны жүзіп өтпесе қуғыншылардан құтыла алмайтынын анық көріп тұрдым. Шынында да, ол еш ойланбастан суға қойып кетті де, небәрі отыз құлашпен қойнауды жүзіп өтіп, арғы жағаға шықты да қарқынын кемітпестен жүгіре жөнелді. Үш қуғыншының екеуі суға секіріп, үшіншісі қалып қойды; ол жағада тұрып, жүзіп бара жатқан екеуінің артынан қарап тұрды да, сосын бұрылып алып, жай басып кері қайтты: оның дұрыс жолды таңдағанына оқырманның өзі қазір-ақ көзі жетер. Қашқынның артынан қуған жабайылардың қойнауды жүзіп өту үшін оған қарағанда екі есе уақыт жұмсағанын байқап қалдым. Осы кезде мен бар жан-тәніммен маған құл, – мүмкін жолдас не көмекші, – керек болса қимылдайтын сәт туғанын сездім; құдіреттің өзі мына бейшараны құтқарып қал деп тұр ғой деп ойладым. Уақыт жоғалтпастан сатылармен таудың етегіне жүгіріп түстім де, қойған мылтықтарымды алып, тура сондай асығыстықпен тауға қайта көтеріліп, оның келесі жағынан түстім және жүгіріп келе жатқан жабайылардың жолын кес-кестей теңізге қарай жүгіре жөнелдім. Мен төте жол таңдағандықтан да, әрі шоқыдан төмен қарай жүгіргендіктен көп кешікпей қашқын мен қуғыншылардың арасына киліктім. Менің айқайымды естіп, қашқын жалт бұрылды да, алғашқы сәтте қуғыншыларын көргеннен бетер қорқып кетті. Мен оған кері қайт деп белгі бердім де, ал өзім жайлап басып қуғыншылардың алдынан шықпақ болдым. Алдыңғысы маған жақындап қалғанда, күтіп тұрдым да, оқыс ұмтылып мылтықтың дүмімен ұрып құлаттым. Мұндай қашықтықтан мылтықты даусын естіп түтінін көре қою неғайбыл болса да, басқа жабайылардың назарын аудармау үшін оқ жұмсауға қорықтым. Қуғыншылардың алғашқысы құлағанда, қорқып кеткен болу керек, соңындағысы да тұра қалған кезде мен оның қасына тез жетіп бардым. Жақындай бере оның қолында садағы мен жебесі барын көріп және мені нысанаға алғанын байқаған кезде маған тек оның алдын алу ғана қалып еді: мен атым жібердім де оны тұрған орнында сұлатып салдым. Байғұс қашқын өзінің жауларының жайрап қалғанын көріп (ол солай деп ойласа керек) тұра қалды, бірақ мылтықтың жалыны мен даусынан шошынғаны сондай, маған не жақындарын, не қашарын білмей абдырап, қашуға көбірек ыңғай танытқандай болды; мен тағы да айқайлап, маған жақын кел деп ишарат жасап едім, ол мені түсінді: бірнеше қадам жасады да тоқтады, сосын тағы бірнеше қадам жасап, тағы тоқтады. Байғұс өзін тұтқын санап, безгек ауруы ұстағандай қалш-қалш етіп, ана екі жауының кебін құшамын деп ойлады. Мен оны тағы өзіме қарай шақырдым, қолымнан келгенше есін жидырғым келіп, барымды салдым. Ажал аузынан арашалағаным үшін алғысын білдіргендей, әр он-он екі қадам жасаған сайын тізерлеп, маған қарай жақындай берді, жақындай берді. Мен оған жымиып, қолымды бұлғадым. Әбден жақын келгенде тағы да тізерлеп жерді сүйді, бетін жерге тосып, менің аяғымды көтеріп, өзінің басына қойды. Бұл қылығы көрге кіргенше құлың боламын дегені болуы керек. Мен оны жерден тұрғызып алдым да, арқасынан қағып, “менен қорықпа” дегенді қимылмен білдірдім. Бірақ бастаған ісім әлі аяғына жеткен жоқ екен, басынан ұрған жабайым өлмепті, тек талып қалса керек, – есін жия бастады. Құтқарған адамыма сенің жауың әлі тірі дегенді ишаралап түсіндірдім. Ол маған өз тілінде бір нәрселерді айтып түсіндірген болды, бірақ мен ешнәрсе ұға алмадым, оның сөздері әннің әуені сияқты, құлаққа сондай жағымды, бұл менің жиырма бес жыл уақыттан кейін адам даусын естіп тұрғаным ғой (өз даусымды есепке алмасам). Сезімге беріліп, ой қорытып тұратын уақыт жоқ, есінен танған жабайы есін жиып, жерге отырып алған, екі иығы дірілдеп менен қорқып отыр. Құтқарған жабайыма өз-өзіңе кел дедім де, мылтықты оның дұшпанына көздедім. Бірақ менің жабайым (енді солай атайтын боламын) ишарамен көрсетіп менің иығымдағы шапашотымды сұрады. Мен оған бердім. Ол көз ілеспес жылдамдықпен жауының басын сол сәтте қағып түсірді. Ол оны өте ептілікпен, икемділікпен жасады, тіпті немістің жендеті де онымен салыстыруға келмей қалды. Өмірінде тек ағаш қылыштарды көрген адамның шапашотты бұлай қолдануы мені қатты таң қалдырды. Артынан білдім, жабайылар өздеріне қылыш жасау үшін қатты, өте ауыр ағаштарды таңдап алады екен, сосын оларды жүзі әбден өткірленгеше қайрап, тек сілтеп қалса адамның басын, не қолын жұлып әкетеді екен. Өз ойын іске асырған соң жабайымның жүзінен көңілденгені мен шын қуанғанын сезіндім. Ол менің алдыма келіп, оғаш қимылдар жасап, шапашотымды иығыма іліп, дұшпанының басын алдыма тастай салды.
