Latin Common Turkic

Шырағың сөнбесін - 03

Total number of words is 4148
Total number of unique words is 2133
36.9 of words are in the 2000 most common words
52.5 of words are in the 5000 most common words
61.2 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
негізі осы өзіміздің ауданның Ақкиізі, елге демалысқа келіп жүр дегенді
естігем. Келсе қайтейін. Өзі орта бойлыдан жоғары, былай тұлғасы
сымбатты. Сопақшалау келген бет – бітімі де тым жақсы, быттиыңқырап
тұрғаны болмаса дөңгелек қой көзі де сүйкімді, бірақ кішілеу пісте
мұрнының астындағы дүрдиген ерні...күлгенде күрек тістері көрінеді. Өзге
қандай қасиеті барын кім білсін, бірақ қалай мақтасаң да сұлу жігіт деп
айта алмайсың. Менің онымен ісім де болған жоқ еді. Былай енді тосын кісі
болған соң... көз астымен сынап қарағаным бар. Сөйткенше бір үйде жүзбе
— жүз кездесіп қалдық. Зəуреш деген өзіммен бірге оқитын құрбымның
үйіне барғанмын. Əлгі командир сол үйдің жақын жиендері екен, сəлем
беруге келіпті. Бəзбен жылы амандасып, Зəурешті біледі ғой, менің жөнімді
сұрады. Пəлендей еш нəрсесі жоқ, мен де қысылмай еркін сөйлестім.
Сонымен тарап кетіп едік... кешке кинода тағы кездестік. Енді тіпті ескі
танысша еркін келіп қасымызға отырды.
Əуелде менің ойым алаңсыз болатын. Бар пəлені бастаған Дариға
жеңгем болды. Ол əдетінше айтам деген жаңалығы кеудесіне сыймай,
мойнымнан құшақтап алып:
— Қыз — ау əлгі демалысқа келген кəмəндірді көрдің бе? – деді.
— Көрдім.
— Көрсең жаным – ау не бітіріп жүрсің? Жұрт деген тағы гу – гу етеді.
Өзі əлі үйленбепті. Тұқымы да Ақкиіздің ішіндегі дырауы көрінеді. Осы
жолы құр кетпейді деседі. Я – я жай келіс емес, қалыңдық іздеп келіпті
дейді.
— Іздесе қайтейін?
Дариға жеңгем: «денің сау ма»? дегендей бетіме үрпие қарады.
— Қыз — ау, не дейсің сен? Бүкіл аудан аузын ашып отырған жалғыз
жігітті...
— Қойшы, Дариға — ай, ерні көнтиген, көзі быттиған біреуді
соншама...
— Қыз — ау, есің дұрыс па? Қазақ айтқан емес пе «ат ерінді, ер
мұрынды келсін» деп.
- Мұның мұрны кішкентай, ерні үлкен ғой.
-Е, болса ше?— деп өз екпінімен кете берді де, кенет сөз мағынасын
түсініп, өз ағаттығына күліп жіберді. — Түһ, сен де... Оның ернін қайтесің.
Құдай беріп қолыңа түссе, əлі-ақ ерттеп мініп аласың ғой.
Осыдан-ақ Дариға жеңгемнің тағаты таусылды. Ауданға демалысқа
келген командир туралы күніне бір емес екі — үш хабар əкеледі. Жəне бір
нəрсе естіп келген сайын жерден жеті қоян тапқандай қуанып, маған
айтқанша шыдай алмай жарылып кете жаздайды. Сөйтіп Дариға жеңгем
оның туған — туысқанын, нағашы — жекжатын түгендеп берді. Содан соң
қай күні қайда болғаны, не айтқаны, кімдердің оған қай қызды лайықтап
жүргені — оны да түгел анықтап берді. Жəне сөз аяғында ылғи: «өзін жеңіл
жүріске қимаймын, сабырлы көрінеді. Уақытың келді, бағың жанса сенің
теңің сол ғой» деп күрсініп, арман қылып алдымнан көлденең тартып
қояды.
Байқаймын, жалғыз Дариға емес, ауданға тосыннан келген жас
командирге көп-ақ жұрт қызыға қарайды. Көз үйренген көптің бірі емес,
дырдай командир, алыстан, тіпті қиырдан келген. Басқа қасиетін қойғанда
осынысының өзі-ақ талай əңгімеге азық. Бойдақтығы жəне бар. Онысы да
көп ықыласын қоздыра түседі. Сондай адаммен қатар жүрудің өзі кісіге
əжептəуір мəртебе. Содан болар Қасымбекпен ойламаған жерден кездесе
бергенімді, оның қасында жиірек болғанымды ерсі көргенім жоқ. Жəне
өзінің мінезі де жайлы екен — кісіні ұялтатын қытықты сөздерге бармайды,
кейбір жігіттер сияқты «қарындас» деп сызылып бастап, «жас — жастың
тілегі бір, жібектің түйіні бір» деп суыртпақтамайды, мен көрмеген алыс
жердің, тілі, əдеті басқа елдердің əңгімесін шертеді. Көргені көп, кісіні
жалықтырмайды.
Адам алғашқыда кісінің көп жақсылығын байқамайды екен. Бір
қарағанда кей кісінің сырт кескіні сонша оғаш көрінетіні бар, бірақ жақын
араласып үйренісе келе байқасаң пəлендей түгі де жоқ. Қайта... Қасымбек
те алғашқыда дүрдиген ерні бір-біріне жуыспайтын аңқиған ашық ауыз
сияқты көрініп еді, сөйтсем тіпті де олай емес, түріліңкіреп тұрған қалың
ерні сақа жігітке аңқау баланың əлпетін беріп, сондай бір сүйкімді
көрсетеді, кішілеу дөңгелек көзі быттиыңқырап тұрғанмен нұры жұмсақ,
кісіге мейрімді. Алғашқыда түсі суық əскер киімінің өзі-ақ жатырқатып
тұрған осы жігітке аз күнде қалай бойым үйреніп, жақын тартып кеткенімді
білмей қалдым. Дариға жеңгем айтқандай «бүкіл аудан аузын ашып
отырған жалғыз жігіт» менің қасымда көбірек жүргеніне мақтандым.
