🕥 31-minute read

Қызыл жебе-2 - 15

Total number of words is 4059
Total number of unique words is 2344
33.3 of words are in the 2000 most common words
47.0 of words are in the 5000 most common words
54.5 of words are in the 8000 most common words
Each bar represents the percentage of words per 1000 most common words.
  «Қолды кісендегені жөн-ақ, ал жұдырықты таңып тастағанда – не мақсат?» – деп Тұрар мұның сырына түсіне алмай әлек болды. – «Кісенді ашып жүрмесін дегені ме екен?»
  Есіл жігіт бұл сұмдықтың сырын көп ұзамай сезіп-ақ қалды. Білуден бұрын сезді. Молақ қолмен, басқаны қойғанда, қасық қармай алмай қор болды. Қу тамақ табылып тұрса, әйтеуір итшілеп бірдеңе етуге болады екен. Басқа түскенде адам не амал таппайды. Бірақ жұмулы жұдырық әуелі жаны кетіп ұйығанмен, кейіннен зарлап бір сыздайтынды шығарды.
  Арада апта өткенде ме екен, алақандарына қанжар қадалғандай, жігіт шіркін, бұл азапқа шыдай алмай, қайта-қайта есі ауа берді...
  Ол есін жиғанда түрмеден тысқары, тау шатқалында бір диірменшінің үйінде жатыр еді. Кейін білді түрмеден оны құтқарып алған баяғы ұстазы Иван Васильевич Андреев, сыныптас құрбылары Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбек, Төребек Исабеков, Тұрдалы Тоқбаев, ағайынды Жүсіпәлі, Әшімбек Нұршановтар екен. Бұл топ – болашақ «Қазақ жастарының революциялық одағының» негізгі ұйтқысы еді.
  Жігіттер Тұрардың жұдырықтарын әрең жазып алды. Апта бойы өскен тырнақ алақанның көгерген етіне қан шығармай кіріп кеткен екен. Әгәрім, осы тырнақ осылайша өсе берсе, алақанды әрі қарай тесіп өтіп, қолдың ту сыртына шықпақшы екен.
  Әрине, мына жиналыста Тұрар бұл сұмдықтың бәрін сипаттап жатпады. Тек құтқарушы азаматтардың атын атап шықты.
  – Сіз атаған азаматтар сіз өзіңіз құрған «Қазақ жастары революциялық одағының» мүшелері ғой: Осы одақтың мақсаты мен міндеттері не болды және ол қалай іске асты? Осыны қысқаша ғана баяндап берсеңіз қайтеді? – деді тағы да Хмелевский.
  «Степан Кнутович бұл жайынан хабардар еді ғой. Сірә, жиналысқа түсініктірек болсын деп әдейі қойды-ау бұл сұрақты», – деп қойды ішінен.
  – Жарайды, Степан Кнутович, – деді Тұрар сол ойланып. – Біз одақты құру ісіне Меркеде ақпан революциясынан кейін іле-шала кірістік. Әуелі Одақтың уставын бекіттік, программасын белгіледік. Ақпан революциясы, өздеріңізге мәлім, монархияны құлатқанмен, көп нәрсе өзгере қойған жоқ: қанаушы сол қанаушы, қаналушы қалпында қала берді. Аждаһаның басы шабылғанмен құйыршықтары әлі бар еді, әрине, әлі де бар. Одақ ең алдымен уақытша үкіметтің жергілікті комитеттеріне қарсы, байлар мен кулактарға қарсы аяусыз күрес жүргізуді алғы мақсат етіп қойды. Төніп келе жатқан ашаршылыққа қарсы әрекет жасалды. Халықтың көзін ашу үшін үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Халықтың сауатын ашу көзделді. Көпшілік арасында уақытша үкіметке байлар мен кулактарға қарсы жиналыстар, митингілер ұйымдастырылды. Бұл істе біз алдыңғы көзқарастағы әскери ғарнизондармен, солдаттармен тығыз байланыста болдық. Әулие-Ата, Мерке гарнизондарымен, оның маркстік ұйымымен тығыз байланыс жасадық. Одан арғысын, Степан Кнутович, өзіңіз де жақсы білесіз: біздің барлық жұмысымыз көз алдыңызда өтті. Қалайда біздің Одақ большевиктік бағыт ұстаған ұйым болды. Басқа не айтамын: жік-жігін тарата берсе, әңгіме кәп, – деп Тұрар жиналыс атасына, одан кейін залға қарады.
  Степан Кнутович орнынан көтеріле беріп мұртына қолын тағы бір апарды. Сірә, бұл жаттанды қимылды ол өзі де сезбей қалатын болуы керек.
  – Тағы да сұрақ бар ма?
  – Сұрақ тоқтатылсын! – деген дауыстар шықты залдан.
  – Онда, сұрақ тоқтатылсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер. Қарсы? Жоқ. Ендеше, сөйлеушілер бар ма?
  – Несін сөйлейміз? Бәрі де түсінікті. Тек ұсыныс бар: қабылдансын, – деді кепкесін қолына мыжып ұстаған мосқал жұмысшы. Әлгінде Тұрарға: «үйлендің бе?» – деп сұрақ қойған да сол болатын.
  Хмелевский залдан тағы ұсыныс болар ма екен дегендей тағы сәл тоқтап тұрды да, өзі сөйлеп кетті.
