Latin Common Turkic

Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 08

Süzlärneñ gomumi sanı 3748
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2109
27.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
38.7 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
45.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
ads place
олардың пікірінше, ғибадатхананың жойылуы Шехинаны Құдыс маңынан
еркіндікке шығарып, бүкіл əлемге таралуына мүмкіндік берді. Құдай
«даңқы» немесе киелі Рух сияқты, Шехина да өз алдына бір құдайлық
болмыс саналмаған, тек Құдайдың жердегі көрінісі деп қабылданған. Өз
халқының тарихына көз жіберген раввиндер Шехина еврейлермен үнемі
бірге болған деген қорытындыға келеді:
«Израилдықтар Құдайдың сүйіктісі екенін кел де көр, өйткені қайда
бармасын, Шехина олармен бірге болған, былай делінген: «сендер Мысырда
болғандарыңда Мен əкеңнің үйінде бет-пердемді ашқан жоқпын ба?».
Бабылда да Шехина олармен бірге болды, өйткені былай делінген: «Мен
сендерді Бабылға жөнелттім». Жақын болашақта Израил құтқарылғанда,
Шехина бұрынғыша олармен бірге болады, өйткені былай делінген: «Сенің
Құдайың тұтқындарыңды қайтарады», басқаша айтсақ, Құдай сенің
тұтқындарыңмен бірге оралады». 88
Израилдың Құдаймен байланысының тығыз болғаны соншалық – Оның
бұрынғы көмектерін еске түсіріп, израилдықтар мынаны жиі айтатын:
«Өзімді Сен құтқардың, Құдайым!».8° Сөйтіп, раввиндер яхудилік мəнде
адамға тең келетін Құдай идеясын тапқандай болды – ол индуистік Атманға
ұқсайды.
Шехина бейнесі қуылғандарға Құдайды бар нəрседе көре білу сезімін
тəрбиелеуге көмектесті. Кейбір раввиндер «өзге елдерде Шехина
синагогадан-синагогаға ауысып жүр» десе, басқалар «ол ғибадатхана
қақпасында тұрып, Даналық үйінің табалдырығын аттаған əр еврейдің
қадамына қасиет дарытады» деп айтты. Сонымен бірге еврейлер хормен
Шеманы айтқанда, Шехина синагога есігінде тұрады. Алғашқы
христиандарға ұқсап, раввиндер «бір тəн жəне бір жан» секілдi қауымға
бірігіп, өмір сүруге үндейді.1 Жаңа қауымның өз жаңа ғибадатханасы
болып, Құдайға мадақ айтты. Иудайстер синагогада жиналып, бірігіп
Шеманы «қызу, бір ауыздан, бір оймен жəне бір дауыспен» қайталағанда,
Құдай солардың арасында болды. Бірақ ол қауымдағы араздықты
жақтырмады, бұл нəрсе орын ала қалған жағдайда ол аспанға қайта
оралатын, ол жерде Оған періштелер əу бастан «бір дауыспен жəне бір
əуезбен» мадақ айтатын. Жер бетінде израилдықтар бірлігін сақтағанда ғана
Құдай Израилмен тығыз байланыс орнатады деп үміттенуге болатын.
Раввиндер бірнеше еврей жиналып, Тəуратты меңгерсе, сол жерде Шехина
пайда болады дегенді тынбай қайталайтын."
Қуғында жүрген еврейлер қоршаған ортаның қатыгездігін барынша сезінді,
бірақ Шехинаның арқасында, қайырымды Құдайдың жақын маңда екенін
түйсінетін. Иудаистер сол қолы мен маңдайына дұға жазылған қағаз
салынған тері тұмарды (тфиллин) байлап қоятын, киімдеріне ғұрыптық
шашақ (цицит) тағатын жəне «Қайталанған заңда» міндеттелгендей, үйдің
есігінің үстіне шема мəтінін шегелеп қоятын. Мұндай əдеттен тыс
ғұрыптарға ешкім назар аудармауы керек болды, өйткені талқыға салу
олардың қасиетті мəнін жойып жіберетін еді. Оның орнына, мицвотты
ғұрыптың өзі Құдайдың сүйіспеншілік сезіміне ұласып кетерліктей етіп
орындау қажет болды: «Израилды жақсы көреміз! Інжіл оны көптеген
мицвoтпен баурайды: қолы мен басында – тфиллин, киімде – цицит». 4 Бұл
белгілер патшалардың жұбайларына сұлулықтарын одан əрі асыру үшін
ұсынатын қымбат сыйлықтарына барабар болды. Бірақ барлығы бірдей
оңайға соққан жоқ. Талмұдқа үңілсек, біздің сүреңсіз əлемімізде Құдайға
деген сенім бір нəрсені өзгерте алады дегенге кейбіреулер күмəнмен
қараған. Раввиндердің рухани көсемдігі қалыпты жағдайға айналды. Бұл
Құдыстан қашқандар ғана емес, бар өмірін өзге елде өткізген еврейлер
арасында да бекіді. Қисынды теориялық дəлелдер соншалықты маңыз
атқара алмады, өйткені Мұса заңының көптеген практикалық
нұсқауларының логикалық мəні жоқ еді. Раввиндер дінінің қабылдануының
себебі – оның əрекетке жетелеп, уайымның тұңғиығына түсіп кетпеуге
көмектескенінде.
