Latin Common Turkic

Теңіз қорқауы - 16

Total number of words is 4198
Total number of unique words is 2108
35.1 of words are in the 2000 most common words
50.9 of words are in the 5000 most common words
58.4 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Қорқау Ларсен орнынан атып тұрып, палубаға тұра ұмтылған. Соңынан
біз де сыртқа беттедік. Алайда Мод Брустер екеуіміз жоғары көтерілгенше
ол улап-шулап жатқан аңшылар кубригінің люк қақпағын жауып үлгеріп,
одан əрі бакқа қарай жүгіре жөнелген – ол жердегі люктің аузы да
жартылай ашық жатқан-ды. Тұман біржола ыдырап, сейіліп кетпеген –
теңіз бетінен ол біраз бауыр көтерген де, қаракөк аспанды тұтастай
тұмшалап, төңіректі түп-түгел қара түнекке бөлеп еді. Сол қара түнектің
арасынан қасқырдың көзіндей жылтыраған екі отты көремін, бірі – ақ, бірі
– қызыл... Сосын пароход машинасының бірқалыпты гүрс-гүрс еткен
дыбысын естимін. Сөз жоқ, бұл – "Македония" еді.
Қорқау Ларсен ютке қайтып келген. Енді үшеуіміз бірдей жанымыздан
сырғып өтіп бара жатқан пароходқа үнсіз қарадық та тұрдық.
– Менің бақытыма қарай бұл иттің прожекторы жоқ екен,– деді Қорқау
Ларсен.
– Ал егер мен айқай салсам?..– дедім мен сыбырлап.
– Онда əрине, құрығанымыз,– деді ол.– Бірақ сосын көзді ашыпжұмғанша не болатынын ойлап көрдіңіз бе?
Мен бұл сұраққа жауап қайтарғанша болған жоқ, оның қан шеңгелді
жыртқыш саусақтары кеңірдегімді қысқаштай қыса қойған. Денесінің
болар-болмас ширыға қалғаны да сезілді. Бұнысы – "Байқаңыз, егер
шындап жіберсем, не боласыз?"– дегені еді. Алайда ол мені бірден босатып
жіберді де, біз құдды ештеме болмағандай тағы да "Македонияның"
оттарын бақылап тұра бердік.
– Ал егер мен айқайласам ше?– деді Мод Брустер.
– Сізді ренжітуге, əрине, менің батылым бара қоймас. Heгe екенін өзіңіз
де білесіз,– деді ол жұмсақ қана даусының тым биязы да сыпайы шыққаны
сондай, мен еріксіз дір ете қалдым.– Алайда олай істемегеніңіз жөн,
өйткені мен ə дегенше сіздің орныңызға мистер Ван-Вейденнің мойнын
жұлып аламын,– дегенді жəне қосып қойды ол.
– Олай болса... мен оған айқай салуға ұлықсат етемін,– дедім мен
ызаланып.
– О-о, солай ма... Дегенмен "Американ əдебиетінің екінші ұстазын" көз
алдында құрбан қып жіберуге мисс Брустер көне қояр ма екен,– деп Қорқау
Ларсен енді кеңк-кеңк күлсін.
Бұдан кейін ешқайсымыз тіл қатқамыз жоқ; бұны тіпті ыңғайсыздық та
деп есептемедік, өйткені біз – бір-бірімізге əбден үйренісіп алған жандар
едік. Сосын қара түнек ішінде жылтыраған əлгі ақ, қызыл оттар мүлде
көрінбей кеткен кезде ғана біз кают компанияға келіп, ішілмей қалған
асымызға қайта бас қойдық.
Ларсен тағы бір өлеңнен үзінді оқып еді, Мод Брустер оған Даусонның
"Impenitentia Ultima''-сын жауап ретінде қайтарған. Мен оны сүйсіне
тыңдай отырып, бір жағынан Қорқау Ларсенді де көз қиығымнан қалт
жібергем жоқ. Ал оның бүкіл назары Мод Брустерге ауған – оған қадала
қараған қалпы тастай қатып қалыпты – құдды құдіретті бір сиқырға
арбалып, байланып қалған сияқты. Сөйтіп отырып қыз оқыған өлеңді
еріндері жыбыр-жыбыр етіп қайталай береді:
Күннің көзі ұясына батқанда,
Қыздың көзі жарқырасын күн болып.
Сырнай даусын сағынайын ақ таңда,
Сызылсыншы соңғы рет мұң болып.
– Сіздің даусыңыз да сырнайдай сызылады!– деді ол күтпеген жерде.
Осыны айтқанда көздерінен тағы да ғажап бір ұшқындар жылтылдап шыға
келген.
Мод Брустер бұны байқаса да байқамағандай сыңай танытып, сабырлы,
салқын қалпымен өлеңді аяғына дейін бір мүдірмей оқып шықты. Мен
оның осы ұстамдылығына іштей өте риза болып отырдым. Бір жағынан
өзім шала мас сияқтымын: құлағым күңгір-күңгір етіп, бір сөзді естісем,
бір сөзді естімеймін. Еститіндей жағдай да жоқ, жұп-жұқа қабырғаның ар
жағындағы улап-шулаған матростардың даңғаза даусы миымды инедей
піскілейді. Ал өзімнің өмірдегі ең жек көретін адамым мен ең сүйген
адамым, міне менің тура алдымда отырып алып, таусылмайтын,
сарқылмайтын əңгімені сағыздай созады. Үстел үстін жинап алған да
ешкім жоқ. Магридждің орнында жүрген матрос мына ыңғайлы сəтті
пайдаланып, кубриктегі достарына зытып берген секілді.
