Latin Common Turkic

Теңіз қорқауы - 05

Total number of words is 4126
Total number of unique words is 2161
35.4 of words are in the 2000 most common words
49.5 of words are in the 5000 most common words
56.9 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
– Мен бағалаймын, – дедім мен.
– Сіз оны қалай бағалайсыз? Дəлірек айтқанда, біреудің өмірін.
Сіздіңше, ол қанша тұрады?
Өмірдің бағасы? Мен оны қалай анықтай алам, қалай өлшеймін? Əдетте,
кез келген сауалға мүдірмей жауап беретін мен дəл осы сұраққа келгенде,
не дерімді білмедім. Шындығында, Ларсеннің мысы басып кеткендей. Иə,
мен солай деп ойладым, дегенмен басты себеп – екеуіміздің
дүниетанымымыздың мүлде қайшы, мүлде сəйкес келмейтіндігінде еді.
Басқа материалистермен ой жарыстырған кезде, мен əйтеуір бір ортақ пікір,
ортақ түйінге жолығатынмын, ал Қорқау Ларсенмен сөйлескенде, біздің
бірде-бір ой-пікіріміз бір жерден шыққан емес. Мүмкін мені мүдірткен –
оның өмірлік көзқарастарының тым қарабайырлығы шығар: өзіне ұсақтүйек, маңызсыз көрінген нəрсенің бəрін лақтырып тастап, ол бірден
мəселенің мəніне көшеді жəне не айтса да үзілді-кесілді айтады да, мен
біліп тұрған дүниемнен жаңылып қаламын. Өмірдің құны! Қалай мен бұған
ойланбастан, бірден жауап беремін? Өмір – қасиеттінің қасиеттісі, бұл –
мен үшін аксиома. Міне, оның құндылығы да сонда – мұндай ақиқи
шындыққа қалай күмəн келтіруге болады. Баршаға белгілі осы бір
шындыққа Ларсен менен дəлел талап еткенде, менің сасып қалғаным рас.
– Бұл жөнінде біз кеше де əңгімелескенбіз, – деді ол. – Мен сонда өмірді
ашытқыға теңегем, ал ашытқы көзге көрінбес миллиондаған ашытқыш
саңырауқұлақтардан тұрады, олар бірін-бірін жеген кезде ашытқы пайда
болады. Өмір де сол сияқты, тірімін дейтін жанның бəрі бір-бірін жейді,
жұтады, құртады. Сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан, өмір дегенің өмірдегі
ең арзан, ең құнсыз дүние. Табиғатта судың да, жердің де, ауаның да белгілі
бір мөлшері, шегі бар, ал біреуден біреуді туғызатын өмірде мөлшер де,
шек те жоқ. Табиғат өте өсімқор нəрсе. Айталық, миллиондаған
уылдырығы бар балыққа қараңыз. Өзіңізге немесе маған қараңыз. Біздің
белімізде милллиондаған өмірдің өзегі бар. Сол өмірдің əрқайсысын адам
етіп шығарар болсаң, онда екеуіміз тұтастай бір халықтың, бір елдің əкесі
болар едік. Өмір дейсіз? Бос сөз ол! Түкке тұрғысыз бірдеме ол.
Арзандардың арзаны, құнсыздардың құнсызы ол. Оның жүрмейтін жері,
кірмейтін есігі жоқ. Табиғат оны қалай болса, солай шашады. Қай жерде бір
өмірге орын болса, сол жерде мыңдаған өмір қоныс тебеді. Сосын жалғыз
біреуі – ең мықтысы, ең жалмауызы қалғанша бірін-бірі жейді кеп.
– Дарвинді оқығаныңыз көрініп тұр, – дедім мен. – Бірақ сіз басқа
біреудің өмірін қалай болса солай ойыншық қылғаныңызды тірлік үшін
күрес деп есептесеңіз, онда сіз Дарвин ілімін бұрмалағаныңыз.
Ол иығын қиқаң еткізді.
– Сіз бұны адам өміріне ғана қатысты айтып тұрсыз, ал басқада
шаруаңыз жоқ, өйткені сіз балықты, кұсты, жан-жануарды менен артық
болмаса кем қырмайсыз. Адамның өмірі не, солардан артық па. Артық
десеңіз, айтыңызшы, несімен артық ол? Егер оның мысқалдай кұны,
титімдей артықшылығы болмаса, мен неге оны қорғаштауым керек?
Теңізде матростардың бəріне кеме табыла бермейтіні секілді, құрлықта
жұмысшыларға да əмсе фабриктер мен машиналар жетісіп жатпайды.
Құрлықта тұратын сіздер жарлы-жақыбайларды қаншалықты қала
сыртына, шеткі көшелерге ығыстырып тастап, қаншама оларды аштық пен
жалаңаштыққа ұрындырсаңыздар да (бұл да өмірді ойыншық қылу ғой),
олар көбею үстіне көбейе береді, енді не істеу керектігін білмей сіздердің
бастарыңыз қатады. Сіздер лондондық жүкшілердің бір сағаттық жұмысқа
бола бір-бірімен аш қасқырдай жұлысқанын əйтеуір бірде көргендеріңіз
бар ма?
Ол жауап күтпей-ақ трапқа бұрылып жүре берді, бірақ ойына бірдеме
түскендей қайта айналып келіп:
– Байқадыңыз ба, – деді. – Өмір өз құнын өзі бағалағаны болмаса,
басқадай онда ешқандай құн жоқ қой. Əрине ол жез болса да, өзін
алтындай көреді, өйткені кім-кімнің де өзіне деген махаббаты бөлек те.
