Latin Common Turkic

Матерамен Қоштасу - 01

Общее количество слов 3942
Общее количество уникальных слов составляет 2252
35.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
48.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
55.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
(повесть)
I
Өзінің бітпейтін де қоймайтын тізбегі қатарында, өз ретімен тағы
бір көктем келіп жетті, Матера үшін, осы атпен аталатын арал мен
деревня үшін бұл ең соңғы көктем еді. Тағы да шатыр-шұтыр
жарылып, алапат бір күшпен жағалауға қатпар-қатпар мұзды қатқабаттап үйіп, сең жүріп өтті де, Ангара мұз сауытын сілкіп тастап,
еркін көсіліп, ашық-жарқын жалтырап, жойқын бір ағынға айналды.
Тағы да жоғарғы мүйістің үшкір тұмсығын сипай, екі жаққа лықси
аққан су шуылы естіле береді, тағы да жер беті мен ағаш-ағашты
қуалап, жасыл жалын лапылдай жөнелді, алғашқы жаңбыр құйыпқұйып өтті де, қарлығаштар мен сұр қарлығаштар ұшып келе бастады,
саздақтағы бақалар оянып, тіршілікке құштарлығын сездіре, кешке
салым жағалай бақылдайтын болды. Мұның бəрі сан рет болған,
жалғанның əрбір жарық күнінен озып кетпей, не қалып қоймай,
Матёра да сан рет табиғатта болып жататын өзгерістер легінде
жүрген, міне, қазірде жұрт бақша екті — бірақ түгел емес: үш семья
өткен күзде көшіп, əр түрлі қалаларға кетіп қалған, ал тағы бір үш
семья деревнядан бұлардан да бұрын, əлгі бір қауесеттің рас екені
анықталған бірінші жылы жырылып шығып кеткен болатын. Бұрынғы
əдетпен егін де салды — бірақ егістіктер тегіс қамтылмады: осы
маңды, аралдың жақын-жуық жерін жыртқаны болмаса, өзеннің арғы
бетіндегі аңызға тимеді. Бақшадағы картопты да, сəбізді де биыл бір
мезгілде екпей, əркім қолы қалт еткен кездері, қалай болса, солай eгe
салды: енді қазір көптеген кісілер араларында суы мен тауы бар, он бес
шақырым жер айырып тастаған үйде бірдей тұрып, бөлініп-жарылып
жүргені Матёра да сол бұрынғы мекен сияқты, өзгеріп те кеткен
сияқты: қора-жайлар орын-орнында тұр, тек бір ағаш үй мен моншаны
бөлшектеп, отынға жаратты, барша тіршілік əзірге бұрынғы қамқаракетімен əуре, бұрынғыша қораздар шақырып, сиырлар мөңірейді,
шабаланып иттер үреді, ал бірақ деревня солып барады, түбінен
кесілген ағаш тəрізді солып бара жатқаны, тамыры үзіліп, дағдылы
тірліктен арылғаны анық. Бəрі де орын-орнында бірақ бір түрлі
бейтаныс: қалақай басынып, қаулап өсіп, қалыңдай түскен, қаңырап
қалған үйлердің терезелерінен тірлік нышаны сезілмейді, аулаауланың қақпалары аңқиып ашулы тұр — оларды ескі əдетпен жауыпақ қояды, бірақ белгісіз бір бəлекет: солардан өкпек жел аңырай
соқсын, қақпалар сықырлап, тарс-тарс соғылып тұрсын деп, оларды
қайта-қайта ашып кетеді; шарбақтар мен дуалдар қисайып, қоралар
мен қоймалар, бастырмалар қарайып, азып-тоза бастады, əр түрлі
сырықтар мен тақтайлар рəсуа болып, шашылып жатыр — əлі де ұзақ
уақыт жұрт мұқтажына жарасын деп, оқтын-оқтын өңдеп-жөндеп,
ұқсатып қоятын ұсынақты қолдың бұлардан үріккені қаш-шан.
Көптеген үйлер əктелмеген, жиналмаған, жартыкештеніп қалған,
олардың бүлінген-тырналған күңгірт бұрыш-бұрышы жалаңаштанып,
біраз заттары жаңа тұрғын-жайға əкетілген, кейбір дүние-мүлік бір
қажетке жарар деп осында қалдырылған, өйткені бұл араға əлі талай
соғып, күйбең-күйбең уақ-түйекті істемек керек. Ал қазір Матёрада
тұрақтанып, тек шалдар менен кемпірлер ғана қалды, олар бүкіл тірлік
көзін сақтап, деревня құлазып бос қалмасын деп, бау-бақша мен үйжайларға көз қарақ болып, мал жайып, балаларды бағып-қағып жүр.
Кешке салым олардың бəрі бір жерге бас қосып, жайымен əңгіме-дүкен
құрады — сондағы айтатындары бір ғана нəрсе: енді не болып, не
қояды деген, олар үлкен жаңа поселке салынып жатқан Ангараның
арғы бетіне, он жағалауға қауіптене бір-бір қарасып қойып, жиі-жиі
ауыр күрсініседі. Ол жақтан қилы-қилы қауесеттер жетіп жатады.