Сөйтіп алаңсыз, əлденеге мəз болып жүргенімде бас — аяғы он күннің
ішінде ауданның өсегі гу ете қалды. Алақандай ауданның орталығында
жүрген — тұрғанның бəрі алақанда. Бір жігітпен екі рет сөйлесіп
тұрғаныңды көрсе (обалына не керек біріншісіне онша мəн бермейді) сөзге
ілігіп жүре бересің. Ал мен болсам Қасымбекпен талай кездестім.
Қасымбек жəне орыс арасында көп болған жігіт, именуді білмейді, мен де
тартыншақтауды ұмытып кетіп, тапа — тал түсте көшеде талай сөйлесіп
тұрдық. Өткен – кеткеннің көрмегені жоқ. Осыны көрмесін нағыз бір өсек
айтпайтын əйел болса да шыдай ма. «Құдай — ау, (ойбай — ау), əлгі Қамқа
кемпірдің немересі Нəзира бар ғой...» Ар жағын қалай жалғап əкетуін əр
əйелдің қиялының ұшқырлығы біледі.
Сөйткенше Қасымбек қызметіне қайтып кетті. Кетерде маған еш нəрсе
айтқан жоқ, тек хат салып тұруға рұқсат сұрады. Мен не дейін... «мейліңіз»
дедім.
Осылай қалың өсектің ортасында қалдым да қойдым. Жəне менің
жаныма ауыр тиетінін ескермей, сол өсектің көбін сырттан Дариға жеңгем
əкеледі. Өсек негізінен екі ұдай, екеуі де жорамал. Бірі «Қасымбек
Нəзираны алатын бопты, екеуі сөз байласыпты» саяды, екіншісі... екіншісі
құрсын, оның айтары жоқ. Қасымбек кеткен соң көшеге шығуымның өзі
қиындап кетті. Жұрттың сұқ көзі ылғи маған қадалатын сияқты, кейбір
əйелдердің соңымнан сыбырласып қалып жатқандарын көріп, кірерге тесік
таппай, жүрісімнен жаңылам. Бұрын сызылып тұратын жігіттер де енді
еркінсіп, ащы мысқылмен сөйлейтінді шығарыпты. «Кіммен қара болсаң
сонымен ақ бол» деп Дариға жеңгем де дегбірімді алып барады. «Ақ
болғанда» қайтейін? Енді амалым жоқ, Қасымбектің хатын жеңгеміз
екеуміз асыға күтетін болдық.
Асыға күткен алғашқы хаттан амандық, саулықтан артық ешнəрсе
табылмады. Дариға менің қолымнан алып,күбірлеп екінші қайыра оқып
шықты.
— Апыр — ай, тым болмаса «сағындым» деп те айтпаған екен, — деп
күңк етті де, іле есін жиып мені жұбата сөйледі. — Сабырлы жігіт қой.
Бірден «күйдім, жандым» дей ме. Əп дегеннен əукесі салбырағандар
тұрлаусыз болады. Айтатынын кейінге сақтаған ғой. Келесі хатында
жазады ғой. Бұл хатына жауап бермей тұра тұр.
Келесі хатында да бірінші хатынан көп ілгерілемеді. Қараптан-қарап
менің жағдайым ғажап болды. Қасымбекке ақтарыла құлап, ғашық болған
еш нəрсем жоқ сияқты еді, былай жақсы таныстық, бөтен көрмедім, ол
кетерден бұрын сөз салғанда ойланатын да едім, енді біреу айдағандай...
оның сөз салғанын сарғая тосқаныма қайранмын. Егер Қасымбек олай
істемесе масқара болып... бірақ арамызда масқара қыларлықтай еш нəрсе
болған емес, тіпті құшақтан сүйген де жоқ. Əйтеуір не де болса мазасыз
халге түстім. Қасымбекті шын сүйем бе? Жоқ па? Анық білмеймін. Бірақ
соның сөзін күтем.
Мен күткен хабар почтадан емес, басқа жақтап келді. Зылиқа деген орта
жастағы əйелді бұрыннан танушы едім. Араласымыз жоқ, жəй, былай... Ол
жайлы кейінірек білгенім — Қасымбектің апасы боп шықты. Туған апасы
ма, əлде немере ме, анығын Дариға біледі, сол Зылиқа бір күні көшеде
кездесіп қалып, əншейінде бас изеп, өте беретін адам, үйіріліп тұрып
сөйлесті. Үй-ішінің амандығын егжей-тегжейлеп, «құдай қаласа енді бір
айда оқуың да бітеді ғой» деп үйіріп алып барады. Содан «Бүгін бір үй
оңаша еді. Жалғыз адам сопайып отырып шай іше алмайды екен» деп үйіне
ертіп апарды. Шай үстінде Қасымбекті аузына алды. Оның бала кезіндегі
қылықтары есіне түсті, інісінің оқып жүрген кезін де ұмытпапты. Содан
біртіндеп ағытыла берді де, менің бөлмей, төмен қарап тыңдап
отырғанымды көріп, сөзінің артын жырға айналдырып жіберді. Арасында
ұмытпай мені де мақтап қояды.