  – Мәселені дауысқа қоймас бұрын мен бір ауыз сөз айтайын, жолдастар. Біз бүгін өте маңызды мәселе қарап отырмыз. Большевиктер партиясы қатарына адам алғалы отырмыз. Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезең – тарихи аса күрделі кезең. Бір жағынан – Уақытша үкімет, бір жағынан Кеңес. Кім жеңеді? Кімнің ісі – ақ? Халық кімді қалайды? Біз – марксшілдерміз, біз Ленинді жақтаймыз. Бірақ біздің осал жеріміз: орталық Ресейден шалғайдамыз. Орталықта не болып жатқанын дер кезінде біле бермейміз. Революционерміз деп жүргендердің арасында осы себепті ауытқушылар, біресе большевиктерді жақтап, біресе солшыл эсерлерді, тіпті меньшевиктерді жақтап, сандалғандар жоқ емес. Осындай кезеңде РК(б)П қатарына мүше алудың қиындығы, жауапкершілігі өзінен-өзі түсінікті. Ал біз мүшеге алу жөнінде кандидатурасын қарап отырған азамат Тұрар Рысқұлов өзінің нағыз большевик екенін іспен дәлелдеген адам. Көзін жыртитып ашып, дүниеге келгеннен қанаудың, жоқшылықтың дәмін мол татқан. Зорлық-зомбылықты аз өмірінің ішінде көп көрді. Әкесі Рысқұл патша әкімшілігіне қарсы оқ атып, 1905 жылдың құрбаны болып, каторгаға айдалып, хабарсыз кетті. Панасыз бала өзінің табиғи талантының, еті тірілігінің арқасында соншалықты ауыр тұрмыстың езгісінен жоқ болып кетпей, тырмысып, оқу оқып, саналы азамат, белсенді күрескер, кәсіби революционер дәрежесіне дейін көтерілді. Егер мен осы жиналыста бір сырымды ашсам, Рысқұлов жолдас мені кешірер деп ойлаймын. Осы жиналыс қарсаңында мен Рысқұлов жолдас жөнінде ешқандай күмән қалдырмау мақсатымен оның өткен өмір жолынан біраз мағлұматтар жинадым. Сол мағлұматтардың бірін ғана сіздерге жария етуге рұқсат етіңіздер...
  Хмелевский Тұрар жаққа «кешір» дегендей күлімсіреп бір қарап қойды да, гимнастеркасының төс қалтасына қол сала бастады. Зал «не болар екен?» – дегендей тынып қалған. «Бұл мен туралы не мағлұмат тауып алып еді?» – деп Тұрар аң-таң.
  –Тұрар жолдастың анкетасында жазылғандай, ол 1914 жылы Пішпектің І-дәрежелі ауылшаруашылық мектебін бау-бақша мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Білімін одан әрі жалғастыру мақсатымен ол мектеп директорына былай деп арыз жазыпты:
  «...Мен қазақтың панасыз қалған, қарапайым баласымын. Орыстардың мәдениетінің, ілімінің игі әсерінің арқасында шама-шарқынша шағын білім алдым. Осы білімнің нәтижесінде «бұрын кім едім, қазір кіммін және қиын-қыстау шырғалаңы көп болашағым қандай болмақ» деп алды-артымды шамалайтындай халге жеттім. Күн көру үшін күресу, шындығында қиын, өйткені мен жастайымнан жетім қалып, талай-талай бақытсыз күндер кештім, менің нәрестелік санама өшпестей із қалдырған жетімдіктің неше алуан тауқыметін тарттым. Әйтеуір сол ауыртпалықтан езіліп кетпей, бой түзерліктей тіректі мен білімнен таптым...».
  Бұдан әрі Тұрар жолдас мектеп директорынан Самара ауылшаруашылық институтына жолдама беруді өтінеді. Өтініші қабыл болып, Самарада емтиханды жақсы тапсырады. Бірақ ондағы шовинист-директор Тұрардың арызына: «киргизға жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп тұжырым соғып, оқуға қабылдамай қойған.
  Міне, жолдастар, революция жолындағы біздің жауынгер серігіміздің өмірінен бір ғана елес осындай. Мен өз басым Рысқұлов жолдастың идеалынан айнымайтынына, езілген таптың мүддесі үшін күресе беретініне берік сенемін және сіздердің барлықтарыңызды да сендіргім келеді... Сонымен дауысқа қоямын: кімде кім Тұрар Рысқұлов РК(б)П қатарына алынсын дегендеріңіз, қол көтеріңіздер!..
  * * *
  Тұрар бүгін де бадашы қамшысының шартылынан оянып кетті. Көше жақтан ұзын қамшының шартылы мылтық атқандай қаһарлы-ақ.
  Бурыл көшесінің сиырлары қала шетіне қарай бел алған екен.
  Үйдің іші әлі қарабарқын. Тұрар көзін ашқан бойы бірінші ойына оралғаны – кешегі жиналыс еді. Жиналыс барысын бастан-аяқ көңілмен шолып өтіп, ондағы өз сөзіне де, өзгелердің сөзіне де, қанағаттанған сезімде қалды. Тек бір түйткіл, ашық күнді бұлт шалғандай бір сәт Палийдің әрекеті еді. «Әй, осы солшыл эсерлерден жақсылық шамалы-ау. Біздің Қабылбек соларға бекер ілеседі. Бекер...» – деп Тұрар төсектен тұрып барып, көше жақтағы терезенің пердесін ысырып жіберіп еді, жып-жылы шағын бөлменің іші жымиып қоя бергендей болды.
