Latin Common Turkic

Апиын Мен Таяқ - 01

Süzlärneñ gomumi sanı 3934
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2220
34.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
48.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
55.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
РОМАН
Ол терезені ашып тастады, салқын тартқан қала, лас теңіз, көгілдір
аспан бірден көзіне тосылды. Алжирге жоғарыдан көз тастаған сəтте қала
көркі тым нəзік те, сенімсіз көрінген. Алдында аспанмен астасып кеткен
қабырға тəрізді теңіз жатыр. Су үстіне қос қапталдан құлама тау беткейлері
төніп тұр. Таулар мен теңіз арасындағы Алжирдің толып жатқан жатаған ақ
үйлерін жағалауға қарай тықсырып тастаған тəрізді, арасынан аспанмен
тірескен бірнеше ғимараттар көзге шалынады. Түрлі сұлбалы, сан алуан
кескінді үйлер тау беткейіне жабысып алған. Жоталарда қарағайлар мен
зəйтүн ағаштары қарауытады, жарнамалық ашық хаттардағы тəрізді бояуы
қанық гүлдер үй қабырғаларын айшықтап, əйтпесе тіпті көрсетпей
тастаған.
Алжир үйлері қай нүктеде тұрмасын аспан телімдерінің белгілі бөлігін
иемденеді.
Бұғаздың кінəратсыз сұлулығы, ештеңе қаяу түсіре алмайтын көгілдір
теңіз айдыны сезіміңді ұштап, ақыл-ойың да айқындала түскендей күй
кешесің. Тау сақиналарымен жəне теңіз шегімен бедерленген аспан мəңгі
жас күйінде Алжирге төніп тұр. Қала да көкке құлшына ұмтылатындай.
Алжирде таза ауа жұту үшін жотаға көтерілуге тура келеді.
Əйткенмен, таяуда тас қып тұмшалаған айлақтан қашқан қала жотаның
арғы бетіне аунап түскен болатын.
Кең жазираның самал желі, еркіндік, шым-шытырық оқиғалар
еліктірген раистар қашанда осылардың соңынан теңізге аттанатын. Олар
бұта - қараған өскен жоталар, ұйытқыған құм, жапан даланы гүлдендіру
немесе ауыздықтауды деялар мен янычарларға қалдырып, жер емген
шаруалар оларды маса мен шегірткеден арылтып бүгежектеп жүретін.
Олардың көздері қашанда шалқар айдынға тігілетін, одан кейде алтын,
тұтқындар жəне күшпен тартып алынған байлықтар тиелген желкенді
галиондардың көмескі сұлбалары көзге шалынатын.
– Əлемдегі ең əдемі айлақтардың бірін тамашалап тұрмысыз?
Башир жалт бұрылды. Келген Рамдан екен; қолдарын қалтасына салып,
езуіне жартылай тартылған сигарет қыстырған күйі қарсы алдында көсіліп
жатқан қала көрінісіне жақтырмай қарап тұр. Өзі қашандағыдай есік
қақпай кірген.
– Күн сүйген ел Алжирге келіңіз!
– Иə, əдемі екен, - деді Башир.
– Сұмдық, жүрек айнытады, түкке тұрғысыз...
– Нені айтасың?
– Осының бəрі... айлақ, теңіз, , қызғылт виллалар, бақтар... Алжирдің
бүкіл əдемілігі - бұл ашықауыздарға арналған тұзақ, жасанды бірдеңелер.
Алқа топтың алдында ағып тұрған шешен сияқты қолын терезе жаққа
қарай айқыш -ұйқыш сермейді.
– Тегіс айдын беті екіжүзді, қыздардың арманы секілді көгілдір
аспанның бейкүнəлігі жалған, əлбетте, баяғының қыздарын айтам, өйткені,
қазіргілер автомат ұстап тосқауылда жатуды ғана армандайды, əрі олардың
аспаны өрт шұғыласымен лапылдап жатады...
"Достым, деді грек балықшысы, көгілдір көз бала..."
– Комедиант!.. Олар сені мүлдем иектеп алыпты. Олар сені ақылесіңнен айырып, жан-дүниеңді қаңыратып кеткен. Бойыңдағы қадірқасиетіңнен жұрдай болыпсың, сен үшін осының бəрі комедия...
– Гюгоның айтқаны ғой. Саған ұнайтын шығар деп ойлап едім, мұғалім
мырза.
– Қалай болғанда да, елде үшінші жылға созылып жатқан оқиға сені
сайқымазақтықтан арылтуға тиіс еді. Қаншама қан, қайғы мен азап,
қаншама ажал. Жоқ. Сен қанды бояу деп ойлайсың ба, күн сайын
газетіндегі шолуда айтылып жатқан мерт болғандар ойын аяқталған бойда
орындарынан тұрады, сонан соң шымылдықтың артына келіп, табысты
қойылымдарымен құттықтаймын деп ойлап па едің... Комедиант!.. Сен бар
болғаны комедиант қанасың!..
Рамдан ашуланған кезде ақын боп кететін, ашу-ызамен бірге бойына
шабыт оралатын еді. Бірақ ұзаққа емес. Рамдан тағы бойын суық
құштарлық кернеген, сөзіне сендіргісі келгенмен, жүрегіңе сəуле түсіруге
титтей де құлшынбайтын уағыз айтушыға ұқсап кетті. Ол сəл пəс тартты,
оның кесіп-кесіп айтатын алдын-ала даярлап алған, іш пыстыратын
сөздеріне лепті сөйлемдер араласа бастаған.