Зылиқаның бұл мінезінен түк түсінбедім, десем шылғи өтірік болар еді,
бой жетіп қалған қыз залым болады, бастапқы үйіріле кеткенінен-ақ, тегін
емес екенін сезгенмін, бірақ бұл жолы Зылиқа жақсылықтың нышанын
білдіріп, баурына тартты да, дəйекті еш нəрсе айтпай жіберді. Əйтсе де
қоштасарда:
— Именбей келін тұр, айналайын. Бөтен адам емеспіз ғой. Кейде бір
адамның іші пысады,- деді.
Əрине, ол үйге мен өз бетіммен именбей барып тұра алмадым, бірақ
оның есесіне Зылиқаның өзі менімен жиі кездесіп қала береді. Кездескен
сайын, ең жақын адамындай мені айналып — толғанып, өзіне жақындатып,
іш тартып барады. Сөзінің дені — ақ сол баяғы Қасымбек жайлы. Енді
қазір Қасымбек екеумізге бірдей жақын ортақ адамымыз болып алды.
— Қасымбек хатында ылғи сені сұрайды. Сірə сағынады – ау деймін
өзіңді — деп Зылиқа сыр тартып күлімсірей қарап қояды. –Өзің хат жазып
па едің. Болмаса сен үшін мен жауап берумен келем. Өзіңнен несін
жасырайын, «орнықты, көргенді бала» деп сыртыңнан біраз мақтап
жібердім.
Үйде Дариға, түзде Зылиқа маған Қасымбекті ұмыттырмады. Өзімен аз
ғана күн кездесіп жүргенде көңілім құлап, жақсы көріп үлгермеген жігітке
енді сырттай ынтығатын халге ұшырадым. Байқаймын, күн асқан сайын
Қасымбекті жақсы көріп барам, ішімнен сол жігіттің жары болуға
дайындалам. Егер де осы бір тұста арамыз үзіліп кетсе – некелі жарынан
ажырасқан əйелдей күйреп қалатын түрім бар. Сол күдік қамшылап,
дегбірім қашып, Қасымбектің əр хатын тағатым таусылып, ынтыға күтетін
болдым. Ойын-күлкіден тыйылып,төңіректегі тіршілікті ұмытып, жүрегім
алып-ұшып қияли өмір кештім. Ақыры, алты айдан кейін мені əкетуге
Қасымбек қайтып оралғанда мен оны əлдеқашан берілген, көп жыл
сарылып күткен некелі жарындай қарсы алдым.
Санап тұрсам Қасымбекпен кинодағысы бар, көшедегісі бар, тоғыз рет
кездесіппін, егер менің шешемнің заманы болса, бұл тоғыз қызға күйеуге
шығуға жететін кездесу, ал менің бағыма бұл аздау болды. Той үстінде
ойлап қарасам, Қасымбектің өзінен гөрі қиялымда жасап алған бейнесін
жақсырақ біледі екем. Қиялымда Қасымбек бұдан көріктірек те, əсіресе, бір
тəуірі маған жақынырақ еді.
Той тарқап, көңіл қызуы басылған соң қиялымдағы ғашығым ғайып
болды да, қасымда шала таныс жігіт қалды. Оған əлі бойым да үйренбеген,
кəдімгідей жатырқаймын. Үйренген ортамнан, жылы ұямнан суырылып
шығып, сол шала таныс жігіттің етегінен ұстап бейтаныс, қиян шетке
аттандым. Поезд вокзалдан ұзай бергенде — ақ бойымды азынатып əкеткен
жалғыздық сезімін болашақ жұбайымнан жасыра алмай қалдым. Көзімнен
жасым ыршып кетті.
5
Осында келгелі бері құлағыма шалынып жүр «жамандықтың да бір
жақсылығы болады» деген орыстың мəтелі бар екен. осы мəтел айнымай
менің алдыма келді. Дүниедегі ең жаман нəрсе жалғыздық қой, ал мен
болсам тура жападан-жалғыз... ауыл-аймағым, өскен ұям, оқыған
мектебім... Қамқа əжем, əкем, Дариға жеңгем, Зəуреш, барша жақын, туған,
қатар-құрбым... бəрі кейін қалды. Кіндік кескен, туып өскен жерім... о да
кейін қалды. Бұрын ауылдан аттап шықпаған қыз бала сыр мінез болып,
етің үйренбеген жігітпен көз көрмеген қиырға аттансаң... Менің осы
хəлімді үзіліп түскен жапыраққа теңейсің бе, əлде көшкен елдің жұртында
адасып қалған соқыр күшікке теңейсің бе, əйтеуір кісі қызығатын хал емес.
Кеше осылай келе жатқан сапарда менің бұл күйімді Қасымбек мықтап
сезді ғой деймін. Мен өзімді бір бүйірден көргенім жоқ, айнаға да
қарағаным жоқ, бірақ кескінімнің қандай болғаны көз алдыма ап-анық
елестейді: сірə қара жауынның астында қалған панасыз балапандай болсам
керек. Өйткені күйеуімнің көзінен ылғи үрей мен аяныш көрдім. Осы
панасыздық пен жалғыздық сезімі мені Қасымбектің бауырына өзі-ақ
апарып тықты.
Менің бірден үңірейіп қалған өмірімді Қасымбек жалғыз өзі толтыра
алды ма, ол арасын ойлаған да жоқпын, бірақ əйтеуір ол қойнымдағы
жарым ғана емес, көп, көп адамның орнын басты. Менің ендігі ата-анам да,
ағайын — туған, қатар — құрбы да сол болып, мол төңірегім тарылып
келіп бір Қасымбекке тірелді. Содан шығар менің бар ықыласым
Қасымбектің үстінде — одан ауытқып көңілім басқа жаққа бөлінсе — ақ
сағыныш пен елегізу деген пəле басталады. Мен бейне бір терең суда
малтығып жүрген адам сияқтымын — жағалаудан алыс кетіп, жерге
табаным тимеген соң, жармасқан жалғыз талымнан, қолым қарысқанша
қысып алып, айрылмаймын.
