Latin Common Turkic

Робинзон Крузо - 01

Total number of words is 4096
Total number of unique words is 2264
32.0 of words are in the 2000 most common words
46.9 of words are in the 5000 most common words
54.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Даниэль Дефо
Адам баспаған иесіз аралда қалған Робинзон Крузо адамзат өркениетінің бүкіл жүріп өткен жолын қайта өткеріп, өз тіршілігін қалпына келтіреді. Еріксіз жалғыз ғұмыр кешуге мәжбүр болған талайсыз қаһарман ойлануға мұрсат алып, басына түскен қиындықтың себебіне үңілу арқылы тәубасына келіп, құдай жолына түседі. Жүрегіне иман орнап, жаны тыныштық тапқан Крузо қауіпті де алмағайып жалғызілікті ғұмырында пешенесіне жазылған адам төзгісіз қиындықтардың бәріне төтеп береді. Адамның ақыл-парасаты мен ерік-жігерінің сынға түсіп, шар болаттай шыңдалуының әдеби-көркем баянының үздік үлгісін алдымызға жайып салады.
РОБИНЗОН КРУЗО
РОМАН
Мен 1632 жылы Йорк қаласында шығу тегі шетелдік ауқатты отбасында дүниеге келіппін. Әкемнің туған жері – Бремен қаласы. Алғашқы кезде ол Гулль қаласын мекендеп, сауданы кәсіп қылыпты. Тұрмысы қалпына келген соң сауданы тастап, Йоркке қоныс аударған, келген бойда сол жердегі көне тек – Робинзондар деп аталатын әулеттен шыққан менің шешеме үйленген. Осыған байланысты мені де Робинзон деп атаған. Әкемнің фамилиясы Крейцнер, ағылшындардың шет тілдерді бұрмалап алатын дағдысымен бізге Крузо деп ат қойған. Енді біздің өзіміз де тегімізді осылайша атап, осылай жазамыз; менің таныстарым да мені үнемі осылайша атайтын.
Менің екі ағам бар-ды. Ағамның бірі Фландрияда, кезінде атақты полковник Локгарт басқарған ағылшын жаяу әскер полкінде қызмет етті. Оның подполковник шеніне дейін қызметі өседі. Бірақ Дюнкирхен түбінде испандарға қарсы жүргізілген шайқаста көз жұмған. Ата-анамның дәл қазір менің де өмірімнен бейхабар болғаны секілді, екінші ағамның қайда екенін білмеймін, хабар-ошарсыз кеткен. Отбасында дүниеге келген үшінші ұл болғандықтан да, ата-анам маған ешбір қолөнер үйретпеді және менің басым әртүрлі қияли нәрселерге толы болды. Әбден қартайған әкем үй тәрбиесінде бола тұра, қала мектебіне барып алуға болатын білім ауқымында маған әжептәуір білім берді. Әкем заң қызметкері болғанымды қалады, бірақ мен теңіз саяхаттары туралы армандадым және басқа ешнәрсе туралы естігім келмеді. Теңізге аңсарымның ауғаны сондай, мен әкемнің еркіне бағынбадым – тіпті әкемнің тікелей тыйымына да қарсы шықтым және шешемнің жалынып-жалбарынғаны да, достарымның ақыл-кеңестері де алған бетімнен қайтара алмады; пешенеме жазылған қасіретті өмірге итермелеген бұл табиғи әуестігімде бақытсыз тағдырдың белгісі тұрғандай боп көрінді.
Әкем парасаты мол, пайымы жоғары жан еді, менің осы оймен әуес болып жүргенімді сезіп, қатаң һәм дәйекті түрде ескерту де айтты. Буын-буыны сырқырап төсекке таңылған әкем, бір күні таңертең мені өз бөлмесіне шақырып алып, жерден алып жерге салып сөге бастады. Ол менен: қаңғыбастыққа бейімділіктен басқа, адамдармен еркін араласып, тұрмысыңды гүлдендіріп, шаттыққа бөленіп, рахат өмір кешер туған елің мен берекенің бесігі – өз үйіңнен безуге басқалай қандай себептер бар деп сұрады.
