Latin Common Turkic

Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03

Общее количество слов 4358
Общее количество уникальных слов составляет 2253
36.3 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
51.0 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
59.4 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
─ Қой ері! Жер бетінде Қаратаздан басқа жақсы құрып қалды дейсің бе?! Қанша мақтасаң да, сол Қаратаз дүние боғын домалатқан қара қоңыз емес пе?!- деп ақырып тастады. Мына залымның ертең бұның сөзін бұлжытпай Құдаймендеге айтып барарын білді. Біле тұра соны әдейі айтты. Кесек денелі Кәлен қалың күпі жамылғанда үй ішіндегі кісілердің бәрінен иығы асып, дастарханның бір шетінде қырындап отырып, үлкен бас шекерді тізесіне қойып, шапашотпен асықпай жарпақтап шауып түсіріп жатып:
─ Құдай өзі берген жанын өзі алар. Соңырағы күні зауал шағымда менің жан аларым Қаратаз болса, қайтем, пешенемнен көрермін. Жеткізер болсаң, әй, залым, осы сөзімді де жеткіз,- деп бойындағы бар ызғарын баяғы бала жаста оспа жеп тастаған қара сұр бұжыр бетке жиып, әсіресе осы тұста Ебейсінге қадала қарап айтып еді. Дуалы ауыз емес пе, сол сөз қапелімде ел арасына тарап, Қаратазды кеміткісі келгендер оны қазір «Дүние боғын домалатқан қара қоңыз» деп мысқылдап күліп жүрген. Әсіресе, болыс сайлауына түскен бақталастар жағы Кәленнің осы сөзін оңды-солды айтып, Қаратаздың қытығына тиіп болған-ды.
─ Кәне, сен ер болсаң ел арасына таратып жүрген сөзіңді өзіме айтшы! Осы қазір айт!
Кәлен етігін киді. Күпі сыртынан қайыс белбеуін буды. Сосын қамшысы мен тымағын қолына ұстады да, Қаратазға бұрылды. Кеждікке біткендей кішкентай құлағының ұшы дуылдап баратты.
─ Мен саған адал көңілмен келіп едім. Сен сыртыңды беріп отырсың. Өкінерім жоқ. Уа, жалынбаймын да. Ал, бірақ... ел арасының өзің туралы не ойлайтынын айта кетейін.
─ Сен осы не дей - туң? Не деп оттай - туң, а?
─ Мен оттап отырғам жоқ. Ел арасында көтіңді өзің боқтап алып отырсың. Ертең болыс сайлауында аяғың аспаннан келгелі тұр. Саған соны айта келдім.
Құдайменде Кәленнің ін түбінен, әріден қадалған көзіне жасқанбай тура қарады:
─ Ой, сорлым - ай! Бұрын бір ұры досым артық болатын, енді көп болса, бір ұры жауым артық болар. Менен қашқан кісілердің бәрі жар басындағы жаман балықшыларды сағаларын білем. Сен де ендігі жерде маған кезеген ағаш оғыңды сол жақтан атарсың. Бар, жолың ашық!
─ Е, барса қайтеді? Барам. Қосылам, - деп Кәлен, жаны кіріп қоя беретін ежелгі ақкөз ерлікке басып, қолындағы жуан дойырды сығымдап қысып алды.- Ендеше бар- ау, мен сені өз отыңның басында, қатын-балаңның көз алдында...- деді де, орнынан атып тұрды. Ол тап қазір иесіне түскен ызалы бүркіттей, ірі қара кісінің үстіне төніп қалып еді, Құдайменде есіктің ар жағында тұрған жігіттерге айқайлап:
─ Әй, қайдасыңдар, мына ұрыны байлап тастаңдар!- деп еді, есік шалқалап ашылып, ішке еңгезердей екі жігіт кіріп келді. Құдайменде орнынан тұрам дегенше, Кәлен оны қақ бастан тартып жіберді де, әлгі жігіттерге өзі тап берді. Олар да осы ауылдың қарулы, ұр да жық жігіттері еді, бірақ жылан көз, бұжыр қараға бата алмай, бөгеліп қалды. Кәлен оларға ес жиғызбай, жуан дойырды үйіріп, төбесінде ойнатып:
─ Өлгілерің келмесе, жолымнан кет былай!- деп аңырғанда, ана екеу жалт етіп, босағаға жабысып тұра қалды. Кәлен сыртқа атып шықты. Торы атқа тақымы тигесін асықпай, тебініп жүріп кетті. Бұжыр қараға бұл ауылдың иттері де бата алмай, бөксесін үйге тығып үрді.
* * *
Құдайменде дәл бір тас тиген жыландай, көпке дейін отырған орнынан қозғалмады. Жаңа басын қорғамақ болғанда, Кәленнің қамшысы оң қолының топшысына тиіп еді; сүйегі сынғандай білегі, қары, бүкіл бір иығының басы ұйып, қолын көтертпеді.
─ Құдеке - ке... Құдеке, қалайсыз?- деп, есін жиған жаңағы екі жігіт қасына келіп еді:
─ Шық!.. Шық үйден, өңшең ез!- деді Құдайменде. Жігіттер жұмған аузын ашпай, сүмсиіп шығып кетті.