Біздің осы бір тосын жағдайымыз жаңа басталған жұбайлық өмірімізді
ерекше арнаға салды. Жаңа қосылған жастардың арасындағы ыстық
құштарлықтан гөрі Қасымбекте ағалық қамқорлық сезімі басым болды да,
менде өзімнен үлкенге деген құрмет, ізет көбірек болды. Əлі бетіміз
ашылып болмаған сияқты, төсекте де бір-бірімізге еркін емеспіз. Менің
қатар шешінуге қаймығатынымды сезеді — ау деймін, Қасымбек жатар
алдында сыртқа шығып кетеді де ішке мен көрпе жамылып жатып қалған
соң барып кіреді. Гимнастеркасын басынан сыпыра бере шамды сөндіреді
де қараңғыда шешінеді. Қасыма жатқан соң да бірден құшақтауға именіп,
иығымнан, шашымнан сипайды. Соңғы үш-төрт күннен бері жайлап қана
құрсағымнан сипайтынды шығарды, тіпті сипамайды да, бейне қолымен
тың тыңдағысы келгендей алақанын бүйіріме басады.осы сəтте екеуміз де
демімізді ішке тартып, тына қаламыз. Бүгін кешке қарай тұла бойым
ауырлап, бүйіріме бір нəрсе батқандай болып жүр еді, Қасымбек дəл
бүйірімнің сол ауырған жерін басты. ІІІаншу ма, əлде... бүйірім аздап
солқылдағандай болды.
— Қимылдайды — деді Қасымбек бір түрлі қуана күбірлеп. –Қимылдап
жатыр.
Бүйірімді солқылдатқан шаншу емес, СОЛ екенін енді менде білдім.
Көңілім қобалжып, əлденеге елегізи бастадым. Тұла бойымда басқа бір
өмірдің өсіп келе жатқанына түсіне алмадым да, бір түрлі өзімді өзім
жатырқадым. Əрине, əйелдің екіқабат болуы өмір заңы екенін бала
жасыңнан білсең де, өз басыңа түскенде ойың он саққа жүгіреді екен.
Қасымбек төсектен басын көтеріп алып бір шынтағына сүйеніп сəл тұрды
да, қайта қисайды. Ақырын ғана менің иығымнан сипады. Қуанышына
қобалжу араласып, не қыларын білмей, қипақтай берді, менікі мен — ау
оның сасқанына жол болсын. Менің жауап бермей жатқаныма
ыңғайсызданып, тағы да қозғалақтап:
— Сезесің бе? А? – Қимылдайды кəдімгідей, — деді маған
жалынғандай болып.
— Иə, сезіп жатырмын.
Осыдан кейін Қасымбектің қолтық астына кіріңкіреп, біраз уақыт үнсіз
жаттым. Кейде адам бір – біріне жақындығын сезіну үшін де осындай үнсіз
жатқанының өзі жақсы. Қасымбекте енді үндемей, шашымнан иіскеп,
бауырына қыса түседі: менің жақындығымды сүйсіне сезеді, бірақ көңілін
алаң қылған басқа бір ойы бар.
— Біраз ойланып көріп едім. Сірə, сенің елге қайтқаның дұрыс болар,
— деді Қасымбек.
— Неге?
— Аяғың ауыр. Күнің жақындағанда жалғыз өзіңе қиын болады ғой.
Оның үстіне...
— Қайда əлі. Күнім жақындағанда көре жатармыз, — дедім мен
қашыртқылатып. Қасымбекті тастан кеткім келмейді, бірақ елді де мықтап
сағынып жүрмін.
— Қазір білмеймін... Жағдайдың өзі де... — Қасымбек бір нəрсені
күмілжітіп келеді.
— Жағдайдың несі бар?
Арғы бетте немістер əскер топтан жатыр деген сыбыс бар. Не боп
кетерін кім біледі. Сені елге апарып тастасам ба деп ойлап ем. Биылғы
демалысты да алып қойдық.
Осы сыбыс бұрын да менің құлағыма шалынып еді, бірақ жастық
бейқамдықпен елей қоймап едім, қазір де онша мəн бермедім. Елді
сағынсам да, ажырасқан əйелдей шошаң етіп қайтып баруым... я, бір түрлі
елден — жұрттан ыңғайсыз.
- Қойшы, əншейін сыбыс шығар,- дедім Қасымбекке.- Кішкене
сабыр етіп күте тұрайық. Ұзатылмай жатып қайтып келсем Қамқа əжем не
дейді?
Қасымбек мырс етіп күліп жіберді.
-О — ой, ол кісі қатал кісі, — деп маған қарай аударылып түсті.- Сен
оның жүрердегі маған айтқан сөзін білесің бе? «Əй, солдат күйеу, бері кел»
деп мені оңаша шақырып алды. Сосын біраз уақыт үндемей сұстана қарап
тұла бойымды бастан-аяқ шолып өтті. Өзінің өңі қандай қатал. Шынымды
айтсам тура генералдың алдында тұрғаннан бетер қысылдым, — деп
Қасымбек кішкене күліп алды.- «Сенің өзің шайма жігіт емес пе едің?»