Егер Қорқау Ларсен өмірде бір рет рақатқа батқан сəтім болды десе,
онысы дəл қазіргі мезеті шығар. Оны тыңдаған сайын мен қайран қаламын.
Неткен өмірге деген құштарлық! Қазіргі əңгімесі түп-түгел бүліншілік,
көтеріліс, қақтығыс төңірегінде жəне бұны айтқанда аузынан суы құрып,
көзі жайнап, қимыл-қозғалыстарының бəріне жан бітіп, ерекше əсерлене
түскенін байқаймын. Əсіресе ол Мильтон поэмасындағы Люцифер туралы
сөз қозғалғанда, оның характерін əдебиетшіден кем талдамаған. Бұған қоса
айту шеберлігі қандай керемет десеңші! Осының бəрін сырттай бақылап,
бағалап отырған мен іштей: "Қайран талант қор болған!" деймін шыныменақ өкініп.
– Ол еш жемісін бермейтін бос күрестің басында болды, бірақ еш нəрсе
оның рухын сындыра алған жоқ,– дейді Ларсен.– Тіпті тəнін тозақта
қуырдақ қып қуырып жатқанда да мыңқ етпеді. Ең кереметі сол – тозаққа
ол өзі ғана түскен жоқ, соңынан періштелердің қақ жартысын ала кетті,
бұған қоса жер бетінде адамдарды құдайға қарсы қойды, сөйтіп олардың
бүтіндей бір ұрпағын тамұқтан бір-ақ шығарды. Ал неге ол жұмақтан
қуылды? Ол өзі істемек болған ұлы істер жағынан ұлы жаратушыдан қай
жері артық еді? Еш жері! Құдай одан мың есе құдіретті болатын. Бұны
қалай сипаттап еді... Былай: "Құдайдың қаһарын тек найзағайдың
күркіреуімен ғана елестетуге болады." Ал Люцифер – еркін pyx. Оған
қызмет ету өлімге өзің ұмтылумен бірдей. Ол уайымсыз, мұңсыз өмірдің
еркіндігі үшін құлдықты да, қасіретті де өзі қалап алды. Сол үшін де ол
құдайға қызмет етуден бас тартты. Жалпы ол ешкімге, еш нəрсеге
бағынғысы келмеген. Ол қай уақытта да өз ақылына, өз күшіне, өз қажырқайратына сүйенген. Нағыз тұлға деп, міне, осыны айтсақ керек.
– Жер бетіндегі алғашқы анархист сол ғой,– деп Мод күліп қойды.
Сосын жайлап орнынан тұрып, каютасына беттеді.
– Демек, анархист болған жаман емес!– деді оның соңынан Қорқау
Ларсен. Артынша өзі де орнынан тұрып қыз кіргелі бара жатқан каюта
есігіне көлденең тұра қалды да, мына өлеңді шабыттана оқи жөнелді.
Болмағанда осы жерде бостандықта боламыз,
Құдай дағы қызықпайды бұл тірлікке, қараңыз.
Қызықпаса, қу тозақтан қуып бізді несі бар,
Ал біздердің от ішінде жақындасар арамыз.
Келмесекте мұнда біздер өліп-өшіп құмартып,
Жалын туды көтереміз ар-намысты тұмар қып.
Пейішіңде əрбір күңің құл боп, ит боп өткенше
Бұл тозақта патша болған əлдеқайда мың артық.
Бұл асқақ рухтың астарлай білдірген тəкаппар да батыл назы еді. Ол
өлеңді оқып біткен кезде даусы каюта қабырғасында əлі де жаңғырығып
тұрғандай болды, ал өзі тербелген кемемен бірге жеңіл шайқалып, басын
шалқайтып жылы ұшқындар ойнаған көкшіл көздерімен Модқа ішіп-жеп
қарап тұрды. Бұл – еркектің əйел жүрегіне от тастайтын, шоқ тастайтын
сиқырлы көзқарасының бірі еді.
– Сіздің өзіңіз нағыз Люциферсіз!– деді Мод сыбырға жақын əлсіз
дауыспен. Осы дауыстың леп ырғағынан мен тағы да сұмдық үрейдің
нышанын сездім.
Қыз есігін сарт еткізіп жауып ала қойды. Қорқау Ларсен оның соңынан
бірнеше секундтай үнсіз қарап тұрды да, сосын құдды ұйқыдан оянғандай
маған жалт бұрылған.
– Мен қазір Луисті штурвалдан босатам да, орнына өзім тұрам. Ал сіз
ұйықтап алыңыз, түн ауған кезде оятармын.
Ол биялайын киіп, фуражкасын милықтата шекесіне қондырып, траппен
жоғары өрлеп кетті, ал мен оның айтуы бойынша жатуға қамдандым. Неге
екені белгісіз, əлдебір құпия сыбырдың құзырына құлақ асқандай болдым
да, сырт киімдерімді шешпей жаттым. Аңшылар кубригінен естілген гу-гу
əңгіме біраз уақытқа дейін маған маза бермеген, алайда осы кемеге тап
болғалы көзімді сəл жұмсам болды, терең ұйқыға шым батып жүре беретін
əдетіме қарай қай уақытта қалғып кеткенімді өзім де байқамай қалыппын.
