Latin Common Turkic

Теңіз қорқауы - 08

Total number of words is 4192
Total number of unique words is 2255
36.2 of words are in the 2000 most common words
50.7 of words are in the 5000 most common words
58.1 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
дегеннің бəрінен жоғары тұратын жанның өлместігіне нағыз дəлел осы ғой
деймін ішімнен. Бұл жігіт маған адам баласы жасаған барлық күнəға жылап
тұрып нəлет айтқан бағзы заманның пірəдарларын еске түсірген.
Ол Қорқау Ларсеннің қалай жер-жебіріне жетті десеңізші. Оның ішкі
дүниесін түк қалдырмай аршып, ақтарып, бүкіл арамдығы мен иттігін
бетіне аяусыз былшылдата берген. Бірақ əбден ашынғаны болар, оған
барлық қарғысты да, құдайдан сұрар зауалды да аяп қалған жоқ. Бұл
жағынан ол шіркеуден бас тартқан орта ғасырлардағы лақпа діншілдерге
ұқсап кеткендей еді. Ашу үстінде кейде қаһарға мінген қас батырдай тым
биіктен көрінсе, енді бірде көшедегі көкайыл қатындай аузына келгенін
сөйлеп баққан-ды.
Лич ақыры ақыл-естен айырыла бастады. Аузы ақ көбіктеніп, түкірігін
шашырата қақалып-шашалып сөйлейді. Сөйлегенде бір сөзі бір сөзіне
қабыспайды. Ал Қорқау Ларсен əлі де рубка қырына сүйене тұрып, оған
салқын да сабырлы көз салады. "Не де болса ақырына дейін тыңдайын,
айтсын, айтсын" дейтін сияқты. Өмір ашытқысының мынадай сұмдық
божуы, бір-ақ сəтте бұрқырап-қайнап шыға келген кішкентай ғана материя
бөлшектерінің оған осыншама күш беруі капитанды əрі таңғалдырып, əрі
қызықтыра түскендей.
Капитан жас матросты қай уақытта жалғыз-ақ ұрып жалп еткізер екен
деп бəріміз секунт сайын тағатсыз күтіп тұрмыз. Бірақ оның тəкаппарлығы
тежеу болды ма, əлде жігітті ақырына дейін сынағысы келді ме, əйтеуір
қанша уақыт өтсе де біз күткендей тосын мінез көрсеткен жоқ, аузындағы
добалдай сигарын сыздықтата түтіндетіп, үнсіз тұра берді.
Бұл уақытта Личтің долылығы шегіне жетіп еді.
– Доңыз! Жыртқыш! Хайуан!– дейді айқайлап.– Əй, естисің бе сен?
Естісең, неге жетіп келіп өлтіре салмайсың мені, а?! Бұл сен үшін түк емес
қой, а! Кім сені тоқтата алады? Ешкім! Кел, өлтір мені! Бірақ мен сенен
қорықпаймын, білдің бе, қорықпаймын. Сенің жанында бейшара боп,
мүскін боп жүргенше, өліп кеткенім əлдеқайда артық. Кел, кел, қорқақ
неме! Өлтір мені, өлтір!
Дəл осы минутта Томас Магридж өз сорына қарай тыныш жатқан
жыланның құйрығын дөп басқаны бар. Ол манадан бері сырттағы у-шуды
камбуз есігінен бақылап тұр еді, енді əлдебір кір-қоқысты борттан
лақтырып жібермек болып палубаға қарай ұмсына түскен, бұнысы –
шындығында, өзі топшылағандай, қандай жағдайда да аман қалмауға тиіс
Личтің өлімін өз көзімен көріп қалу болатын. Сөйтіп Қорқау Ларсеннің
жанынан өтіп бара жатып, оған жағымпаздана жымиып қойды, бірақ ол
бұны байқаса да байқамағандай кейіп танытқан. Алайда оған
ыңғайсызданған Томас жоқ, капитанға жағынған үстіне жағына түскісі
келгендей Личке бұрылып:
– Ей, неменеге со құрлы бақырасың! Ұялсаң етті!– деген өзінше
көсемсіп.
Енді не істерін білмей күйініп тұрған Личке бұл бір сəті түскен іс
болған. Екеуінің арасындағы өткен жолғы кақтығыстан кейін кок бірінші
рет камбуздан пышақсыз шығып еді, аузын жауып үлгіргенше Личтің
келсаптай жұдырығы кеудеден capт ете түскенде, ол шалқасынан жалп ете
түскен. Қиралаңдап орнынан тұра бергенде, екінші жұдырық жəне мұрттай
ұшырды. Сосын үшінші...
– Көмектесіңдерші! Көме-ек!– дейді кок ышқына айқайлап.– Ау,
көмектессеңдерші! Не ғып тұрсыңдар енді, көмектесіңдерші! Ұстаңдаршы
мынаны!
Аңшылар бұған рақаттана күлген де қойған. Бұл – трагедияның бітіп,
фарстың басталуы еді. Бір шетте ұйлығып тұрған матростар да енді ортаға
қарай жақындай берген – бəрінің көзінде əлдебір жымысқы күлкі бар,
сүйкімсіз Магриджді Лич қалай ұрар екен деген қызығушылық бар.
