Latin Common Turkic

Теңіз қорқауы - 06

Total number of words is 4249
Total number of unique words is 2189
35.3 of words are in the 2000 most common words
49.3 of words are in the 5000 most common words
57.7 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
басқаларды қалай сойып салса, мен де оны аямай ішек-қарынына дейін
аршып, ақтарып салдым. Мойындаймын, мен бұл жолы тым қаттырақ
кеткем. Ақымақ басым, айтқанның жөні осы екен деп, оның соңғы шыдамы
таусылғанша бас-көз демей сөзбен шықпырта беріппін, шықпырта
беріппін. Бір кезде оның жүзі күреңітіп, көзі қызарып шыға келген. Бұл
көзді енді ақыл, сана, ұстамдылықтан көрі тек адам танымас ашу ғана
билеп алып еді... Бір сəт мен ауыз ашып үлгіргенше, ол ышқына секіріп
келіп, білегімнен шап беріп ұстай алған. Мен де іле-шала ес жиып, денемді
діріл билеп тұрса да, шарасына сыймай шатынап тұрған көздерге тіке қарай
қалдым. Алайда оның алапат күші менің сағымды бірден сындырып
жібергендей болды. Сығымдай қысқан темір қолдың шеңгелі білегімді
қатты қысқаны соншалық, жан даусымның қалай шығып кеткенін өзім де
сезбегем. Аяқтарым бұралып, денем тəлтіректеп кетті. Қолым қазір бытырбытыр сынатын шығар деймін.
Ларсен кенет ес жиып ала қойды да, мені мазақ қылғандай мырс-мырс
күліп, қолымды қоя берді. Мен əлім құрып, еденге етбетімнен түстім, ал ол
сигарын тұтатып, тышқан аңдыған мысықтай маған ұзақ қарап тұрды.
Жерде екі бүктетіліп жатқан мен оның көзқарасынан өзім бұрын талай рет
байқаған əлдебір таңданыс пен мазасыздықты байқадым. Құдды "осы мен
не істеп қойдым, бұның бəрі не үшін керек?" деп, өз сұрақтарына өзі жауап
бере алмай тұрған секілді еді.
Аяғымнан əзер тұрып, трапқа қарай беттедім. Енді маған камбузге қайта
барудан басқа ештеме қалмаған – Луис айтқан "ашық күндерімнің біткені
осы еді. Сол жақ қолымнан жан кетіп қалғандай, бірнеше күн бойы оны
көтере алмай жүрдім, көпке дейін шаншып, сыздап ауырғаны да
басылмады. Бұл тек Ларсеннің қаттырақ ұстап, қысып жібергенінен ғана.
Əйтпесе ол қолымды не бұрап, не бір нəрсемен ұрып жіберген жоқ-ты.
Сол сəтте мен қандай дүлей күштен аман қалғанымды тек ертеңінде ғана
білдім. Таңертең камбузде картоп тазалап отыр едім, күтпеген жерде ішке
кіріп келген ол кешегі қылығын жуып-шайғысы келгендей:
– Қолыңыз ауырып қалған жоқ па? – деген маған сынай қарап.
– Бұдан да зорғысын көруім мүмкін еді,– дедім ащы мырс етіп.
Ол ештеме деген жоқ, тек қолына тазаланбаған жұдырықтай бір
картопты алды да, оны сығымдай ұстап қысып қалды. Картоп жұмыртқадай
бырқ етті. Сосын "байқаған шығарсыз" дегендей маған сығырая қарап,
саусақ арасынан былжырай аққан аппақ сөлді бір уыс қара қабықпен қоса
шелекке сілкіп тастап, жүре берді. Кешегі күні құдай мені бір сұмдықтан
сақтаған екен деп, тəубамды үйіріп мен қалдым.
Алайда Қорқау Ларсеннің жанында болған сол үш күнде мен біраз күш
жиып, тəп-тəуір əлденіп алғам. Аяқтарым демалып, ісігі қайтып, ең
бастысы, өткен жолы шығып кеткен тіземнің ұршығы қайта орнына түсіп
еді. Дегенмен, өзім күні бұрын сезгендей-ақ, рақатын көрген бұл үш күннің
кейін бейнетін де аз көрмегем. Томас Магридж маған мүлде қырсығып
алды. Оның алдында отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым. Орынсыз
кемітеді, жөнсіз тиіседі, əйтеуір, мені қалайда қорлап қалуға тырысады.
Бірде тіпті жұдырығын ала жүгіргені бар. Бұл уақытта менің жүйкем де
үзілгелі шақ жүрген, ышқына айқайлап, мен де тұра ұмтылдым оған. Ол
менен дəл мұндай ашу күтпесе керек, бірден жүні жығылып сала берді.
Мына мен, Хэмфри Ван-Вейден, сол сəттегі түрімді елестетсем, əлі күнге
дейін қарадай қысыламын. Қалай қысылмаймын, мына көрініске
қараңызшы: сасық камбуздің бір бұрышында бүкірейіп мен отырмын,
қолым – жұмыста, көзім – кокта. Ол жексұрын жұдырығын түйіп алып,
маған ұмтылып келеді. Ал мен бөріні көрген иттей жүнім тікірейіп, көзім
қызарып, тісімді шықырлата түсемін. Бірақ бойымнан əлдебір дəрменсіздік
пен үрей де сезіледі. Ал осы қайбір жетіскен көрініс дейсің. Бұл жерде мен
нағыз еркектен көрі долы қатынға көбірек ұқсап кеттім бе деп қорқамын.