Мені кім оятып төсегімнен жұлып алғанын білмеймін, көзімді ашсам...
екі аяғымнан тік тұр екенмін. Ұйқым шайдай ашылып сала берді; əлдебір
қауіп-қатер тақап қалғандай тұла бойым дip-дip етеді – төбе құйқамды
шымырлатар дабыл үні дəл құлақ түбімнен естілгендей. Есікті айқара ашып
жібердім. Кают-компаниядағы шам сөндіріліп тастапты... Көзім Қорқау
Ларсеннің құшағында жанталаса бұлқынып жүрген Модқа, менің Модыма
түскен. Қолдарымен басын оның кеудесіне тіреп алып, қалайда анау темір
құрсаудан шығып кеткісі келіп, тепкілене ышқынады бейшара. Мен де тұра
ұмтылдым оларға.
Қорқау Ларсен басын көтере бергенде, бетіне былш еткіздім
жұдырықты. Бірақ бұл əлсіздеу соққы еді. Қорқау Ларсен өгіздей өкіре
бұрылып, мені итеріп жіберді. Оның осы бір жеңіл ғана қол сілтеуінің өзі
мені қаңбақтай ұшырып, Магридж тұратын баяғы каютаның қабырғасына
ұрғанда, ол жаңқа-жаңқа болып бір-ақ ұшқан. Мен олардың арасынан
сүйретіле тұрдым да, ашу-ызадан басқа ештеме сезбестен Қорқау Ларсенге
қарай қайта ұмтылдым. Сол сəтте мен де өкіре айқайлап, белімдегі
пышақты қынымнан суырып алғанымды білемін.
Бірақ осы мезетте бір түсініксіз жағдайға тап болғанбыз. Капитан мен
Мод енді бір-бірінен алшақтап кеткен. Мен пышағымды сұғуға көтере
беріп кілт тоқтадым. Өйткені жағдайдың бірден өзгере қалғаны мені естен
тандырғандай еді. Мод қолдарын екі жаққа жайып жіберіп, қабырғаға
сүйене тұрды да, ал Қорқау Ларсен шайқала теңселіп, бір қолымен көзін
басып, екінші қолымен əлденені іздегендей маңайын соқыр адамша
қармана берген. Ақыр соңында, саусақтары қабырғаға тигенде, əйтеуір бір
жерден сүйеніш табумен қатар анық қай жерде тұрғанын да біліп, біртүрлі
жеңілдеп қалғанын байқатты.
Бұл сəтте менің ашуым қайтадан қайнап шыға келген. Одан көрген
барлық қорлығым мен зорлығым, одан шеккен өзгелердің қайғысы мен
қасіреті, бəрі-бəрі бірақ сəтте есіме түскен де, екі көзімді бірдей қан жауып
кеткендей болған – оған пышақты иығына қарай қалай сілтеп жібергенімді
өзім де сезбей қалдым. Дегенмен оны жеңіл ғана жарақаттағанымды да
білдім – өйткені пышақ жауырын үстінен тайғанай сырғып өткені
байқалған – сондықтан пышақты қайтадан қайыра сілтеуге оқтала беріп
едім, манадан бері бəрін көріп тұрған Мод маған шыңғыра ұмтылған.
– Керегі жоқ, олай істемеңіз! Жалынамын, олай істемеңізші!
Мен қолымды түсірдім, бірақ бір сəтке ғана. Артынша пышағымды тағы
сілтегенмін, егер ортамызға шыр-пыр боп Мод тұра қалмаса, бұл жолы мен
оны сөзсіз өлтіретін едім. Қыз мені қапсыра құшақтай алған, желп етіп
шашы бетіме тиген. Ыстық қан лып етіп бойыма жүгіріп өтті, бірақ ашуым
да бүкіл денемді қалшылдатып тұр еді. Мод менің бетіме тура қарап:
– Мен үшін... тек мен үшін қоя қойыңызшы,– деген үздігіп.
– Сен үшін? Сен үшін мені оны бауыздап өлтірем!– деймін мен
айқайлап. Қолымды босатып алайын деп бұлқына түсемін, бір жағынан
қыздың бір жерін ауыртып алам ба деп жəне сескенемін.
– Иə, қойыңызшы енді, өтінем,– деп ол аузымды алақанымен жаба
түседі.
– Сабырға келіңізші, өтінем,– деді қыз тағы да жалынышты түрде.
Байқаймын, мен оған иіле түскендеймін, жəне бұл – алдағы уақыттағы бар
иілудің басы секілді.
Мен айтқанға көніп, пышағымды қынына салдым да, Қорқау Ларсенге
көз салдым. Ол сол қолын маңдайына басқан күйі əлі де қозғалыссыз тұр
еді. Басы салбырап кеудесіне түсіп кеткен. Иықтары сөлбірейіп, арқасы
бүкірейіп, бір-ақ мезетте бейшара боп қалған түрі бар.
– Ван-Вейден!– деді ол қырылдаған, əрі біртүрлі үрейлі дауыспен.– Ей,
Ван-Вейден! Қайдасыз сіз?
Мен Модқа қарадым. Ол үнсіз маған бас изеп қойды.
– Мен мұндамын,– дедім де, оған жақындай бердім.– Не болды сізге?
– Мені отырғызуға көмектесіп жіберіңізші,– деді ол сол қырылдаған
үрейлі дауыспен.
