Latin Common Turkic

93 жыл - 01

Total number of words is 4084
Total number of unique words is 2212
34.6 of words are in the 2000 most common words
49.3 of words are in the 5000 most common words
57.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
БІРІНШІ БӨЛІМ
ТЕҢІЗДЕ
Бірінші кітап
СОДРЕЙ ОРМАНЫ
1793 жылғы мамыр айының соңғы күндерінде Париж еріктілерінің
батальоны Бретаньдағы қауіп-қатер жайлаған Содрей орманында барлау
жүргізді. Отрядта небары үш күндей адам болатын, өйткені оның қатары
қырғын соғыс кезінде мықтап сиреп қалған еді.
Батальон Содрей орманына енісімен сақтықпен ілгеріледі. Асықпай
ақырын жүріп келеді. Алды-артына, оңды-солға қарап қояды. "Солдаттың
желкесінде де көз болуға тиіс" деген сөз, сірə, тегін айтылмаса керек.
Батальонның жүріп келе жатқанына біраз болды. Қазір қанша сағат, қай
мезгіл екенін тап басып айту қиын. Өйткені ит тұмсығы өтпес мұндай
тоғайды үнемі қаракөлеңке басып тұрады, ал Содрей орманының ішіне
ешқашан жартымды жарық түсіп көрген емес.
Содрей орманы - талай қайғылы оқиғаның куəгері. Мұнда, ну тоғай
ішінде, 1792 жылы қарашада азамат соғысы басталған еді. Бүл жерде
қаншама қырғын болғанын есіңе алсаң, төбе шашың тік тұрады. Жалғанда
мұнан бетер үрейлі жер болмас.
Солдаттар ақырын жылжып келеді. Айнала шешек ата құлпырып тұр.
Гүл-жапырақтың хош иісі мұрын жарады. Күн сəулесі жасыл желекті
əредік тесіп өтіп, буалдыр перде таққандай.
Солдаттар бұталарды алаңдай ысырып, аяғын санап басып, үн-түнсіз
келеді.
Төбеде найза ұшында неше түрлі құс құйқылжыта сайрайды.
Бағзы бір бейбіт заманда Содрей орманында жұрт түнделетіп құс
аулайтын. Енді кісі аулайтын болыпты.
Орман іші тұтасқан шегіршін, қайың, емен. Ол тегіс, жазық жерге
өскен. Мүк пен шалғын адамның аяқ тысырын естіртер емес. Мұнда жол
да, соқпақ та жоқ. Сүрлеу кездесе қалғанның өзінде іле қалың жыңғылға
кіріп, жым-жылас жоғалып жатады. Сүйір жапырақ, жабайы мойыл,
папоротник, ұйыса өскен биік тікенек бұта арасынан он қадам жердегі
адамнан көз жазып қалу оңай. Кейде бұтаның арғы жағынан жақын маңда
шалшық барын сездіргендей көкқұтан не су тауығы қылт ете қалады.
Солдаттар əлі ілгері басып, тек алға, іздегеніміздің үстінен шығамыз ба
дегендей, үрейленіп келе жатыр. Оқта-текте əлдекімнің жуырда ғана аялдап
кеткен орындары: шөбі өртелген не тапталып қалған алаңқайлар, қан
шашыраған, кесілген ағаш бұтақтары ұшырасады. Мына бір жерде ас-су
əзірлеп, ана бір жерде жаралыларды таңыпты. Бірақ осында болған
адамдардың қазір қарасы да көрінбейді, зым-зия. Олар ендігі қай жерде
екен? Мүмкін, алыста шығар, əлде тосқауыл құрып, мылтығын кезеп, жуық
маңда күтіп жатыр ма? Орман елсіз қалғандай. Батальон сақтықты күшейте
түсті. Ешкім жоқ екен деп қапы қалуға болмас. Тірі жан көзге түспесе,
əлдекімнен сақтану əбден орынды. Не десең де, жамандықпен аты шыққан
орман емес пе бұл?
Тосқауылдың болуы ықтимал-тұғын.
Сержант бастаған отыз барлаушы-гренадер негізгі отрядтан едəуір алда
келе жатыр. Араларында батальондағы маркитант əйел - жаралыларға
шайқас даласында ауыз су таситын əйел бар.
Маркитант əйелдер əдетте алдыңғы бөлімдерге еруге құштар. Сірə,
онда болу əрі қорқынышты, əрі қызықты шықты.
Кенет алдыңғы сапта келе жатқан азын-аулақ бір топ солдат апанға
кезіккен аңшыдай əлденеден секемдене қалды. Қалың бұта арасынан
сыбдыр естіліп, жапырақ қимылдап кеткендей болды. Солдаттар бір-біріне
жалт қарасты.
Барлау қызметінде кімде-кім үнемі сақ болуға тиіс. Офицерлерге
мұндайда арнайы бұйрық беріп жатудың еш қажеті жоқ, істелуге тиіс нəрсе
өз-өзінен істеле бермек.
Əлгі күдікті жер лезде қоршауға алынды. Тоғайдың қап-қараңғы орта
тұсы айнала мылтық нысанасына ілікті; солдаттар бұтадан көз айырмастан
шүріппеге саусағын оңтайлап, сержанттың бұйрығын ғана күтіп тұр.