Тек, əйтеуір, жұдырықтан аман қалғаным ғана көңілге медет.
Сонымен Томас Магридж маған төніп келіп, тайқып кеткен. Бірақ,
қапысын тауып қалайда менен өш алғысы келгені оның ұшқын атып тұрған
көздерінен анық байқалып еді. Жасырары жоқ, менің де кеудеме кек қатқан.
Енді екеуіміз бір тордың ішіне қамаған екі жыртқыш секілді түбінде бірбірімізді жемей тынбайтынымыз белгілі боп қалып еді. Əрине, ол мені
бірден құртып жіберуге шамасы жетпейтінін сезген. Сезген де өш алудың,
қорқытудың басқа бір амалын іздеп тапқан. Камбузде көптен пайдаланып
келе жатқан бір ескі пышақ бар еді. Ескі болғанмен түрі тым қорқынышты
еді бəтшағардың. Оны өзім алғаш ұстаған кезде, жүрегімнің шым ете
қалғанын əлі күнге ұмыта алмаймын. Міне енді қанжардай ұзын қара
пышақты Магридж күндіз-түні қайрауға кіріскен. Басқа жұмыстан қолы
қалт етсе болды, оны тізесіне қойып алып, қайрай береді, қайрай береді.
Қайрап отырып, маған алакөзімен қарап қояды. Сосын тағы қайрайды. Бір
мезет онымен сақал-мұртын қырып көреді де, "осының бір жері өтпей тұрау" дегендей алмастай өткір жүзін бармақ басымен сыйпап-сыйпап алып,
жəне қайрайды. Қайрап отырып, тағы маған көз салып қояды. Ақыр
соңында бұл менің күлкімді келтірген – қалай десеңде, бұнысы енді ақылға
сыймайтын дүние еді.
Алайда бұның ақыры жақсылыққа əкелмеуі əбдсн мүмкін болатын. Сəті
келгенде кок мені осы пышақпен кез келген сəтте жайратып салуға əр кезде
дайын тұрған. Бұны ол батылдықпен емес, менен шын мəнінде
қорыққанынан істейтінін мен жақсы түсінгем.
Көп өтпей-ақ матростар арасында: "Магридж Хэмпке пышағын қайрап
жүр екен" деген сөз тарап кеткен. Бұған біреулер күлген, біреулер кокты
мазақ еткен. Бірақ мазаққа мəн берген Магридж жоқ, жымысқы бір
жымиыспен бас шайқап қойып, пышағын одан əрі қайрай түскен. Ол өстіп
не істесем де өзім білем деп жүрер берер ме еді, кім білсін, бір күні бұл іске
Джордж Лич араласпаса...
Бұл Лич коктың капитанмен карта ойнынан кейін оны "теңіз суымен
сыйлағандардың" бірі еді. Ал оның капитан бұйрығын қалай əдемі
орындағанын кок əрине ұмытқан жоқ-ты. Ұмытпағанының дəлелі ғой, Лич
оған дөрекілеу бір қалжың айтып еді, ол оны əке-бабасынан түсіп бір-ақ
сыбаған. Өз кезегінде Лич те оны түп-тұқиянынан қайырғанда, ол оған
пышағын жалаңдатып тұра ұмтылып еді. Сөйтіп... біз ес жиып үлгіргенше,
қас пен көздің арасында, Личтің қылшықты білегі қызыл қанға боялып
қалды. Кок сосын арта қарай секіріп түсіп, қорғаныс үшін пышақты
көлденең ұстай қойды. Бірақ Лич қолынан қаны сорғалап тұрса да оған
қарсы ұмтылған жоқ, тек тістеніп тұрып:
– Тоқтай тұр, əлі екеуіміз есептесетін боламыз, – деді. – Жақсылап
тұрып есептесеміз. Мен қазір асықпаймын. Сенің де қолыңнан пышақ
түсетін кез болады. Сонда білесің Личтің кім екенін!
Ол осыны айтты да, бұрылып жүре берді. Магридж оның кектеніп
кеткенін білді, не істеп қойғанын енді ғана түсінгендей жүзі бозарып сала
берді. Бірақ оның маған деген тіс қайрауы бұдан кейін тіпті өрши түспесе,
бір дем де басылған жоқ. Ол өзіне тағы бір жау тапқанына қарамастан
жаңағы оқиғаның маған үлкен сабақ болғанын түсініп, бұрынғыдан да
есіре түссін. Оның үстіне бір рет қан шығарып көрген қараниеттің тағы да
соны аңсап тұратынын мен де жете түсінгем. Мұндай кездегі адамның жан
күйзелісі қаншама күрделі болса да коктей жексұрынның бүкіл ішкі
табиғаты маған айнадағыдай ап-анық еді, – мен оны ашық жатқан кітаптың
бетіндей судыратып оқыр едім.
