🕥 31-minute read

Робинзон Крузо - 10

Total number of words is 4076
Total number of unique words is 2097
32.2 of words are in the 2000 most common words
45.8 of words are in the 5000 most common words
53.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  Бұл көрініске куә болғандағы жан дүниемнің дағдарысын тілмен жеткізе алмаймын. Жабайы тайпалардың өзара соғысатындығы туралы бұрыннан білетінмін. Жеңіске жеткен тайпа тұтқындарды осы жағалауға әкеліп аң сияқты бауыздап, етін жейтін шығар деп ойладым. Бір тұста жағылған оттың күлі жатыр, айналасы толған адамның сүйегі: бұл жабайылардың қанды тойларын тойлап, бас қосқан жері болуы мүмкін.
  Бұл көрініске аң-таң болғаным сондай, бұл жағалауда өзіме де қауіптің бар екені туралы ұмытып кетіппін. Адам баласының қолы баратын мұндай айуандық іске куә болып, енді ғана өзімнің қара басыма да келер қауіпті ойлап қорықтым. Адамды адам жеу немесе бауыздау оқиғалары туралы естігеніммен, алғаш куә болуым. Бұл көріністен көзімді ала беріп, жүрегім лобып, құсқым келді, жаратылыстың өзі куә болғандарымды ішіме сақтамай, құсып тастауыма жәрдемдесті.
  Қан төгілген жерде бір сәт те аялдамай, есімді жиған бойда төбеге өрмелеп шықтым да, өзімнің үйіме қарай жүгіре жөнелдім. Аралдан шыға бере біраз жер ұзаған соң, есімді жиып алайын деп тоқтадым. Жаутаңдап зеңгір көкке қарадым, екі көзден аққан жас бетімді жуды, тұрған қалпы адам бейнесіндегі аңдары жоқ елде дүниеге келтіргені үшін
  жаратушыға алғысымды жаудырдым.
  Көңілім құлазып өзімнің қамалыма оралдым, сол күннен бастап мен жабайылардан қорықпайтын болдым. Менің пайымдауымша, бұл қанішерлер аралға азық тауып олжалы болу үшін келмеген болуы керек, мүмкін, олар ешнәрсеге мұқтаж емес, мүмкін, шөл далада күнелтерлік не бар дейсің деп ойлаған шығар; олар аралдың жапырағы жайқалған жағына бір емес, әлденеше рет келген болар, бірақ қолайлы нәрсе таба алмаған шығар деп ойладым. Ең дұрысы, мен аралға келгелі он сегіз жылдың ішінде адамның өзі түгіл ізін де көргенім жоқ, ендігі қалған өмірімді жабайылардың көзіне түспей өткізсем деп ойладым. Бірақ бұдан қауіптенетін ешнәрсе жоқ, себебі менің тіршілігімнен хабар беретін белгілердің бәрін жасыруым керек және қанішерлердің ортасы емес, басқа орын тапқанша өзімнің үңгірімнен шығуды сиретуім керек деген қорытындыға келдім.
  Дегенмен жабайылардың айуандық әрекеттері мен олардың бірінің етін бірі жейтін қанішерлік дәстүрі мені түңілдірді. Екі жылға жуық уақыт бойы аралдың өзім тіршілік еткен бөлігінен, өз жерімнен көргенім – тау баурайындағы қорғаным мен саяжайым – ормандағы ешкілерім үшін тұрғызған аулам, ол аулаға да тек соңғы рет ешкілерімді көріп қайту үшін барғанмын, тозақтан шыққан қанішерлерге жүрегімнің айнығаны сондай, олармен ұшырасқанша, шайтанмен ұшырасқаным әлдеқайда жеңіл-ау деп ойладым. Бұдан қайтып келесі жағалауда қалған қайыққа да барғаным жоқ, тіпті жаңадан қайық жасау туралы ойладым, өйткені қайықты аралдың ана жағынан мына жағына алып келуден мүлде бас тарттым. Жабайылардың тұзағына түскім де келмеді, олардың қолына түссем, қандай күйде боларымды өзім де білемін.
  Алайда уақыт жабайылардың менің баспанамды таба алмайтындарына көзімді жеткізді: мүмкін, олар басқа ермек тапқан болар. Мен енді олардан қорықпайтын болдым, бұрынғыдай еркін өмір сүре бердім. Бірақ бейтаныстарымның көзіне түсіп қалмау үшін сақтық амалын жан-жақты қарастырдым. Бастысы, мылтықты пайдаланбайтын болдым: жабайылар мылтық даусын естіп қалуы мүмкін ғой. Енді аңға шықпай-ақ ешкілерімді бағумен айналыстым, оларды бір оқты шығын қылмай тұзақ құрып, я ор қазып қолға түсірдім; оқты шығын қылмасам да, мылтықты үнемі өзіммен алып жүрдім. Көбіне белбеуіме кемеден алған екі тапаншамды қыстырдым, иығыма шапашот асып алдым. Сонымен, сырттай қарағандағы менің кейпім өте сұсты еді: мылтық, балға, қос тапанша және үлкен шапашот.