Құдайменде үстіне кірген әйеліне де үндемей, киімшең бойымен теріс қарап жатып қалды. Өзіне салғанда бұған болыстықтың түкке керегі жоқ Қоралы қойы, өрісте мыңғырған малы, жиған-терген байлығы бір басына жететін-ді. Жөніне тыныш қарап жүрмей, қайдағы пәлені бастаған софы ағасы. Оны Тәңірберген қостап, екеуі екі жақтап жабысты да, бұл лажсыз көнді. Басында құлықсыз болса да, бел байлап түскесін бұның өзіне де жел бітті. Ала-бөле кейінгі күндері басқа шаруаның бәрін жиып тастап, болыс сайлауына құлшынып кірісіп еді. Жаңағы ұры, көрмейсің бе, «ертең аяғың аспаннан келеді»,- деп зіл тастап кетті. «Десе қайтеді, дей берсін, шындап кіріссе халық қимаған сол болыстықты, бұйырса, бұған ақтылы ала қойы алып бере - туң»,- деді Құдайменде. Осыдан кейін өзіне сенім пайда болғаны сонша, ол енді шынымен-ақ болыс боп сайланып қалғандай күшке мініп: «Сендермен сонда сөйлесермін. Сен, Кәлен, сен, Еламан, тұра тұр! Соңыра бойларыңды көздетіп, қазынаның қолына бір берсем... торлы терезенің ар жағынан мойныңды созып тұрғандарыңды көрсем еді!..»- деді ішінен.
* * *
Ойхой, теңіз жайында әңгіме шерткен қандай ләззат?! Құй өзің сөйле, құй өзгені сөйлетіп қойып, жиын арасында ұйып тыңда мейлің. Өзің сөйлесең де, сен, бәрібір, бір құлағыңды қауқылдаған көптің әңгімесіне тігіп қоясың да, ар жағыңды қыштап тұрған ойыңды ортаға саласың. Өзіңнің айтатының да, өзгеден есітетінің де баяғы бір ескі жыр. Биыл балық талабы қалай? Тереңге неге кетті? Тайызға қашан соғады? Күн қызарып бұлтқа батты, ертең аспан ашық бола ма? Жел бола ма, жоқ па?
Райдың үйіне жиналған балықшылар бүгін де теңіз жайын, балық жайын, ауа райын әңгімелеп, әр саққа жүгіртіп жатыр еді, аттылы біреу кеп есік алдына тоқтады. Дүрс етіп аттан түсті. Шылбырын босағаға байлай салды да, сәлем беріп кіріп келді.
─ Ағажан, отырыңызшы! Жаман үйді мойныңмен іліп әкетерсің,- деді Рай күліп.
Кәлен жас жігіттің әзілін құлағына да ілген жоқ, ішке кірген бойда бірден Еламанға жетіп барды:
─ Шаруам сенде. Қысқасын айтқанда, кәсіп іздеп келдім.
─ Ау, ағасы - ау, біз адал кәсіппен күн көріп жүрген ауылмыз ғой. Сізге лайық кәсіп...
Кәлен Райға жалт қарады. Әр талы айғыр жалындай сұйқылтым мұрт тікірейіп, қара сұр бұжыр бет қатты бұзылып кеткен екен. Мұның арты бір шатаққа апарып соғарын білген балықшылар сақтанып, бәрі бойын дереу жиып ала қойып еді, Кәлен күтпеген жерден күрт жадырады:
─ Ой, күшік. Бала ғой деп жүрсем, сен де башайдан тартуға жарап қапсың ғой.
Жұрттың арқа - етегі кеңіп сала қойды.
─ Шаруаңды айт!- деді Еламан.
─ Саған кісі керек дейді ғой.
─ Иә, керек.
─ Ендеше, мені жұмысқа ал!
─ Қаратазың қайда?
─ Әй, бала, өткенді қазбалап қайтесің? Олай десең, бір кезде сен де сол таздың қосын жеккенсің. Өзіңе мұз оятын адам керек пе?
─ Ал, керек.
─ Ендеше мені ал!
─ Шодырға бар... Билік сонда.
─ Міне сөз! Қаратазды қайтесің?! Ендігі жерге сендермен бірге қарашекпеннің де қосын жегіп көрейік. Әуселесін кейін көре жатармыз.
─ Уә, болыс кім болды?- деді Есбол қария.
─ Болысың - Қаратаз!
─ Ой, Құдай - ай!.. Бақыттың да көзі соқыр сорлы екен ғой,- деді Рай.
Есбол қария мырс етті:
─ Уә - ә!.. Итсигек екеш итсигек те мәуелеп өседі - ау бір... Балықшылар жамырап сөйлеп кетті:
─ Енді оңарсың. Олай бассаң Қаратаз, былай бассаң қарашекпеннің байы...
─ Е, Құдайым! «Бақ адасса, батпаққа қонады»...
─ Қой әрі! Сол шіркіннің де құны төмендеп кетпеді ме?.. Татар байының дүкеніндегі қызыл ала кездеме сияқты, қалтасында пұлы бар қазақ бақты да сатып алып жүр ғой.
Еламан әңгімеге араласпады. Құдайменденің жайы бұған белгілі. Мың жерден болыс болса да, ендігі билік жас мырзада. Құдайменде оның қолындағы қара шоқпар ғана. Сілтегенде зілдірек тию үшін ағасын әдейі болыс қып отыр.
─ Қора-қора қойлардың арқасында Қаратаз да кісі санатына кірді... Қатарға қосылды,- деп еді Дос, Еламан:
─ Қой әрі! Ол таз қой баға білді. Бірақ халық қой емес еді ғой. Көрерміз әуселесін,- деді.