Күндер өте берді. Пассаттың ығымен "Елес" те бұрынғыдай ақ көбікті
бұрқылдатып, алға қарай зулай берді, ал мен осынау күндері тек Томас
Магриджді бақылаумен болдым. Оның көздерінде өшпенділік оты күн
сайын өрши түскен. Жасырары жоқ, менің бойымды үрей билей бастаған,
иə, сұмдық үрей билеген. Қалай үрейленбейсің, ол əдеттегідей пышағын
қайрай береді, қайрай береді. Өткірлігін бармақ басымен байқап алып,
маған қарайды. Қараған кезде көздерінен қып-қызыл оттың ұшқыны
білінеді. Сондай сəтте алдымнан өзімді жемей қоймайтын жыртқышты
көргендей боламын. Одан əбден қорыққаным сондай, тіпті есіктен тура
алдыммен шығудан да қалғанмын – оған сəл-пəл ту сыртымды берсем, қара
пышақ арқамнан сарт ете қалатындай боп тұрады. Бұны сырттай байқап
жүрген матростар мен аңшылар мырс-мырс күлетінді шығарған. Осындай
азап пен мазақтан мүлде шаршағаным шығар, кейде өзімді жындана
бастағандай сезінем. Бірақ маңайымда ылғи да жындылар мен
жыртқыштар жүрген кезде, маған бір сəт те өзімді жоғалтуға болмайтын
еді. Өйткені кез келген мезетте менің өмірім қыл ұшынан қиылып кетуі
мүмкін-ді. Өстіп тағдырым тығырыққа тірелген уақытта бұл кемеде мені
түсінген, маған қол ұшын созған бір адам табылсашы. Кейде бар
жағдайымды айтып, Қорқау Ларсеннен көмек сұрағым келеді, бірақ оның
мысқылға толы көздері мен өмірге деген, өзгеге деген жеккөрінішті пайымтүсініктері мені еріксіз тежей түседі. Кейбір күндері тіпті өзімді өзім
өлтірсем бе деп те оқталам, алайда артынша ес жиып алам да, қараңғы
түннің бірінде борттан секіріп кетпес үшін бар күш-қуатымды жинақтауға
тырысамын.
Қорқау Ларсен мені бірнеше рет тағы да пікір таласқа тартқысы келген,
бірақ мен салқын ғана жауап беріп, одан қашқақтай түстім. Ақыр соңында
ол маған қайтадан кают-компанияға қызмет етуді бұйырды да, камбуздегі
менің жұмысымды түгелдей кокке тапсырған. Мен осы орайды
пайдаланып, кок екеуіміздің арамыздағы жағдайды, оның маған неге өшігіп
алғанын, өткен жолғы үш күндік демалыстың ақыры өзіме бəле болып
жабысқанын, бəрі-бəрін оған жасырмай жайып салдым.
Ол маған кекесінмен көз салған.
– Сонымен сіз одан қорқады екенсіз ғой? – деді сосын.
– Иə, – дедім мен мойындап,– өте қорқамын.
– Міне сіздер барлықтарыңыз осындайсыздар,– деді ол өкінішті
сыңайда. – Өз өмірлеріңіз туралы қайдағы бір миға қонбас бірдемені
былжырайсыздар. Сіздер үшін өмір – мəңгі, жан – мəңгі. Сөйте тұра
өлімнен қорқасыздар! Ал əлдебір ақымақтың, қорқақтың қолынан пышақ
көргенде, жаңағы сандырақтың бəрі естеріңізден шығып, өмір-өмір деп зар
илейсіздер. Қалай сонда сіздер мəңгілікке сенесіздер, а? Өздеріңізше –
құдайсыздар, ал құдайды өлтіруге болмайды. Демек кок та, сізді өлтіре
алмайды, өйткені сіз қайта тірілуге сенесіз. Ендеше неден қорқасыз?
Иə, сіздіңше, өмір – мəңгілік. Мəңгілік өмір алдында сіз миллионерсіз,
жəне қазына-байлығыңыз аспандағы жұлдыздан да қисапсыз, уақыт пен
кеңістіктен де шексіз. Сіз өзіңіздің осынау бай капиталыңызды қалай болса
солай шаша алмайсыз. Мəңгілік өмірдің басы да жоқ, аяғы да жоқ.
Мəңгіліктің аты мəңгілік, сіз бұл фəниде өлгенмен о дүниеде, бақида мəңгі
жасайсыз. Бұл неткен керемет – жаныңыз тəннен құтылып, еркіндікке,
мəңгілікке самғайды! Кок сізді өлтіре алмайды. Ол тек сізге мəңгілік өмірге
жолдама ғана береді.
Ал сіз əзірге о жаққа барғыңыз келмесе, кокты неге өз орныңызға жібере
салмайсыз? Сіздің өмір танымыңыз бойынша кок те мəңгілік ғұмырдың
миллионері ғой. Ендеше сіз қалайша оны банкротқа отырғызып кетесіз.
Оның акциясы əрқашан да альпариде сақталуы керек. Сіз оны өлтіргенмен
өмірін қысқарта алмайсыз, өйткені ол өмірдің басы да, аяғы да жоқ. Қай
жерде, қандай жағдайда да бұл адам мəңгі өмір сүре береді. Олай болса,
оны ойланбай-ақ о дүниеге аттандырып жіберіңіз. Кеудесіне пышақты сұға
салсаңыз болғаны, жаны еркіндікке ұша жөнеледі. Ал қазір бұл жан сасық
кеуде, тар қапаста тұншығып жатыр, оны босатып жіберсеңіз – сауабын
аласыз. Иə, ойланбаңыз, кокке пышақты аямай салыңыз, мен сізді сосын
оның орнына қоямын. Айлығыңыз – қырық бес доллар, бұл аз ақша емес!
Жоқ, Қорқау Ларсеннен ешқандай қайыр да, үміт те күтуге болмайды
екен. Енді тек өзіме ғана сенуім керек, өзімнің қажыр-қайратым мен рух
күшім ғана мені аман сақтап қалады мына кемеде. Мен осы ойға бекідім де,
Томас Магридж менімен қандай қару арқылы күрессе, мен де сондай
қарумен күресуді ойлап, Иогансеннен егеу, қайрақ сұрап алдым.
