🕙 2 minut uku

Киіктің айласы

Süzlärneñ gomumi sanı 240
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 199
48.1 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
57.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
62.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  Әрбір жабайы аң мен жануардың жауларынан сақтанатын қару-құралы немесе айла-тәсілі болады. Қасқырдың қаруы - тіс, қабанның қаруы - азу. Ақбөкен сияқты жануарларда ондай қару жоқ. Олардың сүйенері - аяқтары. Қасқыр қуса, олар қашып құтылады.
  Күз айының шуақты бір күні еді. Сәске кезінде бір топ киік өзінің лақтарын ертіп, суатқа келді. Олар жапа-тармағай су іше бастады. Тоғай тасасында бір топ аш қасқыр оларды аңдып, күтіп отырған.
  Қасқырлар ауыздарын арандай ашып, киіктерге тап берісті. Дүр етіп үріккен киіктер жоса жөнелді. Ал бір ақсақ теке олардан дараланып, судың шығыс жағына қарай бөліне қашты. Көп киіктің алыстап кеткенін көрген қасқырлар «бұйырғаны осы болды» дегендей, тұс-тұсынан текеге лап қойды. Теке шоқақтай жортып, қасқырлардан қарасын үзер емес. Таяқ сілтем жерде ғана кетіп барады. Әне жетем, міне жетем деп қуған аш қасқырлар шаршап, талықси бастады. Қасқырлар баяуласа, теке оларға қарап тұра қалады. Аш бөрілер салпақтап тағы қуады. Осы шоқырақпен олар өзеннен жиырма шақырымдай ұзап шықты. Бір уақытта әлгі ақсақ теке орғып бір-екі секірді де, белден асып ғайып болды. Үздік-создық ырсылдай діңкесі құрыған қасқыр-
  лар тілдері салақтап, әр жерде шоқиып отырып қалды.
  Әлгі теке, шынында, ақсақ емес еді. Өзінің үйірін, буыны қатаймаған лақтарын аман сақтап қалу үшін өтірік ақсап айла етті. Сөйтіп, ол қасқырларды басқа жаққа адастырып әкетті. Киіктің бір текесі он шақты қасқырды осылайша алдап кетті.
  Дала жануарларының ішінде ақбөкеннен жүйрігі жоқ. Өздері мейлінше сұлу болады. Қой секілді, олар да шөп жеп қоректенеді. Олардың адамға ешбір залалы жоқ. Киіктің жаңа туған лағын құралай деп атайды. Оны атпайды.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.