Latin Common Turkic

Шырағың сөнбесін - 20

Total number of words is 4107
Total number of unique words is 2211
36.6 of words are in the 2000 most common words
51.6 of words are in the 5000 most common words
59.3 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
талғанда ар жағыңа аз да болса нəр барады. Орман ішінің, далалы жерде
өскен мен білмейтін, жемісінің түрі де көп екен. Олардың жеуге келетіні
қайсы, келмейтіні қайсы, ажырата алмаймын да, аузыма салып талмап
көріп, тамақтан өткенін жұта берем. Ағашты жердің ашыққан адам үшін ең
бір үлкен байлығы саңырауқұлақ жаңбырдан кейін соны тереміз. Оның
жеуге жарайтыны, жарамайтыны бар, мен бұ жағынан да сауатсызбын, дала
қазақтары саңырауқұлақты жеуге болады деп ойлаған емес. Мұның бір
мені қинаған жері, ауызға салып байқай алмайсың, адамды улап
тастайтындары көп. Прошка бұ жағынан маған таптырмайтын ақылшы
болып алды, мəз болып етегімді толтырып əкелген саңырауқұлағымнан көп
болса, қос уысын қалдырады. Əсіресе сұрғылт сисаға ақ бұршақ сепкендей,
əдемі саңырауқұлақты лақтырып тастап жатқанда ішім удай ашиды. Проша
астыңғы ернін жымқыра тістеп алып, баланың білместігіне күлгендей,
мырс — мырс етіп мүсіркей күледі.
— «Бұл мухомор ғой, тетя Надя» — дейді əдемі саңырауқұлақты
лақтырып жатып.
«Өзі өте əдемі ғой» деймін ақталғандай.
Əдемісі əдемі. Бірақ алдайды, улы. Ал, мынау погаика, бұ да жеуге
жарамайды».
Оның есесіне Прошаның іріктеп қалдырған саңырауқұлақтары тəтті
болады, суға қайнатып, əсіресе кішкене майың болып қуырып жегенде,
тура қойдың өкпесінен аумайды.
Көбіне қолғабысын тигізіп қасымда жүргенге Прошаға əбден үйреніп
алыппын, оның үстіне үнемі қолымызға мылтық ұстамаған соң өзгелерден
бағамыз көмістеу сияқты, тек екеуара теңелеміз. Осы сезімнің өзі арамызды
жақындатқан болар, Проша маған əбден сеніп алып, сырын да
жасырмайтын болды, əйтпесе, өзім жауынгер партизан санап жүрген
намысшыл жас, шешесін сағынғанын тірі жанға айтар ма. Əрине, онысын
маған да бірден айта қойған жоқ. Менің əрбір ісімді көргенде «менің мамам
сөйтуші еді», болмаса, «менің мамам олай емес, былай істеуші еді» деп
бастап, ақыры мамасы туралы біраз əңгімелерін айтып берген. Баланың
сөзіне қарап шешесін тану да оңай емес, өйткені бала атаулының сөзін
тыңдасаң бəрінің шешесі бірдей ақылды, мейрімді, көрікті болып шығады.
Бірақ, өзімнің түйгенім, бұл баланың шешесі баяғы өзіміздің полктағы төрт
баласы бар Ираида Ивановна тəріздес сабырлы, иман жүзді əйел сияқты.
Айтпақшы мұның да шешесінің төрт баласы бар екен. Үлкені Проша, бір
інісі, екі кішкене қарындасы бар. Төрт жасар кенже қарындасы
Аленушканы аузына көбірек алады, одан үлкен тоғыз жасар қарындасы
Аграфенаны көбіне мінеп отырады. Ол туралы айтқанда «глупая» деген
сөзді көбірек қосады. Мен алғашқыда əлгі «мухомор» деп аталатын
саңырауқұлақты көбірек теріп əкелгенде:
— «Надя апай, сіз біздің Аграфенушка сияқты екенсіз,— деп күлген.—
Ол да орманға барғанда сіз тəрізді ылғи «мухоморды» теріп əкелетін. «Бұл
жеуге келмейді, таста» десем болмайды. «Бұл əдемі, жемесең жеме, бəрібір
тере берем» ден қасарысады. Сол əдетін тіпті қойғыза алмадым. Ол бар
ғой, өзі ерегіспе. Вот глупая».
Сөз аяғында уайымды кескінмен мырс етіп күледі.
Орыстың «глупая» деген сөзін «ақымақ» деген мағынада ұғушы едім,
сол сөзді соншалықты еміреніп, сағынышпен айтуға болатынын енді
көрдім.
Санька дейтін он жасар інісі бар екен, шешесі сегіз құрсақ көтерген,
содан қалғаны төртеу екен, соңғы кезде Саньканы да аузына жиі алатын
болып жүр, бір жолы қолындағы прянигін тартып жегені үшін оны мықтап
сабап тастанын айтты. Шамасы осы ісі есіне түскенде өкіне ме, «о кезде ол
кішкентай еді, ақылы жоқ еді» деп ақтап қояды. Баланың аузына
алмайтыны əкесі ғана. Тек бір рет байқаусызда, онда да сол саңырауқұлаққа
байланысты, аузынан шығып кетті.
«Папаня любит маринованные грибы... и соленные огурцы»,— деп
қалды да, аңдаусызда ұят сөз айтып қалғандай, тілін тістей қойды.