Шлюпкалардың бірінде жүргізуші болып істейтін Луис бірде маған
қалбырдағы сүт пен біраз қант тауып беруді өтінген. Бұл тағамдар
сақталатын қойма кают-компанияның едені астында орналасқан еді.
Ыңғайы келген сəтте бес қалбыр сүтті одан алып шығып, Луис күзетте
тұрған кезде апарып бердім де, одан дəл Магридждің пышағы секілді, бір
жағынан шолақ қанжарға ұқсас жалпақ темір əрі ұзын, əрі үшкір білік
сұрап алдым. Бірақ қырлары майырылып, бетін тот басып қалған екен,
Луис екеуіміз оны қалыпқа келтіріп алдық: Луис шарықты айналдырып
тұрды да, мен темірдің жан-жағын қайрап, жүзін пышақтай етіп өткірлеп
алдым (Сонымен ол дайын қанжар болып шыға келіп еді). Сөйтіп бұл күні
түнде əдеттегіден əлдеқайда жақсы ұйықтап шықтым.
Таңертең, тамақтан кейін Магридж тағы да пышағын қайрауға кіріскен.
Құлағымда баяғы ызың: чирк, чирк, чирк... Мен оған үрейлене көз салып
қоямын, өйткені осы мезетте еңкейіп пештің күлін алып жатыр едім.
Есіктен шегіншектеп шығып, күлді борт асыра төгіп келдім; бұл уақытта
кок Гаррисонмен əңгімелесіп отыр екен,– матростың аңқау да қарапайым
жүзінен əлденеге қатты таңданғаны байқалады.
– Солай!– дейді Магридж. – Солай болған!.. Бұдан соң сот маған қандай
шешім шығарды дейсіз? Екі жыл. Рэдинг түрмесіне. Бұған менің түкіргенім
бар, есесіне аузын қан жалаттым ол жексұрынның. Сен оны көрсең ғой!
Пышақ тура осындай еді. Майға кіргендей жылп ете түскен. Ал ол қалай
шыңғырды дейсің! Ондай керемет көріністі театрдан да көрмейсің! – Кок
анау естіп тұр ма дегендей маған қарап қойған да, əңгімесін əрі жалғаған. –
"Мен сені ренжітейін деген жоқ едім, Томми,– дейді ол мұрнынан суы
ағып,– өтірік айтсам, құдай атсын мені!" – "Ə, бұл саған аз екен ғой əлі,
көрсетейін ендеше!" – деймін де, оған оңды-солды қолымды сілтеймін
келіп. Сөйтіп бетін айғыз-айғыз тіліп салғам оның, ал ол болса шошқадай
шыңғырады дейсің. Сосын... сосын бір кезде пышағымды шап беріп ұстай
алған – мен оны жұлқып тартып қалғанда, қолынан қара қан бұрқ ете
түскен. Сондағы түрін көрсең ғой оның!
Əр сөзінен қан иісі аңқыған бұл əңгімені көмекшінің даусы үзіп жіберді
де, Гаррисон корм жаққа жүгіре жөнелді, ал Магридж камбуздың биік
табалдырығына отырып, тағы да пышағын қайрауға кірісті. Осыны
күткендей-ақ қолымдағы қалақты тастай салып, əлгі Луис екеуіміз жасап
алған қанжарды үстел астынан суырып алдым да, көмір салатын жəшіктің
үстіне отырып, мен де оны қайрай бастадым. Көріп отырсың ба дегендей,
Магриджге қарап қоямын. Көріп отырмын дегендей ол да маған қабақ
астынан көз салады. Бірақ, бір қызығы, түрінен не таңданыс, не қорқыныш
білінбейді – ештемеге алаңдар түрі жоқ, бар зейіні пышақта ғана. Өстіп
екеуіміз қарама-қарсы отырып алып, біріміз пышақты, біріміз қанжарды екі
сағат бойы қайрадық. Екі сағатта бұл сұмдық туралы бүкіл экипаж
хабардар болып үлгірген де, артынша камбуз іші аңшылар мен матростарға
лық толған. Бəрі бізді қоршап тұр. Тегін тұрған жоқ, бізді бір-бірімізге
айдап салып, қолтығымызға су бүркіп, "бірің өліп, бірің қал" деп тұр. Тіпті
ең жуас, ең үндемес деген Джон Хорнер атты аңшының өзі маған:
қанжарыңды қабырғадан емес, іштен сал, салған кезде бірден суырып
алмай, испандарша бұрап жібер, деп қояды. Ал Лич жаралы қолын менің
көзіме тақап тұрып: "Мынаның кегін өзім алайын, маған да Магрижден
бірдеме қалдыр" дейді жаныға түсіп. Қорқау Ларсен болса, жарты юттың
жанынан өтіп бара жатып, өзі айтатын "ашытқы" үшін жан алысып, жан
беріскелі жатқан бізге бірер мəрте көз салған да, кете барған.
Жасырмаймын, сол мезетте өмірдің құны мен үшін тым күмəнді
көрінген. Иə, оның адам қызығатындай ешбір мəні де, сəні де жоқ еді,–
əншейін бір екіаяқты екі мақұлық бір-біріне қарама-қарсы отырып алып,
қолдарындағы шарболаттарын тасқа егей берсе, ал адам деген сиқы ғана
бар қалған қара тобыр бұларға жаныға, сүйсіне қарап тұрса – бұл жерде
өмірдің қандай құны болуы мүмкін! Бұл қара тобырдың қақ жартысы тек
қана қан тілеп тұрғаны анық еді. Олар үшін бұл бір таптырмас тамаша еді.