Қалыпты тіршілік шеңберінен шығып, артында алаңдары, іздеушісі жоқ жандар, байлық пен бақ қуып алаөкпе болып, соның соңынан жүгіргендер ғана өз елінен алыстап кетеді, олар өз істерінің жемісін көріп, даңққа бөленгілері келеді, бірақ мұндай қадамға бару менің қолымнан келмейді. Мен орташа тұрмысты қалаймын. Адамзат тарихы орта тұрмыстағы адамдардың бақытты өмір сүретінін дәлелдеп берген. Ол адамды дәулеттілердің маңдайына жазылатын сән-салтанат пен мақтансүйгіштіктен, менмендік пен күншілдіктен, кедейлердің ғана сыбағасы болып табылатын ауыр қара жұмыс пен жоқшылықтан, мұқтаждықтық пен қайғы-қасіреттен бірдей құтқарады. Бұл тұрмыстың соншалықты жанға жайлылығы туралы, деді ол, мен мынаған қарап-ақ айта аламын: басқа жағдайда өмір сүретіндердің барлығы оған қызыға да қызғанышпен қарайды, – тіпті корольдердің өздері ұлы істер үшін жаралған адамдардың ащы тағдырына шағым айтып, тағдыр оларды ұлылық пен күйкіліктің ортасына қоймағанына өкініш білдіретін кездері де аз емес және данышпанның өзі шын бақыттың өлшемі ретінде ортаны таңдап, құдайдан өзіне кедейлікті де, байлықты да жібермеуін сұрайды емес пе? Көз жүгіртіп қарасам, тұрмыс тауқыметі жоғары тап пен төменгі таптың арасында ғана бөлінген сияқты, деді әкем, ал орта тұрмыстағылар қалыпты өмір сүреді, олар жақсылар мен қара бұқараға қарағанда тағдырдан келген зұлымдықтарға аз ұшырайды; тіпті, олардың өмір сұру үрдісінің табиғи салдарлары болып табылатын, бір жағынан, кемістіктердің, сән мен салтанаттың және әртүрлі басы артық нәрселердің, екінші жағынан, ауыр еңбек пен мұқтаждықтың, нашар және жеткіліксіз тамақтанудың әсерінен пайда болатын тән мен жанның кеселдерінен де орташа өмір сүретіндер көбірек қорғалады. Орташа ахуал – барлық кісілік атаулының бүр жарып гүлденуіне, болмыстың барлық қуаныштарына игі әсерін тигізеді; молшылық пен бейбітшілік – оның қызметшілері; ынсап, ұстамдылық, денсаулық, рух тыныштығы, ашықтық, әртүрлі жағымды көңіл көтерулер, алуан түрлі рахат оған ере жүріп, батасын береді. Орташа ахуал адамы өзін ауыр қара жұмыспен де, миға салмақ түсірер ауыр ой еңбегімен де аса қинамай өмірін жайлы да тыныш өткізеді. Ол тәнді ұйқыдан, жанды тыныштақтан қалдыратын бір тілім нан үшін құлдыққа да сатылмай-ақ, тығырыққа тіреліп, шығар жолын таба алмай қиналмай-ақ, күншілдіктің құрты көкейін теспей-ақ, атаққұмарлықтың жалынына құпия түрде шарпылмай-ақ өмір сүреді. Ризашылық сезіміне бөленген ол кермек дәмсіз өмір балын татып, өзін бақытты сезінеді және күнделікті тіршілік барысында мұны тереңірек әрі айқынырақ түйсініп, жеңіл де байқаусыз көрге қарай жылжиды.
Бұдан кейін әкем маған: балалық қылма, бостан-босқа адаспа, өз басыңа өзің қиыншылық пен жоқшылықтың азапты жолын тілеме, – деп, және бұлардан менің туысыма байланысты қоғамдағы алар орнымды сақтап қалатындай қылып көрсетіп, табандылықпен және сондай бір жылы жүзбен өтіне бастады. Нан табу үшін қиналып жүрген жоқсың, сенің қамыңды ойлаймын, тура жолмен жүрсе екен деймін, егер бақытсыз болсаң, өмірде жолың болмаса, онда қателіктің бәрі өзіңнен, не зұлым тағдырдан деді әкем. Менің басыма тек бақытсыздық қана әкелетін қадамнан сақтандыра отырып, өз борышын орындайтынын және барлық жауапкершілікті өз мойнынан алып тастайтынын білдірді: қысқасын айтқанда, егер мен әкемнің сөзін тыңдап үйде қалар болсам және әкемнің қалауымен өмір сүрсем, ол маған бұрынғыдай жақсы әке болатынын, егер мен үйден кетер болсам, онда ол менің қазама да қайырылмайтынын айтты. Сөзінің соңында әкем нидерланд соғысына қатыспа деп, табанды түрде көзін жеткізуге тырысса да, бар еңбегі зая кетіп, арман жетегінде үйден қашып шығып, соғыста опат болған ағам туралы үлгі ретінде айта кетуді де ұмытпады. Қандай жағдайда да (ол осылай өз сөзін аяқтады) сенің тілеуіңді тілеумен боламын дей келе, ол маған егер алған бетіңнен қайтпасаң, құдайдың рахметінен шет қаласың деп турасын айтты. Әлі сондай кез келер, менің кеңесімді елемегеніңе өкінетін боласың, бірақ онда, сенің істеген жамандығыңды түзетуге көмектесер маңайыңда тірі жан болмай қалуы да мүмкін деді.
Сөзінің соңында (әкем оны өзі сезбесе де, ол шын мәнінде де әулиелік еді), әсіресе қайтыс болған ағам туралы айтқанда, қарттың көз жасы бетін жуып кетті; ал сенің де өкінетін кезің келер, бірақ ол кезде саған көмек қолын созар ешкім болмайды дегенде, сөзін аяқтай алмай булығып қалып, жүрегі толып кеткені сондай, енді бір сөз айтуға де дәрмені жетпейтінін айтты.