Алайда руханилықтың бұл түрі тек ерлердің еншісіне бұйырды. Əйелдерге
раввин болуға, Тəуратты зерттеуге жəне синагогада ғибадат жасауға ұсыныс
білдірілмеді, былайша айтқанда, рұқсат етілген жоқ. Сол уақыттың көптеген
идеологиясы секілді, Құдайға сенім де патриархалды сипаттарға ие бола
бастайды. Əйелдердің діни міндеттері үйде ғұрыптық тазалықты сақтаумен
шектелді. Еврейлерде ұлы болмысты дəріптеу – əу бастан оның бір бөлігін
екіншісінен ажырата алуды білдірді, сондықтан олар осы əдетіне басып,
асханада сүтті еттен алыс ұстағандай, əйелдер мен ерлердің арасын бөліп
тастады. Іс жүзінде бұл əйелдерді төмен қарай ысырып қоюды аңғартты.
Раввиндер «Құдай əйелдерді айрықша жарылқады» деп айтқанмен, таңғы
құлшылықтың кезінде ерлерге, Құдай оларды пұтқа табынушы, құл немесе
əйел етіп жаратпағаны үшін, ризашылық білдіруі керектігі міндеттелді.
Бірақ, не десе де, неке мен отбасы қасиетті нəрсе саналды. Еврейлер некенің
киелілігін кейде қате ұғынылатын қағидалармен бекітті. Мысалы, хайыз
уақытында жыныстық жақындыққа тыйым салу - əйелдер бұл күндері
былғанышты жəне ұнамсыз болады-мыс деумен түсіндірілмеді. Қысқа
мерзімдік тыйылу еркек махаббатын нығайтуға себеп болады: «Күйеуі
əйеліне үйренісіп кетіп, одан суынуы мүмкін, сондықтан Тəуратта былай
делінген: жеті күн (хайыз уақытында) əйел нидда (жыныстық қатынастарға
қолжетімсіз) болуы керек, сонда күйеуі оған алғашқы неке күніндегі секілді
құштар болады».96 Мереке күндері синагогаға барар алдында ерлерге
ғұрыптық шайыну қажеттігі жазылған. Бірақ бұлай ету – дененің бастығы
себебінен емес – қасиетті ғибадат алдында ерекше таза болу үшін көзделді.
Дəл осындай мақсатта əйелге де хайыздан кейін шомылу міндеттелді, осы
арқылы өзін күйеуімен киелі кездесуге əзірледі. Жыныстық қосылулардың
қасиеттілігіне қатысты мұндай идея христиандыққа мүлде жат болды: онда
көбінесе «тəн рақаты мен Құдай ұғымы өзара үйлеспейді» делінді.
Кейін яхудилер расымен де өз заңдарын көбінесе тыйым ретінде түсіндірді,
бірақ сол уақытта раввиндер қараңғы, тақуалық жəне өмірдің мəнін жоққа
шығаратын руханилықты мүлде насихаттамады. Олар, керісінше, яхуди
бақытты жəне жайдары болуы керек деп сендірді. Мəселен, олардың
суреттеулерінде – Жақып, Дəуіт немесе Эсфирь сынды танымал інжілдік
кейіпкерлер ауырған немесе уайымға салынған кездерінде, Киелі Рух
оларды «тастап кетеді» немесе «қалдырып кетеді». Рухты жоғалтқан
раввиндер 21-жырдың (псалом) бастапқы жолдарын көп қайталаған:
«Құдайым! Құдайым! Сен мені не үшін тастадың?». (Бұл ретте Исаның өлім
аузында айтқан осы жұмбақ сөздеріне қатысты қызық сұрақ туындайды).
Қалай болғанда да, раввиндер «Құдай адамдардың азап шеккенін
қаламайды» деп үйреткен. Адам өз тəніне құрметпен жəне күтіммен қарауы
керек, өйткені ол Құдайға ұқсас жаратылған. Тəн рақатына келер болсақ,
олардан қашудың өзі күнə саналады, өйткені Құдай оларды лəззат үшін
жаратқан. Раввиндер азап пен аскетизм (тақуалық) Құдайға жақындатады
деп есептемеген. Халқын Киелі Рухты «кəдеге жаратудың» практикалық
əдістеріне үндеген. Олардың əрқайсысына Құдай туралы өзінің жеке
түсініктерін қалыптастыруды ұсынды. РавВиндердің сөзіне сүйенсек, адам
істерінің қай жерде аяқталып, Құдай əрекеті қай жерде басталатынын білу
қиын. Тіпті санасы шайдай ашық пайғамбарлар да Құдайға қатысты өзінің
жеке қиялындағын таңып, Жаратушыны жерде көрінетіндей етіп
қабылдаған. Осылайша раввиндер бір мезгілде адами жəне илаһи
міндеттерді шешу ісін өздерінің үлесіне қалдырып отырған. Жаңа
қағидаларды адамдар мен Құдай бірлесіп жасайды деп есептеген. Тəуратты
көшіріп көбейткен раввиндер оның жердегі болмысының аумағын кеңейтіп,
іргесін нығайтты. Көп ұзамай олардың өздері Тəураттың тірі бейнесі
ретінде дəріптеле бастады, олар басқалардан гөрі көбірек «Құдайға
ұқсады», өйткені Заңды жақсы білді.
