Latin Common Turkic

Теңіз қорқауы - 02

Total number of words is 4147
Total number of unique words is 2144
36.0 of words are in the 2000 most common words
51.3 of words are in the 5000 most common words
59.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
Осы қайратты да ұзын сақалының ұшынан мөп-мөлдір су тамшылары
жылтырайды. Көзі жұмулы, тегі есінен танып жатса керек, бірақ кеудесін
кере қорқырай дем алғанына қарағанда, қатты қиналыс үстінде сияқты.
Матростардың бірі үйреншікті қызметін атқаруға кіріскендей жай ғана
қимылдай жүріп, жіпке байлап борттан түсіріп жіберген кенеп шелекке су
толтырып алды да, оны палубаға асықпай, созбалай көтеріп шығып,
қимылсыз жатқан əлгі адамның үстіне лақ еткізіп құя салды.
Люк жанында бір адам аузындағы сигарын ызалана тістелеп, ары-бері
сенделіп жүр – кеше мені кездейсоқ су бетінен тауып алған осы адам екенін
мен енді ғана таныдым. Бойының ұзындығы бес фут, он дюймнан кем емес
шығар деймін, тіпті он жарымға жетіп қалуы мүмкін, бірақ алдымен
көзімді арбаған бұл емес – мен бірден оның алып күштің иесі екенін
сездім. Оның мығым денесінен тек қызба, қызылетті адамдарға ғана тəн
серіппелі, сіңірлі күш байқалып еді, бұл күш осы алып адамды бір жағынан
қара күштің құдайындай гориллаға ұқсатқандай көрінген. Мен бұны оның
сыртқы тұлғасына байланысты емес, күштіліктің белгісін сіздерге елестету
үшін айтып отырмын. Əдетте біздің ұғымымызда мұндай сұрапыл күш
алғашқы тіршілік иелерінде: тағы адамдар мен жабайы жыртқыштарда ғана
болғандай көрінетіні бар ғой. Жалпы, тіршілік атаулының қайнар бастауы,
дүниенің дамуы, алғашқы материяның қозғаушы күші, өмірдің түпкі негізі,
бəрі-бəрі де осы бір жабайы да сұрапыл күштен қуат алғаны рас қой;
қысқасы, басын кесіп алған жыланды ирелеңдететін де, жаңа сойған
тасбақаның етін бір нəрсе тиіп кеткенде тыржың-тыржың еткізетін де –
осы күштің құдіреті емес пе.
Палубада сенделіп жүрген адам мені осындай ойға жетелеген. Ол аяғын
нық басады, нық тұрады; оның бұлшық еттерінің əр қимылы – мəселен,
иықтарының бұлтыңдауы немесе сигарын құшырлана тістеуі – бəрі де
асып-төгіліп жатқан күштен белгі бергендей. Бірақ бұның өзі де оның
сыртқы түрі мен қимыл-қозғалысынан көрініп тұрған ұлы күштің
сарқыншағы, ал ең негізгі сұмдығы ішінде бұғып жатқандай, егер онысы
оянып кетсе, дауыл тұрып, теңіз шайқала ма, кім білсін.
Кок камбуз есігінен басын шығарып, сұқ саусағымен люк жанында
тұрған адамды нұсқап, "сол соның өзі" дегендей жымиып қойды. Шхуна
капитаны немесе коктың "шал" дегені – өзім қалайда жолығып, одан
əйтеуір бір жағаға жеткізіп салуды өтінгім келген адамның – осы адам екені
белгілі болды. Мен оған талай дүниені түсіндіруге мəжбүр болатынымды
сезіп, енді алға ұмтыла бергенімде, палубада жатқан бейшара адамды
қайтадан бір сұмдық ауру қыса жөнелген. Ол бір-ақ сəтте құрысып-тырыса
қалды. Арқасы доғадай иіліп, басы кегжиіп кетті, кеудесі көрік басқандай
ырс-ырс етеді, тегі ауа жетпей жатса керек. Мен оның мөлт-мөлт етіп су
тамшылаған қою қара сақалынан басқа ештеме көре алмадым.
Капитан – Қорқау Ларсен (кемедегілер оны солай атайды екен) ары-бері
адымдай жүріп, ақыры өліп бара жатқан адамның жанына тоқтаған да, оған
ызалана көз салған. Бұл бейшара жанның ажалмен ақтық рет арпалыса
күресіп жатқан сəті еді. Оның бетіне су шашып жүрген жаңағы матрос та
енді аңтарылып тұрып қалып еді, жанына қисайта қоя салған кенеп
шелектен су сыздықтай төгіледі. Өліп бара жатқан адамның өкшесі люк
қақпағын сарт-сарт соғады; сосын бір сəт аяқтары жайлап созыла түсті де,
соңғы рет тұяқ серпіп, тым-тырыс тына қалды, бірақ басы əлі де екі жағына
кезек бұлғаңдай береді. Бірақ сəлден кейін ол да тынышталып, ерін
ұшынан ең соңғы рет шыққан жеңіл тынысымен бірге жаны қоса ұшып
кеткендей болды. Жағы түсіп, аузы ашылып қалған, темекі ыстаған сойдақсойдақ сары тістері сонадайдан көзге ұрады. Ол осы түрімен: "Ей, ит өмір,
мен сені өстіп ит қып кеттім!" деп, тағдырды тəлкек, жалғанды мазақ етіп
жатқандай.
Енді мына қызыққа қара! Сұмдық! Капитан күтпеген жерде найзағайдай
күркіреп, өліп жатқан адамды жеті атасынан бастап ал кеп сыбасын.
Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Боқтықтың неше түрі кеткен.
Онысымен Құдайды да, Құдайдан былайғыны да оңдырып жатқан жоқ. Əр
сөзі тəннен өтіп, жанға қадалады. Мұндай былапыт сөздерді мен көшедегі
көкайылдардан да естімеген шығармын. Былапыт деймін-ау, мен өзім
əдебиеттің адамы болсам да, қажет кезінде дəл осындай өткір де бейнелі,
сонымен қатар тұла бойынан у тамған сөздерді табанда ойлап таба алмас
едім. Бұл жерде менің түсінгенім: мына өліп жатқан теңізші – капитанның
көмекшісі болған, кеме Сан-Францискодан шығар күні ол бір жаққа қаңғып
кеткен, онысымен қоймай, міне өлмейтін уақытта өліп, дəл сапарға шығар
алдында капитанды оң қолсыз қалдырған.
Мен есімнен тана жаздағанымды ежіктемей-ақ қояйын, бұны
достарымның өздері-ақ түсінер. Боқтық, былапыт сөздер менің жаныма қай
уақытта да қатты тиюші еді. Мынаны естігенде жүрегім айнып, құсқым
келді. Менің ұғымымда өлім деген нəрсе бəрінен жоғары, бəрінен де
қасиетті болатын. Ажалдың аяғы ауыр болғанмен жолы жіңішке сияқты
көрінуші еді маған. Ал мынадай қадірсіз, аяусыз өлім мен үшін құлақ естіп,
көз көрмеген сұмдық еді. Жаңа айтып өткенімдей, Қорқау Ларсеннің
қарғыс пен нəлетке толы боқтық сөздері менің төбе шашымды тік
тұрғызған. Ол сөздердің уыттылығы мен оттылығы сондай, мына мəйіттің
бетін қап-қара қып, күйдіріп жіберердей көрінген, егер анау сулы қара
сақалдың ұшы кенет бытырлап жанып, түтіндеп шыға келсе, мен оған
таңданбас едім. Бірақ өліп қалған адамға енді бəрібір ғой. Дегенмен ол əлі
де маңайындағыларды мазақ қылып, тағдырды тəлкек етіп жатқандай еді.
Осынысымен де ол дəл қазір көбімізден биік тұрғандай көрінген.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қорқау Ларсен боқтығын қалай кенет бастаса, солай кенет аяқтаған. Ол
сигарын аяғына дейін тартып болып, бір сəт төңірегіне бұрылып еді.
Назары алдымен Магриджке түскен.
– О, сүйікті кок? – деді ол еркелеткен болып, бірақ даусы ызғарлы да
зілді естілді.
– Иə, менмін, сэр! – деп, кок жарамсақтана қалды.
– Сен болсаң, айтшы, абайсызда мойнымды үзіп алам деп қорықпайсың
ба сен? Бұл саған аса пайдалы бола қоймасын білетін шығарсың. Көмекші
өлді, енді сенен де айырылып қалғым келмейді менің. Сен өз
денсаулығыңды өте күтуің керек, кок. Түсіндің бе?
Соңғы сөздің салмағы алдыңғылардың бəрін басып кеткен, саңқ етіп
шығып, таңқ етіп басқа тигендей болды.
– Ұқтым, сэр! – Кок бүрісе түсті.
Бұдан соң мəйітке сұқтана қарап тұрғандар да тез ес жиып, əркім өз
орнына қарай зыта жөнелді. Бірақ бірнеше адам камбуз бен люк
ортасындағы қуыста бөгеліп қалған да, ақырын əңгімелесіп тұра берген.
Мен бұлардың матростар емес екенін түсіндім, расында, кейін білсем, олар
– басқаларға қарағанда біршама жеңілдікке ие болған, теңіз мысықтарын
аулауға шыққан аңшылар екен.
– Иогансон! – деді Қорқау Ларсен айқайлап. Матрос сол сəтте жетіп
келді. – Қолыңа ине мен жіп ал да, мына серіні "кебінге" орап тіге бер. Ескі
желкенді қоймадан табасың. Зыт!
– Ал аяғына не байлаймыз, сэр? – деді матрос əдеттегі "құп болады,
сэр!"-ден кейін.
– Қазір оның да амалын табамыз. Ей, кок, қайдасың? – деп Қорқау
Ларсен айқай салды.
Томас Магридж ініне су толған сұртышқан секілді камбуздан алақ-жұлақ
етіп атып шықты.
– Трюмге түс те, бір қап көмір алып шық.
– Жігіттер, араларыңда не Тəураты, не қандайда бір дұға кітапшасы бар
біреу бар ма? – деп Қорқау Ларсен енді аңшылар жаққа бұрылған.
Олар басын шайқады, сосын топ орталарынан əлдекім қалжың сияқты
бірдеме айтты да, бəрі қарқ-қарқ күлді. Оның не айтқанын мен естімей
қалдым.
Капитан сосын матростарға қарап:
– Ондай қасиетті дүние мүмкін сендерден табылып қалар? – деген.
Олар үндемеді. Бұған қарағанда, Тəурат пен дұға кітапшасы бұл жерде
қасқалдақтың қанындай болса керек. Дегенмен матростардың бірі күзетте
тұрғандардан да сұрап көрейік деп, жоғарыға қарай жүгіре жөнелді. Бірақ
бірер минуттан кейін құр қол қайтып келді.
Капитан иығын қиқаң еткізді.
– Қайтеміз, бұл сорлыны ендеше бос сөзбен бас ауыртпай-ақ борттан
лақтыра саламыз да. Айтпақшы, мүмкін мына судан сүзіп алған жас
жігітіміз бірдемені жатқа білетін шығар. Түрі попқа ұқсайтын секілді.