Әкемнің сөзі жан дүниемді елжіретіп жіберді де (мұндай сөз кімді болса да тебірентеді ғой) шет жерге кету туралы ойымнан үзілді-кесілді бас тартып, әкемнің қалағанындай туған жерде қаламын деп шештім. Бірақ, әттеген-ай! – бірнеше күн өткен соң-ақ менің шешімім түбегейлі өзгерді: қысқасы, әкемнің жаңа насихаттарын тыңдамау үшін, әкеммен арада болған әңгімеден кейін бірнеше апта өткен соң үйден жасырын қашу туралы шешімге келдім. Бірақ мен шыдамсыздығымды сабырға жеңдіріп, асықпай қимылдадым: анамның әдеттегіден көңілді-ау деген кезін аңдап жүріп, оны бір оңаша жерге апардым да: менің шет жерлерді көруге деген ынтықтығым бар ақыл-ойымды билеп алғаны сондай, мен егер бір жұмысқа тұрғанның өзінде, оны соңына жеткізуге бәрібір шыдамым жетпейді, сондықтан әкем мені өз ықтиярымен жіберсін, әйтпесе мен оның рұхсатынсыз-ақ кетуге мәжбүр боламын дедім. Менің жасым он сегізге келді, енді маған қолөнер үйрету де, менен заң қызметкерін дайындау да кеш. Егерде мен тіпті заң бақылаушысына хатшы болып орналасқанның өзінде, сынақ мерзіміне дейін де шыдауға шыдамым жетпей, қамқоршымнан қашып теңізге кетіп қалатынымды білемін; жай ғана тәжірибе ретінде саяхат жасауым үшін әкемді көндіріңіз, егер ондағы тұрмыс ұнамаса, үйге қайта ораламын, одан кейін ешқайда кетпейтін боламын, жоғалтқан уақытымды еселеп қайтарамын, – дедім.
Менің сөздеріме анамның қатты ызасы келді. Бұл жөнінде әкеңмен сөз қозғаудың еш реті жоқ, өйткені ол саған не пайдалы екенін тым жақсы біледі, сондықтан сенің өтінішіңмен келіспейді деді. Бар мейірімін төгіп, алған бетімнен қайтарған әкеммен болған әңгімеден кейінгі менің тосын мінезім анамды таңғалдырды. Егер сен өз басыңды жойғың келсе, енді бұл бәлеге тоқтау жоқ, бірақ есіңде болсын, әкең де, мен де сенің бұл ісіңе ешқашан келісімімізді бере алмаймыз; ал өзіме келер болсам, сенің өліміңе еш себепкер болғым келмейді, сондықтан сенің, әкем қарсы болғанда шешем қолдап еді деп айтуға ешқашан хақың болмайды деген сыңайда сөз айтты.
Кейін білгенімдей, анам мен үшін әкемді көндіруге ниеттенбесе де арамызда болған әңгімені сөзбе сөз жеткізіпті. Әкем менің өз ойымнан айнығанымды сезіп, қапаланып: “Бала туған жерде болса, уайымсыз, бақытты ғұмыр кешер еді, ал енді шет жерге кетемін десе, оның еш болашағы жоқ, жер бетіндегі ең бейшара, ең бақытсыз тіршілік иесі болады. Жоқ, мен мұндайға жол бере алмаймын” деп күрсіне жауап беріпті.
Бұл оқиғадан кейін жылға жақын уақыт өткен соң ғана мен еркін өмірге қол жеткіздім. Осы уақыт ішінде ешбір іске араласпадым, жаным қалаған іске үзілді-кесілді қарсылық білдіргені үшін әкем мен анамды жиі кінәладым. Бір күні жолым түсіп Гулль қаласына келдім, бірақ менде қашу туралы ой тіпті болған жоқ. Бір танысым әкесінің кемесімен Лондонға сапарға шыққалы жатыр екен. Ол мені көре салып, теңізшілердің әдеттегі қулығына басып: жолға да ешбір шығын шықпайды, бірге аттанайық деп үгіттей бастады. Әкемнің яки шешемнің рұқсатынсыз, оларға бір ауыз сөзбен де ескертпестен, өздері әйтеуір біле жатар деген жүрдім-бардым ниетпен, ата-анамның да, құдайдың да батасын алмай бұл сапардың соңы қалай боларын да ойға алмай, сәтсіз – құдай көріп тұр! – сағатта, 1651 жылдың қыркүйек айының 1-і күні Лондонға бет алған досымның кемесіне отырып кете бардым. Жас жиһанкездердің бірде-бірінің басынан кешіргендері тап менікіндей ерте басталып және өте ұзақ болмаған шығар деп ойлаймын.
Гумбер сағасынан жылжып шығар-шықпастан қатты жел тұрып, долданған толқын біздің кемемізді қатты шайқады. Теңіз тіршілігін бұрын-соңды көрмеген менің жан дүниемнің үрейін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ата-анамнан безіп, перзенттік парызымды өтемей, олардың арман-тілегін орындамағаным үшін құдайдың өзі жіберген зұлмат екенін енді түсіндім. Әке-шешемнің шын тілегі, әкемнің көз жасы, шешемнің жалынып-жалбарынғаны есіме түсті, әке-шеше үмітін үзіп, әке сенімін ақтамағаның үшін сен құдай алдында күнәкарсың дегендей ар-ұятым да мені қатты азаптады.
Жел күшейе түсті де, теңіз көбігін шашып, биік-биік толқындар қаптап, жойқын жел аранын ашты, бірақ бұл мен кейіннен көретін, тіпті екі-үш күннен кейін ұшырасатын толқынмен салыстырғанда жай әшейін нәрсе еді. Бірақ бұрын мұндайды көрмеген, теңіз иісі мұрнына бармайтын мен сияқты жаңадан келген адамға осының өзі жеткілікті еді. Асау толқын жарды келіп соққанда, теңіздің айбарлы өксігі күшейіп, бізді жұтып жіберердей көрінді. Ал кеме толқынның екпінімен ырғып төмен түссе, су түбіне кетіп, қайтып жоғары шықпастай көрінді. Долданған теңіз бен долы дауылдың кімге қалай әсер еткенін білмедім, өзім үшін өте үрейлі болды. Егер жаратқаным жарылқап, рақымы түсіп, осы сапарда шыбын жанымды кеудемде қалдырса, аяғымның ұшы қара жерге тиер күн болса, ешқайда бет бұрмай, үйге оралуға, әке сөзін қалт жібермеуге, өзімді-өзім енді қайтып азапты жолға бастамасқа іштей ант еттім.
