Latin Common Turkic

Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы - 07

Total number of words is 3551
Total number of unique words is 1930
26.9 of words are in the 2000 most common words
37.7 of words are in the 5000 most common words
43.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Аристотельдің бізге құстардың, бауырымен жорғалаушылардың,
балықтардың, жəндіктердің жəне сүтқоректілердің репродуктивті жүйелері,
оларды жұптастыру əдістері, анатомия, диета, өмір сүру ортасы туралы
сансыз нақты ақпарат ұсынады. Оны тек биолог қана бақылай алады.
«Хайуанаттар тарихының» канондық аудармасын ағылшын тілінде жасаған
XX ғасырдың биологі сэр Д'Арси Томпсон Аристотельдің өз зерттеулерінде
ұсақ нəрселерді көзден таса қылмай, аса мəн беретін кінəмшілдігімен қатар
нанымға да бой алдыратынын үнемі назарда ұстайды. Таңғалдырар
мынадай да жағдай бар. Айтса сенгісіз, бірақ Аристотельдің сирек
кездесетін балық түрлері туралы мəліметтері көп ғасыр өткеннен кейін ғана
айқын дəлелденген. Сондай-ақ Аристотель нақты жəне əділетті
биологиялық мəселелер көтерді, талай ғасыр өткенше олардың шешімі
табылмады. Сондай сұрақтың бірі – «эмбрион əу бастан хайуанаттың
барлық мүшесінен тұратын кішкентай ғана түрі ме, əлде эмбрион өскенде
түгелдей жаңа құрылым болып дами ма?» (GA 2. 1. 73441735°4).
Қазіргі заман адамы үшін мына тұжырымдардың қайсысы шын, ал қайсысы
қиял екені жұмбақ.
Төрт аяқты, бойында қаны бар, тірідей туатын хайуандардың бəрінде тіс
болады; алайда кейбірінің екі жағында да тістері бар, ал кейбірінде жоқ.
Мысалы, төрт аяқты ірі жануарларда олай емес, себебі олардың үстіңгі
жақтарында алдыңғы тістері жоқ; ал кейбір түйе сияқты ірі жануарлардың
екі жағында да тістері жоқ. Ал қабан сияқты кейбір хайуандардың азуы бар;
ал кейбірінде жоқ. Сонымен қатар кейбір хайуандардың, мысалы,
арыстандардың, барыстардың жəне иттердің тістері ара тəріздес; жəне «ара
тістілер» деп өткір тістері қиылысатын жануарларды сипаттаймыз; ал
кейбірінде – мəселен, жылқы мен бұқада қиылыспайды (НА 2. 1. 501-8 ff.).
Егер балықтар екі-екіден жұптасса, онда қосылу нəтижесінде жұмыртқа
пайда болады, алайда мұндай балықтарда олар қосылусызақ туындайды;
бұл кейбір өзен балықтарында кездеседі, себебі талма балықтардың
уылдырықтары бар, олар жаңа туғанда тым кішкентай болады. Бұл
балықтар уылдырық шашады, олардың көпшілігін аталықтары жұтып
қояды, ал кейбірі суда жойылып кетеді; аналықтардың уылдырығы тасалау
жерлерде сақталады. Егер уылдырықтар толығымен сақталса, онда əр балық
түрінің саны көп болар еді. Бұл уылдырықтың тек қана аталық
ұрықтандырғанынан ғана шабақ шығады; аналық уылдырық шашқан кезде,
аталық оның соңынан жүріп уылдырық үстіне ұрық шашады жəне
бүркелген бүкіл уылдырықтан шабақ пайда болады, ал қалғандары
маңдайларына жазғанды көреді (НА 6. 3. 567°29-b6).
Аристотельдің адам анатомиясының ерекшеліктерін мінез
ерекшеліктерімен байланыстыру əрекеті туралы үстірт пікір туындауы
мүмкін. Мысалы, «аяғы жалпақ адамдар елден қуылуы ықтимал жəне үлкен,
қалқан құлақ адамдар жөн-жосықсыз өсекке бейім» дейді ол (НА 1. 11.
492°1).
Қиял-ғажайып ертегіге ұқсап кеткеніне қарамастан Аристотельдің
биологиядағы еңбегі орасан зор. Əсіресе оның жаңа заман ғалымдарының
қолында бар зерттеуге арналған құрал-жабдықтың бірі жоқ жағдайда
жұмыс істегенін ескерсек, оның жетістіктері тіпті таңғаларлық.
Аристотельдің өзінің немесе зерттеуші көмекшілерінің бірінің көзі ерекше
өткір болғанға ұқсайды. Өйткені олар зерттеген жəндіктердің кей
ерекшеліктерін микроскопты ойлап тапқанға дейін көзбен көру мүмкін емес
еді. Оның зерттеулері нағыз ғылыми рухта жүргізілді жəне ол дəлелдері
жетіспеген кезде, білімсіздігін мойындауға да дайын болды. Мысалы,
аралардың репродуктивті механизміне қатысты ол былай деп батыл
мəлімдеді:
«Деректер əлі жеткіліксіз негізделген. Егер олар күндердің күнінде пайда
болса, онда біз теорияға емес, бақылауға сенуіміз керек жəне бақыланған
нəрсенің нəтижесі тұжырыммен сəйкес келген жағдайда ғана теорияға
сенуге болады» (GA 3. 10. 760°28-31).