Қорқау Ларсен осыны айтты да, шұғыл мен жаққа бұрылды.
– Сіз, расында, пастор боларсыз?
Осы мезетте аңшылар да маған бір кісідей ошарыла қараған. Олар алтау
еді. Мен өзімді мына киімдеріммен қора шетіне қадай салған қарақшыдай
сезініп, бір түрлі ыңғайсыздана бердім. Артынша қарқ-қарқ күлкі естілді.
Бұл күлкіні тіпті палубада тісі ақсиып жатқан мəйіт те тоқтата алған жоқ.
Бұл күлкіден не əдеп, не иман, не адамдықтың мысқалдай белгісі
байқалмаған. Өйткені бұл жан дүниенің жабайыланып кеткен көрінісі еді.
Қорқау Ларсен күлген жоқ, əйтсе де оның сұрғылттау көзінен біртүрлі
рақат сезімнің ұшқыны жылтыраған. Мен оған жақындай бердім.
Жақындаған сайын оны толығырақ тани түскендей болдым, бұған дейін
оны сырттай бақылап тұрып, түр-түсіне аса мəн бермеген екенмін. Бір
қарағанда жалпақтау көрінетін бет пішіні негізінен сəл сопақ, бұдырлы,
бірақ бітім кескіні түзу, тіпті ажарлы десе де болғандай екен. Дегенмен
сыртқы түрінен алған алғашқы əсерім сияқты бұның өзі де лезде
ұмытылып, оның ішкі қуаты, жан дүниесінің сонау түкпірінде бұлқынып,
бұрқанып жатқан бұла күші мені тағы да өзіне ынтықтыра түскен. Ерекше
біткен жақ сүйегі, қайыңның безіндей иегі, жұп-жұмыр бұғағы, тік қабағы
мен қасқа маңдайы – бəрі-бəрі де көзден тасада жатқан ғажап күштің
немесе алапат жан қуатының көрінісі ме дейсің. Бұл күштің өлшемі де,
шегі де жоқ секілді, сондай-ақ оны ешқандай қалыпты ұғым аясына
сыйдыру да мүмкін еместей.
Мен оның үлкен, əдемі көздерінен де көп сырды аңғарып үлгердім. Қою
қара қастың астында қос шырақтай жанып тұрған осынау көздерде ерекше
бір қасиет бар еді. Олардың сұсты сұрғылт түсі күн сəулесімен сан
құбылып тұратын жібек мата секілді – сəт сайынғы өзгерісі тіпті қайран
қалдырады. Иə, бұл кездер бірде қою-сұрғылт немесе ашық-сұрғылт, енді
бірде сұрғылт-көкшіл немесе теңіз тектес құбылмалы көкшіл түске бояла
қалады. Осы құбылмалы қос жанар сəт сайын бет пердесін өзгертіп
отыратын оның ішкі дүниесінің айнасы да сияқты, тек ол əлдебір
қақтығысты оқиға үстінде ғана өмірдегі нағыз болмысын абайсыз байқатып
ала ма деп ойлаймын. Бұл көздердің түнерген қара аспанға да, жалаң
қылыштан жарқ еткен ұшқынға да, теріскейдің темірдей қарыған суығына
немесе тіпті түстіктің жылы шуағына да айналып шыға келуі оп-оңай
шығар. Сондай-ақ мұндай көзден кейде кез келген əйелдің жүрегін жаулап
алатын құдіретті махаббат оты да маздай, жанып шыға келуі мүмкін ғой.
Жарайды, əңгімемізді əрі жалғайық. Мен капитанға өзімнің пастор емес
екенімді, өкінішке қарай ешқандай дұға да білмейтінімді айта бастап едім,
ол сөзімді күрт бөліп жіберді.
– Ал сонда наныңызды қалай тауып жеп жүрсіз?
Жасырары жоқ, мұндай сұрақты маған бұрын ешкім қойған жоқ еді,
тіпті өзім де бұны ешқашан ойлаған емеспін. Сондықтан əуелде аузыма сөз
де түспей қалған.
– Мен... мен – джентльменмін, – дей бердім міңгірлеп.
Капитанның езуіне мысқыл үйіріліп шыға келді.
– Менің өз кəсібім бар... мен жұмыс істеймін... – дедім соттың алдында
тұрғандай əрі ақтала, əрі абдырай сөйлеп. Бұны айтқанда жəне сөз емес
сөзді ауызға алып, түсіндірмейтінді түсіндіріп, көптің алдында өзімді
ыңғайсыз жайға қалдырғанымды да сезіп тұрдым.
– Өлмес күніңізді сонымен көріп жүрсіз бе?
Сұрақтың төтесінен қойылғаны сондай, қапелімде естен тана жаздадым,
аузыма сөз түспей қалды, мұғалімнің алдындағы бала секілді басым төмен
салбырап кеткен.
– Сізді сонда кім асырап жүр? – деді ол іле-шала.
– Маған тұрақты түсіп тұратын түсім бар, – дедім мақтанышты түрде.
Бірақ тым есіп жібергенімді түсініп, тілімді тістей қойдым.
– Кешіріңіз, сізге айтайын дегенім тіпті де бұл емес... Мен... мен өтініш
айтайын деп едім сізге.
Бірақ капитан мені одан əрі сөйлетпей бастырмалата жөнелді.
– Ол түсімнің иесі кім? Кімнің маңдай тері? А? Əрине əкеңнің. Сен
талтаңдасаң, тек соның арқасында талтаңдап жүрсің. Əйтпесе сен кімсің?