Аңғармағансып, бөгде сөзге бұрып кісіні ыңғайсыз жағдайдан шығарып
əкетуге мен қандай орашолақпын, ондайда анадан бетер өзім қысылам,
сөйтіп жүрген жерден бір масқара жасап алғандай, екеуміз де үнсіз қалдық.
Абзалы, əкесі туралы сөзді екі жағымыз да жылы жауып қойғанбыз.
Мен сол алғашқы жолы, алғашқы күндері, төбеден түскендей, күтпеген
жерден бала атаулының шешесінің атын естігенде, шошып қалғанын
байқап, басқа жерде сыр берген емеспін. Осы бір аз ғана уақыттың ішінде
туған інімдей жақын болып кеткен балалық көңілінде өзім көрген Усачев
полицайға жақындатып. я жанастыра алмай қойдым да, бұл жағдайды онша
ойламайтын болғанмын. Бірақ, мен ойламағанмен, Проша ойламай қоя
алмайды.
Бір күні көңіл түкпірінде тығылып жатқан бір ойын маған айтып қалды:
— Мүмкін ол біздің жаққа шығатын болар.
«Ол» дегенінің кім екенін түсіне қойдым — байғұс баланың жатса —
тұрса ойлайтын арман — тілегі, үміті. Есек — дəме үмітін өшіргім келмей
мен де қостадым:
— Есі бар адам өз халқынан бөлініп қайда барады. Əрине біздің жаққа
шығуға тиіс.
Айтуын айтсам да, іші құрғырым сезіп тұр: бұл соғыс қарама — қарсы
жаққа жаратқан адамның қайтып қосылуы екі талай, оның үстіне оқта —
текте партизандардың аузынан Усачев жайлы естіген сөздерімнен
жақсылық нышаны байқалмайды.
...Əлі есімнен кетпейді. Жаз айы, орман ішінде лагерьде тұрғанбыз.
Ертеңгілік, Дулатты көк шөптің үстіне еркін еңбектетіп қоя беріп, өзім ас
қамдап жатыр едім, Проша жүгіріп келді. Өзінде өң — түс жоқ, қатты
қиналғандағы əдетінше астыңғы ернін үстіңгі ерінімен көмкеріп тістеп
алған. Түрін көріп шошып кетіп:
— Немене болды, Прошка?— деп сұрадым.
— Əкелді...— деді ақырын ғана, даусы күрсінген демімен бірге шығып.
Қапелімде еш нəрсе түсінбей қалдым.
— Нені əкелді? Кімді əкелді?
— Оны... Папамды...
Алғашқы сəтте мұның қаншалықты жақсылық, не жамандық екенін де
аңғармаппын, əйтеуір үндемей қалуды жөнсіз көрдім де, байғұс баланы
қинап қазбалай беріппін.
— Өзің көрдің бе?
— Өзім көрдім.
— Ол сені көрді ме?
— Көрген жоқ. Мен сыртынан көрдім. Өздері екі адам. Шалашқа
апарып қамап тастады.
Екеуміздің сөзіміз осымен үзілді де, үнсіз қалдық. Meн оған жұбаныш
боларлық еш нəрсе айта алмадым, сірə бұл жерде мен емес, оқымысты
сұңғыла адам тұрса да, балалық жарасын қасығаннан басқа, қандай жылы
сөз тауып айтатынын білмеймін. Прошка қазір əкесіне өзгенің де, өзінің де
ара түсе алмайтынын, бұлтартпас қатал тағдырдың тақалғанын жан —
тəнімен сезіп, астыңғы ернін қырқып алардай жымқыра тістеп, тізесін
құшақтап, сіресіп отыр. Еңбектеп келіп ботинкасының тұмсығына
жабысқан Дулатпен де ісі жоқ, əншейінде болса, оны жерден көтеріп алып,
аспанға атып ойнатар еді, қазір оны көретін де халде емес. Аздан кейін бір
нəрсе ойына түскендей, орнынан ұшып тұрып, əлденеден сезіктеніп, жан
— жағына алақтап қарап алды да, тезірек басып шалашқа кіріп кетті.
Байқап қалдым, тірі жанға көрінгісі келмейді...
Сəскеде, ұсталған полицайларға сот болды. Шынымды айтсам, соған
қатынасқым келген жоқ еді, мені арнайы шақырды. Проша шалаштан
шықпай жатып алды, оған қазір жалғыздықтан басқа еш нəрсенің жəрдемі
тимесін сеземін. Партизандар орман ішіндегі кішкене алаң шетіне
жиналған. Көк шөпті жапырып алқа — қотан отырып алған, шынтақтап
жатқандары, түрегеліп ағашқа сүйеніп тұрғандары да бар. Алдыңғы жақта
қызыл жапқан кішкене столдың басында екі томарға көлденең ұзын
тақтайды қойып скамейка жасап, үш адам отыр, үшеудің ортасындағы
Носовец. Жаздыгүні маңдайын тұқырайтыңқырап кепке киіп жүретін еді,
қазір кепкасын шешіп столдың үстіне қойған. Ар жағындағы екі партизан
да жалаң бас, бірақ иығынан асырып арқаларына асынған автоматтарын
тастамапты. Жұрттың жиналуын тосқан шамасы бар, үшеуі де үнсіз, тек
Носовец қана шұқшиып қағазға бір нəрсе түртіп жатыр.