Мұндай қызығушылық тіпті менде де оянып шыға келген. Əрине, адамды
ұру деген жақсы емес, ал ұрғанды қолдау одан да өткен хайуандық іс, соны
біле тұра мен, жасырмаймын, Лич Магриджді соққан сайын айызым қана
түскен. Ал Қорқау Ларсеннің өңінен еш өзгеріс байқалар емес.Тіпті тұрған
тұрысынан да – көз алдындағы итсілікпеге құмарта қарайды. Осы
тұрысында ол өзінің барып тұрған прагматиктігіне қарамастан мына
қанжоса "ойын" мен бұрқыраған өмір қозғалысынан өзі бұрын байқамаған,
сезбеген қайдағы бір құпияның сырын ашсам, кілтін тапсам деген жіңішке
үміттің жетегіне шын еріп, шым батып кеткен секілді.
Несін айтасың, кок сыбағасын алды ғой! Жаңа каютада өзім куəсі болған
жойқын ұрыстан бұның еш айырмасы болмаған. Магридж қайда қашса да
құтырынған матростан құтыла алмады, соққы алдан да тиеді, арттан да
тиеді. Гүрс етіп құлап түседі, сүйретіліп қайта тұрады. Тұра салып тағы
мұрттай ұшады. Ақыры жандəрмен каютаға ұмтылып еді, одан да түк
шықпады, есік тұсында етбетінен түсіріп, желкесінен бүре ұстаған күйі
палуба жаққа жəне лақтырды. Бұл жолғы соққы тіптен қатты тисе керек,
құлаған жерден қайтып тұра алған жоқ, аяқ-қолы дір-дір етіп сұлық түскен.
Бірақ бұдан кейін де тепкілеу мен ұрғылау тиылған жоқ. Ешкім оған
арашаға да түспеді. Өстіп Лич оны өлтіріп тастауы да мүмкін еді, алайда
оның өзі де шаршады ма, не заматтан соң қолын бір сілтеп кете барды,
артында қанден иттей қыңсылап жатқан кок қалды.
Дегенмен бұның бəрі келесі керіс-төбелестердің бастамасы ғана екен.
Бұдан соңғы қақтығысты кешкісін Смок пен Гендерсон бастап жіберді.
Күтпеген жерде кубриктен мылтық үні тарс ете қалды да, артынша
аңшылардың төртеуі сыртқа атып шықты. Олардың соңын ала люктен
қарақошқыл түтін бұрқ ете түсті. Кəдімгі оқ-дəрінің қара түтіні! Қорқау
Ларсен көзді ашып жұмғанша кубрикке жетіп барған да, бірден қою түтін
ішіне қойып кеткен. Арада бірер минут өткенде ол екі жігітті де сүйретіп
сыртқа алып шыққан да: "Мен сендерге не деп едім, а? Сапар аяқталғанша
тыныш жүріңдер деп едім ғой. Тыңдамайды екенсіңдер, мə ендеше
сыбағаларың!" деп, күрзідей жұдырығымен оларды былшылдатып ұрды
дейсің. Сонан соң бір мезет сабасына түсіп, олардың қанға малынған
денелеріне асықпай көз жүгірте беріп еді. Біз де қазір ғана байқадық, Смок
пен Гендерсон капитанның жұдырығынсыз-ақ бір-бірін қатты жарақаттап
тастаған екен. Қорқау Ларсен оларды боқтықтың неше түрімен сыбай
жүріп, енді қолынан келгенше екеуінің жарақатын емдеуге кіріскен. Бір
жағынан мен де көмекке келдім. Екеуіміз бірігіп жігіттердің жарақатын
жуып-тазалап, таза шүберекпен мықтап таңып тастадық. Наркозсыз, түксіз
жасалған біздің бұл операциясымағымызды екі жігіт те қыңқ етпей көтеріп
шықты, тек ауырсына қиналған кезде қайта-қайта виски беріп тұрдық.
Бұларды тыныштандыра бергенде – дəл кешкі күзет алдында – бак
жақтан тағы бір шу шыққан. Байқасақ, бұл шу: Джонсон неге соққыға
жығылды, оны сатқан кім? Жалпы өз арамыздағы əңгімені капитанға кім
жеткізеді деген сұрақтардан өрбиді де, арты қып-қызыл төбелеске айналып
кетеді, команда екі топқа бөлініп алып, бірін-бірі қанжоса қылады.
Ал сосын... əбден қараңғы түсе соңғы жанжал көмекші Иогансен мен
аңшы Лэтимер арасында болған. Соңғысы қаншырдай қатқан тырқи арық,
қызба мінезді жігіт еді. Бақсақ, бұл жанжалға себеп болған – көрші төсекте
жататын көмекшінің бірде қырындап, бірде ұйқысырап Лэтимерге түні
бойы ұйқы бермеуі екен. Нəтижесінде, аңшының аяусыз ұрған бірер
жұдырығы көмекшінің бетін көнектей етіп тыныпты. Бірақ, амал не,
Иогансен аңшыдан көрген бұл қорлығын кейін көзі іліне сала былдырлай
айтып, өңінде көргенін түсінде түгел қайталап, таң атқанша Лэтимерге де,
басқаға да ұйқы бермепті.
Мен де өте жайсыз ұйықтап шықтым. Күндізгі оқиғаның бəрі құдды
түнде көрген үрейлі түстей болған. Бір төбелестен кейін бір төбелес. Бірінбірі жыртқыштай жеген жігіттер. Бəрі естен айырылған, ақылдан адасқан.
Қит етсе болды, пышағын көтеріп, мылтығын кезеп шыға келетін өңшең
қаныпезерлер. Қандай ғана ортаға тап болдым деп қайран қаламын.