  Көшеде көрші Мәметтің жалаңаяқ балалары жаңа бадашы айдап әкеткен сиырлар әдепсіздікпен тастап кеткен жапаны жып-жылы бусанып жатқан қалпында қапшықтарына салып алып жүр екен.
  «Біздің қазақ сияқты емес, әрекеті мықты халық, – деп қойды Тұрар әлгі балаларға аянышпен қарап тұрып. – Осылар осыдан қыстық отынын жиып алады. «Есек артын жусаң да – мал тап» деп қайран ақын Абай текке айтпаған шығар. Еңбектің арамы жоқ. Бұлардың тезек тергені әрі өздеріне пайда, әрі бүкіл махаллаға пайда – көше таза болады.
  Тұрар сүлгі, сабын, тіс шайғыш алып, аулаға шығып еді, үй иесі аулада жүр екен.
  – Ассалаумәлейкум, Сәбден аға! – деп сәлемдесті. Сәбден бұған бұрылып қарап:
  – Уағалайкумассалам, – деп үнін қыраттап тұрып амандасты. – Неге ерте тұрғансың, Тұрар балам? Сен түнде тым кеш оралдың емес пе?
  – Жиналыс ұзаққа созылды, Сәке.
  – Е-е, жиналыс, жиналыс. Большевик – жиналыс, меньшевик – жиналыс. «Шуро-и-исламия» – әм жиналыс.
  – Эсерлерді ұмытып кеттіңіз, Сәке, – деп күлді Тұрар.
  – Әй, өзі де эсер десе есер шығар, ылғи қисайып жүретін көрінеді ғой, – деп Сәбден ши сыпырғының тарқатылып кеткен кендір жібін шиелеп байлай берді.
  – Сіз мұның бәрін қайдан білесіз, Сәке?
  – Е-е, Тұрар балам, біз қарт кісілер, әңгімеге құмар келеміз. Енді осыдан шәй ішіп алып, Атшабардың базарына қарай аяңдайды бұл жаман ағаң. Шәйханада отырып алып, ал кеп талас: біреу большевикті мақтайды, біреу меньшевикті жақтайды. Ал жұма намазы күні мешітке барсаң Ғұмар имам бүкіл мұсылман, баласын «Шуро-и-Исламияға» кіріңдер деп үгіттейді. Біздің әлгі Әбден сол «Шуро-и-Исламияның» дәулерінің бірі болып алыпты.
  Кенет идің исі мүңк етті. Сәбден түнде илеп қойған терілер екен. Тұрардан ыңғайсызданып:
  – Былайырақ тұрайық балам, – деді Сәбден. – Мына исі құрғыр... бұрын ептеп тері-терсек жинап саудамен айналысушы едім. Енді оны ешкім алмайды. Қалада ашаршылық, Тұраржан. Дән ұшпайды. Бір қадақ бидай бір қойдың құны. Бүйте берсе, қырылып қалармыз, сірә. Атшабарда наубайшылар ақ нанды өткізе алмай, сыңсып тұрушы еді, енді қара нанның қабығы да табылмайды. Алла, өзің жар бола гөр. Патшаны құлатып, құдайға күнәкар болдық па, сірә. Жана үкімет не жақсылық көрсетеді? Керенский деген ақша қап-қап болып қауқиып қалды. Боржыған асқабақ сияқты, түкке жарамайды.
  Сәбден Тұрардың құлағына аузын тосып:
  – Шырағым Тұрар, абай бол, сенің ана жолы Атшабарда сөйлеген сөзіңнен кейін саудагерлер саған қатты кіжініп жүр. Сені мақтап жүргендері де бар, даттап жүргендері де бар.
  – Сәке, қара қылды қақ жарып отырсаң да, кетеді біреу мақтап, біреу боқтап, деген. Мен айтсам, әділін айттым. Аштан қырылып жатқандарға жәрдем берсе, байлар мен кулактар, саудагерлер одан кедейленіп қалмайды. Менің кәсібім – аш-жалаңашқа көмектесу.
  Ауланың оңтүстікке қараған көше жағынан бір үй, батыс жағынан көрші Әбден үйімен жапсарлас тағы бір үй салынған. Шығыс жағында қамба, малқорда соғылған. Көше жақта биік қақпалы бір дуал, терістік жағында шағын ұры есік шығатын тағы да биік дуал. Ұры есіктен шықсаңыз сыңсып тұрған бауға кіресіз. Бауды айнала арық қазылған. Таластан бөлінген су сол арықты иықтап, лықсып ағып жатады. Тұрар сол суға жуынайын деп кіші есікке беттей беріп еді, ергежейліден сәл-ақ үлкен шақар Сәбден шар-шар ете қалды.
  – Оу, мұның не, шырағым Тұрар! Жуынатын болсаң – мен-ақ су құйып жіберем ғой. Арықтың суы лай, оны қайтесің. Әлгі Сәлима әлі тұрмаған ба? Сәлима!
  Бойжеткен қызды неге шақырғанын түсіне алмай, Тұрар абыржыңқырап тұрды да:
  – Жо-жоқ, Сәке, о не дегеніңіз! Өзім-ақ... Баққа шығып кішкене бой жазып алайын, – деп бой бермей сыртқа шығып кетті. Артынан қуыршақтай құлдыраңдап жүгірген Сәбден:
  – Арықтың суына жуынба, Тұраржан. Сәл сейіліп қайт. Таза су дайын болады, – деп безілдеп қалды.