Құдайдың он сегіз мың ғаламды қамтитынын сезіну иудаистерді бүкіл
адамзаттың қасиеттілігі туралы түсінікке алып келді. Раввин Акиба
«Жақыныңды өзің сияқты жақсы көр» мицвотын «Тəураттың ұлы заңы» деп
үйреткен. Ағайынның намысын қорлау адамды өзіне ұқсата жаратқан
Құдайға күйе жағу деп бағаланды, шын мəнінде жақынына жаманшылық
істеу дiннен безгендікті, Құдайға қарсы күпірлікті білдірді. Əрине, кісі
өлтіру ең ауыр қылмыс болып саналды, өйткені «Киелі кітапта
айтылғандай: кім қан төксе, сол Құдай болмысын төмендетеді». Жақынға
жəрдемдесу imitatio dei амалы – Құдайдың қайырымдылығы мен
жанашырлығына еліктеу деп саналды. Оған қоса, барлық адам баласы бірбірімен тең, өйткені əрқайсысы Құдайға ұқсатылып жаратылған. Туысына
зиян шектірген дінбасы да жазалануы керек, өйткені мұндай əрекет – Құдай
болмысын жоққа шығарумен бірдей.o1 Құдай, кімде-кім адамды өлтіретін
болса, тұтас əлемді жойғандай, жазалайтынын бізге көрсету үшін адамды,
тұтас адамзатты жаратты. Басқа жағынан алып қарасақ, бір адамды өлімнен
құтқару – бүкіл ғаламды сақтап қалумен барабар.102 Əрі бұл тым əсiре
пайымдар емес еді, көпшілік үшін (мысалы, бейбастақтықпен ойран
салғанда) бір адамды құрбан етуге тыйым салатын заң негіздері болатын.
Жақыныңды, тіпті тегі басқа адамды немесе құлды қорлау ең ауыр күнəнің
бірі саналып, кісі өлтірумен, яғни Құдайды жоққа шығарумен
теңестірілді.10Еркiндiк құқығы өміршең маңызға ие болды: раввиндік
еңбектердің толық жинағынан қапасқа қамау туралы ешнəрсе
кездестірмейсің, өйткені адамды бостандықтан айыру пəрмені тек Құдайға
тиесілі. Біреудің сыртынан өсек тарату да Құдайды елемеушілік саналды.
104 Əйтсе де еврейлер Құдайды жоғары жақтан əрбір қадамымызды жіті
қадағалап отыратын «Айбарлы Аға» іспетті көруге ыңғай танытпады.
Керісінше, адамның бойында Құдай болмысын іштей түйсіну сезімін
тəрбиелеуге ден қойылды, осы арқылы қоршаған ортамен кез келген қарымқатынас қасиетті реңкке бөленетін.
Жануарлар қиналмастан өз болмысына сай тіршілік ете береді, бірақ
адамдарға өздерінің адами қалпын сақтау ешқашан оңайға тимеген сияқты.
Алғашқы кезде Израил Құдайы өз халқының бойында ең сұмдық жəне
жауыздыққа толы қатыгездікті оятқан сияқты көрінген еді, бірақ ұзақ
ғасырлар барысында мүлде өзгерді. Яхве бейнесі адамдарды өз
бауырларына жанашырлықпен жəне ілтипатпен қарауға дағдыландыра
бастады. Бұл «Кіндік кезеңнің» барлық дініне тəн сипат еді. Раввиндердің
идеалдары Бір Құдайдың екінші дінінің ұстанымдарына өте ұқсас, бұл
таңғаларлық та жағдай емес, себебі христиандық тамырлары иудаизмге
барып тіреледі.
III. ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛАРДЫҢ ОЯНҒАН ҮМІТІ
Филон Александрияда платонизммен суарылған иудаизмін уағыздап, ал
Гиллель мен Шаммай Құдыста бір-бірімен дауласып жатқан кезде,
Палестинаның солтүстігінде бір тегеурінді тұлға өзін таныта бастады. Иса
туралы білетініміз өте аз. Мессияның өмірі жайындағы тұңғыш толық
əңгіме оның өлімінен соң, жиырма жылдан кейін Əулие Марктің Інжілінде
айтылды. Бұл шығарманың шамамен 70-жылдан бұрын жазылмағаны анық.
