Latin

Шыңғысхан - 10

Total number of words is 3846
Total number of unique words is 2098
0.0 of words are in the 2000 most common words
0.0 of words are in the 5000 most common words
0.0 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
мүлде байхабар болуы – табиғи жағдай. Енді бүгінде, бүкіл әлем Шыңғыс
ханды моңғол қылып шығарғаннан соң, оған пана болған, күш берген әулие
тау мүлде белгісіз қалмауға тиіс екен. Соған орай, қазіргі моңғол
оқымыстылары дәріпті Бұрқан-Қалдұн – ежелгі естелікте аталмайтын,
кейіннен ғана мағлұм Кентей тау тізбегінің әлде бір тұсы болса керек деп
шамалайды. Тарихи жазбаларда ұшырасатын басқа да топонимдер орнын
тұспалдап жатыр.)
Қазақ даласындағы, Шыңғыс хан есімімен тікелей байланысты жер –
Шыңғыстау. Халық жадында берік орныққан және қаншама заман есте
сақталып келген оқиғаға ұлы Абайдың өзі назар аударғаны белгілі. Бұл
тарихи әңгіме бойынша, Шыңғыс хан Көр-ханды жеңгеннен соң, бар
әскерімен осы өңірге келіпті. Хан тауында хан көтерілген, Орда тауында орда
тігіп жатыпты. Бүкіл атыраптың Шыңғыс атануы сол себепті дейді. Бұл
әпсананың түп негізгі тарихи шындықтан алыс емес. Бұрын болмаған, ұлы
қаған есімімен байланысты шыққан Шыңғыс атауы өз алдына, нақты
деректер бойынша, алдымен аттанған Жебе-ноян қазіргі Шығыс Қазақстан,
Жетісу өлкесінде орнаған Қатақытай-гөрхан ұлысын қиратқаннан соң,
Сартауыл жорығына үдере қозғалған Шыңғыс хан 1919 жылдың жазын Ертіс
бойында өткізеді. Әскердің алды-артын жинақтаған, ұлы майданға ең соңғы
әзірлігін жасап, оңы мен солын байыптаған. Нақты қай тұс – атап
айтылмайды, қайткенде де Ертіс өзені мен Шыңғыс алқабының арасы жай
жүргенде бір-ақ қонақ, ал шабуылдаған әскер үшін түн жарымдық қана жер.
Шыңғыс хан турасында қазақ арасында сақталған аңыздар мен тарихи
әңгімелердің жосыны бір бөлек. Мәнді және мазмұнды. Кейінде қазақ
халқын құраған ру, тайпалардың тең жарымы дерлік әлмисақтан Ұлы Далада
жасап, ақыры Шыңғыс хан туының астына топталғанын, көп ұзамай бүкіл
Дәшті-Қыпшақ, яғни кейінгі бар қазақ төңірек, туысымен Еке Ұлыс құрамына
енгендігін еске алсақ, дәурені жүрген Алтын Орданы, оған жалғас, өзіміздің
Қазақ Ордасын билеген ел ұйтқысы хан, сұлтандар түгелдей Шыңғыс әулеті
болғанын тағы айтсақ, Шыңғыс хан есімі халық жадында аруақты баба, ұлы
әмірші ретінде қалай орныққанына таңырқамау керек. Таң қаларлық жағдай
– сондай тарихи әңгіме, аңыздардың ұзақ жеті ғасыр – жеті жүз жыл бойы ел
есінен шықпауы.
Осындай өзгеше хикаяның бірі – «Ақсақ құлан – Жошы хан». Аңыздың
айтуынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан аң аулап жүргенде тұтас бір
құлан үйіріне кез болады да, артқы санына оқ тиген құлан айғырын қуып,
нөкерлерінен қара үзіп кетеді. Ақыры, бар үйірінен айрылып, өзі де өлімге
байланған құлан ханға қарсы шауып, ат үстінен алып түсіпті. Осы Жошының
қазасын қаһарлы ханға естірту – тұтас бір хикая. Қаралы хабар айтушы өлімге
кесілмек екен. Ешкім батпайды. Ақыры, ел-жұрт әбден дағдарғанда Кет-Бұға
деген күйші арнайы күймен естіртіпті. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйінің ең
соңғы, түйінді тарауы жалпы қазақта мағлұм, ұлттық музыканың алтын
қорына енген, күні бүгінге дейін тартылады. (Әуел баста бұл тақырыпты күй –
аңызымен, әуезімен, ұзақ бірнеше бөлімнен құралған. Ханның сәнсалтанатпен ауға шығуы, кең дала, жайылған құлан үйірі, қоршалау, жаппай,
жусата ату, ең соңында – ақсақ құланның жайы, ханның қазасы. Эпос-күйдің
жұрнақ-жұқанасы күні кешеге жетті, біз өзіміз ең соңғы рет Маңғыстау
өңірінен шыққан дегдар қарт Мұрат Өскінбайұлының тартуында, төрт
бөлімді күй-дастан ретінде тыңдап едік, 1970 жылдың шамасы, алыстан
келген ақсақалдың арнайы күй кеші өткізілген Мұхтар Әуезов музей-үйінің
қорында сақталуы мүмкін, әйтпесе мүлде жоғалды.)
Күй – әсерлі аңыз әңгімесімен қоса біртұтас, өзгеше тұрпатты үлгі болып
шыққан. Күй мазмұны кейбір тұста жыр арқылы анықталып, дәйектеліп
отырады. Күйдің өзі де, оған сәйкес хикаят та тым ертеде туғаны көрінеді.