  Сақтықты күшейткенім болмаса, тұрмысым бұрынғы жайбарақат қалпында өтіп жатты. Әрі-бері ойлап, салыстырмалы түрде айтсам, күннен-күнге көзімнің жеткені – менің халім өзгелермен салыстырғанда көш ілгері екен, құдай басқа салса бұл күніме де зар болып қалар едім. Қиналған сәттерде тағдырға кінә арта бермей, жаратқанның берген әр мүмкіндігіне ризашылық білдіруіміз керек.
  Әрқайсысымыз өз тағдырымыз жайлы ойлағанда жақсысы мен жаманын саралап қарағанымыз жөн.
  Өз басымда қазір ешнәрсеге мұқтаждық жоқ, дегенмен жабайылардан қорқып үнемі сақтық амалдарымен жүремін деп күнделікті тұрмысыма көңіл бөлмей кеттім, менің ұсталығым да жайына қалды. Мысалы, мен іске асырмақ болған істерімнің бірде-біреуін әлі қолға алған жоқпын. Арпадан ашытқы жасап, сыра дайындағым келді. Әрине, бұл қиял ғана, кейде өзімді аңғалдығым үшін кінәлап та жүрдім. Бұл ойымды жүзеге асыру үшін көп нәрсе керек еді, ал мен ең қажет деген нәрселердің өзіне мұқтаж болдым. Бәрінен бұрын сыраны ашыту үшін бөшке керек екенін оқырман жақсы біледі, мұны жасау үшін бірнеше апталар мен айларды арнасам да, бәрі әурешілік болар еді. Мұнан кейін менде ашытқы да, ұйытқы да жоқ. Жабайылардың лаңы болмағанда, бұл ойым да ендігі нәтижесін берер еді, бастаған ісімді аяқсыз қалдырмаушы едім. Бірақ ұсталығым жайына қалып, мүлде басқа ойда жүрдім.
  Қанды той үстінде мәз-мейрам болып жатқанда осы қанішерлердің бірнешеуін өлтірсем, күні-түні етін жеуге алып келген бейшараны құтқарып қалсам деп ойладым. Қанішерлерді құртып жібермесем де, қатты қорқытып, менің аралымнан қуып шығуым керек деп те ойладым. Қанішерлерді құрту туралы қилы-қилы әдіске құрылған жоспарым туралы ақтарылсам, кітабымның көлемі көтермей қалар еді. Бірақ бұл ойым далбасалық екен: қанішерлердің көзін құрту үшін соғыс ашу керек, ал жалғыз адам қолдарына найза, садақ асынған бірнеше жыртқышқа қалай төтеп бере алады? Мылтығымды оқтап болғанша, олар мені садақтарымен-ақ қағып түсірер еді.
  Маған бір ой келді: олардың от жаққан жеріне жарылғыш нәрсе орнату және оған бес-алты фунт оқ-дәрі салу. Олар келіп от тұтатқанда оқ-дәрі балқиды да, сосын атылып, маңындағы тұрғандардың бәрін күйік шалады. Бірақ өзімде де оқ-дәрі санаулы қалды, екіншіден, олардың бәрінің от тұтанған кезде соның маңайында жүруі екіталай ғой. Онда бұл әрекеттен келіп-кетер қандай пайда бар? Ең бастысы – оларды үркіту. Әрине, оларды үркіттім-ақ делік, бірақ одан кейін олар аралға аяқ баспайды деп кім айта алады? Сондықтан бұл ойымнан да айныдым. Енді ыңғайлы жерден торуыл құруды ойладым. Олар көздері қызарып, өз-өздеріне сенімі артқан кезде тасада жатып оқталған үш мылтықты қатарынан бассам, кем дегенде бір атқанда екі-үш адамды жарақаттар едім, сосын атып шығып тапаншамды іске қосып, шапашотпен бас салар едім. Осылай әрекет етсем, жауымның саны жиырма болса да жеңіс менің жағымда боларына сенімдімін. Сарсылтқан ой үстінде бірнеше апта бойы жүрдім, бұл ойдың мені мезі еткені сондай, түсімде де жабайыларды атып, солармен алысып жүретін болдым.
  Жабайылардан таса болатын өзіме қолайлы екі жер іздедім: біреуінен оларға оқ жаудырсам, екіншісі, сырттай бақылау үшін. Қолайлы жер дегенім бір төбенің шоқысы, мен ол жерден теңізге таяп қалған әрбір қайықты көзден таса қылмаймын. Жабайыларды алыстан бақылап тұрып, олар жағаға жақын келгенде мен көзге түспей, жақын тұрған тоғайға зып беремін. Сол жердегі бір ағашта маған жасырынып отыруға ыңғайлы үлкен қуыс бар еді. Сол қуыстан жабайыларды аңдып отырушы едім; олардың бәрі бір жерге жиналған сәтті аңдап отырып, көздеп тұрып, бір оғымды шығын қылмай үш-төртеуін бірден жайратып салар едім.
