Latin Common Turkic

93 жыл - 15

Süzlärneñ gomumi sanı 4018
Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2115
33.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
47.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
56.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
ads place
тұтатып кеткен білте де сонда болатын; өрт те сол жерден басталған.
Говэн соңына жиырма сапер ертті. Ендігі қалған бір-ақ айла - темір
есікті бұзу: оны ашу мүмкін емес.
Балталап көріп еді - балталар бірінен соң бірі сынып қала берді.
- Мына темірге ешқандай болат өтпейді екен, - деді саперлердің бірі.
Расында да, бұл былқ етпейтін есік-тұғын. Тұтас сом темірден жасалған
əрі əрқайсысының қалыңдығы үш дюйм болатын қос-қос болтпен бекітіп
тасталған.
Темір сүймендерді тұтқа сияқты салып көріп еді, морт сынды. Говэн
түнере ойға шомып:
- Бұл есікті зеңбірек ядросымен ғана қиратуға болар. Зеңбіректі əкелсек
пе екен? - деп күбірледі.
- Зеңбіректен де ештеңе өнбейді, - деп үн қатты əлгі сапер.
Жұрт өзінің дəрменсіздігін көріп, түгел тұнжырап, салы суға кетті.
Жеңілгенін сезіп, қапаланып, қырсық шалған есікке үн-түнсіз қарай қалған.
Есік астынан қызыл белдеу -оттың жалқын сəулесі көрінеді: арғы жағында
өрт өршіп, үдей түсуде. Қасында Иманустың сестиген, масайраған сұрқия
өлігі жатыр.
Енді бірнеше минуттан соң бəрінің күлі көкке ұшпақ. Не істеуге
болады?.. Үміттің ұшығы да қалмады. Жасырын жол іргесінде ысырулы
тұрған тасқа қарап, Говэн үміті кесілгендей, дауыстай сөйледі:
- Ал оның бер жағында мына жолмен маркиз де-Лантенак кеткен еді-ау!
- Əрі тап осы жолмен қайтып келе жатыр, - деген дауыс естілді.
Жер астындағы жолдың тас үңгірінен біреудің аппақ қудай басы
көрінді. Бүл маркиз еді.
Говэннің оны көрмегеніне коп жыл болған: ол еріксіз кейін шегінді.
Қалғандарының бəрі орын-орнында мелшиіп қалды.
Маркиздің қолында үлкен кілт. Ол ызбарлы көзқарасымен жолында
тұрған бірнеше адамды ығыстыра, қасынан өтті де, темір есікке барып
еңкейіп, құлыпқа кілт салды. Құлып сықыр етіп, есік ашылды да, іштен
лапылдаған жалын көрінді. Маркиз осынау жалын атқан теңізге қойып
кетті - басын тəкаппарлана, жоғары ұстап, нық адыммен кірді.
Жұрттың бəрі оған сұқтана қарай қалған.
Бірақ оның жанып жатқан бөлме ішінде бірнеше қадам аттауы мұң екен,
өрт кемірген еден арт жағынан құлап түсіп, оны артқы есіктен от шыңырау
арқылы бөліп тастады. Ол бұған мойнын да бұрмастан, ілгері жүре берді. Ə
дегенше түтінге кіріп, жоқ болды да, ештеңе көрінбей кетті.
Ол əрмен өте алды ма? Еден тағы бір опырылып, оны өзімен бірге
əкеткен жоқ па? Шынымен оның өзін-өзі босқа құртқаны ма? Бұған ешкім
жауап бере алмайтын. Түтін мен от қаулаған тұтас қабырға ғана көрінеді.
Өлі-тірісі белгісіз маркиз сол қабырғаның ар жағында қалды.
III. Балалар ояна бастады
Балалар ақыры ұйқысын ашты. Қамалдың екінші қабатын өрт əлі шала
қоймаған, кітапхана төбесінде қызыл жалын ойнап түр. Балалар мұндай
ғажайып таңды ешқашан көрген емес. Оған үшеуі бірдей шаттана қарай
қалды.
Өрт самаладай боп, маздай жанып жатыр. Шалықтаған қызғылт жалын,
қошқыл түтін арасынан біресе қара албасты, біресе қызыл айдаһар
елестегендей. Жарқырай жанған ұзын ағаш шоқтары қараңғылықты қақ
айыра аспанға атылып жатыр: ойнақшыған құйрықты жұлдыздар бірін-бірі
қуалап жүргендей. От ысырапшыл, ол қазынасын желге құшақ-құшақ
шашады. Үшінші қабат қабырғасының кей жерлері түгел жанып кеткен де,
пайда болған қуыс-тесікке жалын асыл тастарын уыстай лақтырып жатыр;
шатырда жанып жатқан сұлы мен сабан терезелерге алтын жаңбырдай
селдете құйылады: сұлы -меруертке, сабан сабағы лағылға айналған.
- Қандай əсем! - деді Жоржетта.
Үшеуі бірдей бастарын көтеріп, мойындарын соза түсті.
- Əне, олар ояна бастады! - деп шыңғырып жіберді шешесі.
Рене-Жан ұшып түрегелді; оған ілесе Гро-Ален, Гро-Аленге ілесе
Жоржетта ұшып тұрды. Рене-Жан бойын жаза керіліп, терезеге келді.
- Кандай ыстық! - деді ол.
