Latin Common Turkic

Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы - 09

Süzlärneñ gomumi sanı 3767
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2100
27.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
39.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
46.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
ads place
молшылықты жек көріп, дəстүрлі əдептілік ережелерін елемейтін
айналадағы өмірге деген қатынастың бір түрі болған. Оның негізін қалаушы
– Платонның замандасы Синоптық Диоген еді, ол ит сияқты (супiс «ит
сияқты» дегенді білдіреді) иттің үйшігіне ұқсас бөшкеде өмір сүріп,
жұпыны киім киіп, қайыр-садақаға күн көрді. Диоген өзін аса құрметтей
бермейтін Ұлы Ескендірдің бетін қайтарып тастаған жауабымен аты
шықты. Атақты патша оның алдына келіп: «Мен сен үшін не істей аламын?»
– деп сұрағанда, күннің көзіне жылынып отырған Диоген: «Күнді
көлегейлемей əрі тұрсаң болды», – депті (D.L. 6. 38). Диогенге тəнті болған
Кратет өзінің байлығын кедейлерге таратып беріп, оның еркін өміріне
еліктеді; алайда ол сияқты кісіге жұғымсыз, томаға-тұйық болған жоқ жəне
поэтикалық сатирада ащы мысқылын көрсетті.
Зенон бір кездері Кратеттің шəкірті болды, алайда киник болған жоқ жəне
қоғамнан жеріп, саяқ та кетпеді, əйтсе де ресми кейіптен қашып, қарапайым
жүргенді қалады. Академияда біраз жыл шəкірт болған соң, ол Стояда
(грекше Stoa Poikile) өзінің жеке мектебін ашты. Зенон философияның
жүйелі оқу жоспарын жасады, оны үш негізгі пəнге бөліп, логика, этика
жəне физиканы енгізді. Оның ізбасарлары логиканы «философияның сүйегі,
этиканың тəні жəне физиканың жаны» дейді (D.L. 7. 37). Зенон Мегарадан
шыққан əйгілі логик Диодор Кронның қол астында оқып, Филонның жақын
шəкірті болған. Ол – Аристотель логикасының кей тұстарын жетілдіретін
логиканың дамуына негіз қалаған адам. Бірақ өзі көбіне этика мəселелеріне
қызығушылық танытқан.
Зенон сияқты моралистің оқу бағдарламасында ең жоғарғы орынды
физикаға беруі таңдандыруы мүмкін. Алайда Зенон үшін, сосын кейінгі
стоиктер үшін физика – табиғатты зерттеу, ал табиғат Құдаймен
теңдестіріледі. Лаэрттік Диогеннің айтуынша: «Зенон барлық əлем
Құдайдың жаратылысы дейді» (7. 148). Құдай – белсенді негіз, материя –
белсенді негіз; бұлардың екеуі де материалдық жəне ғарыштық оттан
тұрады (LS 45g).
Зенонның жазбалары бізге дейін жеткен жоқ: оның ең танымал туындысы
«Мемлекет» еді. Ол платондық утопизм мен кейбір киниктік элементтерді
ұштастырды. Зенон ғибадатхана, сот жəне гимназиялардың құрылысына
күш жұмсау бос əурешілік деп есептеді жəне білімнің дəстүрлі жүйесін
жоққа шығарды. Ол əйелдер қоғамын ұсынды, əйелдер мен еркектер бірдей
киіну керек деп есептеді. Ақшадан бас тарту керек жəне бір бақташының
отары сияқты бар адамзат бағынатын ортақ заңы бар бірдей құқықтық жүйе
керек деген пікірде болды (LS 67а).
Кейінгі шəкірттерін шошытқан коммунистік ұсыныстарына қарамастан,
Зенон көзі тірісінде-ақ афиналықтардың құрметіне бөленіп, олар оны
қаланың еркін азаматы санатына қосқан. Македониялық Антигон патша
оны өзінің жеке философы ретінде шақырды, алайда ол жасының
ұлғайғанын алға тартып, сарайға ең көрнекті екі шəкiртiн аттандырды.
Зенон қайтыс болғаннан кейін Стояның басшылығын Клеанф (б.д.д. 331232) өз қолына алды, ол дін жолына берілген, жаңа сипаттағы жауынгер
болатын. Клеанф Зевсті мадақтап жыр жазды, яһуди-христиандық
монотеизмге көбірек лайық сөздермен стоицизмнің негіздерін дəріптеді.
Кейіннен ол Афинадағы Əулие Павелдің уағыздарында насихатталды.
Стоиктердің құдай туралы негізгі тұжырымдары айрықша, əсіресе Киелі
кітап жолынан ерекшелігі айқын көрініп тұрады. Құдай – ғаламнан бөлек
емес, бірақ космостың материалдық бір бөлігі. Клеанф өзінің прозалық
жазбаларында құдіретті оттың элементтері ғаламдағы барлық тіршілік
иелеріне өмірлік қуатты қалай бергенін егжей-тегжейлі түсіндіреді (Cicero,
ND 2. 23-5). 14
Клеанфтың орнына Солилiк Хрисипп келді, ол мектепті б.д.д. 232 жылдан
206 жылға дейін басқарып, өзін жетекші ретінде жақсы көрсетті. Хрисипп
Клеанфтың шəкірті еді, алайда ол өзінің ұстазын аса құрметтемеген тəрізді.