Тағдырыма нəлет айтамын. Жүйкем тозған. Ойдан азғам. Бұрын адам
баласының бойында хайуанға тəн озбырлық, жыртқыштық бар дегенге
мүлде сенбеуші едім. Сенбейтін жөнім де бар. Мен зиялы, мəдениетті
қауымның ортасында өстім. Кейін таза интеллектуалдық қызметпен
айналыстым. Рас, қаталдық, аяусыздық дегенді мен де көргем, бірақ ол
рухани өмірдегі ақылмен істелетін қатыгездік еді, яки ол – Чарли
Фэрасеттің усойқы тілімен айтқанда, адамдардың бір-бірін удай ащы
мысқылмен, алмастай өткір эпиграммамен сойып салуы, кейбір
профессорлардың студентті сөзбен жерге тығуы, сарказммен өлтіруі
сияқты бірдеме еді.
Бар болғаны осы. Ал жұмыр басты пенденің қасында жүрген жолдасын
– бір бөлмеде жатып, бір дастарқаннан тамақ ішіп дегендей – сəл ыза
болған сəтте пышақпен жайратып салуы, қабырғасы қаусап, аяқ-қолы
сынғанша ұрып-соғуы, мен үшін ақылға сыймайтын сұмдық еді. Мені
достарым бостан-босқа "боркемік Ван-Вейден" деп атамаған шығар. Қазір
көз алдымда өткеннің бəрі көңіліме соншама ауыр тиетіні сол
"бөркеміктігімнен" əлі де арылмағандығым болар. Ой көп. Ойлаймын да
тар төсекте дөңбекши беремін. Əрине, өмірден басқа не ойлайсың сонда.
Ал өмірдің осындай екенін бұған дейін мүлде білмеген екенмін.
Таңғаларлық дүние! Əрі күлкілі! Байқаймын, Қорқау Ларсеннің бұл
жөніндегі тұрпайы философиясын мойындауға аз-ақ қалғандаймын.
Мүмкін менікіне қарағанда оның өмір туралы түсінігі дұрыс шығар деймін.
Бұл ой менің жүрегімді дір еткізген. Күн сайын көз алдымда өтіп жатқан
айуандық көріністер менің де ой-санамды өзгертіп, жақсылық, ізгілік
атаулыға біртіндеп күмəнмен қарай бастағандаймын. Мəселен, қараңызшы,
Томас Магриджді жаңағыдай ұрып-соғу ешқандай адамшылыққа
жатпайтынын, бұл барып тұрған қатыгездік екенін білемін, бірақ біле
тұрып оған титтей де жаным ашыған жоқ. Осы арқылы күнəға батқанымды
сезсем де, іштей "соқса екен, соқса екен" деп тұрған мысық тілеуімді жəне
жасыра алмаймын. Иə, мен бұл жерде бұрынғы Хэмфри Ван-Вейден бола
алмадым, бар болғаны – "Елес" атты шхунаның Хэмп деген юнгасы
екенімді ғана таныттым. Қорқау Ларсен – менің капитаным, Томас
Магридж бен қалғандары – менің достарым болды, олардың бейнесі
бедерленген мөр бұдан былайғы жерде менің аппақ тəніме тайға таңба
басқандай ап-анық түсе бастаған.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Үш күн бойы екі адамның жұмысын жалғыз істедім, жəне, мақтанып
айтайын, жақсы істедім. Қорқау Ларсеннің сенімін ақтағаным өз алдына,
камбуздегі қысқа мерзімді жұмысыма матростар да өте риза болған.
– Осы бортқа түскелі бірінші рет жиренбей тамақ іштік,– деген маған
Гаррисон, бактегі ыдыс-аяқтарды камбуз əкеліп тұрып.– Неге екені белгісіз,
Томми жасаған тамақтан ылғи да майдың көңірсіген иісі шығып тұрушы
еді, меніңше ол фрискодан шыққалы бірде-бір рет таза көйлек те кимеген
сияқты.
– Дəл аңғарғансың,– дедім мен.
– Мүмкін осы кір киімімен ұйықтайтын да шығар?
– Иə. Өз басым оның еш уақытта киім ауыстырып кигенін көргенім
жоқ,– деп мен ағымнан жарылдым.
Капитан ауыр соққыдан тұра алмай қалған кокке үш-ақ күн демалыс
берген. Төртінші күні төсектен жұлып алып, қатарға қайта қосты. Оның əлі
де толық сауығып кете қоймағаны əр қимылынан байқалып тұр еді, қалтқұлт етіп аяғын əрең басады. Беті көмектей болып ісіп кеткен. Көздерінің
орнында білеуленген екі сызық қана бар. Ентіге демалып, тынымсыз
ыңқылдай береді. Бірақ оған жаны ашыған Қорқау Ларсен жоқ:
– Байқа,– деген оны камбузге кіргізіп тұрып.– Бізге ит ішпейтін
бірдемеңді беріп жүрме. Сосын... мына жерден қылаудай кір көрмейтін
болайын. Үстіңдегі киімдеріңді де кейде ауыстырып тұрғаның дұрыс,
əйтпесе желкеңнен көтеріп, суға малып-малып аламын. Ұқтың ба?
Томас Магридж камбуз ішінде сүйретіле қозғалып жүре бастады, бірақ
кеменің алғашқы шайқалуында-ақ жалп етіп құлап қала жаздаған. Құламас
үшін аяқ-табақтар қыстырулы тұрған иық тұсындағы темір шыбықтан
ұстай алып еді, қолы тайып кетіп, қып-қызыл боп күйіп тұрған плита үстіне
шынтақтай ұшып түсті. Темір шыж ете қалды. Көңірсіген ет иісі білінді.
