Latin Common Turkic

Шырағың сөнбесін - 25

Total number of words is 4186
Total number of unique words is 2260
34.1 of words are in the 2000 most common words
49.6 of words are in the 5000 most common words
57.6 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
келгенде... Түнімен ұйықтай алмадым... Зəре — құтым қалмады. Құдай
сақтап енді аман — сау келгенде,..— деп бəйек болдым да қалдым.
Шай үстінде есімді жиып, бойымды тежеп, ойымды сұрыптасам да,
қызарып — сұрланып, қысылып — қымтырыла отырып, ақыры Абан
сөзінің жауабын бердім... Бұрын да жұбымыз жазылмай, тағдырымыз
тіркесіп келе жатқан жандар едік, енді бір үй болып жұптастық. Абанның
ар жағы көрініп тұрады ғой, оның бар ықыласымен құлағанына шүбəм
болған жоқ. Тек оның мол ықыласының орайын мен ғана толтыра алмай
жүрдім. Біз үшін жанын аямай жүрген осы бір ақ көңіл жігіттен аянарым
жоқ — ақ сияқты еді, өйтсе де, көңілім мен нəпсіме түскен бір тұсау бар;
сол тұсауы түскірді ағыта алмай — ақ қойғанмын. Қосылған алғашқы
күндері тіпті мазасыз болдым. Аңсары қатты, арынды жігіттің аптығы
нəпсімді оятып жіберудің орнына, көңілімді үркітіп тастайды. Қасымбектен
өзгені көрмеген надан тəнім де тосын еркекті жатырқайтын тəрізді.
Байқасам — арамызға Қасымбек кіріп кетеді екен. Күндіз екеу болғанмен
төсекте үшеуміз... Осындай алаң көңілден арыла алмай əуре болдым.
Абанда ондай сезім бар ма екен? Сірə жоқ шығар, мен сияқты кіді емес,
екіге жарылып алаң болмайтын, көңілі тұтас, бір беткей жігіт қой, ол
тұрмақ менің қақ жарылған хəлімді де сезе бермейтін тəрізді. Абан алаңсыз
болса, айыбы не? Тек менің өзім əр нəрсеге əккі болып кетіппін; біреудің ар
жақ — бет жағына сұқ көзімді жүгірткіш, əсіресе өз көңілімнің бүкпелері
мен ұры қалтарыстарын тіміскілегіш қазымыр мінез тауыппын.
Содан шығар, Абанды да қазір алақаныма салып, айналдыра үңілгендей
ар жақ — бер жағына көз жүгіртем. Абан мені «Нəзікеш» деп еркелетіп
сөйлейтін болды, өйдемегенде қайтсын, енді балама əке, маған жар,
шаңырақ иесі қожайыным ғой. Бірақ мен тым есейіп кеткенмін бе,
ыңғайсызданып еркелей алмаймын. Екінші некемнің алғашқы некемнен,
ендігі жай — жапсарымның бұрынғыдан өзгеше боларын сеземін.
Алғашқыда жасым он сегізге қараған сырықтай қыз болсам да, бетім
ашылмаған бала едім. Қасымбек менен жеті жасы үлкен, көрген түйгені
көп, қабырғалы азамат,.. мені балаша бөктеріп алып жүре берді, мен де
тізгінімді соған ұстатып, соның ырқына жығылдым; ол тірі болса біріміз
үлкендіктен, біріміз кішіліктен жазбай өмір кешетін түріміз бар еді. Екінші
қадамымды есейген, көңілі кексе тартқан əйел болып аттадым. Мені
есейткен, есік көргендігім ғана емес, мына сұм соғыс. Абан мені қанша
«Нəзікеш» деп еркелеткенмен, тілінде болмаса да, ділінде мен оған
«Нəзеке» боламын. Мұндай ашық — тесік аңғал адамдарға бір қабаты
болса да қалың, аз да болса, қымқырмасы бар жетекші керек. Қасымбекке
бала болсам, Абанға ана боларымды сеземін.
18
Тағы да бір таң атты. Қанша үнемшіл болсаң да, қысқа жіп күрмеуге
келген бе, азығым да түгесілді, қалған азығым — кішкентай Светаның
жұдырығындай ғана қатып қалған қара нан. «Алда қандай уақыт бар»,—
деп қазақ соңғы талшығын қара күнге сақтаушы еді, бірақ менің «қара»
емес күнім де шамалы. Қалың немістің қуғынынан өздері жанын қорғар
жер таппай жүрген партизандардың мені қашан іздеп тауып алатынын бір
құдайдың өзі білсін. Қанша қытымырлансам да, екі нəресте шыдатар емес,
солып қалған емшегімнен де тандыры кетпей балалардың таңдайына тиетін
тамшы жоқ, амалым қанша соңғы бір шөкім нанды беремін де, ендігі
нəсіпті тəңірден күтем. «Менің басым піскен бас»,—деуші еді біздің елдегі
бір қазақ, мен шыдармын — ау, тек мына екі бала шыдатса.
