🕙 3 minut uku

Сақина

Süzlärneñ gomumi sanı 357
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 253
54.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
67.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
71.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  (Ертегі)
  
  Баяғы заманда бір кедей шаруа болыпты. Бір күні ол ішерге асы таусылып қалған соң, жалғыз тауығын сойып жемекші болады. Тауықты ұстап, енді бауыздай бергенде, ол:
  - Уа, ием, менің соңғы тапқан жұмыртқамның ішінде алтын сақина бар. Соны ал да, мені босат. Ол сақина не тілесең, соны орындайды. Тек қана бір-ақ тілек тілеуің керек, - деп ескертіпті.
  Шаруа тауықты босатып қоя береді.
  Тауықтың айтқаны рас екен. Шаруа күндей жарқыраған сақинаны алып, әйеліне келеді. Алғашында әйелі сақинаны көріп қуанады. Кейін таза алтын емес шығар деп күдіктенеді. Бұрын алтынның атын естігені болмаса, қолдарына ұстап көрмеген ғой. Ақыры оны зергерге апарып көрсетпекші болады.
  Ертеңіне шаруа зергерге келіп, болған уақиғаны түгел айтып береді.
  Зергер арам пиғылды адам екен. Ол шаруаның сақинасын салыстырып қараған болып, оған басқа сақинаны ұстата салады. Шаруа оны сезбейді. Зергердің «сақинаң таза алтын екен» дегеніне қуанып, үйіне кетіп қалады.
  Шаруа кетісімен, зергер дүкенін мықтап бекітіп алады. «Енді дүниедегі ең бай адам мен боламын» деп қуанады. Сонан соң шаруаның сақинасын қолына алып:
  - Сиқырлы сақинам, дүкенімнің төрт бұрышын тоқсан түрлі жиһазға толтыршы, - дейді ақырын. Сол-ақ екен, інжу-маржан, асыл тастар, күміс теңге, ат басындай алтын құймалар зергердің үстіне нөсердей жауып береді. Ә дегенше-ақ дүкені аузы-мұрнынан шыға толады. Бірақ асыл тастар астында қалған зергер үйден шыға алмай, сол жерде тұншығып қалады.
  Шаруа үйіне қуана кіріп:
  - Сақина таза алтын екен, не тілегің бар, кәне? - дейді әйеліне.
  - Егіндік жер тілейік, - дейді әйелі ойланбастан.
  Шаруа тұрып:
  - Егер ерінбей еңбек етсек, бір жылда жер сатып алуға шамамыз келмей ме? Одан да асықпай, басқа бір тілек ойласаң қайтеді?! - депті.
  Бұған әйелі де келісіп, екеуі бір жыл бойы тізе бүкпей еңбек етеді. Алақандай жерге еккен егіндері бітік шығып, сатылған астықтың ақшасына қосымша шұрайлы жер сатып алады...
  Жылдар өтіп жатады. Өздері қартайса да, бұрынғыша еңбек етіп, соның жемісін татып, ел қатарлы өмір сүреді. Балалары да ержетеді.
  Сақина сөз болған сайын шаруа «Асықпайық, әлі де уақыт бар!» дейді екен. Әйелі бірте-бірте сақинаны ауызға алуды да қояды...
  Өмір бойы шаруа оны қасиетті сақина деп өткен еді. Сақина зергердің жез сақинасы болатын. Алайда сол сақина шаруаның бақытқа жетуіне себепші болыпты.
  Иә, жаман заттың адал қолда болғаны жақсы заттың арамза қолға түскенінен әлдеқайда артық қой.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.