Ликей жəне оның оқу бағдарламасы
Гермийдің өлімінен кейін шамамен сегіз жылдан соң, Аристотель
Македония астанасына македон патшасы II Филипптің келешекте Ұлы
Ескендір атанатын 13 жасар баласына тəлімгер болуға шақырылды. Оның
сабақтарының мазмұны туралы мəлімет аз: Аристотель жазбаларының
қатарындағы Ескендірге арналған риторика əдетте жалған, жасанды
саналады. Көне дереккөздердің мəлімдеуінше, Аристотель өзінің бала
шəкірті үшін отарлау жəне патшалық жөнінде шығармалар жазды, оған
Гомердің кітабын берді. Ескендір осы кітапты жастығының астына салып
ұйықтаған-мыс жəне 336 жылы патша болып, даңқты əскери қызметін
бастағанда, ол өзінің ұстазына Кіші Азия жəне Грекия елдерінің төрт
бұрышынан биологиялық үлгілерді жіберуді ұйымдастырған дейді.
Он жыл ішінде Ескендір Дунайдан Үндіrе дейін созылып жатқан,
құрамында Мысыр мен Ливия да бар патшалықтың билеушісі болды.
Ескендір Азияны бағындырып жатқанда, Аристотель Афинаға оралып, қала
шекарасынан тыс Ликейде өзінің гимназия мектебін ашты. Жəне сол
уақытта, 50 жас шамасында, ол үлкен кітапхана салдырды жəне өзінің
айналасына «даңғыл» (перипатос) сөзінен шыққан «перипатетиктер» деген
атаумен керемет студент-зерттеушілерді жинады. Əдетте философ жүзім
бақтары мен бау-бақшада серуендеп жүріп, шəкірттерімен түрлі ғылым
салалары туралы пікірлескен. Ликей (қазіргі «лицей» сөзі гректің осы
атауынан туындаған – ауд.) академия сияқты жеке клуб іспетті болған жоқ,
оқылған дəрістер көпшілік үшін ашық жəне тегін еді.
Аристотельдің анатомиялық жəне зоологиялық зерттеулері оның
философиясына жаңа жəне нақты өзгеріс енгізді. Əйтсе де оның
метафизикаға қызығушылығы басылған жоқ, оның жетілген философиясы
үнемі эмпирикалық ғылыммен байланыста болды жəне оның ойлауы
биологиялық реңк алды. Бізге жеткен зоологиялық трактаттарынан басқа
талай еңбегі Афинада екінші рет, уақытша болған кезінде жазылуы ғажап
емес. Олардың хронологиялық тəртібіне ешқандай сенім жоқ жəне,
шынында да, физика, метафизика, психология, этика жəне саясат бойынша
негізгі трактаттар үнемі қайта жазылып, жаңарып отыруы мүмкін. Олардың
бізге осылай сақталып жеткен күйіндегі композициясының кезеңдері
əрқилы, мұның дəлелдерін анықтауға болады. Əйтсе де осы кезеңдердің
мерзіміне немесе анықталуына қатысты əлі бір нақты тоқтам жасалған жоқ.
Аристотельдің басты шығармаларында оның стилі Платонның немесе оған
дейінгі басқа философтардың стильдерінен қатты ерекшеленеді. Гомер мен
Сократ арасындағы кезеңде көптеген философтар өлеңмен жазған, ал
Платон трагедия мен комедияның «афиналық керемет ғасырында» еңбек
етіп, драмалық диалогтер жазды. Аристотель - ең ұлы грек шешені
Демосфеннің нағыз замандасы, прозалық монолог мəнерінде жазуды
қалады. Оның қара сөзі жалпы алғанда анық та, жұмыр да болған емес,
алайда өзі қалағандай тұжырымдарын шешен сөзбен көркемдеп жеткізе
алатын. Мүмкін, бізде бар мəтіндер өзі оқыған дəрістердің үзінділері шығар,
не болмаса, кей жағдайларда оның сабағына қатысушы шəкірттердің түртіп
алған жазбасы болуы да мүмкін. Аристотельдің жазғанының бəрі ойға жəне
қуатқа толы; əр сөйлемі байыпты зияткерлік дəлелден тұрады. Алайда оның
қалтарыс-бұлтарысқа толы, астарлы мəтіндерінің сырын ұғу үшін біраз
еңбектену керек. Ғасырлар бойы Аристотельден бізге жеткен мұраның дені
– ауқымы кең жолдау емес, үзік-үзік жеделхаттар жиынтығы.