─ Жақсы айттың - ау, балам,- деді Есбол қария. Сәл үндемей отырды да, өзінің әлгі бірде жұмбақтап бастаған ойына қайта оралып,- Естеріңде бар ма, балалар... Қатындар күзде сабын қайнатамыз деп итсигек шауып, күл ғып өртеп жататын еді ғой. Қаратазды да тосқан алдында күзі бар шығар,- дей бергенде, сырттан бір оғаш дауыс шықты.
Мынау не аңның ұлығанына, не адамның күңіренгеніне ұқсамайтын дауыс. Әйелдің жоқтауына да келмейді. Ер кісінің гөй-гөй, азалы дауысы да емес. Не де болса, мынау салған жерден кісінің сай-сүйегін сырқыратып, жанын шығара бебеулетіп ала жөнелген зарлы үн оқыс шықты да, құлақта ұлып тұрып алды. Бірде ішін тартып соққан күзгі қара суық желдей уілдесе, енді бірде ботасын жоқтап, тұлыпқа боздаған інгендей ақырап кетеді. Қайдан шықса да, салғаннан қара түнді қақ жарып, күңіреніп шыққан сұмдық үннен бұндағылардың төбе құйқасы шымырлап кетіп еді.
─ Ой, әттеген - ай! Мынау Әлизаның даусы ғой.
Ешкім үндемеді. Үйткені бұнда отырған кісілердің бәрі қарт әйелдің даусын білетін. Ал, мына дауыстың түрі басқа. Сонан келе жұрттың есіне осы ананың әл үстінде жатқан баласы түскен-ді.
* * *
Жұрт дүрліге көтеріліп, сыртқа шықты. Әншейінде аяғы ауыр Еламан да орнынан атып тұрды. Көйлекшең. Жалаңбас. Жолындағы кісілерді қаға-маға жұрттан бұрын сыртқа атып шыққан-ды. Тастай қараңғыда көзі түк көрмесе де, аңырап дауыс шыққан жақты бетке ұстап жүгіріп келеді.
Қазалы үйге басқалардан бұрын жетті. Тек кірер жерде әлденеге именгендей кілт тоқтады да, қайта жүрді. Онда да алдына осы ауылдың үлкендерін салып, өлік жатқан үйге аяғын ұшынан басып, ақырын кірді. Мөңкенің үйіне кісі қара қапелімде толып қалды. Соқыр шам есік жақта сығыраяды. Сығыр сәуле ішке кірген кісілердің аяғына түсіп, сатырлаған қайыс етіктердің ақжем тұмсығын бозғылдауға ғана жарап тұр. Және қазанда қайнаған судың буынан бірде - біреудің бет-жүзі жөнді көрінбеді. Ал, әрегіректе тұрған кісілер қарауытып, ауыр қаза астында еңсесі түсіп мүлгіп қалған.
Еламан Есбол атасы бастаған шалдарды төрге өткізіп жіберді де, өзі есік жақта, елеусіз көптің арасында тұрып қалды. Ішке кіргелі Әлизадан көз айырған жоқ. Әлиза әлі де болса, баласының өлгеніне сенбейтін сияқты. Кісі - қара келгелі жылауды қойған. Жасын да тыйыпты. Жалғыз баласын оң жаққа салып қара жамылған анадай емес, мына түрі құдды ауру баласы ұзақ шеккен азаптан кейін, қазір, шүкір, тәуір болып, тап осы қазір көзі ілініп кеткендей. Топырлап кіріп жатқан мына кісілер бұған көңіл айту үшін емес, қуанышына құтты болсын айтуға келіп, үй-іші абыр - сабыр болып жатқан сияқты. Сондай әлсіз үмітке ана шынымен алдарқатып, өң мен түстің арасындай есірік халде есін жия алмай отырғандай. Басынан сыпырылып түсіп кете беретін жаулықты жөндеп қайта тартпақ боп әлек. Бірінен кейін бірі келін жатқандарға ілтипат көрсеткісі келгендей, елпілдеп ұшып тұрғысы келе ме, орын ұсынғысы келе ме, қалай? Өзіне қалғанда ұшып тұрар еді. Бірақ екі әйел екі жағынан тырп еткізбей, етегінен басып отырғанына түсінбей оларға алақтап қарай береді. Бұрын бұған түсінікті нәрселердің бәрі бүгін неге бұлай түсініксіз бола қалғанына ақылы жетпей дал боп, әркімге бір алақ-жұлақ қарап отыр еді. Рай мен Дос табытта жатқан баланың бетін жауып, сыртқа алып шықпақ болғанда, қарт ана қапелімде есін жиып ал қойды.
─ Ойпырым - ай!..
Жаны ышқынған қарт ана әлгі әлгі ме, енді қатты өкіріп, жас жуған бетіне тырнақ салып, қанын ағыза осып - осып алды. Қанша кісі жабылса да, күйік көтерген әйел қолда тұрмай, «Жан ботам - м!»- деп зарлап, табытқа қолын созып ұмтыла берді де, құлап түсті. Жыламаған жан қалмады. Еламан да жылады. Үш - төрт жігіт жылап жүріп, ес - түссіз жатқан әйелді көтеріп апарып төсекке салды. Балықшылар басы салбырап мүлгіп қапты. Әйелдер жаулықтың шетімен аузын басып, үнсіз егіліп жас төгеді. Tөp жақтан Құран оқыған қартаңдау біреудің мыңқылдақ мақамы естіледі.