Осыдан үш жүз жылдан аса уақыт бұрын оқшау аралға
қоныстанбақшы болған бірінші мұжық бұдан артық жерді таба
алмайтынына анық көзі жеткен, көреген де мəттақам адам болса
керек. Арал бес шақырымнан артығырақ жерге ащы ішектей жіпжіңішке болып шұбатылмай, өтек тəрізденіп талпиып жатыр — мұнда
егістікке де, орман-тоғайға да, бақа-шаянды саздаққа да жететін жер
бар, ал төменгі жақтағы тайыз, қисық өзектің арғы жағынан Матёраға
жақындай жүзіп келіп, басқа бір арал тоқтаған, жұрт оны бірде
Подмога, бірде Поднога деп атап кеткен. Подмогасы — түсінікті: өз
жерінде жетіспеген нəрсені осы арадан алып отырған, ал неліктен
Поднога болғанын — құдайдың тірі жаны түсіндіре алмас еді, оны енді
қазір түсіндіре алмайтыны бес инеден белгілі. Біреудің тілі бұралып
кеткен шақта шыққандағы, солай аталып кеткен шығар, ал тіл
жарықтыққа сөз неғұрлым қитұрқы, қызық болса, соғұрлым сүйкімді
көрінеді. Осы бір оқиғада, қайдан шыққаны беймəлім, тағы бір есім —
Богодул бар, сеңделіп өзге бір өлкеден келген шалды, əлгі бір сөзді
хохолдардың мəнеріне салып, Богодул деп атап кеткен. Бірақ бұл арада
осынау лақап аттың неден шыққанын жорамалдап айтуға болады
əйтеуір. Өзін полякпын дейтін шал орыстың боғауыз сөзін жақсы
көретін; шамасы, осы араға келген сауатты кісілердің бірі, оның сөзін
тыңдағаннан кейін, біртүрлі налыңқы кейіппен: богодул (құдайды
қарғаған) десе керек, ал, деревняның кісілері мұны əлде ұқпады ма,
əлде тілін əдейі бұрып, Богодул деп өзгертіп жіберді ме — кім білген.
Тап осылай болды ма, əлде болмады ма, анық-қанығын кесіп айту
киын, бірақ осындай бір болжам өзінен-өзі сұранып-ақ тұр.
Деревня өз өмірінде талай құқайды көрген. Ежелгі заманда мұны
жанап, Ангараны жоғары бойлай, Иркут бекінісін салу үшін қаба сақал
қазақтар жүріп өткен, екі жаққа бірдей ерсілі-қарсылы ағылып
жататын сауда адамдары бұл қыстаққа қоналқаға келіп отырған; су
үстінен айдалғандарды алып келе жатып, кеме тұмсығынан ел-жұрты
бар жағалауды көріп, бұлар да бұрылатын болған: маздап от жағып,
оған осы арадан ауланған балықтан қарма-сорпа жасаған. Аралды
басып алған колчакшылар мен екі жақ жағалаудан да қайықтарға
отырып, тіке шабуылға шыққан партизандар арасында екі күн бойы
қырғын соғыс болып, күркіреп өткен. Колчакшылардан Матёрада,
жалаңаш мүйістің жоғарғы шетінде ағаштан қиып салынған ұзын
барак қалды, соңғы жылдары онда жадыраған жаздың жылы-жайлы
күндерінде, тарақан тəрізденіп, Богодул қарт тұрып жатыр. Деревня
өзен тасып, аралдың жартысы су астында қалғанын да, ал Подмоганың
үстінен — ол жайпақ та тегіс болған — иірімденіп, буырқанып тасқын
аққанын да, от пен өртті де, аштық пен талау-тонауды да көрген.
Жалпы ел сияқты, деревняның тап-тұйнақтай төбе басында,
алыстағы екі өзектің екеуінен де анық көрінетін, шағын ғана шіркеуі
болатын; осы бір шіркеуді колхоз ұйымдасқан кездері қоймаға
лайықтап жөндеген-ді. Шынында да, пірəдар поп болмағандықтан
мұндағы діни қызмет одан бұрын тоқтап қалған еді, бірақ мұнара
басындағы крест со күйі қала берген, ал кемпір-сампырлар таңсəріден
оған қарап иіліп тағзым етіп жататын. Сосын кресті де ұшырып түсірді.
Жоғарғы мүйістегі, əдейі қазылғандай болып көрінетін өзек басында
диірмен бар-тұғын, ол бас пайдасы үшін өзгелер дəнін тартпағанымен,
ешкімге жалынбай өз астығын тартуға кəміл жетуші еді. Соңғы
жылдары бұрынғы ескі тепсенге аптасына екі рет самолет келіп
қонатын да, жұрт қалаға ма, ауданға ма, əуемен ұшып баруға
дағдыланып кеткен-ді.
Хош, сонымен, деревня өзеннің сол жағалауында, жар басындағы
ата қонысынан қозғалмай, өзге мекен-жайлармен қарым-қатынас
жасап, қадым заманнан қасында жүріп, қорек тапқан суды қалай қарсы
алып, ұзатып салса, зулаған жылдарды да солай қарсы алып, шығарып
салып, елден озбай, көштен қалмай, тірлік етіп жатты. Аққан судың
шет-шегі жоқ болып көрінетіні секілді деревня да мəңгі жасайтын
тəрізді: олардың біреуінің нан-тұзы таусылса, екіншілері туып жатты,
ескі үй-жайлар тозып, құлап, жаңалары қиылып, салынып жатты.
