Latin Common Turkic

Шыңғысханның Ақ Бұлты - 3

Süzlärneñ gomumi sanı 4228
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2264
33.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
47.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
54.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
italki
серігіне айналған шоқ бұлт онсыз да әзер тежеп жүрген масаттану
сезімін бұрынғыдан да асқақтата түсейін дегендей, төбесінде
қалықтап жүр. Бұл қайда барса, бұлт та сонда бұрылады. Ал, жер
бетінде көз жетер жердің бәрін толтырып, қара бұлттай қаптаған
Шыңғысхан әскері лек-легімен Батысқа қарай жортып келеді. Әуеде
теңіз толқынының алыстан талып естілген шуылындай болып
тұтасқан бір гуіл ілініп қалыпты. Ал, осының бәрі – батысқа қарай
ағылған сан мың адам мен жорық аттары, қару-жарақ пен табынтабын мал, соғыста қолданылатын неше түрлі керек-жарақ, мүлікмүкәммал атаулы түгелімен бір ғана Шыңғысханның күш-қуатын
әйгілеп тұрған болатын, осының бәрі қағанның ойлаған жоспарын
жүзеге асыру үшін жасалған. Сол сәтте ол ат үстінде отырып,
ажалды пенденің ойына кіре бермейтін өз мұраты – бүкіл әлемді
бағындырып, мәңгі өмір сүретін дүниежүзілік біртұтас мемлекет
құру, оны өзі өлгеннен кейін де басқара беру туралы ойлаған
болатын. Бірақ, мұны қалай іске асыруға болады? Мұның алдын-ала
шығарған жарлықтары арқылы! Дүниені қалай басқару керектігі
туралы мұның тасқа қашап жазған өсиеті аман тұрғанда, мұның ерікқалауы да іске аса беретін болады. Қаған осыны ойлап келе жатқан,
енді оны мәңгі өмір сүрудің ең қолайлы тәсілі сияқты көрінген тасқа
қашап жазу мәселесі мазалай берді. Ол мұны Еділге жеткен соң,
қыс кезінде қолға алатын болады. Өзеннің мұзы қалыңдауын күткен
кезде бұл өзінің кемеңгер ғалымдары мен балшы-көріпкелдерін
Тау құлаған
жинап, мәңгілік мемлекет туралы өз ойларын солардың талқысына
салады да бұл қағидаларды жартасқа қашап жазуға бұйрық береді.
Бұл сөздер әлемнің астын үстіне түсіріп, күллі дүние қағанның
аяғына бас ұратын болады. Жорыққа аттанған себебі де сол болатын,
жер бетіндегі барлық жанды-жансыз нәрсе түгелімен осы мақсатқа
жұмылдырылуы керек, ал, оған кереғар келетін нәрселер түбірімен
жойылуға тиіс.
Қағанның ойына тағы да жыр жолдары оралды:
Ұлысымның тәжіне асыл тас қып
Аспандағы Айды да тағып қойсам!
Қыбырлаған құмырсқа, тірі жәндік
Қызмет қып жүреді бұйрық қылсам.
Тұлпарымның тер басқан сауырына
Тауарихтың қоржынын артып алғам.
Ұрпақтарым басады бауырына
Күллі әлемді басқадан тартып алған!
Сол күні түске таман Шыңғысханның құлағына жорық көшіне
ілесіп келе жатқан бір әйел босаныпты деген хабар тиді, ал, бұған
құдіретті қағанның өзі тыйым салған болатын! Баланы кімнен
туғаны белгісіз екен. Бұл туралы хан шатырлары мен ас-суы үшін
жауап беретін Арасан деген қосшысы хабарлады. Екі көзі ойнақшып
бір орында тұрмайтын, қашан да жаңалық атаулыны елден бұрын
біліп үлгеретін беті қып-қызыл болған жылпос қосшы бұл жолы да
осы хабарды елден бұрын жеткізді. «О, Ұлы қаған, бұл туралы өзің
арнайы ескерткеннен кейін білгенімді саған хабарлауды өзімнің парызым деп білдім», – деп қырылдай сөйледі соңғы кездері жүрегін
май басып, семіріп бара жатқан Арасан қосшы қағанмен үзеңгі
тебісе желіп келе жатып.
Шыңғысхан оның сөзіне бірден мән бере қойған жоқ, сондықтан
жауап қайтармай жүре берді. Жартасқа қашап жазар ұлы ойлары
туралы қиялға берілген хан көңіліне кірбің түсірген бұл хабарды
қаперіне де ілгісі келмей біраз жүрді, өйткені, осындай болмашы
Шыңғыс Айтматов
жайсыздықтың өзі де жүйкесіне тиетінін көпке дейін мойындағысы
келмеді. Әлгі хабар шамына тиген Шыңғысхан тіл қатпастан
атын тебініп қалып жүрісін үдете түсті, үстіндегі бұлғын ішігінің
шалғайы үріккен құстың қанатындай далпылдап барады. Ал, Арасан қосшы не істерін білмей сасқалақтап қалды, қағанға ілесемін
деп ашуландырып алудан қорыққан ол біресе атының тізгінін тежеп, енді бірде хан бірдеңе айтса естімей қаламын ба деп үзеңгі
тіресе қатар жортады. Қағанның осыншама ұзақ уақыт бойы неге
үндемей қойғанын түсіне алмай дал болып келеді, әмірші «Басын
алыңдар!» – деп бір ауыз сөз айтса жетіп жатқан жоқ па – дереу
арбада келе жатқан әлгі бетпақ пен оның ұрлап туған күшігін жер
жастандыра салмас па еді, хан жарлығын орындамаудың арты неге
апарып соқтыратынын білсін, сайқал! Басқаларға үлгі болу үшін
екеуін де киізге орап тұншықтыра салса болды ғой!