Аристотельдің еңбектері жүйелі, ондай жүйе Платонда ешқашан болған
емес. Тіпті Платонның əуелгі жазған жұмысы – «Заңдар» да оқулық
форматына жақын. Біз онда тақырыптан тақырыпқа, пəннен пəнге
бейберекет ұшып-қонып жетеміз. Басқа да атақты диалогтердің
ешқайсысын философияның ерекше бағытына қатысты деп ұзаққа ысырып
қоюға болмайды. Платонды талқылағанда, əлбетте, «пəндер» туралы сөйлеу
– ескілікті əдет саналады: алайда соншалықты анахронизм емес, өйткені
қазіргі академиялық түсініктегі пəн ұғымы Аристотельдің Ликейі кезеңінде
толықтай анықталып, шешіліп қойған болатын.
«Метафизикада» Аристотель ғылымның үш түрі бар дейді (Е 1. 1025625):
өнімдік, тəжірибелік жəне теориялық ғылымдар. Өнімдік ғылымдар –
табиғи, олар өнім өндіреді. Бұл қатарға инженерия мен архитектура жатады,
олардың үй, көпір сияқты нақты өнімі бар. Сонымен бірге бұл топқа
стратегия жəне риторика сияқты өнімдері аса нақты емес пəндер де кіреді,
олардың өнімдері – Мысалы, кемелердегі немесе соғыс алаңындағы жеңіс.
Тəжірибелік ғылымдар – бірінші кезекте этика мен саясатты, тəртіпті
анықтайтындар. Теориялық ғылымдардың не өнімі, не практикалық
мақсаты жоқ, олардың көздегені – ақпарат пен түсінік.
Теориялық ғылымдардың үш түрі бар: физика, математика жəне дін ілімі
(Metaph. E 1. 1026°19). Бұл үштікте тек математика ғана бар бола алатын
сияқты көрінеді. «Физика» табиғи философияны немесе табиғатты
(физикалық зерттеуді білдіреді. Бұл – біздің қазіргі түсінігіміздегі
физикадан əлдеқайда ауқымдырақ ілім, ол химия жəне метеорология,
сонымен қатар биология мен психологияны да қамтиды. Аристотель үшін
«Дін ілімі» — жоғарыдағы болмыс жəне жоғарыдағы адам баласы туралы
ілім, яғни аспан денелерін, сонымен қатар жұлдызды аспанда өмір сүре
алатын кез келген құдайларды зерттеу. Оның бұл тақырыптағы жұмыстары
табиғи дін туралы пайымнан гөрі астрономия кітабына көбірек ұқсайды.
Аристотельдің еңбектері метафизикамен байланысты екенін жəне оның ең
ұзақ трактаты «Метафизика»деп аталғанын ескерсек, метафизика оның
теориялық ғылымдарының тізімінде негізгі орын алмағаны таңдандыруы
мүмкін. Бұл атау, шын мəнінде, Аристотель еңбектерінде кездеспейді жəне
ең алғаш рет ол өмірден өткеннен кейін құрастырылған шығармаларының
тізімінде пайда болған. Ол жай ғана «физикадан кейін» дегенді білдіреді
жəне оның «Физикасынан» кейін тізімге енгенін айқындайды. Алайда бұл,
шынында да, біз қазір «Метафизика» деп атайтын философияның бөлігі:
оны Аристотель «Алғашқы философия» деп атады жəне болмысты болмыс
сияқты зерттейтін пəн ретінде анықтады.
Аристотельдің риторика жəне поэзия туралы ойлары
Аристотель өнімдік ғылымдар саласында адвокаттар мен драматургтердің
маңызды міндеттеріне көмектесуге арналған екі еңбекті – «Риторика» мен
«Поэтиканы» жазды. Оның пікірінше, риторика дегеніміз – кез келген
туындаған жағдайда тұжырымның мүмкін мағыналарын анықтап беретін
ғылым: ол бір нақты саламен шектелмейді, оның ауқымы бейтарап.
Сөйлеген кезде тұжырымдарға сендірудің үш негізі бар: сөйлеушінің мінезқұлҚы, аудиторияның көңіл-күйі жəне уəждің күштілігі (ақылға қонымды
немесе жалған). Сондықтан риториканы үйренуші қисынды пайымдап,
мінезді бағалап жəне сезімдерді түсінуі керек (1. 2. 135841–136053).
Аристотель өзінің басқа трактаттарында мінез жəне логика туралы
тереңірек түсіндіріп жазды, алайда «Риториканың» екінші кітабында адами
сезімдерге толық талдау жасайды. Оның айтуынша, эмоциялар – адамның
пікірін өзгертетін жəне сонымен қатар жанға жара салатын жəне лəззатқа
батыратын сезімдер. Ол белгілі бір эмоцияны алып, оған анықтама беріп,
оның табиғатын жəне себептерін тізімге алды. Мысалы, ашуға – «азапқа
душар ететін талап» деген анықтама береді, соның себебінен біреуге немесе
біреудің досына деген өшпенділік, жағымсыз менсінбеушілік пайда болады
(2. 2. 1378432-4). Ол біздің ашу-ызамызды оятатын адамдардың ұзын-сонар
тізімін келтіреді: ол тізімде, мысалы, бізді мазақ қылып күлетіндер немесе
біз шөлдегенде су ішкізбейтіндер, тіпті жұмыс істегенде кедергі
келтіретіндер де бар.