Ол менің осыншама қашықтықта тұрып, өзінің жауын өлтіргеніме таңданыс білдірді. Ол өлген жабайыны қолымен көрсетіп, жақыннан барып қарауға рұқсат сұрады. Мен рұқсат еткен бойда жүгіріп кетті. Ол өліктің бетіне түсіне алмай біраз қарап тұрды, оны бір жағына, сосын екінші жағына қарай аударып, жарақатын қарады. Оқ тура кеудесіне тиген екен, қан сыртына аз ағыпты, соған қарағанда қан ішке кеткен болуы керек, бірден өліп кетуіне де сол себеп болған. Өліктің садағы мен жебесін алып, жабайым маған келді. Мен бұрылдым да, менің артымнан жүр деп ымдадым; артымыздан тағы да қуғыншылар келуі мүмкін, бұл жерде қалу қауіпті дегенді ишаралап түсіндірдім.
Жабайы да маған өліктерді жасырып кетейік, жабайылар мұны көрсе, бізді іздеп табады дегенді ишарамен түсіндірді. Ол жалаң қолдарымен тездетіп, бір адам еркін сыятындай құмды терең етіп қазып тастады; сосын өліктің біреуін сүйреп әкеліп көмді. Екінші өлікпен де дәл осылай жасады; турасын айтсам, жерлеу рәсімі жиырма бес-ақ минутқа созылды. Жерлеп болған соң, оған тағы да менің артымнан жүр деп ишарат жасадым да, оны өзімнің қамалыма емес, басқа жаққа – аралдың басқа тұсына – өз үңгіріме қарай бастадым. Осылайша мен түсімнің осы бөлігін жүзеге асырмадым: жабайы менің бауымнан пана іздемеді.
Үңгірге келген соң ашыққан шығар деп мен оған бір үзім нан мен жүзім, артынан су бердім. Содан кейін күріш сабандарынан үйілген өзім әлі жатып көрмеген төсегімді нұсқап, келіп жат та ұйықта дегенді түсіндірдім. Байғұсқа айтқаным сол еді, жата қалды да тез ұйқыға кетті. Өзі сондай сүйкімді, орташа бойлы, дене бітімі шап-шағын, қол-аяғы ұзын, түзу, табаны мен саусақтары да соншалық үлкен емес. Оның түріне қарап жасы жиырма алтыларда деп шамалауға болады. Оның келбетінен айуандық, мейірімсіздік дегеннің нышанын да көрмейсіз, оның жүзінен нағыз ержүрек екені сезіледі. Шашы қара, қайратты және ұзын, қойдың жүні сияқты болып келетін зәңгілердікіндей бұйрабас емес; маңдайы жазық және ашық, Бразилиядағы виргиндік зәңгілер сияқты қап-қара емес, қараторы, қоңыр десем дұрыс келеді, тіпті суреттеуге тілдің құдіреті жетпейтін сияқты, қарасаң көзің тоймайды. Бет әлпеті дөңгелек, мұрны үлкен емес, бірақ таңқиған да емес. Нұр шашқан жанары келбетіне одан сайын көрік береді, ерні де құйып қойғандай әдемі, жоғарғы тістері пілдікіндей аппақ. Көз шырымын алған соң, дәлірек айтсам, жарты сағаттан соң оянып, ол менің қасыма келді. Мен бұл кезде үңгірдің ауласында ешкі сауып отыр едім. Мені көре сала жүгіріп келіп, жүгіне отыра қалып өзінің бар денесімен неше түрлі оғаш қимылдар көрсетіп, алғыс айтып жатқанын түсіндірді. Бетін төмен салып, тағы да менің аяғымды өзінің басына қойды, ол өзінің әрекеттерімен маған ризашылығын білдіріп, өмірінің соңына дейін маған адал құл болып қалатынына ант бергендей болды. Оның айтқысы келгенін әрекеттерінен танып, менің де оған риза екенімді түсіндіруге тырыстым. Менің тілімді үйреніп, жауап беруге дағдылан дегенді ұғындырдым. Сені мен жұма күні құтқардым, сондықтан сенің атың Жұма болады деп түсіндірдім. Мен оған “қожам” деген сөзді айтуды үйретіп, ол менің атым деп, оның мағынасын түсіндірдім, бар және жоқ деген сөздерді де үйретіп, мағынасын айтып бердім. Қыш құмыраға сүт құйып бердім, сосын өзім іштім, оған нан беріп, одан кейін өзім де жедім; менің істегендерімді көріп үйренсін деп ойладым, ол алғыс айтқандай басын изеп, тамақ дәмді болды дегенді қимылымен түсіндірді.