Алысқа бармай-ақ, бүгін мен матч басында ұстаған матросқа қараңыз. Өмір
үшін ол қалай жанталасты! Сол сəтте ол қолы мықтап ұстап тұрған бір
тұтам арқан-жіпті мың-сан гауһар, жақұт, асыл тасқа айырбастамас еді.
Сондай өмірдің сізге қажеті бар ма? Жоқ. Маған да ешқандай. Ал ол үшін?
Күмəнсіз. Бірақ ол бағалаған құнға мен келіспеймін, өйткені тым асырып
жіберген. Егер ол құлап, миы быт-шыт боп шашырап кетсе де, дүние қараң
қалмайды, ертең-ақ мың-мыңдаған тірілер өмірге келеді. Ендеше жалғыз
оның өмірінде қандай құн бар. Болса, тек өзі үшін ғана, бірақ бұл да
алдамшы, өйткені өліп кетсе, қандай қымбатын жоғалтқанын өзі де білмей
қалады. Демек өмір тек оған қымбат, алтыннан да, күмістен де. Ол құлады
– алтын, күміс шашылып түсті палубаға. Біз оны сыпырып-сиырып борттан
ары шашамыз. Өлді-қалды бір адам, сүйегімен біз не істегенімізді де
білмейді. Одан ол да ештемесін жоғалтпайды, өйткені оны сезетін сана
жоқ, жүрек жоқ – бəрі өлген. Өлгенге енді бəрібір. Ал, бұған не дейсіз?
–Не деймін? Сіз қандай мəселеге де бір уəж таба білесіз, – дедім мен.
Бұдан басқа ештеме айта алмадым да, əлгінде жуып жатқан аяқтарымды
қайта қолға алдым.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Үш күн бойғы құбылмалы желден соң, ақыры солтүстік-шығыс пассат
желіне де жеттік-ау. Ұйқымды жақсы қандырып алғаннан кейін аяғымның
ауырғанына да қарамастан палубаға жүгіріп шықтым; біздің "Елес"
тұмсықтағы үш кливерден басқа барлық желкендерін көтеріп, толқындарды
ақ көбікке орап, құдды қанат байлап алғандай екпіндете ұшыртып келеді
екен. Корм үстінде қоңыр салқын жел еседі. Бұл пассат деген неткен ғажап
десеңші! Бір қалыпты леки соққан желдің екпінімен күнді күнге, түнді
түнге ұрып, тынымсыз зулап келеміз. Шындығында, шхунаның өзі зулап
келеді, əдеттегідей құрал-жабдықтардың бірін көтеріп, бірін түсіріп,
топсельдерді ауыстырып, жанталасып жатқан ешкім жоқ, матростар тек
штурвал жанында, күзетте тұрғанды ғана біледі. Күн батқан соң шкоттар
аздап ауырсына бастайды да, сосын таңертең шық кепкен кезде қайта
қалпына келіп, аңқылдайды да отырады. Бар болғаны – сол.
Біздің жылдамдығымыз – он узел, кейде он бір, он екіге жетеді.
Солтүстік-шығыстан ескен ілеспе желде дамыл жоқ, ту сыртымыздан гулей
береді, гулей береді, ал біз алға самғай түсеміз, тəулігіне екі жүз елу миль
дегенің енді бізге түк емес. Бұл жылдамдық мені əрі қуантады, əрі мұңға
батырады, өзім сүйген Сан-Франциско уақыт озған сайын алыстап барады,
ал қиялдағы тропика күннен күнге жақындап келеді. Тропикаға
жақындаған сайын күн де жыли түскен. Кешкі күзеттің екінші жартысында
матростар палубаға шығып, шешініп тастап, рақаттана теңіз суына
шомылады. Су бетінен біртіндеп ұшпа балықтар да кезіге бастаған,
шхунаға ұшып түскен оларды түнгі күзеттегілер палуба үстінен еңбектеп
жүріп жинап алады да, Магриджге тапсырады. Сосын күні бойы камбузден
қуырылған балықтың иісі аңқиды да тұрады. Кейде Джонсон кездейсоқ
бушприттен ұстап алған дельфиннің етін жеп те қарық болып қаламыз.
Джонсон өзінің бүкіл бос уақытын сол жерде – бушпритте өткізеді
немесе салингке шығып алып, пассаттың ығымен құстай ұшып келе жатқан
"Елестің" еркін де жеңіл қимылына ұзақ-ұзақ қызыға қарап тұрады. Енді
бір сəтте желге толған желкендер мен шыныдай мөлдір аспанға сүйсіне көз
салып, сағаттар бойы үнсіз ойланып отырады.
Иə, əйтеуір, күндіз-түні бəріміздің "жанымызды нұрға, тəнімізді рақатқа
бөлеген" бір ғажайып дүниеге тап болғандаймыз. Ұзақты күн таусылып
бітпес камбуздың күйкітірлік жұмысымен жүрсем де, кейде сыртқа
сытылып шығып, бұрын өңім түгіл түсіме де кірмеген осынау ғажайып
дүниені тамашалаудың ретін тауып қоямын. Төбемізде теңіз түстес
көкпембек, шайдай ашық аспан шыныдай мөлдіреп, көк жібектей үлбіреп
тұрады. Сонау көкжиектен ақ мамықтай қалқыған ақша бұлттардың тізбектізбек ұзын шоғыры көрінеді.