Бірде, айдың-күннің аманында, деревняның шаруасы да бітіпті, күні де
таусылыпты, деген суық хабар жеткенше, ол небір нəубет пен қилықилы заманды басынан өткеріп, үш жүз жылдан аса уақыт ғұмыр
кешіпті, осы уақыт ішінде жоғарғы мүйістің шамасы, жарты
шақырымдай жерін су шайып кеткен болар-ау. Ангараның төменгі
жағынан электр станцияға арнап, бөгет салып жатыр, бұдан өзен мен
өзекшелердің суы көтеріліп, жайылады да, көптеген жерді, оның
ішінде, əрине, ең алдымен Матёраны басып қалады. Егер тап осындай
бес аралды қабаттап, бірінің үстіне бірін қойса да, бəрі бір, олардың
төбесі көрінбейді, бұдан кейін шыжандай ел-жұрттың бұрынғы
қонысын таба алмайсың. Көшуге тура келеді. Мұның өзі іс жүзінде
солай болатынына, қараңғы халықты қорқытып келген дүниенің
ақырзаманы осынау деревня үшін шынымен-ақ жақын қалғанына
сенудің өзі қиын еді. Алғашқы сыбыстан кейін арада бір жыл өткен соң,
катермен нарық комиссиясы келіп, үй, қора-жайлардың тозғантозбағанын анықтап, олардың ақшасын белгіледі. Енді Матёраның
тағдыр-талайына күмəн келтіруге болмай қалды, ол ең ақырғы
жылдарында жансебілденіп жатқан-ды. Оң жағалаудың бір жерінен
совхозға арналып, жаңа поселке салынып жатса керек, жақын жердегі,
тіпті мойны қашық жердегі колхоздардың бəрін соған апарып
ұйыстырады екен-дағы, қалған қоқыр-соқырмен əуре болмас үшін ескі
деревнялардың бəрін өртеп жіберетін көрінеді.
Енді тек ақырғы жаз ғана қалды; күзде су көтеріле бастайды.
2
Үш кемпір самаурынды ортаға алып, бірде шыныаяққа шай құйып,
оны асықпай ішіп, үндемей қалса, сəлден кейін қайтадан енжар,
қажыған кейіппен, желісі босаған əлсіз əңгімені сараң бірер сөзбен
сабақтап қояды. Олар кемпірлердің ең кəрісі — Дарьяның үйінде
отырған; қариялардың ешқайсысы өз жасынын нешеде екенін дəлмедəл білмейтін; өйткені со туған күні бұларды шоқындырған кезде
жазылған шіркеу қағазында қалған, оны кейін бір жаққа алып кетсе
керек — енді оның із-түзін табу мүмкін емес. Өздерінің жасы жайлы
кемпірлер мынадай бір кепті айтатын:
— Қыз-ау, сен туған кезде мен Васьканы, інімді, арқалап жүретінмін.
Бұл — Дарьяның Настасьяға айтқаны.— Мен ол кезде есімді
білетінмін, ұмытқан жоқпын,
— Қалай десең де, сен менен есебі, үш жастай ғана үлкен шығарсың.
— Бетім-ау, үш жасы несі! Мен күйеуге шыққанда, сен кім едің —
артына бір қарашы! Сен онда көйлексіз, жалаңаш зырлап жүретінсің.
Менің қалай шыққаным, өзің ойланшы, есіңде шығар.
— Иə, есімде.
— Солай де. Маған теңелу қайда саған! Сен менің қасымда қайда, əлі
солқылдаған жассың.
Үшінші кемпір Сима бұлардың баяғы заманда болған естеліктеріне
араласа алмайды, ол бір тағдырдың кездейсоқ желі айдап, осыдан он
жылдай бұрын Матёраға келген кірме кісі-тұғын, өзі Матёраға Ангара
деревнясы Подволочнаядан келген-ді; ол о жерге сонау Тула түбіндегі
бір мекеннен келіп жеткен секілді, өзіне салсаң, Москваны екі рет —
соғысқа дейін жəне соғыс кезінде көріпті. Бұған деревнядағылар: өзін
көрмеген, тексеріп білмеген нəрсеге онша сене берме, деген ежелгі
əдеттері бойынша, күле қарайтын болды. Егер бұлардың бірде-біреуі
көрмесе, қайдағы бір қаңғыбас кемпір Сима Москваны қалай көрген?
Оның іргесінде тұрғанынан не пайда?—Москва, сірə, кім көрінгенді
жібере бермейтін шығар. Сима бұған ашуланбайды, өзеуремейді, тек
үндемей қоя салады, ал біраздан кейін сол сөзін қайта айтады, сол үшін
ол «Московишна» деген лақап атқа ие болды. Сима — мұнтаздай таптаза, . ұқыпты кемпір еді, ептеп қара танитын, өзінде əндер жинағы
болатын, кейде бір көңілі соққан кездері со жинақтан талай қыз тағдыр
туралы ұзын ырғақты бір мұңлы əндерді созып отырып алатын. Сонша
сергелдеңге түсіп, соғыста кіндік қаны тамған жерін тастап, жан
дегенде жалғыз қызын — ол да мылқау — туып, енді қартайып
қалжыраған шағында бармақтай немересімен жалғыз қалып, оны
қашан, қалай ел қатарына қосатыны беймəлім болса — бұ байғұстың да
қатыгез тағдыр талқысын көргені, тегі, рас болса керек. Бірақ Сима
қазір де, екеуі бір-біріне ес болатын, кірін жуып, ауқатын əзірлеп, беріп
отыратын бір шалды табудан үмітін үзбейді. Тек осы себептен ғана
кемпір бір кезде Матёраға тап болған: Максим атайдың сояудай
сопайып жалғыз қалғанын естігесін, ол əдеп үшін мерзімді уақытты
тосып отырды да, о кездегі мекені Подволочнаяны тастап, бақытты
көксеп аралға аттанған. Бірақ бақыты құрғыр алақанға қона қоймады:
Максим атай қасарып көнбеді, Симаны əлі жете білмейтін қатындар
оған қол ұшын бермеді; атайдың ешкімге керегі болмаса да, өздерінің
атайы, оны апарып, бөтен біреудің бауырына сала салуға қимады.
