Latin Common Turkic

Қан мен тер - 1 - Ымырт - 06

Süzlärneñ gomumi sanı 4354
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2252
36.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
52.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
60.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
Құдайменде жас жігіттің қара мұрты қиылған сұлу жүзіне таңдана қарады. Шынында да, енді ойлап қараса інісінің айтқаны рас: баяғы көңіл түзу кезде Кәленді бұл ауыл көп пайдаланбады ма?! Кәлен ат тұяғы жететін алыс жерге қасына жан адамды алмай, ылғи да жалғыз жортатын ер көңілді. Ол және сырттан әкелген олжа малдың басы-көзіне қарамай, бұйдасынан тізіп әкеп, Құдайменде мен Тәңірбергеннің желісіне байлай салатын. Құдайменде мен Тәңірберген оған бойына сіңімді болсын деген сылтаумен өз малдарының ішінен тайлы бие, тайлақты түйе беретін. Олар да бұлардың тел малы емес, әр ауылдан әлдеқалай келіп қалған олжа малдар.
Құдайменде енді ойлап қараса, шынында да, Кәленнің қолындағы бар малы - бұларға түрі, түсі танымал. Ұрлап алған мал деп ұлыққа көрсетуге сыйымды - ақ! Жаулық ниетке шындап мінген Тәңірберген пешірге алдын ала Кәленнің қолындағы бар малын пагорнойлатып, қаттап қағазға түсіріп апты. Сонан кейін осы малдардың бәрін қабырға болысына қарасты елдерден ұрлаған етіп, әр ауылдан иесін шығарып арыз түсіріп тастаған екен. Құдайменде басын шайқады: «Апыр - ау, осының бәрі... басына қайдан келе бере -туң? »
* * *
Сәскелете болыс аулына келген Кәленнің қасында Мөңке мен Дос. Бәрі жаяу. Құр қол. Тек Кәлен жуан дойырын қолына ұстай шыққан. Баяғы ат жалын тартып мінген кезде өзегіне қорғасын құйдырып, бұзау тіс қып, мығымдап өргізген дойыр. Жарымын ұзын жеңінің ішіне тығып, екі бүктеп алған. Ауылдан шыққалы үнсіз. Бір пәлені іші сезіп томсарып алған. Оқта-текте Мөңке ғана:
─ Ай, Қаратаз... сол кәпір таз қыстырылды - ау бұл араға,- деп көңілдегі күдікті айтты.
Кәленнің ойында Еламан. Айдап әкеткелі хабар-ошарсыз. Әнебірде артынан іздеп бармақ боп, буынып-түйініп отырғанда, жағаға суық хабар тарады; Судыр Ахмет секілділер Шодырдың баласы әкесінің құнын қуып келе жатқан көрінеді деп көйіткесін, Кәлен Еламанның қатын-баласын тастап кете алмай, қарайлап жүр еді, елге урядник келді де, дереу бұны шақыртты. Кәлен қасына адам алмай, жалғыз барғысы келіп еді, бірақ оған балықшылар көнбей, сойыл соғарлығы мол екі-үш жігітті ертіп жіберді. Ақбауырда отырған болыс ауылы бұлардан онша қашық емес-ті. Былай шыға бергенде бұларға ауыл сыртындағы бұйратта аң аулап жүрген Тәңірберген кездесті. Кәлен мен Мөңке байқамаған сыңай танытып, тілдеспей өтіп кеткісі келіп еді, бірақ жас мырза бұларды анадайдан көріп, әдейі бұрылып келді. Жақындағанда аттан түсіп, жасы үлкен кісілерге сәлем берді.
─ Ауыл - елің аман ба, шырағым?- деді Мөңке.
─ Шүкір. Жол болсын, ағалар?
─ Сенің аулыңа бара жатырмыз.
─ Е, дегендей. Шақырып келтіре алмайтын қадірлі кісі екенсіздер. Ауылда болыс ағам да жок; еді, мен бармасам болмас. Ал, ағалар, жүріңіздер.
─ Рақмет, шырағым. Ұлық шақырып жатыр дегесін келе жатырмыз.
─ Е, оның сіздерде не шаруасы бар екен?
─ Білмедік. Құдай алдында кінәміз болса да, ұлыққа жазығымыз жоқ еді.
─ Жә, кеттік!- деді Кәлен мыналардың сөз іләмін жақтырмай.
Тәңірберген атының қанжығасынан алтайы қызыл түлкіні алып, қарт балықшының алдына тастай салды:
─ Теңіз секілді ұлық та тілсіз жау ғой. Беті қатты бір іспен бара жатыр екенсіздер, жолдарың оң болуына, жақсы тілекпен тартам.
─ Рақмет! Өз теңіңнің алды бол!- деді Мөңке. Былай ұзап шыққасын ол жанындағы екі жолдасына қарап,- не десе де, осы жігіт әдепті. Ағасындай емес, жүзінде иман бар,- деді.
Кәлен үндемеді. Ел қазағы ұлық үстіне ұлықсат сұрап кіретін. Кіргесін де ұлық алдында бас киімін алып, иіліп-бүгіліп сөйлесетін әдет болатын-ды. Басын қатерге тіккен Кәлен ол кәдені белден басып, екі жолдасын бастап, ұлық үстіне баса-көктеп кіріп барып еді, урядник ірі орыс екен. Жалаң бас. Сары шашы үрпе-түрпе. Қоңырға да, сарыға да жатпайтын күл түстілеу мұртынан темекі иісі аңқыды.