Сол күндердің бірінде кеменің тұмсық жағындағы жарты бак үстінде
өткізген бір түнімді мен еш уақытта ұмыта алмаймын. Форштвень түбінде
қазандай қайнап сан құбылып ойнап жатқан ақ көбіктерге қарап, қиялға
батып жатқанмын. Құлағыма құдды тау бұлағының сылдырындай керемет
бір жанға жайлы дыбыс естілген. Сол дыбыс – сол сылдырдың əлдиімен
өзімнің қазіргі юнга "Хэмп" екенімді бір сəтке ұмытып, баяғы отыз жыл
бойы кітап кемірген Хэмфри Ван-Вейден қалпыма қайта түскендей күй
кешкем. Өстіп жатқан сəтімде Қорқау Ларсеннің əдеттегі адуынды, бірақ
шабыттана сөйлеген даусы менің шарықтап, алыстап кеткен ойымды күрт
бұзып жіберіп еді. Қызық. Ол түнгі аспанға қарап мынадай өлең оқып тұр
екен.
Оңтүстікте жылтылдап, жымыңдайды жұлдыздар,
Құс жолындай ағарған кеме артында бір із бар.
Киль жапырып толқынды, кит сапырып айдынды,
Желбірейді желкендер, жел соғады айбынды.
Таңғы шықтар мөлдіреп, мөлтілдейді биікте,
Борт қапталын кептірер күн сəулесі сүйіп те.
Алдымызда жол жатыр бізге таныс ертеден,
Желкеніңді жел кернеп, заула алға, жел-кемем!
–Қалай, Хэмп? Ұнай ма саған бұл? – деді ол маған сəл үнсіздіктен кейін.
Мен оның бетіне қарадым. Көзі жайнап, өңі балбұл жанып тұр екен.
– Мен сізден дəл мұндай өнерді күткен жоқ едім, – дедім мен салқындау
ғана.
– Қалайша? Бұл дегеніңіз нағыз өмір емес пе!
– Иə, ешқандай мəн-маңызы жоқ, түкке тұрғысыз өмір, – дедім мен оның
өз сөзін еске түсіріп.
Ол күліп жіберді. Мен бірінші рет оның даусынан көтеріңкі көңілдің
шын көрінісін байқадым.
– Əттең, өмір дегеннің не екенін мен сізге бір түсіндіре алмай-ақ
қойдым-ау! Қалай десеңіз де, ол əркімнің өзіне ғана қымбат дүние ғой.
Мəселен, дəл қазір маған өз өмірімнен құнды ештеме де жоқ. Иə, сіз тіпті
асыра бағалап тұрсыз десеңіз де айтайын, менің өміріме қазір баға
жетпейді. Өйткені мен оны дəл осылай бағалаймын. Өте қымбат ол! Өт-те!
Бірақ тек мен үшін!
Ол бір мезет үнсіз қалды. Байқаймын, өз ойын дəлелдеу үшін бұлтартпас
бір дəйектер іздей бастаған секілді. Айтқандай-ақ артынша:
– Сіз сезесіз бе, – деді ол маған қулана жымиып. – Мен қазір ғажап бір
күйді бастан кешіріп тұрмын. Құдды бүкіл дүние тек мен үшін жаратылған
секілді, бүкіл құдіретті күш тек менде ғана сияқты. Құдды бүкіл ақиқат
алдымнан ашылып, зұлымдықтан ізгілікті, жалғандықтан шындықты
ажыратып, көзім қияндағыны, көңілім қиялдағыны көретін тəрізді.
Қысқасы, Құдайға сенудің аз-ақ алдында тұрмын қазір... Ал енді осындай
күйге қалай түстім мен? Бұл қайдан келген қуаныш өзі? Неден рақат, неден
лəззат таптым мен осы? Əлде бұл іштей өсудің белгісі ме? Жоқ, бұның бəрі
де асқазанның дұрыс кезінде тамақтың тамаша қорытылуынан. Құрсағың
жақсы жұмыс істеп тұрған кезде, тəбетің де жақсы ашылып, бүкіл күшқуатың арта түседі. Бұл – ашытқының божуы, аққайнар шараптың бойға
тарауы, бұл – өмірдің бізге жем тастап алдауы, сонысымен ол біреулерді
керемет ойға батырып, енді біреулерді Құдайды көруге ұмтылдырады
немесе оны қолдан жасауға итермелейді. Бар болғаны осы: өмірдің
мастануы, ашытқының божуы, өмірдің мəнсіз қуанышы, бұл ашыған екен
десек тірі екен деген сананың сандырағы. Бірақ өкінішті! Өйткені ертең-ақ
мен осы қылығыма бас шайқаймын, бармақ тістеймін. Таңертең мастығым
тарқайды, басым ауырады. Сол сəтте ертеңгі күні өлетінім еске түседі,
шындығында, осы сапарда-ақ өліп кетуім əбден мүмкін ғой; иə, сосын
іштей ашып бітемін де, мына ұланғайыр теңіздің мысқалдай ашытқысына
өзім де айналып кете барам, сөйтіп балықтардың жемі боламын. Міне
қайда өкініш! Бір бокал шампанның бір сəткі желігі деген осы болады,
Хэмп!
Ол палубаға жолбарыстай жұп-жұмсақ, жым-жырт секіріп түсті де,
маған кенеттен қалай жолықса, кенеттен солай ғайып болды.