Кенет қаған артына бұрылып қарамастан тіл қатты. Қағыс естіп
қалмайын деп емпеңдеген сорлы қосшы үзеңгіге табанын тірей
ердің үстінде көтеріліп кетті.
– Ол қаншық әлгі күшігін тумай тұрғанда қарны шермиіп
жүргенін ешкім байқамаған ба? Әлде байқаса да жасырмақ болған
ба?!
Арасан қосшы мұның қалай болғанын түсіндірмек болып, асығаүсіге сөйлей бастап еді, қаған оның сөзін бөліп жіберді.
– Жап аузыңды!
Енді біраз уақыт өткен соң тағы да ызбарлана сұрақ қойды:
– Егер ол байы жоқ қатын болса, өзі кім екен? Аспаз ба, қазаншы
ма, әлде малшы ма?
Жолдан бала тауып алуға батылы барған бетпақтың ту
кестелеуші екенін естігенде қаған таңданып қалды, ол бұрын
өзінің алтын тінді туларын біреулер пішіп-тігеді-ау, оған кестемен
өрнек салады-ау деп ойламаған екен. Аяғындағы етігін тігетін,
шатырлар мен киіз үйлерді жасайтын да біреулер болады-ау
деп ешқашан ойлап көрмепті. Ондай ұсақ-түйекке мән беретін
Тау құлаған
уақыт қайда! Әйтеуір, бұл қашан көрсе де, жорықта болсын,
демалған кезде болсын, қосындар мен күрендерде, шайқас кезі
мен мерекеде мұның тулары алдын-ала жағып қойған алаудай
шалқып тұратын. Сондықтан ба, олар әу бастан мұнымен
бірге жаралғандай көрінуші еді. Қазір де қолдың алдында ту
ұстаушылар бұған жол ашқандай аттарын алшаңдата басып кетіп
барады. Батысқа жорыққа аттанғандағы мақсаты да басқалардың
туларын табанға салып таптап, олардың орнына өз туын желбірету
емес пе! Солай болады да!.. Мұның жолын ешкім де, ештеңе де
бөгей алмақ емес! Әлемді жаулауға мұнымен бірге аттанған
адамның қайсысы болса да сәл ағаттық жіберіп, хан жарлығы мен
бұйрығына бағынбайтын болса, өлім жазасына кесіледі. Біреудің
баршаны билеуінің ең сенімді қаруы да осы – өлім жазасы ғана!
Бірақ кестешімен бірге тағы бір күнәһар бар емес пе? Не
әскердің, не қызметшілердің арасында жүрген ол пәтшағар қалай
жазадан құтылып кетпек?!. Бірақ, кім екен ол?
Осы сәттен бастап Шыңғысханның қабағы түйіліп сала берді,
мұнысы тастай қатып сазара қалған бет әлпеті мен кірпік қақпай
қадала қарайтын сілеусіннің көзіндей сарғыш көз жанарынан, ат
үстінде қаққан қазықтай қадала қалғанынан-ақ байқалып тұр. Бірақ
қауырт шаруасы болып жақын келген адамдар да қағанның томсара
қалуының себебі тек қайдағы бір кестеші мен оның ашынасының
бейбастақтығы ғана еместігін білмеген еді, бұл оқиға оның ойына
есіне түссе ұяттан өртеніп кете жаздап, жанын жегідей жейтін,
жадында өшпес із қалдырған басқа бір жағдаятты салған еді.
Өзінің Темуджин атымен жүрген, сонау жастық шағы тағы да
ойына оралып, жан дүниесін аяздай қарып өтті, ол кезде әкеден
айырылып жетім қалған, жүрген бір бозбас сияқты көрінетін
Темуджинді кейіннен Дүниенің төрт бұрышын билейтін қатал
әмірші болады деп кім ойлапты! Ондай ой, тіптен, өзінің де
басына келген емес. Сол бір алыста қалған жас кезінде бұл бір
масқара қорлықты бастан кешіп еді. Бала кездерінен-ақ атастырып
Шыңғыс Айтматов
қойған, кейіннен ержеткен соң үйленген сұлу әйелі Бөртені келін
боп түскеніне бір ай толар-толмаста көршілес меркіт тайпасы
шапқыншылық жасап, олжа қылып айдап әкетті. Оларға қарсы
шабуыл жасап, әйелін қайтарып аламын дегенше арада біраз
уақыт өтіп кетті, сүйген жарының қанша күн, қанша түн тұтқында
болғанын дәл есептеп шығаруға мұның ешқашан батылы жеткен
емес, тіптен, қазір де, ешкімнің ешқашан қолы жетпейтін асқар
биікке самғай көтеріліп, сол биіктегі алтын таққа өз есімін ойып
жазу үшін, сөйтіп, басқалардың көзін қарықтыратындай ұлы
мәртебеге қол жеткізіп, содан кейін... өткеннің бәрін ұмыту үшін
мың сан қолмен Батыс елдерін бағындыру жорығына аттанып
бара жатқанда да, сол күндердің қаншаға созылғанын есептеуге
дәті барар емес. Кейін бұл олардан қалай да кек алуға ант етті.