Ұзын мұрттың қос шалғайлығы қазақы күпінің жеңі тәрізденіп, төмен қарай салбырап кетіпті. Қалың киімді үш кісі ұлықсат сұрамай, қарлы аяғы сықырлап, сырттағы аязды ішке ала кіргенде, урядник кең үйдің төсек жайған төрінде екі қолын артына ұстап, арлы-берлі кезіп жүр екен. Мына кісілердің ай-шай жоқ баса-көктеп кіріп келе жатқанын көріп, бейқам бойын жиып алды. Жайшылықта өзінің дала қазағына істейтін тоң айбатын шақырып, салақтап санына соғып жүрген сары ала қылышты сол қолымен ұстады. Ол тіктеліп қараса, әдетте, қандай ер қазақ та шыдамай, көзін тайдырып әкетуші еді. Ал, мынау ығатын емес. Сенсең тымақ астынан кірпік қақпай қадалған кішкентай жылан көз өңменінен өтіп барады.
Урядник арт жағында тұрған тапалтақ жігітке бұрылып: «Бұл кім?»- деп сұрады. Тапалтақ жігіт оқу бітіріп кеп, болысқа пешір боп орналасқалы қарны шығып, бас-аяғы домалана қалған-ды. Таңқы танау. Бүйректей беті быттиып бедіреңдеп тұратын қызыл қоңыр жігіт урядниктің Кәленнен ығысып қалғанын байқаған-ды. Урядник сескенген кісіден өзінің айылын да жимайтынын көрсеткісі кеп, урядник пен Кәленнің екі арасына кимелеп тұра қалды. Өзінен қол созым биік кісіге бұл сұқ қолын шошайтып, ызғармен безеп:
─ Кәлен деген ұры осы!- деп еді.
─ Калин?- деп урядник қайырып сұрады.- Вот что, царь Калин?- деп Кәленге тікелей тіл қата түсті де, оның орысша түсінбейтіні есіне түсіп, тағы да пешірге бұрылып,- ел ішінен ұрлаған малдарын мойнына ала ма екен?.. Соны сұра!- деді.
─ Есіттің ғой! Ұлыққа шыныңды айт!
─ Әй, жарқыным, әркімнің атар таңы, батар күні бар ғой...
─ Ақсақал, күн-түнді қайтесің?! Онан да ұрлаған малдарыңды мойныңа ал.
─ Інім, ұрлығың не? Мен бүгінде ол кәсіпті қойған кісімін. Мына жігіттер айтсын,- деп Кәлен қасында тұрған Мөңке мен Досты куәлікке тарта сөйледі.- Осы күні маңдай теріммен тапқан адал нәсібімді қалжалап жүрмін. Мені қажай бермесін, соны айт! Өз сөзімдей ғып бұлжытпай жеткіз, мына аузы түкті көпір...
─ Тіліңді тарт! Сенің қайтіп тірлік ететініңді білеміз.
─ Е, дегендей, көргенің болса айта ғой.
─ Айтам. Бұның ұлық пен төре алдында ақ етек ишан бола қалуын. Сені түнде, ел жатқаннан былай қарай көрер ме еді... қоралы елдің ортасына кіріп, қотаннан қой алып қашатын өгіз мойын көкжалдың нағыз өзі болар едің ғой.
Кәленнің айғыр жалындай мұртының әр талы ызғармен тікірейіп барады. Ол бір аттап пешірдің үстіне төне түсті. Енді бір қимылмен пешір баланы желкесінен бүріп алатындай еді. Жұрт сондай сойқанды күтіп, дем алмай тым-тырыс бола қалғанда, әлгі Кәлен аяқ астынан жадырады. Мөңке мен Досқа бұрылып:
─ Е, пәруәрдігер!.. Мына Таңқы Мұрын, Торы шолақ бала ғой, ұлық пен Құдайменденің алдында құрдай жорғалайды, ал бізге келгенде бұның өзі Құдай бола қалғанын қарашы,-деді күліп.
Әркімнің бір әлі жетері бар ғой,- деді Мөңке. Бұлардың үстіне әлгінде Жасағанберген кірген-ді. Бірақ оны біреу көріп, біреу көрген жоқ-ты. Ол жаңа Кәленнің пешірді тайға таңба басқандай таңбалап атағанына мәз болса да, бірақ күле алмай, құр булығып, иығының басы селкілдеп тұрған. Пешір бүйректей беті ду қызарып, аузына қапелімде сөз түспей булығып қалды. Түкке түсінбеген урядник аң-таң. «Ах, черти азиаты. Не болды? Не деді?»- деп, пешірге бір, Жасағанбергенге бір қарады. Пешір есін жиды.
─ Тақсыр, бұл баукеспе ұры. Кісі өлтірген. Осы қазір сізге де тілін тигізді.
Урядниктің көк көзі ежірейіп кетті:
─ Ах, мерзавец? Сібірде шірітейін өзіңді.- Мөңке мен Дос бір- біріне қарады:
─ Бұл орысқа тіл тигіздік пе? Атаң жақсы, анаң жақсы дегеннен басқа не айттың бұған?
Пешір бала әлгі әлгі ме, ол енді Кәленді өлтіре жамандап, көрер көзге қол-аяғын матап беруге қарап еді. Сөзге Жасағанберген араласты:
─ Сені де халқың оқыған, көзі ашық азаматым дейді-ау! Орыс тілін сен өз әлсізіңді талау үшін үйренген екенсің ғой.