Мен онымен бірге үңгірге түнеп шықтым, таң атқан соң тұрдым да, менің соңымнан ере бер деп белгі бердім. Мен оған сені киіндіргім келеді дедім, тырдай жалаңаш болған соң, ол бұл тілегіме қуанып кетті. Екі қуғыншыны өлтіріп, жерлеген жердің маңынан өте бергенде, ол қолдарын ербеңдетіп өліктерді көміп, өзі белгі қойған тұсты нұсқады, сосын өліктерді қазып шығарып жеу керек дегенді ишаралады. Адам етін жеуге болмайды, олай ету күнә және жиіркенішті дегенді айтып жеткізгім келді, бұлай ойлағанның өзінде-ақ менің жүрегім айниды, мәйіттерден аулақ кет, менің айтқандарымды орында және соған мойынсұн деп бұйырдым. Бұдан кейін мен оны жабайылардың кеткен, кетпегендігіне көз жеткізу үшін төбешіктің басына алып шықтым. Дүрбімді жабайылар келген жағаға бағыттадым, олардың іздері көрінбейді, бірде-бір қайық көзге түспеді. Жоғалған адамдарын іздеместен тайып тұрғандары түсінікті болды.
Жабайылар туралы білгім келіп, қызығушылығым артып, бойыма қайратымды қайта жиып алғаныма таңғалдым, өте шебер қолданатынына көзім жеткен соң, шапашот, садақ, жебелерімді құлыма артып, соңымнан ер деп бұйрық бердім. Бұлардан басқа жабайылар келген тұсты қарап қайту үшін, бір мылтығымды оған асып, қалған екеуін өзім алып, маған олар туралы нақты мәліметтер керек болған соң, жабайылар асыр салған жерге келдік. Жағадағы көріністі көргенде, менің қаным қатып, жүрегім соқпай қалды. Расымен де куә болғаным өте шошынарлық оқиға еді. Әрине, Жұма үшін бұл көрініс – үйреншікті. Жағада шашылған адам сүйектері, жердің беті шашыраған қан; әр жерде қақталған адам еттері, мүжілген сүйектер және басқа да айуандар тойлаған қанды мерекеден қалған белгілер көп. Мен адамның үш бассүйегін, бес қолын, әр жерде шашылған үш не төрт адам аяқтарын, қаңқаларының бөліктерін таптым. Жұма ишарамен жабайылар төрт тұтқын әкелгенін, үшеуін жегендерін, төртіншісі өзі екенін айтты. Оның түсіндіргеніне қарағанда Жұманың тайпасы мен өзге тайпа арасында үлкен қақтығыс болған сияқты. Жұманың жаулары көп адамды тұтқындап, осы жолғы келгендегілері сияқты, қанды мереке жасау үшін, оларды азық қылу үшін әр тарапқа алып барған сияқты.
Мен Жұмаға бүкіл бас сүйектерді, шашылған адам етінің қалдықтарын жинап, өртеп жіберуге бұйрық бердім. Менің байқағаным, күйбеңдеп жүргеніне қарағанда, менің құлыма адам еті ұнайтын сияқты, дегенмен тағылық қанында бар ғой. Мен оған арам ойдан аулақ бол, егер айтқаныма көнбесең, өзіңді өлтіремін дедім.
Қанды мерекенің белгілерін түгелімен жойып, біз қорғанға оралдық, келе салысымен мен оны киіндіре бастадым. Ең әуелі мен оған қираған кемеден алынған сандықтың ішінен шыққан кенеп шалбарды кигіздім, кішкене қысқартқан соң, оған құйып қойғандай болды. Содан кейін бар шеберлігімді салып (мен бұл кезде керемет тігінші болып алғам), ешкінің терісінен жейде, қоянның терісінен өте қолайлы, әдемі етіп бас киім тігіп бердім. Менің құлымның киімдері өте келісті болып шықты, тіпті ол қожайынынан айнымай қалды деуге болады. Әрине, ол басында ыңғайсызданып, ұялып жүрді, әсіресе ол шалбарға үйрене алмады, иә, екі жеңі де қолтығының астын қысып, иықтарын қажады, сондықтан қолайсыз тұстарын қайта тігуге тура келді. Қалай болғанда да, оның киімі өзі үшін қолайсыздық тудырды.