Сол сəтте маркитант əйел тəуекелге бел буып, сезік тудырған қалыңның
арасына үңіле қарады да, сержант "Атыңдар!" деп əмір етпек болып аузын
аша бергенде: "Тоқтаңдар!" деп жан ұшыра айғайлап жіберді.
- Жолдастар, атпаңдар! - деді ол солдаттарға бұрылып, сөйтті де, бұта
ішіне сүңгіп кетті.
Соңынан солдаттар да лап қойды.
Əлгі жерде шынында да кісі бар екен. Қалың бұта ішінде, əдетте көмір
жасау үшін ағаш түбірін жағатын шағын шұңқырдың шетінде, төбесін
жапырақ жапқан, бір жағы ашық бөлме тəріздес қуыста баласын емізіп бір
əйел отыр, тізесіне ақ сары шашы дудыраған бастарын қойып, тағы да екі
бөбек ұйықтап жатыр.
"Тосқауылдың" сиқы осы екен.
- Бұл жерде неғып жүрсіз? - деп дауыстады маркитант əйел.
Əлгі əйел басын көтерді.
- Есіңіз дұрыс па өзі? Бүл жерде неғып отырсыз? - деді маркитант əйел
ашу шақыра. - Енді болмағанда оққа ұшатын едіңіз.
Сонан соң ол солдаттарға бұрылып, түсіндірген болды:
- Бұл əйел ғой!
- Əйел екенін өзіміз де көріп тұрмыз, - деп қалды гренадерлердің бірі.
Маркитант əйел тағатсызданып, сөзін доғарар емес:
- Қапылыста оққа ұшам-ау деп қорықпай, орман кезіп жүруін қарашы?
Адам баласының осындай да алаңғасары болады екен.
Мынау қыруар мылтықтың, найза мен қылыштың, сұсты адамдардың
қайдан тап болғанына түсіне алмай, зəресі кеткен əйел ұйқылы-ояу адамдай
маңайына жалтақ-жалтақ қарайды.
Ересектеу балалары ұйқысынан оянып, қыңқылдай бастады:
- Қарным ашты, - деді біреуі.
Қорқып барам! - деді екіншісі даусы дірілдеп.
Сүт кенжесі ғана ештеңемен ісі болмай, шеше емшегін қаннен-қаперсіз
сорып жатыр.
- Өз шаруаңды білесің, бəрінен ақылдысы сен екенсің, балақай, - деді
оған маркитант əйел мейірлене тіл қатып.
Шешесінің құты қашып кетіпті. Қорықпаңыз!
Біз Қызыл Бөрік батальонынанбыз! - деді оған сержант зілді дауыспен.
Əйелдің тұла бойы қалтырап кетті. Ол сержантқа, оның аузы-басын жүн
қаптаған сұсты жүзіне қарай қалды. Оның түксиген қабағы, едірейген
мұрты мен көмірдей жылтыраған көзі өзіне кімді болсын, еріксіз
қаратқандай еді.
- Бұл Қызыл Крестің бұрынғы батальоны, - деп түсіндірмек болды
маркитант əйел.
Ал сержант болса:
- Сен кімсің өзің? - деп сұрақты төтесінен қойды. Əйел оған шошына
қарады. Өзі арықша келген, талдырмаш келіншек екен. Өңі құп-қу,
үстіндегі киімі жырым-жырым. Басында бретаньдық шаруа əйелдерінің
ебедейсіз бас киімі - күлəпара, ал плащтың орнында -иығынан асыра
тамағының астынан қайыс баумен байлап тастаған жүн жамылғы. Аяғында
шəркейі де, шұлығы да жоқ, қанталап кетіпті.
Қайыршы екен ғой, - деп қалды сержант.
Ал маркитант əйел солдатқа төн дөрекілеу дауыспен:
Аты-жөніңіз кім? - деп сұрады. Əйткенмен даусынан жылы лебіз
сезілгендей еді.
Əйел тұтыға міңгірлеп:
Мишель Флешар, - дегенді зорға айтты. Маркитант əйел түрпідей
алақанымен емшектегі баланың басынан еркелете сипап:
- Мынау көкқарын нешеде? - деп сұрады. Шешесі түсінбей қалды.
- Мен сізден мынау кішкентайыңыз нешеде деп сұрап тұрмын,- деп
қайталады маркитант əйел.
- Бір жарымда, - деп жауап берді шешесі.
- Дардай боп қалыпты ғой! - деді маркитант əйел - Енді емізудің қажеті
не, емшектен айыру керек. Біз оған көже береміз қазір.
Шешесінің жүрегі енді-енді орнығайын деді. Ересектеу екі баласы
ұйқылары шайдай ашылып, қорқудың орнына айналаға қызықтай көз сала
бастады. Екеуі гренадерлердің бас киіміне қадалған қауырсын айдарға
таңырқай қарайды.
- Бұлар нəр татпағалы қашан, - деді шешесі.
- Оларды да, өзіңізді де тойдыра тамақтандырамыз, - деп дауыстай үн
қатты сержант. -Бірақ əңгіме мұнда емес. Сен онан да өзіңнің саяси сенімің
қандай екенін айт алдымен.
Əйел оған тесіле қарады да, лəм демеді.
- Сенен не сұрап тұрғанымды естимісің?
- Мені қаршадайымнан монастырьға берген. Бірақ кейіннен тұрмысқа
шықтым. Мен монахиня емеспін. Монахиня апайлар мені французша
сөйлеуге үйретті. Күні кеше ғана ауылымыз өртеніп кетті. Өзіміз əрең
дегенде бас сауғалап, қашып құтылдық. Асыққаным сонша, шəркей киюге
де мұршам болмады.
