Latin Common Turkic

Қызыл жебе-2 - 02

Süzlärneñ gomumi sanı 4058
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2320
32.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
47.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
55.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
Адам жамырап, көз байланды. Мықан бойындағы нау теректер кешкі дүниені азан-қазан жаңғырықтырды. Гүл біткен көзін жұмып, ұйықтап қалған сықылды. Ұйқысырап тұрып, бірін-бірі түрткілей жайғасып, сыбырласады тек.
Мама биенің оқырануы жиілеген. Қараңғыда құлынының ұзағанын ұнатпас. Ау, айтпақшы қасқа бұзау қайда?
Баланың жүрегі зырқ ете қалды. Қасқа бұзау ешкі бас енесін еміп қойды ғой! Осылай ойлауы-ақ мұң екен:
– Әй, жүгермек! Қайда жүрсің, қаңғырып. Тандайың аққа жарымағыр қу жетім, бір үйлі жанды тағы ақтан қақтың ғой, – Салиха апасы барқыраған жуан дауыспен зарлап қоя берді.
Бала тістенді. Әлгіде өз әкесін көрген Аспара шыңына қарады. Қарауытып кетіпті. Салт аттыдан еш белгі жоқ. Бірақ шыңның үстінен, қара мақпал аспаннан ерекше жарқырап бір жұлдыз көрінді.
– Көке! – деп айқайлап жіберді бала. – Көке! Мен енді мектепке барамын. Сен өкпелеме! Сен өкпелеме! Мен енді Қырғызбаев болып жазылдым. Бірақ мен – Тұрар Рысқұловпын.
– Сорлы-ау, біреу-міреу естіп қояды, жап аузыңды! – деді мұны іздеп жүрген Қырғызбайдың бәйбішесі дауысы тарғылданып.
– Мейлі, естісе – ести берсін!
Кешкі ауа оның шырқыраған дауысын алысқа-алысқа алып бара жатты. Тіпті алыстың алысында айдауда жүрген әкесі Рысқұлдың құлағына да шалынған шығар бұл дауыс.
– Көзіңнен сорың аққыр сорлы, байғыз құсап сұңқылдап бәле шақырмай қарыстыр жағыңды! – деп тарғыл үнді тарпан әйел қатуланып жетіп келді. Мелшиіп, Аспараға міз бақпай қарап тұрған баланың көзіне үрейлене үңілді.
– Көзіңнен тотияйын тамшылап тұр ма, құдай-ау!
Баланың көзінен жалғыз тамшы жасыл жас шығып, кірпігіне ілініп қатып қалған сияқты еді.
Салиха сонда не шыңнан жасыл жас екенін, не әлденеге шағылысып түсі бөтен тартқанын түсіне алмай, «тоба, тоба!» – дей берді.
Баланың көкірегінен шыққан кек пен сағыныштың запыраны екенін Салиха да түсінгендей, мелшиіп тұрған Тұрардың маңдайын көтеріп, құшақтай алып, бауырына қысты.
– Жетімегім менің! Жетілерсің әлі-ақ. Көкесін шақырады. Сағынады ғой, қайтейін енді! Мен қақ басты кеше гөр, Тұрар. Бұзау ембек тұрмақ, қасқыр жеп қойса да, саған енді ұрыспаймын. Қу мінезім ғой әшейін... Бірақ көкеңнің атын айтып айқайлай берме, қарағым. Заман жаман...
Тұрар Салиханың бауырына басын тығып, көзін сүртті. Тағы да тау жаққа қарады. Аспара түксиіп тұр екен.
II
– Әділбаев!
– Мен, – деп елгезек сары бала орнынан ұшып тұрды. Алтын жиекті көзілдірік киген егде орыс мұғалім әлгі балаға бурыл басын қисайта біраз қарап тұрды. Не ойлады? Белгісіз. «Сен қандай адам болар екенсің? Оқып мандытасың ба? Жоқ әлде сауатсыздықтың сан ғасырлық салты тартып, қараңғы қалпында қаласың ба?» – деп тұрғандай сыңайы. Мұғалім өзіне сынай қарап қалғанын байқаған жұқалтаң сары құлағының ұшына дейін лапылдап, тұла бойын өрт шарпып бара жатқандай, маңдайы жіпсіп жүре берді. Мұрнын бір тартып, саусағымен партаны шұқылайды.
– Отыр, – деді мұғалім орысшалап. Бала түсіне қоймап еді, орыс мұғалімнің жанындағы қара мұртты қазақ қайталап:
– Отыр, – деді.
– Айбаров!
– Мен! – Бадырақ көз, торсықтай қара бала орнынан еріне қозғалып, сүйретіле тұрды.
Орыс мұғалім оған да көп тесілді. Бірақ тайқы маңдай аса сасқан жоқ. Көлшік жағасында отырған бақадай тосырайып, кірпік қақпай қалды.
– Жамансартов!..
– Жылысбаев!
– Исабеков!..
– Қожабергенов!..
– Нұршанов!..
– Сармолдаев!..
– Тоқбаев!...
...Мектептің терезесі тау жаққа қараған. Терезе алдындағы сүңгі теректер мүлгіп қалған. Мұғалімнің шақыруын олар да күтіп тұрғандай, алтын сары жапырақтары болар-болмас діріл қағады. Әуеде күмістей жалтылдап мизам ұшып жүр. Кейбіреуі шұбатылып барып теректің бұтағына ілініп қалады. Соноу алыстағы Талғардың бауырында да сары-ала күзде осындай ақ жібек ұшатын. Тұрар әкесінен:
– Көке! Анау ұшып бара жатқан не? – деп сұрар еді.