Өлілердің есебінен ғана күн көріп жүрген біреусің. Сен сияқты ақ
саусақтар өздігінен бір күн де өмір сүре алмайды, ауыздарыңа ылғи да
біреу жем салып, су құйып тұрмаса, кез келген сəтте арам қатасыңдар
сендер. Қане, алақандарыңды көрсетші маған.
Оның іште бұғып жатқан алапат күші бір-ақ сəтте бұрқ етіп сыртқа
шыққандай, мен ес жиып үлгергенше жаныма жалғыз-ақ аттап жетіп келген
де, оң қолымды шап беріп ұстап, көзіне тақай берген. Мен оны босатып
алайын деп барынша бұлқынып көріп едім, бірақ құрсаудай қысқан темір
қолдың шеңгелі білек сүйегімді бытыр-бытыр сындырып бара жатқандай
көрінді. Мұндай сəтте намысыңды қорғау түгілі шыбын жаныңды сақтап
қалу мұң шығар. Мен оның жалғыз қолының уысында бүркіт ілген
түлкідей тырбаң-тырбаң етемін, бірақ босай алмаймын, бұлқынған сайын
темір қолдың шеңгелі қыса түседі. Ақыры барлық қорлыққа шыдап, тыптыныш тұруға мəжбүр болдым.
Бұл уақытта матростар өліктің қалтасын түк қалдырмай ақтарып болып,
одан табылған ұсақ-түйек заттарды палубаға жинап қойып, өзін ескі
желкенге орап, ал Иогансен оны жуан ақ жіппен былғарыдан жасаған
гардаман деген ерекше ине арқылы əр жерінен бір шалып тіге бастаған.
Қорқау Ларсен мені мазақ қылғандай бетін тыржың еткізді де, қолымды
қоя берді.
– Сол өлгендердің арқасында үлбіреп қалған қол ғой бұл. Бұнымен
ыдыс-аяқ жуып, ботқа пісіргеннен басқа ештемеге жарамассың.
– Мені бір жағаға жеткізіп салыңыз, – дедім ақыры батылдау тіл қатып. –
Қанша сұрасаңыз да төлеймін. Жол шығыны, анау-мынау, бəрі менің
есебімнен.
– Өлгендердің есебінен емес пе? – деп ол мырс етті. – Ал менің
ұсынысым басқаша, сіздің пайдаңыз үшін, – деді сосын тағы. – Міне, көріп
тұрсыз, көмекшім өліп қалды, сондықтан қызметте аздап ауыс-күйіс
жасасам деймін. Мəселен, матростардың бірі көмекшінің орнын алады,
юнга матростың орнына бакке барады, ал сіз юнганың қызметін атқарасыз.
Бұл қызметіңіз үшін айына жиырма доллар жəне біраз азық-түлік аласыз.
Ал не дейсіз? Сізге осыдан артық қандай жақсылық керек! Мен сізді адам
етіп шығарам, білдіңіз бе, адам етіп. Сонда сіз екі аяғыңыздан тік тұрып
кететін боласыз, мүмкін аздап сылтып қалуыңыз да ғажап емес.
Мен бұл сөзге аса мəн бергем жоқ. Көздерім алыста еді. Əлгінде
оңтүстік-батыстан төбесі қылтиып қана көрінген əлдебір кеменің
кішкентай желкені енді біршама өсіп қалған, уақыт өткен сайын оның
кескін-пішіні де айқындала түскен. Байқауымша, ол да мына "Елес" тектес
шхуна сияқты, тек сыртқы түрі сəл кішілеу ме деймін. Ол шайқала
ырғатылып, желкендерін желбірете керіп, бізге қарай аққудай сырғып
келеді. Керемет көрініс! Көңіліңе желік бітіреді. Мына жүріс, мына
бағытымен көп өтпей-ақ бізбен оның қатарласа беретініне имандай сеніп
тұрмын. Жел күшейе түскен-ді. Күннің көзін бұлт шалған. Теңіз беті
күңгірт тартып, көк толқындар лықси толқып, ақ көбіктер аспанға ата
бастаған. Біздің шхуна да жүрісін жеделдете түскені байқалады, өзі бір
бүйіріне тым қисайып алған-ды. Қапталдағы тұтқалар суға батып үлгерген,
бортқа ұрған толқындар енді палубаға шапшиды. Люк шетінде отырған
аңшылар шекпен етегімен аяқтарын қымтай түседі.
– Ана шхуна қазір жанымыздан өтеді, – деймін мен ұзақ үнсіздіктен
кейін. – Қайтып бара жатқан кеме ме, қалай... Мүмкін ол Сан-Францисконы
бетке алған болар.
– Əбден мүмкін, – дейді Қорқау Ларсен, сосын басын басқа жаққа
бұрып, айқай салған. – Кок! Ей, кок!
Томас Магридж камбуздан жүгіріп шықты.
– Қайда əлгі юнга? Шақыршы оны мұнда.
– Құп болады, сэр!
Томас Магридж корм жаққа жылдам барып, штурвал жанындағы басқа
люктен төмен түсіп кетті де, бірер секундтан кейін палубаға қайта
көтерілді, оның соңынан он жеті, он сегіздер шамасындағы, түрі қоңырқай
тартқан, шегір көзінен ашу мен ыза білінген бір жас жігіт көрінді.
– Міне ол, сэр, – деді кок.
Бірақ Қорқау Ларсен бұдан əрі оған назар аударған жоқ, юнгаға
бұрылып:
– Атың кім? – деді гүр етіп.
