Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 16

Süzlärneñ gomumi sanı 3684
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2017
24.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
35.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
41.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
ads place
Осыдан кейін Əшари ибн Ханбалдың агностикалық (танылмайтын)
ұстанымын қорғау үшін Мутазиланың рационалистік тəсілін қолданды.
Мутазила Құдайдың уахилaрын ақылмен қамту мүмкін десе, Əшари
Құдайдың біздің ұғымымыздан тыс екенін дəлелдеу үшін ақыл мен
қисынды қолданды. Мутазила Құдайды жүйелі, бірақ жансыз концепциямен
түсіндіруге ойысса, Əшари Оның (Алла) ақылға қонымсыз қайшылығына
қарамастан, Құрандағы кəміл Құдайға оралуды мақсат тұтты. Ол Дионисий
Ареопагит секілді, «қайшылық адамдардың Құдайға деген құрметін
күшейтеді» деп сенді. Əшари Құдайды кез келген адамнан туатын идеялар
секілді талқылап немесе талдап отыратын абстрактілі таным деңгейіне
түсіруден бас тартты. Білу, билік ету, бар болу секілді тағы да басқа илəһи
сипаттар - ғасырлардан бері Құдайға тəн болып келген анық ақиқаттар.
Алайда бұл сипаттар Құдайдың болмысынан бөлек еді, өйткені Құдай Өз
болмысында жалғыз жəне күрделі емес, ешнəрсеге ұқсамайтын, күрделі бір
болмыс ретінде түсінілмейтін, қарапайымның нақ өзі. Оның көптеген
сипатын жеке-жеке алып немесе оның затын бөлшектеп талдап, анықтама
беру мүмкін емес. Əшари бұл парадоксты шешуге деген талпыныстың
бəрінен бас тартатын. Ақыры, Құранда Алла өзінің «тағында отырады» деп
айтылды да, мінсіз-пəк рухтың «отыруын» елестете алмасақ та, мұны
бұлжымайтын факті ретінде қабылдауға тура келеді.
Əшари мақсатты обскурантизм мен шектен шыққан рационализм арасынан
орта жол табуға тырысты. Мəтіншілдердің кейбіреуі тіпті Алланың
физикалық бейнесі бар деп сенді, өйткені Құранда турашылдар Құдайды
жоғарыда көреді делінген еді. Хишам ибн Хаким қатты кеткені соншалық:
«Алланың белгілі, ұзын, кең əрі жоғары, бар бағытта теңдей үлкен, нұр
шашқан, үш түрлі өлшемде де үлкен, мекеннен тысқары мекенде, таза
металл құймасы секілді, бар қырымен інжу секілді жарқыраған, түс, дəм, иіс
жəне сипап сезу дарыған денесі бар».
Кейбір шииттік топтар бұл көзқарастарды қабыл алды, өйткені имамдар да
құдайлық инкарнация бар деп сенетін. Мутазила, мысалы, Құрандағы
«Алланың қолы» жайлы айтылғанды аллегориялық жолмен ауыспалы
мағынада оның (Алла) шексіз жомарттығы немесе кеңдігі деп түсіну керек
деп, табандылық танытты. Əшари адамдар Құдай жайлы тек қана
символдық тілмен сөйлей алады деген, Құрандағы аргументтерге сүйене
отырып, мəтіншілдердің жорамалдарын қабыл алмады. Сонымен қатар
рационалды ұстанымды тұтасымен жаққа шығаратын дəстүршiлдермен де
келіспейтін. Оның басты аргументі мынау еді: Мұхаммед Мұндай
проблемалармен бетпе-бет келмеді, егер бетпе-бет келгенде,
мұсылмандарға жол көрсететін еді, ақыры, мұндай шешім қалдырмаған
екен, Құдай туралы ақиқат танымға қол жеткізу үшін, барша мұсылмандар
аналогия (қиияс) арқылы пайымдаулары қажет.
Əшари табанды түрде ымыраға жеткізетін позицияны таңдады. Ол Құранды
мəңгі жəне жаратылмаған Құдай Сөзі екенін дəлелдемек болып, «тек қағаз,
сия жəне дыбыстары жаратылған» деді. Əшари Мутазиланың адамның еркі
жайлы доктринасын сынға алды. Оның ойынша, тек Құдай ғана адам
əрекеттерінің барлығының «жаратушысы» бола алады. Бір жағынан, ол
дəстүршiлдердің «адам өзін құтқаруда ешқандай да рөл ойнамайды» деген
көзқарастарын жоққа шығарды. Əйткенмен Əшаридің ұсынған шешімі
қайшылықты көрінді: Құдай адамның бар əрекетін жаратады, əйтсе де
адамға əрекетіне сəйкес сый мен жазаны иеленуге мүмкіндік береді. Бірақ,
қалай болғанда да, ибн Ханбалмен салыстырғанда, Əшари «Құдай» деп
аталатын, танып білу мүмкін емес, тылсым Ақиқатты құрғақ пайымның
қалыбына салып түсінуге тырысуды қате десе де, түрлі сұрақтардың соңына
түсіп, көптеген метафизикалық проблемалардың шешімін табуға талпынды.