  Ыңғайлы орын тапқан бойда ұлы майданға дайындалдым. Тапаншаларымды, екі мушкетімді және мылтығымды мұқият тексердім. Мушкетімнің әрқайсысына жеті-жетіден оқ салдым: жетеудің екеуі – қолдан жасалған қорғасын оқ, бесеуі – тапаншаның оғы; мылтығымды ірі оқ-дәрілермен оқтадым. Бұдан кейін үш-төрт қосымша оқ-дәрі алып майданға аттандым.
  Ойша жоспар құрдым, ол жоспарым қиялымда бірнеше мәрте іске асқан соң, менің қорғанымнан үш мильден артық емес жердегі төбенің басына күн сайын шығатын болдым. Күні бойы теңізден әлдебір кеме немесе қайықтарына мінген жабайылар келе ме, жоқ па деп көз талдырумен болдым. Екі-үш айдай сақшылық қызметімді тік тұрып атқардым, тіпті жалықтырып та жіберді, осы айлар аралығында жағалаудан кеме түгілі, қайық та кездестірмедім.
  Қарауылтөбеге барып-кетіп жүрсем де, менің жауынгерлік желігім бәсеңдеген жоқ, оларды құртамын деген ниетім үшін де мені айыптауға болмас. Жалаңқол отыз-қырық адамды қыру маған оп-оңай көрінді. Бұл жерді мекендеушілерге деген жиіркеніштен туған ашу үстінде, бұларды жазалауға тұра ма, жоқ па деп ойламаппын да. Құдайдың қарғысына ұшыраған оларды айуандыққа бастап, тағылықпен ғана күн кешетін көсемдерінен басқа ешнәрсені білмейді деп ойладым. Тіршілік пайда болғалы адам баласына тән емес әдетпен шұғылданған, күллі тайпасымен зұлымдық жасауға ғана бейім, құдайын ұмытқан азғындарды жаратушы неге жазаламайды, оларға кешірім жасауға бола ма деп ойладым, – әрине, мұның төрелігін айтушы мен емеспін ғой. Мана айттым ғой, нәтижесіз күн сайын тағылардың ізіне түсу мені әбден жалықтырды, енді алған бетімнен қайтып, құрған жоспарымды да ұмытуға тырыстым. Бұл ермегіме енді селқос, ықтиярсыз қарадым, тағылар үшін төрелік етіп немесе оларға жендет болу немді алған деп мен өз-өзімді тергедім. Солар-ақ қылмыскер болсын, ғасырлар бойы қанішерлікпен тірлік кешкен олардың жазасын құдай бермесе, онда оларды әу бастан қанішер етіп жаратқан ғой; олардың бірін-бірі өлтіруі құдайдың әмірімен болып тұрған шығар; қалай десек те, бұл адамдар маған жамандық жасаған жоқ, олардың тайпалары арасындағы ұрыс-керісте менің шаруам қанша; олардың есепсіз төгілген қандары үшін неге мен кек қайтаруым керек деп ойладым. Мен тағы былай деп ойладым: олардың құдай жазасын бере ме, жоқ па, ол жағы маған беймәлім; адамжегіштер үшін адамды бауыздау қылмыс емес, бұл әдеттерінен олар айып боларлық ешнәрсе көрмейді, ол үшін олардың жаны азап шекпейді; олар күнәлі болса да, біз сияқты кешірім сұрап құдайға құлшылық етпейді, көздері көрместен, ешнәрсе сезінбестен күнә үстіне күнә жамай береді; олар үшін тайпа жауынгерін өлтіру – біздің малды құрбандыққа шалғанымыз сияқты қалыпты жағдай, олар адамның етін де біздің қойдың етін жегеніміз сияқты сүйсініп жейді.
  Қорқынышты ойларымды қорыта келіп, адамжегіштерге қылмыскер деп шығарған үкімім дұрыс емес деген шешімге келдім. Бұлардың қылмыскер емес екенін енді түсіндім, мысалы, христиандар да жауынгерлерін өлтіреді, одан да сорақысы, жазықты жауынгер қаруын жерге тастап, басын исе де, бір жауынгердің күнәсі үшін күллі әскерді қырып салады. Мен енді жабайылар қандай айуандық әрекетке барса да, менің шаруам жоқ деп шештім. Олар маған еш қастандық жасаған жоқ. Мен не үшін олармен өштесуім керек? Иә, егер олар маған қастандық жасап, тағдырым қыл үстінде тұрса, онда ойлануға болады. Әзірге олардың қолына түскенім жоқ, менің бұл мекенде бар екенімді білмейді, мен оларға өзім бастап тиіспесем, олар маған еш жамандық тілеген жоқ қой. Жабайылардың адамды құрбандыққа шалар әдеп-ғұрыптары миллиондаған адамның тағдырын талқандаған Оңтүстік Америкадағы испандардың қанішерлігінен кем емес еді. Мысалы, жабайылардың адамдарды құрбандыққа шалу діни мерекелері немесе тағылық дәстүрі делік, ал қанішер испандықтардың қатыгездігі бұлардан да сорақы емес пе? Бүгінгі таңда бүкіл Еуропа христиандары, тіпті испандықтардың өздері де жазықсыз Америка халқын көзсіз қырғандары үшін әлі күнге наразылық білдіреді; бұл оқиғаны – құдай да, адам да ақтай алмас жазықсыздардың қанды қырғыны дейді. Сол күннен испан деген сөздің өзі адамзат баласының жанын түршіктіреді. Испанияны діннің шарттарын орындай алмайтын, ізгіліктен жұрдай, жауыздық жасауға ғана бейім қанішерлердің мекені деп есептейді.