Отырған жұрттың алдына таман қиғаштау барып бір теректің түбіне
тоқтадым. Көрейін деп тұрған оқиғаң қаншама жанға жайсыз болса да
құштарлық деген пəле жетеледі де, алдыңғы жаққа тым жақын келіп
қалыппын. Қасымбек пен Николай да алға таман отыр екен, олар маған
қайырылып қараған жоқ, тек менің келгенімді Абан көріп қалып, қасыма
келіп:
— Отыратын жер тауып берейін, Нəзира жеңгей,— деді күбірлеп.
— Жоқ, түрегеліп тұра тұрам.
Столдан төрт — бес қадам кейінірек томардың үстінде екі полицай
отыр, жеңдеріне байлаған шүберектерін алмаған, əлде жұрт көрсін деп
əдейі алғызбаған ба, екі жағында автомат асынған екі партизан. Маған
қырын отырса да, бергі шеткісін бірден таныдым, Усачев. Ipi денесін
жұртқа көрсеткісі келмей мойнын ішіне тартып, бір уыс болып бүрісіп
қалғысы келетін сияқты, бірақ дүрдей денесі құрғыры оған болатын емес,
гүжбандай екі иығы қорбиып шығып тұр. Добалдау қоңқақ мұрны төмен
салбырап, қою қоңыр мұрты астыңғы иегін көміп, алдындағы Носовецтен
назарын жасырып, көзімен жер шұқып отыр. Кішкене далаңқайда, айнала
тұтасқан орман сияқты, тұтасқан ауыр үнсіздік бар, оқта — текте еміс
естіліп қалатын қысқа — қысқа күбір болмаса, партизандар да үнсіз. Сол
ұрланып шыққан келте күбірдің өзі мына үнсіздіктің ауырлығын асыра
түседі. Жиналған топ қазір осы екеуін ажалға кесіп, сол үкімді
орындайтындарын біліп отыр, басыңқы оққа байлап, күнде ажалдың қақ
ортасында жүрсең де бұл өте бір сүйкімсіз нəрсе.
Носовец столды қос жұдырығымен опырып жіберердей тіреніп,
орнынан мығым көтерілді, оның жуантық тығыз денесі маған тұтас қара
тастан құйылғандай əсер етті. Усачев селк етіп, бұрынғыдан бетер
жиырыла түсті. Носовецтің кірпігі қимылсыз көк көзі екі полицайдың
өңменіне бұрғыдай қадалған. Қанша жау болса да қарсы алдында көз
көрген, күні кеше дəмдес болған таныс адамдары тұрғанға қобалжыған
көңілін басқысы келді ме, əлде ыза қысып кетті ме, жұтынғандай ұрты
қозғалып, жағын қарыстыра тістеніп аз іркілді, алдында жатқан қағаздарын
жиыстырып қойды.
Носовец айыптау актысын оқығанда Усачев орнында тыныш тұра
алмай, теңселіп, жан — жағына жалтақтай берді, ана жігіт тұнжыраған күйі
басып тұқыртып жұрттан жүзін жасырып сілейген күйі тырп
етпейді,екеуінің де халін айнытпай сезетін сияқтымын: бұлар қазір
бұлтартпас ажалдың қарсы алдында тұр, соғыс жағдайында үкім біреу —
ақ. Жүректерінің əрбір соққан дүрсілінен ажалдың минуті жақындап
келеді, екеуі де соны тосады. Бірақ ажал біреу болғанмен əркімнің оны
қабылдауы əр түрлі болады екен. Қипақтап шыдай алмай тұрған Усачев
ажалдың алқымына тақалып қалғанын қаттырақ сезіп, жандəрмен қылып
жалтарудың амалын іздеп, аласұрып тұрған түрі бар. Ол айыптау
актысының əр тұсында «жоқ, мен оны істеген жоқпын» деп жалтарғысы
келеді, бірақ Носовец зекіп қалғанда, ерегістірсем бүлдіріп алармын деген
үреймен жым бола қалып оған жалынышты кескінмен жаутаңдап қарап
қояды. Қайткен де болса жан сақтайтын саңлау іздейді. Ал, ана жігіт
сілейген күйі селт етпейді. Əлде оның алдынан ешқандай саңлау көрінбей,
жазмышқа мойынсұнған ба, əлде есеңгіреп, болып жатқан оқиғаның мəн —
мағынасын ұғудан қалған ба, əйтеуір бір қалпы болды.
Усачев кінəсін мойындауға келгенде көп жалтарды, тіпті бұлтаруға
келмейтін жердің өзінде аз да болса айыбын жеңілдететін сылтау іздеп
бəйек болады. «Суға кеткен тал қармайды» деген сөздің шын сырын осы
арада түсінгендей болдым, жан ұшырып қарманғанмен қолына ілігіп
жатқан талы да жоқ, дəлелі дəлел болмаса да əйтеуір бір нəрсе айтып
қалады. Айналсоқтап келіп айта беретіні:
— Олар енді өкімет қой. Өкіметтің айтқанын істемесең болмайды.
Атып тастайды. Олар өкімет болған соң... мен бұйрығын орындадым.
Немістер дереу істемесең.., олар тек...
Носовец шыдай алмай зекіріп жіберді.
