Latin Common Turkic

Аға, ертегі деген не?

Süzlärneñ gomumi sanı 1406
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 986
39.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
53.0 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
60.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
(əңгіме)
Аға деген – менмін. Сұраушы – қазақтың баласы. Ал, ертегінің не
екенін білмейді екем.
Білем ғой. Анығында. Тек анықтама беріп көрмеппін. Университетті
филология мамандығы бойынша бітірсем де. Білсем де түсіндіре алмас
едім. Мен ғана емес кез-келген адам. Ертегі деген...
Алматы қаласы. Көп қабатты үйлердің көп шоғырланған ауданы.
Күн кешкіріп қалған. Сол көп қабатты үйлердің біріне келгем. Ағажеңгемнің үйі. Аман-саулық білісу жолымен. Амандығымнан хабар
беріп тұруым керек. Бұл бергі жағы ғана. Негізгі келісім – інімді
сағынғам. Сүйкімді. Қылығы тəтті. Ойынқұмар. Арнайы сəлем
айтыпты: – «Келсін!» – Келдік. Төрге озбайтыным бесенеден белгілі.
Естиярлармен қол алысып, төс қағыстырып болған соң, мойныма
асыла кеткен інімді көтеріп, «детскийге» өткем.
Қаптаған ойыншық. Қару-жарақтың мың-сан түрі үйіліп жатыр.
Пышақ, қылыш, граната... Мылтықтың неше атасы. Кəдімгі мылтықтан
аумайды. Көшеде кеудеңе тақаса, барыңды сұрамай-ақ бергізердей.
Көліктің көптігін айтып керегі жоқ. Ішіне адам сиятыны да бар. Ойын
баласына арналып жасалды демесең, орта салмақты азаматты да
көтерердей. Соғыс техникалары да шаш етектен. Жан-жануар,
хайуанат атаулы, тіпті біз білмейтін, көрмеген мақұлықтар; Адамның
жеті атасы, – Көбі шет ел мультфилмдерінің кейіпкерлері мен
əскерилер. Толып жатыр. Сап түзей орналасады да, інімнің қаптаған
қаруының тегеурініне шыдамай, аяқтары аспаннан келеді. Бірінің
басын қылыш кессе, бірі оққа жем болуда. Бір қызығы ойыншық садақ
та бар екен. Əлде оғы таусылған, əлде ойынға жарамсыз, əлде
қызықпады – мен көрген ұрысқа қатыспады. Заманы өткенін
мойындағандай бір бұрышта елеусіз жатты да қойды. Осылайша қаружарақпен толықтай жасанған інімнің ойынын тамашалап отырып
(анығында, маған да жиі араласуға тура келген) біраз уақыт өтіп
кеткенін де байқамаппын.
Кешкі астан соң ойыншық жалықтырған ерке інім мені айналдыра
бастады. Күресеміз, алысамыз – жеңіс сонікі. Тартысамыз – ұпай сол
жақта. Шаршай бастағанда бейбіт əңгімеге көшкенбіз. Сұрамайтыны
жоқ. Анау не, мынау не? Ол неге ондай, бұл неге былай? Ерінбей,
жалықпай білгенімді (білмегенімді де) айтып жатырмын. Жалғыз
ұлдарының тəтті тілі қызықтырса керек, сұрақ-жауапқа үй иелері де
араласқан. Үш жақтап ұғындырып жатырмыз. Қанағаттанбаса да,
жауапсыз қалып жатқан жоқ.
– Ммм, – деді. Тағы қандай бəле шығарар екен деп күтіп отырмын.
Кенет: – Аға, ертегі деген не? – деді бейкүнə кейіппен бетіме қарап.
– ...
Үш білгіштің де аузына құм құйылған. Мені «қазақ əдебиетін оқып
тауысқан ғұлама» деп білетін екі естияр да маған қараған. Жауапты
берсе осы береді дейтіндей.
– ...Ертегі? Ертегі деген... ол... А, оны қайдан естідің? – дедім қулыққа
көшіп. Ойымды жинағанша, уақыттан ұтпақ ойым ғой.
– Апай айтты. Үйден бір-бір ертегі жаттап келіңдер деді. Мамадан
сұрасам білмейді. Папа сенен сұрау керек деген. – Мұғалімі де оңбайды,
ертегіні жаттаушы ма еді?!
– Ертегі деген ол енді... ертегі ғой. Сен өзің ертегі білесің бе?
– Жоқ. Ол не сонда? – Даусында зіл бар. Көзінен «білсем сұрап нем
бар» дегенді оқыдым.
Міне саған керек болса! Бұлтарар жер қалмапты. Əлгі екеуден келер
қайран жоқ. Шындап ойлана бастадым. Ертегіге анықтама беріп
көрмеген, тіпті бұл туралы ойлап көрмеген басым, қапелімде сөз таба
алар емеспін. Орысша оқығанын жұрттың есіне жиі салып, қазақша
шала сөйлейтінін мақтан ететін жеңгем:
– Сен, лучше ертегі айтып берсеңші осыған.