Және нақты тарихи шындыққа негізделген. Мәселен, Өтеміш-қажының XVI
ғасырдың бас кезінде таңбаға түскен «Шыңғыс-нама» кітабында Жошы хан
аң аулап жүргенде қазаға ұшырады деп жазылған. Қазақ әңгімесі бойынша,
мерт болған ханның бір қолы ғана табылыпты. Атақты Әлкей Марғұлан
Жихан соғысы жылдарында Ұлытаудағы Жошы-хан күмбезіне қазба
жасағанда, орталық қабірдегі ер кісінің бір қолы жоқ болып шыққан. Яғни
аңыздағы әсіре – ақиқат шындықтың өңі айналған қалпы. (Мен өзім Жошы
құланнан емес, тарпаңнан ажал тапты деп ойлаймын. XVII ғасырдың өзінде
жойылып кеткен, көзден ұшқан тарпаң кейінде көпке белгілі құланмен
алмасқан.)
Жошының өлімі және оны Шыңғыс ханға естірту туралы хикая XV ғасырдың
орта шенінде қағазға түскен, авторы беймәлім, парсы тілді «Түрік шежіресі»
(«Шаджарат әл-атрак») кітабында жүр. Күй туралы сөз жоқ, аңшылық жөні де
айтылмайды, бірақ мұнда да Шыңғыс ханға «бар перзентінен артық көретін
сүйікті ұлының» өлімін естіртуге ешкім батпайды, сонда ауыр міндет
«алпауыт әмірлердің бірінің жақыны» Ұлұғ-жыршы деген кісіге жүктелген
екен. Шыңғыс хан орайлы отырыста, әдепкідей жыр толғауға жарлық
бергенде, Ұлұғ-жыршы ретін тауып, түрік тілінде, дәстүрлі естірту үлгісі,
еппен, тұспалмен қаралы хабарды жеткізеді. Парсы тілді кітапта жырдың
түпкі нұсқасы келтіріледі де, ізінше мазмұндама түсінік беріліп отырады. Жыр
мәтіні – далалық түрки, десек те, қазақ аузында сақталған өлең
шумақтарымен сәйкес келмейді, бірақ мағна, түйіні ортақ. (Біз бұл аңыздың
әдебиленген, құрама нұсқасын 1965 жылы жазылған «Қобыз сарыны»
кітабымызда қалыптаған едік.)
Шыңғыс хан турасындағы әрқилы тарихи әңгімелер тым көп болған сияқты.
Бізге соның бір ұшығы ғана жетті. XIX ғасырда Шоқан жазып алған, өз
заманындағы ойлы, білімдар қазақтың бірі Дін-Мұхамед Сұлтанғазин жазып
алған, тағы бір нұсқасын XX ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан таңбалаған,
Октябарь төңкерісіне дейінгі кезеңде атақты Потанин жарияға шығарған,
әлбетте, өз кезінде қазақ арасына кеңінен тараған, совет заманында, тіпті
бүгінде мүлде дерлік ұмытылған, ешқашан ғылыми, не фольклорлық талдау
нысанасына жатпаған керемет әңгімелер.
Жинақтап, түйіндеп айтсақ, бір ханның көрген кісі есінен танардай ғажайып
сұлу қызы болады. Хан жан адам жұғыспасын деп, бұл қызын оңаша, алтын
сарайда (енді бір нұсқада жел мен күн тимесін деп, «түн теңізінің»
ортасындағы аралда) бағып-қағады. Қыз күтуші әйелден (арнайы бөлінген
қырық қыздан) басқа ешкімді білмейді, сыртқы әлем турасында хабарсыз
өседі. Ақыры, бой жеткен кезінде, алтын сарай ішінде қамсыз жатқанда,
терезеден күн сәулесі түсіп (кешкілікте, сұранып тысқа шыққанда ай сәулесі
түсіп; күндіз, аспан астында, тәңірінің көзі түсіп) жүкті болады. Қолайсыз
жағдай білінгеннен соң хан қатты ашуланып, бірақ қызын қолдан өлтіруге
қимай, алтын сандыққа (бітеу, алтын қайыққа) салып, дарияға жібереді.
Өзеннің (теңіздің) төменгі жағында өз елінен безген Домбауыл (Домдағұл)
деген мерген тұрады екен, қасында Шәбі-соқыр (Тоқтағұл) деген серігі бар.
Шәбі соқырдың (жалғыз) көзі қырық шақырым жерден көреді екен.
Толқында жүзіп келе жатқан алтын сандықты (бітеу, алтын қайықты) алыстан
аңдайды да, Домбауылға айтады, сыртын мен алам, ішін сен аласың деп
келіседі. Сандық (қайық) тақап келгенде Домбауыл-мерген садақ оғына
шыжым байлап атады да, екеулей тартып, жағаға шығарып алады. Сандықты
(қайықты) ашса, айдай сұлу қыз жатыр, келісім бойынша Домбауылға тиесілі,
ал асыл сандықты (алтын қайықты) Шәбі-соқыр олжалайды. Сұлу қыз
Домбауылға өз жайын айтып, аяғы жеңілейгенше кеңшілік сұрапты және
түсініс тауыпты. Сондай ерекше жағдайда дүниеге келген, яғни Тәңірінің көзі
түсіп, күн нұрынан (ай сәулесінен) жаралған перзент – болашақ Шыңғыс хан
екен. (Екінші бір нұсқада – Тәңірберген, одан барып Шыңғыс хан туады.)