– Ол аруақтардың рухы, – дер еді әкесі.
– А-а, – дейтін бала «аруаққа» да, «рухқа» да аса түсінбей.
Қазір терезеден мизамды керіп әкесін еске алды, «Шынымен өлгені ме? Өзі айтқандай, мынау соның рухы ма? Дәл менің тұсымдағы бұтаққа ілініп қалды. Менің мектепте қалай отырғанымды көргісі келді ме екен? Жо-жоқ, ол емес. Ол тірі. Ол өле қоймас. Жо-жоқ!».
– Қырғызбаев!
Ешкім орнынан тұра қоймады.
– Қырғызбаев! – деп дауысын қатайта қайталады орыс мұғалім. Ешкім тұрмады. Балалар бірі үрпиіп, бірі таңданып жан-жағына қарасты.
– Қырғызбаев бар ма? – Бұл жолы орыс мұғалім тіпті айқайлап жіберді. Тұрар терезе алдындағы теректен көзі еріксіз тайып кетті, айқайлаған үн құлағына енді жеткендей, мұғалімнің кімді шақырып тұрғанын түсінбей, жан-жағына қарай берген. Сонда қара мұртты қазақ мұғалім Тұрарға қолын шошайтып:
– Әй, бала, Қырғызбаев сен емеспісің? – деді.
Сонда барып санасын көмескі бір сезік селт еткізді.
– Ә, иә, мен...
Мектеп меңгерушісі Иван Владимирович Андреев пен мұсылман пәнінің мұғалімі Әліпбек жазда балалардың тізімін ала барғанда Қырғызбайдың үйінде осындай бір түсініксіз жағдай болып еді. Сол қайталап тұр. Иван Владимирович көзілдірікке сенбегендей алтын жиек көзәйнекті қоңқақтау мұрынының үстіне нығарлай түсіп, Тұрарға таяп келіп, ұзақ қадалды.
– Да-с, – деді баланың сәбиге тән емес, ерекше байсалдылығын аңдап алып.
– Жасың нешеде?
– Он бірде, – деді Тұрар таза орысша.
Басқа балалар бұған енді бұрынғыдан бетер таңдана, ауыздары аңқайып қарап қалған.
– «Бірінші сынып үшін он бір жас ересектеу, – деді ішінен Иван Владимирович. – Бірақ он беске келгендер де отыр ғой осында. Ал мына балада бір құпия бар. Не екен? Бұл орысшаны қайда жүріп үйренген?».
Мұғалім үнсіз. Бала үнсіз. Сынып сілтідей тынып қалған. Осындайда тағдыр шешіледі. Түйіннің ұшы қазір мына орыс мұғалімнің қолында. «Осы сен шыныңды айтшы, шырағым. Рас Қырғызбаевпысың?» – десе бітіп жатыр. Ар жағын жасыра алмайсың. Меркенің приставына бір сыбырлап қойса болды. Қош бол, мектеп. Содан соң қой бағып, бұзау бағып, анадан қанша асыл тусаң да, білімсіз болсаң, топастау тор шолақтың санатында салпақтап ғұмыр кешесің. Білім жоқ жерде қиял – қысыр, арман – ада. Түрмеде ашылған аз ғана сауат бір мысқал болса да сары алтындай салмақты. Бірақ ендігі жерде мектептен шығып қалса, сол бір мысқалдың өзі қат-қат тозаңның астында қалмақшы.
– Балалар, – деді орыс мұғалім шәкірттерін түгелдеп болған соң, – сендер бұл Мерке – Мерке болғалы осында тұңғыш рет түземдерге арнап ашылған мектептің алғашқы қарлығашысыңдар. Қадамдарың құтты болсын!
Әліпбек оның сөзін қазақшалап шықты.
– Әулие-Ата оязының бұйрығы бойынша ашылған осы мектепке қазір небары жиырма бес бала келіп отырсыңдар. Бұрын мұндайды көрмеген қазақ, қырғыз, өзбек – көпшілігі балаларын оқуға беруден қорқады. Онысы бекер, әрине. Бұл олар ойлағандай «кәпірдің» шоқындыру оқуы емес. Сендер бұл мектептен Әліппені үйренесіңдер, хат танисыңдар. Одан соң тарих, ана тілі, орыс тілі, география, арифметика сияқты ғылымдарды меңгересіңдер. Сөйтіп, өз еліңе қызмет ететін, халыққа сәуле шашатын азамат болып шығасыңдар. Іске сәт!
Содан соң, Иван Владимирович балаларға өзін, мұсылманша оқу ұстазы Әліпбекті, арифметика пәнінің мұғалімі Александра Сергеевнаны таныстырды. Ол кісі Иван Владимировичтің жұбайы еді. Бірақ мектеп меңгерушісі ол жағын түсіндіріп жатпады.
– Өзің жаздың ба?
– Иә, – деді Тұрар орынан тұра беріп.
– Мұны қалай түсінуге болады? – «Аспара» – таудың аты. Ал «Қызыл Жебе», «Көке» дегендерің не?
– «Қызыл Жебе» деген ерен жүйрік жылқы еді, Иван Владимирович. Ауылдың балаларымен жалаңаяқ жаяу жарыста мен де жүйрік болдым. Содан мені балалар Қызыл Жебе деп атап кетті. Ал «Көке» дегенім сол Қызыл Жебеге мініп көкпар шапқан кісі.
– Жазуың өте сұлу, Қырғызбаев. Мұны кімнен үйреніп жүрсің?