Қас жауымның арам қаны шылаған,
Желбіреттім жауынгерлік туымды.
Жас өгіздің терісінен жасалған
Дауылпаздар дүңкілдетіп ұрылды.
Қара жалды тұлпарыма қондым да,
Ақ сауытты иығыма ілдім мен.
Серт ұстаған ақ семсерім қолымда,
Ит-меркітке қарсы шаптым бір күн мен.
Тұқымымен тұздай құрттым жауымды,
Аршып алдым намысымды, арымды!
Алыста қалған сол бір түні, кекке суарылған қасиетті антты
орындау үшін үш күн бойы тынымсыз жүргізілген ауыр шайқастан
кейін аяусыз қырғыннан бас сауғалап құтылмақ болған опасыз
меркіттер мал-мүлкін тастап тұра қашқан сәтте, беті ауған жаққа
қарай ойбайын сала безіп бара жатқан жауларының арасынан бір
күймелі арбаны көзі шалып қалған. Сонда Темуджин айналасын
жанұшыра шарлай жүріп: «Бөрте! Бөрте! Қайдасың?! Бөрте!»
– деп жан дауысы шыға шыңғырған болатын. Бірақ Бөрте еш
Тау құлаған
жерден табылмады да, ақыры серіктерімен бірге әлгі арбаны қуып
жетіп, делбешілерді түгел қырып салған. Сонда ғана әйелі: «Мен
мұндамын! Мен Бөртемін!» – деп айғайлап, арбадан секіріп түскен
болатын. Бұл да атынан домалай түсіп, тұтқыннан босаған жан
жарын түн қараңғысында құшағына аялай қысқан. Жас әйелінің
аман-сау екеніне көзі жетіп, көкірегіне басқан сол бір сәтте оның ақ
тамағына сіңіп қалған ащы темекінің иісі мұрнына келіп, әйелінің
бойынан бөтен еркектің буы әлі де кете қоймағанын сезіп, жүрегіне
біреу біз сұғып алғандай болды. Сонда бұл ернінің қанын шығара
тістеп үн-түнсіз тұра берген. Ал, айналада қанды шайқас жалғасып
жатты…
Содан бері өз басы ұрысқа араласқан емес. Тұтқыннан аман
шыққан әйелін күймеге отырғызып, кейін бұрылды да, жанын
тырнаған күдігін айтып салмайын деп өз-өзін тежеп бақты. Содан
бері өмір бойы сол күдігінің анық-қанығына жете алмай келеді.
Әрине, әйелі жау қолына өзі барып түскен жоқ, оны да түсінуге
болады. Бірақ, еш зардап шекпегенге ұқсайды, тіптен, басынан бір
тал шашы да түспеуі қалай? Шамасы, Бөрте тұтқында жүргенде көп
қинала қоймаса керек, түрі де азап шеккен адамға ұқсамайды. Бірақ,
кейін де екеуі бұл туралы ашық сөйлесіп көрген емес.
Аяусыз талқандалып, басқа жаққа ауып кетуге шамасы келмей,
енді жауласуға да тұрмайтын, бұлардың жалшы-малшысы әрі құлы
italki
болып аман қалған азын-аулақ меркіттерге бұл күндері Шыңғысхан
атанып отырған Темуджиннің неге шүйліге беретінін ешкім түсінген
емес. Айналып келгенде, әлгі ат төбеліндей аз ғана меркіттің өзі
қырылып бітті. Бөрте тұтқында болған кезде жағдайы қандай
болғанын енді олардың бірде-бірі айта алмайтын еді.
Кейін Шыңғысхан тағы үш әйел алды, бірақ тағдырдың сол бір
қатал соққысынан қалған жан жарасынан әлі күнге қан сорғалап
тұр. Қаған өмір бойы сол ішкі шеменді сығумен өтті. Талай уақыт
өтсе де жазылмаған, бірақ ешкім байқамайтын бітеу жара. Бөрте
тұңғыш ұлы Жошыны туғаннан кейін Шыңғысхан күн санап та
көрді, сөйтсе, олай да, бұлай да болуы мүмкін екен, тұңғыш ұлы
мұның да, меркіттің де баласы болуы әбден ықтимал. Сол күйі
белгісіз болып қалған әлдекімнің қорлығы оны өстіп өмір бойы
қиналуға мәжбүр етті.
Шыңғыс Айтматов
Ал, мына кестешіні екіқабат қылып, бала туғызған сілімтік те
белгісіз болып отыр, оның қағанға еш қатысы жоқ, бірақ осының өзі
зығырданын қайната бастады.
Кейде адамның көңілі сәл нәрседен нілдей бұзылып, дүниеәлем бір-ақ сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін, ондайда жаңа ғана
дұрыс болып тұрған нәрсе қисық болып көрінуі де ғажап емес…
Ұлы қағанның жан дүниесі де осындай өзгеріске түскен болатын.
Айналадағының бәрі әлгі хабарды алмай тұрған кездегіден еш
айныған жоқ. Айдаһары жұлқынып, желмен желбіреген алтын
туды көтерген ту ұстаушылар аттарын ойнақтата алда кетіп барады,
өзінің тақымында сол баяғы Құба жорға, жан-жағы мен алдыартын бірдей қоршап сенімді нөкерлері – нояндар мен тайшыдар
келеді, олардан сәл әрегірек күзет тобы – кезуілдердің жарты
мыңдығы саклтанатпен аяңдап келеді, көз жетер жерде кең даланы
қаптай қозғалған тегеуірінді күш – қалың әскер мен оның тірегі
– шаруашылық күрендері жортып келеді. Ал, аспан төсінде осы
адам тасқынының үстімен маңғаздана қалқып, жорықтың алғашқы
күнінен бастап-ақ Аспан Әміршісінің желеп-жебеп жүргенінің куәсі
болған ақша бұлт еріп келеді.