Аңыз ары қарай жалғасады. Хан қызы Домбауылға шыққаннан соң тағы екі
(төрт) ұл табады. Өсе келе, Домбауыл балалары Шыңғысты шетке қаға
бастайды. Ақыры Шыңғыс шешесіне айтып, үйден кетеді де, әлдебір өзеннің
бас жағына барып орнығады, саятпен тамағын асырайды, барлығын,
амандығын анасына білдірмек үшін алған құстарының мамығын өзенге
ағызып отырады. Күндердің күнінде ел ішіне әреке кіреді, жұрт азып-тоза
бастайды, ақыры игі жақсылар халыққа хан керек деп шешеді. Хандыққа
нәсілі таза Шыңғысты қалайды. Іздеп келсе, үйінде жоқ. Бірақ шешесі
Шыңғысты қалай табудың жөнін айтады. Сол бойынша, елдегі ең атақты он
екі би суында мамық жүзген өзенді өрлей келе, әлдебір күркеге ұшырасады.
Шыңғыстың лашығы екен, бірақ өзі жоқ, саятта жүр. Билер бой тасалап,
аңдып жатады. Ақыры Шыңғыс та келеді. Аттан түсе бере: “Ей, нөкерлер,
ханның атын байлаңдар!” – дейді. Ешкім жоқ, өзі байлайды. “Ханға қазан
көтеріңдер, ет асыңдар!” – дейді. Өзі асады. Есебі, хан ретінде жарлық беріп,
бар шаруасын өзі жасайды. Енді он екі би Шыңғыстың расында да тума хан
екенін танып, тасадан шығып, құлдық ұрады. Хан бол, бізбен бірге жүр дейді.
Шыңғыс үш мәрте өтініштен соң ғана келісіпті. “Енді мені қалай алып
жүресіңдер?” – деп сұрайды. Сонда он екі би Шыңғысты арбаға отырғызып,
өздері көлік болып жегіліп, ел-жұртына апарып, ақ кигізге көтеріп, хан
сайлаған екен дейді.
Айтпақшы, өзгеше дәйек – сол он екі бидің бірі Майқы деген кісі, аяғы ақсақ,
арбаны тарта алмайды, тіпті, жай жүріп-тұруының өзі қиын. Шыңғыс хан
өзінің қасына, арбаға отырғызады. Хан көтеруден соң, билердің ең үлкені кім
дегенде Майқы басқа билерге: “Сендер арбаға жегіліп келдіңдер, мен
ханның қасында отырып, айдап келдім, сонда кім үлкен?!” – депті. Сөйтіп,
Шыңғыс ханның бас уәзірі болған екен. “Қазақтың: “Түгел сөздің түбі бір, –
Түп атасы Майқы би” дегені осы кісі”, – дейді Абай, осы тараптағы ескілікті
аңыздың тағы бір нұсқасын ықшам баяндай отырып.
Екінші бір кілтипан – Шыңғыс туған жұртына хан сайланарда емшектес
Домбауыл ұлдары дау көтереді. Сонда аналары жұртшылық көңілінде
ешқандай күмән қалдырмау үшін өз құрсағынан шыққан балаларына: «Киіз
үйдің шаңырағынан (жабығынан) түсіп тұрған күн сәулесіне садақтарыңды
іліңдер!” – деген шарт қояды. Алдымен Домбауылдың үлкен ұлы садағын
сәулеге ілмек болады, – құлап түседі. Кейінгілер де күн сәулесінен тиянақ
таппайды. Ақыры, Шыңғыс өз садағын сәулеге тосқанда, ауада асылып тұрып
қалыпты дейді. Күн-Ата, яғни Тәңірі өзінің ұлын дүйім жұрт алдында
айғақтап, оның асыл тумысын көзге көрсетіпті. Қазақ ішіндегі: ”Садағын
сағымға ілдірген Шыңғыс хан” деген анықтама сөздің түп төркіні осы аңызда
жатыр. “Ата сойын сұрасаң, – Күн шуақтан пайда болған емес пе, – Хан
Шыңғыстың асылы!” – дейді Жанұзақ жырау Бөкейлік Жәңгір ханға арнаған
бір толғауында. “Дүйін-Баян Шыңғыс хан, – Асылың нұрдан жаралған!” –
дейді ежелгі аңызда. Тере берсек, мұндай нақыл сөз, өлең-жыр көп.
Күн нұрына ілінген садақ туралы әпсана әуелде қазақтан шыққан демейік,
алайда, қазақ арасында ғана сақталған. Ал Шыңғыс хан туралы біз қысқаша
баяндаған аңыз әңгімелердің түп төркінін тану қиын емес. Бағзыдағы
“Қастерлі шежіремен” туыстығы андағайлап тұр. Тек Шыңғыс хан арыдағы
бір бабасымен орын алмасқан. Нұрлы сәуледен жаратылған – оныншы ата
Боданшар емес, Шыңғыс ханның өзі болып шығады. Емшектес
бауырларынан қағажу көріп, туған ошағынан кету, саятпен тамақ асырау,
алған құсының мамығы арқылы (тек желге ұшырып емес, суға ағызып)
анасына тіршілік хабарын айту – бәрі де «Қастерлі шежіре» ізімен. Елдің
бұзылып, хан іздеуіне дейін нақпа-нақ. Шәбі-соқыр – «Шежіредегі» Дұубасоқыр. Мұның бәрі алмасу, ауысу нәтижесі емес. Әуелгі, Шыңғыс хан
турасындағы әйдік эпостың әр тараптан жеткен өзіндік көрінісі. «Қастерлі
шежіремен» түбірлес, тұрғылас, ол да өз заманында таңбаға түскен, немесе
ел арасына ауызша тараған басқа да нұсқалар болды деген сөз. Қазақ
аңызында жапан түзде саятшы болып жүрген Шыңғыс хан бейнесі белгілі
мұрадағы Боданшардан бөлек, әрі бедерлі. Мұның бір айғағы – болашақ
ханның төңірегінде жоқ нөкерлерге жарлық беріп, артықша нәсілін
танытатын көрініс. Ғажайып сұлу хан қызы, оның жел, күн тимей, оңаша
тәрбиеленуі, өзгеше талайы, теңізге түсуі, Домбауыл-мерген мен Шәбі-соқыр
жайы – ертегі әуендес болғанымен, өзгеше құрылым, көркем де әсерлі баян.