– Джордж Лич, сэр, – деп ол қабағын кіржің еткізді, тегі не үшін
шақырғанын сезсе керек.
– Фамилияң ирландық емес, – деп капитан қойып қалды. – Сенің
кеспіріңе О'Тул немесе Мак Карти деген əлдеқайда жарасымды болар еді.
Байқаймын, шешеңнің қойнына қайдағы бір ирланд атын жамылған біреу
түнеп шыққан ғой, шамасы.
Мынадай қорлаудан жігіттің жұдырығы жұмылып, желкесі күдірейе
қалғанын байқадым.
– Жə, болды, – деп, Қорқау Ларсен сөзін əрі жалғады. – Өз фамилияңды
ұмытып қалғаныңа үлкен бір себеп болған шығар. Шындығында, сен
қандай аты-жөнге ие болсаң да, маған ол айран ішкенмен бірдей. Сен,
əрине, Телеграф тауынансың2. Бұл сенің маңдайыңда жазулы тұр. Мен
сенің ағаңды да білемін. Сендердің барлықтарың да есектей қырыс,
сайтандай сайқалсыңдар. Бірақ сен саспай-ақ қой, бұл жерде сені əлі-ақ
қамырдай илейтін боламыз. Ұқтың ба? Айтпақшы, мұнда сен кім арқылы
жалдандың?
– Мак-Криди жəне Свенсон агенттігі арқылы.
– Сэр! – деп ақырып жіберді капитан.
– Мак-Криди жəне Свенсон агенттігі арқылы, сэр! – деді жігіт сөзін
түзетіп, бірақ көзінен ұшқын жарқ ете қалды.
– Авансты кім алды?
– Солар, сэр.
– Өзім де солай деп ойлап едім. Сенің, бəлкім, қуанышың қойныңа
сыймаған болар. Соңыңнан біреулердің аңдып жүргенін сездің, білдің!
Солай ғой?
Юнганың көзі қас қағым сəтте қасқырдың көзіндей от шаша қалған.
Қатты ыза қысқандықтан ба, жон арқасы да күдірейіп шыға келіп еді.
– Қап, мынаны естігенше... – деп ол айқайлап жіберуге аз қалған. Сөз
аяғында не айтқысы келгенін мен түсінбей қалдым, тегі ызамен капитанды
сыбап жібере жаздады-ау деймін.
– Не? – Ларсеннің үні тіпті сыбырға жақын шықты, бұнысымен оны
мазақ етіп тұрғандай көрінді.
Бірақ юнга бұл сəтте ойын да, бойын да жинап ала қойған.
– Жайша, сэр. Сөзімді қайтып алдым.
– Соныңмен де мені мойындап тұрсың,– деп капитан ризалықпен
жымиды.– Жасың нешеде сенің?
– Он алтыға жаңа толдым, сэр.
– Өтірік айтасың! Сен он сегізден асқан жігітсің. Жəне сен өз жасыңа
қарағанда əлдеқайда мығымсың. Бұлшық еттерің бұқанікінен бірде-бір кем
емес. Қазір боқтығыңды жинап ал да, бактағы кубрикке жөнел. Ескекші
матрос боласың. Бұны қызметінің өскені деп есепте, ұқтың ба?
Капитан одан жауап күтпестен, мəйітті желкенге орап тігіп жатқан
матросқа бұрылып:
– Иогансен, – деді əмірлі.– Сен навигация3 жайынан бірдеме білесің бе?
– Жоқ, сэр.
– Өкінішті! Дегенмен бəрібір сен көмекші боласың. Киім-кешегіңді
каютаға апар, мынау жатқан төсекке енді сен жатасың.
– Құп болады, сэр! – деп Иогансен көңілді тіл қатып, сол сəтте-ақ бакқа
жөнелді.
Бірақ бұрынғы юнга əлі де тұрған орнынан қозғалған жоқ еді.
– Ал сен не күтіп тұрсың?– деді оған капитан.
– Мен мұнда матрос болуға келгем жоқ, сэр. Мен юнга болуға
жалданғам. Матрос болғым келмейді.
– Жүгіңді жинап ал да, бакқа жөнел!
Бұл жолғы бұйрық əмірлі де зілді шықты. Алайда бұрынғы юнганың
қабағы түнеріп, міз бақпай тұрып алған.
Осы сəтте Қорқау Ларсен өзінің сұмдық күшін тағы да көрсетіп еді. Бəрі
де күтпеген жерде, жай отындай жарқ еткен жылдамдықпен болды. Ол
жалғыз-ақ секіріп, алты футтай жердегі юнгаға жетті де, жұдырықпен
іштен періп кеп жіберді. Осы сəтте соққы өзіме тигендей төс шеміршегім
гүдір ете түскендей болды. Бұны мен сіздерге сол мезеттегі өз жүйкемнің
қалай тітіркене қалғаны мен мұндай көріністің өзім үшін қаншалықты
жабайы көрінгенін нақты сездіру үшін ғана айтып отырмын ғой. Жə, бұдан
кейін не болды дейтін шығарсыздар. Юнга, салмағы кем дегенде жүз алпыс
бес фунттай болатын алпамсадай жігіт, бірден екі бүктетіліп түсті. Құдды
ол Ларсеннің жұдырығына жіпке қыстырған сулы шүберектей ілініп
қалған. Сосын оның биікке бір-ақ ұшып, көйлек етегі делең-делең еткен
күйі екі-үш қадам жерде жатқан өлік жанына гүрс етіп құлап түскенін
көрдім. Құлап түскенде басы мен иығы тақтайға қатты соғылған. Сөйтіп ол
сол жерде бүктетіліп қала берді.