Бәрі де бұрынғыдай сияқты, алайда, әлдебір өзгеріс бар еді, бұл
өзгеріс қағанның қаһарын оята бастағандай. Демек, әлдекім мұның
еркіне бағынбауды ойлаған екен, өзінің сасық нәпсісін мұның ұлы
мұратынан жоғары қойып, хан жарлығына әдейі қарсы шығайын
деген, қай нәмәрт ол! Мұның салт аттыларының бірі қағанына
мінсіз қызмет етіп, бұйрық-жарлығына сөзсіз бағынудың орнына
төсекте жатып, қатынды умаждауды артық көретін болып шықты!
Ал, әскерге еріп келе жатқан әйел атаулы түгелдей мұның арнайы
бұйрығы болмайынша, етектерін көтермеуге бекініп, құрсағын тарс
бекітіп тастағанына қарамастан, қайдағы бір кестеші мұның тыйым
салғанын елемей, бала туыпты! Әлде одан басқа кестеші табылмас
деді ме екен?!.
Осындай ызалы ойлар қағанның басында бейне бір арам
шөптей қаулап бой көтерді, тіптен көзінің нұры да ызғарлы ашудан
лайлана бастады. Бұл оқиғаның ұсақ-түйек екенін, оған соншама
мән бермей-ақ қойса да болатынын түсінгенімен, ішкі дүниесінен
көтерілген басқа бір дауыс айыпкерлерді бүкіл әскердің алдында
Тау құлаған
қатаң жазалап, өлімге кесуді қатал да өктем түрде талап етіп, басқа
ойларының бәрін тұншықтырып, ығыстыра бастады.
Тіптен, күні бойы үстінен түспей қойса да мыңқ етпейтін
қажымас-талмас Құба жорға да үстіндегі шабандоздың салмағын
ауырлағандай өзінің атқан оқтай түп-түзу жүрісінен жаңылып, ақ
көбікке малшына бастады, бұрын мұндайы жоқ болатын.
Шыңғысхан қалған жолды ызғарлы үнсіздікпен өткізді. Ұлы
жорыққа аттанып, әлемді түгел бағындырсам деген мұның ұлы
жоспарын іске асыру үшін Батысқа беттеген дала сарбаздарының
ауыр қолының жүрісіне еш кедергі жоқтай көрінгенімен, әлдебір
жайсыздық бары анық байқалатын, мұның қара тастай берік те
мызғымас мығым жарлығынан бір қиыршық бөлініп түсіпті.
Қағанның тынышын кетірген де осы болатын. Жол бойы осыны
ойлап келді, тырнақтың астынан қадалған тікендей болып мазасын
алған бұл жәйтті ойлаған сайын жанындағыларға да жақтырмай
қарай бастады. Әбден бала туып болғаннан кейін хабарлауын көрдің
бе, ал, бұдан бұрын қайда болған, әлде екіқабат әйелді ажырату
қиын ба екен? Ол кезде әңгіме де басқа – бұралқы иттей етіп қуып
жіберсе болды, сазайын тартқызу деген сол болатын еді. Енді
қайтпек керек? Болған жәйттің мән-жайын хабарлаған кезде бұл
шаруашылық күрені үшін жауап беретін ноянды сұрақтың астына
алды – әлгі кестеші әйел баласын туып алғанша, сенімді адамдар
баланың жылағанын естігенге дейін ешкімнің ештеңе байқамауы
қалай? Бұған қалай жол беріліп жүр? Ноян бұған күмілжи жауап
берді: Дөгелең деген кестеші әйел жеке киіз үйде тұрған, үнемі
күреннің шет жағында жүреді екен, ешкіммен араласпай, саяқ
жүретін болыпты, өйткені, қолы босамайды, күймелі арбасы, күтуші
күңі бар, ал, бір шаруамен бара қалса, ылғи десте-десте матаға
көміліп отырады, жібек матадан тігілген туларға кестеден өрнек
тоқиды ғой… Жұрт болса, оны жібекке оранғанды ұнатады екен деп
ойлапты, сондықтан оның қарнын ешкімнің байқамағанына таңғалуға да болмайды. Баланың әкесі кім екені әлі белгісіз. Кестешіні
де әзірше тергей қоймапты. Күңі болса, ештеңе білмеймін деп антсу ішіп отыр. Пәлен мың адамның арасынан қалай табарсың оны?..
Шыңғысхан бұл оқиғаға араласу өзіне лайық еместігін
тыжырына есіне алды, бірақ бала тууға тыйым салған өзі ғой,
Шыңғыс Айтматов
сондықтан әскербасылар бұл келеңсіздік туралы өзінен жоғары
бастыққа жеткізіп, олар одан да жоғарыға баяндап, бірте-бірте өзіне
келіп тіреліп отыр, демек, бұл қаған басымен өз бұйрығына өзі
тәуелді болғаны. Ал, өз жарлығыңнан өзің қалай бас тартарсың?!