Қатқан нанды асап жейтін бұл екеуінде тіс қайда, титтей нанның
шетінен шөкім тістеп алып шайнап бердім. Қара нанның ашқылтым тəтті
сөлі таңдайымды үйіріп, солқылдатын əрі қарай кетіп барады. Қаттырақ
шайнағанда, ерімеген түйірлерін де аузымның суымен қоса жұтып
жібердім, байқамасам, ашылып тұрған араным мына бір жапырақ нанды
қылқ еткізер түрі бар. Жағымды қысып алып, көзімді жұмып аз отырып,
нəпсісі құрғырды əзер тежедім. Аштықтың да өз мінезі бар, өне бойы
ішіңді тырналай бермей, бірақ өзін де ұмыттырып жоғалып кетпей,
қолқаңның түбінде ақырын ғана мүлгіп жатады, екі балаға нəр татырам
деп, сол сайтанды оятып алдым.
Қанша кішкентай дегенмен, əлгі бір шайнам нанға қайдан тойсын, бұл
екеуі менің аузыма үңіліп, енді жағым қимылдамағасын, алдымен Дулат
емшегіме қарай өрмеледі. Өзім аштықпен алысып, ызам келіп отырғанда,
итеріп тастап едім, солқылдап жылап қоя берді. Бір жағынан маған қарай
ұмсына берген кішкентай Света, өз баламды итеріп тастағанымды көріп,
бата алмай, тұрып қалды. Көзінің астымен бір — екі рет қарап алып, менің
жібімесімді білген соң, Дулат та тоқтады.
Өзім ойлап таппаған, өзінен — өзі келген жан сақтаудың тəсілі болар:
осылай анығын тарыққанда, не бір қатер төніп қорыққанда, есек дəмені
талшық етіп, үзілмейтін үміттің соңына ілесіп, алаң боламын. Көбіне
шыдадым, енді азы қалды ғой. Менің де азабымның адыры таянған шығар
— біздің Қызыл əскер таяп қалды, əне — міне жетеді деп жұрттың бəрі, құр
болжам емес əр күнгі жылжыған қадамын санап жүр еді ғой. Тек біздің
əскер жақындағанда, немістердің де партизандарға деген қаһары қатайып
кетті. Қарақшыға жеткенде құлап түспей, осыдан бір аман өтсем... Қайдам,
бұрын да талай қияметтен өтіп едім. Қасымбектен айрылсам да, тағдыр
мені жалғыз қалдырмады, сүйеніш қылып тағы бір азаматты берді.
Шүкірлік дегенді де ұмытпаған дұрыс қой, баламды құшақтап қалталақтап
тірі келе жатқаным да сол тағдырдың тартуы шығар. Кеудесінде жаны
болса, Абан іздеп таппай қоймайды. Тек сол азаматымды аман қылғай да.
Апыр — ай, өзім де бір қитығым жазылмайтын, кінəратшыл қырсықпын
ғой деймін. Біржола басымды байлап берсем де, соғыс арасында, тəңірдің
төтенше сыйындай, оңаша қалған азғана сағаттарда соған бір бар
ықыласыммен мейірленіп ашыла алмай — ақ қойғаным. Менің еріксіз
берілгендей қыртысып жатқан солғындығымды сезе ме екен аңғал жігіт?
Сезсе де, маған сездірмей жүре ме екен? Əйтеуір соның маған деген
ақаусыз көңіліне ақау салғаннан басқа, оны жарылқағаным шамалы болар.
Анада, сөз салғанда да, сондай бір кірбең түсіріп едім ғой көңіліне.
Абанның алдында тағы да қарыздар болып қалған айыбым қамшылап,
тағатсыз күтем. Бірер күнсіз орала алмасып білсем де, екі күннен бері ауық
— ауық сырттағы дыбысқа құлағымды тосып, алаңдап аптыға бергенмін,
енді келетін де уақыты болды. Қанша етім өлді дегенмен, үрейі құрғыр да
ұлғайып барады, тезірек жетсе екен. Тезірек жетем деп əлде бір пəлеге
ұшырап қалды ма? Енді, машықты əдетіммен, қармап ұстап алып, су
бетінде қалқып тура беретін талымнан айрылып қалып, аласұрып
малтығып жүрген сияқтымын. Жетелеп алып кете беретін ойым да, алаң
қылатын екі балам да бір жақта қалып, жүрегім дірілдеп, демімді ішіме
тартып, тың тыңдаймын. Бір — екі рет қадам дүңкілі ме, сырт жақтан бір
тықыр естілгендей болып еді, ұшып тұрып жоғарғы саңылауға құлағымды
тоссам — бұрышта бүгежектеп бір нəрсені əурелеп отырған балалардың
сыбдыры екен. Ыза болғаннан, екеуін ұрып тастай жаздадым.
Тағы да сол балалардың қарекеті ме десем, мына тықыр жақындап
келеді, дүңк — дүңк басқан біреудің ауыр қадамы менің үңгіріме таянып
қалды. Орнымнан ұшын тұрып, есікке қарай ұмтылғанда, кенет жүрегім
алқымына кептеліп, буыным қалтырап, жарға сүйене жеттім. «Немістер
болса қайттым?»... Біреу сенімді қимылмен есікті ашып жатыр.