— Фашистер өкімет емес, басқыншылар! Ал халықтар,— ол қолымен
партизандарды нұсқады.— Солардың бұйрығын орындап жүр ме? Не
тантып тұрсың, ұятсыз, сатқын сұмырай...
Усачев денесі дүрдей болғанмен, қорқақ сорлы екен, басына таяқпен
салып қалғандай селк ете түсіп, мойнын иығына тығып:
— Əрине, енді бұлар неміске қарсы соғысып... Дұрыс қой. Бірақ енді...
— деп міңгірлей түсті де басылып қалды.
Содан құдай тағала сабыр беріп, астыңғы ернін, қою қоңыр мұртымен
көме тістеп алып, төмен қарап тұнжырап отырды. Кəмпит сорғандай ұрты
қусырылып жағына жабысқан. Тұла бойым дір етіп, жақсы ма, жаман ба
білмеймін, бір сезім жүрегімді түйреп өтті, мынаның түрі шошқадан
аумайды екен. Анау қоңыр мұрттың астында дүрдиген көнтек ерін болар,
астыңғы иегінің ұшы ілгері ұмсынып біткен кемиек. Сонау, деревняны
түгел ататын қырғында, кімнің бетіне байыздап қарауға кісінің мұршасы
болыпты, аңғармаған екем, көзім үйреніп, көңілім ұнатқан Прошкамен
ұқсастығы, бір түрлі, жүрегімді шаншып өтті.
Орманның ішінде, көк шөптің үстінде өткізілген сот кəдімгідей барлық
тəртібімен жүріп жатыр. Бірнеше куəлар бар екен, кезегімен шақырылып,
көрген — білгендерін айтып, куəлік береді. Носовец атымды атап, мені
шақырғанда еш нəрсеге түсіне алмай, алғашқы сəтте дағдарып қалдым,
сөйтсем, мен де куəнің бірі екенмін. «Бері, мына жерге келіңіз» деп
қайталап шақырғанда ғана, баламды Абанға ұстатып ілгері шықтым. Бұрын
сот алдын кім көрген, өзім жауапта тұрған адамдай қысылып, мына
отырған, құдайдың құтты күні бірге жүрген жұрттан бөлініп, бөлек боп
шыға келген сияқтымын. Оның үстіне Носовец те жүзі сұп — суық болып,
қатып қалған бір ырғақты дауыспен:
— Гражданка Еділбаева, сот алдында тек шындықты ғана айтуға тиіссіз.
Егер жаңсақ куəлік берсеңіз қылмыс кодексінің пəленінші тармағымен
жауап бересіз,— деп одан бетер қысып тастады.
— Гражданка Еділбаева, мына алдыңызда тұрған екі айыпкерді; Усачев
Лука Саввичті, Гуськов Терентий Петровичті бұрын көрдіңіз бе? Жақсылап
қарап алыңыз...
Менің атым аталғанда екі полицай елең етіп, маған таңырқай қарап,
содан кейін көздерін тез тайдырып əкеткен. Анаусын енді таныдым:
«Терентий» дегені жас полицай Тереха. Əлгі деревняны қырғаннан кейін
Дуня апайдың үйіне қайтып оралғанда, «Он, не могу» деп шошынып,
шашын жұлып жылайтын, содан кейін мені атып тастаймын деп кіжінетін.
Сол ақсары ұлпа шашты, кішілеу дөңгелек бетті, қайқы тұмсық сары. Бет
терісі қалыңдай, өңі есейіңкіреп кеткен бе, қалай, əйтеуір, баяғы мен көрген
«ой, мамочка! Что я наделал» деп жер сабайтын, дəрменсіз бала кескіні
жоқ, тотыққан жүзі қызара бөртіп, ісіңкілеу қабағының астына жанарын
жасырып, төңіректен бөлектеніп түйіліп алған. Мыналарды көргенде ойым
əр саққа жүгіріп алып қашып, Носовец сұрақтарын ылғи екі рет қайталауға
мəжбүр болды.
Ойым ырық бермей, түгелдей жас полицайға ауып кетті. Ол мені
көрмеген, білмегенсіп, жанарын жасырып аулақтанып алса да, менің екі
көзім сонда. Мына тұнжыраңқы тұнық түрінен баяғы іші алау — далау
болып аласұрған аянышты сəтін, жапанда жалғыз қалғандай жаудыраған
дəрменсіз кескінін іздеймін. Ол кескіннің ізі жоқ, менің алдымда, шынында
да, басқа адам отырған сияқты. Жеті — сегіз айдың ішінде ол мүлде
өзгеріп, есейіп кетіпті, баяғы сезімтал жалаңаш жүрегі де жарасы
жабылып, енді ыстық — суық өтпейтін қалың қабықпен қапталған сияқты.
Жұмып алған жұдырықтай тас бітеліп қалған мына жігіттің ішінде қазір не
хикмет болып жатқанын мен біле алатын емеспін. Бұл Усачев сияқты жан
ұшырып жалтармады, мені көргенін де мойындады.
Усачев сорлы менен де жан сақтайтын саңлау іздеп, жанталасып бақты.
— Мен мұның командир əйелі екенін сезгенмін. Содан əдейі қашырып
жібердім,— деді.
— Əдейі қашырған жоқсың,— деп Носовец зекіп қалғанда:
— Енді əдейі қашырмағанда... қашып кеткенін біліп əдейі іздемедім.