Көмір салатын жəшік үстіне шоңқиып отыра кеткен ол:
– О, құдай! О, құдай! Енді маған жетпегені осы еді!– деп шыр-шыр
етеді, күйген қолын ары-бері сілкілеп.– Не жазып едім бұ құдайға, a! Неге
мұнша сорлатады мені, a? Біреуге істеген зияндығым жоқ еді ғой осы
менің!
Көзінен жасы бұршақтай төгіледі, жарасы енді жазыла бастаған
қарақотыр беті тыржың-тыржың етеді, бірақ оның ар жағынан əлдекімге
деген кек те білінген.
– Ой, қарғыс атқыр ит-ай! Мен оны қалай жек көрем десеңші! Иə,
сұмдық жек көрем ғой мен оны!– дейді тісін шықырлата түсіп.
– Кімді?– деймін мен, бірақ бұған жауап берудің орнына ол өмірде
көрген қорлықтарын тізбелей берген. Шындығында, оның кімді жек
көретінін білудің көп қиындығы жоқ еді, ал кімді жақсы көретінін өзгені
қойып өзі де білмейтін шығар. Бұл адамның бойында бүкіл дүниеге
топырақ шашқызып отыратын бір албасты бар сияқты. Кейде маған
басқалар былай тұрсын, ол өз басын да иттің етінен жек көргендей
көрінетін – бұған себеп те жоқ емес, бейшараның бүкіл өмірі тек
қорлықтан ғана тұратынын өз аузынан талай естігем. Сөйте тұра, оның
жапа шеккен сəттерінде өзімнің мəз болып тұрғаным есіме түскенде іштей
қатты қысыламын да.
Томас Магридж деген пақырға өмірдің ащы сыйы қай уақытта да аз
болмаған. Оны о баста балшықтан илеп жасаған да, осы балшықтың
ортасына қайтадан тастай салған. Ал басқаша болуы мүмкін бе еді? Менің
осы сұрағымды ол айтқызбай-ақ ұға қойғандай:
– Менің еш уақытта ешжерде жолым болмаған,– деді сөзін əріден
сабақтап.– Туа салып көргенім – қорлық пен азап. Мені ешкім қолымнан
жетелеп мектепке апарған жоқ; алдыма ыстық ас қойып, үстіме жылы киім
кигізіп, жыласам жұбатып, қуансам маңдайымнан сипаған да жан баласы
болмаған. Бұл өмірде кімнен жақсылық көрдім, кім маған пана болды деп
зарланамын кейде. Иə, кімнен? Кімдерден?
– Қапаланбай-ақ қой, Томи,– дедім мен иығына қол салып.– Мұңая
берме. Сенің де күнің туатын кез болады. Көрер қызығың алда, бəріне де
жетесің əлі.
– Жалған! Шылғи өтірік!– деді ол бетіме жалт қарап. Иығындағы
қолымды да қағып жіберген.– Мені алдарқатып керегі жоқ. Сорлы боп
туғам, сорлы болып қалам да. Жатырда жатқанда-ақ мені қиқым-сиқымнан
құрап шығарған. Өзіңе айтатын сөзді маған несіне айтасың, Хэмп. Сен
джентльмен боп тудың. Жоқшылық, аштық дегендер сенің түсіңе де кірген
жоқ. Бос құрсағыңды үнемі атжалмандай бірдеме кеміріп жатқанын сезсең,
білер едің сонда Томмидің балалық шағы қандай болғанын. Жоқ, мен о
бастан құрыған адаммын. Бұдан былай да бұл жалғаннан рақат көрем деп
ойламаймын. Егер тіпті ертеңгі күні Құрама Штаттардың президенті болып
оянсам да, ол менің ғұмыр бойы өксіп өткен өмірімнің бір тесігіне жамау,
бір сəтіне жұбаныш бола алмайды.
Мен бір құдай атқан күні дүниеге келгем ғой. Əйтпесе жолым мұндай
ауыр бола ма! Эһ, Хэмп, Хэмп! Менің бір басыма берген бейнетті он
адамның да көтеріп кетуі екіталай шығар. Өмірімнің қақ жартысы
ауруханада өтті. Алдымен Аспинвалда, сосын Гаванада, Нью-Орлеанда
безгекпен ауырдым. Барбадоста жарты жыл құрқұлақпен сырқаттанып,
өлім аузынан əзер қалдым. Содан соң Гонолулумда қызылша жұқтырдым.
Шанхайда екі аяғымды бірдей сындырдым. Уналашкада өкпемді суық
шалды. Фрискода үш қабырғам үшке бөлінді. Енді міне! Қарашы маған!
Қарашы, Хэмп, бүкіл қабырғамды тағы да қаусатып тастады ғой міне!
Көресің əлі, ертеңгі күні қан түкіретін болам. Ал осыған кім жауап береді?
Кім? Құдай ма? Басқа ма? Маған шын жаны ашыған құдай болса, осы
сапардан неге қағып қалмады мені!