«Нəзікеш» деген таныс дауысты естігенде, буынымнан əл кетіп, жерге
отыра кеткенімді білем. Абанның жоғарыдан серейіп түсіп келе жатқан
сирағын да көріп қалғаным есімде, осыдан кейін есімнен танып қалғандай,
бір үзіліс бар. Еркектің шымыр ернінің дəмі келеді аузыма; дүниеде содан
тəтті жоқтай сол дəмді жұта бергім келеді. Ерінім босап кетсе, бетінен
сүйемін: тіліме топырақ жұғып, жуылмаған беттің ашқылтым дəмі келеді;
бірақ оны да мен құшырланып жұтып жатырмын. Сəлден кейін есімді
жидым, бірақ Абанды құшағымнан босатқаным жоқ. Ол да еңгезердей
бойы аласарып кеткендей иіліп, ыңғайыма кете береді. Есімді жисам да,
осы бір берік қамалдай қорғаныш құшақтап шығып кеткім келмей, қалың
киіммен қорбиған қолтығына басымды тығып біраз тұрдым. Абан да мені
тез шығара қоймады, маңдайымды, бетімді күсті қолымен майда сипалап,
шашымнан иіскейді. Күйеуге шыққалы тұңғыш рет осы жігітке мейірленіп
кеттім.
Бүгін бізге нағыз мейрам болды. Соғыстың қысқа — қысқа мейрамдары
болып тұрады. Сол қысқалығы мен сиректігінен бе, ол мейрамның
қуанышы мен қызығы да жайшылықтағыдан мың есе артық. Абан, орман
шетіне қараңғы түсе жететін болып, алдымызды кешке шығамыз деді, алып
келген азық — түлігі де бар екен. Орманның іргесінде қарауылдары
болғанмен, ішінде жеміс жоқ көрінеді: оның үстіне күн де бұлыңғыр
болған соң, қорықпай от жағып жібердік. Үш күннен бері төбемізді
көрсетуге қорқып, қараңғы үңгірде тығылып жатқан мен де, кішкентай қос
мұңлық та, жарық дүниені көріп, арқа — басымыз кеңіп бой жаздық.
Оттың екі жағынан қағып, көлденең қойған таяққа котелокты іліп, су
қайнатып жатырмыз. Үш күннен бері салқын тұтып, құрыстап қалған
денеге жалынның шарпуы жағып барады. Əсіресе екі кішкентай отқа
ентелегенде, аңдып отырмасаң, үстерін өртен алар түрлері бар, Дулат
қалың көрпеден көктеп тіккен шапанының шалғайын шарпытып та алды.
Күйеуі алыстан базаршылап артынып қайтып, үйінің ішін қарық қылып
тастаған қазақтың əйеліндей, төрт құбылам түгенделіп мəре — сəре болып
жатырмын. Балалардың аузын қимылдатып тойындырып алдым, олар да
мəз. Менің қуанышым дарыған болар сірə, Абанның да жағасы жайлау:
малдасын құрып, екі баланы екі тізесіне қондырып алып, кəдімгі бір
шаңырақ көтерген үйелменді үйдің қожасындай, шалқиып əңгімені соғып
отыр, маған жылы шыраймен қарап қояды. Жақсы қабағы сияқты айтып
отырған сөзі де жақсылық — жаныма жағып барады. Майдан тіпті
жақындап келіп қапты. Əрі кетсе екі — үш күнде Қызыл əскер тура осы
араға келетін көрінеді. Бұл немістердің осы арадағы соңғы тұяқ серпуі,
өздері бір жағынан қашуға дайындалып жатса керек. «Амандық болса,
елдің төбесі де көрініп қалды ғой»,— дейді Абан. Күте — күте күдерімді
үзгенмін бе, бірде Абанның сөзіне елігіп, ауыл қарасы көрінгендей жүрегім
алып ұшса, бірде осы орман ішіндегі хəлім мəңгілік сияқты көрініп
тоқырап қаламын. Əйтсе де, Абанның сөзі емес — ау, өзі менің күдігімді
сейілтіп, жақын тұрған жақсылыққа еліктіріп əкетті.
Орманның іші өзімізге оңаша тиіп, отау үйімізде бас қосқандай
шүйіркелесіп отырмыз мінекей. Соғыс та, неміс те жоқ. Орнықты өмірі бар
адам сияқты көкірегіме шүкіршілік кірген. Шүкір демей не дейін, қазір
мынау төңіректі түгел жалмап жатқан аждаһа оттың ортасында, кетілгенім
бүтінделіп, баламды құшақтап аман келемін. Алдырғаным да аз болмас,
бірақ тұтас — тұтас ауылдар қара орманымен құрып кетіп жатқан заманда,
алдырғаныңды айтудың өзі айып тəрізді; тағдыр менен алғанын түгендей
берді — төрімде жұбайым отыр. Ішімнен сүйсініп қоям: бізді тек алып қана
кетейін демей, ашығып отырғанымызды ұмытпай, мына соғыс үптеп кеткен
жерде, ит қосып іздесең табылмайтын қорек тауып əкеліп, жарылқап
тастады. Мұндай пысық, уытты, жоқтан жонып алатын епсекті күйеуі бар
адам қор болмайды. Тумай жатып тағдырдың тауқыметін тартқан
Дулатымның да бақыты шығар, Абан аман болса, аяғына басып кеткенше,
бұ балаға таршылық көрсетпес. Адам қадірін адам ажырасқанда ғана біле
ме, қалай, «Апыр — ай, Абаннан айрылып қалғанда қайтер едім» деген ой
жүрегімді шымшып алады да, іле оның аман келгеніне деген қуаныш тұла
бойымды толтырып жібереді. Бұрынғы осы жігіттің ар жағын тінткілей
беретін тіміскі ойларым да ұсақ кикілжің сияқты. Түгенделгеніме мың
шүкірлік етпейтін нем бар.