Оп-оңай шешім. Қалай ғана басыма келмеген? Ертегіні айтып
бересің, не екені санасына өз-өзінен орнығады. Бір жағы ертегі естиді,
бір жағы мұғалімнің тапсырмасы орындалады. Тығырықтан құтқарған
шала қазақ жеңгеме алғысымды іштей жаудырып, бастап кеттім.
Аузыма «Ер Төстік» ілігіпті.
– Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде...
– Бөртеде деген не, аға?
– Бөрте деген ол... – Тағы да тығырық. – Оны соңынан түсіндірем,
жақсылап тыңдасаң түсінесің, – дедім, «Сұрақ соңынан» деп қойып,
дəрісін жалғастыра беретін лектор аға-апайларымның қулығына
басып. – Қырғауыл жүні қызыл екен...
– Қырғауыл деген не?
– Қырғауыл деген – құс. Айттым ғой алдымен тыңда, сосын түсінесің
деп. –Шаршай бастаған едім. Күрсініп қойып сөзімді сабақтадым. – Шал
мен кемпір бопты. Бір перзентке зар бопты, – дедім, «ерте-ертені» қоя
тұрып, тікелей іске көшіп. – Перзент деген – бала деген сөз, – деп
қойдым, інімнің алдын орап... – ...Төстіктен пайда болған бала ғой деп,
атын Төстік қойыпты...
– Төстік деген не?
– ...
...Оңай болмай шықты. Ер Төстіктің сағат санап өсетін тұстары күмəн
тудырды, екі күнде жүргені, үш күнде күлгені – өтірікке сайды. Ертегі
тыңдайтын жастан өтіп кеткен екінші сыныптың оқушысы жолымды
кес-кестей берді. Аңның еті мен терісінің тау болып үйілетін тұсына
келгенде мүлдем түңілді. Сөзді басқа тарапқа бұруға талпынып жатты.
Осымен тоқтасақ керек еді, не де болса шыққан сапар, ұшығына
шықпай тоқтау мүмкін емес. Бастапқыда ден қоя тыңдағанымен, уақыт
өте келе немқұрайлы қалыпқа көшкен інім, ақыры, қолына іліккен
əлдебір ойыншығымен əуре болып кетті. Бақытты ғұмыр кешіпті деп
аяқталуға тиіс ертегім Ер Төстікті мұратына жеткізе алмады. Ертегінің
аяғы қайда, ортан беліне жуи алмадық. Жеткеніміз бүтіннің бөлшегі
ғана. Оның өзі мың үзіліп, жүз жарылып.
Маған ертегі айтқан əжелерім, аталарым бақытты екен, не айтса да
енді не болар екен деп үнсіз тыңдайтын немересі бар.
Иə, мен ертегі тыңдап өскем. Екінші сыныпта ертегінің шындыққа
томпақ, артық айтылған, асыра сілтенген, əсіреленген тұстарын мен де
аңдай бастаған болармын. Бірақ, оған дейін қиялымда өмір сүрген
қаһармандардың ерлік істеріне жан-жүрегіммен сенгенім, қазақ
əдебиетінің осы бір үлгісін көкірегіме сіңіріп үлгергенім анық.
Ертегіден өтірік емес, шындық пен шытырман іздейтінмін. Төстіктер
қиналғанда тістеніп, жауларын мұқатқанда көзге ұшқын пайда болып,
мың құбылып отырып ертегінің мамыражай тірлікке бөленген соңына
келіп жеткенде «Уһ!» – деп бір дем алатынсың. Ертегі бітті. Бірақ,
санаңдағы ертегі енді басталады. Сен басты қаһармансың.
Айналаңдағы адамдар түрлі кейіпкерлер. Жағымды-жағымсыз
бейнелердің тірі үлгілері қалай да табылады. Болмаса, өзіңе де
беймəлім əлемге сапар шегесің. Қысқасы, Төстіктер жүріп өткен жолды
сен де жүріп өтесің. Ұлы сапардан оралған бетің. Жеңіспен. Алдыңнан
бүкіл ауылың шығады. Ең алда еңіреп қалған əжең. Одан ары əке-шеше,
аға-іні... Көкірегің тұнған мақтаныш. Шын болып жатқандай. Жерде
емес, көкте қалықтап жүргендейсің. Төсекте жатқаныңды ұмытқалы
қашан! Осылайша тəтті қиялдар құшағында жатып ұйықтап кетесің.
Бұл жағдай ертегіге дəніккен баланың басында күнде қайталанып
тұрады. Күнде жаңа ертегі. Мейлі, жаңа болмаса да ширығып жатып
тыңдайсың.
Мен ертегі ғана тыңдадым. Қаншалықты көп екенін білмеймін, бірақ
жоғарыдағы күйді басымнан кешкенім анық. Байырғының балаларына
қызығам, тек ертегі ғана емес, аңыз, жыр тыңдап өскен. Байырғы ғана
емес, күні кешеге дейін қазақ баласы солай тəй басқан, ес білген.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең».