Біз өзімізді жамандайтындар мен құрметтемейтіндер туралы, əдетте,
бəрінен де көп ойлаймыз. Яғни философ ретінде танылғысы келген адам
өзінің философиясын менсінбегендерге ашуланады; ал өзінің сыртқы
келбетін мақтан тұтатындар оларды көзге ілмейтіндерге ызаланады жəне
тағы басқа сол сияқты жайттар. Нақты факт немесе жалпы түсінік бойынша,
біз өзімізді құрметтеуге лайық қасиеттерге толықтай немесе негізінен сай
келмейміз деп ойласақ, ашуға булығамыз. Ал егер бойымыздағы жұрт күлкі
еткен қасиеттерден жоғары екенімізге анық көзіміз жетіп тұрса, біз ол
келемеждерге мəн бермейміз (2. 2. 137932-b1).
Аристотель бізді ашу, жек көру, қорқыныш, ұят, аяныш, наразылық, көре
алмаушылық жəне қызғаныш сияқты эмоциялармен жанжақты
таныстырады. Оның түсіндіруі əрдайым айқын жəне жүйелі, тіпті жоғарыда
көрсетілген үзіндідегідей терең психологиялық зеректігін көрсетеді.
«Поэтика» — «Риторикаға» қарағанда өте танымал туынды. Оның тек
эпостық жəне трагедиялық поэзиясы бар бірінші кітабы ғана сақталған.
Комедияға арналған екінші кітабы жоғалып кеткен. Умберто Эко
«Раушанның аты» шығармасында оны сақталып қалғандай жəне кейін, XIV
ғасырда бір аббаттықта жойылғандай елестетіп, соның айналасында
драмалық қиялын өрбітеді.
Аристотельдің поэзиядағы емеурінін түсіну үшін Платонның поэзияға
қатысты ойларын білу керек. «Мемлекеттің» екінші жəне үшінші
кітаптарында Гомер құдайларды бұрмалағаны жəне дөрекі эмоцияларды
мадақтағаны үшін қатаң сынға алынады. Трагедияның драмалық
қойылымдары да алдамшы жəне кемсітуші деп танылып, сынға ұшырайды.
Оныншы кітабында Идеялар теориясы ақындардың келешекте одан бетер
орынды да қатал сынға ұшырауына себеп болады. Материалдық объектілер
– шынайы ойлардың жасалмаған көшірмелері; сондықтан материалдық
объектілерді өнерде көркемдеп көрсету шындықтан екі мəрте алыстау, яғни
көшірмені көшіру саналмақ (597e). Драма табиғатымыздағы ең көмескі
сезімдерді оятып, күлкі мен көз жасымызға ерік беруге жетелеп, бізді
тебірентіп егілте түседі (605d-6с). Драмалық ақындар мінсіз қалалардан
аулақ жүруі керек: олардың үстіне мирра жағып, басына лаврдан гүлтəж
кигізіп, еркіне қоя берген жөн (398b).
Аристотельдің мақсаттарының бірі – философия мен поэзия арасындағы
осы таласты шешу болды. Оның ойынша, қиялдау – Платон суреттегендей
азғындататын əрекеттен алыс, адамдарға бала кезінен тəн табиғи қасиет.
Бұл – адамды хайуаннан жоғары қоятын қасиет, өйткені ол адамдардың
оқып үйрену аясын ерекше кеңейтеді. Екіншіден, қиялдау айналадағының
бəріне қуаныш əкеледі: заттардың өзі табиғи түрінде бізді тітіркентуі
немесе жиіркенішімізді тудыруы мүмкін, ал олардың салынған суреттеріне
қарап, біз тəнті боламыз жəне рақаттанамыз (Ро. 4. 144815-24).
Аристотель трагедиялық драманың табиғатын түбегейлі талдайды. Ол
трагедия болмысын былайша анықтайды:
Трагедия — керемет, толыққанды жəне маңызды əрекеттің көрінісі,
шығарманың түрлі бөлімдерінде қызыл тілмен түрліше əсіреленеді, ол жай
əңгімелеп қоймай, драмалық формада адамдардың аянышы мен үрейін
туындатып, катарсиске жеткізеді, яғни эмоциялардың тазаруын көздейді (6.
1449+24 ff.).