– Ауырып тұрмын, өте қатты ауырып тұрмын, Хэмп!– деді ол мені
астына жылжытқан орындыққа отыра беріп.
Ол басын үстелге сүйеп екі самайын қос қолдап сығымдап ұстаған
қалпы ары-бері ұзақ шайқады да отырды. Сосын не заматтан кейін еңсесін
көтерген кезде, мен оның маңдайынан быршып тұрған терді көрдім.
– Ауру жанымды шыдатпай барады, шекем солқылдаған кезде көзім
қарауытып түк көрмей қаламын,– деп ол тағы да шағымдана тіл қатты.
– Не болды сізге со құрлы?– дедім мен иығына қолымды салып.– Ал мен
не істейін сізге? Қандай көмек керек менен?
Алайда ол тыржың етіп менің қолымды иығынан қағып жіберді. Мен
жанында біршама үнсіз тұрып қалдым. Мод əлденеге əбіржіп біз жаққа
үрейлене қарап қояды. Ол да күтпеген жағдайда не боп қалғанына аң-таң
сияқты.
– Хэмп,– деді капитан ақыры.– Мен төсегіме барайын деп едім.
Қолыңызды беріңізші маған. Сəлден соң бəрі басылады. Қарғыс атқыр,
баяғы бас ауырудың тағы қайталай қалғаны. Мен қорықсам, осыдан ғана
қорқамын ғой. Өзім де бір нəрсені сезгендей едім... Жо-жоқ, сандырақ бəрі,
не айтып тұрғанымды өзім де білмеймін. Тезірек төсегіме жеткізіңізші
мені...
Мен оны жатқызып болған кезде, ол тағы да көздерін алақанымен
жауып, ауырсына ыңырсып:
– Жаным-ай, қиналдың-ау! Күйзелдің-ау, қайтейін!– деді қырылдап.
Мен Модқа қайтып келдім; ол маған сұраулы пішінмен қараған. Мен
ештеме түсінбедім дегендей иығымды көтеріп қойдым.
– Бейшараға бір бəле жабысқан сияқты, бірақ не екенін білмеймін. Бірақ сəтте мүлде дəрменсіз боп қалған, өмірде бірінші рет шын қорыққаны да
осы шығар оның. Ақиқаты сол əлгі бəле оған мен пышақ жұмсағаннан
бұрынырақ жабысқаны анық, əйтпесе мен салған жарақат – жарақат емес,
əншейін сызат қана. Сіз оның жанында тұрдыңыз ғой, мүмкін өзіңіз
бірдеме аңғарып қалған шығарсыз?
Қыз басын шайқады.
– Мен ештеме көргем жоқ. Не болғанына өзім де таңмын, күтпеген
жерде мені босатып қоя берді де, өзі теңселіп тұрып қалды. Ал енді біз не
істейміз? Мен не істеуім керек?
– Өтінем, сіз мені осы жерде күте тұрыңызшы. Қазір келем,– дедім де
палуба жаққа жүгіре жөнелдім. Штурвалда Луис тұр еді.
– Сіз барып дем алыңыз!– дедім мен оның орнына тұра қалып.
Ол бұған қуана келісті, ал мен палубада жалғыз қалдым. Сосын
мүмкіндігінше бөтен-баспақ дыбыс шығарып алмайын деп, гиттен
топсельді алдым да, бом-кливер мен стаксельді түсіріп, кливерді жел жақ
бортқа шығарып, гротты жайлап тартып қойдым. Сонан кейін Модқа
қайтып келдім. Оған дыбысыңызды шығармаңыз деген белгі бердім де,
өзім Қорқау Ларсеннің каютасына бұрылдым. Мен оны мана қандай
қалпында қалдырсам, ол сол қалпында қозғалыссыз жатыр екен, тек басы
ғана жастықта ары-бері аунай береді.
– Сізге менен бір көмек керек пе?– дедім мен.
Ол алғашында тіс жармай сұлық жатты да, сосын мен сұрағымды қайта
қайталаған кезде:
– Жо-жоқ, маған ештеме қажет емес. Мені тек таң атқанша мазаламай-ақ
қойыңызшы,– деді жалынышты үнмен.
Каютадан шыға бергенде, оның жастық үстінде тағы да аласұра аунақши
бастағанын көріп қалдым... Мод мені асыға күтіп тұр екен, оның тік
ұстаған басы мен ұшқын атқан көздерін көргенде, менің бойымды қуаныш
билеп кетті. Осы мезеттегі қос жанардың мөлдірлігі оның жан дүниесінің
мөлдірлігін еске салғандай еді.
– Сіз өміріңізді маған тапсырып... менімен... шамамен алты жүз мильдей
сапарға шығуға қалайсыз? Бұған батылыңыз жете ме?
– Сонда сіздің айтайын дегеніңіз...– Модтың менің ойымды түсіне
қойғаны анық еді.
– Иə,– дедім мен сөзімді нықтап.– Мен... менің айтайын дегенім, сіз
екеуімізге енді желкенді қайықпен ашық теңізге түсуден басқа ештеме
қалған жоқ.
– Дəлірегінде, бұл сөзіңіз негізінен маған қатысты шығар. Өйткені сіз
мұнда қала берсеңіз де, сізге төнер аса қауіп-қатер жоқ қой.