— Ертең біздің əскер жеткен соң, сені екі баламен елге апарып тастауға
маған, тым құрыса, бір ай демалыс беретін шығар. Тіл тартып Носовецке де
айтып көріп едім, былай, түріне қарағанда, «кет əрі» емес сияқты, тек:
«Асатпай жатып құлдық деме, алдымен қоршаудан шығып алайық»,— деп
қалжыңдап қойды. Неге бермесін, береді ғой. Осыдан шыққасын енді,
алдымен сіздің ауылға соқсақ па екен, əлде біздің ауылға соқсақ па екен?—
деп сұрады Абан менен, мен қапелімде не айтарымды білмей, үндемей
қалдым. Бұрын мен үндемей қалғанда, Абан да іркіліп, қипақтаңқырап,
сөзін үзіп алатын, қазір олай емес, бар билік өзіндегі адамдай, еркін
сөйлейді; шынымды айтсам, сонысы маған ұнап барады.— Жоқ, алдымен
сіздің ауылға соққанымыз дұрыс болар. Ойбай — ау, айтпақшы əке —
шеше, ағайын — туғандарыңның алдынан өтуім керек қой. Содан кейін
біздің елге келеміз. Кемпір мен шалға өзіңді табыс етіп майданға оралам
ғой.
«Майданға оралам ғой»... Ертең қызыл əскер келгенде, барлық пəледен
құтылдым деп отырсам... бұл соғыс Абан үшін əлі бітетін емес екен ғой.
Менің кілт өзгерген түрімді байқап, Абан басқаға жорып, көзі үрпиіп:
— Əлде... біздің ауылда қалғың келмей ме?— деп сұрады.
— Жоқ, жоқ... Неге?.. Оған жететін күн болса. Meн тек біздің ауыл
поездан алыс, алдымыз қыс... Соны ойлап...— деп жалтардым.
— А — а... Біздің ауылдың да темір жолға жақындығы шамалы — ау,—
деп Абан желкесін қасып тоқырап қалды да, кенет мырс етіп күліп жіберді.
— Жарайды, о жағын уайымдамай қоя тұралық. Аман — есен бір осы
қоршаудан шығып алайықшы. Қалғаны сөз емес қой.
Абан рахаттанып, қарқылдап күліп, ұзын қолымен иығымнан орай
құшақтады. Оның бала сияқты ақаусыз қуанышы менің де көңілімді
тұтатып, өзін жақсы көріп кетіп, қолтығына тығыла беріппін. Өзінің
үлкендігін, маған иелігін осы жолы ғана сезініп, əдетінше аптықпай,
қарулы қолымен кеудемді өзіне қарай бұрып алып, əуелі көзімнен, бетімнен
сүйді. Қапсағай қарулы дененің қаттырақ қысқанын, дымқыл еріннің
табымен қоса қылтанақ сирек сақалдың бетіме үйкелгенін рахаттана
сезініп, тəнім балбырап, мас болғандай, басым айналып, Абанның ырқына
беріліп, кеудесіне кіріп барам...
Маужырап көзім ілініп барады екен, басымды оқыс көтеріп алдым. Бір
адам қарауыл болмаса... Бірден қор етіп, қатты ұйықтап кеткен Абан
қолының кеудемнен түсіп кеткенін де сезген жоқ. Үш күн бойғы ұрыс пен
жорықта дем алуға қайбір пұрсаты болды дейсің, оның үстіне, жаудан жаңа
ғана қарасын үзіп, жұрт енді тынығамыз дегенде, бұл тізе бүкпестен бізге
қарай салпақтаған. Енді қорылы басылып, бала сияқты ернін сылп еткізіп,
езуінен бір тəтті күлкі табы көрініп, балбырап ұйықтап жатыр.
Отасқалы айдан асса да, екеуміздің жымдаспай тұрған құшағымыз бүгін
қосылды; менің жаным мен тəнімді қабат құрсап жібермей тұрған бір
құрсау бар еді, сол құрсау бүгін сынды. Абан осы құрсауды бұрын сезді ме,
жоқ па, білмеймін, мүмкін сезбеген де шығар, тəжірибесіз аңқау жігіт қой,
бірақ менің ағытылып кеткен мол ықыласыма шомылып, ерлі —
зайыптының арасында шын берілген қалтқысыз көңіл болатын болса, оның
дəл осындай болатынын бүгін ғана сезді. Жаңа көргендей Абанның бетіне
үңіле қараймын: шықшыты шығып, бет сүйегі бедірейіп тұратын ашаң,
қатқыл жүзі жұмсарып, ұзын кірпігінің астына сұйқылтым нұр ұялаған,
манаураған өңінде жан, тəні қанағат тапқан, алды ашық алаңсыздық бар;
бір сəтке оның түрі қуанып ұйықтаған, не қуанып оянатын балаға ұқсап
кетіп, жүрегімді жылытып қоя берді.
Ұйықтап жатса да, миының бір түкпіріне қарауыл қоятын жорық
адамының дағдысы емес пе, Абан төсектен басын оқыс көтеріп алып,
«Аһ!» деп демімен дауыстап қалып, алақтап жан — жағына қарады. Қайда
отырғанын түсінген соң, жұмырығымен көзін уқалап, ұйқысын ашты.