«Сіз маған өз теорияларыңызды айтасыз, – деген ол ұстазына, - ал мен
оларды дəлелмен қамтамасыз етемін». Скептицизмге қарсылық білдіре
жүріп, ол біраз уаҚыт академияда шəкірт болды. Ол эллиндік стоиктердің
ішіндегі ең ақылдысы жəне ең ыждағаттысы еді. Хрисипп
шығармаларының көптігі таңғаларлық: үй күтушісінің айтуынша, ол
жоспарлы түрде күніне 500 жол жазады екен. Сондықтан да 705 кітап
жазып қалдырған. Олардың үзінділері болмаса, ешқайсысы да толық
сақталмады. Алайда оның стоицизмді жүйеге келтірген тұлға екені анық.
«Егер Хрисипп болмаса, онда Стоя да болмас еді» деген сөз бар (D.L., 6. 183).
Ертедегі үш стоиктің еңбегін бөле жару қиын, себебі олардың жұмыстары
түгелдей жоғалған. Алайда Хрисипп келесі бөлімдерде қарастырылатын
логикадағы жетістіктерінің негізгі үлесіне ие болуға лайықты екеніне
ешқандай күмəн жоқ. Физикада ол Клеанфтың отының орнына хайуанаттар
мен өсімдіктер өмірінің негізі ретінде тыныс алуды (пневма) енгізді. Ол түр
мен материя арасындағы аристотельдік айырмашылықты қабылдады,
алайда ол нағыз материалист болғандықтан «форманың да тəндік қасиеті
бар, атап айтқанда, ол пневма деген уəжді алға тартты. Адамның жаны мен
ақыл-ойы пневмадан жаралған; Құдай да тура сондай, ол – космостың
жаны, кемел рационалды жаратылыс. «Егер Құдай мен жан материалдық
болмаса, онда олар материалды əлемде əрекет ете алмас еді» деп
пайымдайды стоиктер.
Стоиктердің толықтай дамытылған физикасын былай түйіндеуге болады.
Бір кездері оттан басқа ештеңе де болмаған; бірте-бірте басқа элементтер
жəне ғаламның қарапайым бөліктері пайда бола бастады. Кейін ғаламдық
өрт кезінде əлем қайтадан отқа оралады, содан соң тарихтың осы циклы
қайта айналып келе береді. Мұның бəрі «жазмыш» (өйткені заңдар ережеден
тыс нəрсеге жол бермейді) немесе «құдірет» (өйткені заңдарды тиімді
мақсаттарға алып келетін бір Құдай) деп аталатын заң жүйесіне орай
болады. Ғажайып жаратылған жүйе – Табиғат деп аталады. Біздің
пешенемізге жазылған нəрсе – табиғатпен селбесіп өмір сүру.
Хрисипп сонымен қатар стоиктердің табиғатқа бағыну принципіне
негізделген этикалық жүйесінің басты авторы болды. Ешнəрсе табиғат
заңдарынан қашып құтыла алмайды, алайда тағдырдың детерминизміне
қарамастан, адам баласы еркін жəне жауапты. Егер бостандық ақыл-ойға
бағынса, онда ол табиғатқа сəйкес өмір сүреді. Табиғат заңдарын ерікті
түрде қабылдау адам бойындағы рақымшылдықты көрсетеді. Адамның
бақытты болуы үшін раҚымшылдық – қажетті жəне жеткілікті нəрсе.15
Стоиктердің бəрі «адам баласы қоғамдасып өмір сүруге бейім
болғандықтан, жақсы адам табиғатпен үйлесім табу мақсатында қоғамда
белгілі бір орын алады жəне қоғам құндылықтарын бойына сіңіреді» деген
сөзбен келіседі. Алайда Хрисипптің басқаларға ұқсамайтын этикалық жəне
саяси көзқарастары болды. Зенон сияқты ол да «Мемлекет» деген еңбек
жазды, ол сол еңбегінде қан араласу мен адамжегіштікті қорғаған деседі (LS
67F). Хрисипп «философ өзін ғылымға арнауы тиісті емес, стоиктің
қоғамдық өмірге қатысқаны, шын мəнінде, мақтауға тұрарлық жəне сол
жеткілікті» деген көзқарасымен əріптестерінен ерекшеленді (LS 67w).