Аристотельдің катарсис немесе тазаруды атағанда, нені меңзегенінен
бейхабармыз. Бізден əлдеқайда жоғары тұрған адамдардың басына түскен
қиыншылықтарды көргендей, трагедияны тамашалау бізге өз қайғымыз бен
үрейімізді кейінге ысырып қоюға көмектесетін шығар. Бəлкім, оның
үйреткісі келгені де осы болар. «Қорқыныш пен аяныш – тазаруға тиісті, ең
оңай қозатын эмоциялар, - дейді Аристотель, – əсіресе трагедияда адамдар
жек көрудің жəне кісі өлтірушінің құрбанын көрсе, олар бəрінен бұрын
кейіпкердің тезірек бақытқа кенеліп, сүйікті болуын күтеді. Міне,
сондықтан трагедиялардың сюжеті бір отбасы ішіндегі жауласуға
құрылады» (14. 145361-21).
Аристотельдің пікірінше, трагедия үшін алты элемент қажет: сюжет,
кейіпкер, дикция, ой, көрініс жəне əуен (6. 1450°11 ff). Оны негізінде
алғашқы екеуі қызықтырады. Сахналық қойылым мен музыкамен
сүйемелдеу тегін ілеспелі элементтер саналады: трагедиядағы жақсылықты
мəтінді жай ғана оқып-ақ бағалауға болады. Ой мен дикция маңыздырақ:
кейіпкерлердің жеткізетін ойлары тыңдаушылардың эмоциясын оятады,
егер оны ойдағыдай орындаса, онда ол актердің сенімді ойнауынан. Алайда
кейіпкер мен сюжет қана трагедиялық ақынның данышпандығын көрсете
алады: Аристотель кейіпкерге ұзақ бөлім арнайды, ал сюжетке арналған
бөлім бес тараудан кем емес.
Басты кейіпкер немесе трагедиялық кейіпкер не адами қасиеттен жұрдай
сұмырай немесе періштедей пəк адам болып бейнеленген біржақты образ
болмауы керек, ол бойында пендеге тəн қасиеті бар жағымды адам болғаны
жөн, алайда оның өмірде жазатайым шалыс басуының кесірінен (гамартия)
басына қайғы бұлты үйіріледі. Трагедиялық кейіпкерге қажетті жақсы
қасиеттер əйел кейіпкерлердің бойынан табылады, тіпті құл да қасіретті
кейіпкер бола алады. Басты кейіпкер қандай болса да, бойына үйлесімді
қасиеттері болуы тиіс жəне ол драманың басынан соңына дейін сақталуы
керек (15. 1454415 ff.). Драманың əр кейіпкерінің бойында жақсы қасиет
болғаны абзал; олардың қам-қарекеттері сол мінезінен туындап, бастарына
түскен жағдай міндетті немесе ықтимал іс-əрекеттерінің салдары саналады.
Бəрінен де маңызды элемент – сюжет: кейіпкерлер сюжет үшін
ойластырылады, керісінше болуы мүмкін емес. Сюжет нақты көрсетілген
басы, ортасы, соңы бар өз алдына бөлек оқиға болғаны жөн; ол көрермен
барлық детальдарымен еске сақтай алатындай қысқа да нұсқа болуға тиіс.
Трагедияда тұтастық қажет. Бір ғана қарапайым кейіпкердің айналасына
көптеген эпизодтардың басын біріктіріп, трагедия жасай алмайсыз; дұрысы,
ол жерде бүкіл сюжет соның айналасында өрбитіндей бір өте маңызды
əрекет болуы керек (8. 1451°21-9).
Дəстүрлі трагедияда оқиға бірте-бірте шиеленісе түседі де, өзінің күрт
бетбұрыс жасайтын нүктесіне жетеді. Аристотель оны «перипетия» деп
атайды. Бұл – кейіпкердің басынан алдамшы бағы тайып, қайғы-қасіретке
душар болған кезінде, «ағынан жарылу» (аnаgnоrіsіs) арқылы, тура сол
шешуші, бірақ осыған дейін белгісіз болған ақпаратқа ие болатын сəті (15.
1454°19). «Перипетиядан» кейін шешуші сəт келеді, мұнда бұрынғы
қиындықтар ақырындап тарқай бастайды (18. 1455+24 ff.).
Бұл зерттеулерде Грекияның нақты қойылымдарына үнемі сілтеме жасалып,
сипаттама беріледі, соның ішінде, Софоклдың «Эдип патша» трагедиясынан
мысал келтіріледі. Эдип қойылымның басында беделі мен молшылықтың
рақатын көріп, өмір сүріп жатады. Ол – негізінде жақсы адам, алайда
қызуқандылық оның маңдайына жазылған кінəраты еді. Бұл кемшілігі оны
төбелесте бейтаныс адамды өлтіруге жəне қалыңдығының тегін танып
алмай үйленуге мəжбүр етеді. Оның төбелесте өлтірген адамы – өз əкесі, ал
ол үйленген əйел – өзінің шешесі болып шығады. Осыны білген кезіндегі
«ағынан жарылуы» оның тағдырындағы бетбұрысқа (перипетияға) алып
келеді. Ол өз патшалығынан қуылып, ұят пен өкініштен өз көзін өзі Ойыл
алады.