Әлгілердің жазаланбай қалмайтыны анық еді…
Түн ортасына таман жүзбасы Ерден мыңбасыға баратын
асығыс шаруам бар деп сылтау айтып, қосыннан сытылып шықпақ
болды, бірақ мұнысы әшейін ғашығымен бірге қашып шығудың
амалы болатын. Ол қағанға ендігі бәрі де белгілі екенін, Дөгелең
мен баласын алып қашсам деген жоспарының талқаны шыққанын
білмейтін еді.
Жетекке алған атын қарғыдағы аңшының итіндей-ақ тізгінінен
сүйрелей желген Ерден түнгі ұйқыға кеткен қосынды тып-тыныш
айналып өтіп, Дөгелеңнің киіз үйі тігілген күренге жақындай
берді, жол бойы нояндардың шолғынына кезігіп қалмауды тілеп,
жаратқанға жалбарынумен болды. Ноян шолғыны деген өте бір
қатігез күзет болатын, егер әлдебір жасақшының қымыз ішіп қызып
қалғанын байқаса да кешірім дегенді білмейді, ертесіне ат орнына
арбаға жегіп, делбешілер ұзын бишікпен аяусыз шықпыртады…
Жүздігін тастап шығып, қашуға бел буған Ерден егер қолға
түссе басы кететінін жақсы білетін – не киізге орап тұншықтырып
өлтіреді, не дарға асады. Тек көз көріп, құлақ естімеген басқа елге,
басқа жерге қашып барып қана аман құтылуға болады.
Түнгі дала бұл жолы да ай сәулесіне малынып тұр екен. Жанжақтың бәрінде қосын-қосын болып орналасқан сарбаздар, жусаған
мал, өшіп бара жатқан алаудың жанында бүк түсіп ұйқыға кеткен
жауынгерлер. Осыншама адамның арасынан кімнің не істеп, не
қойып жүргенін біле қою да оңай емес. Жүзбасы Ерденнің ойлағаны
да осы болатын, тағдырын қырсық шалмаған болса, Дөгелең мен
жас сәбиін алып құтылып та кетер ме еді, кім білген…
Бір пәлеге тап болғанын ол шеберлердің күреніне жақындай
бергенде-ақ түсінді. Атынан қарғып түскен жүзбасы қос аттың
тізгінін қыса ұстап, екі жануардың көлеңкесін қалқалады. Ия,
қырсық шалған екен бұларды! Шеткі шатырдың қасына үлкен етіп
от жағылып, айналаны түгел жарқыратып жіберіпті. Он қаралы атты
жасауыл отты қоршай барқылдап әңгіме айтып тұр. Жаяу жүрген
Тау құлаған
үшеуі Дөгелең екеуі түнделетіп қашпақ болған күймені қайтадан
жегіп жатыр. Содан кейін Ерден шатырдан қолына баласын көтерген
Дөгелеңді сүйреп алып шығып, күймеге мінгізгенін көрді. От
сәулесімен анық көрінген байғұс әйел қорыққаннан боп-боз болып
кетіпті, үстінде сол сусар ішігі, баласын кеудесіне қысып алған.
Жасауылдар одан бірдеңелер сұрап жатты. Аракідік кейбір сөздері
естіліп қалады: «Кәне, жауап бер! Айт деймін саған! Күнәһар,
салдақы!» Содан кейін Алтын күңнің зарлаған даусы естілді. Ия,
бұл соның шыңғырғаны еді. «Мен қайдан білейін?! Неге ұрасыңдар
мені!? Кімнен туғанын қайдан білейін оның! Осы жерде, осы далада
болған ештеңесі жоқ қой. Ия, баланы жақында туды, оны өздерің де
көріп тұрсыңдар! Ал, баланың бойға біткеніне тоғыз ай болғанын
да түсінбей тұрсыңдар ма?! Оның кіммен, қашан болып жүргенін
қайдан білейін мен?! Ұрмаңдар мені! Оны да қорқыта бермеңдер,
әбден зәресі ұшып кетіпті, жас баласы бар ғой! Бөтен біреу емес,
сендердің қызметшілерің, жорық туларыңды кестелейтін осы емес
пе?! Не үшін өлтірмексіңдер оны, не үшін?!»
Байғұс Алтын-ай, ат тұяғында тапталған шөп сияқты болған
бейшара күңнің қолынан не келетін еді, ол түгіл жүзбасы Ерденнің
өзі де амалсыздан бармағын шайнап тұрған жоқ па, он шақты
жасауылға қарсы тұрар шама қайда?! Көп болса, бір-екеуін өлтіріп,
өзі де қаза тапқаннан басқа не бітірмек бұл? Бірақ, одан не пайда?
Жасауылдар үнемі ұялы бөрі сияқты шұбырып жүреді. Қан көрсе
делебесі қозып, бүкіл үйірімен жабыла талайтын қасқырлардан
айырмашылығы шамалы олардың!
Жүзбасы Ерден жасауылдардың Дөгелең мен баласын күймеге
мінгізіп, Алтын күңді де сонда сүйреп тығып, түн қараңғысына
сіңіп жоғалғанына амалсыздан куә болды.
Содан кейін бәрі тып-тыныш бола қалды, шатырдың маңы жымжылас. Тек әлдеқайдан итттің үргені мен жылқының кісінегені, әлі
ұйықтай қоймаған сарбаздардың дауыстары ғана естіледі.
Кестеші Дөгелеңнің шатырының қасындағы алау сөне бастады.