Екінші күні құлымды орналастыру жайлы ойладым. Оның өзіне де ыңғайлы етіп орналастыру және өзімді де жайлы сезіну үшін, қорғанымның ішкі және сыртқы қабырғасының арасындағы ашық алаңқай жерге кішкене шатыр тіктім. Менің үңгірімнің сыртқы есігі де осы тұсқа шығушы еді; мен есікті жуан ағаштан жасадым да, ішке қарай ғана ашылатын еттім; ал түнде ілгішпен бекітіп қойып, баспалдақты да өзіме, ішке қарай жиып алдым. Жұма енді ішке ене алмайтын болды. Менің қорғанымның шатыр тігілген ішкі қоршауында аула бар: төбесі жуан-жуан сырғауылмен жабылған, ал сырғауылдың бір ұшы таудың шетіне ілінген, сырғауылдардың үстінен кесе-көлденең жуан-жуан ағаш салып, үстін күріштің сабанымен қалың етіп жапқанмын; төбесіндегі басқышпен түсіп-шығатын ашық жерге ашылып-жабылатын есік жасадым да, есік жабылғанда қатты дауыс беретін болды. Ал түнде
қару-жарақтарымды өзіммен алып жаттым.
Бірақ бұл сақтықтарымның бәрі бекершілік екен: шын берілген, адал да ақ жүрек, қырсықтық пен қыңырлықтан ада, көнбіс те елгезек мұндай құл ешкімде болып көрмеген шығар; ол маған туған әкесіндей қарады. Мен үшін жанын да қиятынына сенімді болдым. Оның маған шексіз берілгендігіне көп істері арқылы куә болдым, – енді одан сақтану, күдіктену артық деп ойладым.
Осының бәрін ой елегінен өткізе отырып, құдіреттің құпия сырлы әмірімен оның жаратқан мақұлықтарының бәрі өздерінің рухани қабілеттерін игі жолға жұмсау мүмкіндігіне ие бола бермейтініне таңырқай көз жеткізесің, бірақ оларға да тап бізге секілді олар сыйға тартылған. Тап біздер секілді оларда да ақыл, бауыр басу сезімі, мейірімділік, достыққа адалдық, әділетсіздікке төзбеу қабілеті, жалпы жақсылықты жасау мен қабылдау үшін қажетті нәрсенің бәрі бар; қашан құдай бұл қабілеттердің орнымен жұмсалуына жағдай туғызса, олар оны тіпті бізден де асып түсетін ынтамен орындайды.
Енді өзімнің жаңа жолдасыма қайтып оралайын. Ол маған қатты ұнайтын, оған енді мен қажетті нәрселердің бәрін үйретуді міндетіме алып, және бастысы, мен сөйлеген кезде түсінуді үйретуді қолға алдым. Ол өте қабілетті, үнемі көңілді жүретін, аса ынталы оқушы болды; ол мені түсінген кезде я кейде ол өз ойын түсіндіргісі келіп, мен оған бар ықыласымды аударғанда сондай қатты қуанатын. Оның қасымда болғаны менің өмірімді жеңілдете түскендей болды. Егер басқа жабайылардан қауіп болмағанда, мен расымен де қалған өмірімді соңына дейін аралда өткізер едім.
Мен Жұманы қорғаныма әкелгенімнің екінші я үшінші күні басыма мынадай ой келді: мен Жұманы адам етін жеуден бас тарттыруым үшін, тағамдардың дәміне үйретіп, түрлі тамақ беруім керек. Бір күні ертеңгісін орманға барамын деп, оны өзіммен бірге ала шықтым. Өз ауламдағы ешкілердің бірін сойып, әкеліп пісіріп жемек ойым болған, бірақ жол бойындағы бір ағаштың түбінен екі лағын ерткен жабайы ешкі көрдім. Тоқта дедім, Жұманы қолынан ұстай қалып, қозғалма деген белгі беріп, көздеп тұрып ешкінің бір лағын атып алдым. Бұрын өзінің жауларын алыстан өлтіргенімді көрген, бірақ бұның қалайша болғанын түсіне алмаған байғұс жабайы қатты таң қалды: ол дір-дір етіп, теңселіп кетті; мен қазір ол есінен танып қала ма деп оладым. Ол мен көздеген лақты көрген жоқ, өзінің қысқа жейдесінің етегін көтеріп, жаралы емеспін бе дегендей денесін ұстап көре бастады. Байғұс мен оны өлтіргім келіп тұр деп ойлаған сияқты, менің алдыма тізерлеп отыра қалып, менің аяғымды сипап, өз тілінде міңгірлеп бір нәрселерді ұзақ айта бастады. Әрине, мен оның бір сөзін де түсінгенім жоқ, бірақ оның мені өлтірме деп жалынып жатқаны түсінікті еді.