Бəрінен бұрын Максим атайды үркіткен Симаның мылқау қызы Валька
болса керек, ол кезде о қыз кісінің құйқасын шымырлататын бір ащы
дауыспен өкіріп, ұдайы бірдеңені қыңқылдап сұрай беретін жынды
кештеу бойжеткен еді. Осы бір сəтсіз құдалық жөнінде ауыл адамдары:
«Сима шалды қалап кепті, бірақ оны жанап етті»— деп келекелеп
жүрді, бірақ Сима бұған қынжылмады. Ол қайтадан Подволочнаяға
кетпеді, төменгі жақтағы бос қалған шағын үйге кіріп алды да, сол
бетімен Матёрада қалып қойды. Бақша салып, өрмек құрып, əр түрлі
жыртылған шүберектен, жүн-жұрқадан алаша тоқып, жоқ-жітіктің
күнін көрді. Шешесімен бірге тұрған кезде Валька колхоз жұмысына
барып жүрді.
Тап қазір Симаның қасына, бес жастағы бармақтай немересі,
Вальканың көлденең тапқан ұлы келіп сүйкеніп тұр. Бала шешесіне
тартып мылқау болмады, бірақ қиналып аз сөйлейді, өзі əжесінің
етегінен айрылмайтын қорқақ та кісі-киік болып өсті. Кемпір
байғұстар оны аяп, жаны ашып, аймалап жатады — ол болса, Симаға
бұрынғыдан бетер жабысып, қарияларға бір түрлі балаға тəн емес есті
көзбен күйіне қарап, монтиып бəрінің. жай-күйін түсініп тұрғандай
болатын.
— Маған тап осылай қарайтын сен кім едің сонша?— деп
таңырқайтын Дарья.— Сен менің сыртымнан нені көріп тұрсың —
ажалымды ма? Мен оны сенсіз де білемін — қарашы, бұл мақаудың
шегедей қадалуын.
— Ол мақау емес,— дейді Сима ренжіп, Колькасын бауырына қыса
түсіп.
— Мақау болмаса, неге үндемейді?
Байты шайдан, батыс беттегі терезеден түскен екіндіге таяған күн
шұғыласынан бойы балқыған кемпірлер əңгіме тінінен тағы айрылып
қалды. Қасында отырған Симаның төбесінен қарайтын, ұзын бойлы,
тарамыс кемпір Дарья екі ұрты опырайып, ішіне түсіп кеткен, қатал да
қуқыл жүзін столдан алмай, əлденені мақұлдағандай басын изеп отыр.
Ұлғайған жасына қарамастан, Дарья кемпір өзінше жүріп-тұрып, қалқадарынша қолынан келетін жұмысты, үй шаруасының недəуір ісін
тындырып жүретін. Енді, міне, баласы мен келіні жаңа қонысқа көшіп
кетті де, аптасына бір реттен немесе тіпті одан да сирек қатынайды,
сол себепті де бүкіл қора-жай, бүкіл бау-бақша мұның мойнында, ал
қора-жайда сиыр, баспақ, қыста туған бұқашық, торай, тауықтар мен ит
бар. Рас, егер кемпірдің əл-дəрмені жетпей жатса не сырқаттанып
қалса, көршісі Верадан көмек сұра деп қатты тапсырылған болатын,
бірақ əйтеуір əзірге, шүкіршілік, Дарья барша ісін өзі атқарып жүр.
Июнь айының туғаны осы, ала көбең қысқа түндердің тұнжырап
келіп үзіп-үзіп кететіні болмаса, бір мамыражай ашық, шуақты күндер
керуені тұтасып жатты.
Су ортасындағы аралда ыстық аптап дегенің болмайды. Самал-себез
саябырлап, дамыл тапқан қоңыр кештерде күн бойы қызған жер
бусанып, жылы бу таратып, төңірек маужырай, рақат-шарапатқа
бөленіп, тамылжыған тыныштық-тыным орнайды, бұрынғыдан бетер
қоюланып, жаңғыра-жасара түскен жасыл дүние, шалқыған су үстінде
бұрынғыдан бетер бой түзеп, биіктей түскен арал көз алдында
құлпырып, жайнап тұрады, тастан-тасқа секіріп, көңілдене əндетіп,
мөлдіреп ағып жатқан Ангара — міне, осының бəрі мəңгі мызғымас бір
берік дүние болып көрінер еді де, кісі ештеңеге де: бұл араны, су
басатынына да, өздерінің көшіп, ағайынмен айрылысып кететініне де
сенбейтін. Ал мұның үстіне егін мен бақша көгі тебіндеп өсті,
мезгілінде жаңбыр жауып, мезгілінде жылы күндер келіп жетті; бітік
егін кепіліндей болған осы бір сирек кездесетін келісім мен үйлесімге,
.жұрт аңсаған жаздың бірте-бірте баяулап барып жадырап жайма
шуақтануы келіп қосылды...