дегені, бетіме тіке қарап. Не дерімді білмей сасып қалдым. Дəл ондай сəтте
кімнің болса бір тері шығады. «Шынымды айтайын, ата-бабаңмен
араласып, өзім таңдап құрық салған күйеу емессің. Бұрын қалыңдық пен
күйеуді ата-аналары қалаушы еді. Көпті көрген көнелер балаларын құтты
жеріне қондырарда барар ұясының бапты болу жағын ойлайтын. Бүгінде
билік жастардың өзіне тиді ғой. Оның атын не деуші едіңдер, сүйіспендік
дейсіңдер ме? Бұрын ата — анасы ақылы толыспаған жастың алды-артын
түгел ойлайтын. Жастықтың буына мас болып, көңіліне желік кірген жас
нені ойлайды? Сүйіспендік дейсіңдер ғой. Сонда қашанғы жаласып сүйісе
бересіңдер? Сиыр да бұзауын бір маусым ғана жалайды. Соның ар жағында
отбасының өмірі мен тірлігі бар. Соны ойладыңдар ма?» деп тура
алқымнан алды. Мен үндей алмай қалдым. Кемпір де, ойлансын деген
болар, төмен қарап біраз үнсіз отырды. Біз осы «ғашықтық, махаббат»
дейміз — ау, бақсам жас адам сезімге мас болып жүріп көп нəрсені
ойламайды екен. Қамқа əженің сөзі маған көп ой салды. Бұрын «бірбірімізді жақсы көрдік қой, одан артық не керек», деп жүре беруші едім.
Осы жайлы кейін де біраз толғандым. Енді қарап тұрсам өмір деген оңай
нəрсе емес сияқты.- Қамқа əжемнің сол сөзі бүгін де көңілін
тебіренткендей Қасымбек аз уақыт үнсіз жатты.
Бұрын өзі мұндай əңгіме айтпаушы еді. Əжемнің сөзін көптен бері бүгіп
келіп, енді айтқаны... Содан ойлана жүріп ой түйді ме екен, əлде бүгінгі
менің мына жағдайым... екеуімізге ортақ, жан біткен нəресте түрткі болды
ма екен, не де болса жəй ұйқы ашар əңгіме емес, күйеуімнің ар жағын
ашып келеді.
— Байқаймын, Қамқа əжең анау-мынау кемпір емес. Салмақты сөзі
артында екен. «Қызымды құлақ естімеген қиырға алып бара жатырсың.
Кəрі қойдың жасындай жасым қалды. Көзімнің тірісінде қызымды қайтып
əкеп көрсетесің бе, əлде осы бастан күдерімді үзіп бақұлдасып қалайын
ба?» деп бұлтартпай тура түп етектен алғаны. Сасқанымнан
«уайымдамаңыз демалыс алған сайын келіп тұрамыз, сізді сағындырып,
сарғайтпаспыз»
деп жалпылдай бастап едім, жекіп тастады: «жə, ондай ықыласың болса
кезінде көрерміз. Асатпай жатып құлдық деп, əзір жалпылдатпа. Əскерде
жүрген адамның бас билігі өзінде болмайтын көрінеді ғой, рұқсат бермей
қойса қайтесің?» деп бір тұқыртып алды да, содан кейін барып əрең жібіді.
«Қиын жерде жүрген көрінесің, шырағым, жаман айтпай жақсы жоқ. Ер
басына іс түсетін де кез болады. Шетте жүрген жалғыздың жұбайынан
басқа серігі бар ма, қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды,
шырағым. Қарның ашса, қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бəріне
шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма» деді.
Адам деген қызық — ау сондай өр мінезді өктем кемпір соңғы сөзін
мұңайып қалып айтты.Кici нашар адамның осалдығын көргенде онша елей
қоймайды, ал мықты адамның босағанын көргенде өзің де бір түрлі боп
кетесің. Қамқа əжеңнің сол кескіні көз алдымнан кетпей қойды. Сенің
қабағыңды кішкене кірбің шалса əжеңнің сол бір мұңайған түрі көз алдыма
келе қояды.
... Қамқа əжем. Мен өз анамнан жеті жасымда жетім қалдым да, есімді
білгелі Қамқа əжемнің қолында өстім. Қамқа əжем тура туған анамдай
болды, шешемді жоқтатқан жоқ деп айтсам, мүмкін рас та болар. Бірақ
...туған шешенің қандай болатынын көрмеген адам оның орнын басқан
адамды кіммен теңейді? Қамқа əжем елпілдеп көрген жоқ, ең ықыласы
түсіп кеткенде басымнан сипап, бауырына қысады да, кейде маңдайымнан
иіскеп «бара ғой қалқам», деп қоя беретін. Сонда да оның мені жақсы
көретінін кішкентайымнан — ақ білуші едім. Бала деген сезімтал ғой,
кейде үлкенді алдап кететін жерден баланы алдай алмайсың. Қамқа
əжемнің сырты қанша салқын болғанмен оның ішінде термосқа құйған
астай суымайтын бір ыстығы барын сəби кезімнен сезсем керек. Əйтеуір
осы кемпірді өгейсінген кезім болған жоқ, бірақ əжеме еркінсіп, еркелік
жасаған кезім де, əй, болмаған шығар. Қанша жақсы көрсем де өзінен
кəдімгідей қаймығатынмын.
Жалғыз мен емес, Қамқа əжемнен біздің үйдің іші түгел қаймығатын.
Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауылда ол кісінің бетіне келген адам жоқ. Əжем
кең сүйекті, бет бітімі де кесек, ажарлы кісі. Менің бір байқағаным біздің
қазақта неше түрлі, бір-біріне ұқсамайтын ұлттардың бет бедері бар.