- Ыстық, - деп қайталады Жоржетта. Шешесі олардың атын атай
бастады:
- Балақандарым! Рене! Ален! Жоржетта!
Балалар кімнің шақырып жатқанын түсінбек болып, айнала қарасты.
Ересек адам қорқар нəрсеге бала тек таңырқайды ғой, ал оңай
таңырқайтын адам оңай қорқа қоймайды: бейхабарлық қорқынышты
білмейді.
Шешесі тағы шақырды:
- Рене! Ален! Жоржетта!
Рене-Жан дауыс шыққан жаққа жалт бұрылды. Балалар жылдам
ұмытады, бірақ тез еске алады: өткен шақтың бəрі оларға кешегі күндей.
Рене-Жан шешесін көрсе де, мұнан таңырқарлықтай ештеңе таппады, тек
үйреншіксіз мынау жағдайда өзіне бір сүйеніштің керек екенін іштей
сезгендей:
- Мама! - деп қалды.
- Мама! - деп қайталады оған ілесе Гро-Ален.
- Мама! - деп былдырлады да, Жоржетта анасына кішкентай қолдарын
соза тұра ұмтылды.
- Қарашықтарым! - деп аһ ұрды ана.
Балалар терезеге жабысты: бақытқа қарай, өрт бүл жақтан оны əлі
шарпып үлгермеген болатын.
- Ыстықтап кеттім, - деді Рене-Жан. Ол ойланып қалып: - Жанып
жатыр! - деді тағы да. Сонан соң шешесін көзімен іздеп тауып: - Мұнда
кел, мама! - деп айғайлады.
- Мұнда кел, мама! - деп қайталады Жоржетта.
Есі қалмаған, үсті-басы дал-дұл, аяғы қанталап кеткен бей шара əйел
бұтадан-бұтаға жармасып, өйтіп-бүйтіп орға сырғанап түсті. Гешан мен
Симурден де осында болатын. Төменде тұрған олар да жоғарыда тұрған
Говэндей дəрменсіз еді. Олардың төңірегіне солдаттар жиылып қалған.
Өздерінің пайдасыздығын сезіп, ұнжырғасы түсіп, үн-түнсіз ошарылып
тұр.
Ыстық адам төзгісіз болатын, бірақ мұны ешкім байқар емес. Бəрі
қайтсе де шұғыл қимыл жасаудың қажеттігін іштей сезіп, жанып жатқан
қамалға, көпірдің биік арқалықтарына, бой жетпес терезелерге шошына
қарап, опынып тұр.
Үш қабат жанып жатыр, ал оған жетердей лаж қалмапты...
Иығын қылыш кескен, бір құлағы жұлынған, бет-аузы терге малшынып,
қанға боялған Радуб Гешанның қасына жүгіріп келді. Кенет ол Мишель
Флешарды көзі шалып қалды.
- Міне, керемет! - деп саңқ етті ол еріксіз. - Атылған əйел тіріліпті деген
осы да!
- Балаларым! - деп тілге əзер келді əйел
- Расы-рас, - деді Радуб. - О дүниеден келгендермен сөйлесіп жатуға
шама жоқ.
Соны айтты да ол көпірге тырмысып шыға бастады. Бұл əрекеттен
ештеңе өнбеді. Ол тасқа тырнағын батырып, жоғары қарай бірнеше сүйем
өрмеледі: бірақ тіреуіштері жып-жылтыр, жылмағай болатын - ешқандай
жарық
сызаты,
кедір-бұдыры
жоқ;
тастар
бір-біріне
шебер
қиюластырылыпты. Радуб қолы тайып, құлап түсті.
Өрт болса, өршеленіп барады. Қызғылт нұрға бөленген терезе алдынан
үш баланың ағараңдаған басы көрінеді. Радуб соларды көріп қалды. Сол
кезде ол жүзін аспанға қаратып, жұдырығын түйе:
- Осы ма сенің əділдігің, жасаған! - деді кіжіне, ызаға булығып.
Ана тізерлей қалып, көпір тіреуішіне жармасып:
- Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! - деп ойбайлап жатыр. Жанған ағаш
шытыры оттың ысылдаған дыбысымен аралас шығады. Кітапханада
шкафтар əйнектері шалдырлай сынып, еденге құлай бастады. Апаттың таяп
қалғаны айдан анық. Апат бетін еш пенде қайтара алмастай. Енді бірер
минуттан соң бəрі опырылып түспек. Жұрт қыбыр етпестен осы сəтті ғана
шошына тосып түр. "Мама! Мама!" деп айғайлаған жіңішке дауыстар ғана
үзіле естіледі. Үрей шырқау шегіне жетті.
Кенет балалар тұрған терезе жанында, алқызыл өрт жалынында біреудің
биік тұлғасы көрінді.
Бас біткен жоғары қарап, көз біткен сол терезеге тесіле қалды. Ол
жерде, жоғарыда, кітапхана залында біреу - ересек біреу жүр екен. Ол
керемет ептілікпен осынау тамұққа кіріп кетіпті. Тұлғасы қызғылт жалын
ішінде қарауыта көрініп түр; шашы аппақ қудай. Онан маркиз деЛантенакты тану қиын емес-тұғын.