– Ал қалай?– деп Ларсен кенет маған бұрылған.– Сіз ойланып болдыңыз
ба?
Мен бізге тым тақап қалған манағы шхунаға қарадым. Ол "Елеске"
қарама-қарсы, небəрі екі жүз ярдтай жерде келе жатыр еді. Бұл өзі əдемі,
қуыршақтай ғана кеме екен. Желкендерінің бірінен ірі сандармен жазылған
номіріне дейін ап-анық көрінеді. Бұрын кітаптардан көрген кеме суреттерін
еске ала келіп, бұны мен лоцмандық бот па деп ойладым.
– Бұл қандай кеме? – деп сұрадым капитаннан.
– "Леди Майн" деген лоцмандық бот, – деді ол. – Өзінің лоцмандарын
жеткізіп салып "Сан-Францискоға" қайтып бара жатқан беті. Бұл оған
мынадай желде бес-алты сағатта жетіп барады.
– Өтінем сізден, оған белгі беріңізші, мені жағаға жеткізіп салсын.
– Түсінем сізді, бірақ өкінішке қарай мен белгі беретін кернейімді
теңізге түсіріп алып едім, – деді капитан. Аңшылар ортасынан қарқ-қарқ
күлкі естілді.
Оның көзіне тура қараған кезде, бойымды біртүрлі үрей билеп кетті.
Юнганы ол бір демде қалай жер қаптырғанын көріп тұрып, онымен қалай
қарсыласуға болады. Ал қарсыласа қалсаң, бұл жігіттің көргенін сен де
көруің мүмкін. Тіпті одан зорғысын! Рас, жүрегім шайлығып қалды. Бірақ
сосын мен не істеді дейсіз ғой? Бұл менің өмірдегі ең батыл қадамымның
бірі болған шығар! Бортқа тұра ұмтылып, бар даусыммен айқайға бастымау!
– Е-е-ей, "Леди Майн!" Мені жағаға ала кетіңдерші! Өздеріңмен бірге
жағаға. Мың доллар төлеймін. Мың до-оллар!
Штурвалда тұрған екі адамға ес-түссіз қолымды бұлғай беремін. Оның
бірі кеме жүргізіп келеді де, екіншісі аузына рупорды тақап, бос тұр. Мен
мойнымды бұрғам жоқ, бірақ желке тұсымда тұрған хайуан-адам қазір-ақ
жалғыз жұдырықпен жалп еткізетін шығар деп ойладым. Бұл соққыны
қанша күткенімді білмеймін, ақыры шыдамай арт жағыма бұрылып едім,
Ларсен орнынан да қозғалған жоқ екен – манағы талтайған қалпы сигарын
құшырлана тартып, жайбарақат тұр итің.
– Не боп қалды? Тыныштық па? – деген дауыс шықты "Леди Майн"
жақтан.
– Иə! Иə!.. Жо-жоқ!– деп ойбайға басып мен тұрмын. – Тыныштық емес!
Құтқарыңдар! Құтқара көріңдерші мені! Мың доллар төлеймін жағаға
дейін. Мы-ың доллар!
– Жүре беріңдер! Фрискодан жігіттеріміз біраз сілтеңкіреп жіберіп еді, –
деді Ларсен өңешін созып. – Ал мынау, – деп ол мені нұсқаған, – аузын ит
жалағанша ішкен ғой.
"Леди Майн" рупорынан күлкі жаңғырықты да, кеме жанымызды жанап
өте берді.
– Біздің атымыздан оны сілейтіп салыңдар. – Кеме үстіндегі екеу
кезектесе бізге қол бұлғады.
ЬІзаға булыққан мен борт жиегіне шынтақтай тұрып, əлгі кеменің соңын
ала екі жаққа жарыла қашып бара жатқан ақкөбік толқындарға көзім
боталай қарадым. Ол небəрі бес-алты сағаттан соң Сан-Францискода
болады! Менің басым айналып, жүрегім шаншыды, көкірегіме де бір қатты
түйін байланып, кеудемді ашытып жіберген. Ақбас толқындар бортты
ұрып, бетіме суық су шашады. Жел мүлде күшейе түскен, "Елес" бір
жағына қисайып алып, екпіндете сырғып келеді. Палуба үстіне судың бұрқбұрқ төгілгенін естимін.
Кері бұрылған сəтте, аяғынан əрең тұрып келе жатқан юнганы көрдім.
Көзі қанталап, өңі өліктей бозарып кетіпті. Қатты ауырып, қиналып
тұрғаны анық еді.
– Қалай, Лич, баққа барасың ба? – деді капитан.
– Иə, сэр.
– Ал сен ше? – деп ол маған бұрылды.
– Мен сізге мың доллар... – дей беріп едім:
– Қой бұны! – деді ол. – Одан да маған юнганың қызметін атқаруға
келісесің бе, соны айт! Əлде сенімен де айналысып көрейін бе?
Не істеймін? Аузымнан қара қан аққанша қарсыласа берем бе. Мынаның
өлтіріп жіберуі де оп-оңай ғой. Мен оның ызғар шашқан көзіне қадала
қарадым. Мұндай мейірсіз, жылусыз, қара тастай безерген көз адам
баласында сирек кездесетін шығар. Əдетте кез келген жұмыр басты
пенденің көзінен мысқалдай болсын адамгершіліктің ұшқыны сезілуші еді,
ал мұнда оның жұрнағы да жоқ секілді.
– Қалай, келісесің бе?
– Иə, – дедім мен.
– "Иə, сэр" деңіз, – деп түзетіп қойды ол.