  Бақты айналдыра арық бойына отырғызылған нау теректер таңғы самалмен тербетіліп, жасыл ала жапырақтармен аспанның көгілдір күмбезін тазалап тұрғандай екен. Дегенмен, теректердің балақ жапырақтары сарғайып, түсе бастапты. Тұрардың табанының астына тырс етіп қаракүрең бірдеңе домалап түсті. Дәл төбесінен төніп тұрған алпамса еменнің дәнегі екен. Еменнің де ұрығы пісіпті. Бақтағы тарбиған алма ағаштар пісіп жеткен күздік алмадан бұтақтары иіліп, ыңыранып тұр.
  – «Мынау бір береке. Ал қалада – аштық, – деді Тұрар бақтың ішін аралап жүріп. – Ел аштыққа ұшырайды. Биылғы куаңшылық мына Сәбден бағын қиялап өткен сияқты. Бұның асығы түгел. Ал уезд бойынша сұрапыл куаңшылық. Егін шығымсыз, шөп аптаптан ұшып кетті. Жұт болары сөзсіз. Уақытша үкімет әрекетсіз отыр. Кеңестердің қолында толық билік жоқ әзір...».
  «Түу, – деді Тұрар өзіне өзі өкпелегендей, – ұйқыдан тұрған бойда осы ой қыстайтыны несі мені?».
  Солай деп, өзін-өзі зорлап, ештеңе де ойламауға тырысып, аяқ-қолын жазып, жаттығу жасауға кірісті. Бөрі бүлкілге салып, арықты жағалай жүгіре жөнеліп, бақтың арғы шетіне жеткенде, арғы беттің реңі еріксіз көңілін бөлді: қала шетінен әрі Кіші Бурыл бөктері өрт шалғандай қара қотырланып, бетіне зәрі шығып, қабартып жатыр екен. Көз көрім көк жиектен бері араны ашылған алпауыт көмейдей суық сезілді. Тұрар тез бұрылып, кері жүгірді. «Тез Совдепке жету керек!» деді өзіне өзі бұйырып. Совдепке тез жетсе – төніп келе жатқан аждаһаны тоқтататын бір амал табатындай көрінді.
  Кенет сыңқылдап күлген дауыстан кілт тоқтап жан-жағына сасқалақтай қарады. Ертең ерте тұрып бой жазып жүгіру бұл мекеннің әдетінде жоқ, сондықтан бұл махалланың тұрғындары жас жігіттің мына жүгірісін ерсі көреді.
  Әлгі алпамса еменнің түбінен бұлаң етіп Сәлима шыға келді. Қолында шәугім, иығында аппақ ұзын түкті орамал. Тұлға бітімі, нұр шашып, аппақ тістері тізіліп, ақсия күліп тұр:
  – Ағай, кімнен қашып жүгіріп келесіз? – деп Сәлима тағы сылқ-сылқ күлді. Бір қолында шәугім, сол қолының қарына сүлгі ілген: біресе еңкейіп, біресе шалқалай күледі. Сол кезде кемпірқосақ түсті атлас көйлегінің астынан аршын төс дірілдегендей болады. Атлас көйлек жаңа шығып келе жатқан күннің шұғыласына шағылысып мың құлпырады. Жұп-жұмыр ителгі мойын мәрмәрдай әппақ екен.
  – Сәлеметсіз бе, ағай. Келіңіз, су құйып жіберейін, – деп қыз бұған көзі жалт етіп бір қарады да шәугімді ыңғайлай берді.
  – Жоқ, жоқ, былай болмайды. Сәлима қарындас. Мына арықтағы салқын суға жуынамын. Көп-көп рақмет. – Тұрар көзілдірігін түзеңкіреп қызға тағы қарап еді, Сәлима тоқпақтай бұрымын кеудесінен арқасына қарай лақтыра тастап, басын әнтек қисайтқанда құлағындағы шеңбірек алтын сырға бұлтаң ете қалды.
  – Сіз үлкен төресіз, ағай. Арықтан еңкеңдеп жуынып жатқаныңыз жараспайды. Қарындасыңыздың қолын қақпаңыз. – Қыз осыны айтып еркін кетіп, шәугімдегі суды Тұрардың алдына ағызып та жіберді. Шегінерге жері, айтарға уәжі қалмаған жігіт, амал жоқ көйлегінің жеңін түріп, жағасын жымқырып, суға алақанын тоса берді де, көзілдірігін алып, емен түбіндегі түйе жапырақтың үстіне тастады.
  – Мен төре емеспін, Сәлима, – деді суға қолын тоса беріп.
  – Сіз төре болмай, кім төре болады. Мәңіз, міне, сабын.
  Көзілдіріксіз нашар көретін жігіт сабынды ала беремін деп қыздың білегін ұстап алды. Жүзімнің үзімі сияқты қырық бүйрек бұдыр көк әтір сабын бір сүйкегеннен-ақ көпіріп ала жөнелді.
  – «Бұл қай жақтан келген сабын? – деп сұрай жаздап, Тұрар өзін өзі лезде тежеп қалды,– Түк көрмегендей болғаным жарамас».