Жəне мен ойлаймын, егер біз өмір үшін (өлім емес) айқаса кетсек,
бұлардың бірде-бірі бізді айырып алуға ұмтылмас та.
Екінші жағынан, бұның бəрі ақымақшылық қой. Тіпті балалық десе де
болады. Сенбесеңіз, қараңыз: кешегі əдебиетші, ел таныған жазушы
Хэмфри Ван-Вейден камбузде қанжарын қайрап отыр... чирк, чирк, чирк...
Қайрап отырып, қанжар жүзін бас бармағымен сипап-сипап қояды – ал, өз
көзіңізге сеніп көріңіз! Менен мұндайды кім күтер еді. Олар үшін мен
қашан да "үлбіреген ақ саусақ" едім ғой. Енді сол "үлбіреген ақ саусақ"
қанжар қайрап, кісі өлтірмек боп отыр. Бұған басқаны қойып, Хэмфри ВанВейденнің өзі сенер ме екен. Міне қайда масқара!
Дегенмен іс тым насырға шаппай аяқталып еді. Арада екі сағаттай уақыт
өткеннен кейін Томас Магридж пышағы мен қайрағын былай алып қойып,
маған қолын созған.
– Мына хайуандарды мəз қылып қайтеміз,– деді ол. – Біз екеуміз бірбірімізді бауыздап тастағанша бұлардың көңілі көншімейді. Сен жігіт
екенсің, Хэмп! Өзің айтқандай жүрегіңде отың бар жігіт екенсің! Рас айтам,
риза болдым саған! Келші маған, əкелші қолыңды, Хэмп!
Мен өзімді қандай қорқақпын десем де, мынаған қарағанда батыр
сияқты сезіндім. Мүмкін содан ба, əлде шынымен көңілімнің қалғаны ма,
жалпаң қағып оның қолына жармаса түсуді артық көрдім.
– Жарайды, қолыңды бермесең бермей-ақ қой,– деді ол ренжімеген
сыңай танытып. – Сен бəрібір мықты жігітсің! – Сосын өзінің жүні
жығылып қалғанын білдіргісі келмей, қарап тұрғандарға дүрсе қоя берген.
– Кетіңдер əрі! Жоғалтыңдар көздеріңді бəрің!
Бұл аздай қолына қайнап тұрған қазанды көтеріп алып тұра ұмтылып
еді, қызықтаушылар жапа-тармағай есікке қарай қашқан. Бұнысына өзі де
риза болғандай, өйткені менен жеңіліп салы суға кетіп тұрғанда,
біреулердің өзінен қашқаны оған əжептəуір демеу болған секілді.
Дегенмен, сақтықты да ұмытқан жоқ – аңшыларды айналып өткен.
– Коктың күні бітті,– деді Смок, Хорнерге қарап.
– Дұрыс айтасың,– деді ол. – Бұдан былай ол Хэмптің алдында артын
қысып жүретін болады.
Бұны естіп тұрған Магридж мен жаққа ұрлана қарап қойды, бірақ мен
оны көрмегендей, ештеме естімегендей болдым. Өз жеңісіме тым
масаттанғам да жоқ, алайда шыққан биігімнен енді қайта түскім де
келмеген. Дегенмен, Смоктың айтқаны келген де. Бұл күннен кейін кок
менен неғұрлым алыс жүруді жөн көрген, кейде тіпті жағынып қалғысы
келетінін де байқаймын. Мен оны бұрынғыдай "мистэр", "сэр" дегенді
қойдым, картоп тазалап, ыдыс-аяқты да жумаймын. Тек өзіме тиесілі
жұмысты ғана істеймін де, жүре беремін. Қанжарым белдігімнен түспейді –
оны ылғи кортик сияқты тағып жүремін. Ал Магриджбен тəкаппар да өктем
түрде сөйлесемін, кейде жекіп, ұрсып тастайтын да кезім бар.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Менің Қорқау Ларсенмен жақындығым арта түсіп еді. Бірақ бұл
"жақындықтың" мырза мен малай арасындағы немесе, бұдан да көрі,
кароль мен қылжақбас арасындағы жақындықтан (бұндайды егер
"жақындық"дейтін болсақ) ешқандай айырмасы жоқ-ты. Шындығында, мен
оған алданыш қана едім, үлкен адам баламен қалай ойнаса, ол да менімен
солай ойнайтын. Менің міндетім – оны көңілдендіру, онда да оның бар
жағдайы дұрыс болып, өзі көңілді жүргенде ғана. Ал менен де жалығып
кетсе немесе көңіл күйі болмаса, мен бір-ақ сəтте кают-компаниядан
қуылып, камбузге топ ете түсемін. Əйтеуір, əзірге одан аман-сау құтылып
жүргеніме де шүкір деймін.
Мен оның соншалықты жалғыздық кешіп жүргенін түсіне бастадым.
Бүкіл шхунада одан қорықпайтын да, оны жек көрмейтін де ешкім жоқ. Дəл
сондай-ақ оның да ұнататын бір адамын таба алмайсың. Бар қасірет оған
құдайдың үйіп-төгіп бере салған артық күшінде ме деймін. Сол күшін ол
кімге жұмсарын білмей дал сияқты. Бұл жағынан ол аруақтар əлеміне
қуғындалып кеткен Томминсонның тəкаппар Люциферіне ұқсар еді.