– Наташа деген орыс қызы үйреткен.
– Иә, бауырым, саған бірінші сыныпта отыру, әрине, іш пыстыратын жұмыс. Амал не, бізде әзір екінші сынып жоқ. Бірақ сен дандайсып кетпе.
– «Қайталау – білімнің анасы», – деген бар. Әрі десе мектепте сабақ жүйелі түрде жүреді. Кәне, тақтаға шықшы.
Тұрар тақтаға шыққанда бүкіл сынып тына қалды. «Не болар екен?» – деген сұрақ бәрінің көзінде жазулы тұрған сияқты. Тақта алдында тұрған баланың тұрқына, тұла бойына қарағанда басы үлкендеу сияқты. Шекелігі шығыңқы. Көзінің алақ-жұлағы жоқ, бек сабырлы. Оның бет-әлпетінде сәбиге тән мүше тек ерні ғана еді. Қалыңдау келген үлбіреген еріннен нәрестелік табы кетпеген.
– Бор ал, – деді мұғалім. – Жаз. Жоғарыдағы әріптерді қайталап жаз.
Бала оң қолын көтеріп, «А» деген әріпті әдемілеп, мұғалімдікінен айнытпай сызып жатқанда, арт жақтан жырқ-жырқ күлген дауыс шықты.
Мұғалім көзілдірігін қолымен демеп тұрып, әлгі күлегешке:
– Тұр орныңнан! – деді.
Тайқы маңдай, бадырақ көз қара бала сүйретіліп әрең-мәрең тұрды.
– Сен, ұмытпасам, Айбаровсың ғой?
Бала «иә» дегендей басын жалқау изеді.
– Неменеге күлдің?
– Жәй әншейін, ананың шынтағын қараңызшы, – деп Тұрарға қолын шошайтты.
Көне пешпеттен байғұс баланың шынтағы көрініп тұр екен.
– Оның несі күлкі, – деді Иван Владимирович. – Орыстың Ломоносов деген асқан ғалымы өткен. Кедейден шыққан. Немістің бір менмен профессоры бірде Ломоносовқа дәл сен құсап қолын шошайтып күліпті. Ломоносов:
– Неге күлесіз? – дегенде әлгі неміс:
– Шынтағыңыз жеңіңізден жылтыңдап қарайды, – депті.
– Жоқ, шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық үңіліп қарайды, – деген екен Ломоносов. Кәне, Айбаров, тақтаға енді сен шыға ғой. Атың кім, сенің?
– Атамырза.
– Ал кәне, Атамырза. Қырғызбаевтың қалай жазғанын көрдің ғой. Тамаша. Оған мен «бес» деген баға қойдым. Мә, қолыңа шүберек ал. Қырғызбаевтың жазғанын өшір.
Атамырза шүберекпен айбақтатып ары-бері сүртіп еді, тақта тазара қоймады. Атамырза сидиғандау бойшаң еді, үстіндегі қара костюмі су жаңа, фасондап тігілген. Қолын ебедейсіз ербеңдетемін деп жеңіне бор жағып алды. Тазара қоймағанына ызаланып тақтаға түкіріп-түкіріп жіберіп, қайта сүрте бастағанда, балалар ду күліп жіберді. Тақтаның беті бұрынғыдан бетер айғыз-айғыз болып қалды. Бетін ешкім қағып көрмеген саудагердің асау мінез баласы аяғын тепсініп:
– Неменеге ыржақтап күлесіңдер! – деп айқайлап жіберді.
– Е, бауырым, күлген қандай екен? Ұнамайды, ә? – деп Иван Владимирович шүберекті алып тақтаны өзі сүрте бастады. Атамырза «А» деген әріпті арбитып, арық түйенің өркешіндей етіп әрең сызды.
– Отыр, – деді мұғалім селқос қана.
Тұрарды мақтап, мұны мақтамағаны Атамырзаға ұнамады.
Дүние-дүние болғалы бері адамның алға аттаған адымы ұдайы кедергі көріп келеді. Адам баласының бүкіл өмірі – кедергіден аттап өту. Адымың ұзарып, алдағы асуды ала берсең, адымы қысқа, асу аса алмас басқа біреу қызғана бастайды. Шалғайыңнан алып, аяғыңнан шалғысы келіп тұрады.
Жаңа мұғалім Тұрарға «бес» қойып, Атамырзаға «екі» қойғанда, Атамырза өзінің өресіздігін кінәлаған жоқ, Тұрарды кінәлады. Ішіне қызғаныш оты кіріп кетті де, күншілдік қара көздігін қайрай бастады.
* * *
Бір күні Иван Владимирович сыныпқа ұп-ұзын орама қағаз алып кірді. Бояу түрлі-түсті қалың қағаз дәке сияқты матаға жапсырылған екен. Иван Владимирович әлгінің орауын жазып, қара тақтаға асып іліп қойды.
– Бұл географиялық карта, – деп түсіндірді ол аң-таң болып отырған аңқауларға.
– Мынау – Азия, мынау – Еуропа, міне – Африка, мына бөлігі – Америка, Австралия, Антарктида... Біз Ресей империясының азиялық бөлігінде тұрамыз: Міне, мына бір тұста. Рас, Мерке қартаға түспеген, шамамен мына бір тұста. Мынау – Мәскеу, мынау Ресей империясының астанасы – Санкт-Петербург. Мынау жатқан жолақ – Орал тауы. Оның ар жағынан Сібір басталады.