Көп ұзамай оны өлтіруге құлқым жоқ екенін айтып әрең түсіндірдім. Қолтығынан сүйеп тұрғызып, қарқылдап күліп, өлген лақты көрсеттім, ол жүгіріп барып оны алып келді. Баруын барса да, қалай өлгеніне сенбей, әр жерін шұқып, күйбеңдей берді, сенбей тұрғанын сездім де, мылтықты тағы оқтадым. Біраз уақыт өткен соң, маңайдағы бір ағаштың басында қаршығаға ұқсас бір үлкен құс отыр екен, аралық та онша қашық емес, оқ жететін жерде, көрдім де Жұманы қасыма шақырып алдым: бірінші құсты көрсеттім, қаршыға емес, тотықұс екен, сосын мылтықты, одан кейін құс отырған ағаштың түбіндегі жерді нұсқадым, құсты атқанда осы жерге құлайтынын көрсін деп ойлап едім. Артынша мен атып қалғанда ол құстың жерге жалп ете түскенін көрді.
Жұма бұл жолы да менің алдында түсіндіргендеріме қарамастан, зәресі ұшып кетті, оның таңданысының күшеюі мылтықты оқтағанымды көрмегеннен болды, сондықтан да болар, ол қарудың ішінде адамды да, аңды да, – қандай да болмасын жаны бар нәрсені алыстан тұрып қыра беретін сиқырлы қиратушы күш бар деп ойлаған шығар. Бұдан кейін де ұзақ уақытқа дейін мылтықтың не екенін, оның қалай өлтіретініне түсіне алмай аң-таң болып жүрді. Егер мен оған рұқсат берсем, ол маған да, менің мылтығыма да табынып, құлшылық қылатын түрі бар. Әуелгі кезде ол мылтықты қолымен түртуге де қорқатын, есесіне мылтық қасында тұрса, онымен тірі адам көргендей сөйлесетін болды. Кейінірек ол маған мылтықтан өзін өлтірмеуін өтініп сұрап жүргені туралы айтқанын айтып берді.
Сол күннің әңгімесін түгелімен айтып берейін. Жұма есін жиған соң, мен оған, атылған құсты әкеліп бер деп бұйрық бердім. Ол жүгіріп барды, бірақ құсты іздеймін деп ұзақ бөгелді, мен оны өлтірмей, қанатынан ғана қағып түсіргенмін, ол пырылдап ұшып біраз жерге дейін ұзап кетіпті. Әйтеуір
Жұма құсты тауып алып келді; менің байқағаным Жұма әлі мылтықтың қолданысын дұрыс түсінбеген, оның жоқтығын пайдаланып мылтықты тағы да оқтап қойдым, тағы да атып көрсетпек едім, бірақ бұдан былай құс та кездеспеді. Ешкіні үйге әкелдім де, келе салып терісін сыпырып алдым, ішек-қарнын тазалап, одан кейін бір кесек етінен қыш ыдысқа сорпа пісірдім, керемет дәмді болды. Өзім ішіп алған соң, сорпаны Жұмаға ұсындым. Оған өте ұнады, тек ол менің сорпа мен етке тұз сеуіп жеуімнің себебін түсінбеді. Ол маған тұз қосып ішкенде дәмсіз болады дегенді түсіндірді. Аузына кішкене тұз салып түкіріп тастады, одан жүрегім айниды дегенді ұқтырды, сосын аузын сумен шайды. Сосын бір кесек тұзсыз етті аузыма салып, қайта түкіре бастадым, тұзсыз ет маған дәмсіз дегенді ұқтырдым. Бірақ менің бұл әрекетім Жұмаға еш әсер етпеді, мен оған етке де, сорпаға да тұз қосып ішу керек екенін үйрете алмадым. Көп уақыттан кейін ғана ол тамағына аз-аздап тұз қосып жеуді үйренді.
Өзімнің жабайыма піскен ет пен сорпа беріп, екінші күні қуырылған ешкі етін бердім. Мен қуырылған етті біздің Англияда дайындайтындай ерекше әдіспен әзірледім. Оттың айналасына екі сырғауыл жерге қадап қойдым; бұлардың арасын бекіттім, оған үлкен кесек етті ілдім де, ол әбден қақталғанша айналдыра бердім. Жұма менің ісіме таңғалды, бір үзім етті аузына салғандағы оның таңғалысында шек жоқ еді, тағам оған өте ұнады, ол енді ешқашан адам етін жемейтінін айтып, мені қуантты.