- Жоқ-ə, мен сенен саяси сенімің қандай деп сұрап тұрмын ғой.
- Білмеймін.
Сержант сөзін əрі қарай жалғастырды:
- Сендейлердің арасында жансыздар да болады. Ал жансыздарды атып
тастайды. Кəне, айтшы, сыған емессің бе осы? Отаның қайда?
Əйел ештеңеге түсінбестен, сержанттан көз алмай қарап қалған.
Сержант қайталап сұрады:
- Отаның қайда деймін?
- Білмеймін, - деп жауап берді əйел
- Қалайша? Отаныңның қайда екенін білмейсің бе?
- Қай жерде туып-өскенімді айтасыз ба? Оны білемін.
- Қай жерде?
- Азэ өңіріндегі Сикуаньяр фермасында, - деп жауап берді əйел.
Сержант аң-таң:
- ІІІырағым-ау, Отан дегенің ол емес қой!
- Мен сол жерде туып-өстім. Əйел бір сəт ойланып қалды:
- Гəптің неде екенін енді түсіндім, сударь, - деп тағы да тіл қатты ол. Сіз Францияда, ал мен Бретаньда туғанбыз ғой.
- Солай-ақ болсын, онда тұрған не бар?
- Бұл екі бөлек жер емес пе?
- Əйтсе де бізде Отан біреу-ақ қой! - деп шаңқ етті сержант.
Бұған əйел:
- Мен Сикуаньяр фермасынанмын, - деп өзінікін тағы қайталады.
- Жарайды, Сикуаньяр-ақ бола қойсын, - деп мақұлдады сержант. Ағайын-туыстарың сонда тұра ма?
- Иə.
- Олар не істейді?
- Бəрі қайтыс болған. Ешкімім қалған жоқ. Сөзуар сержант тергеуін
доғарар емес:
- Сайтан алғыр! Ағайын-туыс деген əркімде де болады ғой. Тап қазір
болмаса, бұрын болды да... Сен кімсің өзің? Айтшы, кəне, дұрыстап.
Маркитант əйел келіншекке қол ұшын беру керектігін сезді, білем. Ол
емшек еміп жатқан нəрестенің тағы да басынан сипап, ересектеу екі баланы
ұртынан қысып-қысып қойды.
- Мына бөпештің аты кім? - деп сұрады ол - Өзі қыз бала ғой деймін.
- Жоржетта, - деді шешесі.
- Ал үлкені ше? Бұл сотқардың ер бала екені көрініп-ақ тұр.
- Рене-жан.
- Ал кішісінің аты кім? Ол да ер бала ғой, шамасы, торсықтайын
қарашы өзінің!
- Оның аты Гро-Ален, - деп жауап берді шешесі.
- Балаларың сүп-сүйкімді екен! - деді маркитант əйел - Нағыз
патриоттардан* айнымай қалған.
Алайда сержант алған бетінен қайтпай, тергеуін жалғастыра түсті:
- Енді менің сұрағыма жауап бергін, сударыня... Үй-жайың бар ма?
- Болған.
- Қай жерде?
- Азэде.
- Өз үйіңде неге тұрмайсың?
- Оны өртеп жіберді.
- Кім өртеді?
- Білмеймін. Қиян-кескі ұрыс болған.
- Қайдан келе жатырсың?
- Анау жақтан.
- Қайда бара жатырсың?
- Білмеймін.
- Іске көшелік. Сен кімсің?
- Білмеймін.
- Кім екеніңді білмейсің бе?
- Біз босқындармыз.
- Қай партияның жағындасың?
- Білмеймін.
- Көктермен бе, ақтармен бе, кіммен біргесің?*
- Мен өз балаларыммен біргемін. Екеуі үнсіз қалды.
- Ал мен бала көтерген емеспін, - дей салды тосыннан маркитант əйел Олармен алысып жүруге шамам болмады...
Сержант сұрақты тағы да үсті-үстіне жаудыра бастады:
- Жоқ-ə, осы сенің əке-шешең кім? Рақым етіп, əке-шешеңнің кім екенін
айтып берсең. Мысалға, мені алалық. Атым - Радуб. Сержантпын. ШершМиди көшесінің тұрғынымын. Əке-шешем де сонда тұрған. Əке-шешемнің
кім болғанын жақсы білемін. Енді өз туыстарың туралы сен де осылайша
айтып бер. Иə, сонымен, олар кім болып еді?
- Олардың аты-жөні Флешар болатын. Бар білетінім осы ғана.
- Ойбай-ау, əр адамның қандай да бір атағы, лауазымы деген болады
ғой. Сенің қарттарыңның атақ-лауазымы қандай еді? Сенің Флешарларың
не істеді? Немен шұғылданды?
- Олар жер жыртатын. Бірде əкейді сеньор*, өзінің сеньоры, біздің
сеньор таяққа жығып жазалатқан соң, ол кісі майып болып, жұмыс істеуден
қалды. Керек десеңіз, мұның өзі сеньор тарапынан жасалған үлкен
қайырымдылық еді, өйткені əкей оның үй қоянын ұрлап алыпты. Мұндай
қылмыс үшін заң бойынша өлім жазасы кесілетін. Бірақ сеньор əкейге
аяушылық жасады. Ол "мынаған жүз рет дүре соғыңдар" деп қана қойды.