Аристотельдің трагедия теориясы «драматургтер – басқа суреткерлер
сияқты күнделікті өмірді ғана көшірушілер, бұл өмірдің өзі де Идеядағы
əлемнің көшірмесі ғой» деген Платонның наразылығына жауап қайыруға
мүмкіндік береді. Оның жауабын драманы тарихпен салыстырғанынан
көруге болады.
Ақынның жұмысы іс жүзінде болған жағдайды емес, енді болуы мүмкін
нəрсені бейнелеу екені бесенеден белгілі. Өйткені болуы мүмкін нəрсе
қажет болғандықтан немесе болғаны дұрыс деп табылғанда ғана
туындайды. Тарихшы мен ақын арасындағы айырмашылықтың проза мен
поэзияның қарама-қайшылығына еш қатысы жоқ - Геродотты өлең
жолдарына сала аласыз, бірақ ол сонда да тарих боп қала береді. Бұл –
болған нəрсені суреттеуден де үлкен, болуы мүмкін нəрсені суреттеуден де
ерекше. Осы себептен поэзия тарихқа қарағанда əлдеқайда маңыздырақ,
əлдеқайда тереңірек философияға жақын; тарих бізге тек жеке нəрселерді
баяндаса, поэзия ғалам туралы сыр шертеді (9. 145165-9).
Аристотельдің бұл жерде поэзия мен драма туралы айтқанын, əрине,
жазбаша шығармашылықтың басқа да түрлеріне қатысты келтіруге болады.
Адамдардың күнделікті өмірде бастан кешетін хикаяларының көпшілігі –
таза кездейсоқ жайттардың нəтижесі; тек көркем əдебиеттен ғана біз
кейіпкерлердің қалыптасуын жəне олардың кəдуілгі салдарға алып келетін
іс-əрекеттерін көре аламыз.
Аристотельдің этика туралы трактаттары
Егер біз өнімдік ғылымдардан тəжірибелік ғылымдарға ауыссақ, онда біз
Аристотельдің басты үлесі өнегелі философия мен саяси теория туралы
еңбектерінде екенін анықтаймыз. Еңбекте өнегелі философияның үш
трактаты көрсетілген: «Никомах этикасы» (НЭ) — он кітап, «Евдем этикасы»
(ЕЭ) – жеті кітап жəне «Ұлы этика» – екі кітап. Аристотель ойының
дамуымен танысқысы келген адам үшін бұл мəтіндер – өте қызғылықты.
Метафизика жəне физика туралы трактаттарда қайта қарау жəне қайта жазу
іздерін көруге болады, ал біздің қолымыздағы этикада Аристотельдің
доктриналары бір тақырыппен үш түрлі бағытта біршама толық берілген.
Алайда бұл құбылысты түсіндірерліктей ешбір пікір бірлігі жоқ.
Аристотель қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы ғасырларда оның этикалық
трактаттарын кейінгі ұлы ойшылдардың пайдаланғаны туралы мəлімет
кездеспейді; алайда «Никомахқа» қарағанда «Евдемге» сілтеме көбірек
жасалған, «НЭ» тіпті оның жұмыстарының ертедегі каталогтерінен
ұшыраса да қоймайды. Шынында да, «НЭ» Аристотельдің өз шығармасы
ма, əлде оның баласы Никомахтың жазғаны ма?» деген əлдебір күдік бар.
Əйтсе де біздің заманымыздың екінші жүзжылдығында Аспасиус сынды
түсінік берушіден бастап бері қарай бəрі «НЭ» шынайы жəне ол əйгілі үш
этиканың ішіндегі ең маңыздысы деген көзқарасқа бір ауыздан келісті.
Ортағасырлық кезеңде жəне классикалық ғылымның қайта өрлеу дəуірінде
бұл жұмыс Аристотельдің «Этикасы» деп қарастырылды. Шынында да, бұл
оның сақталып қалған туындыларының ішіндегі ең əйгілісі еді.
Ойшылдың басқа туындылары əртүрлі қырынан қарастырылды. «НЭ»
оқырман ортасында кеңінен, ұзақ уақыт зерделенсе, «ЕЭ» аз ғана
табынушылары болмаса, тіпті аристотельші ғалымдардың арасында да аса
тарала қоймады. ХІХ ғасырда бұл еңбек жалған деп жарияланды жəне
Аристотельдің шəкірті Евдем Родостың атымен баспаға қайта шығарылды.
Ал ХХ ғасырда ғалымдардың бəрі бірдей Вернер Йегердің* «бұл – түпнұсқа
еңбек, бірақ оның бір қайнауы ішінде, ол Ликей кезеңінде жазылып,
«Никомах этикасымен» ауыстырылған» деген уəжін қабыл алды. «Ұлы
этикаға» тоқталатын болсақ, басқалар мұны аталмыш үш трактаттың
ішіндегі ең ішынайысы деген пікірді барынша жақтаса, кей ғалымдар
Йегердің оны «Аристотельден кейінгі дəуірге тəн туынды» деп бағалағанын
көлденең тартты.