Ол бір сəт көзден тасаланып, көп ұзамай қайта көрінді. Сұсты қарт бүл
жолы қолына ұзын саты ұстаған. Мұның өзі қабырға іргесінде жатқан
құтқарма саты болатын. Ол сатыны терезенің қасына сүйреп апарып, бір
шетінен алды да, екінші шетін өте ептілікпен əрі күшене көтеріп, терезеге
тығып жіберді, сөйтіп, ақырындап орға түсіре бастады. Төменде тұрған
Радуб қуанышын қайда қоярға білмей, қолын соза сатыны қағып алып,
құшақтаған күйі:
- Жасасын республика! - деп айғайлап жіберді.
- Жасасын король! - деп үн қатты маркиз.
- Қалағаныңды айғайла, қалағаныңды көкі, мен сонда да сені құдай
тағаладай көріп, табынуға бармын! - деп күңкілдеді Радуб.
Саты қойылды; жанып жатқан үй мен жердің екі аралығында қатынас
орнады. Жұрт жиналып қалды. Радуб бастаған жиырма адам əп-сəтте
сатыға өрмелей шығып, оның он бойына арқасымен сүйеніп, тұра-тұра
қалысты: құрылыста тас қалаушылар биікке тас əпергенде осылай істейтін.
Осылайша ағаш саты үстінде адам сатысы пайда болды. Үстіңгі басқышта
бетін терезеге беріп Радуб тұр, басы терезе табанымен деңгейлес.
Алуан түрлі сезім бой билеген кішігірім армия жарқабақта, бұта
арасында, қырат үстінде, ор ішінде топ-тобымен ошарылып қалған.
Солдаттардың бір бөлігі тіпті мұнара діңгегіне де шығып алыпты.
Маркиз тағы жоқ болып кетті де, ə дегенше қолына бала ұстап, қайта
көрінді. Жұрт жаңғырта қол шапалақтап жіберді.
Маркиз қолына іліккен балалардың бірін көтеріп алды: бүл Гро-Ален
еді.
- Қорқам! Қорқам! - деп бақырып жатыр бала.
Маркиз оны Радубқа əперді, Радуб оны өзінен төменде тұрған солдатқа,
анау - келесі адамға, осылайша бір-біріне қақпақылдай əпере берді: зəресі
ұшқан, қолдан-қолға өтіп, бажылдаған Гро-Ален сатымен түсіп бара
жатқанда, маркиз тағы да көзден ғайып болып, Рене-Жанды ұстай терезеге
қайтып келді. Рене-Жан да жылап-сықтап, бұлқынып жатыр: маркиз оны
сержанттың қолына ұстата бергенде, ол Радубты аяғымен періп жіберді.
Маркиз тағы да жалын кеулеген бөлмеге сүңгіп, жоқ болды. Онда
жалғыз Жоржетта қалған-ды. Қарт соның қасына келді. Жоржетта оған
күлімдей қарады. Сонда осынау қатыгез адам өзі де байқамай, көзінің
жасаурап кеткенін сезді.
- Атың кім? - деп сұрады ол
- Озетта, - деп жауап берді қыз.
Маркиз оны қолына алды. Сəби əлі күлімдеумен болды. Қарттың сұсты
да тəкаппар жаны осынау бейкүнə сенімпаздық алдында босап кетіп,
Радубке əперіп жатқанда қызды бетінен шөп еткізіп бір сүйді.
- Міне, біздің қызымыз! - деп айғайласты солдаттар. Сөйтіп, Жоржетта
да қолдан-қолға өтіп, мəз-мейрам болып жерге түсті. Бойын шабыт
кернеген жұрт қол шапалақтап, жер тепкілеп жатыр. Қарт гренадерлер
еңкілдей жылады. Жоржетта оларға күлімсірей қарап түр.
Қуаныштан тынысы тарылып, тосыннан тап болған бақыттан есін жиып
үлгермеген ана қолын созған қалпы саты түбінде тұрған. Қуаныштан
адамның жүрегі жарылып кетуі де мүмкін ғой. Ол əуелі Гро-Аленді, сонан
соң Рене-Жанды, сонан кейін Жоржеттаны бауырына қысып, аймалап, сүйе
берді, сүйе берді, сонан соң сықылықтай күліп жіберді де, ес-түссіз құлап
түсті.
- Құтқарылды! Бəрі құтқарылды! - деп шулап жатыр айналадағылар.
Иə, қарттан басқасының бəрі құтқарылған болатын. Бірақ оны
құтқаруды ешкім де, тіпті, бəлкім, оның өзі де ойламаған сияқты.
Ол оттың бір шешімге келуін қалағандай, терезе алдында бірнеше
секунд үн-түнсіз тұрып қалды. Сонан соң асықпай, байсалды пішінмен,
басын кегжите ұстай терезе табанынан аттап, арт жағында лапылдаған отқа
қарамастан, аяқ астында қарауытқан шыңырауға бетін бұрып, біп-биік, тіптік жəне маңғаз күйі аруақтай паңданып, төмен түсе бастады. Саты үстінде
тұрғандар жүгіріп төмен түсті. Бəрі биіктен түсіп келе жатқан мынау
адамға таңдана қарай қалған: бəрі қаһарлы елеске кез болғандай қасиетті
үрей билеп, алдынан қақ жарыла жол берді. Ал анау болса асықпай,
тəкаппар қалпымен өзін тосып тұрған түнекке тура басып келе жатты. Ол
алдынан жұрт шегінген сайын жақындай берді. Құп-қу өңінде бірде-бір
бұлшық еті бүлк етпеді: бедірейіп қалған жанарында тіршілік ұшқыны
жоқтай. Ол өзіне қараңғылық түкпірінен шошына, бажырая қараған мынау
адамдарға жақындаған сайын зорая түскендей еді. Зілдей табаны астында
саты солқылдап түр.