"Елес" екпіндете жүйтки берген. Форштвень түбінде ақ көбіктер
айрандай сапырылысып, қазандай қайнап, əлдебір күркіреген, сарқыраған
сарынға басқан. Кейде ол демі жетпей булығып, қыр-қыр етіп тұншыға
тыныстағандай болады. Осы бір құбылмалы сарынға құлақ тосып жатып,
Ларсеннің жаңағы қызық қылықтарын біртіндеп естен шығара бастадым.
Кенет палубада бір матрос майда қоңыр дауыспен "Пассат жырын"
əндете жөнелген.
Екпінім қатты, лебім тəтті желмін мен,
Тағдырға көнген, кемеге ерген
Иттен де адал желмін мен.
Ғайыптан туған бұлттарды қуған
Қуат-күшім арынды.
Желкеден есіп, желкенді керіп,
Қуантып келем бəріңді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Қорқау Ларсен маған кейде əншейін бір жынды адам сияқты көрінеді,
тіпті нағыз жындының өзі болмаса да, осының бір жері жетіспейтін шығар
деп ойлаймын – өйткені оның кейбір қылығы сау адамның тірлігіне мүлде
ұқсамас еді. Ал кейде оның бойынан кереметтей кемеңгерлік пен шын
мəніндегі ұлылықтың ұшқындарын байқаймын. Бірақ ақыр соңында көзім
жеткен бір нəрсе – бұл Қорқау Ларсен дегеніңіз өз заманынан кемінде мың
жыл кеш туған жер бетіндегі алғашқы адамдардың бүгінгі тұяғы, қазіргі
өркениет дəуіріндегі тірі анахронизмнің дəл өзі. Жəне ол сөз жоқ, басынан
бақайшағына дейін индивидуалист, сонымен қатар жалғыздықтан жапа
шеккен тым аянышты тұлға. Бүкіл экипажда оған ешкім жақын келе
алмайды. Бұл мүмкін де емес. Себебі жаратылысынан артық біткен оның
білек күші мен жүрек күші оны басқалардан ылғи да бөлектетіп тұрады. Ол
өзгелердің бəрін бала сияқты көреді – тіпті аңшыларды да – тышқанмен
ойнаған мысық секілді оларға ойына келгенін істейді, мазақ қылады,
қорлайды, жанына жақпай қалса, қолын қоса жұмсап жібереді. Кейде "осы
иттердің ішінде не жатыр екен, көрейінші" дегендей, əр түрлі амалдармен
олардың жан дүниесіне көз жүгіртіп, қол сұғып та байқайды. Мұндай сəтте
ол тəжірибе үшін тышқандарды сойып тастап, оның əрбір мүшесін зерттеп
қарап отыратын вивисекторға ұқсап кетер еді.
Мысалы, қараңыз: ол үстел басында аңшылардың біріне сұқтана көз
тігіп отырады да, кенет оған намысқа тиер бір сөзді қойып қалады. Сосын
бұл енді не дер екен, қалай ашуланар екен деп, оған қабақ астынан қас
қақпай қарай береді. Бұның əншейін əдейі қыжырту екенін əлгі байғұс
қайдан білсін, қарадай күйіп-пісіп, шала бүлінеді. Іс мəнісін сырттай біліп
тұрған маған бұның бəрі күлкілі көрінеді. Рас, мен бəрін біліп тұрамын:
Ларсеннің жаңағыдай біреуді қасақана ашуландырып алып, сосын өзінің де
жыны қозып шыға келуі – əдеттегі бос ойынан басқа түк емес, əйтпесе
көмекшісі өлгеннен кейін мен оның шын ашуланғанын еш уақытта көрген
емеспін жəне көргім де келмейді. Ондай сұмдық көріністің куəсі болуды
құдай ешкімнің басына бермесін.
Əңгіме əйтеуір оның адам түсінбес қылықтары туралы болғасын, мен
мына бір оқиғаны да айтып өтейін де, сонымен бұл тақырыпқа нүкте
қояйын.
Бірде түстен кейін мен кают-компанияны жинастырып біте берген
кезімде, күтпеген жерде Қорқау Ларсен мен Томас Магридж ішке кіріп
келіп еді. Коктың құйтақандай құжырасы бұл бөлмеге жапсарлас
орналасқанмен ол ары өтіп, бері өтіп жүргенде мұнда ешқашан кідірген
емес-ті, – құйрығын қысқан ұры иттей қашан да алақ-жұлақ етіп, қасымнан
зу етіп өте шығатын.
– Иə, сонымен сен "напалеон" ойнай білем де? – деді Қорқау Ларсен
оған өтірік риза кейіппен. – Əрине, білесің, өйткені сен ағылшынсың ғой.
Мен де бұл ойынды ағылшын кемесінде жүргенде үйренгем.
Капитан онымен адамша сөйлесіп, терезесін тең ұстайтындай бұл Томас
Магриджді кім дейсің сасық қоңыздан басқа, сөйте тұра өзін бекзаттарша
ұстауға тырысып, тек қайқайып-шалқайып жүруге жаратылған адамдай бір
сəт кісімси қалуы менің əрі жыныма тиген, əрі күлкімді келтірген. Тіпті
менің бар-жоғымды елейтін түрі көрінбейді, шындығында бұған оның
мұршасы да жоқ-ты. Жайшылықта жасаурап, суланып тұратын көздері енді
ерекше нұрлана қалған, бұны толық суреттеп беруге менің қазір тілім де
жетер емес.