Əшари кəлам (тік. ауд.: «сөз» немесе «сөйлесу») деп аталатын мұсылмандық
дəстүрдің негізін қалады. Əдетте мұны – «теология» деп аударады. XХІ
ғасырларда Əшаридің ізбасарлары кəлам методологиясын дамытты.
Алғашқы Əшарилер Алланың жоғары билігі жайлы қисынды түрде
пайымдауға мүмкіндік беретін метафизикалық жоба жасауға тырысты.
Əшарилік мектептің алғашқы атақты теологі Əбу Бакр əл-Бақыллани (1013
қатыс болған) болды. «Таухид» (AlTawhid) атты еңбегінде Бақыллани
мутазилиттердің: «адамдар Құдайдың барлығын рационалды пайым
жолымен логикалық тұрғыдан дəлелдей алады» деген тұжырымдарымен
келісті. Өйткені Құранда Ыбырайым мəңгі Жаратушыға табиғаттың тəртібі
жайлы тынымсыз ойлану арқылы жетті. Бірақ Бақыллани «адам уахидың
көмегінсіз жақсы мен жаманды айыра алады» дегенді мойындамайды.
Өйткені бұл категориялар қоршаған əлемде жоқ, адамдар үшін мұны Құдай
бекіткен: бірақ Алланың өзі адамдардың дұрыс пен бұрыс жайындағы
түсінігіне сыймайды.
Ислам сенімінің метафизикалық негіздемесін табуға талпынып, Алладан
басқа Құдай да, Ақиқат та, шынайы ештеңе де жоқ екенін негіздейтін
«атомизм» немесе «окказионализм» деп танылған теорияны
қалыптастырды. Ол «əлемдегі барлық нəрсе тұтасымен тікелей Құдайдың
назарына тəуелді» дейтін. Бақыллани əлемді «сансыз тəуелсіз атомдардың
жиынтығы» деді: уақыт пен кеңістік үздіксіз емес жəне ешбір нəрсе өзіне
тəн ерекшелікке ие емес. Құбылысқа толы ғаламды Бақыллани дəл
Афанасийдағыдай радикалды түрде жоқтыққа теңеді. Тек Құдай ғана –
Ақиқат, тек Ол ғана бізді жалпыға ортақ бостықтан құтқарады. Ол
ғаламның тірегі жəне əрбір сəтте жаратылысқа жан беріп тұрады. Ғаламның
тұрақтылығын айқындап беретін ешқандай да табиғат заңдылықтары жоқ.
Көптеген мұсылман ғылымда үлкен жетістіктерге жетсе де, Əшарилік
негізінен дінде маңызды рөл атқарғанмен, жаратылыстану саласына
түбегейлі қарсы болды. Құ: дайдың əлемге қатыстығын əдепкі ұсақ-түйек
құбылыстарға дейін өріп шыққан, əрі мұсылмандарға «иман қалыпты
логикаға бағынбайды» деген ойды жеткізгісі келген. Ол бұл тұжырымын
метафизикалық түсіндірмеге салуға тырысты. Ақиқаттың фактіге жүгінген
баянынан гөрі, өз алдына бөлініп шыққан сала ретінде, Əшарилiк теология
мұсылмандарға Құран мақұлдайтын «саналы Құдай» түсінігін
қалыптастыруға көмектесті. Мұның əлсіз тұсы – табиғатында толқымалы
діни халді сөзбе-сөз тəпсірлеуге тырысып, ғылыми дəйектерді еш назарға
алмауында. Мұндай ұстаным мұсылмандардың Құдайға деген көзқарастары
мен басқа жаратылысқа қатысты қатынастары арасында сына болып
қағылды да, аралары алшақтап кетті. Мутазила да, əшарилер де, барлығы өз
білгенінше, Құдай жайындағы діни толғаныстарын рационалды пайыммен
байланыстыруға тырысты. Бұл маңызды нəрсе болатын. Мұсылмандар
«күнделікті мəселелерді талқылаған секілді, Құдай туралы да тартыса
беруге бола ма?» деген өзекті сұраққа жауап табуға тырысты. Біз бұған
дейін гректердің мұны балансты сақтауға септеспейді деп, соңында
үнсіздікті теологияның жалғыз қажетті формасы ретінде таңдағанын
білеміз. Уақыт өте келе мұндай тұжырымға мұсылмандар да тоқтайды.
Пайғамбар мен серіктері өмір сүрген қоғам Бақылланидiкімен
салыстырғанда, өте қарапайым еді. Ислам империясы өркениетті əлемге
тарады, сондықтан мұсылмандар интеллектуалды тұрғыдан Құдай мен əлем
жайында барынша жетілген таным жолдарымен бетпе-бет келді. Мұхаммед
инстинктілі түрде ежелгі яхудилердің илəһи ақиқатпен жанасқан
тəжірибелерінің көпшілігін қайта жаңғыртты. Мұсылмандардың жаңа
буыны да бұған дейін христиан шіркеуінің бас қатырған проблемаларына
душар болды. Тіпті мұсылмандардың кейбірі Құран қатал түрде сынаған
христиандықтағы Исаның Құдайға теңелуі секілді инкарнация сеніміне
жүгінді. Исламның батылдығы көрсеткендей, трансцендентті адамиланған
Құдай танымы өзгеріссіз бір проблеманы қайта туғызды жəне бірдей
шешімге итермеледі.