Дариға жеңешем бітік көз, нағыз корей тəрізді болса, биік қабақты, құс
мұрын, ақсары Қамқа əжем Европа елінің əйелдеріне ұқсас. Ірі жүзді өңінің
жылитын кезі сирек, əманда қатқыл. Анау-мынау адамды ықтырып
тастайтын тəкаппарлығы да бар. Кейде біреудің орынсыз айтылған сөзіне,
немесе оғаш мінезіне тіл қатып сөзін шығын қылмай-ақ тəкаппар кескініне
мысқыл жүгіріп бір қарағанда əлгі бүлдіріп алған адам кішірейіп шөгіп
қалатын да, ал өзгелері бойын жинап ала қоятын. Əдетте ауылдың үлкен-
кішісі болсын, əйел-еркегі болсын «алды қатты кісі» деп қаймығып, Қамқа
əжемнің алдында мұнтаздай болатын.
Мен аттанар кезде Қамқа əжемнің осы мінезі күрт өзгергені сонша тіпті
өзім танымай қалғандай болдым. Оңаша бөлмеде ол — пұл затымды
жиыстырып жатыр едім, үстіме əжем кіріп келді. Ол кіргеннен — ақ
көңілім əлденені секем алғандай болып еді; бұрынғы байсалды паң қимылы
жоқ, келісінде бойына бітпеген бір асығыстық бар. Қасыма тақап келді де,
кенет неге келгенін ұмытып қалғандай, қипақтап сəл бөгелді. Дəл осы сəтте
тұңғыш рет əжемнің бетінен бір дəрменсіздік нышанын көріп, жүрегім дыз
ете түсті. Содан мені оқыс құшақтап алды да, сүйекті ірі кеудесіне қатты
қысып, самайымнан жабысып сүйіп, кенет өксіп — өксіп жылап қоя берді.
Даусын шығармай, тістеніп алып солқ — солқ етеді. Мұндайда мен қалай
шыдайын, егіліп жүре бердім. Қамқа əжем көңілінің босағаны қандай төтен
болса, бойын да сондай оқыс тежеп, кимешегінің шетімен көзін сүртіп
алды. Содан кейін мені бір қадам аулақтатып бетіме тіке қарады. Осы бір
қарасы менің де жасымды тыйып тастады. «Біздің көзіміз көріп, құлағымыз
естімеген жат жұрттың арасына кетіп барасың. Қайтейін, өзің ғой, қалап
алған. Пешенеңе жазылғаны сол шығар. Көрмеген жердің ой — шұқыры
көп болады, алдыңда не барын қайдан білесің. Тек, қиын-қыстау күн туса
осалдық көрсетіп азаматыңның сағын сындырма. Оған да тапсыратын
сөзімді айттым» — деді де шығып кетіп еді. Айналайын, ақ əже, сондағы
айтқан сөзің осы екен ғой.
Сампылдап сөйлеген дауыстар, асыға басқан аяқ дүрсілі. Қасымбек ояу
жатыр екен, менің шошып оянғанымды көріп, елегізіп басын көтеріп алды.
— Шошып оянған жоқсың ба, Нəзираш? – деп сұрады үрпиіп.
«Үрпиіп» дейтінім, қараңғы болса да, оның даусынан үрпие қарағанын
сездім.
Біреу асыға басып келіп есік қақты.
— Жолдас лейтенант, жолдас лейтенант, тревога! – Николай даусы...
Қасымбек орнынан ұшып тұрып киімін іздей бастады. Мен шам
жағайын деп едім, қараңғыда шырпы таба алмай састым. Қасымбектің
кейбір түндерде осындай тревогамен асығыс кетіп қала беретіні болушы
еді, оған да үйренетін кезім болған, бүгін не жамандыққа көрінгенін , тұла
бойым қалтырап, буыным кетіп қалды. Шырпы таба алмай столдың үстін
сипалай берем. Мен сөйтіп қараңғыда босқа қарманып тұрғанымда
Қасымбек киініп те алды.
— Сен... сен жата бер, Нəзираш... əншейін жаттығу тревогасы шығар,
— деді Қасымбек.
Бірақ мұның дауысында қобалжу бар, əдеттегісіндей сенімді айта
алмады. Осы бір үрейдің қайдан тарағанын білмеймін. жаңағы есік қаққан
Николай даусы... көңіліме үрей салып кеткен соның дауысындағы діріл ме?
Дүрсілдеген қадам тықыры ұлғайып барады. Əр тұстан асығыс дауыстар
естіледі. Нe де болса, шырт ұйқыға кетіп баратқан жұрттың басын төсектен
жұлып алған бір қарбалас бар. Қасымбек үйден асығыс шығып кетті.
Қараңғы бөлмеде жалғыз өзім селтиіп тұрып қалыппын. Сəлден кейін
есімді жиып, столдың үстінен шырпы тауып алып шам жақтым. Кетер
Қасымбек кетіп қалды, енді неге шам жаққанымды білмеймін, шамасы,
жалғыз өзім оңаша бөлмеде қараңғылықтан сескенген болармын. Бірақ
шам жаққанмен де жаңағы бір көңіліме кірген жиренішті үрей тарамай
қойды. Қасымбек есік ашқанда селк ете қалдым.
— Сен не ғып жатпай отырсың?—деді Қасымбек.
- Жəй... ұйқым ашылып кетті. Иə, жайша ма екен?
— І — і... пəлендей еш нəрсе жоқ. Командирлер орнында болсын, əскер
дайын тұрсын депті, Мүмкін жоғарғы жақтан тексеру келетін шығар.
Байқаймын, Қасымбек өзі де анығын білмей қатты қобалжып тұр. Ар
жағында үлкен бір күдігі бар сияқты, соны айтуға бата алмай, айтпауға
жəне шыдамай тұрған жайы бар.
— Шыныңды айтшы, жаманат хабар жоқ па?