Өстіп ол бір сағаттан астам тағдырына нəлет айтып шағынған да, сосын
сүйретіле жүріп тағы да өз жұмысына кірісіп кеткен. Айтқандай-ақ, бұдан
кейінгі күндері ол жиі-жиі қан түкіре бастады. Сөйтіп көпке дейін өзін
жаман сезініп жүрді. Бірақ құдай оны расында жек көретін болса керек,
күнəкар жанын бұл жолы да алып кетуге асықпаған. Көп өтпей-ақ мүлде
сауығып шықты да, баяғы иттіктеріне қайта басуға кірісті. Жəне
бұрынғыдан да əрмен.
Арада бірнеше күн өткенде Джонсон да бас көтеріп, палубаға шығып,
ақырындап қимылдай бастағанын көрдік. Бірақ оның толық қалпына
келуіне əлі де біраз уақыт керек еді, кейде оған ұрлана қарап қоямын: вант
деп аталатын арқан баспалдақпен əрең көтеріліп бара жатады, одан кері
қайтқанда тəй-тəйлап зорға түседі. Енді бір сəтте штурвалдың түбінде
дымы құрып, шаршап отырғанын көрем. Бəрінен бұрын ол баяғы рухжігерінен мүлде айырылған. Кешегі асқақ кеуде жоқ, Қорқау Ларсенді
былай қойғанда, жаман көмекшінің алдында именшектеп, қарадай қорқып
тұрады. Ал Личтің жөні басқа, жігіт деп міне соны айт! Қай уақытта
көрсем де ол палуба үстінде жас жолбарыстай желкесі күдірейіп жүреді,
Қорқау Ларсен мен Иогансен дегенде атарға оғы жоқ екенін білдіріп те
жүреді. Мен бір күні түнде палубада тұрған оның көмекші Иогансенге:
– Ей, маймақ швед, иманыңды үйіріп жүр, сені қызыл қанға бояйтын
күнім алыс емес,– деген ызғарлы даусын естіп қалғам.
Артынша қараңғы қойнаудан Иогансен де бірдеме деп міңгірлегендей
еді, сол сəтте камбуз қабырғасына əлдебір зат сарт ете түскен. Сосын тағы
да боқтық сөз... одан кейін қарқ-қарқ күлу. Бұның бəрі жым-жырт тына
қалған кезде, мен жайлап басып палубаға шыққам. Сонда не көрді дейсіз
ғой? Пышақ! Ауыр қара пышақ қабырғаға бір дюймдей кіріп кетіпті. Тура
сол мезетте көмекші де келіп, бірден қабырғаға үңілген. Бірақ бұл уақытта
мен тауып алған дүниемді жасырып та үлгіргем. Таңертең оны ешкімге
байқатпай Личтің өзіне қайтарып беріп едім, ол тісін ақсита күлген де
қойған, бірақ осы күлкінің өзі мың рет жаудырған рахметтен əлдеқайда
жылы сезіліп еді маған.
Команданың басқа мүшелерімен де мен жақсы тіл табысып жүрдім,
ешкіммен жүз шайысып, бет жыртысып көргем жоқ. Ал аңшылар мені
іштей ұнатпайтынын сезем, бірақ қалай дегенмен олардан да ашық жаулық
байқамаймын. Күні бойы жараларын емдеткен болып, шатыр астындағы
аспалы төсекте жатқан Смок пен Гендерсон: "Біз үшін сенен артық күтуші
жоқ, сапар соңында есептескенде сені де ұмытпаймыз", деп қояды. (Құдды
солардың ақшасы маған қажет болып тұрғандай. Егер керек қылсам,
бұлардың өзін де, өздерімен қоса бар жиған-тергенін де, ол аз десеңіз,
мына шхунаны да түп-түгел сатып алуға шамам барын бұ жазғандар қайдан
білсін!). Алайда дəл қазір оларды күтіп-баптап, жараларын таңып,
қолымнан келген бар көмекті көрсетуге тиіс едім.
Екі күннен бері Қорқау Ларсеннің бас ауруы қайта ұстаған. Бұдан ол
қатты қиналды-ау деймін, мені жанына шақырып алып, айтқанымның
бəріне көніп, істе дегенімді түгел істеп, ауырып қалған кішкентай бала
секілді қалай "əлдилесем" де ығыма жығыла беріп еді. Алайда оңалып
кетер түрі жоқ. Менің кеңесім бойынша арақ пен темекіні де қойды.
Осындай жойқын күш иесінің түкке тұрғысыз бас ауруына неге сонша
қиналатынына түсінбеймін, мен үшін бұл тіпті ақыл жетпейтін-ақ дүние.
– Бұл – құдайдың зауалы ғой. Сеніңіз, дəл солай,– дейді Луис маған
кеудесіне қолын қойып.– Қара ниетіне кез болған зауал бұл. Көр де тұр,
ертең бұдан зорғысын көреді.
– Бұдан зорғы не сонда?– деймін мен.
– Оны кезінде көресің. Мынау əншейін құдайдың ескертпесі ғана. Ол
шын қаһарын төгетін күн туады алда. Айтпайын-ақ деп едім, тісімнен
шығып кеткені...
Жоқ, адамдардың бəрімен жақсымын деп мен асығыс айтып қалдым.
Томас Магридж мені бұрынғыдай жек көргені былай тұрсын, жек көрудің
жаңа бір себебін байқатқан. Ол не себеп деп ұзақ-ұзақ бас қатыра келіп,
ақыры оны да таптым ғой əйтеуір: менің бар кінəм – одан артық боп, өзі
айтқандай "джентльмен" боп туғаным екен.