Ал ол уақытқа дейін тарихи деректер мифтік сюжеттермен біте қайнасып,
Исаның өз ізбасарлары алдындағы беделін өмірбаянында айтылғаннан зор
етіп көрсетеді. Ерте дəуір христиандары оның болмысынан жаңа Мұсаны,
Жаңа Құдыс негізін салған Иисус (Иошуа) Навинді көрді. Будда секілді,
Исаның бойында да оның замандастарына тəн ең бір терең ұмтылыстар
жинақталды жəне Израил халқының ғасырлар бойғы арманаңсарлары
көрініс тапты. Тірі кезінде Исаны көптеген палестиналық Мессия деп
таныды: Құдысқа сапар шеккен оны, халық Дəуіттің ұлы ретінде
жариялады, бiрақ бірнеше күннен кейін-ақ римдіктердің ауыр жазасына –
айқышқа (крест) керіп өлтіруге бұйырылды. Қаныпезер қылмыскер сияқты
өлген Мессияның шулы оқиғасына қарамастан, шəкірттері оған деген
сенімнің адасушылық екенін мойындай қоймады. Исаның қайта тірілгені
туралы қауесет тарады. Біреулер керіп өлтірілгеннен кейін, үш күннен соң
«табыты бос болып шықты» десе, басқалары «елес болып ел кезіп жүр» деп
айтты, ал ендігі бір ретте оны бес жүздей адам бір мезгілде көріпті-мыс.
Шəкірттері оның Мессиялық Құдай Патшалығының негізін салу үшін көп
кешікпей қайта оралатынына сенді, өйткені мұндай түсініктің еш діни
қисыны болмағандықтан, олардың сектасын Гиллельдің немересі, раввин
жəне ең ұлы таннаймдердің бірі – Гамлиильдің өзінен кем емес яхуди
ғұламалары мойындады. Исаның ізбасарлары Құдайына адал еврейлер
ретінде ғибадатханаға күн сайын барып, құлшылық ететін. Бірақ Исаның
өмірі, өлімі мен қайта тірілуі оқиғасының əсеріне бөленген Жаңа Израйл
түсінігі, ақырында пұтқа табынушылық нанымына айналып, Құдай туралы
өзіндік концепциясын дамытты.
Исаны жазалаған уақытта (б.д. 30 ж. шамасында) еврейлер нағыз
монотеистер болды, сондықтан ешкім Мессия құдайлық тұлғаға айналады
деп күткен жоқ: игі жақсылардың кіндігінен өрбіген күннің өзінде, ол
кеудесінде шыбын жаны бар қарапайым адам болуы тиіс еді. Кейбір
раввиндер оның есімі мен болмысы Құдайға о бастан мəлім болған деп
есептеді. Бұл мағынада алып қарасақ, онда Мессия – «Тəмсілдер» мен
«Екклесиасттағы» құдайлық даналық секілді, уақыт жаралмастан бұрын
«Құдаймен бірге» болған. Еврейлер маңдайына бақ қонған Мессияны
Құдыста бірінші еврей мемлекетін құрған, оның патшасы жəне рухани
көсемі болған Дəуіттен тараған деп үміт етті. Діни өлеңдерде Дəуіт пен
Мессияны «Құдай ұлдары» деп атады, бірақ бұл Яхвемен ерекше қарымқатынасты білдіретін бейнелі сөздер ғана еді. Бабылдан қайтып оралғалы
бері, жексұрын көрінетін пұтқа табынушылары сияқты, Яхвенiң, шынымен
де, өз баласы болуы мүмкін екені ешкімнің ойына кіріп-шықпаған еді.
«Марк Інжілінде» (ең ерте жазылған жəне шындыққа жанасымды саналған)
иса қарапайым адам сияқты көрінеді: отбасы, ағалары мен əпкелері бар,
оның тууын хабарлаған жəне жөргегінің үстінде жырлаған періштелер
мүлде жоқ. Исаның бойынан сəбилік жəне бозбалалық шақтарында ерекше
ештеңе байқалмаған. Сонымен бірге ол пайғамбарға айнала бастаған
уақытта, Назарет тұрғындары жергілікті ағаш шеберінің ұлы – жай
жаратылыс иесі емес екеніне таңданысады. Марк Исаның кемеліне келген
кездерін баяндайды. Алғашқыда Иса ел кeзуші тақуа, бəлкім, оссин (ессеи)
де болған. Шоқындырушы Иоанның шəкірті болуы да мүмкін. Себебі Иоанн
Құдыс билігін əбден азғындаған деп айыптап, оған қарсы қаһарлы
уағыздарын айтты. Ол адамдарды тəубеге келуге жəне оссиндер (ессеи)
жасап жүргендей, Иорданда шоқынудың тазару рəсімін жасауға үндеді.
Луканың жорамалынша, Иса мен Иоанн туыс болған. Қалай болғанда да,
Иоаннан шоқынуды қабылдау үшін Иса Назареттен Иудеяға ұзақ жол жүріп
келеді. Марктің хабарлауынша, «судан шыққан тұста, Иоанн аспанның қақ
айырылғанын жəне Рух пен Оған қонғалы келе жатқан көгершінді көреді.
Сол кезде аспаннан дауыс естілді: «Сен – Менің сүйікті Ұлымсың, Сенде
менің ізгі көңiлiм бар». Иоанн алдында Мессия тұрғанын бірден түсінеді.
Осыдан кейін Марк бірден Исаның Галилеяның қалалары мен өлкелерін
аралап, уағыздарында «Уақыт келді жəне Құдай Патшалығы жақындады»
деп айтқаны туралы əңгімесіне көшеді.