  Ой таразысымен салмақтай келе мен алған бетімнен қайта бастадым, егер олар маған шабуылдаса, мен оларды өлтіре аламын, ал қазіргі тіршіліктеріне араласуға менің құқым жоқ. Мен тек олар шабуылдаса ғана қорғанудың амалын қарастыруым керек, өздері бастаса, қарап қалмасым белгілі деген байламға келдім.
  Бір жағынан, менің жасырын жоспарым жабайылардан құтқарып қана қоймайды, керісінше, мен өз ажалыма өзім себепші боламын. Мысалы, мен олардың бірін қалдырмай талқандап, содан кейін қайықпен ағылғандарын жайратып отырсам ғана өмір сүруге сенімді боламын. Егер олардың біреуі құтылып кетсе, кек алу үшін күллі тайпасымен оралары белгілі. Міне, осылай өз басыма өзім қара күн орнатқан болар едім.
  Дәл осы көңіл ауанымен жылдан астам уақыт жүрдім. Осы аралықта жабайылар туралы астыртын ойыма оралған жоқпын, олардың жолын торуылдау үшін бірде-бір рет төбенің басына да шыққаным жоқ, олардың келіп-кеткенінен хабар берер жағада із бар ма, жоқ па, – көңіл де бөлмедім; азғындарды көріп қалып, бұларды құрту жайлы қара ниетім аяқ асты оянып кете ме деп қорықтым. Қайығымды аралдың шығыс жағындағы, айналасы құз, өте ыңғайлы түкпірге орналастырдым. Ағыс қатты болғандықтан жабайылар бұл түкпірге ешқашан келе алмасын білдім.
  Қайығымды өз қолыммен жасаған діңгегі, желкені және зәкірімен қоса (тіпті зәкір деуге келмейді, бірақ одан артық етіп жасай алмадым) алып келдім. Бір сөзбен айтқанда, тіршілік белгісі ретінде ешнәрсе қалмауы үшін арғы беттен ұсақ-түйекке дейін ештеңе қалдырмадым.
  Енді мен жоғарыда айтып өткенімдей бейжай, жайбарақат тірлік кеше бастадым, анда-санда болмаса өз үңгірімнен шығуды да сиреттім. Бірақ күн сайын ормандағы саяжайымды қадағалап, ешкілерімді сауып тұрдым. Саяжайым аралдың қарсы жағында болғандықтан, келер қауіпті сезбедім. Жабайылар олжа табу үшін ғана аралға келіп-кетіп жүрген соң, жағалаудан ғана кетіп жүргендеріне сенімдімін. Мен олардың ізіне куә болғаннан кейін ғана аяғымды аңдап басатын болдым. Өзіме келер қауіпті сезбей, олармен ойда жоқ жерде ұшырасып қалсам қайтер едім деп ойлағанда, тұла бойым түршікті (көбіне мылтықты ұсақ бытырамен оқтап алып жүруші едім ). Өзіме азық іздеп, әр қуысты тінтіп, аралды алаңсыз аралап жүретін болдым. Кейде адам ізін көрмей қалып, бірден он бес-жиырма жабайының көзіне түссем не болар еді деп те ойлап қоямын. Әлбетте, олар мені қуып жетіп алар еді, – себебі жабайыларды желаяқ деуге де болады, – олар өте жылдам жүгіреді.
  Рақымы мол жаратушы жолымыздағы қауіп-қатерден қорғайды, пәле-жаладан сақтайды дегенді бұдан да бұрын ойлаушы едім, енді тіпті жиі ойлайтын болдым. Және де, тағы бір қызығы, біз көбінесе өзімізге төнгелі тұрған қатерді де құдайдың құдіретімен сезінбей қалатын кездеріміз де болатынын оқырманға ескерте кетуді жөн санаймын.
