🕙 4 minut uku

Ұр, тоқпақ

Süzlärneñ gomumi sanı 563
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 212
54.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
63.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
66.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  (Ертегі)
  
  1
  Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты. Шал мен кемпір малдары жоқ кедей болғандықтан, тұзақ құрып күнін көреді екен. Бір күні шал құрған тұзағын келіп қараса, бір қаз түсіп қалыпты. Шал қазды тұзақтан босатып алып, бауыздайын десе, қаз шалға:
  - Сен мені босат! Менен не сұрасаң, соны бір жылдан кейін ал, - дейді.
  Шал мақұл көріп, қазды босатып қоя береді. Үйіне келіп, жаңағыны айтса, кемпірі шалға ұрсады. Шал:
  - Қой, сен түк білмейсің! - деп кемпірінің сөзін тыңдамай жүре береді.
  Бір жыл өтеді. Шал қазға бармақшы болады. Жүре-жүре бір жерге келсе, өңкей түйе жайылып жүр екен. Келіп түйешіден:
  - Бұл кімнің түйесі? - десе, түйеші:
  - Бұл - Қазбайдың түйесі, - дейді.
  «Бұл Қазбай баяғы қаз екен» деп шал ойланып тұрып, жүріп кетеді. Бір жерге келсе, көп қой жайылып жатады.
  - Бұл кімнің қойы? - деп қойшыдан сұрайды.
  Қойшы:
  - Бұл - Қазбайдың қойы, - дейді.
  Шал жаңағы қойшы баладан:
  - Шырағым, Қазбайдың бұдан басқа несі бар? - деп сұрайды.
  Бала шалға:
  - Қазбайдың үш жақсы нәрсесі бар. Біреуі:
  «Піс, қазаным, піс!» десе, әртүрлі тамақ пісіп шығады. Енді біреуі: «Құс, есегім, құс!» десе, алтын құсады. Тағы біреуі: «Ұр, тоқпағым, ұр!» десе, адамдарды ұра береді, - дейді.
  - Мақұл, - деп шал жүріп кетеді.
  Шал Қазбайдың ауылына келеді. Қазбай шалды күтіп алады. Шал Қазбайдан «Піс қазанын»
  сұрайды. Қазбай сұрағанын береді.
  Шал алып, үйіне келе жатса, бір жерде асық ойнап жатқан балалар шалға:
  - Ата, түсіп, тамақ ішіп кетіңіз! - дейді.
  Шал түседі. Үйге кіріп бара жатып балаларға:
  - Шырақтарым, «Піс, қазаным, піс!» демеңдер, - дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң, балалар тыңдасын ба, «Піс, қазаным, піс!» деп шулап қоя береді.
  Сөйткенде әртүрлі тамақ пісіп, даяр болады. Балалар қазанды айырбастап алып қояды.
  Шал шығып, қазанды үйіне алып барып: «Піс, қазаным, піс!» - десе, еш нәрсе піспейді...
  
  2
  Шал қазанды алып, Қазбайдың үйіне қайта келеді. Қазбайға:
  - Бұдан еш нәрсе шықпады, - дейді.
  Қазбай қазанды алып:
  - Піс, қазаным, піс! - десе, еш нәрсе шықпайды.
  Қазбай қазанның орнына шалға есекті беріп жібереді. Шал есекті алып үйіне қайтады. Жолда келе жатса, балалар шалға:
  - Ата, асқа түсіңіз! - дейді.
  Шал асты тастағысы келмей, есектен түседі.
  Үйге кіріп бара жатып, балаларға:
  - Шырақтарым! «Құс, есегім, құс!» демеңдер, - дейді.
  Балалар:
  - Мақұл! - дейді.
  Шал үйге кіріп кеткен соң-ақ, балалар: «Құс, есегім, құс!» - десе, есек алтын құсады. Балалар есекті айырбастап, орнына басқа есек қояды.
  Шал есекті алып үйіне кетеді. Кемпір:
  - Қаздан барып алып келгенің осы ма? - дейді.
  Шал есекке: «Құс, есегім, құс!» - десе, есек еш нәрсе құспайды. Шал есекті алып, Қазбайға тағы қайта келеді.
  - Есек еш нәрсе құспайды, - дейді.
  Қазбай есекті алып:
  - Құс, есегім, құс! - десе, еш нәрсе құспайды.
  Шалға Қазбай «Ұр тоқпағын» береді. Шал «Ұр тоқпақты» алып келе жатса, баяғы жерде тағы да балалар жүр екен.
  Балалар шалға:
  - Ата, асқа түс! - дейді. Шал үйге кіріп бара жатып:
  - Шырақтарым! «Ұр, тоқпағым, ұр!» демеңдер, - дейді.
  Шал үйге кіріп кеткен соң, дәндеген балалар: «Ұр, тоқпағым, ұр!» - дейді. Тоқпақ балалардың әрқайсысын ал кеп ұр! Ұрып жүр, ұрып жүр... Балалар тоқпаққа жалынады: «Ойбай, «Піс қазаныңды», «Құс есегіңді» берейік!» - дейді. Шал келе жатып, естіп қояды.
  Шал келіп:
  - «Піс қазанды», «Құс есекті» бересіңдер ме? - дейді.
  Балалар:
  - Мақұл! Әкеліп береміз! - дейді. Шал «Ұр тоқпақты» қойғызады. Балалар «Піс қазанды», «Құс есекті» әкеліп береді. Шал «Піс қазанды», «Құс есекті», «Ұр тоқпақты» алып, үйіне келеді. Сөйтіп, мұратына жетеді.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.