Шамасы, Інжілге оның өз аузымен айтқан сөздерінің аз ғана бөлігі енген
жəне ондағы деректердің көпшілігіне – Исаның өлімінен кейін – Əулие
Павел салдырған шіркеулерде болған бертіндегі оқиғалардың əсері тиген.
Əйтсе де мəтіндегі кейбір сөздер Исаның өмірі мен ілімінің яхудилік сипаты
болғанын растайды. Галилеядағы керемет жасаушылар да қарапайым
адамдар болғаны белгілі: олар да қайыр сұрады, уағыз айтты, ауруларды
емдеді жəне жындарды қуды. Мессия секілді, осы əулие галилеялықтардың
да көптеген шəкірті болған. Кейбіреулер «Павел секілді, Иса да Гиллель
мектебінің фарисейі болған» деп жорамалдайды. Павелдің өзі
христиандықты қабылдар алдында, фарисей болғанын айтып кеткен, ол
тіпті Раввин Гамлилдің аяқ жағында отырған деген мəліметтер де бар.
Исаның көзқарастары шынымен де фарисейлердің пікірлеріне жанасады: ол
қайырымдылық, сүйіспеншілік пен мейірімділік мицвоттың ең
маңыздылары деп есептеген. Ол да фарисейлер сияқты Тауратқа адал
болған, тіпті оның дін ережелерін көптеген замандасына қарағанда қатал
ұстанғаны белгілі. Сонымен бірге Гиллельдің «алтын ережесін»
уағыздайды, яғни бүкіл Заңды бір оймен беруге болатынын айтады: «барлық
жағдайда адамдардың өздеріңмен қалай қарым-қатынас жасағанын
қалайтын болсаңдар, олармен де сондай қарым-қатынас жасаңдар, өйткені
бұл – заңда жазылып, пайғамбарлардан қалған өсиет." Матфей Інжілінде
Иса «кітапшылар (көшірмешілер) мен фарисейлерге» қарсы айыптаушы
сөздер айтады, онда оларды екіжүзділер дейді, бірақ миссиясы ізгілікке
құрылған адамның шынайы фактілерді бұлай бұзуы шындыққа
жанаспайтын сияқты. Мəселен, Лука Інжілінде де, «Апостолдар əрекетінде»
де фарисейлер туралы жағымды пікірлер білдірілген. Егер де фарисейлер,
шынында, Исаның дұшпаны болып, оны жазалауды ұйғарса, Павел өзінің
бұрын фарисейлермен бір болғанын айтпас еді деп қосқымыз келеді.
«Матфей Інжіліндегі» антисемиттік реңк кейін туындаған, 80-жылдарда
орныққан иудаистер мен христиандар арасындағы шиеленісті бейнелеген
болуы керек. Інжілде Иса фарисейлермен жиі дауласады, алайда бұл
пікірталастар достық рəуішті немесе қатал Шаммай мектебімен
келіспеушілікті баяндайды.
Исаның өлімінен кейін, оны шəкірттері Құдай деген шешімге келеді.
Алайда бұл бірден бола қойған жоқ. Құдай бейнесіндегі Иса туралы
доктрина тек төртінші ғасырда қалыптасқанына ілгеріде көзіміз жетеді.
Адаммен кірігуге негізделген христиандық сенім баяу жəне күрделі жолмен
қалыптасты. Исаның өзі құдайлыққа талаптанбады. Шоқынған кезде
аспаннан шыққан дауыс, оны «Құдай ұлы» деп атайды, бірақ бұл, ең
алдымен, оның сүйікті Мессия болғанының дəлелі болуы керек. Мұндай
жоғары куəдүрлікте ерекше көрінген ештеңе жоқ: раввиндердің көпшілігі
Аспан Даусы – бат кол (тік. ауд.: «Дауыс қызы») деп аталатын ерекше рухани
халді бастан кешірді, ол – нағыз пайғамбарлық көріністерге ұқсас болды.
Бір күні осындай бат колды Иоханан бен Заккай естиді де, оған жəне оның
шəкірттеріне түскен Киелі Рухтың оты, раввиннің миссиясын растап кетеді.
Иса өзін «адам баласы» деп атаған. Бұл атау төңірегінде де аз дау болған
жоқ, бірақ арамейлік түбір сөз (бар наша) адамның əлсіздігі мен жалғанның
өткіншілігін білдіретін болуы керек. Олай болса, Иса өзінің адам секілді
ерте ме, кеш пе дүниеден өтетінін түсіндірмек болған.