«Сібір» дегенді естігенде Тұрар елең ете қалды. Әдеттегі сабыры кетіп, орнынан қозғалақтай берді.
– Мынау Байкал көлі. Мына аймақ – Қиыр Шығыс. Мына жатқан бөлшек – Сахалин аралы.
– Иван Владимирович! – деп Тұрар орнынан қолын көтере түрегелді.
– Иә, Қырғызбаев. Не айтпақсың?
– Иван Владимирович, айтыңызшы. Сахалинге дейін неше шақырым?
Мұғалім тосылып қалды. Сәлден соң:
– Шамамен, бес-алты мың шығар. Айтпақшы, өлшеп көруге болады. Әлгі линейка қайда?
Өз үстелінің тұсында ілулі тұрған отыз сантиметрлік линейканы алып тұрып, картаның астындағы жазуға қарады.
– Кәне, өлшеп көрейік. Мерке мұнда делік. Так. Алпыс бес сантиметріміз болады жеті мың бес жүз шақырым. Оһо, көрдің бе біздің империямыз қандай байтақ.
– Иван Владимирович, – деді Тұрар тағы да қолын көтеріп. – Жаяу адам Сахалинге қанша күнде жетер еді?
Мұғалім Тұрарға тағы да үнсіз қарап, біраз ойланып тұрды. Содан соң:
– Несі бар, есептеп көрейік, – деді. – Шамамен, кісі күніне елу шақырым ала алар. Елу де елу – жүз. Бұл екі күн. Так, так... Шамамен, жүз елу – жүз алпыс күн керек, бауырым. Ал арада ит мұрны өтпес тайға жатқанын, өткел бермес өзендер, теңіз барын есептесек, бұдан да көбірек күндер керек шығар. Немене, Қырғызбаев, саяхат жасайын деп пе едің?
– Жоқ, әшейін, – деді бала біртүрлі мұңайып. Әлдеқандай үміті ақталмағандай, әлдекім алдап кеткендей, нәресте жүзін мұң шалып өткендей болды.
– Менің әкем жақында соқыр приставқа айтып, бір ұрыны ұстатқызды. Әкемнің қойларын Қоқанға айдап бара жатқанда ұрлаған екен. Әкем айтады, ұрыны Сахалинге айдатқызамын дейді, – деп сөзге Атамырза араласты. – Мынау да, – деп Тұрарды иегімен нұсқап көрсетті, – мынау да Сахалинге барғысы келсе, сол ұрыға қосып жіберсе болады.
– Айбаров! – Иван Владимирович үстелді алақанымен сарт еткізді. Көзілдірігі ыршып түсіп бара жатқанда, қолымен әрең қағып алды. Ашудан аузына сөз түспей булығып, буынып қалғандай болды.
Атамырза мойнын ішіне тартып, мықшиып партаның астына кіріп кетердей бұғып бара жатты.
Жаңа ғана жанарын мұңды мұнар бүркеп қалған Тұрардың көзі көріктің алқымынан суырып алған қызыл темірдей лапылдап, жанып тұр екен.
Қарашаның суық күзі, сылбыр жауын, тұнжыр аспан. Терезе алдындағы теректің алтынсары жапырағы төгіліп жатқан. Тек ең төбесі ғана әлі жасыл. Жауын соңы желге ұласып, тал-дарақтын жапырағы қарақұс бүрген сары балапанның жүніндей бұрқырап ұшты. Таудың бөтеге бөктерлері жауыннан ісінгендей теңкиіңкіреп кетіпті. Шоқылар қанша тәкаппар болса да мұнар буалдырда көрінбей қалған.
Осы бір көңілсіз көрініске қарап ойланып қалған Иван Владимирович әлден уақыттан соң:
– Иә, Қызыл Жебе, Сахалин тым-тым алыс. Әрі десең міне, біздің жылы жаққа да қыс түсейін деді. Ал Сахалинде қазір қақаған аяз. Ондағылар ит жеккен шана мініп жүреді. – Ол қайтадан картаның алдына барды. – Ал мына Чукотка мен Якутиядағылар шанаға бұғы да жегеді. Мына күре тамырдай күдірейіп-күдірейіп жатқан Лена, Енисей, Обь өзендері. Бәрі де Солтүстік Мұзды мұхитқа барып құяды...
Егде мұғалімнің терезеге қарап мелшиіп қалғанына шәкірттер таң. Ал мұғалім болса, Сібірді қазір көңілімен шарлап кетіп еді.
О басында Петербург ұлықтары оны Сібірге айдамақшы еді, сірә Сібір жолы түмен тұтқындардан босамай жатты ма, әлде қазақ даласының дәм-тұзы тартты ма – әйтеуір Андреев әйелі екеуі осы Мерке деген шағын селодан бірақ шықты. «Егер Сібірге кеткенімде – қазір қай жерінде жүрер едім?» – деп ойлады мұғалім.
Иван Владимирович Алатаудың қарадомалақ балаларын Қиыр Солтүстік пен Қиыр Шығыстың шексіз ақ көрпе жамылған, бұғы мойнындағы жез қоңыраулар мен каторжник аяғындағы кісендер біріне-бірі сыңғыр-сыңғыр, шылдыр-шылдыр үн қатысқан; тұңғиық тыныштығын алтын қазушылардың қайласы қаңқ-қаңқ еткізген; жүз жылдық қарағайлары ақ дауылдан сықырлап, күйзеле тербетілген өңі суық өзгеше бір өлкеге саяхатқа алып ұшады. Бұл әңгімені ұйып тыңдап отырған Тұрар кенет селк ете қалады. Кісен сылдыры естілгендей болады. Сөйтсе қоңырау соғылған екен. Мұғалім қара тақтаға ілулі тұрған картаны жинай бастады.