  Бірақ сұңғыла қыз жігіттің көкейіндегі сұрақты сиқырмен сезіп қойғандай сыңғырлап тұрып өзі тіл қатты:
  – Тәшкенде нағашыларым тұрады. Солардың беріп жіберген сәлемдемесі ғой. Сіздей төреге, төре емеспін дейсіз, төрелердің сұлтанына әдейі сақтап жүрген сабын еді, ағатай.
  Тұрар мұнша марапатты ұнатпай, сабындаған көзін тарс жұмған күйі Тәшкеннен келген қымбат бұйымды қыздың қолына ұстата салды.
  – Рақмет, – деді үні қатқылдау шығып. – Есіңде болсын, қалқам, мен төре де емеспін, сұлтан да емеспін, осы есіңде болсын. Бұдан былай мені олай атама.
  – Бүкіл Әулие-Атаны аузына қаратқан азаматты сұлтан демей, кім дейміз, ағатай? Әнеу күні Атшабарда дүйім халықтың алдында сөйлегеніңізді бүкіл ел жыр етіп айтып жүр.
  Қыз суды сыпайы ғана сыздықтатып тұр еді, енді еркелігі ұстап кеткен баладай, салқын суды жігіттің желкесінен жон арқасына қарай төгіп-төгіп жіберді. Ойламаған оқыс қимылдан тұлабойы дүр етіп тітіркеніп, шегіне беріп, жігіт тез бойын жиып алды да сыр білдірмей:
  – Рақмет, Сәлима, сергіп қалдым той. Суың салқын екен, – деп сүлгіге қол созды. Осы бір оспадарсыздау ойыннан дәнекерлік дәме күткен қыз ойлағаны болмаған соң, назды қылықпен орамалды бұлтаң еткізіп тастады да, бұрылып, бұрала басып, ұры есікке беттеді.
  Жігіт тап-таза түкті орамалмен үсті-басын құрғата сүртініп тұрып екіұдай ойда қалды. «Бір сәт әзіл-оспақ, ойнап-күлу де керек шығар. Тым сірескенім не? Тым тік мінез робеспьерлік әрдайым керек пе өзі? Жас қыздың көңілін қаяулатқаным қалай болды?» – деп сәл ыңғайсыз сәт өткерді.
  Сүртініп болып, емен түбінде жатқан көзілдірігін алып киді. Бұлыңғыр дүние қайтадан жайнап қоя берді. Кім біледі, әлгінде ол осы көзілдірікті алып тастамағанда, Сәлима қызға басқаша қарар ма еді... Күздік алма сағағынан үзілейін деп, таңғы шық қызғылтым реңінен әлі таймай, күн сәулесімен ақықтай құлпырып ойнайды. «Бағбан болып жүре бергенім дұрыс па еді: арпалыссыз, тып-тыныш бейбіт өмір еді сол». Кенет сонау Мерке базары, теңіз тышқанына бал аштыратын соқыр шал көз алдына тұра қалды. «Бүкіл өмірің шайқас» деп еді сондағы көк қағаз. Содан бері бұл Тұрар жазмыштың тулаған толқындарын талай кешті. Сол көк қағаз пешенесіне жазылған жазу шығар. Иә, бұл Пішпекте жүргенде жұрттан жасырып, Робеспьер туралы есі кетіп бекер оқымаған, сірә, Францияның ұлы революциясының қанды көйлек қаһарманына бұл сонау Пішпек кезеңінен бастап еліктейтін. Робеспьердің жолын берсе де, ақырын бермесін. Робеспьер тағдыры Тұрар кие тұтатын тақ тұлпар Қызыл Жебе тағдырына ұқсас сияқты көрінетін.
  Қаланың теріскей шетіндегі Бурыл көшесіндегі осы пәтерді Тұрарға Сыдық Абыланов тауып беріп еді. «Қазақ жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі мұғалім Сыдық Абыланов о баста Тұрар Меркеден келген бетте оны өз үйіне шақырып жүрді. Шамада бір апта өткен соң Тұрар оған пәтер тауып бер деп өтінді. Сыдық көнбеген:
  – Менің үйімді, өз үйіндей көр. Қысылмай, қымтырылмай тұра бер, – деп ары-бері айтып көріп еді, өмірі ешкімге масыл болуды білмеген Тұрар қасарысып, айтқанынан қайтпады. Ақыры Сыдық бір таныстары арқылы қаланың ұсақ саудагері Сәбденді көндіріп, Тұрар соның бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр еді.
  Қалада қымбатшылық. Азық-түлік ақшаға табылмайды. Меркеде Андреевтің көмегімен мұғалім болып жүріп тапқан азын-аулақ ақша таусылуға айналған. Пәтер мен екі мезгіл шәй-пұлға деп Тұрар Сәбденге екі айдың ақысын алдын ала төлеп қойған. Әуелі Сәбден кәдімгідей саудаласып, пәтер ақысын екі ай бұрын алдын ала талап етсе де, кейінірек Тұрарға шәйді ықыласпен беретін болды.
  – Қайда жұмыс істейсің, қарағым? – деп сұраған алғашқы кездескен бетте.
  – Совдепте.
  – Жалақың қанша?
  – Жалақы алмаймын.
  – «Жалақысыз жұмыс бола ма?» – деген үнсіз сұрақты Тұрар сонда Сәбденнің жіңішке әжім торлаған шүңет көзінен танып қалып еді. Ақыры Сәбден: «Пәтер ақысын алдын ала төлесе, оның қызметінде, жалақысында не шаруам бар?» – деген ақылға келіп, Тұрарға баспана берген.