— Білмеймін, Нəзираш. Əскерге оқ-дəрі жеткізуге əмір беріпті. Мүмкін
сақтық шығар. Əзір ешкім анығын білмейді. Сен қобалжи берме. Бүгін
ештеңе бола қоймас. Жатып ұйықта, — деп Қасымбек иығыма қолын
салды.
Жүрегім бір сұмдықты сезді ме, білмеймін, əйтеуір тұлда бойым
тітіркеніп, Қасымбекті жабысып құшақтай алдым. Содан солқылдап жылап
тұрғанымды бір-ақ білдім. Қасымбек те мені бауырына қысып, бетімнен,
көзімнен сүйеді. Ерні босап кеткендей «қой, Нəзираш, оның не?», «Қой,
ештеңе болмас... Күн демалыс қой...» «Саған жылауға болмайды...» деп
жұбатпақ болады. Даусы жалынышты, бүкіл тұлғасында үлкен күйзеліс
бар, мен жылағанға менен бетер қиналады. Осы сəтте: «Қиын-қыстау күн
туса осалдық көрсетіп азаматтың сағын сындырма» деген Қамқа əжемнің
қатқыл кескіні көз алдыма келді де, көз жасым оқыс тыйылды.
Қасымбектің құшағынан өзім босанып:
— Бара ғой. Жолдастарың күтіп қалар, — дедім.
Қасымбек менің тез жұбанғаныма қуанып, иығымды кеудесіне қаттырақ
қысты да шығып кетті, бірақ менің көңілім орнына түспеді. Командирлер
кетіп қалды. Аяқ тықыры саябырсығанмен əйелдердің бір-бірімен алыстан
тілдескен дауыстары естіледі.
Қараңғыдан қорқатын сияқтымын. Өзімді қанша тежедім десем де
елегізген көңіл басылатын емес. Үйде керосин аз болса да шам жарығымен
ұйықтап кетпек болып төсегіме қайта жаттым.
Үркіп кеткен ұйқы тез арада қайтып оралмады. Үйдің іші қара көлеңке,
терезе алдында жетілік шамның бармақтай жалыны жылтырайды. Өз
жүрегімнің дүрсілін естігендей болам. Бүйірім солқылдайды. Жəй ғана
солқылдамай бір түрлі суырып ауырғандай болады, жаңағы алас-қапаста
есімнен шығып та кетіпті – ау, қимылдайды. СОЛ. Өз тіршілігінен хабар
беріп жатқан ішімдегі жан иесінің қазір аты жоқ. «Бала... нəресте... бұл
атаулар оған əзірге қонбайтын сияқты, бар тапқаным «СОЛ» деймін.
Қасымбек кеткенмен мына қара көлеңке бөлмеде «екеуміз» қалыппыз. Мен
енді «оны» анығырақ сездім. Менің бойымда екінші бір өмір өсіп келе
жатыр. Ғажап...
Осы тұста бұрын басымнан кешпеген тосын хəліме үйрене алмай
дөңбекши бердім. Ұйықтайын деп көзімді жұмам, бірақ көзім ілінбейді.
Кірпігім айқасқанда қараңғылық қиялынан, шамның бармақтай жарығы
бұлдырап алыстап кетеді. Мен айсыз түнде далада келе жатқан сияқтымын.
Қарауытқан сауыры кең қырат пен жұлдызы сирек қара күңгірт аспанның
арасы жалғасып кеткен, бар дүние қарауыта толқып теңселіп тұрғандай.
Тек алыста бармақтай шырақ, əлсіз шырақ жылтырайды. Жеті жасар қыз
бала сол титімдей сəулеге үрейлене, үрпие қарайды. Кішкентай қыз
моладан қорқады, артына үрпие қарайтыны содан. Ал, қарамайын десе...
Ол арада əлі топырағы суымаған анасы жатыр.Моладан қанша қорықса да,
сол жаққа барғысы келіп тұрады.
Сол күні кешке Қамқа əжем мені шақырып алды. Біз ондайда «неге
шақырдың»деп сұрамайтынбыз, үнсіз ғана үлкеннің əмірін тосамыз. Əжем
ескі шүберектен пілте өріп алды да, оны тостағандағы қойдың тоң майына
батырды. Содан кейін жайнамазын бүктеп қолтығына қысып, тостағанды
маған ұстатты да:
— Жүре ғой, балақайым, апаңның басына барып келейік, — деді.
Күн батып баратқанда екеуміз ауылдың сыртындағы зиратқа келдік.
Шымнан қалаған, мүжіліп шөгіп қалған ескі молалардың бергі шетінде
топырағы басылмаған жас қабір. Сол жас топырақтың астында менің апам
жатыр. Дəл осы араға жерлегенін өз көзіммен көргенмін. Содан бері:
«мүмкін апам тіріліп кетіп, топырақтың астында тұншығып, қиналып
жатқан жоқ па екен?» деген ой тұла бойымды түршіктірумен болған.
Қазір де топырақ астынан тың тыңдап құлағымды тосам. Қамқа əжем
шарт жүгініп құран оқып отыр. Мен оның бір сөзін түсінбеймін, оның
үстіне Қамқа əжем, молдалардай əуенге
салып созбай, көбіне іштей күбірлеп, ақырын оқиды.
Қамқа əжем құранды ұзақ оқыды. Қанша айтқанмен бала емеспін бе,
мен алаң болып кетіп едім, бір кезде үнсіз етегімнен тартып қалды.
Сөйтсем қолын жайып бата қылып жатыр екен, мен де қолымды жайдым.
Бата қасиетті нəрсе. Батада айтылған тілекті құдай береді. Мен де іштей
күбірлеп құдайдан апама бар жақсы тілек тілеп жатырмын. Қамқа əжем
бетін сипап, қатты бір күрсініп қойды.