Жалғанда жалғыздықтан қиын не бар, Ларсенде бұл өзінің баяғы
шыққан нəсіліне тəн уайымшылдықпен астасып кеткен еді. Мен оны білген
сайын байырғы скандинавиялық аңыздарды жақсы түсіне бастағам.
Құдайлардың мына сұмдық əлемін қолмен жасаған аққұба өңді, ақсары
шашты жабайылар кезінде қандай материалдан тоқылса, бұл адам да дəл
сондай материалдан тоқылған ғой.
Онда латындық нəсілге тəн жеңілтектіктің титімдей де нышаны
сезілмейді. Оның күлкісі тек мысқылға толы юмордан тұрады. Бірақ сирек
күледі. Көбінде мұңға батып жүреді. Осы мұңның өзі де түп тамырымен
баяғы нəсілдік тегінен белгі беретіндсй. Бұған ол бабалардан қалған мұра
іспетті. Ойға шырмалған бұл уайымшылдық оның халқын терең ақылға
жетелеген, бойларына асқан кірпияздық пен асқақ адамгершілік дарытқан.
Бірақ, шын мəнінде, бұл уайымшылдықтың түпкі тегі дінде, оның
ішіндегі изуверлік формада жатыр еді. Алайда Қорқау Ларсенге бұл да
жұбаныш бола алмаған. Өйткені оның доғал материализміне бұл қайшы
келетін. Сондықтан өзін сары уайым басқан кезде, одан шығар жолды ол
қара күшпен табатын. Егер бұл адам тым қорқынышты болмаса, мен оған
кейде аяй қарар ма едім, кім білсін. Ал оның аянышты кездері жиі болып
тұратын. Бұған бір ғана мысал айтайын. Бұдан үш күн бұрын мен оның
графиніне су құйып қояйын деп, каютасына кірсем, ол екі қолымен басын
сығымдай ұстап, қатты қиналып отыр екен. Менің кіргенімді көрген де
жоқ. Байқаймын, екі иығын құрыстыра қысып, қалайда дыбыс
шығармайын деп, тістене түседі. Тегі бір жері қатты ауыратын секілді. Мен
сыбдырымды білдірмей каютадан шыға бергенімде, оның "О, құдай! О,
жаратқан ием!" деп, қыстыға күбірлегенін естіп қалдым. Бұнысы, əрине,
Құдайға сиынғаны, Жаратқанға жалбарынғаны емес, қиналған сəтте кез
келген адамның аузынан шығатын сөз ғой.
Түстік кезінде ол аңшылардан: "Сендерде бас аурудың бір дəрісі бар
ма?" деп сұраған. Тегі олардан мұндай дəрі табылмады-ау деймін, кешке
қарай ол кают-компанияның о бұрышы мен бұ бұрышы арасында жаралы
арыстандай аласұрып еді.
– Мен еш уақытта ауырып көргем жоқ, Хэмп,– деді ол, мен оны каютаға
сүйеп апарған кезде. – Тіпті бұрын бас сақинасы дегеннің не екенін
білмеуші едім, ал енді мына пəленің қайдан пайда болғанын түсінбеймін.
Бұл ауру үш күн бойы оның жанын қоярға жер тапқызбаған. Бірақ ол
ешкімге салмағын салған жоқ жəне ешкімге мұңын да шақпады. Ауруды
осылай көтеру тек жабайы андарға тəн шығар. Не бұл теңізшілер арасында
қалыптасқан салт болуы да мүмкін.
Бірақ бүгін таңертең каютасын жинастыруға кіргенімде, ол əдеттегідей
сергек, жып-жинақы отыр екен. Өзі бір қызу жұмысқа кірісіп кетіпті.
Үстелі мен төсегінің үсті əр түрлі есеп, сызба қағаздарға лық толған.
Қолына бірде циркуль, бірде бұрыш ұстап, табақтай калька қағазға əлдебір
сызбаларды түсіріп жатыр.
– Ə, Хэмп екенсің ғой! Сəлем!– деді ол. – Мына бір шатпақты қазір ғана
бітіріп едім. Қалай шыққанын көріп жіберіңізші?
– Бұл не сонда?
– Бұл теңізшілер жұмысын жеңілдетуге арналған жоба. Бұны іске
асырса, кеме жүргізу де баланың ойыншығындай боп қалады,– деп ол
көңілдене сөйлей жөнелді. – Енді ылғи да есеппен бас қатырып отырудың
түкке де қажеті жоқ. Тіпті тұманды түндердің өзінде, аспанда бір жұлдыз
көрінсе болды, қай жерде келе жатқаныңды бірден білесің. Міне, қараңыз!
Мен мына сызбаны аспан əлемі картасының үстіне қоямын да, ендіктерге
келтіріп алып, оны солтүстік ендік бойымен айналдырамын. Калькада
шеңбер биіктігі мен пеленг10 сызықтары белгіленген. Мен кальканы
жұлдыздар бойынша орналастырам да, оны карта шетіндегі сандарға
жеткенше айналдырамын. Сонымен бітті! Кеменің нақты тұрған жері –
осы!
Ол бұны масаттанып тұрып айтты. Айтқанда, көздері ұшқын атып
тұрды. Бұл көздер бүгін көк теңіздей көкпеңбек еді.