– Жоқ, екеуіміздің бұл кемеден аман құтылуымыздың жалғыз ғана
амалы – осы,– дедім мен нығыздап.– Өтінем, мүмкіндігінше жылы
киімдеріңізді киіңіз жəне заттарыңызды тезірек жинап алыңыз. Бізге
қалайда асығу керек, асығу!– дегенді жəне қосып қойдым, ол өз каютасына
бұрылған кезде.
Қойма тура кают-компанияның астында орналасқан еді. Люкті ашып,
төмен қарғып түстім. Сосын шырақты жағып, бізге ең қажетті деген
заттарды, соның ішінде бірінші кезекте тамақ салынған қаңылтыр
қалбырларды іріктеп, бəрін бір жерге жинай бастадым. Бұл жұмысты түп-
түгел тиянақтап болғанда, жоғарыдан маған қарай екі қол созылған – мен
заттарды бір-бірлеп Модқа əпере бердім.
Біз үнсіз жұмыс істедік. Мен өзіме жұмысқа киетін қолғап, клеенкадан
тігілген сырт киімдер мен бір жылы көрпе алдым... Біздің алдымызда үлкен
тағдыр сынағы тұр еді – буырқанып- бұрсанып жатқан ұлан-ғайыр ұлы
мұхитқа қабықтай ғана кішкене қайықпен түскелі тұрмыз, сол қатерлі
жолда өзімізді аман сақтап қалу үшін ең алдымен суықтан, жаңбырдан,
аштықтан қорғануымыз керек-ті.
Біз тек үнсіз ғана емес жəне өте тез жұмыс істедік. Қоймадан жинап
алған заттарымыздың бəрін палубаға шығарып, оларды бір шлюпканың
жанына үйдік. Модтың қатты шаршағаны сондай, əрі-беріден соң ештемеге
шамасы келмей ют баспалдағына отыра кеткен. Бұнымен де дұрыс дем ала
алмаған соң ақыры палуба үстіндегі жалаңаш тақтайлардың бетіне
шалқалай жатып еді. Менің есіме апайым түскен. Ол да қатты шаршаған
кезде тура өстіп жатып дем алатын да, сəлден соң сергіп шыға келетін.
Бізге қару-жарақ та өте қажет еді, Қорқау Ларсеннің винтовкасы мен
бытыра мылтығын алып алайын деп, мен оның каютасына түстім. Аздап
сөзге тартып көріп едім, басы жастықта манағыдай ары-бері аунақшып
жатқан ол бір ауыз да тіл қатқан жоқ.
– Қош бол, Люцифер!– деп ерін ұшымды жыбыр еткіздім де, каютадан
шығып жүре бердім.
Бұдан соң өзімізді жеткілікті түрде оқ-дəрімен қамтамасыз етіп алуымыз
керек болды. Ол аңшылардың кубригінде сақталғаны болмаса, жалпы оны
алып шығу аса қиын емес-ті; мен ептеп ішке кірдім де, оқ-дəрі толы екі
жəшікті көтеріп шығып, қайықтың тұмсық жағына тығып қойдым.
Енді тек шлюпканы суға түсіру ғана қалған, бірақ бұл жалғыз адамға
оңай емес еді. Мен найтовы арқанын босатып, қайықты борттан асыру
үшін алдымен оның тұмсық жағын көтеріп, оны бір байлап тастап, сосын
кормды да бортқа шығарып, арқанды жəне тартып байладым да, сонан соң
екі арқанды кезек-кезек босата жіберіп отырып, қайықты екі-үш фут төмен
түсіріп қойдым. Яғни ол енді бортқа жабысып, су үстінде салбырап тұрды.
Желкені, ескегі, жіптері орнында ма деп, оларды бір тексеріп шықтым. Енді
осылардың бəрінен де маңыздысы – қажетінше қайыққа тұщы су толтырып
алу еді. Бортта тоғыз шлюпка тұрған. Тоғызында тоғыз кеспек су бар-ды.
Мен олардың қақ жартысын жинап алып, қайыққа тиедім. Бұның бəрін
қайық көтере ме деген де қаупім болды.
Мод палубаға үйіп қойған заттарды бір-бірлеп маған, қайыққа əпере
берген сəтте, бір матростың кубриктен шыға келгені... Ол алғашқыда жел
жақтағы бортта тұрды (біз қайықты жел ығындағы борттан түсіргенбіз) да,
сосын еріне басып, палуба ортасына келді. Бұл жерде ол бетін желге,
арқасын бізге беріп, тағы біраз тұрды. Мен қайықтың түбіне тығыла түстім;
жүрегім аттай тулап соға бастаған. Ал Мод фальшборттың түбінде ұзыннан
созылып, өлген адамдай қыбырсыз жатыр. Бірақ, тəңір жарылқағанда,
матрос біз жаққа ақыры көз салмаған күйі, керіліп-созылып, есінепқұсынап тұрып, кубригіне қайта беттеген еді.
Бірнеше минуттан кейін мен шлюпкаға барлық затты тиеп, сосын оны
жайлап суға түсірдім. Модты планшир арқылы өтуге көмектесіп жатып,
мен оны бір сəтке ақ мамықтай көтеріп алғанда: "Мен сізді сүйемін!