Інжілде Құдайдың Исаға белгілі бір құдайлық күштер (dunamis)
дарытқанын, солар арқылы оның емдеу мен күнəларды кешіру кереметтерін
орындай алғаны айтылған. Осылайша, адамдар Исаға қарап, тірі жəне
болмысы айқын Құдайға ұқсас бейнені көрді. Бұған бір күні оның
шəкірттерінің де көзі күмəнсіз жетеді. Бұл сюжет барлық дерлік
синоптикалық Інжілде («Жаңа Өсиеттің» алғашқы үш кітабы осылай
аталады – ауд.) сақталған жəне болашақта христиандар үшін маңызды
болды. Иса биік тауға (қалыптасқан нұсқа бойынша, бұл – Галилеядағы
Табор тауы) Петр, Жақып жəне Иоанмен бірге көтеріледі де, сол жерде «көз
алдарында өзгереді. Оның жүзі күндей ағарып, Оның киімдері нұрдай
жарқырап шыға келді». Сосын, Иса қасындағы Ілияс жəне Мұсамен
сөйлеседі, сəйкесінше олар пайғамбарлар мен өсиет бейнесінде болды. Петр
есінен танып қала жаздайды; өзінің не айтқанын түсінбестен, «осы
оқиғаның естелігі ретінде, тауда үш бұта қойып кетсек жаман болмас еді»
деп күмілжиді. Осы сəтте тау шыңын жарық шашқан бұлт орайды да
(кезінде Синай тауына түскендей), бат кол мыналарды айтады: «Бұл – Менің
сүйіктім, Онда менің Жарылқауым бар; Оны тыңдаңдар!».9 Ғасырлар өткен
соң, осы көріністің қасиетті мəніне ой жүгірткен христиан гректер сол кезде
Иса адамилығының түрленуі арқылы, Құдай «күштері» жарқырап көрінді
деген қорытындыға келеді.
Дəл сол гректер: «Иса мұндай құдайлық «күштер» тек өзі арқылы
көрінетінін ешқашан айтпаған» деп ескерткен. Керісінше, ол шəкірттеріне
«сенім» болса, «күш» те болатынын үнемі еске салып отырған. Ол «сенім»
астарында барлық теологиялық талдауларды емес, ішкі көңіл күйді – Құдай
жолына өзін толық арнау мен ашылу жолына тəрбиелеуді түсінген. Кез
келген адам өзін толығымен Құдайға тапсырса, Иса жасағанды жасай
алады. Раввиндер сияқты, Иса, Рух сирек таңдаулыларды емес, барлық
мейірбан адамдарды қолдайды деп санаған. Кейбір үзінділерде: «Иса,
көптеген раввин сияқты, Рухтың гойимға да ене алатынын терiстемеген»
деп жорамалдайды. Бастысы – «сену», сонда ғана əркім одан да көп
кереметті: жындарды шығарып, күнəларды кешіруді ғана емес, сондай-ақ
тауды көтеру жəне оны теңізге тастауды да жасай алады. Шынайы сенген
адам, өзінің адами əлсіздігі мен пəнилігі, Мессия Патшалық əлемін
толтырып тұрған Құдайдың əрекетшіл «күштерінің» арқасында түрленетін
сезінеді.
Иса өлген соң, шəкірттері оның қайткенде де, Құдайға ұқсастығы бар деген
сенімдерінен арылғысы келмеді. Оған бірден табына бастайды. Əулие
Павел Құдай күштерінің пұтқа табынушылар үшін де қолжетімді екеніне
күмəн келтірмейді де, Інжілді Македония, Грекия жəне қазіргі Түркия
жерлерінде уағыздайды. Ол Жаңа Израилға Мұса өсиеттерін толық
орындайтын еврейлерден басқалары да, кіре алатынына сенімді болды. Бұл
Исаның жақын шəкірттерінің ызасын туғызады, олар мейлінше шектеулі,
таза яхудилік секта құрғысы келеді де, қызу таластан кейін, Павелді тастап
кетеді. Айта кететін жайт, Павелдің шəкірттерінің көбі диаспора
еврейлерінен құралып, «құдайдан қорқушылар» болғандықтан, жаңа
Израил таза яхудилік болып қала берді. Павел Исаны «Құдай» деп атаған
емес, «Құдай ұлы» дегенде де, таза яхудилік мағынаны санаға тұтты, соған
қарағанда апостол Исаны Құдай санамаған сыңайлы. Павелдің ойынша, ол
тек Құдайдың «күштері» мен «Рухына» ие болды, бұлар арқылы Құдай
жердегі істерді атқарды жəне оларды танылмайтын құдайлық болмысқа
теңеудің еш қажеті жоқ еді.
Христиандыққа жаңа кірген пұтқа табынушылар əлемін, əрине, бұл
мəселелер толғандырған жоқ, уақыт өте берді, бар күшімен өзінің əлсіздігі
мен пенде екенін айтқан керемет көрсетушінің бəрін – Құдай етіп тынды.
Құдайдың Адамға айналуы доктринасы қашан да иудаистерге ұнамсыз
көрінетін, кейіннен исламда да бұл дінбұзарлық деп танылды. Ойдан
шығарылған «адамға айналу» идеясы бірқатар қауіпті ішіне бүкті, оның
үстіне, христиандар оны тіпті сол күйінше қабылдады. Дегенмен діндер
тарихында «Құдайға айналғандарға» табыну үйреншікті іс болатын. Осыған
ұқсас теологиялық қисындарды иудаистер мен мұсылмандардың да
жасағанына келесі бөлімдерде көз жеткізетін боламыз.