Кəлам тəжірибесі айғақтағандай, рационалды пайым арқылы жүзеге асатын
логикалық əдіс «Құдайдың» танылмайтынын дəлелдеуде кəдеге
жарағанмен, бұл əдіс көптеген мұсылманды толғандырды. Исламда кəлам
бəрібір Батыс христиандығындағы теология сияқты емес. Алғашында
мутазилиттерді қолдаған
Аббас əулетінің халифтері көп уақыт өтпей, олардың доктриналарын
мұсылмандарға таңа алмайтындарын түсінді. Халық оларды «қабылдамай
қойды». Рационализм исламдық ой-танымға орта ғасырдың бүкіл кезеңінде
ықпал етіп келді, алайда мұсылмандардың көп бөлігі бұған күмəнмен
қарады. Сондықтан ақылды басшылыққа алғандар əрдайым азшылық болып
қалды. Иудаизм мен христиандық секілді, ислам да семиттік тəжірибе
негізінде пайда болды. Алайда Таяу Шығыстағы эллиндік орталықтарда
грек рационализмімен қайшылыққа түсті. Кейбір мұсылмандар исламдық
Құдайды тамыры терең əрі радикал эллиндик философияның негізінде
қайта қарауға күш салып, монотеистік үш дінге де жаңаша философиялық
қалыптар əкелді. Нəтижесінде исламда, яхудилікте жəне христиандықта
құдайлық тылсымды игеруде философияны маңызды санайтын əртүрлі,
бірақ таңғажайып көзқарастар қалыптасты.
VІ. ФИЛОСОФТАР ҚҰДАЙЫ
ІІX ғасырда арабтар грек ғылымы жəне философиясымен байланыс
орнатып, нəтижесінде еуропалық ұғымға қарағанда ренессанс пен
Ағартушылық дəуірлері арасындағы мəдени өрлеуді бастан кешірді.
Көпшілігі несториан христиандар болған аудармашылыр грек мəтіндерін
араб тілінде сөйлетіп, тамаша жұмыс атқарып шықты. ІХ-Х ғасырларда
араб мұсылмандарының астрономия, алхимия, медицина жəне
математиканы сəтті зерттегендері соншалық - Аббасидтер империясында
бұрынғы араб тарихының бар кезеңін қоса есептегеннен де артық ғылыми
жаңалықтар ашылды. Мұсылмандардың жаңа типі - фалсафа деп аталатын
идеалдың өкілдері пайда болды. Əдетте бұл түсінікті «философия» деп
аударады, алайда мұның мазмұны əлдеқайда кеңірек əрі терең. XVIII
ғасырдағы француз философтары секілді, файласуфтар (арабшадағы дұрыс
формасы, көпше түрі: «фаласифа») əлемдегі жалпы заңдылықтарға сай
рационалды өмір сүруге тырысты. Олардың ойынша, мұны шындықтың əр
сатысынан айқын көруге болады. Алғашқыда файласуфтар жаратылыстану
ғылымдарына ден қойды, соңынан, əрине, грек метафизикасына бет бұрып,
оның идеяларын исламмен байланыстыруға тырысты. Файласуфтар
Құрандағы Алла мен грек философтарының құдайының бір екеніне
күмəнданбады. Грек христиандары да эллинизммен ұқсастықты сезетін,
бірақ кейіннен антика философтарының Құдайын парадоксалды Інжіл
Құдайына жақындату керек деп есептеді. Уақыт өте келе, олар
философиялық дəстүрлерінен бас тартқаны мəлім. Құдайдың мəніне жетуде
логика пайдалы бола алмайды деп шешті. Файласуфтар бұған қарама-қарсы
қорытындыға келді. Олардың ойынша, рационализм – діннің ең ғажап
формасы. Сондықтан олар Киелі кітапта айтылған Құдай идеясынан да, биік
идея қалыптастырды.
Қазіргі таңда ғылым мен философия дінге қарсы деп қабылдау басым.
Алайда ислам файласуфтары тақуа болды, өздерін пайғамбардың сенімді
перзентіміз деп санады. Діндар мұсылман болды əрі саяси сергек еді.
Сарайдағы салтанатқа жиіркене қарайтын жəне қоғамды сау ақылдың
əміріне сай жаңаша құруға ұмтылған. Мұндай батыл идеялар өте қажет еді:
файласуфтардың ғылыми-философиялық ізденістері гректердің ойтанымына табан тірейтін. Ғалымдарға сенім мен рационалды пайымды
байланыстырып, өмірге деген объективті көзқарастытабу қажет болды.
Олар үшін Құдайға мына дүниеде интеллектуалды категориядан тыс орын
беру жəне дінді адам болмысынан тыс əлемнен іздеу – дұрыс шешім болып
көрінбейтін. Файласуфтардың дінді жою ниеттері жоқ еді. Олар дінін тек
қарадүрсін һəм тар шеңберден шығаруға тырысты. Файласуфтар Құдайдың
бар екеніне күдіктенбеді. Жалпы, олар үшін оның бар екенін заңды еді. Бір
жағынан, олар Алланың рационалды идеалдармен толық сəйкес келетінін
логикалық тұрғыдан дəлелдегілері келді.