– Иə, сэр, – дедім қайталап.
– Аты-жөніңіз кім сіздің?
– Ван-Вейден, сэр.
– Атыңыз?
– Хэмфри, сэр. Хэмфри Ван-Вейден.
– Жасыңыз?
– Отыз бесте, сэр.
– Жарайды. Кокке барыңыз, ол сізге не істейтініңізді көрсетеді.
Мен сөйтіп еріктен тыс Қорқау Ларсеннің құлы боп шыға келдім.
Өйткені ол менен күшті еді. Бар мəселе сонда. Ол уақытта бұны мен
əлдебір құдіреттің күші, тағдырдың жазуы деп білгем. Тіпті қазір де, баяғы
өткен күндерді еске алғанда, сол уақытта басымнан кешкендердің бəрі
ешқандай ақылға сыймас дүниедей көрінеді. Алдағы уақытта да оны дəл
солай – сұмдық-көкесіндей көре беретін шығармын.
– Тоқтай тұрыңыз!
Камбузға жете бере аяғымды кілт тежедім.
– Иогансен, бəрін жоғарыға шақыр. Жағдайдың бəрін реттедік, енді
өлімді жөнелтіп, артық-ауыс заттардан палубаны тазартып алғанымыз жөн
болар.
Иогансен команданы жинап əкелгенше, екі матрос капитанның
нұсқауымен желкенге оралған мəйітті люк қақпағына жатқызды. Кеменің
екі қапталында түбін төңкеріп қойған екі кішкентай шлюпка байлаулы тұр
еді. Тақтайда жатқан ауыр мəйітті бірнеше матрос көтеріп алып, аяқтарын
теңіз жаққа қаратып, əлгі шлюпкалардың жел жақтағысының үстіне дүңк
еткізіп қоя салды. Сосын оның аяғына кок əкелген бір қап көмірді байлады.
Теңізде өлім жөнелту маған қай уақытта да ерекше салтанатпен,
айрықша дəстүрмен өтетіндей көрінетін, бірақ мен куəсі болған мына
көрініс бұрынғы тəтті елестерімнің бəрін бір-ақ сəтте жоқ қылып еді. Аласа
бойлы, қоңыр көзді аңшылардың бірі (достары оны Смок деп атағанын
естіп қалдым) өлім туралы əлдебір боқауыз анекдотты айтып тұрды. Оған
қалғандарының абалаған, қыңсылаған, ырбаңдаған күлкісі қосылды.
Матростар тықыр-тықыр басып, палубаға жинала бастады. Күзеттен келген
кейбірі ұйқы тығылған көздерін тырналай тұрып, сыбыр-күбір əңгімеге
көшкен. Матростардың түрінен түңілу, тіксіну сияқты əлдебір көңілсіз
нышан сезіліп еді. Мына капитанмен сапарлас болу оларға оңай тимегені
байқалады. Əредік-əредікте өздері Қорқау Ларсенге ұрлана қарап қояды,
соған қарағанда, одан қатты қорқатын секілді.
Капитан тақтайдың жанына келді, бəрі бас киімдерін шешті. Мен
палубаға жиналғандардың бəрін көзбен санап шықтым. Олар жиырма адам
екен; демек, жүргізуші мен мені қоса есептегенде, бəрі – жиырма екі адам.
Мен үшін бұлардың дəл есебін біліп алудың еш артықшылығы жоқ еді,
өйткені осынау жылжымалы шағын əлемде мен олармен бірер апта, немесе
бірер ай емес, мүмкін тіпті жылдап жолдас болам ба, кім білсін. Бетжүздері қорғасындай ауыр осынау матростардың көпшілігі ағылшын
немесе скандинавтар еді. Ал беттерін айғыз-айғыз əжім торлаған аңшылар
оларға қарағанда əлдеқайда мығым, көңілді көрінеді, сондай-ақ олардың
əрбір əрекетінен əлденеге деген құштарлық та сезілгендей. Қызық! Бұрын
да айтып өткенімдей, сіздерге əзірейілдей көрініп отырған Қорқау
Ларсеннің кескін пішінінде, шындығында, көзге ерекше ұрып тұрған
сүйкімсіз ештеме жоқ еді. Рас, оның бетінде де терең-терең əжім
сызықтары бар, бірақ онысы асқан жігер мен қайраттылықтан ғана хабар
бергендей. Оның бет құбылыстарынан тіпті турашылдық пен
бірбеткейлікті де аңғаруға болады. Осындай адам жаңа ғана юнга сияқты
жас жігітті быт-шыт қылып соқты дегенге мүлде сенгің келмейді.
Міне ол бірдеме айтайын деп аузын аша беріп еді, екілене соққан жел
шхунаға лап қойып, оны бір жағына қатты қисайтып жіберді. Желкендер
желпілдеп, арқандар азынай ысқырды. Аңшылардың кейбірі абыржып
аспанға қараған. Мəйіт жатқан жел жақтағы борт ақ көбікке біраз малынып
барып, қайта қайқайып шыға келгенде, палуба үсті қызыл асықтан суға
толып кетті. Сосын кенет нөсер құя жөнелді: ірі-ірі тамшылар палубаны
бұршақтай ұрып жатыр. Сосын осы жауын аралас қатты жел бізді сілкіпсілкіп өте шыққан кезде, капитанға қайта тіл біткен, бəрі оны қас қақпай,
бас киімдерін шешіп тұрып тыңдаған еді.
– Мен өлім жөнелту рəсімінің бір ғана үзігін жатқа білемін, – деді
Ларсен. – Бұл жерде тек соны айтамын: "Тəнін теңіз құшсын бейбақтың!"