  * * *
  Таңертеңгі шәй келді. Әркімнің өз тіршілігі бар. Сәбден де мына Тұрарға бола сыпайылық сақтап отырғаны болмаса, қабын арқалап базарға қарай қос аяқтап жүгірмекші: Сәбденнің бәйбішесі Дилярам апай да ұн базарға жөнеледі. Түнімен тандыр нан пісіріп шықты, соны сатып келеді. Ал бұл үйдің қыздары Сәлима мен Әлима іс тігеді.
  «Тіршілік, тұрмысы көп қазақтан өзгеше, – дейді Тұрар кішкентай түйекөз шынаяқпен сүтсіз қызыл шәйді аузы күйе ұрттап отырып. – Бұларды қай тапқа жатқызуға болады. Кісінің еңбегін қанамайды, былай қарасаң. Өз беттерінше қыбырлап, күн көріп жатқан жандар. Ал былай бір қарасаң, осы еңбегі адал да емес сияқты. Жалпы қазақта бай бар, кедей бар. Қанаушы мен қаналушы. Ал мына Сәбден қайсысына жатады?»
  – Ағатай, шәй алыңыз, – деп Сәлима үні сылқым естілгенде ғана Тұрар ойы бөлініп, өзіне шынаяқ ұсынып, шәй ұстаған қолын екінші қолымен демеп, тізерлеп тұрған қызды аңғарып, оның сонша сұлу мүсінін, әрбір қимылының нәзік, назға толы екенін енді анық аңғарғандай, бір сәт Сәлимаға сұқтана қарап қалды.
  Жігіттің бұл ықыласын байқап үлгірген сұңғыла қыз жіңішке, сүрмелі қасын лып еткізіп бір қағып сүп-сүйір саусағымен сары самаурынның бүйірін сипалай берді. Самаурынның бүйіріне Николай патшаның суреті ойылып салынған екен, сүйрік саусақтың қыналы тырнағы сол сурет сызығын жағалап айналдыра берді. Осыдан жарты сағат бұрын бақта тұрғандағыдай емес, қыз көзі мұңды еді.
  Қызының нәзік қылды қиялында әкесінің шаруасы шамалы сияқты-тын. Николай патшаның самауырындағы суретін қызы саусағымен сызғылап отырғаны оған басқаша ой салды да, Сәбден өз сарынымен кетті:
  – Опасыз дүние деген осы. Бұл дүние бір опалы болса, осы патшаға опалы болар еді, а бұл да тағынан тайып кетті. Сонда мына біздікі не далбаса! Бұл Некелайды қайда құрттыңдар, Тұрар? Не болды өзі? Тірі ме?
  –Тірі, – деп күлді Тұрар мына ұсақ саудагердің бұл әңгімесін қызық көріп. – Сібірде, Тобыл деген жерде тұтқында отыр.
  – Алда жарықтық-ай, ә? Сонда қалай? Кәдімгідей түрмеде отыр ма?
  – О жағын білмеймін, Сәке.
  – Апыр-ай, ә? Сенің де білмейтін нәрсең болады екен-ау, – деп Сәбден бір жағына қисая кетті. – Жұрт: Тұрар біледі, Тұрар біледі, – деп гуілдейді әйтеуір.
  – Менің білетінім: патшаны халық соттайды. Ол жазасын алады.
  – А мүмкін, құтылып кетер, кім біледі, оның да жанашырлары бар шығар? – Сәбден қысқа шынтағын тауықтың қанатындай етіп тез жиып ала қойып, түзеліп отырды.
  – Оныңыз рас, Сәке, патшаны аңсап, аусал болып жүргендер жоқ емес. – Патшаны шынында да әлдекімдер тұтқыннан дәл қазір құтқарып алып қоятындай Тұрар тынышсыздана бастады.
  – Менің сандырағымды құптадың-ау, Тұрар шырақ, – деп Сәбден мәз болып қалды. Шәушиген бір уыс беті күлгенде бұрынғыдан бетер қатпарланып, баяғы Мерке базарындағы соқыр дуананың ескі қобызындай қыртыстанып кетті. Өзін Тұрар қостағанына кәдімгідей қоқиланып, үнсіз отырған бәйбішесін, қыздарын кісімсіп бір шолып алды. Шыныаяқты тырбық саусақтарымен түбінен бүре шымшып ұстаған күйі, екінші қолымен тізесін шірене тіреп, кәдімгідей ой толғап, шынашақтай болып, Тұрарға шікірейе қарады. – Тұрар қарағым, осы сен Керенский жағындасың ба, Ленин жағындасың ба?
  – Ленин жағындамын, Сәке, – деп күлді Тұрар майда саудагердің кенет саясатқа аңсары ауғанын қызықтап.
  – Ә-ә-ә, – деп Сәбден көзін сықситып, әуелі тілімен жалап алып, астыңғы ернін қымқырды.
  – Осы Керенский күшті емес пе? Соның жағына неге шыға салмайсың? Біздің Әбден Керенскийді мақтайды әйтеуір.
  – Онда, «Шуро-и-Исламия» да Керенский жағында ғой.
  – Білмеймін, шырағым, әйтеуір бізге тыныштық болса – болды.