— Таңертең тұрамын да, ұйқымды ашар-ашпастан, əлгі бəле есіме
сап ете түседі... ой, жүрегім қап-қатты болып, жүрмей қалады,— деп
баяулатады Настасья кемпір.— Жаратушы ием-ай!.. Ал Егор егіліп
жылайды, жылайды келіп. Мен оны жұбатып: «Егор, сен жылама, қой
енді»— деймін, ал ол маған: «Мен неге жыламайын, Настасья, неге
жыламайын?!»—дейді. Өстіп жүрегім тастай болып үй ішін жинаймын.
Күйбеңдеп жүріп қарасам, қыбырлап Дарья жүреді, Вера жүреді, Домни
да жүреді — сосын жүрегім сəл жұмсарып, қысуын қояды. үйреніп
кетемін. Бəлкім, бізді тек қорқытып қана қоятын шығар, ештеңе
істемес,— деп ойлаймын.
— Бізді жөн-жосықсыз қорқытып қайтеді?— дейді Дарья.
— Қорықпайтын кісі қалмасын дейді-дағы.
Настасья, Егор екеуі соқа басы сопайып мүлде жалғыз қалғаннан
кейін (екі ұлы соғыстан қайтпады, үшіншісі тракторымен қоса мұз
ойылып, суға батып кетті, қызы қалада рактан қаза тапты) Настасьяны
аздап шалық шалды, өзінің шалы туралы қайдағы жоқ аянышты,
дертті бірдеңелерді айтатынды шығарды: бірде иіс тиіп, өліп қала
жаздады, əрең айықтырдым десе, енді бірде түні бойы айқайлап,
ойбайлап шықты, өйткені оны біреу ішінен қылғындыратын көрінеді
дейді, тағы бірде жылады, «екі күннің жүзі болды, міне, көз жасы бетін
жуып, еңіреп жылай береді» — дейді, бірақ ел-жұрт Егор атаның
оңайлықпен көзіне жас алмайтынын жақсы біледі. Əуелгі кезде шал
кемпірін ұялтып та, қорқытып та, ақыл айтып, алдарқатып та көрді,
бірақ оған ешбір ем қонбады, сосын шал əлектенуін қойды. Басқа істің
бəрінде де кəдімгі ес-ақылы бүтін адам сияқты, бірақ осы мəселеге
келгенде, бір тетігі бүлініп қалғандайын, өмірде мүлде болмаған, тіпті
болуға тиісті де емес жəйттер туралы аузына келгенін қырық
құбылтып айтып, сандырақтап жүргені. Қайрымды кісілер
Настасьяның осынау ақкөңіл есерлігін елемеуге тырысады, ал қара
жүрек қайрымсыздар:
— Егордың халі қалай, бүгін өлі ме, тірі ме өзі?— деп сұрағанды
ұнатады.
— Ой!— деп кəдімгідей қуанып қалады Настасья.— Несін айтасың,
Егор ма, Егор... Түнде өліп қала жаздады. Қарт кісіде ес бола ма, бір
сүйелін тырнап жұлып тастап, қаны тоқтамай, əлекке түсейік. Аққан
қаны толық бір шылапшын болды.
— Ал, қазір қалай — тоқтады ма?
— Бойындағы бар қаны ағып біткесін тоқтады ғой əйтеуір. Енді
кірпігі ғана қимылдап жатыр. Ой, шал байғұсқа жаным ашиды-ақ,
қайтейін. Қой, мен кетейін, шалға не болды екен, көрейін.
Ал Егор тап сол сəтте, көшенің екінші жағымен сəмсіреп бара
жатқан, Настасья жаққа дəрменсіз күймен ызалана бір қарап: тілің
тасқа, есуас бейбақ, мен туралы тағы бір ертекті айтып тұрсың ғой,—
деп ойлады.
Олар таяу уақытта, елдің бəрінен бұрын Матёрамен қоштасуы керек
еді. Кімнің қайда көшетінін анықтап, бөлу ісіне келгенде, Егор атай
ызаланғаны ма, əлде абдырап, сасып қалғаны ма, кім білген, əйтеуір
қалаға, қала болғанда, əлгі су электр станциясы салынып жатқан
қалаға жазылады. Ол жақта су басатын аймақтан шыққан, осы кісілер
сияқты, жалғыз-жарым қарып-қасірлерге арналып, үлкен екі үй
салынып жатқан. Алыс-беріс шарты былай болатын: олар өзінің
лашығына көк тыйын да алмайтын, бірақ оларға қолма-қол қала
пəтерін береді. Кейінірек Егор ата, Настасья түрткілеп, қыңқылдай
бергесін, қайта ойланып, қаланы, пəтерді де беретін, ақшаны да
төлейтін совхозға өзгерткісі келіп еді, бірақ енді болмайды екен,
кешігіп қалыпты.
— Совхоз пəтерді қызметкерлерге береді, ал сен қайбір оңған
қызметкерсің,— деді селолық советтің председателі Воронцов оған
мəн-жайды түсіндіріп.
— Мен бар ғұмырымды колхозға бердім ғой.
— Колхоздың жөні басқа. Колхоз енді жоқ.