Н.Потанин жарияға шығарған бір нұсқаны Дін-Мұхамед Сұлтанғазин
Балқаштың сырты, Тоқырауын өзенінің бойында тұратын Ханқожа сұлтаннан
естіген екен. Бастауы сәл өзгешерек. Дүйін-Баянның Бұданшар, Қағыншар
және Салжуыт деген үш ұлы болады. Алғашқы әйелінен. Аналары атаусыз
тағы төрт ұлдың есімі бар. Дүйін-Баян бұдан соң Алаңғу деген қызға
үйленеді, бірақ көп ұзамай дүниеден өтеді. Өлерінде жас келіншегіне
айтыпты: мен саған нұр болып келіп тұрам, кетерімде бөрі кебін киемін,
дейді. Сөйтіп, әлбетте, түн ішінде, нұр болып келіп жүреді, кетерінде бөрі
кейпіне еніп, “Шыңғыс! Шыңғыс!” деп үн тастайды екен. Алаңғу осындай
ерекше жағдайда туған сәбидің атын Шыңғыс қояды. Дүйін-Баянның
алғашқы әйел(дер)інен тараған ұлдар кейінгі бала көлденеңнен туды деген
күмән айтады.Тіпті, өлтірмек болады. Ақыры, жас-өспірім Шыңғыс Күрлен
өзенін өрлей қашып кетеді. Бұдан соң Дүйін-Баянның ел билеген үлкен
ұлына халықтың наразылығы, он екі бидің Шыңғысты іздеп шығуы, және елге
қайтарып, хан сайлауы баяндалады.Тек садақты сәулеге ілгізу жоқ.
Бұл, қазақтық үшінші нұсқаның бастауы белгілі мөлшерде “Қастерлі
шежіремен” тамырлас туыстық танытады. Тікелей ата-ана ретінде көрінген
Дүйін-Баян мен Алаңғу – арыдағы баба мен әже Добұн-Баян, Алан-Құба,
алғашқы әйелден туған үш ұлдың бірі Бұданшар – Шыңғыстың оныншы атасы
Боданшар, қалған ұлдардың есім төркінін де анықтау қиын емес,бәрі де
Шыңғыс ханның ата-тек шежіресінен табылады. Осыдан-ақ Сұлтанғазин–
Ханқожа әпсанасының шығу тегі қазақи басқа нұсқалардан бөлек екені
байқалса керек. Есебі, бұрнағы көшпенді жұрт арасында Шыңғыс хан және
оның өзгеше тумысы, халықтың қалауымен ел билігіне жетуі турасында
әрқилы аңыз, тарихи әңгімелердің, өзара айырымы бар, бірақ өзегі ортақ
бірнеше тармағы жайылып тараған. Қазіргі мағлұм “Қастерлі шежіре” тектес,
онымен ұқсастығы, үйлестігі бар, бірақ бітімі өзгеше, далалық үлкен эпос.
Заманнан заман озып, ыдырай, тоза келе, бізге жұпыны мазмұны ғана
жеткен. Онда да түгел емес. Бәлкім, бастапқы ғана бөлігі. Бірақ осы тұрған
қалпының өзінде құнды мұра болып саналуға тиіс.
Дәшті-Қыпшақ – Жошы ұлысының шегінде «Қастерлі шежіре» кейіптес,
ауызша, бәлкім, тіпті, жазба нұсқада кеңінен таралған далалық эпостың
болғанына тағы бір нақты айғақ – XVII–XVIII ғасырлар шегінде таңбаға түскен
«Дафтар-и Чыңғыз-наме». Алтын Орда заманының білгірі Мирқасым Усманов
бұл еңбекті, Қадырғали шежіресімен бірге, татар халқының мұрасы ретінде
қарастырған. Тарихи деректілігі шамалы, негізінен фольклорлық аңызәпсаналардың әдеби тұрғыда қалыптанған жазбасы деп бағалайды.
«Дафтар-и Чыңғыз-наме» кітабында Дүйін-Баянның өзі нұрдан жаралады.
Иә. Оңаша сарайда тұрып жатқан хан қызына аңдаусызда күн сәулесі түсіп.
Бұдан соң ілкіде біз талдаған Сұлтанғазин нұсқасымен үйлестік танылады.
Мезгілсіз дүниеден өткен Дүйін-Баян жесір келіншегі Алаңғудың шатырына
жарық нұр болып түсіп, содан соң «Чыңғыз! Чыңғыз!» деп дыбыстап, бөріге
айналып шығып кетеді. Шыңғыс хан осылай дүниеге келіпті. Ерекше
жаратылған Шыңғыс әкесінің орнына хан болуға тиіс екен, бірақ Боданшар,
Қағыншар, Салжут деген ағалары күндеп, өлтірмек болған соң қашып,
Текелік өзенінің бойында жан сақтап жүреді. Бұдан әрі ел ұстаған белгілі он
бек жұртымызға әділ хан керек деп, анасының сілтеуімен Шыңғысты іздеп
тауып, хан көтергені айтылады.