– Терезені жапшы... Мына айлақтан жүрегім айниды!..
– Талайдан бері бір əдемі əлемді сүйсіне тамашалап тұрсам.
– Қойшы?
– Несі бар? Алжирдің əдемілігі де буржуаның иелігінде демейтін
шығарсың? Ол қалтасы қалыңдарға да, сондай-ақ пролетарларға да бірдей
ортақ емес пе.
– Дəл айтасың!.. Жезөкшелер сияқты де... Тек жезөкше сұлулығынан
лəззат алу үшін ақша керек... көп ақша.
– Тіпті іші - қарның ұлып тұрса да, мына айлақтың керемет екені рас
қой.
– Олай еместігін өзің де жақсы білесің... Қарның аш болса, көзің
шұбартады, айлақты көрмейсің де... Ол керемет те, көріксіз де болмайды,
оны тіптен көре де алмайсың...
Ол Баширдің күртесінің жағасынан ұстап алған.
– Айып тұрмын ғой: олар қайдағы бір сандырақтарымен басқалар
сияқты, сенің де басыңды айналдырып алған! Олар сені жұрттың бəрі
нəсіліне жəне дініне қарамастан игілігін көріп жатқан көгілдір аспан,
тұңғиық теңіз, Алжир күнімен арбап, тұзаққа түсірген. Ханымдар мен
мырзалар, біздің момындығымыз бен адамсүйгіштігімізге қараңыздар... ах,
адамсүйгіштік, бұлай деу оларға ұнайды! Біз арабтарға өз аспандарын
қалдырдық. Алжирдің бар баласы күн астында тең дейді.
– Олар бізден мұны да алып қойған ба?
– Енді қалай! Олар осында келген күні біз үшін табиғат өлгенін жақсы
білесің ғой. Теңіз толған солардың кемелері, аспанда - ұшақтары, орманда жандармдары... Бізді барлық жерден қуып шықты... Тоқтай тұр! Сүйсініп
тұрған көрінісіңнің быж-тыжын шығарайын ба? Қарашы өзің: əне Жазғы
сарай, ол жерде генералдар жұртты тұтқындау арасындағы үзілістерде
салтанатты шерулер ұйымдастырады; оның қасындағы Сезини сарайында
азаптайды; төменіректе - орталық комиссариат, оған күн мен түннің кез
келген мезгілінде алжирліктерді сүйреп апарып жатады; көрші тұрған
Отоматикте студенттер қыздардың алдында жаңа тапаншаларымен ойнап
тұрады; одан əрі - мэрия, оның жертөлесіне тергеу алдында алжирліктерді
апарып тастайды; арабтарды гетто ретінде қуып тығатын Касба; жынданған
тобыр өткен-кеткендерді тек араб болғандықтан ғана төменге лақтырып
тастайтын Теңіз жағалауы бульвары... Қала қаннан ылғал тартты, қан иісі
шығып тұр.
Қала шуына теңіз толқынының даусы қосылды. Матиф мүйісінде
толқындар ақ шілтерлерін жазып, шағалалар оларға қарсы қанат қағады.
Рамдан Баширдің көзін бағып тұр.
– Қалай ғана бірдеңе көріп тұрғаныңа таңғалам. Осы сұмдықтардың
кесірінен талайдан бері алыстан көрмейтін болғам...
Ол қолына ұстап тұрған газетін ашты.
– Бұл не? - деп сұрады Башир.
– "Эко д, Альже". Оқыдың ба?
– Білесің бе, ақымақтық жынымды келтіреді. Оның үстіне ол зұлым
ақымақтық болса, бойымнан тағы адамның түрегеп кететіні бар.
– Дұрыс екен!.. Ал... содан кейін қайтесің?
– Ең алдымен бұдан аулақ жүруге тырысам, еш уақытта "Эконы"
оқымаймын.
– Керемет! Данышпандық! Асқан ақылдың жемісі! Естімеу үшін
құлағыңды бітейсің, көрмеу үшін көзіңді жұмасың, ал ештеңе көрмеген,
естімеген соң, саған ештеңе болмағандай көрінеді. Иə... тек түйеқұс қана
кішкентай басын құмға жасырғанда, жуан бөксесінің бəрібір көрініп
тұратынын ұмытып кетеді.
– Алжир газеттері мен радиосы - ұйымдасқан зорлық-зомбылық
кəсіпорны. Өзіме біреудің күш көрсеткенін қаламаймын.
– Əрине! Тек бір жаманы - көбіне көзі мен ой-қиялын сұрықсыз
бейнелер арамдамаған қыздар зорлыққа ұшырап жатады. Қалғандары
үлкендер тəрізді өздерін қорғауға үйренгендер. Дүние соншалықты керемет
емес... Сөйтіп, мырза дүниеден іргесін аулақтата бастайды... Сонда бұл
сұрықсыз дүние жақсы болуы үшін ол не істейді?.. Түк істеген жоқ!