– Сіздің математикадан да мол хабарыңыз бар екен ғой,– дедім мен. –
Қай жерде оқыдыңыз?
– Өкінішке қарай, еш жерде,– деді ол. – Мен бəрін де өздігімнен
үйренгем. – Сосын тағы:
– Ал сіз қалай ойлайсыз?– деді. – Бұны мен не үшін ойлап таптым?
"Сусыма құмда" із қалдырғым келді ме? – Ол қарқ-қарқ күлді. – Жоқ, мүлде
олай емес. Əншейін патент үшін. Бұны сатып, ақшама ақшамды толтырып,
басқалар ит болып жұмыс істеп жүргенде, мен өз иттігімді жасап жүре
берсем деймін. Міне, менің мақсатым! Дегенмен бұл жұмыс маған аз
қуаныш та сыйлаған жоқ.
– Шығармашылық қуаныш,– дегенді мен қыстырып қойдым.
– Бəлкім, солай деген де жөн шығар. Өмірден қуаныш, лəззат табудың
бұдан басқа да амалдары көп қой. Мəселен, өлілерді көріп, тірі жүргеніңде
қуану, материяның мəңгілік қозғалысын сезіп қуану, бойыңдағы
ашытқының божып, көпіріп, саған қуат беріп тұрғанына қуану дегендей.
Мен қолымды бір сілтеп, төсекті жинауға кірістім. Оның сүйекке сіңді
материализміне бұдан артық қарсылық білдіруге мен дəрменсіз едім. Ол да
осымен əңгіме бітті дегендей сызбасымен айналысып кетті. Ал сызбасы өте
нəзік жұмыс еді. Əрбір сызығы мен өлшемі соншама дəлдік пен ептілікті
қажет ететін мұндай жұмысты мынадай қара күштің иесі қалай істейді екен
деп қайран қаласың.
Төсекті жинап болып, мен оған ұрлана көз салып қойдым. Сөз жоқ, ол
тым келісті жігіт еді. Нағыз ер тұлғалы азамат деп осындайды айтса болар.
Оның осы бет жүзінде ешқандай бір иттіктің, бұзықтықтың белгісі жоқ
екеніне менің көзім тағы да жете түскендей. Мұндай адамның қолынан
мысқалдай жаманшылық келмейтініне тіпті бəс тігуге болар еді. Бірақ мен
періден періште жасағым жоқ, тек мына ақиқатты алға тартқым келеді: ең
бастысы, ол – ұят дегенді ешқашан ескермейтін адам немесе мүлде ұяты
жоқ адам. Меніңше, осының соңғысы дұрыс. Ол – іздесең таптырмайтын
нағыз атавизмнің үлгісі – оның миға қонбас кейбір тұрпайы қылықтарын
бұдан мың-миллион жыл бұрын өмір сүрген, адамдық, адамгершілік атты
ұғымдар түйсігі тұрмақ түсіне де кірмеген баяғы жабайы адамдардың
тірлігімен ғана салыстыруға болар еді. Құдды ол мың-миллион жылдардан
кейін қайта туған солардың соңғы тұяғы секілді. Демек оны моральдық
жағынан азған деуден гөрі жалпы мораль туралы түсініктен жұрдай деген
жөн.
Рас, оның бет-жүзінде нағыз еркекке тəн көркемдік бар. Сақал-мұртын
ылғи да мұнтаздай етіп қырып жүреді. Бетіндегі əрбір сызығы тастан
қашалған оюлы мүсіндей ап-анық көрінеді. Теңіздің тұзды суы мен күннің
өткір сəулесіне əбден қаныққан өңі қоладай қоңырқай тартып, онысы сұлу
жүзіне ерекше шырай беріп тұрады. Табиғаттың дүлей күштері өз қолымен
сомдаған табиғи түр, тағылық болмыс дəл осындай-ақ болар. Қалыңдау
еріндері нақты кескінделген, тіпті айқын десе де болады. Мұндай пішін
əдетте жұқа еріндерге тəн ғой. Тура осылайша кескінделген бұғағы мен
мұрнынан жəне жақ сүйектерінен тек еркек кіндіктіге ғана бітер сұстылық
сезілер еді. Имектеу мұрны қыран тұмсығын еске түсіреді – мұнда да
жыртқыштық пен өктемдік иісі бар. Бұны гректік мұрын деу артық –
өйткені одан кесектеу, ал римдік дейін десең – тым жинақы. Ал, жалпы
бетін тұтастай алғанда, одан қаталдық пен жойқын күшті көргендей
боласың, бірақ онда берік ұялап жатқан сары уайымның салқын сызы езу
тұсындағы қос сызық пен маңдай əжімдерін тереңдете түсіп, бүкіл бет
пішініне əлдебір айбын беріп тұратынын жəне байқайсың.
Сөйтіп мен Ларсенге ұрлана қарап тұрып-ақ оны біраз зерттеп алған
жайым бар. Бұл адамды неге сонша терең білгім келгенін мен тіпті өзім де
түсінбеймін. Бірақ білгеннің үстіне біле түскім келеді. Рас, бұл кім өзі?
Қандай адам ол? Мынадай мінезге қалай ие болған? Кезінде ол қандай ұлы
мақсатқа жетем десе де, жете алатындай мүмкіндігі болған секілді. Ендеше
ол ерекше қатыгездігімен аты шыққаны болмаса, қайдағы бір кəсіптік
шхунаның қарапайым капитаны ғана боп неге қала берген?
