🕙 2 minut uku

Ағаштар неге ашуланды?

Süzlärneñ gomumi sanı 256
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 205
53.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
65.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
71.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  Бір күні Алмабек жолдастарымен бірге өзенге шомылуға келді. Олар шешініп те үлгермеп еді. Ауа райы күрт бұзылып, аспанды сірескен қара бұлт басып кетті. Азынап жел тұрды. Балалар сасқалақтап, үйлеріне қарай жүгіре жөнелісті.
  Алмабек те жүгіріп келе жатыр еді. Ағаштың жыландай ысылдап майысқан бұтақтарының бірі кенет оның басынан кепкасын қағып ұшырып түсірді. Ол жалт бұрылып, кепкасын ұстап алмақ болғанда, жолдастарынан адасып қалды.
  Дәл сол уақытта адам айтса нанғысыз ғажап оқиға болды. Орман іші азан-қазан жаңғырып кетті. Түйе беліндей жуан бәйтерек майысып келіп, Алмабекті баса жаздап, жолына көлденеңдеп тосқауыл бола қалды. Алмабек қорыққаннан шыңғырып жіберіп, кейін қарай жалт берді. Сол кезде тұс-тұстан:
  - Ә, бәлем, Алмабек, қолымызға түстің бе? - деген ашулы дауыстар жамырап естілді.
  - Сендерге мен не жаздым?! - деп Алмабек жылап жіберді.
  Сол кезде төбесі көк тіреген, көпті көріп, көп жасаған орман атасы - кәрі еменнің күжілдеген жуан дауысы естілді:
  - Сенің жазығың сол: біздің бірнеше жас шыбығымызды үйіңнің қасына отырғызбақ болып қазып әкетіп едің, нағыз азап халге салып қойыпсың. Түбі босатылмай, қатып қалыпты. Тамыры суалып, құрып бара жатқан көрінеді. Осы қылығың адамшылыққа жата ма? Ағаштан көрген не жамандығың бар? Жайқалып өсіп тұрсақ, ауылдың көркі емеспіз бе?
  Істің мән-жайы Алмабекке әбден түсінікті болды.
  - Кешіріңіздер. Кешіре көріңіздер! - деді Алмабек.
  - Кешіруге болмайды, - деп солқылдақ көк шыбық тағы да төніп қалып еді, қарт емен оны бұтағымен қағып тоқтатты.
  - Жә, шошаңдамай, тұра тұр. Бала сөзін айтып болсын, - деді.
  - Кешіріңіздер. Мен отырғызған ағаштарымды бүгіннен бастап мәпелеп күтуге уәде беремін, - деді Алмабек.
  - Жарайды, - деді қарт емен, - олай болса, бар үйіңе!..
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.