Әлиза оқтын - оқтын тұрғысы келгендей, қолымен ауа қармап, «а - аһ!..»- деп қайта құлайды. Мөңке табытта жатқан баланың бетін жабарда өкіріп, теріс қарап құлай кеткен-ді. Сонан қайтып қыбыр етпеді. Жұбатпақ болған бірде - бір адамның сөзіне құлақ аспай, дүниеден түңілгендей боп жатқанда қасына Есбол қария кеп отырды. Тіл қатқысы кеп оқтала түсті де, тамағына жас тіреліп тоқтап қалды. Сосын біраз отырып барып:
─ Уәй, Мөңке,- деп өктем тіл қатты,- уа, жарқыным, басыңды көтер! Құдай өзінің бергенін өзі алды. Алланың әміріне қай пенде араша боп еді? Сен неге төңірегіңе қарап, тәубаға келмейсің?! Уа, мен сенен кем бе едім? Сен өлген балаңа жылап жатырсың, менің, тым құрыса, молада да тілекшім жоқ екенін неге ойламайсың,- деп өмір бақи тірі жанға тісінен шығармай, өзегін өртеп жатқан ащы сырды - өзінің баласыз, жалғыз, қу бастығын айтты да, тоқтады.
Мөңке басын көтерді. Күш шақырып, шынтағы астына қойған жастыққа сүйеніп отырды. Сол күні шалдар Әлиза мен Мөңкенің қасында қалып, қалған жұрт үйді-үйіне тарады.
Еламан өзімен бірге сыртқа ере шыққан Ақбаланы байқаған жоқ-ты. Сонан тек үйіне жақындағанда арт жағында солқылдап жылап келе жатқан әйел даусын естіп, тоқтай қалды. Ақбала жаулық шетімен аузын басып апты. Өзін тосып қарайлап тұрған күйеуін қасына келгенде көріп, өкіріп иығына құлай кетті. Еламан жұбатқысы келсе де, бірақ аузына сөз түспей, құшақтап бауырына тартты. От жанбаған үй ызғып тұр екен. Бұлар шам жақпады. Қараңғыда сырт киімдерін шешіп, пеш түбіндегі жер төсекке қисайды. Ақбала бұған сыртын беріп, ары қарай аударылып түсті. Сонан қайтып қыбыр етпеді. Еламан оны ұйқтап кеткен болар деп ойлады. Көзіне ұйқы оралмай, ұзақ жатқан-ды. Бір кезде қарсы беттен сәл жел тұрса да сықырлап, маза алып болатын «жылауық немені» әлдебіреу ақырын ашып ішке кіріп келе жатты. Еламан басын көтерді. Қараңғыда кісі рабайсыз үлкейіп көріне ме... Еламан өзіне қарай келе жатқан мына кісінің репетінен сескеніп, қолымен маңайын сипалай бастап еді:
─ Мен ғой... Сыртқа шығып кетші,- деді ішке кірген кісі.
Еламан «Сары баланы» даусынан таныды. Оның мезгілсіз уақытта келісінен секем алса да, сыр берген жоқ. Көрпе астында қол-аяғын бауырына алып тып-тыныш жатқан Ақбалаға мойнын созып қарады да, қараңғыда қолына іліккен киімді иығына іліп, Сары баланың соңын ала сыртқа шықты.
Бірақ Ақбала ояу еді; есік жабылған бойда ұшып түрегелді. Жалаң аяң. Жалаң бас. Табанын қарып бара жатқан мұздай еденді қорғалақтап басып, есікке жетті. Аттай тулап кеткен жүрегін қолымен басып, жаңағылардың соңынан жабылған есіктің саңылауынан сыртқа көз салып еді; әлгі екеу ұзамапты. Есіктің ар жағында бұған сыртын беріп тұр екен. Ақбала Еламанның бір кісіге еркін әлі жететін қарулы екенін білсе де, бірақ мынау да осал емес сияқты. «Курнос Иван емес пе екен?» деп ойлады. Осы бір кәржік мұрын қара орыстан қорқатын. Сыртқа құлағын тігіп еді, ызғырың жел олардың сөзін дұрыс есіттірмеді. Мыналардың сөзінен бар ұққаны - жаңа сайланған болыс Тентек Шодырда қонақ боп кетіпті. Бұған орай Еламан «оның маған оқ атпаған күні бар ма?..»- деді. Бұдан кейінгі сөз естілмеді. Тек, әйтеуір, бір аңғарғаны мынау кім де болса, бұларға жау емес. Жылы төсектен желең шыққан Еламан жел өтінде ұзақ тұра алмай, үйге арқасын беріп жақындай түсті. Ақбала енді мыналардың сөзін анық есітті.
─ Федоров ертең бес жүз құлаш қара тормен бәріңді мұз үстіне шығарғалы жатыр.
─ Мұз әлсіз емес пе?
─ Оны мен де айттым. Бірақ Федоров тыңдамады. Сақ бол!
Ақбала жүгіріп барып төсегіне жата қалды. Күйеуіне төнген қандай да бір қатерді жүрегі сезіп тырп етпей, тып-тыныш бола қалды. Еламан көрпе астына кіріп, аяғын ақырын көсіле беріп еді, әлгінде ғана мұздай жер басқан әйелдің аяғына аяғы тиіп кетті.
─ Сен ояу ма едің?- деді Еламан. Ақбала аударылып түсті. Үн-түнсіз құшағына кіре берген әйеліне бұл да шұғыл ұмтылды. Жас мырза келіп кеткелі түсі кірмей, томсарып жүрген Еламан осы жолы тағы да тар төсекте қалай табысып қалғанын байқамады. Өкпе -кінәнің бәрін ұмытып, бұл шақта құшаққа сыймай бара жатқан әйелдің толық денесін ақырын бауырына тартты.
─ Жаңағы кім?