Жанымдай сүйемін!" деген сөз еркімнен тыс аузымнан шығып-ақ кете
жаздаған. "Иə, Ван-Вейден, ақыры міне сен де біреуге ғашық болдың!" деп
қойдым ішімнен. Мен оның белінен жеңіл көтеріп, планширдсн түсірдім
де, қайыққа сəтімен отырғыздым. Осы істердің бəрін оңымен бітірген
кезде, өзіме-өзім риза боп қалған да жайым бар. Бұдан бірнеше ай бұрын,
Чарли Фэрасетпен қоштасып, əлгі қарғыс атқан "Мартинес" кемесіне
отырып, Сан-Францисконы бетке алған кезде қандай едім? Алдыма əкеліп
қойған дайын асты əзер ішетін сумұрын, боркемік біреу едім. Ал енді, міне,
не нəрсені өзім істей алатын нағыз жігіт, атпал азамат болдым. "Елестен"
көрген бір пайдам осы шығар.
Жыбыр-жыбыр етіп жатқан толқындар үстіне шлюпка шылп етіп түсе
қалды, Модтың аяқтары банкаға – қайық ортасындағы орындыққа тиді, мен
оның белінен қолымды алдым. Сонан соң талиді қоя беріп, қайыққа нық
отырдым. Бұрын еш уақытта ескек есіп көрген жоқ едім, бар күшім мен
ақыл-айламды жұмсап ескекті қармағына ілдім де, суды сабалай ұрып
шлюпканы кемеден біртіндеп ажыратып алдым. Сосын желкенді көтеруге
кірістім. Матростар мен аңшылардың желкенді қалай көтергенін талай рет
көргенім бар-ды, бірақ өз бетіммен бұл жұмысты қолға алғаным, міне,
бірінші рет. Егер олар бұған небəрі екі-ақ минут жұмсаса, ал мен тұтастай
жиырма минут бойы осы жұмыспен əурелендім, дегенмен ақыр соңында
оны сəтімен қойып, желкенді тартып, сонан кейін басқару ескегіне
отырдым да, шлюпканы жел жаққа шығардым.
– Анау тұста, тура қарсы алдымызда – Жапония,– дедім мен.
– Хэмфри Ван-Вейден, сіз аса батыл адамсыз,– деді Мод.
– Жоқ дедім мен.– Нағыз батыр адам, батыр əйел – мына сіз боласыз.
Құдды келісіп алғандай-ақ екеуіміз бір мезетте "Елеске" бұрылып, көз
салдық. Бұл – жақсы болсын, жаман болсын, аз уақыт дастарқанынан дəм
татқан кемемен соңғы рет қоштасуымыз еді. Оның аласалау корпусы біздің
жел жағымызда толқындармен бірге баяу тербеліп тұрды. Желкендері
қараңғылық қойнауында сəл ғана ағараңдап көрінеді, ал штурвалдың
дөңгелегі басқару тетігін толқын ұрған сайын шиқ-шиқ етіп, зар еңірейді.
Біраздан кейін кеменің қарауытқан сұлбасы да, əлгі зар илеген дөңгелектің
шиқылы да артта қалып, ұшы қиырсыз ұлы мұхиттың үстінде жалғыз
жаңқадай боп, біздің қайық қылт-қылт етіп қою түннің қойнына сіңіп бара
жатты.
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Сарғайып, сызданып таң атты. Лекілдеп салқын самал еседі. Шлюпка
бейдевиндті ұстап, баяу жылжып барады. Компастың көрсетуіне қарағанда,
біз тура Жапонияға қарай жылжып келеміз. Биялайдың қандай жылысын
кидім десем де, мына суықта ол маған лыпа бола алмаған, кормдегі ескекті
ұстап отырған қолым мұздай боп қатып қалып еді. Аяғым да суықтан
қақсай бастаған, шіркін-ай, тезірек күннің көзі көрінсе екен деймін
армандап.
Менің алдымда қайықтың түбінде Мод пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр.
Мен ол тоңбаған шығар деп ойлаймын, өйткені оның оранған көрпесі
қалың еді. Дегенмен мына таңғы салқында жаурап қалмасыншы деп,
көрпенің бір шетін бетіне жауып қойдым. Бұдан соң тек оның көрпе
астынан білініп жатқан тал мүсіні мен таңғы шық қонақтаған қызылсарғыш шашының бір тұтамын ғана қызықтап отырдым.
Иə, мен осы бір көрпе шетінен шығып жатқан бір тұтам шашқа
дүниедегі ең асыл затқа көз құрты түскен адамдай ұзақ-ұзақ қарай бердім.
Артынша көлденең көздің сұғын сезіп қойғандай Мод қыбырлай қозғалып
көзін ашып алды да, маған жымия кірпік көтеріп:
– Қайырлы таң, мистер Ван-Вейден,– деді.– Жағалау əлі көрінбей ме?
– Жоқ,– дедім мен.– Дегенмен біз оған сағатына алты миль
жылдамдықпен жақындап келеміз.
Оның өкініштен қабағы сəл түсе қалғандай болды.
– Алайда бұл дегеніңіз тəулігіне жүз қырық төрт миль ғой,– дедім мен
оның көңілін көтерейін деп.
Модтың жүзі қайта жадырап шыға келді.
– Ал сонда енді неше күндей жүземіз?
– Анау тұста – Сібір,– деп, батыс жақтағы алыс көкжиекті нұсқадым.–
Ал осы жерден шамамен алты жүз мильдей жерде оңтүстік-батыс нүктеде –
Жапония. Мынадай желдің ығымен біз оған небəрі бес күнде жетіп
барамыз.
– Егер дауылға ұшырап қалсақ? Қайығымыз оған төтеп бере ала ма?
Мод көзіне тура қарап тұрып, тек шындықты айтқаныңды жақсы көруші
еді,– бұл жолы да маған тесіле қараған.
