Latin Common Turkic

Мартин Иден - 22

Süzlärneñ gomumi sanı 4038
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2255
33.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
47.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
55.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
Солтүстік Окленд бұл арадан қашық емес-ті. Бірақ Мартин қалай барып жеткенін байқамады. Бөлмесіне кіріп, керуетіне отырғанда ғана есін жинап, жынынан айырылған бақсыдай жан-жағына қарады. Көзі стол үстінде жатқан «Кешіккенге» түсті. Столды өзіне қарай тартып, қолына қалам алды. Бастаған істі аяқтау қанына сіңген әдеті еді. Алдында бітпей қалған іс жатқасын дәті төзбеді. Бір кезде өзге жұмыспен алданып, бұған көңіл бөлмей кеткен ғой. Қазір өзге жұмыс бітті, ендеше «Кешіккенге» де кезек келді. Онан кейін не істейтінін Мартин білмейді. Бірақ өмірінің бір кезеңі өткенін жақсы білді. Сондықтан нүкте қою үшін әуелі сөзін тұжырымдауы лазым. Болашағы не болмақ,—онымен ісі жоқ. Не болғанын көп ұзамай көреді ғой. Онда тұрған түк те жоқ. Енді қай ісінде мән қалды.
Мартин анда-санда ас ішкені болмаса, бес күн бас көтермей, ешқайда шықпай, ешкімді көрмей «Кешіккенді» жазумен болды. Алтыншы күн дегенде поштабай «Парфенонның» редакторынан хат әкелді. Конвертті ашып жібергенде-ақ «Фани дүниенің» қабылданғанын түсінді.
«Поэманы мистер Картрайт Брюске оқып беруге жіберген едік,— депті редактор,— ол кісі мақтапты, енді журналымызға қуана-қуана басқалы отырмыз. Поэманы август санына қалдырған себебіміз июль айынікі теріліп қойған еді. Мистер Бриссенденге сәлем айтарсыз, талантына таң қалып, өзін айырықша ардақ тұтамыз. Мүмкін болса, ресімі мен өмірбаянын жіберіңіз. Қойған гонорарымыз аз соқса, телеграф арқылы өз шамаңызды хабарлаңыз».
Гонорары үш жүз елу доллар екен, Мартин телеграмма соқпай-ақ қояйын деп ойлады. Енді Бриссенденнің келісімін алу керек. Мартиннің болжамы расқа шығыпты. Шын поэзияны бағалай білетін редактор бар екен. Гонорары да тіпті «замана поэмасы» үшін аз емес. Оның үстіне Мартин Бриссенденнің Картрайт Брюсті сыншылардың ішіндегі ең қадірлісінен санайтынын білетұғын.
Мартин тысқа шықты. Трамвайға отырды. Терезеден зымырап өтіп жатқан үйлерге, көшелерге көз салып, ойға шомды: достың талабы жанғанда да, өзімнің сұрапыл арпалыста жеңіп шыққан күнімде де көңіл шіркіннің селт етпегені несі деп жабырқады. Құрама Штаттардың таңдаулы сыншысы поэмаға лайықты әділ бағасын беріпті ғой, олай болса Мартиннің: нағыз көркем шығарма қайткен күнде де баспасөз бетіне өзі жол табады дегені расқа шығып отыр. Сонда да Mapтиннің көңілінде бұрынғыдай алып ұшқан ынта-ықылас жоқ. Ол Бриссенденге қуанышты хабар айтудан гөрі өзін көргенін іштей артық санайтынын анық сезді. «Кешіккенді» жазумен өткізген бес күн ішінде Бриссенденнен хабар-ошар болмай кеткені, ол есіне де келмегені ойына енді ғана түсіп отыр. Рухани дүниесі күйзелісте екенін ол жаңа сезді, досынан ұялды. Ұялса да өзінің құлықсыз, сұлық отырғанын байқады. «Кешіккенді» жазған шақта шабыты келгені ғана болмаса, өзге уақытта ешнәрсеге зауқы болмаған. Біреу әфсүп оқып, басын айналдырып тастағандай. Трамвай келе жатқан көшенің думаны алыстағы бұлдыр елес сияқты, тіпті, сонау шіркеу мұнарасы көз алдында қазір күлпәра болса да, таңырқайтын түрі жоқ.
Қонақ үйге кірісімен, аяғын тез-тез басып, жоғары этаждағы Бриссенденнің номеріне көтерілді де, көп ұзамай асыға басып, қайта түсті. Бөлме бос. Нәрсе қарасы жоқ.
— Мистер Бриссенден бір жаққа жүріп кеткен бе?—деп сұрады Мартин портьеден.— Адресін қалдырған жоқ па?
Портье таңырқай қарады.
— Естіген жоқ па едіңіз?
Мартин басын шайқады.
— Газеттердің бәрі жазды ғой. Төсегінде жатып, жан тапсырыпты марқұм. Өзін-өзі атып өлтірген.
— Жерледі ме?
Мартинге бұл сұрақты берген өзі емес, өзге біреу сияқты естілді.
— Жоқ. Тергеу бітісімен сүйегін Шығысқа алып кетті. Туғандары жалдаған адвокаттар ісін жауып тастапты ғой.
— Неге асыққан мұншама?
— Асыққаны қалай? Бес күн өтті ғой оған!
— Бес күн өтті дейсіз бе?