Бұл бір шарасыздық еді. Олар тағы да осымен қаншама рет ұрсысып
қалуға даяр тұратын. Мына соғыс басталғаннан бері жұрт бəріне де
күмəнмен қарайтын. Біз ылғи да жалтарып кетуге тырысатын мəселелер
тағы да көлденеңдеп, олардан құтылу мүмкін болмады. Бұрын ештеңеге
алаң болмай күн кешетін едік. Енді бізді толып жатқан кезек күттірмейтін
істер тұс-тұстан анталап алған.
– Жарайды, - деді Башир. - Газетіңде не бар екен?
Оның сөз таластыруға құлығы жоқ еді.
Рамдан созып тұрған қолындағы газетін ашты.
– Саған тақырыптарын оқып берейін: "Құқық бұзушылармен күрес
тиімділігін күшейту мақсатында генерал Массюге бүкіл Үлкен Алжир
аумағында төтенше өкілеттілік беріледі. Азаматтық əкімшілік əскери
командованиенің пайдасына барлық өкімет билігінен бас тартты. Массюдің
мəлімдемесі: "Күллі Алжирдің əрбір көшесі, əр үйі, əрбір адамын сүзгі
тарақпен жүргізіп шығамын".
Рамдан газетті диванға тастай салды.
– Ар-намысың қинап отыр ма сені, а?
– Жоқ, - деді Башир.
– Неге?
– Соғыста осылай болуы керек деп ойлаймын.
Рамдан орнынан атып тұрды. Көмейіне лықсып келіп қалған сөздердің
шығуына жөтелі кедергі болды.Ашу-ызадан тынысы тарылып, ауа жетпей
қалды, доктор Лазрак əдеттегідей, Рамданның туберкулезі бар екенін
білмегендей сыңай танытты.
– Иə, иə, бұл нағыз соғыс. Дүниенің өзі секілді ескі байырғы үрдіс.
Адамдар қауымдасып өмір сүре бастаған кезден бері олар бітіспес екі
жаулық топқа бөлінген: бұйрық беретіндер, - олар тым кеп емес, жəне
бұйрыққа бағыныштылар, олар көп, табын-табын. Жəне оларды басқару
үшін күні бүгінге дейін екі тəсіл табылған: өтірік немесе күш көрсету.
Француздар алдымен бізді алдап - арбады... Соған сендіру үшін айлаамалдарын қолданып, газеттер, радио жəне ресми сөздерінде бізді
қаншалықты жақсы көретіндерін дамылсыз қайталаумен болды; олардың
кітаптарынан біз Верценгекторикс, Жанна д,Арк, Наполеон, Лиотэ, Декарт,
Пастер жəне Деруледелерді білдік; арамыздағы ең тілге көнгіштерімізді
(оларда бұл аса лайықтылар деп аталады) каид, башаға ғып сайлап, əдемі
қызыл шекпен кигізіп қойды, жəне жыл сайын 14 шілде мен 11 қарашада
оларды марапаттап жатады; мереке күндері олар кедейлерге, дұрысында, ең
жұлығы шыққан жарлыларға кускус таратады. Салтанатты шерулерде
біздің ардагерлер олардың ардагерлерінің соңдарынан салпақтады. Біздің
куəліктерімізге француз деп жазып қойды, мейрамдарға біреуімізді
қатыстырып қойып, бізді естен шығармағандарын дəлелдеуге тырысып
бақты.
Бірақ мұндай көлгірсуге біз жіби қойған жоқпыз. Олар біздің басқа
жаққа қараған көз қиығымызды аңғармай қалатын, егер байқап қалған
жағдайда одан өшпенділік отын ғана көрер еді. Сөйтіп, бізден əбден
көңілдері қалған олар өздерін біреулер сатып кеткендей сезінген. Алдапарбауларына көнбеген бізді жақсылықты білмейтін жандарға санаған,
олардың екінші тəсілдеріне көшпеске амалдары да қалмаған-ды.
Сөйтіп, мінеки, үш жыл бойы олар біздің ақылға келуіміз немесе күшке
көнуіміз үшін торуылдап, түрмеге қамайды, ұрып-соғады, сан қилы
тəсілдермен азаптап өлтірумен келеді. Алдап-арбау немесе құрту, алдау
немесе жазаға тарту - əлем əлем болып жаратылғалы кез келген өкімет осы
таңдау батпағына батады жəне бұдан ешқайсысы құтылып кете алмайды;
таңдауға тек екі құрал ғана қалады: апиын немесе таяқ.
Егер төңкерісті шын мəнінде жасаса, барлық зиялыларды атып тастау
керек,
тым
құрығанда,
ойланып-толғанып
алмай,
бағынуға
көнбейтіндерден құтылған жөн. Сенің талдамаң - сандырақ, тез сейілетін
түтін. Отаршылдық ылғи да - оның мəні де осында -тұсау салады. Егер
мұнымен қоймай ол сыбызғыда ойнайтын болса, онысын тек қосымша,
таяқтың ұтымдылығын арттыру үшін жасалған нəрсе деп білу керек. Бірақ
ол оқиғаға сырттай қарап тұратындардан басқа ешкімді де алдай алмайды;
ал оның құрбандығының өзіне келсек, олар мұның не екенін өз денелерімен
сынап көргендер.
Ол сағатына қарады.
– Бес болған ба? О құдайым, əлі алпыс үш жазу жұмысын тексеріп
шығуым керек.