Ол темен түсіп, аяғы ақырғы басқыштан жерге тиген бойда біреу
иығына қолын салды.
Ол артына бұрылды.
- Мен сені қамаймын, - деді Симурден.
- Оның дұрыс, - деп жауап қатты Лантенак.
Алтыншы кітап
ЖЕҢІСТЕН СОҢ - КҮРЕС
I. Лантенак қолға түсті
Маркизді алып кетті.
Мұнараның төменгі қабаты астында орналасқан зынданды Симурден
өзі қадағалай жүріп дереу ашқызды. Онда шам, бір құты су, бір үзім солдат
нанын қойып, еденге бір құшақ сабан тастатты. Ауыр есік маркиздің
соңынан қапсыра жабылды.
Бүл істі бірыңғайлаған соң Симурден Говэнді іздеп кетті. Алыстағы
шіркеу қоңырау мұнарасында, Париньеде, осы мезетте қоңырау сағат он
бірді соқты. Симурден Говэнге былай деді:
- Ертең əскери-дала соты жиналады. Бірақ сен сот құрамында
болмайсың. Сен Лантенак екеуің - Говэндер руынансыңдар. Оның соты
болуға қаның оған тым жақын. Сот құрамына үш адам кіреді: капитан
Гешан, сержант Радуб жəне төраға ретінде мен. Мұның саған ешбір қатысы
жоқ. Біз Конвент декретіне сай қимылдаймыз: біз бұрынғы маркиз деЛантенактың жеке басын куəландырумен шектелеміз. Ертең - сот, бүрсігүні
- гильотина. Вандея өлді.
Говэн бір ауыз қарсы сөз айтқан жоқ, Симурден алдында тұрған
маңызды істің жабдығымен кетіп қалды. Жазалау орнын таңдап алуға қам
жеу, уақытты белгілеу жəне қажетті жарлықтың бəрін беріп үлгеру керек
еді. Симурденнің "жақсы өнеге көрсететін", яғни өзі бекіткен жазалау
шараларының бəріне тікелей қатысатын əдеті бар-ды. Сот жендеттің
жұмысына қарайтын.
Говэн де қобалжулы еді.
Орман жақтан салқын жел есіп түр. Говэн шұғыл қызметтің бəрін
Гешанға тапсырып, көгалда, орман шетінде, мұнараға жақын жерде тұрған
шатырына кірді де, күлəпарасы бар плащын тауып, үстіне оранды. Бүл
плащ ешқандай əшекейді мойындамайтын республикашыл қарапайым үлгі
бойынша, жай галунмен əдіптей салынған; мұндай галун отряд
бастықтарының ерекшелік белгісі болатын. Говэн жападан-жалғыз қалды.
Ол ұрыста қаза тапқандардың қанына боялған көгалмен əрлі-берлі жүре
бастады; мұнараға үрдіс шабуыл осы жерден басталған. Өрт өше қоймапты,
бірақ оған енді ешкім назар аудара қоймады.
Радуб əлі есін жиып болмаған Мишель Флешардың қасында əбігерге
түсіп, балаларды шешесіндей-ақ бəйек қаға жайлап жүр. Қамал өртеніп
бітуге таяды. Солдаттардың шаруасы бастан асып жатқан. Олар зират
қазып, өлгендерді көміп, жаралыларды таңып, баррикаданы бұзып жатыр,
мұнараның залдары мен сатыларын өліктерден тазартып, жеңістің сұрапыл
ізін жоюға тырысып, сойқан болған жерлерді тазалап жүр, тоқетері,
солдаттар шайқастан қалған жауынгерлік шаруашылығын таза əскери
шымырлықпен тəртіпке келтіріп жатыр.
Говэн мұның ешқайсысын көрген де жоқ, байқаған да жоқ. Ол ойға
кетіп, Симурденнің бұйрығымен күшті қарауыл қойылған мұнара
қабырғасындағы ойық жаққа анда-санда барлай қарап қояды.
Бүл ойық Говэн қараңғылықта əрлі-берлі жүрген көгал шетінен
мұнарадан екі жүз қадамдай жерден көрініп түр. Ол ойықтың үңірейген
қара көмейін айқын ажыратқандай. Бұдан үш сағат бұрын осы жерден
шабуыл басталған; ол, Говэн, тап осы ойық арқылы солдаттарымен
мұнараға басып кірген; бүл ойықтың арғы жағында бұлар баррикадаға тап
болған төменгі қабат, бұл қабатта маркиз отырған зынданға шығатын есік
бар; ойық жанындағы қарауыл осы зынданды күзетіп түр.
Сөйтіп, оның көзқарасы еріксіз сол жаққа ауа берді де, құлағынан
"Ертең - сот, бүрсігүні -гильотина" деген сөз ақирет ызыңындай кетпей
қойды.
Өрт бұғауланды, бірақ оған үсті-үстіне су құйып жатқанымен, ол бірден
өше қоймай, сумаңдаған қызыл тілін шалқыта жалаңдатып қояды. Кей
кездері бөренелердің сатырлай жанғаны естіледі, ал қабаттардың бірінде
еден əлде шатыр құлап түскенде ұшқын жан-жаққа шашырай атылады;
төңірек найзағай ойнағандай көкжиекке дейін жап-жарық болып,
мұнараның шомбал көлеңкесі орманға дейін созылып кетеді.