Қазақ перзентінің туылғаннан бастап бастан өткеруге тиіс тəрбие
сатысынан түгелдей өткен данышпан Абайдың сөзі. Бесік жырын
тыңдап ұйықтаған балада да арман бар ма екен?! Ертегі тыңдап
өскенімді айтып мақтаннан жарылардай болатын басым, бесік жырын
тыңдағанымды естігенде ғой... Ондай мақтана алар күнді жазбапты.
Бесік жыры тұрыпты, ертегі тыңдап өстім деген менің
қатарластарымды саусақпен санап аласың. Бізден бұрын басталған
дерт. Бізден кейінгі хəлі əлгі. Ертегі тыңдамай өскен əкенің баласы.
Ертегі тыңдау қиялды ұштайды. Рас. Баланың көкірегінде ізгі
сезімдер қалыптастырады. Белгілі нəрселер. Елін, жерін сүюге
тəрбиелейді. Жоққа шығару мүмкін емес. Бұл ғана емес, ана тілінің
құдіреті мен құрылымын, сазын санасына сіңірмей ме?! Ана тілінің
мəселесін шеше алмай жүргеніміздің бір себебі, тіпті, бастысы осы
ертегінің жоқтығына саяды. Қысқасы, қазақ баласының қазақтың ұлы
болып ер жетуі ең алдымен алғашқы əсерлерден басталса керек.
Кінəні ертегі тыңдайтын жастан өтіп кеткен жас балаға аударып,
өзімді сүттен ақ, судан таза қылып шығарған мен ертегі айту
барысында сөздік қорымның соншалық жұтаң екенін аңдаған едім.
Қайтсем баланың санасына ертегіні сіңірем деп, тым жайдақтатып
жіберіппін. Ең басты кінəм қазақтың бір баласының көкірегінде ертегі
туралы жаман пікір қалыптастырыппын. Осыдан кейін «Ертегі деген
не?» – деген сұраққа ойланбастан: «Шылғи өтірік!» – деп жауап бере ме
сонда? Ол білгісі келді. Менен алған жауабы əлгі. Басқалай жолын
көрмей тұрмын.
Ел болам десең бесігіңді түзе! Бəрі біледі. Мен де. Білетінмін. Бірақ,
бұл жолы шындап ұқтым. Өзін əдебиетке, сөзге бір табан жақынмын
деп есептейтін менің хəлім əлгі. Бір ертегіні аяғына жеткізе алмаппын.
Басқалар қайтпек? Несін айтады? Амал жоқ, «Өрмекші адам» мен
«Щректі» тықпалайды. Əдебиетті кино алмастырды деген сол əне. Тек,
əдебиет сияқты əсері жоқ. Ержүрек, данышпан патшаның орнына
əлжуаз, əпербақан патшаның келгені сияқты. Құлақпен естіп,
санасымен байыптау. Көзбен көріп, көргенін бейнелеу. Қаншалықты
айырмашылық! Естігені арқылы қиялмен бейне жасау мен көрген
суретін сол қалпында қабылдау. Қайсысы адамды (баланы) көбірек
ойлантады? Демек, дəл қазіргі жас баланы көзінің алдындағыдан
арғыны көрмейтін тар шеңбердегі ойлау жүйесімен тəрбиелеп
жатырмыз. Көзінің алдына əкеп, бадырайтып көрсетпесең сенбейді.
Сенің суреттеуің мен əсірелеуің тек күмəн тудырады. Қасқырдың
қояннан таяқ жегіні (Əйгілі «Ну, погоди!» ғой) шындық. Оған сенеді.
Себебі көзімен көрді. Қасқыр ақымақ. Қоян... өзіңіз білесіз. Ал, біздің
Төстіктің ашыққан елін асырау жолындағы ерліктері тұнып тұрған...
Судырдың аузындағы жел сөз. Ертегінің бүгінгі кейпіне бұдан басқа
анықтама таппадым. Адасқан күшік секілді... Ертегінің ұлып, ескі
жұртты шыр айналып жүргені келеді көз алдыма!
Бұл мəселені шешу мен шығу жолдары ма? Мен білмеймін. Көрдіңіз
ғой. Бір ертегіні аяғына жеткізе алмаған адамнан қандай ақыл
сұрамақсыз?! Тым құрыса, баланы алдайтын қулығы жоқ Мырқымбай
бастама көтеріп, оны жеріне жеткізіп, бар мəселені шешіп
тастайтынына сіз де сенбейсіз. Бұл да əлгі ертегідегі оқиға сияқты... Иə,
өтірікке құрылған... Біздікі де өлерменнің əрекеті. Бала да тыңдамаған
бəлду-бəлдуімізді елге тықпалап. Көзбен көргеніміз ғой. Көргенді жазу
қиын емес. Ал, ойдан бірдеңе ұсыну... Ұлып жұртқа қайта ма деп
қорқам. Үміттеніңіз, бəлкім бізден де бірдеңе шығып қалар. Шықпаса,
ақылдырық біреу табылар. Соған сенейік!
Біздер деген, жарқыным-ау, қазақ ертегілеріндегі өз жұмбағын
өзі шеше алмай, сергелдеңде жүрген кейіпкер емеспіз бе?!
Алматы, Шаңырақ-2.
25.04.11.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.