Адамдардың әбігерге толы тірлігіне, жан қиналысына, өзара
арпалысына қуана қарап, жымыңдасқан жұлдыздар бәрі де осылай
болуға тиіс деп құптағандай болады…
Жүзбасы Ерден түсінде қимылдағандай баяу қозғалып, әп-
Шыңғыс Айтматов
сәтте ұйып сала берген сұп-суық қолымен жетектегі аттың жүгенін
сыпырып, жерге тастай салды. Ауыздық салдыр ете қалды. Ерден
өзінің ауыр дем алып тұрғанын аңғарды, бірден-бірге тынысы
тарыла түсті. Ерулі атты шоқтығынан қағып қалып, қуып жіберуге
шамасы әрең жеткендей болды. Енді бұл аттың керегі де жоқ, басы
ауған жағына кете берсін, кім мінеді оған, ақылды жануар да осыны
түсінгендей, жылқылар жусап жатқан жаққа қарай желе жөнелді.
Жүзбасы Ерден қайда бара жатқанын өзі де білместен дала кезіп
кете берді. Талай шайқаста сенімді серігі болған Ақжұлдыз аты
артынан еріп келеді, қанатындай болған Ақжұлдызға мініп, сүйгені
мен баласын күймеге отырғызып қатал тағдырдан қашып құтылсам
деген арманы өстіп адыра қалды!..
Жүзбасы соқыр адамдай беті ауған жаққа қарай жүре берді, көз
шарасы жасқа толып, тамшылап сақалын шылап жатыр, толған айдың
ақ сәулесі бір-ақ сәтте еңкіштеніп шыға келген, солығын баса алмай
дір-дір еткен иығына құйылып тұр… Ол үйірінен қуылған көкжалдай
бет алды жүре берді, күллі әлемде жалғыз қалған бұған жансерік
болар ешкім жоқ енді, қалауың білсін, шамаң жетсе – әрі қарай өмір
сүр, жетпесе – өл! Басқа ештеңе қалған жоқ. Енді не істейді, қайда
барып, кімнің қолтығына тығылады? Дәл осы жерде жүрегіне қанжар
ұрып өле қалғаннан басқа ештеңе жоқтай көрінді, бәлкім, сонда жанжүрегін сығып әкетіп бара жатқан жараның ауырғаны басылар, ішібауырын өртеген күйік тынышталар, болмаса басқа бір жаққа безіп
кетіп, өткен өмірін мәңгі-бақи ұмытуы керек…
Жүзбасы жерге құлап түсіп, ыңырана еңірей жүріп топырақты
қос қолдап тырнай берді, бірақ бұдан жердің ештеңесі кеткен жоқ,
тек өзінің тырнағының көбесі сөгілді, содан кейін жүрелей отырып
кісесіндегі қанжарын сипалады…
Дала тым-тырыс, тек аспандағы жұлдыздар ғана жымыңдайды…
Ал, адамнан зият Ақжұлдыз ат анда-санда оқыранып қойып, ай
сәулесінің астында аш бөрідей бүгілген иесінің бұйрығын күтіп
тұра берді…
Бұл күні алдын ала дөң басына жиналған дауылпазшылар
жорыққа шықпас бұрын әскерді жиынға шақырып дабыл қақты.
Толассыз дүңкілдеген пәлен жүз дауылпаздың тұтаса келіп,
күңіренген гуілге ұласқан дыбысы айнала төңіректі түгел ұйқыдан
Тау құлаған
оятып жіберді. Өгіз терісінен тігілген дауылпаздар аранға түскен
тағыдай ырылдап, күрілдеп, адам айтқысыз ауыр қылмыс істеген
– жорықта жүріп бала туған кестеші әйелді жазалауға куә болуға
шақырып жатты, ал, оның аты Дөгелең екені ешкімнің қаперіне де
кірген жоқ.
Дауылпаз гуілінің ырғағымен бейне бір шеруге шыққандай
жасанып, бес қаруын асынған атты әскер жүздіктен соң жүздік
болып тіркесіп, дөңді жартылай қоршап орналасты, екі жақты орай
шаруашылық күрендері мен жорық шеберлері – киізден шатыр
жасаушылар, қару соғатын ұсталар, сойылған малдың терісінен
былғары илейтін қайысшылар, еркектер мен әйелдер жиналды,
бәрі де жас, нағыз өмірге сәби әкелетін қылшылдап тұрған кезі.
Күнәһарды халықтың алдында жазалау шарасы да осыларға үлгі
болсын деп, осыларды қорқытып қою үшін әдейі жасалып жатыр
еді. Хан бұйрығын орындамаған кез-келген адамның көретіні осы –
өлім жазасына кесіледі!
Дөң басында бір сәт те толас таппай дүңкілдеген
дауылпаз үні жиналғандардың зәре-құтын алып, жүректерін
ұшырды, қорыққаннан Шыңғысханның бұл ісі дұрыс екеніне,
осылай етпесе болмайтынына деген сенімдері де арта түсті.
Міне, дауылпаз дабылының қостауымен құлдары қағанды алтын
зембілге салып дөң басына көтеріп шығарды. Қазір ол баланы
кімнен тапқанын қасарып айтпай қойған күнәһарды жазаламақ.