Кете берсін дедім,— деп қипақтай түсті де, кенет құтқаратын ой тапқандай
қуанып кетті,— Мен бұл əйелді сақтап қалдым. Мына Тереха атпақ
болғанда, мен атқызбадым. А? Солай емес пе? Айтыңызшы,— деп маған
жалынды.
Менің бір жаман қасиетім, кім де болса, торға түскен адамды еріксіз
аяушы едім, мына сорлының мына мінезінен тіпті жиіркеніп кеттім. Ана
жігіттен Носовец:
— Атпақ болғаның рас па?— деп сұрағанда, ол:
— Есімде жоқ, білмеймін,— деді.
— Неге білмейсің? Есіңнен танып қалдың ба?— деп Носовец қысқанда:
— Білмеймін. Мүмкін рас шығар,— дей салды.
Бұл жігіт əбден қаныпезер болып қатайып, еш нəрседен шімірікпейтін
болған ба, немесе ажалдан да жаман нəрсе жанын қинап, сонымен əлек
болып отыр ма, əйтеуір осы топтан да, соттан да, қасындағы тағдыры бір
Усачевтен де бөлектеніп алған. Усачевтың қиянаттап жатқанын да елеген
жоқ, берілген сауалдарға да, арғы беттен тіл қатқандай жансыз дауыспен
жауап береді.
Кішкене уақыт өткен соң сот мəжілісінің бастапқы ширығысы
босаңсиын деді. Жұрт қайтадан қисайып, шынтақтап, өзара күңкілдесіп,
кейде реті келіп қалғанда соттағы сөзге де араласып кетеді, айыпкерлердің
сасқанда берген сөлекет жауабын кекетіп күлісіп алады. Носовец ауық —
ауық тəртіпке шақырып қояды. Мен де, мойнымнан ауыр жүк түскендей
жауаптан босап, Абанның қолындағы баламды алып жұрттың шетіне таман
отырғанмын. Бір кезде жан — жағына алақтап отырған Усачев, мен
отырған жаққа көзі адырайып үрпие қарады да, орнынан ұшып тұрып,
даусы қарлыға айқай салып:
— Прошка... Балам менің... Балақаным...— деп ұмтыла берді.
— Отыр, опасыз...— деп Носовец ақырып жіберді.
Қасында отырған партизан автоматымен өңменінен нұқып Усачевты
шөгертіп тастады. Артыма жалт қарасам қайыңды тасаланып Прошка келіп
тұр екен, үстіңгі ерні дүрдиіп, ұртын тістеп алған, өңі шүберектей құп —
қу. Сорлы бала шыдай алмаған екен. Мұның да басына таяқпен салып
қалғандай болды — ау деймін, көзі адырайып, аузы бір — екі рет кемсең
ете түсті де, жалт бұрылып жүгіре жөнелді.
Усачев басын таяна теңселе күңіреніп:
— Ұлым менің... Ұлым...— деп, кеңкілдеп жылап жіберді.
— Ол советтің адал ұлы! Сендей сатқынның баласы емес!— деп
Носовец тағы бір зекірді.
Мен де отыра алмай, баламды көтеріп шалашқа қайтып келдім. Менің
қазір оған керегім бар ма, жоқ па, əлде оның жалғыз болғаны жақсырақ па,
ол арасын анықтап біле алмадым, бірақ əйтеуір Прошканы жалғыз
қалдыруға дəтім жетпеді. Проша шалаштың іргесіне етпетінен түсіп, бетін
қос алақанымен көміп алып, солқылдап жылап жатыр. Менің ішке кірген
тықырымды естіп, өксігін ішіне тартып, аз булықты да, шыдай алмай
қайтадан жылап жіберді, енді тіпті көз жасына қақалып булығып қалды.
Менің де қолымнан келер қайран жоқ, тек шашынан, маңдайынан сипай
берем.
— Ол ақымақ. Онда ақыл жоқ... Ақыл жоқ болған соң... Мамам да
айтқан...— дейді Проша əр сөзін көз жасымен қоса жұтып, ықылық атып,
қылғына сөйлеп.
Мен ие деймін? Не деп жұбатам? Осындайда сөз таба алмай тығылып
қалам. Менің құтыла алмай қойған жəне бір жаман əдетім бар: біреу
қиналғанда оған демеу болар сөз айтудың орнына соның кебін өз басыма
киіп қайғысын да өзімдікі етіп аламын. Мына баланың жанының жарасы
менің ішіме түсіп, жегідей жеп барады. Əкесі қанша жау болса да əлі
аузынан ана сүті кеппеген бала оны салқын оймен түйіп, өзінен бөліп
тастай алмайды. «Жүрегі қарс айрылды» деген сөзді естуші едім, соның
мағынасы миыма жаңа жетті, мына баланың жүрегі қақ ортасынан
айрылып жатыр. Проша сотқа бастап — аяқ қатысқан жоқ, сол келген беті
болар, сондықтан əкесінің сорлы мінезін көрген жоқ. Егер көрсе қорқақ
əкесінің жиренішті мүсəпір мінезі оның опасыздығына қоса намыскер
жастың жүрегіне өмір бойы тырналаса кетпейтін бір жеркенішті əсер
қалдырар еді.