Әкемнің алтын орта туралы айтқан ойларының дұрыстығына енді ғана көз жеткіздім. Әкем ешқашан теңіздегі дауылға, жағадағы машақатқа ұрынбай, өз өмірін бейбіт те жайлы өткізгенін түсіндім. Мен тәубама келіп, туған үйіме шын мәнінде адасқан ұлдай қайта оралуға бекіндім.
Дауыл басылғанша, басылғаннан кейін де біраз уақыт мен осы саналы ой, сау ақылдың құшағында болдым. Бірақ келесі күні ертемен жел саябырсып, толқын баяулайын деді, менің де теңізге бойым үйрене бастады. Күні бойы үйге ораламын деген оймен жүрдім (бірақ теңіз дертінен әлі айыққан жоқпын). Кешке қарай аспан шайдай ашылып, желіккен жел демін ішіне тартып, күн қызарып ұясына батты, ертеңіне де күн ашық, теп-тегіс теңіз беті күн сәулесімен шағылысып керемет көріністе болды, табиғаттың мұндай сұлу бейнесіне алғаш куә болдым.
Таңертең ұйқым қанып, бойым сергіп ояндым, теңіз дертінен айыққандаймын. Көңілім жадырап, теңізге қайта-қайта қарай беремін. Кеше ғана долданып, аласұрып, ақ көбігін шашып жатқан теңіздің жайбарақат қалпына таңырқай қарадым. Осы сәтте мені сапарға ертіп шыққан танысым ойымды білгісі келгендей қасыма келіп, арқамнан қағып: “Қалайсың, Боб? Кешегіден кейінгі көңіл күйің қалай? Қатты қорықтың-ау, шыныңды айтшы!” – деді. “Кешегі дауыл… иә, сұрапыл дауыл. Мен мұндай қорқынышты дауыл болады деп ойламаппын!”– дедім. “Е-е-е, мұны да дауыл деп тұрмысың? Далбаса! Бізге мықты кеме, айдынды кеңістік бер, біз бұндай дауылсымақты көзге де ілмейтін боламыз. Сен әлі тәжірибелі теңізші емессің ғой, Боб! Әйда, жүр, пунш дайындайық та бәрін ұмытайық.
Қарашы, күн қандай керемет!” – деді танысым. Әңгімемнің көңілсіз тұстарын қысқартып, бұдан әрі не болғанын сіздерге төтесінен баяндап берейін. Кәдімгі қарапайым теңізшілер өміріндей: пунш қайнаттық, мен мас болдым, өкініштің бәрі артта қалды, мақтауға тұрарлық әдеттерімді, болашақта жасар игі істерімді – бәрін ұмыттым. Дауылдан кейінгі теңіздей сөзбен дүниенің бәрін тегістегендей болдық, үрейім де басылды, қорқынышым да сейілді, ойларым да жүлгеленіп, қауіп-қатерлі сәттегі айтқан уәде, берген серт жайына қалды. Егер шынын айтсам, менің санамда әлі де үйге ораламын деген сәулелі ойлар салтанат құрып тұр еді, бірақ аурумен күрескен адамдай, мен де ол ойларды қуумен болдым, мастықтың және көңілді ортаның әсерімен оны да өшірдім, масаң күйде бес-алты күн өзімнің ар-ұятымның алдында жеңіске жеткендей болдым. Бірақ мені алдымда тағы бір сынақ күтіп тұрды: жазмыш осындай жағдайдағы ежелгі әдетімен менің соңғы ақталар таянышымды тартып алғысы келді; шынында да, егер мен осы жолы оның мені құтқарып қалғанын түсінбесем де, келесі сынақтың күштілгі сондай, тіпті біздің экипаждағы ең оңбаған жексұрынның өзі қауіп-қатерді сезініп, одан ғажайыппен ғана аман қалғанымызды мойындамауға еш амалы болмас еді. Теңізге шыққанымызға алтыншы күн дегенде Ярмут рейдіне келдік. Дауылдан кейін жел қарсы алдымыздан тұрып, кеме жай жүрді. Ярмутта кеменің зәкірін түсіріп, жеті-сегіз күндей тұрып қалдық, себебі жел аумастан алдымыздан соқты да тұрды. Сол жеті-сегіз күннің ішінде біз аялдаған жерге Ньюкастильден де көптеген кемелер келіп тоқтады (Ярмут рейді – кемелердің келіп тоқтайтын орны, себебі бұл жерде кемелер Темзаға өту үшін желдің арт жақтан
соққанын күтіп тұрады).