Смок пен Гендерсонның жарақаттары жазылып, енді палуба үстінде
екеуі достық реуіште əңгімелесіп жүрген кезде, мен Луиске қарап:
– Кезекті мəйітті əзірге көре алмай тұрғаным,– дедім əзілдеп.
Луис қулық ұялаған қоңыр көздерін маған сығырайта қадап:
– Асықпаңыз, нағыз дауыл əлі алда. Сол кезде рифтен мықтап ұстаңыз.
Əйтпесе борттың сыртында қалуыңыз мүмкін. Иə, дауыл жақын. Мен оны
көптен бері күтіп жүрмін,– деген кеңк-кеңк күліп.
– Ал сонда бірінші құрбан кім болады?– деймін мен.
– Кім болса да, əйтеуір, менен басқа біреу,– деп күледі ол.– Өзгені
білмеймін, ал өз басым келесі жылы дəл осы уақытта кəрі шешемнің
алдында ыстық кофемді іше-еп отыратынымды ішім сезеді. Байқұс кемпір
бізді қатты сағынды ғой, бес баласын бірдей теңізге жіберу оңай дейсіз бе?
Біздің сөйлесіп тұрғанымызды көріп қалған Томас Магридж кейін:
– Не дейді ана шал?– деген ынтығып.
– Не десін, əйтеуір бірде шешемді көретін де күн туар деп тұр,– дедім
мен сақтықпен.
Ол маған өлеусіреген көзін жасқаншақтай қадап:
– Мен өмірі шешемнің түрін де көрмеген адаммын,– деген жыларман
болып.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Мен өмір бойы əйел затының алақанында өскен адаммын, бірақ қазір
ойласам, ешқашан сол ыстық алақанның қадірін бағалап, қасиетін ардақтап
көрмеппін. Үйде шешем мен апаларым үнемі мені өбектейтін де жүретін,
ал мен олардан қашан да қашқақтай беруші едім. Қалай қашқақтамаймын,
мені олар құдды кішкентай баладай көреді: шешем күні бойы менің
денсаулығымды ойлаумен болады, кабинетте отырып енді жұмыс істей
бастағанда, бөлмеңді жинап берейік деп апаларым жетіп келеді. Жə,
жинасын-ау, бірақ олар кеткеннен кейін ешбір затымды орнынан таба
алмаймын – содан өзім қалыптастырған жұмыстық жүйе бұзылады,
жүйемен бірге жүйкем бұзылады. Ал сосын олардан қашпай көр!..
Шіркін-ай, соның бəрі еркелік екен ғой. Сол ыстық алақандар қазір
менің маңдайымнан сипап, сол ұзын көйлектердің етегі мына жерде
көлбеңдеп жүрсе ғой! Əттең-ай, енді ондай күндер қайда маған. Егер
түбінде сондай күнге жетсем, мен оларды ешқашан ренжітпес едім. Мейлі
таң атқаннан кеш батқанға дейін менің маңайымда үйіріліп жүрсін, мейлі
жұмыс кабинетімді күніне жүз рет тазалап, жүз рет жинасын – мен
жымиып қойып отыра берер едім де, маған осындай мейірбан жандарды
бере салған құдайға мың шүкіршілік айтар едім.
Осы бір сағынышты еске алудың соңы мені тағы бір ойға жетелеген.
Мына кемеде жүзіп бара жатқандардың бəрінің де шешесі бар ғой. Олар
қайда екен? Қалай сағынып отыр екен бұларды? Əйел атаулыдан алыстап
кету қандай қасірет, қандай өкініш! Бұл тіпті табиғат заңына қайшы емес
пе. Бұл жазғандар жыл он екі ай бойы бір əйелдің төбесін көрмейді. Бұдан
соң олар қатыгез болмай кім қатыгез болады. Егер мұндағы əркімнің
шешесі, əйелі, қызы болса, онда олардың жүректерінде жылу, бойларында
адамдық, ойларында жақсылық көп болар еді. Амал не, бұл жағынан бəрі
де тұлдыр. Жылдар бойы бұлардың бірде-бірі əйел махаббатына
бөленбейді, əйел мейіріне қанбайды. Мұндай адамдар жақсылық, махаббат,
шапағат дегендердің не екенін қайдан білсін. Жандары қасаңданып,
жүректері тас болып қалғаны да сондықтан шығар.
Бұл кемеде – тек еркектердің жын ойнағы. Бар ермектері – ұрыс, қағыс,
төбелес – бірін-бірі сойып салу, іреп тастау. Осыларды да анадан туды,
адамнан туды дегенге тіпті сенгім келмейді. Іс-қылықтарына қарап тұрып
мен оларды не адам, не хайуан емес, не ұрғашы, не еркек емес –
тасбақаның жұмыртқасы сияқты бірдемені жарып шыққан əлдебір
мақұлыққа немесе ерекше бір құбылыстың күшімен жаратылған
құбыжыққа ұқсатамын. Бұлар жарық жалғанның əр күнін өстіп иттікпен
өткізеді де, ақыр соңында о дүниеге ит өліммен аттанады.
Осы ойлардың əсерімен кеше кешкісін мен Иогансенмен сөйлесіп
қалғам. Бұл менің осы кемеге тап болғалы бірінші рет онымен жүзбе-жүз
тілдесуім еді. Ол Швециядан аттанған кезде небəрі он сегіз жаста болыпты.
Қазір отыз сегізде, содан бері өз үйін бірде-бір рет көрмеген. Екі жыл
бұрын Чилиде, порттағы бір трактирде, бала күнгі танысын кездестіріп
қалған екен – шешесінің əлі күнге тірі отырғанын тек содан естіп біледі.