Говэн осы көлеңке түскен көгалда, қарауыл тұрған ойық жанында
аяңдап жүр. Кейде ол саусақтарын айқастыра, екі қолын көтеріп, басына
жамылған жамылғысының сыртынан желкесіне салады. Бүл оның ойға
батып жүргені еді.
II. Говэннің ой толғауы
Ол қинала ой толғады. Оның көз алдында таңғажайып құбылыс болды.
Маркиз де-Лантенак өзгеріп сала берді.
Ол қат-қабат жай қаншама тоғысқанмен мұндай нəтижеге жеткізеді деп
ешқашан ойламас та еді, сенбес те еді.
Мұндай бірдеңе болады екен деп үш ұйықтаса түсіне енген емес.
Осының бəрін ол не деп пайымдады екен сонда?
Алдынан бір сұрақ қойылды да, одан жалтаруға қақы болмай қалды.
Сұрақты қойған кім еді?
Оқиғалар еді.
Бірақ оңай оқиғалар емес-тұғын.
Говэн тергеуге төтеп беріп бақты.
Ол қазір қатыгез сот алдында тұр.
Сот - ар-ұжданы.
Ол тұла бойы толқып тұрғанын сезді. Оның ең табанды сенімі, ең асыл
серті, ең бұлжымас шешімі - бəр-бəрі түбірінен шайқалып кетті.
Ол жаңа ғана өзі куə болған нəрсені неғұрлым ойлаған сайын, жан
толқуы соғұрлым күшейе түсті.
Ол болуға тиіс нəрсе үшін жауапкершілік сезімнен бас сауғалай алмады.
Бүл маңызды іс еді əрі ол, Говэн, осы іске көппен бірге қатысты. Симурден
"Мұның саған қатысы жоқ" деп қанша айтқанмен, одан сырт бере алмады,
тамыры үзілген теректей бір сезімге душар болды.
Говэн жан-тəнімен тебіренді.
Басынан ақиқатты сығып шығарғысы келгендей қос қолдай ұстап алған.
Туып отырған жағдайды айқындап, жігін айыру оңай емес-тұғын.
Говэн əлгінде ғана керемет нəрсеге куə болды.
Маркиздің қайырымсыз жүрегі жеңіліс тапты.
Говэннің алдында бұрын өзімшіл əрі зұлым делініп келген адам тұрды;
оның тұла бойында адамның жан дүниесіндегі жамандық атаулы:
қатыгездік, адасушылық, соқырлық, қасақана тайталастық, менмендік,
өзімшілдік - бəр-бəрі тоқайласқан, міне, енді осы адамға бір керемет болды.
Говэн адамгершіліктің адамды жеңгеніне куə. Адамгершілік алдында
сұмпайылық тізе бүкті.
Дүниеге жаңа аяң басқан, титімдей бейкүнə үш жан, айдалада панасыз
қалған, былдырлап, күлімдеуден басқа дəнеңені білмейтін үш жетім азамат
соғысына, өшпенділік заңына, жаппай ойранға, өзара қырғынға, жіктік
дүрдараздыққа, кекшілдікке қарсы шықты да, салтанат құрды. Адам естіпкөрмеген қылмысқа ұрындыруға тиіс қаскүнем өрт мақсатына жетпеді:
сұрқия пиғыл іске аспады. Феодалдық ежелгі өшпенділік, өзінен
кейінгілерге деген етке сіңген менсінбеушілік, даңдайсулық, соғыс
уақытының талабымен ақталмақшы даңғойлық, мемлекеттік ой-пікір,
ымырасыз кəріліктің тəлімсіген шəлкездігі - осының бəрі өмірге көзін енді
ашқан сəби жандардың жарқын жанары алдында қаусап, қожырап жүре
берді.
Говэн ой толғаумен болды.
Айып тағылған, заңнан тыс деп жарияланған, қабырғаға тықсырылған,
қысқашпен шегеше қысылған, цирктегі аңша қыспаққа түскен, түрмеше өз
ініне қуып тығылған, темір тор мен от құрсауына қамалған маркиз деЛантенак құтылып кетті. Иə, мұндай керемет те оның қолынан келді. Ол
мұндай соғыстағы ең қиын таңғажайып əскери айла жасады: ол қашып
кетті. Ол бой тасалап, жасырына алатын орманға қайтып оралды; ол
қараңғылыққа сүңги, зым-зия жоғалды. Оның қол астында өзіне жете таныс
ел болатын, мұнда ол басталған күресті қайтадан оңай тұтата алатын; ол
қаһарлы қара күшке, кезбе жын-періге, ібілістердің жетекшісіне, жер
астындағы жауынгерлердің көсеміне - баршаға осыншама үрей салған
орман қожайынына қайта айнала алатын. Жеңіс Говэндікі еді, бірақ
Лантенак бас бостандығын қайтып алды. Лантенак қауіпсіз жерде еді,
қызмет етуіне қайтадан өріс ашылған; баспана таңдап алуына қыруар
мүмкіндігі бар-ды. Ол қайтадан із шалдырмас, бой бермес, торға түспес
болып алды. Арыстан тосқауылға түсті де, бұлқына босанып кетті.