– Кəсібіңді өзгерткенің дұрыс болар еді.
Бір жөтеліп алған Рамдан есіктен қалай кірсе, тап солай шығып жоқ
болды. Ол шəкірттерінің жазба жұмыстарын тексеру жəне астыртын
ұйымындағы қарадай қажытатын жұмыстың екі ортасында жүріп, басқа
ештеңеге уақыты да жетпейтін.
Сағат бес пе? Доктор Башир Лазрак асыққан жоқ. Клод əлі бір сағатсыз
келе қоймайды.
Ол ағаштар арасындағы жасыл жапырақтардан ұшып жатқан сан алуан
құстар бейнеленген жапон жібегінен тігілген халатын жамылып алды.
Сөйтіп, шкап айнасының алдына тоқтады.
Ол өзіне айнаға тура қарағанда емес, қырын қарап тұрғанда ұнайтын.
"Грек, жас грек, эфеб! Сайып келгенде, олар да біз сияқты Жерорта
теңізінің тұрғындары болған жоқ па!" Сонсын: "Мен сияқты" деп түзеді. Ол
өз бет-жүзіне мұқият көз салды: тістері маржандай, рас, бетін біраз май
басқан - бұл қымбатқа түсетін қарғыс атқыр қызметшілерінің кесірінен ғой!
Бірақ, дегенмен, шошқа сияқты бəрін жей беруге бола ма. Енді əр таң
сайын спортпен айналысады. Солай деп шешті! Таңертең радиоға қосылып
дене шынықтырады. Бір: қолдары екі жағында, аяқтары бірге, басы сəл
көтеріңкі. Екі: қолдарын екі жағына созады. Үш... Егер білсе, достары шексілелері қатып күлер еді. Бірақ олар ештеңені де білмейді. Қарны тым
үлкен, отызда ғана, əлі жас емес пе. Рамдан қарттық деген - өткенің, тіпті
титтей болса да қазіргі күніңді қыспаққа алып, тынысыңды тарылтып
тұрғаны... жəне көзіңнің айналысын əжім торлағаны дейді.
Бес жарым! Жарты сағаттан кейін Клод келеді. Ac үйде ілулі тұрған
швейцарлық қабырға сағат соңғы рет соққан кезде ол сындырып алудан
үнемі қорқып жүретін əйнектелген есікті бір шертеді де, майда жүріспен
кіріп келеді.Ол: "Сəлеметсің бе, гүлім" дейді. Мұнысы тұрпайылау сияқты.
"Гүлдер", "мысық", "көгершін" - осындай өсімдіктер мен жануарлар
дүниесінің атаулары мұның жынын келтіретін. Бұл туралы Клодқа айтқысы
-ақ келеді. Бірақ батылы жетпей жүр, өйткені, Клод француз қызы болатын,
Француз тілі қыздың ана тілі (яғни, оны қалай сөйлейтінін ол жақсы
біледі), оның үстіне бұл жағына келгенде ол тым кірпияз еді. "Жоға,
мысығым, "бұл менің есімде жоқ", ал "мынау менің есімде". Егер дəрігер
екенсің, онда тіліңе абай болуың керек. Қайран аңқаулық - ай! Шын
мəнінде, "мысықтың" алжир дəрігері екені, француз тілін күп көру үшін
үйренгені оның қаперіне кіріп те шықпайтын. Үйренген бе? Жоқ, ол оны
күштеп меңгерді, бірақ сөздер стетоскоп немесе қандауыр сияқты бұл үшін
тек қажетті аспап қана болатын. Ал қыз үшін, керісінше, (мұның əсіресе
соған жыны келетін) сөздер, тіркестер (қыз мынау жарамды тіркес, мынау
жарамсыз тіркес дегенді жиі қайталайтын) дəмді даярланған тағам,
көйлектің түсі тəрізді еді немесе дауыс ырғағының əуезділігін ұнататын.
Кейде солардың осындайдан басқа түгі де жоқ-ты. Тек жақсы айтылса
болғаны, ал мəні жағынан дұрыс па, бұрыс па, оған басын қатырып
жатпайтын. Егер сөздер əдемі немесе ұшқыр ойлы болса (қыз қулық ойлы
дейтін) ол тек ақиқатты айтып беруге тиіс еді, əйтпесе... ақиқаттың өзіне
жаман деген сөз.
Сағат жайымен тағы соқты. Даярланатын уақыт болды. Даярлану деген
- ең алдымен бəрін шашып тастау дегенді білдіретін. Бұл салақтық
атаулыны жек көретін, бірақ Клод мұны "дəрігер" деген ұғымның ауқымды білім, дұрыс диагноз қою жəне тəуір, ағылшын мауытысынан
костюм кию секілді ажырамас бір бөлігі деп қабылдайтын. Сөйтіп, Башир
бəтеңкесінің ішінде тыныш жатқан шұлығын жылыту радиаторына
лақтырды, кітаптарды шашып тастап, біреуін түнгі үстелшеге тастады.