— Аз ұйықтадың ғой, кішкене тыныға тұрсайшы,— деп едім:
— А? Жоқ ұйқым қанып қалды. Өзі, уақыт та кештеткен шығар,— деді,
Абан ұйқысынан тез айығып.
Соғыстың ақыры жақындағанда адамның жаны тəтті болып кетеді екен,
енді тағдырды сынап, басымызды қауіп — қатерге тікпей — ақ, осы оңаша
орманның ішінде екі — үш күн бұға тұрсақ, біздің əскер де келіп қалмас па
екен деген арам ой манадан бері миыма ұялап қалған — ды.
— Осы арада бірер күн күте тұрсақ қайтеді,— дедім Абанға.
— А — а? Жоқ,— деп ол үзіп тастады,— Носовец бүгін түнде қайтсең
де жетесің деген. Оларға да оңай емес. Адам азайып қалды ғой.
— Əйтсе де уақыт əлі ерте ғой,— деп бөгеп едім, Абан оған да көнбеді.
— Орман шетіне ертерек шығып, жан — жақты шолып, бағдарлап
алғанымыз дұрыс болар. Түнде адасып кетуіміз де оп — оңай,— деді.
Екеуміз екі баланы көтеріп алып, жолға шықтық: салмағы ауырлау ғой,
Дулатты Абан көтеріп, мен Светаны арқалап келем. Соңғы кезде жаңбыр
жауа қоймаса да, жер аяққа ауыр — дымқыл. жұмсақ. Өлең шөбі бояуы
оңып, солғын тартып жатып қалған, бұталары да селдіреген орман іші
ағаштарының сирағы сорайып жалаңаштанып қалған. Əсіресе қайың өскен
жерлердің қалың төгілген жапырағын аяғыңмен қарша күреп жүру — ақ
қиын екен. Аспанды төмен торлаған жабағы бұлттардың арасынан
октябрьдің жылуы қашқан аласа күні аз уақыт жылтырап көрінеді де,
төңіректі сұрландырып қайтадан жоғалып кетеді. Абан байқамай
озыңқырап кетіп, кенет кілт тоқтап, артына қайрылып мені тосады, кейде:
«шаршаған жоқсың ба?» деп сұрап алады. Шаршай да қойған жоқпын, тек
Абанның екпініне ілесе алмай, емпеңдеп келе жатырмын, «қазір орманның
шетіне шыққан соң дем аламыз» ден мені жұбатып қояды.
Арқамдағы балаға ыңғайлы болсын деп еңкейіп, əрі сүрініп кетпеу үшін
аяғымның астына қарап келе жатып, Абанның кілт тоқтағанын байқамай
қалыппын. Ол «бұқ» деп тұншыға сөйлеп, иығымнан нұқып қалды.
Шошып кетіп, арқамдағы Светаны қолыма алып құлай беріп едім
самбырлаған дауыстар да естілді, Дулат та келіп бауырыма тығылды.
Сөйткенше патырлаған автоматтың даусы тұла бойымды қалтыратып
əкетті.
— Ағаштың түбіне тығыл!
Екі — үш қадамдай жерде жуан терек бар екен, екі баланы сүйретіп,
еңбектеп соның түбіне жеттім. Абан жіңішкелеу ағашты тасаланып,
автоматын мойнынан алып атысуға оңтайланған түрі бар. Енді жаудың да
келе жатқан бағдарын аңғардым. Автомат оқтары əзірге жоғарырақ,
ағаштарға қадалып жатыр. Абан ағаш тасасынан тізерлей көтеріліп, маған
бұрылды.
— Енді қашып кете алмаймыз. Қозғалма... Жаудың алдын өзім
бөгеймін,— деп дауыстады.
Басқа не дəрменім бар, екі баланың тұмсығын теректің түбіне тіреп,
бауырыма қысып жаутаңдап жатырмын. Абан маған тағы бір жалт қарап,
«бұқ» дегені болар қолын төмен қарай бір сілкіп, тізерлеп көтеріле бере
ілгері қарай атылды. Бауырымен жер сызып еңкейе жүгіріп барып тағы бір
ағаштың тасасына жығылды. Шаңқылдап айқайлаған дауыстар анық
естіледі, бірақ сонда да келе жатқан немістерді көре алмадым. Екі көзім
Абанда. Ол басын қайқаң еткізіп, жатқан жерінен кеудесін көтеріңкіреп,
автоматының дүмін иығына тіреп, тыр — тыр еткізіп екі дүркін оқ атты да,
кенет оғы таусылды ма, əлде автоматы от алмай қалды ма, əлденеге іркіліп
қалды. Қалай жəрдем етерімді білмей сасқанымнан төрт тағандап жерден
бауырымды көтеріп, сіресіп қалыппын. Абан бүгежектеп автоматымен əуре
болып жатыр; не істеп жатқанын білмеймін, мойыны иығына кіріп
құнжыңдаған желкесін, тез — тез ышқына қимылдаған шынтағын ғана
көремін. Əнекей, əнтек басын да көтеріп алды. Айқайлайын десем даусым
шықпайды, айқайлағанмен не бітірем. Дұшпанның оғы тіпті үдеп барады.
Біреу маңдайдан соғып жібергендей Абан кейін қарай шалқайып қалды да,
басы сылқ етіп оң жамбасына құлап түсті...