Жұбатуға шамам келмесе де қасында болғаным Прошаға аз да болса
жеңілдік əкелді ғой деймін. Əйел деген жарықтықтың қанша айтқанмен
аналық жылуы бар, кімге болса да жұмсақтау ғой, егер қасында еркек
отырғанда қасіретін намысы тұншықтырып, жарылып кетер ме еді қайтер
еді, менің алақаныма жұмсарып жібиін деді. Бетін бүйіріме басып,
көйлегімді ыстық демі мен көз жасы қатар сулап, іштегі отын шығарып
біраз солқылдап жылап алды.
Біз отырғалы біраз уақыт өтті. Прошаның да іші сезетін шығар, ендігі
сот бітіп полицайларды ататын жеріне алып бара жатқан болар. Носовецтен
естігенмін, партизандарды сапқа тұрғызып қойып, оларды көп алдында
атады. Əдетте атар алдында өздеріне көрлерін қаздырып алады. Бір
ғажабы, қай жағы атса да, атылатын адам қарсыласпай, үн — түнсіз өз
көрін қазып шығады. Құлағымды тосып тың тыңдаймын, əзір мылтық
даусы естілген жоқ. Біраз уақыт өтті. Усачев пен полицай Тереха көрлерін
қазып болып, самсаған мылтықтың қарсы алдында, өздерінің өлімнен де
ұяты күшті, масқара ажалын тосып тұр ма екен?
Қаншама қақ ортасында жүрсең де, қашан көзің жұмылып кеткенше
ажал деген сұмырайға бойың үйреніп кетпейді, құрғыр қорқынышты ғой,
бірақ мынадай өлімнің қасында бетпе — бет келген жаумен айқасып өлген
ақ өлім... ғой, өз адамдарың өңменіңе оқ таяп, кешірімсіз сазарып,
саусақтарын мылтық шүріппелеріне басып тұрғанда, ондай ақ өлім тіпті
қол жетпес бақыт болып та көрінетін шығар.
Шынымды айтсам бұл оқиғаның боларына күні бұрын хабардар едім.
Носовец кейбір істерін менің көзімше Қасымбекпен ақылдаса беретін, бір
кеште осы жайлы əңгіме болған, оның сондағы асықпай отырып шегелеп
айтқан сөздері айнымай есімде қалыпты.
— Біз жаумен жаман соғысып жүрген жоқпыз. Əрине бұдан да
мықтырақ соғысуға болар еді. Партизандар қатары да молырақ болуы
мүмкін еді. Біздің бір ескермей жүрген үлкен олқымыз бар. Біз əлі жауға
қызмет істеп жүрген опасыздарды дұрыстап жазалаған жоқпыз. Есіңізде
болсын, Еділбаев, бұл біздің үлкен кемшілігіміз. Мұның астында қандай
мағына жатқанын байқайсыз ба? Жаудың тылындағы халық немістің емес,
біздің Совет үкіметінің күшін сезетін болу керек. Маған бір жақсы ой
келді. Бірнеше полицайларды ұстап əкеліп, осында сот құруымыз керек.
Түсінесің бе?— деп ол Қасымбекке тесіле қараған əрбір айтқан ойын саған
бұлтартпай қабылдатқысы келіп бетіңе тесіле қарайтын əдеті бар. «Білемін,
сен қу жалтармақсың ғой» деп тұрғандай оның өңменіңнен өтетін көк
көзінен мен айыпты адамдай қысылып қипақтап қалатынмын.—
Полицайларды, əрине, қапысын бағып жолын тосып атып тастауға да
болады. Бірақ... арнайы сот құрып, үкім шығарып, заң жолымен атсақ...
Байқайсың ба?— Носовец өзінің сəтті табылған ойына сүйініп, өңіне күлкі
жүгірді.— Онда біз үкіметпіз. Заңымыз бар. Күшіміз бар. Оның халыққа
қалай əсер ететінін білесің бе? А? Солай, жолдас Еділбаев. Əр нəрсенің түп
— тамырына көз жүгірту керек. Сондықтан полицайларды ұстап əкелуге
арнайы операция ұйымдастыруымыз керек. Анау, Усачев сволочты қолға
түсірсек екен. Ол бұрынғы белсенді ғой, сондықтан оның қылмысы екі есе
ауыр.
Усачевы құрғырдың атын естігенде мен шіміркеніп қалдым. Шынымды
айтсам оған жаным ашымақ тұрмақ бүйрегім де бұрмайды, тек оны осы
араға əкеліп атпаса екен деп тіледім ішімнен. Прошканың осы халін сол
сөзді естігенде — ақ көз алдыма елестеткенмін, бізге ұстап əкелгенше сол
құрғырды біреу қисайта салса екен деген үміт — тілегім де ішімде жүрген.
Бірақ өз ойымды Носовецке айтуға бата алмадым: екі араға салып
Қасымбекті қинауға да... Носовецтің жоспарын оның да бұздыра
алмайтынын ішім сезді. Біраз нəрсені ақылға салып түсінгім келсе де затым
əйел болғанға ма, ақылымды əлсіздігім, жанашыр сезімім жеңе берді.
Соғыстың қатал заңына аяныштың əлі келмейді екен. Мұнда жүрегіңді
тастай қылып жұмып алмасаң ит талағандай ырық — жырығы шығады,
Соны білемін, бірақ қолыңнан келмеген соң білгеніңнен не пайда.