— Апаңа жақсы тілек тіледің бе, қалқам? Сен періштесің ғой. Сенің
тілегің қабыл болады, — деді менің маңдайымнан сипап.
Содан соң майға батырған пілтені тұтатып қабірдің басына қойды да:
— Артыңда қалған шырағың сөнбесін, жарқыным, — деді.
Қамқа əжем ұсақ-түйек күйбеңді білмейтін адам, көбіне ірі сөйлейді,
мына сөзі де маған аруақты естіліп, төбе құйқам шымырлап кетті. Қараңғы
түнде ауылға қайтып келе жатып артыма қайрылып қарай бергенім де сол.
Қамқа əжеме қанша сенсем де көңілімде бір күдігім бар: əжем «шырағың
сөнбесін» деп еді, біз тұтатып кеткен ана шырақ, майы таусылып, қазір —
ақ сөніп қалмай ма? Ақыры шыдай алмай осы күдігімді сұрадым.
— Əй, балам — ай, əлі баласың ғой, — деп əжем басын шайқады. —
Сенсің ғой оның шырағы. Сенің тілеуіңді тілеп кеткен жоқ па, бейшара.
Қамқа əжемнің осы сөзі менің сəби көңіліме өшпестей əсер етті. Сонау
қараңғыда жылтыраған кішкентай шырақ... Сол шырақ тура менің сəби
көкірегімде жылтырап жанып тұрғанын ап-анық көзіммен көргендей
болдым...
Тағы да бүйірім солқылдайды. Қимылдап жатыр. Жаңа ғана тұла
бойымды тітіренткен үрейден кейін... өн бойыма жайлы, рахат жылу тарап
келеді. Мына қараңғы түнде, қара көлеңке бөлмеде тағы да бір əлсіз шырақ
тұтанып, жылтырап жанып келеді.
6
Қанша ұйықтағанымды білмеймін. Тағы да шошып ояндым. Көзімді
ашып алсам құлан иектеніп таң атқан екен, біреу дүрсілдетіп есік қағады.
You have read 1 text from Kazakh literature.
Next - Шырағың сөнбесін - 04
  • Parts
  • Шырағың сөнбесін - 01
    Total number of words is 4033
    Total number of unique words is 2253
    34.8 of words are in the 2000 most common words
    49.1 of words are in the 5000 most common words
    56.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 02
    Total number of words is 4151
    Total number of unique words is 2039
    38.2 of words are in the 2000 most common words
    52.6 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 03
    Total number of words is 4148
    Total number of unique words is 2133
    36.9 of words are in the 2000 most common words
    52.5 of words are in the 5000 most common words
    61.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 04
    Total number of words is 4100
    Total number of unique words is 2284
    34.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 05
    Total number of words is 3980
    Total number of unique words is 2197
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    56.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 06
    Total number of words is 4012
    Total number of unique words is 2053
    36.1 of words are in the 2000 most common words
    49.3 of words are in the 5000 most common words
    57.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 07
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2202
    36.5 of words are in the 2000 most common words
    51.0 of words are in the 5000 most common words
    59.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 08
    Total number of words is 4049
    Total number of unique words is 2060
    35.8 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 09
    Total number of words is 4172
    Total number of unique words is 2122
    38.0 of words are in the 2000 most common words
    53.7 of words are in the 5000 most common words
    62.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 10
    Total number of words is 4175
    Total number of unique words is 2161
    35.4 of words are in the 2000 most common words
    49.4 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 11
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2163
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.1 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 12
    Total number of words is 4035
    Total number of unique words is 2042
    37.4 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    60.4 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 13
    Total number of words is 4078
    Total number of unique words is 2051
    34.6 of words are in the 2000 most common words
    48.9 of words are in the 5000 most common words
    58.0 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 14
    Total number of words is 4098
    Total number of unique words is 2157
    35.2 of words are in the 2000 most common words
    50.9 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 15
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2095
    37.2 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 16
    Total number of words is 4028
    Total number of unique words is 2155
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    58.7 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 17
    Total number of words is 4048
    Total number of unique words is 2164
    36.3 of words are in the 2000 most common words
    51.3 of words are in the 5000 most common words
    59.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 18
    Total number of words is 4166
    Total number of unique words is 2120
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.5 of words are in the 5000 most common words
    60.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 19
    Total number of words is 4138
    Total number of unique words is 2284
    33.6 of words are in the 2000 most common words
    48.2 of words are in the 5000 most common words
    56.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 20
    Total number of words is 4107
    Total number of unique words is 2211
    36.6 of words are in the 2000 most common words
    51.6 of words are in the 5000 most common words
    59.3 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 21
    Total number of words is 4096
    Total number of unique words is 2184
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    49.5 of words are in the 5000 most common words
    57.2 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 22
    Total number of words is 4142
    Total number of unique words is 2165
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    52.8 of words are in the 5000 most common words
    60.5 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 23
    Total number of words is 4102
    Total number of unique words is 2003
    37.3 of words are in the 2000 most common words
    51.9 of words are in the 5000 most common words
    59.9 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 24
    Total number of words is 4168
    Total number of unique words is 2167
    35.7 of words are in the 2000 most common words
    50.1 of words are in the 5000 most common words
    57.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 25
    Total number of words is 4186
    Total number of unique words is 2260
    34.1 of words are in the 2000 most common words
    49.6 of words are in the 5000 most common words
    57.6 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  • Шырағың сөнбесін - 26
    Total number of words is 1051
    Total number of unique words is 711
    49.4 of words are in the 2000 most common words
    62.7 of words are in the 5000 most common words
    69.1 of words are in the 8000 most common words
    Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.