Міне осылай! Енді тастай беріңдср оны теңізге.
Ол үнсіз бас изеді. Люк қақпағын ұстап тұрғандар біртүрлі
ыңғайсызданып қалған; рəсімнің тым қысқалығы қарындарын ашырған
секілді. Бірақ капитан оларға дүрсе қоя берсін.
– Сайтан алғырлар, көтерсеңдерші мына басын. Неменеге ауыздарыңды
ашып тұрсыңдар бəрің!
Біреу тақтайдың басын асығыс көтеріп қалғанда, борттан сырғи құлаған
мəйіт шұңқырға лақтырған иттей болып, екі аяғымен төмен қарай зулай
жөнелді. Аяқтарына байлаған көмір толы қап бейшараны бірден тереңге
тартып əкеткен...
– Иогансен! – Капитан жаңа көмекшісіне айқай салды.– Мына
тұрғандардың ешқайсысы ешқайда кетпесін. Топсель мен кливерді жинап
алыңдар! Жылдам! Зюйд-осты күтуіміз керек. Гродтан рифті алып тастауды
да ұмытпаңдар. Стаксельден де.
Палуба үсті əп-сəтте қайнаған тірлікке айналды. Иогансен əр бұйрығын
мық шегедей қағады. Матростар арқандарды тартқылап, желкендерді
түсіріп, құрал-жабдықтарды жинастырып, кеменің о жақ-бұжағына зыр
жүгіреді. Ал қара жердің тірлігіне ғана жаралған мен сияқты адамға бұның
бəрі миға кірмес, түйсік жетпес бірдеме. Мені адам деп, көңіл аударып
жатқан да ешкім жоқ. Мені қойшы, бір қап көмірмен бірге мəңгілікке
кеткен жаңағы мəйітті айтсаңшы. Көзден кетті – көңілден де кетті бейшара.
Енді мыналардың арасында ол үшін титтей де қайғырған біреу бар ма екен?
Əй, қайдам! Неткен жаны қасаңданып кеткен адамдар. Біреу өлді деп
тоқтап қалған дүние, тоқырап қалған тірлік те жоқ: кеме өз жолымен кетіп
барады мінеки, палубада қайнаған жұмыстың түрі əнеки. Қандай сұмпайы
дүние бұл! Бəрін де көріп тұрмын, естіп тұрмын мен. Əне, аңшылар Смок
айтқан əлдебір анекдотқа қарқ-қарқ күледі. Матростар матч басындағы
желкендермен əуре. Қорқау Ларсен бұлт енді қай жақтан шығар екен
дегендей түпсіз аспанға түңіле көз салады. Мезгілінен бұрын мерт болған
əлгі адам бұл уақытта мүмкін теңіз түбіне жетіп те қалған шығар.
Теңіздің қатал да аяусыз заңын бұлайша түйсіну кенет менің жүрегімді
тітіркендіріп жіберген де, көз алдымдағы тірліктің бəрі маған соншама
сұрқайы, соншама көңілсіз, жалпы өмір дегенің азап мен қасіреттен ғана
тұратын, қара бақырлық құны жоқ бос дүние боп көрінген. Мен ванттың
тура жанындағы фальшборттан ұстаған күйі көбікті толқындар мен
көкмұнар тұманға қарап, ұзақ-ұзақ ойланып тұра бердім. Сан-Франциско
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Теңіз қорқауы - 03
  • Parts
  • Теңіз қорқауы - 01
    Total number of words is 4109
    Total number of unique words is 2151
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    56.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 02
    Total number of words is 4147
    Total number of unique words is 2144
    36.0 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 03
    Total number of words is 4176
    Total number of unique words is 2277
    34.9 of words are in the 2000 most common words
    50.4 of words are in the 5000 most common words
    58.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 04
    Total number of words is 4218
    Total number of unique words is 2074
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 05
    Total number of words is 4126
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 06
    Total number of words is 4249
    Total number of unique words is 2189
    35.3 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 07
    Total number of words is 4149
    Total number of unique words is 2164
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    49.8 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 08
    Total number of words is 4192
    Total number of unique words is 2255
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.7 of words are in the 5000 most common words
    58.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 09
    Total number of words is 4099
    Total number of unique words is 2166
    36.2 of words are in the 2000 most common words
    50.8 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 10
    Total number of words is 4179
    Total number of unique words is 2158
    34.5 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 11
    Total number of words is 4129
    Total number of unique words is 2140
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 12
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2015
    36.8 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 13
    Total number of words is 4188
    Total number of unique words is 2201
    37.0 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    59.8 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 14
    Total number of words is 4038
    Total number of unique words is 2098
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 15
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2142
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    51.4 of words are in the 5000 most common words
    58.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 16
    Total number of words is 4198
    Total number of unique words is 2108
    35.1 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    58.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 17
    Total number of words is 4226
    Total number of unique words is 2157
    35.5 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 18
    Total number of words is 4153
    Total number of unique words is 2094
    37.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    58.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 19
    Total number of words is 4222
    Total number of unique words is 2071
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    51.8 of words are in the 5000 most common words
    59.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 20
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2029
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    50.3 of words are in the 5000 most common words
    58.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 21
    Total number of words is 4225
    Total number of unique words is 2129
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    60.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 22
    Total number of words is 4195
    Total number of unique words is 2097
    35.6 of words are in the 2000 most common words
    52.0 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Теңіз қорқауы - 23
    Total number of words is 2480
    Total number of unique words is 1428
    37.5 of words are in the 2000 most common words
    53.8 of words are in the 5000 most common words
    61.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.