— Иә.
Жол-жөнекей телеграфқа кіріп, «Парфенонның» баспасына поэманы басуға болады деген хабар жіберді. Телеграмманы өздері төлеп алатын етіп жөнелтті. Өйткені, қалтасында үйіне қайтуға жететін бес-ақ центі қалған екен.
Үйіне келісімен Мартин тағы жұмысына отырды. Күн демей, түн демей жазуын жаза берді. Үйінен ешқайда аттап шыққан жоқ. Бар болса көжесі мен ботқасына да тәбеті тартпайды. Жоқ болса жоқтамайды. Повесін басынан аяғына дейін ойластырып алғанымен кіріспесін қайта жазуға ұйғарды, демек мөлшерден тыс тағы жиырма мың сөз қосылмақ. Қолжазбаны тәптештеп түзей берудің қажеті жоқ секілді еді, бірақ қолы үйреніп кеткен Мартин үстірт кете алмайды. Жазуын үнемі ұйып отырып жазды, өзге дүниені ұмытты, өткен өмірінің тәжірибесіне аруақтай сиынды. Біреудің өлген адамның аруағы қайта келіп, елес болып, бұрынғы таныстарын аралап жүреді деген сөзі есіне түсті. Бұған Мартин сенбейтұғын да. Енді осы кеп өз басыма келмегей, деп сәл күдіктеніп қалды.
Ақыры бір күні «Кешіккен» де аяқталды. Жалдау конторының агенті кіріп келгенде, Мартин соңғы бетін басып жатыр еді, соны бітіргенше агент керуеттің үстінде күтіп отырды. «Соңы» деп жазды Мартин. Бұл шынында да соңы-ды. Агент іле-шала машинаны көтеріп алып кеткенде, Мартин мойнынан бір ауыр жүк түскендей керуетіне сылқ етіп, жата кетті. Аштықтан әлсіреп кеткен екен. Дым сызбағанына отыз алты сағат болған ғой, тамақ есіне де келмеген. Шалқасынан түсіп, екі көзін жұмып жатты. Басына бірте-бірте қалың тұман оралғандай болды. Ұйқылы-ояу жатып, ол Бриссенден аузынан тастамайтын бір өлеңді оқи бастады. Мұны есік сыртынан естіген Мария мазмұнын түсінген жоқ, бірақ Мартиннің өзімен-өзі сөйлесіп жатуынан сескенейін деді.
Лира, аулақ! Мен жырымды бітірдім!
Қайран менің
Қайғылы үнім
Өшті жетіп алысқа!
Лира, аулақ! Мен жырымды тауыстым!
Албырт бала
Орман, дала
Араладым ән салдым,
Көшті керуен,
Өтті дәурен
Жеттік, міне, зәндемге
Лира, аулақ! Мен жырымды түгестім!
Мария төзе алмады. Қазан-пешіне жүгіріп барып, үлкен бір аяқ сорпа құйды, ожауымен қоюынан, еті мен овощынан көсіп алып, тағы құйды да асыға басып, Мартинге алып барды. Шынтақтап жатып, сорпаны ұрттап қойып, ол Марияға жаңағы дауыстауы сандырақ емес екенін, дені сау, есі дұрыс екенін түсіндірді.
Мария шығып кеткеннен кейін Мартин керуетінде бүкшиіп, бір нүктеден көзін алмай қалшия қарап, ұзақ отырды. Әлден уақытта таңертеңгі почтамен келген журналға көзі түсті. «Мынау «Парфенон», август айының саны, «Фани дүние» осында басылуға тиіс. Әттегене-ай, Бриссенденнің көзі тірі болмады-ау!»—деп ойлады.
Журналдың бетін аударып, қарап отырды да, бір кезде кілт тоқталды: «Фани дүниені» Бердсли стилінде суретпен тым әшекейлеп жіберіпті. Ортада поэманың аты, бір жағында Бриссенденнің ресімі, екінші жағында Британия елшісі сэр Джон Вэльюдің ресімі. Редакция атынан жазған кіріспеде: сэр Джон Велью жуырда Америкада ақын жоқ, деген еді. «Фани дүниені» басқандағы мақсатымыз оған: «Мә, мінеки, рахым етіңіз, сэр Джон Велью!»—деу,— деп жазыпты. Картрайт Брюсті Американың ең ұлы сыншысы дей келіп, оның: «Фани дүние»— американ поэзиясының ең ұлы шығармасы»— деген сөзін келтірген. Кіріспе мынадай сөздермен аяқталған: «Фани дүниенің» тамашасын ақырына дейін әлі айтып бере алғанымыз жоқ; мүмкін ешуақытта толық бағасын бере алмаспыз да. Бірақ поэманы қайта-қайта оқыған сайын мистер Бриссенденнің айырықша сөз байлығына қайран қалдық, мистер Бриссенден осыншама қазынаны қайдан тапты екен, қалайша ғана қиыннан қиыстырды екен деп талай-талай сауал да қойдық».
Сонан кейін поэманың өзін басқан.
«Опат болғаның мұндай жақсы болар ма, бишара Брис!»—деді Мартин. Қолындағы журналы еденге түсіп кетті.