Носовец маған сом темірден соғылғандай болып көрінеді. Осы əсерім
дұрыс — ау деймін, соңғы кезде жұрт оны темір комиссар деп атайтын
болды. Бұл өзі, мен əлі ұғынып болмаған үлкен шындыққа, бұлтарысы жоқ
жападан — жалғыз шындыққа көзі мықтап жеткен адам, соны жұрттың
бəрі түгел ұғып, қалтқысыз қабылдағанша тыншымайтын сияқты. Өзінің
сенген нəрсесіне шек келтірмейтін адам ең бақытты жан, ондай адамның
көңіліне күмəн дегенің ұрланып кіре алмайды, сондықтан да ол күшті,
өзгеден өктем болмақ. Қашан да өзіңдікінің дұрыстығын сезініп, бір демің
жоғары тұрмаса өзгелерді қалай бағындырмақсың. Өз бойымда болмаған
соң ба, Носовецтің осы бір бітеу жаралған тұтастығынан қаймығамын.
11
Meн осы землянкаға жасырынғалы, топшылауымша бес — алты сағат
уақыт өтті, шамасы түс қайтып, күн де еңкейген шығар. Манағы талып
естілген атыс бірде күшейіп, бірде талмаурап барып үзіліп, қайтадан
естіледі; соған қарағанда орман шетіне бекінген партизандар бірден
шегініп кетпей, неміс шабуылын əзірге тежеп қалған түрлері бар. Атакаға
шығып, лап берген жаудың алғашқы қарқынын бір тойтарып тастауға
шамасы келсе, екпіні бір қайтып қалған жау жылжып, үңгіп кірмек болып
көп шығынға ұшырап берекесі қашады.
Соғыс даусынан аңғарғаным дұшпан осындай халге душар болған
сияқты еді, мүмкін тіпті тойтарыс берер, енді жылжымас деген тəтті үміт те
көкірегімді жылыта бастады, кенет атыстың іргеме жақындап қалғаны
сонша тіпті бұршақтай шашылып пытырлаған автомат пен дүрсілдеген
пулемет дауыстарының жігі ажырап естіледі, əрі кеткенде үш — төрт жүз
метрден алыс емес. Соғыс тура менің үстіме келер ме екен, əлде бір
бүйірден жанап өтер ме екен? Ойым əр саққа жүгіріп, үміт оты бір
тұтанып, бір сөнеді, əйтсе де көңілі түскірім сезеді: көбелек қуып келе
жатқан жау бұл орманды партизандардан арылтпай, сірə тыным таппайды,
бірақ партизандардың да бұл орманды тастап кететін ойы жоқ. Өздері əр
шұқырын жатқа білетін орманның ішінде қашқақтай ұрысып, тереңге
тартып, із адастырып, əрі — беріден соң немістердің өтіп кеткен жеріне
қайта оралып естерін тандырмақ. Биылғы көктемгі қырғында, партизандар
көп шығынға ұшыраса да, осындай əдіспен жан сақтап қалған — ды.
Олардың осындай түлкі құйрық соғысына еруім қиын болғандықтан екі
баламен осы үңгірде жатырмын.
Соғыста жүргендерге қарағанда үңгірде тығылып жатып күту онша
қиын емес — ау, тек азық жағы көбірек қинайды. Əсіресе биыл қырық
үшінші жылдың жазы өте ауыр болды. Ел де əбден титықтаған, өздері
аштан ісіп — кеуіп отыр, қолға ілінер еш нəрсе жоқ. Майдан жақындаған
соң немістердің əскері қоюланып, күзеті күшейіп, олардың обозын тонау да
қиындап кетті. Осы қалың орманның ішінде біз дəмін татып көрмеген шөп
те қалмаған шығар. Саңырауқұлақ пен жеміс — жидек табыла берсе жақсы
ғой, ол түгіл қымыздықтың өзі кездесе бермейді. Кішкене су кездессе
барып тартамыз, бірақ бұл жақтың суларында қамыс қоға аз болады екен,
далада өсетін тəтті тамырлар да жоқ. Кейде көзің қарауытып кез келген
жапырақ пен шөптің сабағын шайнайсың, олардың жеуге жарамайтын
сабағы ішек — қарныңды бүріп, жүрегіңді айнытып құсқыңды келтіреді.
Аш өзекке лоқсығанда ішіңді сыртқа айналдырып шығарғандай суырып,
көзіңнен жасың парлап, құрсын айтары жоқ, ит азапқа түсесің. Аштық
шіркін қарата ма, кейде партизандар командирлерінің бұйрығын аттап
көлік етіп жүрген жалғыз аттарын да сойып алады, орыстардың жылқы етіп
жемейтіні жайшылықта екен.
Дулатым екіге жуықтаса да емшектен айырғаным жоқ, тамақтан өтетін
түйір таппай қалған кезде өз сүтіммен асырап келем. Оған енді міне,
кішкентай Света қосылды.
Ал Светаның бізге келгелі өмірі тіпті қиын болды. Тіршілік
ауыртпалығын айтпаймын, оған мен де төзіп келем ғой, Николаймен
екеуінің арасы барған сайын нашарлай берді. Анау да бір кіп — кішкентай
болып алып жібімейтін пəле екен ,тіпті темір шегедей қатып қалды.
Алғашқы күні бір жаман мінез көрсетті.