Келесі күні мен оны шаруаға араластырдым, әуелі қалай істейтінін өзім көрсетіп, сосын арпа тарттырып, тартылған ұннан кебек дайындаттым. Бәрін бірден игеріп, меңгеріп кетті, мұның бәрінен ұн дайындаймыз, нан пісіреміз деген соң, жұмысқа бар ынтасын салды; көзінше ұн иледім де, нан пісірдім. Көп уақыт өтпей-ақ Жұма нанды өзі пісіретін болды. Ендігі бізге егіс көлемін ұлғайтып, мол өнім алуға тура келді. Бір үлкен жерді таңдап бөліп алдым да, айналасын қоршауға кірістім. Жұма бар ынтасымен, жұмысқа қызу кірісті, маған үлкен көмек болды. Мұның бәрі екеуміз үшін, бізде үлкен егіс алқабы болады, ауыз екеу болған соң, нан да екі есе көп керек болады деп түсіндірдім. Менің оның да қамын жеп жатқаным оны қатты толғандырса керек, маған бар ықыласымен менің бейнетім көбейгенін ұғатынын түсіндіргісі келді; мен оған жұмыс беріп, қалай істеу керек екенін көрсетсем болды, тер төгуден қашпайтынын айтты.
Бұл мен үшін аралға келген жылдарымның ішіндегі ең әсерге толы жыл болды. Жұма ағылшын тілінде ежіктеп сөйлесе бастады, ол мендегі бар нәрсенің атауын білді, мен сұрасам айтып береді, мен жұмсаған жерлерімнің бәріне өзі барып келеді. Ол сөйлескенді өте жақсы көрді, сондықтан менің тілім үшін де жұмыс табылды. Булығып айта алмай жүрген сөздерім, енді ауыздан жеңіл ұшты. Жұма екеуміз сөйлескенде төбем көкке жеткендей болады, бұл жігіт маған үнемі қуаныш сыйлады, ол менің жан дүниеммен әбден үйлесті. Күннен-күнге мені оның шынайылығы мен ақжүректігі сүйсіндірді. Қалай десек те мен де шын жүрегіммен оған бауыр басып қалдым, бұған дейін ол жақсы көру деген сезімді білмеген шығар деп ойлаймын, ол да мені жақсы көріп қалды. Маған бір ретте одан туған елін сағынады ма екен, бұл жерден еліне кеткісі келе ме деген сияқты сұрақ қоюдың реті келіп қалды. Бұл кездері ол мен қойған сұрақтарға жауап беретіндей, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын, мен одан оның тайпасы соғыстарда жеңіске жетті ме деп сұрадым. Ол жымиып: “Иә, иә, біз үнемі соғысат мықты”, яғни біз өзгелерден мықтымыз дегенді айтқысы келді ол. Одан кейін
біз сұрақ-жауап ретінде сөйлесуге көштік.
Қожайын. Сендер үнемі мықты соғысамыз дедің бе? Өткен жолы сенің тұтқындалуыңа не себеп болды, Жұма?
Жұма. Біздікілер бәрін қырып салды, Қожам. Қожайын. Егер сендердің тайпаларың бәрін қырып салса,
сендер қалай тұтқын болдыңдар?
Жұма. Олар біздікілерден өте көп болды. Олар бір, екі, үш және мені ұстап алды. Біздікілер оларды мен болмағандағы қырқыста қырып салды. Онда біздікілер бір, екі, үш және мыңдағанын тұтқындады.
Қожайын. Сендердікілер сендер тұтқындалғанда не үшін көмекке келмеді. Неге құтқарып алмады?
Жұма. Олар бір, екі, үш және мені қайыққа отырғызды, ал біздікілерде ол кезде қайық болған жоқ.
Қожайын. Жұма, айтшы маған, сіздікілер тұтқынға түскен адамдарды не істейді? Аналар сияқты маң далаға қайықпен алып кете ме, олар да жейді ме?
Жұма. Иә, біздікілер де адамның етін жейді, бәрі жейді. Қожайын. Ал оларды қайда апарады?
Жұма. Әр жаққа, сонда қайда апарғылары келеді. Қожайын. Бұл жерге алып келе ме?
Жұма. Иә, иә, бұл жерге де. Әр жерге.
Қожайын. Ал сен осы маңайда олармен бірге келдің бе?
Жұма. Болдым. Анда болдым (өзінің тайпасының жиналар тұсын, аралдың солтүстік батыс жиегін көрсетті).
Сонымен, сұрастыра келе, менің құлым Жұма да бұрын жабайылар қатарында болып, менің аралымның алыс жағалауындағы қанды мерекеге қатынасқан екен. Арада біраз күндер өткеннен кейін мен оны сол қанды мереке өткен аралдың жиегіне апарғанымда, осы араға келіп өз тайпаластарымен жиырма төрт еркекті, екі әйел, бір баланы өлтіріп, етін жегендерін айтты. Жиырма дегенді ағылшынша қалай түсіндіруді білмеді, бірақ қанша адамды өлтіріп, етін жегендерін түсіндіру үшін, кішкене тастардан жиырма тасты жинап алды да, бірінің қасына бірін қосып маған “Санаңыз” деді.