─ Қайтесің?! Өзіміздің адам.
─ Өзің... болғанда ол кім?
Еламан қалай түсіндірерін білмей, іркіліп қап еді. Жаңа ғана Ақбаламен екеуін бір- біріне жақындатпай, тіреп тұрған сыйымсыз қарынның ар жағынан әлдене бұлқынып қалды. «Ой, тентек!..»- деп, Еламан әр кездегідей, ет - бауыры елжіреп кетті. Өзін бірден баурап алған осы бір ыстық сезім Ақбалаға әбігер әкелген әлгі сұрақты да ұмыттырып жіберіп еді. Бұның отбасына таяу арада Ақбала мен өзінен басқа тағы бір тәтті тірліктің дүниеге келетінін ойлап, осыдан қашан көзі ұйқыға кеткенше күлімсіреп жатты.
Ол оянғанда үй іші әлі қараңғы еді. Ұйқысы қанбапты. Зіп-зілдей бас көтертпей жастыққа тартып жыға бергесін, ұйқы қысқан көзін жұма түсті де, іле қайта ашып алды. Түндегі ауыр қаза есіне түсті. Бықырсыған ауасы тар бөлмеде өлікті ұзақ ұстау қиын. Қалай да бүгін жерлеу керек. Соның қамына жедел кірісіп, қабір қазатын қарулы жігіттерді ауыл сыртындағы қара молаға жөнелту керек. Күрек, кетпен сайлы болмаса тоң жерді қазу да оңай шаруа емес. Айтпақшы, орыс байына барып, бір күнге пұрсат сұрап алу керек екен -ау?
* * *
Бұл өз басы Құдаймендеден қай кезде де жақсылық күткен емес-ті. Оның болыс болғаны басқадан бұрын алдымен балықшыларға сор боларын білген. Бірақ бұларға қаны қанша қатса да, жаулыққа тап осылай шұғыл кірісе қояр деп ойлаған жоқ-ты. Сары бала сақтандырған түндегі әңгімеден кейін орыс байына салып ұрып бірден жетіп баруға тайсалып, әуелі Курнос Иванды баспалдақтап көргісі келді. Бұл келгенде Курнос Иван ас ішіп жатыр екен. Есікті ашар - ашпаста үй ішінен қазақтар жиіркенетін қышқыл капуста мен күлімсі қандала иісі мұрынға келді.
─ А, Еламан... Еламанушка, кел! Кел!- деді Курнос Иван; ол, бірақ астан басын алмай, түннен қалған балықты қарпытып асай берді. Екі шықшытын сидалап толтырып апты. Таңырайған танауы балық шайнағанда, әсіресе, қатты шуылдап, жампаңдап жатып:
─ Неге келгеніңді білем. Сен... Иә, сен әуелі Федоровқа бар. Тек абайлап сөйлес,- деді.
Түн асқан кебіртек балықты жұтпақ болғанда, түйілді ме, әлде қақалды ма, көзінен жас ыршып кетті. Еламан Курнос Иваннан шыға салысымен тура Федоровқа барып еді; орыс байы тұрған екен. Ауызғы бөлмеде ас даярлап жатқан келіншек ісін қоя салып, қолын алжапқышқа сүртті де, үстіне кірген кісіге көзі түсті де, таңданды ма, тамашалады ма, бақырайып қарап қалды. Мынаның қайратты ірі тұлғасында өзі көріп жүрген қыр қазақтарынан гөрі, әйел нәсіліне ұнайтын қандай да бір тартымды бірдеңесі барын байқады. Сұғанақ көз Еламанның басына бір, аяғына бір қарап ішіп-жеп барады. Бұрын -соң әйел баласынан дәл бұндай әдепсіздікті көрмеген Еламан қысылды ма, ұялды ма, бетін қашырта берді. Келіншек оның дап-дардай басымен беті жалындап қысылғанын қызық көріп, сықылықтап күліп жіберді.
─ Бай... үйде ме?
Келіншек үндеместен зып беріп төргі бөлмеге кіріп кетіп еді, төбедегі аспалы шамнан түскен сәулеге жаңағы келіншектің аппақ балтыры шағылысып, тұра қашқан ақ бөкеннің таңындай бір жарқ етті де, көзден ғайып болды. Еламан: «Мына сайтан қайтеді, әй?»- деп, назарын басқа жаққа аудара бергенде, Еламанның көзі тұсына кілем ұстаған болыскей кереуетке түсті. Кереуетке жиған қос мамық жастық та дала қазағына «бұл қайдан жүр?..» дегендей екі құлағын едірейтіп тігіп қалған екен. «Сары сайтанның салымдысын көрдің бе? » Еламан тағы да әлгі аппақ келіншек жөнінде ойлап бара жатқан күнәһар көңіліне ызаланып: «Осы бүгін маған не болды? Әлгі сайқал қайда?»- деді ішінен. Әрі-бері күтсе де ешкім көрінбеді. Сосын ел қазағының осындайда алды-артына қарамай, омыраулап, баса - көктен кететін мінезіне бағып бұ да төргі бөлмеге кіріп барып еді. Келіншек сықылықтан күліп, Федоровтың құшағынан сытылып шыға берді. Желкесіне сырғып кеткен ақ шыт орамалды басына жөндеп қайта тартып жатып шынтағының астынан Еламанға қарап көз қиығымен тағы бір шарпып өтті. Сосын көйлек астынан құйрығы бұлтыңдап, аппақ балтыры жарқылдап шығып кетті.