«Чыңғыз-намені» кейінде тексерген мажар оқымыстысы Мария Иванич бұл
он бектің әрқайсысының есім-жөнін арнайы талдапты. Көпшілігі – Алтын
Орда құрамында болған ру атауларын қайталайды, ал кейбірі – әр заманда
жасаған белгілі тұлғалар екен. Бұл арада біздің назар аудармағымыз –
«Дафтар-и Чыңғыз-наме» мен Сұлтанғазин нұсқасының ұқсас сыпаттары. Екі
ескерткіштің түп тамыры ортақ. Бірақ кейінде таңбаға түскен қазақ әпсанасы
– ілкідегі жазбаның жаңғырығы емес, дербес дүние. Шыңғыс ханның өзгеше
тумысы жөніндегі қазақ аңыздары тым арада қалыптасқан төлтума мұра
болса, ол да халықтық негіздегі «Чыңғыз-наме» белгілі бір кезеңде жазба
тауарихтардың, мәселен, Рәшид-әд-Дин шежіресінің әсер-ықпалына түскені
байқалады. Оның айқын мысалы – соңғы бөлімдегі ұран, тамға үлестіру
көрінісі. Қайткенде де, «асылы нұрдан жаралған» Шыңғыс хан турасындағы
әрқилы аңыздар мен өлең-жырлар Дәшті-Қыпшақ – Жошы ұлысында кеңінен
тарағаны күмәнсіз.
Дала көшпенділерінің тікелей жалғасы және ең басты мұрагері қазақ үшін
Шыңғыс хан есімі қашанда айрықша қастерлі болды. Өткендегі даңқты
дәуірдің айғағы ғана емес, бүгінгі ұстын-тірегі саналды. Еуразиялық ұлы
мемлекет Алтын Орданы негіздеген Шыңғыс хан–Жошы хан әулеті Қазақ
Ордасының да шаңырағын көтерді және барлық уақытта елдің тірек,
ұйтқысы, қылыштың жүзі, найзаның ұшы болды. Керей мен Әз-Жәнібек,
Тәуекел мен Есім, Салқам Жәңгір мен Абылайдан тартып, қазақтың ең соңғы
ханы Кенесарыға дейін «алтын ұрық» – Шыңғыс ханның тұқымы екен. Жаңа
заман, XX ғасырдың басындағы Алаш көсемі, 1917 жылы жаңа қазақ
ұлысының тәуелсіздігін әйгілеген Әлихан Бөкейхан да Шыңғыс хан нәсілі
болатын.
Ежелгі Қазақ Ордасын сақтап қалу жолында күрескен Кенесары хан 1847
жылы шәйіт болып, Алаш туы құлағаннан соңғы заманда Шыңғыс хан есімі
аңыз-арманға айналды. Азаткер ханның қазасынан үш-ақ жыл бұрын дүниеге
келген, Ресей империясының отарлық тікенек кебінін жан жүйесі, бар
денесімен сезінген Мұрат ақын өзінің өткенді жоқтаған мұңды
толғауларының бірінде: «Кәуірден теңдік алуға, – Қайтып та келер деймісің, –
Мұсылманның баласы, – Шыңғыстан туған хандар-ай!..» – деп зар шегеді. XX
ғасырдың басында ел-жұртын серпіліске шақырған ұлтшыл ақын Ғұмар
Қараш: «Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, – Емес пе едің, жұртым, саған
не болды?!» – деп ұрандайды. Арыдағы Абай Шыңғыс хан есімін кемеңгер
даналық пен қайтпас ерліктің үлгісі ретінде атаған. Берідегі Шәкерім,
Сұлтанмахмұт пен Мағжан Шыңғыс ханды пір тұтқан. Тек қазақты елдігінен
ғана айырып қоймай, ұлттық танымын жаныштап, біржола тоздыруға
айналған Ресей отаршылдығы, оның ішінде советтік орыс қыспағы тұсында
ғана біздің ұлыстық ежелгі санамызға жарықшақ түсті. Енді, тәуелсіздікке
жеттік деп отырғанда, өткен дәурен қайтып оралмаса да, төл тарихымыз
қалпына келуге тиіс. Осы ретте, сол ежелгі, даңқты тарихтың бел
ортасындағы алтын діңгек – сайыпқыран Шыңғыс хан болғаны бүкіл алаш
жұртының санасында орнығуға тиіс ең басты, түбегейлі, елдік ұғымдардың
бірі деп білеміз.
Зерттеу және таным
Шыңғыс хан және оның орда тіккен жұрты турасындағы ең алғашқы дерек,
толғамдар қытай және мұсылман саясаткерлері мен тарихшыларының
үлесіне тиді десек те, көп ұзамай-ақ көмескіні ашып, барды тануға Батыс
жұртшылығы да ден қойғанын көреміз. Бұл ретте мұсылман қауымында,
әсіресе христиан әлемінде қорқыныш, үреймен қатар, әрқилы лақап,
жасанды жала мен пасық жиреніш орын алыпты. Осы орайда, жер-дүниені
дүрліктірген белгісіз жұрт турасында ең әуелгі ғылыми, байыпты сөз иесі –
ағылшынның ұлы ойшылы Роджер Бэкон (1220–1292) болды. Еркін ілімі үшін
Рим папасының қаһарына ұшырап, отанынан қуылып, Парижге мырзақамаққа айдалған Бэкон Шығыс сапарынан жаңа ғана оралған Рубрукпен
кездесіп, ауызба-ауыз сөйлеседі һәм бұдан бұрынғы Карпинимен де
ұшырасқан сияқты. Қайткенде де, атақты екі жиханкездің барлық
жазбаларымен жақсы таныс болған. Қиырдағы жат жұрттың болмыс-бітімі,
тыныс тіршілігін бірден аңдап, Карпини мен Рубруктың кейбір реттегі
жалалы-жаңсақ, балаңқы-шалағай, ертегілік-лақапты ақпаратын тәрік етіп,
шын ақиқаттың бетін ашады. Өзінің энциклопедиялық сыпаттағы «Үлкен
шығарма» («Opus Majus») атты еңбегінде жер-дүние, оны мекендеген
әрқилы халықтар турасында баяндай келе, Дәшті-Қыпшақ – Орталық Азияға
арнайы тоқталады, байтақ өлкені жайлаған көшпенді тайпалар, оның ішінде
«әлемді табанына салып отырған татар қауымына» сыпаттама жасайды.