Енді ол тосқауылға қайтып келді.
Маркиз де-Лантенак өзін қорғап келген түнектен шықты, оз еркімен, өз
тілегімен шықты, орманмен қош айтысты, қауіпсіздікті, бостандықты
елемей, күмəнсіз өлімге қарсы жүріп, əуелі от көмейіне ұмтылып, тірілей
жанып кетуге тəуекел жасады, содан сатымен, басқаларға арашашы, ал
өзіне залалды сатымен төмен түсті.
Мұны ол не үшін істеді?
Үш баланы құтқару үшін.
Енді оны қайтпек?
Жазалап өлтірмек.
Сөйтіп, бүл адам кішкентай үш бала үшін... өз балалары үшін бе?.. Жоқ:
нəсілдес туыстары үшін бе? Жоқ... өзі мүлде танымайтын, жалаңаяқ,
жалаңбас қайдағы бір үш қу жетім үшін, ол құтылып кеткен, сəтімен
қашып шығып, жеңіске жеткендей масайраған бүл ақсүйек, бүл мұрагер,
бүл қарт бəрін тастап, бəрін ұмытып, бəрін талақ етіп, тəуекелге байлады
да, балаларды құтқарды, бұған дейін жұрттың зəресін ұшырып келген, енді
қасиет дарыған басын жауына тəкаппарлықпен сыйға тартты.
Олар енді не істемек?
Осы тартуды қабыл алмақ.
Маркиз де-Лантенак екінің бірін: өз өмірі мен жақынының өмірін
таңдай алатын; ол өзіне өлім тілеп алды.
Енді оны өлтірмек.
Қаһармандықтың құны осындай!
Қайырымды қылыққа қастанды жауап!
Республика мұратын неткен табалаушылық бүл!...
Жəне осының бəрі əскер басшысының қатысуымен, өзінің, Говэннің
қатысуымен істелмек! Əрі ол бөгет жасау қолынан келсе де, осыған жол
бермек!"Мұның саған қатысы жоқ" деп өзіне айтыла салған өктем сөзге
тосылып, көне қалмақ. Мұндайда өзіңді аластау сыбайластық жасаумен
пара-пар екенін іштей сезбейді де! Əрі ол кісі қатысатын мұндай маңызды
істе оны жүзеге асырушыдан гөрі, жүзеге асыруға жол беруші анағүрлым
жаман екенін түсінбейді де!
Бірақ, екінші жағынан, осы өлімге, осы адамды жазалап өлтіруге ол
келісімін өзі бермеп пе еді? Симурденге Лантенактың жөні бөлек екенін,
оған мейірбандықтың жатпайтынын, Лантенак қолға түсісімен соның,
Симурденнің, қолына берілетінін салтанатпен мəлімдеген соның өзі,
адамгершіл Говэн емес пе?
Иə, ол Симурденге борыштар: оған осы басты ұстап беруге уəде еткен,
енді сол басты ұстап бере тұрып, ол борышын ғана өтемек.
Мұның бəрі солай. Бірақ əңгіме тап осы бас туралы болып па еді?
Говэн бұған дейін Лантенакты жабайы жауынгер, феодализм фанатигі,
тұтқындарды құртып келген қаныпезер, соғыс кезінде жүгенсіздікпен лаң
салған жыртқыш деп қана білетін. Мүндай Лантенактан ол қорықпайтын;
бүл жендетті ол ойланбастан өлімге кесер еді. Қайсар адам Говэндей қайсар
сотқа тап болар еді. Бірақ сахнаға күтпеген жерден жаңа Лантенак шықты.
Сұмырай - батырға, мейірімді адамға айналды. Енді Говэннің алдында
жұртты қырып келген қаныпезер емес, қайта арашашы түр. Лантенак оны
жарқ еткен ізгілік найзағайымен түйреп өтті.
Говэннің алдында тағы бір күйінішті сұрақ тұрды. Бүл - туыстық
арқауы болатын. Ол төккелі отырған қан - өз қаны, Говэндердің қаны емес
пе? Оның атасы қайтыс болған, бірақ атасының ағасы тірі болатын жəне
бүл екінші атасы маркиз де-Лантенак тұғын.
Говэннің ар-ұжданының дау-дамайында мəселе осылайша қойылды да,
жауап өздігінен келіп туды: Лантенакты құтқару керек.
Ал Франция ше?
Бүл бəрін өзгертіп сала берді.
Франция - сұмдық қыспақта. Францияны сатып кетті: ол жау алдында
қалқансыз, қорғансыз қалды. Оның бұдан былай межесі жоқ: Германия
Рейннен аттап өтті; оның бұдан былай бекініс қабырғасы жоқ: Италия Альпіден, Испания - Пиренейден басып өтті. Оның бір ғана тірегі - теңіз
тұңғиығы, мұхит қалып отыр. Мұхит соның жағында. Ол мұхитқа сүйене
алатын жəне оның кең айдынына арқа сүйей отырып, ұлы да қуатты
күйінде жалпақ жермен шайқаса алатын. Тіпті соның өзінде де ол
жеңілмейтін. Енді одан ақырғы тірегін - мұхитты да тартып алмақ. Бұл
мұхитта Англия түр. Рас, Англия француз жағалауына қалай баруды бұған
дейін білмейтін. Бірақ енді Англияға қол ұсынатын, мұхит арқылы көпір
тастап, Питтке жəне сол теңіз қарақшыларының бəріне: "Мархабат
етіңіздер, төрлетіңіздер!" дейтін, "Мə, керегі Франция болса, ала
қойыңыздар!" деп айғай салатын адам бар. Жəне бүл адам - маркиз деЛантенак.