Неткен оңбағандық, не қылған көргенсіздік. Бірақ Мартин бұған қатты ренжіген жоқ. Ашуланғысы да келіп еді, жігері жетпеді. Біреу төбесінен ұрғандай дел-сал. Тамыр соғуы тоқтап, енді ашуы келсе де қаны қайнамастай болған. Таң қалатын не бар? Осының бәрі Бриссенден марқұм өлердей жек көріп кеткен буржуазия қоғамының әдетті әрекеті емес пе?
— Бишара Брис! Мынаны көрсе ғой, күнәмді ешуақытта кешірмес еді.
Орнынан әрең тұрып, Мартин столының бұрын ақ қағаз сақтаған тартпасын ашты. Ішінен досының он бір өлеңін тауып алды. Бәрін асықпай отырып жыртып, зембілге тастады. Қайтадан орнына отырып, әлдебір түпсіз бос қуысқа түк көрмейтін су қараңғы көздерімен қадалды да қалды.
Осы қалпында қанша уақыт отырғанын сезген жоқ. Бір кезде бұлдыр тұманнан жарқ етіп, ұзын ақ белдеу қиядан көзіне шалынды. Бұ не ғажап. Анықтап қараса, ол Тынық мұхиттың маржан рифіне соғып жатқан соқпа толқынның биік жотасы екен. Көбік шашқан көкбас толқыннан бір мезетте қиыны қашқан кішкене шөлмек қайық көрінді. Қайықтың құйрығында жарқыраған ескектерін суға малып, мықынына қырмызы қызыл борлат байлаған, денесі қоладай сарғыш жас құдай отыр. Мартин тани кетті. Моти екен. Тами көсемінің кенже баласы. Демек мынау көрінген Таитидің жағалауы. Олай болса маржан рифінің ар жағында Папара деп аталатын тамаша ел жатыр. Ол елде өзен сағасында көсемнің құрақ қамыстан өрген үйі бар.
Кешкі мезгіл. Мотидің, сірә, балық аулаудан оралған беті ғой. Қайығын дәс көтеріп, рифтен сырғып өткізетін үлкен толқын күтіп отырған шығар-ау. Енді бір мезетте Мартин қайықта отырған өзін көрді. Ол бұрын осылай талай отырған. Зәулім биік көк толқын зымырап келе бергенде, Мотидің ишарасы бойынша, ескектерін шапшаң-шапшаң есе бастайтыны әлі есінде. Енді бір сәтте ол көрермен емес, көріністің өзіне айналды. Моти бар даусымен бақырған кезде, Мартин жанталасып, қайық есті. Міне, екеуі тулаған толқынға ілесіп, зымырап келеді. Асау толқын мөңкиді, гүрсілдейді, суылдайды, су бүркеді. Бірақ әп-сәтте бұлар айнадай жарқыраған тынық лагунаға да жетті. Моти тұзды су шарбыған көзін сүртіп, күледі. Қайық енді маржан жағалаумен ақырын жылжып жүзіп келеді. Жиекте сыптай түзу құрма ағаштарының арасынан батып бара жатқан күн шұғыласына малынған Тамидің қамыс үйшігі алтындай жарқырап көрінді.
Көп ұзамай көрініс селт етіп, селдіреп, тұманға айналды. Мартиннің көзі қайтадан ыбырсыған тәртіпсіз тар бөлмесіне түсті. Таитиді тағы да көрсем деп зорланғанмен ыдырап кеткен елес оралмады. Иә, қазір құрма тоғайының ортасында ән салып, ай жарығымен қыздар би билеп жатқанын Мартин жақсы біледі. Бірақ алдындағы әптер-тәптері шығып, көл-көсір боп жатқан столы мен жумаған күңгірт кір терезеден өзге ештеме көре алған жоқ. Ол күрсініп, ыңырсып, ыңыранып, көзін жұмды да талмаусырап барып, ұйқыға батты.
Қырық бірінші тарау
Түні бойы азапты ауыр ұйқыда жатқан Мартинді таңертең есік қағып, почтаның хат тасушысы оятып жіберді. Өлегзіген сүлесоқ Мартин әкелген хаттарды ашып оқыды. Аты шулы «қарақшы» журналдың штампысы басылған бір хаттың ішінен жиырма бес доллардың чегі шықты. Осы ақшаны Мартин жыл жарымдай ізденген еді. Енді міне қолына тигенде қуанған жоқ. Қазір баспа чегін көрсе, бұрынғыдай жүрегі алып ұшпайды. Сонау бір күндері ақшаны болашағының кепілі сияқты көретұғын. Қазір оған азық сатып алатын жиырма бес доллардың қағазы деп қана қарады.