Менің көкейімде көптен бері тығылып жүрген осы сияқты сұрақтар енді
бір-ақ сəтте лек-легімен төгіліп еді.
– Сіз қалайша кезінде керемет бір дүниелерге қол жеткізе алмағансыз?
Бойыңыздағы мынадай алапат күшпен талай биікке шығуыңыз мүмкін еді
ғой. Аруақтыны аттап, қасиеттіні таптап, жер-жаһанды табаныңыздың
астына салуға да мүмкіндігіңіз бар еді. Ал қазір күш-қайратыңыздың əбден
толысқан кезінде алтын уақытыңызды арзымас бірдемелерге жұмсап
жүрсіз. Əйтпесе осы айналысып жүрген кəсібіңізде қандай мəн бар? Сіздер
аулап сататын теңіз мысығының терісі, өзіңіз айтқандай, иттікке
белшесінен батқан көрсеқызар қатындардың көңілін аулағаннан басқа неме
қажет? Сіздей кесек адамға мұндай маңызы шамалы іспен айналысу
өкінішті-ақ. Иə, өте өкінішті! Адам таңқаларлық осындай күшіңізбен бұдан
басқа не істедіңіз сіз? Не бітірдіңіз? Сізді тоқтатуға немесе тосқауыл қоюға
ешкімнің шамасы жетпес еді. Ендеше не бұл? Даңққұмарлығыңыз шамалы
болды ма? Əлде біреулердің шылауына түсіп қалдыңыз ба? Иə, не себеп?
Не бұл?
Мен сұрақтарды бірінен соң бірін тоғытып жатқан кезде, ол маған тура
қараған күйі, бір сөзімді бөлмей тыңдады да отырды. Қызбалана, лепіре
сөйлеп, не заматта сөзімді бітірдім ғой ақыры. Ол ойын жинақтап алғысы
келгендей біраз үнсіз отырды да, сосын:
– Хэмп, тұқым себуге шыққан диқан туралы мына əпсананы еске түсіріп
көріңізші,– деді: "Тұқым дəндерінің кейбірі тастақты жерге түсті. Олар тез
көктеп шықты, өйткені бұл жерде топырақ жұқа еді. Бірақ күн ысыған
кезде қурап қалды, себебі тамыры терең бармап еді; тұқым дəндерінің енді
бірі шырмауықты, күрмекті жерге түсті, күрмек өскен кезде оларды
буындырып, тұншықтырып тастады".
– Ал, жақсы! Бұнда тұрған не бар?
– Бұнда тұрған не бар!– Ол кекесін мырс етті.– Бұнда ешқандай
жақсылық жоқ. Сол дəндердің бірі – мына менмін.
Ол осыны айтты да, алдында жатқан сызбаларына қайта шұқшия түсті.
Бірақ мен бөлмені жинастырып болып, енді сыртқа беттей бергенімде:
– Тоқтай тұрыңыз,– деді ол кенет.– Егер сіз картаға қарасаңыз,
Норвегияның батыс жағалауынан Ромсдаль-фюрд деген шығанақты
көресіз. Мен сол шығанақтан жүз миль жерде туып, өскенмін. Бірақ мен
норвег емеспін – датчанмын. Əкем де, шешем де датчан болған, ал олар
Норвегияның осынау батыс түкпіріне қалай келіп қалғандарына əлі күнге
дейін таңқаламын. Бұл жөнінде олар маған ешуақытта ауыз ашып көрген
емес. Ал басқадай менен жасырған сырлары жоқ. Өздері кедей, сауатсыз
адамдар еді, əке-шешелері де ішер ас, киер киімге əзер жарыған, мүскін
жандар болса керек. Қысқасы, менің ата-бабаларымның бəрі өз кəсібін тек
теңізден тапқан, үрім-бұтақ, бала-шағасын да көз ашысымен көк
толқындармен айқасуға аттандырып отырған. Міне, солай, Хэмп! Басқа
саған айтарым жоқ.
– Неге жоқ?– дедім мен жұлып алғандай.– Сіздің маған айтарыңыз көп,
өте көп болуға тиіс. Өйткені сіздің тұла бойыңыз тұнып тұрған жұмбақтай
көрінеді маған.
– Басқадай тағы не айтуым керек сізге?– деді ол ызалана дауыстап.–
Бала кезімде көрген барлық қорлығымды ма? Əлде балықтан басқа ештеме
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Теңіз қорқауы - 07
  • Parts
  • Теңіз қорқауы - 01
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2151
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 02
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2144
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 03
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2277
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 04
    Total number of words is 4218
    Total number of unique words is 2074
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 05
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 06
    Total number of words is 4249
    Total number of unique words is 2189
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 07
    Total number of words is 4149
    Total number of unique words is 2164
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 08
    Total number of words is 4192
    Total number of unique words is 2255
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 09
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2166
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 10
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2158
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 11
    Total number of words is 4129
    Total number of unique words is 2140
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 12
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2015
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 13
    Total number of words is 4188
    Total number of unique words is 2201
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 14
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2098
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 15
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2142
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 16
    Total number of words is 4198
    Total number of unique words is 2108
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 17
    Total number of words is 4226
    Total number of unique words is 2157
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 18
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2094
    37.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 19
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2071
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 20
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2029
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 21
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2129
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 22
    Total number of words is 4195
    Total number of unique words is 2097
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 23
    Total number of words is 2480
    Total number of unique words is 1428
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.8 of words are in the 5000 most common words
    61.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.