– Картаны əкел, Хэмп, – деп бұйырды Қорқау Ларсен маған, екеуі
үстелге жайғасып болған соң. – Жəне виски мен сигарды да ұмытпа – бəрін
менің төсегімнің астындағы жəшіктен табасың.
Мен кают-компанияға қайта оралған кезде, кок өзінің өмір-тарихына
байланысты бір құпия əңгімені бастап та жіберген екен, одан менің шалашарпы ұққаным: ол жолдан тайған əлдебір ақсүйек адамның баласы екен
(некесіз туған ба, бірдеме), соған сəйкес кезінде оны Англияға
сыйдырмаған, тіпті оған қайтып келмес үшін ақша да төлеп тұратын
көрінеді. "Ақшаны аямай төгеді маған, тек оларға қарамды көрсетпесем
болғаны"– деп қояды ол.
Мен рюмкалар əкелейін деп едім, Қорқау Ларсен тыржың ете қалды да,
"стақан" дегенді ыммен жеткізді. Сосын ол алдарына қойған екі айыр
стақанға екі елі ғана жеткізбей су қосылмаған таза виски құйды да, "напқа"
жету үшін!" деп сарт-сарт соғыстырып, қағып салды. Бұдан соң карталарды
араластырып, таратуға кіріскен.
Олар, əрине, ақшаға ойнаған, ойнаған сайын ұтыс көлемін көбейте
түскен. Вискиді де қайта-қайта ішіп отырды. Бірі таусылған кезде, капитан
екіншісін əкелуді бұйырады. Білмеймін, Қорқау Ларсен карта ұрлап отырды
ма – одан бəрін де күтуге болады ғой – əлде шынымен қолы жүріп тұрды
ма, əйтеуір ылғи да ұта берді. Ал кок қайта-қайта төсегіне жол тартып,
ақша əкеліп тұрды. Мұндай сəтте өзінше бай адамсынып, талтаңдап барып,
талдаңдап қайтады, бірақ иттің баласы бір цент артық əкелмейді де. Бірақ
біртіндеп қимылы қолапайсызданып, көзіне ұйқы тығылып, қалғып-мүлги
бастаған – қолында қандай карта тұрғанын да білуден қалғандай еді. Сосын
кезекті рет ақша əкелуге кетіп бара жатып, кір-кір қолымен Қорқау
Ларсеннің иығынан ұстаған да:
– Ақша дегеніңіз менде пішен! Білдіңіз бе, пішен! – деген тілін шайнай
түсіп.
Қорқау Ларсен вискиді бірінен соң бірін ішсе де былқ етпеген; жəне
коктен артық болмаса, бір грамм кем де ішкен жоқ, сөйте тұра түрінен түк
байқалмаған. Магридждің кейбір қылықтары да оған ешқандай əсер
етпеген сияқты.
Кок ақыр соңында джентльменше жеңіле білетінін салтанатты түрде
мəлімдеп, соңғы ақшасын үстел үстіне қойып, еңіреп тұрып жылап жіберді.
Қорқау Ларсен оған бір сəт қызықтай қарап тұрып қалып еді, құдды
скальпельдің бір-ақ сызуымен оның қарнын қақ жарып, ішкі дүниесіне
үңілгісі келген секілді, бірақ "оның ішінде боқтан басқа не бар дейсің"
дегендей артынша қолын бір сілтеген.
– Хэмп, тəңір жарылқасын, мистер Магриджді қолтығынан көтеріп,
палубаға жеткізіңдерші, – деді ол маған айрықша ізетпен. – Бейшараның
күйі болмай қалды. Джонсонға айтыңыз, бұны бірер шелек сумен сыйлап
жіберсін.
Мен кокты палубаға шығарып, Джонсон жəрдемге шақырған екі-үш
матростың қолына тапсырдым. "Мен... ме-ен джентльменнің баласымын"
деп, шатып-бұтқан мистер Магридж сол жерде қала берді. Басқышпен
кают-компанияға түсіп, үстел үстін жинастыра бастаған кезімде, алғашқы
шелектен кейін-ақ оның суға қақалып-шашалып, өгіздей өкірген даусын
естідім.
Қорқау Ларсен ұтқан ақшасын есептеуге кіріскен.
– Тура жүз сексен бес доллар, – деді ол дауыстап. – Осылай шығатынын
өзім де біліп едім. Ал кешегі күні ол кемеге қайыршы қалпында келіп еді.
– Сіздің бұл ұтқан ақшаңыз менікі ғой, – дедім батыл түрде.
Ол мырс етіп күліп жіберді.
– Кезінде грамматиканы мен де оқып едім, Хэмп. Бірақ сізден
айырмашылығым – мен етістіктің шақтарын жақсы білемін. Яки сіз
"менікі" деп сөйлегеннен гөрі "менікі еді, менікі болатын" дегеніңіз жөн
ғой.
– Бұл грамматиканың емес, этиканың мəселесі, – дедім мен.
– Сіз білесіз бе, Хэмп, – деді ол баяу дауыспен. – Мен өмірде бірінші рет
"этика" деген сөзді басқа біреудің аузынан естіп тұрмын. Осы кемеде сіз
екеуімізден басқа бір адам бұл сөздің мағынасын біледі деп ойламаймын.