Академиядағы скептицизм
ІІІ ғасырдың екінші жартысындағы стоиктер доктринасы Академия
тарапынан соққыға ұшырады. Академиядағы мұрагерлер Платонның сұрақ
қойғыш ұстазы – Сократтан шабыт ала бастап, скептицизмнің бір түріне бет
бұрды. Б.д.д. 273 жылдан 242 жылға дейін академияның жетекшісі
Аркесилай болды. Ол философиялық скептицизмнің негізін қалаушы
саналатын элидалық Пирронның шəкірті еді. Пиррон – Эпикурдың жасы
үлкен замандасы. Ол Ұлы Ескендір əскерінің қатарында қызмет еткен,
«ештеңені де танып-білу мүмкін емес» деп есептеп, сол ұстанымына сəйкес,
кітап жазудан мүлде бас тартқан. Афинаға III ғасырдың басында
скептицизмді алып келген Аркесилай мен Пирронның тағы басқа шəкірті
Тимон болатын. Тимон ғылымдарға негіз болуға қызмет ететін көрінеу
қағидаттарды табу мүмкіндігін жоққа шығарады. Мұндай аксиома болмаса,
барлық дəлелдердің əрекеті айналма немесе шексіз болмақ.
Тимон мен Аркесилайдың скептицизмі Карнеадтың өзгертілген жəне
софистикаға толы еңбектерінде өз жалғасын тапты. Карнеад Академияны
155 жылдан 137 жылға дейін басқарды. Пиррон секілдi Карнеад та жазба
қалдырмаған, бірақ оның тұжырымдарын сол кезде өте танымал болған
дəрістеріне барып жүрген шəкірті жазып алған. Олардың бəрі бізге негізінен
Цицеронның жақсы қызметінің арқасында жетті, ол бір кездері Карнеадтың
шəкірті Филонға дəріс берген болатын. 155 жылы Афина Карнеадты
стоиктермен жəне перипатетик философтармен бірге Римге елшілікке
аттандырды. Осы елшілік қызметі барысында сот мүддесіне жəне оған
қарсы пікірталаста ол өзінің риторикалық машығын көрсетті. Римнің
цензоры Катон оның шешендік өнерін көріп, оны бүлікшіл деп айыптап,
кері қайтарып жіберді (LS 68м).
Аркесилай стоиктерді сынады, өйткені олар ақиқатты жалғандыққа бейім
емес ақыл-ой əсерлерінің арасынан іздеп таппақ болды: «ол жерде ондай
əсерлер жоқ», – деді ол. Карнеад сонымен қатар стоиктердің
эпистемологиясына да шүйлікті, ол «қол жеткізбейтін ақиқат емес, жету
мүмкін деген ақиқат өмірге басшылық етеді» деп үйретті. Өзі атеист
болмаса да, дəстүрлі пантеонды да, стоиктердің пантеизмін де аяусыз
келемеждеді. Оның стоиктердің болжау туралы теориясына қарсы
дəйектерін Цицерон қабыл алып, асқан шеберлікпен дамытты. 16
Лукреций
Екінші жүзжылдықтың философтарының ешбірі тура Карнеад сияқты
ақылды немесе сенімді болған жоқ. Б.д.д. I ғасырда философиядағы
біріншілік гректерден латын авторларына ауыса бастады. Латын
философиясы да грек философиясы сияқты өлеңдерден басталып, кейінірек
прозаға ауысты. Бізге жеткен латын тіліндегі алғашқы толық философиялық
еңбек – Лукрецийдің «Заттардың табиғаты туралы» атты гекзаметрмен
жазылған керемет жəне ұзақ поэмасы.
Лукрецийдің өмірі жайлы мəлімет жоқ: 54 жылы Цицеронның оқыған
факты бойынша өлеңнің шығарылған уақытын шамамен болжай аламыз
жəне оның 53 жасында елшілікте жұмыс істеген К.Меммий деген біреуге
арналғанын біле аламыз. Лукреций Эпикурдың адал табынушысы болды.
Алты кітабын эпикурлық жүйеде өлең түрінде берді жəне оларда Цицерон
байқағандай керемет шеберлік білінеді, кейде тіпті кемеңгерліктің ұшқыны
жарқ етеді. Лукреций өзінің ақындық машығын философияның кермек
дəмін жасыратын бал іспеттес деп сипаттаған (1.947). Өлеңдердің бір бөлігін
ағылшын тіліне Джон Драйден аударған. Егер ол тапсырманы толық
орындаса, онда оның нұсқасы Поуптың «Адам туралы» эссесіне лайықты
қарсылас болар еді.
Лукреций өлеңін діннің қорқынышын ысырып тастайтын Эпикурдың
батылдығын дəріптей отырып бастайды. Адамдар дін қызметшілерінің
зорлығына қарсы келе алмайды, өйткені мəңгiлiк жазадан қорқады; олар
жан табиғатын түсінбегендіктен де сөйтеді. Лукреций алғашқы кітабында
эпикурлық атомизмді мазмұндайды: табиғат қарапайым денелерден жəне
бос кеңістіктен тұрады, денелер сезімдер арқылы қабылданады, бос кеңістік
санамен орнатылады. Сөздердің əріптерден құралғаны секілді денелер де
атомдардан құралады: ignis жəне lіgnum сөздерінің екеуі де, өздері білдіріп
тұрған заттар, яғни бірдей дерлік атомдардан жасалған oт пен ағаш секілді,
бірдей дерлік əріптерден құралған (1, 911-14).
Лукреций екінші кітабындағы атақты үзіндісінде адамдардың болмашы
айқасына рақымшылықтың шыңынан төмен қарап тұрған философты
суреттейді. Ол эпикурлық самарқау рақаттануды ғана көздеп, қажетсіз
армандардан арылуды мадақтайды.