Қазір бүл адам Говэндердің қасында. Үш ай соңынан түсіп, үш ай қыр
соңынан қалмай, қуғындай жүріп, ақыры қолға түсірді. Революцияның
өткір тырнағы нəлет соққан залымды желкесінен бүрді; тоқсан үшінші
жылдың түйілген жұдырығы роялист қаныпезерді жағадан алды.
Феодализмді қорғаушы феодалдық зынданға қамалды. Қамалдың тасына
дейін оған қарсы көтерілді: бүл тас оны тырп еткізбей ұстап отыр, сөйтіп,
отанын сатпақ болған адамды өз үйінің сатып кеткені мынау.
Кек алар сот келіп жетті. Революция халық жауын тұтқындады: енді ол
шайқасуға да, күресуге де, зиян келтіруге де дəрменсіз. Вандеяда қол көп,
ми біреу ғана болатын. Осы миды құрту азамат соғысын тоқтатумен бірдей.
Оны құтқармақшы біреу шынымен табыла қояр ма екен?
Симурден, яғни тоқсан үшінші жыл, Лантенакты, яғни монархияны
қыспақта ұстап тұр, сонда ойда-жоқта олжаны осынау темір қыспақтан
құтқармақ адам табылып қалса ше? Лантенак, өткен шақ деген жалпылама
аты бар пəле атаулының бейнесі Лантенак, маркиз де-Лантенак енді қабір
ішінде; мəңгіліктің зілдей есігі соңынан тарс жабылды, сонда əлдекім есік
тұтқасын ашпақ болса ше? Қоғамға қарсы бұл қылмыскер өлді, əрі
сонымен бірге бүлік, алауыздық, өзара зұлмат соғыс тоқталмақ, сонда
кенеттен біреу оны қайта тірілтпек болса ше?
Пай-пай, бұл өлі бас сонда қалай кеңкілдеп күлер еді!
О дүниеден келген бұл кісі: "Рахмет сендерге, ақымақтар! Міне, мен
тағы тірілдім", - деп қандай табалар еді?
Ол пасық ісін екілене қалай қайта қолға алар еді? Қайсарлығы қайта
ұстап, масайраған күйі, өшпенділік пен рақымсыздықтың кекті батпағына
қаншалықты шаттанып, қайтадан белшесінен батар еді? Сонда үйлер мен
деревнялар қайтадан лапылдап, тұтқындарды қырып-жою, жаралыларды
ұрып-соғу, əйелдерді атып-асу қайтадан басталмақ.
Жоқ-ə, басқа пиғылдың бəрін былай қойғанда, ол, Говэн, өзін осыншама
қайран қалдырған мейірбандық қылықтың маңызын асыра бағалап тұрған
жоқ па?
Иə, үш баланың ажал тырнағына ілігіп, оларды Лантенактың
құтқарғаны рас.
Бірақ оларды құртпақ болған да сол Лантенактың өзі емес пе еді?
Оларды қызыл шоққа тастаған кім? Кішкентай бесіктерін өрт шығатын
жерге апарып қойған кім? Иманус.
Ал Иманус кім еді?
Лантенактың өміріндегі адам, соның оң қолы болатын. Өрттің шығуына
кім жауапты? Бастық.
Сөйтіп, өрт қоюшы да, кісі өлтіруші де соның өзі - Лантенак.
Ол əдеттен тыс соншама не істей қойды? Пиғылын іске асырмады, басаяғы осы ғана.
Қылмысты алдын ала ойластырып, əзірлеп қойып, ақырғы сəтте кейін
шегінді. Өз-өзінен шошынды. Ана зары əркімнің жан дүниесінде, тіпті
қатып-семіп қалған жан дүниесінде де өмір бойы өніп-өрбитін адамгершіл
жанашырлықтың ескі ұйтқысын қозғап жіберді. Бүл зар оны кетіп бара
жатқан жолынан қайтып оралтты. Ол батып-өшпек болған түнегінен қайта
жарыққа шықты. Қылмыс жасап тұрып, оны талақ етті. Ол ақырына дейін
тажал болып қалмады - бар бітіргені осы ғана.
Сонда осындай болар-болмашы нəрсе үшін оған бəрін қайыру керек пе?
Оған қарақшылық жасауға пайдаланар ауаны, күннің нұрын, кең жазираны,
көкмайса алқап пен орман-тоғайды, жақындарын құлдыққа салуға
пайдаланар бостандықты, төңірегіне өлім себуге арнар өмірді қайыру керек
пе?
Ал онымен мəмілеге келуге тырысу, бүл өр кеудеге сеніммен эсер етуге
талпыну, оған белгілі бір шарт бойынша бас бостандығын ұсыну жəне
қандай да бір дұшпандық əрекеттен тартынуға келісесің бе деп сұрау
қандай қателік болар еді? Мұндай əрекет оны қалай дандайсытар еді?
Мұндай əрекетті ол қаншалықты жиіркенішпен, тыжырынып қарсы алар
еді? Бүл сияқты сұраққа ол қандай шапалақпен жауап берер еді?