– Егер өте қатты дауыл болмаса, қалғанына шыдап қалар,– дедім мен
екіұшты.
– Ал егер өте қатты дауыл болса ше?
Мен үнсіз төмен қарадым.
– Бізді кез-келген сəтте кəсіптік кемелердің бірі тауып алуы мүмкін.
Мұхиттың осы бөлігінде қазір олар құрттай қаптап жүр.
– Құдай-ау, сіз қалшылдап тоңып отырсыз ғой,– деді ол кенет.–
Қараңызшы өзіңізге, түріңіз тіпті көкпеңбек боп кетіпті. Қой, қой,
дауласпаңыз, мен бəрін де көріп тұрмын ғой міне. Мен болсам көрпе
астында қыж-қыж қайнап жатырмын!
– Не десем екен... егер сіз де дір-дір етіп менімен қатар отырсаңыз, одан
сонда қандай пайда бар?– деп күлдім мен.
– Пайда болады, егер мен де шлюпканы жүргізе алатын болсам.
Сондықтан міндетті түрде жүргізіп үйренуім керек.
Мод шлюпка түбінде отырып, өзінше бет-жүзін түзеп алуға кіріскен.
Алдымен шашын жөндегісі келіп, онысын төмен қарай жайып жіберіп еді,
желкілдеген бір құшақ мамықтан беті мен иығы көрінбей кетті. Мен бір сəт
осы мамықтың ішіне бетімді тығып, анау алтындай жарқыраған бір уыс
қызыл-сары кекілден сүйіп-сүйіп алғым келген. Шіркін-ай, болмағанда
сусыған мына қалың шашты саусақтарыммен тарағыштап, алақаныма
салып сипалап, мұрныма тақап иіскеп, құмарым қанғанша аялап отырсам
ғой деймін тамсанып. Құдды арбалып, сиқырланып қалғандай одан көз
аудара алмаймын. Бірақ амал не, шлюпка бүйір жағымен шұғыл желге
бұрылды да, желкен барт-барт ете қалды. Мен сонда ғана өз міндетім есіме
түсіп, ескекке жармаса бергем. Əрі идеалист, əрі романтик ретінде мен
бұған дейін, өзімнің салқын қанды ақылыма қарамастан, махаббат деген
мəселенің кейбір нəзік тұстары жөнінде тым қияли түсінікпен жүретінмін.
Мəселен, еркек пен əйел арасындағы махаббатты мен екі ұқсас жан дүниені
қосатын таза рухани байланыстан басқа ештеме емес деп есептейтінмін. Ал
оның тəнге қатысты жайларына мен тіпті де маңыз берген емеспін. Енді,
міне, мына тəтті сезімдерден кейін түсінгенім: жан құбылыстары оны
сыртынан қаптап тұрған тəн арқылы ғана көрінеді екен, яғни сүйген
адамыңның түр-пішіні, иісі, шашының жанасуы – дəл осындай-ақ, көзінің
түсі, ернінен шыққан əрбір сөзі – оның жан құдіретінің тынысы, бал
татыған лебі екен. Сосын жəне рухтың мөлдір де таза түрі – көзге
көрінбейтін, қолға ұстатпайтын, тек сезіну арқылы білінетін жəне өзі
арқылы өзін таныта алмайтын ерекше бір дүние екен. Иегов
антропоморфизмі деген санадағы ұғым, қиялдағы бейненің өзі қалай пайда
болған? Иудейлер оны қандай түрде көргісі келсе, ол сондай түрде көріне
білген. Яғни құбылмалы қиялдан құбылмалы бейне туған.
Міне, мен де Модтың қызыл-сарғыш шашына қызыға да сүйсіне қарап
отырып, неше түрлі қиялға берілемін. Оны дүниедегі небір сұлулықтың
бəріне теңегім келеді. Жəне ең қызығы, оны неге теңесем де, ол тура соған
ұқсағандай, соның тура өзіндей боп көрінеді. Кенет Мод басын сілкіп
жіберіп, шашын артына қарай лақтырып тастағанда, оның жымия күлген
жүзі жарқ ете қалған.
– Əйелдер неге шашын жинап, түйіп жүреді екен осы? Жаңағыдай
еркімен жіберсе, тіптен сұлу емес пе?– дедім мен.
– Өйтіп қоя берсе мүлде ұйысып, жабағы боп қалмай ма,– деп ол күліп
қойды.– Міне, енді əдемі бір шаш қыстырғышымды жоғалтып та алдым.
Желкен тағы да желге барт-барт ете қалды, ал мен Мод көрпе астынан
шаш қыстырғышын тауып алғанша оның əрбір қимылын қызықтадым да
отырдым. Ал сол əрбір қимылдың өзі кəдімгі əйел затына тəн еді. Мен
осыны көріп отырып, керемет бір жаңалық ашқандай болғанмын: "Құдайау, бұл да əйел екен ғой!– деймін таңданып.– Басынан бақапшағына дейін
нағыз əйел екен ғой!