Кешке қарай Света екеуміз оңаша отыр едік, мен кейіген соң, Қасымбек
те, өздері оңаша болсын деп, үйге онша жолай қоймаған, бір кезде
зілмəнкеге Николай кіріп келді. Қайтып оралғанынан үміт етіп бетіне
дəмелене қарап едім, көңілім басылып қалды, сол манағы қалпы сызданып
тұр, қайта бұрынғысынан да ісініңкіреп кеткен сияқты.
— «Əйтсе де біз екеуміздің оңаша сөйлесетін сөзіміз бар сияқты. Жүр,
сыртқа шығайық»,— деді ол Светаға.
«Ендеше мен сыртқа шыға тұрайын» деп екеуінің оңаша сөзінен үміт
етіп оңтайлана беріп едім:
— «Жоқ. Біздің сыртқа шығып сөйлескеніміз дұрыс» деп Николай мені
тоқтатып тастады.
Света қорбиған сырмақ күрткесін иығына ілді де, үн — түнсіз
Николайға еріп сыртқа шығып кетті, мен неғыларымды білмей аңырып
тұрып қалдым.
«Жылды кісінескенше, адам сөйлескенше», мүмкін екеуі сөйлесе келе
ұғынысар деген əлсіз үмітім, Николайдың безеріп тұрған түрі көз алдыма
елестегенде, сөніп қалды, жаңағы ісініп кеткен кескінінен жақсылық күтуге
болмайды. Бір жамандықты сезгендей жүрегім мұздап, сасқанымнан не
дəрмен қыларға білмей аз уақыт селтиіп тұрып қалыппын, содан сыртқа
жүгіре шықтым.
Екеуінің қай жаққа кеткенін де білмей қалыппын. Құдай оңдап, сыртта
Проша кездескені; ол менің жау қуғандай аласұрған үрейлі ұсқынымнан
шошынып көзі бақырайып кетті.
— «Не болып қалды, Надя апай? Түріңіз қашып кетіпті ғой. Не болды?»
дейді үрпиіп.
— «Жаңағы... Николай... Николай мен Света қалай қарай кетті?»
Проша олардың кеткен жағын сілтеп, менің соған бола неге сонша
үрейленгеніме түсінбей таңырқап қала берді. Көктемгі дымқыл орманның
ішінде қарайып кеткен ескі жапырақты етігімнің тұмсығымен күреп
жүгіріп келем. Əлі көк шықпаған, ағаш, бұталар сидам, орман іші ашық
болғанмен əлгі екеуі көрінбейді, «əлде басқа жаққа бір жыраға бұрылды
ма» деп алақтап жан — жағыма қараймын. Алдымда кішілеу сай бар екен,
соның ернеуіне келгенде ылдида тұрған Николай мен Светаны көрдім, олар
мені байқаған жоқ.
Екеуінің не сөйлесіп үлгергендерін білмеймін, менің естігенім
Светаның:
— «Жарайды. Білгеніңді істей бер» деген сөзі ғана.
Николай бір — екі қадам шегініп, пистолетінің қорабын ағыта бастады.
Сайға қалай домалап, жүгіріп түскенімді өзім де білмей қалдым, даусым да
қаттырақ шығып кетсе керек, Николайдың қолы пистолеттің қорабында
қалды, солай бүйірін таянған күйі маған таңырқап үрпие қарады. Мен келе
Светаны құшақтай алдым. Сіресіп тұрған Светаның денесі бірден
босаңсып, əлсіз қолымен менің мойныма асылды, аяғының да буыны кетіп,
бар салмағымен мені төмен қарай тартып барады. Екеуміз жұмсақ дымқыл
жерге отыра кеттік, Светаны қорғаштап бауырыма қыса беріппін. Ентігімді
басып қайта бұрылып қарағанымда Николай сайдың қабағына шығып
барады екен, шымыр денесі сірескен күйі артына қарамай, дік — дік басып
əрі қарай асып кетті.
Светаның қаны қашып, бетіндегі секпілдері баттиып, ерні кезеріп, өңі
əбден жүдеп қалыпты. Ажалы құрғырдың кейде алдындағы
қорқынышынан, артындағы қорқынышы күштірек болады, жаңа ғана ет
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Шырағың сөнбесін - 21
  • Parts
  • Шырағың сөнбесін - 01
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2253
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 02
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2039
    38.2 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 03
    Total number of words is 4148
    Total number of unique words is 2133
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 04
    Total number of words is 4100
    Total number of unique words is 2284
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 05
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2197
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 06
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2053
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 07
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2202
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 08
    Total number of words is 4049
    Total number of unique words is 2060
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 09
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2122
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 10
    Total number of words is 4175
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 11
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2163
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 12
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 2042
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 13
    Total number of words is 4078
    Total number of unique words is 2051
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 14
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2157
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 15
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2095
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 16
    Total number of words is 4028
    Total number of unique words is 2155
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 17
    Total number of words is 4048
    Total number of unique words is 2164
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 18
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2120
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 19
    Total number of words is 4138
    Total number of unique words is 2284
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 20
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2211
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 21
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2184
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 22
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2165
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 23
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2003
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 24
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2167
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 25
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2260
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 26
    Total number of words is 1051
    Total number of unique words is 711
    49.4 of words are in the 2000 most common words
    62.7 of words are in the 5000 most common words
    69.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.