Сонан соң ол мұнда болған жағдайдың бәрін урядникке бұлжытпай, дәл жеткізді. Кәленнің пешірге қойған атына дейін айтқан-ды. Урядник көзінен жас аққанша күлді.
─ Ай, түсің жаман екен. Сірә, ел арасында мал ұрлап, кісі өлтіргенің рас болса рас шығар,-деді, әлі де болса Кәленнің кескініне сенімсіздене қарап.
Жасағанберген оның сөзін қазақшаға аударғанда, Кәлен күліп:
─ Тақсыр - ау, тергеудегі кісіде түс қайдан болсын?! Қайта кеудемнен жаным шықпай, тірі тұрғанымды айт,- деп еді, урядник Кәленнен тезірек құтылғысы келді білем:
─ Айда, кет!- деп қолын сілтеді.
─ Жасанжан, өмірлі бол! Өркенің өссін! - Жасағанберген қашан есіктен шығып кеткенше екі көзін Кәленнен айырған жоқ. « Желіден мал алуды ғана білетін ұры ма десем, бұл өзі ақылды да қазақ екен »,- деп ойлап, жүкке жауырынын сүйеп тұрып қалды.
* * *
Қолына тиген болыстықты қастасқан кісіден кек алатын қара шоқпар көретін Құдайменде осы күндері ертеректе есесі кетіп жүрген кісілерден кек ала бастаған-ды. Ел ішіндегі талай жақсының басына оның құрығы мен сырығы тиіп жатқан. Құрығы әуелі Еламанға түсті. Енді бүгін ол құрығын Кәленге салмақ болғанда кіші інісі араласты да, бітіп тұрған істің бетін қайтарып тастады. Соны есіткен бойда Құдайменде Түбектегі шаруасын тастай салып ауылға шапты. Келе сала ол Тәңірберген мен пешір баланы шақырып алды:
─ Бұнда не боп жатыр, кәне, бәрін түгел айтыңдар?- Ызадан жарыла жаздап отырған Тәңірберген:
─ Ойбай, Құдай - ай, басқаны қайтейін, өз күшігіңнің өзіңді қапқаны жаман болды ғой,-деп еді.
─ Ол кім?.. Жасанжан ба?
─ Ие, сол. Оқу бітіріп азамат болады, әліміз келмей жүрген ел ішіндегі жауларымызды мұқатып береді екен десек, бұл күшіктің өзімді қапқанын қалай кешірейін?..
Құдайменде алдымен Тәңірбергенге ызалы. Өзінің тілін алмай, Орынборға апарып орыс оқуына беріп жүрген басқа емес, осының дәл өзі.
─ Сен кеткелі тағы бір жаңалық Алдаберген ағаңның екі қара аты жоқ...- деді Тәңірберген.
─ Қасқыр қуып кеткен шығар?
─ Адамның қасқыры болмаса қайтсін...
─ Не дей - туң?.. Сонда ол кім бола - туң?
─ Болыс ағам қызық. Жоғының ізіне мені сала береді,- деп Тәңірберген көзін темен салып, мырс-мырс күліп отырды да, - мал жоғалса - ұрыдан іздемеуші ме еді осы?.. - деді.
Уөй, сонда... Тоқта, сонда ол қай ұры бола - туң? Тәңірберген бүл жолы да Құдаймендені болыс екен деп айбынып жатқан жоқ. Оған қайта өктемдік сездіріп, сыздана қарап отырып, көңіліндегі күдігін айтты:
─ Екі қара атты алған жау алыста емес, қыс айында алыстан ұры келмейді.
Құдайменде дереу іске кірісіп, аулына рубасыларды шадырып алды. Осы күндері болыс үйінде ел жақсыларының басы жиі қосылатын боп жүрген-ді. Тәңірберген мен пешірден басқа бұл жиынға урядник қатысты. Жасағанберген кештеу келді.
Құдайменде урядникке жалтақтап қарап, жасқаншақтап сөз бастады:
─ Кәлен қашанда осы елдің желісіне шабатын ежелгі көкжалың еді. Оны осылай тыюсыз жібере бересің бе?! Әне, софы ағамның екі қара атын тағы әкетті.
Жаңа ғана асқа тойып алған урядник тісін шұқып отырып тыңдады. Рубасылар бір ауыздан «Сібірге айдату керек» деп даурығып, үйді басына көтеріп бара жатты. Урядник әдепкіде «не деп жатыр» деп пешірден сұрап отырған-ды. Кейін жалықты. Онан ұйқысы келді. Онан әрі - берідесін мыналардың әңгімесі іш пыстыра бастады да, ұзаққа созылғанына ызаланып, қолын сілкіп тұрып кетті.
─ Черт вас разберет. Сенің інің... оқыған азамат соның жағында. Әуелі ініңмен сөйлесіп, өзара келісіп алыңдар. Ал, ана ұрыны... аты қалай еді?..
─ Кәлен!