* * *
Интернаттың тіршілігі: барға – қанағат, жоққа – салауат. Қарын тойдырмас, өзек үзілмес, шала құрсақ тамағы бар. Иван Владимирович Әліпбекке айтып, Тұрарға киіздей қалың, қолбыраңқыраған қара сукно костюм кигізген. Әліпбек әрі мұғалім, әрі интернат меңгерушісі.
Әулие-Ата оязының Мерке участогінде жеті болыс ел бар. Ояздың жарлығымен жеті болыс елге түтін сайын бес тиыннан салық салынған. Жаңа ашылған мектеп-интернатты асырау үшін, өгіздің терісіндей қара сукно костюмді өкімет кигізіп отырған жоқ Тұрарға. Қалың елдің қаржысы.
Демалыс күндері ауылы жақын балалар үйді-үйіне тарайды. Тұрар әуелі Қырғызбай атасының үйіне барып жүрді. Бірақ бала да болса байқайды: атасы айлы түні өз көлеңкесінен өзі қорыққан қояндай қашқақтай береді. Соны сезген Тұрар кейін ол үйге сирек қатынайтын болды. Қайрат – қыран, қайғы – жылан. Жанашырым жоқ екен деп жасымай, енді өзін-өзі қайрайтынды шығарды.
Үзіліс кезі еді, Тұрар дәлізде қаннен-қаперсіз келе жатқан. Екі иығынан екі бала қапталдаса берді. Оң жағына қарап еді: жұқалтаң шінжау сары, қалқан құлақ Серік екен. Тұрар қарай бергенде әлгі иығымен итеріп жіберді. Теңселіп кеткен Тұрарды енді сол жағынан біреу қағып қатты итеріп жіберді. Тұрар оның Атамырза екенін аңғарып үлгірді. Енгезердей Атамырзаның тегеуіріні қатты екен: Тұрар қаңғалақтап құлап бара жатыр еді, Серік иығын тоса қалып, қайта итерді.
Қақпақыл осылайша созыла берген. Не істеу керек? Ойлануға мына екеуі мұрша берер емес. Адам баласын кейде бір жыртқыштық құмар билеп кете ме екен, әйтеуір екеуі осы тәлкектен бір рахат тапқандай әуейленіп алыпты. Енді осыдан Тұрар тұяқ серіппей қала берсе, бүкіл шәкірттер алдында дәрменсіз, панасыз мүсәпірге айналатынын ойланып жатпай, әлдебір белгісіз түкпірдегі түйсікпен сезген. Мына тоқ балалардың әділетсіз ойыны әкесінің өмірін еске салғандай. Оны да өмір атты ойын осылай қақпақыл еткен, титығына тиген, ес жидырмаған. Бірақ әкесі қарсыласып бағып еді...
Ауыл итінің құйрығы қайқы. Жалғыз-жарым бөтен итті орталарына алып талағанда бөтен ит тісін сақылдата ақситып айбат шегіп, қамалаған төбеттердің анауысына бір мынауысына бір тап беріп, жанталасып бағар еді. Құйрығын бұтының арасына қысып алып, қаңсылап қаша жөнелетіндері де болады. Бірақ ол бәрібір құтылмайды. Ұяластар оны кергілеп тастайды.
Шінжау Серік Тұрарды тағы бір итергенде Тұрар қатты ұшып кеткен болып, Атамырзаға бар екпінімен құлап еді, мұнша салмақты күтпеген Атамырза шалқалап барып, басы қабырғаға сақ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, Тұрар оның алқымын езіп-езіп жіберіп, бетін ала бір періп өткенде, тоқ баланын қоңқақ мұрнынан қою қара қан сау ете қалды.
Дәл осы кезде дәлізге арифметика мұғалімі Александра Сергеевна шыға келіп еді. Қан жоса болған Атамырзаны көріп шошып кетті.
– Ойбай ұрды! Өлтірді! – деп Серік шіңкілдек байбалам салды. – Александра Сергеевна, көрдіңіз бе Қырғызбаевтың не істегенін! Мен куә, өзі тиісті. Түк жазығы жоқ Айбаровты сілейтіп салды.
– Көрдім, көрдім, Серік. Мынау сұмдық екен, – Александра Сергеевна тікбақайлау, қатал кісі еді. Иван Владимирович екеуі ерлі-зайыпты бола тұра, екеуі – екі мінездің адамы. Әйел мұғалім істің байыбына барып жатпай, Серікке қосыла байбаламдап, Иван Владимирович пен Әліпбекті ертіп келіп, «оқиғаның» үстінен түсірді.
– Так, – деді Иван Владимирович көзілдірігін мұрнының үстіне нығарлай түсіп. – Түсінбеймін, Тұрардан күшті бола тұра, үлкен бола тұра Атамырза қалай таяқ жейді? Тұрардың оған өз бетімен барып соқтығатын не жөні бар?
– Ваня, сен балалардың көзінше көпе-көрнеу бұзақылықты қуаттап тұрсың, бұдан ары не болатынын білесің бе? – деп Александра Сергеевна өңі құп-қу болып, қалшылдай бастады. – Дереу мектептен аластау керек! Дереу. Індет жайламай тұрған кезде, дереу! Верный түрмесінде, Приходько мырзаның жалшылығында жүргенде бір күні Тұрар мырза баласы Аркашадан таяқ жеп, аузы қанап келіп еді, әкесі Рысқұл оны аяудың орнына дүрсе қоя берді:
– Жылама! Аузымды біреу ұрып қанатты дегенің не?! Әншейін, шие жеп едім де! Білдің бе?!