Жұмамен арадағы осы әңгіме туралы айтып отырғанымның себебі, бұл алдағы әңгіменің басы болатын. Әлгі әңгімеден кейін, “құрлық пен менің аралымның арасы қашық па, осы араға жеткенше қайықтары апатқа ұшырайтын жағдайлар көп бола ма” деп сұрадым. Жолы қауіпті емес, бірде-бір қайық суға кеткен емес, неге десеңіз, осы арадан көп ұзамай-ақ ағыс жүреді, жел ертеңгісін бір жағынан соқса, кешкісін екінші жағынан соғады деп жауап берді. Басында Жұманың айтқан ағысы туралы, судың көтерілуі мен төмендеуі деп түсіндім, артынан білдім, тіпті олай емес екен. Ағыс Ориноко өзенінің құйылысының жалғасы екен, оның теңізге құйып жатқан жері менің аралыма жақын болып шықты. Менің аралымнан мен құрлық деп ойлап жүрген, солтүстік-батысқа созылып жатқан жолақ жер, Ориноко өзенінің солтүстік сағасында жатқан Тринидад деген арал екен. Менің ол жер туралы және оны мекендеушілер жайлы қызығушылығым артып, оның жағасы қандай, қандай теңіз, жақын маңында қандай тайпалар тұрады деп Жұманы қаптаған сұрақтың астына алдым. Ол өз білгендерінің бәрін айтып берді. Одан ол жерді мекендеуші тайпалардың атауын да сұрап едім, көңілімді көншітерлік жауап ала алмадым. Ол “Кариб, Кариб” деп қайталай берді. Оның біздің географиялық картада көрсетілгендей, Американың сол жағалауынан бастау алып, Ориноко өзенінің жағасын өрлеп Гвинеяға шейін, одан әрі Әулие Мартаға дейін жайлаған карибтер туралы айтқанын ұғу қиын емес еді. Жұма маған “айдың ар жағында”, оның сөзімен айтсақ, айдың бататын жағында, басқаша түсіндірсем, оның отанының батыс жақ бөлігінде, көп адамдарды өлтірген, адамдарды мен секілді ақ адамдар (сіздерге бұрын баяндап айтқан, бұл кезде аппақ сақалымды көрсетті) тұрады дегенді айтты. Мен оның Америкаға көрсеткен жауыздықтарымен аты шыққан, олар туралы атадан балаға тек қанішерлер деген ұғым қалыптасқан
испандықтар туралы айтқанын ұқтым.
Менің ақ адамдарға біздің аралдан жүзіп баруға қандай да бір мүмкіндік бар ма деген сұрағыма: “Бар, бар, бұл болады; жүзу керек екі қайық” деп жауап берді. Мен ұзақ уақыт ол өзінің “екі қайығы туралы” не айтқысы келді екен деп түсінбедім; сүйтсем “екі қайық” дегені екі қайықтай үлкен кемемен деген сөзі екенін артынан әрең ұқтым.
Бұл әңгіме менің көңілімді жұбатты, сол күннен бастап кеудемде үміт оты алаулады, ерте ме, кеш пе, мен бұл қапастан құтыламын, ол үшін менің бейшара жабайым көмектеседі деп ойладым. Жұма екеуміз ұзақ бірге болып, әңгімелесіп бір-бірімізді түсінер деңгейге жеткен соң, мен оған дін негіздері туралы айтып, оның жан дүниесінде құдайға деген сенімді тудырғым келді. Бір ыңғайлы уақытта мен одан “Сені кім жаратты?” деп сұрадым. Байғұс мені түсінбеді, ол мен оның әкесі туралы сұрап тұр екен деп ойлады. Сосын мен оған басқаша: теңіз бен жерді, біз басып жүрген тау мен орманды кім жаратты сұрадым. Ол: “Бұлардың бәрін жаратқан Бенамуки деген шал, ол өзі өте биікте тұрады”, деп жауап берді. Ол маған Бенамуки туралы, ол теңіз бен жерден, ай мен жұлдыздан да бұрын жаралған дегеннен басқа жарытып ешнәрсе айта алмады. Мен оған неге онда жаратылыстың бәрі осы шалға табынбайды дегенімде, Жұма байсалды жүзбен жай ғана: “Жарық дүниедегілердің бәрі оған О дейді” деді. Сендердің тайпаларының адамдары о дүниелік болғанда не істейді дедім. Ол: “Олардың бәрі Бенамукиге барады”, деді. “Өлтіріп, етін жеген адамдар да Бенамукиге бара ма?” дегенімде, “Иә” деп жауап берді ол.