"Масқаралық өздеріңе, одан да мені өлтіріңдер!" деп қаншалықты
кекесінмен табалар еді?
Жоқ, мұндай адамды өлтіруге, не босатып жіберуге ғана болатын.
Ал өлтірсе ше? Неткен сұмдық! Ал босатып жіберсе ше? Неткен
жауапкершілік!
Лантенакты құтқару - Вандеямен, басы кесілмеген албастымен күресті
қайта бастау деген сөз. Осы адам жоғалысымен өшкен өрт жалыны əп-сəтте
ақпа жұлдыздай жарқ етіп, қайта өршімек. Ол жоспарын жүзеге
асырмайынша, республиканы - монархиямен жəне Францияны - Англиямен
құлпы тасша бастырмайынша тыншымайды. Лантенакты құтқару Францияны құрбанға шалу деген сөз. Лантенактың тірі қалуы - жазықсыз
мыңдаған еркектің, əйелдер мен бала-шағаның өлімі, ағайын-туыс
арасындағы қырғын соғыстың қайта басталуы деген сөз, бұл ағылшындардың жағаға түсуі, революцияның кері кетуі, қалалардың
талқандалуы, Бретаньның қанға боялуы, халықтың жапа шегуі, құзғынның
улы шеңгеліне олжа тастау деген сөз. Оны босатып жіберу - жолбарысты
еркіне жібергенмен бірдей емес пе?
Сонан соң сұрақ бастапқы қалпына тағы қайтып келді. Жə, жетер,
Лантенак жолбарыс па екен?
Бəлкім, ол жолбарыс болған да шығар, ал қазір ше?.. Говэннің ойы бір
орында шыр айналды.
Лантенак бар зұлымдығын осынау жанқиярлық əрекетімен ақтады. Енді
ол таза, пəк.
Ол жұрт құрметіне ие болды.
Лантенак өзін елден ерек адам ретінде танытты.
Ендігі кезек Говэндікі. Мұндай өршіл қылыққа ол немен жауап
қайтармақ?
Қайтпек?
Сөйтіп, ойша: "Мен Лантенакты құтқарамын!" деп бекінді ол.
"Тамаша! деген басқа бір дауыс естілді жүрек түкпірінен. - Бар,
көмектес ағылшындарға. Дезертир бол. Жауға барып беріл Лантенакты
құтқарып, Францияны сат!
Бұл дауыс оны тітіркендіріп жіберді. "Сен ештеңені де шеше алмайсың,
қиялшыл!" деді ол іштей.
Іштей күрес оны қарама-қарсы ақиқаттар өзара арпалысқан жерге, адам
санасы жеткен адамгершілік, отан, отбасы сияқты ең жоғары үш қағида бірбіріне қырғи қабақтана қарайтын жерге, тұйыққа апарып тіреді.
Говэн сеңдей толқыды. Бүл нағыз азап еді.
Алдында түпсіз екі шыңырау жатты. Ол Лантенакты құртуға, не
құтқаруға тиіс. Бір тоқтамға келу қажет.
Борыш оны осы екі шыңыраудың қайсысына итермеледі сонда?
III. Командирдің плащы
Қоңырау түн жарымын, сонан соң таңғы сағатты соқты. Говэн ойықтың
қасына қалай келіп қалғанын өзі де байқамады.
Sez Kazah ädäbiyättän 1 tekst ukıdıgız.
Çirattagı - 93 жыл - 16
  • Büleklär
  • 93 жыл - 01
    Süzlärneñ gomumi sanı 4084
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2212
    34.6 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 02
    Süzlärneñ gomumi sanı 3980
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2177
    33.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 03
    Süzlärneñ gomumi sanı 4130
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2081
    34.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 04
    Süzlärneñ gomumi sanı 4161
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2093
    35.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.2 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.0 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 05
    Süzlärneñ gomumi sanı 4035
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2142
    34.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 06
    Süzlärneñ gomumi sanı 4018
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2163
    33.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.7 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 07
    Süzlärneñ gomumi sanı 3816
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2202
    30.7 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    44.1 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 08
    Süzlärneñ gomumi sanı 3982
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2146
    35.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.6 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.6 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 09
    Süzlärneñ gomumi sanı 4081
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2160
    36.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    50.3 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    58.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 10
    Süzlärneñ gomumi sanı 3991
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2130
    33.0 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    54.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 11
    Süzlärneñ gomumi sanı 3964
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2071
    34.8 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.4 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    57.1 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 12
    Süzlärneñ gomumi sanı 4111
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2038
    36.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.5 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    59.4 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 13
    Süzlärneñ gomumi sanı 4020
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2081
    33.5 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    46.9 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    53.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 14
    Süzlärneñ gomumi sanı 4058
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2095
    35.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    49.9 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.9 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 15
    Süzlärneñ gomumi sanı 4018
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2115
    33.3 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    47.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    56.2 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 16
    Süzlärneñ gomumi sanı 3995
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 2093
    34.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    48.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    55.5 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.
  • 93 жыл - 17
    Süzlärneñ gomumi sanı 3439
    Unikal süzlärneñ gomumi sanı 1990
    32.4 süzlär 2000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    44.8 süzlär 5000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    51.8 süzlär 8000 iñ yış oçrıy torgan süzlärgä kerä.
    Härber sızık iñ yış oçrıy torgan 1000 süzlärneñ protsentnı kürsätä.