🕙 2-分钟读取

Ер еңбекте сыналады

总字数为 297
唯一单词总数为 221
49.2 个单词位于 2000 个最常用单词中
58.5 个单词位于 5000 个最常用单词中
63.8 个单词位于 8000 个最常用单词中
每个条形代表每 1000 个最常用单词中的单词百分比。
  Құрылыста адам аз. Сол аз адамға көп мәшине бағынып, айдауына жүріп, айтқанын орындайды. Тізбек-тізбек жүк мәшинелері құрылыс алаңына ағаш, тақтай, ук тас, цемент, әк жеткізеді. Олар алқынып, гүжілдеп, гүрілдеп алыстан келеді. Мәшиненің де мәшинесі бар. «Бәрін бітірген өзім» дейтін мақтаншақтар олардың арасынан да табылады. Әсіресе зауыттан жаңа ғана шыққан бір жүк мәшинесі мақтанғанда жер-көкке сыймайды. Ол көтергіш кранға қарап, оны кекете-мұқата жөнелді.
  - Ей, сен, мойныңды соншама созып, кімді қарап тұрсың? - деп қарқ-қарқ күлді.
  - Мойныңды қанша созғаныңмен, біз барып-келіп жүрген алысқа бәрібір көзің жетпейді.
  Көтергіш кран жауап бермей, өз жұмысын істеп, құрылысшының керегін әперіп тұра берді. Моторы гүрілдеп, қосақталған әлденеше бөренелер мен ағаштарды аспанға көтерді.
  - Е-е, - деді жүк мәшинесі. - Мен гүрілдесем, жүріп кетемін, алысқа барамын. Ал сен қанша гүрілдесең де, бір орныңнан қозғалмай, мойныңды созып тұра береді екенсің.
  - Әркімнің өз өнері, өз міндеті бар. Біреу - күшті, біреу - жүйрік, біреу - өнерлі. Біреу жүріп істейді, біреу тұрып істейді, - деді көтергіш кран.
  - Сен сонда күштіге жатамысың?
  - Солай шығар?..
  - Көре алмай тұрмыз-ау.
  - Несін айтамын, күшімді ісім көрсетсін.
  Аспанда түнерген бұлт көшіп жүрген-ді. Түс ауа сол бұлт қатты нөсер жауынға айналды. Құрылыс маңы лайсаң батпақ болып кетті. Әлгі мақтаншақ мәшине ойпаттағы батпаққа батып қалды. Қанша гүжілдесе де, шыға алмай, сазға белшеден батқан үстіне бата түсті. Басқа бір жолдас мәшинесі келіп, оны арқанмен тартып шығармақ болды. Бірақ оны шұңқырдан шығара алмады. Сол сәтте құрылыс бастығының әмір етуімен көтергіш кранға кезек келді. Кран ұзын мойнын бұра келіп, шұңқырда тұрған мәшинені шынжырмен асты-үстінен орап байлаттырды. Содан кейін абайсыз құлаған баланы құлағынан көтергендей, мәшинені жоғары көтеріп әкетті. Дөңес жерге шығарып қойды да, мақтаншақ мәшинеге:
  - Балақай, бұдан былай мақтанба, әркімнің өз өнері, өз орны бар. Бәріміз де құрылысшының тек көмекшісіміз, - деді.
  «Ер еңбекте сыналады» деген сөз осындай іс нәтижесінде айтылған екен.
您已阅读哈萨克语篇文献中的 1 篇文章。