Бəрі біз ойлағандай оңай емес еді. Грек философтарының Құдайы — Киелі
кітап Құдайынан барынша өзгеше екені бізге мəлім. Аристотель мен
Плотиннің жоғарғы болмысы уақыттан тыс əрі əлемге араласпайтын.
Өткінші əлемнің күнделікті ісіне кіріспейтін, əрі адамзат тарихында өзін
көрсеткен емес. Əлемді жаратқан жоқ жəне заманақырда ешкімді соттауға
бекімеген. Аристотель тарих пен барлық монотеистік діндердегі ғажайып
құдайлық көріністерді (тəжəлли) философиядан төмен санайтын. Əлемнің
басы да, соңы да, ортасы да жоқ, өйткені ғалам əу бастан Құдайдан бастау
алады. Файласуфтар иллюзия деп білетін тарих шеңберінен шыққысы келді.
Өзгермейтін құдайлық идеал əлемнің ғажайыптарын қамтып қалуды
қалады. Рационализмге деген ерекше қызығушылыққа қарамастан, фалсафа
да сенімге мұқтаж еді. Ғалам, шынында да, кемел ақылдың заңдылықтарына
бағынады деп сену батылдықты талап ететін. Өйткені ғаламда мақсатты
тəртіптен гөрі хаос пен қасірет көзге ұрып тұрады. Олар əлемде салтанат
құрған қисынсыз һəм қайғылы құбылыстарға қарамастан, болмыстың биік
мəнін сезінуге өздерін тəрбиелеу тиіс еді. Фалсафада уақыттан тысқары
объективті көзқарасты іздейтіндерде айрықша даралық бар. Файласуфтар
құдайлық аянмен шектелмейтін əрі белгілі бір уақыт пен кеңістікке қатысты
емес, жалпыға ортақ дінді армандайтын. Құран уахиын бұрыннан барлық
мəдениеттің данышпандары ең кемел дүниелерді түсіндірген тілде жеткізуді
міндет деп санады. Файласуфтар Құдайды құпия санамайтын, керісінше,
Оны ақылдың өзі дейтін.
Қазір бізге рационалды əлемге деген сенім албырттық болып көрінеді:
ғылыми жаңалықтарымыз Құдайдың бар екеніне қатысты аристотельдік
дəлелдердің қауқарсыздығын көрсетті. ІХ-Х ғасырда бұған əлі алыс
болатын. Бірақ фалсафаның проблемалары мен діннің қазіргі қиын жағдайы
көбінесе ұқсас келеді. Аббасидтер дəуіріндегі ғылыми революция
ойшылдардан тек қана жаңа ілімдерді жинақтауды талап етпейтін.
Қазіргідей сол кездегі маңызды жаңалықтар да табиғи түрде тіпті өзгеше ой
шабытына əсер етіп, файласуфтардың дүниетанымын қалыптастырды.
Ғылымның басты шарты – əлемдегі барлық нəрсенің рационалды
түсіндірмесі бар екеніне сену. Сонымен қатар ғылым дiни
шығармашылыққа ұқсас қиялдау күші мен табандылықты талап етеді.
Пайғамбар мен сопы секілді, ғалым да жаратылмаған шындық
патшалығының болжап болмайтын тылсымына бойлайды. Əрине, бұл
файласуфтардың Құдай жайлы түсінігіне қатты əсер етті. Нəтижесінде
замандастарының ескірген сенімдерін қайта қарап немесе тіпті тəрк етуге
тура келетін. Мұны біздің дəуіріміздегі ғылыми жетістіктердің көптеген
адамды классикалық теизмнен бас тартуға мəжбүр еткенімен салыстыруға
болады. Ескі теологияға көзсіз берілу – тек қана батылдықтың жоқтығын
білдірмейді, сонымен қатар тұтастықты жоғалтудың белгісі. Файласуфтар
жаңа көзқарастарын салтанат құрушы исламдық сеніммен байланыстыруға
тырысты. Грек идеяларымен рухтанып, Құдай туралы революциялық
түсініктер қалыптастырды. Бірақ олар тудырған «рационалды Құдай»
түсінігінің күйреуі – діни ақиқаттың табиғаты жайлы маңызды тағылымға
толы.
Файласуфтар бұған дейінгі монотеистердің бəрінен əлдеқайда сақ еді. Олар
дін мен грек философиясын үйлестіріп шықты. Мутазилиттер мен
əшарилер де уахи мен ақылдың арасына көпір салуға тырысты. Бірақ
бірінші орынды бəрібір уахиға берді. Каламның негізі монотеизмге тəн
тарихты құдайлық аян ретінде ұғынудан тұратын. Бұл жерде маңызды
орынды жеке, нақты құбылыстар иеленетін. Өйткені тек соларды ғана
шынайы факт ретінде санайтын. Мысалы, əшарилер ортақ заңдылықтар мен
мəңгі қағидалардың бар екеніне күмəнмен қарайтын. Атомизм белгілі бір
деңгейде діни һəм шығармашылық құндылыққа ие болса да, ғылыми
ұстанымға жат еді жəне бірде-бір файласуфты қанағаттандырмайтын.
