Үміт Үзгім Келмейді - 18

сезінерін тап казір анық- қанық ұққан еді. Мұндай кезде ол кандай істі
болса да жапырып, сапырып, айпап- жайпап жіберетінін жақсы біледі.
Ауруханадан шыққалы бері ол тыным тапқан жоқ. Бір кезде бастап
қойған ғылыми жұмыстарын жазуда. Мұндайда бұрын екі-үш күн бас
көтермей отырған соң- ақ денесі дел-сал боп қалжырап, қажып қалатын.
Ал, қазір құдды бəйге атындай кесілген сайын еті қызып, құлшынып,
жұмысқа құмарта түскендей болады. Бұған Ақылбектің өзі де женді
түсінбей қайран қалды. Демек, жүйкелерінің жұмыс қабілеті, ең
алдымен, адамның көңіл- күйіне байланысты екен ғой деп түйді ол
өзінше.
Жаңа ғана пианинода Лəззат ойнаған музыка сазы, Мейіркүл үні
Ақылбектің ойын арман биігіне шарықтатып жіберген еді. Ол қазір сол
биіктен төмен түскісі келмей, яғни кезіңде өз басына түскен тауқыметті
қас қағымдай бір сəтке де ойлағысы келмей тұр.
Қазір ол аулада мөре-сəре боп жүрген Арман мен Мұраттың көңілді,
қаяусыз күлкілеріне мейірі қанып, соған лəззаттанып отыр.
Оған екі ұлының бүгін күн ұзаққа қайдағы бір темір- терсектерді
соққылап жатқан тарсыл-гүрсілі де ұнайтын тəрізді. Бала-шағаның
көңілді айғай-шуы енді оның көңіліне ұялап, бойына судай сіңетін болып
барады. Мұны Ақылбек балаларын қасына алғалы бері аңғарып жүр.
Мүмкін, ол бұрын да бала даусын осылай аңсап келген шығар...
Əйтеуір бір кезде Ақылбек жеке саяқ, оңаша өмірге, қабір
басындағыдай меңіреу тыныштыққа құштар еді. Соны армандайтын.
Айналасында күндіз-түні бір тыным таппай
əуендетіп қүйқылжытып жатқан өмір үнінен, адамдардың құлаққа əндей
боп естілетін даусынан, айқай-шуынан қашатын.
Ал, бүгін Ақылбек мүлдем басқаша ойлайды. Басқаша түсінеді.
Өзінің бойына күн сайын жаңадан күш-жігер, ерік-төзім қүйып жатқан
сарқылмас қайнар бұлақ — өмір музыкасындай, тіршілік əуеніндей
сазды естілетін осы адамдар үні, солардың даусы, лебізі, күлкісі екенін
ол қазір жақсы біледі.
Ақылбектің өмір шырағы сөніп барып, əрең дегенде қайта жанып
кетті ғой. Сол шамды сөңдірмей, адамды ажал аузынан алып шыққан
қандай күш? Ең алдымен мейірімнен жаралған шапағатты жандардың
жылы лебізі. Достарының ыстық ықыласы.
Ең бастысы — сол абзал жандардың алдындағы азаматтық, адамдық
жауапкершілік.
Шындап келгенде, өлмей жер бетінде адамша өмір сүрудің өзі де
қасиетті борыш қой. Меніңше, адал жанды əрбір адамға бұдан
жауапты міндет болмаса керек.
Мейіркүл салған əнді тыңдай отырып, Ақылбек осындай ойларға
шомған еді.
«Өмірдегінің бəрі де, ең алдымен, от басы, ошақ қасындағы жан
жылуынан, отбасындағы ауыз бірліктен, адамдардың бірін-бірі түсіне
білуден басталады екен-ау» деп ойлады Ақылбек.
Иə, Мейіркүл екеуі жұлдызы жарасқан, ынтымақ ұясындай татутəтті отбасын құрды.
Бағаналы бері көңілді музыка сазына елтіп отырғак Ақылбектің
жанарына бірте- бірте қуаныш толып, жүзі нұрланып, көңілі желдей есіп,
мейірлене түсті.
Ақылбек өзінің бақытты екенін бар жан-жүйесімен сезінді. Ол
күллі əлемнің көз тоймас сұлулығын, жұлдыз дары жымыңдасқан
бүгінгідей ғажайып аспанын, дос- жарандарының күлімсіреген нұрлы
жүздерін көріп, содан өзі өмірлік лөззат алып, бақытты жандарда ғана
болатын ерекше бір сиқырлы сезімге бөленіп отыр.
Көше жаққа жарық шашып тұрған бұл үйдің терезесінен бір əйел
көз алар емес. Ол көзіне кино экранындай боп көрінген осы үйдің кең
терезелеріне телміріп қарап тұр.
Қараған сайын іші əлем-жəлем боп, тынысы тарылып бара жатқан
секілді. «Біздің үйде ешқашан өлең айтылмаған екен-ау» деп ойлады ол.
Ақылбектің қуанышқа толы жанарын, Мейіркүлдің кəдімгідей
жасарып, жайнаң қаққан жайдары жүдін көрген сəтте жаңағы əйел ызаға
булығып, қара жүрегі қақ айрылып кетердей-ақ тісін тісіне қойып зорға
шыдап тұрды.
Ол Раушан еді.
Басына қонған бақты маңдайдан тепкенін Раушан қазір ғана
түсінгендей болды. Э п и л о г
Аса қадірлі оқырман қауым!
«Үміт үзгім келмейді» деп аталатын осы хикаят-монологтың
желісіне айналған оқиғалар бұдан отыз бес жыл бұрын болған.