О бейшара адам! Өмірдің көрдей түнегіне,
Қамалды қорқынышы мен сүреңіне.
Өзінің қысқа күнін өткізеді,
Табиғатының қалауынан асырып.
Тойымсыз тілектерін жеткізеді!
Тəбетімізді табиғат қана тежейді.
Тыныштығы бұзылмаған қуаныштан,
Басқаны сұрап, тілін қалай безейді.
Уайым мен үрейден ада, саф сана,
Тəні де азап шекпеген, жаны да оның тап-таза.
Біздің табиғи тілегіміз де шектеулі,
Бұл тəн қабығының қалауы да аз ғана.
Бар-жоқты тілеуді, азапты да ысырып,
Қанағат тапсын жалаң нəпсіден тұшынып (2. 16-28).
Үшінші кітабында эпикурлық жан теориясы жəне қабылдау механизмі
суреттеледі. Біз жанның материалдық табиғатын түсінген бетте, өлімнен
қорқудың балалық екенін түсінеміз. Өлі дене сезбейді, ал ажал өзінен кейін
қайғыра алатын ештеңені қалдырмайды. Тек тірі қалғандар ғана аза тұтуға
құқы бар. «Өлім қорқынышынан бас тарт» дейді Лукреций өзінің
қолдаушысына:
Сен ұйқыға батасың, ешқашан да оянбайсың,
Артта қалар ғұмырың, оны енді көре алмайсың.
Сен бəрін ұмыттыратын өлім құшағына құлайсың,
Біз, достарың, қайғыңды көтереміз жылай шын.
Уақыт біздің көз жасымызды құрғатпайды, білеміз,
Сені ешқашан ұмытпаймыз, еске алып жүреміз.
Бізге ауыр тиетіні – өлшеулі өмір, шоп-шолақ.
Бұл тірліктен өтті талай сен сияқты көп қонақ (3. 90-6).
Эпикур де өмірден өтті, алайда оның данышпандығы басқа ойшылдармен
салыстырғанда айрықша жарқырады, шығып келе жатқан күннің шапағы
жұлдыздарды тасалағаны секілді, оның мəртебесі бəрінен жоғары тұрды (3.
1042-4). Лукрецийдің махаббат табиғаты туралы төртінші кітабы –
жыныстық əрекеттің шынайы сипатталуына, сонымен қатар
физиологияның негізінде жатқан атомистік түсініктерге толы. Мұның
мазмұны «Лукреций бұл поэманы афродизиактың буына масайып, есі
кіресілі-шығасылы болып, арасында есін жиған кездерде жазған» деген
аңыздың таралып кетуіне түрткі болды. Бұл туралы əулие Иероним баяндап,
Теннисон сахнаға шығарды.
Əулие Иероним «Поэма аяқталмаған, ақын өлгеннен кейін Цицерон қайта
өңдеген» дейді. Бұл ой күмəн туғызады, өйткені Цицерон өлеңді алғаш
оқығанда таңғалған, алайда ол эпикурлық жүйеге айрықша мəн берсе де,
бұл туралы жеке философиялық жазбаларында ешқашан айтпаған.
Цицерон
Цицеронның философиясы эклектикалық болды, бұл – тарихшы үшін өте
ыңғайлы, өйткені оның жазбалары əрқилы философиялық үрдістер туралы
ақпарат береді. Ол түрлі философиялық мектептермен ең алғаш Афинада
оқып жүрген кезінде, отызға таяған жасында танысты. Кейінірек ол Родоста
стоик Посидоннан дəріс алды. Цицеронның қалыптасуына академияның
соңғы жетекшісі болған, Афинадан Римге б.д.д. 88 жылы келген
Лариссалық Филон да қатты əсер етті. Цицерон стоик Диодотты өмірінің
соңы – 60 жасына дейін жеке ұстаз ретінде өз үйінде ұстады.
Цицеронның сот жүйесіндегі жəне саясаттағы дүбірлі өмірі ұзақ уақыт
бойы оған саяси философиядан басқа ойға берілуге уақыт қалдырмады. 50ден асқанда ол, Платонға еліктеп «Мемлекет» жəне «Заңдар» деген
еңбектерін жазды, олардың тек үзік-үзік бөлімдері ғана сақталған.
Азаматтық соғыстан кейін билік басына Юлий Цезарь келгенде, ол
қоғамдық өмірден алыстады. Əйтсе де Цицерон азаматтық соғыста оған
қарсы жақта болған еді. Цицерон Цезарьдің диктаторлығын əдеби
шығармаларында көп бейнеледі, 45 жылдың ақпанында оның жалғыз қызы
Туллия қайтыс болғанда, қайғысын ұмытқысы келгендей, одан бетер
ашынып жазды. Оның философиялық еңбектерінің көпшілігі б.д.д. 45-4
жылдар аралығында жазылды.