Абан құлап түсті. Төрт тағандап еңбектеген күйі, не тұрып кете алмай,
не қайтадан бұғып жер бауырлап жата алмай, аяз қатырып тастаған өліктей
сіресіп мен тұрмын. Басының астына қарай ыңғайсыз қайрылып қалғанын
да сезбей, қатты ұйықтап кеткен адамдай аяғы серейіп Абан жатыр. Бір
сəтке қайда екенімді, не халде екенімді ұмытып, не болып жатқанын да
түсінбей тек бадырайып тұрған төңіректің суретін ғана көрдім.
Мойнына асынған автоматын емшегінен төменірек ұстап, оқтала
кезеніп, жасыл шинель, əдемі сопақ каска киген біреу келе жатыр, соңынан
тағы да екеуі көрінді. Осы сəтте басыма балғамен қойып қалғандай есім
кірді. Абан өліп жатыр, мына келіп қалған немістер ғой... Қорықтым ба,
қорықпадым ба, білмеймін, сірə адам қатты қорыққанда қорқыныштың өзін
ұмытып кететін шығар. Қарсыласқан адам болмаған соң ба, олар енді оқ
атпай, шаңқылдап сөйлесіп Абанның қасына келді. Біреуі етігінің
тұмсығымен Абанның жансыз денесін нұқып көріп «капут» деді. Осы кезде
денеме жан енгендей ышқынып, екі баланы бауырыма қалай қысып
алғанымды өзім де білмей қалдым. Немістің біреуі мені көріп қалып
автоматын кезей қойды. Қазір патырлаған көп оқ өн бойымды түйреп
өтеді... Сол бір жиіркенішті жаман сезімнен тұла бойым құрысып, бір уыс
болып жиырылып барады. Неміс саусағын автоматының шүріппесіне
қойып, атпай жақындап келеді. Қазір... қазір... Əр қадамы атқаннан бетер
жанымды түршіктіреді. Шүріппедегі саусағын анық көріп қалдым... сіресіп
тұр. Бетіне де көзім түсіп кетті — жүзі суық, ақсары беті аппақ ажал
сияқты... Екі бала... қолыммен қарманып іздесем... екі бала бауырымда
екен. Ажал мүлт кетпейтін жерге жақындап келеді. Қаттырақ қыссам
оларға оқ өтпейтіндей екі баланы екі бүйіріме сығып қыса түсем... Бір
ғажабы осы сəтте өз ажалым туралы ой шарт есімнен шығып кетіп, екі
баланы қалай қорғаймын деп алас ұрдым. Айтқым келеді мыналарға...
бұлар да адам баласы ғой... Қалай жеткізем? Қалай айтам?.. Тал қарманып
тапқаным: жүзіне, бетіне қарау керек. Бетіне қараймын. Аппақ ажалдай...
Көзіне... Ішімде жатқан бір құдіретті соқыр сезім, ақылға да келтірмей, сəт
заматта көзіне, көзіне қара деп бұйрық берді. Ендігі біздің өміріміз осы
немістің көзінде. Көзіне көзім түссе... Жанталасып ажалдай аппақ беттен
көзін іздеймін. Ұстап алдым. Көк көздің сұйқылтым сəулесі шыңылтыр,
суық екен. Бірақ сонда да көзінен айрылмай ажал алдындағы адамның бар
зар тілегін, тіпті одан да көп, көп нəрсені бақырайған көзіммен айтып
қадалып қарай бердім. «Адам адамның көзіне тіке қарап тұрғанда қалай
атпақ?» Осы сезім көңіліме үміт саңлауын жүгіртіп, аласұрып көзінің
қарашығын іздеймін. Бір сəт екеуміздің көзқарасымыз түйісіп қалды.
Көзінен енді айырылып қалсам, автоматтың да шүріппесін басып қаларын
сезіп, жыланмен арбасқан торғайдай қадалып қаттым да қалдым. Əуелі
маған жай қарай салған көкшіл көзі кенет тоқтай қалды да шарасы үлкейе
берді. Жанарындағы жылт еткен сəуледен сезіп қалдым, өзінің істейін деп
тұрған ісінен шошып кетіп, ар жағында бір нəрсе аударылып түсті. Маған
енді батып қарай алмай бұрылып жүре берді. Қасындағылармен керісті ме,
білмеймін, шаңқылдасып сөйлесіп, оларды да ертіп алып кетті. Мен сол
төрт тағандап сірескен күйі əлі де біраз тұрып, бір кезде буынымнан əл
кетіп, қара жерге сылқ ете қалғанымды білем.
19
Қараңғы... Дүбірлете шапқан көп жылқы... Қалың тұяқтың дүңкілінен
жер солқылдайды. Шыңғырып кісінеп барады. Жылқыларды анық көре
алмаймын, сұрғылт, күңгірт аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен
төгіліп баратқан жал — құйрықтарының бедерін ғана көремін. Таудан
құлаған тасқын сияқты, ұмар — жұмар толқын болып ағып барады. Сол
толқын теңселтіп, шайқап, мені де əкетіп барады. Жүйткіп келе жатқан
айғырлар шыңғырып келіп кісінейді. Дауыстары шабыстарынан озып, ұзап
кетіп, алысқа барып жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі ғана қалады.