Мына Атамырза ақымақ: «Жәй, әншейін шие жеп едім», – деуге жарамады қазір.
Жалақор адамның жамандығы – бықсыған көмір секілді: күйдірмесе де, күйе жұқтырады. Қараптан қарап тұрған Тұрар демде «бұзық» атанды. Әкенің тұрмандай тағдыры балаға мирас болғаны қандай сор. Ойға салса, Рысқұл өткен қиямет көпірлер Тұрардың да алдынан шығып келе жатыр. Әділетсіздікке шыдай алмай ол да осылай қан шығарып алған. Бұл шайқастан Тұрар бір нәрсені сабақ тұтты: төбелестің екен – қан шығармай төбелес. Атамырзаның қоңқақ мұрнына қол тигізіп керегі жоқ еді, әрине. Атамырзаны бәлеге бастап тұрған қара жүректің қақ басынан ұру лазым еді. Асылы, мүлде қол жұмсамай, ақылмен жеңген де абзал. Ашу үстіндегі әрекет әрқашан әбес. Ол әрекет – дауыл кезінде кемеге мінгенмен барабар болса керек. Кемеге мінемін десең, дауылдың басылғанын күте тұр.
Мұның бәрі болашаққа сабақ. Ал қазір Александра Сергеевнаның қаһары жаман. Жұбайының сырын білетін Иван Владимирович:
– Сашенька, Қырғызбаев кінәлі болса, оны мектептен шығарып жіберу – оңайдың оңайы. Әуелі ақ-қарасын анықтайық. Ал, балақайлар, тараңдар. Сыныпқа кіріңдер. Қонырау соғылды ғой. Бұл не тұрыс! Атамырза, бар, жуынып кел. Дардай жігіт те жылай ма екен? О несі! Ал, Қызыл Жебе, сенімен әңгіме басқаша. Сабақтан кейін қал.
– Ну, Ваня, мен өз көзіммен көрдім ғой, – деп сазарып қалды Александра Сергеевна.
– Сашенька, сен педагогсың, соны ұмытпа.
* * *
Тұрардың түбі тегін емес екенін Иван Владимирович әу бастан-ақ, алғашқы сабақта-ақ сезген. Енді, мына оңаша әңгімеден соң күн ашылып, күдік сейіліп, балаға ықыласы бұрынғыдан бетер ауды. Баланың жүріс-тұрысының, өзгелерге ұқсамайтын мінез-құлқынын, ерен зейінділігінің сыры неде екенін жұмбақтап, көлегейлеп тұратын көзге көрінбес буалдыр перде көтерілгендей болды.
Тұрар жан баласына ағынан ақтарылып, сыр сандығын ашпас еді, бірақ мына ұстаздың өз досы екенін ант-су ішіп, «олла-білле» деспей-ақ, әсіре қызыл, жылтырақ сөзсіз-ақ, сұңғыла сезіммен, түкпірдегі түйсікпен зейіндеген. Иван Владимирович патшаның қатардағы қарғылы чиновниктерінің бірі болса, Тұрардың тұқымын алдақашан тұздай қылар еді. Баланың өмірбаянында бір бәленің бар екенін ол Қырғызбайдың үйіне болашақ шәкірттер тізімін ала барғанда-ақ аңғарып, артын бағып қалған.
Сөйтсе, Тұрардың қып-қысқа, он бір жасарлық өмірінде ұзыннан-ұзақ қиямет хикая бар екен.
– Мен сізден қылаудай сыр жасырмай, бәрін айттым, Иван Владимирович. Ендігісін өз еркіңіз білсін. Менің тағдырым өз қолыңызда, – деп бала ұстазының бетіне қарады. Мұғалім баланың соншама мөлдір, соншама қайсар көздерінен бәрін ұқты: егер бүкпесі болса, сәл-пәл жымысқысы болса анандай, айнадай ашық көзден көрінбей қалуы мүмкін емес. Түбіндегі түймедей тасқа дейін көрініп жататын киелі қол көрінісі осындай болар.
– Мен саған жамандық ойламаймын, Қызыл Жебе, – деді мұғалім баланы бауырына тартыңқырап. – Алаңдамай, уайымдамай, оқуыңды пысықта. Бірақ төбелеске үйір болма. Мен түсініп отырмын. Сен кінәлі емессің. Тиіскен анау екеуі. Сен қорғандың. Өз есеңді ешкімге жіберме. Айбаровтың табанына түспейін деген тәкаппарлығың маған ұнайды. Бірақ ақыл басшы болсын. Мектептің ішінде қып-қызыл қан төгіліп жатқаны жиіркенішті. Әлгінде Александра Сергеевнаның шошып кеткені де содан. Екі адам төбелесіп жатса қандай себебі болса да, сол екеудің ақылдысы көбірек кінәлі. Ал сен ақылды едің ғой. Атамырза қанша бұзық болғанмен, сен одан әлдеқайда ақылды емессің бе? Құдайға шүкір, сендерді оқытып жүргеніме бір жылдан асты, білемін ғой кімнің қандай қабілеті бар екенін. Атамырза – осы біздің Меркедегі ең бай саудагердің баласы. Ал Серіктің әкесі соның делдалы. Олар бұзық болып, оқудан шықса, сенетін, сүйенетін әкелері бар. Ал сенікі не жөн? Сен тек өз күшіңе, өз біліміңе ғана сүйенесің. Адырлық саған жараспайды. Мінезіңде қызбалық бар. Соған сақ бол. Әділетсіздікке төзбеуің әкеден қалған мұра шығар, оныңды құптаймын. Бірақ тым тік болмай, ұсақ-түйектен биік бол. Сенің артың шыңырау екен. Артыңа қарасаң, басың айналар. Алға қара. Әлгі өзің айтқан Александр Бронников сені дұрыс таныған: сенен үлкен азамат өсіп шығуы мүмкін. Алдыңа бір мүдделі мақсатты қарауыл етіп қой да, соған ұмтыл. Иә, көп отырып қалдық. Біреу келе жатқанға ұқсайды... Кәне, айт шыныңды,– деп Иван Владимирович дауысын жорта көтеріп, ұрыса жөнелді. – Енді қайтып істейсің бе мұндай ақымақтықты, оңбаған бала? Енді қайталасаң – өз обалың өзіңе! Айтпады деме, қаңғыртып жіберем!