Фалсафа тарихилықпен, нақтылықпен жəне жекелей құбылыстармен
санаспайтын еді. Əшарилер мойындамайтын ортақ заңдылықтарға көбірек
іш тартатын. Файласуфтардың пікірі бойынша, Құдайды белгілі бір уақыт
аралығында аяннан емес, логикалық сараптаулардан іздеу керек. Жалпыға
ортақ объективті шындықты іздеу – файласуфтардың ғылыми ізденістері
мен ең биік ақиқат жайлы түсініктерінің табиғатын айқындады. Бəріне
ортақ емес, əртүрлі мəдени реңк иеленген Құдай идеясы – барлық діндегі
өте маңызды «Өмірдің ең биік мəні не?» деген сұраққа қанағаттандырарлық
жауап бере алмайтын. Ғаламдық маңызы бар ғылыми фактілер
лабораториялардан табылмайтыны сияқты, мұсылмандардың меншігі деп
санайтын Құдайға мінəжат ету де қиын еді. Бір жағынан, Құранды
талдағанда тіпті Мұхаммедтің өзі жалпыға ортақ идеяға табан тірегенін
жəне барлық ақиқат діндер Құдайдан келгенін құптайтынын көрсетті.
Файласуфтар Құранмен тартысатындай қажеттілікті сезінбеді. Олар,
керісінше, екі түрлі ұстанымның тығыз байланысын көрсетуге тырысты: екі
жол да Құдайға бағыттайтын, екеуі де адам қажеттілігіне сəйкес.
Файласуфтар уахи мен ғылым, рационалды пайым мен сенім арасынан
соншалықты қайшылық көрмейтін. Керісінше, олар ақиқаттың өзегін табуға
тырысып, тарихтағы діндердің мазмұнында орын тепкен əрi барлығы айтып
жүрген ежелден бері бар, сол бір Құдай ақиқатын түсіндіруге талпынды.
Осыны пайғамбарлық философиясы арқылы қалыптастыруға тырысты.
Фалсафаның грек ғылымы жəне метафизикасымен қатынас барысында
пайда болуы – оның эллинизмге құл сияқты тəуелді болғанын білдірмейді.
Гректер Таяу Шығыстағы колонияларында əдетте білім берудің стандартты
бағытын ұстанатын: эллиндік философияда əртүрлі бағыттар көп болса да,
білім алушылар белгілі бір шығармалар ретімен міндетті түрде танысып
шығатын. Бұл, бір жағынан, ортақ жəне бірізді пайымдауды қамтамасыз
ететін. Ал файласуфтар бұл тəртіпті сақтамады жəне грек мəтіндерін
аудармалардың пайда болуына қарай оқып отырды. Мұндай əдіс, əрине,
мүлдем басқаша көріністі жария қылды. Тек араб əлемі мен исламға тəн
танымнан бөлек файласуфтарға парсы, үнді жəне гностикалық ойлау жүйесі
де қатты əсер етті.
Құранға рационалды əдісті қолданған алғашқы мұсылман Иақуб ибн Ысқақ
əл-Кинди (870 қатыс болған) болды. Ол мутазилиттермен байланыста болды
жəне кейбір маңызды мəселелерде Аристотельмен келіспеді. Əл-Кинди
білімді Басрада алды, сосын, Бағдатқа ірге тепті, ол жерде халиф əлМамунның қолдауына ие болды. Əл-Киндидің ауқымды қызығушылығы
мен жетістіктері - математика, жаратылыстану жəне философия салаларын
қамтыды. Бірақ ізденістерінің басты бағыты ретінде дін қала берді.
Мутазилиттік танымның ықпалымен əл-Кинди философияны тек қана
уахиға «қызметші» деп білді: пайғамбарлардың шабыт толы куəліктері
əрдайым таза адами философиялық танымнан артық болатын. Кейінгі
файласуфтардың көбі мұндай əдісті қош көрмеді. Алайда əл-Кинди басқа
діни дəстүрлерден ақиқатты іздеуге қатты құмартты. Ақиқат бір,
философтың міндеті – мұны ғасырлар бойы жинақталған кез келген мəдени
жəне тілдік қабаттардан көре білу.
«Бізге қай жақтан шықса да, тіпті бізден алыс тайпалар мен бізбен
шектеспейтін елдердегі халықтардан жетсе де, ақиқатты иелену мен оны
мойындауға намыстанудың қажеті жоқ. Ақиқатты іздеушіге ақиқаттың
өзінен артық нəрсе жоқ жəне ақиқатпен менмендікке ұрынып, оны айтқан
немесе жеткізген адамдарға биіктен қараудың қажеті жоқ: ақиқатпен
ешкімді кемсітіп керегі жоқ, керісінше ақиқат оның абыройын
асқақтатады».