"Картаны үстелге таста" атты полицейлік романын оқып жатқандай кейіп
танытып, бір парағын бүктеп қойды (ол полицейлік роман атаулыны оқып
көрген емес, бірақ Клодтың пікірінше, дəрігер полицейлік романдар,
саяхатшылар туралы кітаптар, аздап жеңіл ойлы бірдеңелер оқуға тиіс,
бірақ мөлшермен ғана, өйткені əрі қарай əдепсіз əдебиет басталып кетуі
мүмкін). Ол ыбырсытып тастау үшін жазу үстелін қозғалақтатты,
күлсалғышқа алтын жеңілген тастай салды. Мұның бəрі аса қиын шаруа
емес-ті.
Ең қиыны жауап болды... Ол кеше кешкі сағат алтыдан бастап, жиырма
төрт сағат бойы толып жатқан тіркестер мен қысылған, жорта қысылған
секілді сөздердің көмегімен айтқан, бұл... сен түсінесің ғой енді... деп
күткен жауап болатын. Денсаулығы темірдей бола тұра таңертеңгі мына
лоқсуы (тап бір дəстүр сияқты деді ол! Сөзінің түрін! Əр таң сайын бір
ғұрып секілді лоқсып жүрегінің айнуы!) қысқасы... мұның ойынша...
ойыншасы несі... тіпті көзі де əбден жетіп жүр, өйткені, сен мұны түсінесің
ғой? Сен дəрігерсің, қаншама сақтанғанға қарамастан бұл ретте не
болатынын жақсы білмейсің бе?.. О! Иə, ол білді жəне бəрін де жақсы
түсінген.
Алғаш басына сақ еткен ойы салалы саусақтарымен, (жіңішке де ұзын
саусақтары соншалықты күшті деген ешкімнің ойына кіріп шыққан емес),
сол он саусағын қыздың мойнына орап алғысы келген; сонсын қыспақшы
болған, алдымен жайырақ, сонсын қаттырақ, сонан соң бұрынғыдан да
қатты қысып, ақшыл терінің астында əлсіз соғып тұрған күре тамырды
қыса беру еді, сөйтіп, ақыры... Есің дұрыс па, бейбақ! Ол келесі күні
таңертең шыққан "Эко д,Альже", "Об" басылымдарын көзіне елестетіп те
үлгерді; солтүстік африкалық дəрігер танысы, Руайомондық Клод
Эспиталье бикешті зұлымдықпен өлтірді! Сонан соң бірінен-бірі өткен
мақалалар: "Парижде медицина факультетін тамамдаған доктор Лазрактың
мұндай айуандыққа баруына өткен ғасырлар тереңінен келген қандай құпия
əсер етті екен? Əрине, айтатын несі бар... қан дəмі ғой". О, жоқ, жетер!
"Эко" оқырмандарының ашу-ызасын тудыру онсыз да қиын болмайтын;
қорқыныш, ақымақтық пен өшпенділік олардың қиял əлемін əбден жаулап
алып, түнде сан алуан құбыжықтар маза бермейтін; ойдан шығарған
қорқыныштарынан есі кетіп жүргендерге қосымша үрей туғызып, одан
əрмен дүрліктірудің қажеті жоқ еді.
Оның үстіне мұның бəрі құр сандырақ қой. Бұл қорқақ, бар болғаны
осы ғана. Ал Клодқа былай деу керек еді: "Құлақ сал! Егер сақтана
алмайтындай соншалықты ақымақ болсаң -енді не демекпін - мұның
салдарын өз мойныңмен көтересің (мұны естісе, Рамдан, əрине, мені
оңбағансың дер еді, бірақ Рамданды қойшы: ол өзін əрқашанда тым ақылды
санайды, ал шын мəнінде барып тұрған нақұрыс). Түсінемісің? Өзің таңда:
не ішіңдегі шаранаңнан құтыласың, не оны өзің үшін ғана аман алып
қаласың! Əйтпесе, екеуміз оны не істемекпіз? Алжирлік пен француз
қызының баласы деген - бүл жарыместік, нақұрыстық, ол өмір бойы
бақытсыз болады; сендердің араларыңа да, Алжирге де сіңіп кете алмайды.
Жұрттың бəрі оны заңсыз туған деп есептейді. О! Өзім де біліп ем! Сенің
ұлитыныңды білгем! Өйткені, саған тек сөздер ғана маңызды, сен үшін ең
қасиетті нəрсе сөз ғана; солардың біреулері саған ұнайды, сен оларды
шарап сияқты, тамсана ұрттайсың, басқаларын жақсы көрмейсің, ондайды
анда-санда айтып қойсаң, тамағыңды шайып тастауға тырысасың; зəреңді
ұшыратын сөздерден құлағыңды тығындап аласың. Өзіңе ұнайтын сөздерді
тыңдай отырып, сонымен зұлым рухтарды қуып тастағаныңа, болып
жатқанның бəрін өзіне бағындыратыныңа имандай сенесің... Сен
мəжусисің... Сен сөздермен тағдырды алдап жəне сөз құдыреті арқылы
Юпитермен жасырынбақ ойнауға үміттенген Цезарьға дейінгі римляндар
сияқтысың. Бірақ бір жаманы, қазір құдайлардың поэзияға өмешегі үзіле
қоймайды. Олар да бізге ұқсап, пасық материалистерге айналған, егер алдажалда балаң болып қалса, қаласаң да, қаламасаң да, жұрттың бəрі үшін ол
нағыз сұмпайыға айналады".