Міне, сонан əкей майып боп қалған.
- Сонан соң.
- Менің атам гугенот*. Кюре* мырзаның талабы бойынша оны галераға
айдапты. Мен ол кезде құртақандай болатынмын.
- Сонан соң.
- Күйеуімнің əкесі, яғни қайын атам, контрабанда арқылы тұз сатумен
айналысқан. Король оны дарға асуға жарлық етті.
- Ал күйеуің не істейді?
- Ол күні кеше шайқаста жүрген.
- Кім үшін?
- Король үшін.
- Тағы кім үшін?
- Əлбетте, өз мырзасы үшін де.
- Тағы да?
- Тағы да өз кюресі үшін.
- Сайтан алғыр хайуандар! - деп айғайлап жіберді солдаттардың бірі.
Əйел селк етіп, орнынан атып тұрды.
- Саспаңыз, сударыня, біз - париждіктерміз, - деді жайменен маркитант
əйел.
- Жаратқан ием! - деп əйел дұға оқығандай-ақ қол қусырып, бебеу
қақты.
- Сандырақты қой! - деп жекіп тастады оған сержант. Маркитант əйел
келіншекпен қатарласа отырып үлкен баласын өзіне тартты. Анау
қарсыласқан жоқ. Бала дегеннің қорқуы да, жұбануы да болмашы нəрседен
емес пе; олар адамды қайдағы бір ішкі түйсікпен танып-біледі.
-Байғұсым-ай, - деді маркитант əйел келіншекке бұрылып, - жат
болсаңыз да, жаным удай ашиды сізге. Турасын айтсақ, мына қара сирақ
балаларыңыз адамның іші-бауырын алып барады. Қайсысының нешеде
екенін айту да қиын емес сияқты. Үлкені төрт жаста да, інісі үште болса
керек. Ал мынау бұлтиған қыз мешкейдің өзі екен, емшектен басқамен ісі
жоқ. Тоқтай тұр, сені ме, бəтшағар! Сақ бол, шешеңді жұтып қойып
жүрме!... Иə, сөйтіп, сударыня, сіз ештеңеден де қорықпаңыз. Сізге не
айтқалы отырғанымды сезесіз бе? Біздің батальонға кіріп алыңызшы осы.
Мен секілді жұмыс істейтін боласыз. Жұрт мені гусар əйел дейді. Бұл менің лақап атым. Мен мұнда шинкар іспеттімін, яғни əскер жанында
қызмет етіп, ұрыс кезінде су мен шарап таситын əйелмін. Екеуміздің
аяғымыз шамалас екен, сізге шəркейімді сыйлайын... Оныншы тамызда мен
Парижде болған едім. Пай-пай, сол күнгі қым-қуытты айтсаңызшы! Мен
Людовик Он алтыншының қалай дарға асылғанын көзіммен көрдім. Өлгісі
жоқ-ақ еді оның. Шынында да, өзіңіз-ақ ойлаңызшы: он үшінші қаңтардаақ ол отбасымен бірге каштан жаңғағын қуырып, əңгіме-дүкен құрып,
күліп-ойнап отырған жоқ па еді? ...Иə, сонымен, бізге ересіз бе, қалай?
Солдаттарымыз -жайсаң жігіттер! Сіз екінші маркитант əйел боласыз. Бұл
оп-оңай. Мойныңа шарап құюлы үлкен құмыра іліп, қолыңа қоңырау алып,
қан майданға қойып кетесің. Жауған оқ пен зіркілдеген зеңбірек добының
астында міз бақпастан қолыңдағы қоңырауды қағып қойып: "Жігіттер,
қайсыңа шарап керек?" - деп айғай салып жүргенің. Бұл онша қиын жұмыс
емес. Шынымды айтсам, мен сұраған жанның бəріне құя берем, құя берем.
Көктерден де, ақтардан да аямаймын. Өзім көк болсам да істейтінім сол.
Əрі көк болғанда қандаймын. Жаралылар əрдайым тамағы кеуіп, шөлдегіш
келеді. Ал адам өлім аузында жатқанда оның саяси сенімі қандай екенінде
кімнің қанша жұмысы бар?.. Қалай, сонымен, бізге ересіз бе? Егер мен өліп
кетсем, орнымды басасыз. Мынау ұсқыныма қарамай-ақ қойыңыз. Мен
қайырымды əйелмін əрі ержүрек солдатпын. Ештеңеден жасқанбаңыз.
Осы кезде сержант Радуб бір солдатқа зіркілдеп жатты:
- Ашпа аузыңды! Көрдің бе, қорқытып тастадың. Бикештердің көзінше
дөрекі сөз айту жарамайды.
- Мынадай сандырақ кімнің болса да жынын келтірмей қоймас! - дейді
ақтала сөйлеп гренадер. - Осынау миғүлаларға қайтіп зығырданың
қайнамас? Өзіңіз-ақ ойлап көріңізші: сеньор қайын атасын майып қылады,
поп атасын галераға айдатады, король əкесін дарға асады, ал олар, не
екенін бір сайтаным білсін бе, бүлік шығарып, қырық пышақ болып, сеньор
үшін, поп пен король үшін жауып тұрған оқ астына ұмтылады!..