Топтаманың ішіндегі алғашқы екеуі – Туллияның өліміне арналған
«Жұбату» жəне келешекте Əулие Аугустиннің өмірінде драмалық рөл
атқарған, философияны зерттеуге үндейтін «Гортензий» бізге жетпей,
жоғалған. Ал сақталып, бүгінге жеткен басқа он еңбек өзінің ауқымымен
жəне шешендігімен таңғалдырады.
Цицерон алдына латын тіліндегі философиялық сөздік жасауды мақсат етіп
қойды, ол римдіктердің философияны өз тілінде оқығанын қалады.
Шынында да, қазіргі философиялық терминдердің көпшілігі оның латын
неологизмдерінен туындайды. Цицерон əртүрлі философиялық үрдістердің
элементтерін алған. Эпистемологияда ол Филоннан үйренген ұстамды
скептикалық пікірге сүйенді: Цицерон академиялық жүйені жəне оның
нұсқаларын өзінің академиясында екі түрлі сипатта көрсетеді. Этикада ол
эпикурлықтардан гөрі стоиктерге көбірек жақын. Мораль философиясынан
жұбаныш пен тыныштық іздейді. «Ізгілік пен зұлымдық туралы» еңбегінде
һəм «Тускулан əңгімелерінде» ол эмоция, игілік жəне бақыт арасындағы
қатынас туралы жан дүниесімен беріліп, көркемдеп жазады. Оның
«Құдайлар табиғаты» жəне «Тағдыр туралы» туындыларында
философиялық теология жəне детерминизмнің тартысы жайында қызықты
пікірталас жүреді, ал өзінің «Сəуегейлік туралы» шығармасында
Карнеадтан үйренген айғақтарды ұтымды пайдаланғанын көрсетеді.
Цицерон философияны асқан тереңдікпен жазбаған, əйтсе де оның
дəлелдері көбіне өткір, стилі үнемі сыпайы, ойы оңай ұғынылады. Оның
достық жəне қарттық туралы трактаттары ғасырдан ғасырға жетіп, танымал
болды. Оның өнеге философиясы туралы соңғы жұмысы — «Жағдайлар
туралы» («Міндеттер туралы») 44 жылдың наурыз айында, Юлий Цезарь
өлтірілгеннен кейін көп ұзамай өзінің ұлына арнап жазылған. Ол тарихтың
түрлі кезеңдерінде бекзат адам тəрбиелеуде қажетті құрал саналды.
Цезарьдың өлімінен кейін Цицерон оның консулы Марк Антонийге қарсы
шақпа шабуыл саясатына қайта оралды. Антоний Цезарьдың өгей баласы
Октавианмен бірлесіп, бүлік ұйымдастырып, Цицеронды жазалайды.
Цицерон ол екеуінің арасындағы жанжалды көзі тірісінде көре алмады.
Кезекті қақтығыс нəтижесінде, Антоний 31 жылы Акциумда жеңіліске
ұшырады. Ойшыл, Октавиан өзінің атын Аугустқа ауыстырып, Римнің
бірінші императоры атанғанша, қайтыс болып кетті.
Иудаизм жəне христиан діні
Философияның ұзақ жылдар дамуы барысында Рим империясының бірінші
ғасырында болған ең елеулі оқиға – назареттік Исаның өмір жолы еді. Оның
ілімі, əрине, жанамалап жəне кешеуілдетіп философияға əсерін тигізді,
моральдық доктриналары да тыңнан түрен салғандай жаңалық емес-тін. Ол
бізге «зұлымдыққа зұлымдықпен жауап қайтармау керек» деп үйретті, бірақ
мұны Платонның Сократы да айтқан еді. Ол мұрагерлеріне көршіні өзіндей
жақсы көруді өсиет етті, бірақ ол көне еврей кітабы – «Левитқа» жүгінді. Ол
«теріс істерден емес, теріс ойлар мен тілектерден аулақ болуымыз керек»
деді. Аристотель де «шын рақымды адам ешқашан жағымсыз нəрсе
жасағысы келмейді» деген болатын. Иса өз ізбасарларына дүниенің рақаты
мен құрметін елең қылмауға үйретті. Эпикурлықтар мен стоиктер де
əрқайсысы өз бетінше осыны айтты. Мораль философы ретінде Иса керемет
жаңалық ашқан жоқ. Бірақ, əрине, оның жəне шəкірттерінің қандай рөл
атқарғаны мұнымен шектелмейді.
Иса ілімі еврейлік Інжілдің əлемге деген ұстанымына құрылған, сол
бойынша Құдай тағала Яхве өзінің қарапайым үкімімен көк пен жерді жəне
ондағының бəрін жаратқан. Еврейлер – Құдайдың сүйген құлдары, оларды
бəрінен ерекше артық көріп, Мұсаға құдіретті заңдарды берген. Гераклит
жəне басқа да грек, еврей ойшылдары сияқты Иса да əлемдік құдіретті сот,
ғаламдық апат болатынын айтып, болжам жасаған. Стоиктер ғаламдық
зауалдың уақытын шексіз, алыс келешекке белгілесе, Иса оны қазір төніп
тұрған жағдай сияқты көрді жəне сол кезде өзінің Мессия ретінде шешуші
рөл атқаратынын айтты.