Алқынып, шайқалып, жылқы толқынының арқасында келемін. Бір жерде
құлап кетем бе, ұшып түсем бе деген қорқынышым да бар. Бірде шабыс
бəсеңдеп, тұяқ дүрсілі əлсірегендей болады. Кенет осы хал маған бұрыннан
таныс сияқты көрінеді. Иə, бұрын да осындай жылқы толқынының
арқасында шайқалып кетіп баратқан кезім болған. Шыңғырып кісінеген
айғырлар... Ұйықтап жатсам да түсім екенін сеземін. Бұрын көрген түсіме
тағы да қайтып оралыппын. Көп жылқының шыңғыра кісінеген даусынан
оянып кеттім. Шыңғырып паровоз айқайлайды. Поез да жүрісін үдеткен
екен, төмендегі көрінбейтін доңғалақтар дүрс — дүрс етіп, вагон теңселіп
келеді. Таң қылаң берген болар, қара — құра көрінетіндей вагон іші кеугім
тартып қалыпты.
Үш күн болды, ауасы ауырлап кеткен, ине шаншарға орын жоқ, тығыз
вагонның ішінде, демім тарылыңқырап қиналып оянам да, кішкене
ұйқымды ашып, қайда келе жатқаным есіме түскенде, өн бойыма қуаныш
кіреді. Есік жақта қозғалып, қимылдаған біреулердің дыбысы болмаса, өзге
жұрт жатыр. Ақырын басымды көтеріп жан — жағыма қараймын. Қара
көлеңкеде вагон іші толған адам емес, бір — біріне сүйей салған кілең
аузын буған қапшық сияқты, керіліп жатқан бірі жоқ, отырған күйі
қабырғаға, жақтауға қисайып, бірінің иығына бірі мойнын салып, кілең
отырып ұйықтаған жандар. Астыңғы бір полка оңаша тиген мен ғана, екі
баланың бірін жоғары, бірін төмен, іргеге салып, шет жағынан өзім жатып,
тар да болса, керіліп ұйықтаймын. Бұл орынды таласып — тармасып
алғаным жоқ, менің хал — жағдайымды сұрасып білген жолаушылар
ықыластары түсіп өздері сыйлады. Көңіл сыйса бəрі сыяды деп, таршылық
та болса жайлы келе жатырмын. Тек бір қиын қайдан келе жатқанымды
біліп алған жұрт ананы, мынаны сұрап, өткенімді оятып мазамды ала
береді. Түрі бөлек боп тұрған соң шұқылап Светаның тегін сұрайды.
«Шешесі жақсы адам еді, қаза тапты. Жаудың ішінде жансыз болып еді»
деймін. Өз күйеуімді сұрайды. «О да қаза болды. Командир еді» деймін.
Білмеген, көрмеген адамдарға одан артық не айтам. Оларға Қасымбек кім,
Света кім... басқалары кім? Əйтеуір бір топ партизандар соғысыпты,
қырылыпты, құдай сақтап сау қалған бір əйел екі баланы жетелеп еліне
келе жатыр. Мынау əлі де бітпей жатқан обыр соғыстың титімдей бір
бөлшегі ғана. Бүгін естісе ертең ұмытып қалады, тек мен үшін ғана,
көкірегіме отпен қарып жазып қойғандай, олардың бірі де ұмыт болатын
емес. Қасымбегім де, Абаным да, Светам да... Олар түгіл осы тауқыметтің
ең басында бірге болған өзіміздің полктың əйелдері... бастығымыз байғұс
Елизавета Сергеевна, Алевтина Павловна, екі баласынан айрылып, екі
баласымен поездан қалып қоятын кең пейілді, көнбісті сырбаз əйел Ираида
Ивановна... Өлі ме екен, тірі ме екен байғұстар. Тағдыр олардың маңдайына
не жазды екен? Ұрысқақ Муся байғұс қаза болды, жеті жасар қызы жетім
қалып еді. Он алты жасар партизан Проша... Қыршын жас қаза тапты.
Оның шешесін көрмесем де баланың көп айтуынан көргендей болушы
едім. О да, Ираида Ивановна сияқты көп балалы, көнтерлі келісті адам
болса керек. Біздің елде ат қойып, айдар таққыш қой. «Байдың баласы,
халық жауының туысқаны» деп те көзге түрткілей береді. Кəмпит
сорғандай екі ұрты қусырылып, үстіңгі ерні дүрдиіп тұратын сүйкімді
Проша... Қыршын жасыңды құрбан етіп, шешең мен іні —
қарындастарыңды əкең сорлы əкелген абыройсыздықтан құтқарып кеттің
ғой. Енді сенің шешеңді «сатқын полицайдың əйелі» деп мүйіздемей, «қаза
тапқан жас партизанның анасы» деп сыйлайтын болар. Ақшұнақ шал
Кузьмич... Абан қаза тапқаннан кейін мені іздеп келіп, екі баламмен
орманнан алып шыққан сол еді... Үш күннен бері, мен көбіне мына вагон
ішіндегі сығылысқан жолаушылармен емес, өлісі бар, тірісі бар, орман
ішіндегі өз адамдарыммен бірге келе жатқан сияқтымын. Бір ғажабы,
ақыры аман — есен құтылып, арман еткен ауылыма қарай бет алғанда...