Иə, Алла берген қос арғымаққа — екі аяғыма еркін мінбей, жер
басып жүрмей, жалынды жастық шақтың той- думанға толы қызықты
базарын күнде аралап көрмей, көктем келген сайын кең жазира далада
жалаң аяқ жүгірмей, сəйгүлік атқа сəндене мінбей, бəсекелі бəйгеге
түспей, егінжайда құлаштап кетпен шаппай, сəбилерімді мойныма
отырғызып алып қала парктерін араламай, асқар таулар бөктерінен
бəйшешек теріп, оны қыз-келіншектерге сыйламай, өмір мұхитында
балықша жүзбей ғүмыр кешіп келе жатқаныма биыл отыз бес жыл
болыпты.
Басқа түскен таудай тауқыметті өмірлік серігім Гауһар (шынайы
есімі Қуаныш) екеуіміз ұзақ жылдар бойы бірлесе көтеріп келеміз.
Хикаятта балалық шақтары бейнеленген ұлдарымыз Мұхит пен Қайрат
осы уақыт ішінде балапан құстай бапталған, қыран құстай қомданған
жігіттер болып шыға келді. Өйткені мен екі ұлымның да аспандағы
қыран құстай емін-еркін самғап, өздері көздеген өмір шыңдарына өз
қанаттарымен ұшып шығуларына ерік берген едім. Кезінде əкем марқұм
маған осындай еркіндік берген болатын. Иə, əкем мені «Жаманға
жалынба, адамға табынба, өмір жолындағы өз жүгіңді өзің көтеріп жүр,
біреуге салмақ салма, өз биігіңе өзің ұшып шық»,
— деп тəрбиеледі. Мен солай істедім. Екі ұлым да өз тағдырларын өздері
шешіп келеді. Соны мақтаныш етем.
Мұхит бизнес саласын жетік меңгерген іскер адам болып шықты. Ал,
Қайрат жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарып жүр. Əйтсе де,
мен өз ұлдарымның атақ- дəрежесін емес, жоғары адамгершілік
қасиеттерін мақтаныш етіп айтуды ұнатамын.
Бүгінде бір кездел жас келіншек Гауһар (Қуаныш) екі келінінің
енесі, бес немересінің мейірімді əжесі болып отыр. Тұңғыш немереміз
Қанат — Америка университеттерінің бірінде студент, одан кейінгі
немерелеріміз — Шынар мен Айсұлтан мектептің үздік оқушылары, əрі
музыка академиясының дарынды шəкірттері. Азат — физикаматематика мектебінің оқушысы. Ең кенже немереміз — Диана балалар
бақшасына барады.
Келіндеріміз Фатима мен Самал бейне бір біздін қос қанатымыз
іспеттес, үй шаруасынын бəрін солар атқарады. Əйтеуір тағдыр бізге
мейірім мен ізеттен жаралған осындай сүйкімді келіндер сыйлаған
екен.
Иə, жақсы келін туған қызыңнан кем болмайтыны рас. Алайда осы
қарапайым қағиданың дұрыстығына қартайған шағымда ғана көзім
жетті. Дəлірек айтсам, Фатима келінім өзінің бізге деген ыстық
ықыласымен, ізеттілігімен, инабаттылығымен көзімді жеткізді. Егер
тəңір пендесін жарылқағысы келсе, оған, ең алдымен, жақсы келін
беретін шығар деген ойға келдім. Менің келінім — менің бақытым.
Соған шүкірлік етем.
«Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологының тағы бір жарқын жанды
қаһарманы Нұрлыбек қайғылы қазаға ұшырады. Ал, оның сүйікті
жұбайы Алма өзінің жалғыз ұлы Ғалымның балаларын, яғни
немерелерін тəрбиелеп отырған əже, құрметті демалыстағы зейнеткер.
Ал, Ғалым — елімізге есімі мəлім бизнес қайраткері.
Ақылбек пен Мейіркүл болса, сонау алыста қалған ауыр жылдардан
бастап, дəл күні бүгінге дейін тату-тəтті, бақытты ғұмыр кешіп келе
жатқан зейнеткер жандар. Балалары ер жетіп, азамат болған.
Ал, өмірдегі өз қателігін кеш түсінген Раушан жүйке науқасына
шалдығып, үйінде асылып өлді. Оқырман қауым!
Ойда жоқта аяқ-қолымнан бірдей айрылып, қатыгез тағдыр мені
аурухана төсегіне тастай етіп байлап тастаған күні тура отыз бес жасқа
толған едім. Ал, осы хикаяттың соңғы сөзін, яғни эпилогын жетпістің
жетегіне ілінген қария кезімде жазып отырмын Ондағы мақсатым осы
хикаят қаһармандарының отыз бес жылдан кейінгі тағдырымен сіздерді
қысқаша таныстыру еді.
Міне, хикаят қаһармандарының кейінгі тағдырлары енді сіздерге
мəлім болды.
Сөйтіп, мен бұдан отыз бес жыл бұрын басталған «Үміт үзгім
келмейді» деп аталатын хикаят-монологыма бүгін соңғы нүктесін қойып
отырмын.
Тағдыр маған ақыреттен ауыр, қияметтен қиын ғұмыр бере отырып,
жаныма жалау болатындай көптеген көркем туындылар, қазақ
əдебиетінің ежелгі дəуірі бойынша
оқулықтар, түркология ғылымын арқау еткен ғылыми еңбектер жазуыма
уақыт берген екен.
Мен өз тағдырыма, өмірлік серігім Қуанышқа, ұлдарым Мұхит пен
Қайратқа, немерелеріме, айналамдағы адал жандардың бəріне мейлінше
ризамын. Демек, мен бақытты жанмын. Біздер бақытты адамдармыз.
Ұрпақтарымызға да Алланың нұры жауып, егеменді еліміздің бақытты
азаматтары болсын Əумин!