Исаның таңғаларлық Құдайға айналуын алдын ала шешкен діни пəрмен дəл осы кезде жер бетінің басқа бөлігінде орын алған оқиғалар тізбегімен
танысқан соң, түсініктірек болады. Индуизм мен буддизмде Будда сынды
жоғары болмыстарға сиыну немесе дəстүрлі индуистік құдайларға айналу
жалпылама қабылданды. Бхакти деп аталатын жеке тұлғаларға сиыну түрі адамдардың «адам кейіпті» діндерге деген үлкен ынтасымен түсіндірілді.
Дегенмен екі үнді дініндегі əуелгі ереженің айқын түрде өзгеріске түсуі –
екеуінде де түпкі сеніммен қиындықсыз үйлесті, өйткені оның басты
қағидаларын қабылдады.
Будда б.д.д. VI ғасырда өлді де, адамдар ол туралы естелік қалдырғысы
келді, бірақ мүсіндер мен бейнелер орынсыз көрінді. Өйткені Көкірек Көзі
Ашылған (Нұрланған) нирванаға енгенде, əдеттегі мағынасында «тіршілік»
етпеді. Соған қарамастан, адамдардың Буддаға деген сүйіспеншілігі арта
берді жəне оның Кекірек Көзі Ашылған адамзат туралы пайымдарына қатты
ұйығаны соншалық - б.д.д. I ғасырда Үндістанның солтүстік-батысындағы,
Гандхара мен Джамна өзенінің бойындағы Матхурада алғашқы мүсіндерін
қоя бастады. Адамның өзінен тысқары болмысқа сиынуы – Гаутама
уағыздаған ішкі тəртіптен мүлде бөлектеніп тұрғанмен, мұндай тас
бейнелердің əсерлендіргіш қуаты — Будданың рухани ілімінде басты
маңызды иемденді. Əйтсе де барлық діндер өзгереді жəне дамиды, əйтпесе
ескіруге бет алады. Буддистердің көбі бхактиді өте жоғары бағалайды,
өйткені осы тəртіп ұмытыла жаздаған көптеген терең ақиқатты сақтап
қалды. Көкірек Көзі Ашылған тұста Будданың нирванада қалып қойғысы
келгенін еске түсірейік, бірақ азап шегіп жатқан адамзатқа деген
жанашырлық – оны біздің əлемде өз Жолын уағыздап, тағы қырық жыл
қалуға итермеледі. Алайда б.д.д. I ғасырда буддалық монахтар мұны
ұмытқанға ұқсайды: олар өздерін əлемнен жырақта ұстап, нирванаға жетуге
ұмтылды. Оның үстіне, монахтардың өмір салты өзінің қиындықтарымен
қорқынышты болды, көпшілік қолдарынан келмейтінін сезді. Б.д. I
ғасырында буддалық қаһарманның жаңа типі – бодхисаттва пайда болды,
Буддаға еліктеп, басқаларды құтқару үшін, өз бостандығын құрбандыққа
шалып, нирванадан бас тартады. Бодхисаттва адамдарды азаптан құтқару
үшін өзін қайта тууларға қияды. Б.д.д. I ғасыр соңында құрастырылған
«Кемел даналық туралы уағыздар» (Prajna-paramita Sutras немесе
Sermons on the Perfection of Wisdom) түсіндірілгендей, бодхисаттвалар:
«... жеке нирванаға ұмтылмайды. Керісінше, олар болмыс əлемінде көп азап
көрді, бұрынғыша жоғары көзін ашуға қол жеткізу үшін туулар мен
өлімдерден қорықпайды. Олар əлем игілігі үшін, əлемдегі азапты азайту
үшін, əлемге жандары ашыған соң қалып отыр. Олар: «Біз əлемге қорған
боламыз; əлемнің тыныштық орны боламыз; əлемнің соңғы жұбанышы
боламыз; осы əлемнің аралына, жарық көзіне айналамыз; осы əлемде
құтқаратын жолды нұсқайтын ұстаз боламыз», - деп шешім қабылдады».
Оған қоса, бодхисаттва қайырымдылықтың таусылмас қайнар көзіне ие
жəне руханияты аз адамдарға көмектеседі. Бодхисаттваға сиынатындар
келесі өмірінде буддалық мифологиядағы аспан жаннаттарының бірі –
Көкірек көзін Ашатын əлемге баруға мүмкіндік алады.
Мəтіндерде бұл идеяларды сөзбе-сөз түсіндіруге болмайтыны ескертіледі.