Сержант оған жекіріп тастады:
- Жап аузыңды! Салғыласпа! Біз саяси клубта отырған жоқпыз. Сөйтті
де, ол əйелге бұрылды. - Ал күйеуің ше? Ол не істейді? Кім өзі?
- Қазір ол ешкім де емес! Оны өлтіріп кетті.
- Қай жерде?
- Ұрыс кезінде.
- Қашан?
- Осыдан үш күн бұрын.
- Кім өлтірді?
- Білмеймін.
- Күйеуіңді кім өлтіргенін білмейсің бе?
- Білмеймін.
- Көктер ме, ақтар ма? Мылтықпен атып өлтірді. Осыдан үш күн бұрын
дейсің бе?
- Иə.
- Қай жерде?
- Эрне түбінде. Гүрс етіп мылтық атылды да, күйеуім құлап түсті. Баржоғы осы ғана.
- Ол өлгеннен бері не істеп жүрсің?
- Балаларыммен келе жатырмын.
- Қайда барасың?
- Басым ауған жаққа.
- Қайда түнеп жүрсің?
- Жер бетінде.
- Немен тамақ асырап жүрсің?
- Ештеңемен де.
- Ештеңемен де дейсің бе? Бұл қалай? - деп қайталап сұрады сержант.
- Былтырғыдан қалған түрлі жидек-мойыл, бүлдірген, қарақат,
папоротник бүршігін теріп, талшық етеміз.
- Иə, мұның ештеңе емес екені рас. - Ересектеу бала түсініп қалса керек:
- Қарным ашты, - деп ыңырсыды.
Сержант қалтасынан солдаттың бір үзім қатқан нанын алып, əйелге
ұсынды. Əйел нанды қақ бөліп, екі баласына ұстатты. Екеуі нанға жармаса
кетті.
- Өзіне қалдырмағаны несі, - деп күңк етті сержант.
- Тегі, ашықпаған шығар, - дей салды бір солдат.
- Аш болсын-болмасын, ананың аты ана ғой, - деді сержант.
Балалар нанды жеп бола сап:
- Шөлдедім!.. Су берші? - деп қыңқылдай бастады.
- Бұл жын жайлаған орманда бұлақ та табыла қоймас! - деп кейісті
кейіп танытты сержант.
Маркитант əйел дорбадан мыс тостаған алып, мойнына ілулі құтының
шүмегін ағытты да, оған біраз су құйып, балаларға ұсынды.
Естиярлауы бір-екі талмап жұтты да, бетін тыржитты. Кішкентайы да
судың дəмін татып, жиіркене түкіріп тастады.
- Бұларың не? Жаман ба екен? - деді маркитант əйел
- Бұл не? Əлде арақ па? - деп сұрады сержант.
- Иə, ең жақсы арақ. Тəйірі, олар нені түсінсін, өңшең мұжық. Осыны
айтып маркитант əйел тостағанды сүртіп-сүртіп алды.
Сержант келіншекті тағы да тергей бастады:
- Демек, сударыня, қашып құтылмақсың ғой, шамасы?
- Сөйтуге тура келсе, қайтейін?
- Ұшарын - жел, қонарын сай білетін қаңбақ құсап дейсің ғой?
- Əлім құрығанша жүгірем, сонсоң аяңдаймын. Ақыр соңында сүрініп
құлаймын.
- Қайтсін, байғұс, - деп күрсінді маркитант əйел.
- Айнала қырғын төбелес, - деді келіншек сөзін сабақтай түсіп. - Қайда
қарасаң да көретінің - мылтық пен зеңбірек. Өздеріне не керек екеніне
түсінбей-ақ қойдым! Менің күйеуімді атып өлтірген де солар. Түйгенім осы
ғана.
Сержант мылтықтың дүмімен жерді нұқып-нұқып қалды:
- Атаңа нəлет соғыс! Қарғыс атқыр!
Əйел əңгімесін соза түсті.
- Кеше біз ағаш қуысында түнеп шықтық.
- Төртеуің де ме?
- Төртеуміз де.
- Ұйықтай алдыңдар ма?
- Ұйықтадық.
- Шамасы, тік тұрып ұйықтағансыңдар ғой, - деді сержант. Сонсоң ол
солдаттарына бұрылды. - Естіп тұрмысыңдар, жолдастар! Құндақтаулы
адамдай сіресіп, қураған ағаштың қуысында түн бойы қақайып тұру деген
неткен азап? Иə, бұларға не айтарсың? Жабайылар емес пе? Қайтіп Париж
тұрғындарындай бол дерсің.
- Үш баламен бірдей ағаш қуысында түнеп шығу деген сұмдық! - деп
қостап əкетті маркитант əйел.
- Ойлап тұрсаң, сол түні сол ағаштың жанынан өткен адам қандай
таңырқар еді? - деді тағы да сержант. - Сырт қарағанда бөтен ештеңе
көрінбейтін ағаш аяқ астынан "Папа! Мама!" деп балаша айғайға басса, тірі
қызық емес пе?
- Бағымызға қарай, қазір жаз ғой, - деп бір күрсініп алды əйел.
Тағдыр тауқыметін тартқан байғұс əйел мұңлы көзбен бір нүктеге
қадала қалды. Көзқарасынан басына түскен пəленің қайдан келгеніне
түсінбей, таңырқағандық байқалады.
Солдаттар бейшара əйелге үн-түнсіз қарап, айнала иін тіресе тұр.