Исаны айқышқа керген кездері (шамамен б.д. 30 жылы) еврейлік ойлар
Римде сыбыс арқылы тарала бастаған-ды. І Птоломей тұсында еврейдің
Киелі кітаптары Александрияда грек тіліне аударылғандықтан, негізінен,
грекше сөйлейтін еврей диаспорасы пайда болды. Біздің дəуіріміздің I
ғасырында, дəлірек айтсақ, 40 жылы эллиндік еврей мəдениетінің көрнекті
өкілі Филон император Калигуланың алдына оған табынуды мəжбүрлеуге
наразылық білдірген жəне Александриядағы еврейлерді қудалауға қарсы
делегацияны басқарып барды. Ол Киелі кітаптарды грек мəдениетінде
тəрбиеленіп жатқандар үшін түсініктірек һəм қабылдауға оңайырақ ету
мақсатында Мұсаның өмірі туралы жəне Бес кітап туралы бірқатар
түсініктемелер жазды.
Христиандық өзінің алғашқы күндерінде империяда гректілді диаспора
арқылы тарала бастады, бірақ көп ұзамай еврейлiк емес философиямен де
араласа бастады. Əулие Павел Афинада Інжілді насихаттап, эпикурлық
жəне стоялық философтармен пікірталасқа түсті. Пұтқа табынуға қарсы
оның аузынан шыққан апостолдардың істері туралы уағызы асқан
шеберлікпен дайындалған болатын жəне ол философиялық секталар
арасындағы талас-тартыс жөнінде де хабардар екенін көрсетті.
Бейтаныс Құдайдың алтарінен белгі беріп, Павел философтарға олар өз
надандығынан қандай құдайға табынып жүргенін көрсетуге уəде берді.
(Құдай] біздің əрқайсымыздан алыста емес. Біз сонда өмір сүреміз,
қозғаламыз жəне өз тірлігіміз бар; сіздердің өз ақындарыңыз айтқандай, біз
де оның балаларымыз. Сондықтан біз Құдайдың ұрпақтары болғандықтан,
Құдайдың басы алтын ба, күміс пе, əлде тас па, ол адамның өнерімен тастан
қашалды ма деп ойламауымыз керек (Acts 17:27-9).
Павел сілтеме жасалған «ақын» — Стояның екінші жетекшісі Клеанф
болатын. Кейінгі аңыз Павелді стоик философ Сенекамен философиялық
тартыста таныстырды. Оқиғаның жалған екенінде күмəн жоқ, алайда түгел
ойдан шығарылды деуге де болмайды. Павел бір күні сотта Сенеканың
бауыры Галлионның алдында ғайыптан пайда болды жəне Сенеканың
қожайыны – Неронның сарайында оның достары бар еді.
Империялық Стоя
Сенека I ғасырдың ең атақты философы-тын. Христиандық дəуірдің
басында испан Кордовасында туған ол 49 жылы 12 жасар Неронның
тəлімгері болды. 54 жылы Нерон билікке келген кезде, ол аға кеңесшісі
болды жəне императорға салыстырмалы түрде жақсы басқару кезеңдерінде
бағыт көрсетті. Алайда ол басқару 59 жылы Нерон өзінің анасын өлтірген
кезде тəмамдалды. 62 жылдан кейін Сенека Неронға ықпал ете алмады жəне
бірте-бірте қоғамдық өмірден қашықтады. 65 жылы тиранға қарсы
ұйымдастырылған қастандыққа қатысты деген жаламен өз тамырын кесуге
мəжбүрленді, сөйтіп, оған Сократқа кесілген үкім сияқты үкім кесіліп, ажал
құшты.
Сенека біраз трагедия жазды, физикалық құбылыстар туралы сұрақтар
жинағын құрастырды. Оны философ ретінде танытқан – көбіне жырақта
жүргенде жазған он этикалық диалогi, 124 моральдық үндеуі еді. Сенеканың
стилі, негізінен, дəлелдеуден гөрі насихаттауға жақынырақ, ол пікірталасқа
емес, уағызға бейім. Ол логикаға қызықпады, еркін өнер түрлеріне
тоғышарлық көзқараспен қарады. Əдебиетті тым көп оқыған адамды үйін
мүлікке сықастыра толтырып жіберген адаммен салыстырды (Ep. 88. 36).
Сенека физикалық ғылымдарға белгілі бір қызығушылық танытты,
жаратылыс мəселелері туралы трактат жазды, бірақ ол табиғи
феномендерден өнеге алғанды ұнатып, стоиктер философиясының үш
саласының ішінде этикаға көп көңіл бөлді.
Ол бізді өз құмарлықтарымыздан арылуға үндейді. Оның диалогтерінің
ішіндегі ең ұзақ жəне ең танымалы – «Ашу туралы». Ол тəннің күйзелісін,
жалған пікірлердің маңызды айырмашылығын білу керектігін айтады, бұлар
– біз бірінші кезекте арылуымыз қажет элементтер. Мұны бұрынғы
стоиктер де айтып, кейінгілері қайталаған болатын. Ақылдан күрт
алжастыратын нəрселердің ешқайсысы да құмарлық деп атауға келмейді.