Осы почтамен тағы он долларлық чек келді. Оны ертеде қабылдаған күлдіргі өлеңдері үшін Нью-Йорктың бір журналы жіберіпті. Мартинге ой түсті. Соны салмақтап, ақыл таразысына салып, біраз отырды. Мұнан былай не істеп, не қоярын білмеді. Ешнәрсеге құлқы соққан жоқ. Әйтсе де, тірі жанға тіршілік етпек керек. Борыштарын да өтегені жөн. Олай болса, мына он долларды маркаға жұмсап, стол астында үйіліп жатқан қолжазбаларды тағы бір сапарға жөнелткенім пайдалы шығар,— деп ойлады. Бір-екеуін, мүмкін, алатын адам табылып қалар. Әйтеуір күн көру керек қой. Мартин осы ақылға тоқтады. Чегіне Окленд банкісінен ақша алып, түгел маркаға жұмсады. Сонан кейін тар бөлмесіне қайта баруға, тағы да азаптанып, ас пісіруге мойны жар бермей қойды. Бірінші рет борышын өтеуді де ескерген жоқ. Үйінде өзі пісірсе тоя жейтін тамағына он бес — жиырма центтен артық ақша кетпес еді. Бірақ ол «Форум» кафесіне барды, екі долларға түрлі тамақ алдырды. Шайына ғана жиырма бес цент, мысыр папиросына елу цент жұмсады. Руфь ұрысқаннан бері темекіні тастаған еді ғой. Енді ол рақаттан тыйылатын не сылтауым қалды, мейлі темекіге құмартып тұрғанда, шерімді бір тарқатайын,— деп ойлады.— Ақшаны үнемдеп қайтем? Әрине, бес центке жай темекі мен қырық шылымға жететін қағаз алуға болар еді. Онан не мағына? Ақшаның бүгін, қазір бір дүниелік алудан өзге не сәні қалды?! Жалғыз өзі бағдарсыз қаңғырып қалғанда, ғазиз басын тауға да, тасқа да соғудың керегі бар ма? Ағыстың ағынымен жылжи берсе, өмір тақсіретін тартпақ емес қой. Ал өмір тақсіреті дегеніміз тіршіліктің, бұл дүниенің азабы.
Күндердің толассыз тізбегі үздіксіз өтіп жатты. Бір күні бір күніне ұсайды. Күн тәулігіне сегіз сағат ұйықтауға да әдеттеніп алды. Тағы чек келер деп дәметіп, жапон ресторандарынан он центке ғана ас ішіп жүрсе де, әжептәуір оңалды. Бұрынғыдай күндіз-түні сарылып отырмауынан омсырайған ұрты қалпына келіп, екі беті бүйректей болды. Ештеңе жазған жоқ, қол тимеген кітаптары иесіз дүниедей сөреде тұр. Жиі-жиі ол қала шетіндегі төбешіктерді аралайды. Ұзақ уақыт дем алып, паркте отырады. Не досы, не бір танысы жоқ, кісімен танысуға құлқы да жоқ. Керегі не? Ол тоқтап қалған өмір тынысын қозғап жіберетін сырттан тосын дүмпу күтіп отыра берді. Қазіргі тіршілігі адамды зеріктіретін, мағынасыз, бірыңғай әурешілік, бір бос қуыс.
Бірде ол Сан-Францискоға барып, түнеугі «нағыз адамдарды» көрмек болды. Бірақ сол үйдің есігіне таяна бергенде сабындай бұзылып, жалт бұрылған, аяғын асыға басып, геттоның у-шу көшесімен кетіп қалған. Себебі, кіріп барсам философия туралы айтыс сөзге килігемін деп жүрегі дауаламаған еді. Көшеде «нағыз адамдардың» біреуі кездесіп қала ма деп, ол қаттырақ жүріп кетті.
Жұрттың «Фани дүние» туралы не жазып жатқанын білу үшін Мартин оқтын-оқтын газет-журнал қарайды. Поэма төңірегінде шу көтеріліпті. Және шу болғанда қандай. Елдің бәрі поэманы оқыған, бәрі де бұл поэзия ма, жоқ па деп таласып жатқан көрінеді. Жергілікті газеттер ғылыми мақалаға, кекесін рецензияға, оқырмандар хатына толы екен — бәрі сол поэма туралы. Элен Делла Дельмар (Құрама Штаттардың асқан ұлы ақыны деп жуырда айдар тағылған аты шулы бикеш) Бриссенденді өзімен бірге Пегасқа отырғызғысы келмеулі, оны тіпті ақын емес деп әр жерге хат жазыпты.
«Парфенон» кезекті санында өзі көтерген айғай-шуды пайдаланып, сэр Джон Вэльюді жүндей түткен, Бриссенденнің өлімін өзіне реклама еткен. Жарты миллион оқушымыз бар деп мақтана беретін бір газет Элен Делла Дельмардың Бриссенденді әжуалаған поэмасын жариялапты. Мисс Дельмар онымен қоймай «Фани дүниеге» пародия жазған.
Досының өмірі дәл осы сағатқа жетпегеніне Мартин талай қуанды. Себебі, Бриссенден тобырды жек көрумен кеткен еді, ал бүгін таңда оның ең асыл ой қазынасы сол тобырдың мазағына беріліп отыр. Оның поэмасындай шын сұлулық күн сайын солардың сілікпесіне салынып отыр. Тәштіреңдеген өңшең сұмырай енді Бриссенденнің нұрына бөленіп, жұртқа «мені көрдің бе» деп жүр. Бір газет былай деп жазыпты: «Белгісіз джентльменнен хат алдық, ол кісі: мұнан бірнеше жыл бұрын дәл осындай поэма жазған едім, менің поэмам мына Бриссендендікінен тәуір еді», депті. Тағы бір газет Элен Делла Дельмардың пародия жазғанына реніш білдіре келіп, былай деген: «Мисс Дельмар пародиясын жазғанда, ұлы ақын ұлы ақынды, айта берсе дәрежесі өзінен биік тұрған ақынды сыйлауға тиіс деген қағиданы ұмытқан болса керек. Мисс Дельмар «Фани дүниенің» даңқы жайылуына қызғаныш білдіргенімен, поэманың өзіне үлкен әсер еткені көрініп тұр, сондықтан күндердің күнінде осындай поэма жазуға өзінің де талаптануы ғажап емес».