Бұл жерде əл-Кинди Құранға бағынып қана қоймай, одан да терең кетті:
пайғамбарлармен шектелмей, грек философтарына жүгінді жəне
Аристотельдің «Əуелгі себептің (Мухаррик-и əууəл) бар болуы міндетті»
дейтін негіздемесін қолданды. Əл-Кинди рационалды əлемде əр нəрсенің
себебі бар, осыған сəйкес бəрін əрекетке келтірген қандай да бір
Қозғалмайтын қозғаушы болуы тиіс екенін дəріптеді. Бұл Əуелгі себеп –
өзгермейтін, кемел əрі сарқылмайтын болмыс. Бұл тұжырымдардан соң,
əрине, əл-Кинди Аристотельден кері қайтыл, Құрандағы еx nihilo
доктринасына оралды. Əрекетті бір нəрсенің жоқ нəрседен шығарылуы деп
анықтауға болады. Əл-Киндидің көзқарасы бойынша, бұған Алланың ғана
құдіреті жетеді. Құдай ғана - жалғыз əрекет беруші болмыс жəне қоршаған
ортадағы қозғалыстың негізгі себебі.
Кейінірек фалсафа ex nihilo жарату концепциясын жоққа шығарды.
Сондықтан əл-Киндиді нағыз файласуф дей алмаймыз. Соған қарамастан,
ол алғашқы болып исламда діни ақиқат пен жүйелі метафизиканы
ұштастыруға тырысты. Оның ізбасарлары батылдау болды. Ислам
тарихында көбінесе ұлы нонконформист деп аталып кеткен Əбу Бəкір
Мұхаммед ибн Закария əр-Рази (930 қатыс болған) Аристотельдің
метафизикасынан бас тартты. Гностиктер секілді жаратылған əлемді басқа
бір демургтің еңбегі деп санайтын. Ойшылдың пікірінше, материя таза
рухани құдайдан пайда болуы мүмкін емес. Бізді тек ақыл мен философия
құтқара алады. Осылайша, əр-Рази тіпті монотеизмді ұстанушы да болған
жоқ. Бəлкім, Құдай концепциясының ғылыми дүниетаныммен
үйлеспейтінін ең алғаш айтқан еркін ойшыл əр-Рази қол ұшын созғыш жəне
жомарт жан еді. Талантты дəрігер ұзақ жылдар бойы Ирандағы туған қаласы
Рейдегі аурухананы басқарды. Көптеген файласуф рационалды пайымдарын
мұншалықты ұшқары қолданған емес. Қалыпты мұсылманмен болған
пікірсайыста əр-Рази? нағыз файласуф жалпыға ортақ дəстүрлерге көзсіз
бағына бермейді, барлық нəрсеге өз ақылымен жетуі тиіс, өйткені ақиқат
ойланумен ғана ашылады дегенді дəлелдеді. Уахилық доктриналарға сенім
арту пайдасыз. Өйткені кез келген дін өзінікін дұрыс деп есептейді.
Олардың қайсысы дұрыс екенін айтуға кімнің батылы жетеді? Бірақ
қарсыласы? оған өте маңызды: «қарапайым адамдарды қайтеміз» деп сұрақ
қойды. Көпшілік адам философияны ұқпайды. Сонда олардың надандық,
қателік пен қайшылықтың құрсауында қала берулері керек пе? Фалсафаның
исламда ең аз тараған ілім болып қалуының басты себебі осы элитарлығы
еді. Ол тек интеллектісі жоғарыларды өзіне тартты, əрине, бұл ерекшелік –
мұсылман қоғамының табиғатына сай ортақ бірлік рухына қайшы.
Түрік философы Əбу Насыр əл-Фараби (980 қатыс болған) философиялық
рационализмге қабілеті жете бермейтін, білімсіз көпшілікті қиындықтан
құтқаруға тырысты. Оны жеке-дара фалсафаның құрушысы ретінде
қабылдауға болады жəне мұсылман идеализмінің таңғажайып
əмбебаптығын жария еткен де сол. Əл-Фараби Қайта өрлеу дəуірінің
тұлғасы деуге лайық адам еді. Ол тек дəрігер ғана емес, сонымен қатар
музыкант əрі мистик болды. Сондай-ақ «Қайырымды қала тұрғындары»
(Opinions of the Inhabitants of a Virtuous City) трактатында исламның
рухани əлемінде қоғамдық-саяси мəселелер шешуші орынды иеленетінін
көрсетті. Платон «Мемлекет» (Republic) шығармасында: «кемел қоғамды
философ басқаруы тиіс, ол рационалды қағидаларға сүйеніп, мемлекетті
басқарып қана қоймай, қарапайым жұртқа да осы қағидаларды жеткізе
алатын еді», – дейді. Əл-Фарабидің ойынша, Мұхаммед пайғамбар да
Платон ойлағандай, мəңгілік ақиқатты қарапайым тұрғындарға көркем тілде
жеткізе білген мінсіз көсем болды. Бұдан шығатын қорытынды:Ислам
Платонның кемел қоғам жүйесін тіршілікте жүзеге асыруға əбден лайық.