Оның даусын естіп тұрмын. Оның айтар дəлелін де білем, өйткені, оны
санасына сіңірген де өзім: жер бетінде үш миллиард адам бар жəне осы үш
миллиардтың бəрі де сұмпайы. "Сөйтіп, сүйіктім, біздің тамаша
қағидаттарымыз қайда? Адамдар əлі күнге дейін тас дəуіріндегі сияқты
өмір сүреді, пенделер қораға қамаған қой сияқты касталар мен əулеттерге
қуып тығылған. Бірақ мен 1957 жылдың адамымын, қораға қамалғым
келмейді, өз тайпамның аңыз - əпсаналарынан бас тартам. Олар, менің
тайпамның аңыз -əпсаналары еркін адамзатқа билік жүргізетін жарқын
ақыл-ой қағидаттарына қайшы адамдар өз əулеті шеңберінде үйлі-баранды
болуын талап етеді. Сонда бұл не? Қорқақтық па, əлде алдау ма?" Иə, сенің
басқа сөздер таба алатыныңды білем, бұлар тым дөрекі, сен аз-кем көңіл
жұбатарлық тиісті тіркестерді табуға тырысасың, бірақ одан мəні бəрібір
өзгермейді. Жоға! Адам періште де, аң да емес, бақытсыздық сонда ғой...
Немене? Перзентімді сақтап қалам деймісің? Өте жақсы, бірақ ескертіп
қояйын: сен ылғи да жалғыз басты ана боп қаласың (иə, құлаққа түрпідей
тиетін сөз болғанмен, бұл солай деп аталады), өйткені, мен саған еш
уақытта да үйленбеймін...
Ендігі жетпегені осы еді! Əйел, балақайлар, жуылмаған жаялықтар,
тұмау - сұмаулар, қызылша, балабақша, тіс шығу, жаңа жылдық шырша,
апталық бағалар... жəне өшпенділік... жұрттың бəрі секілді өз əулеті
шеңберінде тууға парасаты жетпегендердің бəріне ақ адамдардың, тым
ақшыл еместердің, қаралардың, қоңырқайлардың, алақұлалардың
өшпенділігі. Оларды кімге балайтыныңды əр кездерде ойлап отыру азабы...
Тыңдашы! Жетер! Мені бұдан құтқаршы! Немене? Өйткің келмей ме?
Онда турасына көшейін. Сен бала бітіп қалды деймісің (иə, білем, Боссюэ
замандарынан солай боп келе жатыр ғой) бірақ оның менікі екенін,
айтайын дегенім, менен екенін кім дəлелдей алады, өйткені, бірдеңенің иесі
болуға пəлендей құлқым жоқ, жекеменшік иесі болу пиғылынан адамын.
Егер қайыршылықтан қорықпайтын, қарны тоқ, тоқмейілсіген буржуа
болмасам, коммунист болған болар едім. Жоқ, бұл менің аза бойымды қаза
қылады - бұл əу бастан бірдеңеге автор болу деген, яғни, жауапкершілік
көтеру деген сөз. Дүниеге тағы бір бақытсыз пенде əкеліп, қылмыс
жасағым келмейді. Жер бетінде үш миллиард пенде бар, олар
қайыршылықта өмір кешіп жатыр, соған қарамастан, көңілдерін көтеріп, өз
қайыршылықтарын одан да бетер қатерлі еткісі, əлбетте, басқалардың
бақытсыздықтарын тереңдете түскілері келеді...
Жəне Парижде бес ай бойы жалғыз жүргеніңде тек мені ғана күтіп, мені
ойлаумен ғана бейкүнə жүргеніңді маған кім дəлелдеп бере алады? Париж
үлкен қала, онда өзің сияқты ақсары жас жігіттер толып жүр. Солардың
көгілдір көздері не ғып түспеді саған? Менің көзім қоңыр, ал сен қара
дейсің, өйткені, олар көгілдір емес, бар болғаны осы. Сондықтан...
– Сəлемет пе, гүлім!
Башир орнынан атып тұрды. Бұл жолы қыздың есік қаққанын естімей
де қалыпты.
– А...
Даусы неге құмығып шықты?
– Саған хат келіпті. Қасынан өтіп бара жатып пошта жəшігінен ала
кеттім. - Солай деді де қарадай əбігерленді. - Бөлмең ылғи ыбырсиды да
жатады.
Бұл оның күн сайын айтатын сөздері, бірақ бүгін тым тұрпайы естілді.
– Хатты оқымайсың ба немене?
– Рамданнан келіпті. Онда не барын былай да білем: марксизм
сабақтары.
– Мұнда ешкім жоқ қой, кіммен сөйлестің?
– Ешкіммен.
– Сенің даусыңды естігендей болдым.
– Дауыс естідім деймісің?
Кезінде бұған қатты ұнайтын қызғылт кеудешесіне құлаған ақсары
шашында күн сəулесі ойнады.
– Сөйлескің келмейді ғой.
– Жұмыстан шаршадым. Дəрігердің жұмысы азап емес пе.
– Əрине. Осы күнге дейін жұмысына риза болған біреуді көріп пе едің?
Сенің, жалпы паша болғаның дұрыс еді: ақша, билік, шалқайып жататын
құс жастық, хош иісі аңқыған əдемі əйелдер... Көп əдемі əйелің болса ғой.