Уағыз айтушылар «Фани дүниені» уағызына қоса бастаған, поэманы жақтап сөйлеген біреуді олар дін бұзған деп айыптапты. Ұлы поэма құрметті қауымның көңіл көтеретін ермегіне айналып кетулі. Сықақ өлең жазушылар мен карикатурашылар-ақ жұртты күлдіреміз деп әлек көрінеді, фельетон жазушылар да қалыспаған. Олардың айтуынша Чарли Френшэм деген біреу Арчи Дженнигске: «Фани дүниенің» бес жолын оқыған адам еліріп, үйге сүйкенеді, он жолын оқыса өзен-суға секіріп, суға кетіп өледі деп сыбырлапты-мыс.
Мартин бұған күлген жоқ, күйінген де жоқ, тек жабыңқы көңілі жабырқай түсті. Өзінің ғашықтық дүниесі күйрегеннен кейін баспасөз бен халайықтан бейілі қайтуы сондай бір сұрапыл емес сияқты. Иә, Бриссенденнің журналдар жайлы пікірі дұрыс екен, бұған өзінің көзі жеткенше көп уақыты өтіпті. Журналдар Бриссенденнің айтқанын ақтау түгіл асырып жіберген. Мейлі, жеткен жеріміз осы болса амал қанша, деп Мартин өзін-өзі жұбатқандай болды. Бұлттан асып, аспанда шығандармын деуші еді, былш етіп батпаққа құлаған екен.
Көз алдында тағы да сонау алыстағы Таитидің тамаша, жарқын суреттері сеңдей толқыды! Міне, Паумоту жазығы, әне таулы Маркиз аралдары. Мартиннің өзі сауда кемесінде немесе кішкене әлсіз катерде тұрғандай, ол Папеэта рифтерін төңіректеп немесе Тайохаэ қойнауына барар жолдағы Нукухива меруерт қайраңын жиектеп жүзіп барады. Тамари қонағының құрметіне қабан соятынын ол жақсы біледі. Тамаридің қыздары майда қоңыр ән салып, сылқ-сылқ күліп, мойнына тізген гүл асып, сәндейді. Тынық мұхит осылайша тыным бермей шақырады, аңсатады. Мартин ерте ме, кеш пе — мұхитқа барашағын сезді. Қазір ол ұлы білім патшалығына ұзақ уақыт саяхат жасап шаршағандықтан, ағысқа ілесіп, дем алу жабдығында.
«Парфеноннан» үш жүз елу долларлық чек алысымен Мартин оны Бриссенденнің өсиетін орындаушыға табыс етіп, қолтаңба алды да, өзі жүз долларға борышты екендігіне қағаз берді.
Ал Мартиннің кішкене жапон ресторанынан ас ішетін күндері өткен тәрізді. Күресті қойдым деген мезгілде басына бақыт құсы да қона кеткен. Тым кеш қонғаны рас. Бір күні «Миллениумның» конвертін аша бергенде ішінен судыр етіп үш жүз доллардың чегі шыға келді. «Оқиғаның» гонорары. Барлық борышы, процентімен қоса есептегене, жүз долларға жетпейтұғын. Онысын өтеп, жүз долларын Бриссенденнің өсиетін орындаушыға жібергеннің өзінде де жүз доллардай мол байлық бір өзіне тиді. Енді ол жақсы костюм тіктіріп, қаланың ең тәуір деген кафесінен ас ішетін болды. Өзі баяғы Марияның тар бөлмесінде тұра берді. Бірақ жарасымды жаңа костюмінің көршілеріне әсері сонша, балалар бұрынғыдай үй төбесіне, дуалға шығып алып: арам тамақ, кезбе, жалқау деп айғайламайтын болды.
Мартиннің «Вики-Вики» деп аталатын «гавайя» әңгімесін осы тұста «Уоррен апталығы» екі жүз елу долларға сатып алды. «Солтүстік барлаушысы» «Сұлулық бесігін» басып шығарды, ал «Макинтош» журналы Мэриенге арнаған Балашарын» қабылдапты. Редакторлар мен рецензенттердің жазғы демалысынан қайтуы себепті қолжазбалар тым тез айналатын болды. Екі жыл ұдайымен ешкім керек қылмаған дүниесін енді елдің бәрі саудаласпай ала бастағанына Мартин аң-таң. Өйткені, жазғандарының ешқайсысы жарық көрген жоқ-ты. Оклендтен өзге жерге атағы да шықпаған. Ал Оклендтің өзін білетін азын-аулақ адамдары Мартинді «қызылдардың» арасынан шыққан нағыз ойық құлақ социалист деп санайды. Аяқ астынан қалайша қауырт өзгеріс туғанына түсіну қиын еді. Тағдырдың тәлкегі болар, деп түйді Мартин.
«Күн масқара болдыны» бірнеше журнал қайтарып жібергесін, Мартин оны марқұм досының кеңесіне құлақ асып, кітап баспасына ұсынған. Біраз созбаққа салғанымен «Синглтри, Дарнлей һәм К0» деп аталатын аса ірі фирма ақыры оны басып шығармақ болды. Мартин аванс сұраған еді, баспашы біз күн бұрын ақша төлемейміз, себебі бұл тәрізді кітап әдетте шығынын ақтамайды, бір мың данадан артығы өте қояр ма екен, деп жауап қайтарыпты. Мартин егер кітап бір доллардан сатылып кетсе, он бес процент үлесіне жүз елу доллар тиеді екен деп есептеді де, қолыңа қалам алсаң беллетристика жазу керек екен ғой деп ойлады.
«Оқиға» көлемі жағынан «Күн масқара болдыға» қарағанда төрт есе аз, ал олжасы екі есе артық болды. Бақса, жазушы гонорары туралы баяғыда газеттен оқығандары рас екен. Бірінші дәрежелі журналдар расында да қолжазбаны қабылдасымен қаламақы төлейді және көп қояды. «Миллениум» әр сөзіне екі центтен емес, төрт центтен қойыпты. Ол ол ма, нағыз шығарма жерде қалмайды екен — шығармаларын шетінен алып жатыр. Осы бір ой түскенде Мартин көңілсіз күлді.
Ол «Синглтри, Дарнлей һәм К°-ге» хат жазып, «Күн масқара болдыны» жүз долларға басыбайлы сатқысы келетінін білдірген еді, баспа тәуекелге бара алмапты. Бірақ Мартин ақшаға зәру емес. Соңғы кезде бес-алты әңгімесі өткен, ақшасын алып та қойған. Мартин тіпті, бірнеше жүз долларын банкіге салып, счет ашып қойды. «Кешіккен» көп жерді аралап, «Мередит-Лоуэл» баспасынан орын тепті. Гертрудаға бір кезде бес доллар қарызыңды үш есе артығымен қайтарам деген уағдасы есіне түсіп. Мартин баспаға бес жүз доллар аванс сұрап хат жазды. Көп ұзамай сұраған сомасына чек келгенде Мартин таң қалды. Чекті түгелімен алтын теңгеге айырбастап, Гертрудаға: жолығып кет, деп телефон соқты.
Ентігіп, асығып-үсігіп, Гертруда да келіп жетті. Бір сұмдық болды ғой деп, бар ақшасын сумкасына сала келген екен. Мартиннің шақыруын тегінге жорымаған ол көрген жерде көрісе жылап, бар ақшасын тықпалай бастады.
— Өзім барайын деп едім,— деді Мартин,— мистер Хиггинботаммен сөзге келіп қалармын, деп бармадым. Барсам, сөзсіз шекісіп қалар едік!
— Кәп емес, ашуы басылады ғой,— деп апасы Мартиннің не бәлеге ұшырағанын тезірек білгісі келді.— Өзің бір жерге қызметке кірсейші. Бернард адал еңбек еткен адамды жек көрмейді. Газетте шыққан сонау мақала бәле болды ғой. Мен Бернардтың сондағыдай қатты ашуланғанын көргенім жоқ.
— Қызметке кіргім келмейді,— деді күліп Мартин,— осыны менің атымнан Бернардыңа айта бар. Ешқандай қызметтің қажеті жоқ. Соның дәлелі мінеки.
Мартин апасының тізесіне бір уыс бес долларлық алтын теңгелерді жалтылдатып, сыңғырлатып төге бастады.
— Есіңде ме, трамвайға отыруға ақшам болмай тұрғанда бес доллар беріп едің ғой маған? Мынау сол бес долларың және соның үлкенді-кішілі ұяластарының тағы тоқсан тоғызы.
Гертруда Мартинге әлдене боп қалды деп абыржып келген еді, енді жүрегі тас төбесінен шықты. Ешқандай күмән қалған жоқ. Күдіктенбестен сорақы масқараға жори салды да үрейлі кескінмен Мартинге қарады, дөңгелек теңгелер дозақ отындай денесін күйдіріп бара жатқан адамша қалш-қалш етті.
— Осының бәрі сенікі!—деді Мартин ыржиып.
Гертруда өкіріп жылап жіберді.
— Сорлы бала! Сорлы болған бала!
Мартин қапелімде сасып қалған. Бірақ апасының ойын лезде түсіне қойды да, кітап баспасынан келген қағазды көрсетті. Гертруда оны ежіктеп оқып шығып, көз жасын сүртіп, бітегенеден кейін әлде де сенбегендей:
— Осыншама ақшаны адал еңбекпен тапқаның рас па? — деді.
— Енді қалай! Тіпті, ұтыс ақша да емес, ақы-адал еңбегім.
Апасының көзі сәл ажарланайын деді, хатты жақсылап тағы бір оқып шықты. Мартин мұнша көп ақшаны қалай тапқанын, не үшін алғанын әрең түсіндірді. Ал осы ақшаның бәрі енді сенікі, мен ақшаға мұқтаж емеспін деген сөзіне апасын сендіру онан да қиын болды.
— Мен бұл ақшаны банкіге апарып, сенің атыңа салып қояйын,— деді ақыры Гертруда.
— Жоқ! Сен алмасаң Марияға беремін. Ол бір кәдесіне жаратар. Өзің қызметші әйел жалдап, жақсылап тынықсайшы.
— Қой, Бернардқа барып айтайын,— деп Гертруда орнынан тұрды.
Мартин әуелі қабағын сәл шытқан еді, артынан қарқылдап тұрып күлді.