Жесір əйел мен үш жетім... Паналауға жер таппай, айдалада қаңғып
жүр... Аспанды торлап алған соғыс бұлтының күркіреуік найзағайынан
қашып құтылмақ, арып-ашып аңқалары да кеуіпті. Шөп-шаламды қорек
етіп, ашық аспанды баспана қылып жүрген түрлері мынау.
Сержант əйелдің жанына келіп, емшек еміп жатқан нəрестеге еңкейді.
Кенет нəресте емшекті тастай сап, сақал-мұрты абажадай адамның үстіне
төнген суық жүзіне əдемі көкшіл көзімен қадала бір қарап, жымия күлді.
Сержант бойын жазды. Самайынан сорғалап түскен бір тамшы көз
жасы жақұттай жылтырап, тікірейген мұртының ұшына тұра қалды.
Ол сұрлана, тез-тез сөйледі:
- Жолдастар! Осының бəрінен біздің батальон əке болуға тиіс деген
қорытынды шықпақ. Мынау үш баланы бауырымызға басалық. Мақұл ма?
- Жасасын республика! - деп айқайлап жіберді солдаттар.
- Мақұл, - деді сержант.
Сөйтті де, ол шешесі мен балаларының үстінен қолын соза:
- Міне, мынау Қызыл Бөрік батальонының балалары! - дегенді қоса
айтты.
Маркитант əйел қуанышын қоярға жер таппады:
- Үш басқа бір пана деген осы да!
Кенет ол келіп қалған көз жасын ірке алмай, сығып-сығып жіберді де,
бейшара жесір əйелге құшағын жаза ұмтылды.
- Жасасын республика! - деп қайталады солдаттар. Ал сержант əйелге
бұрылып:
- Ал кеттік, азаматша, - деді.
Екінші кітап
"КЛЕЙМОР" КОРВЕТІ
I. Достар мен дұшпандар
1793 жылдың көктемінде, Франция жан-жақтан анталаған жау
қоршауында қалған кезде, Ла-Манш бұғазында мынадай бір оқиға болды.
Джерсей аралындағы қаға берістегі кішігірім мүйісте, 1 маусымда,
күннің батуына бірер сағат қалғанда, жүзуге қауіпті, демек, сып беріп
қашып шығуға қолайлы тұманды күні бір корвет* сапарға дайындалып
жатты. Бұл кемені француз командасы басқарғанмен, ол Бульонский
əулетіндегі герцогтардың тұқымынан шыққан принц де-ла-Тур д’Оверньнің
қол астындағы ағылшын флотилиясының құрамына кіретін. Корвет ерекше
маңызды, шұғыл тапсырманы орындауға соның əмірімен бөлінген болатын.
"Клеймор" деген атпен тізімге алынған бұл корвет зілдей ауыр кəдімгі
сауда кемесінше жасалған. Бірақ сыртқы түрі алдамшы еді. Оны жасағанда
ұрысқа жарамды ету, əрі көз бояу сияқты екі түрлі мақсат көзделді. Ол
мүмкін болса, алдап кетуге, қажет болса, ұрыс салуға тиіс-тұғын. Корвет
алдында тұрған маңызды істі орындау үшін сол күні оның ортаншы
палубасына жүктің орнына үлкен калибрлі отыз каронада* орнатылды.
Дауыл болатынын күні бұрын сезгендіктен бе, əлде кемеге қарапайым түр
беру үшін бе, əйтеуір, осынау отыз зеңбіректің бəрі жатқан-жатқан жерінде
тас бекітілген люкке ұңғысы тірелетіндей етіп үш қабат шынжырмен
байлап тасталды. Сырттай қарағанда ештеңе де көрінбейді. Корвет
бейнебір маска киіп алғандай. Бұл ескі үлгідегі каронадалар болатын:
лафеттері бітеу доңғалақтарға емес, шабақтары бар қоладан құйылған
доңғалақтарға орнатылған. Əдетте əскери корветте зеңбіректер үстіңгі
палубада тұратын. Ал қапылыста жауға бас салуға жəне жол торуға
арналған "Клеймордың" палубасы қарусыз еді жөне ол жаңа ғана
көргеніміздей, үстіңгі палубаның астына құпия батарея орнатуға
болатындай етіп жасалған-ды. "Клеймор" салмақты əрі сырттай қарағанда
ебедейсіз көрінетін, дегенмен бұл оның жүрдектік сапасына кедергі
келтірмейтін еді. Бүкіл ағылшын флотында, сайып келгенде, корпусы
"Клеймордікіндей" мықты келген басқа кеме болған жоқ. Əрі ол ұрыс
кезінде фрегаттан* кем түспейтін десек, асыра айтпас едік.
Экипаж тек қана француздардан - эмигрант-офицерлер мен дезертирматростардан тұратын. Олар бірінен-бірі өткен шетінен тəжірибелі
теңізшілер, ержүрек солдаттар əрі айнымас роялистер еді. Бəрі де корветке,
семсер мен корольге жан-тəнімен берілген.
Кеме экипажына десант түсіре қалғандай жағдайда теңіз жаяу əскерінің
жартылай батальоны қоса берілген.
"Клеймордың" капитаны əулие Людовик орденінің кавалері, бұрынғы
король флотындағы таңдаулы офицерлердің бірі граф-дю-Буабертло, оның
көмекшісі - шевалье* де ла-Вьевиль. Лоцман* Джерсей аралығындағы ең
тəжірибелі шкипер*- Филипп Гакуаль.
Бүл кеменің əдеттегіден өзгеше жұмыс істеуге тиіс екенін аңғару қиын
емес-ті. Дəл жүріп кетер сəтте оның бортына біреу келіп мінді. Сырт
пішініне қарап-ақ оның əлдеқандай қауіпті іске бел шешкен адам екенін
жаңылмай айтуға болатын. Өзі тіп-тік, мығым денелі, түсі суық, бойшаң
қарт. Жас шамасын тап басып айту қиын: жас десе - жас, кəрі десе -кəрі
дерлік. Уақыт озса да қайратынан қайтпайтын, шашы аппақ қудай болса да
жанары таймай, нұр шашып тұратын адамдардың санатына қосылатын:
сергек, шабытына бақсаң -қырық жастағы еркек, жұрттың ықыласілтипатына бақсаң - сексен жастағы қарт сияқты.
Ол корветке міне бергенде үстіндегі теңіз плащының етегі ашылып
кетіп, астынан кең шалбары, етігі, түгі ішіне қаратылған, сыртында жібек
ою-өрнегі бар ешкі терісінен тігілген кеудешесі, қысқасы, бретань шаруасы
киетін бүтін костюм көзге шалынды. Осы ұқсастықты күшейте түскендей,
жұмбақ қарттың костюмі тізесі мен шынтақ тұсынан жұқарып, тозыпты, ал
мықты кездемеден тігілген теңіз плащы балықшының көнетоз плащынан
айнымай қалған. Басында сол кезде жұрт киетін төбесі биік, етегі жалпақ
дөңгелек қалпақ. Етегі салбыраған күйде ол шаруа қалпағына ұқсайтын,
бірақ оны əскери бас киімге айналдыру да оңай еді: бұл үшін бір етегін
көтеріп, кокардасы* бар петлица арқылы үшкір төбесіне байлай салса, бітіп
жатыр. Қарт қалпағын құдды шаруаларша петлица мен кокардасыз киіп
алған.
Драл губернаторы лорд Балькарра мен шахзада де-ла-Тур д' Овернь оны
кемеге өздері шығарып салды. Эмигрант - шахзадалардың құпия агенті
Желамбр оның каютасының қалай жабдықталғанын өзі тексерді жəне ізетті
де ілтипатты болғаны сонша, өзінің дворяндық тегіне қарамастан, қарт
соңынан еріп, шамаданын көтерісіп кірді. Желамбр жағаға қайтарда осынау
бретань мұжығымен иіліп-бүгіле қоштасты. Норд Балькарра оған:
"Генерал, табысты болуыңызға тілекшімін" десе, шахзададе-ла-Турд'
Овернь: "Көріскенше күн жақсы болсын, бауырым" дей салды.
"Клеймор" матростары өз жолаушысына салған жерден "мұжық" деп ат
қойып алды. Бірақ ол туралы бейхабар болғандықтан, матростар өздерінің
əскери корветі қаншалықты жүк кемесі болса, бұл бейтаныстың да
соншалықты "мұжық" екенін жақсы сезді.
Баяу ғана жел есіп түр. "Клеймор" мүйістен шығып, біраз уақыт көзден
кетпей, жағаны бойлай жүріп отырды: сонаң соң бірте-бірте ымырт
қараңғылығына еніп, кішірейе бере, ақыры біржола ғайып болды.
Желамбр үйіне келген соң, бірер сағаттан кейін граф д'Артуаға* шұғыл
пошта кемесімен мынадай бірнеше сөз жазып жіберді:
"Мəртебелі ағзам! Аттаныс іске асырылды. Сəті түсері кəміл Бір
аптадан соң Гранвильден Сен-Малоға дейін бүкіл жағалау өрт құшағында
қалмақ".
Ал осыдан төрт күн бұрын Шербург жағалауындағы республикашыл
армияға маңызды тапсырмамен жіберілген жəне сол кезде Гранвильде
тұрған Марнадан сайланған депутат Приер əлгі ақпарды жазған адамның
қолынан шыққан - қып-қысқа хат алған. Онда былай делінген болатын:
"Азамат депутат! 1 маусымда су көтеріле үсті бүркеулі батареясы бар
"Клеймор" əскери корветі теңізге шығады. Ол Францияның жағасына
мынадай белгілері бар бір кісіні түсіруге тиіс: қарт, ұзын бойлы, ақ шашты,
саусағы ақсүйек адамның саусағындай сүйрік те сұлу, үстінде шаруа
костюмі. Ендігі егжей-тегжейлі хабарды сізге ертең жіберемін. Ол екісінде
таң ата барып түспек. Эскадрамызға ескертіңіз, корветті ұстаңыздар. Ол
кісіні гильотиналауға бұйырыңыз".
II. Түн қараңғысын жамылған кеме мен жолаушы
Корвет оңтүстікке бет алудың орнына əуелі солтүстікке, сонан соң
батысқа бұрылып, жұртқа тұп-тура "Апат Өткелі" деген атпен танымал
болған бұғазға келіп кірді. Бүл өткелдің не арғы, не бергі жақ шетінде маяк
атаулы жоқ еді.
Күн батқалы қашан? Түн қараңғылығы əдеттегіден гөрі қою. Ай туатын
уақыт болса да, бүкіл аспанды қалың бұлт қаптап алғандықтан, оның батар
кезінде бір-ақ көрінетін түрі бар. Бір үйір жабағы бұлт теңізге төніп, айдын
үстін тұмшалап тұр.
Қараңғылық корветтің жоспарына септескендей.
Лоцман Гакуаль егер корвет тосын жайтқа ұшырамай, жел оңынан
соғып, барлық желкенді көтере жүрсе, таң ата Францияның жағасына жетіп
қалар деп үміттенді.
Əзірге бəрі де жап-жақсы келе жатыр еді. Бірақ тоғыздар шамасында
жел үдеп, толқын көтеріле бастады. Жел қуалай соғып, күшті толқын
дауылға ұласа қоймаса да, əрдайым биіктен сапырыла құлағанда, корветтің
тұмсығы суға көміліп-көміліп кетеді.
Лорд Балькарра генерал деп атаған жəне шахзада де-ла- Тур д' Овернь
"Сау болыңыз, бауырым" деп қоштасқан манағы "мұжық" байсалды да
байыпты қалыппен палуба үстінде жүр. Кеменің əрлі-берлі теңселуін
байқамағандай. Бұл жүрісіне қарап көпті көрген кəнігі теңізші дерсің.
Анда-санда кеудешесінің қалтасынан шоколад тақтасын алып, шетінен
сындырып аузына салып қояды; шашы түгел ағарып кетсе де, тісі
шетінемеген, бүп-бүтін.
Оқта-текте капитанға бірдеңе айтып қойғаны болмаса, ешкіммен тіс
жарып сөйлеспеді. Капитан оның əр сөзін əдеппен тыңдайды жəне өзінен
гөрі осы жолаушыны кеме командирі деп санайтын секілді.
Шебер лоцман басқарып келе жатқан "Клеймор" тұман ішімен Джерсей
аралының сопайған солтүстік мүйісін елеусіз орағыта өтті де, қауіпті құз
тасқа соқтығып қалмау үшін жағаны ала жүрді. Рульде тұрған Гакуаль су
астындағы жартастарды қолмен қармалағандай, бірақ мұхитпен жақсы
таныс адамша, кемені сеніммен жүргізіп келеді. Корвет осынау қатаң
бақылау қойылған су үстінде келе жатқанын сездіріп алам ба деп сескеніп,
тұмсығындағы шамды жаға қоймады. Тұман түскеніне кемедегілер түгел
риза. Корвет үстінде бəрі бəз-баяғы қалпында. Сағат оннан кете капитан
граф дю- Буабертло мен оның көмекшісі шевалье де-ла-Вьевиль шаруа
киімін киген адамды соған бөлінген каютаға, яғни капитанның өз
каютасына ертіп апарды. Каютаға кіріп бара жатып, қарт артына бұрыла
бəсең дауыспен:
- Мырзалар, құпияны мұқият сақтау қажет екені сіздерге мəлім болуға
тиіс. Жарылыс болар сəтке дейін тірі жанға тіс жармаңыздар. Менің
атымды бүл кемеде екеуіңізден басқа ешкім білмейді, - деді.
- Бұл құпияны біз қабірге өзімізбен бірге əкетеміз, - деп жауап қайырды
Буабертло.
- Ал мен оны басыма өлім қаупі төнсе де айтпаймын, - деді қарт.
Сөйтіп, ол каютаға кіріп кетті.
III. Ақсүйектер мен қара тобырлар
Капитан мен оның көмекшісі қайтадан жоғары көтерілді де, өздерінің
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - 93 жыл - 02
  • Parts
  • 93 жыл - 01
    Total number of words is 4084
    Total number of unique words is 2212
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 02
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2177
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.1 of words are in the 5000 most common words
    54.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 03
    Total number of words is 4130
    Total number of unique words is 2081
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.2 of words are in the 5000 most common words
    56.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 04
    Total number of words is 4161
    Total number of unique words is 2093
    35.0 of words are in the 2000 most common words
    50.2 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 05
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 2142
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 06
    Total number of words is 4018
    Total number of unique words is 2163
    33.4 of words are in the 2000 most common words
    46.5 of words are in the 5000 most common words
    54.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 07
    Total number of words is 3816
    Total number of unique words is 2202
    30.7 of words are in the 2000 most common words
    44.1 of words are in the 5000 most common words
    51.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 08
    Total number of words is 3982
    Total number of unique words is 2146
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 09
    Total number of words is 4081
    Total number of unique words is 2160
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 10
    Total number of words is 3991
    Total number of unique words is 2130
    33.0 of words are in the 2000 most common words
    47.5 of words are in the 5000 most common words
    54.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 11
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2071
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 12
    Total number of words is 4111
    Total number of unique words is 2038
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 13
    Total number of words is 4020
    Total number of unique words is 2081
    33.5 of words are in the 2000 most common words
    46.9 of words are in the 5000 most common words
    53.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 14
    Total number of words is 4058
    Total number of unique words is 2095
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.9 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 15
    Total number of words is 4018
    Total number of unique words is 2115
    33.3 of words are in the 2000 most common words
    47.8 of words are in the 5000 most common words
    56.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 16
    Total number of words is 3995
    Total number of unique words is 2093
    34.4 of words are in the 2000 most common words
    48.8 of words are in the 5000 most common words
    55.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • 93 жыл - 17
    Total number of words is 3439
    Total number of unique words is 1990
    32.4 of words are in the 2000 most common words
    44.8 of words are in the 5000 most common words
    51.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.