– Əрине, қазір сіңіріне сүйеніп əзер жүрген шығар,– деді ол ойға батып.
Сөйте тұрып бір румб ауытқып кеткен Гаррисонды да қырағы көзі шалып
қалған.
– Соңғы рет қашан хат жаздыңыз оған?
Ол күбірлеп есептей бастады.
– Сексен бірінші жылы... Жоқ, сексен екіде ме екен? Əлде сексен үште?
Иə, сексен үшінші жылы. Бұдан он жыл бұрын. Мадагаскардағы бір
кішкентай порттан жібергем. Ол кезде мен сауда кемесінде жүр едім.
Жазбайын, хабарласпайын дегем жоқ,– деді ол құдды мұхит арқылы
алыстағы шешесімен сөйлесіп тұрғандай.– Таяуда өзім де барып қалам ғой,
несіне жазам деп ойладым. Өстіп күндер өте берді. Артынан жылдар. Бірақ
не үйге барудың, не хат жазудың сəті бір келмеді. Фрискоға оралысымен
еңбекақымды алып – бес жүз доллардан кем болмас – бірінші кезіккен
желкенді кемеге жалданам да, Горн шығанағы төңірегіндегі Ливерпульге
жетіп, ол жерден тағы біраз ақша жинап алып, сосын бірден үйге тартып
отырамын. Кəрі шешем сонда екі қолын жылы суға малатын болады.
– Шешең сонда əлі жұмыс істей ме? Жасы нешеде?
– Жетпіске жетіп қалды,– деді ол. Сосын мақтанышпен:– Біздің елдегі
адамдар туғаннан өлгенге дейін жұмыс істей береді. Сондықтан өте көп
жасайды. Менің өзім əлі жүзге келетін болам.
Осы əңгімені мен еш уақытта ұмытпаймын. Өйткені... бұл оның маған
айтқан ең соңғы əңгімесі еді, мүмкін жалпы соңғы сөзі шығар.
Сол күні кешкісін каютаға түсісімен мұнда ұйықтау мүмкін емес деп
түйгем. Түн тымырсық еді. Біз пассат ендігінен шығып бара жатқанбыз.
"Елес" те жылдамдығын бар-жоғы бір узелден асыра алмай тасбақадай
тырбаңдап қалған. Қолтығыма көрпе-жастығымды қыстырып алып,
палубаға көтерілдім.
Гаррисонның жанынан өте беріп, палуба рубкасына орнатылған
компасқа үңілсем, бұл жолы жүргізуші өз бағытынан бақандай үш румбқа
ауытқып кетіпті. Ол ұйықтап қалды ма деп, ұйықтап қалса капитанның
соққысынан құтқарып қалайын деп, ақырын дыбыстап көрдім. Үндемейді.
Көзі болса ашық. Ұйықтамаған сияқты. Алысқа, сонау қарақошқыл аспанға
қадалып қалған мөлдір жанарынан əлдебір мазасыздық байқалатындай.
– Не болды саған?
Ол басын шайқап, терең демалды.
– Бағыттан айырылып қалма,– дедім, өзімше ақыл айтып.
Ол ұйқыдан жаңа оянғандай бірден штурвал құлағына жармасты, компас
тілі жайлап солтүстік-шығысқа бұрылды да, бірнеше сызықтан кейін
қалыпты нүктені ұстады.
Мен одан əрі жылжымақ болып жүктерімді көтере бергенде, кенет
борттың арғы жағынан ербең ете түскен бірдемені көзім шалып қалды.
Əлдебіреудің суға шыланған тарамысты қолы планширге жабыса берді.
Сосын қараңғыдан екінші қол көрінді. Мен аузымды ашып қарап тұрмын.
Беймезгілде теңізге түсіп жүрген кім бұл деймін таңырқап. Кім де болса,
байқаймын, лаглинге жабысып бортқа шыққалы келе жатқан біреу. Сосын...
суы сорғалаған ұйпа-тұйпа əлдебір бас көрінді. Мəссаған! Қорқау Ларсен.
Оң жақ беті айғыз-айғыз қан. Басынан ағып тұрған секілді. Ол болаттай
серпіліп, борттан секіріп түсті. Аяғы палубаға тиісімен: штурвалда кім тұр
екен, о жақтан төніп тұрған қауіп жоқ па дегендей жүргізушіге алақ-жұлақ
қарап қойды. Киімдерінен су сорғалап тұр. Енді ол маған қарай
жылжығанда, неге екені белгісіз, мен еріктен тыс шегіне бердім, көзінен
"ажал" деген сөзді ап-анық көргендей едім.
– Тоқта, Хэмп,– деді ол ақырын.– Көмекші қайда? Мен таңырқап бас
шайқадым.
– Иогансен!– деді сосын оны іздеп.– Иогансен!
Одан дыбыс болмаған соң, Гаррисонға бұрылып:
– Көмекші қайда?– деді даусын сəл көтеріп.
Алғашында абдырап қалған жас матрос артынша бойын тез жиып ала
қойды да, сабырлы жауап қатты.
– Білмеймін, сэр. Жаңа ғана бак жаққа кетіп еді.
– Ол жақта мен де болып келем. Қайдан келе жатқанымды көріп тұрсың
ғой. Сонда қалай болғаны, а?
– Сіз борттың ар жағынан шыққан сияқты едіңіз.
– Мүмкін кубрикте шығар. Барып келейін бе?– дедім мен сөзге
қыстырылып.