Ауданнан соңғы кезде: көшіңдер де көшіңдер деп Егор атаны екі
мəрте асықтырды, бұлардың Настасья екеуіне арналған пəтері өздерін
күтіп, əзір тұрған көрінеді, бірақ қариялар ажал алдында туған жердің
жанға шипалы ауасымен армансыз бір тыныстап алғысы келгендей-ақ,
көшер сəтін созып, орнынан қозғалмай қойды. Настасья бақша егіп,
əйтеуір неде болса, өзін-өзі алдап, кетер кезді кейінге қалдыру үшін,
бір істен кейін, екінші істі бастап əуреге түсті.
Ауданның адамы ақырғы рет келгенде, бұларға шынымен-ақ əңгір
таяқ ойнатып: о пəтерге басқа біреулер кіріп алады да, сендер жер
сипап қаласыңдар — деп қатты қорқытты, осыдан кейін-ақ, Егор атай
егер шынымен көшетін болсақ — көшелік енді — деп белді бекем
буды. Сосын Настасьяға қарап:
— Троицаға дейін дайын тұрасың!—деп бір-ақ кесті.
Ал троицаға дейін небəрі екі-ақ апта қалған-ды.
— Енді шөп басын сындырмайсың,— дейді Дарья, Настасьяның
көңілін аулағаны ма, əлде оған күлгені ме — белгісіз. Мен анада
қаладағы қызымның үйіне қонаққа барайын — бір ғажабы: онда бар
ғой енді шөп басын сындырмасаң да болады. Өзен-суы да, ормантоғайды да, əжетхана-моншасы да бəрі-бəрі қасында, көңілің қаласа,
жыл бойы көшеге шықпай-ақ қоюына болады. Краны самаурындікі
сияқты, бұрасаң — су зырлай жөнеледі, бір крантта салқын су,
екіншісінде — ыстық су. Плитасына отын салмайсың, оның да кранты
бар, басып қалсаң — от жанады. Қайнатам дейсің бе, булаймын дейсің
бе — еркіңде. Бар игілік қол астында!— Əйелге деген бір жанның
рақаты. Ал нанды қолдан пісірмейді, жоқ, нан жарықтықты сатып
алады. Ондайды көріп білмеген, үйренбеген жазған басым, əлгі
кранттардың қасында тұрып аһылап-үһілеп, қайран қалсам керек —
олар менің соны қызық көріп, таңданғаныма мəз болып күліп жатыр.
Ал енді бəрінен де сөлекеті — моншасы мен əжетханасы, ана
дінсіздердегі сияқты, бір қуыста, асүйдің қасында болады екен. Бұл да,
əрине, ақылға қонбайды. Қысылған кезде барып отыра қалсаң,
дастарқан басындағылар есітіп қалмасын деп, өзіңнен-өзің қуыстанып,
қанша азапқа түсесің. Моншасы ма... қайдағы монша, емшектегі
нəрестені ғана шомылдыратын, кісінің күлкісі келетін нəрсе... Олар
соған барып, шалпылдап түсіп, су-су болып шығып жатады. Енді сен де
Настасья, мырзаның бəйбішесі сияқтанып, керіліп жатасың сол,
дүниенің бəрі үйіңде, не керектің бəрі бар, қолыңды созып та əуре
болмайсың. Тағы не əлгі... Телефон дегенін қондыр. Ол саған: тырылтырыл десе, сен оған: ле-ле деп сөйлес те, қайтадан жантайып жата
кет.
— Ой-бой, сен менің жүрегімді тырнай бермеші!— дейді Настасья
мүлəйімсіп болбыр қолын кеудесіне қусырып, көзін жұмады.— Мен
онда апта өтпей жатып, санаменен сарғайып өлем ғой бөтен
біреулердің арасында! Кəрі ағашты ауыстырып отырғызғанды кім
көрген?
— Тек сені ғана емес, бəрімізді ауыстырып отырғызады, қыз-ау.
Бəріміз де енді солай қарай жүреміз. Тек əйтеуір жиынып-түйінуге
жаратқан жар болсын.
Настасья келіспей, басын шайқады.
— Мені өздеріңмен теңгерме, Дарья, теңгерме. Сендер бəрің бір
жерде боласыңдар, ал мен жеке-дара боламын. Сендер Матёрадан
шыққан кісілер, бір-біріңмен бас қосасыңдар, сонда өз үйіңде
отырғандай кісі көңілі көтеріліп қалады. Ал мен ше? Қойшы, оның
несін айтайын?!
— Біз бəріміз нешеуміз осы?— деді Дарья ақылға жүгініп.— Есебі,
ешкім де қалмайтын секілді. Міне, қараңдаршы: Агафьяны алып кетті,
Василисаны да сөйтті, Лизаны қояр да қоймай ауданға шақырып
жатыр. Катеринаның жүгермегі əлі күнге дейін лайықты орын таңдап
таба алмай, от тиген кісідей жанығып жүр. Əлемдегі арақ-шарап
ақырғы тамшысына дейін ішілмей, ол қайдан тапсын. Наталья болса:
мүмкін, Лена бойындағы қызыма кетермін дейді...
— Татьяна, Домнида, Маня, сен, Тунгуска... Осы маңнан бір үйір жан
табыласыңдар əйтеуір. Мен байғұстың ендігі айтар кебіне...
— Бүкіл Матёраның бар болған осы! Жасаған-ай!