Ұясынан енді ғана көтерілген күн шапағымен сәулеленіп, жібек
матаға моншақпен кестеленген айдаһарлары желдің қозғауымен
құтырына билеген алтын тулардан сарғая көрінген дөң басына
зембілді қойды. Күш-қуаты тасыған айдаһарлар қағанның құдіретін
білдіретін, бірақ оны кестелеген әйел мұны емес, өзінің сүйгенін
бейнелегенін қаған қайдан білсін! Ғашық жарға құшағында жатқан
жігіті айдаһардан бетер айбатты болып көрінген ғой. Енді осы үшін
басынан айырылатын болды.
Соңғы сәт те жақындап қалды. Дауылпаз даусы бірден-бірге
бәсеңдей берді, жазаны іске асырар алдында бұл дүңкіл кілт
тоқтауға тиіс, сонда қорқынышты сәтті үрейлене күткен халықтың
жым-жырт тыныштығы қоюлана түспек, уақыт ағыны баяулап
барып тоқтап қалмақ, содан кейін бір өмірдің қыршынынан қиылар
Шыңғыс Айтматов
сәтінде қайтадан дүңкілдеп, осы масқараға куә болған әр адамның
бойында соқыр кекті өршітіп, күнәға батқан бейбақты іштей табалау
мен осы жазаға өзі емес, басқа біреудің тартылғанына қуану сезімін
оятатын болады.
Дауылпаз үні бұрынғыдан да бәсеңдей түсті. Жиналғандар
қалшиып қатып қалған, тіптен, астарындағы аттары да қозғалуға
қорқып тұрғандай. Шыңғысханның жүзі қара тастай сазарып,
жымқыра тістенген ерні мен кірпік қақпай қадалған қысық көзі
әбжыланды елестетеді.
Ақыры, дауылпаздар да тына қалды. Таяу жерге тігілген киіз
шатырдан кестеші Дөгелеңді алып шықты. Еңгезердей екі жасауыл
тұтқын әйелді қолтығынан ұстап, қос ат жегілген арбаға көтеріп
мінгізді. Тікесінен тік тұрған Дөгелеңді құлап кетпесін дегендей
қолтығынан демеген жас жасауыл арт жағында.
Күнәһарды көргенде жұрттың бәрі, әсіресе, әйелдер шуылдасып
қоя берді: Міне, әлгі кестеші! Салдақы! Некесіз бала туған арсыз!
Өзі жап-жас, әрі сұлу, кез келген ноян мен тайшының екінші немесе
үшінші тоқалы болуға жарап-ақ тұрған жоқ па?! Тіптен, шал болса
да қайда жатыр! Еш қиындық көрмес еді ғой. Жоқ, бұған ашына
керек, ұяттан безген қаншық! Қағанның бетіне түкіргенмен бірдей
ғой мұнысы! Сазайын тартсын енді! Түйенің өркешіне асып өлтіру
керек оны! Сондағы жеткен жері осы ғой! Ауыздарынан ақ көбігі
атқылап, аяусыз сөккен дауыстар дауылпаздың тұтасқан гуіліне
ұласып жатты, өгіз терісінен жасалған шанақтары жарылып
кетердей болып дүңкілдеген дауылпаз даусы да қаған жақтырмаған
адамды басқалардың да жек көруін қоздыра түсу үшін бұрынғыдан
әрі күркірей түсті.
– Әне, ойнастан тапқан баласын күңі көтеріп келеді!
Қараңдар! – деп шуылдасты қызметші әйелдер айызы қана.
Алтын күң осы бір қатігез әлемге жақында ғана келген бейкүнә
сәбиді жөргегімен көтеріп келе жатыр еді. Дүңкиген ірі денелі
жасауылдың айдауымен жан-жағына үрке қарап, арбаны қалқалай
баяу басып келе жатқан Алтынның қолындағы бала өлімге
бұйырылған бейшара кестешінің күнәсін дәлелдей түскендей.
Жазаны орындар алдында басқаларға сабақ болсын деп
оларды өстіп алып жүрді. Өзінің шаруасы тынғанын, енді
Тау құлаған
ешқандай кешірім де, жарылқау да болмайтынын Дөгелең де
түсінді. Бұларды сүйреп алып шығардың алдында шатырдың
ішінде баласын соңғы рет емізген болатын. Айналасында не
болып жатқанынан хабарсыз сәби дауылпаздың бірден-бірге
бәсеңдей түскен дауысына елтіп, қалғи отырып анасының сүтіне
алаңсыз тойып алған. Алтын күң де қасынан бір елі кеткен жоқ.
Дауысын шығармауға тырысып, егіле жылаған ол бір қолымен
қайта-қайта аузын көлегейлей берді. Сөйтіп тұрып екеуі бірер
ауыз тіл қатысып қалды.
– Қайда жүр ол? – деп сыбырлай сұрады Дөгелең баласын
бір өңірінен екіншісіне ауыстыра қысып. Бірақ, бұл білмегенді
Алтынның да білмейтіні өзіне анық еді.
– Білмеймін, – деп жауап берді ол көзінен жасы моншақтап. –
Бұл жерден алыста болса игі еді.
– Сөйтсе екен! Солай болса екен! – деп тіледі Дөгелең.
Күңі өзінің де тілегі осы екенін білдіріп басын изеді. Екеуінің де
қазіргі бар тілегі сол – жүзбасы Ерден мына жауыздардан құтылып,
аяқ жетпес алысқа кетіп үлгерсе екен!
Шатырдың сыртынан біреулердің аяғының дыбысы, дауыстары
естілді:
– Кәне, алып жүріңдер! Сүйреңдер!
Кестеші әйел баласын соңғы рет көкірегіне қысып, күңірене
күрсінді де, қалтыраған қолымен күтушісіне берді.