Ларсен бас шайқады.
– Сен оны о жерден таба алмайсың, Хэмп. Одан да соңымнан ер, маған
қажетсің. Жүктеріңді осы жерге тастап кет.– Екеуіміз жүріп кеттік. Палуба
үсті тып-тыныш.
– Қарғыс атқыр аңшылар, – деді ол ызалана тістеніп.– Күзетте небəрі
төрт сағат тұрып шығуға шыдамдары жетпейді.
Жарты бакта ұйықтап жатқан төрт матростың үстінен түстік. Капитан
оларды шалқасынан аударып, беттеріне үңілген. Олар палуба күзетінің
жігіттері еді, кеме тəртібі бойынша, бас күзетші мен жүргізушіден
басқалардың ауа-райы ашық кезде ұйықтауларына құқы бар-ды.
– Кім дабылшы?– деді капитан.
– Мен, сэр,– деді Холиок деген егде матростардың бірі.– Көзім жаңа ғана
ілініп еді, сэр. Кешіріңіз, сэр. Бұдан кейін олай болмайды.
– Сен палубадан ештеңе байқай алмадың ба?
– Жоқ, сэр, мен...
Бірақ Қорқау Ларсен сөз аяғын тыңдаған жоқ, матросты ауыз ашқан
күйде қалдырып жүре берді – біреуді ол босқа қалдырады деп кім ойлаған.
– Енді ақырын жүр, сыбдырыңды білдірме,– деді ол маған, кубрикке
түсе бергенде.
Жүрегім дүрсілдей соғып, соңынан ере түстім. Бұған дейін не болғанын
білмеймін, алда не күтіп тұрғаны жəне маған белгісіз. Бірақ бір нəрсенің
басы ашық – тағы да қан төгілгені анық. Қорқау Ларсен бостан босқа борт
сыртында қалмайды. Иогансеннің көрінбеуі – бір жұмбақ.
Бұл менің матростар кубригіне бірінші рет бас сұғуым еді. Жəне бұл
өмір бойы есімнен де кете қоймас. Бұның өзі кеменің тура тұмсық тұсына
орналасқан қуықтай ғана үшбұрышты үйшік екен – Грабетриттегі жарлыжақыбайлардың əдеттегі арзанқол итаркаларынан бір қарыс та үлкендігі
жоқ. Үш қабырға да екі сөрелі төсектерге иін тіресіп тұр. Олардың жалпы
саны – он екі. Он екі адам осы тар қапаста ұйықтайды. Тамақты да осы
жерде ішеді. Менің үйдегі жатын бөлмем де тым үлкен емес, бірақ оған
мынадай үйшіктердің оны сыйып кетер еді.
Бөлменің тынысы тар, ауасы ауыр, көгерген, көңірсіген күлімсі иіс
қолқаны қабады. Төбеде тербеліп тұрған аспалы шамның жарығында
көзіме түскені – қабырғада ілулі тұрған, еденде шашылып жатқан неше
түрлі киімдер: суға киетін етіктер, клеенкадан тігілген сулықтар, мыж-мыж
көйлектер мен шалбарлар – бірі таза, бірі лас. Бірақ бəрі араласып кеткен.
Бұлардың бəрі үйге сүйкенген ағаш бұтақтарының сықыры секілді дыбыс
шығарады. Теңіз беті тып-тыныш болса да, төсеніш астындағы тақтайлар
мен тіреуіш діңгектер шик-шик етеді.
Ұйықтап жатқандар бұның бəріне елең етер емес. Бəрі сегіз адам – түнгі
күзеттен босаған екі ауысым – мына сасыған ауа солардың демімен
жылынып жатқандай; қорылдаған, қырылдаған, ұйқысыраған дыбыстар
естіледі. Бұлар өзі шынымен ұйықтап жатыр ма? Ұйықтаса, қашаннан бері?
Меніңше, Қорқау Ларсеннің білгісі келгені – міне осы. Бұны білу үшін ол
атақты Боккаччоның маған таныс новелласындағы бір қызық тəсілді
пайдалануға кіріскен.
Ларсен баяу шайқалып тұрған шамды қалбырынан алып, маған ұстатты.
Сосын "байқап көруді" оң жақ борттағы бірінші төсектен бастады. Үстіңгі
орында жолдастары Уфти-Уфти деп атайтын, əлде гавайлық, əлде
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Теңіз қорқауы - 09
  • Parts
  • Теңіз қорқауы - 01
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2151
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 02
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2144
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 03
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2277
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 04
    Total number of words is 4218
    Total number of unique words is 2074
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 05
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 06
    Total number of words is 4249
    Total number of unique words is 2189
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 07
    Total number of words is 4149
    Total number of unique words is 2164
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 08
    Total number of words is 4192
    Total number of unique words is 2255
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 09
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2166
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 10
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2158
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 11
    Total number of words is 4129
    Total number of unique words is 2140
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 12
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2015
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 13
    Total number of words is 4188
    Total number of unique words is 2201
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 14
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2098
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 15
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2142
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 16
    Total number of words is 4198
    Total number of unique words is 2108
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 17
    Total number of words is 4226
    Total number of unique words is 2157
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 18
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2094
    37.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 19
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2071
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 20
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2029
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 21
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2129
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 22
    Total number of words is 4195
    Total number of unique words is 2097
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 23
    Total number of words is 2480
    Total number of unique words is 1428
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.8 of words are in the 5000 most common words
    61.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.