Егер салқын жел соғып, бес күннен кейін ол тіпті үдей түспегенде, біз су көтерілсімен-ақ өзенге түсіп кетер едік. Ярмут рейді – айлақ сықылды кеме аялдауға қолайлы орынның бірі, біздің кемеміздің зәкірі мен зәкір арқандары мықты еді, біз қауіптене қойған жоқпыз, қауіп бар-ау деп ойлаған да жоқпыз, кәдімгі теңізшілердің дағдысы бойынша ойын-күлкімен уақытымызды өткіздік. Жетінші күннен өтіп, сегізінші күнге жеткенде жел одан сайын салқындай түсті, кеменің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында стеньгаларды алып тастап, қажетті нәрселердің бәрін тығыз бекіту үшін жұмыс күші керек болды. Түске таяу толқын екпіндей түсіп, кеме қозғалып – ойнақшып қатты теңселе бастады, кеме бірнеше рет олай-бұлай шайқалып еді, зәкір жұлынып кеткендей болды, сол кезде капитан айлаққа байланған арқанды шешіңдер деп бұйырды, біз зәкірдің екеуін де суға тастап, арқандарын барынша тартып, желге қарсы тұрдық.
Дәл сол сәтте дауыл құйындатып қатты соқты. Тіпті теңізшілердің жүзінен енді абыржу мен үрей көрініп тұрды. Каютасынан шығып, менің жанымнан өте бергенде капитанның: “Құдайым, өзің сақта, қырылатын болдық-ау, дәм-тұзымыз таусылғаны ма?” деген сөзін әлденеше рет естідім, бірақ ол соған қарамастан кемені құтқарып қалу жұмыстарын бақылаудағы қырағылығынан таймады. Бастапқы кездегі айқай-шудан екі құлағым тас болып бітіп, есеңгіреп қалдым, қозғалмастан сатының астындағы каютамда жаттым, тіпті қандай сезімді басымнан кешіргенімді өзім де анық білмедім. Оны ашықтан ашық елемей және батыл түрде жермен жексен қылған соң, маған бұрынғы тәубама қайтып оралу қиын болды: мен өлім қорқынышы мәңгілікке сейілді, бұл дауыл да түк бітере алмай,
«бірінші» сияқты аяқталады деп ойладым. Капитанның тура жанымнан өтіп бара жатып, “қырылатын болдық қой” деген сөзін естігенде тұла бойым түршігіп кетті. Каютадан палубаға атып шықтым, аспан асты астан-кестең, теңіз долданып, бұрқырап, ақ көбігін атып жатыр екен, мұндай сұрапылды көрген емеспін, сәт сайын таудай толқындар тулап, төңкеріліп төбемізден құлайды. Өзіме-өзім қуат беріп, күш жиып, жан-жағыма қарадым, айналам алай-дүлей дауыл, адам баласына айтып келмейтін апаттың қандай боларына көзім жетті. Бізге қарсы тұрған ауыр жүк тиеген екі кеме салмағы кемісін дегендей кемелердің мачталарын шауып тастады. Біздің теңізшілердің біреуінің кеме батып барады деген жанайқайын естідім. Тағы да екі кеменің зәкірлері жұлынып, ашық теңізге қарай шығып кетіпті, қайда барып, қайда тоқтарын кім білсін.
Ұсақ кемелер басқалармен салыстырғанда орнықты тұрды, бірақ асау толқын олардың да бір-екеуін ығыстырып, ашық теңізге қуып кетті, әлгі екі кеме құйрығындағы кливерден басқа барлық желкендерін жығып тастап, біздің кемеміздің жанынан тиер-тимес болып өте шықты.
Кешке қарай кеме штурманы мен боцман фок-мачтаны ағытып жіберуге рұқсат етіңіз деп капитанға өтініш айтты. Капитан бастапқыда бұған көніңкіремесе де соңынан рұқсат етті, фок-мачтаны ағытып жібергенде, грот-мачта шайқалып, кеме де тепе-теңдігін сақтай алмай, теңселе бастады, палуба суға толып, оны тазартуға тура келді.
Өздеріңіз ойлаңыздаршы, бұрын-соңды теңіз бетін көрмеген, осының алдында ғана болмашы толқудан зәресі кете қорыққан мен енді қандай сезімді басымнан кешіруім мүмкін еді? Көп жыл өтіп кетсе де, егер мен жадымнан жаңылмасам, маған ол кезде өлім қорқынышты емес еді: кінәмді мойындап, әкемнің алдына барып кешірім сұрау туралы шешімімді өзгертіп, бұрынғы қарғыс атқан қияли армандарыма қайта оралғаным туралы ойлар жүз есе азапқа салып, еңсемді езіп, дауыл қорқынышымен астасып, мені адам айтқысыз хәлге түсірді. Бірақ бәле-жаланың көкесі әлі алда екен: дауыл күшейген үстіне күшейе түсті, теңізшілердің айтуына қарағанда, мұндай дауылды олар да бұрын-соңды көрмесе керек. Біздің кемеміз мықты еді, бірақ жүгінің ауырлығынан белуарынан суға батып, теңселіп тұрды. “Жауып кетеді, қисайып бара жатыр” деген дауыстар сәт сайын шығып жатты. Бұл сөздердің мәнісін сұрап алғанымша, түсінбегенімнің өзі маған белгілі бір деңгейде үлкен артықшылықтар берді. Бірақ, дауыл долданып күшейгеннің үстіне күшейе түсті, мен, – ал мұндайды көрудің сәті үнемі түсе бермейді, – капитан мен боцманның және басқалардікіне қарағанда сезімі мұқала қоймаған бірнеше адамның кеменің су түбіне кетерін сәт сайын күтіп тілек тілеп, жалбарынғанын көрдім. Түн ортасы ауа трюмдегі суды байқау үшін