Олардың əдеттегі логика мен жердегі құбылыстарға еш қатысы жоқ, олар
көзге ілінбейтін ақиқаттарға тұнып тұрған символдар ғана. Б.д. II
ғасырының басында, Бостық мектебінің негізін салушы философ
Нагарджуна парадокстар мен диалектикалық əдісті қолдана отырып,
қарапайым түсіндірме тілдің қауқарсыздығын көрсетеді. Оның ойынша,
соңғы ақиқатты медитация арқылы интуитивті түрде тануға болады. Тіпті
буддалық ілімді шартты қабылдаған жөн: ол əдеттегі адам тілімен
берілгендіктен, Будда жолдаулар жеткізген шынайылықты толық түсіндіріп
бере алмайды. Осы философияны қабылдаған буддистер – бізді қоршаған
дүниенің барлығы иллюзия (бізде, Батыста, оларды идеалистер деп атады)
дегенге сене бастады. Бүкіл болмыстың киелі негізі болған Абсолют
дегеніміз - «бостық», ештеңе, бейболмыссыздық, өйткені қарапайым сөз
мағынасымен беріле алмайды. Əрине, осы «бостықты» нирванамен
теңестірді. Гаутаманы қосқанда, əр будда нирванаға жетеді, бұдан
шығатыны, қандай да бір түрленудің нəтижесінде ол нирвана болады да,
Абсолютпен тұтасып кетеді. Осылайша, нирванаға ұмтылған кез келген
адам буддалармен теңесуді көксейді.
Буддалар мен бодхисаттваларға сиыну - бхактидің христиандықтағы Исаға
деген сенімге өте ұқсайтынын оңай байқауға болады. Басқасын қоспағанда,
осы тəсілдің өзі будда сенімін кең бұқараға қолайлы етті (Павелдің
иудаизмді пұтқа табынушыларға қолжетімді етуді армандағанын еске
алайық). Дəл осындай жолмен индуизмде де бхакти идеясы дами бастайды,
онда, алдымен, екі үлкен ведалық Құдайға – Шива мен Вишнуға сиынуды
бастайды. Елге танымал пұтқа табынушылық - упанишадтардың
философиялық ұстанымдарынан да күштірек болып шығады. Уақыт өте
келе индуистер – Брахма, Шива мен Вишну түрінде - өздерінің Үштігін
құрады. Бұлар біртұтас жəне танылмайтын ақиқаттың үш символы немесе
аспектілері санала бастайды.
Кей кезде Құдайдың құпия болмысын – ізгілік пен зұлымдықтың,
өсімталдық пен тақуалықтың ғажайып құдайына айналып, əрі жасампаз, əрі
қиратушы ретінде көрінген Шиваның кейпінде елестеткен дұрыс болар.
Белгілі аңыз бойынша, Шива - ұлы йог, ол діндарларға медитация арқылы
Құдайды жеке танып-түйсінуге көмектеседі. Вишну əдетте мейірімді жəне
шат-шадыман. Көбінесе адамдарға əр алуан кейіпте немесе аватар түрінде
көрінеді. Солардың ішіндегі ең əйгілісі – текті отбасыдан шығып,
бақташылардың тəрбиесінде өскен Кришна. Ел арасында кең тараған
аңыздар оның бойжеткендермен сауық-сайран құрғанын əсірелеп
баяндайды. Бұл ретте Құдай бізге Сүйікті Жан тұрпатын танытады. Бірақ
басқа бір жолы Вишну-Кришна Арджуна ханзаданы өзінің сұрықсыз
жүзімен үрейлендіреді:
«О, Құдайым, сенің тəніңнен құдайларды жəне көптеген түрлі тіршілік
иесін – лотос тағында отырған ғарыштық жаратушы, билеуші Браҳманы,
барлық данышпандар мен құдайлық азғырушы-əзəзілдерді көріп тұрмын».
Кришна өз денесіне қандай да бір кереметтің күшімен бəрін сыйғызып
алған; оның басы да, соңы да жоқ, өзі бүкіл кеңістікті қаусырған жəне
барлық құдайды: «ұлыған дауылдардың құдайларын, күн құдайларын,
жарқын жүзді құдайлар мен ғұрып құдайларын» қамтыған. Оған қоса, ол –
«адамның шаршамайтын рухы», яғни адамилықтың мəні. Оған барлығы
теңізге асыққан өзен немесе отқа құмартқан көбелек сынды алып-ұшып
ұмтылады. Бұл үрейлі көріністен Арджунаның өне бойы дірілдеп, безек
қағады, есінен танып қала жаздайды.
Бхактидің дамуы адамның Құдаймен жеке қарым-қатынасындағы терең
сұранысын қанағаттандырды. Брахман мүлде қолжетімді болмағандықтан,
ол көне Аспан Құдайы сынды, адам жадынан біржола өшеді деген қауіп
туды. Буддизмдегi бодхисаттва мен индуизмдегі Вишну аватары идеалының
эволюциясы – Абсолюттің адамнан төмен болмауы керектігін шарт етіп
қойған – діндарлықтың жаңа даму сатысына шыққанын растады. Басқа
жағынан қарағанда осы символдық ілімдер мен мифтер Абсолютті бір ғана
Құдай көрінісімен беруге болады деген ойды терiстейді: буддалар да,
бодхисаттвалар да, аватарлар да көп болды жəне бола бермек. Ең ақыры, бұл
мифтерде адамзат мұраты бейнеленді: əркім көкірек көзі ашылып, Құдайға
айналуы керек – біз осы үшін жаратылғанбыз.
Б.д. I ғасырында иудаизмде де құдайлық имманенттілікке құштарлық артты.
Иса тұлғасы адамдардың мұң-мұқтажына мейлінше сай келді. Бірінші
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны - 09