Федоров жасында қара жұмысты көп істеген апайтөс, ірі сары орыс болатын. Түсі суық. Ашулы түрі тіпті жаман еді. Сүзеген бұқадай басын бауырына алып, тұздай көк көз түйілген қабақ астынан қадалып, Еламанға жақындай берді.
Еламан: «Күте тұруым керек пе еді? »- деп ойлағанша болмады, Федоров:
─ Аз- и- ат! Дикарь!- деді де, Еламанды жағынан тартып жіберді.
─ Тақсыр!.. Мөңкенің жалғыз баласы... Бүгін жерлейтін...
Федоров енді оны басқа, көзге ұра бастады.
─ Тақсыр, мұз жұқа... Қауіпті... Мұз үстіне шығатын кісілер әр үйдің маңдайындағы бір-бір...
Федоров бұл жолы бойындағы бар күшті оң қолының жұдырығына салып, құлақ шекеден қойып жіберді. Еламан көзі қарауытып кетті.
─ Жоқ, біз баланы жерлемей, мұз үстіне шықпаймыз,- деді де, Еламан бұрылып жүре берді. Федоров есікке барып қалған Еламанның соңынан ұмтыла түсті де, тұрып қалды. Алақаны шоқ басқандай дуылдап, өзі де дір-дір етіп тұр. Балықшы жігіттің мына қылығын аяқсыз қалдырмасын білді. Тек не істесе де, ашу үстінде асығыс істегісі келмеді де, дірілдеген қолымен темекі тұтатты. Ащы темекіні үсті-үстіне құныға сорды да, лақтырып жіберді. Сосын орындыққа шалқалап отыра бергенде көзі қабырғада ілулі тұрған алтын жиекті рамадағы жас офицердің суретіне түсті. «Неге хабар болмай кетті? Соғыса жіберіп қоймады ма екен?» деп ойлады. Хат-хабар кідірген сайын жақсы көретін жалғыз бала әлде қайтеді деп, зәре жоқ. Былтыр Аралға келіп, Марковтың кіші қызына үйленіп кетіп еді. Ал, Марков... Арал өңірінде түу дегенде түкірігі жерге түспей тұрған атақты бай. Бірінші гилді көпес. Аралда алғаш өндіріс ашып, үлкен үйлер салғызып, шіркеу, мейманхана салғызып, «Хиуа» атты акционерлік қоғам ашқан адам. Арал теңізінің балығы мен Хиуа хандығының тай-тай мақтасын ешкіммен бөліспей, бір өзі дербес қожа боп отырған көкжал.
Марковпен құда болғалы бұның да Құдайы беріп тұр. Бұрын бірде тұз жетпей, бірде ағыл-тегіл балықты дер кезінде жөнелте алмай, кіріптарлық басына күнде-күнде түсіп жатса, енді қазір төрт құбыласы түгел. Бұрын қит етсе алдын орал кете беретін бақталас жауы -Ақсақ Жагорға қазір бұның өзі тізесін батыра бастады. Өткен жазда құдасы Ақсақ Жагорға тұз бермей, қыруар балығы екі рет шіріді. Ендігі арманы - ақсаң сайтанның Көкарал мен Сарыбасаттағы промсолын өзіне қаратып алу. Соны құдасына өзі айтқаннан гөрі баласы мен келіні арқылы істеткісі кеп, оларға хат жазғысы келіп еді; бірақ, бір пәлесі, қолына қалам ұстаса қара терге түседі. Сосын ұйқысы келеді. Сосын есінеп, әш -шәпісі шығады да, қолын бір сілтеп тұрып кетеді. Кеше де, жатар алдында «Менің сүйікті һәм теңдесі жоқ келінім мен балам»,- деп жаза бастады да, бірақ, Құдай қылса қайтесің, өткендегідей, бұл жолы да ұйқысы келді ме, есінеді ме, хатқа түскен әлгі азғантай жазудың қиқы-жиқы әріптері су шайғандай ірімтіктеніп, өзі жазғанды өзі танымады. Хатқа құнтсыздығына ызаланды. Сосын кеше бастаған хатты, сәті түссе бүгін ұйқысын қандырып, шай - суланып алғасын аяқтармын деп отыр еді, үстіне жаңағы ақ балтыр келіншек кіріп келді. Жұп - жұмыр білегін мойнына асып, құшағына кіріп жабысып тұрған үстіне, жаңағы азиат баса-көктеп кіріп жынына тигені. Өлгенін білмейтін өжет неменің осы жолы жынын басып, біржолата ноқталап алғысы келді де, Курнос Иванды шақырды.
─ Аналарға бар. Бірі қалмай мұз үстіне шықсын! Егер... Естіп тұрмысың, егер бүгін шықпаса, айта бар, менен жақсылық күтпесін. Күні ертең бәрін қуам.
─ Мұз әлсіз ғой.
─ Ол сенің шаруаң емес.
─ Дегеніңіз білсін. Мен тек ау - құралдан айырылып қалмайық деп...
─ Оларға ескісін бер.