Татарлардың әскери ұжымымен қатар, мемлекеттік құрылымы, танымбіліміне жоғары баға береді. Татар жұрты өзінің даму деңгейі тұрғысынан
алғанда, еуропалық халықтардан бір де кем емес, ал кейбір тұста олардан
асып та жатады деп түйіндейді. 1265 жылы айтылған бұл мәйекті сөздің
деңгейіне Еуропаның ең білгір оқымыстыларының өзі арада алты жүз, жеті
жүз жыл өткенде ерең жетіпті, көпшілігі XX ғасырдың өзінде жете алмай
кетті.
Бар өмірін қапас байлау, шарасыз тұтқында өткізген данышпан Бэконның бұл
пікірі – алаулы шындықтың жарқ еткен бір ұшқыны ғана. Шын мәнісінде
Шыңғыс ханды, оның заманы мен ордалы жұртын ғылыми тұрғыдан тану,
нақтылап айтсақ, тануға тырысу тым беріде, XVIII ғасырдан басталады. Әуелгі
қозғаушы күш – француз оқымыстылары болыпты. Осы орайдағы ең елеулі
әрі ең алғашқы көлемді еңбек – «Ұлы Шыңғыс ханның тарихы» деп аталады,
1710 жылы Парижде басылған, авторы – Пети де ла Круа; араб және парсы
деректемелері негізінде жазылыпты. Ал бүкіл түрік, моңғол халықтарының
бұрынғы-соңғы тарихын толайымен қамтитын алғашқы соқталы еңбек иесі –
Дегинь (Жозеф де Гинь) болды. «Ғұн, түрік, моңғол және басқа да батыс татар
халықтарының Иисус Христос заманынан бүгінгі күнге дейінгі жалпы тарихы»
аталатын, аса көлемді, жан-жақты тарихи зерттеу бес кітаптан тұрады:
алғашқы екі томы – Ежелгі Ғұн, Түрік тарихы, үшінші том – Шыңғыс хан,
төртінші том – Әмір Темір, бұл төрт кітап 1756–1758 жылдары Парижде
шыққан; Алтын Ордадан соңғы кезеңге арналған бесінші том автордан кейін,
1824 жылы жарыққа жеткен екен (бұл бес кітап та орыс тіліне аударылып,
1924 жылы Стамбұлда басылған). Дегинь тарихының айрықша құнды бір
сыпаты – ол заманда мүлде белгісіз қытай деректерінің негізінде жазылуы.
Бүгінде біршама ескірсе де, өз кезінде танымды кеңейткен, ғылымға қозғау
салған кезеңдік жұмыс. Дегинь еңбегінің өз заманы үшін жаңалықты ғана
емес, тосын, жат болғаны сондай, ғұлама оқымыстыға тарихы жоқ
халықтардың тарихын жасады деген кінә тағылыпты.
Дегинь көбіне қытай мұрағатына иек артса, Еуропа ғылымында мұсылман
тауарихтарын алғаш рет кеңінен айналысқа түсірген – д’Оссон болды. Нәсілі
Түркиядан шыққан әрмен, Швеция азаматы, Францияда тұрған және
французша жазған д’Оссон ғылыми зердесі, Еуропа тілдерімен қоса Шығыс
және Қапқаз тілдерін де жетік білу нәтижесінде өз заманы үшін жаңалықты,
мағыналы еңбек жазып қалдырды. «Шыңғыс ханнан Темірланға дейінгі
моңғол тарихы» аталады, төрт кітап, алғаш рет Парижде 1824 жылы жарық
көрген, толықтанып, түзетіліп, екінші қайтара 1834–1835 жылдары Гаага–
Амстердамда басылыпты, тікелей Шыңғыс хан турасындағы алғашқы томы
орыс тіліне аударылған (1937). Д’Оссон әлі баспаға шықпаған, ғылымға
мүлде дерлік белгісіз Жувәйни, Рәшид-әд-Дин, Ибн әл-Асирдин бастап,
Әбілғазы-бахадұр-ханға дейінгі парсы, араб, түрік тілді тарихи жазбалармен
қоса, армян, грузин және неміс, полон тілдеріндегі атаулы әдебиетті түгел әрі
жан-жақты қарастырады. Ұлы Даланы жайлаған көшпенді тайпалар
сыпатынан бастап, Еке Ұлыстың құралуы, сыртқы соғыстар – бір сөзбен
айтқанда, Шыңғыс ханның тарихы түгел қамтылған. Өз заманы үшін айрықша
құнды, бүгін де мән-маңызын жоймаған әйгілі еңбектің ең басты кемшілігі –
нәсілдік астамшылық деуге керек. Д’Оссон көшпенді жұртқа тым жоғарыдан
қарайды, сыртқы соғыстар – олжа іздеген, қан тілеген қарақшылық ретінде
көрсетіліп, тұрмыс-салт, мінез-құлық тек қана теріс, жағымсыз тұрғыда
сыпатталады. Тіпті, Шыңғыс ханның ұлы жеңістерінің өзі қулық пен сұмдық,
опасыздық пен зұлымдық нәтижесі деп бағаланған.