  Кейде дағдарып, тығырықтан шығар жол таба алмай тұрғаныңда немесе таңдаған жолыңның дұрыс екеніне көзің жетіп, енді алға қадам баса бергеніңде құпия бір ішкі дауыс тежеп қалады. Адамның табиғат берген ақыл-ойы, түйсігі, тіпті айқындалған мақсаты да оны сол жолға шақыратын секілді, алайда оның жан дүниесі көзге көрінбес тылсым күшке қарсы келе алмайды. Егер ол ішкі дауысқа құлақ аспай, өзі таңдаған жолмен жүріп, өз қалауы бойынша қадам жасаса, ол тіпті қазаға ұшырауы да әбден мүмкін. Ұзақ ойланып, көп толғанғаннан кейін өмір сүрудің мынадай ережесін жасадым: өзіңе сенімсіз сәтте ішкі даусыңа құлақ сал және өзіңді өзің тыңда! Бұл ереженің дұрыстығына көз жеткізу үшін мен өз тәжірибелеріме сүйенер едім; әсіресе қырсық шалған аралда тірлік құрған соңғы жылдар, – бұрын маған мағынасыз болып көрінген нәрселерге қазіргі пайымым бойынша сөзсіз зейін аударар едім. Ақылға келудің ерте-кеші жоқ, парасатты деген адамдарға айтайын дегенім – өмірдің қандай қиын сәттерінде де, тіпті тауқыметі менің тағдырымнан ауыр болса да, ақылың асып жатса да, ішкі даусыңа құлақ сал! Маған бұл еш күмәнсіз, – алайда сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – астыртын мегзеу – екі дүние арасында рухтар байланысы бар дегенге дәлел сияқты. Мұң басқан менің аралымдағы рухтар байланысы туралы әр түрлі ғажап мысалдарды бұдан кейінгі жазбаларымда келтірермін. Оқырмандарға қазіргі жағдайымды баяндап берсем, сөкеттігі жоқ деп ойлаймын; соңғы кездердегі санамды жайлап алған қорқыныш, жан дүниемнің азап шегуі, аяғымды басқан сайын үрейлену, тынышсыздану жігерімді жасытты, тұрмыс-жағдайымды түзеп, үй-ішін ретке келтіремін деген талабым аяқасты болды. Жеке басыма қауіп төніп тұрғанда, үстелімді жөндейін дегендей ұсақ мәселелермен қайтып айналысарсың?.. Жабайылар естіп қалар деген сақтықтан шеге қағу, балтамен жұмыс істеу сияқты шаруалар да жайына қалды. Осындай себеппен мылтықты да оқтауды қойдым. Отымды да тұтата алмадым, – алыстан көрінген түтін жабайыларға менің тіршілігімнен белгі беріп қояма деп қатты қорықтым. Сондықтан көзге көрінер бұйымдардың бәрін (қыштан жасалған бұйымдар да бар) жаңа үйіме тасыдым. Қатты қуанғанымнан болу керек, сіздерге айтуға ұмытып кетіппін, бір күні тау ішін кезіп жүріп, жартастағы үңгірге тап болдым, – іші сондай кең, бірде-бір жабайы бұл үңгірге кірмек түгіл, тұмсығын да сұға алмас еді. Қысылған адам жол тапқыш дегендей, бұл үңгірдің аузын менің ғана көзім
  шалды, мен ғана көре алдым. Үңгірдің аузы жартастың ең биік бөлігінде, мен мұны отындыққа ағаштың жуан бұталарын жинап жүргенде көргенмін. Әңгімемді бастамас бұрын, жуан бұталардың не үшін керек болғанын баяндайын.
  Тіршілігімнен белгі берер деп от тұтатуға қорықтым деп айтып едім. Бірақ нан, ет, тіпті тамақ пісірмей қалай күнелтемін? Сондықтан мен түтіні шықпайтын ағаш көмірі дегенді ойлап таптым. Англияда жүргенде жуан ағаштарды оттың үстіне қақтап, көмір жасайтынын көргенмін. Көргенімді іске асырдым. Мен көмірді орманда дайындап, сосын үйге тасыдым.
  Осы шаруамен әбігер болып жүрген күндердің бірінде, бір қуыста тереңге қарай кеткен үңірді аңғардым. Бұл үңгір қайда бастап апарады деп білгім келді, мен оған әрең дегенде еніп, ішіне түскен соң екі адамның бойына шақ келер биіктігіне таңғалдым. Мен мұнда әрең кірсем де, қалай атып шыққанымды сезбей қалдым. Енгенім сол еді, – сырттан түскен жарықтың аз ғана сәулесіне шағылысқан (үңгірдің арғы жағы тіпті қараңғы) не адам екені, не шайтан екені белгісіз, оттай жанған екі көздің қадалғанын көрдім.
  Үңгір аузында тұрып, есімді жиған соң өзіме өзім ақымақсың, аралда жиырма жыл бойы жалғыз тіршілік кешкен адам кім болса да, тіпті ол шайтан болса да қорықпайды дедім. Бұл үңгірде мен қорқатындай дәнеңе жоқ. Сөйттім де, қолыма шырақ ұстап, батырсынып үңгірге қайта ендім. Қолымда шырағым, үш адым аттамай жатып, артыма қарағанда алдыңғыдан да қатты зәрем ұшты, ыңырсыған дауыс шықты, одан кейін сандырақтап жатқандай болды, сосын тағы да ыңырсыды. Тұрған орнымнан қозғала алмай қалдым, қара тер тұла бойды алды, шаштарым тік тұрды, басымда қалпағым болғанда, шаштарым ілгіш болғандай. Қысылғанда құдай көмектесерін білгесін бойымды жиып, тағы алға қарай жылжыдым, төбеме көтеріп келе жатқан шырақтың сәулесімен үлкен сиықсыз кәрі ешкінің жерде жатқанын көрдім. Ол еш қозғалыссыз, демін әрең алып жатты, әбден қартайған болуы керек. Мен оны тұрғызбақ болып аяғыммен түртіп едім, оның қозғалуға шамасы жетпеді. Өлмесе, өлгенше жата берсін; бұл мені қалай қатты қорқытса, менен кейін бас сұққан әр жабайыны одан бетер қорқытсын деп ойладым.