– Бірнеше күннен кейін ондай өмірден де жалығар едім. Бірақ менің
жұмысымды айтсаңшы - өмір бойы адамдардың кəріп болған кезін көру.
Олар маған бірдеңеге ұшыраған кездерінде келеді: бір аурудан кейін бір
ауру, күні бойы осы... ал ертесіне бəрі қайта басталады.
– Адамдар ауырған кездерінде парасаттырақ болады ғой.
Клодтың тəтті - қияли идеялары атайтынынан қарадай жыны келіп,
ашуын зорға тежеді. Клод үшін пейзаждың бəрі керемет, балалар сүйкімді,
достары ғажап, көйлектер əдемі көрінетін. Осындай оғаш құштарлықтан
бұл ернінде шырынның тəтті дəмі қалып қойғандай сезінетін еді.
– Парасатты деймісің? Олар парасаттырақ болмайды. Оған мұршалары
да жоқ.
Міне, Рамданның сөзін айтып кеткенін қарашы. Бірақ, қалай болғанда
да, мұның науқастарының парасаттырақ болатындай мұршалары да жоқты. Күн сайын таңның атысы мен кештің батысына дейін олар жарлыжақыбай тіршіліктерімен қоян-қолтық айқасып жататын. Тек тырмысып
күн көру үшін ғана олардың дөрекі, қатал, арсыз болып, өтірікті судай
сапырып, шімірікпестен ұрлық істеулеріне тура келетін. Енді қайтсін? Олар
үшін бұл өмір мен өлім мəселесі емес пе.
– Жан азабын жеңілдету - ғажап нəрсе ғой.
Иə! Қыз үшін бəрі де түсінікті еді, ол өзімен-өзі, ешбір қам-қарекетсіз,
шұлығы бүтін, өшпенділіктен де, тіпті махаббаттан да ада күйде өмір сүре
беретін, бəлкім, дүние оның көзіне таңдаулылар мен қор болғандар емес,
аурулар мен дені сау адамдар ғана болып бөлінетін шығар. Əлбетте, мұндай
сенімге ие адамға қиналып қажеті не, балалы болуына да қақысы бар.
Қажетті витаминдері мен антибиотиктерін сайлап алып, дəрі-дəрмегін
уақытылы салдырып, келешекте дені сау бала болуы қамын жеп отырса
бітті. Одан артық не керек! Бикеш тіпті оның атын кім деп қоятынын,
алдағы қоғам қандай болмақ, ол кімдермен бірге, кімдерге қарсы шығады,
өмірден қандай лəззат татып, азап шегеді, болашақта қандай тіршілік күтіп
алады, оның бірінде де жұмысы жоқ болса, қайтсін...
– Нені ойлап кеттің?
– Сен жайында.
– Мен осындамын...
– Бері келші!
Ол қыздың ұзын шашын сипауды ұнататын. Бұған айту керек. Бəрін тап
қазір айтуы керек. Əйтпесе кеш болады, əлгі дəлелдерімнің бəрін ұмытып...
немесе мүлдем айнып қалармын.
– Айтпақшы, - деді қыз, - мен хат алдым... бүгін таңертең... апайымнан.
– Ол кісі не депті?
– Нөсер құйып тұр, күн сүйген елді армандаймын депті.
– Онда осында шақыр.
– Дұрыс екен...
– Не дұрыс?
– Ол "Сиди-Брахим" кемесімен, дүйсенбі күні, он жеті отызда келеді.
Башир бəрін де түсінді. Апайы Клодтың хаттарына тек жауап жазатын.
Шамасы бұл хатында Клод: "Білесің бе, менің қазіргі жағдайымда - (қыз,
əрине, "қызықты жағдайымда" деп жазған шығар. Бұл мұндай тіркестерді
ұнатпайтын. Менменсіген, тоқмейілсіген, жалған өнегелі, арсыз тіркестер) қажетті шешім қабылдауым керек болып тұр, ал мынау болса - сен оны
білесің ғой - жалтақ, бойкүйез, дүбара əрі өзімшіл, оған - не дерсің. Ең
бастысы, ушықтырмау керек! Бала, əрине, бақырады, соның өзі-ақ маған
тоқтау болуы керек еді. Иə, бақыруын бақырады ғой, əйткенмен, соның өзі
керемет емес пе, қалай деп ойлайсың, апай? Жəне, Ну ну апай, маған
жексенбілік уағызыңды айтып, ұялтпай-ақ қой. Жауыр болған сөзді
қайтесің? Маған: "Клод, сен есің бар қыз емеспісің! Ертерек ойлануың
керек еді, бізге - мүлдем ұқсамайтын адамдармен мұндай одақтар ешқандай
жақсылыққа апарып көрген емес... деп жəне тағысын тағыларды айтпашы.
Оның бəрін де білем, ештеңеге өкініп те жүргем жоқ, қалай болғанда да,
өкінуге тым кеш. Сөйтіп, қымбатты апай, жылдамырақ жет, бұл сенің
тіліңді алады, мұнымен сөйлесе білесің, ал өзімнің ақылым жетпейді
немесе қулығым жетіспей ме, əлде не... əйтеуір, мұны көндірудің амалын
таба алар емеспін. Оның үстіне, сен бұған дейін бір де бір рет теңізге
шығып көрген жоқсың ғой, мұнда қандай ғажап екенін, күннің қалай сəуле
төгетінін, қараторы, беттері айғыз-айғыз балаларды, көк теңіз, зеңгір аспан,
тамаша табиғатты, күн шапағының
Айн - Тайға түскен соңғы сəулесіне бөккен ымыртты көресің. Судың
ғаламат сылдырына құлақ түресің! Ал қалай? Сені еліктіру үшін ақын боп
кете жаздағанымды байқаған шығарсың?.. Орфей секілді... Не, не дейсің,
апай? Келесің бе?"