Осы тұрғыдан қарасақ, XIX ғасырдың екінші жарымында Еуропа ғылымы
танымның жаңа бір деңгейіне ұмтылғанын көреміз. Шыңғыс ханның Еке
Ұлысты құру жолындағы күресі тарихи тұрғыда ұнамды бағаланады, сыртқы
соғыстардың себеп-салдары талданады, жаулаушылық – тек қана қиратумен
шектелмегені, қилы кезеңнен соң үлкен ұлыстар орнаған аймақтардағы
жергілікті жұрт жағдайы басқаша байыпталып, мемлекеттік құрылым, жаңа
жүйенің озық сыпаттары айқындалады. Кейінгі зерттеушілер бұл ретте неміс
Франц фон Эрдман, ағылшын Генри Ховорс, француз Леон Каэн есімдерін
атайды. Эрдман өзінің «Қайтпас-қайсар Шыңғыс хан» атты соқталы
монографиясында (1862) Ұлы Даланың кең көлемді географиялық және
этнографиялық сыпаттамасынан соң Шыңғыс ханның бүткіл өмір жолын
егжей-тегжейлі баяндайды; Шыңғыс хан ұлы қолбасы, дана саясаткер
ретінде бағаланыпты. Генри Ховорс «Моңғол тарихы, IX–XIX ғасырлар» атты
үш томдық жан-жақты зерттеуінің бірінші кітабында (1876) Шыңғыс ханның
қарсаңында Ұлы Даланы жайлаған ру-тайпалар түгелдей түрік текті болатын
деп көрсетеді және Шыңғыс ханның жарым әлемді қайта құрған
жасампаздық қызметін айрықша бағалайды. Леон Каэн «Азия тарихына
кіріспе. Түріктер мен моңғолдар қадым заманнан 1405 жылға дейін» атты
көлемді кітабында (1896) зерттеу жіптігін арыдағы ғұн, түрік, қидан
дәуірлерінен тарта келе, Ұлы Даладағы көшпенді тайпалар сол ежелгі
жұрттың тікелей жалғасы ретінде қарастырылады. Шыңғыс хан және оның
заманы кеңінен қамтылып, бұдан соңғы ұлыстар тарихы Әмір Темірмен
түйінделіпті. Шыңғыс ханның жеке басы ғана емес, ұлы империяға ұйтқы
болған түрік текті көшпенді ру-тайпалардың болмысы мен тарихи қызметі
өте жоғары бағаланады. Кейінде шовинистік санадағы орыс-совет ғылымы
Каэнді және Ховорсты пантүркизмге жел берген, шалағай, буржуазияшыл
тарихшылар деп жариялаған болатын. Және бұрнада Шыңғыс ханды
орынсыз дәріптеуші күнәкарлар қатарында ағылшын Р.Дуглас («Шыңғыс
ханның ғұмырбаяны», 1877), американ Ж.Эббот («Шыңғыс хан», 1900)
аталады.
Бұл заманда Ресей империясындағы түркология және моңғолтану
ғылымдары қалыптасып қана қойған жоқ, еуропалық биік деңгейге
көтерілді. Деректану саласында Н.Бичурин мен П.Кафаров қытай тілді қадым
мұраларды айғақтап, орыс тіліне аударып, сол арқылы еуропалық ғылыми
айналымға жетелесе, В.Тизенгаузен Шыңғыс хан және Алтын Ордаға қатысты
араб, парсы деректерін жинақтап, тәржімалап, ғылыми түсініктер жасады.
И.Березин баспагерлік қызметпен қоса, арнайы зерттеулер жүргізді.
В.Васильев ежелгі қытай мұрағатын жаңаша байыптаса, М.Иванин Шыңғыс
хан заманындағы көшпенділердің әскери ұжымы туралы монография жазды.
Шыңғыс ханды және оның заманын танудағы кезеңдік тұлға ретінде
В.Бартольд есімін атауға тиіспіз. Бартольд әуелгі, дәріс түріндегі «Шыңғыс хан
империясының құрылуы» (1896), кейінде, «Ислам энциклопедиясына» арнап
жазған «Шыңғыс хан» (1912) атты, біршама көлемді мақалаларында
тақырыбына орай жинақты, түйінді толғамдармен шектелсе, «Түркстан
моңғол шапқыншылығы дәуірінде» атты соқталы монографиясында (1900)
тұтас бір заманның түбегейлі тарихын қалыптайды. Көлемді зерттеу еңбектің
негізгі бөлігі аталған тақырып аясында болғанымен, Бартольд Орта АзияТүркстан өлкесінің тарихын тым ары – VIII ғасыр, араб жаулаушылығы
кезеңінен бастайды. Хорезм патшалығы қалыптасқан заманға дейінгі тұтас
төрт ғасыр. Өз алдына жеке кітап дерлік, толымды тарих. Бұдан соң Хорезм
ұлысы және онымен шектес елдер мен халықтар жөні. Қуатты, жаңа
мемлекеттің ішкі, сыртқы жағдайы. Шыңғыс хан шапқыны қарсаңындағы
ахуал. Монографияның соңғы, төртінші тарауы ғана тікелей Шыңғыс ханға
қатысты, нақтылап айтсақ, Хорезм мемлекетінің күйреуі турасында. Тақырып
түбегейлі талданады. Қайшылықтың себеп, салдары ғана емес, кең көлемді
қырғын соғыстың нақты шежіресі және ақырғы нәтиже. Қосымша, автор іркіп
қалған, кейінде жарияланған бесінші тарау – Шағатай ұлысы турасында,
1227–1269 жылдарды қамтиды. Өз кезінде ғана емес, кейінгі заманда да аса
жоғары бағаланған еңбек совет тұсында отаршыл-орыстық сана тұрғысынан
кінәға ұшырап, Шыңғыс ханды әсірелейді, оның жаулаушылық соғысының
теріс зардаптарын жеткілікті ашпаған деген айыпқа да қалған еді. Ал шын
мәнісінде «Адам атаулының табиғаты ортақ, айырым сыпаттар – жасаған
орта мен тарихи жағдайларға ғана байланысты», сондықтан жат жұрттарға
жоғарыдан қарау – тар өрісті біржақтылық болады деп білген Бартольд
Шыңғыс хан заманындағы түрік, моңғол халықтарының нақты деректерден
бастау алатын шынайы тарихын жасағанын көреміз. Әрине, бүгінгі дамыған
ғылым, тәуелсіз, еркін ой биігінен қарағанда, жекелеген байып-бағам,
әсіресе көшпенді халықтардың ежелгі тарихтағы орны мен өзіндік үлесі
тұрғысында біраз мін табуға болар еді. Бірақ ең бастысы – ауқымды еңбектің
деректік негізі, тарихи тиянағы мен түбегейлі болмыс-бітісінде. Ешқашан
ескірмес, құнды зерттеу.