«НЭ» мен «ЕЭ» арасындағы байланысқа қатысты тағы бір мəселе бар. Үш
кітаптың қолжазбасы екі нұсқадан құралады: біріншісі – «Никомахтағы» 5,
6 жəне 7-кітаптар, екіншісі – «Евдемдегі» 4, 5 жəне 6-кітаптар тəрізді.
Алдымен жалпы кітаптардың шығу тегін анықтап алмай, «НЭ» мен «ЕЭ»
арасындағы байланысты ұғуға тырысу – қателік болмақ. Философиялық
жəне стилометриялық негіздерге жүгінсек, бұл кітаптар «Никомахтан» гөрі
«Евдемге» анағұрлым жақын болып шығуы ықтимал. Бір кездері олар қайта
қалпына келтіріліп, «Евдемге» қатысты алғанда толық жетілмеген жəне сапа
жағынан төмен жұмыс деген сөздер доғарылды: мысалы, «Евдем этикасы»
Платонға жақын, сондықтан «Никомах этикасынан» ертерек» деген иегердің
дəлелдерінен ештеңе де қалмады. Оның үстіне ішкі тарихи сілтемелер де
талқыға түскен бұл кітаптардың, соның ішінде, «Евдемнің» Ликей кезеңіне
жататынын меңзейді.
«НЭ» дəлелдеріне де қатысты мəселелер аз емес. XX ғасырдың басындағы
Аристотельдің ізбасары Томас Кейс Британия энциклопедиясының он
бірінші басылымындағы атақты мақаласында «Никомах этикасы» — бөлек
курстардан құрастырылған жиынтық, ол жүйелі трактат сипатына біршама
жақын» деген болжамын айтты. Мұның шындыққа сəйкес келу мүмкіндігі
өте жоғары. «НЭ» мен «ЕЗ» арасындағы айырмашылықтар жай
хронологиялық шешім жасауға жол бермейді: «Никомахқа» дейін
құрастырылған курстардың кейбірі ертедегі күндермен, ал басқалары
кейініректегі уақытпен белгіленген болуы мүмкін, ал «ЕЭ» өзі тұтас екені
анық. «Никомахтың» тек «Евдемнен» ғана емес, сонымен қатар
Аристотельдің басқа жұмыстарынан да стилистикалық жағынан
ерекшеленіп тұруын ежелгі дəстүрмен түсіндіруге болады: «НЭ»
туындысын Никомах (Аристотельдің əкесінің де, ұлының да аты – Никомах
– ауд.) жөндеген, ал «Евдем этикасын» Аристотельдің басқа да
шығармаларымен бірге Евдем түзеткен. «Ұлы этикаға» тоқталсақ, ол
«Евдемдегі» ойлардың бағытына етене жақын жүрсе де, оның
доктринасында бірқатар түсініксіз тұстар бар. Егер Аристотельдің Ликейде
болған кезіндегі «Евдемді» еске түсіретін курстарда дəріс алған шəкірттің
жазбалары болса, мұны түсіндіру оңай.
Жалпы үш трактаттың құрамы өте ұқсас. «НЭ» Платонның «Мемлекеті»
сияқты сол саланы қамтиды жəне «Аристотельдің мораль философиясы
Платонның мораль философиясын Идеялар теориясы арқылы түзеген»
дескен кейбір əсіреқызба байламдармен келісуге болады. Игілік туралы ой
этика түсінігінде жоғарғы игілік бола алмайды, өйткені этика – адамның
шамасы неге жететінін қарастыратын тəжірибелік ғылым. Ал Игілік туралы
мəңгі жəне өзгермейтін идея тек қана теориялық ғылымның нысаны болмақ.
Игілік идеясының орнына Аристотель жоғары игілікке ұқсас этикаға жақын
бақытты (евдемонизм) ұсынады, ол да, Платон сияқты, бақытты өмір мен
ізгілікті өмір арасындағы тығыз байланысты көреді. Барлық этикалық
трактаттарда «бақытты өмір дегеніміз – игілікті іс-əрекетке толы өмір» деп
түсіндіріледі. Олардың əрқайсысы игілікті өздерінше талдайды жəне оның
түрлерін таратып, жіктейді. Бір топқа – моральдық игіліктер, мəселен,
батылдық, салқынқандылық, жомарттық жатады, бұлар Платонның
пікірсайыстарында да үнемі кездеседі. Екінші топта – зияткерлік игіліктер
бар: бұл жерде Аристотель Платонға қарағанда этикалық тəлiмнiң
ережелерінен туындаған даналықтың зияткерлік игілігін ғылыми талпыныс
пен зерделеуден пайда болатын түсініктің зияткерлік игілігінен нақты бөліп
алып қарастырады. «НЭ» мен «ЕЭ» арасындағы негізгі айырмашылық
Аристотель алдыңғысында шын бақыт жалғыз философиялық зерделеу
нəтижесінде түзіледі деп есептесе, кейінгісінде ол бақыт игіліктердің
бəрінен, яғни зияткерлік жəне моральдық игіліктердің өзара үйлесімінен
тұрады дейді.