Мен оны осы уақытқа дейін тым асқақ бағалаған екенмін, ет пен
сүйектен жаралған адамнан гөрі оны періштеге, қол жетпес шынарға,
жұмақтағы хор қызына балағанмын. Ал енді оны кəдімгі əйел ретінде
танытқан болмашы іс-қимылының өзі менің көкірегімді үлкен қуанышқа
бөлеген... Шашын артына сілкіп жіберуі, шаш қыстырғышын күйбеңдеп
іздей бастауы, бəрі-бəрі жанға қандай жылы əсер етеді десеңізші! Иə, менің
еркек болғаным сияқты, оның да əйел деген аты бар екен, ол да мен сияқты
ет пен сүйектен жаралған адам екен, оған деген бүкіл тəтті сезімдерімді
сақтай отырып, кəдімгі əйел мен еркек арасындағы табиғи байланысты ту
етіп көтеріп, мен оған жанымды да, тəнімді де қосуыма болады екен.
Ол мені қашан да арбап, сиқырлап алатын ғажайып сүйкімді үнімен
алақайлай дауыстап шаш қыстырғышын тауып алды да, мен есімді енді
ғана жинағандай болып, алдымдағы бағытқа бар назарымды сала
бастадым. Жүргізудің де неше түрлі тəсілдері бар екен. Соның бірін
меңгеріп алғаныма қатты қуанып қалдым. Ол былай: нысанаға алған
бағытымызға қарай ескектерді бір нүктеге тас қып байлап тастап едім,
қайық менің анда-санда жел күшіне байланысты аздап ауытқығаны
болмаса, көмегімсіз-ақ, бендевиндті берік ұстап тұратын болған. Тек
негізінен бағытты дұрыс ұстап тұрды ол.
– Ал енді таңғы асымызды ішіп алайық,– дедім мен.– Бірақ алдымен сіз
жылы киініп алуыңыз керек.
Мен көрпе тігетін қалың материалдан тігілген жап-жаңа күпəйкені жүк
арасынан алып шықтым: тысы тығыз тоқылған матадан жасалғандықтан
бұдан жаңбырдың да өте қоюы екіталайды. Мод күпəйкені киіп болған
кезде, мен оның басына фуражканың орнына зюйдвестканы қондырдым;
егер оның жиегін жазып жіберсе шаш пен құлақты қойып бүкіл бетін
жауып кетер еді. Мод осы киімдермен тіпті əдемі боп көрінген. Бірақ оған
қандай киім кигізсе де жараса беретін. Өйткені оның сопақшалау біткен бет
пішіні мен құлын мүсінінің бір жерінде көзге оғаш көрінетін артық-ауыс,
кем-кетік ештеме жоқ болатын.
Қайық үлкендеу бір толқынды қиғаштай кесіп өткенде, жел екпіні кенет
оны басқа бағытқа жалт бұрды. Бір жағына қатты қисайған ол қарсы
ұшырасқан екінші толқынға планширіне дейін кіріп кетіп, бір шелектей
суды қағып алған да, қайта көтеріліп шыға келген. Бұл уақытта мен
консерві қалбырын ашып отыр едім, жалма-жан шкотқа жармасып, əзер
дегенде оны тартып үлгердім. Желкен желп-желп етті де, қайық жел
ыңғайына қарай жығыла берді. Желкенмен жəне бірер минут əуреге
түскеннен кейін, қайықты ақыры тағы да өз бағытына салып алдым. Бұдан
соң маған қайта тамақ қамына кіріскеннен басқа жұмыс қалмаған.
– Мынау бір жақсы амал болған сияқты,– деді Мод ескекті бір бағытқа
қарай байлап қойғанымды көріп.– Шындығын айтсам, теңізшілік жөнінде
мен ештеме де білмеймін.
– Бұл қондырғы бізге бейдевиндпен келе жатқанда ғана керек,– деп,
өзімше түсіндірген болдым.– Ал галвинд немесе бакштаг кезінде менің
өзім басқаруыма тура келеді.
– Өкінішке қарай, мен бұл терминдердің бірін де түсінбеймін, бірақ бір
дүние анық: маған сіздің үнемі басқару жүйесінде отырғаныңыз ұнамайды.
Сіздің жаныңыз темір емес қой. Сондықтан қазір тамақ ішіп болған соң
жүргізу жағын маған да үйрете бастаңыз. Оны əбден меңгеріп алсам, сізді
кез келген уақытта ауыстырып отырамын. Бұл сіз екеуімізге де ыңғайлы
болады.
– Ау, мен өзім жаңа үйрене бастаған адаммын ғой, ендеше сізді қалай
үйрете алам,– деймін мен қиналып.– Сіз маған кеше тағдырыңызды сеніп
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Теңіз қорқауы - 17
  • Parts
  • Теңіз қорқауы - 01
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2151
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 02
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2144
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 03
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2277
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 04
    Total number of words is 4218
    Total number of unique words is 2074
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 05
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 06
    Total number of words is 4249
    Total number of unique words is 2189
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 07
    Total number of words is 4149
    Total number of unique words is 2164
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 08
    Total number of words is 4192
    Total number of unique words is 2255
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 09
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2166
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 10
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2158
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 11
    Total number of words is 4129
    Total number of unique words is 2140
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 12
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2015
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 13
    Total number of words is 4188
    Total number of unique words is 2201
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 14
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2098
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 15
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2142
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 16
    Total number of words is 4198
    Total number of unique words is 2108
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 17
    Total number of words is 4226
    Total number of unique words is 2157
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 18
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2094
    37.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 19
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2071
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 20
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2029
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 21
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2129
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 22
    Total number of words is 4195
    Total number of unique words is 2097
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 23
    Total number of words is 2480
    Total number of unique words is 1428
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.8 of words are in the 5000 most common words
    61.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.