─ Иә, Калин. Оны ұстау бізге қиын емес,- деді де, урядник сыртқа шығып кетті. Оның соңын ала қалғандар да түрегелді. Құдайменде мен Жасағанберген жұрт соңында оңаша қалып еді; Жасағанберген екеуден екеу оңаша қалғасын да қырысы тарқамай қыржиып отырған ағасын ұялтқысы кеп, ар-ұят, намыс жөнінде біраз маслихат айтып еді; Құдайменде қыбыр еткен жоқ. Тек інісіне көңілдегі барды айтқызып алды да, қолына тымағы мен қамшысын ұстай түрегелді. Інісіне керек десе назар салмай, есікке беттеп бара жатқан-ды. Оның бұл қылығына түсінбеген жас жігіт ағасына таңдана қарап, көзімен ұзатып тұрғанда, Құдайменде есіктің сыртына бір аяғын салып, енді шығып кетеді - ау дегенде кілт тоқтады. Қайырылып артына бұрылды. Онда да бөксесін сыртқа салып тұрып:
─ Сен ар дей - туң... адамгершілік дей - туң. Орыстың кітабындағы сөзді бұл араға салма. Бұл араның ары да, адамгершілігі де онан бөлек. Сен әлі шіп-шикі баласың. Түктің мәнісін білмей - туң,- деді де, інісі тіл қатам дегенше есікті тарс жауып, шығып кетті.
* * *
Ебейсін ішке сүріне-қабына кірді.
─ Мырза... көз ұшынан бір қарайған көрінді.
─ Сол болар...
─ Басқа кім дейсің, әрине, сол!
─ Иә, Алла, қолдай гөр. Ал!.. Ал, жүріңдер! Жаңа ғана шіреніп, сыздап отырған ығайлар мен сығайлар, жапырыла қозғалды. Бәрі бірдей есікке ұмтылды. Қарбаласқан абыр-сабыр асығыста бірінің алдына бірі түскісі кеп, бірін-бірі кимелеп жатыр. Бұлардың бірі -Құдайменде болса, бірі - Темірке. Бірі - Тәңірберген. Ақсақ Жагор, Курнос Иван... Ақсақ Жагор бір аяғын сылтып басатын, ісік кеуде, ірі қара орыс. Байлығы жүрмеген кезде, осындайда күшке, омырауға салып кететін озбыр. «Келе жатыр»,- деген хабар тигенде, Ақсақ Жагор жанындағылардың бәрінен бұрын тұрды. Бұрынырақ есікке жетті. Салған жерден алға түсіп, күміс шалулы таяғын шалт сермеп, бұрынғыдан да гөрі қаттырақ ақсаңдай басып жұрттың алдына түсіп бара жатыр еді, жас мырза Теміркені шынтағымен түртіп қалды:
─ Көрдің бе? Құдай бір аяғынан айырып қойғанның өзінде алдыңды орап кеткенін. Бұл көк соққанның екі аяғы сау болса қайтер еді, ә?
─ И-й, айтпа, айтпа. Ул шоңыншақ арам вит... арам.
─ Иә, арамдыққа аяқтың да керегі жоқ шығар?! Промсол алды иін тірескен халық. Ығы-жығы. Абыр-сабыр. Әлдекім әлдебіреуге дауыстап, әлденеге жанталасып құйқылжып жүрген кісілер. Қонақ түсетін үйді күні бұрын әзірлеп қойған-ды. Енді қазір біраз кісі есік алдының қарын күреп, топырақ сеуіп жатты.
─ «Күлшелі бала сүюге жақсы» деген - ау!..- деді Темірке.
─ Апыр - ай де! Тап бір губернаторды күткендей болдық қой,- деді Тәңірберген.
Осыдан кейін ешкім үндемеді. Құлдилап келе жатқан көз ұшындағы қарайғанға мына жақта тұрған жұрт қолын көлегейлеп, мойнын созып шыдамсыздана қарап қапты. Ақ қар күн сәулесі астында жалтырап, жылт-жылт етіп кісі көзін қарып барады. Бұлар көп күткен жоқ Соңында бес-алты салт атты нөкері бар, жеңіл шанаға мінген жас мырза аттарын ақ қырау қып ағызып кеп, өзін күтіп тұрған жиын алдына кілт тоқтады. Сол бойда жанында отырған жылпос жігіт шанадан шапшаң секіріп түсіп, кілем жапқан жайлы орында отырған офицерге қолын созып, шанадан түскенін күтіп тұра қалды. Жас Федоров қасқыр ішікті иығымен кейін серпіп, бойын жеңілдеп алды. Бір жанға көз салмай, сыртын суық ұстап, сыздаған қалпы зер пагоны жарқ-жұрқ етіп, шанадан әуелі бір аяғын, сосын екінші аяғын шығарып, ақырын түсті.
Құдайменде, Темірке, Ақсақ Жагор бас боп, сол арада алдынан шығып күтіп алған бар кісінің бәрі жас Федоровтың алдында жел соққан қамыстай жапырылып, иіліп - бүгіліп жатыр. Тілі жеткені орысша, жетпегені қазақша, татарша амандасып:
─ Аман, тақсыр!
─ Здрасти, тақсыр!
─ Ассалаумалейкүм!
─ Добро пожаловать, ваше высокородие!- деп шулап жатты.
Офицер оларға басын сәл изеді де, тоқтамай тұсынан тезірек басып өтіп кетті. «Нәлет атқырлар»,- деді ішінен. Оның ойынша азиялықтар шетінен алаяқ, айлакер, ұры. Бойыңды тартып ұстамасаң, бауырыңа қалай кіріп кеткенін білмей қаласың. Өзін күтіп алған мына шұбар ала топ та бұны алдап соғу үшін әдейі өп-өтірік өліп - тіріліп, иіліп - бүгіліп жатқандай. «Иә, бұлар осылай»,- деп ойлады да, бір жанға пейіл бермей, салған жерден сыртын суытып ала қойды.
Тентек Шодырды жақсы білетін Тәңірберген бір көргеннен - ақ жас офицердің әкесіне қатты ұқсайтынын байқады. Бұ да әкесі сияқты ірі, кесек. Бұның да ат жақты беті сүп -сұр. Бұл да әкесі сияқты сырын сақтап, бірде - біреуге рай бермей, суық томсарып алады. Кішілеу көк көзі кісіге қарағанда, әсіресе, әкесінің көзіне ұқсап, себепсіз тұнжырай қалады екен.
─ Кәпірдің әкесінен аумай қалғанын қараш,- деді Тәңірберген.
─ Апыр - ай де!.. Иттің сідігі қандай асыл еді!- деп қоштады Құдайменде,- жүр, жақынырақ барайық!
Тәңірберген қозғалмады. Басқалардай ол көзге түсуге тырысқан жоқ. Иіліп - бүгілген де жо. Қайта мына көп шуылдақтың қылығы бұның өзіне де ерсі көрінгендей, бетіне мысқыл шауып, мұртынан күліп, бір шетте жалғыз өзі оқшау тұрып қалған-ды. Жас Федоров шуылдаған шұбар ала жиынға тек әншейін жай ғана, немқұрайды көз салып келе жатып, кенет Тәңірбергенге көзі түсті. Қайта қарады. Жалбақтаған қазақ байлары мен татар, орыс көпестерінің ішінде сұлу бойы иілмей, жалғыз өзі оқшау тұрған тәкаппар, паң жігітке қызықтап қарап қалғанын өзі де байқамап еді. «Ишь ты, как степной принц!»
─ Как зовут?- деді Федоров.
Тәңірберген түсінбеді. Соны байқай қойған Темірке елп етіп жетіп барды.
─ Есімің нешік деп сұрайды.
─ Тәңірберген.
─ Қалай? Тан... Тяни...
─ Ваше высокородие... бұл аса бай жігіт. Тәңірберген деген мырза,- деді Темірке.
─ Тян... Тяни-бр-р...
Федоров тілі келмесін білді де, қабағын шытып тоқтап қалды. Жас мырзаға әлгіден артық көз салмай, өзіне күні бұрын алдын ала даярлап қойған үйге барды. Жуынды. Қырынды. Киімін алмастырды. Сол үстіне қасына еріп келген қосшысы - жылпос жігіт кірді.
─ Ваше высокородие, қалай, ұнады ма?
─ А а?..
─ Амал қайсы, Азияның аты Азия. Әсіресе, алғашқы кезде қиын. Кейін бірақ үйреніп кетесің. Сізді бүгін күтіп алған кісілер... Бұлардың бәрі кезінде сіздің әкеңізбен істес болған кісілер. Ептеп тілдескеніңде болатын еді...
─ Ну их!..
Федоров ас - суланып, біразырақ тынышқасын сыртқа шықты. Жылпос жігіт ере шықты.
─ Марқұм әкеңізден қалған... промсол осы,- деді ол теңіз жағалауындағы екі - үш үй мен лабазды көрсетіп.
Федоров төбеге ұрғандай тоқтай қалды:
─ Ты что?.. Шутить изволишь?
─ Не дегеніңіз, мырза?! Промсолдың кемі жоқ.- Федоров сенген жоқ. Сосын қасына Курнос Иванды ертіп, промсолды армансыз аралап шықты. Курнос Иванда ес - түс жоқ. Жас Федоровқа тіл қатқалы оқтала береді де тоқтап қалады. Аузын ашса болды өкпесі аузына тығылады да, демі жетпей бара жатқасын тұтығып, қақалып - шашалып қала береді. Аралға келгелі ішпей - жемей жиған азын - аулақ ақшасы барды. Федоровтан кейін ешкімнің қосын жеккісі келмеген жігіт бес жүз құлаш қара торды сатып алып, ендігі жерге, не көрсе де, өз бетімен жеке талап қылуды арман етіп жүр еді.
─ Қадірлі мырза... Ғұмыр бойы ұмытпайын. Дұғама кіргізіп, құлық боп өтейін...
─ Что - о?
─ Құлың боп өтейін, маған әкеңнен қалған...
─ Не - е?..
─ Әкеңнен қалған ескі қара тор...
─ Тор - р?
─ Иә, тор... невод...
─ Поверенныйға бар! Соған айт!
Иван жүгіре жөнелді. Жас Федоров бала кезде Волга бойынан ірі бай көпестердің талай -талай балық заводын көргені барды. Әкеден қалған мұра солардай жүздеген адам істейтін үлкен өндіріс болмаса да, бұның өміріне жететін біраз байлық өзін алдында тосып тұрғандай көріп еді. Сүйтсе, о, Құдай... әкеден қалған байлықтың сиқы... Небәрі... Болып болғаны... Сонша: жерден ат сабылтып келген еңбегіне тұрмайтын бірдеңе. Федоров келгеніне өкінді. Абырой болғанда, әскери қатал тәрбие тезінен өткен жігіт көңіл күйін қасындағыларға сездірмеді. Осы сапарға өзімен бірге әйелін ала келмей, әкесінің үйінде қалдырып кеткеніне қуанды. Әйтпегенде, бай көпестің ерке, шолжақ қызы бұны мазақтап итін шығаратын еді. Онсызда бұл өз өміріне ырза емес. Кішкентай күннен әке тәрбиесін көрмеді. Оқуға жасы толар - толмаста әкесі бұны Самар қаласында тұратын досына жіберді. Он жылы сонда өтті. Оқуын бітірген бойда бұны әскерге алды. Сонан бері күні де, түні де әскер өмірінің мазасыз, сартыл - сұртылда өтіп, ата - ана тірлігінен шеттеп, бауыры суып кеткенін өзі де сезбепті. Рас, ішер ас, киер киімге тарыққан жоқ. Әкесі артынан ай сайын жіберіп тұрған ақшаның бет - жүзіне қарамай, ретті - ретсіз судай шашты. Өзі судай шашып жүрген ақшаның ана жақта әкесіне қандай қиындықпен түсіп жатқаны жас Федоровтың миына кіріп - шыққан жоқ-ты. Енді бақса... әкесі байғұс, керек десе көзі тіріде адамға ұқсап дұрыс өмір сүре алмапты. Қатын - бала анда, өзі бұнда. Ат аяғы жетпейтін қу дала, құба мекенде, тілі, діні бөлек жабайы халық арасында есіл - дерті мал табам, бай болам деп жанын жалдап жүргенде, ақырында кісі қолынан қаза тапты. Сүйегі далада қалды. Өлігін күл шыққандай, ауыл сыртындағы әлдебір төбеге апарып, тізеден қазған шұқырға көме салыпты. Қабір басына шанышқан ағаш кресті де кейін түйе сүйкеніп құлатып кетіпті.
Жас Федоровқа Шура қатты ұнады. Тек әкесі өлгеннен кейін бейшара келіншек ештеңенің парқын білмейтін қасиетсіз неменің қолына түскен де, қапелімде ұйпалақталып қалған екен. Бұған кездескенде назарын тіктеп қарай алмай, басы иіліп, өңіріндегі түймені тартқылап тұрып қалды. Әкесі сияқты, әйел нәсіліне бұның өзінің де көңілі жүйрік еді. Заманында, Құдай біледі, мына бәлекей келіншек талай еркектің жүрегін дірілдеткен болар-ау деп ойлады. Әкесін мал табудан басқа түк білмейтін тиын қуған қаймана көптің бірі көретін-ді. Сүйтсе, жо - қ, о да әйел нәсілінен салымсыз болмапты.
Жас Федоров езу тарта түсті де, тез тыйыла қалды. Жылпос жігітті қасына шақырып алды:
─ Балықшы киргиздар қайда тұрады?
─ Ана жақта... Жар басында.
─ Көп пе?
─ Жетеді... жүзден астам үй. Ваше благородие, барып көргіңіз келсе...
«Қайтып кетсем бе екен?»- деді Федоров ішінен. Көңілі құлазып тұр. Келгеніне өкінді. Осы сапарға аттанарда өзін ана жақтағы жолдастарының қалай шығарып салғаны есіне түссе бетінен оты шығады. Рахаты аз әскер өмірінің сарт - сұртында күзетке бірге тұрып, қызға бірге барып, күні де, түні де бірге өтіп жүрген өңкей сарала иық жас офицерлер жүретін күні бұны бәрі қаумалап жолаяқ жасатты. Арақ судай ішілді. Шекесі қызып алған желөкпе жас немелер әкесінен қалған иен байлыққа кенелгелі бара жатқан бақытты жігітке қызығып, бәрі көтермелеп, қолпаштап бақты. Әрі - берідесін бұны өз атымен атамай, бірде Ротшильд, бірде Рябушинский, Рокфеллер деп, әкесінен қалған байлыққа әлден қалтасын қалыңдатып жатты. Бұған бәрінің бауыры бітіп, бәрі дос, қанды көйлек жолдас болуға жанын салып, өліп-өшкен еді. Бұнысы жас Федоровқа ұнады. Былайғы кезде қабағы ашылмай, тұнжырап жүретін көк көзде күлкі ұшқындады.
Бұл жүрген күні сырт аяз еді. Орнынан жылжып, қозғалып бара жатқан пойызға шаққа үлгерді. Қанша күн жүргені есінде қалмапты. Әйтеуір, жол ұзақ болды. Күн жүрді. Түн жүрді. Ұйқыдан тұра сала ұмтылып тұсындағы терезеге қарайды. Қашан қараса да терезенің арғы жағы аппақ ақ қар. Сарылған ұзақ жол. Өмірі көрмеген ел. Қарт Азия. Киіз үй. Әлдебір Арал теңізі. Қырғыз-қайсақ елі. Әкесінен қалған мұра. Ағыл-тегіл байлық...
Араққа қызып алған офицерлер бауыры бітіп бара жатқандай, бұны бірінен кейін бірі құшақтады. Бір құшақтан босаса, екінші, үшінші құшақ жабысып, оңашалап шетке алып шығып, соңыра қарызға ақша берерсің деп қиылған еді.
Енді... Енді, міне... ана жақта жолдастары қалыңдатып жіберген қалтасын, бұл жақта өзін күтіп алған әлгі алаяқтар алдап соғып, қу тақырға отырғызып кеткендей. Жас Федоров сол күннің ертеңіне төсектен тұра сала жылпос жігітке:
─ Атты даярла,- деді.
─ Ay, мырза... Бұныңыз қалай? Ертең торг... Басы - қасында болғаныңыз дұрыс қой.
─ Басы - қасында өзің бол! Мен қайтам.
Іле - шала қос ат жеккен жеңіл шана үй алдына кеп тоқтады. Көлдей қасқыр ішікке оранып алған жас Федоров жан адаммен қоштаспай, ат шананың жез қоңырауын сылдыратып жүріп кетті. Алда ұзақ жол!
* * *
Кәлен күн кештете Көлқора табанында отырған үйіне келген-ді. Бірер күн балалардың қасында боп, мауқын басқасын Шалқарда түрмеде жатқан Еламанға барып қайтпақ болды да, ұзақ жолға мінетін торы атты таң асырып, кір - қоңын жудырып жатқан. Әдетте, үйде отырғанда үстіне келі түйіп жатса да қыңқ етпейтін Кәлен, қашанда от басына тыныш. Балалар әкесін сағынып қалған екен. Әсіресе, кішісі - Кәленнің өзіне тартқан шот маңдай, шүңірек көз қара бала кешеден бері әке қасынан екі елі шыққан жоқ.
─ Ой, ит - шошқа,- деді Кәлен - Жаман неме... Кімге ұқсап елжірек болған...
─ Қайдан білейін, осы балаң сен дегенде шығарда жаны басқа,- деді Жамал.
─ Жаман ит, не біліп жақсы көреді екен?
─ Сорлы бала, сен келгелі жапырағын жайып, бір жасап қалып еді. Ертең сен кеткесін тағы да жүдеп қалатын болды. Еламанмен дидарласқасын босқа жата бермей, тезірек қайтарсың.
Жамал бір еркектің орнына жүретін қайратты әйел, Кәлен көбіне түзде жүргендіктен бұл үйдің бар шаруасы бір өзінің мойнында. Отынын, шөбін шабады. Балаларын бағады. Малын жайлайды. Жайшылық өмірде үй ішінің тірлігі қаперіне кіріп - шықпай, өмір бойы әйеліне арқа сүйеп, ат үстінің сарт - сұртымен жүрген Кәлен өзі жоқта от басында не боп, не қойып жатқанын ойлаған емес-ті. Кейде шырқап алысқа кетіп, ат арқасында айлап жүріп қалғанда да, бұл артында өзінің бар- жоғын ойлатпай, от басын құстың ұясындай көңірсітіп ұстап, бауырындағы балаларға қамқор, қайырымды ана болғасын ылғи да бойдақ адамдай етек-жеңін кеңге салып, мүлде қаперсіз жүретін. Балықшылармен қос болғалы бұл тіпті ат ізін салмай кеткен-ді. Кәлен әйелін шын аяды. Бүгін төсектен тұрғанда жолға шыққанша Жамалға қолғабыс бергісі келіп еді. Қолдағы аз ғана қара -құраға көз қырын салып, қораның қиын ойып, көңін сыртқа шығармақшы еді. Бұл ойдан да ештеңе шықпады. Үй ішінің тірлігіне келгенде әдетте кежегесі кейін тартатын да тұратын ыждағатсыздығы әсер етті ме, әлде, кім білсін, шай үстінде басына қайдағы-жайдағы ренішті бірдеңелер келді де, көңілі аяқ астынан ит талағандай болды. Шайға да зауқы шаппай, кесесін төңкере салды. Өзіне көлденеңнен көз тастаған әйелінен назарын бұрып әкетті. Аузына қайдан түскенін, ішінен: «Әй, осы ит өмір!»- деді. Айтса да, өмірін ат үстінде өткізді. Қасына қара ертпей, жалғыз жортып ел асып, жер асып, оты, суы бөлек өзге жұрттың желісін қиып нар алды, аруана алды. Бір елдің маңдайына балаған сәйгүлік жүйрігін алды. Ол жесірдікі ме, жетімдікі ме, оны ойлаған жоқ; зар еңіреп қалған сорлының ол кездерде бұл обал-сауабын ойлап басын қатырды ма? Керек десе, көз жас пен қарғысқа да шайтаны селт етпей, тек жетегі мен қосарының мол болғанын ойлапты. Ол кімге ырыс, несібе болды? Қай мұратына жетті? Қаратаздың қорасын малға толтырса толтырған шығар, ал бірақ ерлігімді елге танытам деп жүріп қанша жұрттың көз жасы мен қарғысын арқалағанын ойлады ма?
Кәлен ертеңіне де ауыр ойдан айыға алмады. Шайдан кейін көңіл күйін бір кез домбыра сазынан іздеп, қос ішекті саусақ ұшымен шертіп отыр еді, үй сыртынан ат тұяғының дүбірі шықты. Жалма-жан тұсындағы терезеге созылып, сыртқа көз тастап еді, тасырлатып шауып кеп үйге ат тұмсығын тірей тоқтаған бір топ кісінің түрін ұнатпады. Ішінде - Құдайменде, Ебейсін. Құдайменде қора жаққа қамшысын сілтеп, тіл қатып еді. Төрт - бес кісі аттан домалап түсе - түсе сала, шабалаңдап үрген иттерді қамшымен жасқап, мал қораға ұмтылды.
─ Сен отыра тұр,- деді Жамал,- мен барып біліп келейін.
─ Білетін ештеңесі жоқ, мынау - жау.
Бұл үстіне бірдеңе ілем дегенше есікке жақын отырған Жамал желең бойымен сыртқа жүгіріп шығып еді. Мал қораның аузы аңқайып ашылып қапты. Таң асырып қойған Кәленнің торысын біреу жетелеп әкетіп барады екен.
─ Азаматтар - ау, бұларың қалай? Тал түсте малымызды талауға салғандай біз не жаздың?