  Шынтақтап жатып Сәбден бір қолымен шыныны аузына апара беріп, кенет ойына бір керемет оралғандай оқыс тоқтап, Тұрарға шәушиген бетін кілт бұрып:
  – Осы Тұраржан, сен көп қаланы көрдің, ә! – деді. – Біздің Әулие-Атадан зорлары да бар ма?
  – Бар ғой, Сәке, – деп күлді Тұрар. Әкесінің бала құсап, қай-қайдағыны әңгіме етіп, сыйлы адамның басын қатырғанына Сәлима қыз қысылып, ақ жүзі алаулап шыға келді.
  – Әй, біздің Кауфман көшесіндей көшелер жоқ шығар. Кауфман көшесіндей қайда-а-а, – деп Сәбден көзін жұмып, астыңғы ернін тістеп, басын шайқап-шайқап қойды.
  Сәбденнің таңдай қағып таңданатын Кауфман көшесі – Әулие-Атадағы тас төселген жалғыз көше еді. Мұнда әкімшілік мекемелер, тәуір-тәуір дүкендер болатын. Бұл көшемен әдетте қырдан келген түйелі, атты қазақтарды жүргізбейді, есек арба мүлде жоламайды. Былқылдақ фаэтондар, сұлу ат жеккен күймелер ғана жүреді.
  – Айтпақшы, осы Кауфман деген кім өзі? –деп Сәбден шолақ шынтағын жастықтан көтере берді.
  – Кауфман деген Түркістан өлкесінің тұңғыш генерал-губернаторы болған, Сәке.
  – Е, бәсе. Апыр-ай. Ояздың үйі – үй-ақ қой сондағы, – деп Сәбден тағы да көзін жұмып, басын шайқады. Кенет көзін батжаң еткізіп ашып алды. – Құдай бұйыртып, большевик жеңсе, сол ояздың кеңсесінде отырасың ғой, Тұрар-ә? Сонда мына біздің құжыраны менсінбей кетіп қаласың ғой. Бірақ жаман ағаңды ұмытпа, әйтеуір. Ұмытпайсың, ә, Тұрар?
  – Ұмытпаймын, Сәке, ұмытпаймын, – деп күлді тағы да Тұрар.
  Сәбден шынтақтап жатып, Тұрарға бір, Сәлимаға бір қарап-қарап қойды. Бір сөз көмейінде жыбырлап-ақ тұр. Бірақ айта алмады. Тек кесені түбінен мыртық саусақтарымен бүрістіріп ұстаған күйі, көзін шарт жұмып бөтен бір дүниені шарлап кетті. Пендешілігі ұстап, қиялында үлкен қызы Сәлиманы Тұрарға қосып отыр. «Ертең» бұйыртса, бұл Әулие-Атаны билейін деп тұрған жігіт, – дейді өзіне-өзі құпия айтып. – Ал сонда оның қайынатасы Сәбден қалай сыйлы болмайды? Айбар сияқты алпауыттардың өзі мұның алдында жорғалап жүрер еді. Мешіттің бас имамы Ғұмардың өзі жұма намаз сайын «Сәбден эфенди» деп құрақ ұшып тұрар еді. Сонда Сәбден мына балшық үйді сатып жіберіп, Кауфман көшесіндегі қызыл кірпіш үйлердің біріне кірер еді. «Бірақ онда мал ұстатпайды ау» деп тағы қиналады. Ал Сәбден сияқты қазақ қаланың өзінде мал ұстамай отыра алмайды. «Бірақ Тұрар айтса, басқалар қың дей алмайды ғой», – деп бұл түйінді де шешіп тастайды. Сәлден соң қастарының арасы қосылып, түксие қалады. «Ал Керенский күшейіп кетсе ше? Тіпті патшаның өзі қайтып келсе ше? Ол әлі тірі екен ғой. Большевикке қызыңды бердің деп сорпамды сонда қайнатар...».
  – Осы сенің жасың нешеде, Тұрар? – деп Сәбден көзін ашты.
  – Жиырма екіде, Сәке.
  – Ой, әлі бала екенсің ғой, – деп Сәбден олқысынып қалды. – «Бала неме өкімет басында отыра ала ма?» – деп те қойды.
  Тұрар оған қарсы дау айтып жатпады. Тек ана жылы Самар сапарында башқұрттың баласы Ақмармен арада болған әңгіме ойына оралды. Самардың ауылшаруашылық оқуына сонда Ақмарды да алмай қойып еді. Оқуға қабылданбаған екеуі сонда бір-біріне мұңын шағып, біраз күн жолдас болып, Самар қаласының тұз-дәмін бірге татысқан. Ақмар Тұрардан ересектеу еді.
  – Эх, жиырмаға жақындадым. Бітірген биттей нәрсем жоқ. Ал менің жасымда бабам Салауат қол бастаған, – деп тістенді. – Білесің бе, Тұрар, біздің башқұрттарда ол турасында жыр да бар:
  – Салауат неше жасында.
  Жасыл камшат бөркі басында.
  Генерал болған Салауат
  Жиырма екі жасында...
  – Да, ал мен... Вообщем, айдағыз, Тұрар, кеттік біздің Уфаға. Впрочем, көп қазақтар біздің Уфада оқыған. Олар қазір оңай кісілер емес. Белгілі адамдар.
  – Жоқ, мен елге қайтамын, Ақмар. Ташкентте жаңадан институт ашылыпты. Бағымды тағы бір сынап көремін, – деп еді сонда Тұрар. – Ал Салауат жыры жақсы екен. Оны мен жаттап аламын. Уфада оқыған қазақтарды да білемін. Олардың көбі шынында да халыққа зор қызмет атқарып жүр. Мысалы, Бейімбет...