Сол арман еткен ауылымды, қауышар қуанышты сағаттарымды көп ойлай
бермеймін. Қамқа əжем... қартайған шығар. Сейілхан ағам Əлмұқан
құрдасымен, аман болса бір жерде соғысып жүрген болар. Əкем де əскерде
ме екен?.. Көріп келемін, елдің де ыңыршағы айналған екен. Елді ойлайын
десем, ендігі бар тіршілік қарекет те, шешілер түйін де, кейінде, кешегі
өзім шыққан жақта қалып қойғандай, ойым кейін қарай алып кетеді. Қазір
де терезеге қарап отырып, таң əбден атып, жұрт оянып вагон ішіндегі
белгілі тіршіліктеріне кірісіп кеткенін аңғармай қалыппын.
Бұлардың таңғы тіршіліктері де маған таныс болды. Қазір үлкендеу
станция болса, ыдысы барлары жүгіріп барып ыстық су əкеледі, содан соң
əр қайсы сөмкелерін ашып, көбінде сөмке, чемодан аз, түйіншектерін
шешіп, ертеңгі асқа кіріседі. Соғыстың алдында да асып — төгіліп жатқан
ел емес едік, қазір жұрт əбден жүдеу. Бірақ жоқшылықтың өзі де адамды
теңестірмей ме деймін, осы жолаушылардың ішінде де күйлісі, күйсізі,
тіпті жоғы бар. Біреулердің сөмкесінен колбаса не консерві табылып жатса,
біреулерінен жұмыртқа мен пісірген нан шығады, ал, кейбіреулері қатып
қалған қара нанын қытырлатады. Біздің партизандардай, мұнда бар —
жоғын ортаға салмайды, əркім ұрлық қылғандай, өзгелерден көзін
жасырып, тізесіне үңіліп, түйіле шайнап жатқаны. Азығы жоқтары
орындарынан тұрып кетіп, кəрі — құртаңдары күйсеп жатқандарға
қарамауға тырысып, намаз оқығандай мүлгіп отырады. Москвадан берген,
мен де күйсіз емеспін, өзімізге жететін қорегіміз бар, енді соны жеудің өзі
қинап келеді.
— Тұзды қияр... Тұздаған ащы қияр жемейсің бе?
Бұрылмай жатып — ақ даусынан таныдым, жол өтетін жердегі көлденең
полкада отыратын кішілеу бетін əжім айғыздаған, орыстың қаймыжық ерін,
қайқы тұмсық шүйке кемпірі.
— Мə, біреуін жеп ал. Ашырқанып қаласың,— деп əйнек банкісінен бір
қиярды алып маған ұсынып жатыр.
Кеше осы кемпірдің тұздалған қиярын көргенде, қатты аусарым ауып
кетіп, аузым суға толып, көзім жасаурап шыдай алмадым. Жолың болғыр,
түсінікті адам екен, менің жаутаңдап қарай бергенімді байқап, «байқаймын,
ащылағың келіп отыр — ау, шамасы. Мə, жей ғой» деп бір қиярын ұстата
салғаны. Менің опыра асап, қапыл — құпыл шайнап, қиярдың ащы сөлін
рахаттана сорғанымды көріп, тағы сөйлеп кетті. «Байқаймын, өзің жерік
болып қалғансың — ау деймін. Енді жас адамсың ғой, болмай тұра ма»
деді. Тек бір жаманы, өзі тым сөзшең адам екен, аяқ астынан сарт еткізген
мына сөзін мен ұғып болмай жатып, «күйеуің бар ма еді, қайда еді?» деп
бастырмалатып, түп — тұқиянымды қазбалап мазамды алып барады.
Кемпірге жауап беріп, оның аузын сылп еткізіп айтқан аянышты сөзін
тыңдаймын деп, өз хəлімді ойлап түйіндеуге пұрсатым əзер жетті.
Өзім де бір секем алып едім, рас болды — ау, шамасы. Бір емес, екі
жетімекті мойныма артып алып, енді қайтемін деп келе жатқанда, тағы да
аяғым ауырлап қалғаны ма? Қазір елдің де тұрмысы күйзеліп тұрған шақта
жалғыз əйелге үш баланы сүйрету оңай болмас деген уайым кіре бастап еді,
кенет бір ой сап етіп, мырс етіп күліп жібердім. Қақаған соғыста екі баланы
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Шырағың сөнбесін - 26
  • Parts
  • Шырағың сөнбесін - 01
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2253
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 02
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2039
    38.2 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 03
    Total number of words is 4148
    Total number of unique words is 2133
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 04
    Total number of words is 4100
    Total number of unique words is 2284
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 05
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2197
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 06
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2053
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 07
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2202
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 08
    Total number of words is 4049
    Total number of unique words is 2060
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 09
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2122
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 10
    Total number of words is 4175
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 11
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2163
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 12
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 2042
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 13
    Total number of words is 4078
    Total number of unique words is 2051
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 14
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2157
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 15
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2095
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 16
    Total number of words is 4028
    Total number of unique words is 2155
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 17
    Total number of words is 4048
    Total number of unique words is 2164
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 18
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2120
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 19
    Total number of words is 4138
    Total number of unique words is 2284
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 20
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2211
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 21
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2184
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 22
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2165
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 23
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2003
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 24
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2167
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 25
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2260
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 26
    Total number of words is 1051
    Total number of unique words is 711
    49.4 of words are in the 2000 most common words
    62.7 of words are in the 5000 most common words
    69.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.