– Тірі қалса, бас-көз боларсың…
– Ондай жамандықты ойлама! – деген Алтын күң көмейіне кептелген көз жасына тұншығып құмығып қалды да, содан кейін өзөзіне ие бола алмай еңіреп қоя берді. Бар шері мен қайғы-қасіретінен
бір-ақ арылғысы келгендей тоқтаусыз аңырады.
Сол сәтте жасауылдар бұларды далаға алып шықты.
Күннің көзі көкжиектен едәуір көтеріліп қалған. Кестешіні
өлтіргеннен кейін жорықты жалғастыруға дайын тұрған әскер
қосындары мен күрендерінің сыртында далиып Сарыөзек даласы
жатыр. Дөң үстінде қағанның алтын зембілі жарқырайды. Шатырдан шыққан сәтте Дөгелең зембілді де, оның үстінде тас құдайдай
мелшиген қағанды да көзінің қиығымен байқап қалған болатын,
хан зембілінің жан-жағында қанша рет тер төгіп, көз майын тауыса
Шыңғыс Айтматов
кестелеген от ауызды айдаһарлар ойнаған жалаулар таңғы самалмен
желбіреп тұр.
Күннен қорғайтын далданың тасасында шіреніп отырған
Шыңғысхан дөң үстінен бәрін де – сап-сары даланы да, қалың
әскерді де, шаруашылықпен айналысатын қызметшілерді де көріп
отыр, ал, төбесінде ақ бұлты айналып жүр. Таң ата басталуға тиісті
жорық сапары осы кестешінің кесірінен кешеуілдеп тұр. Бірақ,
кейде бір нәрсеге кедергі келтірмеуі үшін екінші нәрсені де істеуіңе
тура келеді. Ханның мұндай жазаның орындалуына қатысуы бір
бұл емес, алда әлі қаншасы күтіп тұрғанын кім білген, бассыздыққа
жол бермеудің жалғыз-ақ жолы осы – жұрттың алдында жазаға
тарту; әміршінің бекіткен тәртібіне халықтың сөзсіз бағынуы үшін
мұнсыз болмайтынына талай көзі жеткен, өйткені, қорқыныш пен
өзім осындай жазаға ұшыраудан аманмын деген пасық қуаныш
адамдардың бұл қатігез жазаны міндетті жәйт деп қабылдап,
билеушінің бұл ісін ақтауы мен жақтауына мәжбүр етеді.
Бұл жолы да кестеші әйелді шатырдан алып шығып, масқарашы
ретінде арбаның үстіне мінгізіп елді айнала алып өткен кезде жұрттың бәрі гуілдесіп қоя берді. Шыңғысханның кірпігі де қимылдаған
жоқ. Желкілдеген жалаулардың сабын қыса ұстап тас мүсіндей
қатып қалған кезеуілдердің қоршауында далданы тасалап міз бақпай
отыра берді. Бұл жазаның мақсаты да осы – Батыс жорығында ең
бір болмашы деген қылмыстың өзі қатаң жазаланатынын әркім де
білуге тиіс. Енді ғана ана болған жас әйелді мұндай қатаң жазаға
тартпай-ақ, кешірім ете салуға болатынын қаған да біледі, бірақ одан
еш пайда жоқ – кез-келген босаңдық басыңа пәле болып жабысады,
билік әлсіреп, жұрт басына бастайды. Жоқ, ол мұнысына өкінген
жоқ, бір ғана әттеген-айы – кестешінің ашынасы кім екені сол күйі
белгісіз қалды.
Ал, дарға асуға кесілген бейбақ әйел масқаралау арбасына
мініп әскер қосындарының алдынан өтіп жүр, көйлегінің өңірі
айырылып кетіпті, қобырап кеткен көмірдей қара қолаң шашы
күн сәулесіне шағылысып жылт-жылт етеді, жүзі боп-боз. Бірақ,
Дөгелең жүзін төмен салған жоқ, айналасына жанарының нұры
өшкен өлі көзімен мұңая қарап, басын кекжитіп тұра берді – енді
нені жасырмақ?! Апырмай, біреуді өз өмірінен артық көруге де
Тау құлаған
болады екен-ау, ессіз махаббаттан туған баласы болса мынау!..
Бірақ, есірген жұрт бәрін де білгісі келеді:
– Әй, қаншық, қайда әлгі дүрегейің? Кім ол?
Өз кінәларын сезіну әлі санасына жете қоймаған тобырдың
делебесі қозып, қатігездене түсті, енді олар өздерінің әлгі жасырын
күнәсынан арылмақ болып шуылдасып кетті:
– Дарға асу керек салдақыны! Тура қазір өлтіру керек! Күтетін
несі бар мұның?!
Жазаны ұйымдастырушылардың күткені де осы болса керек,
олар құтырынған тобыр кестешінің сағын сындырып тынады деп
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Шыңғысханның Ақ Бұлты - 4
  • Büleklär
  • Шыңғысханның Ақ Бұлты - 1
    Süzlärneñ gomumi sanı 4208
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2260
    32.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Шыңғысханның Ақ Бұлты - 2
    Süzlärneñ gomumi sanı 4281
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2170
    36.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Шыңғысханның Ақ Бұлты - 3
    Süzlärneñ gomumi sanı 4228
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2264
    33.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Шыңғысханның Ақ Бұлты - 4
    Süzlärneñ gomumi sanı 2488
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1441
    39.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.9 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    61.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.