  Тұрардың қолындағы босаған шыныға қолын созған Селима оның ойын бөліп жіберді де... лезде жалғастырып алды. Осы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқаевпен кездескені есіне түсті. – Он алтыншы жылы Әулие-Ата көтерілісінің көсемі болғаныңды жақсы білемін, – деп Мұстафа Тұрарды көтермелей сөйледі. – Сендей көзі ашық азаматтар біздің милләтқа қасқалдақтың қанындай қажет. Әлиханның «Алашына» қалай қарайсың?
  – Ол ұлттық томаға киіп алып, өзге дүниеден оқшауланып, бөліну деген сөз. Ал бөлінгенді бөрі жейді, – деді Тұрар кідірместен.
  – Дұрыс айтасың, бала. Өте дұрыс айтасың, – Мұстафа мұны иығынан қаққанда Тұрардың іші жылып қалған. Бірақ ізінше Мұстафа өзінің бетпердесін ашып алды. – Біздің қазақ – ұлы түріктің бір бұтағы ғана. Ал дауыл шайқалтпас бәйтерек болу үшін бүкіл түркі тектес халықтар бір мемлекет болуы керек. Ұлы Тұран мемлекетінің тарихын білетін боларсың?
  – Білемін, – деп еді Тұрар әңгіменің қайда апарып тірерін тез аңдап. – Ол тарих қайталанбас, Мұсеке, қазіргі кезең ұлттық үлгілерге қарап бірігуді емес, таптық таңбаларға қарап бірігуді талап етеді.
  – Ойлан бала, ойлан! Түркі тектестің түбі бір! – деп еді Мұстафа Шоқаев басын шайқап. Сонда қызыл мәуіті шошақ тақиясының қара шашағы селтең-селтең шайқалғаны Тұрардың есінде қалыпты.
  – Ал кәне, тірінің тірлігі бар. Асқа бата қылайық, – деп Сәбден молақай мыртық саусақтарын жайып жіберіп, ішінен тез-тез күбірледі де, шәушиген бір уыс бетін сипай салып, орнынан ылдым-жылдым ыршып тұрды.
  Осы белгіні зарыға күтіп отырғандай Дилярам апай да ауыр денесіне қарамай орнынан жеп-жеңіл көтерілді. Асықпаған тек Сәлима: оң қолының шынашағын жеке дара шошайтып, шынаяқтарды самауырында қалған ақ сумен асықпай шайып, шетінен бір-бірлеп орамалмен мұқият сүртіп, дестеледі де дастарқанды жиды.
  – Сіз де асығыссыз ғой, әрине, – деп Тұрарға қиыла бір қарады.
  – Жұмыс бар, Сәлима.
  Қыз ішінен бір күрсінді.
  Сәлиманың да өз шаруасы бар. Абыр-сабыр басылған соң «зингер» машинасын зарылдатып, шибарқыттан, тас барқыттан камзол, көкірекше тігеді. Заман аумалы-төкпелі болса да, елдің салт-санасы, әдет-ғұрпы бәз-баяғы қалпында. Байлар қыз ұзатады, келін түсіреді. Сәлиманың қолынан шыққан киім өтімді.
  * * *
  Үлкен қақпадан көшеге шығар жерде қос құлағы қылыштай тікірейген көк төбет жатады. Осы ит әйтеуір Тұрарға үйренбей-ақ қойды. Тұрар қақпадан кірерде-шығарда көк төбетті біреу алдымен үйшігіне кіргізіп жіберіп, есігін жауып қояды. Бұл жолы да Сәбден итті үйшігіне кіргізіп жіберіп, Тұрардың көшеге шығып кетуін күтіп, үйшіктің есігін басып тұрды. Содан соң қыздарына айқайлап:
  – Қойларға су беріңдер, ұмытып кетпендер! – деп ескертті. Мал қорадан еш уақытта қой баласы үзілмейді. Сәбден оларды қолдан жемдеп, бордақылап, қауын сойғандай шетінен бір-бірлеп жеп отырады.
  Шандақ көшеге шыққанда Сәбден қапшығын арқалап алып, Тұрардан қалмай құлдыраңдап келе жатты. Тұрармен қатар жүруінде де есеп бар: қисық-кисық көшенің домбаздап соққан дуалдарының ар жағынан махалла тұрғындары мойындарын қылқыңдатып созып-созып қарайды.
  – Оһо, Сәбден ақаны қараңдар, Кеңестердің бастығымен бірге келе жатыр!
  – Тұра тұр бәлем, Кеңеспен бірте мойны астына қайырылып түсер. Сонда Сәбден қайтер екен...
  – Кеңес деген не өзі?
  – Ойбай большевиктер ғой. Мал-мүлкіңді тартып алып, екі қолыңды төбеңе қойып, қоңыз тергізіп қаңғыртып жібереді әлі. Әне, ана Сәбденнің қасындағы большевик өткен жұма базарда дүйім халықтың алдында сөз сөйлеп, байларды, саудагерлерді көнпіскелеп, дүниелерін кедейлерге таратып беру керек депті. Уақытша үкіметтің бастығын балағаттап, әбден жер-жебіріне жетіпті. Өзі жанып тұрған шешен дейді.
  
You have read 1 text from Kazakh literature.