төменге түскен біреу: “Кемеге су кірді” деп хабар берді, екінші біреу: “Су төрт фут жоғары көтерілді” деп оның сөзін жалғады. Дәл сол сәтте “бәрің де помпаға жиналыңдар” деген пәрмен келді, бұл сөз құлағыма жеткен бойда жүрегім бір сәтке тоқтап қалғандай болып, отырған кереуетіме шалқамнан құлай кеттім. Бірақ теңізшілер осы кезге дейін еш жәрдемің тиген жоқ, енді бір кісідей қол ұшын бере аласың деп еркіме қоймай жұлқылап тұрғызып алды. Тәлтіректеп тұрдым да, жүгіре басып помпаға келдім, келе бар күшімді салып мен де жүргізе бастадым. Осы кезде бірнеше жүк тиеген ұсақ кемелер желге қарсы тұра алмай, зәкірлерін бос қоя беріп, ашық теңізге шықты. Кемелер жанымыздан жылжып өте бергенде, капитан біздің апатқа ұшырап жатқанымызды білдіру үшін зеңбірек атыңдар деп бұйрық берді. Зеңбіректің не себепті атылғанына түсінбеген мен, кеменің бір жері зақымдалған, болмаса одан да зор бір пәле келді екен деп ойлап, есімнен танып құлап қалыппын. Әркім өз басымен әлек, менің не күйде болғаныма көңіл бөліп, мән беріп жатқан ешкім жоқ. Менің мүрдем кеткеніме әбден көзі жеткен бір теңізші мені аяғымен итеріп жібіріп, сол қалпымда қалдырды да, помпадағы менің орныма тұрып алды; мен есімді жиғанша едәуір уақыт өтті.
Біз жұмысымызды жалғастыра бердік, бірақ трюмдегі су көтерілгеннің үстіне көтеріле берді. Кеменің бататыны айдан анық еді, дауыл біртіндеп тынши бастаса да, біз айлаққа кіргенше кеменің су бетінде қалуы екіталай болатын, сондықтан капитан көмек сұрап зеңбіректен атқылауын жалғастыра берді. Өлдім-талдым дегенде әйтеуір алдымызда тұрған ұсақ кемелердің бірі бізге жәрдем беруге тәуекел етіп, қайық жіберді. Орасан зор қауіппен қайық бізге жақындай түсті, бірақ қайықтағылар бізді құтқарып қалу үшін жандарын шүберекке түйіп қанша жанталаса ессе де, қайық кемеге, ал біз қайыққа маңайлай алмай-ақ қойдық. Біздің матростар өте ұзын қылып алып оларға басында қалтқы белгісі бар арқан лақтырды. Лақтырған арқан да оңайлықпен олардың қолына түспеді, бірталай бейнеттенгеннен кейін ғана арқанның ұшы біреуінің қолына тиді. Біз оларды кемеміздің құйрығына таман тартып әкелдік те біріміз қалмай олардың қайығына түстік. Онымен олардың кемесіне жетуді ойлаудың өзі жөнсіз еді: біз бір ауыздан желдің ығына қарай есе береміз деп шештік, тек мүмкіндігінше жағаға қарай жақындай беру ұйғарылды. Біздің капитан бөтен матростарға олардың қайығына қандай да бір залал келсе, жағаға жеткесін қайықтың иесіне ақша беретінін айтты. Сөйтіп жартылай ескекпен есіп, жартылай толқынның екпінімен солтүстікке, Винтертон-Несса бағытына бұрылып, бірте-бірте жерге қарай бағытымызды түзей бастадық.
Біз кемеден аулақтаған сәттен ширек сағатқа жетер-жетпес уақыт өтпей-ақ кеме біздің көз алдымызда бата бастады. Мен осы жерде бірінші рет “жауып кетедінің” мағынасын түсіндім. Шынымды айтсам, кеме батып бара жатыр деген матростардың айғайын естіген кезде, кемеге қарауға да шамам болған жоқ деп те айтуға болады, өйткені мен қайыққа аяқ басқан немесе, дұрысы, мені қайыққа салған сәттен бастап-ақ біразы қорқыныштан, біразы мені алда күтіп тұрған бәле-жалалардан ішкі жан-дүнием өліп қалғандай еді.
Қайықты жағаға қарай бұрғылары келіп адамдар ескекті жандарын сала ескен сайын біз (өйткені, қайықты толқын жоғары лақтырған сайын жаға көрініп қалатын) жағалауда жиналып қалған адамдардың үлкен шоғырын көрдік: олар әбігерге түсіп біз жақындаған кезде көмек қолын созуға дайындалып жүгіріп жүрді. Бірақ біздің қайық өте баяу жылжып келеді, Винтертон мен Кромердің арасында жағалау сызығы батысқа қарай иіле түсіп, шығыңқы мүйіс желдің күшін әлсіретіп, “Винтертон” маягінен өткеннен кейін ғана жағалауға жеттік. Осы жерде біз жағалауға тірелдік те, әрең-әрең, бірақ әйтеуір аман-есен құрлыққа шықтық та, Ярмутқа жаяулап жүріп кеттік. Апатқа ұшырағанымыз үшін біздерді Ярмут халқы рахымдылықпен қарсы алды, бөлек үй-жайға орналастырды, жай адамдар мен көпестер, кеме қожалары өз еркімізге салып Лондонға немесе Гулльге жететіндей етіп қаражат жинап берді. Шіркін, менің басыма сол кезде Гулльдегі туған үйіме оралу туралы ой неге келмеді екен! Мен сөзсіз бақытқа кенелер едім! Әкем тура інжілде айтылатын тәмсілдегідей менің аман-сау келгеніме қуанып бір семіз бұзау сояр еді, өйткені ол менің аман қалғанымды көп уақыт өткеннен соң, мен Гулльден мінген кеменің Ярмут рейдінде опат болғанын
естіген кезде ғана білді.
Бірақ қытымыр тағдыр мені апатты жолға қарсыласуға болмайтындай табандылықпен итере түсті; бірақ кейде менің жан-дүниемде бірнеше мәрте мені үйге қайтуға шақырған сау ақылдың даусы естілсе де, оған құлақ асуға менің күш-қуатым, әл-дәрменім жетпеді. Адам баласын өз ажалына нендей күш асықтыратынын қалай түсінерімді білмедім, түсінуге талпынбадым да. Кейде түйсігімізбен сезе тұра, өзіміз жазмышқа қарсы келіп, тағдыр тауқыметін арқалайтынымыз қалай, ұзақ сапарда екі рет ажалдың түр-түсін көргендей бетпе-бет келіп, тосын оқиғалармен ұшырассам да, қанша қашсам да құтқармас қатал тағдырым, жүрегімнің қалауы мен парасатты ойыма қарсы келуге мәжбүрледі.
Мені осы сапарға аттануға үгіттеген кеме қожайынының ұлы, менің танысым, Ярмутта алғаш рет менімен сөйлескендегідей емес, даусы өзгеріпті. Ол абыржып, басын шайқап, менің көңіл күйімді сұрады. Сонсоң менің кім екенімді, осы жолы тек тәжірибе ретінде сапарға шыққанымды, бұдан кейін де менің әлемді шарлағым келетінін әкесіне айтып берді. Сол кезде әкесі маған бұрылды да: “Жас жігіт, саған бұдан былай теңізге шығуға болмайды, басымыздан кешкен оқиғалар сенің жолың теңізде емес дегенді меңзейді”, – деді. “Сэр, неге бұлай дейсіз? Мұнан былай сіз де теңізге беттемеймісіз?” – деп мен де қасарыса қалдым. “Менде жұмысың болмасын, бұл – менің ежелгі кәсібім және міндетім. Ал сіз теңізге тәжірибе ретінде шықтыңыз, өз шешімімді өзгертпеймін деп қасарысатын болсаңыз, құдай сізді алдағы күндерде не күтіп тұрғанын таңдайыңызға татқызып тұр. Мүмкін, бізге сіздің кесіріңізден апат келген шығар. Мүмкін, сіз біздің кемедегі Иона шығарсыз. Қарағым, маған дұрыстап түсіндіріп берші, сені осы сапарға шығуға не мәжбүрледі?” деді. Мен өзім туралы аз-кем айтып бердім. Әңгімемді аяқтай бергенімде, ол ашулы дауыспен: “Мен не істегенмін, мына азғын менің кемеме қайдан келген, енді мың фунт берсе де ешқашан сізбен бір кемеде жүзбеспін”, – деді. Бұл сөздерді ол зілдене айтты, ашу қысып кеткен соң небір ашулы сөздерді және төкті. Бұдан кейін ол райынан қайтып: “Бұл – тағдырдың салған ісі, енді тездетіп әкеңе қайт, болған оқиғаларды жаратушының ескерусіз қалдырмағаны деп ойлаймын, е, жас жігіт, егер сіз үйіңізге қайтпасаңыз, әкеңіздің тілін алмасаңыз, менің сөзіме сеніңіз, – қай жерден табылсаңыз да сіздің соңыңыздан бақытсыздық пен сәтсіздік өкшелейтін болады”, – деді сөзін аяқтай келіп.
Мұнан кейін біз екі жаққа бөлініп кеттік, мен оны одан қайтіп көрмедім. Ярмуттан қайда кеткенін де білмеймін, менде қаражат жағы тапшы болған соң Лондонға құрлықпен тарттым. Жол бойы өмірдің қай соқпағымен жүремін деп ойлаумен болдым: үйге оралсам ба, әлде қайтадан теңізге бет бұрам ба?
Үйге қай бетіммен барамын, әкем-шешем былай тұрсын, ағайын-туғанға, көрші-көлемге қалай көрінемін, бәріне келеке, мазақ болып жүрермін деген ой да жылт етті. Сол кезден мен адам баласының, әсіресе оның жас кезіндегі табиғатының соншалықты қисынсыз болатынын түсіндім; осыған ұқсас жағдайларда адамдар ақылды басшылыққа алғанның орнына оны терістеп, күнәсі үшін емес, тәубаға келгеніне ұялады, оларды ақымақ деп есептеуге болатын ессіз қылықтары үшін емес, өз қателіктерін мойындап, түзетуге ұмтылған, оларды ақылдылылардың санатына енгізуге тұрарлық қылықтары үшін ұялады.