Бұл идеяны толықтай іске асыруға исламның ең лайық формасы ретінде,
имам культімен танылған шииттікті айтуға болар еді. Сопылық практикамен
айналысқан əл-Фараби уахиға табиғи дүние деп қарады. Грек
философтарының Құдайы дəстүрлі уахи доктринасына қайшы түрде
адамдардың тіршілігінен алыс болып сөйлеспейтін (олармен араласпайтын)
еді жəне олардың күнделікті өмірлеріне кіріспейтін. Алайда бұл – Құдай əлФарабиді мазалаған негізгі проблемалардан жырақ қалды дегенді
білдірмейді. Оның философиясында Алла басты рөлді иеленді. Бұл
трактаты Құдайды танудан басталады. Дегенмен оның Құдайы Аристотель
мен Платонның барлық жаратылыстың бастауы саналатын əуелгі болмыс
еді. Дионис Ареопагиттің мистикалық философиясымен шыңдалған грек
христиандары Құдайды қанша үстем қылып көрсеткенімен, əдеттегі болмыс
деңгейіне түсіретін кез келген теорияны қабылдамайтын. Алайда əл-Фараби
Аристотельдің идеясынан бас тартпады жəне Құдайдың аяқ астынан əлемді
жаратпақ болғанына сенбеді. Бұл мəңгі əрі тұрақты Құдайды Оған тəн емес
өзгеріске түсіретін еді. Гректер секілді əл-Фараби бойынша да болмыстың
тізбегі бірден он түрлі саты түрінде манация немесе «саналар» реттілігімен
мəңгі жылыстап жатады, əрқайсысы Птоломей сферасының бірін тудырады,
олар: тысқары аспан, қозғалмайтын жұлдыздар сферасы, сосын, Сатурн,
Юпитер, Марс, Күн, Шолпан, Меркурий жəне Ай. Біздің əдепкі əлемімізде
қарсы тарапта өрбитін болмыстың тағы бір иерархиясы жарыққа шығады;
жансыз материя өсімдіктер мен жануарларға айналса, эволюцияның шырқау
шегі тəні – жермен; жаны мен санасы белсенді санамен байланысып
жататын адамды жаратады. Платон мен Плотинда суреттелгендей, адам
тазару арқылы материалдық əлемнің құрсауынан босап, жаралған
аймағында Құдаймен қауыша алады.
Ғаламның бұл сипаттамасы — Құран ақиқатымен анық қайшы келетін, бірақ
əл-Фараби философия арқылы ақиқатқа жетудің ең биік шыңын тапты.
Мұны пайғамбарлар адамдарға түсінікті тілде ұғындыру үшін поэтикалық,
метафоралық жолды таңдаған. Фалсафа кез келген адамға арналмаған.
Оныншы ғасырдың орта шенінде Исламға эзотерикалық (батини)
элементтер ене бастады. Оның бірі – осы фалсафа. Сопылық пен шииттік
исламды Қасиетті құқық пен Құранды ғана мойындайтын теолог ғұламалар
секілді тəпсірлемеді. Исламның эзотерикалық ағымдары доктриналарын
жасырын ұстайтын, бұл халықты жақындатпаудың ғана амалы емес.
Файласуфтар, сопылар жəне шииттер өздерінің өте батыл жəне тапқырлық
пен суреткерлікке толы ислам нұсқасының мүлдем басқаша ұғынылуы
мүмкін екенін жақсы түсінді. Фалсафаның доктриналарын, сопылық
мифтерді жəне шииттік имамологияны сөзбе-сөз немесе қарабайыр түрде
түсіну - саналық қабілеттері мен мінез ерекшеліктері жоғарғы ақиқатқа
символикалық, рационалды жəне шығармашылық əдіспен ұласуға сəйкес
келмейтін жандарды адастыруы мүмкін. Эзотерикалық ағымдарда
шəкірттер бұл қиын доктриналарды қорыта алулары үшін, сана мен рух
танымдарымен тəрбиелеудің ерекше əдістерін қолданатын. Біз догма жəне
керигманы қатаң түрде айыра білген грек христиандарының да осыған
ұқсас жолмен жүріп өткенін білеміз. Ал христиандықтың Батыс тармағы
эзотерикалық дəстүрді жасай алмады жəне сенімді түсіндірудің тек қана
жалпыға ортақ керигматикалық əдісін ұстанды. Батыс христиандығы
өзгеше ойлайтындардың ерекшеленіп тұруына мүмкіндік бермеді, оларды
қудалап, «келіспейтіндердің» көзін жоюға тырысты. Ислам əлеміне келетін
болсақ, эзотерик ойшылдар əдетте өз ажалымен өліп жатты.
Фараби қалыптастырған эманация доктринасын файласуфтардың түгелге
жуығы мойындады. Кейінірек көз жеткізетініміздей, мистиктерге жарату
доктринасы саналатын еx nihilодан гөрі эманация идеясы тартымды
көрінді. Файласуфтардың көзқарастары ішкі танымға жақын діндарлардың
шабыт көзіне айналды. Мысалы, философия мен рационалды пайым
сенімнің жауы деп түсінуден алшақ, исламдағы сопылар мен яхуди
каббалистерін айтсақ болады. Фалсафаның əсері шииттерде айқын көрінді.