Тұтастай алғанда, XIX–XX ғасыр шегіндегі орыс ғылымының нәсілдік
астамшылықтан тыс, әділ ғана емес, адамгершіл, ізгі сыпаты андағайлап
тұрады. Мұның айқын бір көрінісі – Н.Аристов еңбектері болды. Н.Аристов
Шыңғыс хан тақырыбына тікелей қалам тартпаған. Алайда, оның түрік
халықтарының этногенезіне қатысты зерттеулері («Түрік тайпалары мен
жұрттарының этникалық құрамы туралы жазбалар» – 1896; «Ұлы жүз
қазақтары мен қара қырғыздардың этникалық құрамын айқындау мәселесі»
– 1895) қадым дәуір мен кейінгі заманды жалғастырған болат арқау іспеттес.
Ойшыл, ғұлама оқымысты ескілікті тарихи деректер негізінде қазіргі Түркстан
шегіндегі туыстас халықтар құрамындағы негізгі ру, тайпалардың түпкі негіз,
шығу тегін айғақтайды. Оның ішінде далалық қазақ қауымына баса назар
аударыпты. Қазақ ұлысындағы іргелі қоңырат, найман, керей, жалайыр
тайпалары ғана емес, осы және басқа да үлкен құрылымдарға қосылған,
немесе дербес аталатын: шанышқылы, қоралас, қият, күрлеуіт, байыс,
маңғыт, байжігіт, тоқа, таз, телеу, тұма, төлеңгіт, үлкенді-кішілі тағы қаншама
ру – арыда Шыңғыс хан заманында орда тігіп, ту көтерген, Ұлы Даланы
дүбірлеткен, аттас, ежелгі ру-тайпалардың ұрпағы, тікелей мирасқоры
екендігін куәландырған. Яғни, кейінгі қазақ тарихы арыдағы Шыңғыс хан
тарихының мұрагері, заңды жалғасы болып шығады.
You have read 1 text from Khakas literature.
Next - Шыңғысхан - 11
  • Parts
  • Шыңғысхан - 01
    Total number of words is 3871
    Total number of unique words is 2186
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 02
    Total number of words is 3839
    Total number of unique words is 1885
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 03
    Total number of words is 3872
    Total number of unique words is 1974
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 04
    Total number of words is 3780
    Total number of unique words is 1995
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 05
    Total number of words is 3686
    Total number of unique words is 1994
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 06
    Total number of words is 3770
    Total number of unique words is 2069
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 07
    Total number of words is 3703
    Total number of unique words is 2005
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 08
    Total number of words is 3568
    Total number of unique words is 1854
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 09
    Total number of words is 3747
    Total number of unique words is 1993
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 10
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2098
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 11
    Total number of words is 3767
    Total number of unique words is 2007
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 12
    Total number of words is 3824
    Total number of unique words is 2089
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 13
    Total number of words is 3851
    Total number of unique words is 2109
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 14
    Total number of words is 3865
    Total number of unique words is 1893
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 15
    Total number of words is 3786
    Total number of unique words is 1970
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 16
    Total number of words is 3874
    Total number of unique words is 1958
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 17
    Total number of words is 3862
    Total number of unique words is 2050
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 18
    Total number of words is 3854
    Total number of unique words is 2004
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 19
    Total number of words is 3838
    Total number of unique words is 1986
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 20
    Total number of words is 3935
    Total number of unique words is 2037
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 21
    Total number of words is 3956
    Total number of unique words is 2034
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 22
    Total number of words is 3846
    Total number of unique words is 2082
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 23
    Total number of words is 3649
    Total number of unique words is 1891
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 24
    Total number of words is 3741
    Total number of unique words is 1931
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 25
    Total number of words is 3928
    Total number of unique words is 2125
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 26
    Total number of words is 3933
    Total number of unique words is 2130
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 27
    Total number of words is 3948
    Total number of unique words is 2070
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 28
    Total number of words is 3948
    Total number of unique words is 2076
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 29
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 1921
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 30
    Total number of words is 3964
    Total number of unique words is 2149
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 31
    Total number of words is 3914
    Total number of unique words is 2126
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 32
    Total number of words is 3717
    Total number of unique words is 1977
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 33
    Total number of words is 3884
    Total number of unique words is 2056
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 34
    Total number of words is 3796
    Total number of unique words is 1950
    0.0 of words are in the 2000 most common words
    0.0 of words are in the 5000 most common words
    0.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шыңғысхан - 35
    Total number of words is 2330
    Total number of unique words is 1480