Курнос Иван жөнеле берді. Оның сүмсиіп шығып бара жатқан сүдінін жаңа көргендей, Федоров соңынан көзін тігіп ойланып қалды. Осы бейшараның бүтіл болмысында кісі көкірегінен бірде аяныш, бірде ыза шақыратын болымсыз мүсәпірлік бар. Иә, бұл Аралдан промсол ашқалы ертең, бүрсігүні жүретін болып апысы кіріп, күпісі шығып жатты. Оқитын балалар болғасын үйін әзірше жылы орнынан қозғамай, жеке басы сыбай - салтаң кеткенді жөн көрді. Үй ішімен алдын ала осыған келісуі келіссе де, бірақ қайдағы бір меңіреу далада мал табудан басқа ермегі жоқ қайратты еркекке ұзақ жыл әйелсіз тұру қиын боларын білді. Бірақ дәл жүрер алдында ана шаруа, мына шаруамен табаны жерге тимей жүргенде Аралға өзімен бірге ала кететін әйел есінен тарс шығып кеткен-ді. Бір күні жеңіл тарантаспен Орал қаласының орталық көшесінде зырлап келе жатқанда, шіркеу алдында қайыр-садақа сұрап тұрған жас қызға көзі түсті. Үсті - басы ебіл - себіл. Жұпыны, жүдеу. Бірақ тірлікте талай ұрғашыға тақымы тиген кәркесте еркектің қырағы көзі бейшара қыздың басқа мүшесінен бұрын, ө дегенде, оның оқтаудай түп - түзу аяғы мен торсықтай аппақ балтырларына түсті. Соңыра өзі сияқты күші қайтпаған қайратты еркектің манжамына бір түссе... Ехе - хе, соның ар жағында мына ақ балтыр қыздың қалай-қалай құтырып шыға келерін білді де, Федоров қарқ-қарқ күлді. Бұрын - соң татпаған зәруін тапқан жас тән еркектің астына бір түсіп шықса болды, сол күннің ертеңіне қарға аунаған қаншық түлкідей түгі түлеп шыға келер - ау әлі-ақ! Бұндай шаруаның талайын із - тұзын білдірмей істеп, әбден кәнігіленіп алған жырынды көпес ұзақ жолға жүрер алдында әйелінің көңіліне сезік туғызғысы келмеді де, әлгі қызды Курнос Иванға алып берді. Оны да дәл жүретін күні қас пен көздің арасында істеп еді. Үсті-басын малындырып киіндірген әп-әдемі жас қызбен қол ұстасып, шіркеуге кіргенде Курнос Иванның төбесі көкке жеткен-ді. Онсыз да түбі түскен шелектей кең танауы әдеттегіден гөрі қаттырақ шуылдап, тойға жиналған кісілердің көзінше Федоровты бас салып құшақтап сүйіп алды.
─ Ақымақ!- деді Федоров сол есіне түскенде Курнос Иванның сілекейі бетінде әлі былжырап тұрғандай жиіркеніп.
* * *
Курнос Иван Шураны көрген сайын әрқашан осылай ауыр сезім бойын мартудай басып, өз-өзінен азып-тозып қалатын. Балықшылардың аулына көңілі құлазып келді. Балықшыларға Федоровтың әмірін бұлжытпай, дәлме-дәл жеткізді де, «бұған не дейсің?» дегендей көп ішінен Еламанға қарап еді, Еламан онан назарын тайдырып әкетті. Тілін алмасаң, орыс байы ау - құралды сыпырып алады.
─ Өздерің шешіңдер!- деп Еламан салмақты балықшылардың өзіне салды.
Балықшылар әрі-бері толқып, ақырында Тентек Шодырдың дегеніне көнейік деген пәтуаға келді. Бұларды қинаған ендігі жай- Мөңкенің баласы. Мөңке бұл әңгімеге араласпай, бір шетте отыр еді. Мыналардың қиналған түрін көргесін:
─ Жігіттер, өлген бала үшін тірі балалардың обалына қалмайық. Ертерек келсек, бәлкім бүгін де жерлерміз,- деп байлауын өзі айтты.
─ Онда кеттік!- деді де, Еламан ширақ басып сыртқа шықты.
Бар әлем бүркеу. Суық жел ызғырып, төңірек шақытып тұр.Қиғаш түскен қиыршық қатты қар кісі бетін тілгілеп шып-шып ұрады. Қабағын түйген қытымыр күннен қаңтардың таяу тұрған қаһары сезіледі. Еламан күн мінезін жақтырмай, жүрегі мұздап тұр еді, қасына қауқылдап сөйлесіп бір топ кісі келді. Ішінде Мөңке, Дос, Рай бар. Бәрі де күн қабағынан байқаған қорқыныштарын айта бастады:
─ Сөз жоқ, дауыл болады.
─ Өшір үніңді. Аузыңнан жақсы сөз шықсайшы.
─ Өй, Құдай-ай, сөзбен жарылқауға болса, жақсылықты төбеңнен үйіп тастар едім.
─ Иә, мұз әлсіз. Жел арқадан шықса, аяқтай мұзды алады да кетеді.
─ Тентек Шодырмен тілдесіп көрсе қайтер еді?
─ Ештеңе шықпайды.
─ Апыр-ай, бұл не деген безбүйрек ит?!
Кісі - қара жинала бастады. Итжемес те осылай қарай маймалаңдап келеді. Итжемес -Сүйеу қарттың абызындағы адам. Сүйеу қарт оған биыл әйел әперіп, еншісін беріп, өз алдына бөлек шығарған-ды. Бірақ әлі де өздігінен аяғына мініп кете алмай, сыйлы қарттың абыройын сыртынан азық қып, ел арасында қақпай - соқпаймен күн көріп жүр. Кейде кіре тартқандарға ілесіп қалаға барады. Кейде Еламанды сағалап, қазіргідей көкше мұз тұсында балықшыларға соғады. Алғашқыда апырып - жапырып жіберетіндей бір- екі күн аянбай қимылдап, күшін сарқып алады. Сүйеу қартты сыйлайтын жұрт жұмысқа шалағай жігітті бәрібір үлестен қалдырмай, қыс бойы әлі сыбаға боп еді. Сол Итжемес тағы келді. Қалаға қатынап жүріп бір орыстан алған ба, үстінде тозығы жеткен ескі қара күрте. Жеңін қайырып алыпты. Соның өзінде әкесінің иығынан ауысқандай қолп - қолп етеді. Рай оның бас - аяғына сықақтай қарап:
─ Қарашекпеннің байы екен десем, ау, құда, өзің бе едің?- деп күліп еді, жігіт салған жерден салдырлай жөнелді:
─ Бұ - бұрын қара киімдіден қорқатын едім. Өзім қара кі - киім кидім де, ехе - хе, енді жұртты өзім қорқытатын болдым.