Мұсылмандар арасында азшылық ретінде қалса да, оныншы ғасырды
көбінесе «шииттер ғасыры» деп атайды, өйткені империядағы сол кезеңнің
маңызды саяси үрдістерін иелену қолдарынан келді. Шииттердің ең ұлы
жетістіктерінің бірі 909 жылы Туниҫте, орталығы Бағдатта орналасқан
сунни халифатқа қарсы салмақты күш боларлықтай, өз алдына дербес
халифат құрулары болды. Шииттік Фатимидтер мемлекетінің құрылуы
ысмайылшылар ағымы қажыр-қуатының нəтижесінде жүзеге асты. Оларды
он екі имамның беделін мойындайтын əрі саны көбірек «он екі имамдық»
(иснə ашария) шииттерден ажырату үшін «жетілік» деп атайтын.
Ысмайылшылар алтыншы Ұлық Имам Жафар əс-Садықтың (768 қатыс
болған) өлімінен соң шииттердің негізгі тобынан бөлініп кетті. Жафар
мұрагері ретінде үлкен ұлы Ысмайылды тағайындап кетті, бірақ ол жастай
қайтыс болды. Осыдан кейін «он екі имамдық» шииттер Жафардың басқа
ұлы Мұсаны заңды имам деп таныды. Бірақ ысмайылшылар Ысмайылға
деген адалдықтарынан таймады, олардың пікірінше, Ысмайылдың өлімімен
имамдардың тізбегі үзілді. Фатимидтердің Солтүстік Африкадағы халифаты
адам нанғысыз қуатқа ие болды: 973 жылы астанасын Каирге ауыстырды.
Ол жерде сол уақытта өте үлкен əл-Азхар мешіті салынды.
Имамдарды ұлықтау тек саяси таңдау ғана болған жоқ. Бұған дейін
айтқанымыздай, шииттер «имамдар жұмбақ бір жолмен Алланың
имманенттілігін жүзеге асырады» деп сенді. Шииттер Құранды
символикалық түсінуге негізделген ерекше эзотерикалық діндарлықты
дамытты. Олар Мұхаммедтің немере інісі жəне күйеу баласы Əли ибн Əбу
Талибке құпия ілімді сеніп тапсырды. Бұдан соң илм (ілім) тікелей
жалғастық арқылы Əлидің мұрагерлеріне, болашақ имамдарға беріліп келді
деп сенді. Əрбір имам «Мұхаммедтің нұрын» (əн-нур əл-Мухаммад), Яғни
Аллаға толықтай тəслім болуға мүмкіндік берген пайғамбарлық рухтың
көрінісін білдірді. Əрине, пайғамбар да, имамдар да илəһи болмысқа ие
емес еді, бірақ олар Құдайға соншалықты ашық болатын. Құдай қарапайым
адамдардан гөрі имамдар арқылы толықтай көрініс бере алатын.
Несториандардың көзқарасы да осыған ұқсайтын. Несториандар – Исадан,
ал шииттер əрбір имамнан іліммен толықсып тұрған құдайлық «мінəжат
үйін» немесе «қазынаны» көретін. Илм тек құпия мəліметтерді ғана
білдірмейді, сонымен қатар рухани түлеуді де көрсетеді. Дағидің
жолбасшылығымен (рухани ұстаз) шəкіртке айқын түс секілді көріністер
келетін, соның нəтижесінде жалқаулық пен надандық халінен құтылатын.
Осы тəжірибе шəкіртті қайта туғандай ететін жəне оған Құранның батини
сырлары ашылатын. Мұндай өзгеше рухани ояну тəжірибесі – философысмайылшы Насыр Хусройдың (X ғ.) өлең шумақтарында хатталып қалған.
Ол өзін қайта түлеткен ұстазын былайша жырлайды:
«Естіп бе едің, оттан аққан теңізді?
Көріп пе едің, арыстандай ақырған, бітімі бөлек түлкіні?
Табиғатқа дес бермес тастың өзін жарқыратар
Күн – қуат. Мылқау таспын ұсқыны жоқ күлкілі,
Күн сəулесі нұрға бөлер əр күні.
Түнек басқан əлемнің жарқырайды бар қыры.
Қызғаныштан айта алмаймын атын да (Имамды),
Платон оның жолында құлдыққа қияр сау басын да.
Ол – жолбасшы, жанның емі, Алла нұры көмкерген.
Ол даналық үлгісі, ақиқат пен ілімнің тұрар мəңгі басында.
Бар білімнің шағылысқан шындығы,
Ей, Мейірімнің үлгісі, Даналықтың түйіні,
Адамзаттың мақсаты мен биігі!
Лайықтының лайықтысы, алдында тұрмын нұрсыз жадау жүзіммен
Жамылғы асып бойыма жүннен болған түрінен
Пайғамбардың қабіріндей, қағбаның қара тасындай
Киe біткен қолыңды ал шын көңілмен сүйер ем!».
Православиялық гректердің көзінде Иса Табор тауында құдайлық сипат
тапқан адамды бейнелейтін. Буддистер үшін Будда - бəрі қол жеткізе алатын
рухани кемелдіктің символы. Дəл сол сияқты имамиттер «Құдай алдында
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 17