Аналар әйелді жыр демеді. Жамал мына лаңның басқа емес, Құдаймендеден келгенін білді де, ат үстінде шіреніп отырған болыстың шылбырына оратылды.
─ Азамат емессің бе, тоқтатпайсың ба мыналарыңды?!- Болыс Ебейсінге күңк етті:
─ Не істеп жүрсіңдер? Мына қатын аяққа оратылып... Ебейсін қамшысын көтеріп Жамалға ұмтылды.
─ Кәлен, қайдасың?
─ Е, ол не істейді бізге?!- деп Ебейсін атын омыраулатып келді де, қатынды қақ бастан тартып жіберді. Жамал бетін басып отыра қалды.
Кәлен іштен дәл осы кезде шықты. Оны үйде жоқ деген оймен еркін кетіп жүрген жігіттер алып денелі, бұжыр қара кісіні көргенде жетектегі малды тастай сала аттарына жүгірді. Олармен Кәленнің ісі болған жоқ. Үйден атып шыққан бойда ол бірден Ебейсінге тап берді.
Құдайменде аттың басын асығыс бұрып, сырттап жөнеле берді. Тек былайырақ ұзап шыққасын Кәленнің жалғыз және қарусыз, құр қол екенін көрді де, ат басын тартты. Сол екі арада жігіттер де есін жиып, Құдайменденің төңірегіне жиналып қалған еді.
─ Қаптаңдар!
Кәлен тізесіне салып мыжғылап жатқан Ебейсіннің үстінен атып тұрды. Бірақ құр қол екені есіне түсіп, айналаға асығыс көз тастап еді, қамыс қораға сүйеп қойған жиде қадаларды көргенде қуанып кетті; ытқып барып соның жуандау бірін ұстады.
Құдайменде жалғыз болғанмен Кәленді ала алмасын білді де, өңкиген ұзын қараға: «Мойнына арқан таста»,- деді. Жігіттер екіге қақ бөлінді. Қамыс қораға арқасын тіреп тұрған Кәленді екі жақтан ортаға алып, бірақ бата алмай аңдысып тұр еді, әлгі имек қара астындағы аң жал айғырды тебініп, құрың бойы жақындап келді де ер үстінен көтеріле бере қолындағы қыл арқанның тұзақтаған басын Кәленнің мойнына тастап жіберді. Сүйтті де арқанның қолындағы ұшын тақымына баса сала аттың басын жалт бұрды. Кәлен жан -дәрмен арқанға жармасты. Бірақ салған жерден сығып ала жөнелген қыл арқанды мойнынан шығара алмай, ағыза жөнелген ат соңында бір құлап, бір тұрып сүйретіліп бара жатты. Құдайменде ат үстіндегі ұрысқа мықты еді. Қолы да қарулы. Ағызып кеп қамшымен Кәленді қақ бастан тартып өтті. Келесі соққы тіпті қатты тиіп, көзі қарауытып бара жатқанын білді.
Бір кезде есін жиды. Қол - аяғы байлаулы. Кішкентай екі баласы қасынан кетпей дірдектеп жылап жүр. Жамал да анандай жерде ақ қарда қол - аяғы байлаулы бұған басын көтеріп қарады.
─ Тірі екенсің ғой.
Қамсыз отырғанда қапы қалғанына күйінді ме, қатын - бала алдында көрген мына зәбір жанына батты ма, Кәлен әйелінің бетіне қарай алмады.
─ Мына ауылға жүгір,- деді Жамал қасында шырылдап жүрген балаларына.
Кәлен дыбысын шығармай тістеніп алған. Мынау бұның бұл тірлікте өзіндей жұмыр басты адамнан көрген жалғыз қорлық еді. Анада балықшыларға кәсіп іздеп өз аяғынан баруын барса да, бұл әлі де болса баяғы өмірді аңсап, кейде көз қиығы төр жақта ілулі тұрған жуан дойырға қадала қарап отырғанын байқап қалатын. Мынадан кейін Кәлен биыл жаз шығып, жер аяғы кеңігесін үй ішін балықшылар аулына көшіріп алатын боп нық байламға келді.
* * *
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
  • Büleklär
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 01
    Süzlärneñ gomumi sanı 4234
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2213
    35.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 02
    Süzlärneñ gomumi sanı 4311
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2350
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03
    Süzlärneñ gomumi sanı 4358
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2253
    36.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    59.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 04
    Süzlärneñ gomumi sanı 4384
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2289
    34.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 05
    Süzlärneñ gomumi sanı 4376
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2203
    36.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 06
    Süzlärneñ gomumi sanı 4354
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2252
    36.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
    Süzlärneñ gomumi sanı 4273
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2321
    35.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 08
    Süzlärneñ gomumi sanı 4440
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2342
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 09
    Süzlärneñ gomumi sanı 4337
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2300
    34.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 10
    Süzlärneñ gomumi sanı 4424
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2321
    34.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 11
    Süzlärneñ gomumi sanı 4374
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2358
    34.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 12
    Süzlärneñ gomumi sanı 4338
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2276
    35.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    59.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 13
    Süzlärneñ gomumi sanı 4317
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2242
    34.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 14
    Süzlärneñ gomumi sanı 4349
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2183
    36.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    61.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 15
    Süzlärneñ gomumi sanı 4346
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2207
    35.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 16
    Süzlärneñ gomumi sanı 4392
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2311
    33.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 17
    Süzlärneñ gomumi sanı 4106
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2256
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.