  Жүрегім орнына түскенсін, жан-жағыма қарадым. Үңгірдің іші өте тар – жиырма шаршы футтай – тіпті қолайсыз, не дөңгелек, не төрт бұрышты емес, бұл үңгір адам баласының қолы тимеген, тек табиғаттың төл туындысы екенін аңғартады. Ары қарай тағы қуыс бар, ол өте тар, еңбектеп жүрмесе оның ішіне сыю мүмкін емес. Бұл қуыстың қайда жол бастарына көзім жетпегесін, оның үстіне жарық қылар нәрсе болмағасын, келесі күні шырағымды алып келмекке бекіндім. Екінші күні осы ойымды жүзеге асырдым. Өзіммен бірге алты шырағымды алып (ол уақытта ешкінің майынан шырақ жасауды керемет меңгеріп алғанмын, тек білте орнату қиын болды, оны ескі жіптен, қалақайға ұқсас өсімдіктің талшықтарынан жасадым) үңгірге ендім. Жоғарыдан айтқан тар қуыстың аузына келіп тоғыз ярд жердей, төрт аяқтап жүруге тура келді. Бір сөзбен айтсам, менің талпынысымды ерлік деуге болатын шығар, себебі мен қайда келе жатқанымды, мені не күтіп тұрғанын білгенім жоқ. Манағы қуыс бірте-бірте кеңи бастады, бір кезде мен өз аралымда бұрын-соңды көрмеген ғажап нәрсеге куә болдым. Биіктігі бес-алты аршын бар-ау деп шамаладым, шамның жарығымен сәулеленіп, төбесіне дейін жалт-жұлт еткен қабырғаны көрдім. Менің шырағымның сәулесімен шағылысып, көздің жауын алған бұлардың алмас не гауһар тастар екенін біле алмадым, қалай десек те қымбат
  тастар, тіпті алтынға ұқсайды екен деп шамаладым.
  Қап-қараңғы, құрғақ, бетін құм басқан үңгірдің түкпірінде тұрсам да, көңіл жадырап, бойымды қуаныш кернеді. Дымқыл тартып көгеріп, зең басқан тұс көрінбейді; бақа-шаян, жылан сияқты улы жәндіктердің ізі де жоқ. Бір ғана қолайсыздығы, есігі тар, бірақ жасырынар жер іздеген мен үшін бұл қолайлы – мұндай жерді іздесең таба алмайсың. Бұл олжам мені қатты қуантты, өзіме қажетті дегендерді осы үңгірге тасуға бел будым, өзім үшін өте қымбат дүниелер – оқ-дәрі мен артық мылтықтарым, анығырақ айтсам, екі аң аулауға арналған мылтық (менде бар-жоғы үш мылтық) және сегіз мушкетімнің үшеуін алдым. Осылайша менің қамалымның қоршауының сырт жағында зеңбірек секілді, үнемі оқтаулы тұратын бес мушкет қалды. Мен сырт жаққа шықсам, бұларды үнемі өзіммен бірге алып жүрдім.
  Оқ-дәрілерім мен мылтықтарымды жаңа орынға тасыдым, сосын бұрын су тиген, ішіне оқ-дәрі салынған бір бөшкенің аузын аштым. Оқ-дәрілер тегіс бүлінбепті, тек су тиген жері ғана қатайып, қабыршақтаныпты, қалғандары аршылмаған жаңғақ секілді, бүп-бүтін жатыр. Осылайша мен тағы да алпыс фунт оқ-дәріге аяқ асты олжалы болдым. Бұл күтпеген сый еді. Мен оқ-дәрілерімді жаңа үңгірге сақтау үшін тасыдым, бірақ әр түрлі жағдайлар үшін деп үш фунттан артығын қорғанымда ұстамаушы едім. Сол жерге, жаңа үңгірімді айтамын, оқ жасайтын артық қорғасынды да тасыдым.
  Сол уақыттарда мен өзімді ананың-мынаның көзіне түсе қоймайтын жартастар мен үңгірлерде өмір сүрген ежелгінің дәулері секілді сезіндім. Мейлі, мені іздеп бес жүз жабайы бүкіл аралды тінтсе де, олар менің үңгірімді таба алмайды, тауып алған жағдайда, олар тұмсығын да сұға алмайды дедім өзіме-өзім.
  Үңгірде жатқан ешкі ертеңіне-ақ өліп қалды. Сол жерге терең етіп шұңқыр қаздым да, иістеніп кеткен өлексені көмдім, иістенген өлікті сүйрелеп далаға шығарудан гөрі, маған сол жерге көме салған қолайлы көрінді.