Оларды ақыл-ой тудырмайды, керісінше, ақылды солар адастырып,
өкінішке ұрындырады (2. 3. 1). Жылап-сықтау, бозарып əлсіреу, кенеттен
тыныстың тарылуы, жыныстық қозу... бұлар – құмарлық емес, тəннің
қарапайым құбылыстары, ақылда не болып жатқанының көрінісі. Сенека
стоиктердің нəпсіқұмарлыққа қарсы жорығын одан да зор сеніммен,
жігермен басқара алады.
Сенека материалист болды, ол стоиктердің «адам баласы – жан əлемінің
қасиетті материалдық бөлігі» деген ойын ұстанды (Ер. 66. 12). Бірақ оның
жан мен тəннің арасындағы байланыс туралы жазу мəнері тылсымға толы
болды. «Адам өзінің өлетіні туралы ойлаған кезде, уақыты жеткенде
өмірден кету үшін дүниеге келетінін, тəні өз үйі емес, уақытша ғана тұрағы
екенін; оның қожайыны масыл бола бастағанын түйсініп, сол тұрақты
тастап кету керектігін түсінген кезде адамның жүрегі қасиетін жоя
бастайды» (120, 14). Сенека стоиктердің рақымшылыққа апаратын жолы
күрделі екенін мойындайды. Ол моральдық прогрестің үш деңгейін
ажыратады. Бұл жерде бəрінен емес, кейбір кемшіліктерінен бас тартқандар
бар: олар - сараң емес, бірақ ашу-ызасына ие де емес, олар – нəпсіқұмар
емес, бірақ атаққұмарлығы да жоқ емес, тағысын тағы. Сосын бүкіл
құмарлықтарынан бас тартқандар бар, бірақ олар қайтадан сол
құмарлықтарының тұтқыны болмайтынына уəде бере алмайды. Үшінші топ
– даналыққа ең етене жақын, қайталанудан ада, бірақ өзінің
рақымшылдығына əлі толық көзі жетпегендер (Ep. 75. 8–14). Сонымен қатар
Сенека стоицизмдегі доктриналар мен ережелер арасындағы
айырмашылықты түсінікті етті. Доктриналар жалпы философиялық
құрылымды түзеді; ережелер ең жоғарғы игіліктердің шынайы түсінігін
мүмкін етеді, ол жеке тұлғаға берілген ерекше нұсқаулардан көрініс табады
(Ер. 94. 2). Бұл айырмашылықты айқындау стоиктерге өздерінің жүйесін
қандай да болсын іс жүзінде пайдалану үшін тым шалықтап-асқақтап кетеді
деуге сылтау болады жəне Сенеканың жазбаларында ақылкеңестің көп
болатыны секілді, философтардың да ақылгөйлікке берілуін ақтайды.
Ертеде де, қазір де көпшілік Сенеканы екіжүзді адам деп есептеді –
адамгершілікті мадақтап, бірақ тиранның қылмыстарына араласқан адам.
Бұ фəни өмірдің игілігі бос нəрсе екенін уағыздап, дүниеқұмарлыққа қарсы
бола тұра, өзі орасан зор байлық жиған адам. Сенеканың іс-əрекеттерін
ақтау үшін оның кезінде Неронның тізгінін тартып, оған жақсы əсер еткенін
жəне өмірінің соңғы жылдарында дүниеден баз кешіп кеткісі келгенін айта
аламыз. Ол өзін стоиктер ұстанымдарына сай өмір сүріп жүрмін деп
алдаусыратпады. «Мен кемелдікке жету жолынан өте алыс екенімді былай
қойғанда, қарапайым жақсы адам болудың жарты жолына да жетпедім» деп
жазды ол (Ep. 57. 3).
Сенека империялық Стояның негізін салушы, əкесі болды. Мектептің ең
əйгілі екі шəкіртінің өзі-ақ – Эпиктет құл жəне император Марк Аурелий –
стоицизмнің империяда қаншалықты кеңінен таралғанының айғағы бола
алады.
Империялық кезеңдегі стоиктер логика мен физикаға олардың алдындағы
эллиндік дəуірдің өкілдері секілді аса бір қызығушылық танытпады. Сенека
сияқты Эпиктет те, Марк Аурелий де, негізінен, өздерінің мораль
философиясымен есте қалды.18
Эпиктеттің өмір сүрген жылдары белгісіз, алайда б.д. 89 жылы император
Домицианның оны басқа философтармен бірге Римнен қуғанын білеміз.
Алайда құлдықтан босап шыққан соң, кембағал болып қалғанына
қарамастан, Эпирде мектеп ашты; оны аса құрметтейтін Арриан оның
оқытуы бойынша төрт кітабын жəне оның негізгі ілімдерінен
(анықтамаларынан) оқулық бастырып шығарды. Стоиктердің ішінде ең көп
оқылатыны – Эпиктет, ол əзіл-шыны аралас, дөрекі стильде, үнемі
қиялдағы адаммен əңгіме-дүкен құрады. Осынысымен философтарды да,
философ еместерді де өзіне тартады. Мэттью Арнольд «көзімді ашқан үш
адамның бірі» деп, Эпиктетті Гомер мен Софоклдың қатарына қояды.