Осылайша мен оған нағыз құдайды тануды үйрете бастадым. Мен оған әлемді жаратушы көкте дедім (бұл жерде қолыммен аспанды нұсқадым). Ол әлемді жаратушы, ол құдіретті, бізге не істеймін десе де еркінде, беремін десе береді, аламын десе алады деп түсіндірдім. Мен оның ақырындап көзін аштым. Ол мені зор ықыласпен тыңдады. Айса пайғамбар бізді күнәларымыздан арашалау үшін құдайдың жіберген елшісі дегеніме зейін қойды. Құдай көкте біздің құлшылық етіп айтқан әр сөзімізді естіп тұрады дедім. Бір ретте ол маған: “Егер сіздің құдай күннен де жоғары тұрып бізді естісе, онда ол құдіретті екен, ал Бенамуки одан төмен тұрса да біздің даусымыз оған жетпейді, онымен сөйлесу үшін тау басына шығамыз, әйтпегенде ол бізді естімейді”, деді. Сен өзің онымен сөйлесу үшін тау басына шықтың ба деп сұрадым мен. “Жоқ” деді ол, жас адамдар ол жаққа бармайды, тек қана біз Увокектер деп атайтын шалдар ғана барады (менің түсінгенім олар тайпа көсемдерін, я абыздарын осылай атаса керек). Увокектер тауға барады да, онда О бар (бұлардың тілінде дұға ету) дейді. Тайпаларына оралған соң Бенамукидің айтқанын елге таратады. Мұны естіген мен, дін туралы айтып бірін-бірі алдау жабайылардың арасында да бар екен ғой, дін өнерін жасырын түрде таратып, діншілдерді халық тарапынан құрметтеуді талап ету тек Римде ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі діннің бәрінде бар екен ғой деген пайымға келдім. Жаңағы айтылғанның бәрі – тауға шығып құдайға құлшылық ету, Бенамукимен сөйлесу, оның айтқандары деп шалдардың бөскендері өтірік, егер олар тау үстінде біреулермен сөйлесіп жүрсе, оны тек жын-шайтан деп білу керек деп Жұмаға барынша түсіндірдім. Осы арада шайтан туралы біраз әңгіме айттым: оның қалай пайда болғаны және оның құдайға қарсы келгені туралы; ол адам баласының дұшпаны екенін және оның себептері туралы; оның құдай сөзімен көзі ашылмаған халықтар арасында өзін құдай етіп көрсетіп, елді өзіне бағындырғысы келетінін; оның адам нәсілін аздыру үшін қандай қулықтарға баратынын, оның біздің құмарлықтарымызды қолпаштай отырып жасырын түрде жанымызға еніп кететіндігі туралы; оның қалай біздің бейімділіктерімізге икемделіп бізге қақпан құра алатындығы және осылайша адам баласын өзін-өзі азғыруға және өз
еркімен ажалға бет бұруға мәжбүрлейтіні туралы.
Құдайдың бар екені туралы түсіндіргенімнен гөрі, шайтан туралы айтып жеткізуім қиындау болды. Құдіретті күш бар, ол құпия түрде бізге әмірін жүргізеді, ол әлемнің билеушісі, бізді жаратқанын айғақтайтын қолмен ұстап, көзбен көретін дәлелдер бар. Ал қара ниет шайтандардың пайда болуы, бар екені, олардың әлемі туралы, бастысы, жауыздық пен жауыздық жасауға бейім тұратыны туралы көзге көрсетер айғақ жоқ. Бірде ол байғұс өзіме де жұмбақ болып жүрген ой туралы сұрақ қойды, қалай жауап берерімді өзім де білмей абдырадым. Мен оған құдайдың әмірі, оның құдіреті, оның күнәкарлар үшін жазасы аяусыз екенін, өтірік айтқаның үшін өртеп жіберетін от екенін, ол әрбіреуімізді қалай жаратса, бір сәтте солай әлемді де, бізді де құртып жіберетінін ұзақ айтып бергенімде Жұма мені тапжылмастан тыңдады.
Шайтан адам бойына еркін еніп кететін, зұлымдық пен жауыздыққа жол бастайтын, жаратушының қайырымдылығын қайырсыз қылар, құдайдың жалғыз жауы екенін айттым. Міне – сен айттың құдай ұлы, құдіретті деп; шайтанның құдіреттілігі мен күштілігі құдайдан кем емес қой деді Жұма. Иә, иә дедім мен, бірақ құдай шайтаннан мықты, ол одан жоғары, біз сондықтан жын-шайтанның пәлесінен аулақ қыл, күнәларымыз болса рақым қыл деп, оған жалынып-жалбарынамыз дедім.
Егер құдай шайтаннан да құдіретті, одан да мықты болса, онда ол жамандық қайталанбауы үшін шайтанды неге біржола жойып жібермейді деді Жұма.

You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Робинзон Крузо - 13
- Parts
- Робинзон Крузо - 01
- Робинзон Крузо - 02
- Робинзон Крузо - 03
- Робинзон Крузо - 04
- Робинзон Крузо - 05
- Робинзон Крузо - 06
- Робинзон Крузо - 07
- Робинзон Крузо - 08
- Робинзон Крузо - 09
- Робинзон Крузо - 10
- Робинзон Крузо - 11
- Робинзон Крузо - 12
- Робинзон Крузо - 13
- Робинзон Крузо - 14
- Робинзон Крузо - 15
- Робинзон Крузо - 16
- Робинзон Крузо - 17
- Робинзон Крузо - 18