  Менің аралдағы тіршілігім жиырма төртінші жылға аяқ басты. Жалғыздыққа көндігіп кеткенім сондай, жабайылар үрей туғызбағанда, еш қайғысыз қалған өмірімді де жалғыздықта өткізіп, кәрі ешкі сияқты жалғыз жатып жан тапсыруға да дайын едім. Өзіме аз ғана ермек табылғасын, күндерім бұрынғыдай емес, зулай бастады. Біріншіден, сіздер білесіздер, мен Тотымды сөйлеуге үйреттім, ол сөздерді өте анық, түсінікті айтатын болды, естіген құлаққа даусы да өте жағымды еді. Ол жиырма алты жылдан астам уақыт менімен бірге болды. Одан кейін де қанша өмір сүргенін білмеймін, Бразилияда жүргенде тотықұстар жүз жылдан аса өмір сүреді деп естігенмін. Бәлкім, менің адал досым Тоты, әлі де болса аралды шарлап “Робин-Крузо қайдасың?” деп шарқ ұрып, іздеп жүрген болар, кім білсін. Тотыма шер тарқатып отырғаныма куә болған адам, тотымды мені арбап отырған шайтан деп ойлап қалуы да мүмкін, жалғыздықтың азабын құдай ешкімнің басына салмасын. Итім де он алты жыл маған адал қызмет етіп, менің адал досыма айналды. Ол әбден қартайып өлді. Ал енді мысықтырым туралы сіздерге айтып өткенмін, олар тіпті көбейіп кетіп, менің азық-түліктеріме шабуылдай бастады, тіпті өзім азықсыз қалатын болған соң, оларды қуып жібердім. Кемеден алып келген екі мысық қартайып өлді, қалған мысықтар үй маңын торуылдамаулары үшін мылтық атып, үркітіп отырдым, байғұстар безіп, орман кезіп кетті. Көңілім қалаған екі-үш мысықты бағып-қақтым, олар менің отбасымның ең қадірлі мүшелеріне айналды. Бұлардан басқа екі-үш ешкіні бағып, қолдан жем беріп үйреттім. Менде тағы да екі тотықұс бар еді, әрине, кәрі Тотымды есептемегенде, олар да сөйлей алады және “Робин-Крузо” деп атымды атап шақырады. Бірақ Тотым сияқты анық сөйлей алмайды. Бұларды үйрету үшін біраз уақытым мен еңбегімнің кеткені анық. Сосын қалай аталатынын білмедім, теңізде жүзетін біраз құстарды ұстап алып, асырадым. Олар ұшып кетпеуі үшін, қанаттарын қырқып тастадым. Жабайылар келіп қалса деп, қорғанымды айналдыра отырғызған жас теректер тоғайға айналды, менің құстарым, осы теректерге ұя салып, балапан басты, мұндай көрініс менің жанымды жадыратты. Осылайша, қайталап айтамын, мен өзімді өте жақсы және бақытты сезіндім, жабайылардан қауіптенгенім болмаса, мен өз тағдырыма риза едім.
  Бірақ тағдыр жолы әрқилы, менің жазғандарымды оқыған адам осы жолдарға көңіл аударса екен: біз өмірімізде қайғылы жағдайға жиі ұшыраймыз, ұшырап қалмайық деп алдын ала үрейленеміз; басымызға қиындық түскен күнде де оны құдайдың сынағы деп ұғынуымыз керек екен. Қиындықпен күресу және оны жеңу – бақытсыздыққа ұшырамаудың бірден-бір жолы. Мен өз өмірімнен дәлелдер келтіріп, сөзімнің дұрыстығы үшін жауап бере аламын. Бірақ мен аралдағы тірлігімнің соңғы жылдары ғана сүйінішпен өтті, барақатқа толы болды деп айта алар едім.
  Сонымен, мен аралдың тұтқыны болып жиырма үшінші жылды қарсы алдым. Желтоқсан айы, бұл уақыт күннің оңтүстікке ауысар мезгілі (сондықтан мұндай ыстықты, қыс мезгілі деп атай алмаймын), бұл – менің егін орып, бидай жиятын қарбалас кезім. Бір күні таң алдында үйден шығып келе жатып, менің үйімнен екі-үш миль қашықтықтан жағалаудағы отты көріп шошып кеттім. Менің бақытыма қарай, бұл – аралдың жабайылар қоныстанған емес, өзім орналасқан жағалауы еді.
  Алыстан аңғарғаныма шүкіршілік етіп, шақырылмаған қонақтардың көзіне түсіп қалмау үшін бір адым да алға баспай, тоғайыма жасырындым. Бұл жер өте қолайлы болғанымен, жабайылар аралды кезіп тіміскілесе, менің жайқалған егінімді көрсе, болмаса тіршілігімнен белгі берер басқа нәрселеріме куә болса, аралда адам бар екенін біліп, мені іздеп тапқанша тыныш таппайды деп қорықтым. Жүгіре басып қорғаныма келдім де, басқышты тартып ішке түсіріп, қорғану амалдарына кірістім.
  Келдім де, зеңбіректерімді (үйдің сыртқы жағында орнатқан мушкеттерімді айтамын) және тапаншаларымды оқтап, соңғы демім қалғанша шайқасуға бел будым. Сол қалпы, сыртқы тіршіліктен қол үзіп, хабар берер тыңшыларым да жоқ, – екі сағаттай отырдым.