Аристотельдің саяси теориясы
«Евдем этикасының» өзінде ойшыл «Құдайға қызмет ету жəне зерделеу»
деп, моральдық игіліктердің лайықты қалыптасу ережесін бекітеді жəне
«Никомах этикасында» бұл зерделеу кемел адамның əрекеті ретінде
сипатталып, ол біздің бойымыздағы құдайдың құдіретінің көрінісі деп
түсіндіріледі.
Аристотельдің айтпағы: қаншалықты ажалды пенде болсақ та, біз шамамыз
келгенше өзімізді ажалсыз етуге тырысып бағуымыз керек. Егер біз
«Этикадан» оның жалғасы – «Саясатқа» ауыссақ, көктен жерге түсеміз.
«Адамдар – саяси жаратылыс, – дейді бізге ежелгі ойшыл, - олар тəн мен
қаннан жаралған, бір-бірімен иық тіресіп, қалалар мен ұйымдарда өмір
сүреді».
Зоологиядағы жұмыстары сияқты Аристотельдің саяси ілімі де бақылау мен
теорияны ұштастыра қамтиды. Лаэрттік Диоген оның 158 мемлекеттің
құрылымын жинағанын айтады, əрине, оған Ликейдегі зерттеуші
шəкірттерінің көмектескеніне күмəн жоқ. Солардың бірі – «Афина
заңнамасы» Аристотель еңбектерінің бір бөлігі болып тарихта
қалмағанымен, 1891 жылы папирусқа жазылған күйінде табылған. Басқа
жұмыстарымен салыстырғанда стилистикалық айырмашылықтарына
қарамастан, ол жалпы алғанда авторға тəн деп саналды.
«Саясатқа» кіріспе сияқты оқылатын «Никомах этикасының» кодицилінде
(кодицилл – Рим құқығындағы өсиет іспетті хат үлгісі – ауд.) Аристотель
саясат теориясы туралы зерттелген өзге жұмыстары болса да, заңнамалар
жиынтығын жасау аясында жақсы билік пен жаман билік неден болады,
конституцияны сақтау үшін қандай факторлар жағымды, қандайы
жағымсыз деген мəселелерді зерттей түскісі келгенін айтады (NE 10. 9.
118112-23).
«Саясаттың» өзі бірден жазылмаған, мұнда да басқалардағыдай бақылау
жазбалары мен теориялық очерктер ішінара аралас болуы мүмкін. Біз «НЭ»
бағдарламасына сəйкес деп тапқан кітаптың құрылымы: 1-3 кітаптар –
мемлекеттің жалпы теориясынан жəне ертеректегі ойшылдардың сынынан
тұрады; 4-6 кітаптар - конституцияның көптеген формаларын санамалайды:
олардың үшеуі толерантты (монархия, аристократия, саясат), ал үшеуі
толерантты емес (тирания, олигархия жəне демократия); 7-8 кітаптар –
мінсіз конституцияның формасына арналған. Қайталап айтқанда, еңбектегі
курстардың реті оның композициясының ретінен өзгеше болуы мүмкін,
алайда ғалымдар оның түпкі хронологиясына қатысты бір келісімге келе
алмады.
Аристотель «Мемлекет дегеніміз – ең жоғарғы игіліктерді көздеген
ұйымның жоғарғы формасы» дейді. Ұйымның ең қарапайым түрлері –
əйелдер мен ерлердің, қожайын мен құлдардың ұйымы. Ол қожайын мен
құл арасындағы айырмашылық əйел мен еркек арасындағы
айырмашылықтан алшақ емес деп қабылдайтын сияқты, дегенмен «əйелдер
мен құлдарға бірдей қарау – тағылық» деп, наразылығын да білдіреді (1. 2.
1252°25-b6). Отбасылар ауыл құру үшін бірігеді, ал бірнеше ауыл мемлекет
құру үшін бірігеді жəне ол отбасы сияқты табиғи жəне ең алғашқы
толыққанды бірлестік саналады (1.2. 125342). Шынында да, отбасына
қарағанда кейінірек пайда болса да, мемлекет өзінің табиғатынан
органикалық біртұтастығымен ерекшеленеді, адамның денесі өзінің
органикалық бөліктеріне, қолдарына, аяқтарына қаншалықты басшы болса,
ол да соған ұқсайды. Заң мен əділеттілік болмаса, адам ең жабайы
мақұлықтың өзі болар еді. Мемлекетте өмір сүре алмаған адам – хайуан;
мемлекетті қажетсінбейтін адам – Құдай ғана болуы керек. Мемлекеттің
орнауы – ең ұлы игіліктің бірі, өйткені тек мемлекет ішінде ғана адам
баласы өзінің күш-қуатын игілігіне жұмсай алады (1. 2. 1253°25-35).
Аристотель сілтеме жасаған жəне сынға алған ертедегі ойшылдардың
ішінде Платон – ең көрнектісі. «Саясаттың» екінші кітабының көп бөлігі
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы - 08