Менің жақында ғана достасқаным,
Никопольдегі ақсақ құл еді.
Веспасианның дөрекі ұлы Аррианды оқытып,
Өзін ұялтқан нəрседен Римді тазалап жүр еді.
Эпиктеттің суицид туралы төмендегі үзіндіде тирания мен əділетсіздіктен
қорлық көріп отырған адамдардың эпиктетке қарата айтқан жалынышын
өзіне тəн стильде былай бейнелейді:
- Эпиктет, біз бұл дененің тар қаласына бұдан əрі шыдай алатын емеспіз,
оны қоректендіріп, шөлін басып, тынықтырып жəне жуындырып,
біреулермен олай-былай байланысқа түсіріп отыра алмаймыз. Бұлардың
бəрі маңызды емес, солай емес пе? Шынында да, біз үшін бұл түк те емес
қой? Өлім зұлымдық емес, солай ғой? Біз Құдайдың жақынымыз, біз содан
келдік емес пе? Бізді келген жағымызға қайтар (1. 9. 12).
Ол былай жауап берді:
- Адамдар, Құдайды күтіңдер. Ол белгі берген кезде сендерді осы тірліктен
босатады, сонда оған бара аласыңдар. Уақыты келгенше, сендерді қайда
орналастырса, сол орында қала беріңдер.
Өзіңді-өзің өлтіріп құтыламын дегенше, дүниенің ешбір жамандығы бізге
шындап зиян жасай алмайтынын түсінуіміз керек. Соны көрсету үшін
эпиктет өзін мораль еркіндігіне (prohairesis) теңдестіреді.
Егер тиран маған қоқан-лоққы көрсетіп шақырса, мен былай жауап беремін:
«Мені қорқытатын сен кімсің?» Егер ол «сені шынжырға байласын деп
бұйрық берем» десе, онда мен жауап берем: «Сен менің қол-аяғымды ғана
қинайсың». Егер ол «сені бассыз қалдырамын» десе, мен «сен менің
мойнымды ғана жазалайсың» деймін. Ол саған түгелдей зиян келтіре
алмайды ғой. Жоқ, мен осыны түсініп тұрған кезде, ол маған ештеңе істей
алмайды. Бірақ егер осы қатерлердің бірінен қорықсам, ол шынымен де,
маған қоқан-лоққы көрсетуі мүмкін. Онда мен кімнен қорқуым керек?
Менің қолымда тұрған нəрсеге ие бола алатын адам ба? Ондай адам жоқ.
Менің қолымда емес нəрселерге ие бола алатын адам ба? Неліктен мен оған
алаңдауым керек? (Disc. 1. 29)
Əр дəуірде тиранның билігіне бағынышты өмір сүруге мəжбүр болғандар
Эпиктеттің шығармаларынан жұбаныш тапты. Марк Аурелий Антоний 161
жылы император болды жəне өмірінің көп бөлігін Рим империясын
қорғаумен өткізді. Оның кезінде Эпиктеттен ең қатты əсер алған тұлға Рим
əлемінің билеушісінің өзі болды. Өзі стоик бола тұра, ол Афинада барлық
үлкен мектептерге (платондық, перипатетикалық, эпикурлық) арнап
философиялық кафедралар ашты. Жаугершілік жорық кезеңінде де ол
философиялық қойын дəптеріне ескертпелер жазуға уақыт тауып жүрді,
қазір ол «Толғаулар» (Meditations) деген атаумен танымал. Толғауларында
бұл өмірдің қысқалығы, жалпы игілік үшін жұмыс істеу қажеттігі,
адамзаттың бірлігі жəне биліктің азғындататын табиғаты сияқты
тақырыптарға арналған афоризмдер мен ойлардың топтамасы берілген. Ол
отансүйгіштік пен жалпы əлемнің бірлігі көзқарасын ұштастыруды көздеді:
«Менің атым Антоний болып тұрғанда, менің қалам мен мемлекетім – Рим,
бірақ мен адам болғандықтан, бүкіл əлем – менің отаным». Ол əлемді
«Зевстің қымбатты қаласы» деп атады.
Марк Аурелийдің достарының бірі дəрігер Гален болған. Ол Пергамда
гладиаторлардың дəрігері болғаннан кейін Римге келген. Оның көлемді
шығармалары философиядан гөрі, медицина тарихына жақынырақ. Əйтсе
де ол байсалды ойшыл болды жəне «Жақсы дəрігер философ болуы керек»
деген атпен трактат жазды. Ол тəн мен ақыл-ой арасындағы қатынасты
дұрыс бағалау үшін өте маңызды мəселеде Аристотельдің физиологиясына
шешуші түзету енгізді. Аристотель «жүрек – жанның орналасқан жері, ал
ми болса, қанды суытуға арналған жай ғана радиатор іспеттес» деп
есептеген. Гален мидан жəне жұлыннан шыққан нервтер бұлшық етті
қозғалту үшін қажет екенін ашты, сол кезден бастап жанның тұрақтаған
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы - 10