  Бұдан ары отыруға шыдамым жетпей, тауға шығар басқышым арқылы сіздерге таныс қадағалау орнына аттандым. Ең биігіне шыққан соң, қалтамнан дүрбімді алып, етпеттеп жатып жағалаудағы от көрінген тұсқа дүрбімді бағыттадым. Тырдай жалаңаш он шақты жабайы отты қоршай отырып алған. Әрине, мұндай кеңсірігінді жыбырлатқан аптапта олар отты жылыну үшін жаққан жоқ қой, мүмкін, адам етінен дайындалған тағыларға арналған түскіліктерін ішкелі отырған шығар. Олжалары дайын секілді, тірі ме, өлі ме, онысын білмедім. Жабайылар екі қайықпен келіпті, қайықтары жағада тұр: судың төмендеген кезінде келіп, енді судың көтерілуін күтіп отырған сияқты. Бұл оқиға мені қалай абыржытқанын көрсеңіздер еді: олар менің аралымда және менің үйіме жақын жерде! Біраздан кейін мен өз-өзіме келе бастадым. Жабайылар су көтерілгенде келіп, төмендегенде кетіп жүреді екен. Бақылап жүріп, соншалықты қауіптің болмасына көз
  жеткен соң, егінімді оруға кірісіп кеттім.
  Менің күткенімдей болды; су көтерілген бойда жабайылар қайықтарына мініп, тайып тұрды. Айтуға ұмытып кетіппін-ау, кетерлерінен бір сағат па, әлде екі сағат па бұрын олар жағада тұрып биледі, мен дүрбімен анықтап қарап, олардың оғаш, селкілдеген дене қимылдарын анық көрдім. Түгелдей тыржалаңаш, бірақ қайсысы әйел, қайсысы еркек екенін аңғара алмадым.
  Олар көзден таса болысымен, таудан түстім де, екі мылтығымды иыққа іліп, екі тапаншамды, шапашотымды белге қыстырып, бір сәтке де аялдамай, жабайылардың ізін алғаш көрген төбеге қарай бет алдым. Екі сағаттай жүріп (ауыр құралдар асынып алған соң, жүрісім бәсең болды, тіпті өнбеді десем де болар), төбенің басына шықтым, қарасам, әлгілерден басқа тағы үш қайыққа тиеліп, аралдан құрлыққа қарай тартып бара жатқан жабайыларды көрдім. Жағаға келіп, көзбен көргенімді жеткізу мен үшін өте ауыр: айуандардың шат көңілмен билей жүріп тойлаған қанды отырыстарынан кейін шашыраған қан, шашылған сүйектер, адам еттерінің шашылған бөліктері қалған. Бұл оқиғадан кейін тағыларды бір емес, бірнеше болып келсе де жайратамын
  деген өзімнің бұрынғы мақсатым ойыма оралды.
  Бірақ бұл айуандар менің аралыма анда-санда ғана келеді, олардың келіп-кеткендеріне он бес айдан астам уақыт өтті, осы аралықта мен олардың өздері түгілі, іздерін де көргенім жоқ, жағаға келіп-кеткендерін айғақтайтын да ешнәрсеге көзім түспеді. Жаңбырлы маусымда олар менің аралыма аяқ баспады, мүмкін, бұл жер өте қашық болған соң шығар. Шақырылмаған қонақтарым күтпеген жерден келіп қалып, шабуылдап жүреді ме деп, он бес ай бойы менің жаным жай таппады. Көп сөздерімнің түйінін айтсам, жаныңды жегідей жейтін жамандықтың болғанынан болары жаман екен.
  Сарсылтқан ұзақ күндер бойы мен тек қан төгуге, өш алуға ғана ниеттеніп жүрдім (бір сөзбен айтсам, қолайлы сәт іздеп жүрдім). Олар соңғы келгендеріндей екі қайықпен келсе, оларға аяқ асты қалай шабуылдауға болады деп ойладым. Мысалы, жабайылар бір келгенде жиырма-отыз шақты болып келеді, – бәрін жайратып салдым делік; мұның артынан апта, болмаса ай өткеннен кейін тағы мұншамасы келеді, оларды тағы қырып салуға тура келеді; одан кейін тағы да басқалары келеді, сөйтіп жүргенде мен олардан да өткен қанішер, олардан да сорақы жабайыға айналамын ғой.
  Менің күндерім дабыл қағумен өтіп жатты, ерте ме, кеш пе, мейірімсіз айуандардың тасқынына төтеп бере алмасымды білдім. Күнделікті қажеттіліктерім үшін де үңгірімнен шығудан қалдым, үнемі жан-жағыма жалтақтаумен болдым. Мал өсірудің қажеттігін білген кезімде оларды қамауда ұстауым керек деген ойымның қаншалықты оң болғанын енді білдім. Аралдың жабайылар келер тұсында мылтығымды да атудан қалдым. Олар мылтық даусынан үркіп қашып кетіп, келесі жолы екі жүз, үш жүз болып қайықпен қайта оралар болса, мені не күтіп тұрғанын көз алдыма оңай елестеттім.
  
You have read 1 text from Kazakh literature.