– Ол не деп жазғанын білемісің?
– Жаңа ғана айттың емес пе?
– Иə. Ол: "Сенің тойыңа келем" депті.
Ал керек болса! Қызды бірінші сөйлетіп, оған билік беріп қоймай,
бірден өзі сөйлеп, оған бəрін де жайып салуы керек еді. Сайып келгенде,
үйлену тойы жайында оған көйітіп жүрген де өзі... енді не істерін білмей
отырғаны мынау...
Бұл жексенбі күні болған еді. Соның қарсаңында қыз бұған: "Ертең
апайыма барып қайтсақ қайтеді? Ол Турдың маңайында тұрады. Өзі
деревняда, сиыр, жылқы мен қора-қора шөптің ортасында. Өте жақсы адам,
"р" дыбысын созып айтады, нанды да өзі пісіреді" деген. Сөйтіп, бұлар
сонда тартып кеткен. Деревняны жек көретін бұған онда не бар десеңші!
Ағаш, гүлдер, көк шөп, бұлақ, құстар, маяланған шөп, мөңіреген сиыр сайтын алсын! Өздері осындағы тіршілік азабын тартпаған соң қалалықтар
жыр ғып айтатын деревня.
Деревня - қалалықтардың таусылмас жыры! Қалалықтардың
қиялындағы деревняда да ылғи да мереке, айналаның бəрі жап-жасыл
немесе бойыңды балқытып жіберерліктей ыстық. Қалалықтардың
қиялындағы деревняда батпақ пен лас та, қаптаған шыбын-шіркей де, əр
жерде үйілген нəжіс те болмайды, дамылсыз жерге еңкеюмен бүкшеңдеген
мұндағы жұрттың алдындағы малдарынан айырмашылығы аз екенінде де
қалалықтардың жұмысы жоқ.
Ал бұл деревняны бір кісідей білетін. Сонда туып, балалық шағын
сонда өткізген жоқ па. Көгілдір таулардың бір бұрышында жасырынып
қалған шағын Тала деревнясында. Кейде балконға асылып тұрып, қиырға
көз жүгірткен Клод: "Сенің тауың анау ма? Мені сол жаққа қашан
апарасың?" - дейтін.
Ол Турдағы апайдың көк желекке оранған деревнясында көктемгі
жексенбі күнін бірдеңе ғып өткізермін деп ойлаған.
Бүл күн енді қайтып келер ме. Ол сонда болған сəттерді соңынан
бажайлап есіне түсіре де алмады. Апайы "р" дыбысын созып сөйледі, өзі
шошқа етін даярлады; жас шөптің иісі аңқып тұрды, кітаптағыдай күміс
бұлақтар ағады екен, ескі үйден өткен күндердің сағынышты хош иісі
тəрізді ыстық нан иісі шығады. Кешкісін қайтып оралған бойда, көктем
лебінен мас болғандай, жасыл шөп, ағаш шырыны мен бұлақ сылдырынан
өзін мəрт, нəзік жанды, қайырымды жігіт сезінген. Онымен де қоймай,
Клодты қолынан ұстаған күйі Котар ханымға жетіп барып:
– Менің қалыңдығым осы, - дегені бар.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - Апиын Мен Таяқ - 02
  • Büleklär
  • Апиын Мен Таяқ - 01
    Süzlärneñ gomumi sanı 3934
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2220
    34.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 02
    Süzlärneñ gomumi sanı 3843
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2354
    33.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 03
    Süzlärneñ gomumi sanı 4003
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2030
    37.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.7 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 04
    Süzlärneñ gomumi sanı 3970
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2089
    35.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 05
    Süzlärneñ gomumi sanı 3898
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2153
    36.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 06
    Süzlärneñ gomumi sanı 3887
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2116
    35.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 07
    Süzlärneñ gomumi sanı 3915
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2125
    37.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 08
    Süzlärneñ gomumi sanı 3960
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1963
    37.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 09
    Süzlärneñ gomumi sanı 4026
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1959
    38.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    59.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 10
    Süzlärneñ gomumi sanı 3996
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2118
    35.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.3 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 11
    Süzlärneñ gomumi sanı 3952
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2116
    34.9 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 12
    Süzlärneñ gomumi sanı 3908
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2187
    35.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 13
    Süzlärneñ gomumi sanı 3840
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2030
    36.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 14
    Süzlärneñ gomumi sanı 3981
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2096
    37.2 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 15
    Süzlärneñ gomumi sanı 4002
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2013
    39.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    60.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 16
    Süzlärneñ gomumi sanı 3917
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2075
    37.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    52.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    59.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 17
    Süzlärneñ gomumi sanı 3794
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2096
    36.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • Апиын Мен Таяқ - 18
    Süzlärneñ gomumi sanı 2088
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1252
    39.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.