Не істеуім керек, өмірдің қай соқпағын таңдасам екен деген әуре-сарсаң оймен біраз уақыт жүріп алдым. Үйге қайтсем деген ойды жеңе алмай-ақ қойдым, бірақ әзірге кейінге шегере бердім, теңіздегі басыма төнген бәле-жалалар туралы естеліктер көмескілеген сайын, әкеме оралуға шақырған онсыз да әлсіз ақылдың үні әлсірей берді, ақыры мен оралу туралы кез келген ойды былай қойып, жаңа саяхаттар туралы армандай бастадым.
Әлі сол бір зұлым күш – менің үйден қашуыма түрткі болған, әлемді шарлап байысам деген ессіз де ой елегінен өткізілмеген есірік ойға себепші болған және бұл ойлармен, менің басымды арбап тастағаны сондай, мен барлық жанашыр кеңестерге, айтқан насихатқа, тіпті, әкемнің тыйым салғанына да керең боп қалдым, – міне, осы күш дер едім мен, оның қандай екендігіне қарамастан, адамның ойына келуі мүмкін-ау деген ең талайсыз іске мені итеріп жіберді: мен Африка жағалауларына, біздің теңізшілердің тілімен айтқанда, – Гвинеяға аттанғалы тұрған кемеге отырдым да тағы да жаһанды кезе бастадым.
Менің ең үлкен бақытсыздығым – осы оқиғалардың барлығында қарапайым матрос болып жалданбадым; әрине, маған өзім әдеттенгеннен де көбірек жұмыс істеуіме тура келер еді, есесіне мен теңізшінің міндеті мен жұмысын меңгеріп, уақыт өте келе штурман, не капитанның көмекшісі, тіпті капитанның өзі болар едім. Бірақ менің пешенеме жазылғаны сол екен – барлық жолдардың ішіндегі ең нашарын таңдадым. Осы жолы да мен осылай ісдедім: менің әмиянымда ақша болды, үстімде жақсы киім: мен кемеге үнемі нағыз мырзаның өзі болып келуші едім, – сондықтан онда ештеңе істемедім де, ештеңе үйренбедім де.
Лондонға келген бойда жақсы ортаға тап болдым, мен секілді бетімен кеткен, жолынан адасқан бозбала үшін тағдырдың мұндай сыйы адам баласына бұйыра бермейтін шығар, болмаса, жын-шайтан тұзағына шырмалып кетер ме едім. Мұндай өмірден құдайдың өзі қағыс қылған шығар. Мен бір капитанмен таныстым, оның таяуда ғана Гвинеяның жағалауына барып келгені мәлім болды, осы сапары өзіне қолайлы болып, тағы да сол жаққа аттанғалы жатыр екен. Оған менің әңгімелерім ұнап қалды, әлемге саяхат жасағым келеді деген сөзімді естіген соң, өзімен бірге баруға ұсыныс жасады. Әрі екеуміз дос боламыз, ақшаң болса, аздап тауар ала жүр, бар пайдасын өзің көресің дегенді айтты.
Мен бұл ұсынысты оң көрдім, екеуміз дос болып алдық, ақкөңіл, таза жүрек адаммен бірге аз ғана тауар алып сапарға шықтым. Тауарларымды өткізіп пайда таптым, әрине, бұл адал досымның кеңесі еді. Тауарды әке-шешем жіберген ақшаға сатып алдым. Мұның алдында елдегі туысқандарыма хат жазып, ақша сұрағанмын, олар менің бұл өтінішімді айтып, әкемді көндіріпті, расын айтсам, шырылдап ақшаны жөнелткен де шешем болар.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Робинзон Крузо - 02
  • Parts
  • Робинзон Крузо - 01
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2264
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    54.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 02
    Total number of words is 4115
    Total number of unique words is 2064
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 03
    Total number of words is 4170
    Total number of unique words is 2177
    31.7 of words are in the 2000 most common words
    46.4 of words are in the 5000 most common words
    53.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 04
    Total number of words is 4062
    Total number of unique words is 2078
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 05
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2016
    32.0 of words are in the 2000 most common words
    46.0 of words are in the 5000 most common words
    54.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 06
    Total number of words is 4002
    Total number of unique words is 2134
    30.2 of words are in the 2000 most common words
    45.6 of words are in the 5000 most common words
    52.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 07
    Total number of words is 4212
    Total number of unique words is 2131
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    43.6 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 08
    Total number of words is 4070
    Total number of unique words is 2073
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.2 of words are in the 5000 most common words
    52.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 09
    Total number of words is 4171
    Total number of unique words is 2182
    31.8 of words are in the 2000 most common words
    45.7 of words are in the 5000 most common words
    53.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 10
    Total number of words is 4076
    Total number of unique words is 2097
    32.2 of words are in the 2000 most common words
    45.8 of words are in the 5000 most common words
    53.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 11
    Total number of words is 3843
    Total number of unique words is 1995
    33.8 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 12
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 1970
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 13
    Total number of words is 4233
    Total number of unique words is 2087
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 14
    Total number of words is 4223
    Total number of unique words is 2171
    34.3 of words are in the 2000 most common words
    48.3 of words are in the 5000 most common words
    55.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 15
    Total number of words is 4122
    Total number of unique words is 2031
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 16
    Total number of words is 4041
    Total number of unique words is 2082
    32.8 of words are in the 2000 most common words
    46.6 of words are in the 5000 most common words
    54.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 17
    Total number of words is 4085
    Total number of unique words is 2058
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Робинзон Крузо - 18
    Total number of words is 2075
    Total number of unique words is 1203
    41.1 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.