Кабинетке Александра Сергеевна кіріп келді.
– Ваня, үйге қайтпайсың ба? Несіне тәжікелесіп отырсың бұл бұзықпен. Жүр, – деді Тұрарға жек көре бір қарап алып.
– Сашенька, міне, кеттік. Тұрар уәдесін берді. Әлгі сұмдық енді қайталанбайды. Бір жолға кешірейік.
Әйел басын шайқады. Қазықтай тіп-тік жүретін қатал кісі былқ-сылқ еткізіп басын шайқағанына Тұрар таң қалды. Оның басы тек денесі бұрылған жаққа ғана бұрылатын сияқты еді бұрын. Алтын түстес сары шашын сылаң тарап, желкесіне қаздитып түйіп, мүйіз тарақпен қапсыра жабыстырып тастапты. Сұр шевиоттан костюм, ұзын юбка, шілтер жағалы ақ кофта киіп, үстіне қылау жуытпайтын, киімінің қыры сынбайтын таза кісі.
– Мен қан көрсем, есімнен танып қалатынымды білесің ғой, Ваня. Бұл сұмдық. Есіме түссе, әлі жүрегім айниды.
– Эх, Сашенька, бәріміз де бала болдық емес пе? Ал қан шығару мәселесіне келсек, екеуміз 1905 жылы анамыз Ресейдің ішкі түкпірінде сол қаннан өзен аққанын өз көзімізбен көрмедік пе?
– Ол мұнда айтылатын әңгіме емес қой, Ваня.
Иван Владимирович әйелінің Тұрардан сезіктенгенін байқап:
– Тұрар өзіміздің бала. Қаңқу сөзге құмарлығы жоқ, жеңіл ауыз бұл емес. Тегіннен тегін Қызыл Жебе аталмаған. Ал Қызыл Жебе, бара бер. Әліпбекке айтармын. Саған бүгін тамақ бергізбеу керек деген бұйрығын өзгерттіремін. Сау бол!
* * *
Жазғы демалыста Тұрар Қырғызбайдың қолына барған. Бір күні делдал атасы мұны шақырып алды да:
– Тұраржан, сені бір жерге жұмсағалы тұрмын. Атпен кешке дейін барып келетін жер, – деді. Атасы жұмсап тұрса, оның үстіне атпен барасың десе, Тұрар қалай тіл алмасын:
– Барайын, ата, – деді.
– Онда әбден тыңдап ал: осы Мықан бойымен төмен қарай жүре берсең, сүрлеу жол бар. Маңырақ деген ауылдың үстінен түсесің. Өзі ат төбеліндей аз ауыл. Ауылдың ең шетінде, жардың жағасында Тайлақ дегеннің үйі бар. Ол маған бажа. Оның әйелі мына Салиха апаңның немере сіңлісі. Былтыр бір сиыр, бес ешкі сауын алған. Соны берсін деп жатыр де.
Ауыз үйде жүрген Салиха бұл әңгімені естіп қалып, ойбайын сала шықты есіктің алдына:
– Әй, атасы, құдайдан үмітің бар ма? Шиеттей бала-шағасын қайтесің? Малыңды қыстай бағып шықты ғой. Енді аққа аузы тие бергенде, қайтып аламың қалай? Тым болмаса, бір жаз сүтін ішсін де. Күзде аламыз, қой әрі! – деп Қырғызбайды ықтыра бастады. Жайшылықта адуын кемпірдің ығына жүре салатын саудагер шал бұл жолы қасарысып қалды:
– Ой, балпылдаған байғұс, сен не білесің? Қазір базарда малдың нарқы көтеріліп тұр. Әсіресе сауын сиыр шығандап кетті. Қазір сатып жіберіп, орнына бірер торпақ алып қойсаң, тұяқ орнына тұяқ тұра береді. Ал үстіндегі пайдасын кертіп жеп отырмаймын ба? Соған да миың жетпей ме сен байғұстың?
– О, сорлы, – деді Салиха дүрдіктеу ернін шығарып тұрып. – Кіміңді асырай алмай әбігерсің. Екеуміздің енді шығатын төрімізден, кіретін көріміз жақын. Екеумізге, мына қаршадай Тұрар үшеумізге есіктің алдындағы мал да жетпей ме? Тиыннан тиын балалатып қазақ байыған емес. Онан да Тайлақ пен Тайтақайдың шиеттей балаларын ойла, обалынан қорық.