— Мен өзімді айтып отырған жоқпын. Айтпаймын, айтпаймын,—
деді Сима жабығыңқы үнмен əңгімені іліп əкетіп, сосын Коляны тағы
бауырына қарай бір тартып қойды.— Біз Коляна екеуміз қайыққа
отырамыз-дағы, жағадан бір тебініп шығып, басымыз ауған жаққа,
мұхит-теңізге қарай кете береміз...
Симаның жеке меншік мүлкі болмайтын, туған-туысқандардан да
құралақан еді, енді оған бір ғана жол — Қарттар үйіне баратын жол
қалған-ды, бірақ, қазір анықталғандай-ақ, бұл жолдан да бір бөгет
шыға келді: ол бөгет — жанындай жақсы көретін Колька еді. Мұны
кішкентай баламен бірге Қарттар үйіне алғысы келмеді. Симаның
мылқау қызы Валька есінен ауып, із-түзсіз жоғалып кетті. Ересек жасқа
жетіп, еркек дəмін татып, олардың біреуі, екеуі, үшеуімен көңілдес
болғаннан кейін, Валька кəдімгідей дəнігіп, бұл іске құмартып кеткені
сонша, енді ар-ұятты жинап қойып, түнгі ойынға өзі сұранатын болды.
Сосын көп ұзамай Кольканы тапты. Сима Вальканы таяқ алып
қуалайтын халге жетті, ана біткен, əйел біткен дүниедегі бар қарғысты
соның басына үйіп-төкті, сонымен жүгенсіз кеткен əзəзіл Валька
шығандап қашып кетті, міне, жылдан аса уақыттан бері одан ешбір
хабар-ошар келмей қойды. Жұрт Симаға оны іздеуге қалай арыз беру
жолын үйретті, бірақ со кезде Ангарада басталған аласапыран мен
дүрбелең кезінде, ешбір деректі документі жоқ, мылқау Вальканы таба
қою оңай емес-тұғын.
— Егер табыла қалса да, Коляны мен оған былай да бермеймін,—
дейді Сима.— Біз Коля екеуміз етпеттеп еңбектесек те, бір жіппен
тізбектеліп жүреміз.
— Сен оны жұрт қатарлы дұрыс сөйлеуге неге үйретпейсің,— деді
Дарья кемпірді кінəлап.— Ертең ер жеткенде бұны бетіңе салық етіп
жүрмесін.
— Үйретуін үйретіп жүрмін-ау. Өзі де сөйлей біледі. Бір-ақ біздің
Коляңа үндемес қой.
— Баланы жалтақ қып тастаған. Өзі бар нəрсені түсінеді.
— Жалтақ.
Настасьядан сұрамай-ақ, Дарья оның стақанын алып, шайнектен
шай құйып, самаурын шүмегінің астына қойды — бұл бір таза қызыл
мысы жалтырап тұрған, төменгі шілтерлеп, оймыштап жасаған
оттығынан шоқтары жылтылдап көрінетін, аяғын орнықты етіп
əсемдеп иген, ескі ісмерлер қолынан шыққан, үлкен көпес самаурыны
еді. Шүмектен қайнақ су бұрқырап шашырамастан, бір қалыппен
шымырлап құйыла салды — демек қайнақ судың əлі жеткілікті
болғаны, осыдан кейін самаурынға жан біткендей жіңішке үнмен
пысылдай берді. Сосын Дарья Симаға шай құйып, өзіне де үстемеледі
— өстіп біраз тыныстап, моншақтаған терін сүртіп, əзірленіп алып,
изеле-қозғалысып, жөткірінісіп, шыныаяқтарын үрлесіп, еріндерін
шүртитіп, ыстық шайларын абайлап іше отырып, кеңестің жаңа бір
сорабына түсті.
— Төртінші стақан болар осы,— деді Настасья ойланып.
— Қыз-ау, қою шай əзір тұрғанда ішіп қал. Ана жақта самаурын қоя
алмайсың. Əлгі қаланың пысылдағына кəстірөл қойып қайнатасың.
— Қой, кəстірөлі несі? Құманға құямын.
— Бəрібір самаурынсыз шай болмайды. Тағамды құрғақ жемейсің
ғой əйтеуір. Əйтпесе, дəмі де, татуы да жоқ. Сылқытып су ішкенмен
бірдей.
Совхозда да пəтерді қала үлгісімен салып жатқанын, өз басы да
Настасьямен бірдей жағдайда тұруға лажсыз көнетінін есіне алып,
Дарья мырс етіп күліп жіберді. Бұл өзі Настасьяны бекер қорқытады —
əлі өзінің де самаурынды қояр-қоймасы беймəлім. Жоқ, ол қайтсе де
самаурыннан айырылмайды, тіпті болмаса оны кереуеттің үстіне
қояды, ал қалғанын көре жатады-дағы. Айтылып отырған əңгіме
желісін жоғалтып алды да, басқа бір сөзді оқыс бір өкпелі үнмен қойып
қалды:
— Ерік өзімде болса, осы арадан еш жаққа да табан аудармас едім.
Егер қажет болса, мейлі, суына батыра берсін.
— Батырады,— деді Сима қостап.
— Мейлі. Ажал біреу-ақ — тағы неден қорқамыз?!
— Ой, беті аулақ, кімнің суға кеткісі келеді,— деді Настасья
шошынып, өзгені де сақтандыра.— Күнə шығар. Одан да жерге көмсін
кісіні. Бізге дейінгі ер-азаматтың бəрі қара жер қойнында, бізді де
сонда қояды-дағы.