– Осындай тілмен сөйлейтін біреуді кезіктіру – менің ғұмыр бойғы
арманым еді,– деді ол сөзін одан əрі жалғастырып. – Егер əйтеуір бірде
ондай адам жолыға қалса, мен онымен кез келген тақырыпта еркін сөйлесе
берер едім деп те армандадым. Ақыры, міне, соған жеткен сияқтымын.
Дегенмен, бұны сөз арасындағы əңгіме деп біліңіз. Ал турасына көшсек, сіз
қателестіңіз. Мəселе грамматикада да, этикада да емес – фактіде.
– Түсінем,– дедім мен,– факті сол, ақша сізде.
Оның жүзі жылып сала берді. Байқаймын, менің түйсігіме риза болған
сияқты.
– Алайда сіз əділет деген мəселені айналып өттіңіз,– дегенді мен жəне
қосып қойдым.
– Солай деңіз!– деп ол аузын қисайтып жіберді. – Байқауымша, сіз əлі де
"əділет" пен "қиянат", "жақсылық" пен "жамандық" деген ұғымдарға сеніп
жүр екенсіз.
– Ал сіз не, сенбейсіз бе? Мүлде сенбейсіз бе?
– Мысқалдай да. Күштінікі қай уақытта да дұрыс. Əділет деген – сол.
Бəрі де осыған кеп тіреледі. Ал əлсіздер əр қашан кінəлі. Немесе бұны
былай да айтуға болады: күштілік – жақсылық, əлсіздік – жамандық. Тіпті
бұдан да дұрысы: күштіліктің жақсылығы сол – ол пайдалы, ал əлсіздіктің
жамандығы – оның бес тиындық пайдасы жоқ. Мысалды алыстан іздемейақ қояйық: мына ақшаға ие болу – маған өте жағымды, ал бұған ие болуға
мүмкіндігім бола тұрып, сізге бере салсам – бұл менің өзіме де, өміріме де
жасаған əділетсіздігім! Енді мені түсінген шығарсыз...
– Алайда бұны өзіңізде қалдыру арқылы маған жамандық жасап тұрсыз
ғой.
– Түк те олай емес! Адам біреуге жамандық жасамайды. Ол тек өзіне
ғана жамандық жасайды. Менің көзім бір нəрсеге баяғыда жеткен,
біреулерге жақсылық жасаған сайын ылғи да алдымен өзім зиян шегемін.
Сіз қалайша түсінбейсіз? Екі түйір ашытқы, бір-бірін жеген кезде, олардың
қайсысы кінəлі болады! Ешқайсысы! Өйткені біреуді жеуге, біреуге өзін
жегізбеуге тырысу олардың табиғатында бар. Бұл заңдылықты бұзса, олар
құпияға батады.
– Сонда сіз альтруизмге сенбейсіз бе?
Бұл сөз оған негізінен таныс болса керек, бірақ сəл да болса ойлануға
мəжбүр еткен.
– Тоқтаңыз, бұл дегеніңіз адамдардың бір-біріне ықпал етуі сияқты
бірдеме емеспе еді?..
– Иə, сіздің бұл түсінігіңізге оның біраз жақындығы бар,– дедім мен
оның сөздік қорындағы аздаған ақтаңдаққа мəн бермей. Себебі ол өз
білімін өзі көтерген адам ғой. Оны арнайы оқытқан кім бар дейсің. Ойлаптүйгені өте көп, бірақ пікірлесетін адамы тым аз болғаны байқалып тұрар
еді. – Альтруистік іс-əрекет деп біз өзінен бұрын өзгенің қамын ойлауды
айтамыз. Яки бұл эгоизмге қарама-қарсы ұғым ғой.
Ол басын изеп қойды.
– Иə, иə, енді есіме түсті. Бұл сөз маған Спенсерден кездесіп еді.
– Спенсерден?– дедім мен селк етіп. – Сіз сонда оны оқығасыз ба?
– Аздап,– деді ол. – Оның "Негізгі бастауларын" тəп-тəуір жіліктеген
сияқты едім, бірақ "Биология негіздерінде" желкенім қисайып, ал
"Психологияда" кемем мүлде қайраңдап қалған. Шындығын айтсам, одан
қалай шығарымды өзім де білмей шатасқаным бар. Бұның бəрі түйсігімнің
аздығынан шығар деп ойлағам, енді білсем, дайындығым тым шамалы
екен. Оған тісім бату үшін жақ сүйегім мықты болу керек екен. Сол
кітаптарға қаншама бас қатырғанымды бір білсе, Спенсер мен өзім ғана
білетін шығармын. Алайда "Этика нəтижелерінен" біраз дүние алдым да.
"Альтруизммен" алғашқы жүздескенім сонда еді, бұл енді ғана есіме түсіп
отыр міне.
"Спенсердің еңбегінен бұл не түйді екен?" деп ойладым мен. Бұл
философтың іліміне əбден қанық мына менің білуімше, альтруизм – адам
іс-қылығының идеал негіздерінде жатушы еді. Сірə, Қорқау Ларсен оның
ілімінен өз табиғатына жақын тұстарын ғана қабылдап, қалғандарын түптүгел лақтырып тастаса керек.
– Спенсердсн басқадай тағы не ұқтыңыз? – дедім мен.
Ол қабағын кіржитіп, сəл ойланып қалды, тек айтылмай қалған
ойларының арасынан ең қажетті дегендерін іріктей бастаған секілді. Мен
іштей қоқиланып қойдым, адамның жан дүниесіне үңілуге ол қалай құмар
болса, мен де енді оның кең сарайына солай сұқтана түскем. Ешкім есігін
ашпаған бұл сарайда не жатыр екен деймін қызығып. Ақыры оны да
көрдім: ғажабы сол – əрі қызық, əрі адам шошырлық дүние!
– Қысқаша айтқанда,– деді ол. – Спенсердің тұжырымы мынадай: адам
ең алдымен өз жайын, өз мүддесін ойлауы керек. Ол сонда ғана имандылық
пен жақсылыққа жетеді. Сонан соң бала-шаға, отбасының жағдайын
ойлағаны жөн. Ең соңында, мүмкіндігі болып жатса, адамзаттың қамын
жесін.
– Алайда адамның өзін де, бала-шаға, отбасын да сондай-ақ адамзатқа
қатысты барлық жақсылықты да бірге, бір мезетте ойлағаны дұрыс қой. Ең
ізгілікті де парасатты іс сол емес пе,– дедім мен.
– Мен бұған келіспес едім,– деді ол. – Мұндай істен ешқандай
парасаттылық та, ізгілік те көріп тұрғам жоқ. Сіз айтқан бала-шаға, адамзат
деген мəселелерді мен алып тастаймын. Соларға бола арам тер болар
шамам жоқ. Бұның бəрі бос сандырақ – əйтпесе, о дүниедегі өмірге
сенбейтін біреуге арнап шығарылған бірдеме – бұны сіз түсінуге тиіссіз.
Егер мен мəңгі өмірге сенген болсам, альтруизммен айналысу маған
пайдалырақ болар еді. Ондай жағдайда кеудемдегі шыбын жанымды мен
бəрінен де жоғары қояр ма едім, кім білсін. Бірақ менің алдымнан өлімнен
басқа ештеме көрінбесе, бұған қоса бұл жарық жалғанның соншама қысқа
екеніне көзім жетіп тұрса, сонда мен не істеуім керек? Бойымда өмір деген
атаумен қайнап, божып жатқан ашытқының бəрін əлдебіреулерге жақсылық
жасауға жұмсауым керек пе? Жоқ, мен олай ете алмаймын. Олай істесем,
ең алдымен, бұл – менің өзіме өзім істеген қастандығым, бүкіл тіршілігіме
нəр беріп тұрған өз ашытқымды өзім шашып-төккенім болар еді. Осы
ашытқымды божытып, тырбаң-тырбаң тіршілік жасап жатқан мына
өлшеулі ғұмырымда біреулерге жақсылық істеймін бе, əлде тек өзімді ғана
ойлаймын ба,– бұдан келіп-кетер маған ештеме де жоқ.
– Мұндай жағдайда мен сізді индивидуалист, материалист, сондай-ақ,
сөз жоқ, гедонист деп бағалар едім.
– Күшті сөз!– деп ол күліп қойды. – Бірақ "гедомист" дегеніңізді
түсінбедім...
Менің анықтамамды тыңдап болған соң, ол "ұқтым" дегендей бас изеді.
– Ал бұған қоса,– дедім мен тағы,– мəселе жеке мүддеге тірелген сəтте
сіз тіпті ұсақ-түйек істің өзін қалауыңызға қарай бұра салатын адамсыз.
– Міне енді сіз мені түсіне бастадыңыз,– деді ол қуанышты түрде.
– Яки сіз мораль деген дүниеден бес күн бұрын туған адамсыз ғой?
– Үстінен түстіңіз.
– Демек сіз өте қорқынышты адам болғаныңыз ғой?
– Дəл солай!
– Сонда адамдар жыланнан, жолбарыстан немесе акуладан қалай
қорықсақ, сізден де солай қорқуы керек пе?
– Менің кім екенімді, қандай адам екенімді, міне, ақыры сіз де біліп
алдыңыз,– деді ол. – Мені Қасқыр деп босқа атамайды ғой. Қасқырдың
ішінде қорқауы.
– Сіз – құбыжықсыз,– дедім мен батыл түрде. – Сіз не нəрсені əдейі,
керісінше істейсіз. Қыңырсыз, қияссыз! Бұл жағынан сіз Браунинг6
шығармасындағы Сетебос7 туралы ой толғайтын Калибаннан8 аумайсыз.
Иə, сіз тура сол Калибанның өзісіз.
Бұл теңеуді ол түсінбей, қабағы кіржие қалды. Тегі мен еске алып
отырған поэманы оқымаса керек.
–Мен қазір дəл сол Браунингті оқып жатырмын. Байқаймын, оңай
шағылатын жаңғақ емес, алғашқы беттерден-ақ тісім сына бастаған
секілді,– деп ол бірден мойындағанын білдірді.
Қысқасы, мен оның каютасына жүгіріп барып, аталған кітапты алып
келдім де, "Калибанды"9 оған дауыстап оқып бердім. Ол мені бар
пейілімен, зор ықыласпен тыңдап отырды. Мұндағы қарапайым пайымдар
мен қарабайыр тұжырымдар оның тура оң жаңбасына келген сияқты.
Парақтан параққа ауысқан сайын ол поэманың олқы тұстары мен кейбір
көңілге қонбайтын жерлеріне сын пікірлер айтуын да көбейте берді. Ал
соңғы бетке жеткен кезде, ол маған қайталап тағы оқуымды өтінген. Сөйтіп
қатарымен үш рет оқыған соң, біз енді жалпы философия, ғылым,
эволюция жəне дін жөнінде пікір таластыруға көшкенбіз. Оның ой
қорытындыларынан баяғы жабайы адамдардың ақыл-ойына тəн не
нəрсенің бетін ғана қалқу, үстіртін баға беру, дəлсіздік пен қисынсыздық
байқала берді. Бірақ оның осы қарабайыр ойларының өзінде əлдебір күш
бар еді, жəне оның қарабайыр материализмі Чарли Ферасеттің нəзік те
күрделі материалистік түсініктерінен əлдеқайда өмірге жақын көрінген.
Бұны айтқанда мен, оны тыңдап отырып, өзімнің о бастағы идеалистік
көзқарастарыма күмəнмен қарай бастадым дей алмаймын, алайда менің
сенім ұстаныма Қорқау Ларсеннің үсті-үстіне жасаған шабуылының
мықтылығы сондай, мені бұрынғы тұғырымнан былқылдатып тастамаса да,
оған ойлы көзбен қарауға еріксіз мəжбүр еткен.
Өстіп қаншама отырғанымызды білмейміз. Кешкі астың уақыты өтіп
барады, бірақ дастарқан əлі жасалмаған. Мен мазасыздана бастадым, сосын
бір уақытта қабағынан қар жауған Томас Магридж кают-компанияға бас
сұға бергенде, орнымнан атып тұрып едім, Қорқау Ларсен:
– Отыра бер,– деді маған. Сосын есік жаққа бұрылып: – Магридж, бүгін
бəрін өзің істейсің. Хэмп менің жанымда болады. Естідің ғой. Кете бер.
Енді мына қызыққа қара. Бұдан соң мен бүкіл кеш бойы капитан мен
аңшылардың жанында отырдым да, ал Томас Магридж жүгіріп жүріп бізге
қызмет жасады, ыдыс-аяқты да өзі жуды. Бұл Қорқау Ларсеннің кезекті
ойыны еді, бұның өзі ертеңгі күні маған тым жақсылық бола қоймасын да
сезгенмін. Алайда əзірге екеуміз таусылып бітпес əңгімемізді жалғастыра
бердік. Əрине, аңшылар бұдан бір сөз түсінген жоқ, түсінбесе де байқұстар
амалсыз тыңдауға мəжбүр болып еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Сонымен Қорқау Ларсеннің жанында бақандай үш күн болдым. Үш күн
бойы рақаттанып бір демалдым. Бұл күндері бар істеген жұмысым – каюткомпаниядан тамақ ішіп, капитанмен тек əдебиет, өмір, тіршіліктің пайда
болуы туралы əңгіме қозғау болған. Ал Томас Магридж мұрнынан суы аға
жүріп, мен үшін барлық жұмысты өзі істеген.
– Шквалдан сақ бол! Басқа саған айтарым жоқ,– деген маған Луис,
екеуіміз жарты сағаттай палубада оңаша қалған сəтте. Бұл уақытта Қорқау
Ларсен аңшылар арасындағы кезекті жанжалдың отын сөндіріп жүрген. –
Ертеңгі күні не болатынын бір құдайдың өзі ғана біледі, – деді Луис менің
сөз арасындағы сұрағыма жауап ретінде. – Шалдың мінезі мына теңіздің
ағысы мен желі сияқты, сəт сайын құбылып тұрады. Бірер күн оның
жанында болып, емен-жарқын əңгімелескеніңе бола сен оны білдім,
түсіндім деп ойлама. Сен үшін қазір төбеңнен шайдай ашық аспан,
алдыңнан айқара жол ашылғандай болып тұр, бірақ дəл осы көңіл-күйіңді
ол бір кезде əдемі пайдаланады да, əлгі ашық аспаныңда күтпеген жерде
найзағай ойнатып, сенің үмітпен керген желкеніңді бір-ақ сəтте быт-шыт
қылады.
Расында, Луис айтқан "шквал" мені көп күттірген жоқ. Осы бір күнді
күтіп жүргендей мен болған жайға тым таңқала да қоймадым. Капитан
екеуіміз, əдеттегідей, өмір, тіршілік туралы қызу əңгімеге кіріскенбіз.
Менің батылданып кеткенім сондай, басқаның бəрін сыпырып тастап, оның
тура өзіне шабуылдауға көшкем. Ол туралы, оның қылықтары туралы
ойымдағының бəрін жасырмай айтып бердім. Айтқанда тура, өзі
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Теңіз қорқауы - 06
  • Parts
  • Теңіз қорқауы - 01
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2151
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 02
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2144
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 03
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2277
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 04
    Total number of words is 4218
    Total number of unique words is 2074
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 05
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 06
    Total number of words is 4249
    Total number of unique words is 2189
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 07
    Total number of words is 4149
    Total number of unique words is 2164
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 08
    Total number of words is 4192
    Total number of unique words is 2255
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 09
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2166
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 10
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2158
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 11
    Total number of words is 4129
    Total number of unique words is 2140
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 12
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2015
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 13
    Total number of words is 4188
    Total number of unique words is 2201
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 14
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2098
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 15
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2142
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 16
    Total number of words is 4198
    Total number of unique words is 2108
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 17
    Total number of words is 4226
    Total number of unique words is 2157
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 18
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2094
    37.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 19
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2071
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 20
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2029
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 21
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2129
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 22
    Total number of words is 4195
    Total number of unique words is 2097
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 23
    Total number of words is 2480
    Total number of unique words is 1428
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.8 of words are in the 5000 most common words
    61.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.