— Айт, айта ғой. Мүмкін мені қонаққа шақырар.
— Әрине, шақырады! Не дегенің, сөз жоқ шақырады,— деп апасы мойнынан құшақтады.
Қырық екінші тарау
Көп ұзамай Мартиннің іші пысты, зерікті. Дені сау, қайратты ер адам түк істемей қолын қусырып отырып қалды. Жазуды, кітап оқуды қойғаннан бері, Бриссенден опат болып, Руфьпен ажырасқаннан кейін оның өмірінде бос қуыс пайда болған. Ол осы қуысты ресторанмен, мысыр папиросымен толтырам деп босқа әуреленіп жүр. Оны оңтүстік теңіздері еркінен тыс еліктіріп жүргені де рас, бірақ мұнда Құрама Штаттарда арбасу әлі аяқталған жоқ. Таяуда екі кітабы басылмақ, басқаларына да баспашы табылатын түрі бар. Олай болса, ақша молая бермек. Ал оңтүстік теңіздеріне сапар шегу үшін, қапшыққа алтынды сықап ала кету үшін әлі аз күн күте тұруға тура келеді. Мартин Маркиз аралдарында тұрмысқа өте қолайлы аңғар барын, оны бір мың чили долларына сатып алуға болатынын білуші еді. Аңғар аттың тағасындай дөңгеленген шығанақты бойлап, басын бұлт құшқан биік тауларға барып тіреледі. Жер беті жайқалған тропик гүлдері, ал шырмалып өскен қалың бұтаның арасы қаптаған кекілік пен қабандар. Тауда тағы өскен елік-ешкілерді тағы иттер қуып жүреді. Бұл аңғарды табиғаттың әлі ат тұяғы тимеген нуы десе болар еді. Адам баласы аяқ баспаған жер. Осы аңғарды шығанағымен қоса бір мың чили долларына сатып алуға болады.
Ұмытпаса шығанақ ықтасын, суы терең, үлкен мұхит кемелері де тоқтай алатын жер. Бұл араны Тынық мұхит маршрутының анықтамасы осы өңірдің ең жақсы кеме айлағы деп бағалаған. Мартин желкеме, яхта сияқты тез жүретін кішкене жеңіл кеме сатып алып, осында судан меруерт іздемек, құрма дәнін сатып, сауда жасамақ. Аңғарда оның базасы болуға тиіс. Осы араға ол көсем Тамидің үйшігі сияқты қамыстан шошала өреді, жергілікті қара нәсілді халықтан бірнеше қызметші жалдайды. Ол өз үйінде Тайохаэден келіп тұратын делдал саудагерлерді, сауда кемесінің капитандарын, контрабандистерді, ақпейіл теңіз кезбелерін қабылдайды. Әшкере, еркін өмір сүреді, қонағын падишахша қарсы алады. Бәлкім, осылай етсе ғана ол бір кезде оқыған кітаптарын, құрғақ қиялға айналып кеткен алдамшы өмірін ұмытар да еді.
Осы арманына жету үшін ол әзірше Калифорнияда отыруы керек, қапшығын алтынға толтыра беруге тиіс. Ақша жан-жақтан төгіліп келе де бастады. Тек кітабы тез өтсе ғана болғаны еді, сонда қалған қолжазбаларын сату қиынға соқпайды. Аңғарды да, шығанақты да, желкемені де басы байлы өзінікі ету үшін ұсақ әңгімелері мен өлеңдерінен бір жинақ құрауы абзал. Енді ол мұнан былай қалам түртпейді. Бұған белін бекем байлаған. Бірақ кітаптары басылғанша бірдеме жасамақ керек. Осылай сілейіп, селсоқ отыра беруге болмайды.
Бір күні ол алдағы жексенбіде Шелл-Моунд-паркте тас қалаушылардың серуені болады дегенді естіп, сонда бармақ болды. Өткен жылдары осындай серуендерде талай болған еді. Оның қалай өтетінін жақсы біледі. Сондықтан паркке кіріп барғанда, көптен ұмытылған бір түрлі сағыныш сезімі тағы оянғандай болды. Оянса ше, ол өзінің сыбайласы, ежеттесі жұмысшылардың арасына келген жоқ па. Оның туып-өскен ортасы осылар ғой. Аз уақыт сырдаң тартып, жатсынып кеткенімен, қарына тартып қайта оралғанына қуанады да.
— Өй, мынау біздің Март қой!—деп шұрқыраған дауыс естілді де, біреу сыртынан иығына қолын салды.— қайда жүрдің көрінбей, кәрі шөңге-ау? Теңізде болған жоқсың ба? Кәне отыр, бір бөтелке сыра қағып жіберейік!
Қараса бәрі де ескі таныстары екен. Арасында бірен-саран жат кескіндер көрінеді, көзіне кейбір таныстары ұшырамағандай да. Әлбетте, тас қалаушыларға бұлардың қатысы жоқ. Әдет бойынша жексенбінің кезекті қыз ойнағына келген. Билеу керек, шуылдасу керек, күш сынаспақ керек. Мартин достарымен арақ ішіп, жаны жаңа ғана кіре бастағандай болды. «Бұлардан бойымды аулақ салып, ақымақ болған екенмін! — деп ойлады ол.— Орталарынан кетпегенімде, кітаби білім қуып, өзімді менсінбейтін өңшең тәкаббар адамдардың арасында болуды дәреже санамағанда, бәлкім, өмірде бақыттырақ болар ма едім. Иә, сөзсіз бақытты болар едім... Бірақ сыра бұрынғыдай дәмді емес. Тегі, Бриссенден жаман үйреткен ғой. Мүмкін әлде жігіт кезіндегі достарынан ажырауына кітап кінәлі шығар? Олай емес екенін дәлелдеу үшін Мартин павильонға барып, би билемек болды. Барса баяғы апасының үйінде пәтерде тұратын құбырашы Джимми сонда жүр, қасында бойы сорайған бір аққұбаша қыз бар. Ол қыз Мартинді көре сала қылмыңдай бастады.