Біреу алқымнан алып буындыра қойғандай, тұтығып, көзі жыпылықтап, әркімге бір қарап тұрды да:
─ Мұ - мұзға шық - шыққалы жатқан көрінесіңдер. А - ал, іске сәт! Талап қайырлы болсын. Теңіз ба - балықты болсын! Ме - мені де серіктеріңе алыңдар. Мал ортақ, жан ортақ,- деп ие бермей, төпеп бара жатыр еді, Рай:
─ Әй, жарқыным, тоқташы,- деді.
─ Жо - қ, тоқтамаймын,- деді Итжемес, өзі болмаса, өзгенің сөзіне құлақ аспайтын әншейіндегі әулекілігіне басып.
─ Ау, тым құрыса тыңдасаңшы.
─ Ой, әк – ке – ке - сінің аузын... тыңдаймын, деп қолын сілтеп, маймалаңдай жөнелді. Кетіп бара жатып та қашан қарасы ұзағанша самбырлаған дауысы құлақтан үзілмеді. Кеткені жақсы болды, әйтпесе аузын қышытсаң адамға десте бермей, есіріп кететін әулекі. Тұтықпасы демесең, тұмсығын құдды желге төсеп жүгірген ақ киіктің танауындай кең танауы желпілдеп, үсті-үстіне сөйлеп бергенде, оны тоқтату мүмкін емес-ті.
Еламан үйге келгенде Ақбала пеш түбінде отыр екен.- Ақбала, біз мұз үстіне шыққалы жатырмыз. Сен қорықпа...
Еламан аңдаусызда аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды. Енді оны қайтып жуып-шаюдың есебін таппай, қолғабын іздеген боп үйдің ішін әбігер қылды. Ақбала қосыла іздеді. Қолғапты тез тапты да, Еламанға беріп жатып:
─ Неден қорқасың?- деп сұрады.
─ Жо-жоқ, ештеңеден қорқып тұрғам жоқ.
─ Менен жасырма,- деді Ақбала.
Өткен түнде таң алдында ұрланып келген кісі Еламанды оңашаға шығарып алып «сақ бол!» деп ескерткелі Ақбалада зәре жоқ еді. Еламан бұлтара алмасын білді де, әйелін бауырына тартып:
─ Күн райы ұнамайды. Терістіктен бұлт шығып, түнеріп тұр. Ал, сен қорықпа! Біз нені көрмеген бейбақ?!- деп күлді де, құшағын жазып, кетуге ыңғайлана берген еді, Ақбала жолын кеселеп тұра қалды.
─ Күн райы маған да ұнамайды. Қорқам... неге екенін білмеймін. Мені бүгін жалғыз қалдырмашы.
Вы прочитали 1 текст из Казахский литературы.
Следующий - Қан мен тер - 1 - Ымырт - 04
  • Части
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 01
    Общее количество слов 4234
    Общее количество уникальных слов составляет 2213
    35.8 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.5 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    60.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 02
    Общее количество слов 4311
    Общее количество уникальных слов составляет 2350
    33.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.6 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.1 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 03
    Общее количество слов 4358
    Общее количество уникальных слов составляет 2253
    36.3 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.0 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    59.4 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 04
    Общее количество слов 4384
    Общее количество уникальных слов составляет 2289
    34.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.1 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 05
    Общее количество слов 4376
    Общее количество уникальных слов составляет 2203
    36.2 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    60.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 06
    Общее количество слов 4354
    Общее количество уникальных слов составляет 2252
    36.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    60.8 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 07
    Общее количество слов 4273
    Общее количество уникальных слов составляет 2321
    35.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.1 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 08
    Общее количество слов 4440
    Общее количество уникальных слов составляет 2342
    33.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.1 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.8 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 09
    Общее количество слов 4337
    Общее количество уникальных слов составляет 2300
    34.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    48.3 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 10
    Общее количество слов 4424
    Общее количество уникальных слов составляет 2321
    34.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.3 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.9 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 11
    Общее количество слов 4374
    Общее количество уникальных слов составляет 2358
    34.7 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.2 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.0 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 12
    Общее количество слов 4338
    Общее количество уникальных слов составляет 2276
    35.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    59.9 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 13
    Общее количество слов 4317
    Общее количество уникальных слов составляет 2242
    34.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.6 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.4 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 14
    Общее количество слов 4349
    Общее количество уникальных слов составляет 2183
    36.2 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    61.2 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 15
    Общее количество слов 4346
    Общее количество уникальных слов составляет 2207
    35.7 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.5 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    60.9 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 16
    Общее количество слов 4392
    Общее количество уникальных слов составляет 2311
    33.7 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.0 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Қан мен тер - 1 - Ымырт - 17
    Общее количество слов 4106
    Общее количество уникальных слов составляет 2256
    33.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    48.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.8 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов