Latin

Шыңғысхан - 28

Total number of words is 3948
Total number of unique words is 2076
0.0 of words are in the 2000 most common words
0.0 of words are in the 5000 most common words
0.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
«Құдай», – М.М.) қастерлеп, және сол Тәңірінің күшімен (бұл – тұрақты
тіркес, – М.М.) Батыс пен Шығыстың барлық жерін ойран қылдық...» – дейді.
Соған қарамастан, Батыста Дала жұртының христиандығы турасындағы
жағымды қауесет тоқтамайды.
Ұлы қаған Күйік және оның ғұзырындағы тағы қаншама ұлық кісілер
христиан-католик діні қабылдапты-мыс деген дақпырт жөнімен, дінқарындастық және дипломатиялық тығыз байланыс орнату мақсатында
Франция королі Людовик IX тарабынан Қарақорымға арнайы жіберілген,
доминик орденінің монағы Лонжюмо бастаған елшілік мүлде басқаша
жағдайға тап болады. Лонжюмо ілкіде ғана дүние салған Күйік қағанның
жесір қатыны, аралық кезеңде Еке Ұлыстың билігін ұстап отырған ОғұлҚаймыштың Ордасынан бірде-бір нағыз христианды ұшырата алмапты,
ондағы жалпы жұрт жер түбінен өксіп жеткен христиандарды мүлде жат
санайды, тіпті, христиан елшілігін іш тартып, олардың күнделікті тіршілікқамын ойлаған ешкім болмапты.
Христиандарға құрмет көрсеткен себепті, Мөңке хан, Күйік хандар христиан
деген сөз тарады. Шын мәнісінде, бұлар христиан емес, деп жазады Рубрук.
Шет жұрттық елшілер мен жиханкездерге, барлық тараптағы дін атаулыға
құрмет – мемлекеттік саясаттың бір тармағы, жалпыға ортақ сыпат болатын.
Мөңке хан атаулы мереке күндерінде несториан-христиандарына да,
сарациндерге де, пұтқа табынушыларға (буддистерге) де тиесілі құрмет
білдіреді, деп жазады өзі көрген жағдай туралы Рубрук.
Ең бір көп тараған және тарихи әдебиетте орныққан дәйек – Бату ханның
үлкен ұлы Сартаққа қатысты.
Сартақтың христиан дінін қабылдауы туралы мағлұмат мұсылман
тауарихтарында да ұшырасады. Алайда, қолда бар басқа да деректермен
салғастыра қарасақ, Сартақтың діни ұстанымына қатысты теріс сөз – тақ
таласы, мұсылман Берке тарабынан туындағанын аңғарамыз.
Христиан екен деп, қаншама үміт артқан Сартақ католик елшілеріне
айтарлықтай ықылас танытпайды, діни сенім турасында әуестік білдірмейді,
тек әдепкі, шет жұрттық елшілер ретінде әкесі Бату ханның алдынан өтуге
бағыттайды.
Сартақ нағыз христиан екен деген ұғыммен келген Карпиниге оның жақын
төңірегіндегі ұлықтар: біздің әміршімізді христиан деп айтпаңдар, ол
христиан емес, моал (моғұл, – М.М.) депті.
Алайда, Алтын Орданың тақ мұрагері-христиан турасындағы алдамшы үміт
үзілмеген. Карпиниден соңғы Рубрук та әуелде күмәнда қалады. Сартақ
Христосқа сене ме, сенбей ме – нақты айта алмаймын, менің байқауымша,
ол көбіне-көп христиандарды келеке қылатын сияқты, дейді.
Әйткенмен, ақыр түбінде анығын аңдаған. Шындығында, Сартақ христиан
емес, деп түйіп айтады.
Біздің король христиан екен деп, Сартаққа хат жолдаған еді, егер христиан
емесін білсе, онымен ешқандай қатынас болмайтын еді, депті кейінірек,
Мөңке қағанмен арадағы кеңесінде.
Сол заманда тек Сартақ қана емес, христиан аталатын басқа да үлкен
тұлғалар бар. Мәселен, Шыңғыс ханның ең сенімді қосшыларының бірі, одан
соң Өкетай, Күйік қағандар заманында мемлекеттік хатшы (есебі, бас уәзір)
қызметін атқарған керей Шыңқай несториан дінін ұстанған деседі. Карпини
Шыңқаймен әлденеше мәрте кездескен, Күйік қағанның ғұзырына барарда
арнайы қабылдауында болған, бірақ Шыңқайдың христиан екендігі жөнінде
ешқандай мағлұмат қалдырмаған. (Әйткенмен, басқа да деректер негізінде
Шыңқайдың христиан дініне бейіл бергені аңдалады.) Ал Рубрук Мөңке
қаған тұсындағы мемлекеттік хатшы Бұлғайдың несториан екенін нақты
айтқан.
Кейінгі Бұлғай ғана емес, Күйік қаған тұсында Алғы Азиядағы моғұл әскерінің
бас қолбасшысы Елшігедей-ноян несториан атанады және оның француз
короліне арнайы жіберген екі елшісі де, Давид және Марк есімді
несториандар болды деген мағлұмат бар. (Жалғас деректе бұлар тек сенімге
жету үшін ғана христиан атанған деп айтылады.)
Басқа да мысалдар ұшырасады. Алайда бар кілтипан – бұлар қаншалық
дәрежеде христиан болды деген сауалға тіреледі.
Тақау Шығыс елдерінде он бес-жиырма жыл тұрған, христиан дінін уағыздап,
жұрт аралаған, оның ішінде Құлағу ұлысы және іргелес, бодан аймақтарды
да жақсы білген Рикольдо де Монте-Кроче несториандар туралы арнап
жазады, бірақ татарлар арасында бұл діннің үмбеттері бар деп айтпаған.
Шеттен келген несториандар шындықтың өңін айналдырып жібереді.
Болмашыны он есе өсіріп айтады, деген Рубрук.
Татарлар анық шоқынған жағдайдың өзінде бұл – тек сыртқы көрініс және
тек жын-періден сақтану шарасы ғана болған, дейді атақты неміс
оқымыстысы Рихард Хенниг (1874–1951), ортағасырлық жазбалар, оның
ішінде Рубрук деректерін талдай отырып.
Мөңке қағанның биік мәртебелі төрт қатынының үшеуі христиан саналады
екен. Бетпе-бет көріске келгенде, бұлардың христиан діні турасындағы
мағлұматы шамалы, ал түсініктері мүлде дерлік жоқ екені көрінеді. Ал екінші,
«дінсіз» қатын, қатты сырқаттанған кезінде өзін крестпен алқауға рұқсат
жасайды. Христиан саналатын төртінші қатынның өзі бақсы-балгерге сенеді,
пұтқа («идол») табынады, деп жазған Рубрук.
Тек хан сарайындағы мәртебелі қатындар ғана емес, христиан есебіндегі
жалпы жұрттың жағдайы осындай екен.
Ондағы несториан монахтары ештеңе білмейді, деп атап көрсетеді Рубрук.
Өздерінше ғибадат жасайды, қасиетті кітаптары сирия тілінде және
әдепкідей дұға оқып ән айтқанда, мәтін мағнасынан ешқандай хабары жоқ;
оның үстіне, бұлар әбден бұзылған қауым, басқа да татарлар сияқты көп әйел
алады, тілемсек, маскүнем, күнделікті тұрмыста дін қағидаларынан аулақ,
оларға қарағанда моалдар мен тойындардың (будда сопылары, – М.М.)
тіршілігі әлдеқайда бейкүнә, дейді.
Хан сарайының төңірегі, Қарақорым және басқа да тараптағы әрқилы дін
өкілдері, тіпті, несториандардың өзінің көпшілігі – келгінші жұрт, империя
іргеленгеннен соң әртүрлі жағдаймен тоғысқан қауым екендігі көрінеді.
Келгінші несториандар мен сарациндер және пұтқа табынушылар
(буддистер) барлық қалаларда бар, деген Рубрук.
Сонымен қатар, астана байтақта орыс, армян текті православ христиандар да
өздерінің шіркеуін ашып, діни насихатын жүргізе бастапты. Шыңғыс хан
заманында және оған жалғас кезеңде империяның негізгі саяси
тұрғыларының бірі – діни төзімділік, өждан еркіндігі болғаны белгілі.
Олар ешкімді де өз дінін тастауға мәжбүрлемейді, деген Бенедикт Полон.
Әртүрлі кәсіп шеберлері ретінде тұтқын болып келіп, Қарақорым және басқа
да арнайы орталықтарда тұратын орыс, мажар, неміс, алан, грузин, армян
текті христиандар өз діндерін еркін ұстанады.
Құдай қолдың саусақтарын әртүрлі етіп жаратқаны сияқты, адамдарға да
әрқилы жол-жора берген. Бірақ сендер, христиандар, құдай түсірген
жарлықтың рәсім-мәнісін сақтай алмай отырсыңдар, дейді Мөңке қаған
Рубрукқа.
Қарақорымда әртүрлі халықтардың он екі ғибадатханасы бар екен. Оның
екеуі – мұсылман мешіті, біреуі – христиан шіркеуі болған. Пасха мейрамы
кезінде осы шіркеуге христиандар көп жиналды: венгрлер, аландар, орыстар,
гүржі мен армяндар – көпшілігі Батыс жорықтары кезінде тұтқын болып
келгендер екен, дейді Рубрук.
Рубрук елшілігі кезінде Қарақорымда, Мөңке қағанның қалауымен христиан,
мұсылман және будда дінінің білгірлері арасында кімнің діні ақиқат және
артық деген тұрғыда арнайы пікірталас өткізіледі. Әлбетте, ешқандай
нәтижесіз. Ұлы қаған ешкімді қолдамайды һәм ешкімді де терістемейді.
Табиғи жағдай.
Құбылай қаған айтыпты:
Әлемдегі халықтар төрт құдіретті қастерлейді және соларға сыйынады.
Христиандар – біздің құдайымыз Иисус Христос дейді, мұсылмандар –
[пайғамбарымыз] Мұхамед дейді, иудейлер – Моисейге, пұтқа табынушылар
– Сагом-бұрқанға (Шакьямуни) бас ұрады. Мен осы төртеуін де құрмет тұтам,
төртеуінен бірдей медет сұраймын. Қайсысы Көктегі ең мықтысы болса,
сонысы мені қолдауға тиіс, дейді (Марко Поло).
Бұл – Шыңғыс ханның өсиеті болатын. Дін атаулыны алаламау, бәрін тең
ұстау – империялық үлкен саясаттың бір тармағы. Ал Шыңғыс ханның өзі,
төрт ұл және тақау немерелері түгелдей ата-баба дінін, ежелгі рәсім, жолжораны берік сақтағанын көреміз. Тек хан әулеті мен билеуші тап қана емес,
барлық қара жұрт ата-бабаның байырғы нанымы – Тәңірі дінінің ауқымында
болды.
Заманынан озған ақылман ойшыл Роджер Бэкон (1220–1292) әлемде ең ірі
халықтарды қамтитын, негізгі алты діни ұғым бар деп білген. Дербес дінге ие
болып отырған бұл атаулы қауым: сарациндер (яғни мұсылман жұрты, –
М.М.), татарлар, мәжусилер, пұтқа табынушылар (буддистер), иудейлер және
христиандар. Ақиқат дін тұрғысынан алғанда, бір Құдайды мойындайтын
татарлар – мәжусилер мен буддистерден жоғары, алайда иудейлерден бір
саты төмен, депті. Ең биікте, әрине, христиан жұрты.
Р.Бэкон байыптағандай, қайткенде де өз діні бар, өзіндік жол-жорасы берік
түрік-татар жұрты ата-баба рәсімінде қалады. Көшпенді халықтардың
тіршілік-тынысына үйлеспейтін христиан дінінің бұл тарапта табысқа жетуі
мүмкін емес-ті.
Жарты ғұмырын «дінсіз мәжусилер» арасында христиан дінін уағыздауға
арнаған Рикольдо де Монте-Кроченің күйініп тұрып айтқан бір сөзі бар.
Татардың жалпы жұрты аң сияқты, дейді. Табандап тұрып алады, ешқандай
насихат, үгітке көнбейді. Оларға ақы, пұл ғана керек. «Егер христиан дінін
қабылдасам, маған не бересің?» – деп сұрайтынын қайтерсің. Ал
сарациндер бұларға ешқандай шарт, шектеу қоймайды, кеңшілік, еркіндік
берген. Сондықтан татарлар мұсылман дінін қабылдауға бейім, дейді мүлде
торығып. Кейінде байтақ империяның қара орны Татан – моңғол текті
тайпалар еншісінде қалған бүгінгі Халха мен Барғужын-Тоқым (Бурятия) және
онымен шектес, халқы сирек, шалғай түрік өлкелері демесек, бүкіл түрік
қауымы мұсылман дінін құп көргені мәлім, бірақ бұл – басқа тараптағы
әңгіме.
Татарлар христиандарды ұнатпайды, оларды дөкір, әрі ашкөз, және өлігін
сыйламайтын жұрт санайды, деп түйіндейді Рикольдо де Монте-Кроче.
Христиан уағызы Дала жұртына мүлде жат екендігі бірден аңдалған. Бұл
жағдайды Иннокентий IV папа мен Людовик IX король әуелгі, Асцелин
елшілігі кезінде ұғынса керек-ті.
Алғы Азияда, жорық жолында тұрған Байжу-ноян папаның доминик монағы
Асцелин бастаған елшілеріне әуелде біршама сыпайы сөйлейді. «Сендер,
христиандар, папа – барлық жұрттан артық деп қалай айтасыңдар? Біздің хан
Құдай (әрине, Тәңірі, – М.М.) берген құдірет пен даңқ арқасында сенің
папаңнан да, кез келген басқа бір кісіңнен де өлшеусіз жоғары», – дейді.
Папа елшілері Байжу-ноянның алдында тағзым жасаудан бас тартқан кезде
«барон», яғни татар бек-бахадұрлардың айтқан сөзі:
«Сендер, христиандар, ағаш пен тастан жасалған пұтқа (яғни құдай бейнесі
мен крестке, – М.М.) табынасыңдар. Ендеше, Тәңірі таңдаған қаған өзіне
теңдес құрмет көрсетуге өкілет берген Байжу-ноянға неге бас
ұрмайсыңдар?» – дейді.
Бұдан соңғы келіссөзде, Асцелин дипломатиялық тасырлық көрсеткен шақта,
Байжу-ноян қатты кетеді, ойындағысын ашық айтады:
«Сендер біз христиан дінін қабылдап, өздерің сияқты ит болсын дейсіңдер.
Әлбетте сендердің Папа – ит емес пе!? Және бүкіл христиан атаулы да түгел
ит емес пе!» – депті ашуға ерік беріп.
Бүкіл Батыс әлемінде тірі әулие саналатын папа ғана емес, жат жұрттың
бөтен діні турасындағы сенімді, жиренішті түсінік осындай екен.
Татарлар бүкіл христиан қауымына өшпенді, түгелдей қырып бітіруге
ынтызар, деп жазған Винцент де Бове. Әйтсе де, қатерлі, алмағайып
жағдайда дін-қарындас іздеген Батыс жұрты тоқтай алмады дедік. Тек
Рубруктың ақиқат әрі нақты ақпарынан соң ғана папа мен король татар
жұртындағы христиандармен жалғасу, және дінді одан әрмен насихаттау
талабынан біржола бас тартады, тіпті Рубруктың ізін баса, тобымен аттанған
жаңа миссионерлердің өзі орта жолдан кері қайтыпты.
Рубруктан соң сабынның көбігі тарқап, еуропалықтардың татар
христиандары турасындағы тәтті үміті біржола кесілді, деп жазған Р.Хенниг.
Өлім және жерлеу
Шыңғыс хан заманындағы далалық көшпенді қауымның өлік күту, жерлеу
рәсімдері ежелгі түрік тайпаларының жол-жорасымен сәйкес екендігін
көреміз. Әлбетте, бағзыдағы ғұн, кейініректегі түрік ғұрыптары туралы
негізінен археологиялық зерттеулер арқылы белгілі. Ал біз байыптап отырған
дәуірге қатысты жазба мағлұмат та біршама. Екі тарапта да жетімсіздік
болғандықтан, толықтай ұқсастық, нақпа-нақ қайталау туралы айту қиын.
Кейінгісі әуелгісін жалғастырады, түптеп келгенде, бірін бірі толықтырады
дер едік.
Алдымен, соны бір деректер.
Әлдекім қатты ауыра қалса, оның үйінің іргесіне ұзындығы тоғыз шынтақ,
сыртынан қара киізбен оралған құрық орнатады. Содан бастап, осы
белгіленген аумаққа бөтен ешкім кірмейді, депті Бендикт Полон.
Біреу-міреу өлесі болып ауырса, оның албарына найза тігіп, оны қара киізбен
қаптап қояды және сол сәттен бастап, науқастың үй-жайының маңынан
ешкім жүруге тиіс емес, дейді Карпини.
Әлдекім қатты сырқаттанып жатып қалса, үйінің үстіне арнайы белгі қояды.
Тек қызмет көрсетушілер ғана кіріп-шығады. Егер белгілі төрелердің бірі
ауырса, орданы айнала күзет тұрғызылады, ешкім аңдаусыз аяқ баспас үшін,
дейді Рубрук. Көлденең кісімен бірге қаскүнем жын, немесе [қара]жел өтіп
кетпесін деген қауіп көрінеді.
Ажал сәтінде науқастың қасында ең жақыны ғана қалады, өйткені, өлімге куә
болған адам жаңа ай туғанға дейін хан ордасы тұрыпты, кез келген бек,
шонжардың ордасына да кіре алмайды (Бендикт Полон).
Әлдендей үлкен кісінің тәсілім сәтін көрген адамдар жыл аяғына дейін (жыл
уақыты толғанша? – М.М.) хан ордасына кірмейді. Өлген – кішкентай бала
болса, бір айға дейін (Рубрук).
Кісі өлгенде қатты дауыстап жылайды (Рубрук).
Қайғы, қаза үстінде әйелдер бұрымын тарқатып, шашын жайып жіберіп, зар
шегетін болған (“Қастерлі шежіре”).
Кісі өлген соң, оның үйіне, тұрағына қатысты заттардың бәрі де тазару
рәсімінен өтуі керек. Екі от жағылады, екі қапталға екі сырық орнатылып,
олардың басы арқанмен жалғанады, арқанға бірнеше үзік мата байланады.
Екі қанатта екі бақсы, зікір айтып, су бүркіп тұрады. Барлық адам, барлық зат
осы екі оттың аралығынан өтуі керек, деген Бенедикт Полон.
Жерленген кісі төрелер әулетінен болса, оның моласының басында бір үй
қалады. Игі жақсылар зиратының маңында қарауыл, күзетшілер жататын
қонақжай болады, дейді Рубрук.
Кісісі өлген шаңырақ бір жылға қандай да алым-салықтан босатылады
(Рубрук).
Атақты тұлғалар өлгеннен кейін белгілі бір уақыттарда арнайы ас беріліп
тұрған, жоқтау жыр айтылған («Қастерлі шежіре», Рәшид-әд-Дин).
Енді жерлеу рәсімі туралы.
Бенедикт Полон айтады. Егер бай адам өлсе, онда айдалаға, жасырын
жерлейді. Отырған үйімен, астау толы ет, аяқ толы қымызбен. Сонымен
қоса, садағы, қорамсақ толы оғымен. Жүгенді, ертоқымды атымен. Және
құлынды биемен бірге. Осының бәрі о дүниелік болашақ өмір үшін қажет
екен. Атына мінеді, биесін сауып ішеді, тағысын тағылар. Сондай-ақ, алтын,
күміс салады, дейді.
Карпини сөзі. Белгілі шонжар өлсе, оны өздері қалаған жері, иен далаға
көмеді. Ортаға отырғызып, бүкіл үй-жайымен, алдына жайылған жозы, ет
толы астау, шара толы қымызымен. Сонымен қатар, құлынды бие, ертоқымжүгенді бәсіре атымен. О дүниеде еркін тұратын үй-жайы, сауып ішетін биесі,
мінетін көлігі болуы үшін. Және мал-мүлкі өсіп-өнуі үшін тағы бір жылқыны
басында сойып, аруағы риза болуы үшін бар етін жеп, сүйегін отқа жағады,
дейді.
Олар өлгеннен соң, о дүниеде өмір сүріп, ас ішіп, мал бағып жүре береміз
деп сенеді, дейді Бенедикт Полон. (Айта кетейік, кейінгі қазақтар да дәп
солай санаған. Мұсылман дінін біржола мойындағанға дейін. Және содан
соң да, ұзақ уақыт бойы. Мұның таңбаға түскен айқын дәлелі – Шоқан жазып
алған «Өлі мен тірінің достығы» аталатын ғажайып ертегі. Керек десеңіз,
өткен кісі аруақ емес, елес-сүлде емес, өзінің сол, тіршіліктегі қалпында
жарыққа шығып жүре алады екен, тек күнделікті, белсенді өмірден ғана
шеттеген...)
Өлікті жерлеу орны және біржола көмер алдындағы рәсім де бажайлап
сыпатталған.
Ен даладан жасырын түрде, төрт бұрышты, шағын шұңқыр қазып, оны екі
қапталынан іштей кеңейтеді. Ал қалған қабірді ауыл маңынан, көпке көрсетіп
қазады. Және соған марқұмның тіршілікте басқадан артық бағалаған құлын
жатқызып, оның үстіне мәйітті мінгестіріп салады, қабірді ашық қалдырады.
Егер әлгі құл үш күннен соң көрден аман шықса, басына еркіндік алады һәм
осы әулеттегі құрметті, беделді кісілердің санатына қосылады. Бұдан соң өлік
келтірілген шын қабірді түн жамыла көмеді де, таң атқанша үстінен жылқы
айдап, қой айдап, бар топырағын тегістеп жібереді, марқұммен бірге
салынған қазынаны ешкім таба алмас үшін, деп бажайлаған Бенедикт Полон.
Кейде тегістелген қабір үстіне ілкіде ойылып алынған шөбін қайта орнатады,
дегені тағы бар.
Сплит архидиаконы Фома Батыс Еуропада, жорық жолында қаза тапқан
кісілерді жерлеу жағдайы турасында дерек береді. Аулаққа, тасаға апарып
көмеді де, топырағын тегістеп, үстінен ат тұяғымен тапап, қабірдің орнын
аңдаусыз етіп тастайды, депті. Яғни мәйітті көміп жерлеу және артында
нысан қалдырмау – жалпыға ортақ, әдепкі рәсім болған.
Рубрук көрнекті тұлғалардың жерленген орындары белгісіз қалатынын
куәландыра отырып, мен мәйітпен бірге алтын-күміс қазына қоса көміледі
деп айта алмаймын, деген екен.
Кейбір кісілерді жерлеудің өзгеше тәсілі бар, деп жазады Карпини. Далаға,
көз көрмеске шығып, сайланған жердегі шөп атаулыны тамырымен қопарып
алып, бетін тазартады да, үлкен шұңқыр қазады, шұңқырдың бір бүйірін
тереңінен үңгіп, қуыстайды да, марқұмның жақсы көрген құлын тірідей
жатқызады, оның үстіне өліктің өзін қояды. Астыда ұзақ жатқан құл қиналып,
талмаусырай бастайды, сол мезетте оны суырып алып, тыныс береді, осы
жағдай үш мәрте қайталанады. Егер құл ақыр соңында аман қалса, бостан
болады және марқұмның туыстарының арасында аса үлкен құрметке жетіп,
бар жағдайы жасалады. Ал өліктің өзін сол бүйір қуысқа (ақым, – М.М.)
жоғарыда айтылған барлық мүкәмалымен бірге көмеді, содан соң, алдыңғы
шұңқыр да топырақпен бітеледі. Ақыры, қазылған жердің үстіне манағы,
тамырымен алынған шөпті қайта орнатады, басқа жерден айырғысыз
көрініп, ешкім таба алмас үшін, деп тәптіштейді Карпини.
Тағы да Карпини айтады. Бұлардың елінде екі түрлі зират бар. Бірі
патшалары, бектері және барлық шанжарларына арналған; ондай ұлық
кісілері қайда өлсе де, сүйегін осында жеткізіп жерлейді және қаншама
алтын-күмісті қоса көмеді. Екінші зират – Венгрияда өлгендер үшін, онда қаза
тапқандар көп екен. Бұл зираттардың шегіне арнайы қойылған
күзетшілерден бөтен ешкім де жақын жүрмеуге тиіс, егер әлдекім келе
қалса, оны ұстап алып, тырдай шешіндіріп, өте қатты дүреге жығады. Біз
білместікпен Венгрияда өлгендердің зиратына кіріп кетіппіз, қорықшылар
әуелде бізді атып тастамақ болған еді, алайда біз ұлұғ папаның өкілдері әрі
бұл елдің заңының бейхабар болғандықтан, аман-есен кеттік, дейді.
Карпинимен серіктес Бенедикт Полон да осы кепті қайталапты, тек кейбір
тұстарында аз-маз өзгешелігі аңдалады. Бұлардың жерінде екі орай зират
бар деген. Бірі – қарашылар үшін, екіншісі – хандар, төрелер, көсемдер мен
атақтылар үшін. Міне, осы зиратқа жат жұртта өлген белгілі адамдарын, –
мәселен, Венгрияда қаза тапқандар сияқты, – арнайы жеткізіп, жерлеуге
айрықша мән береді, дейді. Батыстағы түрік-қыпшақ тілін жақсы білген,
сондықтан да Шығыстағы түрік-татар қауымымен де тікелей, еркін сөйлескен
Бенедикт Полонның деректері нақтырақ. Атаулы екі зираттың бірі жалпы
жұрт – қара халыққа арналған. Екіншісі – анығын айтайық, хан әулетінен
тысқары билеуші тапқа тиесілі.
Карпини мен Рубрук, тіпті, тілі бар Бенедикт Полонның өзіне белгісіз қалған
жағдай – үшінші, ең жоғарғы дәрежелі зират тағы болған, – бүгінде әдепкі
атына дейін ұмытылған қасиетті Бұрхан-Қалдұн тауындағы, Шыңғыс хан мен
оның әулеті ғана тыныс тапқан қастерлі Еке-Қорық. Тауды алыстан қоршалай,
тұтас әскер жасағы күзетіпті. Шығыстағы Құбылай империясы – Қытайды
билеген Юань әулеті құлағанға дейін, бәлкім, одан соң да біраз заман...
Бенедикт Полон ескерткендей, Бату ханның Батыс жорығында қаза тапқан
барлық жұрт емес, тек қолбасы бахадұр, ноян, әскербасы белгілі
тұлғалардың сүйегі ғана туған жерге жеткізілсе керек. Татарлар қаза тапқан
адамын сол арада, табытсыз көмеді деп жазған Орталық Еуропадағы ойранға
қатысты біршама мағлұмат қалдырған Фома Сплит.
Батыс жорығынан соң, далалық түрік қауымының жаңа бір ұлы мемлекеті
Алтын Орданы біржола негіздеген, Еділ бойында, өзі орнатқан Сарай
қаласында дүниеден көшіп, осы өңірде (бәлкім, Ақтұба–Лабаста бәлкім
Жайық–Сарайшықта) жамбасы жерге тиген Бату ханның қалай жерленгені
турасында нақты дерек сақталған. Тақыр басты таза мұсылман Жүзжани
жазыпты.
Бату хан жиырма сегіз жыл патшалық құрды, иланымды адамдардың
айтуынша, мұсылман дінін қабылдапты және мұсылмандарға үнемі сенім
артып, қамқорлық жасапты; егер шынымен хақ дінді болса, алланың рақымы
түссін, мәжуси күйінде қалса, азабын жеңілдетсін, дей келе, оның жерлену
рәсімінің мұсылманшылықтан мүлде тыс екенін нақтылайды. Батуды муғұл
рәсімі бойынша жерледі, дейді. Бұл халықтың ата-салты мынандай: егер
әлдекім өле қалса, сол, тозаққа аттанған қарғыс атқырдың атақ-дәрежесіне
қарай, жер астынан өзінше үй есепті шұңқыр қазады. Онысын төсек жасап,
кілем жайып, ыдыс-аяқ және басқа да нәрселер қойып жабдықтайды және
сол араға әлгі кісіні қару-жарағымен, дүние-мүкәмалымен қояды. Кейбір
әйелдерін һәм жақсы көретін қызметшісін қоса салады. Содан соң түнде бұл
жерді топырағымен көмеді де, үстінен жылқы айдайды, ешқандай айырым
белгі қалмағанға дейін. Олардың бұл салты әмбе мұсылман жұртына мағлұм,
дейді Жүзжани.
Рикольдо де Монте-Кроче ежелгі салттың мән-мағнасын ұқпаса да, нақты
куәландырған. Өліктерін көмгенде піскен ет, артық киім және басқа да
қажетімен бірге салады, депті. Бұл – Алғы Азия, Тақау Шығыс елдеріндегі
татар қауымы. Яғни аталмыш рәсім арғы мен бергі – бүкіл Шыңғыс хан
жұртына ортақ болды деген сөз.
Өзіндік дәстүрдің кейінгі кезеңге ұласқанын көреміз. Ұлы Татар жұртында
алпауыт мырзаларды атымен және бір, немесе екі қызметшісімен қоса
жерлеп көмеді, деп куәландырған каталондық Журден Северак 1329 жылы.
Бұл ежелгі ата-баба рәсімі, жеңілденген қалыпта, жаппай емес, ара-тұра
болса да, кейінгі қазақ арасында XIX ғасырдың біршама уақытына дейін
сақталыпты; марқұмды арулап, мұсылманша жаназа шығарып, содан соң
өзіне тиесілі қару-жарағымен, тіршілікте мінген, бар әбзелі түгел атымен қоса
көмеді екен (А.Левшин).
Айтпақшы, католик уағызшы Рикольдо де Монте-Кроче тағы бір орайда,
татарлардың өлік жерлеу салтын қайтадан еске алып, бажайлап жазғаны бар.
Белгілі жайытқа қоса, өзгеше үстемесі үшін, толығымен келтіре кетейік.
Кедейлерді жерлегенде кесек-кесегімен ет пісіріп, жанына қояды һәм молаға
үстіндегімен қоса, жаңа киімдерін салады. Және мәйітке айтатыны бар:
«Егер әлдекім келіп, үстіңдегі, немесе астыңдағы нәрселерді аламын десе,
берме, басыңдағы, жаныңдағы дүниелерді ұсын», – дейді. «Содан соң
әлдекім құдай жөнінде сұраса, артық ештеңе айтып қойма, тек қана: «Менің
білетінім – құдай дегеніміз – құдай!» – дейсің». Осы сөздермен өлігін көмеді,
дейді Рикольдо.
Соңғы лепес – «Лә иләһә илә Алла» – «Алладан басқа құдай жоқ» деген
мұсылман кәлимасын еске түсіреді. Сірә, Рикольдо Түркияда таныған
татарлар ішіндегі мұсылман дінін қабылдаған марқұмның жағдайы, алласын
айтқанымен, ескі, тәңірі дінінің салты бойынша жерленген. Өйткені, өлікке
мұндай бақұл айту – басқа ешбір деректе ұшыраспайды.
Дәулетті кісілерді таңдаулы атымен, барлық қару-жарағымен жерлейді, деп
толықтырады Рикольдо әуелгі сөзін. Ал императорлар өлген жағдайда,
моласына жоғарыларға қосымша, асыл тас, тағы қаншама қазынаны бірге
салады. Және жиырма шақты құлын тірідей бірге көмеді, дейді.
Соңғы сөз – ұзынқұлақтан естігені, ал алғашқы жерлеу рәсімдерін өз көзімен
көрген болуға тиіс.
Жүзжани нақтылап отырған моғұл салты, Карпини, Бенедикт Полон, Рубрук
жазған татар салты – ежелгі түрік рәсімі екендігін дәлелдеп жатудың өзі
артық. Ал моңғол (бұл ретте моғұл емес, моңғол!) ешқашан да өлігін
көмбеген. Далаға, ит-құсқа тастайтын болған. Күні кешегі коммунистік тәртіп
кезінде де бұл дәстүрлері мүлде ұмытылмады, енді темір билік босаңсып,
халық өзінің ежелгі салтына қайта ұмытылған бүгінгі күні өлігін тағы да,
топырақпен бүркемей, ашыққа, ен далаға апарып тастау өріс ала бастады
деседі.
Айтпақшы, бұл жағдайды моңғолтанушы оқымыстылар білмейді емес.
Бағзыда билеуші әулет қана жерге көміледі екен деп, қиялап шығады.
Біріншіден, билеуші әулеттің дәстүр-салты басқаша болса, оның нәсіл-тегі де
басқаша болғаны. Екіншіден, тарихи жазбаларда Шыңғыс хан және оған
жалғас ұлыстар кезеңінде жалпы жұрт түгілі жеке бір адамдардың өлігін
далаға апарып, көмусіз қалдырғаны турасында ешқандай емеурін жоқ.
Үшіншіден, ежелгі мұраларда билеуші әулет қана емес, қарашы қауым,
жалпы жұрттың да мәйіттерін жерге көметіні турасында нақты айтылған.
Төртіншіден, моғұл, татар атанған қауымның өлік жөнелту және жерлеу
рәсімі мен арыдағы түрік текті ғұн, одан соңғы ежелгі түріктің жерлеу
рәсімдері сәйкес келіп жатыр, тағысын тағылар. Беу, шіркін, дейік. Біз ауыл
арасындағы тасыр, топастығымызды айтамыз. Дамыды деген Еуропа
ғылымының өзі әлі күнге баяғы соқыр соқпақтан шыға алмай жатыр екен!..
Тақырыбымыздың бастау көзіне қайтып оралсақ, Шыңғыс хан заманындағы
және оған жалғас кезеңдегі көшпенділер, мезгілсіз келген көлденең қаза,
атап айтқанда, соғыс зардабы болмаса, таза ауадағы табиғи тіршілік, нәрлі
сүт тағамдары мен жылқы еті, ең бастысы – ат үстіндегі еркін өмір мен
шипалы қымыздың арқасында өте ұзақ жасаған. Жувәйни тарихында, Рәшидәд-Дин шежіресінде жастары жүзден асқан көптеген белгілі тұлғалардың
есімдері аталады.
Мал
Көшпенділердің тіршілік кебінің ең басты ұйтқысы – мал болғаны белгілі.
Мал сүмесі дәрмен, қайрат берсе, мал өнімдері барлық тұрмыстық және
шаруашылық қажетін өтеді. Ерте дәуірден кейінгі орта ғасырларға дейін
көшпенді жұрттың айрықша құдіретке жетуі – тек ішкен тамағы мен өмір
салтының ғана арқасы емес, мінген көлігінің, яғни аттың күшіне байланысты
болатын. Арыдағы Ғұн, кейінгі Түрік заманындағы жағдай Шыңғыс хан
дәуірінде де сол қалпында сақталып тұрғанын көреміз.
Татар елінде шөп қалың, су мол, сондықтан да мал шаруашылығына өте
қолайлы, деп жазады Чжао Хуң.
Бұлар өте бай. Малы: түйе, сиыр, қой, ешкі және жылқы. Күш көлігінің көптігі
бүкіл әлемнен асады, дейді Карпини.
Табын-табын өгіз бен үйір-үйір жылқының, отарлы қойдың соншама көптігіне
қайран қалдым, деп жазады Рубрук.
Олардың мал байлығы жердегі ешбір халықта жоқ, дейді Бенедикт Полон.
Бұл Ордадағы малдың қисапсыз көптігі адам сенгісіз дәрежеде, дейді
Барбаро.
Малдары ірі, қоңды, шырайлы, деген Марко Поло.
Жылқы, түйе, өгіз – ірі қара малдарын айрықша құрметтейді һәм мақтан
етеді, деп жазған Винцент де Бове.
Және елдің өз ішінде малға талас, дау-дамай, басқаның меншігін иеленуге
тырысу әсте болмайды екен.
Марко Поло айтады:
Малы көп, бай кісілер айғыр, бие, түйелеріне, өгіз, сиыр, барлық ірі қарасына
өзінің ен-таңбасын салып қояды. Өстіп белгіленген малды ешбір күзетшісізақ далаға, тауға жайылымға жібереді. Егер басқа біреудің малымен араласып
кетсе, бәсіре белгісі бойынша иесіне қайтарады. Тек қой-ешкіні ғана қолдан
бағады, дейді.
Төрт түлік мал түгел болған. Төрт түлік қана. Шошқа және басқа да
жандықтар мүлде ұшыраспайды, деп атап көрсеткен Карпини.
Осы төрт түліктің ішіндегі ең қажеттісі және ең құрметті асылы – жылқы екен.
Көлік қана емес, тамақ, сусын ғана емес, сенімді серік. Қашанда солай
болған.
Жылқы өсіру, оны бағып-қағу, қажетке пайдалану – жете меңгерілген, өзгеше
өнер екен.
Чжао Хуң айтады:
Жылқыны бірінші, немесе екінші жылы (яғни тайында, құнанында) далада
мініске үйретеді. Бұдан соң үш жыл бойы (демек, бестісіне, алты жасына
дейін) бос жібереді. Осыдан кейін ғана біржола қолға алады. Алғашқы үйрету
– тек тістемес, тебінбес үшін ғана, дейді. Ал арда еркіндік, әрине, қуат, күші
толығу үшін. Белі мықты, сіңірі берік болуының алғышарты. (Қазақтың
“Қобыланды батыр” және “Ер Тарғын” жырында тұлпар аттардың бапталуы
дәп осы үлгіде көрінеді.)
Тағы да сол Чжао Хуң айтады:
Жылқының жүзі – үйір, мыңы – қос, қанша көп болса да топырсыз тыныш,
арқырамайды, шұрқырамайды, мінезі жақсы. Татарлар мінген атынан
түскенде, оны байламайды, бос қоя салады. Күн ұзақ оттатпайды. Тек түнге
қарай ғана жайылымға жібереді. Бағымы шөптің нәріне байланысты. Таң ата
ұстап, қайтадан мінеді. Ешқашан аттарына бұршақ, немесе дән бермейді.
Жорыққа шыққанда әр кісінің бірнеше аты болады. Күн сайын ауысып мініп
отырады, сондықтан көлігі ешқашан шалдықпайды.
Татарлар ұрыс-майданда өздерінің аттарының пәрмені мен қуатына сенеді,
депті Симон де Сент-Квентин.
Аттары біздікімен салыстырғанда күшті, жүрдек, әрі төзімді, дейді орыс
архиепископы Петр.
Аттары ірі әрі күшті. Төтенше жүрдек, үш күндік жолды бір-ақ күнде өте
алады, деген Мэтью Парис.
Бұлардың аттары барлық жұрттың жылқысынан жүйрік, деп жазған Симон де
Сент-Квентин.
Бұлардың аттары ит сияқты үйретілген, қалай бұрса, солай жүреді, депті
Марко Поло.
Олардың аттары жақсы. Әскердің соңынан айдаусыз еріп жүре береді, біреу
шауып келе жатса, оның соңында жиырма-отыз ат өздері келе жатады, дейді
көзімен көрген мажар епископы (Мэтью Паристің «Үлкен шежіресінен»).
Бұлардың аттары мықты, ұзақ жүріске де, аштыққа да үйреншікті. Үш күн
қатарынан шабуылдаса да, азғана тынығып, шамалы ғана азыққа қанағат
етеді, Фома Сплит.
Жылқылары барлық қиындыққа төзімді, деген Сент-Квентин.
Татарлардың аттары біздікіндей емес, терең қарда тебіндеп, астындағы
шөбін аршып жей алады, дейді Карпини.
Қысқы қарда тебіндеп жайылу – тек далалық жылқы тұқымына ғана тән
қасиет болып шықты.
Плано Карпини өзінің серіктерімен бірге Франциядан мініп келген аттарын,
ұзақ сапар алдында, Киевте тастап кетуге мәжбүр болады. Татар жұртында
арпа мен сұлы да, қыстық пішен де болмайды екен, аттарымыз аштан өлуі
анық еді, дейді.
Татарлардың астындағы аттары жерді тұяғымен қазып, шөптің тамырын
жейді, арпаны білмейді, деген Ибн әл-Асир.
Жол жүргенде аттарына арпа, сабан алып керегі жоқ, табылған шөпке
жайылады, дейді Марко Поло.
Бұлардың аттары ағаштың жапырағын, бұтағын, қабығын, шөптердің
You have read 1 text from Khakas literature.
Next - Шыңғысхан - 29
  • Parts
  • Шыңғысхан - 01
    Total number of words is 3871
    Total number of unique words is 2186
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 02
    Total number of words is 3839
    Total number of unique words is 1885
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 03
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 1974
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 04
    Total number of words is 3780
    Total number of unique words is 1995
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 05
    Total number of words is 3686
    Total number of unique words is 1994
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 06
    Total number of words is 3770
    Total number of unique words is 2069
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 07
    Total number of words is 3703
    Total number of unique words is 2005
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 08
    Total number of words is 3568
    Total number of unique words is 1854
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 09
    Total number of words is 3747
    Total number of unique words is 1993
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 10
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2098
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 11
    Total number of words is 3767
    Total number of unique words is 2007
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 12
    Total number of words is 3824
    Total number of unique words is 2089
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 13
    Total number of words is 3851
    Total number of unique words is 2109
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 14
    Total number of words is 3865
    Total number of unique words is 1893
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 15
    Total number of words is 3786
    Total number of unique words is 1970
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 16
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 1958
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 17
    Total number of words is 3862
    Total number of unique words is 2050
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 18
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2004
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 19
    Total number of words is 3838
    Total number of unique words is 1986
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 20
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2037
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 21
    Total number of words is 3956
    Total number of unique words is 2034
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 22
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2082
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 23
    Total number of words is 3649
    Total number of unique words is 1891
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 24
    Total number of words is 3741
    Total number of unique words is 1931
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 25
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2125
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 26
    Total number of words is 3933
    Total number of unique words is 2130
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 27
    Total number of words is 3948
    Total number of unique words is 2070
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 28
    Total number of words is 3948
    Total number of unique words is 2076
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 29
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 1921
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 30
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2149
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 31
    Total number of words is 3914
    Total number of unique words is 2126
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 32
    Total number of words is 3717
    Total number of unique words is 1977
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 33
    Total number of words is 3884
    Total number of unique words is 2056
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 34
    Total number of words is 3796
    Total number of unique words is 1950
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 35
    Total number of words is 2330
    Total number of unique words is 1480