– Түстік өмірің болса, кештік мал жина. Мен қайбір төрт құбыласы түгел дәулетті едім. Тапқанымыз жұтқанымыздан артылмайды. Жас болса мынау, бас ауырып, балтыр сыздамай ма екен. Ертең мен шоңқиып отырып қалғанда, сені кім асырайды?..
Не керек, ақыры шал жеңіп, Тұрар жолға шыққан. Тоқ торы аттың жай бүлкілімен-ақ түске жақын Маңырақ ауылына барып жеткен. Атасы:
– Көп бөгелме, күн батқанша орал. Малды Тайлақ айдасып келсін. Түнге қалсаң – қорқасың, жол жаман, – деп қатты ескертіп еді. Соны есіне тұтқан Тұрар жүдеу ауылдың шетіндегі Тайлақтамын бірден тауып алып, торы аттың басын жар басында жарбиған жаман құжыраның есігіне тіреген.
Ат дүбірін естіп үйден ұзын бойлы, қабағы салыңқы, тақыр бас сұсты адам сүйретіле шықты. Артынша жамаулы жыртық көйлегінің етегін ышқырына қыстырған, омырауы алқам-салқам, басын дағардай қалың жүн орамалмен шаңдып алған, қызыл бет ақсары ажарлы әйел ілесе-мілесе екпіндеп шықты. Босағадан тағы да екі-үш баланың басы қылтиып-қылтиып көрінді. Тысқа шығуға әлденеден бата алмайды. Тұрар байқап қалды: балақайлар жалаң бұт екен. Тек қызылала көнетоз сәндіп көйлегі бар, өзі тұстас қыз бала табалдырықтан бері шығыңқырап, бір қырындап, жалаң бұт інілерін босағадан әрі итеріп тастап, оларды көлегейлей береді. Қыз баланың рең басы шешесіне тартқан қызылшырайлы, сүйкімді ғана екен. Тұлымшағын өріп, ұшын шуда жіппен түйіп, селтитіп қойыпты. Адам көркі – шүберек, үстіндегі көнетоз сәндіп көйлектің өзін медет тұтып, жалаңаяқ та болса, тұла бойындағы бір жапырақ қызыл ала матаның арқасында, бейтаныс алдына бүгежектемей еркін шыққан.
Үй иелерін көргеннен-ақ Тұрар өзінің жолы ауыр болатынын аңғарды. Жоқшылық зары тұла бойларынан азынап тұрған мына адамдарға келген шаруасын айтудың өзіне бата алмай күмілжіп, самайынан тер тамшылады.
Аласа тамның боғатындағы қамысқа дейін қарайып, шіріп кеткен көне. Үйдің сыртқы сылағы түсіп, жел мен жауын мүжіген қам қыштары жұт жылы өлген малдың қаңқа қабырғасындай арса-арса. Ұзын бойлы Тайлақ екі бүктеліп, еңкейіп шығатын жалғыз есіктің өзі кедейліктің заржақ куәсіндей шиқылдап ашылып, бажылдап жабылып, топсасына әрең ілініп тұр.
Осы бір сіңірі шығып, ыңыршағы айналған жоқ-жұтаң жұртты жат көзден жасырғысы келгендей, тамның төбесіне дейін көк шығып, есік алдындағы қоқысты шытыр жауып, түп-түп шилер үйдің алды-артын қымтап, қара құрымға жасыл барқыт жамау салғандай кереғар бір дүние. Жар жағалауда бір топ бала істік ағашпен қартаң-құлақ қазып, жуа теріп жеп жүр. Мына Тайлақтың балаларының да езулеріне ніл жаққандай жап-жасыл. Сірә, бұлар да жуа теріп жеп келген болар.
Құдай да, патша да, ұлық та, болыс та талақ тастаған осы бейбақ ауылды кем тұтпай, қоңсы тұтқан қарлығаштар ғана сияқты. Киелі құс Тайлақтың тапал есігінен зып беріп кіріп, лып етіп шығып, кембағал шаңырақтың астынан ұя салып, мына құлағалы тұрған тамды тіреп қалғысы келгендей, бір тамшыдан балшық тасып тынбайды.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Қызыл жебе-2 - 03
  • Büleklär
  • Қызыл жебе-2 - 01
    Süzlärneñ gomumi sanı 4063
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2431
    29.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    43.7 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 02
    Süzlärneñ gomumi sanı 4058
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2320
    32.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 03
    Süzlärneñ gomumi sanı 4155
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2299
    33.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 04
    Süzlärneñ gomumi sanı 4047
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2325
    33.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 05
    Süzlärneñ gomumi sanı 4008
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2332
    31.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 06
    Süzlärneñ gomumi sanı 4092
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2308
    33.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 07
    Süzlärneñ gomumi sanı 4032
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2336
    31.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    44.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 08
    Süzlärneñ gomumi sanı 4113
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2419
    32.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.7 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 09
    Süzlärneñ gomumi sanı 4138
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2397
    33.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 10
    Süzlärneñ gomumi sanı 4054
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2306
    31.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 11
    Süzlärneñ gomumi sanı 4104
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2439
    31.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 12
    Süzlärneñ gomumi sanı 4033
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2251
    34.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 13
    Süzlärneñ gomumi sanı 4095
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2372
    31.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 14
    Süzlärneñ gomumi sanı 4098
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2382
    32.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 15
    Süzlärneñ gomumi sanı 4059
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2344
    33.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 16
    Süzlärneñ gomumi sanı 4017
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2404
    30.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    44.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 17
    Süzlärneñ gomumi sanı 3973
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2240
    32.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қызыл жебе-2 - 18
    Süzlärneñ gomumi sanı 1569
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1021
    40.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    62.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.