Мартин сол бикешпен билей жөнелген кезде қасындағы жігіттері Джиммиді ортаға алып, қағытып, әзілдей бастады.
— Ол ылғи өстеді!—деді Джим оларға.— Қызғанбаймын. Қайта өзін көргеніме қуанып тұрмын! Қарашы, қалай жақсы билейді, шайтан, ә? Мынаған қай қыз төзе алады!
Мартин қызды ертіп әкеліп, Джимнің өзіне қосты, сол арада тұрған бес-алты жігіт қарқылдап күлісіп жатыр. Бәрі де Мартиннің ойынға келгеніне масайрап қалыпты. Мартиннің ешбір кітабы әлі жарық көрмеген. Олай болса жігіттердің көңілі риясыз. Олар Мартиннің өз басын ғана сыйлайды, жақсы көреді. Бұлардың арасында Мартин айдаудан келген ханзададай көрді өзін, шын ықыласымен балаша жадыраған достарының арасында мұз болған жүрегі жібіді. Тіпті, көңілі тасып кетті. Қалтасында шылдырлап жүрген алтын теңгелерін аяған жоқ. Бұрын ол теңіз сапарынан қайтқанда ғана осындай бір шабылып қалатұғын.
Кенет Мартин көп арасынан би билеп жүрген Лиззи Коноллиді көріп қалды. Серігі жұмысшы жігіт тәрізді. Аздан кейін павильонды аралап жүріп, стол басында салқын сусын ішіп отырған Лиззиге ұшырады, қасына барды. Лиззи Конолли мұны көре сала қатты таңырқап, қуанып қалды. Амандық сұрасқаннан кейін екеуі паркке барды, музыканың дыбысынан аулағырақ жерге барып отырды. Мартин бір қарағаннан-ақ қыздың көңілі әлі өзінде екенін сезді. Оның жылаған бала көзденіп қарауы, биязы, көнгіш қалпы, әрбір сөзін емірене тыңдауы осының айқын дәлелі сияқты. Бірақ сонау кезде театрда кездескен бала қыз Лиззи Конолли бұл күнде есейген, кәдімгі бойжеткен бола бастаған. Оның құбылған албырт ажары құлпыра түскендей; бірақ кемеліне келіп, толықсыған қыз албырттығын тежеп үйренген тәрізді.
— Қас сұлу, неткен керім сұлу қыз,— деп сыбырлады таң қалған Мартин өзіне-өзі. Тек қолын ғана созса, дүние шетіне барам десе де қыздың ере беретінін білді.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Мартин Иден - 23
  • Büleklär
  • Мартин Иден - 01
    Süzlärneñ gomumi sanı 4101
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2156
    34.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 02
    Süzlärneñ gomumi sanı 4078
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2302
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 03
    Süzlärneñ gomumi sanı 4173
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2339
    33.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 04
    Süzlärneñ gomumi sanı 4045
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2225
    32.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 05
    Süzlärneñ gomumi sanı 4155
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2306
    31.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 06
    Süzlärneñ gomumi sanı 4064
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2210
    32.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 07
    Süzlärneñ gomumi sanı 4133
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2203
    34.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 08
    Süzlärneñ gomumi sanı 4105
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2200
    33.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 09
    Süzlärneñ gomumi sanı 4065
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2242
    34.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 10
    Süzlärneñ gomumi sanı 4148
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2177
    33.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 11
    Süzlärneñ gomumi sanı 4108
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2189
    34.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 12
    Süzlärneñ gomumi sanı 4023
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2137
    34.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 13
    Süzlärneñ gomumi sanı 4082
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2300
    32.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 14
    Süzlärneñ gomumi sanı 4096
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2170
    34.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 15
    Süzlärneñ gomumi sanı 3973
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2208
    33.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 16
    Süzlärneñ gomumi sanı 3916
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2095
    32.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    45.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 17
    Süzlärneñ gomumi sanı 4000
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2140
    33.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 18
    Süzlärneñ gomumi sanı 3898
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2135
    34.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 19
    Süzlärneñ gomumi sanı 3949
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2135
    33.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 20
    Süzlärneñ gomumi sanı 3959
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2227
    33.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.7 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 21
    Süzlärneñ gomumi sanı 3936
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2208
    33.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 22
    Süzlärneñ gomumi sanı 4038
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2255
    33.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 23
    Süzlärneñ gomumi sanı 3965
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2179
    33.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.9 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 24
    Süzlärneñ gomumi sanı 4043
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2148
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 25
    Süzlärneñ gomumi sanı 4098
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2269
    33.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Мартин Иден - 26
    Süzlärneñ gomumi sanı 1408
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 943
    42.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    62.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.