— Сол ер-азаматтарың енді қалқып шыға келеді.
— Қалқуына қалқиды ғой. Жазмыш сол,— деп Настасья тымырайып,
келісе кетті.
Өзі бастаған осынау кепті басқа жаққа бұру үшін Дарья:
— Неге екенін қайдам, осы бүгін Богодул келмей жатыр,— деп есіне
алды оны.
— Қайда жүр дейсің, келіп те қалған шығар. Мұндайдан Богодул
қалушы ма еді.
— Оның келгені де күнə, келмесе — тағы аңсайсың.
— Богодулдан не сұрайсың! Боқтампаздығы болмаса, құдайдың бір
панасыз құсы сияқты жазған ғой.
— Тəуба де, Настасья.
— Құдай-ай, кешіре гөр!— Настасья бұрышта тұрған иконкаға
қарап, елпектей шоқынып алды да, солықтай күрсініп, шынаяқтағы
шайынан бір ұрттады, сосын күнəсін мойындағандай, күбірлеп дұға
оқып, тағы да бір шоқынып қойды.
Самауыр оттығындағы сөне бастаған шоқтан тəтті ыс иісі шығады,
стол үстінен маужырай қиғаш түсіп тұрған күн сəулесінде қою шаңтозаң əзер-əзер қозғалады. Қора ішінде қанатын сартылдата қағып, ата
қораз қоқилана бір шақырды, сосын тегеурінді түрпідей аяғымен
талтаңдай басып, терезе алдына келді де, үй ішіне қып-қызыл көзімен
ежірейе бір қарады. Өңге терезеден Ангараның сол жақ қолтығы, оның
күн астында жалтырап, ұшқын атып жатқан ағын суы мен арғы беттегі
шалғыны жинап алынған шабындық, ондағы қайың мен гүл-шешегі
алаулаған мойыл көрінеді. Көше жақтағы ашық есіктен күн қақтаған
тақтай көпірден қаңсыған шірік иіс шығады. Табалдырыққа қалбаң
етіп, бір тауық келіп қонды да, жүні шала жұлынып тазығырланып
қалған иір мойнын созып: осылар тірі ме, өлі ме?—дегендей
кемпірлерге сұқтана қарай берді. Колька бір тепсініп қалғанда тауық
шар етіп, ырғып түсті де, жаны шошып қақылықтай бастады, бірақ
алысқа кетпей, осы есік алдында, басқышта бажылдап тұр. Кенеттен
ол сенекте жанын қоярға жер таппай, қалбалақтап қашып, ұшып
қабырғаға соғып, салдырлатып ілулі бақырашты түсірді, сосын
сасқанынан бөлме ішіне ұшып келіп, енді басымды балтамен шапсаң
да мейлің дегендей жер бауырлап жата қалды. Оның ізінше ішке
бірдеңе деп күңкілдеп, жалаңаяқ-жалаңбас бір сабалақ шал кірді де,
Вы прочитали 1 текст из Казахский литературы.
Следующий - Матерамен Қоштасу - 02
  • Части
  • Матерамен Қоштасу - 01
    Общее количество слов 3942
    Общее количество уникальных слов составляет 2252
    35.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    48.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    55.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 02
    Общее количество слов 3917
    Общее количество уникальных слов составляет 2104
    35.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.0 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 03
    Общее количество слов 4056
    Общее количество уникальных слов составляет 2187
    36.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.9 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 04
    Общее количество слов 4037
    Общее количество уникальных слов составляет 2176
    37.0 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.7 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.2 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 05
    Общее количество слов 3969
    Общее количество уникальных слов составляет 2129
    35.2 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.1 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 06
    Общее количество слов 4001
    Общее количество уникальных слов составляет 2090
    36.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.6 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    59.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 07
    Общее количество слов 4062
    Общее количество уникальных слов составляет 2173
    35.4 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.4 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.2 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 08
    Общее количество слов 3952
    Общее количество уникальных слов составляет 2200
    36.8 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.5 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.1 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 09
    Общее количество слов 4029
    Общее количество уникальных слов составляет 2114
    36.3 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.0 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    58.3 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 10
    Общее количество слов 3994
    Общее количество уникальных слов составляет 2064
    36.1 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    56.4 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 11
    Общее количество слов 4040
    Общее количество уникальных слов составляет 2227
    35.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.3 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 12
    Общее количество слов 3958
    Общее количество уникальных слов составляет 2184
    36.8 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.8 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.6 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 13
    Общее количество слов 4067
    Общее количество уникальных слов составляет 2140
    35.9 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.6 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 14
    Общее количество слов 4007
    Общее количество уникальных слов составляет 2107
    35.8 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    50.1 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.7 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 15
    Общее количество слов 4046
    Общее количество уникальных слов составляет 2145
    35.6 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    49.5 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.0 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 16
    Общее количество слов 4047
    Общее количество уникальных слов составляет 2043
    36.6 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    51.3 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    57.8 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 17
    Общее количество слов 4004
    Общее количество уникальных слов составляет 2023
    37.4 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    52.1 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    59.2 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов
  • Матерамен Қоштасу - 18
    Общее количество слов 221
    Общее количество уникальных слов составляет 180
    49.4 слов входит в 2000 наиболее распространенных слов
    62.6 слов входит в 5000 наиболее распространенных слов
    67.3 слов входит в 8000 наиболее распространенных слов
    Каждый столб представляет процент слов на 1000 наиболее распространенных слов